Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 94(4/9) АЛҒАШҚЫ УНИВЕРСИТЕТТЕРДІҢ ПАЙДА БОЛУЫ МЕН ӨЗІНДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Р.С. МЫРЗАБЕКОВА, Әл-Фараби атынд. ҚазҰУ, Дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасы, т.ғ.к., доцент.

ӘОЖ 94(4/9) АЛҒАШҚЫ УНИВЕРСИТЕТТЕРДІҢ ПАЙДА БОЛУЫ МЕН ӨЗІНДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 3(19), 2019

Тегтер: Валенсия, Кембридж, Неаполь, Тулуза, Оксфорд, Париж, Севилья, Еуропа, университет
Автор:
Батыс Еуропадағы жоғары білім саясатының қалыптасу және даму үрдістерін, сонымен қатар, Қазақстанның білім беру саясатының ерекшеліктерін қарастыру және қазіргі уақытта Батыс Еуропа мен Қазақстандағы жоғары білім беру саясатының жүзеге асырылуын салыстырмалы түрде зерттеу өзекті мәселе болып табылады. Бұл қатынаста Ұлыбритания, Германия және Франция сияқты батысеуропалық елдердің тәжірибесі ерекше қызық болып табылады және екі себеппен түсіндіріледі. Біріншіден, бұл елдер қазіргі уақытқа дейін қалыптастырылған негізгі жоғары білім беру модельдерін, атап айтқанда, англосаксондық (Ұлыбритания) және континентальді (Германия мен Франция) құрайды. Екіншіден, дәл осы мемлекеттер (Италияның қолдауымен) біртұтас еуропалық білім кеңістігін құруға ниет білдірген. Ең басында экономикалық интеграцияға үміт артқан олар, бастапқы саналы түрде түсіну кезеңінен жоғары білім жүйесінің мақсатты, мазмұнды, ұйымдық әрі әлеуметтік нұсқауларын жаңарту деңгейіне жетіп, аталмыш мемлекеттер жоғары білім саясатын қалыптастыруда бірегей тәжірибе жинақтағаны анық. Сол себепті мақалада осы мемлекеттер салыстыру объектісі ретінде алынып, олардағы толыққанды тарихи және уақыт контекстіндегі өзгерістер мен ерекшеліктері Қазақстанға үлгі ретінде негізге алынады. Осыған орай, жоғары білімді бастапқы пайда болу кезеңінен, яғни университеттің қалыптасуынан қарастыру қажет. Университет таза еуропалық құбылыс, еуропалық өрекениеттің азығы мен жетістігі ретінде жалпы еуропалық мәдениеттің жемісі әрі оның «уақытсыз және транснационалды мәнімен» мәдени символы болып табылады [1].
Мазмұны:

Кіріспе

Жоғары білім қоғам өмірінің ең маңызды және стратегиялық бөлігі. Университет үнемі қоғамға әсер етеді, сонымен бірге қоғам да білімге маңызды ықпалын тигізеді. Қазіргі социумда жүзеге асып отырған сапалық өзгерістер мәдениетке, саясатқа байланысты білім рөлінің нақтылануын талап етеді. ХХІ ғасырдың басындағы адамзат қоғамының сипаты және даму бағыттары ғаламдық масштабтағы құбылыстармен айқындалып отыр. Бұл шарттарды орындау үшін Қазақстан ең алдымен Батыс Еуропа тәжірибесіне сүйенуі маңызды. Себебі, бір жағынан дәл осы мемлекеттерде жоғары білім саясаты алғаш қалыптасты және екіншіден, Батыс Еуропа елдері қазіргі заман талабына сай әлемдік жоғары білім жүйесін құруға ниет білдіргендердің алғашқысы болды. Қазіргі заманда, адамзат мәдениетінің кеңістігінде университет рөлінің мәнін түсіну үшін университеттік идеяның қалыптасу және даму тарихына көз жүгірту қажет. Себебі, университет идеясына оның миссиясы салынған. Кеннет Р. Минот айтып өткендей, «...университеттерді бір ғана өлшемнің көзқарасымен сипаттауға тырысу терең қателікке апарады. Біз бір жағынан әртүрлі университеттер арасында, екінші жағынан, қоғам мен мәдениет арасындағы қарым-қатынастардың тәсілдерін  және олардың институционалдық құрылымын, университеттердің негізі қалануының тарихи жағдайларын да есепке алуымыз керек» [2].

Талқылау

Университеттік білімнің қалыптасуы, оның себептері мен даму барысы Қайта өркендеу заманынан бері аса маңызды қызығушылық тудыратын тақырыптардың бірі. Университеттік білім беру теориясы алғаш университеттердің қалыптасу уақытында қалыптаса бастады. Либералды және утилитарлы білім берудің жақтастары оның әлеуметтік маңыздылығын әртүрлі қарастырды. Тек ХІХ ғасырға қарай теорияларда рухани және тәжірибелік университет миссиялары біріктірілді. «Идеалды университетті» зерттеудің методологиялық негіздерін И.Кант [3], Г.Гегель [4], И.Г.Фихте, В.фон Гумбольдт [5], Г.Зиммель [6], Х.Ортега-и-Гассет [7] қалаған болатын. Жоғары білім беруді әлеуметтану көзқарастары бойынша ХІХ-ХХ ғасырлар аралығында қарастырған Э.Дюркгейм [8] және Л.Уордтың еңбектерін жатқызуға болады. А.Вебер [9], М.Вебер [10], Д.Дьюи [11], К.Маннгейм [12], В.Гумбольдт, П.Сорокин, М.Шелер [13] еңбектерінде жоғары білім берудің әлеуметтік-мәдени ортадағы өзгерістеріне қатысты жоғары білім мен қоғам арасындағы қарым-қатынастар анықталды. Осылайша, А.Вебер ХХ ғасырдың ортасындағы әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-мәдени өзгерістердің ықпалымен классикалық Гумбольдт моделінің өзгерісіне талдау жасады. П.Сорокин өз жұмыстарында жоғары білімді әлеуметтік мобильділіктің бір тармағы ретінде қарап, оның алуан түрлі әлеуметтік-мәдени жағдайларда қызмет етуіне, эмпирикалық сипаттарына тоқталып өтеді.

ХХ ғасырдың ортасынан бастап университеттік білімді зерттеу жалпы әлеуметтану теориясының бір бөлігіне айналады. Жоғары білімнің әлеуметтік дамудың негізгі факторы ретінде қарастырылуы, оның постиндустриалды қоғамның тенденцияларының ықпалынан өзгеруі, университеттің қоғамдық институттардың ең бастыларының біріне айналуы туралы мәселелер Д.Белл [14], Э.Тоффлер [15] зерттеулерінде көрініс табады.

ХХ-ХХІ ғасырлар аралығында Д.Бок [16], П.Скотт [17] еңбектері жарық көреді. Олар жоғары білімнің қазіргі ақпараттану және жаһандану процестеріне қатысты өзгерістеріне және заман талабына сай дәстүрлі университеттердің оларға қарай бейімделуі сияқты мәселелерді қарастырған. Осы бір кезеңде, яғни 90-жылдар мен ХХІ ғасырдың басында бір топ шет елдік ғалымдардың қатысуымен төрт томдық «Еуропадағы университеттер тарихы» (A History of the University in Europe) [18] атты үлкен еңбек жарыққа шықты. Бұл еңбектің шығарылуына Эдвард Грант, Хастинг Рашдал, Кристоф Мейнер атсалысты. Төрт томдық бұл еңбекте Еуропадағы университеттік білімнің пайда болуынан бастап Болон процесіне дейінгі дамуы сипатталады.

Деректері

Деректер қатарына Болонья мен Париж университеттерінің ережелері, папа буллалары, билеушілердің университеттерге берген заңды рұқсатнамалары, оқытушыларға берілген лицензиялар, сонымен қатар, сол уақыттағы студенттер мен оқытушылардың өзара алмасқан хаттарын жатқызуға болады. Деректердің келесі тобына Болон процесіне қатысты құжаттарды, яғни, Сарбон декларациясы, Болон декларациясы, Берлин, және Лондон қаулыларын жатқызамыз.

Әдістері

Зерттеу барысында синтез әдісі қолданылып, қарастырылып отырған мәселені жан-жақты зерттеуге жағдай жасады. Себебі, жоғары білім саясаты тарих ғылымынан басқа педагогика, саясаттану, әлеуметтану, экономика пәндерінің зерттеу аясында да орын алады. Сонымен қатар, тарихи тәсіл мемлекеттердің жоғары білім саясатын жалпы тарихи және жалпы саяси үрдістер контекстінде қарастыруға мүмкіндік береді. Ал социомәдени анализ көмегімен мемлекеттердің білім саясатын мәдени құндылықтар мен дәстүрлер позициясынан зерттеу жүргізілді. Контент-анализ әдісі жоғары білім мәселелерін регламенттеуші құжаттардың көп мөлшерін сараптауға мүмкіндік береді.

Нәтижесі

Еуропадағы университеттер ХІІ және ХІІІ ғасылар аралығында пайда болғанында күмән жоқ. Бұл тұжырымды алдымен бүкіл Еуропаға, кейін күллі әлемге тараған университет моделінің бастауы деп қарастырамыз.

Ортағасырлық университеттердің қалыптасуы ортағасырлық өмірдің барлық факторларына сүйенді. Олар шіркеумен байланысты болды. Себебі, университеттер өздерінің негізгі басшысы ретінде папаны мойындады. Одан әрі университеттің пайда болуына серпіліс берген шіркеу мектептері болды. Ал діни факультеттер шіркеу ілімінің орталығына айналды. Өзінің колллегиалды құрылымы жағынан университет күшейіп келе жатқан мемлекеттің қуатты сүйеніш құралына айналып, осының көмегімен билік кейіннен білімділікке ие болады. «Хроникаларды қарасаң,  Оксфордта шайқас болғанда, бірнеше айдан соң бүкіл Англияда дау болғанын көресің» деген Оксфордан шыққан мына бір нақыл сөз қоғам өміріндегі университеттердің орнын көрсетеді[19]. Университеттер бүкіл христиан әлемінде мойындалатын дәрежелерді тарата отырып, әртүрлі еуропалық халықтар арасындағы ақыл-ой қатынастарын дамытты және мәдениеттің дамуына әсерін тигізе алды.

  ХІІ ғасыр Еуропа тарихындағы маңызды меже болып табылады. Бұл уақытта бірқатар алдыңғы қатарлы мемлекеттерде ауыл шаруашылығынан  қолөнердің бөлінісі орын алған болатын. Қарқынды дамыған қалаларда техникалық жетістіктер орын алып, тауар өндірісі мен ақша айналымы қалыптасады [20].

  Осы ретте Батыс Еуропадағы университеттік білімнің дамуының алғышарттарына мұсылмандық медреселердің де ықпалын айтып өткен жөн. Ағылшын зерттеушісі Монтгомери Уотт «1100 жылдан шамамен 1350 жылдар аралығында еуропалықтар мәдени және интеллектуалды жағынан арабтардан кем болғанын» айтып, бұл мәселеге өзіндік бағасын береді [21]. Американдық ғалым С. Кобб ХХ ғасырда ислам өркениетінің әлемдегі үлесін зерттеуді тарихтағы «аңтаңдақ» деп атап, «Исламның батыс білім беру жүйесі мен өркениетіне әсері зерттелмеген. Бұл батыс дамуына жасаған ислам мәдениетінің позитивті үлесін бағалауға кедергі келтіріп отыр» дегені мәлім [22].

  Еуропа жеріне ислам мәдениетінің ерекшеліктері  Испания арқылы енді. «Ислам мәдениетінің алдында өз шарықтау шегіне жету үлесі тұрды. Алайда, ол Азияда немесе Африкада да емес, Еуропалық Испанияда жүзеге асты»,-деген болатын Георг Макдиши [23]. Испания арқылы мұсылмандық мәдениет Италияға жетті. Мысалы, еуропадағы ең көне жоғарғы мектеп Италиядағы Салерно университеті ислам медресесінің әсер етуімен пайда болды. Болоньядағы, Париждегі, Монпольедегі және Оксфордтағы жоғарғы мектептер XII ғасырдан кейін, яғни ислам медреселерінен кейін көптеген ғасырлардан соң құрылды [24].

XII ғасырда қалалар мен мемлекетке білімді адамдар көптеп қажет бола бастады. Соттар мен шенеуніктер, дәрігерлер мен мұғалімдер қажеттілігі туындады. Мектептерден өскен  жаңа түрдегі мекемелер құрыла бастайды. Бұл мекемелер университеттер болатын. [25].

  Севилья, Париж, Тулуза, Неаполь, Кембридж, Оксфорд, Валенсия, Болонья университеттерінің негізі ХІІ-ХІІІ ғасырларда қаланды. Упсала, Копенгаген, Росток, Орлеан университетері XIV-XV ғасырларда пайда болды. Осылайша, еуропалық университеттің қалыптасу кезеңдері туралы айтқанда, ол төменгі, бастапқы деңгейдегі мектептердің, яғни монастырьлық мектептер, соборлық мектептер, капитуляр мектептері мен қала мектептерінің,  яғни жергілікті биліктің (шіркеулік немесе зайырлы билік) мүддесіне негізделіп құрылған оқу орындарының тікелей жалғасы ретінде пайда болды,-деуге болады [26].

  Рим империясы кезінде Пестан бұғазының түбіндегі Салерн қалашығы өзіндік демалыс орны болған. ІХ ғасырда ол лангобардтар корольдігінің астанасы болып, ХІ ғасырдан бастап норман герцогы Робер Гюискардың  резиденциясына айналды. 820 жылы қала қаржатымен салынған госпиталь негізінде  Батыс Еуропадағы ең алғашқы азаматтық аурухананың  негізі қаланды. Осы ауруханадан бастама алған Салерно медициналық мектебі  білім берудің ірі ошақтарының бірі ретінде 1812 жылға дейін белгілі болған. Университетте Гален мен Гиппократтың физиологиясы мен ағзаға физикалық әсер ету идеяларының негізі оқытылды [27].

  Бұл уақытта қаланың жаңа түрі феодалдық қалалар пайда болып, өзгерістер Еуропада түбегейлі мағынаға ие болды. Сауда мен қолөнер құқықтық негізделуге мұқтаж болды. Феодалдық қалада сауда және меншік құқығы  дамытылды, жеке меншік түсінігі айқын тұжырымдалды, тауар-ақша шаруашылығына сәйкес келетін құқықтық жүйе пайда болды. Рим құқығының «қайта жаңғыртылуына» және өз саяси әрекеттерін ақтау мен қорғау үшін король билігі де құқықтың дамуына мүдделілігін білдірді. Мысалы, ХІ ғасырдың аяғында Болонья қаласында рим құқығының білгірі Ирнерий заң білімінің мектебін қалыптастырды. Уақыт өте келе бұл мектеп Болонья университетіне айналды [28].

  Болонья мектебінің маңызының артуы ХІІ ғасырдың ортасынан басталады. 1158 жылы герман императоры Фридрих Барбаросса Ломбардияның ең бай қалаларының бірі Милан қаласын жаулап алып, Ронкаль алаңында солтүстік Италия қалаларын басқарудың жаңа тәртібін енгізу мақсатымен сейм шақырады. Сеймде Болон профессорларының құқықтық қолдауына алғыс ретінде Фридрих Барбаросса заң шығарды. Заң бойынша Болон школярлары салық төлеуден және қала соттарына бағынудан босатылды [29]. Фридрих Барбаросса берген бұл артықшылықтар тыңдаушылар қатарын арттыра түсті. Замандастарының көрсетуі бойынша, ХІІІ ғасырдың басында Болоньяда бүкіл Еуропадан келген 10 мың адам оқыды [30].

Бірлесудің келесі түрі Париж университетінен байқалды. Париж университеті, шіркеу мекемелерімен байланыста және шіркеу билігінің қолдауымен пайда болды. Магистраттар қауымдастығы оқытушылардан  құрылып, ішкі құрылымында демократиялық сипаты әлсіз болды [31]. Жаңа университет қарқынды дамыды. Біртіндеп басқа факультеттермен бірігу жүзеге асты. Діни және зайырлы билік арасындағы күресте университет қуаты арта бастады. Университет негізінің қалану уақыты университетті зайырлы билікке бағынудан босатқан ІІІ Инокентий папаның булласы мен француз королінің жарлығы шыққан 1200 жыл деп белгілейді. Университет автономиясы Папа булласымен 1209, 1212, 1231 жылдары бекітілді [32] .

  Осылайша, Еуропа университеттері екі негізгі жолмен дамыды. Біріншісі, schola externa-ны кеңейтуге және оны дербес мекемеге айналдыруға негізделді. Екінші жолы басқа мекемелерді негізгі мекемеге  қосты.   Университеттердің дауындағы үшінші жол ортағасырлық университеттің ұйымдастырылу ерекшелігінен туындады. Universitas – білім алу мақсатында жиналған адамдардың ерікті бірлесуі болғандықтан, адамдар осы ұйымның негізгі өзегі болды. Мысалы, бір университет жаңа келесі университеттің қалыптасуына ықпал етіп отырды. Мысалы, Болон университетінің 1222 жылғы көші-қоны Падуан университетінің қалыптасуына алып келді. Оксфорд – 1209 жылы Кембридждің негізін қалауға себепші болды. Батыс Еуропада кейіннен бой көтерген басқа университеттер де болондық университеттің немесе париждік университеттің типі бойынша ұйымдастырылып, курстар, ғылыми дәрежелер, тексерулер т.б. мәселелерде өзінен бұрын қалыптасқан университеттерді қайталап отырды. Болон университетінің үлгісі бойынша көбіне Италия, Испания және Оңтүстік Францияның жоғарғы мектептері құрылады. Париж университеті Англия мен Германияның жоғары оқу орындарына үлгі болды.

  ХІІІ ғасыр мен ХV ғасыр аралығында Париж университетінің тікелей әсерімен пайда болған 31 университет болды. Кейбір Италья университеттерінде (Пиза, Флоренция, Павия) билік студенттер, оқытушылар және муниципалды билік арасында бөлінді. Студенттердің басқаруға атсалысуы бірқатар испандық университеттерде бекітілді. Бірнеше оңтүстік француз университеттерінде (Монпелье, Анжер, Орлеан) студенттер шіркеу билігіне қарсы күресте профессурамен одақтаса әрекет етті [33].

  XIV-XV ғасырда коллегиялар (осыдан колледждер шыққан) пайда болады. Француз королінің діни қызметкері Робер де Сарбон негізін қалаған Сарбон коллегиясы уақыт өте келе дамып, бүкіл Париж университетіне өз атауын берді [34]. XV ғасырдың аяғында Еуропада 86 университеттің негізі қаланды [35]. Университеттер көптеген айырмашылықтарына қарамастан ұқсас ұйымдастыру қағидалары, біркелкіленген талаптары мен деңгейлер иерархиясы, біртипті бағдарламалары бар біртұтас жүйе ретінде қалыптасты [36].

Осылайша, университеттердің қалыптасуы экономикалық даму, қалалардың гүлденуі, ортағасырлық білім мен ғылымның ерекшелігінен туындағыан заңды әрі қажетті процесс болғанында күмән жоқ. Ортағасырлардағы әр университеттің қалыптасуы мен дамуының өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл ерекшеліктер университеттердің құрылу ерекшеліктері мен тарихи бастауларына, орналасқан жерінің өзіндік ерекшеліктеріне қатысты орын алды.

  Университеттерді мойындаудың маңызды себептерінің бірі, олардың шіркеуге де, мемлекетке де қажет болуында еді. ХІІІ-XV ғғ. дамыған феодализм мен орталықтандырылған монархиялардың даму кезеңінің басталуымен мемлекетке заңгерлер, жылнамашылар, дипломаттар қажеттілігі айқын байқалды. Католик шіркеуі тәжірибелі әрі білімді уағызшыларға, шіркеу құқығының білгірлеріне мұқтаж болды. Бұл уақытта таптық күрес көбіне идеялық негіздегі қақтығыстар ретінде орын алады. Адамдарының теңдігі идеясымен қатар азаматтық теңдік идеялары және меншік теңдігі идеялары жарыққа шықты. Бюргерлер католик шіркеуін қатаң сынға ұшыратып, папалық институттың өмір сүруіне күмән келтірді. Осы жағдайда шіркеу мен мемлекет университетті өз билігінің қажеттілігіне сендіретін күш ретінде пайдалануға тырысты. Сонымен бірге корольдік билік пен шіркеу  университеттің беделі мен кадрлерін өз саяси мүдделеріне қолдануға ұмтылды [37].

Университеттердің зайырлы және діни билік арасындағы саяси күреске араласуы ең алдымен Италияда, Штауфендер мен Папа арасындағы қақтығыста орын алды. Себебі король университеттерді орталықтандырылған мемлекет қажеттіліктеріне, ал шіркеу  теократиялық бағдарламасын жүзеге асыру үшін пайдалануға ұмтылды. Мысалы, еуропада XVI ғасырдың басына дейінгі қалыптасқан 79 университеттің  50-і папамен ресми негізделген болды.

ХІІ ғасырдың басында оқытудың толыққанды еркіндігі үстем етсе, ал екінші жартысынан бастап қысымшылыққа ұшырағанын айтып кету маңызды. Оқытушы кафедрасында сөз сөйлеу үшін лицензия немесе шіркеу билігінің рұқсаты (licentia docenti) қажет болды. Лицензия беруді канцлер жүзеге асыратын болған. Алғашқы уақыттарда канцлерге зор билік өкілеттілігі беріліп, ол университеттің ресми басшысы болды. Канцлер оқытуға құқық берді және маңызды бұйрықтар бере алды. Алайда, уақыт өтке келе ол өз монополиясын жоғалтады. Парижде 1213 жылы канцлер licence беру, яғни оқытуға рұқсат беру артықшылығынан айырылады. Мұндай  құқық университеттік мэтрлерге көшеді [38].

  Шіркеу өз құзырына алған тағы да бір қызмет оқу материалдарын таңдау және заңдастыру болды. Таңдау үрдісі қатаң күресте жүзеге асырылды. Кезінде шіркеу университеттік ғылымның алғашқы туындыларымен қоса Аристотельдің «Метафизикасын» да өртеп жіберді [39]. Осылайша, шіркеу университеттің ішкі құрылымына араласып, ондағы ақыл-ой өмірінің орталығын теология мен канондық құқық факультеттеріне аударуға тырысады.

  ХІІІ ғасырда университеттерге қатысты папа саясаты өзгереді. Оған IX Григорийдің 13 сәуір 1231 жылы шыққан, Париж университетінің автономиясын және жергілікті билікке қарсы ереуілге шығу құқығын бекіткен «Parens scientlarum» атты атақты булласы ықпал етті [40]. Университетке деген король билігінің қызығушылығы туралы мәлімет беретін алғашқы құжат Фридрих Барбароссаның Болон мектебіне берген грамоталары (1158) мен ІІ Филипп Августың Париж университетіне берген грамотасы (1200) болып табылады. Олар еуропалық билеушілердің «университеттік» саясатының негізін қалады [41].

XIV және XV ғасырдың басында король билігі университеттерді корольдік ұлттық мекемелерге айналдыруға тырысады. Шындығында орталықтандырылған мемлекеттердің дамуы университеттерді ұлттық мәдениеттің даму жолына түсірді.

  XIV ғасырда университеттер ұзақ және табан тірескен күресте шіркеуден де, зайырлы биліктен де артықшылықтарын алды. Қалада университеттің болуы әлеуметтік және экономикалық жағынан тиімді болды. Сондықтан магистрлер мен оқушыларды өмір сүріп жатқан жерін тастап, басқа қалаға, тіпті басқа мемлекетке көшуге шақырған жағдайлар да сирек болған жоқ. Король ІІІ Генрих 1229 жылы Англияға Париж студенттері мен магистрлерін шақырады. Онда еркіндік пен барлық қажеттіліктерді қанағаттандыруға кепілдік береді. Король былай деп жазған: «Сіздер өмір сүріп жатқан әділетсіз заң аясындағы Париждегі көптеген әділетсіздікке шын жүректен есіркеймін. Біз құдайға және қасиетті шіркеуге құрметімізбен, өзіміздің шын ниетті қолдауымызбен, тиісті еркіндіктерді беруді, сіздердің жағдайларыңызды жақсартуды қалаймыз» [42]. Ортағасырдың соңында шіркеу білім беруге деген монополиясын жоғалтады. Университеттер өмірінде зайырлы билік рөлі күшейе түседі.

Пайдаланған әдебиет тізімі:

1. Добрынина В.И. Формирование интелектуальной знати в высшей школе. В.И. Добрынина, Т.Н. Кухтевич. – M., 2000. – 198c.

2. Повзун В.Д. Миссия университета как аксиологический феномен // Высшее образование в современном мире. – 2011. – №2. – C.42-56. 

3. Кант И. Собрание сочинений. - М., 1994. –в 8 т.

4. Гегель Г. Энциклопедия философских наук. Наука и логика. –M., 1974 – Т. 1. – 341 c.

5. Гумбольдт В. Язык и философия культуры / Общ. ред. А.В.Гулыги, Т.В.Рамишвили. – М., 1985. – 374 c.

6. Зиммель Г. Созерцание жизни / Избранное. – М., 1996. – Т.2. – 267 c.

7.  Ортега-и-ГассетХ. Эстетика: философия культуры. – М., 1991. – 321 c.

8. Дюркгейм Э. Социология образования. – М., 1996. – 284 c.

9. Вебер А. Избранное: Кризис европейской культуры. – СПб., 1999. – 214 c.

10. Вебер М. Избранные произведения. – М., 1990. – 421 c.

11. Дьюи Д. Свобода и культура / пер. Л.Машковского. – M., 1968. – 203 c.

12. Маннгейм К. Очерки социологии знания. – М., 2005. – 198 c.

13. Шелер М. Избранные произведения. – М, 1994. – 362 c.; Сорокин Н.Д. Образование в современном мире (социологический анализ). – М., 2006. – 301 c.

14. Белл Д. Грядущее постиндустриальное общество. – М., 1999. – 267 c.

15. Тоффлер Э. Прогнозы и предпосылки. – М., 2006. – 201 c.

16. Бок Д. Университеты и будущее Америки. – М., 1994. – 276 c.

17. Скотт П. Глобализация и университет // Alma-mater. – 2000. - №. 4 - С. 3-8

18. A History of the University in Europe / Hilde de Ridder-Symoens (ed.). –Vol. I. – Universities in the Middle Ages. – Cambridge University Press, 1992; A History of the University in Europe / Hilde de Ridder-Symoens (ed.). – Vol. II. Universities in Early Modern Europe (1500–1800). – Cambridge University Press, 1996; A History of the University in Europe / Walter Rüegg (ed.). –Vol. III. – Universities in the Nineteenth and Early Twentieth Centuries (1800–1945). – Cambridge University Press, 2004; A History of the University in Europe / Walter Rüegg (ed.). – Vol. IV. – Universities Since 1945. – Cambridge University Press, 2011.

19. Marcia L. Medieval Foundations of the Western Intellectual Tradition, 400-1400 . – Yale University Press, 1997. – p. 116.

20. Bairoch P. Cities and Economic Development. From Dawn of History to the Present. – Chicago, 1988. – 32 p.

21. Уотт Монтгомери У. Влияние ислама на средневековую Европу. — М., 1976. — 17 с.

22. Cobb S. Islamic contribution to civilization. — Washington, DC: «Avalon», 1965. — 28 p.

23. George Makdisi. Madrasa and University in the middle Ages // Studia Islamica. — 1970. — №32. — P. 255-264.

24. Muessig, R. H., Allen, D. W. Islamic contributions to American education. Heritage of American education. — Boston, 1962. — P.1. – 260 p.38, р. 187-195

25. Marcia L. Medieval Foundations of the Western Intellectual Tradition, 400-1400 . – Yale University Press, 1997. – p. 267.33, p. 79-80

26. Документы по истории университетов Европы ХІІ-ХV вв. / под ред. Г.И. Липатниковой . – Воронеж, 1973. – 185 c.44, c. 9.

27. Marcia L. Medieval Foundations of the Western Intellectual Tradition, 400-1400 . – Yale University Press, 1997. – p. 267.33, p. 91-102

28. Гайденко В.П., Смирнов Г.А. Западноевропейская наука в средние века: общие принципы и учение о движении. – M.: Наука, 1999. – 231 c.45, с. 79.

29. Грамота Фридриха Барбароссы ученикам и учителям болонских школ (1158) // Документы по истории университетов Европы ХІІ-XV вв. –  Воронеж, 1973. – 185 c. 46, с. 45.

30. Из истории университетов Европы ХІІІ-XV вв. – Воронеж, 1984. – 198 c.

31. Репина Л.П. Образование, школа, университеты // Средневековая Европа глазами современников и историков. Ч.2. – М., 2006. – 411 c.47, с. 364.

32. Пиков Г.Г. Средневековая система образования и университеты /http://www.students.gf.nsu.ru/medieval/univer-f.html.48.

33. Репина Л.П. Образование, школа, университеты // Средневековая Европа глазами современников и историков. Ч.2. – М., 2006. – 411 c.47, с. 368.

34. A History of the University in Europe / Hilde de Ridder-Symoens (ed.). – Vol. I. – Universities in the Middle Ages. – Cambridge University Press, 1992. – 425 p.49, p. 47-49.

35. Marcia L. Medieval Foundations of the Western Intellectual Tradition, 400-1400 . – Yale University Press, 1997. – p. 267.33, p. 102-104.

36. A History of the University in Europe / Hilde de Ridder-Symoens (ed.). – Vol. I. – Universities in the Middle Ages. – Cambridge University Press, 1992. – 425 p.49, p. 90-91

37. Ле Гофф Жак Цивилизация средневекового Запада Екатеринбург, 2005. — 560 с.50, c. 198.

38. Ле Гофф Жак Цивилизация средневекового Запада Екатеринбург, 2005. — 560 с.50, c. 211-213.

39. Свидетельство современника о сожжении книг Аристотеля // Документы по истории университетов Европы ХІІ-XV вв. – Воронеж, 1973. – 185 c.52, с. 33.

40. Из буллы папы Григория IX Парижскому университету // Документы по истории университетов Европы ХІІ-XV вв. – Воронеж, 1973. – 185 c.54, с. 49.

41. Ле Гофф Жак Интеллектуалы в средние века. – М., 2002. – 160 c. 51, c. 32.

42. Письмо английского короля Генриха ІІІ парижским студентам и магистрам // Документы по истории университетов Европы ХІІ-XV вв. – Воронеж, 1973. – 185 c.58, с. 52.

References:

1. Dobrynina V.I. Formirovaniye intelektual'noy znati v vysshey shkole. V.I. Dobrynina, T.N. Kukhtevich. – M., 2000. – 198c.

2. Povzun V.D. Missiya universiteta kak aksiologicheskiy fenomen // Vyssheye obrazovaniye v sovremennom mire. – 2011. – №2. – C.42-56.
3. Kant I. Sobraniye sochineniy. - M., 1994. – v 8 t.
4. Gegel' G. Entsiklopediya filosofskikh nauk. Nauka i logika. –M., 1974 – T. 1. – 341 c.
5. Gumbol'dt V. Yаzyk i filosofiya kul'tury / Obshch. red. A.V.Gulygi, T.V.Ramishvili. – M., 1985. – 374 c.
6. Zimmel' G. Sozertsaniye zhizni / Izbrannoye. – M., 1996. – T.2. – 267 c.
7.  Ortega-i-GassetKH. Estetika: filosofiya kul'tury. – M., 1991. – 321 c.
8. Dyurkgeym E. Sotsiologiya obrazovaniya. – M., 1996. – 284 c.
9. Veber A. Izbrannoye: Krizis yevropeyskoy kul'tury. – SPb., 1999. – 214 c.
10. Veber M. Izbrannyye proizvedeniya. – M., 1990. – 421 c.
11. D'yui D. Svoboda i kul'tura / per. L.Mashkovskogo. – M., 1968. – 203 c.
12. Manngeym K. Ocherki sotsiologii znaniya. – M., 2005. – 198 c.
13. Sheler M. Izbrannyye proizvedeniya. – M, 1994. – 362 c.; Sorokin N.D. Obrazovaniye v sovremennom mire (sotsiologicheskiy analiz). – M., 2006. – 301 c.
14. Bell D. Gryadushcheye postindustrial'noye obshchestvo. – M., 1999. – 267 c.
15. Toffler E. Prognozy i predposylki. – M., 2006. – 201 c.
16. Bok D. Universitety i budushcheye Ameriki. – M., 1994. – 276 c.
17. Skott P. Globalizatsiya i universitet // Alma-mater. – 2000. - №. 4 - S. 3-8

18. A History of the University in Europe / Hilde de Ridder-Symoens (ed.). –Vol. I. – Universities in the Middle Ages. – Cambridge University Press, 1992; A History of the University in Europe / Hilde de Ridder-Symoens (ed.). – Vol. II. Universities in Early Modern Europe (1500–1800). – Cambridge University Press, 1996; A History of the University in Europe / Walter Rüegg (ed.). –Vol. III. – Universities in the Nineteenth and Early Twentieth Centuries (1800–1945). – Cambridge University Press, 2004; A History of the University in Europe / Walter Rüegg (ed.). – Vol. IV. – Universities Since 1945. – Cambridge University Press, 2011.

19. Marcia L. Medieval Foundations of the Western Intellectual Tradition, 400-1400 . – Yale University Press, 1997. – p. 116.

20. Bairoch P. Cities and Economic Development. From Dawn of History to the Present. – Chicago, 1988. – 32 p.

21. Uott Montgomeri U. Vliyaniye islama na srednevekovuyu Yevropu. — M., 1976. — 17 s.

22. Cobb S. Islamic contribution to civilization. — Washington, DC: «Avalon», 1965. — 28 p.

23. George Makdisi. Madrasa and University in the middle Ages // Studia Islamica. — 1970. — №32. — P. 255-264.

24. Muessig, R. H., Allen, D. W. Islamic contributions to American education. Heritage of American education. — Boston, 1962. — P.1. – 260 p.38, р. 187-195

25. Marcia L. Medieval Foundations of the Western Intellectual Tradition, 400-1400 . – Yale University Press, 1997. – p. 267.33, p. 79-80

26. Dokumenty po istorii universitetov Yevropy KHÍÍ-KHV vv. / pod red. G.I. Lipatnikovoy . – Voronezh, 1973. – 185 c.44, c. 9.

27. Marcia L. Medieval Foundations of the Western Intellectual Tradition, 400-1400 . – Yale University Press, 1997. – p. 267.33, p. 91-102

28. Gaydenko V.P., Smirnov G.A. Zapadnoyevropeyskaya nauka v sredniye veka: obshchiye printsipy i ucheniye o dvizhenii. – M.: Nauka, 1999. – 231 c.45, s. 79.
29. Gramota Fridrikha Barbarossy uchenikam i uchitelyam bolonskikh shkol (1158) // Dokumenty po istorii universitetov Yevropy KHÍÍ-XV vv. –  Voronezh, 1973. – 185 c. 46, s. 45.
30. Iz istorii universitetov Yevropy KHÍÍÍ-XV vv. – Voronezh, 1984. – 198 c.
31. Repina L.P. Obrazovaniye, shkola, universitety // Srednevekovaya Yevropa glazami sovremennikov i istorikov. CH.2. – M., 2006. – 411 c.47, s. 364.
32. Pikov G.G. Srednevekovaya sistema obrazovaniya i universitety / http://www.students.gf.nsu.ru/medieval/univer-f.html.48.
33. Repina L.P. Obrazovaniye, shkola, universitety // Srednevekovaya Yevropa glazami sovremennikov i istorikov. CH.2. – M., 2006. – 411 c.47, s. 368.

34. A History of the University in Europe / Hilde de Ridder-Symoens (ed.). – Vol. I. – Universities in the Middle Ages. – Cambridge University Press, 1992. – 425 p.49, p. 47-49.

35. Marcia L. Medieval Foundations of the Western Intellectual Tradition, 400-1400 . – Yale University Press, 1997. – p. 267.33, p. 102-104.

36. A History of the University in Europe / Hilde de Ridder-Symoens (ed.). – Vol. I. – Universities in the Middle Ages. – Cambridge University Press, 1992. – 425 p.49, p. 90-91

37. Le Goff Zhak Tsivilizatsiya srednevekovogo Zapada Yekaterinburg, 2005. — 560 s.50, c. 198.

37. Le Goff Zhak Tsivilizatsiya srednevekovogo Zapada Yekaterinburg, 2005. — 560 s.50, c. 211-213.

39. Svidetel'stvo sovremennika o sozhzhenii knig Aristotelya // Dokumenty po istorii universitetov Yevropy KHÍÍ-XV vv. – Voronezh, 1973. – 185 c.52, s. 33.
40. Iz bully papy Grigoriya IX Parizhskomu universitetu // Dokumenty po istorii universitetov Yevropy KHÍÍ-XV vv. – Voronezh, 1973. – 185 c.54, s. 49.
41. Le Goff Zhak Intellektualy v sredniye veka. – M., 2002. – 160 c. 51, c. 32.
42. Pis'mo angliyskogo korolya Genrikha ÍÍÍ parizhskim studentam i magistram // Dokumenty po istorii universitetov Yevropy KHÍÍ-XV vv. – Voronezh, 1973. – 185 c.58, s. 52.

Р.С. Мырзабекова , к.и.н., доцент КазНУ им. аль-Фараби, кафедра Всемирной истории, историографии и источниковедения.

Возникновение первых университетов в Европе и его особенности

РЕЗЮМЕ

Исследование процесса формирования и развития политики высшего образования в Западной Европе, а также политика Казахстана в сфере образования в контексте ее осуществления является актуальной. В этой связи необходимо отметить, что опыт западноевропейских государств таких как Великобритания, Германия и Франция является чрезвычайно важным по двум причинам. Во первых, эти государства в настоящее время сумели сформировать модели высшего образования, в частности, англосаксонскую (Великобритания) и континентальную (Германия и Франция). Во вторых, именно эти государства (при поддержке Италии) стремились создать единое европейское образовательное пространство. В начале придав огромное значение экономической интеграции, европейские государства преодолев все ступени интеграции пережили период осознания и понимания о необходимости сформировать единую систему высшего образования, сумели в этом направлении добиться реальных результатов. По этой причине в данной статье названные европейские государства рассматриваются как объект сравнительного анализа. Изменения и особенности процесса сформирования единой европейской системы высшего образования, которые имели место в историческом и временном контексте могут служит примером для Казахстана. Именно по этому следует исследовать возникновения высшего образования, с момента сформирования университетов в Западной Европе. Университет является чисто европейским явлением, также как продукт и достижение общеевропейской культуры и ее «бессрочным и транснациональным значением» университет является символом европейской культуры.

Ключевые слова: Университет, Европа, Оксфорд, Париж, Севилья, Тулуза, Неаполь, Кембридж, Валенсия.

R.SMyrzabekova , Candidate of Historical Sciences, Acting Professor al-Farabi Kazakh National University, Department of the World History, Historiography and Source Studies.

<b>EMERGENCE OF FIRST UNIVERSITIES IN EUROPE AND ITS PECULIARITIES</b>

SUMMARY

  The study of the formation and development of higher education policy in Western Europe, as well as the policy of Kazakhstan in the field of education in the context of its implementation is relevant.
  In this regard, it should be noted that the experience of Western European countries such as Great Britain, Germany and France is extremely important for two reasons.Firstly, these states have now managed to form models of higher education, in particular, Anglo-Saxon (Great Britain) and continental (Germany and France).Secondly, these countries (with the support of Italy) sought to create a single European educational space.At the beginning of attaching great importance to economic integration, the European countries, having overcome all levels of integration, experienced a period of awareness and understanding about the need to form a unified system of higher education, and were able to achieve real results in this direction. For this reason, in this article, the named European states are considered as an object of comparative analysis.Changes and peculiarities of the process of forming a single European system of higher education, which took place in the historical and temporal context, can serve as an example for Kazakhstan. That is why the emergence of higher education should be investigated, since the formation of universities in Western Europe. The university is a purely European phenomenon, as well as the product and achievement of European culture and its “perpetual and transnational meaning” the university is a symbol of European culture.
<b>Keywords:</b> University, Europe, Oxford, Paris, Seville, Toulouse, Naples, Cambridge, Valencia.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз