Яндекс.Метрика
Басты бет » «edu.e-history.kz» электрондық журналы

«edu.e-history.kz» электрондық журналы № 4(24), 2020

Мақалада Бөкей Ордасындағы 1836-1838 жылдар аралығындағы азаттық қозғалысының ұйымдастырушыларының бірі Махамбет Өтемісұлының өмір жолы мен Отан тарихындағы алар орны, тұлғалық келбеті туралы баяндалады. Сонымен қатар, патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы Бөкей Ордасындағы 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісіндегі күрескерлік рөлі айшықталады. Сондай-ақ, Махамбет Өтемісұлының тек қана азаттық қозғалысын ұйымдастырушы ғана емес, қазақ халқының өр рухты, өткір тілді ақыны, шебер күйші, композитор болғандығы туралы жан-жақты баяндалады. Қазақстан Республикасында Махамбет батыр тұлғасының тарихи бейнесін ұлықтау ісіне қатысты атқарылған шаралар да назардан тыс қалмады. Мақала BR05233709 «Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті» атты ғылыми жобаның «Қазақcтандағы ұлт-азаттық қозғалыстар ұлттық бірегейлікті сақтау мен нығайту контексінде» тақырыбы аясында дайындалды.
Аталған мақалада архив қорларында сақталған құжаттар негізінде Орыс географиялық қоғамының үлкен күміс медалімен марапатталған тұңғыш қазақ ғалымы Мұхамедсалық Бабажановтың (1835-1871) өмір деректері, әр жылдардағы қызметі, ғылыми-этнографиялық зерттеу жұмыстары туралы қарастырылады. Сол кезеңде этнографиялық зерттеулерде М-С. Бабажановтың мақалалары елеулі рөл атқарды. Зерттеулердің нысанасы қазақтардың тарихы мен шаруашылығы, кәсіпшілігі болды. Оның этнографиялық еңбектерін алдыңғы қатарлы орыс ғалымдары және өлкетану қоғамдары жоғары бағалады. Сонымен бірге мақалада этнограф М-С. Бабажанов аңшылық, атбегілік туралы, қазақ қоғамындағы ең күрделі мәселелердің бірі – жер мәселесі туралы ой толғамдары қарастырылады. Зерттеу Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру жобасы (IRN жобасы: AR08855800) шеңберінде жүргізілді. Түйін сөздер: М-С. Бабажанов, Россия, кадет корпусы, хорунжий, этнограф, ғалым, тарих, журналдар, газеттер, архив.
Аңдатпа. Мақалада Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих- и Рашиди» еңбегі тарихнамалық тұрғыдан талданған. Бұл дерек Орта Азия елдеріне байланысты парсы тілінде жазылған. Яғни, XIV-XVI ғасырларды қамтитын құнды мәлімет. Соның ішінде Орта Азия елдерінің әсіресе Қазақ елінің саяси, тарихи этникалық, географиялық, әдеби, мәдени мәліметтері қарастырылған. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегі 14 ғасырдан XVI ғасырдың орта кезеңіне дейін яғни, бірнеше ғасырларды қамтитын энциклопедиялық сипаттағы еңбек. Осы деректің жазылу мәдениеті, ғылыми маңызы, тың әрі бізге беймәлім деректерінің молдығы, этнографиялық, этникалық, географиялық, археологиялық мәліметтерінің сонылығы, тарихи оқиғаларды нақты әрі айқын баяндауы оқырманды да, зерттеушіні де тәнті етеді. Дулати өзіне дейін Тұраннан шыққан тарихи тұлғаларды толық дерлік қамтыған. «Тарих-и Рашиди» ақындық қуат, жазушылық шеберлікпен, көркем де айшықты тілмен жазылған мемуарлық туынды.