Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ҒТАХР 03.61.91 ДОҢЫЗТАУДАҒЫ БЕСБАЙ ЖӘНЕ ИЗЕНАҒАШ ДІНИ-ТҰРҒЫН КЕШЕНДЕРІНІҢ МЕШІТТЕРІ

Б.Ә. ӘШІМ¹. ¹Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, әл-Фараби ат. ҚазҰУ-дың PhD докторанты.

ҒТАХР 03.61.91 ДОҢЫЗТАУДАҒЫ БЕСБАЙ ЖӘНЕ ИЗЕНАҒАШ ДІНИ-ТҰРҒЫН КЕШЕНДЕРІНІҢ МЕШІТТЕРІ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2(22), 2020

Тегтер: Бесбай, Доңызтау, Изенағаш, михраб, мешіттер, күзеу, діни-тұрғын кешені, ислам діні
Автор:
Аңдатпа. XIX ғ. ортасында Доңызтау ауданында «мешіт, медресе, тұрғын үйлер, шаруашылық құрылыстар, рулық бейіттер, бұлақтар немесе құдықтардан (оның астауларымен)» тұратын өзіндік ерекше «діни-тұрғын кешендер» бой көтерді. Бұндай кешендер көшпелілердің көш жолдарының бойында күзеу өрісінде салынды. Діни-тұрғын кешендердің салынуына – қазақ даласындағы көшпелілердің жартылай-отырықшылыққа, отырықшылыққа ауысуының әсері және ислам дінінің қарқынды жүрген идеологиясы маңызды рөл атқарды. Мұндай жағдайлар, жаңадан бой көтерген діни-тұрғын кешендерінде өзгеше типтегі мешіттердің пайда болуына әкелді. Мәселен, Доңызтау ауданында «екі күмбезді», «төрт күмбезді», «алты күмбезді» етіп көмкерілген және кейде төбе жабыны қарапайым тегіс етіп жабылған мешіттер салынды. Мешіттер бірнеше бөлмелерден тұрды. Мақалада автор Доңызтау ауданындағы діни-тұрғын кешендерінің қалыптасу тарихының кейбір мәселелерін қарайды. Сонымен қатар, Бесбай және осы уақытқа дейін белгісіз болып келген Изенағаш діни-тұрғын кешендерінің мешіттеріне сипаттама беріп, оның кейбір ерекшеліктеріне талдау жасалынған.
Мазмұны:

Кіріспе. Доңызтау ауданы Батыс Қазақстан аймағында орналасқан, нақтырақ айтқанда Солтүстік Үстірт шыңдарын бойлай батыс бағытқа қарай созылып, кең жайылып аққан Шаған өзенінің төменгі ағысындағы өңірді қамтып жатыр. Ал тарихи-мәдени тұрғыдан «Доңызтау ауданы» жоғарыда аталған территориямен ғана шектелмейді. Сонымен қатар, Тассай алқабынан шығысқа қарай, Солтүстік Үстірт, Шағырай шоқыларына іргелес жатқан өңірлер және Желтау кіреді (қазіргі бөлініс бойынша Ақтөбе облысының Байғанин ауданы мен Атырау облысының Жылой ауданының аумақтары). Сондай-ақ, Доңызтау шығысында Қошқар-ата, Қыздаршыққан және солтүстігінде Сарықұм, Терескен құмды аудандарымен шектесіп жатыр (Аджигалиев, 1994: 49). Доңызтау ауданы негізінен шалғай аудан болғандықтан оның табиғаты өзгеше және жер бедерлері де күрделі болуымен ерекшеленген. Мұнда тау қалдықтары мен шыңдардан, тегіс кеңістіктен, үлкен аумақты алып жатқан сорлардан және құмдауыттардан тұрады. Доңызтау сөзі «тауды мекен еткен жабайы доңыздар» атауынан шыққан-ды. С.Е. Әжіғалидің жергілікті информатордан алған дерегі бойынша Доңызтау ертеректе Талды-өзек аталған (талды алқап). Мұнда ағып жатқан Шаған өзенінің төменгі ағысының бойында көптеген талдар өскен; тоғай, тіпті орманды алқап болған. Осы тоғайда көптеген жабайы доңыздар мекен еткен» (Аджигалиев, 1994: 49). Осыған орай, халық арасында бұл өңір Доңызтау аталған-ды.

Материалдар мен әдістер. Мақалада 2019 ж. «Доңызтау ауданында» жүргізілген «Батыс Қазақстан кешенді этноархеологиялық экспедициясы» (жетекшісі С.Е. Әжіғали) кезінде автордың жинаған материалдары қарастырылады. Онда Бесбай және жаңадан ашылған ескерткіш Изенағаш діни-тұрғын кешендерінің мешіттері сипатталады. Негізінен мақала кешенді сипатқа ие, ол тарихи-этнография, этноархеология және жаңа ғылыми бағыт қазақ ескерткіштануы ғылым салаларын қамтып жатыр. Мақалада эмпирикалық-салыстырмалы сипаттау, талдау, синтездеу, ретроспективті әдістері кеңінен қолданылды.

Талдау (тақырыптың зерттелуі). Доңызтау ауданының өзіндік ерекше діни-тұрғын кешендеріндегі мешіттер жайлы алғашқы зерттеулер С.Е. Әжіғалидің еңбектерінде сипатталған (Аджигалиев, 1994; Ажигали, 2002: 98-128; Әжіғали, 2015: 6-17 бб.). Онда Доңызтауда орналасқан XIX ғ. ортасы – XX ғ. басына жататын бес мешіттің жоспары мен сипаттамалары берілген. Оның ішінде Бесбай мешіті де суреттелген (Ажигали, 2002: 106-114). Сонымен қатар, Л.Р. Турганбаеваның зерттеулерінде Доңызтаудағы кейбір діни-тұрғын кешендерінің мешіттері және оның медреселері жөнінде далалық материалдармен толыққан (Турганбаева, 2011; Турганбаева, 2012). Этнографтар Р.А. Бекназаров, Қ.Қ. Рахбаевтар соңғы жылдары арнайы түрде Доңызтау ауданындағы (Ақтөбе облысының басқа да өңірлерін) мешіттердің тарихы, ерекшеліктері және дін қайраткерлері жайлы далалық экспедиция және архив материалдары бойынша зерттеу жүргізіп келеді (Бекназаров, 2018; Рахбаев, 2020).

Зерттеу нәтижелері.XIX ғ. ортасында далалық аймақтарда көшпелі қазақтардың әлеуметтік-экономикалық ахуалы және дәстүрлі шаруашылықтары түбегейлі өзгерістерге ұшырап, жартылай-отырықшылыққа, отырықшылыққа ауысты. Бұған, әуелі әсер еткен патшалық биліктің отарлау саясаты, әсіресе, қазақтың ертеден қалыптасқан жерді пайдаланудың істеріне патшалық биліктің иелік етуі маңызды рөл атқарды. Шөп шабудың дамуы, қыстаулардың өсуі, егіншілік пен сауда-саттықтың артуының әсерінен дәстүрлі көш жолдары қысқарды, жайылым жерлер тарылды. Рухани және материалдық мәдениетте өзгерістер келді. Мұндай қазақ даласындағы күрделі кезеңді «тарихи-мәдени бетбұрыстар дәуірі» деп те атайды (Ажигали, 2004: 67). Қазақ даласында осындай күрделі өзгерістер кезеңінде Доңызтау ауданында «мешіт, медресе, тұрғын үйлер, шаруашылық құрылыстар, рулық қорымдар және бұлақтар мен құдықтардан (оның астауларымен)» тұратын өзіндік ерекше «діни-тұрғын кешендер» бой көтерді. Діни-тұрғын кешенінің (культово-жилищные комплексы) терминін алғаш С.Е. Әжіғали ғылыми айналымға енгізген. Ол Доңызтау ауданында орналасқан 20-ға жуық діни-тұрғын кешендерін тауып, оның біршамасында зерттеу жүргізген (Аджигалиев, 1994; Ажигали, 2002: 98-128; Әжіғали, 2015: 6-17 бб.). Доңызтау ауданының жер бедерлері күрделі болуына байланысты, мұнда орналасқан діни-тұрғын кешендер бірнеше топтарға бөлініп, бірі кең алқапты сайда, бірі жыраларда, бірі жонның бөктерінде шоғырланып кең аумақты алып жатыр. Мәселен, бір тобы мешіт, медресе және тұрғын үйлерден, екінші тобы бейіттер немесе қорымдардан, үшінші тобы шаруашылық құрылыстардан (мал қоралар және т.б.), төртінші тобы бұлақтар мен құдықтардан тұрды.

Діни-тұрғын кешендердің қалыптасуына тағы бір айрықша маңызды рөл атқарған ислам дінінің қарқынды жүрген идеологиясы болды. XIX ғ. екінші жартысында қазақ даласында ислам дінінің таралуы екі бағытта жүрді.  Біріншісі солтүстікте Қазан және Уфа қалаларының теология орталықтарының әсері болса, екіншісі оңтүстікте Түркістан, Бұқара және Хиуаның сопылық бағытта діни мектептерінің ықпалы болды (Бекназаров, 2018: 24). Мұндай жағдайлар қыстауларда және жаңадан бой көтерген діни-тұрғын кешендерінде түрлі типтегі мешіттердің пайда болуына әкелді. Мысалы, Ақтөбе облысының аумағында салынған мешіттердің кейбірі «татар типіне» тән болса (Дүйсенбі ахун мешіті, Мәжит Фаткуллин мешіті, Шәкен ишан мешіті және т.б. (Ажигали, 2002: 178-179, 202-203; Әжіғали, 2015: 27-б.)), ал облыстың оңтүстік аудандарында өзіндік айрықша төлтума Доңызтаулық болып табылатын, бірақ Маңқыстау стиліне жақын «екі күмбезді», «төрт күмбезді» және «алты күмбезді» қарапайым мешіттердің пайда болуымен ерекшеленді (Сүлікті мешіті, Ақсай мешіті, Бесбай мешіті, Қайнардағы Досжан-ишан мешіті және т.б. (Аджигалиев, 1994; Ажигали, 2002: 98-128)).

Доңызтаудың діни-тұрғын кешендері көшпелі қазақтардың көш жолдарының бойында күзеу немесе көктеу өрісінде салынды. Қазақ малшыларында көп жағдайда күзеу мен көктеу өрісі бір жерде болды. Олар қыстау мен жайлау қоныстарының арасында көш жолдардың бойында орналасты. Доңызтау ауданы негізінен шөмішті-табын руларының (сонымен қатар, адай руларының) күзеу қонысы болды. Кешендерде ишан, молда, медресенің оқушылары және жатақтар өмір сүрді. Қой-ешкінің күйігін алу, күзем жүнін қырқу, соғым сою, қыстау-қораларды жөндеу, тұрмыстық заттарды дайындау және отын әзірлеу секілді қыруар жұмыстар осы күзеу өрісінде атқарылды. Сонымен қатар, ишан-молдалар көшпелілердің балдарын оқытып, сауатын ашты; қайтыс болған кісілер осында жерленіп, рулық зираттар-қорымдар көбейді; ірі ас беру жиі ұйымдастырылып, күзеу қонысы діни рәсімдерді өткізудің маңызды функциясы болып табылды. Өз кезегінде көшпелілер де мешіт кешендерін қыста жағатын отындарын жеткізіп беріп тұрды; жатақтар астықпен қамтамасыз етіп отырды. Осылайша, діни-тұрғын кешендер XIX ғ. – XX ғ. басындағы көшпелілердің қоныстық жүйесінде, мәдениетте, шаруашылықта маңызды рөл атқарды (Ажигали, 2002, Т.5: 171). Яғни, күзеу өрісі өзгеше дамып, онда қыстың қамы үшін атқарылатын дәстүрлі шаруашылықтармен қатар, күзеу қонысында ишан-молдалар көшпелілердің балдарын оқытты, қайтыс болған кісілер осында жерленіп, рулық бейіттер-қорымдар ұлғайды, ірі ас беру жиі өткізілді және басқа да түрлі қызметтер мешіт кешенінің негізгі атқаратын жұмыстарына айналды. Мұндай жағдайлар да, мешіттерге біршама әсері болды. Мәселен, мешіттердің кейіннен бірнеше бөлмелерге бөлінуі; адам санының көбейуінен (мүмкін?) мешітке қосымша бөлмелердің қосылуы; мешітте имам және әйелдерге арналған бөлмелердің болуы (мүмкін?); мешіттің ішінде кейде арнайы дәрісхана ретінде бір бөлменің арналуы; мешіттің жанынан медересенің салынуы (худжра); мешіт жанына кейде қосымша кейін салынған отын-жай сақтайтын бөлмелердің болуы және т.б. ерекшеліктерімен сипатталды (Аджигалиев, 1994; Ажигали, 2002: 98-128; Турганбаева, 2011; Турганбаева, 2012). Осыған орай, төменде автордың экспедиция кезінде жинаған материалдары бойынша (АДЭМ, 2019) Бесбай және Изенағаш діни-тұрғын кешендерінің мешіттеріне сипаттама беріліп, оның кейбір ерекшеліктері талқыланады.

