Қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ертедегі темір дәуіріндегі (б.з. д. VІ-VІІ ғ.ғ.) сақ, ғұн, үйсін, қаңлы тайпалары, б.з. ертедегі орта ғасырлық мемлекеттер тұсындағы қарлұқ, оғыз, қимақ тайпалары, дамыған орта ғасырлық мемлекеттер кезіндегі наймандар, керейіттер, жалайырлар, қыпшақтар [1, 158-166-бб.] тарихы мыңдаған жылдарға созылғандығын назарға алсақ, қазақ әдебиетінің тарихы да бұрынғы кеңес кезіндегідей XV ғасырдан емес, одан арғы дәуірден – көне заманнан басталады. Сол себепті ұлттық әдебиет тарихының негізгі мәселелерінің бірі дәуірлеу болып табылады. Себебі Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін екі мың жылға жуық тарихы бар қазақ әдебиетінің бүкіл елімізге ортақ дәуірлеу мәселесі қолға алынбаған еді. Бұл проблемаларға байланысты тоталитарлық жүйенің өзге ұлттардың тарихының даму процесін кеңестік тарихпен ғана байланыстырған біржақты ұстанымдарына қазіргі тәуелсіздік талаптары тұрғысынан батыл тойтарыс бере отырып, қазақ әдебиетінің көне заманнан бүгінгі күнге дейін дамуының өзіндік ерекшеліктерін есепке алу негізінде әдебиет дамуының кезеңдерін халықтың жалпы тарихи даму процесін дәуірлеуден бөлек алып қарауға болмайды. Қазақстан аумағындағы феодалдық мемлекет кезеңі VІ ғасырдан басталып, ХХ ғасырға дейін созылған ұзақ мерзімді қамтыды. Қазақ әдебиеті тарихының өткен дәуірлері де осы қоғамдық құрылыстың негізгі даму кезеңдері – қалыптасуы мен нығаюы, дамып өркендеуі, дағдарысы мен тоқырауы, қайта дамып күшеюі, ең соңында, құлап ыдырауы сияқты тарихи жолдарына сәйкес келеді және де осы қоғамдық даму процесінің ерекшеліктеріне толыққанды сипаттама жасайды.
Түйін сөздер: тарих, ғасыр, қазақ, әдебиет, армян, мұра, қыпшақ, тіл, ескерткіш, шығарма, нұсқа, жәдігер, хикая.