Яндекс.Метрика
Home » Materials » САРЫАРҚАНЫҢ КӨНЕ КЕРУЕН ЖОЛДАРЫ – ТАРИХТЫҢ ҮНСІЗ КУӘГЕРЛЕРІ

ОШАНОВ О.Ж.

САРЫАРҚАНЫҢ КӨНЕ КЕРУЕН ЖОЛДАРЫ – ТАРИХТЫҢ ҮНСІЗ КУӘГЕРЛЕРІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(05), 2016

САРЫАРҚАНЫҢ КӨНЕ КЕРУЕН ЖОЛДАРЫ – ТАРИХТЫҢ ҮНСІЗ КУӘГЕРЛЕРІ
Author:
Мақалада Сарыарқаның батыс аймағының көне керуен жолдары және олардың саяси және эконмикалық маңыздылығы қарастырылады. Ұлытау және Торғай даласының ХІХ ғасырда және ортағасырларда түйінді өлкелердің бірі болғаны жан-жақты деректермен көрсетіледі Керуен жолдарымен қатар, әмір Темір (Ақсақ Темір), Шибани Абдоллах секілді тарихи тұлғалардың осы даланы басып өткен жорық жолдары әлі күнге сақталған топонимикалық деректермен ұштастырыла беріледі. Сонымен қатар ХІІІ ғасырда француз королі Людовик VIII-нің елшісі Гильом де Рубруктың Моңғол бас ордасына сапарының бір бөлігінің осы Торғай-Ұлытау аймағымен өткені сөз болады. Аталған тарихи тұлғалардың жорық жолдары және көне керуен жолдары арнайы құрастырылып, картада ұсынылады. Түйін сөздер: Ортағасырлар, керуен жолдары, керуен, саудагер, саяхатшы, елші, кесене, мазар, дала, шөл.
Text:

Бетпақдаланы басып өтетін (Сыр бойы қалаларымен Арқа, Ібір-Сібір елдерін байланыстырып жатқан) көне керуен жолдары жайында Ә.Х. Марғұлан өз зерттеулерінде толыққанды мәлімет берген болатын [1]. Сол себепті, бұл мақалада тек Сарыарқаның батыс жақ бөлігін (Бетпақдаланы қоса алғанда), яғни Торғай – Ұлытау аймақтарын басып өтетін көне керуен жолдары жөнінде, әрі оның бойынан өткерген тарихи оқиғалар мен жайттарға тоқталмақпыз.

Көне керуен жолдары ХІХ ғ. өзгеріске ұшырап, қазақ даласында жаңадан бой көтере бастаған елді-мекендер арасын жалғастыратын және кейбір Орта Азиялық қалаларды байланыстырушы мақсатта бекеттер болып ашыла бастады. Мысал ретінде XIX ғ. Торғай қаласын алуға болады. Дерек бойынша Торғайдан шығатын үш жол болған. Ол жолдар Орскі, Қостанай және Перовскі қалаларын байланыстырып жатқан. Алдыңғы екі жолда арбамен жүру мүмкіндігі болса, ал үшінші жол қолайсыздығынан тек керуен жолы болып есептелген [2, с. 341]. Соңғы Торғай-Перовскі жолы Торғайдан шыққаннан кейін Жақсы Қабырға өзені, Батпақұдық, Ұлыжыланшық өзенінен өтіп Сарықұм (бүгінде Сазанбай құмы⃰ ⃰) ішіндегі Сазанбай құдығы арқылы өтіп, одан әрі Жарық, Құдықтысай, Бұлақты, Мүйір, Білеуті арқылы өткен [2, с. 342]. Соңғы екі атауға алда шибани Абдоллах ханның жорығына байланысты тоқталатын боламыз.

Торғай өңіріндегі түйінді жерлердің бірі Жыланшық өзенінің Ақкөлге құяр жақын сағасы. Бұл жерде Жошы ұлысы кезеңінің бірнеше мазар қирандылары (Сырлытам, Қыз моласы, Доғалақ төбе), қоныс орындары кезедеседі. Әсіресе, Сырлытам орналасқан тұс ерте уақыттан тоғыз жолдың торабы қызметін атқарған, осы атыраптағы маңызды түйіндердің бірі болған. Тек қана осы тұстың өзінде үш бірдей өткел өткен. Олар Жылқыбай өткелі, Шойынқаптың өткелі және Алтыбай өткелі. Бұл өткелдер одан әрі Ұлытау, Қарсақбай және одан әрі Түркістанға шығып кететін керуен жолдары болып кетеді.

Торғай өңірінде көнеден келе жатқан керуен жолының (кейде жорық жолдары) халық жадында соңғы бекіп қалған атауы Сәтбай есімді адамман байланысты. Жергілікті халықтың арасында бұл жолдар «Сәтбай жолы» немесе «Сәтбайдың қара жолы» деп сақталып қалған. «Сәтбайдың қара жолы» бір емес, бірнеше көне керуен жолдарының атауы. Бұл жолдар өз ішінде тармақталып жан-жаққа жол тартады. Кейбір еңбектерде «Сәтбай» есімін Қаныш Сәтбаевтың атасының атымен байланыстырып, жаңсақ жазылып жүр. Шын мәнінде, информаторлардың айтуынша Сәтбай ХІХ ғ. өмір сүрген Кіші жүз жаппас руының адамы (І). Сәтбай Ресейден келетін және басқа да керуендерге жол көрсетіп жүріп-тұрған кісі. Кейін сол жолдардың барлығы сол кісінің атымен ел арасында бекіп қалған.

Торғай өңірінде айтылатын, біз анықтаған «Сәтбайдың қара жолдары» келесідей болып келеді.

1-нші жол. Ресейден шығып (Орскіден болуы керек – О.О.) Тосын құмының батысымен Жыланшық өзенінің Ақкөлге құяр сағасынан жоғары Алтыбай өткеліне келіп, өзеннен өткен соң Көтібар қопасының тұсында екіге айырылады. Бір тармағы Сазанбай құмының сыртымен Бозшакөл, Әли, Бұланты және Байқоңыр өзендері арқылы Сарысу өзенін көктей өтіп Түркістан асып кетеді. Екінші тармақ Көтібар қопасынан шығысқа бағыт алып Кішітауға тартып солжақта (Ұлытауда – О.О.) басқа керуен жолдарына қосылады.

2-нші жол. Торғайдан шығып Шошқакөл арқылы Қарақұмға жетіп, одан Сырға құлайды.

Кішітауды басып өтетін «Cәтбайдың қара жолының» ертеден келе жатқан қара жол екенін XVIII ғ. тарихи құжаттардан көруге болады. Дәл осы жолды 1741 жылы Ташкентке бет алған  Орскіден шыққан орыс көпестері жүріп өтеді. Үш бірдей көпестің (Шубай Арсланов, Семен Дроздов және Мәнсүр Юсупов⃰ ⃰ ⃰) бірігіп шығарған керуеніне Ташкентке апарып қайтуға, жолбасшылыққа Төлек батыр келісімін береді⃰ ⃰ ⃰ ⃰.

Орскіден шыққан бұл керуен Елек өзенін одан әрі Торғай өзені арқылы Ұлытауға жетеді. Бұл тұстағы деректі қаз қалпында  берсек: «За 8 дней до Туркестана караван зашел, для покупки харчей, в небольшой улус (около 15 кибиток) Усюнской волости Большой Орды. Улус был расположен на р. Ездле, у большой горы, которую Киргизы называли Улутау. Предводитель улуса—Хара-Худай-Верды, доставил немало тревог и хлопот Русскому каравану» [3, с. 405]. Деректе үйсін руының бір атасы, және олардың қоныстанып отырған «Ездле» өзені – Ұлытаудың оңтүстік бөктерінен бастау алатын Үлкен Жезді өзені сөз болып отыр. Тағы бір назар аударатын жайт деректе Ұлытаудан Түркістанға дейінгі аралық 8 күншілік жол деп көрсетілуі.

Бұл соңғы дерек өз кезегінде бізді бұдан дәл 5 ғасыр бұрын орын алған тағы бір тарихи сапардың бағытын анықтауымызға жол ашады. Ол 1253-1255 жж. француз королі Людовик VIII-нің тапсырмасымен  Гильом де Рубруктың Моңғол ставкасына сапар шегу оқиғасы. Бұл саяхатшының бүгінгі қазақ жерін басып өткен жол бөлігі зерттеушілер арасында бірауызды емес, әр зерттеуші өз көруінше жорамал жасаған. Біз пайдаланып отырған А.И. Малеиннің аудармасына жасалған қосымша картада (Плано Карпини мен Гильом де Рубруктың жүріп өткен жолдарының картасы) Рубруктың Жайық өзенінен өткеннен Сыр бойындағы алғашқы қалаға жеткенге дейінгі басып өткен жолы жаңсақ берілген. Бұл карта бойынша Рубрук Жайықтан өткеннен кейін үнемі оңтүстік-шығысты бетке алып Сырдың төменгі ағысы бойында Жанкенттің (картада Янгикент) солтүстігі арқылы Кынчат елді-мекеніне жетеді. Егер шын мәнінде бұл жолды өтер болса Жайық өзенінен кейін жолда Жем өзені ғана бар, бұдан әрі Рубрукпен оның сапарластарына ең сусыз, елсіз шөл даламен өтуіне тура келер еді. Яғни бүгінгі Борсық құмдары және Қарақұм (Аралдың солтүстігі) арқылы жүрген болып шығады. Әрі жолдың бұл бөлігін өту қыркүйек-қазан айлары кезінде орын алғандықтан, осы кезде дала рулары бұл жолдан әлде қайда солтүстікте жайлауда болып, енді ғана күзеуге қайтуға бет алған уақыт болып табылады. Бұған Рубруктың жазбасы да дәлел бола алады. Онда дала тайпалары (кітапта Татарлар деп берілген) оңтүстіке түсіп кеткеннен кейін олар да осы бағытқа бет алады [4, с.109].

Рубруктың Жайықтан шыққан кейін шөл даламен емес, керісінше сулы-өзенді жерлермен жүріп отырғанын деректен аңғаруға болады. Рубрук бұл жөнінде «Также по берегам некоторых рек растут кое-где леса, но это бывает редко» деп жазады [4, с.108]. Аталмыш өзендер Ойыл, Анқаты, Бұлдырты, Қалдығайты, Қиыл, Елек, Ырғыз, Торғай секілді дала өзендері болса керек. Өйткені бұл өзендердің бойында талдар сирек кездеседі.

Рубруктың «Накануне дня Всех Святых мы оставили дорогу на восток» деп жазғанына қарағанда, Жайықтан шыққаннан кейін олар осы қарсаңға дейін шығыс бағытты бетке алып жүріп отырған. Бұл дерек толығымен былай жазылады «Накануне дня Всех Святых мы оставили дорогу на восток, так как Татары уже значительно спустились к югу, и направили, через какие-то горы, путь прямо на юг, в течение 8 дней подряд. В этой пустыне я видел многих ослов, именуемых кулам, которые больше похожи на мулов; наш проводник и его товарищи усиленно их преследовали, но ничего не достигли вследствие их черезмерной быстроты. На седьмой день к югу нам стали видны очень высокие горы, и мы въехали на равнину которая орошалась, как сад, и нашли возделанные земли» деп жазады, әрі «Бүкіл Әулиелер» мейрамынан бір аптадан соң Кынчат деген қалаға жеткенін келтіреді [4, с.109]. Бір ғана осы сөйлемнің өзі бойында бірнеше құнды мәліметтер жасырып тұр. «Бір таулар арқылы оңтүстікке бет алдық,  8 күн бойы түсумен болдық» деген деректі жоғарыдағы орыс көпестерінің Түркістанға 8 күндік жол қалғанда Ұлытауға келдік деген мәліменімен салыстырыңыз. Әрі Рубрук жолдың осы бөлігінде ғана шөл даланы (пустыня) жазып, онда кездескен құландарды сөз етеді. Бұл деректен Ұлытаудан оңтүстікке бет алғанда шығыстан батысқа созылып жатқан Бетпақдаланы айқын аңғаруға болады. Бүгінде құрып кеткенімен Бетпақдаланы күні кешеге дейін құландар мекен етіп келгені белгілі жайт. Сондықтан зерттеушілердің арасында Рубруктың шығыс бағыттан кілт оңтүстікке бағыт алған нүкте жөнінде  Юль, Шмидт және Рокхилдің 67˚ мен 70˚-нші ендік аралығы деп көрсеткен пікірлері шындыққа келеді. Егер Ұлытаудан бұрылған бұл нүктені нақтыласақ тура 67˚-нші ендіктің бойында орын алады. Егер бойлық бойынша есептесек Рубруктың Жайықтан өтіп шығысқа бет алған жері шамамен 49˚40′ -пен 50˚-нші бойлық аралығы, ал Ұлытауда бұл бойлық 48˚40′-ті көрсетеді. Яғни, Рубруктың үнемі шығыс бағытта жүрдік деген мәліметімен сәйкес келеді.  

Рубруктің Ұлытаудан Қаратауға дейінгі жүріп өткен жол бөлігінің сипаттамасының 1845 ж. Ұлытауда Кенесары сарызбаздарының қолына тұтқынға түскен казак Дмитри Девятовтың естелігімен үндес екенін көруге болады. Ол тұтқында кетіп бара жатып жолбойы көргендерін келесідей түрде сипаттайды. Мысалы «Дней пять ехали голодной степью, - не даром и называют ее так: нигде, не видно и кустика карагача или таволожника, только видать одни, небольшие песочные горы, да кой-где росла кустиками трава „кок-пек", в роде полыни; вода соленая, да и ту брали из колодцев, которые глубиною будут аршин до 30-ти. Переходы делали верст от 50 до 60», немесе «За Чу виднелись горы, концы которых чуть синели  в дали и тонули  в облаках. Я спросил  одного киргиза, который ехал позади меня:  «Мамед бу-ни-тау?» — «Бу-кара-тау!» т. е.: какие это горы? — Это черная горы! был его ответ. Проехав горами верст 15 или более, мы встречали в ущельях аулы каратавских киргиз, кочующих целие столетия. За горами, по дороге, открылись богатые долины с холмистыми местностями, по которым паслись стада баранов и лошадей каратавских киргиз. Здесь всюду встречались пашни оседлых сартов,  и глиняные аз-сакли, на подобие киргизской юрты, с пристройками, и часто встречались нам по дороге  загорелые сарты: копошась в арыках (канавах), они напускали воды для полива полей» [5].

Ұлытаудан оңтүтістікке бет алған керуен жолы үшін Бетпақдаланы кесіп өтетін екі жол бар. Ол «Сарысу жолы» және «Жетіқоңыр» жолына қосылу. Ұлытаудан шыққан жол Қаражардың тұсында «Сарысу жолына» келіп қосылады. Бұл жол ертеден Арқа мен Сыр бойын байланыстырып жатқан күре жол болып есептелген. Бұл жолдар, сонымен қатар дала руларының қыстаумен жайлау арасындағы көш жолдары болып табылады. «Сарысу жолы» Сарысу өзенін бойлап түсетіндіктен Бетпақдаланы кесіп өтетін ең қауіпсіз жол болып есептеледі.

Жоғарыда жазған «Сәтбайдың қара жолының» Көтібар қопасында (Жыланшық өзені бойында) айырылатын бір тармағы Ұлытауда осы «Сарысу жолына келіп қосылады». «Сәтбай жолының» екінші тармағы Бозшакөл, Әли арқылы Байқоңырға  шығып, одан әрі «Сарысу жолын» қиып өтіп  «Жетіқоңыр жолына» қосылып, осы жол арқылы Созаққа, Түркістанға өтеді. Бұл «Сәтбайдың қара жолының» екінші тармағы біріншісіне қарағанда Түркістанға апаратын төте жол болып есептеледі. Бірақ қауіптірек жол, өйткені бұл жолда су көзі аз (Бұланты, Байқоңыр өзендерін есепке алмағанда), көбіне құдықтармен шектеледі. 

  Жоғарыда жазғанымыздай Бетпақдаланы басып өтетін көне керуен жолдары жөнінде Ә.Х. Марғұлан дәйекті түрде жазған. Сондықтан, бұл тұста Бетпақдаланың жолдары жөнінде ғалымның жазбасына сүйенеміз.

  Рубруктың оңтүстікке 8 күн бойы түскен кезінде шөлдала деп, өзен жөнінде еш мәлімет келтірмеуіне қарағанда олар «Жетіқоңыр жолымен» түскен болуы керек. Өйткені Сарысу жолы солтүстіктен оңтүстік-батыс бағытқа ауытқи жүретіндіктен бұл жол керуенді Сырдың төменгі ағысына алып шығады. Ал, Жетқоңыр жолы Сырдың орта ағысы бойының елді-мекендерімен тікелей байланысатын жол болып табылады. Ә.Х. Марғұлан Жетықоңыр жолы жөнінде «Исходными пунктами как для Уванасского, так и Джетыконурского путей служили на юге гг. Отрар, Туркестан и Сузак» деп жазады [1, с.21]. Бұл жерде Қаратау жотасын да дерекке тартуға болады. Рубруктың «жолдың жетінші күнінде оңтүстіктен» көрген биік таулары Қаратау екені анық. Бұл таулар жөнінде  Рубрук жергілікті тұрғындардан сұрап, «Кавказ» таулары екенін білдім деп жазады [4, с.109]. Бұл жерде де түркі тайпалары ертеден Кавказ тауларын «Қаптаг (Қап тау)» деп айтатынын ескерсек, Рубруктың жергілікті тұрғынның «Қаратаг (Қаратау)» деп айтуынан, екі континенттегі тау аттарының өзара ұқсастықтарынан шатастырып алған жоқ па екен деген ой туындайды.

  Рубруктың жазбаларында кездесетін құнды мәліметтердің бірі – дың ескерткіштер. Моңғол шапқыншылығына дейінгі дәуірдің жәдігерлері болып есепетелетін, бұл дыңдардың шоғырлана орналасқан және сақталған жері Ұлытау болып табылады (Домбауыл, Дың моласы, Қосүйтас, Қарадың және т.б.). Рубрук бұл жөнінде: «Они (Комани – О.О.) строят также для богачей пирамиды, то есть осторконечные домики, и кое-где я видел большие башни из кирпичей, кое-где каменные дома, хотя камней там и не находится» деп жазады [4, с.89]. Дегенмен Рубрук жүріп өткен жолының бойында кез келген жерден дыңды көруі мүмкін. Мысалы, бара жатқан жолында Жетісуда бүгінгі Жансүгіров елді-мекенінің іргесінде болған Дың (Дыңгек) ескерткішін, немесе қайтар жолында Аягөздегі Қозы Көрпеш – Баян сұлу дыңын көруі мүмкін. Рубрук қайтар жолы турасында «а возвращались летом и по гораздо более высоким северным странам» деп жазады [4,  с.163]. Әрі, кері оралып келе жатқанда Балқаш көлінің солтүстік жағымен өткені туралы «На следующий день, переправившись через те горы, которые составляли отроги больших гор, находившихся к югу, мы въехали на очень красивую равнину, имеющую справа высокие горы (Жоңғар Алатауы – О.О.), а слева некое море или озеро (Балқаш – О.О.), тянущееся на 25 дней пути в окружности. И эта равнина вся прекрасно орошена стекающими с гор водами, которые все впадают в упомянутое море. Летом мы возвращались с северного бока этого моря, где равным образом были большие горы» деп тоқталады [4,  с.110]. Деректердің барлығын қорыта айтқанда, Рубруктың басып өткен жолында Жетісудағы (Жансүгіров) немесе Сарыарқаның даласында (Аягөздегі, Ұлытаудағы, Торғай өзені бойындағы) бой көтеріп тұрған кез келген дың ескерткіштерді көруі мүмкін екендігін байқаймыз.

  Сарыарқаның керуен жолдарына қайта оралсақ, Сарысу жолы мен Жетқоңыр жолының тағы бір маңыздылығы Бетпақдаланың немесе Қарақұмдағы басқа керуен жолдарына қарағанда өткізу ауқымы зор болып есептелген. Өйткені Сыр бойынан Сарыарқаға, яғни Қазақстанның далалы аймақтарына шығар жолда шығыстан батысқа созылып жатқан табиғи кедергі Бетпақдала мен Қарақұм шөлдерін тек осы тұстан ғана үлкен әскермен өту мүмкіншілігі болған.

  Бұған дәлел Әмір Темірдің 1391 жылғы Тоқтамыс ханға аттанған жорығы және 1582 ж. Абдоллах ханның (шаибанид) Баба Сұлтандықуалап Ұлытауды басып өткен жорығы куә болады. Араға белгілі бір уақыт салып барып қайталған екі жорықтың Бетпақдаладан өтер уақыты ерте көктемде, яғни сәуір айларында басталады. Өйткені, жолда қосымша көктемгі қар суларын пайдалану мүмкіншілігінен, Бетпақ даладан өтетін ең ыңғайлы кезең осы уақыт болып есептелген. Осы жорық уақытынан Бетпақ даланың мыңдаған әскерлер үшін қаншалықты қауіпті екенін көруге болады.

Осы тұста аздап болса да екі қолбасшының жорығының далалы аймақта жүріп өткен жерлері туралы тоқтала кетсек.

Абдоллах хан Сарысу жолымен көтерілгеннен кейін Қаражардың тұсында (Сарысу мен Қаракеңгір өзені қосылған саға) Баба сұлтанның Жошы ханның мазарының қасында екендігі жөнінде хабардар болады. Бұл тұста ол Қаракеңгір өзенін жағалай (солтүсік-шығыс бағытта) отырып, аталмыш өзенге Сарыкеңгір өзені келіп қосылатын тұсықа жақын орналасқан Жошы хан мазарына жетеді. Осы Жошы хан  мазарына дейінгі Абдоллах ханның қосынының басып өткен жолдары жөнінде Ж.Е. Смаилов өз еңбегінде қарастырады. Бұл еңбекте жер атауларынан бөлек Жошы хан мазарының төңірегінде орналасқан  Сарайлы, Торайлы қалалары сөз болады [6].   

Жошы хан мазарынан Абдоллах Баба сұлтанды қуып солтүстікке беттеп Ұлытау тауларына барады. Абдоллах Ұлытаудың солтүстік баурайы арқылы кері қайтады.

Абдоллахтың Ұлытаудан қайтар жолы барған жолынан батысқа қарай орын алған. Ол туралы деректе «... в четверг 25-го [числа] месяца раби‘ ІІ он (Абдоллах – О.О.) вознамерился вернуться назад по дороге на Мийар-Билавати и поднял знамя возвращения. В этот день он бросило тень стоянки у истока реки Саук» деп жазылады [7, с.286].  Көптеген зерттеушілер Сауық өзені деп ортағасырларда Торғай өзенін айтқан деген пікір білдіреді. Абдоллах хан осы жерден кері қарай қайтуды ұйғарады. Торғай өзені осы Ұлытаудан солтүстік бағытта ағып шығатын көптеген өзендерден бастау алады. Сондықтан деректегі «Сауық өзенінің бастауы» деген мәлімет Абдоллахтың Ұлытаудан алыс кете қоймағанын көрсетеді. Тек Абдоллахтың жекелеген әскер басылары Баба сұлтанды қуалап әр тарапқа жорық жасап оралады. Абдоллах ханның  кері қайтуға ұйғарған «Мийар-Билавати» жолы, шын мәнінде екі бөлек өзен-судан тұрады. Билавати – Білеуті (бүгінде Қалмаққырған) өзені. Мийар – Мүйір деген өзен, әрі жер атауы. Бұл жерлер «Сарысу жолы» басталатын тұс Қаражардан әлде қайда батыста орналасқан. Абдоллахтың қосыны Ұлытаудан (Торғай өзенінің бастауларынан) шыққаннан кейін бір күннен соң «Кырк-Караклар» өзеніне және таға бір тәуліктен кейін Жыланшық өзеніне келеді. Мұндағы «Кырк-Караклары» Ұлытау мен Кішітаудың арасындағы ұсақ өзендердің бірі болуы керек. Ал, Жыланшық дегені Кішітаудан ағып шығатын Шығырлы өзені. Халық бұл өзенді Шығырлы Жыланшық дейді. Бұл Шығырлы Жыланшық Ұлытаудан шыққан Дулығалы Жыланшықпен қосылып Ақкөлге құятын Ұлыжыланшық өзенін құрайды.  Шибани Абдоллахтың қосыны Жыланшықтан кейін, келесі күні «Терс-кандрликке» жетеді. Бұл Теріс Кендірлігі Кішітаудан төменірек орналасқан, әрі шығысқа ағатын Бала Жезді өзені болуы керек. Қазақ жеріндегі шығыс немесе солтүстік бағытқа аққан өзендердің бірқатары осы «Теріс» атауын алған. Мысалы Жамбыл обылысы территориясындағы Теріс өзені шығыс бағытта ағады. Сондай-ақ, Ұлытаудағы (Арғынаты тауынан бастау алатын) Терісаққан өзені солтүстік бағытта ағады.

 Теріс Кендірлік өзенінен кейін  Абдоллахтың қосыны Мүйір-Білеуті өзенін бойлай жүріп Сарысуға жетеді. Білеуті мен Сарысудың арасында Қызылқақ деген жерде аң аулап көңіл көтереді. Бұл аталмыш жерлердің барлығы күні бүгінге дейін сақталған, бұл атаударды картадан оңай көруге болады.

  1391 ж. Әмір Темірдің Тоқтамысқа аттанған жорығы Бетпақдаланы аталмыш «Сарысу жолымен» асады. Тек Әмір Темір Қаражардың тұсында Жезді өзенін бойлай тіке солтүстікке беттеп Кішітауға келеді. Кішітаудан 2 күннен кейін Ұлытауға жетеді [8, с.161]. Ұлытау Кішітаудан солтүстік-шығыста, алыстан мұнартып көрініп тұрады. Кішітаудың шығыс сыртымен Ұлытауды басып өтетін көне керуен жолының бөлігі бар, Әмір Темір қосыны осы жолға келіп қосылған болуы керек. Бұл жолдың сілемі әлі күнге дейін сақталған. Бұл керуен жолы Сырдың төменгі ағысын Сібірмен байланыстырған көне сорап. ХХ ғ. бас кезінде бұл жол Көкшетау мен Қызылорда (Көкшетау – Атбасар –Ұлытау – Қарсақбай – Жосалы) арасын байланыстырған күре жол маңызын атқарған⃰ ⃰ ⃰ ⃰ ⃰.

Әмір Темірдің Ұлытаудан әрі қарайғы жорығы солтүстік-батыс бағытта жалғасқанына Алтыншоқыда қалдырған тастағы жазуы куә болады. Қ.И. Сәтбаев тауып алған бұл тастың көшірмесі (түпнұқасы Эрмитажда) тарихи орнына қойылған. Шереф-ад-Дин Йездидің жазбасынан Әмір Темір қосынының бұдан әрі солтүстік бағытта болып Жыланшық өзені, Арақарағай (мәтінде Атакарагуй), Тобыл өзендеріне дейін жетіп, осы тұстан батысқа бағыт алады [8, с.162]. Арақарағай -  бүгінде жоғалуға айналған топоним. Бұл Арақарағай атауы ХІХ ғ. орыс зерттеушілерінің еңбектерінде Аманқарағай, Наурызым ормандарымен қатар аталады [9, с.61]. Осы уақыттардағы қарталардан Арақарағайдың аталған екі орманды алқаптармен бір ауданда орналасқанын көреміз.

 Бұл деректен араға екі ғасырдай уақыт салып Ақсақ Темірдің жарты жолын Абдоллахтың (шибани) жүріп өткенін көреміз. Жоғарыда аталған Алтыншоқыдан солтүстік-батысқа қарай 40 шақырымдай жерде «Хан шабылған» деген жер атауы  кездеседі. Бірақ ол Тоқтамыс хан ба, әлде Баба Сұлтан ба немесе Кенесары ма, ол жағы бізге белгісіз. «Хан шабылған»  жазық жер болып келеді, жер үстінде табиғи тастан үйілген бірнеше қабірүсті құрылыстары бар. Одан басқа ешқандай белгі білінбейді.

  Қорыта айтқанда Сарыарқаның көне керуен жолдары қазақ тарихының көптеген маңызды жайттарын өз бойына жинақтаған. Көне керуен жолдарын өз мәнінде зерттеп, ғылыми айналысқа енгізер болсақ көптеген тарихи құнды мәліметтерге қол жеткіземіз. 

 

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР:

⃰Жалпы, бұл мақала түзетулер енгізіліп, екінші рет баспаға ұсынылып отыр. Бірінші жарық көрген мақалада бірқатар кемшіліктер кеткен [қараңыз: Ошанов О. Сарыарқаның көне керуен жолдары – тарихтың үнсіз куәгерлері // Кітап патшалығы (ғылыми-танымдық, әдістемелік журнал. №4, 2014]. Олардың бірі Байқоңыр өзенінің көне атауы Білеуті деп берілген. Кейін деректерді қарастырып отырып көне Білеуті өзенінің бүгінгі атауы Қаламаққырған екені анықталды. Сонымен қатар мақала барысында 1582 жылы шибани Абдоллах ханның Ұлытауға жасаған жорығына байланысты, оның (Абдоллахтың) Торғай өзенінен кері оралды деген ұсыныстың да жаңсақ пікір екені анықталды. Артынан көз жеткізгендей Абдоллах хан Ұлытаудың солтүстік жағын айналып, кері оралады. Ортағасырлық Терс Кендірлік өзеніне байланысты «Терісаққан» өзені деген пікірде бұл соңғы мақалада Бала Жезді деп өзгертілді. Бұл мақалада осы түзетулер енгізіліп және басқа да деректермен толықтырылып беріліп отыр. 

⃰ ⃰ Деректе сөз болып отырған Сазанбай құмына байланысты ел аузындағы деректер келесідей. Сазанбай ХІХ ғ. өмір сүрген жергілікті байлардың бірі. Руы ұзын қыпшақ. Қыстауы осы құмда болып, кейін ел оның атымен осы құмды бұйратты атап кеткен. Сазанбай құмы – Үлкен Сазанбай, Кіші Сазанбай, Тоқалқұм болып бөлінеді. Жергілікті халықтың айтуынша Үлкен Сазанбайда байдың өзі, Кіші Сазанбайда оның ұлы, ортадағы құмда Сазанбайдың екінші әйелінің ауылы мекен еткендіктен «Тоқал құм»аталып кеткен. 

 ⃰ ⃰ ⃰ Бұл Шубай Арслановтың жазбалары өте құнды тарихи құжат болып табылады. Онда ХVIII ғ. тарихи тұлғалар Төле би, Төлек батыр және т.б. тарихи тұлғалар, сонымен қатар Сыр бойы қалалары, Ташкенттегі саяси жағдай анық көрініс тапқан.

 ⃰ ⃰ ⃰ ⃰ Төлек батыр – XVIII ғ. жоңғар-қазақ шапқыншылығы кезіндегі белгілі тарихи тұлға. Арғын-сүйіндік руының өкілі. Бұл деректе Төлек батырдың елінің жайлап отырған жері болып Елек өзені бойы айтылады. 

⃰ ⃰ ⃰ ⃰ ⃰ ХХ ғ. бас кезінде Қарсақбайдан кен өндіруге кіріскен ағылшындар Жосалы жолы арқылы кенішке паравозды өз аяғымен жеткізеді. Бұл мақсатта олар 2 км-лік темір жол тартып, оның үстімен составты жүргізіп, артқы рельстерді алдыға салу арқылы 2 жыл дегенде Қарсақбайға жетеді. Бірақ, қазан төңкерісі басталып кетіп ағылшындардың ұзақ уақытқа мерзімделген жоспарлары іске аспай қалады.

Информаторлар тізімі:

І. Информатор: Нұрмұхамбетұлы Жолдыхан. 1947 ж.т. Қостанай облысы. Жанкелді ауданы. Қарасу ауылы (ТАЭ-2010).

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Маргулан А.Х. Древние караванные пути через пустыню Бетпак-дала // Мир казаха. – Алматы, 1997. – С. 16-30.

2.  Россия. Полное Географическое описание. Киргизский край. – Т.18. – СПб, 1903.

3.  Арсланов Ш. [Сказка Вятского купца о путешествии в Ташкент в 1741-1742 гг.] / Излож. Н. Оглоблина. Под загл.: Путешествие русских купцов в Ташкент. 1741-1742// Русский архив, 1888. – Кн. 2. – Вып. 8. – С. 402-416.

4.  Путешествие в восточные страны Плано Карпини и Гильома де Рубрука. Серия: Путешествия. Открытия. Приключения. – Алматы: Гылым, 1993. – 248 с.

5.  Пять  лет  в  плену  у  ташкентцев(рассказ сибирского казака). Соч. Н.Щербакова. – С.-Петербург, 1873 г.

6.  Смаилов Ж.Е. Памятники археологии Западной Сары-Арки.  –  Балхаш, 1997. – 112 с.

7.  Хафиз Тыныш ибн Мир Мухаммед аль-Бухари. Шараф-наме-йи шахи // Материалы по истории казахских ханств ХV–XVIII веков (извлечения из персидских и тюркских сочинении). / Составители: С.К. Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А. Пищулина, В.П. Юдин. – Алма-Ата: Изд. «Наука» КазССР, 1969. – С. 237-312.

8.  Из «книги побед» Шереф-ад-Дина Йезди // Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды. Т. ІІ. Извлечения из персидских сочинений. Собранные В.Г. Тизенгаузеном и обработанные А.М. Ромаскевичем и С.Л. Волиным. – М.-Л.: Изд. АНСССР, 1941. – С. 144-189.

9.  Гейнс А.К. Киргиз-Кайсаки (в Уральской степи) // Собрания литературных трудов. Т1. – СПб., 1897. – С. 61. 

ОШАНОВ О.Ж.

Сотрудник ТОО «Қазархеология»

ДРЕВНИЕ КАРАВАННЫЕ ПУТИ САРЫАРКИ – БЕЗМОЛВНЫЕ СВИДЕТЕЛИ ИСТОРИИ

Аннотация

Статья посвящена древним караванным дорогам западной части Сарыарки и их политическому и экономическому значению. На основе различных источников обосновывается тезис, что в ХІХ в. и в средневековье Улытау и Тургайские степи играли важную роль в истории. Автор, используя сохранившиееся до наших дней топонимические данные, наряду с караванными дорогами, показывает маршруты походов таких исторических лиц как Эмир Тимур, Шибанид Абдоллах по этим степям. Также обращает внимание на то, что ХІІІ в. путь посланца французского короля Людовика VIII Гильома де Рубрука в Монгольскую ставку пролегал через степи Тургая и Улытау. Автором презентована карта, в которой воссозданы  маршруты названных исторических лиц и древние караванные дороги. 

Ключевые слова:средневековье,караванные пути, караван, купец, путешественник, посол, мавзолей, мазар, степь, пустыня.

OSHANOV O. ZH.

ANCIENT CARAVAN ROUTES OF  SARYARKA ARE SILENT WITNESSES OF HISTORY

Аnnotation

The article examines the historical significance of the ancient caravan routes of the western zone of the Sary-Arka.The author argues exactly the specific conclusions that Turgai and Ulytau steppes in the XIX century and the Middle Ages were the main regions.The author proves on the basis of toponymic facts that have survived that famous historical figures like Aksak Temir, Shibani Abdollah were in these parts of Stepps. Including article provides exceptional historical evidences that in the XIX century in these steppes traveled Mongolian rate which headed by Ambassador William de Rubruck who served to the King the French King Louis VIII.

  Keywords:  caravan routes, caravan, dealer, traveler, ambassador, mausoleum, tombstone, steppe, desert

No comments

To leave comment you must enter or register