Мақалада Қытай қазақтарынан шыққан белгілі тарихшы, этнограф ғалым Нығмет Мыңжанидың этнографиялық зерттеулері қарастырылған. Нығмет Мыңжанидың этнографиялық зерттеулерінің ерекшелігі өзі өмір сүрген Қытайдағы қазақ диаспорасының тарихы, ғұрып-әдеті, тұрмыс тіршілігі және дәстүрлі шаруашылығы, рухани мәдениеті жайлы мол мәліметтер қамтылған. Қазақстандағы этнология ғылымының негізгі зерттеу бағыттарының бірі шетелдегі қазақ диаспорасы екендігін ескерсек, ғалымның Қытайда жарық көрген көлемді этнографиялық зерттеу мақалаларында, яғни «Еліміз қазақтары» «Қазақтың таңба, ұрандары туралы зерттеу», «Қазақ шежіресі жайында», «Ислам дінінің қазақ халқына таралуы» т.б. көлемді ғылыми зерттеу мақалаларында қарастырылған мәселелер өз құнын жойған жоқ. Бұл зерттеу мақалаларында өз көзімен көрген, халықтың арасынан жинақтаған мәліметтерді жазба деректермен салыстыра отырып ғылыми тұжырымдар жасаған.