Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ҒТАХР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРДАҒЫ БАЛАСАҒҰН ЭТИМОЛОГИЯСЫ

М.У. Шалекенов¹ Т.ғ.д., профессор, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ, Алматы қ., Қазақстан.

ҒТАХР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРДАҒЫ БАЛАСАҒҰН ЭТИМОЛОГИЯСЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2(22), 2020

Тегтер: Ақтөбе қаласы., қалашық, бекеттер, Шу, Баласағұн, этимология, шахристан, қоймалар
Автор:
Аңдатпа: Осы мақалада, Ақтөбе қаласының Баласағұн екенін дәлелдейтін ономастикалық және археологиялық деректерін, және ортағасырлық жазбаша дереккөздер, археологиялық және нумизматикалық мәліметтер жинағын береміз. Тарихи, аты аңызға айналған Баласағұн қаласы жөнінде көбірек, нақты мағлұматты Махмуд Қашқаридың «Түрік сөздігі» еңбегінен кездестіруге болады, себебі, оның әкесі Ыстыққөлге жақын орналасқан Барысған қаласынан шыққан. «Барсған: Афрасиабтың ұлының есімі. Барсған қаласын салдырған сол. Бұл Махмудтың атасының шахры». Махмудтың өзі Қашқар қаласында туылғанымен Баласағұнда және басқа да түрік қалаларын, елді мекендерін түгел аралап, осы еңбегін жазу үшін ғылыми деректер жинағанын аталмыш еңбегінің басында жазған. 1077 жылы Таяу Шығыс елдерін, Түркістанды тегіс аралап, өзінің өте құнды еңбегін түркі тілінде жазып қалдырған. Ол бауырлас түркі тілдес халықтардың данышпан ғалымы ретінде дүниеге белгілі. М. Қашқари заманында Баласағұн өзінің шарықтап дәуірлеген кезеңінде жасаған. Ол қалада жиі-жиі болып, өзінің естігенін, көргенін және білгенін жазып кеткен. Оның жазғандарын бағалап, қалдырған мұрасын дәріптеуіміз қажет. Өйткені М. Қашқаридың бізге қалдырған мұрасы, ертедегі ортағасырдағы тарихымызды шынайы мәнде жазуда көп мағлұмат беретінінде дау жоқ.
Мазмұны:

Кіріспе. Тарихи, аты аңызға айналған Баласағұн қаласы жөнінде көбірек, нақты мағлұматты Махмуд Қашқаридың «Түрік сөздігі» еңбегінен кездестіруге себебі, оның әкесі Ыстыққөлге жақын орналасқан Барысған қаласынан шыққан. «Барсған: Афрасиабтың ұлының есімі. Барсған қаласын салдырған сол. Бұл Махмудтың атасының шахры» (Қашқари, 1998: 555). Махмудтың өзі Қашқар қаласында туылғанымен Баласағұнда және басқа да түрік қалаларын, елді мекендерін түгел аралап, осы еңбегін жазу үшін ғылыми деректер жинағанын, аталмыш еңбегінің басында жазған. 1077 жылы Таяу Шығыс елдерін, Түркістанды тегіс аралап, өзінің өте құнды еңбегін түркі тілінде жазып қалдырған. Ол бауырлас түркі тілдес халықтардың данышпан ғалымы ретінде дүниеге белгілі. М. Қашқари заманында Баласағұн өзінің шарықтап дәуірлеген кезеңінде жасаған. Ол қалада жиі-жиі болып, өзінің естігенін, көргенінн және білгенін жазып кеткен. Оның жазғандарына дұрыс қарап, қалдырған мұрасын дәріптеуіміз қажет. Өйткені М. Қашқаридың бізге қалдырған мұрасы, ертедегі ортағасырдағы тарихымызды шынайы мәнде жазуда көп мағлұмат беретінінде дау жоқ (Қашқари, 1998: 91).

Енді Ақтөбе қаласының Баласағұн екенін дәлелдейтін ономастикалық және археологиялық деректерге тоқталайық.

Материалдар мен әдістер. Баласағұнның этимологиясы.М.Қашқаридың еңбегінен Баласағұн қаласының этимологиясын анықтадық: «Сағұн: Қарлұқ жұртының мықтыларына берілетін ат, лақап. Түрік тәуіптеріне Ата сағұн дейді» (Қашқари, 1998: 462).

Қаланың атының алғашқы екі буынынан құралған «Бала» - деген түрік сөзі баршаға мәлім болса, «сағұн» - хақан, хан, князь. Олай болса, Бала + хакан; Бала + князь; Бала – хан – болып, Баласағұн деген ұғымды құрайды яғни жас түргеш, әйтпесе қарлұқ хақанының қаласы – деген сөз. Белгілі шығыстанушы ғалым В.В. Бартольдте бұл қаланың этимологиясын «Бала + князьдың» атымен аталғанын айтқан болатын (Қашқари, 1998: 554). Бұл айтылған Баласағұн шаһарының келіп шығуын тайға таңба басқандай М.Қашқари жазған: «… түріктердің » - Шу «есімді бір жас хақаны болған. Ол үлкен қосының иесі болған. Баласағұн жанындағы» - Шу» қаласын салдырған. Баласағұндағы сарайының алдында күн сайын бектер мәртебесіне үш жүз алпыс рет дабыл қағылып тұрған. Сонан соң өзінің атымен аталып кеткен Шу қаласын салдырады. Сол жерді ырымддап тылсымдатады. Күні бүгінге дейін ләйектер сол тылсым сиқырлы қала маңынан асып кете алмайды. Шаһар тұсына келіп тоқтап тұрып қалады. Әрі қарай өте алмайды. Сол тылсым күні бүгінгі дейін бұзылмай сақталып келеді» (Қашқари, 1998: 554).

Ғұламаның еңбегінен келтірілген үзінді де, жас Шу атты хақанның болғанын, Шу және Баласағұн қалаларын салдырғанын, Баласағұнды мемлекетінің астанасына айналдырып, қол астындағы бектердің мәртебелерін құрметтегенін, бұл қаланы тысылымды (загадочный), қасиетті жерге орналасқанын баяндаған. Бұл екеуін де өзінің есімімен атап, Баласағұн және Шу – деп ат қойған. М. Қашқаридың бұл айтқандарына дәлел болатын археологиялық және этнологиялық деректерді Баласағұннан таптық. Енді сол деректерге тоқталайық.

Көп жылдар бойына Баласағұн қаласын археологиялық зерттегенде еліміздің белгілі нумизматик маманы, ғалым Р.З. Бурнашева зерттеген болатын. Оның нәтижесін 1986 жылы мақала ретінде жариялаған (Бурнашева, 1986: 71-87).

Шу өңірінен табылған тохсилер мен түргештердің (түркештердің) монеталарын зерттеген, оларға талдау жасаған нумизматик О.И. Смирнованың айтуы бойынша, алғашқы монеталарды бұл аймақты мекендеген тохсилар, онан кейін түргештер деген пікірге келген (Смирнова, 1981: 60). Бұл монеталардың бетінде соғдыларша тохсилардың лауазым (титул) адамның аты «YWBW», әйтпесе, «YWSSYWBW» сөзі жазылып, сөздің ортасына __y__ таңба қойылған. Қытай иероглифі бойынша бұл жазу «Шу» деген білдіреді [8 Сонда.]. Бірақ, «Шу» сөзінің этимологиясы О.И.Смирнова да және басқа мамандар да біле алмай, әртүрлі жорамалдаумен шектелген. Біреулер «өзен» десе, В.В.Бартольд соғдыларша су (вода) деген пікірді қолдаумен келе жатыр (Бартольд, 1966: 47). «__y__» таңбасы тохсы монеталарды Шу өңіріндегі Ақбешім, Красноречин және Ақтөбе (Баласағұннан) табылды. Бұл монеталарды О.И.Смирнова үш түрге бөлген: «Тип І на лицовой стороне имеет надпись согдийским полукурсивным письмом, как на монетах тургешей: «небесного тюргеш – хакана деньги». На обратной стороне – знак «Чу» «__y__» тухусов и надпись «тухусский YWPW», указывающая, что носитель этого титула является главной тухусских племен. Однако, надпись на лицевой стороне этого типа указывает на зависимость этих племен от тюргешкого каганата.

Тип ІІ вотличие от 1-го имеет на лицовой стороне надпись также согдийским полукурсивом «тухусский YWPW» со знаком «Чу», а оборотную сторону – гладкую» (Бурнашева 1986: 14-78).

Баласағұнды (Ақтөбені) архелогиялық зерттеу кезінде табылған 35 дана тохсы мен түргештердің монеттеріне Р.З. Бурнашева талдау (анализ) жасады: «Они предсавлены одним металом – бронзой. 17 экземпляров является подъемным материалом, остальные найдены в культурных слоях рабада, шахристана и цитадели. Материал разделяется в следующих хронологических рамках: VII-VIII вв., ХІ-ХІІ вв.

Монеты VII- VIII вв. лучшей сохранности и представлены чеканом тюрков – тухусов (тохсы – У.Ш.) (7 экз) и тюргешей (тургеш – У.Ш.) (3 экз). Известно, что тухусы в Х веке представляти одно из богатейших племен живших Чуйскую долину» (Бурнашева 1986: 73-74).

1978 жылы Баласағұның цитадельінің солтүстік жағынан кесу жұмысын жүргізгенде, тохсылардың 7 дана монеті (теңгесі) шықты. Р.З.Бурнашева оларды зерттеп, О.И.Смирнованың көрсеткен бірінші түріне жататын анықтады. Оның сыртқы бетінде: «небесного тюргеш-хакана деньга» деп жазылса, ішкі бетінде «тухусский YWPW» жазудың қасында ____y____ таңба лоуазым (титул) YWP (W) жазуы бар. Осы жылы шахристанда стратиграфиялық қазба кезінде 12 ярустан түргештердің 3 монеті шықты. Олардың сыртқы бетінде түргештердің  y  таңбасы салынса, оның ішкі бетінде «небесного тюргеш – хакана деньга» жазу бар. Бұл монеталардың хронологиясы VIII-ІХ ғғ. жатады.

Баласағұннан табылған тохсы мен түргеш монеталарды талдаудың нәтижесі, Баласағұн қаласын салушы, оны Түргеш (Сарыүйсін) мемлекетінің астанасы еткен жас хақаған Шу екенін дәлелдейтін деректердің бірі. Бұл пікір М.Қашқаридың жоғарыдағы айтқанына толық дәлел. Сөйтіп, Шудың этимологиясы Түркеш хақанның аты. Астанасына жас хақанның, яғни «Баласағұн» – деп ат қойса, Шу қаласына өзінің нақты есімін берген. Сол кезде Баласағұнда монеталарды шығаратын орны болған. Ол цитадельдің оңтүстігіндегі шахристаннан табылды. Ол жерде Түргештер мен Қарахан мемлекеттері кезінде ақша шығаратын сарайдан 5000-дей Қарахандықтардың теңгесі мен мөрі табылғанына жоғарыда тоқталғанбыз.

Түркеш монетіндегі Шуды білдіретін yбелгі (знак) салынған хұмның және құмыраның қақпақтарының сынықтары табылды. Олардың ішінен хұмның қақпағының бетінді үш тармақты (шанышқы) тәрізді белгінің қастарына ай мен жұлдыздар мен мүйіз сияқты белгілер салынған. Құмыраның қақпағының үстіне үш тармақты белгі берілген. Соған қарағанда, бұл таңбалардың Шу хақанның қасиеті атыменбайланысы бар деген пікірді ойға салады.

Талқылау. Сонымен, жоғарыдағы келтірілген жазба және археологиялық деректерге қарағанда, Баласағұн мен Шу қалаларын теңгеде жазылған «тұргеш Тәңір – хақанның ақшасы» деген  Шу жас хақанның салдырғанын анықтайды. М.Қашқари өзінің «Түркі сөздігі» еңбегінде Түркеш (Сарыүйсіндердің) мемлекеті Іле өзенінің орта ағысынан Мойынқұмға дейінгі жерді жайлап жатқаны туралы жазған сөзін жоғарыда келтіргенбіз. Тарихи деректердегі Түркеш мемлекеті қуатты феодалдық мемлекет болып, оны бір басқару жүйеге салып, қармағындағы жерлерді 20 әкімшілікке бөліп басқарып, оның әрқайсысында мың тұрғындары болған болса, барлық бағынған адамдардың саны 140-150 мыңдарға жеткен. Осындай күшті мемлекетті басқарып тұрған әкімдердің (бектердің) құрметіне Шу хакан Баласағұндағы сарайының алдында күн сайын таңертең 360 рет дабыл қақтырып тұруды, оның құдіреті күшті бастық екенін байқатады. Іле өзенінен Мойынқұмға дейінгі ұлан байтақ жерде қазірдің өзінде де Ұлы жүздің Сарыүйсін руларының ұрпақтары өмір сүреді. Түркеш мемлекетіне Шу өзенінің алқаптарындағы басқа да рулар кіргенге ұқсайды. Сөйтіп, бұрыннан келе жатқан тұрақты мекеді Шу хақан өзінің астанасына айналдырып, өзіне лайықты Баласағұн атын берсе, оның қасына жаңа қала салып, оған өзінің нақ есімін –Шу- деп атын берген. Осы күнге Шу қаласы (станциясы) өзінің алғашқы атын сақтап келе жатқан тарихи ортағасырлық қалалардың бірі. Тілекке қарсы, бұл қаланың қалдықтары археологиялық жақтан әлі зерттелген жоқ.

Біз айрықша тоқталып отырған Түркеш хақанының теңгесіндегі yтаңба, қазіргі сарыүйсін руыныңабақ-ашамай таңбасы мен шапырашты руының yтаңбаларына жақын екені байқалады. Соңғы екі рудың таңбаларының бір-біріне жақын екенін С.Аманжолов өзінің «Вопросы диалектологии и истории казахского языка» атты белгілі еңбегінде және «Қазақ шежіресі» кітапшасында жазылған. Біздіңше, бұндай ұқсастықтың төркінінде генеологиялық туыстық жатқан сияқты. Сарыүйсіндер М.Қашқари жазған тохси, шігілердің ұрпақтары болуы керек.

2. Ономастикалық – тарихи жер атамалары.М. Қашқари және басқада ортағасыр оқымыстылары еңбектерінде Баласағұнның Арғу екі таудың арасында орналасқаны айтылады. Оңтүстіктен солтүстік-шығысқа созылып жатқан Алатаудың батыс-солтүстік жақтарымен қатарласып шығысқа қарай созылған Қаратау, Жайсан тауы, Қордай таулары орналасқан. Осы таулардың арасындағы өзендердің алқаптарында ертеден түріктер елді мекендер мен қалалар салған. М.Қашқаридің заманында «Арғу», яғни таулардың араларында орналасқан қалалар деп атағанын аңғарамыз. Осы екі таудың арасындағы Талас және Шу алаптарындағы орналасқан қалаларды Арғу, яғни екі таудың арасындағы қалалар деген. «Ұлұш қала, қыстақ (шігілше). Балас ағұн мен оның жағындағы Арғу шаһарларында тұратын халықтар тілінде «иіш» сөзі «шаһар» – дегенді білдіреді. Содан барып Баласағұн шаһарын «Киз иіш» – «Құз ұлш» деп атаған». Бұл пікірге Ақтөбе қаласының орналасқан жері тура келеді. Жамбыл қаласы жағынан келе жатқанда, Ақтөбе екі таудың арасындағы жазық жердегі өзендердің жағасына орналасқан. Ақтөбенің оңтүстігінде қараулы төбе бар. Қаланың оңтүстігінде және биік төбе бар, оны тұрғындар Бозжорға (төбесі) деп атайды. Осы қаланың солтүстік-шығысында Тасөткелден шығысқа қарай созылып жатқан тау жотасы бар. Қазіргі кезде ол Жайсан (Бақылық тау) тауы деп аталған. Сөйтіп, бұрын Баласағұн екі таудың арасында орналасқан болса қазіргі Ақтөбе де сол орында, сол жерге көміліп, үлкенді-кішілі сансыз төбе болып жатыр.

М.Қашқаридың Баласағұнда тылсым күштің (қасиетті) орны болып, онда аққұтан (ләйлек) келіп тұрақтайтын деген мәліметін еске алып, этнологиялық деректерді жергілікті тұрғындар арасынан жинадық. Баласағұн қаласын аққұтан (ләйлек) жыл сайын ұялап, одан әрі ұшып кетпейді деген. Ақтөбе маңайын мекендеген халықтан сұрастырсақ, шындығында да, аққұтан бертінгедейін Калинин атындағы колхоздың орталығындағы биік теректерінің басына ұя салып, күзде қайтатынын көптеген тұрғындар айтты. Бұл құсты ислам дініндегі жергілікті тұрғындар киелі құс деп білген. Оның ел арасында келуі адамдарға куаныш, бақыт әкеледі деген сенімде болған. М. Ноғайбаев, Ж.Болатқұлов және т.б. тұрғындардың айтуынша «аққұтанды соңғы көруіміз 1976 жылы болды. Содан кейін келмей қойды» – дейді. Оның себебінбілмейді. Біздіңше, 1972 жылдары Тасөткел, 1984 жылы Ақсу су қоймалары салынып, соның нәтижесінде Ақтөбенің атырабының экологиясы бүтіндей өзгеріп, жер асты сулары көтеріліп, бұрынғы шабындықты жерлер батпаққа, көпшілік жерлер қу тақырға айналып жатқанын көріп жүрміз. Міне, осыдан аққұтан тіршілігіне қолайсыз жағдайлар пайда болған соң, олар да басқа жаққа жер ауған болса керек. Ғасырлар бойы аққұтандарға жазғы мекені болған, Баласағұнға олар енді келмей қойған.

Зерттеу нәтижелері. Баласағұнтауы (Әулиетау). Қазіргі Ақтөбенің Баласағұн екенін дәлелдейтін тағы бір айғақ М.Қашқари: «Құлбақ». Түріктердің үлкен діндар, әулие адамдарының біреуінің есімі. Ол Баласағұн тауларында тіршілік етті. Айтуларға қарағанда, ол қара тасқа: «Тәңірі құлы Құлбақ – Тәңірдің құлы Құлбақ» деп жазса, ақ жазумен жазылып шығады екен, ақ тасқа жазса, қара жазумен жазылып шығады екен. Оның іздері күні бүгінге дейін сақталған деседі» (Қашқари, 1997: 534-535).

М.Қашқаридың осы сөзі бойынша зерттеу жүргізсек, Баласағұнтауы (Әулиетау) жоғарыдағы аты аталған Тасөткел су қоймасының солтүстік – батыс жағына орналасқан екен. Бұл тауды қазірдің өзінде жергілікті тұрғындар «Әулиетау» десе, орыстар «Святая гора» деп айтады. Осы атпен жергілікті тұрғындар «Әулиетауды» жақсы біледі және киелі тау деп құрметтейді.

Баласағұнтауы (Әулиеата)-дың Ұлы жібек жолы өтетін жері.

«Әулиеата» Тасөткел су қоймасының солтүстігінде 600 метрдей жерде, Шу өзенінің сол жағасына орналасқан биік тау жотасы. Ол бірнеше биік-биік төбелерден құрылған. Соның арасында Шу өзенінің сол жағында тиіп тұрған биік төбе бар. Оны жергілікті тұрғындар «Әулиетау» - деп ардақтайды. Сондықтан біз ол төбені арнайы зерттедік. Оның үстінен болжау ретінде шұңқыр қазып, оны 2м. тереңдеттік. Қазған жерден мәдени қабат шықпай, төбенің үстінде құрылыс болмағанын анықтадық. Төбенің шығысында ой жер бар. Оны қазғанда, ол да табиғи жер екенін байқадық. Соған қарағанда, «Әулиетаудың» үстінде құрылыс болмаған. Оған қажетті уақыттарда елді басқарушылар жиналыс және оның үстінде той-думан өткеріліп жатқанға ұқсайды. Осы жиындар кезінде «Әулиетаудың» етегіне киіз үйлер тігліп, той-думандардың болып жататынын жергілікті тұрғындардың естерінде әлі күнге дейін сақталған. Оның биіктігі 120-130 м., көлемі 4-5 гектар. Сол жерден «Әулиетау» басталып, батысқа және оңтүстікке қарай созылып жатыр. Олар ойлы-қырлы сиыр бүйректеніп, көп жерде алып жатыр. Жалпы, осы жер «Әулиетау» деген атпен аталады және оның бір шеті Ақтөбенің солтүстігіне келіп тіреледі. «Әулиетаудың» үстінен Ұлы Жібек жолы Тасөткел арқылы Шу өзенінің оң жағына өткен. Көптен бері сол жерді мекендеген Т.Шөмішбаев, А.Е.Хмелев, С.Битов басқа да қариялармен сөйлестік. Олардың айтуынша, «Әулиетауда» М.Қашқари айтқан тасқа жазылған жазу бертінге дейін сақталып, 1972 жылы Тасөткел су қоймасының астына кеткенін бірауыздан растайды. Сөйтіп, жоғарыдағы аты аталған Құлбақтың жазған тасы жақынға дейін сақталып келген (Университеттің археологиялық есебі, 1989. (Қолжазба АЭУ, 1990: 7-25).

«Әулиетауды» анықтайтын тағы бір дәлел – Тасөткелдегі Тасқаладан 1962 жылы табылған түйенің жауырынына жазылған жазу (Шалекенов, 1989). Осы сүйектің екі бетіне қара сиямен жазылған жазуларды Өзбек ССР Ғылым Академиясының Шығыстану институтының профессоры Бөрі Ахметовке оқытқанда, мынадай сөздердің бар екені анықталды: 1-қатардағы сөздер: «Құлұқтың қызы Мийан Қабар», 2-қатарда- «Құлұқтың баласы Чунисі» оның екінші бетінде «Мухаммед Қази»; 4-қатарда- «Бар Мухаммед Құлұқ»; 5-қатарда- «Бар Құлұқ Әлидің ұлы»; оның екінші бетінде- «Құлұқ Махр»; 6-қатарда- «Құлұқ Әлидің бір баласы» және тағы солай жалғаса береді. Жазуы бар түйенің жауырыны.

Осы сөздерге сүйенсек, Баласағұнда өмір сүрген, өз заманында әулие деген атты иелеген, Құлұқ деген әйгілі дербіш болған. Соған қарағанда, осы жауырынға, Құлұқ әулиенің тегі баян етілген деп болжауға болатын тәрізді. Құлұқтың есімі Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» еңбегінде Күлік деп дәл аталса, Махмуд Қашқаридің «Құтты білік» еңбегінде Күлік деп дәл аталса, Махмуд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрігінде» Құлбақ деп берілген. Бұл деректердің айтуы бойынша, ол кісі Баласағұн тауларын мекендеп, сол кісінің құрметіне бұл тауды «әулиелі» жер деп атап кеткен. Өйткені, Күліктің сүйегі Баласағұн тауына жерленген. Жергілікті түрғындардың айтуына қарағанда, Баласағұн қаласының негізгі үлкен моласы (мүрдесі) осы Әулиетауда болған. Тұрғындардың моласы Тасөткел су қоймасының астына қалған.

Баласағұндатуған, әлемге аты кең тараған энциклопедист ғалым Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білігіне» «Еліктің Айтолдыға айтқан жауабынан» үзіндік келтірейік:

Елік айтты: - Ұқтым енді сөзіңді,

Қуант мені, ықтият бол өзің де.

Мен айтайын, жаман атты білгейсің,

Жақындамай, одан аулақ жүргейсің.

Зорлық етіп, қара күшке салғанды…

Ісі – олақ, өсек-өтірік тергенді,

Өзі ұшқалақ, көзі ұятсыз пендені.

Дөрекілік, қызбалық тағаттық –

Құлық болса қу құлқын мен шараптың.

Ондай жандар шығыса алмас менімен,

Айттым ашық: тең ғой әркім теңімен.

Адал қызмететкің келсе, кел біліп…

Мұндайлардан тый өзіңді ей Күлік!

Жақын тартып, бұл көңілің тоғаяр,

Менің де ізет, ықыласым молаяр! (Баласағұн, 1986:124).

Бұл келтірілген шумақтан Жүсіп Баласағұнидің Күлік әулиеге сыйынғанын байқау қиын емес. Ж.Баласағұни ХІ ғасырда өмір сүрген ғалым. Оның өмір сүрген кезінде Күлік әулие ретінде түрік тайпаларының арасында әйгілі адам болған көрінеді. Сондықтан, ғалым Құлұқтың өтініш ретінде адамдарды жаман әдеттен тыйым сала көр, сонда менің де ізет-құрметім баиды деген пікірді білдіреді. Сөйтіп, М.Қашқаридің жазған «Құлбақ әулиесі» мен М.Баласағұнидің «Күлік қасиетті» деген бір адам, Күлік Баласағұтауын мекенеткен және Ислам дінінуағыздаған алғашқы батыс түріктерінің бірі болған. Күліктің атымен Баласағұнтауы «Әулиетау» деп аталып кете берген. Міне, сол тау осы күнге ортағасырлық Баласағұнның солтүстік-батысында орналасқан. Сөйтіп, Махмуд Қашқаридің жазған Баласағұнтауы, бұрынғы Баласағұн, қазіргі Ақтөбе ортағасырлық қаланың арасында екені анықталды.

Біздің сөйлескен қарияларымыз «Әулиетау» Шу өңіріндегі қазақ және қырғыздарға белгілі жер. Барлығы бұл тауды құметтеп, оған тәжім етеді. Керек десеңіз, ертеде қазақ пен қырғыздардың және осы өңірді жайлаған тұрғындарды ақсақалдары жылына бір рет «Әулиетауға» жиналып, таудың басына шығып кеңес құрып, халықтар арасындағы шешілмей жатқан келелі мәселелерді талқылап, бір шешімге келіп отыратындары әлі күнге дейін адамдардың естеріне сақталған. Бұл тауға жиналып, үлкен мәселелерді дұрыс шешуге «Әулиетау» жәрдемдеседі деген сенімнен туған болса керек.

Бақыртау - тағы бір Ақтөбенің Баласағұн екенін дәлелдейтін М. Қашқаридің еңбегінде жазылған. «Бақырлықтау Баласағұнға жақын бір жердің атауы. Мысты тау-мыс көп тау» (Қашқари, 1997: 553). Сонан кейін Бақырлықтау мыстың кені деп түсінік берген. Осы М.Қашқаридің айтуынша, Бақырлықтауды да таптық. Бұл тауды қазір Жайсан тауы деп атайды. Ол үшкеп бөлініп аталады: Салажайсан, Ортажайсан және Қадыржайсан. Жайсантауының шығысы Қордай тауымен жалғасып жатыр. Оның батыс түстігі Тасөткөл су қоймасымен шектеседі. 1989 жылы Жайсан тауын аралап, оның бұрынғы Бақырлықтау (Мыстауы) екенін анықтадық. Мұндай жұмысты іске асыруда жергілікті азаматтаркөп жәрдем көрсетті. Олардың осы қызметіне рақмет айтамыз. Баласағұнтауы (Әулиетау), Юн-Арик (Жонарық) және Бақыртау тарихи жерлердің онамастикалық картасы.

Жайсан тауының табиғаты адамның түрмысына қолайлы жер екен. Таудың ішінде: Үңгірлі, Шатырқұл, Үшмайтас, Теректі, Бұқпан және Сүлікті өзендері бар. Осы өзендердің бойлары ерте заманнан қола мен темір дәуірлерінен бастап-ақ адамдардың қоныс басқан жері көрінеді. Оған дәлел, Жайсанда қола және темір замандарының ескерткіштері (шақтылары) көп сақталған. Олар біздің дәуірімізге таспен қоршаған обалар, биік –биік төбелер, өзеннің жағасындағы тастарға салынған таңбалар, суреттер және түрік кезеңдерінің тастан істелген мүсіндері кездеседі. Осылардың бәрі сол дәуірлерді айғақтайтын мұралар. Осы ескерткіштерді сақтауда, оларды зерттеуде ешкім көңіл бөліп, еске де алмаған.

Тарихтың жоғарыдағы аты аталған заманында Жайсан тауындағы мыс кенін жергілікті тайпалар кең пайдаланып, өздерінің өмірлеріне керекті құралдарды, бұйымдарды істеп шығарса, ол мыс кенін, атап айтқанда, ертедегі ортағасырлардакең пайдалана білген. Сондай-ақ қазіргі Ақтөбе, бұрынғы Баласағұн қаласының темір, мыс өндіретін кені осы Жайсан тауда болған. Осы тауды ортағасырда Бақырлықтау деп атаған. Ертедегі мыс қорытқан кендердің орындары Ортажайсан тауында жақсы сақталған. Олардың көлемі шамамен 5-6 шақырым жерді алып жатыр. Бұл жер қазіргі кезде «Шатықұл кені» деп аталады.

Жергілікті қариялармен сөйлескенде, Шатырқұл деген кісінің аты екнін айтты. 1723 жылдары «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада» дүниеге келген. Оның анасы жоңғарлардан қалып қойған екі қыздың бірі болған. Әкесі Ботпай руынан шыққан. Осы Ортажайсанды Шатырқұлды мекендеп, сол кісінің атымен осы жер Шатырқұл мыс тауы деп аталады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Шатырқұл тауынан қарахандар, қарақытайлар және жоңғарлар мыс өндіріп алғандарын естеріне түсіреді. Бұл пікірдің жаны бар. Баласағұнды мекендеген ертедегі ортағасырдағы тұріктер, қарлұқтар, қараханидтер, қарақидандар және жоңғарлар Жайсандағы өте бай мыс кендерін пайдаланған. Өйткені, мыстан, күмістен және темірден істелгенн бұйымдар Баласағұнда мол кездеседі. Ол заттарға жоғарыда тоқталдық.

Шу өңірінде бұдан басқа ірі мыс шығатын кен орындары жоқ. Шатырқұл кенін Қазан революциясына дейін ағылшындар аздап пайдаланған. Бұл жерден алынған кенді руда күйінде түйемен Жезқазғанға жіберіп тұрған. Кеңес үкіметі жылдарында бұл кен көзі жабылып қалған. Бірақ, бұл кен орнын көңілден шығармай, Шатыркөл (Шатырқұл) кенінде зерттеу жұмыстарын жүргізген. 1920-1934 жылдарда гидрогеолог Б.Г.Терлицкин, 1940 жылы геолог Н.П.Михайлов мамандар Шатыркөл (Шатырқұл)-да барлау жұмыстарын жүргізген. Онан кейін, 1949-1975 жылдары бірқанша геологтар кең көлемде зерттеулер жүргізіп, өздерінің пікірлерін мақалаларда жазып қалдырған (Южный Казахстан..., 1977: 118-120; Чу-Илийский..., 1980: 73-78). Шатыркөлден зерттеушілер қола дәуіріне жататын темір балғалар, кувалдалар, сыналар, мыс ерітінділерін, шахтыларды, мыс, темір балқытушы пештерді тапқан. Геологтар зерттеуді 25-30 м. тереңдікке дейін жеткеріп, жер асты суына жеткеріп қойған. Мамандардың пікірінше, солтүстіктен шығысқа қарай созылған негізі зона тек карьерлердің көптігімен ғана емес, үөілістермен тізбек ретінде бүкіл ұзындық бойынша ашылуымен ерекшеленетінің арнайы көрсеткен. Жалпы карьерлердің ұзындықтардың қосындысы 2540 м (55%). Оның орталық бөлігінде ең үлкен өндіріс ұзындығы 200 м-ге дейін, біреуі – 340 м., ені 40-45 м-ге дейін (ҚР тарих және мәдени ескерткіштер, 2002: 323). Солардың ішінде мыстың қоры мол көлемді жерді алып жатқанын анықтаған. Темір кендерін тереңнен шахта қазып алған көрінеді. Сондықтан, бұл жердің кеңін кейінірек пайдалануды мақұл көрген. Жайсан тауының мыс кенін өндірістік игеру қолға алынған жоқ. Біз осы жерге барғанымызда ертедегі кен көзінің орнымен, жердің бетіндегі тау-тастарына жабысып жатқан көкпенбек мыстарды көрген болатынбыз.

Жайсан тауының түсті металлын Ақтөбенің тұрғындары кезінде пайдаланған. Бұл үлкен қаланың кең өндіретін орны Шатырқұл (Бақыртау) болған. Осы кеннен тек қана мыс емес, алтын,, күміс, керек десеңіз шойын да өндірілген. Әртүрлі металлдан жасалған бұйымдар Ақтөбедегі қазба жұмыс кездерінде жыл сайын табылуда. Мысалы, Ақтөбеден мыстан, күмістен істелген әдемі шырақтар, түрлі-түсті ыдыстар, түймелер, білезіктер, сырғалар, теңгелер, садақтардың ұштары және сол сияқты тұрмысқа керекті бұйымдар табылды. Шойыннан жасалған үлкен қазандар, темірден соғылған балғалар, кетпендер, шот балта және тағы басқа бұйымдар бар. Тек, бір бөлмені аршығанда құмырға салынған 5000 мыс Қарахан дәуірінің теңгесі табылды деп жоғарыда айтқан едік, Оның салмағы 20 килограмнан астам. Бұлардан басқа да жыл сайын археологиялық қазба жұмысы кезінде мыс теңгелер, моншақтар табылды. Осы бұйымдардың Ақтөбеден көп табылуын кездейсоқ деп қарауға болмайда. Бұдан шығатын қорытынды Ақтөбеде қолөнер кәсібі жоғарғы дәрежеде дамыған. Солардың ішінде, металлдан тамаша бұйымдар шығаратын зергерлер, ұсталар темірді Жайсандағы Шатырқұл кең көзі М.Қашқаридің жазып қалдырған Бақырлықтауды екніне күмән болмаса керек. Бұл тау қазіргі Ақтөбеден, яғни Баласағұннан 30-40 км. жерге орналасқан. Сөйтіп, ол да Ақтөбенің бұрынғы Баласағұн екеніне, бұрынғы Бақырлықтау, қазіргі Жайсан тауы (Шатырқұл кені) екеніне тағы бір дәлел, куә істепті.

Юн-Арық (Жон-Арық) - Махмуд Қашқаридің еңбегінде Баласағұнға жақын жерде, оның «Юн-Арық деп аталатын жайлауы бар» екенінін жазған болатын. Юн-Арықтың этимологиясы әртүрлі сөздіктерден қарағанда, мынадай түйінге келеміз: «Древнетюркский словарь» «Юн-Арик – географическое название летовкивблизи Баласагуна» (МК. Ш. 145); «Таджикско-русский словарь», «Юн-бок – возвышенное место», қазақша – Жон-Арық дөңес жердің үстімен тартылған арық деген мағынаны береді. Олай болса, Арық сөзінің Қырғыстандағы Бурана қаласының қасындағы Дон-Арық қонысымен байланысы жоқ.

Бурананың қасындағы Дон-Арықтың этимологиясын қырғыз тілінде Бурана өзенінің төменгі бойына орналасқан ауыл деген түсінікті береді. Бұл қоныс Бурана шектесіп жатыр (Кожемяко, 1959: 127). П.Н.Кожемяконың кітабындағы Бурананың жоспарына қараңыз. Қырғыз археологтары, соның ішінде В.Д.Горячев өзінің В.Д.Горячева өзінің еңбектерінде Юн-Арықты Дон-Арық деп жорамалдайды. Бұл пікір еш қисынға келмейді. Осындай қаланың қасына орналасқан Дон-Арық сияқты шағынауылдың жері дүниеге атағы шыққан, бірнеше ғасырлар түріктердің астанасы болған және онда мыңдаған тұрғындар мекен еткен шарhардың жайлауы қалай Дон-Арық бола алады. М: Қашқаридың еңбегінде және басқа ғылыми деректерде «Юн-Арық – Баласағұндықтардың жайлауы» - деп ашық айтқан ғой. Олай болса, буынсыз жерге пышақ салуға бола ма? Ертедегі ғұламалардың айтқандарын жоққа шығарып, тек біздің пікір дұрыс деу ғылымға жараспайды. Сондықтан, Бурананың қасындағы Дон-Арық тек қана қоныстың аты және ол Баласағұн сияқты қаланың ғана емес, кішкентай Бурана қаласының жайлауы да бола алмайды. Жайлау деген ұғым өте үлкен, әдейі кішірейтудің керегі жоқ. Әсіресе, Баласағұнның жайлауы өзіне лайықты кең көлемді алып жатуы керек.

М.Қашқаридың сөзін қуалап, Юн-Арықты іздесек, ол қазіргі археологиялық жақтан зерттеп жатқан ортағасырлық Ақтөбе қаласының батысынан Луговойға (бұрынғы Құлан) қарай созылып жатқан жазық жер. Бұл жер Баласағұн сияқты үлкен қаланың жайлауына өте лайықты. Бұл жайлау Ақтөбеден басталып, Меркі ауданының солтүстігіндегі Луговой ауданының шығысындағы, Шу ауданының батыс-оңтүстігіндегі ұлан-ғайыр жазықты алып жатыр. Осы жайлаудың арғы жағы Мойынқұммен жалғасады. Жері жаз жайлауға өте қолайлы. Тоқташ, Сарғау, Қорғаты, Сарғуа, Ойранды, Аспара, Қызтуған, Ойтал, Мунке сияқты үлкенді-кішілі бірнеше өзендер бар. Олардың барлығы құрғайты өзіне құяды. Құрғайты осы күнгі Кеңес ауылының тұсынан, Шу өзеніне қосылады. Суы мол, жайылымға өте қолайлы жер Баласағұн сияқты астаналық қаланың жазғы жайылымы болуына өте лайықты екенін байқау өте қиын емес. Аты аталған өзендердің бойлары жылқы, қара мал өсіруге қолайлы болса, Мойынқұм қой, ешкіжәне түйенің жайылымы. Мойынқұм батысқа қарай созылып, Бетбақдаламен жалғасады. Осы жерлердің бәрін осқанда, көп халқы бар Баласағұнның жазғы жайлауы ұлан-қайыр жерді алып жатқанын байқауға болады. Бұндай, кеңістікті Қырғызстаннан табу қиын.

Жонарықтың тарихымен тереңірек танысу үшін, Беларық ауылындағы Болатбек Имашев, Сағаш Әшилдаев сияқты қариялармен ауызба-ауыз сөйлескенімізде олар мынадай мағлұмат берді: «бұл жерді ерте заманнан біздердің ата-бабаларымыз жайлаған. Біздің ауылымыз Беларық «Тәтті» совхозының бір бөлімшесі. Ол Меркі ауданына қарайды. Беларықты кейде Жонарық деп те атайды. Себебі, бұл Арық жонның үстімен қазылған. Біздің түсінігіміз бойынша «жон» әйтпесе «бел» екі сөздің мағынасы бір. Бұл сөздер жоталы жер деген мағынада. Жонарық өзінің басын Мерке қаласының бергі жағынан Ойтал өзенінен алып, жотаның үстімен келіп, Қызтуған өзеніне қосылады. Жонарықтың ағысықатты болғаны сондай, түйені де, өгізді де ағызып кететіні туралы халық арасында сөз қалған. Жонарық бұл кезде құрғап қалған. 1989 жылы біз Жонарықтың кеуіп қалған аңғарымен жүріп, оның қазіргі сақталған тереңдігі 80-100 м., ені 4 м. сақталғанының куәгері болдық.

Жонарықтың төңірегінде жоғарыдағы аталған өзендерден басқа тоғандар да бар. Оның оң жағы да 5-6 шақырым жерде Бұзаутоған, Жонарықтың сол жағында Тантай тоғандары орналасқан. Бұл тоғандар бұзау, тантай руларының қазған су жүйелері. Олар кейінірек қазылғанға ұқсайды. Себебі сол өте қолайлы екенін суреттеген, еларасында мынадай өлең шумағы бар екенін жоғарыдағы аты аталған қариялар айтып береді:

Шары, Қорғаты, Аспара еді,

Дәулеті талай жұрттан асқан еді,

Мұжықтар олардағы залап тауып,

Қарамай мал-мүлкіне қашқан еді.

Кейінгі халық не болды деп,

Көзіміз жасқа толған еді.

Осы келтірілген шумақтан, Жонарықтың бойындағы өзендердің тұрмысқа жайлы, «жері байдың, елі бай» деген сияқты бай жерлер екенін баяндаса, сол атамекеннен патшалық Ресейдің отаршылары жергілікті халықтарды қуып шыққанына қайғырады. Әлбетте, тек бұл жерде, патша үкімет шұрайлы, ең жақсы жерлерді Ресейден келгендерге бергені айддан анық қой. Қазірдің өзінде, Қазан революциясына дейінгі, орыс селолары суы мол, тұрмысқа қолайлы жерге орналасқаны көрініп тұрған жоқ па? Орыстардың селолары Шу өңірінде көптен кездеседі. Сөйтіп, М.Қашқаридің көрсеткен Жонарығы (Беларығы) қазіргі Ақтөбе ортағасырлық қаланың атырабындағы жер. ХХ ғ. 80- жылдарындағы қазір Жонарықтың бойында Мерке ауданының «Қазақстан», «Победа», «Аспара», «Мерке», «Тәтті» шаруашылықтары, Шу ауданының «Тасөткел», Абай атындағы совхоздары орналасқан. Бұндай көлемі үлкен жайлауға жарайтын жерді Ақбешім, Бурана төңірегінен табу былай тұрсын, Қырғыстаннан да табу қиын шығар.

Қарабалта - қазіргі Ақтөбенің Баласағұн екенін дәлелдейтін тағы бір айғақ, арбтың ортағасырда өмір сүрген ғалымы Махмуб ибн Валидің Баласағұн жөнінде жазып қалдырған «Бахр әл-Асрар» деген еңбегіне Баласағұнды кеңірекк суреттеп, бір қашқарлық саяхатшының сөзін келтіреді: «Мен осы кітабымды Балх қаласында жазып бітірген кезде, Қашқаридан келген бір саяхатшы былай дейді: «Қашқарияның басшысы қалмақтарды қуып, Моңғолстанға келді. Ол қалмақтарға қираған үлкен қаланың касында жетті. Оның үйлерінің қабырғалы тапырақтан 3-3,5 м. шығып тұр екен. Олардың арасында минареттер, медресенің қабырғалары сорайып, 25-30 шақырымнан көрінеді. Осы ойран болған қаланың қасында, қуғыншылар мен қашқандардың (қалмақтарддың) арасында шайқас болып, нәтижесінде қалмақтар жеңіліп, Қарабалта өзеніне тығылды. Сол жерден оларды ұстап, қайтадан жаңағы соғыс болған қалаға айдапкелдік. Қашқарлықтар қалмақтардан бұл қай қала деп сұрағанда: біздер білмейміз. Жергілікті тұрғындар қираған Баласағұн қаласы деп айтады» деген (АЭУ. Есеп, 1990:15-25).

Қорытынды.Бұл Махмуд ибн Валидің келтірген дерегі қашқарлықтардың келіп жеткен қаласы екеніне айқын дәлел. Себебі, Қарабалта өзені осы күнге Ақтөбенің батыс жағын қақ жарып, Ақсу өзеніне құйып жатыр. Қашқарлықтар қашқан қалмақтарды Баласағұн қаласының қасында қуып жетіп, осы жерде оларды ұстап, өздеріне бағындырған. Бұл дерек осы күнге Ақтөбенің Баласағұн екенін дәлелдеуге тілге тиек болатындай мағлұмат. Махмуд Қашқаридің еңбектерінде көрсетілген Баласағұнның төңірегіндегі жер атаулары осы күнге Ақтөбе қаласының атырабынан табылды: Баласағұнтауы (Әулиетау), Бақыртау, Юн-Арық (Жонарық), Қарабалта өзені.

Бұл тарауда XIV ғасырда тарихи сахнадан түсіп, оның орналасқан жері белгісіз болып қалған, тек әлемге әйгілі ертедегі ортағасырда Ұлы жібек жолындағы түріктердің ірі қалаларының бірі Баласағұн болғаны жазба ддеректерде сақталып қалған. Осы бұлақтарда, оның Түргеш (Сарыүйсін), Қарлұқ, Қарахан және Қарақытай (Қарақидан) мемлекеттерінің астанасы болғаны айтылғанына жоғарыда тоқталдық. Түріктердің осындай саяси, экономикалық және мәдени орталығы болғанын еске алып, шығыстанушы ғалымдар алты ғасыр бойына Баласағұнның тұрған орнын іздеумен әллектенуде. Бұл шиеленіскен мәселені шешуде, осы тараудағы келтірілген деректер тілге тиек болатынына тоқталдық. Солардың ішіндегі Ақтөбеден (Баласағұннан) табылған түргеш теңгесіндегі «небесного тюргеш-хакана деньги» (аспандағы түргеш-хақан теңгесі) деген жазумен «y» Шу таңбасы М. Қашқаридың «Түрік сөздігіне» жазғанына дәлме-дәл келеді. Оның үстіне, Баласағұнды астана еткен мемлекеттердің теңгелерін жасайтын сарайының ашылғанына жоғарыда тоқталғанбыз.

Ақтөбе қаласының орналасқан жері Арғу, яғни таулардың арасына жайласқан қалалардың қатарына жататын да М.Қашқаридің жазғанынан алшақ кетпейді. Қырғыздың Алатауының солтүстігінде Баласағұн (Әулие) және Жайсан тауларының арасында, Шу өзенінің сол жағында іздеп жүрген Баласағұн қаласы орналасқан. Қаланың солтүстік шеті Тасөткілмен жалғасқан. Тасөткіл су қоймасының қазіргі орны. Ерте замандардан бері, Ұлы жібек жолының солтүстік тармағы осы Тасөткіл арқылы Шу өзенінен аяқпен керуендер, көліктер, жаяулар кешіп өтетін болған. Шу өзенінің осы жеріндегі судың астында табиғи тас төселген дөңестеу жерден әрлі-берлі өтетін жол болғандықтан, оны Тасөткіл, әйтпесе, иткешу деп атап кеткен. 1893-1894 жж. В.В.Бартольд зерттеу жұмысымен Шу өңіріне келген кезде, осы Иткешу туралы өзінің пікірін жазған: «Значительно севернее, на правом берегу Чу, недалеко от впадения в нее речки Курагаты, находятся развалины Ит-кичу, около брода того же имени. Этот брод в прежнее время имел некоторое значениее для караванных путей; в 1859 г. Венюков с русским отрядом прошел путь от Верного к Ит-кечу и о пути от Аулие-ата, мимо Ит-кичу, к Балхашу… англйский ученый Ховорс (Noworth) считает развалины Ит-кичу остатками Баласагун» (Материалы..., 1988: 241-242).

Ғұламаның сөз етіп отырған Иткешу, қазіргі біздерге жеткен Тасөткілге тура келеді. Өткілдің бұрынғы аталымы, оның мағынасына лайықты қойылған. Шу өзенінің бұл өтетін жері таяз болғандықтан, жаяуда, көліктіде, малдарда, иттерде өте беретін болғандықтан айтылып, өткілдің оң жағасына салынған қонысқа да Иткешу аты берілген. Уақыттардың өтуімен бұл қоныстың аты өзгеріп, орны бұзылып төбеге айналған. Оны қазіргі кезде Тастұмсық қалашығы дейді. Аталмыш қоныс Тасөткіл су қоймасының оң жағында орналасқан. Оның сол жағы 32 м., шығысы 30м., оңтүстік және батыс 25 м., биіктігі 1,7-2 м. Бұл ескерткішті 1980 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің археологтары зерттеді (Бартольд, 1966: 42). Тоқталып отырған қоныс қирап, тарихи ескерткішке айналып, көрсетілген көлемде төбе болып жатыр. Оның көпшілік бөлігі Тасөткіл су қоймасының астына қойған. Қоныстың су басқан жерінен әртүрлі бұйымдардың сынықтары мен бүтіндей ззаттар шығып жатыр. Жалпы ескерткішке қарағанда, бұл жерде үлкен қоныс болып, керуен сарайлар, қолөнер кәсіп орындары, базар сияқты орындар болғаны байқалады. Бұл ескерткіш кең көлемде археологиялық жақтан зерттелген жоқ. Ол алдағы жұмыс.

Бұрынғы Иткешу, қазіргі Тасөткілдегі Тастұмсық қалашығы Шу өзенінің сол жағындағы Қырқүй қонысы арқылы Баласағұнмен жалғасып жатқан. Қырқуй Ақсу өзенінің Шұға құятын сағасына орналасқан (Елуов, 2002: 322). Иткешу (Тасөткіл) Баласағұн мен Шу қалаларының арасына орналасқан Ұлы жібек жолының күрделі бекеттерінің бірі. Осы тұрғыдан қарағанда, В.В.Бартольд келтірген ағылшын ғылымы Ховорстың Иткешу қонысы Баласағұн қонысының қалдығы – деген пікірін қуаттауға тура келеді. Бірақ, В.В.Бартольд Ховорстың бұл пікірін білдіріп, оның еңбегіне сілтеме жасаған (Noworth, NistoryoftheMongols, pt, p 6).

Баласағұнтау (Әулиетау) өзі аттас атамамен аталғаны даусыз екеніне жоғарыда тоқталдық. Бұл орынның «әулие» аталуы түріктің діндар адамы Құлықтың есімімен байланысты болғаны осы күнге дейін ел арасында ұмытылмаған. Сол маңды білетіндер, Шу ауданының тұрғындары ұлттарына, жынысына қарамастан Әулиетауға құрметпен қарайды және оның үстіне малдарын жаймайды. Біздер осы сезімнің талай куәгері болдық. Әулиетаудың үстінен Ұлы жібек жолы өтетін жер.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

АЭУ. Есеп. – 1990. – Б. 15-25.

Баласағұн Ж. Құтты білік. – Алматы, 1986. – Б. 124.

Бартольд В.В. Бартольд В.В. Отчет о поездке а Среднюю Азию с научноюцелью 1893-1894 гг. //Соч., Т. ІV. – М., 1966. – С. 42, 47.

Бурнашева Р.З.Монетные находки о городище Актобе (Чуйская долина). //Средневековые города Южного Казахстана. – Алматы, 1986. – С. 71-87.

Елуов М. Тастұмсық қалашығы // Қазақстан Республикасының тарих және мәдени ескерткіштер жиынтығы. Жамбыл облысы. – Алматы, 2002. – Б. 322.

Кожемяко П.Н. Раннесредневековые городища и поселения Чуйской долины. – Фрунзе, 1959. – С. 127.

Қашқари М. Түрік сөздігі. Т.1. – Алматы, 1997. – Б. 534-535.

Қашқари М. Түрік сөздігі. Т.З. – Алматы, 1998. – Б. 554, 555.

ҚР тарих және мәдени ескерткіштер жиынтығы. Жамбыл облысы. – Алматы, 2002. – Б. 323.

Материалы по истории Средней и Центральной Азии Х-ХІХ вв. – Ташкент, 1988. – С. 241-242.

Смирнова О.И. Сводный каталог согдийских монет. Бронза. – М., 1981. – С. 60.

Университеттіңархеологиялықесебі. 1989. (ҚолжазбаАЭУ).– Алматы, 1990. – Б. 7-25.

ШалекеновУ.Х. Баласағұн // Қазақәдебиеті. 12 мамыр, 1989.

Чу-Илийский рудный пояс. Рудные полезные ископаемые. – Алматы, 1980. С. 73-78.

Южный Казахстан. Полезные ископаемые. Геология СССР. – М., 1977. Т.ХІ. – Б. 118-120;

References:

AEU. Esep. – 1990. – B. 15-25.

Balasagun Zh. Qutty bilik. – Almaty, 1986. – B.124.

Bartold V.V. Bartold V.V. Otchet o poezdke v Sredniyuyu Aziyu s nauchnoyu celiu 1893-1894 gg. //Soch., T. IV. – M., 1966. – S. 42,47.

Burnasheva R.Z. Monetnye nahodki o gorodishe Aktobe (Chuyiskaya dolina). // Srednevekovye goroda Yuzhnogo Kazakhstana. – Almaty, 1986. – S. 71-87.

Eluov M. Tastumsyq qalashygy // Qazaqstan Respubikasynyn tarih zhane madeni eskertkoshter zhiyntygy. Zhambyl oblysy. – Almaty, 2002 – B. 322.

Kozhemyanko P.N. Rannesrednevekovye gorodisha i poselenia Chuyiskoi doliny. – Frunze, 1959. – S. 127.

Kashkari M. Turik sozdigi. T.1. – Almaty, 1997. – B. 534-535.

Kashkari M. Turik sozdigi. T.Z. – Almaty, 1998. – B. 554,555.

KR tarih zhane madeni eskertkishter zhiyntygy. Zhambyl oblysy. – Almaty, 2002. – B.323.

Materialy po istorii Sredney I Centralnoy Azii X-XIX vv. – Tashkent, 1988. – S. 241-242.

Smirnova O.I. Svodniy katalog sogdiyskih monet. Bronza. – M., 1981. – S. 60.

Universitettin arheologialyk esebi. 1989. ( Qolzhazba AEU). – Almaty, 1990- B. 7-25.

Shalekenov U.H. Balasagun // Qazaq adebieti. 12 mamyr, 1989. 

Chu-Iliyskiy rudnyi poyas. Rudnye poleznye iskopaemye. – Almaty, 1980. S. 73-78.

Yuzhniy Kazakhstan. Poleznye iskopaemye. Geologia SSSR. – M., 1977. T.XI. – B. 118-120.


МРНТИ 03.81.37

ЭТИМОЛОГИЯ СРЕДНЕВЕКОВОГО БАЛАСАГУНА

Шалекенов Мурат Уахитович¹

¹Доктор исторических наук, профессор, Казахский национальный университет им. Аль-Фараби, г. Алматы, Казахстан

Аннотация: В данной статье автором представлены ономастические и археологические данные, доказывающие, что Актобе является Баласагуном, а также сборник средневековых письменных источников, археологических и нумизматических данных. Более подробную информацию об историческом и легендарном городе Баласагун можно найти в «Турецком словаре» Махмуда Кашгари, поскольку его отец происходил из города Барысгана, недалеко от озера Иссык-Куль. «Барсган: имя сына Афрасиаба. Он построил город Барсган. Это город дедушки Махмуда. Хотя Махмуд родился в Кашгаре, он отправился в Баласагун и в другие тюркские города и поселки и собрал научные данные, чтобы написать эту работу. В 1077 году он путешествовал по Ближнему Востоку, Туркестану и написал свою самую ценную работу на тюркском языке. Он известен как гениальный ученый братских тюркоязычных народов. Он часто посещал город и записывал то, что слышал, видел и знал. Нам нужно посмотреть на то, что он написал, и прославить его наследие, потому что нет сомнений в том, что наследие Кашгари дает нам много информации об истинном написании нашей древней и средневековой истории.

Ключевые слова: Баласагун, Шу, этимология, шахристан, городище, Актобе.

IRSTI 03.81.37

ETHYMOLOGY OF THE MEDIEVAL BALASAGUN

Shalekenov Murat Uakhitovich¹

¹Doctor of Historical Sciences, Professor,Al-Farabi Kazakh National University, Almaty, Kazakhstan.

Abstract. In this article, the author presented onomastic and archaeological data proving that Aktobe is Balasagun, as well as a collection of medieval written sources, archaeological and numismatic data. More detailed information about the historical and legendary city of Balasagun can be found in the Turkish Dictionary by Mahmud Kashkari, since his father came from the city of Barysgan, near Issyk-Kul Lake. “Barsgan: the name of the son of Afrasiab. He built the city of Barsgan. This is the city of Grandfather Mahmud. Although Mahmud was born in Kashgar, he went to Balasagun and other Turkic cities and towns and collected scientific data to write this work. In 1077, he traveled to the Middle East, Turkestan and wrote his most valuable work in the Turkic language. He is known as a brilliant scholar of the fraternal Turkic-speaking peoples. He often visited the city and wrote down what he heard, saw and knew. We need to look at what he wrote and glorify his legacy, as there is no doubt that the Kashgar heritage gives us a lot of information about the true writing of our ancient and medieval history.

Keywords: Balasagun, Shu, etymology, shahristan, hillfort, Aktobe.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз