Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ОТАРШЫЛДЫҚ КЕЗЕҢДЕГІ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ТАРИХИ ТАҒДЫРЫ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІКТЕН КЕЙІНГІ «ҚАЗАҚТЫҚ РЕНЕССАНС»

А.Ғ. Толамисов, Тарих ғылымдарының кандидаты, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университеті тәрбие ісі жөніндегі прор

ОТАРШЫЛДЫҚ КЕЗЕҢДЕГІ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ТАРИХИ ТАҒДЫРЫ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІКТЕН КЕЙІНГІ «ҚАЗАҚТЫҚ РЕНЕССАНС»

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(16), 2018

Тегтер: «егемендік»., «социализм», «ұжымдастыру», «интернационализм», «отаршылдық», «аграрлық революция», «индустрияландыру»
Автор:
Мақалада қазақ халқының көшпелі дәстүрі отаршыл империя және кеңестік социализм әсерінен қаншалықты өзгергені және русификация үрдісі қалай жүргеніне талдау жасалады. Мақаланың негізгі бөлігі шетел тарихшыларының көзқарасымен баяндалады. Сонымен қатар Тәуелсіз Қазақстандағы саяси өзгерістердің алғышарттарына назар аударылып, осы бағыттағы ғылыми әдебиеттерге талдау жүргізіледі. Мақаланың хронологиялық шеңбері Қазақстанның Ресей бодандығына кірумен басталып, егемендік алу оқиғасымен шектеледі. Кілт сөздер: «индустрияландыру», «аграрлық революция», «отаршылдық», «интернационализм», «социализм», «ұжымдастыру», «егемендік».
Мазмұны:

Кіріспе. XVIII-XIX ғасырдағы отаршылдық кезең мен ХХ ғасырдағы Кеңес одағының саясаты нәтижесінде Қазақ халқының мәдениетінде, салт-дәстүрінде және Қазақ қоғамындағы «орыстандыру» үдерісінің орнығуын қарастыра отырып, қазақтардың біртіндеп көшпелі далалық мәдениеттен айырылу процессіне жүйелі түрде талдау жасау, сондай-ақ, Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан қоғамындағы жалпы өзгерістерді саяси, экономикалық және мәдени сарындарға жіктеп, отаршылдықтан қазіргі күнге дейінгі қазақ халқының басынан өткен мәдени үрдістерді шетел авторларының еңбектеріндегі деректерге сүйене отырып, маңызын ашып көрсету, оларды жан-жақты сараптау және арнайы түрде зерттеу – осы мақаланың негізгі мақсаты болып табылады.

Негізгі бөлім. Қазақстандағы мемлекеттілік тарихының тамыры тереңде жатқаны белгілі. Еуразиядағы ерте мемлекеттердің тарихы көне түріктерден бастау алады. Əлемдік өркениет тарихында Алтын Орданың алатын орны ерекше. XV ғасырдың екінші жартысында тарихи аренаға Қазақ хандығы шықты. Ол біртіндеп ғасыр соңына қарай Орталық Азия аймағындағы қуатты мемлекеттің біріне айналғандығы өздеріңізге белгілі. Көшпелі Қазақ хандығы өзінің басқа көршілеріне қарағанда дəстүрлі институттары тəн орталықтандырылған мемлекет ретінде қалыптасты. Сұлтандардың оқшаулануына жол берілмей, дала конституциясы ретінде дəстүрлі əдеттегі құқық қолданылды. Кез келген мемлекеттік құрылым сияқты қазақтың дəстүрлі институттары да, тарихи кезеңдерде тар жол тайғақ кешуден өткені белгілі, бірақ олардың өз заманына бейімделген, икемді саяси жүйе болғанын мойындауымыз қажет. XVI ғасырда Қазақ хандығының шекарасы Алтайдан Еділге дейін, Оңтүстік Сібірден Ташкенге дейін созылып жатты. Осы кезеңде өзіне тəн елементтері бар қазақ этносы қалыптасып біткен болатын. Мемлекеттік институттар біртіндеп əлсіреп, XVIII ғасырда Ресей империясының күшейуінің арқасында, оның қол астына өтті [1]. Қазақтардың Ресей патшалығының қол астына өтуімен дәстүрлі көшпелі қазақ қоғамы өзгеріске ұшырады.

Осы сәттен бастап қазақ халқының тарихында жаңа кезең басталған болатын. Өйткені қазіргі Қазақстан қоғамындағы болып жатқан саяси өзгерістердің түп тамыры осы тарихи кезеңнен бастау алады. Бұл тақырыбымызды баяндайтын отандық тарихшылардың еңбектері мол болғанымен, шетелдік авторлардың көзқарасымен жеткізуді жөн көрдік. Тәуелсіздік жылдарында қазіргі Қазақстан туралы батыста бай тарихи контексттегі бірқатар кітаптар жарық көрді. Ірі еңбектердің қатарында: «Қазақтар» - Марта Олкот, АҚШ (екінші және толықтырылған басылым, 1995 ж.); «Формирование казахской идентичности – от племени к государству» Ширин Акинер, Ұлыбритания (1995); «Современные казахи»  Ингвар Сванбергтің редакциясымен, Швеция мен Ұлыбритания (1999); «Казахстан» Катрин Пужоль, Франция(2000); «Казахстан: отношения между центром и периферией» Салли Каммингс,Ұлыбритания(2000); «Казахстан: 1993—2000» Неміс экономист топтары (2001); «Строительство государства и нации в Казахстане» (2002) Мари-Карин фон Гумппенберг, Германия; «Смена элит и политическая динамика в Казахстане» Андреи Шмитц (2003)  ГФР;және, тағы да Марта Олкоттың кітабы «Казахстан: непройденный путь», АҚШ және Ресей (2002-03) [2].

Ш. Акинер «Формирование казахской идентичности» еңбегінде XIX ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басындағы жаппай славяндық иммиграция алдында өлкедегі Ресей халқының саны және оның ықпалы да аз болды деп баяндайды. Соған қарамастан, XVIII ғасырдың ортасынан бастап Ресейдің Сібір жеріне орнығуы қазақ даласының солтүстік бөлігіндегі экономикалық, мәдени және саяси өмірге әсер ете бастады. Көшпеліліктің отырықшы өмір салтына өзгеруінің еріксіз процесі осылай басталған болатын. Оңтүстікте, Ресейдің ықпалы әлсіз болғандықтан, онда отарлау үдерісі кейінірек басталды және көшпелі өмір салтының ыдырауы көрші мұсылман қауымдарының ықпалымен жүрді. XIX ғасырдың басында Ресей Кіші және Орта жүз аумағында бірқатар түбегейлі саяси реформаларды жүзеге асыра алуға қауқарлы еді. Ол реформалар Ресейге аймақтың тікелей басқарылуын және отарлауды күшейтуге мүмкіндік берді, бірақ сонымен қатар, тайпалық жүйенің географиялық, экономикалық және әлеуметтік іргетастарына елеулі әсер етті. Ресей реформаторларының жоспары бойынша дәстүрлі тайпалық топтармен сәйкес келетін аумақтық қағидаға сәйкес салынған әкімшілік бірліктерді енгізді, бірақ олар ұзақ уақыт бойы қалыптасқан көшпелі бағыттарды ескермеді. Сұлтандардың саяси күші толығымен жойылды; алайда Ресей әкімшілігімен ынтымақтасқандар жаңа әкімшілік аппараттарға қосылып, іс жүзінде Ресейдің мемлекеттік қызметкерлеріне айналды. Олардың ақсүйектік деңгейлері сақталып қалды, және әскери мен азаматтық шендері еңбек өтілі мен атақтарына қарай берілді. Ш.Акинер Ресей үкіметінің Қазақстанды империяның басқа территорияларымен толықтай біріктіруге тырысқан мақсатына қарамастан, 1867-1868 жылдардағы жаңа әкімшілік бөлініс өз алдарына қазақ жерінің бір әкімшілік бірлікке бірігуіне жол бермеу туралы тапсырмалар қойғанын айтады. Нақтырақ айтсақ Қазақстан әрқайсысы әртүрлі генерал-губернаторлықтың әкімшілік басқаруындағы үш аймаққа бөлінді: Орынбор (Орал және Торғай), Батыс Сібір (Ақмола және Семей), Түркістан (Сырдария және Жетісу облыстары). Мұндай бағыныштылық жүздердің дәстүрлі шекарасына мүлдем сәйкес келмеді, және ескі тайпалық байланыстарды бұзды. Жаңа әкімшілік щекаралар бұрынғы экономикалық байланыстарды ескермеді, рулар мен жүздердің арасына кедергі келтірді. Жаңадан пайда болған әкімшілік құрылымдардан тысқары орналасқан көшпелілердің дәстүрлі қозғалысына кедергі келтіретін жаңа бюрократияны тудырды. Автордың айтуынша, 1860 жылдардағы әкімшілік құрылымның Қазақстанның болашақ тағдыры үшін тағы бір қасіретті салдары болды: Солтүстік – неғұрлым индустрияландырылған аймақтың бір бөлігі болып қалыптасты; Оңтүстік аграрлы сипатта және Исламның күшті ықпалында қалды. Бүгінде, жүз жылдан астам уақыт өтсе де, бұл тарихи айырмашылық әлі де сезіледі.

Осы орайда Пюжоль өткен тарихпен келіп жеткен қазақ халқының өзіндік ерекшелігі дуалистік сипатқа ие болған деп ой қорытады. Қазақстанды басқалардан ерекшелендіретін бұл екімәнділік – ол, әлі де болса шаманизм қалдығынан айырылмаған, отырықшылық процесін басынан өткізген, күштеп секуляризацияға ұшыраған, көпұлтты және көпконфессиялық дәстүрлі түркі-мұсылмандық негізбен Ресейден келген европалық модельдің біте қайнасуында [3].

Ресей империясының одан қалса Кеңес Одағының саясатынан кейін, оларға қатысты қазақтардың бойында күрделі сезімдер қалыптасты. Өткен дәуірдің көшпелілік дәстүрі жоғалуға айналып, уақыт өте келе қазақтардың өз жеріне деген қарым-қатынасы түбегейлі өзгерді. Тек ерекше жағдайларда ғана олар бұрынғы көшпелі дәстүр мен дәстүрлі тағамдарын еске алады, бірақ енді сол өткенге шындап оралу туралы ешкім тіс жармайды. Бірақ патшалық Ресеймен Кеңестік биліктің қазақтарға тигізген ең үлкен көңіл қаларлық істері – қазақтар өздерінің жаңа тәуелсіз мемлекеттерінде ұлттық азшылық топ (90-жж. ортасы) болып қалды, - деп М.Олкотт қазақтар туралы өзінің пікірін білдіреді [4].

Ресей өзінің саясатын әкішілік-экономикалық әдістермен жүргізді. Бірақ мәдени сала да ұмытылмады. Ш.Акинер Ресей бірнеше арналар арқылы мәдени ықпал етуді жүзеге асырды, -деп есептейді. Оның біріншісі мемлекет қаржыландырған білім саласы болды. Бірінші орыс орта мектебі XVIII ғасырдың екінші жартысында Омбы, Орынбор, Петропавл және Жәмішев бекіністерінде ашылды. Олардың міндеті әскери және азаматтық әкімшіліктің қажеттіліктері мен мүдделерін қамтамасыз ету болды. 1789 жылдан бастап империяның жоғары оқу орындарында қазақтың ақсүйектерін оқыту практикасы ресейліктермен азияттықтарды жақындастыруды нығайту, Ресейге деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімін нығайту, отаршыл басқару үшін кадрларды даярлау мақсатында жүргізілді. Осы саясаттың нәтижесінде ең алдымен солтүстіктегі қазақтар арасында білім беруді ынталандыру, орыс тілін, орыс мәдениетін және еуропалық білім беру жүйесінің бастамаларын енгізу қалыпты құбылысқа айналды. 1895 жылы 37 орыс-қазақ бастауыш мектептері болса, 1913 жылы олардың саны 157-ге жетті. Алайда бұл тек орыс халқының шоғырланған аймағында ғана мүмкін болды.

Орыс мәдениетінің екінші ықпал ету арнасы – киім, тұрмыстық заттар мен жиһаздарды және европалық әдеттерді игеру болды. Қазақ аристократтары француз тілін үйренді, француз сәнін көрді, еуропалық стильде биледі және өздерінің мінез-құлқын орыстық қалыпқа ұқсатуға тырысты. Төменгі деңгейдегі шаруалар да материалдық мәдениеттің жаңа элементтерін - айналар, самоварлар, тігін машиналары, шамдар, кереуеттер, орындықтар мен үстелдерге бейімделе бастады.

 Бұрынғы ауылдық ұсталар қоғамның бірте-бірте ұлғайып келе жатқан сұраныстарын қанағаттандыра алмады. Ресей нарығымен қоса көшпелілер үшін жұмыс істейтін кәсіби суретшілермен қолөнершілердің табы қалыптасты. Көпұлттың басы қосылған жәрмеңкелерде айтыс немесе бәйге сияқты дәстүрлі ойын-сауықтар бұрынғыға қарағанда әлдеқайда азайды. Уақыт өте келе олар көзге елестетерлік халықтық мәдениет ұғымына айналды. 

Ресейлік ықпалдың тағы бір көзі, сонымен қатар ең бастысы – ол, қалалардағы интеллектуалды өмір болды. Олар 1820 жылдардан бастап империяның түрлі бөліктерінен қазақ даласына революциялық рухты алып келген дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер, ғалымдар және саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар (әсіресе, украиндар мен поляктар) еді. Бұл топтар өздерінің ғылыми қызығушылықтарына қарай қалаларда үйірмелер ұйымдастырды. Олар метрополияның ғылыми және мәдени өміріне қатысып, сайып келгенде, Қазақстанның қалаларында баспа қызметін дамытуға негіз қалап берді. Орыстық білім алған қазақ элитасы көшіп келген иммигранттармен жиі достыққа ұласатын тығыз қарым-қатынаста болды. Мұндай байланыстар жас қазақстандық интеллигенцияның көкжиектерін кеңейтіп, орыс мәдениетінің ең көрнекті идеялары мен ойшылдарына тікелей қосылуға мүмкіндік берді (мұнда Акинер М.Достоевскиймен Ш.Уалихановтың достығын меңзеп отыр). Қазақ мәдениетінің орыс мәдениетімен байланысының жағымды салдары болған төртінші сала, ол – көшпелілер мұрасын жазып, жіктеп, түсіндірген орыс фольклористері мен этнографтарының қызметі болды. Кенеттен жарыққа шығарылған Египет мумиялары сияқты, Ресей мемлекетімен байланысқан көшпелі өмір салты да сондай жылдамдықпен ыдырай бастады. Алайда Акинер басқасына қарағанда колониальді режимдегі діннің жағдайына баса назар аударады. Себебі бір қарағанда парадоксальді көрінгенімен, Ресейдің ықпалымен бірге қазақ даласында Исламның да рөлі өсе түскен. Патша өкіметі екі жүзжылдық бойы империя құрамында болған татар миссионерлерімен уағыздалған Ислам дінін қазақ жерінде нығайтуға тырысты. Мемлекет мешіттер салу және діни әдебиеттерді басып шығару үшін қаражат бөле бастады. Бірақ Исламның сүнниттік бағыты, Ханафи мектебінің өкілдерінен болған барлық молдалардың шыққан тегі оңтүстіктен, яғни Түркістан мен Ташкенттен еді. Ал татарлар болса XIX ғасырдың басында Солтүстік Қазақстандағы қазақтар мен орыстар арасындағы «шекаралық делдалдардың» рөлін атқарған болатын. XIX ғасырдың екінші жартысында ресейлік билік қазақтар арасында исламның нығаюына бейжай қарап отыра алмады және оларды христиан дініне айналдыру науқанын бастады. Бірақ бұл идеяның қазақтарға көп әсері бола қоймады. Ең алдымен, Ресей әкімшілігі молдалардың санын шектеуге тырысты. Мешіттер мен мұсылман мектептерін ашу биліктің ресми рұқсатымен ғана мүмкін болды. Вақфқа және одан да басқа діни салықтарға тыйым салынды. Бірақ, бұл шараларға қарамастан, мұсылман мектептерінің саны өсе берді: 1895 жылы Қазақстанда мектеп деген атаумен 31 бастауыш білім беру орны болса, 1913 жылы – олардың саны 267-ге жетті; барлық ірі қалаларда екінші деңгейлі мектеп-медреселер болды.

 Бұдан басқа Орыс мәдениеті ықпалынан қазақ мәдениетіндегі өзгерістер туралы Т. Уиннердің «Қазақтың ауызша шығармашылығы мен әдебиеті» кітабында жазылған. Уиннер орыс ықпалы қазақ фольклорына екіұдай әсер етті деп есептейді. Бір жағынан ол Кеңестік тарихнамада қазақ ағартушылығы деп аталған, мәдениеттегі тұтас бір бағытты дүниеге әкелді. Екінші жағынан, алғашқы Ресейлік ықпалдың өзі қазаққа жат барлық нәрселерді жоққа шығаратын «көтерілістер поэзиясы» бағытын тудырды. Революциядан кейін қазақ мәдениеті мен қазақтар тоталитарлық режимде  дамығанымен, қазақ мәдениетінде ауызша шығармашылық дәстүрінің әсері сезіліп тұрды. Өз кезегінде бұл жағдай қазақ халқының өзіндік ерекшелігін сақтап қалу туралы айтуға мүмкіндік берді.

Олкотт өз тұрғысынан  ХХ ғасырдың басындағы қазақстандық қоғамның саяси және әлеуметтік-мәдени өміріндегі бірқатар маңызды процестерді анықтайды. Ол біріншісіне қазақ даласындағы Ислам дінінің таралуын жатқызады. Исламның дәстүрлі түрде қазақтардың мәдени өмірінде (оңтүстіктен басқа) шағын орынға ие болғаны туралы пікірге қарамастан, Олкоттың пайымдауынша, исламның позициясын нығайтуға, біріншіден, Екатеринадан басталған Санкт-Петербургтың қазақтардың арасында Исламды жаю саясаты әсер етті. Екіншіден, ХХ ғасырдың басында империяның діни және жалпы қоғамдық өміріндегі шектеулердің алынуы Қазақстанға да әсер етті.

Қазақтардың арасында Исламның беделінің өсуімен қатар, зайырлы элитаның қалыптасу процесі де қатар жүрді. Бұған европалық ықпалдың көрінісі болған орыстық ықпалдың әсері болғаны сөзсіз. Осы үдерістердің тоғысуы Исламизмның өсуі мен қоғамды жаңғырту үшін қазақ интеллигенциясының өсіп келе жатқан тілегі арасында қақтығыс тудырды. Мәдени мұраның бір бөлігі ретінде Исламмен даму немесе қазақтардың европалануы үшін одан бас тарту. Қазақ интеллигенциясы осындай үшіншісі жоқ екі таңдауда қалған болатын. Сондай-ақ Қазақстан Жадидизмнің мәдени алаңына да қатыстырылды, бірақ бұл мәселені толығымен тек революция ғана шешіп берді [5].

Осылайша қазақтың басына тағы бір нәубетті кезең Кеңестік билік орнады. 1920-1930 жылдардағы қасіретті белес меншік қатынастарын бұрын соңды болмаған мемлекеттік қатынастарға айналдыру жөніндегі кеңестік эксперименттің басталуы болатын. Сталиндік «аграрлық революция» (ұжымдастыру) мен бүкіл өнеркәсіптік инфрақұрылымды мемлекет меншігіне айналдыру (индустрияландыру) қоғамды ұзақ онжылдықтар бойына құрсауланған, оны саяси тоталитаризм мен иррационалдық экономикалық болмыстың озбыр өктемдігінде болуға душар еткен жүйені дүниеге әкелді.

Хрущевтың саяси және әлеуметтік-экономикалық «жылымығы» сталинизмнің «мұз құрсауын» аздап жібіткенімен, қоғам өмірінің қалыпты ережесін өзгерте алмады. Қоғамдық қағидат әкімшіл-әміршіл жүйенің бұрынғысынша тамыр соғысынан қуат алып өзін «сергек сезінді».

Алайда оның жалған экономикалық тонының өңі айналып, шын тұрпаты көріне бастады. Брежнев командасы «қоғамның күткеніне» етене деп кеңінен насихаттап үлгерген кезекті реформаторлық шара да, сол сылбыр ишарадан аспады.

Ресей империясының құрамына кірген сәттен бастап шығыстағы көршілерден гөрі метрополияға көбірек тартылған «шекаралық ұлтқа» айналған қазақтар үшін 86 жылғы оқиғалардан кейін «интернационалдық және патриоттық тәрбие» режимінің күшеутілуі бүкіл этностық организмді келеге келмейтіндей етіп бүлдіру қатерін ішіне бүгіп жатты. Алайда қазақ ұлтшылдығы деп басылған таңба күткендігінен гөрі кері нәтиже берді. Қазақтар өздерін КСРО деп аталатын ұлан-байтақ, демек, біртұтас аумақтың тұрғындары емес, қайта өз республикасының – олар өз есімін берген Қазақстанның боданы ретінде сезіне бастады. Этностық қоғамдастықтың және оның элитасының ішінде рулық-тайпалық теңдестік пен жергілікшілдік мүдделердің орнына жоғалып бара жатқан тіл, дәстүрлер мен мәдени мұра қатері алдында жалпыұлттық ынтымаққа ден қойылды [6].

Шын мәнінде, 80-жылдардың аяғында орын алған өкілетті, заң шығарушы және атқарушы органдарды қайта құру тек қоғамдық құрылысты ауыстыру емес, сонымен бірге КСРО-ның аса ірі державалық тұрпаттағы мемлекеттік құрылым ретінде өмір сүруі де аяқталды дегенді білдірді. Алайда ұлттық-мемлекеттік дербестіктің заң жүзінде баянды етілуі бір жерде тез, бір жерде баяу жүрді. Бұрынғы Одақта тұруға келіспейтіндігін бірінші болып Балтық республикалары жариялады, олар өздерінің негізгі заңдарына ұлттық заңдардың одақтық заңдардан жоғары тұратынын жариялаған өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Ресей 1990 жылы шілдеде егемендік туралы декларация қабылдады, оның ізінше мұндай декларацияны Украина, Молдавия, Белоруссия қабылдады.

Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясын республиканың Жоғары Кеңесі қоғамның түрлі топтарының ұстанымдарын алдын ала ұзақ талқылаудан кейін 1990 жылы 25 қазанда қабылдады. Қазақстан бұрынғыша КСРО-ның субъектісі ретінде әрекет етті, алайда өзінің басқа республикалармен өзара қатынастарын принципті жаңа шарттық негізде құрды. Көп ұлтты республика үшін халықтың бұл қадамға тосыннан емес, саналы түрде баруына біраз уақыт қажет болды. Ұлттық мемлекеттілікті қорғау мемлекеттің өзіне жүктелді. Төл мәдениетті, дәстүрлерді, тілді қайта өркендетіп, дамыту және қазақ ұлты мен Қазақстанда тұратын басқа да ұлттардың ұлттық қадір-қасиетін нығайту міндеті басым бағыт ретінде белгіленді. Ел аумағының бөлінбейтіндігі мен оған қол сұғылмайтындығы үзілді-кесілді баса айтылды. Құжат негізінен ұлттық өмірді қайта өркендету барысын барынша жеделдетуді қарастырды: «Республика қазақ халқының әлемдегі бірден-бір отаны болып табылады және оның тағдыр-талайы – болу-болмауы тек осы өңірде ғана шешіледі» деп атап көрсетілді.

Отарлық бұғаудан азаттық алудың классикалық қағидалары бойынша Қазақстан тәуелсіздік бағытымен жылжудың бастапқы нүктесі ретіндегі өзінің тарихи түп тамырына қайтып оралу алдында тұрды. Ұлт-азаттық күрестің осыған ұқсас жағдайларда орын алған сценарийлері әдетте қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылымын бастан-аяқ өзгертумен және келімсек халықтың жаппай қуылуымен аяқталатын. Басқарудың жаңа режимдері биліктің тірегі ретінде дәстүршілдік пен ұлттық оқшауланушылықты таңдаған Орталық Азия өңірінде мұндай сюжеттік желі ұлттық егемендіктің қатал өктемдік сипатын қалпына келтірді. Әлемдік қоғамдастыққа орнықты жағдайда кіру талабымен, қазіргі заманғы жедел дамуы нұсқасын таңдаған саяси бағдарлар үшін қарыштап қадам басу межелері, жергілікті ұлттық-мемлекеттік бірегейлікті әлемдік әлеуметтік-экономикалық дамудың үлгі-қалыптарына кіріктіру жолымен айқындалды. Республика екінші нұсқаны таңдап алды. Қазақстандық реформалардың мұндай жобасы «бейімделген жаңғырту» (Н.Ә.Назарбаев) деп аталды. Оның мәні теориялық жағынан дайын үлгілерді жалаң көшіріп алуда емес, керісінше, олардың «ең алдымен дәстүрлі институттарға, этникалық-мәдени ерекшеліктерге, аймақтың саяси тарихына, мемлекеттің геосаяси, геоэкономикалық, геомәдени құрылымдардағы нақты жағдайына» бейімделуінде болды [5, 128 б.]. Ал бұл нұсқа дәстүршілдік рухы мен жаңғырту арасындағы келісімді сақтап қана қоймай, сонымен бірге ұлттың қайта өркенденуіне серпін берді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстанның экономикалық дамуын қорытындылауға тырысқан бірінші тұлға «Қазақстан: саяси реформалар және экономикалық даму» кітабының авторы (1994), Лондондағы Халықаралық қатынастар институтының қызметкері - Адам Диксон. 1997 жылы Осло қаласында Норвегияның қалалық және аймақтық зерттеулер институты жанындағы Й. Хольм-Хансеннің «Қазақстандағы ұлттық мемлекет құрудағы аумақтық және этномәдени өзін-өзі басқару» атты кітабы жарық көрді. Автор Қазақстанның этно-мәдени өміріндегі орыс мәдениетімен тілінің үстемдігі туралы сөз қозғайды. Автордың пайымдауынша, ауылдық қазақтар патернализмге және авторитаризмге бағдарланған; солай бола тұра үкіметтің мақсаты басқа этникалық топтардың қарсылығына тап болған дерусификация бағыты болды. Автор жаңа қазақстандық бірегейлік көпұлттылықпен ұштасуы тиіс деп есептейді, оның пікірінше, Назарбаевтың елді қазақыландыру стратегиясы қауіпті, мемлекетті ішінен бөлуі мүмкін деп ой қорытады. Қазақстанның конституциялық құрылысын егжей-тегжейлі салыстырмалы талдаған еңбекті неміс зерттеушісі О.Люхтерханд (Гамбург университеті) оқырманға ұсынды. Ол Кеңес Одағындағы конституциялық заңның эволюциясын көрсетіп, тәуелсіздік кезіндегі Ата заңның жай-күйіне назар аудартады.

2000 жылы Корольдік халықаралық қатынастар институтының мерзімді басылымдар сериясында Эдинбург университетінің қызметкері С. Каммингстің Қазақстан туралы шығарған жұмысы жарық көрді. Ол екі жыл бойы Британдық Экономикалық және әлеуметтік зерттеулер кеңесі жобасы бойынша Қазақстанда зерттеулер жүргізді. Осылайша, оның «Қазақстан: орталық пен шеткі арасындағы қарым-қатынас» атты кітабы академиялық немесе ғылыми-зерттеу жұмыстарының жемісі емес, тікелей бақылаулардың нәтижесі болып табылады. Автордың айтуынша, кітаптың негізгі мақсаты орталықтың саясаты мен халықтың түрлі топтары мен өңірлерінің реакциясы шеңберінде қазақстандық қоғамның біртектілігі мен алуан түрлілігі арасындағы қатынастарды түсіндіру болып табылады. Біртұтас  унитарлы мемлекет ретінде Қазақстанға қауіп төндіретін барлық факторларды қорытындылай келе, Каммингс оларды келесідей тізімдейді: құқықтық қайшылықтар, әлеуметтік-экономикалық мәселелер, географиялық өлшемдер, демография, геосаяси жағдай, шетелдік капиталға тәуелділік, әр түрлі альянстар арасындағы бәсекелестік. Автор соңғы екі факторды ең қауіпті деп санайды. Осылайша, тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан өзінің біртұтастығының екі қауіпіне тап болды: этно-аймақтық дербестік талаптары және басқару жүйесін орталықсыздандыру. Қазақстанның біртұтастығын нығайтудың жалғыз жолы Каммингстің пікірінше, авторитарлық режимдегі біртұтас мемлекеттің үлгісі болып табылады. Бұл үлгіде провинциялық және жергілікті мүдделердің дауысы естілмейді. Қазақ даласының тарихы сыртқы қауіп-қатер ұлтты біріктіріп, ұлттық және мемлекеттік бірлікке алып келген кездегі мысалдарға толы. Қазіргі жағдай тура осындай. Саяси элита мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау үшін ортақ мүдделермен біріктірілген. Қазақстандық саясаткерлер өте прагматикалық түрде жұмыс істейді және кез-келген идеологиялық қарама-қайшылықты болдырмауға тырысады. Қазақстанның болашағы өзара қарым-қатынастар мен өзара байланысты экономикалық, этникалық, әлеуметтік және саяси қатынастардың күрделі жүйесі болып табылатын орталық пен шеткі арасындағы теңгерімнің қаншалықты сақталуы мүмкін екеніне байланысты болады.

«Строительство государства и нации в Казахстане» (2002) атты кітабын шығарған неміс монографиясының авторы М.К. фон Гумппенбург, Қазақстан мәселесі бойынша әуесқой зертеушілерден емес. Гумппенберг 90-шы жылдардың бірінші жартысында осы тақырып бойынша жұмысқа кіріскен болатын. Неміс зерттеушісі өз жұмысында Қазақстанды ұлттық мемлекет ретінде қалыптастыру мәселесіне баса назар аударды және осыған байланысты қызығушылық тудырды. Қазақстан өзінің ұлттық мемлекеттің даму жолында көптеген қиындықтарға тап болды; автор оған аумақтық мәселе, азаматтық мәселе, тіл мәселесі, астананың көшірілуі, этникалық азшылықтарға арналған мәдени автономия мәселелерін жатқызады. Автор мұндай ой қорытуын 90-шы жылдардың басынан бастап Қазақстандағы аймақтық сараланудың артуымен байланыстырады. Экономикалық жағдайға байланысты дағдарыс аймақтарының экономикалық жағдайы айтарлықтай нашарлады және жақсы экономикалық жағдайда орналасқан өңірлер автономияға ұмтылды. Байырғы халықтың өсіп келе жатқан үстемдігі басқа этникалық азшылықтарды сепаратизмге жақындатты. Қорытындылай келе, Гумппенберг: мемлекеттің дамуының басында қабылданған Еуропалық мемлекеттіліктің тұжырымдамасы (құқықтық, саяси, мәдени және өркениеттік тұрғыдан) Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде аман алып  қалуға және дамытуға көмектесті. Бұл таңдау салыстырмалы түрде этно-ұлтшылдықты және ұлтаралық қақтығыстардың кезеңін болдырмау фазасын жеңіл өтуге мүмкіндік берді. Бірақ автордың пайымдауынша, Қазақстан болашақта өзінің ұлттық мемлекеттілігіне қауіп төндіруге қабілетті көптеген ішкі саяси мәселелерге тап болуы мүмкін.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы кезін баяндайтын М.Олкоттың монографиясының екінші бөлігі 1980-1994 жылдар аралығындағы оқиғаларға арналады. Бір кездері американдық зерттеушінің Орта Азияны «тәуелсіздікке катапульттау» туралы мәлімдемесі қанатты болған болатын. Егемен Қазақстанның қалыптасуына арналған бөлімде ол «күтпеген еркіндік» туралы жазады. Автордың айтуынша, желтоқсанда болған оқиғалар қазақтың ұлттық мемлекетінің құрылуымен байланыстыратын мифология мен аңыздардың маңызды бөлігіне айналды.

Кітаптың соңғы бөлімінде Олкотт Қазақстандағы тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуымен байланысты оқиғаларды қарастырады. Автор осы уақытқа Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде толық «туылу құқығы» болды деп санайды. Мемлекеттік құрылысы кезінде Назарбаев тікелей өзіне келіп тірелетін әкімшілік бақылау (облыстардың әкімдері) жүйесін құрды. Бұл жүйе Қазақстанды федерациялауға және сепаратизмнің этносаралық және аймақтық негіздердегі кез келген әрекетіне тосқауыл қойды. Сонымен қатар, парламентті, билік пен әкімшілікті қазақыландыру процесі жүріп жатты.

Олкоттың айтуынша, постсоветтік Қазақстандағы ең үлкен мәселе республикадағы екі ірі этникалық топтың – орыс-славян және қазақтық топтардың болуы деп қарастырады. Автор олардың мүдделері бір-біріне қайшы деп есептейді. Қазақтар үшін тәуелсіз Қазақстанды құру – бұл сан ғасырлық арманның орындалуы, ал орыстар үшін тағдырдың қатал бетбұрысы болды. Осылайша, автордың пікірінше, бұл қарама-қайшылықтар уақыт өте келе өсе түсуі керек.

Танымал француз шығыстанушы, Орта Азияның Шығыс тілдері мен өркениеттер ұлттық институтында тұрақты семинардың жетекшісі, доктор Кэтрин Пужольдің «Қазақстан» (2000) кітабы осы уақытқа дейін тәуелсіз Қазақстанға арналған заманауи француз саясаттануы зерттеулерінің орны бос олқылығын толтырған болатын. Пюжольдың айтуынша, Қазақстан халықаралық аренада түрлі тараптардың ықпалын сезінуде. Қазақстанның жаңа серіктестері өздерінің мәдени, экономикалық және саяси мұқтаждықтарына сәйкес жас мемлекеттің қабылдауын өзгерткен нақты диалогты құруға кірісті. Бұл аймақта қайта құру аяқталғаннан бері қарқынды дамып келе жатқан Түркия үшін Орталық Азиядағы қызметі бір мезгілде мифтік Отанымен байланысты түркі әлеміндегі саясаттың табиғи жалғасы болды және сондай-ақ түркітілдес мемлекеттердің белсенді рөлін қайта тірілтуге мүмкіндік туғызды.

Араб елдері үшін Қазақстан прозелитизмнің нысаны және ықтимал экономикалық серіктес болып табылады. Қазақстанның сыртқы мұсылман әлеміне ашылуы, сөзсіз, ислам үлгісіне апаратын күрделі үрдістің ажырағысыз векторларын білдіретін араб, пәкістандық немесе түріктік модельдермен бетпе бет келуіне тура келеді. 90-шы жылдардың соңында автор атап өткендей, Қазақстан саясатында оның дамуының басымдықтары: аймақтағы «тау барысы» ретінде халықаралық қатынастардың жаһандану жағдайында үйлесімді және өз еуразиялық көршілеріне адал болып қалған ұлттық мемлекет құру арқылы айқын көрініс тапты. Қазақстанды одан әрі дамытудың осы барлық күй-жайы 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасында белгіленді. Алға қойылған мақсаттарға жетудің шешімі– тілдік, этникалық және әлеуметтік-кәсіби қазақ қоғамын құру болып табылады.

Атап айтқанда, түрік лицейлері (зайырлы және діни) көптеген елді мекендерде өз есігін ашты. Олар қоғамның белгілі бір бөлігі өте сезімтал келетін американдық протестантты қатаңдық пен пан-түрік саяси ой-пікірінің қоспасы болып табылатын баламалы заманауи білім беруді (ең алдымен, дерусификацияландыратын)  ұсынады.

Посткеңестік кеңістіктегі Қазақстандағы мәдени саясатты зерттеуде автор өзі жауап бере алмайтын сұрақтарды көтереді: билік органдары қосарланған тәуелділікті бастан кешіретін жалпы білім беру саясатын жүргізіп жатыр: мәдениеттерді тұншықтыратын тоталитаризмдық кеңестік үлгіден бас тартып, этносаралық шиеленісті өршітуге тырыспайтын жаңа мемлекеттілікті іздеуде. Бірақ бұл кешенді миссияны әлеуметтік теңсіздіктен қорғалмаған, көпұлтты әлеуметтік ортада жеткіліксіз мемлекеттік бюджетпен қалай жүзеге асыруға болады? Республиканың жаңа саяси және мәдени бағдарларынан зардап шеккен ресейлік кадрлардың кету толқынын қалай тоқтатуға болады, өте төмен жалақы төленетін персоналды қайта даярлау үрдісі қалай болуы керек? Жас ұрпақтың қоршаған ортасына терең еніп кеткен мәдени бұзылу үрдісін қалай болдырмауға болады?

Мәселенің жалғыз емі ретінде, автор Қазақстанға уақыт пен күтуді ұсынады: қазіргі уақытта қоғам кеңестендіруден туындаған еуропалық мәдениеттің әсерін бағалауда. Бұл Қазақстандағы ресми жолдаулар мен бұқаралық ақпарат құралдарында көрінетін дәстүрлі моральды қайтару шақыруларының көбеюін түсіндіреді. Басқалардың өткенге деген сағынышының орнын екіншілердің ұмтылыстары басқан қазіргі өтпелі кезеңнен кейін ғана, Қазақстан өзінің өмір салты, ойлары мен әрекеттері құрылымының бұзылуынан туындаған жарақаттардан оянады.

Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер қатал сипатқа ие болды және бір жағынан, білім беру жүйесін қайта құрылымдау арқылы көрініс тапқан кеңестік мұрадан бас тарту науқаны, ал екінші жағынан, басқарушы элитаның саяси бақылауды сақтап қалуға деген ұмтылысы жасырынған «трансұлттық» идеологияны құру мен біртектілендіру жүріп жатты. Қазақстандағы қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қолдау жөніндегі күш-жігерді, Пужоль, теңдессіз деп бағалайды. Ең айқын идеологиялық өзгерістерді гуманитарлық ғылымдардан көруге болады. Ғылыми атеизм, марксисттік теория, КОКП тарихы, социалистік реализм деген кеңестік пәндердің орнына – жаңа: дін тарихы, қазақ мемлекетінің тарихы, нарықтық экономика және мәдениеттану сияқты пәндер енді.

Автордың ойынша, Қазақстанда орын алған әлеуметтік өзгерістердің ажырамас бөлігі - діни ренессанс болып табылады. Сонымен бірге, дәстүрлі діндер - ислам және православие - билік органдарымен әртүрлі секталардың күрт көтерілуіне қарсы ынтымақтастықта күресуде. Француз ғалымының айтуынша, тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан аумағы әртүрлі парамедициналық, ғылыми емес және иррационалдық ілімдерге арналған сынақ алаңына айналып, әртүрлі сиқыршылар, шамандар, гипнотиктер, алаяқтар және түрлі секта насихаттаушыларын өзіне тартып отырды. Қоғамдық сана-сезімді қайта қалыптастырудың басқа бір саласы ретінде, түрлі қылмыстық, дау-жанжалды және эротикалық басылымдардың пайда болды және ресми баспасөздің альтернативтік үлгісі жылдам дами бастады. Осылайша, бұл құбылыстар бір кездері Қазақстанмен біртұтас болған кеңестік қоғамның консервативті және моральдық сипатын бұзды. Пужольдың пікірінше, дәстүрлі діндердің сәтсіздігі планеталық сипатқа ие және Қазақстан бұл жағдайдан тысқары емес.

Қорытындылай келе, Пужоль Қазақстан тарихының парадоксальды екенін атап көрсетеді. Ғасырлар бойы оның аумағында ерекше көшпенді өмір салты мен түркітілді лингвистикалық монополия үстемдік етті. XVIII-XIX ғасырларда қазақ қоғамы орыс саясатының аясына интеграцияланған болатын. Ол қоныстану үдерісінің басталуы, әкімшілік басқарудың пайда болуы, денсаулық сақтау, мектеп білімін орыстандыру, каналдардың құрылуы, капиталистік қатынастардың пайда болуы, славяндық элемент пен православ дінінің пайда болуымен бірге жүрді.

 Пужольдің пікірінше, 2000 жылдары посткеңестік кеңістіктегі өтпелі кезең аяқталмағанын айтады. Қазақстанды қайта құру, «тәуелсіздікке катапультауға» қарағанда көп уақытты талап етеді. Нақты бағдарынан айырылған қоғамды қайта құру үшін, жаңа қатынастар ненің болатынын және ненің болмайтынын нақты анықтау керек болды. Посткеңестік кеңістіктегі саясаткерлер өздерінің қиялын жалпы қоғам үшін түсінікті, әсіресе негізінен тиесілі басым ұлттың «ерекше қоғамдастығын» мұқият атап көрсететін заңдар кодексін жасауы керек. Посткеңестік кеңістіктегі саясаткерлер өздерінің қиялын жалпы қоғам үшін түсінікті, олар тиесілі қоғамдағы басым ұлттың «бірегей қауымдастығын» мұқият атап көрсететін заңдар кодексін жасауы керек. Бұл ауқымды жоба қазақ ұлтшылығын көтеруге негізделген тарихты таңдаулы түрде қайта қарауға мүмкіндік береді. Бірақ бұл әлеуметтік жарылыссыз мүмкін емес.

Қарап отырсақ, тәуелсіздік жылдарындағы көп авторлар Қазақстанның болашағына сенімсіздеу қараған. Олай ойлайтында жөні бар еді. Өйткені жоғарыда айтып өткеніміздей қазақ қоғамы мәдениеттердің тоғысындағы шайқас алаңына айналды десек те болады.

 Алайда Француз ғалымы жалпылай алғанда жақсы қорытындыға келген. Егер ішкі және сыртқы жағдайлардың араласуы оған мүмкіндік берсе, Қазақстан өзіне пайдасына тиетін көптеген мүмкіншіліктерге пайдалана алады. Сирек минералдарға бай, білікті жұмысшы күші бар және саяси және технологиялық жаңалықтарға бейімделуге қабілетті жастары бар Қазақстан өзінің ұзақ уақытты өткені секілді жалғасымды болашаққа үміт арта алады.

Әлемдік тұрғыдан алғанда, Пуджолдың пікірінше, Қазақстан трансконтинентальдық экономикалық байланыстарда өз рөлін атқаруға және Еуразия континентінің негізі ретіндегі тарихи миссиясына қайта оралуына келе жатыр. Мәдени сілкіністердің тұтас сергелдеңінен аман қалған Қазақстан шын мәнінде Азиялық Шығыс пен Еуропалық Батыс арасындағы, қазақ және орыс тілдерінің арасындағы, атеизм мен православие, ислам және шаманизм арасындағы табысты синтез болып табылады. Автордың сөзінше, Қазақстанның болашағы Батыспен байланысты болады. Дегенмен, азиялық мұра, әрине, өзінің көшпелі тамырларын жандандыруға жиі қазақ қоғамына әсер етіп отыруға тырысады. «Бұл әрекеттер – жеңілген көшпенділікке қайта оралу немесе оны жасанды түрде қайта құру – сөзсіз, иллюзия», - деп автор қорытынды жасайды.

Доктор К.Пужоль өзінің кітабында Қазақстанның эволюциясына әсер ететін ішкі, мәдени және әлеуметтік-психологиялық факторларға көп көңіл бөледі. Бұл қазіргі заманғы Қазақстанның дамуына немесе Орталық Азиядағы жағдайға байланысты геосаяси мәселелерге көп көңіл бөлетін англо-саксондық әріптестерінің жұмысынан оның басты айырмашылығы. Сондай-ақ, француз тарихнама мектебіндегі исламология бойынша бай дәстүрді ескерсек, автордың исламға көп көңіл бөлмейтіні таң қалдырады. Біздің ойымызша, Пужольдың ислам мәселелерін айналып өтуге деген ұмтылысы оның (Ислам дінінің) Қазақстан үшін шынайы саяси маңыздылығын көрсетеді. Сонымен қатар, автор қазақстандық қоғамның эволюциясы Батыс үлгісіндегі модернизацияның аяқталуымен байланысты екендігін мойындай отырып, қазақ қоғамында көшпелі мәдени дәстүрлерін дамытуға деген шамадан тыс әрекеттен бас тарту керек екенін ескертеді [3, 216 б.].

2002 жылы Марта Олкотт еліміз туралы төрелігін оқырманға қалдырған, атының өзі өкінішке толы (түпнұсқада «Қазақстан: орындамаған уәде») – «Казахстан: непройденный путь» атты кітабын жарыққа шығарды. Қазақстанды батыстық оқырманға таныстыру үшін М.Олкотт біздің еліміз үшін –«ресурстармен жарылқанған, бірақ географиямен лағынеттелген», - деген жаңа, үлкен анықтама берді. Қазақстандағы саяси режимге қатысты автор, «батыстық плюрализм мен азиялық автократияның арасындағы тұзақта», - деген дәлме-дәл формуланы енгізді. Олкотт посткеңестік кеңістіктегі Қазақстандағы саяси, әлеуметтік, этникалық және экономикалық өмірдің қайшылыққа толы екенін айқындап, оның көптеген мысалдарын келтіреді. Ол айтып отырған тұзақ – осы көптеген қарама-қайшылықтардың бір көрінісі деп түсіндіреді.

Олкотт: Қазақстандағы күшті демократиялық дәстүрдің жоқтығына қарамастан, онда плюралистік немесе квазиплюралистік саяси жүйе мен айқын нарықтық экономика пайда болуы мүмкін, - деп сол кезде болжам жасаған болатын.

Тәуелсіздік– ұзақ уақыт Ресейлік отарлық саясат пен Кеңес Одағы саясатының құрбаны болған қазақ халқы үшін ең үлкен психологиялық жеңіс болды. Қазіргі қазақтардың ұлттық бірегейлігін құрастыру мәселесін М.Олкотт жеке бөліп қарастырады. Оның айтуынша,республикадағы әр түрлі этникалық топтар саяси бір мақсатты ұстанулары үшін, билік басқа этникалық азшылықтардың дүниетанымын ескеруге тырысты. Елдегі бейбітшілік сақталғанымен, бірақ оның этникалық алуан түрлілігін нақты мазмұнмен толтыру мүмкін болмады. Бүкіл халықтың пікірін білдіруге тырысқан үкімет іс жүзінде қазақтардың мүдделерін жоғары қояды.

Олкотт нақты қорытындылай келе, мынадай тұжырым жасайды: Қазақстанда қазақ ұлттық мемлекеті құрылуда. Ұлтшылдардың ымырасыз шағын тобын қоспағанда, бұрынғы отарлардың халықтарына қарағанда қазақтар өздерінің орыстармен ортақ тарихына әлде қайда түсіністікпен қарайды. Бұл тұрғыдан қарағанда қазақтар мен өзбектер арасындағы айырмашылық таңқаларлық [3, 220 б.].

Қорытынды. Әр мемлекеттің шарықтау шегі болғаны сияқты, уақыт өте құлдырау кезеңі де келіп жетеді. Өз кезегінде XVIII ғасырда Қазақ хандығының әлсіреу кезеңі басталды. Бұған себеп Батыстық өркениеттің Шығыстық өркениетті басып озуында еді. Басымдық әлбетте мәдени тұрғыда емес, технологиялық тұрғыда орын алды. Ресейдің қазақ жерін отарлауы тұтастай ұлттың менталитетін және мәдениетін өзгертті. Шұрайлы жерлерінен айырылған қазақтар сан ғасырғы кәсібі мал шаруашылығын тастап отырықшылыққа көшуге мәжбүр болды. Қазақтар өзіндік, ерекше мәдениетінен біртіндеп айырыла бастады. Бұл үрдіс кейіннен Кеңестік саясат кезінде одан да кең екпін алды. Әлбетте Отан үшін күрескен жандар аз болмады. Бірақ олардың көбі тарихтың көшін бұруға қауқарсыз болды. Атеистік қоғамға мәжбүрлі түрде кіріктірілген қазақтар ұлтты ұлт ететін негізгі параметрлерден айырылып қалды.

Бірақ 80-ші жылдардың аяғындағы өзгерістер Қазақ мемлекеттілігінің қайта құрылуына мүмкіндік туғызды. Көптеген азаматтардың еңбегі арқылы Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің алдындағы қауіп-қатер көбеймесе азая қоймады. Өйткені мемлекетті түбегейлі барлық негіздер бойынша өзгерту керек болды. Тіпті барша әлем Орта Азия мемлекеттерінің сәтті құрылатынына үлкен күмәнмен қарады. 90-шы жылдардың басында мемлекет экономикасы түгелдей құлдырады. Сондықтан барлығын нөлден бастап құру қажеттігі туды. Осы мақсатта әйгілі сөз: «алдымен – экономика, сосын – саясат» деген тұжырым қалыптасты. Шындығын айтсақ сол уақытта Қазақстан мемлекетке айналмай тарап кетуі де мүмкін еді. Өйткені Кеңестік кезеңнен қалған көптеген этникалық, саяси және т.б. мәселелер қордаланып, кез-келген сәтте жарылу алдында тұрды.

Осылайша жоғарыда аталған авторлар Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі жай күйін әр түрлі ракурста баяндап берді. Бірақ барлығында да айтылатын ақиқат – ол, қазақ қоғамының дамып, өзгеріп жатқандығы. 90 жылдардағы тек саяси өзгерістер ғана емес, сонымен қатар мәдени өзгерістер де Қазақстанды жаңа заманға бейімдеп жатты.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Сейдін Н.Б. Қазақстан Республикасы тəуелсіздігіне 20 жыл: тарихи көзқарас // Независимый Казахстан: настоящее и будущее: Сборник материалов научно-практической конференции (г. Алматы, 7 декабря 2011 г.). - Алматы: КИСИ при Президенте РК, 2011. - 49 б.

2. Лаумулин М.Т. История Казахстана и Центральной Азии в мировой ориенталистике (к 550- летию Казахского ханства). Часть III. Изучение истории и этнографии казахов в западном востоковедении. - Астана: КИСИ, 2016. - 185-203- бб.

3. Лаумулин М.Т.  История Казахстана и Центральной Азии в мировой ориенталистике (к 550- летию Казахского ханства). Часть IV. Востоковедение и политология в контексте изучения Центральной Азии. - Астана: КИСИ, 2016. - 389 б.

4. Олкотт М.Б. Казахстан: непройденный путь / Моск. Центр Карнеги. - М.: Гендальф, 2003. - 88-90-бб.

5. Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында. - Алматы, 2003. - 125-126-бб.

6. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). 5-том. - Алматы: «Атамұра», 2010. - 100-102-бб.

References

1. Sejdіn N.B. Kazakstan Respublikasy tauelsіzdіgіne 20 zhyl: tarihi kozkaras // Nezavisimyj Kazahstan: nastoyashchee i budushchee: Sbornik materialov nauchno-prakticheskoj konferencii (g. Almaty, 7 dekabrya 2011 g.). - Almaty: KISI pri Prezidente RK, 2011. - 49 b.

2. Laumulin M.T. Istoriya Kazahstana i Central'noj Azii v mirovoj orientalistike (k 550- letiyu Kazahskogo hanstva). CHast' III. Izuchenie istorii i ehtnografii kazahov v zapadnom vostokovedenii. - Astana: KISI, 2016. - 185-203-bb.

3. Laumulin M.T. Istoriya Kazahstana i Central'noj Azii v mirovoj orientalistike (k 550- letiyu Kazahskogo hanstva). CHast' IV. Vostokovedenie i politologiya v kontekste izucheniya Central'noj Azii. - Astana: KISI, 2016. - 389 b.

4. Olkott M.B. Kazahstan: neprojdennyj put' / Mosk. Centr Karnegi. - M.: Gendal'f, 2003. - 88-90-bb.

5. Nazarbaev N.A. Gasyrlar togysynda. - Almaty, 2003. - 125-126-bb.

6. Kazakstan tarihy (kone zamannan bugіnge dejіn). 5-tom. - Almaty: «Atamura», 2010. - 100-102-bb.

А.Г. Толамисов, ansarok@mail.ru

к.и.н., проректор по воспитательной работе ВКГУ им. С. Аманжолова

ИСТОРИЧЕСКАЯ СУДЬБА КАЗАХСКОГО НАРОДА В КОЛОНИАЛЬНЫЙ ПЕРИОД И «КАЗАХСКИЙ РЕНЕССАНС» В ГОДЫ НЕЗАВИСИМОСТИ

В статье анализируется, как кочевые традиции казахского народа меняются от влияния колониальной империи и советского социализма и как идет процесс русификация. Основная часть статьи изложено с точки зрения иностранных историков.В то же время внимание обращается на предпосылки политических изменений в независимом Казахстане, а также сделан анализ научной литературы в этом направлении. Хронологическая структура статьи начинается с присоединения Казахстана к России и заканчивается феноменом суверенитета.

Ключевые слова:«индустриализация», «аграрная революция», «колониальность», «интернационализм», «социализм», «коллективизация», «суверенитет».

A.Tolamissov,

Candidate of Historical Sciences, Vice-Rector for Educational Affairs

S. Amanzholov East-Kazakhstan State University

HISTORICAL DESTINY OF THE KAZAKH PEOPLE IN THE COLONIAL PERIOD AND "KAZAKH RENAISSANCE" IN THE YEARS OF INDEPENDENCE  

The article analyzes how the nomadic traditions of the Kazakh people vary from the influence of the colonial empire and Soviet socialism, and how the Russification process goes. The main part of the article is presented from the perspective of foreign historians. At the same time, attention is drawn to the prerequisites of political change in independent Kazakhstan, and the analysis of research literature is made  on this direction. The chronological structure of the article begins with the accession of Kazakhstan to Russia and ends with the phenomenon of sovereignty.

Keywords: «industrialization», «agrarian revolution», «colonialism», «internationalism», «socialism», «collectivization», «sovereignty».


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз