Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ШІЛІКТІ-ТАРБАҒАТАЙ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ 2019 ЖЫЛЫ ЕЛЕКЕ САЗЫ ҚОРЫМЫНДА ЖҮРГІЗГЕН ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ

Ә.Т. ТӨЛЕУБАЕВ, т.ғ.д., профессор, Р.С. ЖҰМАТАЕВ, аға оқытушы, С.Т. ШАКЕНОВ, PhD докторант, А.Е. ЕРҒАБЫЛОВ, оқытушы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археология, этнология және музеология кафедрасы

ШІЛІКТІ-ТАРБАҒАТАЙ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ 2019 ЖЫЛЫ ЕЛЕКЕ САЗЫ ҚОРЫМЫНДА ЖҮРГІЗГЕН ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(20), 2019

Тегтер: ат әбзелдері, Елеке сазы, , қорған, ерте темір дәуірі
Автор:
Ғылыми жұмыста авторлар 2019 жылы Шығыс Қазақстан облысының басшысы Д.К. Ахметовтың бастамасымен Тарбағатай ауданы Елеке сазы-2 қорымында Шілікті-Тарбағатай археологиялық экспедициясының жүргізген зерттеу жұмыстарының есептік мақаласын ұсынып отыр. Мақалада аталған экспедиция мүшелерімен есептік маусымда атқарылған жұмыстар көрсетіліп, жекелеген ескерткіштердің сипаттамасы жасалған. Қазба жұмыстары барысында анықталған құрылыстар мен табылған бұйымдар суреттеліп, салыстырмалы анализ қорытындылары көрсетілген. Аталған аймақта археологиялық ескерткіштердің хронологиялық шеңбері өте ауқымды болғандықтан, ғылыми топтың зерттеу жұмыстарында сақ-скиф, ерте түрік және де XYII-XX ғасырдағы қазақтарға да тән артефактілер мен темір бұйымдар кездесіп жатты. Түйін сөздер: Елеке сазы, қорған, ерте темір дәуірі, ат әбзелдері
Мазмұны:

Кіріспе. 2019 жылы Шығыс Қазақстан облысының басшысы Д.К. Ахметовтың бастамасымен облыс көлеміндегі археологиялық зерттеу жұмыстары жалғасын тапқан болатын. Бұл жылдың далалық маусымында профессор Ә.Т. Төлеубаевтың жетекшілігімен Шілікті-Тарбағатай археологиялық экспедициясы Елеке сазы-2 қорымында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Біздің ғылыми топпен ерте темір дәуірінің бірнеше ескерткіштеріне қазба салынды. Биылғы маусымда Елеке сазы-2 қорымының топографиялық түсірілімі жасалды. Елеке сазы-2 қорымы, Тарбағатай тауының етегінде жеке-жеке үш өзен болып келіп, жазықтың солтүстік-шығысында бір арнаға бірігетін, Қарғыба өзені алқабының бірінші жайылма үсті терассасында орналасқан. Біздің топографиялық топтамамыз бойынша Елеке сазы-2 қорымын екі жекелеген топқа бөліп қарастыруға болады. Екеуі де оңтүстіктен солтүстікке қарай ұзыннан бір-біріне параллель тізбектей орналасқан. Елеке сазы-2  қорымының I тобын шығыс бөлікте орналасқан 108 жеке қорған құрайды. II топ солтүстіктен оңтүстікке 2.5 шақырымға созылып жатқан үлкен, орташа және кіші өлшемді болып келетін 62 қорған мен ғұрыптық ескерткіштерден тұрады. Соның ішінде біздің экспедициямен осы маусымда екі топтан жалпы саны 10 ескерткіш зерттелді. [1]

Әдістері. Алдын ала геофизикалық зерттеулер жүргізу үшін салыстырмалы түрде, ІІ топтың оңтүстік бөлігінде орналасқан 4 үлкен қорған (диаметрі 35м-ден 55м-ге дейін, биіктігі 2-3м) таңдап алынды. Геофизикалық зерттеулер Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің мамандарымен іске асырылды.

51-қорған Қазба жұмысы басталмай тұрып қорған дөңгелек пішінді құрылысқа ұқсас болды. Қорғанның беті тегіс әрі кең. Оның өлшемі шығыстан батысқа 18.5м солтүстіктен оңтүстікке 16.5м. Бетінде тонау ізі байқалмады. Қорғанның биіктігі 3,25м,  диаметрі  ШБ-54,8; ОС-53,7м. (3-сурет) Қорғанның айналасы көзге елеусіз саз қоршаумен қоршалған. Орталық негізгі қоршаудан батыс бағытқа қарай 3,5м қашықтықта ұзындығы шамамен 8м болатын тағы бір қоршау негізгі қоршауға параллель орналасқан. Қорғанның оңтүстік-батыс бөлігіндегі қоршаудың құрылысы көзге нашар көрінеді.

Қорғанның бетін шым басқан. Шым қабатын тазалау барысында өзеннің малта тастарынан тұратын тас оба ашылды. Тас обаның беткі қабатының бір бөлігі қорғанның етегіндегі үлкен бекітпе тастармен ұштасып жатыр. Ал қорғанның бетінде  ешқандай тас құрылыс байқалмады. Қазба жұмыстары шығыстан батысқа, солтүстіктен оңүстік бағытқа қарай жал қалдырудан басталды. Нәтижесінде қорған 4 секторға бөлінді. Қорғанның шекарасын және обаның батыс бөлігіндегі жалдың құрылысы мен биіктігін анықтау үшін ұзындығы 10 м, ені 2 м болатын қазба салынған болатын.

Қорғанның беткі қабаты толықтай шымнан тазаланғаннан кейін, оның шығысынан батыс бағытқа қарай ені 10м болатын траншея түсірілді. Қазба негізінен толықтай қолмен жүрді. Алынған бос топырақ арнайы техниканың көмегімен қорғанның сыртына төгілді. Траншеяны батыс бағытқа қарай тереңдету барысында қорғанның ортасына жақын маңнан етектен 12,7м қашықтықта шығысқа қарай тастардың жиынтығы байқалды. Бұл тастар кейіннен белгілі болғандай дромостың шығыс етегіндегі тастар екені анықталды.

Қорғанды зерттеу барысында қорғанның инструменталды жоспары, негізгі жоспары және қабір шұңқыры, тағы да қабырғаның сызбалары мен құрылысы түсірілімге алынды.

Бұдан әрі қазба жұмысы қорғанның батыс етегінен шығысқа қарай дәл осындай, ені 10м болатын, траншея салу әдісі арқылы  жалғасты. Қорғанның орталық бөлігіне жақындаған тұста қазба екі жақ еніне, яғни оңтүстік және солтүстік қабырғаға қарай 3м ге созылды. Қазу барысында қабаттан-қабатқа қарай қорғанның  бос топырақтары болжамды түрде қабір шұңқыры бар деген тұстан алынып отырды. Нәтижесінде қабір шұңқыры мен дромос толықтай тазаланды. Тастан және топырақтан тұратын жерлеу камерасы сопақша пішінді болып қаланған екен. Диаметрі ШБ-7,5м, СБ-8,5м  материктен биіктігі 2,4м. Жерлеу камерасының шығыс бөлігінен дромос бастау алады.

Жерлеу камерасын ашу біртіндеп қабаттан қабатқа жүргізілді. Алғашқы қабаттардан үлкенді-кішілі ірі-қара, ұсақ малдың және жылқы сүйектері табылды. Қорғанның ең биік нүктесінен 2,5м тереңдікте орталық және шығыс аймақтан адам сүйегі (омыртқа, бұғана, құйымшақ) табылды. Әрі қарай тереңдету барысында тонаушылардан қалған шашылған адам сүйектері жиі кездесіп отырды. Жерлеу камерасының оңтүстік аймағында еденде анатомиялық қалыптағы адам сүйегінің жамбас сүйегінің бөлшектері табылды. Сүйектің орналасуына қарай мәйіттің басын батысқа қаратып, ұзынынан шалқасымен жатқызып жерлегенін байқауға болады. Дромостың аумағын қазу барысында сазға қаланған дромостың тас қабырғалары ашылды. Дромостың едені қабірдің еденінен 45-50 сантиметрге терең. Расында бұл тереңдік кейіннен тастармен бастырылып қалған.

Жерлеу камерасынан мынандай заттар табылды: жебе ұштары 2 дана, құс мүсіндес алтын әшекей, саңырауқұлақ және түтікше тәріздес ұсақ алтын бисерлер табылды.

Қабір шұңқырын қазу барысында қабірдің үстіндегі тас қорғанның тастарының орнынан қозғалғанына куә болдық. Әсіресе солтүстік-батыс аймақта тастардың қозғалғандығы  айқын байқалады.

Бұл қорған туралы біздің шығарған тұжырымдамамыз мынадай:

1.  Елеке сазы-2 қорымындағы (II-топ) нөмір 51 қорған осы тарихи аймақтағы ең үлкен қорғандардың бірі және ерте сақ дәуіріндегі патшаға тиесілі болуы мүмкін.

2.  Қорғанның архитектурасы, ішкі құрылысы (тастан қаланған жерлеу камерасы, дромос, ағаш бөрене), табылған артефактілер (алтын әшекей, қанатын жайған құс типіндегі бұйым, жебе ұштары) шілікті жазығындағы қорғандармен ұқсас келеді және б.з.д YIII-YII ғ.ғ тиесілі деп мерзімдеме жасаймыз.

Биылғы жылы бір орта көлемдегі және сегіз кіші көлемдегі қорған (оның ішінде біреуі апатты жағдайда) зерттелді. Олардың барлығы Елеке сазы-2 қорымының I-тобында тізбектеле орналасқан. Біздің топографиялық жоспар бойынша бұл қорғандар 70, 71, 72, 73, 74, 79, 89, 90, 94 болып белгіленді. Бұлардың кейбіреуі өте құнды әрі қызықты деректер берді.

70-қорған 51-қорғаннан шығыс бағытқа қарай 100м қашықтықта орналасқан. Диаметрі ШБ-7,4м, СО-6,7м биіктігі 0,4м. Қорғанның бетінен тонау ізінің белгілері байқалмайды. Беті тегіс әрі жұмырланып келген. Қазба солтүстіктен  оңтүстікке қарай ені 0,5 м жал қалдырудан басталды. Бетіндегі шым қабаты тазаланғанан кейін астынан тас оба көрінді. Қорғанның периметрінде бекітпе тас тәріздес тас шеңбер айнала орналасқан. Өлшемі ШБ-6,20м, СО-5,90м. Қорғанның ортасында тас құрылыс орналасқан, және шығыстан батысқа қарай тастардың орнынан жылжығандығы байқалады. Ұзындығы 2,10м ені 1м. Қабірдің шығысынан батысқа қарай бес тақта тас қатар-қатар қаланып жатыр.

Қабір үстіндегі құрылысты ашып болғаннан кейін, қабір шұңқырын тереңдетіп қазу басталды. Ұзындығы 3м ені 1,56м болатын қазба салынды. Қабір шұңқырын 80 см-ге дейін таспен толтырылған. Қабір шұңқырынан басы солтүстік батысқа бағытталып жерленген адам сүйегі шықты. Ал  солтүстік қабырғасынан адамның бас сүйегіне қарама қарсы тұстан  керамикалық ыдыс табылды. Бас сүйек пен ыдыстың арасында малдың құймышақ және омыртқа сүйегі орналасқан. Құймышақтың жанында өте нашар сақталған пышақ қойылған екен. Жерленген адамның мойнында әртүрлі тастардан жасалған моншақ табылды.

Талдамалар. 71-қорған 70-қорғаннан оңтүстікке қарай 11 метр қашықтықта орналасақан. Бетін шым қабаты басқан. Ортасынан бірнеше тастар байқалып, кішігірім шұңқыр көрініп тұр. Диаметрі ШБ-6,8 м, СО-6,1 м, биіктігі 0,2 м.

Қорғанның орталық нүктесінен 0,3 м болатын солтүстіктен оңтүстік бағытта жал қалдыру арқылы екі секторда қазба салынды.

Шым қабатынан толықтай тазалағаннан кейін қорғанның тас конструкциясы көрінді. Өлшемі СО-5 м, ШБ- 5,7 м. Тас құрылыс сызбасы алынғаннан кейін тастарды алу жұмыстары басталды. Нәтижесінде әртүрлі көлемдегі тастардан қаланған тас шеңбер шықты. Шеңбердің диаметрі ШБ-3 м, СО-2,54 м. Қабір шұңқырының дағы анықталғаннан кейін, қазба 65 см-ге  төмен түсіріліп, тақта тастардан тұратын тас жәшік анықталды. Тас жәшік ұзыныннан шығыстан батысқа қарай бағытталып қойылған. Ұзындығы 98 см, ені 55 см. Тас жәшіктің төрт қабырғасы таудың үлкен, жалпақ тақта тастарынан қаланған. Жәшіктің ішін қазу барысында шашылған адам сүйектері мен керамика сынықтары табылды.

72-қорған 71-қорғанға жанаса орналасып, нәтижесінде екі қорғанның формасы сегіз санына ұқсас келеді. Қорғанның беткі қабаты шымнан тұрғанымен, орта тұсында әр жерден бірнеше тастар байқалады.

Дәл 71 қорғандағы сияқты бұл обаға да қазбаны екі секторға бөлумен басталды. Ортасында ені 0,3 м болатын жал қалдырылған болатын.

Шым қабаты ашылғаннан кейін, өлшемдері СО-4,55 м, ШБ-4,5 м болатын қорғанның тас құрылысы көрінді. Тас құрылысты тазалау барысында диаметрі ШБ-3,3 м, СО-2,7 м құрайтын шеңбер анықталып, ортаңғы бөлігінде ұзындығы ШБ-2,16 м, ені 1,45 м болатын қабір шұңқырының дағы көзге түсті. Қабір шұңқырындағы қазба 40 см тереңдікте тастардың жиынтығы анықталған болса, төмен тағы 1 күрек тереңдікте тас жәшік қақпасы ашылды. Тас жәшік шығыстан батысқа бағытталып, ұзындығы 1,13 м, ені 57 см құрайды. Жәшіктің төрт қабырғасы таудың тақта тастарынан қаланған. Жәшіктің ішінде тізесі бүгулі сол жамбасына қойылған адам сүйегі шықты. Мәйіттің аяқ жағында, яғни жәшіктің солтүстік-шығыс бұрышында екі керамикалық ыдыс табылды. Ыдыстардың бірі сол қалпы бүтін болса, екіншісі белгісіз себептермен қырына құлап, бірнеше бөлшекке бөлініп қалған екен. Бірінші керамиканың бүйірінде мұрны және мойнында мытып салынған өрнектері бар.

73-қорған 72-қорғанның солтүстігінде 15 м қашықтықта орналасқан, диаметрі ШБ-5,2м, СО-4,8 м, биіктігі 0,2 м, тас аралас шымнан тұратын,  тонау белгілерінсіз оба.

Қазба жұмыстары екі секторды қазі арқылы бастау алып, шым қабатының астындағы өлшемі СО-3 м, ШБ-3,3 м құрайтын құрылысты анықтаумен жалғасын тапқан болатын. Аталған құрылыстың артық тастарын алып тастағаннан кейін, шеңбері айқындала түсті. Шеңбер диаметрі ШБ-3,1 м, СО-2,7 м. Ортаңғы тұсында тастардың жиынтығы байқалады. Демек бұл қабір шұңқырының үстіне тасталған тастар. Қабір шұңқырын тереңдету барысында, бұл жерге екі бірдей адамның жерленгені анықталды. Қабірде үлкен адам және нәресте жерленген. Бастары батысқа қарап жатыр. Әйел адам сол жақ қырымен, тізесі бүгілген күйінде басы тас жастыққа жастанып жерленген. Тас жастықтың ұзындығы 51 см, ені 20 см. Сол қолы бас сүйектің астында жастық іспеттес болса, оң қолы үстінде құшақтап жатқан кейіпте. Ал  баланың  сүйегінен бас сүйек пен қабырға сүйегі ғана сақталып қалған.

79-қорған 51-қорғаннан оңтүстік шығысқа қарай 500 м жерде орналасқан. Диаметрі ШБ-13,8 м, СО-12,62 м, биіктігі 0,85 м. Қорғанның үсті тегіс, тонаудың белгілері байқалмайды. Бірақ бұл қорғаннан ешқандай материал табылмады.

Екі сектордың топырағын шығарып тазалағаннан кейін үлкен тастардан қаланған тас шеңбер көрінді. Шеңбердің солтүстік шығыс жағындағы тастары бұзылған. Қорғанның қабір шұңқырын анықтау үшін ортадағы жалды алдық. Жал алынғаннан кейін қорғанның ортасынан тастардың жиынтығы көрінді. Тастар шығыстан батысқа қарай ұзынынан жатыр. Ұзындығы 5,25 м, ал ені 3,80 м. Тас құралыс алынғаннан кейін астынан шағыл тастар шықты. Бұл тонаушылардан қалған із болса керек. Шағылдың астында басы батысқа қараған жерлеу орны бар. Сүйектің төменгі жағы сақталмаған. Ал табылған сүйектерде диаметрі 0,5 смойықтар бар. Жамбас сүйектің маңында ұзындығы 3,2 см ені 1,1 см болатын қысқыш  жатыр.

Нәтижелер. Біздің болжамдарымыз бойынша биылғы жылы біз зерттеген қорғандардың хронологиясы YII-YI ғасырлар аралығын қамтиды, яғни құлажорға – үйсін кезеңдеріне тән болуы тиіс.

Бұл жылы қорғандардың айналасынан табылған құнды әрі қызықты материалдарда жетерлік. Олар сақ-скиф, ерте түрік және де XYII-XX ғасырдағы қазақтарға тән артефактілер мен темір бұйымдар. Бұлардың бәрі қорғандардың маңайынан табылған заттар. Табылған артефактілердің ішінде өзіне қатты назар аудартатқан бұйым қоладан жасалған бұғы бейнесі. Оның көлемі мен артындағы ілмектеріне қарағанда жылқының жүгенін әшекейлеген бұйым болуы мүмкін. Дәл осындай әшекей бұйым деген болжамда бағыланның бейнесі бейнеленген сақина пішінді айылбасы  да бар. Ерте сақ кезеңіне бұдан бөлек мына бұйымдарды да жатқызуға болады: ауыздықтар мен сулықтар, қола пышақ, жебе ұштары.

Сонымен қатар Үлкен қорғаннан солтүстік-шығысқа қарай 150 м қашықтықта, арнайы зерттеу барысында табылған грифон бейнесімен өрнектелген қола айылбасы мен сол сюжеттерді қайталайтын төрт сүйір төбе ерекше қызығушылық тудырады. Бұл артефактілердің күндізгі деңгейден 45-50 см тереңдікте табылуымен қатар топтасып қойылғаны ғұрыптық-бағыштау мақсатын айқындап, негізгі маңызын көрсетеді. Алдын-ала болжамалар бойынша аталған заттар салыстырмалы әдіс бойынша ерте сақ-скиф мәдениетіне тиесілі ат әбзелдерінің әшекей бұйымдары болса керек.

Қорытынды. Елеке сазы-2 қорымындағы біз жоғарыда атап көрсеткен екі топты құрайтын қорғандар тізбектері Алтайдағы Аржан, Шілікті сақ қорғандары мен Талды ІІ қорымдарына өте ұқсас нәтижелерге алып келді. Атап айтқанда Үлкен қорғаннан табылған құс бейнесіндегі алтын бұйым және ұсақ саңырауқұлақтар мен түтікше тәріздес алтыннан жасалған бұйымдар 1963 жылы С.С. Черниковтың зерттеу жұмыстарындағы Шілікті патша қорғанынан табылған бұйымдармен өте ұқсас болып келеді[2]. Сонымен қатар №79 қорғаннан табылған қысқыш типтес бұйымды, біз Аржан қорғанынан табылған артефактілер қатарынан кездестіре аламыз[3]. Қорытындылай келгенде биылғы маусымда зерттелген ескерткіштер және табылған бұйымдар негізінде Елеке сазы қорымының хронологиялық шеңбері өте кең ауқымды қамтитынын айта кеткеніміз жөн. Соның негізінде аталған аймақ толыққанды және кешенді зерттеу жұмыстарын қажет етеді.

Әдебиеттер:

1.  Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі. – Өскемен, 2019. – 33 б..

2.  Грязнов М.П. Аржан. Царский курган раннескифского времени. –Л.: 1980. – С 12.

3.  С.С. Черников Загадка Золотого кургана. Где и когда зародилось «скифское искусство». – М.: 1965. – С 121.

References:

1.  Altay – turki aleminin altyn besigi. – Oskemen, 2019. – 33 b..

2.  GryaznovArzhan M.P. Tsarskiy kurgan ranneskifskogo vremeni. – L.: 1980. – S 12.

3.  S.S. Chernikov Zagadka Zolotogo kurgana. Gde i kogda zarodilos' «skifskoye iskusstvo». – M.: 1965. – S 121.

А.Т. ТӨЛЕУБАЕВ

профессор КазНУ имени аль-Фараби

Р.С. ЖҰМАТАЕВ

старший преподаватель КазНУ имени аль-Фараби

С.Т. ШАКЕНОВ

PhD докторант КазНУ имени аль-Фараби

А.Е. ЕРҒАБЫЛОВ

преподаватель КазНУ имени аль-Фараби

РЕЗЮМЕ

В научной работе авторы представили отчетную статью о проведенных исследованиях в 2019 году на могильнике Елеке сазы-2 Тарбагатайского района Шиликтинско-Тарбагатайской археологической экспедицией по инициативе главы Восточно-Казахстанской области Д. К. Ахметова. Членами экспедиции, упомянутой в статье, были представлены работы, выполненные в отчетном сезоне, составлены характеристики отдельных памятников. В ходе раскопок описаны выявленные сооружения и найденные изделия, представлены результаты сравнительного анализа. Так как хронологический круг археологических памятников в данном регионе очень обширен, в исследовательской работе научной группой были встречены артефакты и железные изделия, характерные для Сако-скифского времени, ранних тюрков и казахов XYII-XX веков.

Ключевые слова: могильник Елеке сазы, курган, раннежелезный век, конская упряжь.

A.T. TOLEUBAEV

Professor of al-Farabi Kazakh national University

R.S. ZHUMATAYEV

senior lecturer of al-Farabi Kazakh national University

T. SHAKENOV

PhD student of al-Farabi Kazakh national University

A.E. ERGABILOV

teacher of al-Farabi Kazakh national University

In the scientific work, the authors presented a report article on the research carried out in 2019 at the burial site Eleke Sazy-2 of Tarbagatai district by the Shilikta-Tarbagatai archaeological expedition on the initiative of the head of the East Kazakhstan region D. K. Akhmetov. Members of the expedition mentioned in the article presented the works performed in the reporting season, compiled the characteristics of individual monuments. During the excavations, the identified structures and found products are described, the results of comparative analysis are presented. Since the chronological range of archaeological sites in this region is very extensive, in the research work of the scientific group were met with artifacts and iron products characteristic of the Sako-Scythian time, the early Turks and Kazakhs of the XVIII-XX centuries.

Key words: Eleke Sazy, mound, early iron age, horse harness.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 3191

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ АУЫЗША ТАРИХЫ – ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ АЙНАСЫ 8.82 ҚАЗАҚ-ҮНДІ ӘДЕБИ БАЙЛАНЫСТАРЫНЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ 903/904 (574) ДАУЫЛБАЙ ҚОРЫМЫНДАҒЫ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ИСТОРИЯ УПРАВЛЕНИЯ ОХРАНОЙ ПРИРОДНОЙ СРЕДЫ НА СОВЕТСКИХ ТОПЛИВНО-ЭНЕРГЕТИЧЕСКИХ ПРЕДПРИЯТИЯХ ПРИИРТЫШЬЯ (1970-1990) ШІЛІКТІ-ТАРБАҒАТАЙ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ 2019 ЖЫЛЫ ЕЛЕКЕ САЗЫ ҚОРЫМЫНДА ЖҮРГІЗГЕН ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҒТАХР 03.20.00 ЖАЗАЛАНҒАН ХАЛЫҚТАР: ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ХАЛЫҚТАРДЫ ДЕПОРТАЦИЯЛАУ ТАРИХЫНАН МРНТИ 03.41.91 ПЕРВОНАЧАЛЬНЫЕ ИТОГИ АРХЕОЛОГИЧЕСКИХ РАБОТ НА СВЯТИЛИЩЕ УНИРЕК МРНТИ 03.29.00 РОЛЬ КАЗАХСКИХ ДВОРЯН В ОБЩЕСТВЕННОЙ И КУЛЬТУРНОЙ ЖИЗНИ КАЗАХСКОГО НАРОДА В XIX В. ҒТАМР 05.601.91 1945-1955 жж. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ САНДЫҚ КӨРСЕТКІШІ БОЙЫНША ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ПРОЦЕСТЕР

Автордың мақалалары

ШІЛІКТІ-ТАРБАҒАТАЙ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ 2019 ЖЫЛЫ ЕЛЕКЕ САЗЫ ҚОРЫМЫНДА ЖҮРГІЗГЕН ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