Бесбай діни-тұрғын кешеніндегі мешіт.Кешен Доңызтау ауданындағы Тұщщы-айрық құдығынан солтүстік-батысқа қарай 13,8 км қашықтықта орналасқан (қазіргі Байғанин ауданыДияр ауылынан оңтүстік-шығысқа 46,4 км). Ескерткішті өткен ғасырдың 80 жж. және 90 жж. басында С.Е. Әжіғали зерттеп, ғылыми айналымға енгізген (Аджигалиев, 1994: 56-57; Ажигали, 2002: 106-115). Кешен шөмішті-табын руларының көш жолдарының бойында маңызды жүк тиетін орындардың бірі ретінде XIX ғ. бірінші жартысында салынған. Мұндағы тұрғын жайлар, мешіт-медресе және рулық зираттар көшпелілердің күзеу қонысы ретінде қолайлы болған. Қоныстың кейбір тұрғындары (молда, оның шәкірттері және жұмысшы-жатақтар) жылдың көп бөлігін осында өмір сүрген. Дегенмен, жан-жақтан қатты соғатын жел болғандықтан мұндай жерлер, әсіресе қыстау ретінде пайдалану көшпелілер үшін мүлде қолайсыз (Ажигали, 2002: 106-107). Оған экспедиция кезінде (2019 ж. қазан айының соңғы күндері) жан-жақтан тоқтаусыз қатты соққан желге біз де куә болдық.

Бесбай кешені күрделі жер бедерлерінде орналасуымен ерекшеленген. Кешендегі ескерткіштердің орналасуына орай жоғарғы және төменгі деп екі бөліктен тұрады. Олардың арақашықтығы 800 м. Жоғарғы бөлігінің ескерткіштері Үстірт жонының қырларында кең терассада батыстан шығысқа қарай созылып жатыр. Онда шағын бейіт, тұрғын үйдің қалдығы және жеті құдықпен оның тас астаулары орналасқан. Ал төменгі бөлігінде мешіт, медресе және бірнеше тұрғын жайлардың қирандылары шеңберлі алаңда орын теуіп, үш жағын қоршаған үстірт шоқылары табиғи көркемдік беріп тұр.

Мешіт кешеннің төменгі бөлігінде тұрғын-жайлармен қатар орналасқан. Мешіттің жоспары төртбұрышты болып (6,8х9 м), төрт бөлмеге бөлінген. Атап айтқанда, намаз оқитын бөлме, дәліз (ауыз үй) және қосымша тағы екі бөлмеден тұрады (сурет 1). Мешіт негізінен аласа етіп салынған (қабырғаның биіктігі 1,9 м). Мұндай аласа етіп салынған мешіттерді осы өңірдің басқа да кешендердің мешіттерінен кездестіруге болады (Ажигали, 2002: 105). Сондай-ақ, мешіттің барлық есіктері енділеу болғанымен (0,9 м), аласа етіп жасалған. Ғимараттың қабырғасы күңгірт-қызыл шойтастардан тұрғызылған. Шойтастардың араларын балшықпен байланыстырып, шебер әрі берік етіп қаланған. Мешіттің ішкі қабырғалары қара сылақпен сыланып (сабан араластырғанға ұқсайды), оның сыртынан ақ бормен ақталған. Мешітті Өмірбай-ақын салғызған (Ажигали, 2002: 107).

b5031673332fe958fe57085cbc351864.jpg


Намаз оқитын бөлменің жоспары квадрат болып келген (5,6х5,6 м). Оңтүстік қабырғада конха формасында шағын михраб орналасқан (ені 85 см, биіктігі 126 см). Михрабтың іргетасы төрт қырлы. Терезелері михрабтың екі қапталында орын тепкен. Олардың жоспары төртбұрышты әрі шағын етіп салынған. Бөлменің дәл ортасында берік пилон (бағана) орнатылған. Пилон төртбұрышты етіп (0,8х0,9 м) шойтастардан шебер тұрғызылған. Осы пилоннан төрт қабырғаның ортасына аркалар тасталып, намаз оқитын бөлмені төрт бөлмеге бөліп тұрғандай. Аркалар аласа салынып (ішінен есептегенде биіктігі 1,6 м), маңдайшасының құрылысы кесекпен қырынан қаланған. Бөлменің тағы бір ерекшелігі, төбе жабыны төрт күмбезді етіп жабылған. Яғни, әдеттегі ортада орналасқан пилоннан төрт қабырғаның ортасына тасталған аркалар бөлменің төбесін төрт күмбезге бөліп тұр және қабырғалардың түйіскен бұрыштарында тромп салынып архитектуралық шешімін тапқан. Күмбездері кесектен қаланған. Алайда, қазіргі таңда күмбездер толықтай қираған. Намаз оқитын бөлменің интерьері аркалар арқылы бірнеше бөлмелерге бөлу және төбе жабыны төрт күмбезді немесе алты күмбезді етіп көмкерілген мешіттер Доңызтаудың басқа да кешендердің мешіттерінен кездестіруге болады (Ажигали, 2002: 103-117). Бөлменің солтүстігінде көрші болып енсіз бөлме қосылған. Бұның да төбе жабыны сақталмаған. Алайда, С.Е. Әжіғалидің сипаттауынша бұл бөлменің төбе жабыны қорапты тоғыспа (коробовый свод) етіп жабылған (Ажигали, 2002: 107). Намаз оқитын бөлменің шығыс жағында көлденеңінен мешітке кіретін дәліз орналасқан (1,1х5,3 м). Оның шығыс қабырғасында әдеттегідей аласа есік салынып, тағы бір шағын бөлмемен жалғасады (4,2х4,5 м). Сонымен қатар, мешіттің жанында медресе болған (Ажигали, 2002: 114). Алайда, оның тек бүгінде іргетасының іздері ғана сақталған.

Изенағаш діни-тұрғын кешеніндегі мешіт.Кешен Доңызтаудың Құрсай қорымынан солтүстік-батысқа қарай 7 км қашықтықта орналасқан (қазіргі Байғанин ауданына қарасты Тассай бекетінен оңтүстік-батысқа қарай 60 км). Кешенмешіттің қирандысы, белгісіз құрылыстың қалдықтары, ескі қорым және құдықтардан тұрады. Оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылған 400 м жуық аумақты алып жатыр. Бесбай кешеніне қарағанда аумағы жағынан кіші әрі ескерткіштердің орналасуында жер бедерлерінің ерекшелігі бар. Дегенмен, кешеннің ескерткіштері жазық алаңда орын тепкен. Бірақ, мешіттің тұрған жерінен есептегенде, солтүстік және солтүстік-батысқа қарай 50-60 м қашықтықтан кейін тік құламалы терең әрі кең сайға ұласады. Осы сайдың бөктерінде кешеннің құдықтары және оның астаулары жатыр. Мешіттің оңтүстік-шығысында 120 м қашықтықтан кейін XIX ғ. соңы – XX ғ. басына жататын кешеннің қорымы орналасқан. Қорым солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созыла 115 м аумақты алып жатыр.

Мешіт кешеннің жазық бөлігінде орналасқан. Мешіттің жоспары төртбұрышты (14,6х11,5 м), сақталған қабырғаларына қарағанда төрт бөлмеге бөлінген. Атап айтқанда, намаз оқитын бөлме, ауыз үй және тағы екі бөлмеден тұрады (сурет 2). Қабырғасы қарапайым тастардан тұрғызылған. Тастардың 

3b685045ab9e275455946a35ae7a3d8e.jpg


араларын балшықпен байланыстырып, шебер әрі берік етіп қаланған. Барлық қабырғалары біршама жақсы сақталған. Ең биік сақталған қабырғасы 3 м (мешіттің оңтүстік және оңтүстік-шығыс қабырғасы). Ал қалыңдығы 1 м дейін жетеді. Алайда, мешіттің төбе жабыны бүгінде сақталмаған.

Намаз оқитын бөлменің оңтүстік қабырғасында әдеттегідей конха формасында михрабы (ені 96 см, биіктігі 142 см) орналасқан. Оның іргетасы жарты шеңберлі етіп салынған (тереңдігі 50 см). Михрабтың екі қапталында екі терезе және шығыс қабырғада тағы екі терезе орын тепкен. Терезелердің жоғарғы бөліктері қираған, алайда жоспары қарапайым төртбұрышты. Бөлменің солтүстік-шығыс бұрышында жоспары төртбұрышты болып келген (4,1х2,1 м), солтүстіктен оңтүстік бағытқа қарай созылған іргетастың қалдықтары сақталған (қалыңдығы 60 см). Сақталған іргетасқа қарағанда намаз оқитын бөлмеде тағы бір бөлме болғандығын білдіреді (мүмкін, әйелдерге арналған шағын бөлме? немесе дәрісхана?). Намаз оқитын бөлменің батысында солтүстіктен оңтүстік бағытқа қарай созылған (14,6х3,8 м) тағы бір бөлмемен жалғасады. Бір қызығы, бұл бөлме кейіннен қосылғаны байқалды. Оның оңтүстік және солтүстік қабырғасында терезелері салынған. Ал батыс қабырғасының орта тұсында сыртқа шығатын есік орналасқан. Сонымен қатар, намаз оқитын бөлменің солтүстік жағында мешіттің ауыз үйі болса, оның шығыс қабырғасына көршілес тағы шағын бөлме салынған. Бөлменің ішіндегі сылақтары біршама сақталған. Шығыс қабырғасында сыртқа шығатын есік орны бар.

Мешіттің солтүстігінде 35-40 м қашықтықта төрт не бес бөлмеден тұратын белгісіз құрылыстың іздері сақталған. Өкінішке орай, бұл құрылыстың қандай функция атқарғандығын нақты айту қиын. Алайда, мешіттің жанында медресе, худжра, тұрғын үй және басқа да жайлардың орналасуы бұл өңірдегі басқа да кешендерге тән жағдай (Ажигали, 2002: 98-128; Турганбаева, 2011; Турганбаева, 2012).

Сонымен, Изенағаш мешітінде намаз оқитын бөлмесі мен ауыз үйден басқа, екі қосымша бөлмелер болды. Алайда, бұл бөлмелер кейін қосылғаны байқалды. Дегенмен, мұндай кейін қосылған бөлмелер Доңызтау өңірінің көптеген мешіттеріне ұқсас жағдай. Оны мүмкін қызметтік-шаруашылық бөлме, отын-жай сақтайтын бөлме, дәрісхана (медресе) немесе т.б. ретінде түсіндіріледі. Бесбай кешеніне қарағанда Изенағаш кешенінде тұрғын үй жайлар жоқтың қасы. Тек мешіттің солтүстігінде 35-40 м қашықтықта төрт не бес бөлмеден тұратын белгісіз құрылыстың іздері ғана сақталған. Соған қарағанда, кешенде тұратын адамдардың саны көп болмағанға ұқсайды, мүмкін имам және оның шәкірттері ғана өмір сүрді деп жорамалдауға болады. Дегенмен, мұнда орналасқан ескі рулық зираттың біршама үлкен болуына қарағанда, ас беру, мәйітті жерлеу секілді рәсімдер осы кешенде атқарылған болуы керек-ті.

Қорытынды. Мешіті бар діни-тұрғын кешендер XX ғ. 30 жж. дейін өмір сүрді. Кеңес дәуірінде түрлі дінге қарсы науқандар барысында көптеген мешіттер қиратылды. Олардың арасында толықтай бұзылып кеткені де, бірқатар мешіттердің сақталғаны да жетерлік. Соның бірі, Доңызтау ауданы шалғай өңір болғандықтан көптеген мешіттер біршама жақсы сақталып келген-ді. Алайда, Бесбай және Изенағаш мешіттерінен байқағанымыздай, қазіргі таңда ескерусіз қалған және бұзылып жатқан ескерткіштер қатарына жатады. Мәселен, Бесбай мешітінің «төрт күмбезді» етіп жабылған төбе жабыны еденге опырылып түскен, ал Изенағаш мешітінің қабырғаларының жоғарғы бөлігі сақталмаған, тіпті кейбір қабырғалары толықтай құлап жатыр. Айта кету керек, мешіті бар діни-тұрғын кешендерін ары қарай зерттеу жұмыстарын жалғастыру қазақ даласында ислам дінінің идеология ретінде бекуі, жартылай отырықшы өмір салтына көшуі, ерекше тұрғын үйлердің салынуы мен шөп шабудың дамуы секілді XIX ғ. ел өміріндегі үлкен өзгерістер жайлы маңызды мәліметтер қатарын толықтырмақ.

Әдебиеттер және деректер:

Аджигалиев С.И. Памятники Донызтау (Северный Устюрт) // Известия НАН РК. Серия общественных наук. – 1994. – № 1. – С. 49-64.

АДЭМ – Автордың далалық экспедиция материалдарынан. 2019 жылы Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Батыс Қазақстан кешенді этноархеологиялық экспедиция» (жетекшісі С.Е. Әжіғали) кезінде жинаған. Қазан-қараша айлары. Далалық жұмыс Ақтөбе облысында жүрді (экспедицияның маршруты Ақтөбе қаласынан оңтүстікке қарай түсіп, Доңызтау ауданында жалғасты).

Ажигали С.Е. Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии. – Алматы: «Ғылым», 2002. – 654 с.

Ажигали С.Е. Традиционная система скотоводческого поселения казахов (в историческом развитии). // Этнографо-археологические комплексы: проблемы культуры и социума. – Новосибирск: «Наука», 2002. – Т. 5. – С. 143-190.

Ажигали С.Е. Эпоха культурно-исторического перелома в казахской степи: середина XIXв. // Труды Центрального музея. Сборник статей./ Научный редактор Н. Алимбай. – Алматы: «Ғылым», 2004. – Т. 1. – C. 67-71.

Әжіғали С.Е. Ақтөбе облысының аса көрнекті архитектуралық ескерткіштері: фотокөрме. Ғылыми-ақпараттық басылым. – Алматы-Ақтөбе, 2015. – 52 б. – қазақ, орыс тілдерінде.

Бекназаров Р.А. Религиозные деятели и мечети XIX – начала XX вв.: исследование на материалах Актюбинской области. // Отан тарихы. – 2018. – № 3. – С. 21-29.

Рахбаев Қ.Қ. Желтау мешіттерінің тарихы (XIX ғ. ортасы – XX ғ. басы) // «edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы. – 2020. – № 1.

Турганбаева Л.Р. Некоторые замечания об архитектуре казахских медресе // «Арало-Касспийский регион в истории и культуре Евразии»: Материалы II Международной научной конференции, посвященной 20-летию независимости Республики Казахстан. – Алматы-Актобе: «Арыс», 2011. – С. 278-281.

Турганбаева Л.Р. К проблеме изучения культово-жилищных комплексов Западного Казахстана // Материалы 1-го и 2-го Симпозиума по казахскому памятниковедению. – Алматы-Атырау: «Ағатай», 2012. – С. 150-156.

References:

  Adzhigaliev S.I. Pamijatniki Donyztau // Izvestia NAN RK. Seria obshestvennyh nayk. – 1994. – № 1. – S. 49-64.

Avtordyn dalalyk ekspedicija materialdarynan. 2019 zhyly Batys Kazahstan keshendi etnoarheologijalyk ekspedicija (zhetekshisi Azhigali S.I.) kezinde zhinagan. Kazan-karasha ailary. Dalalyk zhumys Aktobe oblysynda zhurdi.

Azhigali S.I. Arhitektura kochevnikov – fenomen istorij i kul’tury Evrazij. – Almaty, 2002. – 654 s.

Azhigali S.I. Tradicuonnaja sistema skotovodcheskogo poselenja kazahov // Jetnografo-arheologicheskie kompleksi: problem kuljtury i sociuma. – Novosibirsk, 2002. – Т. 5. – S. 143-190.

Azhigali S.I. Epohi kul’turno-istoricheskogo perelom v kazahskoi stepi: seredina XIX v. // Trudy Central’nogo muzeja. – Almaty, 2004. – Т. 1. – S. 67-71.

Azhigali S.I. Aktobe oblysynyn asa kornekti arhitekturalyk eskertkishteri: fotokorme. – Almaty-Aktobe, 2015. – 52 b.

Beknazarov R.A. Religioznye dejateli i mecheti XIX – nachalo XX vv.: issledovanie na materialah Aktjubinskoi oblasti. // Otan tarihy. – 2018. – № 3. – S. 21-29.

Rakhbaev K.K. Zheltau meshitterinin tarihy // Scientific e-journal «edu.e-history.kz».– 2020. – № 1.

Turganbaeva L.R. Nekotorye zamechanija ob arhitektura kazahskih medrese // «Aralo-Kasspijskij region v istorij i kul’tury Evrazij»: Materialy II Mezhdunarodnoi nauchnoi konferencij. – Almaty-Aktobe, 2011. – S. 278-281.

Turganbaeva L.R. K problem izuchenie kuljtovo-zhilishhnuh kompleksov Zapadnogo Kazahstana // Materialy 1-go i 2-go Simpoziuma po kazahskomu pamijatnikovedeniju. – Almaty-Atyrau, 2012. – S. 150-156.


МРНТИ 03.61.91

МЕЧЕТИ КУЛЬТОВО-ЖИЛИЩНЫХ КОМПЛЕКСОВ

БЕСБАЙ И ИЗЕНАГАШ В ДОНЫЗТАУ

Б.А. Ашим¹

¹Научный сотрудник Института истории и этнологии

им. Ч.Ч. Валиханова, PhD докторант КазНУ им. аль-Фараби.

Казахстан, г. Алматы.

Аннотация: В середине XIXвека в районе Донызтау появились «культово-жилищные комплексы», включавшие в себя «мечети, медресе, жилища, хозяйственные постройки, родовые кладбища, родники либо колодцы». Подобные комплексы создавались вдоль кочевых путей. Район Донызтау являлся районом осенних стоянок родов шомишти-табын. На возведение культово-жилищных комплексов оказали влияние переход кочевников казахской степи на полуоседлый, оседлый образ жизни; важную роль играла динамично развивающаяся идеология исламской религии. Такая ситуация привела к появлению особого типа мечетей во вновь возникших культово-жилищных комплексах. К примеру, в районе Донызтау были построены «двухкупольные», «четырехкупольные», «шестикупольные» мечети, а в некоторых случаях – мечети из простого ровного кровельного покрытия. Мечети состояли из нескольких помещений. В статье автор рассматривает некоторые вопросы истории формирования культово-жилищных комплексов в районе Донызтау. Наряду с этим, анализируются материалы, собранные автором в период проведения «Западно-Казахстанской комплексной этноархеологической экспедиции» в Донызтау в 2019 году (руководитель – С.Е. Ажигали). Дается анализ комплекса Бесбай и неизвестного до настоящего времени комплекса Изенагаш, характеристик и отдельных особенностей мечетей на их территории.

Ключевые слова. Донызтау, исламская религия, культово-жилищный комплекс, мечети, михраб, Бесбай, Изенагаш.

IRSTI03.61.91

MOSQUES OF BESBAY AND IZENAGASH RELIGIOUS-RESIDENTIAL COMPLEXESIN DONYZTAU

B.A. Ashim¹

¹Researcher of the Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology,

PhD student of the Al-Farabi Kazakh National University.

Almaty, Kazakhstan

Abstract: Therewas a special «religious-residential complex» consisting of «mosques, madrassas, houses, outbuildings, cemeteries, springs or wells (with its tributaries)». in Donyztau district in the middle of the 19th century. Such complexes were built along the roads in the fields of nomads. «Donyztau district» was mainly a settlement of bucket-herd tribes. An important role in the construction of religious and residential complexes was played by the influence of the nomads of the Kazakh steppes on the transition to semi-settlement and settlement, and the dynamic ideology of Islam. Such circumstances have led to the emergence of different types of mosques in the newly built religious and residential complexes. For example, in Donyztau district, mosques were built with «two domes», «four domes», «six domes» and sometimes with a simple flat roof. Mosques consisted of several rooms. In this article, author considers some issues related to the formation of religious and residential complexes in Donyztau district. In addition to this, there given an analysis of characteristics and features of Besbay and unknown before this day Izenagash religious-residential complexes mosques. Also, there presented new materials from the «West Kazakhstan ethno archaeological complex expedition» (led by S.E. Azhigali) in 2019 in Donyztau district.

Keywords. Donyztau, Islam, religious and residential complex, mosques, mihrab, Besbay, Izenagash.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз