Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 902.904 ҚАЗАҚСТАН-ТҮРКИЯ: АРХИВ ІСІ САЛАСЫНДАҒЫ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ ЖӘНЕ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Г.Р. МУХТАРОВА, Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар және дыбыс жазба архиві. Алматы, Қазақстан.

ӘОЖ 902.904 ҚАЗАҚСТАН-ТҮРКИЯ: АРХИВ ІСІ САЛАСЫНДАҒЫ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ ЖӘНЕ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(20), 2019

Автор:
Мақалада Қазақстан-Түркия елдері арасындағы архив саласы бойынша өзара қарым-қатынас мәселесі қарастырылады. Түркия еліндегі аудиовизуальді құжаттардың сақталу, зерттелу тәжірибесі көрсетіліп, Орталық Мемлекеттік кино-фото және дыбысжазбалары архивінің (бұдан былай - ҚР ОМ КФҚДЖ архиві) қорын Түркия еліндегі қазақ халқының тарихына, мәдениетіне байланысты құжаттармен толықтыру барысы қарастырылған. Екі елдің архивтерінің арасындағы алдыңғы жылдарда өткізілетін ісшаралар жоспары баяндалады. Кілт сөздер: архив, қарым-қатынас, тәжірибе, қор.
Мазмұны:

Кіріспе. Н. Назарбаев университеті түлектерін құттықтау барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш  Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: "Қазіргі әлемде бастапқыда алған біліммен шектеліп қалған адамнан  өмір бойы ізденіп оқитын адам озады. Маған университетте Президент болуды үйреткен жоқ. Оны мен үздіксіз білім алу арқылы үйрендім, уақыт талабына жауап беру үшін күндіз-түні әрқашан ізденіс үстінде жүруге тура келді. Есіңізде болсын, кім өзгерістерге дайын болса, сол жеңіске жетеді. Зерттеушілермен, инвесторлармен бір тілде сөйлесетіндер жеңіске жетеді"- деп  атап өткен еді [1].

Техникалық прогресс және әлеуметтік институттардың рөліне қатысты қоғам түсінігінің өзгеруі басқарудың әдістері мен стилін жаңартуды талап етеді. Еңбек құралдары мен жағдайлары өзгерді, бұл қазіргі басшыдан өзі басқаратын кәсіпорынның бәсекеге қабілетті болып, мекеменің жүктелген міндеттерді табысты орындауы үшін үнемі «уақыт тынысын» сезіп, көштен қалып қоймауын талап етітіндігі түсінікті де. Қазіргі басшы өзі басқаратын ұйымның құзыретінен хабардар болуы және бүкіл әлемде өз саласы бойынша дамудың негізгі үрдістерін білуі тиіс. Оған осы саланың кәсіби маманы болу міндет емес, бірақ ол бұл әлеуетті жұмыста пайдаланып,сала бойынша жаңашылдықтың барлығын жұмыс процесіне жылдам енгізуге ықпал етуі тиіс, бұл мекеменің уақыт көшіне ілесіп, бәсекеге қабілетті болу үшін жасалады. Өзінің ұйымын үздік технологиялар мен әдістемелерге бейімдей отырып, оларды қызметкерлердің қызметін ұйымдастыруда қолдана білу, сол арқылы бірлескен командалық жұмыстың тиімділігін арттыру арқылы қоғам игілігіне қызмет етуі шарт.

Қазақстан-Түркия архивтері арасындағы байланыстардың алғы шарттары. 2010 жылдан бастап 9 жыл бойы жаңадан құрылған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейін басқарып, 2019 жылдың ақпан айынан бастап Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің директоры қызметіне тағайындалуыма байланысты маған архив ісінің қыр-сырын игеруге тура келді. Бағыма орай,  жетекшілік ететін ұжым негізінен, тәжірибелі, өз ісін жетік меңгерген, архив саласында көп жылдық тәжірибесі бар қызметкерлерден тұратын болып шықты. Алайда әр жұмыстың өз қыры мен сыры болатынын белгілі.

Қорық-музейде негізінен музей ісі, тарихи-мәдени ескерткіштердің қорғау аймағын анықтау, бекіту мәселелері,  археологиялық зерттеулерлер жүргізу, мәдени-біліми және тағы басқа жұмыстармен айналыссақ, архивте кино-фото және жазба дыбыс қорын қалыптастыру, сақтау, зерттеу және тағы  басқа міндеттер тұрды. Алайда, менің басшы ретіндегі міндеттерім айтарлықтай өзгерген жоқ. Өйткені, екі мекеменің де мақсаты бір – ұлттың мәдени мұрасын сақтау үшін жағдай жасау, өзектендіру, қазіргі заманғы қазақстандық қоғам үшін барынша қолжетімді ету.  Бұл жерде әртүрлі әдістер мен заманауи технологиялардың барлық мүмкіндіктерін пайдалану, деректі мұраны сақтаудағы әлемдік үрдістерден қалыс қалмауды қамтамасыз ету. Міне, дәл осы тұста басқа елдердің архивтерінің жұмыс тәжірибесімен танысу да артық болмайтыны түсінікті.

2019 жылдың 3 шілдесінде біздің архивке Хаджеттепе университетінің оқытушысы, доцент, профессор, «Atatürk Ilkeleri be inkilapTarihi» Ататүрік институты директорының орынбасары Сейфы Йылдырым келді. Сейфы мырза Түркиядағы ежелгі кино-фото құжаттарды, фильмдер мен дыбыстық жазбаларды қалпына келтіру тәжірибесімен бөлісті, қолданыстағы технологиялар туралы айтты. Әрі қарай тәжірибе алмасу мақсатында ынтымақтастық туралы келістік. 2019 жылдың тамызында мен Түркиядағы әріптестерімнен, яғни түрік архивтерінен, кітапханалар мен институттарынан тәжірибе алмасуға шақыру алдым. Үйлестіруші әрі  аудармашы болып  Анкарадағы Хажеттепе университеті және «Ататүрік қағидалары және революциялар тарихы» институтының директоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Мехмет Дервиш Кылынчаяның  өзі жүрді, ол қазақ тілін өте жетік меңгерген екен (Фотосурет-1.).

ccee0b0d9e814218c3403a80155397da.jpg


Сапар нәтижелі болды, мені қызықтырған көптеген сұрақтарға жауап ала алдым, талдап, сараптайтын, одан әрі зерттей түсетін көптеген тың дүниелердің барына көз жеткіздім. Түркияда арнайы мамандандырылған аудиовизуалды архивтің  жоқтығы мені таң қалдырды. Фильм құжаттары Түрік радиосы мен ТРТ телекомпаниясының архивінде, аудиоқұжаттар кітапханаларда, фотоқұжаттар түрлі деңгейдегі архивтерде сақтаулы екен. Осыған байланысты іссапар барысында ТРТ Түрік радио және теледидар корпорациясының архив бөлімінде, Мәдениет және туризм министрлігінің Ұлттық кітапханасының архивінде, Ыстамбұлдағы Түркия премьер-министрінің мемлекеттік Осман архивінде болдым. Сонымен қатар іссапар барысында Түркиядағы Қазақстан тарихына,мәдениетіне, қазақ хылқының тарихына байланысты құжаттар жинау мәселесі бойынша  «YERTAD» Түркия Республикасы Тарих және мәдениет қауымдастығының директоры Низаметтин Айкуртпен, «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениеті мен өнерін дамыту жөніндегі халықаралық ұйымы бөлімдерінің басшысы Санжар Мулазимоглумен, "Көк Ту" қазақ мәдениеті қауымдастығының төрайымы Ләззат Мұқсатова-Мулазимоғлымен кездестім,

 Түрік радиосы мен ТРТ телевизиялық корпорациясының архиві. Түрік радиосы мен ТРТ телевизиялық корпорациясының архивінде  1968-2019 жылдар аралығындағы барлық теле-радиохабарлардың таспалары сақтаулы. Бүгінгі таңда архив қоры  шамамен 500 мың сақтау бірлігін құрады. Архив жұмысында  материалдар мен құжаттардың сақталу мәселесіне үлкен  көңіл бөлінген. Құжаттар мен материалдар  зерттеушілер үшін қол жетімді. 1968 жылдан бастап түсірілген барлық фильмдер қамтылған, түрлі-түсті, көп томдық деректі каталог ерекше  көзге түсті, әрі осы тәжірибені өз елімізде қолдануға болатыны туралы ой түйдім.

Қазіргі кезде каталогтың 1968 жылғы 31 қаңтардан 2008 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңді қамтитын төрт томы жарық көрген, TPT құрылымының қолдауымен жүзеге асырылған жобада, TPT арнасының архивінде 40 жылдан астам уақыт бойы аралығындағы  таңдаулы бейне құжаттар қамтылған. Болашақта түрік архивистері бұл жұмысты жалғастыруға ниетті. Түрік әріптестер төрт томдық каталогтың бір нұсқасын біздің архивке сыйға тартты. (Фотосурет-2-3)

38b5d2c3fcfecf58aee7577dd3a5abc8.JPG

29c47ca7cb3ea9ae2770cc7ca07760c3.JPG

ҚР ОМ КФҚДЖ архивінде және қазақстандық киностудияларда да каталогтар шығару тәжірибесі бар. Мысалы, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық компаниясы  Қазақстан кинолары сериясы бойынша ҚР ОМ КФҚДЖ архиві 1988, 1998 жж.  1925-1975  және  1976-1991 жылдарды қамтыған деректі фильмдер аннотациялық  каталогтарын шығарды, осы басылымдар негізінде «Қазақфильм» ұлттық компаниясы  «Кино туралы анықтамалық» (2000) және «Кто есть кто» (2003) кітаптарын басып шығарды.  ҚР ОМ КФҚДЖ архивінде (1925-1945 жж.), (1946-1965 жж.) (1966-1975 жж.) арналған  киножурналдардың аннотацияланған каталогтары жарық көрді.

Өкінішке орай,  1998 жылдан кейін архив каталогтарын басып шығару дәстүрі үзіліп қалған.  Ал архивте жарияланған каталогтардың өзі тек ішкі пайдалануға ғана арналған, көркемделмеген, ақпараты да аз, тек орыс тілінде берілген.

Түркияға іссапарға барар алдында мен архивіміздің барлық қызметкерлерімен сұхбаттасып, шешімін таппай жатқан түйткілді мәселелер бойынша пікірлерін сұрастырдым. Мұндағы мақсатым түрік әріптестеріммен кездесу барысында  мүмкіндігінше барлық мәселелерді қамту, тәжірибе алмасу. Қызметкерлердің өтініші бойынша негатив пленкаларды сақтауда,  олардың бұралып, формасын  бұзбай қалпында сақтау тәсілін анықтадым.  Түрік әріптестеріміз пленкаларды  Германияда шығарылатын пленканың ені бойымен бөліктерге  бөлінген арнайы файлдарға салу, ал файлды картоннан жасалған конвертке салу әдісімен бөлісті. Конвертте пленка бойынша толық ақпарат берілген.  Бұл әдіс пленканың өз формасын сақтауға мүмкіндік береді (Фотосурет-4)7

7da23959d5c8a8151fc27044198034db.jpg


Сапар барысында түрік әріптестер архив жұмысы туралы, фильм құжаттарын сақтау және өңдеу тәсілдері туралы әңгімелеп, қорларда сақталған фильмдер мен фотоқұжаттарын ұсынды. Түркияның архивтерінде 1991 жылға дейінгі Қазақстан тарихына қатысты материалдар жоқтың қасы екен. Бізде архивіміздегі қазақ-түрік ара қатынастары бойынша  материалдармен мақтана алмаймыз. Себебі біздің архивте  тек 8 фотоқұжат сақталған екен. Олар  1990-1995 жылдардағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Түркия Президенттері Тұрғыт Озал және С.Демирелмен кездесуінен және 1960 жылғы бір фотосурет Мәскеудегі Екінші Бүкілресейлік жазушылар конгресінде қазақ жазушылары арасында отырған түрік ақыны Назым Хикметтің суреті.

Осы олқылықтарды түзету мақсатында TPT арнасының архив департаменті басшылығымен 1991 жылдан бастап  әртүрлі кезеңдерде түсірілген Қазақстан тарихына қатысты деректі фильмдерді архивімізге алу мүмкіндігін талқыладық. Киноқұжаттарды сақтау, қалпына келтіру мәселелерін  сөз еттік. Біздің кездесуіміздің соңында ынтымақтастық, өзара көмек және архив тәжірибесінің өзекті мәселелері бойынша кеңестер, бірлескен іс-шаралар өткізу, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру туралы келісілді. ТРТ арнасының архив департаментінің атына ресми хат тапсырылды.

«YERTAD» Түркия Республикасының тарихы мен мәдениеті қауымдастығы. «YERTAD» Түркия Республикасының тарихы мен мәдениеті қауымдастығы 2007 жылы құрылған және түркі әлемінің мәдени мұрасын сақтаумен айналысады. «YERTAD» мәдени және білім беру мекемелерімен, әр түрлі елдердің қоғамдық ұйымдарымен ынтымақтастық жасайды, әртүрлі халықаралық мәдени жобаларға қатысады. Бұл мекеменің негізгі халықаралық жобаларының бірі - Түркі әлемінің Отырар электронды кітапханасын құруы  және оның жұмысын жүргізуі. Қазіргі уақытта қауымдастық кітапханасының қорларында әлемнің 70 000-нан астам сирек кітап басылымдары, қолжазбалар, түрлі елдердің мерзімді басылымдары қамтылған. Бірлестік директоры Низаметтин Айкуртпен кездесу барысында бірлескен көрме өткізу, архив материалдары негізінде альбомдар, каталогтар шығару мәселелері талқыланды.

«YERTAD» қауымдастығының архивінде негізінен осман тілінде Османлы сұлтандары мен қазақ хандарының жазысқан хаттары (1200 бірлік) сақталғанын атап өткен жөн. Бұл құнды архивтік  материалдардың сандық және қағаз көшірмелері Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік кино- фотоқұжаттар және дыбысжазбалар архивіне тапсырылды. Бұл құжаттар өз кезегінде кино-фото құжаттар және дыбысжазбалар архивінен Орталық мемлекеттік архив қорына тапсырылды (Фотосурет-5).

551ab57183894b296198086574b1ceec.jpg

 Ал, 2019 жылғы 25-26 қыркүйекте «YERTAD» қауымдастығының басшылары архивке ресми сапармен келіп, екі мекеме өзара келісім-шартқа қол қойды. «YERTAD» қауымдастығы  Туркияда өткізілген қазақ халқының тарихына, мәдениетіне  байланысты ісшараларға арналған 500 ге жуық фотоқұжаттарды архив қорына тапсырды. 1920 жылы Туркияның екі қаласында ҚР ОМ КФҚДЖ архивінің қоры негізінде Қазақстанның қалаларының тарихына арналған көрме ұйымдастыру жоспарланды.

Мәдениет және туризм министрлігінің Ұлттық кітапханасының архиві. Мәдениет және туризм министрлігінің Ұлттық кітапханасының архивінде,  грампластинкаларды  цифрландыру тәжірибесіне ерекше назар аударылған.  Архивте 5000-ға жуық грампластинка  бар, олардың көпшілігі 1950-1960 жылдары шыққан, ал ең көнесі 1928 жылғы. Қордағы барлық пластинкалар цифрлық форматқа ауысқан. Түріктің: Зеки Мурен, Сафие Айла, Садеттин Кайнак, Мунир Нуреттин Селжук, Иесари Асым Арсой, Селахаттин Пынар, Мүзеййен Сенар, Хамиет Иужесес сынды атақты әншілері мен композиторларының грампластинкалары  жеке каталог болып жарық көрді. Сонымен қатар әйгілі еуропалық композиторлар - Бах, Бетховен, Брамс, Шопен, Лист, Моцарттың шығармалары жазылған грампластинкалар бар (Фотосурет-6).


Ал ҚР ОМ КФҚДЖ архивіне келетін болсақ  аудиоқорда жазбадыбыс құжаттардың түпнұсқалары магниттік пленкадарда, грампластинкаларда, ықшам кассеталарда, DAT-кассеталарда және CD-ROM-да түпнұсқалық жазбаларда сақталған.

2001 жылдан бастап архив ең алдымен магниттік таспадағы аудио құжаттарды цифрландыруды қолға алған. Бүгінде аудио қордың 40 пайызы цифрландырылған. «Асыл мұра»  жобасы аясында 2001 жылдан бастап 2009 жылға дейін 15 дискі және тиражы 1000 дана болатын диск альбомдары жарық көрді, 2004 жылы «Мәңгілік сарын» жобасы аясында «Қазақ күйлерінің антологиясы» жарық көрді, 2009, 2010 жылдары «Мәдени мұра» жобасы аясында «1000 күй» және «1000 ән» альбомдары шығарылды.

Бүгінде архив барлық магниттік таспада және грампластинкалардағы дыбысжазбаларға  салыстырмалы сараптама жүргізуді жоспарлап отыр. Аудио жазбалардың аннотацияланған каталогын дайындап, жеке орындаушылар немесе тақырыптарға арналған дисктердің коллекциялық каталогтарын шығармақпыз.  Мысалы,  Қазақ радиосының Алтын қорынан архивке өткізілген ертегілер, белгілі қазақ жазушылары, ақындарының дауыстары және т.б.

Түркия Республикасы Премьер-министрініңжанындағы мемлекеттік архивінің бөлімі Осман архиві. Түркия Республикасы Премьер-министрініңжанындағы мемлекеттік архивіүш бөлімнен тұрады: Анкара қаласындағы республикалық архив, құжаттар басқармасы және Ыстамбұл қаласындағы  Осман архиві.  

Іссапар барысында Ыстамбұл қаласындағы Осман архивіндегі әріптестер мен үшін мекеме жұмысымен таныстыру мақсатында арнайы экскурсия ұйымдастырды. Экскурсия кезінде маған тарихи құжаттармен жұмыс жасау әдістерін, материалдық-техникалық базасын көрсетті. Фотосуреттер қоры қызметкерлерімен кездесіп,  құжаттарды цифрландыру,  сақтау және зерттеу жұмыстарымен  таныстым.  Архивтің жұмысы негізінен Осман империясы және одан бұрынғы кезеңдердегі құжаттарды  жинақтау, сақтау, каталогтау, коллекияларды топтастыру, көрмелер ұйымдастыру,  ғылыми жобаларды дайындау және оларды басып шығаруға бағытталған. Суреттер топтамасын негізінен тарихи құжаттар арасынан табылған фотосуреттер құрайды. Фотосуреттердің арасынан Осман империясына тиісті алғашқы түрлі-түсті суреттерді де көруге болады (Фотосурет-7).

1fe380310953328f4619b2467c73dbaf.jpg


Зерттеушілерге арналған оқу залы соңғы технологиялық талаптарға сай жабдықталған.  Зерттеушілер  жүйеленген ақпарат негізінде компьютер арқылы қорды зерттеп, қажет құжаттарының көшермесіне тапсырыс бере алады. Әр қордың арақашықтығының үлкен болуына байланысты қызметкерлердің құжаттарды  көлікпен тасуы ерекше көзге түсті. 

Архив ғимаратында орналасқан жеке музей мені  өте қызықтырды, онда архив коллекциясындағы ең құнды құжаттар қойылған , музейдің есігі келушілерге  әрқашан ашық. Архивтерде  музей ашу соңғы жылдарда барлық елдің озық тәжірибелерінің біріне айналып келеді. Бұл зерттеушілерді, жалпы келушілерді архив жұмысымен таныстыру, тартудың жолдарының бірі.  Осман архивінде 250-ден астам қызметкер жұмыс істейді.

«ТҮРКСОЙ».Анкарада мен «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениеті мен өнерін дамыту жөніндегі халықаралық ұйымы бөлімдерінің басшысы Санжар Мулазимоглумен кездестім. Аталған ұйым 1993 жылы құрылып, түрік халықтарының бауырластығын күшейту, ортақ түрік мәдениетін келесі ұрпаққа жеткізу және әлемге таныту үшін қызмет етіп келеді.

Менің іс-сапарым Анкарадағы «Алтын адамның әлем музейлері бойынша шеруі» жобасы аясында «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесінің ашылуына дайындықпен тұспа тұс келді. Көрменің ашылу салтанаты бойынша фотосуреттер  «YERTAD» қауымдастығының архивінен ҚР ОМ КФҚДЖ архивіне тапсырылды. Шараның басты объектісі – сақ мәдениетінің символикасы мен Алтын адамның реконструкциясы. Сондықтан Санжар Мулазимоглун Алтын адамды табу және зерттеу тарихымен байланысты материалдар қызықтырды. 1970 жылы Алтын адам табылған жерде қорық-музей құрудың бастауында өзім тұрғандықтан бұл мәселелер бойынша кеңінен ақпарат бере алдым. Санжар Мулазимоглумен кездесу барысында  "Жетісу сақтарының идеологиясы мен мифологиясы" ғылыми-зерттеу жобасының қорытындысы бойынша 2015 жылы менің редакцияммен шығарылған "Алтын адамның құпиясы" кітабын сыйға тарттым. Кездесу соңында біз түркі әлемінің тарихи құндылықтарын насихаттайтын көрмелерді ұйымдастыру туралы келістік.

"Көк Ту" қазақ мәдениеті қауымдастығы. Түркиямен ынтымақтастықтың тағы бір күтпеген және бейресми бағыты менің "Көк Ту" қазақ мәдениеті қауымдастығының төрайымы Ләззат Мұқсатова-Мулазимоғлымен кездесуім болды. Түркиядағы қазақтардың өмірі, мәдениеті мен тарихына қатысты құжаттар мен материалдарды жинау туралы әңгіме өрбіді.

Ләззат Мұқсатова-Мулазимоғлы Талдықорған қаласының тумасы. Музыкалық училищені бітірген. К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында, Құрманғазы халық аспаптар факультетінде қобыз мамандығы бойынша оқыды. 1992 жылы «дирижерлау» мамандығы бойынша оқуды жалғастыру үшін Түркияға көшіп келді. 1993 жылы Хаджеттепе Университетінің консерваториясына оқуға түсіп, көп ұзамай «Жібек жолы» көркемөнерпаздар ансамблінің құрамында өнер көрсетуге шақыру алды. Биылғы жылдың мамыр айында «Көк ту» қауымдастығының құрылғанына бір жыл болды. Осы уақыт ішінде қазақ мәдениетін дамытуға байланысты көптеген шаралар өтті – Наурыз мерекесі, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеу, концерттер, кездесулер, көрмелер мен жәрмеңкелер ұйымдастырылды (Фотосурет-8).

f18ab76844d0163b13e3e1c6e46a21ce.JPG

 Болашақта  қазақ тілін ғана емес, Қазақстан тарихын, оның мәдениетін таныту, қазақ ас үй үйірмесін, домбыра мен дәстүрлі қолөнерді үйрету курстарын ашу жоспарлануда.

Кездесу қорытындысы бойынша ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің қоры "Көк Ту" қазақ мәдениеті қауымдастығының құрылу тарихы, қызметі, Түркиядағы қазақ диаспорасының өмірі туралы фотосуреттермен толықтырылды.

Қорытынды:Тәжірибе алмасу бойынша Түркия Республикасының архивтеріне іссапар нәтижесінде  ҚР ОМ КФҚДЖ А-нің қоры Қазақстан мен Түркия арасындағы тарихи-мәдени  байланыстар бойынша аудиовизуалды құжаттарымен толықтырылды. Болашақта Түркиядағы қазақ халқы өкілдерінің өміріне байланысты аудиовизуальды құжаттарды топтастыру көздері анықталды. Екі елдің өзара қарым-қатынасының қазіргі тарихы мен Түркиядағы қазақстандық диаспора өмірінің архивін қалыптастыра отырып, ынтымақтастықты тереңдету қажеттігі нақты анықталды. ҚР ОМ КФҚДЖ А-нің техникалық жабдықталуы көп жағдайда түрік архивтерінен кем емес, тіпті кейбір кезде артықта, дегенмен деректі фильмдер каталогтарын және грампластинкалар каталогтарын құруда Түркия Республикасының архивтерінің тәжірибесін біздің архивімізге де енгізу қажет. Бұл бағытта жұмыстар қолға алынып, екі елдің архив және басқа мәдени мекемелерінің арасында ынтымақтастық келіссөздер жүргізілуде.

Әдебиеттер

https://ru.citaty.net/avtory/nursultan-abishevich-nazarbaev/?page=3

References

https://ru.citaty.net/avtory/nursultan-abishevich-nazarbaev/?page=3

Г.Р. МУХТАРОВА1

1Центральный государственный архив кино-фото документов и звукозаписи

г. Алматы, Казахстан

КАЗАХСТАН-ТУРЦИЯ: ОБМЕН ОПЫТОМ И СОТРУДНИЧЕСТВО  В ОБЛАСТИ АРХИВНОГО ДЕЛА

       Резюме 

В статье рассматриваются вопросы взаимосвязи Казахстана и Турции в архивном деле. Приводится практика сохранения и изучения аудиовизуальных документов в Турции. Рассматриваются вопросы пополнения фонда Центрального государственного архива  кинофотодокументов и звукозаписи материалами относящимися к истории и культуре казахской диаспоры, проживающей в Турции; планы проведения совместных  мероприятий между архивами двух стран.

Ключевые слова: архив, взаимосвязи, опыт, фонд.

G.R. MUKHTAROVA1.

1Central State Film and Photo Documentary Archive

Almaty, Kazakhstan

Kazakhstan-Turkey: Experience Exchange and Cooperation

in the Archives Field

Summary

In the article, issues of interaction between Kazakhstan and Turkey in the archive industry are discussed. The practice of preservation and study of audiovisual documents in Turkey is shown, and the possibility of enriching  the fund of the Central State Film and Photo Archives (hereinafter - the archive of the Ministry of Education and Science of the Republic of Kazakhstan) with the documents related to the history and culture of the Kazakh people in Turkey  is reviewed. An arrangement of events between the archives of the two countries in the foreseeable future is described.

Keywords::archive, interdisciplinary, optimism, fund.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз