Кіріспе. Бүгінгі таңда территориясының көлемі жағынан тоғызыншы орынды иемденіп отырған Қазақстан мемлекеті тарихында батырлардың алатын орны ерекше. Әрбір тарихи кезең өзіне тән тарихи тұлғаларды өмірге әкеледі. Есімдері ұрпақтан ұрпаққа ұран болған ұлы тұлғалар ел тарихында жанын пида еткені белгілі. Еуразия көшпелі халықтары-башқұрттар, өзбектер, қарақалпақтар мен қырғыздар сынды түркі халықтарының барлығында кездесетін батырлар есімі қазақ халқында ерекше құрметке ие тұлғалар. Олардың аты ұранға айналып, дәстүрлі қазақ қоғамында маңызды әлеуметтік, әскери-саяси институтқа айналды. Ұлттың рухани қазынасы бола білген осынау институт өкілдерінің өздеріне ғана тән әдебі болды. Мақала авторлары қазақ батырларына ғана тән әдептік қағидаттарды ғылыми тұрғыдан тұжырымдауды мақсат етіп қойды.
Материалдар мен әдістер. Алматы қалаcында орналасқан орталық кітіпхана жұмыс нәтижесінде жинақталған архивтік материалдар, естеліктер, құжаттар жинағы мен басқа да деректерді жарияланған материалдармен салыстыра талдау негізінде мақала жазылды.
Зерттеудің әдіснамалық негізі ретінде салыстырмалы тарихи және сауалнама әдістері пайдаланылды. Зерттеу барысында жалпы ғылыми және арнайы-тарихи әдістер қолданылды. Жалпы ғылыми әдістер арасында анализ, синтез, логикалық әдістер қатыстырылды. Арнайы-тарихи әдістер санатында тарихи-ретроспективті, тарихи-типологиялық, тарихи-жүйелі әдістерді айтып өтуге болады.
Талқылау. Қазақ әдебін зерттеу қазіргі кезеңдегі өзекті мәселелердің бірі. Елші ханның сенімді өкілі ретінде қазақ хандығымен қарым-қатынас орнатылған мемлекеттердің мемлекет басшыларына немесе сол елдің сенімді өкілдерінің өзін өзі ұстауы және іс қимылдары өте маңызды болған [1].
Әр елдің елшілерді қабылдау дәстүрі болғанымен Орта Азия елдеріндегі бұл дәстүр ортақ еді. Ол бойынша хан сарайына бір күндік жол қалған тұста тоқтап, өздерінің келгендіктерін ханға жеткізу үшін бірнеше адамын жіберген. Хан бұл хабарды естіген бойда келген елшілік топқа өз адамдарын жіберген. Кейбір ерекше жағдайларда хан елшілік топты өзі қарсы алуға барған. Бұл әрине өте сирек кездесетін жағдай еді.
Қазақ хандығының геосаяси жағдайы өте күрделі жағдайда орналасуы халықтың ғасырлар бойы жаугершілікті бастан кешуіне мәжбүр етті. Бұл әрине оның территориясының ауқымы мен табиғи байлықтарға өте бай болуынан болды. Көрші мемлекеттер үнемі осы кең байтақ даламызға көз тігумен болғаны тарихтан мәлім. ХІХ ғасыр авторларының бірінің еңбегінде «көршілермен болған соғыстардың жиілігі көшпелі халықты жауынгерлік рухта болуға мәжбүрледі» деп атап өтеді [2]. Осындай жауынгерлік рухты бойына бала күнінен сіңіріп, Отаны үшін от кешкендердің алдыңғы қатарында дәстүрлі қазақ қоғамындағы батырлар институты өкілдері болды. XVII ғасырдың аяғы - XVIII ғасырдың басындағы қазақ қоғамының ішкі және сыртқы саясатының даму ерекшеліктері батырлар институтының ықпалының артуы мен олардың жеке әлеуметтік топ ретінде толыққанды қызмет атқаруын айқындап берді. XVII ғасырдың аяғы - XVIII ғасырдың басындағы қазақ халқының сыртқы жауы тек жоңғарлар ғана емес еді. Батыстан Еділ қалмақтары, оңтүстікте Хиуа мен Бұхара хандығы, теріскейде башқұрттар қиқу салып, сырттан орыс патшасы азу салуға даяр тұрды [3].
Нәтижесі. Осылайша XVII-XVIII ғасырлардағы ішкі және сыртқы факторлар қазақ қоғамындағы батырлардың саяси, әлеуметтік сататусқа ие болуына қолайлы жағдай туғызғаны туралы тұжырым жасаймыз. Сондықтан ел басына күн түскен сәтте саяси басымдылық батырлар қолына өтті. Бұл туралы зерттеуші Н.Г. Аполлова: «XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы батырлар тек қана әскери жорықтарда маңызды рөл атқарған жоқ. Олар әртүрлі дипломатиялық тапсырмаларды орындайтын елшілер ретінде де белсенділік танытады. Ақсақалдар кеңесіне де құлшына араласады. Өздерінің әдептілігі деңгейінің қаншалықты жоғары екенін көрсете білді. 30- жылдардағы феодалдық күрес кезінде берік топты құраған Бөкенбайдың басқаруындағы батырлар қазақтардың Ресейдің қарамағына өтуіне шешуші күш болған», - деп жазды [4]. Үмбетей жыраудың: Сыртқы жаудан қорғану, елдің ішкі бірлігін сақтау сияқты күрделі мәселелерде батырлардың рөлі жоғары болды. Батыр атағын ақсүйек және қарасүйек өкілдері де қоғамдық дәрежесіне қарамастан бірдей иелене алатын, әрі батырлар XVII-XVIII ғасырлардағы сыртқы фактордың күштілігінен қоғамдық қатынастарда басымдылыққа ие болды.
Зерттеу тақырыбымыздың уақыт шеңбері қазақ тарихындағы түрлі өзгерістер әкелген бетбұрысты кезеңге сәйкес келеді. Оның басты себебі географиялық, шаруашылық-экономикалық және саяси-әлеуметтік жағынан үш субэтностық аймаққа бөлінген қазақ хандығының ішкі байланыстарының әлсіздігін, ру-тайпалар арасындағы қарым-қатынастардың тұрақсыздығынан және билеуші топтардың саяси бақталастығынан туындады. «Ортақ өгізден, оңаша бұзауды» артық көрген билеушілер арасындағы алауыздық қазақ халқының болашағын тығырыққа тіреді. Жоңғар шапқыншылығына дер кезінде тойтарыс берілмеуінен «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұлама», «Сауран айналған» тәрізді зұлматтар орын алды [5]. Мұның барлығы хандық институтты дағдарысқа әкеліп, есесіне ру-тайпа игі-жақсыларын, яғни батырлар мен билердің үстем түсуіне жағдай жасады. Басқаша айтқанда: «ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында батырлардың беделі мен әлеуметтік маңызы мейлінше өсті, мұның өзі сыртқы қауіпке және қазақтардың әлеуметтік ұйымдасуында әскери құрылымдар рөлінің арта түсуіне байланысты болатын. Жоңғарлар басқыншылығына пәрменді тойтарыс беруді ұйымдастыру қажеттілігі әуелі әскери сахнада ал сонан соң саяси сахнада да халықтың жол бастаушылары мен қолбасшылары – батырлардың аса көрнекті шоғырының пайда болуына жеткізді». Үмбетей жыраудың: «Батыры ханға сай болды, Елің жайпақ болды», - деп жырлайтыны осы кезең [6].
Тарихи даму үдерісінің біркелкі болмауына орай қоғамдық институттар бірін-бірі жиі алмастырып, соған байланысты әртүрлі әлеуметтік құрылымдардың бірі алға шығып, екіншісі кенжелеп отырды. Зерттеу жұмысының тақырыбының уақыт шеңберін қамтитын аумалы-төкпелі кезеңде батырлар институтының алдыңғы қатарға шығуы заңды құбылыс болатын. Әскери өнерді кәсіп етіп, ел қорғау арқылы даңқ пен абыройға бөленген батырлар ендігі жерде жәй ғана қару асынған сарбаз емес, халыққа сөзін өткізіп, билік айтатын саяси тұлғаға айналды. Олардың атап өтерліктей маңызды ішкі саяси қызметтері қатарына азаматтық басқару істеріне тартыла бастауларын жатқызамыз. Тіпті кейбір жағдайда хан мен сұлтандардың өзі батырлармен санасып отыруға мәжбүр болған. Өйткені ханның немесе сұлтанның қоғамдағы орны оған қолдау білдірген батырлардың беделі мен санына қарай анықталды. Оның үстіне батырдың шыққан руы үлкен болып, өзі ауқатты болса, осыған қатысты біздің ой-тұжырымдарымыздың барысын түсіну қиын емес. Халқымыздың «батыр болып, бай болса, ханнан несі кем» деп сөз саптауы осыған қатысты айтылса керек [7, 56-б.]. Бұл айтылған тұжырымдарымызды тарихи деректермен негіздесек. ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ ел басшыларынан ант қабылдаған Татищев Әбілқайыр ханды көп ешкім тыңдамайтындығын айта келіп, Орта Жүзден Жәнібек батыр мен Шүрек батыр және Кіші Жүзден Бөкенбай батыр жоғары беделге ие екендіктерін жазады. Қазақ батырларының ішкі саяси жүйесіндегі ықпалын төмендегі тарихи оқиғалардың желісі негізінде одан ары дамытсақ. Алғашқы оқиға есімі ұранға айналған Алдияр батырмен байланысты. М. Тынышбаев еңбегінде келтірілген мәліметтерге сүйенсек, Алдияр батыр Тәуке ханның замандасы және ханның оң жағын ала отыратын батырдың бірі болғанға ұқсайды. Міне осы Алдияр батыр мемлекеттік істерді ақылдасатын шаруалар туындағанда Тәуке ханның жанынан табылып, өзінің пайымдауларын білдіріп отырса керек. Тіпті кей жағдайда хан мен батыр арасында бір мәселеге байланысты келіспеушіліктер де туындаған. Мәселен, ел арасындағы аңыз бойынша Алдияр батырға келіссөз жүргізу үшін жоңғар қонтайшысы келеді. Бұдан хабардар болған Тәуке хан қонтайшыны өлтіру үшін сарбаздарын жібереді. Ауылына келген елшіні қорғау мақсатында батыр өзінің ханына қарсы шығып, хан мен батыр сарбаздары бір күн бойы шайқасады. Шайқаста Алдияр батырдың кенже інісі Майлан қаза табады. Осы оқиғаға байланысты Алдияр батыр ұрпақтарында төмендегідей өлең жолдары сақталған:
«Ұзын ағаш, тойкеде келді қалмақ,
Хан Тәуке басып барып, басын алмақ,
Келмегірдің қалмағы қайдан келді,
Екі қазақ соғысты, Майлан өлді».
Тарихи аңыз негізінде әңгімеленіп отырған оқиғаның барысы былайша аяқталады. «Тәуке хан нөкерлерінің шабуылын тойтарған Алдияр батыр ертеңіне қонтайшыны еліне аман-есен қайтарады. Қонтайшы Ордасына барған соң тұтқындағы қазақтардың ішіндегі садырларды ғана емес, барлық наймандарды, оған қоса Алдияр батырдың есімін естігендерді де тұтқыннан босатады [8]. Осы тарихи аңызға қатысты қорытынды жасайтын болсақ. Мұндағы қонтайшы деп отырғанымыз жоңғар нояндарының бірі болуы мүмкін. Ал батырдың інісінің өмірін қия отырып ханға қарсы тұруынан біз батырдың елшілерге зиян тигізбейтін дала заңын берік ұстанғандығын анық байқаймыз. Ең бастысы бұл аңызда батырлар институтының ішкі саяси істерге белсене араласып, мемлекеттік маңызы бар шаруаларға азаматтық позициясын танытуы. Оның үстіне елшінің халықаралық мәселені ханмен емес, батырмен талқылауының өзі көп нәрсені аңғартса керек.
Желісі осыған ұқсас келесі оқиға жоғарыда Татищевтің тізімінде кездесетін табын Бөкенбай батырдың есімімен байланысты. Кіші Жүз ханы Әбілқайырдың ешбір кеңессіз Ресей қарамағына өту өтінішін жасағандығы тарихи деректерден белгілі. Сол өтінішке сай қазақтардан ант қабылдау мақсатында Қазақстанның батыс өңіріне М. Тевкелев келеді. Ханның халықпен кеңесіп іс қылмағанына наразы болған батырлар мен билер елшіні, оған қоса ханды да өлтірмек болады. Мәселен, жағалбайлы руының батыры Серке «егер де халықтың және өзінің тыныштығын сақтағысы келсе, бізді тыңдасын», - деп Әбілқайыр ханға баласын жібереді. Ханның әлсіздігін байқаған М. Тевкелевтың өзі де, орталыққа жазған хаттарының бірінде қазақтар ханнан қорықпайды, - деп атап өтеді [ 9, 50-б]. Мұны ханның өзі де мойындап, орыс патшайымына жазған хатында халықтың оның заңдарына құлақ аспайтындығын өкінішпен баяндаған. Міне осылайша ханнан қолдау таппаған М.Тевкелев өз өлімін сәт сайын күтумен болады. Сол кезде елшімен бірге еріп келген башқұрт билері оған ел ішінде беделді Бөкенбай батырға жолығуға кеңес беріп, өлімнен сол құтқарып қалуы мүмкін екендігін жеткізеді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін құжатқа кезек берсек «…Ордаға атақты Бөкенбай батыр, оның күйеу баласы Есет батыр немере інісі Құдаймырза бар. Олар барлық ру басшыларынан күшті, …осылардан Тевкелевке пайда болады[9, с. 51]. Ал осыған қатысты А. Левшин былай деп жазады: «Орта және Кіші Жүзде беделді Бөкенбай батыр оның (Тевкелевтың – авт.) қорғаушысы болуға ниет білдірді. Бұған қоса Әбілқайыр ханның өзі халықтың сенімінен айрыла бастауына байланысты Тевкелевке оның өміріне кепілдік бере алмайтындығын айтып, Бөкенбай батырмен табысуын мақұл көреді. Шынында да Бөкенбай батыр елшінің басты тірегіне айналып, оның және серіктерінің елдеріне аман-есен оралуларына жәрдем тигізеді .
Бөкенбай батыр, оның күйеу баласы Есет батыр, немере інісі Құдайназар мырза т.б. М.Тевкелевтің мойнына алған шаруасын абыроймен орындап шығуына бірден-бір кепілдік берген адамдар. Бодандық үрдісінің осы тұсында Әбілқайырдан да көрі Жетіру басшыларымен тығыз қарым-қатынаста болған башқұрт батыры Таймас Шайімовтың еңбегі басымырақ. Бөгенбай орыс елшісінің сыйлығынан бас тартады. Ол елшінің ұсынған 500 сомның тауарын алмай, өзінің дүние үшін сатылмайтынын, ойына алған қызметті тегін-ақ жасайтынынын мәлімдей отырып, қазақ батырларының рухани-моральдік бет-бейнесінің жоғарылығын тағы да дәлелдеп береді.
Дегенмен Бөгенбай батыр қолдаған күннің өзінде де ел жиыны Әбілқайыр мен елшіге қысым көрсетуін тоқтатпағанын да атап өтуіміз қажет. Ел басылары «хан өз бетімен, ешкіммен келіспей бодандық туралы өтініш білдірді. Қазақты Ресейге тұтқындыққа сатты. Дәстүр бойынша ру басыларымен ақылдаспай хан қимыл жасамауы керек. Ендеше осы тәртіпті бұзған үшін хан өлім жазасына лайық» деп қорытындыға келді [10]
Ханға қарсы көтерілген адамдар арасынан Баба би, Жантума би, Баймұрат би, Сырлыбай батырларды кездестіреміз. Батыр сұлтан мен Тәңірберді бидің көп жігітпен Хиуаға бара жатқан Ресейдің ірі керуенін тонап алуы да ел наразылығының бір көрінісі деуге болады.
Осылайша, сыртқы жауларға қарсы соғыс барысында тоғысқан батырлар қазақ елінің Ресейдің бодандығына мойынсыну үрдісіне келгенде екіге жарылды. Жалпы, қазақ халқы тумысында, болмысында бодандыққа жаны қарсы еді. Бұл туралы А. Левшин өзінің «Қазақ ордасы мен даласын зерттеу» атты еңбегінде айтып кетеді. Зерттеуші қазақтардың бүкіл болмысы мен тыныс-тіршілігін, салт-дәстүрін зерттеп, зерделеп келіп, жалпы қазақ халқының мінез-құлқы еркіндікке негізделген, бодандыққа, мойынұсынушылыққа жат деген қорытынды шығарады. Мұны оның еңбегінегі «Қазақ халқының әдет-ғұрпы» тарауындағы мына дәйек сөзінен аңғаруға болады: «...потому что они не изнежены, не слабы и не знают не только рабства, но и подданства» [9, с. 89].
Бодандыққа қарсы топтың батырлары да қазақ елін бодандыққа енгізу бойынша келген орыс елшілерін қуғыншылыққа ұшыратты. Оның бірі Бақтыбай батыр еді. М. Тевкелевтің Ресей Сыртқы істер министрлігіне жазған құпия хатында полковник Гарбердің басшылығымен Ресейден Бұхара мен Хиуаға бет алған 500 түйелі керуенін Бақтыбай батыр басып алып, дүние-мүлкін жергілікті елге таратып бергені баяндалады. Батырдың әуелгі ойы кеуенді талқандап, адамдарын тұтқынға түсірмек болып 12 күн бойы қоршауға алады. Алайда бұл іске Батыр сұлтан мен Тәңірберді ақсақал араласып, керуендегі 500 түйенің жартысын қайтарып береді.
Бақтыбай батырды халық «әлім Қарасақал әулие» деп те атайды. Батыр нағыз ерлерше майданда қаза тапты. Бақтыбай батыр туралы орыс деректері де куәлік береді [9, С. 280.]
Әбілқайыр ханның қасында болған прапорщик Муравиннің журналында Шекті Бақтыбай туралы мәліметтер кездеседі. Ондағы дәйексөз былай берілген: «Уведомился я, что киргизцы Меньшей орды Чеклинского роду, у которых главным был Бюлюкчюра Чеклинского роду, Бактыбай батыр, собрались иттить под нижних калмык, о которых оне уведомились, якобы без остатку взяты в Астрахань против шаха персидского, и намерены были жен и детей их к себе в плен взять» [9, С. 369].
Ал, кете тайпасының ту ұстар батырларының бірінен саналатын, 10 мыңға дейін жеткен қолына қолбасшылық жасаған Арал батыр да Қазақстанның Ресейдің қоластына өтуіне қарсы болған адам. Арал батыр туралы орыстың тарихи құжаттарында да кездеседі. Оның бірі 1747 жылы 21 желтоқсанда Орынбор губернаторы И. Неплюевтің Сыртқы істер алқасына жіберген хаты. Баймұрат батыр да Әбілқайыр ханның Ресейдің қарамағына өту саясатына тікелей қарсылық көрсеткен тұлғаларға жатады. 1731 жылы қазан айында жасағымен Әбілқайыр ханның ордасы мен Ресейдің елшілігін қоршап алады [10]. Бұл қоршаудың Әбілқайыр ханға қатты тигені соншалық ол Баймұраттың тұтқындағы екі адамын босатып жіберуге мәжбүр болған. өзінің екі адамын босатып алған соң, Баймұрат бастаған наразы топ аттарының басын кері бұрған. Ресей империясының бодандығына өтуге наразы топ 3 қараша күні тағы бір шабуыл ұйымдастырады. Таң атқанша қиян-кескі ұрыс болады. Дегенмен Баймұрат тобы Тевкелевтің 17 аты мен 3 түйесін айдап әкетті» [9, с. 369].
Осылайша, батырлардың саяси ұстанымдарына байланысты мәселе өте шиеленісіп кетті. Ел басына түскен, мұндай шешімі қиын қоғамдық мәселелердің ел жиынында шешілетіні Тевкелевке жолығуға келген кіші арғын руынан қара балуан Бөгенбайдың айтқанынан да білінеді. Ол «мамыр айында Орта жүздің бүкіл ел басшылары: хандар мен сұлтандар, қазақтың түгел ру басылары жиналған кеңес болады. Егер бодандық мәселесін түбегейлі шешемін десе елші соған қатыссын» [9, с. 156.].
Тевкелев саяси биліктің тізгіні хандарда емес, би-батырларда екенін ұғынған соң Орта Жүздің ру басылары Шақшақ Жәнібек пен Қаздауысты Қазыбекке сый-сияпат жіберіп көңілін аулауға тырысты. Балуан Бөгенбайдың ел тағдырын терең ойлайтын кемеңгер азамат екенін 1748 ж. Орынбор кездесуінен байқаймыз. Көшпелі елдің тағдыры не болмақ, замана тынысы қалай, елдің болашағы үшін қандай саясат ұстану керек – осының бәрі батырдың Ресей басшыларына қойған кей сауалдарынан көрініп тұрады. Қазақ саясаткерлерінің көпшілігі қайткен күнде де қалыпты өмір соқпағын бұзбауға тырысса, Бөгенбай сияқты батырлар өзгерістердің болмай қоймайтынын аңдаған.
Би-батырлардың ішкі саяси қызметінің белсенділігін 1734 жылғы Ұлы жүз атынан жүргізілген бодандық келіссөз құжаттарынан да көреміз. Ұлыс атынан Төле, Бөлек, Сатай, Қодар билер, Қангелді сияқты батырлар аты жүр. 1740 жылы Ор кездесуінен Орта жүздің тағдырына толық қатысы бар нияз батырдың рөлі аса маңызды болды. Деректер бойынша ол Сәмеке хан тұсында Түркістан алқабын меңгерген, Князь Урусовқа қазақ хандарының шежіресін баяндап берген білімпаз батыр әр халықтың ерекше табиғатын айыра біледі, ол бір сөзінде «орыстың ақылы басы мен жүрегінің түбінде, қазақтікі көзінде» дейді [9, с. 156.].
Көшпелілер дүниенің әр құбылысының сыртқы түріне, әшекей, қызығышығына көп көңіл бөлетінін батыр дәл айтқан. Сонымен жоғарыда баяндалған екі тарихи мәліметтерді қортындыласақ. Бұл мәліметтердің барлығы қазақ жеріне келген елшілерді батырлардың қорғау қызметімен байланысып жатыр. Алғашқы батыр елшіні қорғап қалу үшін ханға қарсылық білдірсе, соңғысы ханның қолынан келмеген істі жүзеге асырады. Әрине біз бұл арада хандардың дәрежесін төмендетіп, олардың қазақ мемлекеттілігін құру мен одан ары дамытудағы ерен еңбектерін жоққа шығарудан аулақпыз. Біз тек қарастырылып отырған тақырыпқа сәйкес батырлардың қызметін көрсетуге тырыстық. Баяндалған екі оқиғаның ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартысында орын алғандығын ескерер болсақ, осы кезеңде-ақ батырлар институтының ішкі саяси жүйеде айтарлықтай дәрежеге ие болғандығын аңғарамыз. Демек, осы уақытта батырлар жай ғана қару асынған жауынгер немесе қолбасшы ғана емес, мемлекеттік мәселелерде сөзі бар, өзі шешім қабылдай алатын әлеуметтік құрылым ретінде пісіліп жетілген. Бұл дала демократиясының өзіндік құндылығы болатын.
Ер қанаты - ат
Қазақ батырларының келесі бір ерекше тоқталатын тұсы олардың киім үлгісі. Батыр бейбіт күндері де қаруын асынып жүрген. Халық аузында «Ер қаруы – бес қару» деген ұғым қалыптасқан, әдетте оларға садақты, қылышты, найзаны, айбалтаны, шоқпарды жатқызады. Алайда, халық ауыз әдебиетінде жырланатын батырдың қаруы бұдан әлдеқайда көп: алтын балдақ, ақ семсер, бадана көз кіреуке, тоғыз қабат ақ сауыт, алтын сауыт кебе, қозыжауырын жебе, балдағы алтын ақ берен, болаттан соққан айбалта, гүрзі, қанжар, мылтық және тағы басқа көптеген түрлерінің аталатындығын айта кетуіміз керек. Қазақ халқының қару түрлері тарихи даму кезеңдерінде өзіндік даму, жетілу үрдісін бастан кешкен. Оған қазақ халқының іргелес жатқан көрші мемлекеттермен байланыс жасағандығы да өзіндік ықпалын тигізгендігі, соңғы жылдары жарық көрген энциклопедиялар бетінде былай сипатталады: «... Сонымен бірге қазақ қаруының кейбір формаларында, кейбір үлгілерінің, типтерінің пайда болуында қазақ этносы ғасырлар бойы тарихи – мәдени байланыста болған көрші иран, моңғол, түрік, қытай, орыс халықтары қаруының ықпалында көруге болады». Дәстүрлі қазақ қоғамында қару батырмен бірге жасасып, онымен бірге өледі деген сенім орын алды. Қазақ батырларының киім үлгісінде үнемі өзімен бірге болуы тиіс қаруынан бөлек қамшы аса маңызды ұғым.
Дәстүрлі қазақ қоғамына тән құндылықтар жүйесіндегі батырлар институтының орнын қарастырғанда батырлар атының бейнесіне де тоқталмай өтуге болмайды. Белгілі зерттеуші А. Вебер: «Орталық Азиядан шыққан көшпелі халықтардың Қытай, Үндістан және Батыс елдеріне баса көктеп жетуі (ежелгі дүниенің осынау ұлы мәдениеттері көшпелілерден жылқыны пайдалануды үйренді) дүниенің үш атырабына да бірдей ықпал етті, ат үстіндегі көшпелі халықтар дүниенің кеңдігін таныды. Олар ежелгі дүниенің ұлы мәдениеті бар мемлекеттерін жаулап алды. Қиын-қыстау тіршілік пен қауіп-қатері мол жорықтар арқылы дүниенің жалғандығын түсінді, үстем нәсіл ретінде олар дүниеге ерлік пен трагедиялық сананы орнықтырып, оны эпос түрінде паш етті», – дей келе көшпелі халықтарды эпос тудырушы халық ретінде даралап көрсеткен [10]. Сондықтан батырлардың қазақ қоғамындағы құндылықтар жүйесіндегі алатын орнын қазақ эпостарындағы батыр тұлпарының бейнесімен бірге қарастыру қажет.
Себебі, батырлардың басты өзгешеліктерінің бірі – өздеріне сай арғымақтарының болуы. «Ер қанаты – ат» демекші батырлар өзінің жеңістеріне астындағы қазанаттарының көмегімен де қол жеткізе алады. Сондықтан олардың аттары да өздеріне сай ақылды, сүйекті, ірі, тұрақты болып келген. Р.С. Липец эпостағы арғымақтардың батырларға берер көмегі мен олардың күтімі туралы барынша толық баяндап жазып кеткен [Липец Р.: с. 120] Ал, қазақ эпосындағы ат образы жеке бейне емес, эпостың бас кейіпкерімен біртұтас бір бейне ретінде көрінеді. Сондықтан батырларды ат бейнесінен бөліп алып қарастыру мәселені толықтай зерттеуге мүмкіндік бермейді.
Қ. Ахметжанов батырлардың арғымақтары туралы, қолданыстағы «Қазанат», «Пырақ», «Дүлдүл» сөздеріне түсінік беріп кетеді. Сондай-ақ зерттеуші арғымақ жергілікті жерге бейімделген, қазақтың өзіндік сұрыпталып өсірілген асыл жылқы тұқымы деуге болады. Сондықтан, бұл жылқы тұқымы батырлар сословиесімен тікелей байланысты, - деп тұжырым жасайды. Көбінесе батырлар жырында батырдың аты өзіне серік, жебеуші, құтқарушы, қасиетті жануар ретінде суреттеледі. Батырлар жырындағы Алпамыстың Байшұбары, Ер Тарғынның Тарланы, Қобыландының Тайбурылы өте әсіреленіп берілсе де жоңғарлар мен өзге де сыртқы жауларға атойлап қарсы шапқан қазақ батырларының арғымақтары жауды жеңіп шығу жолында елеулі үлес қосып, иелерін қауіпті сәттерден аман алып қалып отырған. Ғалым М. Мағауин өзінің қазақ эпостарындағы батырлар жырына арнаған «Тозбас мұра» зерттеуінде Тарғынның Тарлан атты арғымағының да дене бітімі бөлек болып суреттелгеніне арнайы тоқталады [18].
Ел аузында сақталған әңгімелерге қарағанда Қарасай батырдың аламан айқасқа мінетін аты басқа да, жол сапарға мінері басқа болған. Бірде сапарға мінетін аты – Саңлақкерді қалмақтар қуып кеткеніне қарамастан батыр есебін тауып алып қайтқан [10].
Ал, Қаракерей Қабанбай батырдың Қубасымен талай қиындықтар мен ауыр кезеңдерді бірге өткізгені, батыр өзінің Қубасымен серттесіп, тілдескені екеуінің алапат соғыстарда бір-біріне серік болғаны, талай қиындықтар мен ауыр кезеңдерді бірге өткізгені жырғау арқау болып, сондай-ақ жорықтардағы арғымақтың да елеулі үлесі ашыла түскен [11]. XІX ғасырдың орта шенінде қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрі мен фольклорын зерттеуге үлес қосқан Бронислав Залесскийдің еңбегінен: «Қазақ даласының тіршілік-тынысы» еңбегінде «Қазақты ат үстінде тану қажет. Жер түбіне дейін шаршамай-шалдықпай ат үстінде жүре берер төзімділігін, ептілігін көргенде қазақтар осы ер үстінде жаралғандай көрінеді» деген жолдарды кездестіреміз [11, 141-б.].
Зерттеуші Р.Г. Липец эпостардан келтірген бір мысалда «Елшілікке жіберілген бір салт атты иттердің абалап қаумалағанынан аты үркіп құлап қалады. Ол ханның алдына жаяу келгенде, оны уәзірлер мойындамай кіргізбей қояды» деп жазады. Бұл оқиға көшпілелер қоғамында жаяу адамның ешқандай орны мен салмағы жоқ екенін ашық көрсетеді. Сондықтан, жауынгер үнемі ат үстінде болуы қилы кезеңдегі заман талабынан туған шарт болып қалған.
Қазақ халқының жылқы малына деген көзқарасы мен құрметі де ерекше. Қазақ сонымен қатар, ат немесе жылқыны «қанатты тұлпар», «дүлдүл» «пырақ» сияқты теңеулер арқылы дәріптеген. «Пырақ», «дүлдүл» ислам дінімен енген. «Пырақ» (арабша «Бурақ»/ Мұхаммед /с.ғ.с.) пайғамбардың Мирадж түні жеті қат аспанға көтеріліп, Алланың тағының алдына барғанда мінген аты. «Дүлдүл» – Хазірет әлінің талай шайқасқа мінген атының есімі. Осыған орай қазақ батырларында «ат сүйек беру» деген дәстүр болғанын атап өту қажет. Бұл дәстүр бойынша майданда аты оққа ұшқан батырды жау қолында қалдырмай басқа атқа ауысып мінуін қамтамасыз ету керек болған. Ал, енді батырлар атының бейнесін қазақ эпостарындағы, соның ішінде батырлар жыры мен тарихи жырлардағы көрінісімен салыстыра отып талдайық.
Батырлық жырлардағы батырлардың аттары өздерінің архаикалық эпостан қалған ерекше қабілеттерінің кейбірін сақтап қалуымен қатар, үлкен ақыл-естің, адалдық, сенімділік сияқты моральдық қасиеттердің иесі болған аса қадірлі жануарлар, орасан зор эпикалық тұлғалар дәрежесіне беріледі.
Қазақ эпосының пайда болуына, әсіресе, инициация үрдісімен шамандық мифтер үлкен әсерін тигізген. Бірқатар зерттеушілер көшпелі халықтардың инициация салтының атпен, соның ішінде атты үйрету, бас білдіру әрекетімен өзара байланыстылығын атап көрсетеді. Батырға «өзіне арналған» аттың бас білдіруіне қарап есім берілетіні кездейсоқтық емес. Бұл жасөспірімнің жауынгер ретінде пісіп-жетілгенін дәлелдейтін инициацияның өзіндік бір түрі. Эпоста көбіне атқа бас білдіруден соң батырға есім беру салтанаты болады», - деп жазады Р.С. Липец [18].
Қазақ халқында да өткен дәуірлерде батырға, оның атына есім беру рәсімі инициация салтының бір бөлігі болған деп болжамдауға негіз бар және бұл рәсім фольклорда кең көрініс тапқан (мысалы, Керқұла атты Кендебай, Қара қасқа атты Қамбар бек). Г.Н. Потанин: «Моңғол және шығыс түркі ертегілерінде (автор бұл сөзді «эпос» мағынасында қолданып отыр – авт.) батырдың жасөсіпірім шағынан ересек жасқа өтуі атап өтілетін салт жиі баяндалады. Бұл жағдайда батырға жаңа есім беріледі» деп жазады [12].
С.А. Плетнева өз еңбегінде: «Оғыздарда 15 жастағы жасөсіпірім өзіне есім және мінетін ат алып, ересек жауынгер деп есептелетінін» атап өтеді. Оның айтуына қарағанда бұл салт қоғамдық дамудың белгілі бір сатысында әлемнің барлық халықтарында болатын инициация салтының қалдығы болып табылады екен. С.А. Плетнева «Көшпелі халықтардың көптеген ертегілері қаһарманның әкесінен өзіне есім беруді, қару-жарақ пен мінетін ат беруді сұраған жауапты сәтінен басталады», - деп жазады [16]. Сондай-ақ ол ежелгі түркілердің қорымдарынан қаруымен және атымен бірге жерленген балалардың табылуын да осы ғұрыппен байланыстырады [16, с. 78.]
Зерттеушілер эпостың әрбір жанры ат образын жасауда өз көркемдік құралдарын, дәстүрлі бейнелеу үлгілерін қалыптастыратындығын атап өтеді. Мәселен, синкреттік, мифтік-ертегілік шығармалардан енді ғана еншісін бөліп ала бастаған архаикалық эпоста аттар қиял-ғажайып қасиеттерге ие бейнелердің қатарында, әрқилы ерекше қабілеттері, магиялық күш-қуаты, құдіреті бар жан иесі түрінде сипатталады. Ал, халықтық, этникалық ұғым-түсініктерді бойына молынан жинақтаған қаһармандық эпостарда аттар өздерінің архаикалық эпостан қалған ерекше қабілеттерінің кейбірін сақтап қалуымен қатар, үлкен ақыл-естің, адалдық, сенімділік сияқты моральдық қасиеттердің иесі болған аса қадірлі жануарлар, орасан зор эпикалық тұлғалар дәрежесіне көтеріледі [16,с. 78.]
Мәселен, эпоста батырдың ат таңдауы, тұлпарын табуы; оны құлынынан баптап бағып, жетілдіру, аттың сыны, сырт көрінісі, ер-тұрманы, әбзелі, жасы, тұлпардың кеңістіктегі қозғалысы, аттың жүретін кеңістігінің көріністері, жүріп өткен жолының ұзақтығы, жүру уақыты, шабысы, шабыс кезіндегі сипаты, динамикалық қозғалыс үстіндегі сырт көрінісі, соғыс майданындағы әрекеттері, аттың батырмен және эпостың басқа да кейіпкерлерімен тілдесуі, сөйлесулері, басқа да белгілері кеңінен сипатталды.
Зерттеуші А. Көшекова: «эпостардың көне нұсқаларында ат батырдың бағынышты көмекшісі, көлігі, айтқанынан, еркінен шықпайтын жануар ғана емес, толыққанды жеке дара кейіпкер ретінде батырды өзіне бағындырып, алға бастап, бағыттап отырады, ал бас қаһарман өз атының айтқанын екі етпей орындайды. Бірақ уақыт өте келе батырлар жырында бейнелетін аттардың кейбір қызметтері, мәселен, сиқырлы, көмекшілік, тіпті, қолдап-жебеушілік, жөн-жоба көрсетушілік қасиеттері сақталып қалған», - дей келе бұлардың өзіндік төмендегідей ерекшеліктерін бөліп көрсетеді:
– бұл топтағы эпостар – соңғы дәуірдің туындылары, сондықтан оларға қаһармандық эпостардағы ат бейнесін сомдаудың элементтері көптеп енген;
– архаикалық мотивтердің көптеп сақталуына қарамастан, олардағы ат бейнесі ежелгі эпостардағыдай өз бетінше әрекет ететін, жеке-дара тұлға, тәуелсіз кейіпкер дәрежесіне көтерілмейді;
– бұл топтағы эпостарда қиял-ғажайыптық, архаикалық-мифологиялық мотивтер соңғы дәуірдің ұғым-түсініктері тұрғысынан қайта қаралып, өңделген;
– бұл эпостардағы ат бейнесі барынша бейнелі, жетілген, дамыған тілмен суреттеліп, ең үздік классикалық қаһармандық эпостармен теңдестіретіндей көркемдік дәрежеге жеткен [17]
Батырлар жауынгерлік этикасын қатаң ұстанатын. Осындай тәрбиелік мәні бар дала кодексінің бірі – батырларға қойылатын талаптар жүйесі болды. Бұл талаптарды екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, соғыс барысында қолданылатын жазылмаған заңдар – жекпе-жекке шыққанда кезекті бұзбау, жеңілген дұшпанына достарымен қоштасуға рұқсат беру, қаруды дұрыс пайдалану. Үлкен айқастарда жекпе-жекке қатысу батырлардың басты міндеті. Жауынгерлердің шын мәнінде батыр атануы осы жекпе-жекте жеңуден басталатын.
Екінші талап жауды жеңгеннен кейін орындалатын талаптар. Бұл талаптарды – батырлар кодексі деп айтуға болады. Мысалы, Парпария батыр елге танымал қарт батыр Аңшыбайдан бата алуға барғанда ол былай дейді:
Жауыңды жеңіп ел алсаң
Қатын балаға тимегін
Жазықсыз жанды жылатпа
Тарихи тамды құлатпа
Қайратыңа мастанып
Кем адамды кемітіп,
Қағып-соғып құлатпа
Қартты көрсең қайрылып
Барың болса беріп кет.
Үй-үйден қайыр сұратпа
Жауыңды жеңіп ел алсаң,
Ел сенгенше өзіңе
Сол жерде жылдап тұрақта [13]
Осы жыр жолдарында батырдың әлеуметтік қызметтерімен қатар ерекше мән беретін екі міндетіне – тарихи ескерткіштерді қиратпау және басып алынған жерді басқару – бұл батырлар институтының саяси қызметі деп есептеуге болады. Тарихи ескерткіштерді қиратпау бұл басып алған елдің дәстүрін, тарихын, наным-сенімін сыйлау деген сөз. Ал енді басып алған елде тұрақтаудың басты мақсаты – болашақта дұшпан жинамау, мемлекеттіліктің негізін қалау.
Қорытынды. Ойымызды тұжырымдай келе дәстүрлі қазақ қоғамындағы батырлар институы өкілдерінің өзіне тән этикетінің болғандығын және оның қатаң сақталғандығына көз жеткіземіз. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы қазақ батырларының өзіндік ұстанымдары, дәстүрлері, қасиеттері мен тұрмысы, салт-санасы, ар-намыс кодекстері, принциптері, портреті мен бейнелік тұлғалары, өзіндік мұраты, қоғамдық қызметі, этикалық ерекшеліктері, ырым-жоралғылары санадағы құндылықтар жиынтығымен тоғысқан. Батырлардың ар-намыс кодекстері мен бет-бейнесі қазақ қоғамындағы дәстүрлі тәрбие мектебі болып табылды. Батырлар отаншылдық пен азаматтылықтың ең жоғарғы бейнесін құрады. Дала демократиясының өкілдерін құрған билер мен батырлардың, жыраулардың ауызынан шыққан асыл сөздері мен жыр жолдары, дастандары тарихи және мәдени мұра ретінде ұрпақтан ұрпаққа жалғасып дәстүрлі қазақ қоғамындағы құндылықтар жүйесін толықтырды.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Абусеитова М.Х. Казахское ханство во второй половине XVI века.–Алма-Ата,1985. – 101 с.
2. Тохтабаева Ш.Ж. Этикетные нормы казахов. Часть ІІ. Семья и социум. – Алматы: LA GRÂCE, 2017. – 221 с.
3. Голубовский П. Печенеги, торки и половцы до нашествия татар: История юж.-рус. степей IX-XIII вв.: Моногр. П. Голубовского. – Киев: Унив. тип. (И.И. Завадского), 1884. – 263 с.
4. АпполоваН.Г. Присоединение КазахстанакРоссии в 30-х годахХVІІІ в. – Алма-Ата: АН ССР, 1948. – 254 с.
5. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін): бес томдық. –Алматы: Атамұра, 2002 . – Т. 3. – 768 б.
6. Алдаспан. XV-XVIII ғасырлардағы қазақ ақын, жырауларының шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 1971. –278 б.
7. ВитевскийВ.Н. И.И.Неплюев и Оренбургский край в прежнем его составе до 1758 г. – Казань: Типолитогр. В.М. Ключникова, 1897. – Т.1. – С. 160.
8.Тынышпаев М. История казахскогонарода. – Алма-Ата: Қазақ Университеті, 1993. – 224 с.
9. Вяткин М. Султаныи бии // Қазақтың атазаңдары. Құжаттар, деректер жәнезерттеулер. – 10 томдық / Бас ред.: Зиманов С.З. – Алматы: Жеті жарғы, 2004. – Т. 2. – С. 217.
10. Казахско-русские отношения в ХVІ-ХVІІІ веках (Сборник документов и материалов). – Алма-Ата: Наука, 1961. – 741с.
11. Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих иликиргиз-кайсацких Орд и степей. – Алматы: Санат, 1996. – 656 с.
12. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi. Энциклопедия. – Алматы: РПК “СЛОН”, 2012. – 735 б.
13. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. (Ғылым ред. және жоба жетекшісі Н. Әлімбай). Энциклопедия. – Алматы: РПК “СЛОН”, 2012. – 736 б.
14. Сәнік З., Садықанұлы Б. Қаракерей Қабанбай. – Алматы: Жазушы, 1991. – 176 б.
12. Залеский Б. Қазақ даласының тіршілік-тынысы. – Астана: Аударма, 2003. – 264 б.
13. Липец Р. Образы батыра и его коня в тюрко-монгольском эпосе. – Москва: Наука, 1984. – 263 с.
14. Ахметжанов Қ.С. Жараған темір кигендер (батырлардың қару-жарағы, әскери өнері, салт-дәстүрлері). – Алматы: Дәуір, 1996. – 256 б.
15. Никифоров Н. Аносский сборник. Собрание сказок алтайцев с примечаниями Г. Потанина // Зап. Западно-Сибирского отдела РГО. – Омск, 1915. – Т. XXXVII. – С.28.
16. Плетнева С. Печенеги, торки и половцы в южнорусских степях // Материалы и исследования по археологии. – 1958. – № 62. – С. 78.
17. Көшекова А.А. Қазақ эпосындағы ат образы: филол. ғыл. канд. ... дисс. автореф. – Алматы, 2009. – 29 б.
Referense:
1. Abýseıtova M.H. Kazahskoe hanstvo vo vtoroı polovıne XVI veka. –Alma-Ata, 1985. – 101 s.
2. Tohtabaeva Sh.J. Etıketnye normy kazahov. Chast II. Semıa ı socıým. – Almaty: LA GRÂCE, 2017. – 221 s.
3. Golýbovskıı P. Pechenegı, torkı ı polovcy do nashestvııa tatar: Istorııa ıýj.-rýs. stepeı IX-XIII vv.: Monogr. P. Golýbovskogo. – Kıev: Ýnıv. tıp. (I.I. Zavadskogo), 1884. – 263 s.
4. Appolova N.G. Prısoedınenıe Kazahstana k Rossıı v 30-h godah HVIII v. – Alma-Ata: AN SSR, 1948. – 254 s.
5. Qazaqstan tarıhy (kóne zamannan búginge deıin): bes tomdyq. –Almaty: Atamura, 2002 . – T. 3. – 768 b.
6. Aldaspan. XV-XVIII ǵasyrlardaǵy qazaq aqyn, jyraýlarynyń shyǵarmalar jınaǵy. – Almaty: Jazýshy, 1971. – 278 b.
7. Vıtevskıı V.N. I.I. Neplıýev ı Orenbýrgskıı kraı v prejnem ego sostave do 1758 g. – Kazan: Tıpolıtogr. V.M. Klıýchnıkova, 1897. – T.1. – S. 160.
8. Tynyshpaev M. Istorııa kazahskogo naroda. – Alma-Ata: Qazaq Ýnıversıteti, 1993. – 224 s.
9. Vıatkın M. Sýltany ı bıı // Qazaqtyń ata zańdary. Qujattar, derek-ter jáne zertteýler. – 10 tomdyq / Bas red.: Zımanov S.Z. – Almaty: Je-ti jarǵy, 2004. – T. 2. – S. 217.
10. Kazahsko-rýsskıe otnoshenııa v HVI-HVIII vekah (Sbornık doký-mentov ı materıalov). – Alma-Ata: Naýka, 1961. – 741s.
11. Levshın A.I. Opısanıe kırgız-kazachıh ılı kırgız-kaısackıh Ord ı stepeı. – Almaty: Sanat, 1996. – 656 s.
12. Qazaqtyń etnografııalyq kategorııalar, uǵymdar men ataýlarynyń dástúrli júıesi. Encıklopedııa. – Almaty: RPK “SLON”, 2012. – 735 b.
13. Qazaqtyń etnografııalyq kategorııalar, uǵymdar men ataýlarynyń dástúrli júıesi. (Ǵylymı redaktor jáne joba jetekshisi N.Álimbaı) Encıklopedııa. A., 2012. T. III. – 736 b.
14. Sánik Z., Sadyqanuly B. Qarakereı Qabanbaı. – Almaty: Jazýshy, 1991. – 176 b.
12. Zaleskıı B. Qazaq dalasynyń tirshilik-tynysy. – Astana: Aýdarma, 2003. – 264 b.
13. Lıpec R. Obrazy batyra ı ego konıa v tıýrko-mongolskom epose. – Moskva: Naýka, 1984. – 263 s.
14. Ahmetjanov Q.S. Jaraǵan temir kıgender (batyrlardyń qarý-jaraǵy, áskerı óneri, salt-dástúrleri). – Almaty: Dáýir, 1996. – 256 b.
15. Nıkıforov N. Anosskıı sbornık. Sobranıe skazok altaıcev s prımechanııamı G. Potanına // Zap. Zapadno-Sıbırskogo otdela RGO. – Omsk, 1915. – T. XXXVII. – S.28.
16. Pletneva S. Pechenegı, torkı ı polovcy v ıýjnorýsskıh stepıah // Materıaly ı ıssledovanııa po arheologıı. – 1958. – № 62. – S. 78.
17. Kóshekova A.A. Qazaq eposyndaǵy at obrazy: fılol. ǵyl. kand. ... dıss. avtoref. – Almaty, 2009. – 29 b.
Г.А. Мейрманова1 к.и.н., и.о. доцента, М.К Дауытбекова1 , к.и.н., и.о. доцента
1КазНУ им. аль-Фараби, факультет истории, археологии и этнологии
г. Алматы, Казахстан
Авторы в своей статье рассматривают этикет батыров как традиционный атрибут в обществе. В казахском этикете есть некоторые традиционные моменты, связанные с родом деятельности. В зависимости от специфики труда человека устанавливаются наборы определенных речевых оборотов, манера поведения, а в некоторых случаях – своеобразие костюма и особенность атрибутики. Личности высокого социального статуса, владевшие арабским, чагатайским (реже – персидским и русским) языками, часто выполняли дипломатические функции между Казахским ханством и другими странами. Авторы в данной статье авторы делают акцент на устное народное творчество казахов.
Ключевые слова: батыр, этикет, нормы поведения.
G.A. MEIRMANOVA, Ph.D., Associate professor, Department of Archeology, Ethnology and Museology, Al-Farabi Kazakh State University;
M.K. DAYTBEKOVA.,Ph.D., Associate Professor of the Department of History of Kazakhstan, Al-Farabi Kazakh State University
HEROES OF THE TRADITIONAL KAZAKH SOCIETY
Summary
The article considers the etiquette of batyrs as a traditional attribute in society. In Kazakh etiquette there are some traditional moments associated with the kind of activity. Depending on the specifics of a person's work, established of certain speech, the manner of behavior, and in some cases - the originality of the costume and the peculiarity of the attributes. Individuals of high social status, who spoke Arabic, Chagatai (more rarely - Persian and Russian) languages, often performed diplomatic functions between the Kazakh Khanate and other countries.The authors focus on oral folk creativity of Kazakhs.
Keywords: batyr, etiquette, norms of behavior.