Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ (87013761225) УДК 94(547).02/.08 1727-1732 жылдар аралығындағы қазақ-жоңғар соғыстары

Ошанов О.Ж.

ӘОЖ (87013761225) УДК 94(547).02/.08 1727-1732 жылдар аралығындағы қазақ-жоңғар соғыстары

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(12), 2017

ӘОЖ (87013761225) УДК 94(547).02/.08   1727-1732 жылдар аралығындағы қазақ-жоңғар соғыстары
Tags: қалмақ, жоңғар, соғысы, Тарбағатай, шайқасы, Абылай, хан, Әбілқайыр, хан, Барақ, сұлтан, Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Галдан, Церен, Сыбан, Раптан, Бұланты, шайқасы, Аңырақай, шайқасы, Талқы, Ұлытау, Талас, Шу., Түркістан
Author:
Мақалада Қазақ хандығының 1727-1732 жж. аралығында жоңғар мемлекетіне қарсы жүргізген соғыстары сөз болады. Тарихтан белгілі Бұланты, Аңырақай шайқасынан бөлек, бұған дейін белгісіз болып келген Талқы соғысы, Тарбағатай жорықтары және т.б. әскери қақтығыстар қарастырылады. Сонымен қатар, алғаш рет тарихи дәлел ретінде Аңырақай шайқасына байланысты қытай деректері келтіріледі⃰. Бұл дерек бойынша Аңырақай шайқасының 1731 жылы орын алғаны, әрі бұл шайқаста қазақтар тарапынан 70 мыңдық әскер қатысқаны және бұл соғыстың басқа да бізге беймәлім тұстары сипатталады. Қазақ-жоңғар кезіне байланысты тарихи дастандарды жазба деректермен (орыс, қытай деректерімен) ұштастыра отырып қарастырып, нәтижесінде назардан тыс қалып келе жатқан 1730-1731 жылдардағы әскери іс-қимылдар кеңінен қарастырылады. Мақалада қазақ-жоңғар соғыстарына жан-жақты талдаулар жасаланып, тиісті бағалар беріледі. Бұл жылдардағы әскери белсенділік және үстемдік қазақтар тарапынан болғаны анықталады. Сонымен қатар тарихи тұлғалар сөз болып, оның ішінде Абылай ханның алғаш тарихи сахнаға шығу жылдары қарастырылады.
Text:

Қазақ-жоңғар соғысы тарихшылар арасында аз жазылып жатқан жоқ, әрі зерттелу үстіндегі қазақ тарихының маңызды бір бөлігі болып табылады. Бүгінде бұл тақырыпқа тек кәсіби тарихшылар ғана емес, сонымен қатар тарих сүйер қауым өкілдері де қалам тартып жатыр. Ең өкініштісі бұл кезеңнің тарихын немесе белгілі бір оқиғаға (сондай-ақ, белгілі бір тарихи тұлғаға) байланысты жазуда тарихи әдістемені ысырып тастап, эмоцияға бой алдырып, тарихты әдебиетке айналдырып жібереміз. Әрі бұл тарихи жайттарды өз қалпымен болып жатқан оқиғалар тізбегінен жұлып алып, жеке қарастырып, қателікке бой алдырамыз.

  Тағы бір назар аударарлық жайт, патшалы Ресей мәліметтері мен зерттеулері, сонымен бірге Кеңес идеологиясы тарапынан түсіндірілген тарихи әдістеме негізінде жоңғар мемлекетінің қазақтар үшін алынбас қамал, одан тек Ресейге бодан болу арқылы «жансақтап қалғанымыз» санамызда берік орын алып қалған. Рас, қазақ халқы бұл кезде қиын кезеңде еді. Жоңғарлармен бет-бет соғысынан бөлек, Ресей мен Цин империясының аралығында үлкен саяси қыспақта тұрды. Бұл уақыттарда қазақ қоғамында әр түрлі тарапты көздеген саяси партиялар болды. Бірі Ресейдің қоластына өтуді қолдаса, бірі жоңғарлармен әскери блок құрып Цин мемлекетіне қарсы тұруды көздеді. Бұл соңғы сөйлем бөлек бір зерттеудің мәселесі. Әзірге біздің көздегеніміз 1727-1732 жылдар аралығындағы қазақ-жоңғар соғыстарына талдаулар жасау, әрі тарихтың белгісіз жайттарын оқырман қауымға таныстыру. Әсіресе 1730-1731 жылдары орын алған соғыстарды бір-бірінен ажыратпай, яғни стихиялы соғыстар түрінде емес, керісінше қазақтар тарапынан жоспарлы түрде іске асырылған әскери операциялар екенін дәлелдеу, әрі  оның тарихи заңдылықтарын көрсету. Өйткені дәл осы жылдары  белсенділік қазақтардың қолына өтеді.

Шын мәнінде қазақтар 1723 жылғы жоңғарлардың басқыншылық соғыстарынан кейін ес жинаған соң, өз күшімен 1727-1732 жылдар аралығында оларға қарсы өте сәтті соғыстар жүргізе білді. Әсіресе 1730-1731 жылдар аралығындағы соғыстар тарихымызда өзінің тарихи бағасын ала-алмай келе жатыр. 

1723 жылы жоңғар әскерлерінің қазақ жеріне басып кіруі, әрі бұл шапқыншылық негізінде қазақ жерінің үштен бір бөлігінің олардың қоластында қалуы (немесе өтуі) сол уақыттағы іргелес аймақтардағы болып жатқан оқиғалар тұрғысынан қарғанда уақыттың еншісіндегі жайт еді. Тек бұл уақыттағы қазақ билігінің қамсыздығы ғана назар аудартады. Өйткені іргесінде тұрған жоңғар елінің бірінші мүмкіндік туған уақытта, бүкіл әскери күшін қазақ жеріне аударатыны еш күмән тудырмайтын. Бұл уақытта жоңғарлардың бүкіл әскери күші өзінің шығыс шекарасында Цин империясымен соғысқа жұмылдырылып, олармен текетірес соғыс жүргізіп жатқантын. 1722 жылы желтоқсан айында император Канси өлген соң, Цин мемлекеті Сыбан Раптанмен келіссөзге келіп, шекарадан өз әскерін кері қайтарады [1, с.71]. Бұл келіссөздің нәтижесі өзін көп күттірген жоқ. Қонтайшы Сыбан Раптан енді назарын қазақ жеріне тікті. Ол жарақты, жасанған әскерін еш таратпастан, шығыс шекарадан алып батыс аймақтарға топтастыра бастады. Алғаш қардың шеті сөгіле бастаған уақытта (Жетісу, Сыр бойының мезгілі есебімен алғанда), яғни ақпан-наурыз айында қазақ жеріне басып кірді.

Қазақ рулары үшін бұл күтпеген соғыс болғандығы олардың еш қамсыздығынан-ақ көрінеді. Әдетте, соғыс жағдайында көшпелі рулар алдын-ала қамданып, «буынып-түйініп», көшіп кетуге дайын отырады. Әрі қауіп күткен жақта болатын қарауыл топтардан бөлек, шабуыл бола қалған жағдайда жаудың бетін тоқтата тұратын жауынгерлік қосындар болады. Ал, 1723 жылғы жоңғарлардың баса көктеп кіруінде қазақтар тарапынан бұл шаралардың бірін көре алмаймыз. Қапылыста қалған әр ру жеке дара, өз әлінше қорғанып, туған жерлерін тастап шығуға мәжбүр болды. Шабуылдың тосын болған сонша қазақ әскерлерінің бір жерге жиналып қарсы іс-қимылдар өткізуге еш мүмкіндігі қалмады. Әрі әскерлерді бір тудың астына жинайтындай, билік тізгінін ұстап отырған қазақ хандары ішінен белсенділік танытатын ешкім табылмады.   

  Сыбан Раптан өзінің шабуылдарын бұнымен тоқтатпай одан әрі жалғастырып, қазақ жеріне және іргелес басқа да елдерге тереңдеп жорықтар жасап отырды. Жоңғарлардың бұл сәтті жорықтары 1725 жылдарға дейін орын алды. Бұл жылдардағы соғыстарда қазақ билігінде тек Әбілқайыр хан ғана жоңғарларға нәтижелі қарсылық таныта білді [1, с.73; 2, стр. 99-100]. Ол 1724 жылы Түркістан өлкесін (қаласымен қоса) жоңғарлардан қайта тартып алады, бірақ бір жылдан кейін қарсы жақтың басым күшіне шыдас бермей, тастап шығуға мәжбүр болды [2, с.100]. 

Жоңғарлармен соғыстардағы бетбұрыс кезең, тарихшылар қауымы бірауыздан көрсетіп жүргендей 1727 жылғы Бұланты шайқасы еді. Бұланты шайқасының алғышартының оқиғасы ретінде тарихшылар екі жерді көрсетеді. Бірінші тарап бойынша бұл жер жоңғарларға қарсы күш біріктірудегі 1726 жылғы Ордабасында болған жиын [1, стр. 73-74]. Екінші көзқарас бойынша бұл жиын дәл осы жылы (1726 жылы), тек Қарақұмда өтті [3, с.168; 2, с.100]. Қалай да болса, дәл осы 1726 жылы қазақ билігі және қолбасылар біртоқтамға келгені анық.

Бұл тұста басын ашып алатын мәселе, 1727 жылғы Бұланты шайқасы қазақ жасақтары тарапынан болған қарсы шабуыл ма, әлде жоңғар әскерлерінің шабуылына қарсы күш біріктіру, яғни қорғаныс сипатында болды ма?! Бұланты шайқасы туралы мақалалардың ешқайсысынан осы сұраққа жауапты таппайсыз. Әрбір соғыстың логикалық тұрғыдан басы және аяғы болатыны белгілі. Ал, Бұланты соғысы туралы зерттеулерден (әсіресе кейінгі отандық зерттеушілердің мақаларынан) оқиғаның ортасын және түйінделмеген соңын көресіз. Тек Е.В. Ерофеева мен Б.Ж. Аубекеровтың мақаласынан Бұланты шайқасы жөнінде кәсіби талдауларды көре аласыз [4]. Бұл қос зерттеуші Бұланты шайқасын қазақтар тарапынан болған шабуыл ретінде сипаттайды.

Біздің ойымызша, шайқас алаңының, яғни әскери іс-қимылдар географиясының қазақ рулары орналасқан жерде орын алғанына қарағанда, Бұланты соғысы бірінші кезекте жоңғарлар тарапынан болған белсенді шабуыл екені аңғарылады. Бұланты шайқасының қазақтар тарапынан жоңғарлардың тағы бір жойқын шабуылына қарсы тұру, әрі оларды қазақ руларының топтасқан аймағына өткізбеу әрекеті екені соғыстың одан әрі дамымауынан байқалады. Бұл жерде келесідей жайттарға көз жеткізуге болады. Бұланты шайқасы Сыбан Раптанның тарапынан қазақтардың бас имей, шегініп кеткен бөлігіне қарсы аттандырылған соңғы тегеурінді шабуылы болды. Сондықтан Бұланты шайқасында қазақтардың ел ретінде сақталып қалу мәселесі тұрды. Керісінше жағдайда қазақ рулары тоз-тоз болып, шығыста жоңғарлар, солтүстікте, әрі батыста қалмақ, башқұрт және орыс казактарының қылышының астында кететін еді.   

Екінші басы ашық жайт, қазақ жасақтары бұл соғысқа дайын, әрі күткен шабуылы болып шығады. Яғни, 1726 жылғы қазақ құрылтайының тегін өтпегені, олардың жоңғарлар тарапынан қазақ қоныстарына жаңа шабуыл дайындалып жатқанынан хабардар болғанын көрсетеді. Соғыстың Бұланты бойында өтуі тегін емес еді. Өйткені 1723 жылғы босқыннан кейін қазақ руларының негізгі (қарсылық танытушы, әрі тәуелсіз) бөлігі, осы Ұлытау, Торғайдан бастап батыс қарай топтасқан болатын. Сонымен бірге Балқаш көлінің солтүстігі жоңғарлардан өз тәуелсіздігін сақтап қалған секілді, немесе бұл өңірлер жекелеген қарулы жасақтардың «қарсылық ошақтары» аймағы болды. Өйткені тарихи құжаттардан үнемі Балқаш-Аягөз торабы жоңғарлар үшін қауіпті аймақ болғанын аңғаруға болады. Тіпті, 1723 жылғы жоңғарлардың қуатты әскери компаниясы бұл үзіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмады. Мысалы, 1724 жылы Сыбан Раптанның ордасынан кері оралып келе жатқан И. Унковский осы тұстарда қазақтардың жауынгер топтарының қауіп тудыратынын, сол себепті жоңғарлардың бұл тұста аса сақтықпен қимылдайтынын өз күнделігінде жазып қалдырады. Сонымен бірге 1730-1731 жылдардағы қазақ әскерлерінің жорықтары осы Балқаш-Аягөз торабы арқылы іске асырылады. Соған қарағанда жоңғарлардың әскери күштерімен тікелей түйісетін буферлік аймақтардағы бұл «қарсылық ошақтары» аңыз, жырларда «елден бөлектеніп, жау бетінде  қалып қойған» Бөгенбай, Қабанбай секілді қазақ батырлары бастаған жауынгер топтарының іс-қимылдары болса керек. Мысалы, Үмбетейдің жырларынан қанжығалы руы батыс аймақтарға қоныс аударғанда, Бөгенбайдың бөлектеніп Сарысудың бойында (бас жағында), ал «Қабанбай батыр» жырларынан Қабанбайдың Нұра бойында мекендегенін байқаймыз.

 Бұланты шайқасына қайта оралсақ. Шайқастың Бұланты да өткеніне қарағанда, бұл соғыс тағы да көктем мезгілінде орын алдыма деген күдік туындайды. Өйткені Бұланты, Сарысудың төменгі ағысы, одан арғы Қарақұм, Сырдың төменгі ағысы қазақ руларының қысқы қоныстары болып табылады.

Егер Бұланты шайқасында қазақ тарапы жеңіліс тапса, онда Ұлытаудан бастап Торғай, одан арғы Ор, Елек бойындағы барлық қазақ руларының тағдыры қыл үстіне ілінетіні анық еді. Сондықтан (расымен де) Бұланты шайқасының маңызын сол кездегі қазақ қоғамы үшін айтып жеткізу мүмкін емес. Бұланты шайқасы сол кездегі қазақ қоғамы үшін шешуші, әрі үлкен бетбұрысқа әкелген әскери жеңіс еді. Бұл соғыстың жоңғарлар тарапынан одан әрі жалғасының таппай қалуына Сыбан Раптанның өлімі себепші болды.

Бұланты шайқасының бастамасы жоңғарлар тарапынан болғанының тағы бір дәлелі, осы соғыстан кейін екі ел арасында үш жыл уақыт тыныштық орнағанынан көруге болады. Осы, 1727 жылы қонтайшы Сыбан Раптан дүниеден өтеді (қастандықпен өлтіріледі). Бұл жағдай жоңғар билігінде біраз толқулар мен қуғын-сүргінге ұласады. Өз кезегінде бұл жағдайлар қазаққа түсіп тұрған қысымның босаңсуына алып келеді. Сырт қарағанда қазақтар үшін осы кезеңде жоңғар билігінде болып жатқан дағдарысты пайдаланып, қарсы шабуыл ұйымдастыратын қолайлы кезең туындағандай көрінеді. Іс жүзінде бұл уақыттарды екі ел арасында уақытша болса да тыныштық орнайды. Соған қарағанда тақ мұрагері Галдан Церен қазақтарға бейбіт келіссөз ұсынған болуы керек. Әрі қазақтар үшін жоңғарларға шабуылға аттану әлі де болса қауіпті еді. Бұндай жағдайда жоңғарлар тақ таласын тоқтатып, қазақтарға қарсы бірігіп кету мүмкін еді. Сондықтан қазақ билігі бұл кезде жоңғар ордасында болып жатқан саяси іріткі, тартысқа үміт артып, әлсіреуін күткен секілді. Дегенмен, зерттеушілер 1729 жылы Шу-Талас аралығында, яғни Қырғыз Алатауының солтүстігінде тағы бір қазақ-жоңғар шайқасының болғанын жазады. Бұл шайқаста да қазақ әскеріне Әбілқайыр басшылық етеді [2, с.100].

Жоңғар хандығының бұл уақытта соғыс жағдайы тек Цин империясы және қазақ хандығымен ғана еместін. Олар халха халқын да (моңғол) өзіне қосып алуғы тырысып,  күрес жүргізді. Сонымен қатар жоңғаралар Сібірге және Ертіс өзенін бойлап келе жатқан Ресей империясының саясатына да наразы болатын. Сондықтан бұл тараптардың барлығында әскер ұстауға мәжбүр болды. Әрі әскери қақтығыстар орын алды. Осы себепті Галдан Церен билігінің алғашқы жылдары ішкі және сыртқы саясатта аса сақтықты, қырағылықты қажет етті.

Жоңғар мемлекетімен соғысу Цин империясы үшін де оңайға түспей келе жатқантын. Екі жақтың алма-кезек жеңістерінің созылып келе жатқанына ғасырға жуық уақыт болған еді. Сондықтан Цин империясы жоңғарлармен соғыста өзіне әскери одақтас іздеп Ресей мемлекетіне неше рет елшілік аттандырған болатын. Осы жағдай Галдан Цереннің кезінде де орын алады. 1729 жылы Жоңғар мемлекеті мен Цин империясының арасында кезекті соғыс басталады. Қытай императоры 1730-1731 жж. бірнеше рет Ресейге елшілік аттандырады. Тіпті олардың елшілерінде Еділ қалмақтарын да жоңғарларға қарсы жорыққа аттануға көндіру, сонымен бірге қазақ, қырғыз секілді халықтарды да тарту миссиясы болды [5, с. 247; 1, стр. 99-100]. Цин елшілерінің қазақ хандарына жеткен-жетпегені белгісіз. Ол турасында ешқандай (немесе әзірге) құжат мәлім емес. Бірақ бір анығы, жоңғарлар мен қытай арасында соғыс басталғаннан кейін, қазақ хандары бұл сәтті өздеріне ұтымды пайдаланып, батыстан екінші майдан ашады. Бұл кездегі соғыстардың ішіндегі ең маңыздысы, әрине – Аңырақай шайқасы.

Аңырақай шайқасына дейін қазақ-жоңғар шекарасының барлық шебінде ірілі-ұсақты қақтығыстар орын алып, үлкен бір соғыстың белгілері біліне бастайды. Әрі, бұл уақыттарда белсенділік қазақтар тарапынан болады. Бұл кезде шекара бойындағы жоңғарлардың әскери топтарының арасында орын алған жағдайлар, ол: келген елшіліктерді, керуендерді күшейтілген күзетпен алып жүру, еш от жақпастан, құрғақ тамақтармен қанағаттану секілді сақтық шаралары күшейтілді [1, с.102].

1729 жылы жаз айында жоңғар ордасына келген сібірлік М. Этыгеровтен Галдан Цереннің «орыстардың қазақтарға әскери жорық жасауы» туралы сұраулары, қонтайшының бұл кезде қазақтар тарапына алаңдаулы екенін байқатады [1, с.102]. Циндіктермен соғыста қолы байлаулы қонтайшының бұл алаңдауы негізсіз емес еді. Қазақ билігі бұл кезде үлкен жорыққа әзірленіп жатты. 

Қытайдың жазба деректерінде осы кездердегі қазақ-жоңғар арасында болған әскери іс-қимылдары, шаралары біршама кездеседі. Бұл жазбалардың хатқа түсуі Цин империясы үшін жоңғарларға қарсы басқа халықтарды соғысқа тартудың маңыздылығынан туындаса керек. Осы қытай деректеріндегі ұшырасатын ең маңызды мәліметтердің бірі –  Аңырақай шайқасы. Бұл бізге осы уақытқа дейін Аңырақай шайқасы жөнінде еш жазба дерек сақталмады деген тұжырымдарымызды жоққа шығарады. Әрі бұл соғыстың біз ойлағаннан гөрі әлде қайда ауқымды болғанын, яғни шынайы масштабын көрсетеді. Сонымен қатар қытай дерегінде Аңырақай соғысының уақыты 1731 жылдың наурыз-сәуір айлары деп көрсетілген [6, с.63]. Бұл дата да өзіне назар аудартады. Әрі, Аңырақай шайқасына байланысты датаны жүйелі талдауды қажет етеді. 

Сонымен, 1731 жылы көктем айында Қазақ хандығы жоңғарлардың батысынан екінші майдан ашады. Қытай деректері бойынша Әбілқайыр қолбасшылық еткен 70 мыңдық (жетпіс мың!) қазақ әскері жоңғарлардың қоластындағы Шу-Талас бойына баса-көктеп кіреді. Деректе: «Во 2 луне (с 8 марта по 6 апреля 1731 г.) казахский хан выступил в поход с 70-тысячным войском,[которым] приказал командовать своемумладшему брату Буэрхайли», деп беріледі [6, с. 63]. Бұл дерек бойыншаШу-Талас бойындағы бүкіл жоңғар ауылдары қазақтардың қолына түсіп, әрі басқа да аймақтардағы жоңғар ауылдары шабуылға ұшырап жылқыларын алдырады. Бұл жөнінде деректе: «Вся тысяча дворов джунгар, проживающих в местностях Чу-Талас[полностью] захвачена [ими]. Кроме того, [казахи]угнали 2—3 тыс. голов коней из других кочевийДжунгарии», деп келеді [6, с. 63]. Міне, осы бір ғана деректің өзі бұл шабуылдың қазақтар тарапынан қаншалықты дәрежеде ұйымдастырылғанын көрсетіп тұр. Әрі, соғыстың тұтануы Шудан да бері, яғни ішкерек Талас бойынан басталғанын көрсетеді. Әрине, қорғаныс үшін тастаған (негізгі әскери күші шығыс майданда, Циндіктермен соғыс үстіндетін) шағын жоңғар әскерлерінің бұл 70 мыңдық қазақ әскерлеріне төтеп бермесі анық. Сондықтан Шу-Талас бойында отырған жоңғар ауылдарына түре тиіп, кең майданмен келе жатқан қазақ қосындарының жоңғарлардың тұрақты әскери күштерімен кездескен жері Аңырақай болуы тиіс. Шығыс майдандағы әскери қосындарынан (Циндіктермен соғысқа тартылған) іріктеліп, суыт аттандырылған және жергілікті халық ішінен жасақталған жоңғар әскерлерінің біріккен күшінің қазақ әскерлерімен шешуші шайқасы осы Аңырақайда түйісті деуге болады.  

Аңырақай тауларының шығысы және солтүстігі шетсіз жазық болып келеді. Бұл дегеніңіз көшпелілер үшін нағыз қолайлы соғыс алаңы. Сондықтан Аңырақай даласында 70 мыңдық қазақ әскеріне жоңғарлар тарапынан («жоқ» дегенде) 40-45 мыңдық атты әскері қарсы келгені даусыз. Негізгі күші циндіктермен соғысқа тартылғандықтан жоңғарлардың қазақтарға қарсы бұдан артық қосымша күш шығара алмайтыны анық. Соғыс алаңының тау ішінде емес, керісінше жазықта болғанын осы Аңырақайдан солтүстік-шығыста, 50 шақырымдай қашықтықта орын тепкен, Тауқұмға кіре берістегі Қаншеңгел топонимі де дәлел бола алады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша «Қаншеңгел» деген атау «Аңырақайдан жеңіліп қашқан қалмақ әскерлерінің шеңгелге жұғып қалған қандарынан аталған»-мыс. Әрине бұл аңыз. Бірақ осы мәліметтің өзі Аңырақай шайқасындағы соғыс майданының алып жатқан ауқымын көрсетеді. Сондықтан бұл жерде «Аңырақай шайқасы тау арасында, бекіністерге шоғырланған жоңғар әскерлерінің шағын топтарымен болды, екі жақтан қатынасқан әскер саны 7,5-8,3 мың, оның ішінде қазақтар жағынан 2,5 мыңнан 3,3 мың адам қатысты» деген И.В. Ерофееваның болжамының шындықтан әлдеқайда алшақ жатанын көреміз [7, с.6]. Тіпті деректі «ауадан» алып «50 мың қазақ әскері қатысты» деп жүрген тарихшыларымыздың болжамдары шынайы көрсеткішке шендесе алмайды. Шын мәнінде Аңырақай даласында (Қытай деректеріндегі 70 мыңдық қазақ әскерін және жоңғар әскерін жобамен алған кездің өзінде) екі тараптан 100 мыңның үстінде атты әскер тоғысты. Бұл дегеніңіз Аңырақай шайқасының көшпелілер тарихындағы аса ірі соғыстардың бірі, әрі соңғысы болғанын көрсетеді. Аңырақай шайқасының халық есінде ұмтылмай сақталып келе жатуының бір себебі осында жатса керек. Кезінде М. Тынышпаев бұл шайқасқа «Наконең, грандиозное побоище произошло в местности, известной в настоящее время под называнием «Аныра-кай» (Место рыданий калмыков) на юг от озера Балхаш. Здесь казаки (казахи –О.О.) одержали самую блистательную победу; об этой победе помнят до сих пор» деп баға берген болатын [8, с.10].

Аңырақай соғысымен қазақтар тарапынан әскери іс-қимылдардың аяқталуының бір себебі көктем мезгілінен (наурыз-сәуір айлары) келіп туындайды. Өйткені қазақ қосындары бұл кезде Шу-Талас бойының төменгі және орта ағысында қыстауда отырған жоңғар ауылдарын шапты. Көшпелілер есебінен алғанда (яғни, бос жатқан жайлауды қоса алғанда) бұл дегеніңіз бүкіл Қырғыз Алатауын, Шу-Іле тауларын жайлайтын үлкен аймақ шабылғанын көрсетеді. Талас бойынан есептегенде Аңырақайға дейінгі аралықта 400-450 шақырымдық қашықтықты соғыспен өтті. Егер бұл кезге дейін басымдылық жоңғарларда болып, қазақ әскерлері тек қорғаныстық, жау күштерін ірку соғыстарын жүргізсе, ал Аңырақай шайқасы қазақ билігінің жоңғарларға қарсы ұйымдастырған қарсы шабуылы (контр наступление) болып табылады.

Аңырақай шайқасынан кейін жоңғар ауылдары Талас-Шу бойынан мүлде кетіп, тек Жетісудің кейбір бөліктерінде ғана табан тіреп қала алды. Галдан Цереннің 1739-1742 жж. қазақтарға қарсы жүргізген нәтижелі соғыстарының өзі, бұл аймақтарға жоңғарлардың бейбіт ауылдарының қайта қоныстануына кепілдік бере алмады. Сондықтан біраз уақыт бос қалған бұл аралықтар екі жақтың кежеуілдік қарауыл топтарының тірек-тұрақтары ретінде қызмет атқарды. Бұндай белсенді әскери іс-қимылдар кезінде екі тараптың арасында «өліра» жерлердің орын алуы жаугершлік кезеңінің сипаттарының бірі болып табылады. Қауіп күткендіктен бұл уақыттарда бұндай «өліра» жерлерде тек алдыңғы шептің қарауыл топтары ғана орналасады. Бұл аймақтарда орын тепкен жоңғарлардың алдыңғы шептері және қолбасшылары Е. В. Ерофееваның зерттеулерінде толыққанды көрініс тапқандықтан, біз оған тоқталып жатпаймыз [7, стр. 32-54].

Аңырақай оқиғасына байланысты күрделі мәселе, Аңырақайдың географиялық жағынан өте түйінді жерде орналасуынан келіп шығады. Аңырақай Жетісуды Сарыарқамен ежелден байланыстырып келе жатқан күре жолдың (кейінгі атаулары «Хан жолы», «Қарқаралы жолы») бойында орналасқан. 1771 жылғы Еділден, 1772 жылы Ерейменнен ауған қалмақ көштерінің бір үзігі осы жолдың бойымен өтті. Бұл көштердің бейбіт түрде өтпегені анық. Қаншама ірілі-ұсақты қақтығыстар, соғыстар болды. Қазақтың Баян, Сары, Жантай, Көлбай және де басқа да белгілі батырларының қаза табатын оқиғасы осы жолдың бойында (1772 жылы Ерейменнен ауған қалмақтарды қуған жорықта) орын алады. Сондықтан бұл тұста жоңғарлармен қатысты қазақ аңыздарының бірнеше қатпары жатыр. Мәселе соларды кезең-кезеңімен аршып алуда. Мысалы, Арқаны мекендеген Жидебей батырдың бір жорығы осы Аңырақай шайқасының бір бұрышы Итішпес Алакөлдің іргесінде жатқан Ақсүйек жерімен байланысты айтылады. Халық аңызында Жидебей және т.б. қазақ батырлары бастаған қол Әуез ананың айтқан кеңесімен жаудың бетін қайтарып, осы Ақсүйекке дейін қуып тастаған екен. Содан көмусіз қалған қалмақтардың денесінен сол жері Ақсүйек аталып кетіпті–мыс. Бұл солтүстік Балқаш бойында айтылатын тарихи әңгімелер. Шынымен бұл жер қалмақтармен байланысты аталды ма, әлде басқадай бір қайғылы оқиғалар орын алдыма, ол енді тарихтың қойнауында қалған жайт.

Жетісу мен Арқаны байланыстырып жатқан күре жолдың Бетпақдаланы басып өтетін бөлігі өте қауіпті жолдардың бірі болып саналады. Жолдың негізгі бөлігі сусыз шөлді болып келеді. Кейбір бөліктерде су көздеріне жету өте жылдам жүрісті (үдере жүріс), әрі белгілі бір уақыт мезеттерін қажет етеді. Сондықтан бұл жолдың бойында тек соғыс салдарынан ғана емес, жол тартқан керуеннің де, жекелеген адамның да шөлден өліп, сүйектері ағарып қалғаны анық. Халық аңыздарына қарағанда 1772 жылы қазақ сарбаздарының көбі осы жолдың зардабынан өледі. Бұл жолды қазақ жасақтары жақсы білгенімен, құдықтардың көбін қалмақтар өлген адамның, малдың денесін тастап ішуге жарамсыз етіп кеткендіктен, іш ауруынан қаза табады.  

М. Тынышпаевтың «Аңырақай шайқасынан кейін қазақ хандары (Ұлы ханның қайтыс болуына байланысты) таққа таласып, нәтижесінде Әбілқайыр хан бастаған Кіші жүз және Сәмекені қолдаушы Орта жүздің бір бөлігі майдан даласын тастап шығып, Ресейдің бодандығына кірді, ал Ұлы жүзбен Орта жүздің негізгі бөлігі кейін қайтты» деген, осыдан 100 жыл бұрын айтқан бір ғана салмақты ойы, әрі топшыламасы әлі күнге тарихшыларға азық болып, осы төңіректегі даудан арыла алмай келеді [8, с.11]. Шын мәнінде, Аңырақай шайқасының аяқсыз қалмағанын қазақ әскерлерінің осы жылдың жаз айларында және одан кейінгі жылдарда жасаған шабуылдары көрсетеді. Әрі, тарихи жырлардан бұл жорықтарға үш жүздің (тұтастай болмаса да) өкілдері қатынасқанын аңғаруға болады. Рас, кейінгі жорықтарда Әбілқайырдың аты аталмайды, әрі қатынаспағаны да анық. «Аңырақай соғысы аяқсыз қалды», «қазақтар өз жеңістерін дамытпады» деген көзқарастардың сын көтермейтінін келесі жайттардан байқауға болады. Әрі бұл жайттардан Аңырақай соғысының бұдан бір жыл бұрын (1730 жылы) қазақ әскерлерінің жасаған жорықтарының логикалық түйіні екенін көреміз.

«Аңырақай шайқасы» қазақ билігінің 1730-1731 жылдардағы арнайы ұйымдастырған әскери операциясының ең бір нәтижелі көрсеткіші. Біз тек осы бір шайқас төңірегінде ғана тоқтап, оның алғышарттарына тереңдей алмай жүрміз. Аңырақай шайқасынан бір жыл бұрын, қазақ әскерлері жоңғарладың «тамырын басып», әр тараптарға шабуыл жасайды. Бұл тактикалық тұрғыдан жасалған шабуылдар, яғни негізгі соққы берілетін жерден жаудың күшін алдаусыратып, әрі жоңғарлардың әскери күштерін әр бөлікке шашыратып жіберу болып табылады.  Осы себепті Таулы Алтай, Ертіс бойы, Тарбағатай жерлеріне шабуылдар ұйымдастырылады.

Орыс деректері бойынша 1730 жылдары қазақ әскерлерінің шабуылдары жоңғарлармен шекаралас барлық аймақтарда орын алады. Таулы Алтай, Зайсан (Тарбағатай) және Іле бойындағы жоңғар ауылдарына шабуылдар жасалады [1, стр. 103-104]. Бұл уақыттарда қазақ әскерлерінің тегеуріні күшейгені сонша, В.А. Моисеевтің жазуынша Таулы Алтайды мекендейтін билеушілердің бірі Омба тайшы Оңтүстік Сібірдегі орыс әкімшілігенен қазақтарға қарсы әскери одақ құруды ұсынады [1, с.104]. Жоңғар тұтқынынан қашып шыққан халхастардың (моңғол) сипаттауынша 1730 жылы жаз айында қонтайшының циндіктермен соғысқа кеткенін пайдаланып, қазақ әскерлері оның (қонтайшының) елін шауып, мыңдаған адамдарды тұтқынға алып, малын таран-таражға салады [1, стр. 103-104]. Бұл 1730 жылғы орын алған соғыстар қазақ әскерлерінің жоңғарлардың күшін байқастау, әрі шабуыл болатын негізгі тараптан жаудың күшін аудару мақсатында болса керек. Өйткені жоғарыдағы деректерден қазақтардың шабуылынан тек жоңғарлар отырған Шу-Талас бойы ғана аман қалғанын көреміз. Керісінше 1731 жылы көктем айында қазақ әскерлерінің барлық күші (70 мың әскері) осы өлкеге төгіледі. Бұл жағдайлар Аңырақай шайқасының бастамасы әріде жатқанын, және де оның қазақ билігі мен қолбасыларының арасында ұқыпты ұйымдастырылып, әрі  іске асырылған әскери компанияның ірі (бір) жетістігі екенін көрсетеді.

Аңырақай шайқасынан кейін де қазақ әскерлерінің жорықтары өзінің жалғасын табады. Осы жылдың (1731 ж.) күз айында, қазақтардың шабуыл қайталанып, бұл жолы қазақ әскерлері жау тылына тереңдей еніп кетеді [1, с. 103]. Бұл жолы Жетісу бойында отырған жоңғарларға оңтүстік-батыс, батыс тарапынан соққа беріледі. 

1730-1732 жылдар аралығы барлық шекара бойында қазақ әскелерінің жаппай шабуылына ұласып, үш жыл қатарынан жоңарларға қарсы өте сәтті соғыстар жүргізді. Егер де Аңырақай шайқасы жаудың қоластында қалған қазақ жерінде өткен қарсы шабуыл болса, ал бұдан кейінгі соғыстар қазақ шекарасынан асып жоңғарлардың территориясында жүргізілді. Әрі, қазақтардың бел алып, жоңғарларға үсті-үстіне шабуыл жасағаны байқалады. Зерттеу еңбектерінде аса көрініс таппай қалған бұл жорықтардың шын мәнінде үлкен соғыстар болғанын тарихи дастандардан аңғаруға болады. Назар аударарлық жайт, бұл тарихи жырлардың бойындағы оқиғалар желісінің тарихи фактіге жақын екендігі, әрі осы 1730-1731 жылдардағы тарихи оқиғаларды дәлме-дәл қайталайды.  Бұл жырлардың бойында қатарынан болған екі жылдық соғыс сипатталған. Әрі бұл жырдағы жорықтың осы жылдары орын алды деуімізге жас Абылайдың тарихи сахнаға шығуы дәлел болады. Бұл екі жылғы жорықта да Тарбағатай, Сауыр және Талқы бойындағы жоңғар рулары шапқыншылыққа ұшырайды. Бірінші жылғы жорықтарында аталатын жерлер жырда («Абылай хан», Есенбай ақын нұсқасы):

«Қарадөң, Алтай, Сауыр, Ертіс басы,

Талқан-Құлжа асуынан келіп шыққан»,

-деп келеді [9, 214-б.]. Жырдың екінші нұсқасында («Сабалақ», О. Нұралы нұсқасы):

«Тарбағатай, Алатай, Сауыр, Ертіс басы

Талқы, Құлша оңтүстік қабырғасы,

Арғы жағы қалмақтың қалың елі,

Соған жету қашқан жау жанталасы,

Ол қашқан он мыңдай қалмақ екен,

Қалмақтың дүрбіт деген бір табы екен»,

-  деп жырланады [10, 248-б.].

Расымен де, жоңғарлардың дүрбіт тайпасының шабылғанына В.А. Моисеевтің еңбегінде кездесетін келесідей мәліметтер дәлел бола алады. Онда: «Ойраты говорили Л. Угримову, что летом 1730 г. «Казачья орда разбила их калмыцких дербетов с тысячу кибиток, у которыхи скот вес отогнали и их самих в полон взяли» деп келеді [1, с. 103]. Сонымен бірге, тағы бір мәліметте: «тогда контайшино владение на некоторые улусы набегали Казачья орда и в полон побрали контайшиных людей, жен и детей, юрт с тысячю и больше со скотом и пожитками» деп жазылады [1, с. 104]. Әрі қазақтар орыс казактарына осы жылы Зайсанда мекендейтін үш бірдей қалмақ ұлысын шапқандарын жеткізген [1, с. 103].  

Жырдағы бірінші жылғы жорықтың қорытындысы келесідей. Онда Бөгенбай, Жантай, Атан бастаған батырлардың Төле бидің ауылына соғып, кетерлерінде өздерімен бірге жорыққа жас жігіт «Сабалақты» ала кетеді. Қазақ әскерлері Ертіс бойында (Тарбағатай, Сауыр) және Талқы бойында отырған жоңғар ауылдарын шауып көп олжамен кейін оралады. Осы жолда көрсеткен ерлігіне тәнті болған Бөгенбай Сабалаққа астындағы атын беріп, келесі жылы да жорыққа аттануға шақырады. «Сабалақ» бірінші жылғы соғыста өзінің кім екенін білдіртпейді. «Сабалақтың» алғашқы соғыстарда қатардағы сарбаз ретінде қатысқанын Ш. Уәлиханов та келтіреді. Ол (өз бабасы жайында): Участвуя во всех набегах, сначала как рядовой воин, он показывает подвиги необыкновенной храбрости и хитрости» деп жазады [11, с. 112].

В.А. Моисеевтің «Осенью1731 г. казахские дружины совершали глубокий рейд в глуб Джунгарии» деген дерегін, Абылай хан жырындағы екінші жылғы жорықтың барысымен үндесетінін көруге болады [1, с. 103]. Жырда жорық жолдарында аталатын жер-су аттарын зерттей келе, шыныменде бұл жолы қазақ әскерлері жоңғар еліне тереңдей еніп, қонтайшының жұртына дейін жеткенін көруге болады. Онда Үш  жүздің өкілдерінен құралған жасақ  Аягөзде бас қосып, Жоңғар қақпасы арқылы Жоңғар Алатауының оңтүстік бетіне өтіп (Бүгінгі ҚХР территориясы) Сайрам, Ебі көлдерін бойлай (жол бойында отырған жоңғар ауылдарын шаба отырып) Талқы асуына жетіп, асудың батыс бетіне өтіп Іле (Құлжа) бойында  отырған Галдан Цереннің елін шапқаны байқалады. Жыр нұсқаларынан екінші жылғы жорықта Әбілмәмбет ханның аты аталады. Бұл мәліметтің шындыққа келетінін келесі тарихи фактілерден көруге болады. 1731 жылы Орта жүзден оралған башқұрт өкілі Таймас Сәмеке ханның қалмақтарға жорыққа дайындалып жатқанын Тевкелевке жеткізеді. Ол: «Имеет (Сәмеке – О.О.) намерение ехать на контайшу и войска собирается 6000 человек и двое салтанов: Барак-салтан и Аблмамет-салтан и знатной человек Чекебек (Джаныбек – В.М.)-батыр» деп жеткізеді [1, с. 104]. Барақ сұлтанның есімі (көкжал Барақ) Есенбай ақынның нұсқасында кездеседі. Бұл жорыққа Барақ сұлтанның қатысқанын әскер қатарындағы ру өкілдерінен көруге болады. Барақ сұлтанның найман руына билік еткені белгілі [2, с.260]. Жырда найман руының өкілдері ретінде Қабанбай, Төлек, Тулақ аталады. Төлек пен Тулақ Ұлытаудағы бағаналы найманнан шыққан ағайынды батырлар. Төлек батыр аға сұлтан болған Ерден Сандыбайұлының тікелей атасы. Ал, Жәнібек батыр жырдың екі нұсқасында да кездеседі. Әрі Есенбай ақын нұсқасында жас Абылайдың Жәнібектен бата алады.

Жырдың бойындағы екінші жылғы соғыстың барысы келесідей.  Уәде бойынша келесі жылы Үш жүздің сарбаздары уағдаласқан жерінде, яғни Аягөзде бас қосып, жоңғарға аттанады. Үш жүзден жиналған қазақ қосының қатарында келесідей ерлер аталады (Олжабай Нұралыұлы жырлайтын «Сабалақ» дастанында):

«Ат қаратіл болғанда жігіт сайлап,

Қару-жарақ, ат, тонын жұрт даярлап.

Ұлытауға үш жүз боп қосылмаққа,

Әр жүздің адамдары уағда байлап.

Орта жүзден – Бөгенбай, Жәнібегі,

Қошқарбай, Жантай менен Қазыбегі.

Толыбай, Малайсары, Баян батыр,

Төлек, Тулақ, Қабанбай – найман тегі.

Кіші жүздің бастысы – Арал батыр,

Тама Есет қол бастап келе жатыр.

Ұлы жүзден Жанысқа қол жиналып,

Аякөз өзеніне құрды шатыр», - деп жырланады [10, 250-б.]. Одан әрі қазақ қосындарының тау ішіндегі соғыстары, барлаулары, Галдан Цереннің елінде болмай шыққаны, Талқы асуындағы соғыстар, қалмақтың қамалға бекініп алып соғысуы, жекпе-жектер, Сабалақтың жекпе-жекте Галдан Цереннің інісі Шарышты (О. Нұралы нұсқасында Уса Сереннің інісі Құрысты) өлтіруі, ең соңында Сабалақтың алынбай жатқан қамалға «Абылайлап» ат қойып, соғыстың соңы қазақтардың жеңісімен аяқталады.

«Абылай хан» немесе «Сабалақ» тарихи дастанының құндылығы бұл оқиғаларды мерзімдеуінен де көрінеді. Мысалы Сабалақ жырында (О. Нұралы нұсқасы):

«Ақтабан шұбырынды» болғанына,

Сегіз жыл сол апатқа толғанына.

Қалмақтан осы кекті алмақ үшін,

Келер жылы жиналамыз осы араға»,

- деген жолдар бар [10, 249-б]. Осы жыр жолдары екінші жылғы оқиғаның, яғни «Талқы соғысының» 1731 жылы болғанын көрсетеді. Ал, Абылайхан жырында (Есенбай ақын нұсқасы) Ақтабан шұбырындыға «жиырма жыл толғанына» деп көрсетіледі [9, 215-б]. Дегенмен екі жырдың нұсқасында Сабалақтың жасы жиырмаға енді келген кез деп көрсетеді. Жырда Шарышпен жекпе-жекке шығар кезде:

«Жиырмаға жаңа келген Сабалақты,

Осы жолы жеңіп алу бір күш еді»,

-деп келеді [9, 220-б]. Бұл тұста да Абылайдың толған жасы туған жылымен есептесек 1731-жылды көрсетеді. 

 Тарихи деректерде толықтай көрініс таппай, жай ғана мәліметтер негізінде жеткен бұл екі жылдық қазақ-жоңғар соғыстарын, тарихи дастандармен салыстыра келе «Тарбағатай соғыстары» (1730 ж) және «Талқы шайқасы» (1731 ж.) деп атауға болады. Осы 1731 жылғы Талқы соғысынан бөлек, осы XVIII ғасырдағы тарихи аңыз-әңгімелерде орын алған тағы бір Талқы жорығы бар. Бұл екеуін шатастыруға болмайды. Бірінші Талқы соғысы Абылай ханның алғаш атын шығарған оқиға болса, ал екінші Талқы жорығында қолбасшыларын соғысқа аттандырып, оң жағында Бұқардай кеңесшісі бар, «Хан тағының» үстінде отырған Абылайды көреміз. Әрі, екінші Талқы жорығында Бөгенбай, Жантай бастаған әскери қосын асудан асып жеңіске жеткенімен, ал Ханбаба бастаған әскерлер шығынға ұшырап, осы жолда Малайсары батыр қаза табады.

  1731 жылғы Қытай деректерінде де Галдан Цереннің ордасында әбігершіліктің болғаны байқалады. Онда 1731 жылы Галдан Церен бір ғана өз жұртын қазақ әскерлерінен қорғау үшін 20 мыңдық әскер қалдырған, әрі оған тағы 10 мың әскер үстеме көмек жібереді. Бұл туралы: «Еще он (Галдан Церен – О.О.) приказал направить 10-тысячный отряд под командованием Хэшици возглавит оборону местности Алимату-Силабар, где находятся кочевья [подвластыне] Галдан-Церену, охраняемые войском, не превышающем 20 тыс. с небольшим человек», деп жазылады [6, с.63]. Мұның алдында Галдан Церен өзінің күйеу баласы (қарындасының күйеуі) Лобуцзян Церенді 10 мың қолмен көмекке аттандырады. Бірақ Лобуцзян Церен қоластындағы 10 мың әскермен циндіктер жағына шығып кетеді [6, с.63].  Бұл деректен бір ғана қонтайшының жұртын қазақтардан қорғау үшін 30 мың әскер жұмылдырылғанын көреміз. Әрі қытай деректерінен бұл шаралардың барлығы Аңырақай соғысынан кейін, яғни жаз айларында орын алғаны аңғарылады. Галдан Цереннің осыншама әскер қалдырып, жұртын қорғау себебін жоғарыдағы «Абылай хан» («Сабалақ») жыры суреттеп тұрған Талқы жорығы. Соған қарағанда қазақ жасақтарының саны жоңғарлардан асып түспесе кем емес. Жырда қазақ әскерлерінің саны 30 мың деп көрсетіледі [10, 256-б.].

Қытай деректерінде атылып отырған «Алимату-Силабар» деген жерлер Қорғас шекарасының төңірегіндегі жер аттары. Галдан Цереннің ордасы бұл уақыттарда бүгінгі қазақ-қытай мемлекеттері шекарасы аймағында болғанын тарихи деректер және зерттеулер дәлелдейді [12; 7, стр. 21-22]. Келесі бір деректен Галдан Цереннің әкесі Сыбан Раптанның да осы Талқы маңында көшіп-қонып жүргенін көреміз. Деректе: «Еще раньше, в 1717 г. Цэвань-Рабтану на берегу речки Харкир, около Музарта, представлялся Тобольский дворянин Велянов, который в следующем году простился с хун-тайчжи в его ставке около Хоргоса, у подошвы горы Талки» деп жазылады[13, с. 20]. Галдан Цереннің қазақ жасақтарының жорықтарынан кейін де ордасын ол маңнан көшірмегенін осы деректен байқаймыз. Онда: Один из низ (послов- О.О.) плац-майор Угрюмов (1732-33 гг.) кочеваль вместе с Галдан-Цэренем в апреле и мае от урочища Коджигер вниз по реке Или, а в конце мая и в летние месяцы по Темирлику, Кегену, Каркары и Текесу; в сентябре и всю зиму до последеных чисель марта по р. Или: сперва вниз, а потом паки верх, где обычай имеет при урочище Кочигир продлиться до мая» [ 13, с. 21].

Жоңғар қонтайшылары Сыбан Раптан мен Галдан Цереннің мекен еткен аймағы ерте замандардан билеуші әулеттердің тұрақты мекені болған. Шыңғыс ханның ұлы Шағатайдың, және оның ұрпақтарының да мекен еткен жері осы аймақтар болып табылады. Шағатайдың иелігінің орталығы жөнінде Жувейни: «Весной и летом его ставка находилась в Алмалыке и Куясе, которые в те времена были похожи на Сад Ирама. Он устроил в тех краях большие водоемы (которые они называют коль) для разведение водоплавающих птиц. Он также построил город под называнием Кутулук. Осень и  зиму он проводил в [? Мараузике] на реке Ила» деп жазады [ 14, c. 186]. Ал, Н. Пантусов жергілікті тұрғындардың айтуларына сүйеніп осы Алмалық маңындағы Кеген өзенінің маңын (Байнаман) Тұғылық Темірдің жайлаған жері деп көрсетеді. Ол «По рассказам мазарских шейхов Туглук-Тимур-хан жил на местности Байнаман, которая находится на запад от Кера или Кегеня, места, на котором бывает постоянно международный съезд с китайцами; жил он там с семьей» деп жазады [15, с. 170]. Бұл мәліметтерден бүгінгі Алматы облысының Райымбек ауданы (Кеген, Нарынқол) және Ұйғыр ауданы жерлерінің ерте замандардан билеуші әулеттердің таңдаулы мекені болғанын, яғни «Хан қорығы» болғанына көз жеткіземіз.

Зерттеушілер арасында жоңғарлардың циндіктермен соғысып жатқан кезін қазақтар пайдаланып қалды деген көзқарастар баршылық. Қай уақытта болсын, қай жерде болсын жеңіске жетуде екі жақта барлық мүмкіндіктерді пайдаланары анық. Әскери одақ құру, жаудың күшін бөлу үшін екінші майдан ашу, бірлесе жауды жеңу тәсілдері бұл ғасырлар бойы барлық халықтар пайдаланып келе жатқан тәжірибе. Сонымен бірге жоңғарлар бұндай жаугершілік уақытта бейбіт елді сырт күштерден қорғай алатындай әскери күштер қалдыратыны анық. Оған жоғарыдағы Галдан Цереннің өз жұртын қорғауға қалдырған әскери күшінен көз жеткіземіз.  

1731 жылдан кейін қазақ жасақтарының жоңғарларға қарсы шабуылдары саябыр табады. Керісінше, жауап ретінде жоңғар әскерлері тарапынан қазақ жерлеріне жорықтар ұйымдастырылады. 1732 жылы жоңғар қолбасшысы Мәнжі бастаған қолдың қазақтарға қарсы жорыққа дайындығы қытай деректерінде кездеседі. Онда: «Ныне, поскольку казахи угнали более 700 джунгарских семей, Галдан-Церен уже отозвал Маньци, планируя выступить в поход против казахов» деп жазылады [6, с.65]. Орыс деректерінде де бұл жылғы жорықтар туралы мәліметтер сақталған. Бірақ жоңғарлар тарапынан жасалған бұл жорықтардың барлығы сәтсіз  аяқталады. Л. Угримовтың хабарлауынша бұл жылы қазақ жеріне аттанған жоңғар әскері қырғынға ұшырап, тек бірен-сараны ғана кері оралады. Әрі қонтайшы қазақтардың қайтарма шабуылынан жоңғарлардың шеткі ұлыстарын сақтандырып, және шағын топтармен жүрмеуге бұйырады  [1, с. 105; 5, с. 244]. Бұл соңғы дерек қазақ әскерлері бұл жылдары белсенді қимыл жасамағанымен, өзінің әскери күштерін сақтап тұрғанын көрсетеді. Әскери тілмен айтқанда 1732 жылдардан бастап майдан шебінде жағдай тұрақтанады. Бұл кездері қазақ-жоңғар арасындағы қақтығыстарды позициялық соғыстар деп белгілеуге болады.

Жоңғарлар үшін 1730-1732 жылдардағы батыс майдан (қазақтармен соғысы) сәтсіз болғанымен, керісінше шығыс майданда, яғни цин әскерлерімен соғыстарда ірі жеңістерге жетеді. Мысалы 1730 жылы Баркөлде 20 мыңдық цин әскерін жеңсе, ал 1731 жылы Алтайда 40 мыңдық әскердің тас-талқанын шығарады [5, с. 242]. Зерттеуші И.Я. Златкин 1729-1731 жж. циндіктермен болған соғыстар жоңғарлар үшін сәтті болды деп бағалайды [5, с. 242].

1730-1732 жылдардағы қазақ-жоңғар соғыстарын қорытындылай келе келесідей ой қорытуға болады. Біріншісі, 1731 жылы Әбілқайыр бастаған Кіші жүз және Орта жүз руларының біраз бөлігінің жоңғарлардан пана іздеп Ресей бодандығына өтті деген көзқарастардың еш негізсіз екеніне көз жеткіземіз. Жоғарыда көз жеткізгеніміздей бұл жылдары қазақ әскерлері жоңғарларға қарсы ең бір сәтті жорықтарын жасап, әрі үстем шығып жатқан кез еді. Бұл көзқарастардың шындыққа сүйенгеннен көрі, саяси бояуы бар бұрмалаушылық бой алдырғанына көз жеткіземіз. Әрі, бұл ең көп тараған және мойындалған факті ретінде бойұсындырып келгендіктен, біздің санамыздан алынып тасталуы қиыны осы көзқарас болып табылады.

Қазақ руларының Ресей патшалығының қоластына өтуі себебін панасыздықтан гөрі, билік өкілдерінің және ру басыларының  көздеген мақсатынан және (бірінші кезекте) Ресей патшалығының қазақтарды бодандықа алу саясатын іске асырған А.И. Тевкелевтің табанды жұмыстарының нәтижесінен іздеген жөн.

Екінші, қазақ жасақтарының жоңғарларға қарсы жүргізген соғыстарынан келесідей кезектіліктікөреміз. Бұланты соғысында майдан шебі қазақ елінің терең ортасында өтті. Бұл соғыстың маңызы жоңғарлардың шабуыл күшін тоқтату (1727 ж.) еді. 1730 жылы майдан шебі іште емес, керісінше шекара бойында, негізінен жау территорияларында болды. Ал, 1731 жылы негізгі майдан Шу-Талас бойына көшкенін, ал оның түйінді жері Аңырақай шайқасы болғанын көреміз. Бұл қарсы шабуыл жоңғар күштеріне соққы бере отырып, жау қолында қалған қазақ жерін қайтарып алу мақсатында өтті. Аңырақай соғысы нәтижесінде майдан шебі оңтүстік-шығыста Іле бойына ысырылып тасталды. Осы жылы күз айында қазақ әскерлері Жоңғар қақпасы жағынан жау тылына тереңдей еніп, енді қонтайшының ордасына Іленің шығыс жағынан шабуыл жасады. Бұл Тарбағатай, Талқы соғыстары нәтижесінде майдан шебі шығыста Ертіс өзенімен және оңтүстік-шығыста Жоңғар Алатауы бойымен шегерілді. Қазақ билеушілері мен әскербасыларының 1730-1731 жылдардағы жоспарлы түрде іске асырған әскери операцияларының нәтижесінде жау қолында қалған қазақ жерінің негізгі бөлігі азат етіліп, өзінің тарихи шекарасына жақындады (картаны қараңыз).

Бұл жылдардағы қазақ әскерлерінің жүргізген соғыстарының нәтижесін Тарбағатай бойына қазақ руларының келіп қоныстанғанынан-ақ байқауға болады. 1731 жылы жоңғар қонтайшысына барған Л. Угримов өзінің күнделігінде осы жылдың күз айында қазақ руларының Шар өзенінің (Цар-Гурбан) бойында көшіп-қонып жүргенін, ал жоңғарлардың қарауыл шептері Тарбағатайдың солтүстігіне шегіндірілгенін жазады [1, с.102]. Тіпті, Галдан Церен Угримовке қазақтарға қарсы әскери одақ құру ұсынысын жасайды. Бұл талаптары 1733 жылы да қайталанады [1, с.105]. Қазақ руларының жаудан босаған жерлерге қоныстануы Жетісу бойында да (дәл сол жылы болмасада) біртіндеп орын алса керек. Мысалы, 1738 жылы Нұралының және басқа да қазақ рубасыларының ант қабылдаған тізімде найманың руларының (бура, терістамғалы, ергенекті) жайлаған жерлері ретінде Түркістанмен қатар Жетісу аймақтары көрсетіледі [16, стр.43-46].  

1739 жылы Галдан Церен күшін жинақтап қазақтарға қарсы соғыс ашады. Нәтижесінде Тарбағатай, Жетісу бойындағы қазақ рулары қоныстанған жерлер қайта жоңғар иелігіне өтеді. Дегенмен, жоғарыда көрсеткеніміздей бұл жаңа шабуыл Шу-Талас бойына жоңғар ауылдарының қоныстануына кепілдік бере алмады. Бұл аралықтар екі жақтың әскери күштерінің қарауыл топтарының орналасқан жері ретінде қызмет атқарды.

Галдан Цереннің билігінің нығайғаны сонша, бұл жылдары (1739-1745 жж.) Ресей империясы олармен қақтығысудан бой тартып, жоңғарлар тарапынан наразылық тудыраған әскери бекіністерін, өндірістік зауыттарын сырып тастауға дайындалады. Бұл турасында ХІХ ғасырда өмір сүрген, орыс армиясының генерал-лейтенанты (Торғай облысының әскери губернаторы ретінде де қызмет атқарған) А.К. Гейнс: «Не получая удовлетворений, Галдан стал готовиться к войне с Россиею, а передовые калмыцкые отряды, перейдя Алтай, сожгли заведения при двух рудниках. В виду подобных обстоятельств, количество войск в Сибири было увеличено и назначен особый начальник всех сибирских пограничных линий, генерал-майор Киндерман. Чтобы не довести дело до войны, правительство уже готово было срыть Усть-Каменогорскую крепость и очистить предгория Алтая, занятыя русскими заводами. К счастию, Галдан-Черен умер в 1745 году» деп жазады [17,с.46].  

Қазақ хандығымен салыстырғанда, бұл уақыттарда жоңғар мемлекеті билігі орталықтандырылған, әскери қосындары мұздай жарақталған, жаугершілік жағдайына икемделген, бүкіл жарамды адамдық ресурсы соғысқа тартылған, ширыққан жауынгерлік қоғам болып табылатын. Соңғы 100 жылдай өмірін ат жалында, соғыс үстінде өткізіп келе жатқандықтан соғыс тәжірибелері өте жетілген, оның үстіне швед тұтқыны Ренаттың арқасында зеңбіректер және мылтықпен жасақталған арнайы топтары болды. Сол себепті екі майданда да өте сәтті соғыстар жүргізе білді. Дегенмен үнемі соғыс жағдайы, адам саны шығындары, қосымша күшті қажет ететін әскери топтарды жау ортасында ұстап тұру, ең бастысы тақ таласы жоңғар мемлекетінің күйреуін жақындата түсті. Тақ таласының нәтижесінде екі тарапта қалған атақты, тәжірибелі қолбасылар саясаттың құрбаны болып кетті. Көптеген қолбасылар қарамағындағы әскерлерімен жауға беріліп немесе басқа жақтарға қоныс аударды. Мысалы, Галдан Цереннің билігінің өзінде (бейбіт халықты есептемегенде) белгілі адамдар басшылық еткен 50-60 мыңдай әскері Еділ бойындағы қандастарына немесе Циндіктердің қоластына өтіп кетті. Галдан Цереннің өлімінен кейін одан сайын өршіген тақ таласы бұл жауынгер мемлекеттің күшін біржола сарқып,  Жоңғарияның тарихтан біржола жойылуына алып келді.

Сөз соңында, Абылайдың Аңырақай соғысына қатысқаны немесе қатынаспағаны (бұл да тарихшылар арасында айтылып жүрген мәселе) жөнінде келетін болсақ, жоғарыдағы екі жылғы жорық оның бұл соғысқа қатысу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Жас Абылай бұл соғысқа қатардағы сарбаз ретінде қатынасуы әбден мүмкін. Өйткені бұндай жорықтар өзін көрсетуге (билікке жетуге) ұмтылған Абылай үшін нағыз қолайлы сәттер болып табылады. Абылайдың болашақ сұңғыла саясаткер екенін оның жасырын жүрген кездің өзінде Төле бидің жылқышысы болғанын-ақ көруге болады. Кейін Абылайдың Төле бимен бұл «таныстығы» билік сатысына көтерілуде өзінің оң нәтижесін бергені анық. Әрі Абылайдың, әсіресе жас кезіндегі жасаған ерліктері оның халық алдында, қазақ қолбасыларының арасында кең беделге ие болуына көмектесті.

ТҮСІНІКТЕМЕ

⃰  Бұл Аңырақай шайқасы туралы құжаттың осы уақытқа дейін тарихшылар қауымының (әсіресе, Қазақстан ғалымдарының) назарынан тыс қалып келгені таңғалдырады.  Өйткені, бұл дерек (басқа да мәліметтермен қатар) 1994 жылы  Алматыда «Ғылым» баспасынан шыққан «Китайские документы и материалы по истории Восточного Туркестана, Средней Азии и Казахстана XIV-XIX вв.» атты құжаттар жинағында жарық көрген.

Әдебиеттер:

1.  Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи (XVII-XVIII вв.). – Алма-Ата: Гылым, 1991. – 238 с.

2.  Эпистолярное наследие казахской правящей элиты 1675-1821 гг. Сборник исторических документов в 2-х томах/ Автор проекта, введения, биографий ханов, научных документариев; составитель и ответственный редактор И.В. Ерофеева. – Алматы: АО «АБДИ Компани», 2014. – 696 с. Т.І: Письма казахских правителей. 1675-1780 гг.

3.  Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей. – Алматы: Санат, 2009. – 656 с.

4.  Ерофеева И.В., Аубекеров Б.Ж. Ландшафтно-геоморфологические факторы формирования наступательной стратегии и тактики казахов-кочевников в войне с Джунгарами 1723-1730 гг. // Роль номадов евразийских степей в развитии мирового военного искусства. Научные чтения памяти Н.Э. Масанова: Сб. мат-лов межд. науч. конф. – Алматы: Издательство LEM, 2010. – С. 228-250. 

5.  Златкин И.Я. История Джунгарского ханства 1635-1758. – Москва: Наука, 1983.- 333 с.

6.  Извлечения из «Дай цин шэнцзужэньхуанди шилу». Документ №№5-7 //Китайские документы и материалы по историиВосточного Туркестана, Средней Азии и КазахстанаXIV-XIX вв. – Алматы: Гылым, 1994. – 272 с.

7.  Аныракайский треугольник: историко-географический ареал и хроника великого сражения / И.В. Ерофеева, Б.Ж. Аубекеров, А.Е. Рогожинский и др. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 276 с.

8.  Тынышпаев М. Киргиз-казаки в 17 и 18 веках (Дополнение к «Материалам к истории киргиз-казакского народа). – Кызыл-Орда, 1928. – 18 с.

9.  Есенбай ақын. «Абылай хан» // Қанжығалы қарт Бөгенбай. / Құраст. А. Смайыл. – Алматы: Фолиант, 2007. – 480 б.

10.  Нұралыұлы О. «Сабалақ» (тарихи поэма) // Қанжығалы қарт Бөгенбай. Құраст. А. Смайыл. – Алматы: Фолиант, 2007. – 480 б.

11.  Валиханов Ч.Ч. Абылай // Собрание сочинений в пяти томах. Том 4. – Алма-Ата: Қазақ Совет Энциклопедиясы, 1985. – 463 с.

12.  Унковский И.С. Посольство к Зюнгарскому Хун-Тайчжи Цэван Раптану капитана от артиллерии Ивана Унковского и путевой журнал его за 1722-1724 годы. СПб., 1887 // Интернет ресурс: Электронная библиотека ГПИБ

13.  Феодоров Д.Я. Опыт военно-статистического описания Илиского края. Ч.І (Издание Штаба Туркестанского военного округа). – Ташкент, 1903.- 318 с.

14.  Ата-Мелик Джувейни. Чингисхан. История Завоевателя Мира = Genghis Khan: the history of the world conqueror / Перевод с текста Мирзы Мухаммеда Казвини на английский язык Дж. Э. Бойла, с предисловием и библиографией Д. О. Моргана. Перевод текста с английского на русский язык Е. Е. Харитоновой. – Москва: ООО «Издательский Дом МАГИСТР-ПРЕСС», 2004. – 690 с.

15.  Пантусов Н.Н. Город Алмалык и мазар Туглук-Тимур хана // Кауфманский сборник (изданный в память 25 лет, истекших со дня смерти покорителя и устроителя Туркестанского края генерал-адютанта К.П. фон-Кауфмана). -  Москва,  1910. - С. 161-188 // Интернет ресурс: RIFIAS.

16.  Сборник узоконений о киргизах степных областей (Составил И.И. Крафт). – Оренбург, 1898. - 532 с.

17.  Гейнс А.К. Киргиз-Кайсаки (в Зауральской степи) // Собрание литературных трудов А.К. Гейнса. Т. І. – С.-Петербург, 1897. – 594 с.

Ошанов О.Ж.

Сотрудник ТОО «Казархеология»

КАЗАХСКО-ДЖУНГАРСКИЕ ВОЙНЫ 1727-1732 гг.

Аннотация

В статье рассматривается война Казахского ханства против Джунгарского ханства в промежутке 1727-1732 гг. В истории казахско-джунгарских воин широко известны сражения при Буланты и в местности Аныракай, тогда как о битвах при Талкы, Тарбагатайском походе  и др. военных столкновениях казахов с джунгарами известно мало. Об этом материал статьи. Наряду с этим, в качестве исторических подтверждений Аныракайской битвы впервые даны сведения китайских источников. В этих документах говорится о том, что Аныракайская битва имела место в 1731 г., со стороны казахов в ней участвовало до 70 тыс. воинов, приводятся другие малоизвестные факты об этом историческом событии.

Автор, сопоставляя устный исторический материал с письменными источниками (русские и китайские документы), подробно проанализировал события казахско-джунгарского противостояния 1730-1731 гг., что позволило более детально раскрыть события военной истории того времени. В статье разносторонне изучена история казахско-джунгарских войн, даны оценки различным событиям. Установлено, что в эти годы военная инициатива и превосходство были на стороне казахских войск. Также описана деятельность исторических личностей того времени в том числе показаны первые шаги на исторической арене будущего казахского хана Абылая.

Ключевые слова: Абылай хан,Абулхаир хан, Барак султан, Богенбай, Кабанбай, Жанибек, Галдан Церен, Сыбан Раптан, Булантинская битва, Аныракайская битва, Талкинская битва, Тарбагатайский поход, джунгары, калмыки, Улытау, Туркистан, Талас, Чу. 

Oshanov O. Zh.

THE KAZAKH-JUNGAR WARS 1727-1732 YEARS

Аnnotation

The article deals with the war of the Kazakh Khanate against the Dzungar Khanate in the period of 1727-1732 years. In the history of the Kazakh-Dzungarian warrior, the battles of Bulanta and Aniracay are widely known, while little is known about the battles at Talqy, the Tarbagatay campaign and other military clashes of Kazakhs with the Jungars.This is the material of the article. Along with this, as the historical evidence of the Aniracay battle for the first time given the information of Chinese sources. These documents say that the Aniracay battle took place in 1731 year, from the Kazakh side, up to 70,000 soldiers participated in it, and other little-known facts about this historic event are cited.

The author, comparing oral historical material with written sources (Russian and Chinese documents), analyzed in detail the events of the Kazakh-Dzungarian confrontation of 1730-1731 years, which made it possible to reveal in more detail the events of military history of that time. The article explores the history of Kazakh-Dzungarian wars, assesses various events. It is established that in these years the military initiative and superiority were on the side of the Kazakh troops. The activities of historical figures of the time are also described, including the first steps in the historical arena of the future Kazakh Khan Abylai.

Keywords:Abylai Khan, Abulhayir Khan, Barak Sultan, Bogenbai, Kabanbai, Janibek, Galdan Tseren, Syban Raptan, Battle of Balaton, Aniracay Battle, Battle of Talky, Tarbagatai Campaign, Dzhungary, Kalmyks, Ulytau, Turkistan, Talas, Chu.


No comments

To leave comment you must enter or register