Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҚОСТАНАЙ ГУБЕРНИЯСЫНДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ (1921-1922 жж.)

Г.Ж. ӨСКЕМБАЕВА

ҚОСТАНАЙ ГУБЕРНИЯСЫНДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ (1921-1922 жж.)

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1

Tags: аурухана, үйі., балалар, ауру, губерния, жұт., ашаршылық, халық, уезд, тамақтану, пункттері, салық, босқыншылық, жұқпалы
Author:
Мақалада 1921-1922 жылдарда Қостанай губерниясын жайлаған ашаршылықтың себептері мен салдарлары, қуаңшылықпен күрес, оны ауыздықтаудағы Халықтық жер комиссариатының қызметі, сонымен бірге Бас саяси ағарту комиссариаты (главполитпросвет) мен мемлекеттік баспасөз және де басқа үгіт-насихат аппараттарының жұтпен күресу барысында тұрғындар арасында жүргізген жұмыстары нақтыланады. Ашыққан губернияларға қолдан келгенше көмек көрсету мәселесіндегі ұлт зиялыларының қызметі, шетелдік ұйымдар, Қызыл Крест, Балаларға көмектесудің Халықаралық Одағы сияқты халықаралық ұйымдардың ашаршылықпен күреске қосқан үлесі бағамдалады. Губерниядағы ашыққандарға көмек беру комиссиясының қызметі, Ақмола мен Семейден мал, тұқым, астық алу арқылы өзара көмек барысы көрсетілген.
Text:

ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының соңындағы Қостанай губерниясы әскери қимылдардың жойылып, жаңа экономикалық саясатқа көшу барысында экономикалық дағдарысқа тап болды. Қуаңшылықтың нәтижесінде астық пен шөптің шықпай қалуынан елде аштықтың нышандары байқала бастады.  Қордағы астық пен қаражаттың таусылуы мемлекет тарапынан қамтамасыз етіліп отырған балалар үйі, ауруханалар, қарттар үйі, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарға аса ауыр тиді. 

Республика шаруашылығының күйзелуіне солтүстік жақта басмашылықтың шығуы, қызылдар мен ақтар арасындағы соғыс та кесірін тигізді. 1920 жылы Торғайда жұт қатты болып, елде шөп шықпай қалғанына қарамастан, ерсілі-қарсылы жүрген әскерлер жұрттың қолында бар шөп пен азықты тартып алып, астық пен шөпті өртеп, халыққа қиянат жасады. Қарсыласқандарға «буржуйсыңдар» деп қоқан-лоққы көрсетті [1, 17-б.].

Салғыртты салықпен алмастыру шаруалардың жағдайын жақсартпады. Керісінше, қаһарлы қыстан жем-шөпсіз қалып, қолда бар малдары қырылып қалған шаруалардың жағдайы одан әрі ауырлай түсті. Оның үстіне көктем кезінде салынған егіске өнімнің шықпауы да диқаншылықпен  айналысқандарды әбден күйзелтіп, сергелдеңге салды. Орынбор, Бөкей, Ақтөбе, Орал және Қостанай  губернияларындағы 1130 000 десятина егістік жердің  700 000 десятинасына егін шықпаған, яғни 60%-дан жоғары алқап  жаңбырдың болмауынан күйіп кетті. Қалған 430 000 десятина жерден тек 2½ млн пұт қана астық алынған [2]. Сөйтіп аталған губерниялар астықсыз қалды.

Губернияға қарасты 8 ауданда егілген егістің әр десятинасынан алынған өнім мынадай: Қостанай уезінде – 2 пұт, Боровскойда – 1 п. 23 ф., Семиозерныйда –  2 п., Всесвятскийде – 5 п., Денисовский уезінде – 2 п., Адамовскийда – 2 п., Федоровсийда – 3 п. Торғай уезінде егістен мүлдем астық алынған жоқ. Әр десятинадан тек осындай мөлшерде ғана астық алынуына біріншеден, қуаңшылық әсер етсе, екіншіден, егісті шегіртке жеп қойды [3]. 

Губерниядағы қуаңшылықтың нәтижесінен егістік көлемінің 60 пайызы, кейбір аудандарда 75 пайыз шықпай қалды. Ал қалған жерден алынған астық жетпеді. Қостанай губерниясына Орал, Самара, Уфа, Башқұрт республикасы мен басқа жерлерден келген қоныстанушы шаруалар жерлерін тастап, шығысқа қарай, Ақмола мен Семей губернияларына қарай үдере көшті. Діттеген жеріне жете алмай, жарты жолда аштан өлгендердің сүйектері Қостанай губерниясының Тобыл мен Ешім өзендері бойында шашылып жатты.

Негізінен Қостанай жерінде қазақтардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысты. Аштық басталардан бұрын, яғни 1920 жылы  308,378 бас жылқы, 105, 639 бас түйе мен өгіз, 196, 463 бас ірі қара, 218 627 бас ұсақ мал, 609374  қой мен ешкі болса, ал 1922 жылдың 1 шілдесіне қарай жылқыдан 114976 бас, түйе мен өгізден 44315 бас, ірі қарадан  100158 бас,  ұсақ малдан 67572 бас, қой мен ешкіден 213634 бас қана қалды. Пайызға бөліп қарастырсақ, мал басы жылқыдан  63 пайызға, түйе мен өгізден 54 пайызға, ірі қара малдан 69  пайызға, қой мен ешкіден 65 пайызға кеміді [4].

1921 ж. 27 сәуірінде Еңбек пен Қорғаныс кеңесінің төрағасы  В. Лениннің қол қоюымен қабылданған қаулыда қуаңшылықпен күрес елдің ауыл-шаруашылығы өміріндегі ерекше маңызды іс деп есептеп, оны ауыздықтауды Халықтық жер комиссариатына тапсырды және барлық республикалардың ауыл-шаруашылығы тұрғындарын тарта отырып, мелиоративтік жұмыстарды ұйымдастыру, агрохимиялық және ауыл-шаруашылық іс-шараларын жүзеге асыру көзделінді. Сонымен бірге Бас саяси ағарту комиссариаты (главполитпросвет) мен мемлекеттік баспасөз және де басқа үгіт-насихат аппараттарына жұтпен күресу барысын тұрғындар арасында тарату міндеттелді. Олар жұтпен күрес жолдарына арналған түрлі кітапшалар, үндеухаттар, плакаттар шығару,  халықтың арасында оқулар, әңгіме, дәріс, митингі және т.б. ұйымдастыруды өз міндеттеріне алуға тиіс болды [5]. Бұл бұйрықтың артын ала 18 маусымдағы №1107 бұйрық жарияланып, қуаншылықпен тез арада күресудің шаралары белгіленді [6].

Ашаршылық басталған кезде Торғай уезіндегі халықтың қолындағы бірлі-жарымды малдарының өзіне ұрылар тыныштық бермей, салған егіндері шықпай талғажауға астық таба алмай әбден қиналды [7]. Уездегі аштыққа ұшырағандарға шұғыл түрде жәрдем көрсету мәселесіне орай 1921 ж. 12 мамырда өткен уездік атқару комитетінің кеңейтілген отырысында тез арада комиссия құру, оған азық-түлік бөлімдерінің өкілдерін тарту, азық-түлік қоры мен ашыққандарға қажетті ет мөлшерін дайындауда сойыс малдарын сатып алу қажеттігі баса көтерілді. Қажетті қосымша қаражатты Қазақ Кеңестік Орталық Атқару Комитетінен сұрау көзделінді [8]. 

Аштықтың нәтижесі губерния тұрғындарының азаюына алып келді. 1920  жылғы санақ есебі бойынша анықталған 577477 адамнан 411572 адам ғана қалып, губернияның 60%-і, яғни  246311 адам ашықты [9].

Ел басына қиын жағдай туындағанда Қазақ Орталық Атқару Комитеті 1921 ж. 15 шілдесінде ашыққандарға арнайы төтенше көмек көрсету комиссиясын (Компомгол) құрып, басқару жұмысы С. Меңдешевке жүктелді [10]. Оның қол қоюымен 17 шілдеде арнаулы үндеу жарияланып, аштықтың шығуының негізгі себебі тек қуаңшылық нәтижесі ғана емес, ауылшаруашылығының артта қалуынан, помещиктер мен капиталистердің кеңестік жүйеге қарсы тоқтаусыз күрес жүргізуінен деп келтіріліп,  республика орын алып отырған нәубетті ауыздықтауға шақырды [11].

 Аштарға көмек беру комиссиясы губернияда  аштардың қатары ұлғайған тұста,  1921 ж. 30 тамызында құрылды. 25  қазанға дейін барлық аудан орталықтарында, ал 15қарашаға дейін болыстықтарда, сонымен қатар  ауылдық және поселкелік ашком ұйымдары құрылды. Толық емес мәліметке қарағанда  15 желтоқсанда 1 губерниялық, 8 уездік, 75 болыстық,  353 селолық және ауылдық аштарға көмек көрсету комиссиясы, барлығы 437 комиссия құрылып, жұмыс істеген. Губернияның тұрғындары бар аудандарда құрылған комиссияны есептегенде, олардың саны  жалпы 670-ке жеткен.

Комиссия аштарға көмек көрсетумен бірге қала мен теміржол станциясына топталып қалған аштарды орналастыру мәселесімен де айналысты [12].

Губернияда ашыққандардың арасында тырысқақ жұқпалы ауруы тез тарады. Оған әлі піспеген жеміс-жидектер мен қайнамаған суды қолдану, өліп, иістеніп кеткен малдарды жеу, шөп тамырларын  талғажау ету себепші болғаны сөзсіз. 1921 жылы Қостанай губерниясының қарамағында 15 аурухана, 55 фельшерлік пункт, 1 әйелдер босанатын үй болып, онда 10 дәрігер, 108 дәргердің көмекшісі, 5 акушер, 22 медбикелер қызмет етті. Осы жылдың 25 маусым мен 1922 ж. 1 наурыз аралығындағы Статистикалық бөлімге түскен мәліметтер бойынша амбулаториялық көмекке 164424 адам жүгініп, олардың  12068 стационарлық көмек алған. Бұлардың арасында 4559-ы тырысқақ, 452-і бөртпе сүзегімен, 2442-і іш сүзегімен, 3936-қайтармамен, 4484-і белгісіз сүзек сияқты жұқпалы аурулармен ауырған [13]. 

Жұқпалы аурудың тез таралуына байланысты  1921 ж. 28 шілдесінде Қостанай қалалық атқару комитеті аз уақыт ішінде қаланың барлық алаңдарды, бақтарды, көшелер мен аулаларды тазарту жұмыстарын жүргізу, әсіресе қалалық базарды оңтүстік-батыстағы Михайлов алаңына көшіру  және жәрмеңкеде бұрыш, сарымсақ, тұздалған қиярды сату шаң-тозаң болмас үшін жабық түрде жүргізілу тисітігі жөнінде қаулы қабылдады. Саудагерлер өзі отыратын орнын міндеті түрде күнделікті тазалап отыруға тиіс болды. Сондай-ақ шөп пен тамыздықты бұрынғы Иванов диірменінің жанындағы мал базарында сатуға рұқсат етілді  және де бұл базарда азық-түлік сатуға тыйым салынды. Базарда сауда жасау уақыты таңертеңгі 7 мен кешкі 19 аралығы болып белгіленіп, оны бақылау қалалық және аудандық милиция құзырына тапсырылды. Бұл ережені бұзғандар заң жүзінде жауапқа тартылатын болды [14].

Сонымен қатар 1921 ж. 22 қарашада губерниялық аштарға көмек комиссиясының жанынан қоғамдық тамақтандыру секциясы құрылып, оның төрағалығы губерниялық азық-түлік комиссариатының өкілі Ефремовке жүктелінді. Секция губерния көлемінде тамақтандыру орындарын ашуды, қалада аштарға ыстық тамақ беруді, аш балаларды балалар үйлеріне орналастыру, тамақтандыру орындарында кезекшілік ұйымдастыру және т.б. іс-шараларды қолға алды [15].

Осындай іс-шараларға қарамастан Қостанай губерниясында аштыққа ұшырағандардың саны 1922 ж. 1 қаңтарында 283749 адам болса, ал 1 мамырда 347497 адамға дейін жеткен [16].

ҚОАҚ-тың 1921 ж. 13 желтоқсандағы №688/1980 жеделхаты және Қостанай губерниялық атқару комитетіне осы жылдың 26 желтоқсанында жіберілген 3114 нөмірлі жеделхаты бойынша тез арада сүзек және тағы басқа жұқпалы аурулармен күресетін төтенше санитарлық комиссиясын құру мәселесі қаралып, оның құрамына губерниялық төтенше комитетінің төрағасы, денсаулық бөлімінің және губерниялық санитарлық комиссия меңгерушілері енгізілді [17].

Губерния территориясында жұқпалы тырысқақ ауруының жайылуына байланысты губерниялық атқару комитетінің төрағасы Мирошниктің қол қоюымен 1921 ж. 2 шілдеде онымен күресу  үшін төтенше санитарлық комиссия құрылып, бұл комиссияның міндеттерін  барлық мекемелер мүлтіксіз атқаруға тиіс болды [18].

Губерниялық төтенше комиссия аудандық, болыстық, ауылдық жерлерде осындай комиссия ұйымдастыруды қолға алып, аштыққа ұшырағандардың санын анықтауға кірісті [19].

Төтенше комиссия Қостанай губерниясы бойынша өлгендердің саны ұлғайып отырғандығына байланысты тез арада өліктерді жинайтын орын даярлап, оларды жерлеу мәселесін көтерді. Қостанай қаласындағы көшелерде аштық пен жұқпалы аурудан өлгендердің  саны 200-ден асып, ашыққандарға тез арада тамақтандыру орындарын ашып, азық-түлікпен қамтамасыз етілмесе, өлгендердің саны күннен күнге ұлғаятындығын, қалалық зираттан аштық пен жұқпалы аурудан өлгендерді тез арада жерлейтін жер бөлуді және қала көшелеріндегі өліктерді жинайтын арнайы топ құрып, әкелінген өліктерді күн, түн демей қабылдаудың маңыздылығын ескертті. Сонымен қатар комиссия қоғамдық жатақханаларда, ауруханаларда, балалар үйінде, үйлерде өлгендердің қатары да көбейіп келе жатқандығы және қаражаттың жоқтығынан өлгендерді жерлеуге асықпай отырғандардың барлығын анықтады.

Санитарлық комиссия өліктерді жерлеуге қажетті шұңқырларды қазуға 20-50 адам қажеттігін ескертті. Ал оларды жинауға және залалсыздандыруға да біршама күш пен транспорттың қажеттігі баса айтылды. Ауруларды қабылдайтын ауруханалардың жағдайы нашар болғандықтан ішкі жөндеуден өткізіп, жарықпен, отынмен, жылы көрпемен, таза киіммен қамтамасыз ету, ауруларды шомылдыратын, жуындыратын бөлме жасау және жатын, жуынатын орындарды қатаң түрде тазалықта ұстау мәселесін көтерді. Сонымен қатар әрбір ауданда төтенше санитарлық комиссия құрып, ауруханалар, жұқпалыларды жеке емдейтін барактар  ашу және оны қажетті заттармен қамтамасыз етуді де талап етті [20].  Өкініштісі сол, бұл комиссияның толыққанды жұмыс істеуіне қаражаттың жоқтығы кедергі жасады.

Аштықпен күрес барысында ашкөмнің аудандық съездерін өткізу мәселесі қарастырылды. Аштықпен күрес барысын ұйымдастыру және жоспарлау мәселесін қолға алатын бұл съезд 1922 жылдың 10 қаңтарына дейін өтуге және уездік, болыстық ауылдық ашкөмнен өкілдер міндетті түрде қатысып, барлық қоғамдық күштерді, партия, кәсіподақ, кеңестік және жекешілдердің күштерін аштықпен күреске жұмылдыру, өзара көмек қорларын құру, жергілікті халықтан көмек сұрау, губашком өкілін енгізу арқылы байланыс орнату, ашылған тамақтандыру пункттеріндегі және барлық аудандардағы азық-түлік және тұқымдықтың барлығын анықтауды міндеттенді.  Сонымен қатар съезде ашыққандардың санын, олардың арасында еңбекке жарамдыларын, аудан бойынша тамақтандырылып отырғандардың санын анықтап, астық егілген егіс көлемі мен мал басы жайында  нақты мәлімет беруге тиістелінді.

Съезде қаралған мәселелер губерниялық аштар комитетіне жіберілетін болды. Аудандық ашкомның қызметіне қоғамдық тамақтандыру орындарын ашу, көктемдік егістікке тұқым даярлау, қаржылай және заттай көмек іздеу, аштарды кәсіпорындар мен қолөнер орындарын ашу арқылы еңбекке тарту, үгіт және насихат арқылы көмек іс-шараларын ұйымдастыру тапсырылды [24].

1921 ж. 7 желтоқсанда өткен губашкомның мәжілісінде балалар үйіннің ауыр жағдайы жөнінде губерниялық азық-түлік комиссары Васильевтеарнайы баяндама жасап, нанның жоқтығын,  жеміс-жидекпен де қамтамасыз етілмей отырғандығын келтірді [25].

1921 ж. 15 желтоқсанында мәлімет бойынша губернияда 192340 адам (7436 бала) ашыққан. Оның 184904-і аудан бойынша, ал 7436-ы қала бойынша ашыққан. Қосымша мәліметке сүйенсек, 1922 ж. 15 қаңтарына қарай ашыққандардың саны 283749-ге жеткен. Бұлардың арасында 16 жасқа дейінгі балалар, қарттар мен мүгедектер, еңбекке жарамсыздар мен жарамдылар бар. Төмендегі тізбеде Қостанай губерниясына қарасты 8 уезд бен Қостанай қаласында ашыққандардың саны:

р/с

Аудан атаулары

16 ж. дейінгі балалар

Қарттар мен мүгедектер

Еңбекке жарамсыз

Еңбекке жарамды

Барлығы

1

Қостанай

13220

1777

6152

7601

28750

2

Боровский

15959

11589

7112

19423

54183

3

Федоров

14330

4777

4846

12057

36010

4

Семиозерный

5400

4140

6657

9317

25514

5

Денисов

14038

4071

4917

7774

30800

6

Урицк

8473

2422

1737

6260

18892

7

Адам

7400

1685

2742

4573

16400

8

Торғай

30000

10000

10000

10000

60000

9

Қостанай қ.

5900

2000

4250

1050

13200

Барлығы

114720

12461

18412

74155

283749

Аштыққандардың қатарына бір  жылқысы мен сиыры ғана бар шаруашылықтар мен жеуге тамағы жоқ, түрлі шөп пен ағзаға зияны барларды тағам еткен азаматтар мен балалар енді. Осыдан келе 1920 жылғы санақта анықталған губерниядағы 537 403 адамның 1922 ж. жазына дейін 52 пайызының ашыққанын байқауымызға болады.

Семиозер мен Денисов аудандарында шақырған әтештер мен үрген иттің дауысы естілмей, барлығы желінген, адам өлімі көп  поселкелер мен болыстар анықталған. Мәселен, Семиозер ауданының Елизаветский поселкесінің 30 пайыз тұрғыны аштықтан ісініп, өліп жатқандығы жайында хабар түскен. 1921 ж. 15 желтоқсанынан 1922 ж. 15 қаңтарында губернияда зиянды нәрселерді жеп, асқазан ауруына ұшырағандардың саны 4000-ға жеткен. Жалпы олардың  70 пайызы өлген.

Қостанай қаласы бойынша өлген 135 адамның 100-і балалар болды. Жерлеу бюросына  күніне 4-тен 60-қа дейін өлген адамның мүрделерін әкелген. Ашкөм мекемесін жағалап тамақ сұрағандардың мекеме алдында өліп кететіндері күнделікті жағдайға айналған. Балалар үйінде азық жоқтықтан қаңғыбас балаларды қабылдау тоқтатылды. Губернияның балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан  9994 баланың 50 пайызы қаны азайып, жүдеп асқазан ауруына шалдыққан.

Ауруханалардың жағдайы да аса ауыр болған. Түскен жұқпалы ауруларды емдеуге қажетті медициналық дәрі-дәрмектер мен азық-түлік жетіспеді. Оның үстіне аурухана жұмысшылары мен қызметкерлері де бірнеше ай қамсыздандыру бөлімінен жалақы мен тиісті азықтарын алма алмағандықтан ашығып, жұмыс істеуге қауқарсыз болып қалған.

Губернияда бар 17  және Қостанай қаласындағы 3, барлығы 20 асханадан  9338 адам ғана тамақтана алды. Олардың 6238-ы губерниялық асханалардан, ал 3100-і Қостанай қаласындағы асханадан ас ішкен [26, 64-65-бб. ].

Ашыққан босқындар (Польшадан келген) мен әскери тұтқындардың станцияда күніне оншақтысы өлді. Дегенмен, кейбір босқындар губерниялық эвакуация тарапының берер көмегіне орай Отандарына оралудан бас тартты [27, 7-б.].

1922 ж. 26 қаңтарда Қостанай губерниялық атқару комитетін кеңесінің міндетті қаулысы жарық көріп, жұқпалы сүзек ауруының ұлғаюына жол бермеу үшін тез арада көшелерді, үй алаңдарын қоқыстан тазалау, сүзекпен ауырғандар анықталған бойда Жедел Жәрдем бюросына хабарлау, көше бойындағы өліктерді жинау, барлық жерлерде тазалау шараларын өткізу бұйырылды [28]. 

Губерниялық ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының мәліметі бойынша 1922 ж. қараша айына дейін аштық пен жұқпалы аурудан 45603 адам қырылды,  24215 шаруашылық жылқысыз қалды, 6140 шаруашылықта мүлдем мал қалмады, 4375 шаруашылық егін себуге шамалары жетпеді,  4045 адам үй-күйсіз қалса, 15381 бала жетім және жартылай жетім атанды. Аштықтан қираған шаруашылықты қалпына келтіруге  5 миллион алтын ақшаның қажеттігі сезілді.

1 қарашада Қостанай губерниясында тіркелген мәлімет  бойынша  30347  қазақ, 29147 орыс ашығып, тез арада көмек қажет еткен. Олардың тек 2500 адамы ғана  асханадан тамақтана алды. Губерния бойынша барлығы 61 994 адам аштық зардабын шекті [29]. 

Аштықты ауыздықтау комиссиясының шешімі бойынша губернияның  әбден ашыққандарға  Семейден алынған 1500 бас мал таратылған. Сонымен қатар малдан орыс шаруаларына 190 бастай ірі қара мал, сиыр, жылқы, түйе мен  Ақмола губерниясынан сатып әкелінген 13000 пұттай астық үлестіріліп берілді [30].

Ашыққандарға көмек беруде жылу жинау мәселесі қолға алынды. Қостанай қалалық комсомол жастар одағы мүше жастардан еркін түрде жылу жинау жөнінде кезектен тыс өткен жиналыстарында шешім қабылдап, іске кірісті [31].

1921 ж. 26 желтоқсаны мен  1922 ж. 9 қаңтарына дейінгі аралықта қалалық ұйым арқылы ашыққандарға екі апталық көмек және құрамында Виенко, Громов, Мальков сияқты мүшелері бар үштік ұйымдастыру, драмалық студияға тез арада ашыққандарға ақшалай көмек көрсету үшін қойылымдар мен әдеби кештерді өткізу тапсырылды. Сонымен қатар барлық қалалық ұйымдарға екі апталық көмек  уақытында 1000 сом көлемінде ақшалай көмек көрсету, 20 жасқа дейінгітемекі шегетіндерге 3000 сом, алтын және басқа да әшекей бұйымдар тағатындарға 10 000 сом, ұйым жиналысына бір рет қатыспағандарға 1000сом, екі рет қатыспағандарға 3000, үш рет қатыспағандарға 10 000 сом көлемінде салық салып, оны көмек қорына қосу жөнінде қаулы қабылданды [32].

Қостанай қаласының 69-шы жаяу әскер дивизиясының әскерлері ашыққандарға көмек көрсету қажеттігін 16  қарашада өткен жиналыстарында қарастырып, үш күндік азықтары мен  айлықтарының 5 пайызын көмек ретінде беру жөнінде шешім қабылдады [33].

1921  ж. 30 желтоқсандағы  5198 нөмірлі хат бойынша  губернияның 7 ауданындабарлығы450 000 адам, олардың ішінде 240 000 бала,  210 000 ересектердің  100 000 баласы мен 50000 ересектері тамаққа зәру болған.

 Губерниялық аштарға көмек беру комиссиясының қадала сұрауымен Мәскеуден Қостанай губерниясына қоғамдық тамақтандыру мақсатына орай 854 000 000 сом ақша мен желтоқсан айына 35 000 бала мен 7000 ересектерді тамақтандыру үшін мына мөлшерде азық-түлік: балаларға 13125 пұт, ересектерге 13131½ пұт астық,  балаларға 5250  пұт, ересектерге 350 пұт жарма, балаларға 6562 ½ пұт, ересектерге 1312½ пұт ет, балаларға 8750 пұт, ересектерге 5250 пұт картоп, балаларға 9843¾ пұт, ересектерге 2625 пұт түрлі жеміс, балаларға 583½ пұт , ересектерге 175 пұт тұз жіберілген [34].

1922 ж.  4-11 қаңтарында Қостанай қаласында болған губерниялық азық-түлік кеңесінде азық-түлік органдарының аштықпен күресудегі міндеттері жөнінде Грозаның баяндамасы тыңдалып, азық-түлік қызметкерлерін аштық қатты жайлаған жерлерге аса назар аударуға шақырды.

Баяндама бойынша аштықтан өлімнің көбейіп бара жатқандығы, көктем шыға тұрғындар азық-түлік іздеп босып кететіндігі, қажетті тауарды жеткізуге транспорттың жоқтығы анықталды. Сонымен қатар осы  баяндама негізінде сөз сөйлеген Кудаков аштар комиссиясы аштыққа ұшырамаған губерниялардан тауар айырбастау арқылы астық әкелуде өте шабан екендігін айта келе, астықты губернияға үш емес бірнеше  өкілдерді жіберу арқылы қызметтерін жандандыруға болатындығын ескертсе, одан кейін сөйлеген Трофимов, Вороничев, Сукач және т.б. комиссия жұмысының кемшіліктерін атап, тез арада аштармен күресудегі белгіленген міндеттерді қолға алу қажеттігін баса көтерді.

Баяндама және айтылған кемшіліктер мен ұсыныстар  негізінде тез арада губернияда бар өнімді астыққа айырбастау ісін жүзеге асыру, астықты аудандарға астық айырбастауға арнайы өкілдер жіберу, балық және аңшылық артелдерін қолға алу, АРА ұйымымен тығыз  байланыс орнату, азық-түлік органдарына әкелінген тауарларды бөлу мен таратуда белсенділік таныту және аштардың губерниялық комиссиясы аудандық және болыстық комиссиямен тығыз байланыс орната отырып, оларға баға беруде өз өкілдерін жіберуді ұсынды [35].

Қостанай губерниясындағы аштыққа көмек көрсетуді өтінген қолдаухатпен Қостанай губкомының өкілі Ковалев  Мәскеуге 1922 ж. 29 қаңтарында жетіп, қазақ өкілеттілігіне барып, губерниядағы мән-жайдан хабардар еткен. Өкінішке орай, орталықтағылар Қостанай губерниясының бар екені жайында ақпарат білмейтін болып шыққан. Ковалевтан осындай губернияның барлығын естігеннен кейінқазақ өкілеттілігі тез арада үкімет алдына ашыққан губерния ретінде Қостанайға көмек қолын созу мәселесін көтерді. Алайда олар әзірше Орынбор губерниясына ғана көмек бере алатындығын жеткізді. Сонымен қатар Қостанай губерниясына көмек берілген жағдайда жеделхатпен хабардар етілетіндігі де айтылды.

  Ковалевтан губерниядағы аштыққа ұшырағандар жайлы нақты мәлімет беруді талап еткен. Ол өкінішке орай қолында ондай ақпараттың жоқтығынан, губернияның ауыр жағдайын дәлелдей алмаған. Дегенмен АРА ұйымының өкілі Эйдукке барып, көмек беруді өтінді. Эйдук бұл өтінішті қабыл алып, азық-түліктей жүк жіберетіндігіне уәде берді. Сонымен бірге балалардың өмірін жақсарту жөніндегі Орталық комиссиясының төрағасы Корнеевке де жолығып, губернияда ашығып жатқан балаларға азықтай, ақшалай көмек көрсетсе, аштық жоқ губернияларға көшуге қол ұшын берсе деген өтінішін білдірді [36].

1919 жылдан 1920 жылдың соңына дейін Қостанай уезі Челябі губерниясына қарап, барлық азық-түлік мәселесін Челябі губерниялық азық-түлік комиссариаты шешіп келген болатын. Уезд Қазақ республикасының құрылуына байланысты Орынбор губерниясына енген болатын. Қостанай губерниясының қайта құрылғаннан кейін бұл жерлер губерния қарамағына қайтарылып берілді. Мәскеуліктердің білмеуінің де сыры осында жатса керек.

Бір губерниядан екінші бір губернияға көшу біріншіден, Орталықпен тығыз байланыс жасауға, екіншіден құрылған губернияның жұмысына кедергі жасады. Жоспарлы түрде уезге бөлінген жабдықтар губернияларда қалып қойды [37].

Мәскеуде жүрген  Қостанай губерниялық атқару комитеті Төралқасының мүшесі Ковалев 1922 жылдың 2 ақпанында БОАК–не Калининнің атына Қостанайдағы аштық жайлы мәлімдеме түсірді.  Онда губернияда бар астық пен егістікке арналған тұқымдықтың жетпейтіндігін, кезінде Егіншілік Халық комиссариатына,  Азық-түлік Халкомына қажетті астық өнімдерінен көмек беру жөнінде өтініш түсіргендігі, Қостанай губерниясындағы 499 205 адамның 237 749-ы ашығып отырғандығын айтып, көмек беруді сұраған [38].  Ал 4  ақпанда Мәскеудегі қазақ өкілеттілігіндегі Андреевтің атына өтініш түсіріп, Қостанай губерниясын ашыққан губерния қатарына енгізуді және егістікке қажетті бидай, сұлы, тары, бұршақ және тағы басқа тұқымдық өнімдерді бөлуге көмек сұрады [39].

7  ақпанда В.Лениннің атына жазған хатында көктемдегі егістік үшін тұқымдық дәнді-дақыл алуда Қостанай губерниясының егістігіне қажетті мөлшердегі тұқымдықтан: бидай – 190 000, арпадан  – 105 000, сұлыдан – 36 000, тарыдан – 25 000, зығырдан – 14 000, күнбағыстан  – 25 000  берудімөлшерлеп отырғандығын, зығыр, күнбағыс және бұршақ өнімдері ауа райының тез суып кетуіне байланысты үсіп кететіндіктен губернияда өсірілмейтіндігін, жердің темір жол бойынан шалғайлығынан губернияға РКФСР-дан және АРА ұйымынан ешқандай да тұқымдық көмек алмай  келгендігін айта келе, В. Лениннен көктемдік егістік үшін зығыр, күнбағыс, бұршақтан басқа губерния тарапынан сұрастырылып отырған мөлшерде дәнді-дақылдарды бергізуін өтінді [40].

25 ақпанда Ковалев Еңбек және Қорғаныс Кеңесінің төрағасы  В. Ленинге көктемдік егіске арналған тұқымдық дәнді-дақылмен қамтамасыз ету тек 15 наурызға белгіленіп отырғандықтан Қостанай губерниясы астық егуден кешеуілдеп қалатындығын, губернияға қарайтын 8 ауданның 4-уі, нақтылай айтсақ, Торғай ауданы темір жол бойынан 630 шақырым, Адам ауданы 380 шақырым, Денисовский ауданы  160 шақырым, Урицк ауданы 130 шақырымда, ал қалған аудандар 54-тен 100 шақырым аралығында орналасқандықтан, әрі қажетті көліктің жоқтығынан аталған аудандарға тұқым тым кеш жеткізіліп, егін егілмей қалу қаупі төніп тұрғандығын жеткізді. Оның үстіне тұқымдық болмаған соң шаруаларға қанша мөлшерде жер жырту қажеттігін білмей отырғандығын баса келтірді. 

1921  жылдың қаңтары мен маусымы аралығында ақгвардияшылардың губерния территориясындағы бүліншілігі аудандағы шаруаларды күштеп олардың қатарына қосылуға немесе Петропавл, Көкшетау және тағы басқа қалаларға кетуі, оның үстіне 1921 жылы бандидттік бүліншілікке қарсы  күресетіндей қару-жарақтың жоқтығынан қарсы келе алмай, нәтижесінде егістік жерлер салусыз қалып, арты халықты аштыққа ұрындырғандығын айта отырып, осы жылдың 26  ақпанында Қазақ Еңбек Халкомының төрағасы Шмидтен «Еңбек және Қорғаныс Кеңесі Қостанай губерниясын автомашинамен қамтамасыз етуді жөн көрмеді» деген мазмұндағы анықтама алғандығын келтірген. Ол жоғарыдағы айтылғандардың негізінде Еңбек және Қорғаныс Кеңесінен Қостанай губерниясына 50  автомашина бөлдірту мәселесін қоюды өтінді [41]. 

 Қостанайдағы балалар үйінің жағдайының аса ауырлығы «Степь» газетінің  4 шілдедегі  санында жазылды. Мәселен №2 балалар үйіндегі кішкентай екі бөлмедегі суық еденге 204 бала еш жамылғысыз  жатқызылып, кір су ішіп, жуынуға су болмағандықтан Тобыл өзеніне барып шомылуға мәжбүр болған [42].

1922 ж. 5 наурыздағы Қостанай губерниялық атқару комитеті мен губерниялық ашком атына губерниялық халық ағарту бөлімінен түскен ақпарда  Қостанай губерниясына қарасты балалар үйінің жағдай лажының  жоқтығынан күннен күнге құлдырап бара жатқандығы айтылды. Тастанды балалардың қатары көбейіп, губерния бойынша 150  тастанды бала тіркелген. Бірақ олар азық-түліктің жоқтығына қарамастан балалар үйілеріне орналастырылды.

Ауылды жерлерде ашыққан балалар ата-аналарының көзінше өліп жатты. 1921  жылдың тамызында губернияда 60 000 бала ашықса, 1922 ж. ақпанында 139 631 баланың ашыққандығы тіркелді. 1921 жылдың тамыз айында губерния бойынша болған 71 балалар үйін бар-жоғы 3453 бала паналаса, оның 48 пайызы ауру, 37 пайызы әлсіз, тек 15 пайызының денсаулығы жақсы болып, ауру балалардың 30  пайызы өлді. Ал  1922 ж. ақпанындағы есеп бойынша 135 балалар үйіндегі 139 531 баланың 62 пайызы ауру, 31 пайызы әлсіз болса,  тек 7 пайызы ғана сау балалар болған. Өлген балалардың саны 42 пайызға жеткен. Оның үстіне балалардың үстіне киетін киімдері жұтаң, ауыстыратын киімдері болмаған [43].

Балалардың тұрмыстық жағдайын жақсарту жайындағы комиссия 1921 ж. 7 қыркүйекте үйсіз-күйсіз жүрген балаларға арнап асханалар ашу жөнінде губашкомға ұсыныс түсіру жөнінде шешім қабылдаған [44].

1922 ж. 6 наурызда М. Мұрзиннің төрағалығымен ашылған Қостанай губерниялық 2-ші Кеңестер съезінде губерниядағы аштық мәселесі жөнінде аштарға көмек беру комиссиясының төрағасы А. Гроза баяндама жасап, аштардың қатарының ұлғайып келе жатқандығынан губерниялық  комиссия оны өз күшімен ауыздықтауға дәрменсіз екендігін, 1 наурызға дейін губернияда 30000 адамның аштық тырнағына ілінгендігін, бұл 52 пайызын құрайтындығын, олардың 17 пайызы өлгендігін, аштықпен күрестің бірден бір жолы егін егіп, астық алу екендігін баса көрсетті [45].

Балалардың жағдайын жақсарту жөніндегі сайлау комиссиясының төрағасы Аверин Федоров ауданының халқының жағдайы басқа аудандарға қарағанда әлде қайда жақсы екендігін айта келе, алайда ашыққан 15596 адамның тіркелгендігін, ондағы асханалардан 500 адам бірден тамақтанса, 33 балалар үйі мемлекеттің қарамағында екендігін айтқан. Ал Денисов ауданындағы 44140  адамның 70 пайызы ашығып, жергілікті тұрғындар өз күштерімен ауыздықтай алмай отырғандығын атап өтті. Балалар үйінде 400-дей бала болып, олардың жағдайлары аса жақсы еместігін, өлім 50 пайызға өскендігін, 59467 адамы бар Қостанайда 30000 адам ашығып, аң-құс демей, қолдарына түскендерді талғажау етіп отырғандығын келтірді. Ол сонымен бірге Қостанай (99167 адамның 30000), Урицк, Семиозерный (75 пайызы ашыққан), Адам (50 000 адамның 25 000 ашыққан, өлім 15 пайыз), Торғай  аудандарының да мүшкіл жағдайын, аштан өлгендер қатары көбейе бастағандығын да атап өтті. 

Аштық мәселесімен күресу мәселесіне қатысты ашыққандарға көмек көрсетуді күшейту, санитарлық көмекті күшейту арқылы жұқпалы аурулардың алдын алу, егін компаниясына барлық жағдайды жасау, ол үшін қажетті күш көлігін, тұқымдық даярлау, өзара көмек беру қорын құру және т.б.  іс-шараларды жүзеге асыру жөнінде қарар шығарды [46 ].

Бурабай қаласында медициналық көмек көрсетудің әлсіздігінен  дәрі дәрмектің болмауынан тырысқақтан өлгендер қатары анықталған [42]. «Степная заря» газетінде қалада бірнеше күннің ішінде  20 түрлі аурулардың жайылуынан тырысқақтың өршіп бара жатқандығы және оның ошағы түрме үйінінен басталғандығы басылды [47]. Темір жол бойына қоныстанушылардың топталып қалуы олардың арасында «тырысқақ» ауруының таралуына бірден бір себепші болды. Газет қала тұрғындарына жұқпалы ауруларға абай болу шарасын жүзеге асыру қажеттігін баса жазды [48].

Губернияда тырысқақ ауруының жайылуына орай күресудегі Төтенше өкіл Земельдің қол қоюымен 1922 ж. 4 тамызында жұқпалуы аурумен күреске жұмылдыру жөнінде бұйрық шығып, онда барлық кеңестік мекемелерге, ұйымдар мен кәсіпорындарға, базарларға тырысқақ ауруының пайда болуына байланысты үш күн ішінде өз мекемелеріне суды қайнатып ішетін ыдыстар мен қолдарын тазалайтын арнайы ертінді қою, ғимарат ішінде тазалық сақтауды талап етті, базарларды таза ұстау және қайнатылмаған су мен квас сусынын, жемістерді сатуға тыйым салды [49].

1922 ж. 8 наурызында Қостанай губерниялық атқару комитетінің БОАК комиссиясы мен Қостанай губаткомы төралқасының қаулысы негізінде Қостанай губерниясынан сыртқа азық-түлік тасуға тыйым салған №11 бұйрығы жарық көрді. Бұл бұйрық бойынша Қостанай губерниясынан губерниядан тыс жерлерге мемлекеттік мекемелерден іс-сапарға баратындарға ғана өзімен белгілі бір мөлшерде ғана азық-түлік алып жүруге рұқсат етілді [50].

Ашыққан губерниялардағы комитеттер жұқпалы ауруға ұшырағандарға көмек көрсетуді де қолға алды. Ауру, әлсіз балалар мен ересектерге көмекке шет мемлекеттерден ашыққандарға жәрдем беру үшін құрылған «АРА»  (Американдық көмек көрсету әкімшілігі) ұйымы көмекке келіп, азық-түлік үлестіріп, дәрі-дермек жеткізіп, медициналық көмек көрсетті.

1922 ж. 30 сәуірінде болған Қазақ Орталық атқару комитетінің мәжілісінде АРА ұйымының жұмысының барысы қарастырылған кезде Қостанай мен Бөкей губерниялары аса аштыққа ұшыраған өлке болғандықтан әрі орталықтан шалғай жатқандықтан Эйдуктен осы губернияларда АРА ұйымының көмегін таратса деген өтініш білдірген [51].

Қостанай губерниясындағы ашыққан балалардың жағдайы туралы баяндама жасаған Ашком ОК-нің төрағасының орынбасары С. Сергеев те ашыққандардың саны кемігеннің орнына күннен-күнге өсіп келе жатқандығын атап өткен. Оның есебінше Торғай ауданында 1921 ж. 1 желтоқсанына дейін жалпы ашыққандар 30 000 болса, ал ашыққан қарттар мен мүгедектердің саны 10 000 жеткен  [52].

Негізінде АРА ұйымы ашыққандарға көмек көрсету туралы Ресеймен жасалған келісім бойынша іске кіріскен болатын. Алайда Кеңес үкіметі АРА ұйымының қызметіне күдікпен қарап, оның әрбір қадамын аса қатты бақылауға алды. Мұндай ұйымға толықтай сенуге болмайтындығын, партия қызметкерлеріне оның қызметінде астары барлығын сендірумен болды  [53,
16-б.].

1922 ж. 14 наурыз бен 15 маусым аралығындағы Қостанай губерниялық атқару комитеті төралқасының қызметі жайындағы есепте өзінің алғашқы күнінен ақ мыңдаған аш адамдар өзінің өлімін күтіп, адам жеу фактілері жиі қайталанып жатқандығын айта келе бірнеше мысалдар келтірді. Комиссия ашыққан ер адамның өз баласын бауыздауға дайындалып жатқандығының үстінен түссе, бір отбасының өлген балаларын жеу үстінен тап келген.

Қостанай қаласында күнделікті 50-100  адамның өлігін  жерлеу бюросы жинастырып үлгермей жатты.  Сонымен бірге ашкомның жіберіп жатқан азық-түлігі жетпей, кей уақыттарда уездерге кешігіп жеткен [54]. 

Қостанайдың губерниялық атқару комитетінің төрағасы Тараненко, төтенше комиссия төрағасы Моисеенко және дәрігер Кольцовтың қол қоюымен жұқпалы аурулармен күресетін Төтенше комиссиясы 24 сәуірде міндетті қаулы қабылдап, онда сүзек ауруы саябырлағанымен де, көктемде  тырысқақ ауруының таралу қаупі бар екендігі айтып, одан сақтану жолдарын ұсынды. Барлық су ішетін құдықтардың айналасын тазалап, судың бетін арнайы қақпақпен жабу және сол жерге су алатын шелек қою мәселесі қойылды. Сонымен қатар барлық мекемелер, кәсіпорындарға ауыз суды қайнатып ішу үшін су қайнатқыштар мен самаурындар қолдану, адам көп жиналатын жерлерге су қайнатқыштар қою, базарларды жиі тазалау және әкпен әрлеп отыру, жылу түсуіне байланысты барлық тамақты жерге емес, үстелдің үстіне қойып сату және оның бетін ақ матамен жабық ұстау қажет деп тапты. Бұл қаулының орындалуын қалалық милиция бақылауға алуы тиіс  және аталған қаулыны орындамағандар жауапқа тартылатын болды [55].

Бұл қаулы біріншіден, суды ластатпауға тосқауыл болса, екіншіден, арнайы бақылаудың нәтижесінде ауыз судың лайлануына, үшіншіден, жұқпалы аурулардың тамақ арқылы таралуына жол бермеді.

Болыстықтарда адам жеу фактілері анықтала бастады. 1922 ж. наурыз айында губерниялық ашкомға келіп түскен мәлімдемесінде Денисовск уезіндегі Викторовский болысында адам етін жеу фактісі тіркелген [56].

Осы ауданның Қондақұм поселкесінде ашком мүшелері 8 наурызда зираттан мөшек арқалап келе жатқан Татьяна Солопованы ұстаған.  Тексеру барысында мөшектен әйел адамның басы, екі қолы мен бірнеше кесек адам еттері шыққан.  Т. Солопова екі апта бойы бірнеше рет зиратқа барып, аштан өліп, көмілген адамдарды қазып алып, жеген. Өз анасы қайтыс болған соң, оның да басын, қолын, жүрегін, бауырын пісіріп жегендігін мойындаған. Тексеру барысында Т. Солопованың анасын тірідей өлтіріп, жегені анықталды [57].

Адам етін талғажау еткенге дейін жеткізген аштықты ауыздықтауға көмек қолын шетелдік ұйымдар да созды. Қостанай  губерниясына қарасты Шұбар болысындағы ашыққандарға АРА ұйымынан 2420 жүгері тамағы берілді. Болыстағы ашыққандарға 2000 пұт түрлі азық-түлік берілу оларға рух беріп, алда да ескерусіз қалмайтындықтарына сенім туғызды. Дегенмен де болыстағы 260 шаруашылық мүлдем малсыз қалды. Сондықтан оларға ең алғашқы азық-түліктей және дәрі-дәрмектей көмек көрсетудің маңыздылығы нақтыланды [58].

АРА ұйымымен қоса Қызыл Крест, Балаларға көмектесудің Халықаралық Одағы сияқты халықаралық ұйымдар да көмекке келіп, дәргерлік-тамақтандыру отрядтарын ұйымдастырып, ауруларды уақытша көшпелі ауруханаларға орналастырды. Дегенмен олардың бұл жәрдеміне кеңес үкіметі үлкен күдікпен қарады. «Степь» газетінде жарияланған мақалада буржуазиялық, қайырымдылық және діни ұйымдардың өз алдына қойған мақсаты мен міндеті, көздеген мүддесі барлығын айқын келтірсе [59], ал «Степная заря» газетінде АРА комитетіне мүше болып, халықтың арасында «Сендерді кеңес өкіметі емес, АРА тамақтандырып отыр, сендер оған мойынсұнуларың керек, комитетте партия мүшесін сайламаңдар» деген үгіт жүргізген Федоров қаласының попы Камаевтың әрекетін әшкерелемекке тырысқан [60].

Губернияның басына түскен ауыр жағдайдан құтылудың жолы қолдағы бар мүмкіншіліктерді қолданып қалу екендігін халыққа түсіндірудің аса маңыздылығын жергілікті әкімшілік түсінді. Губеринялық атқару комитеті төрағасының орынбасары М. Сералин мен хатшысы Сұлтанбековтың қол қоюымен жарияланған «Шаруа жолдастар!» («Товарищи крестьяне!») деп аталатын үндеуде «Сіздер егін ектіңіздер және жаңа астықты жинап аласыздар. Сонда сіздер тоқ болып, келесі жылы да егін егуге мүмкіншіліктеріңіз болады» дей келе, мемлекет пен жұмысшы шаруалардың астықты қажетсініп отырғандығын, осы астықпен Қызыл Әскерді, ауруханалар, балалар үйін, темір жолдарды қамтамасыз етуді, ашыққандарды тамақтандыру керектігін айта: «Голод еще не пережит. Много еще осталось разоренных голодом крестьянских хозяйств. Для поправления государственного и крестьянского хозяйства советской власти нужен хлеб. Этот хлеб можете дать вы, товарищи крестьяне!» деп оларға үміт артатындығын келтірді. Сонымен қатар үндеуде азық-түлік салығын уақытында төлеудің маңыздылығы да атап өтілді [61].

Қазақ АКСР-і  Кеңестерінің ІІ съезінен кейін 1922 ж. 9 наурызында Семей қаласында қазақ зиялыларының бас қосқан жалпы жиналысы өтіп, оған Х. Ғаббасов, М. Дулатов, Ә. Сәтбаев, М. Тұрғанбаев, Б. Сәрсенов, Ғ. Ихсанов, Д. Ихсанов, Ж. Аймауытов, Ш. Смағұлов және тағы басқа қазақ азаматтары қатынасты. Жиналыс төрағалығын Ж. Аймауытов, ал хатшылығын Б. Сәрсенов атқарып, Қазақстандағы ашыққан халыққа жәрдем беру шаралары қарастырылды.

Қазақстандағы ашаршылық мәселесі туралы М. Дулатов баяндама жасап, Семей губерниясынан басқа губерниялар аштық құшағына кіргендігін, ашыққан елдердің қайғылы халін, аштықтан құтқаруға үкімет жәрдемінің жетпейтіндігін, аштықтан, жұқпалы аурудан адамдардың қырылып жатқандығын баса айтып, ашыққан губернияларға  қолдан келгенше көмек көрсету мәселесін ұсынды.

Жиналыс М. Дулатовтың ұсынысын қабыл алып, оны жеделхатпен (телеграмма) кеңес орындарына жіберуді қаулы етті. «Бостандық туы» газетіне жеделхаттың мәтіні толықтай басылды. Бұл жеделхатты басудың басты себебі, семейліктердің бастамасын басқа ашықпаған губерниялар да қолдаса деген ниеттен туындаған еді. Жеделхатта ашыққан жерлерге көмек көрсетуге шақыра және осыған орай Семей, Ақмола мен басқа ашыққан губернияларға көмек көрсету үшін құрылған комитетке кіргендерді партия мен кеңес жұмыстарынан толықтай босатуға рұқсат етуді өтінді. Жоғарғы орындар рұқсат берсе, қазақ жиналысы өзінің жұмысын жалғастырып, нақты жоспар жасап, сол арқылы әрекет ететіндіктерін де келтірді. Бұл жеделхатқа қазақ жиылысы атынан губерниялық атқару комитетінің бастығы Бөкейханов қол қойды.

Жеделхат Орынбордағы Орталық Атқару Комитетіне, Қазақстан аштарға жәрдем беру комитетіне, Москваға Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетіне, Ресейдегі аштарға жәрдем беру комитетіне жіберілді [62]. Газетке жеделхат жарияланысымен Семей азаматтарының бастамасын қолдайтындырын білдіріп редакцияға Қазақстанның түкпір-түкпірінен хаттар келіп жатты. Қызылжардан келген бір хатта Семей зиялыларының аштарға көмек көрсету жөніндегі ұсыныстарын қабыл алып, Орынборға солардың жіберген жеделхатындай жеделхат жібергендіктерін хабардар етті [63].

Губерниялық комитет өкілі М. Мұрзин ешкімге айтпай Торғай азық-түлік комитетіне 15000  пұт астық берген. Осыған орай оны жауапкершілікке тарту жөнінде 1922 ж.  26 маусымда қаулы жарық көрді [64]. 1922  жылдың шілдесінде Семей губерниясына жылу жинауға Қостанай  аштарға көмек комиссиясының өкілі И.И. Клочков [65], ал қыркүйек айында Ақмола губерниясына Орманбай Баянов  жіберілді [66].

Губернияның тұрғындарынан аштар үшін жиналған жылу түрлі тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түліктен тұрды. Мысалы, қолғап, ас пісіретін ыдыс, қант, түйме және т.б. Жылу жинаушылар толтырған қағаздарында бұл зат пен азықтың бағасын шығарып отырды [67].

1922 ж. 9 қарашасында губерниялық ашыққандарға көмек көрсету төтеншекомиссиясының кезекті мәжілісінде комиссия өкілдері  Попов пен Салуяновты Семей қаласына жіберіп, астықты басқа тауармен айырбастап әкелуі жөнінде шешім шығарылды [68]. 

Күзден бастап  Ақмола мен Семей губернияларынан жылудан түскен  малдар Қостанай губерниясына әкеліне бастады. 21  қазанда Ақмоладан 365 бас өгіз, 37 бас жылқы, 92 бас сиыр және  5 бас түйе жеткізілген [69].

1922 жылдың 1 қыркүйегінде Қостанай губерниялық өзара көмек қоры жабылды. Бұл туралы 4 қыркүйекте қор төрағасы барлық жергілікті мекемелерге хабарлама жіберіп, қордың жабылғанына дейін көмек қолын созғандарға алғысын білдіріп, әрбір жиналған қаржылай, тауардай көмектер аштарға берілгендігін жеткізді [70]. 2 қыркүйекте болған Қостанай губерниялық 3-ші Кеңестер съезінде 1922 және 1923 жылдары аштықпен күресудің жаңа әдістерімен тәсілдері қарастырылды. Қабылдаған қаулыда аштықпен күресуді жалғастыра беру, шаруаларға құрал-жабдық, несие беру арқылы өндіріске тарту, өндіріс қорын құру, ашком ОАК және КОАК арқылы әлсіз шаруаларға шаруашылығын қалпына келтіру үшін Мемлекеттік банктен қаржылай ссуда беру, губерниялық ашкомға Егіншілік орындарымен және Статистикалық бюромен губерниядағы қор және азық-түлікке қатысты жоспар жасау, болыстық қорлар құру қажеттігі, сонымен қатар АРА ұйымының қызметін өлкеде тоқтату шешілді [71].

Қостанай губерниясы бойынша 1923 жылдың орта кезінде 1920 жылмен салыстырғанда губерния бойынша жылқы саны  63 %-ке, түйе мен өгіздер 58 %-ке, ірі қара (сауын) малы 50 %-ке, қой мен ешкі 65 %-ке азайды,  ал жазғы егіс көлемі 62 %-ке кеміді [72, 218-б.].

1923  жылы аштықты ауыздықтауда губернияның кейбір аудандарында әлі де болса қиыншылықтар кездесті. ҚОАК жанындағы Аштарға көмек орталық комитетінің өкілі Ашмаринның мәлімдеуінше Можар ауданының тұрғындары тұқымның жоқтығынан егін сала алмаған, жұмыс малы оларға берілмеген, өзара көмек комитеті дұрыс жұмыс жүргізбеген, қазақ малшыларының  малдары арасында ауру тараған, бар егіске шегіртке қаптаған. Осыған орай АКОК-ті көмек көрсетуді күшейтіп, егінді шегірткенің жеп  қоюына жол бермеуге  көңіл аудару керектігін көтерді [73]. 

Жыл басында Қостанай губерниялық комсомол жастар одағы  губернияда аштықты ауыздықтауға үкімет тарапынан іс-шаралар жүзеге асырылғанымен де, ата-анасынан айырылып жетім қалған немесе қаңғып жүрген балалар мен жасөспірімдердің қырылып қалмауына барлық жағдай жасау қажеттігін көтерді. 11 сәуірде қабылдаған қарарында уезде қанша жұмыссыз жүрген және қараусыз қалған жасөспірімдердің жағдайларын  анықтап  жұмысқа тарту, оларды тез арада әлеуметтік сақтандыру кассалары арқылы сақтандыруға кірісу, ал егер ондай орындар болмаса өзаракөмек комитеті арқылы жүзеге асыру, ата-ана қарауынан айырылған жасөспірімдерді ауыл, селоларда кезіп, қаңғып кетпеуі үшін  балалар үйіне, балалар бақшаларына орналастыру жолында барлық уездік комитеттер мен уездік халық ағарту комитеттерімен тығыз байланыс орнату қажеттігі айтылды. Бұл қаулының орындалу, орындалмау барысы жөніндегі ақпарат губерниялық комсомол жастар одағына жіберіліп отыруы міндеттелінді [74].

Қорыта айтқанда, Қостанай губерниясын жайлаған аштықтан қаншама адам өліп, көрші губернияларға, тіпті Қазақстаннан тысқары жерлерге босып кетті. 1921-1922 жылдардағы аштық зардабы ұзақ жылдар бойы халықтың санасында қалып қойды. 30-жылдың басында енді халық шаруашылығы енді оңала бастаған шақта губерния тағы да аштық тырнағына ілікті.

Әдебиеттер

1 Қазақ Республикасында аштық ауданы // Қызыл Қазақстан. . – 1922. . – №7-8.

2 ҚР ОММ. 196-қ., 1-т., 38-іс. 228-229-пп.

3 Қостанай ОММ.  72-қ., 1-т., 23-іс. 12-п.

4 Голод и скотоводство // Степная заря. – 1922. – 3 августа.  – №75 (133).

5 Приказ о мерах борьбы с засухой  // Известия народного комиссариата по военным делам. 1921. 9 июня. №81.;  Қост.ОММ. 538 -қ., 1-т. 14-іс. 3-п.

6 О срочных мерах по борьбе с засухой // Известия народного комиссариата по военным делам. - 1921. - 18 июня. - №85;  Қост.ОММ. 538 -қ., 1-т. 14-іс. 4-п.

7 Ауыл. Торғай уезінің халі //Ақ жол. – 1923. – 30 октябрь. – №363.

8 ҚРОММ. 40 - қ., 1- т., 287-іс. 2-п.

9 Голод и население нашей губернии  //  Степная заря. 1922.  3 августа. №75 (133).

10 Орынбор облыстық Мемлекеттік мұрағаты (бұдан былай ООММ.) 1 «Р»- қ., 1- т., 269-іс. 23-п.

11 Правда. – 1921. – 21 июля.

12 Қостанай ОММ.  72-қ., 1-т., 23-іс. 62-63-пп.

13 Қостанай ОММ.  72-қ., 1-т., 23-іс. 48-49-пп.

14  ҚОММ. 1063 -қ., 1-т. 40-іс. 1-п.

15 Қостанай ОММ.  670-қ., 1-т., 9-іс. 36-43-пп.

16 Сукач. К ликвидации последствий голода // Степная заря.  – 1922. . – 6 декабря. – №123 (181).

17 Қостанай ОММ. 72-қ., 1-т., 8-іс. 2-п.

18 Қостанай ОММ.  72-қ., 1-т., 14-іс. 22-п.

19 Отчет Губисполкома ко ІІ Губсъезду Советов // Қостанай ОММ.  72-қ., 1-т., 23-іс. 2 арт.- 3-пп.

20 Қостанай ОММ. 72-қ., 1-т., 8-іс. 87-88-пп.

24 Қостанай ОММ. 72-қ., 1-т., 7-іс. 10-п.

25 Қостанай ОММ.  620-қ., 2-т., 31-іс. 10-п.

26 Отчет Губисполкома ко ІІ губсъезду Советов. Кустанай, 1922. Қостанай ОММ.  72-қ., 1-т., 23-іс. 65-п. 

27 Доклад отдела Управления Кустанайского губисполкома Кустанайского за время  с 1-го августа  1921 г. по  1-го марта 1922 г.  2-му кустанайскому Губернскому съезду Советов. Кустанай,1922. Қостанай ОММ.  72-қ., 1-т., 25-іс. 5-п. 

28 Қостанай ОММ.  72-қ., 1-т., 47-іс. 1-п. 

29 Н.С. Голод еще не изжит // Степная заря. 1922. 24 ноября. №117.

30 Помощь пострадавшим от голода // Степная заря. 1922. 24 ноября. №117.

31 ҚОММ. 107-қ., 1-т. 9-іс. 1 арт.-2- пп.

32 ҚРОММ. 196-қ., 1-т., 38-іс. 138-п.

33 ҚОММ. 107-қ., 1-т. 9-іс. 13-п.

34 Тощев. Красноармеец на борьбу с голодом //  Степная заря. - 1922. - 24 ноября. - №117.

35 Қостанай ОММ.  670-қ., 1-т., 9-іс. 33-п.

36 Қостанай ОММ.  620-қ., 2-т., 66-іс. 62-п.

37 Қостанай ОММ. 72-қ., 1-т., 8-іс. 146-148-пп. 

38 Қостанай ОММ. 72-қ., 1-т., 23-іс. 9-п.

39 Қостанай ОММ. 72-қ., 1-т., 8-іс. 149-пп.

40 Қостанай ОММ. 72-қ., 1-т., 8-іс. 150-п.

41 Қостанай ОММ. 72-қ., 1-т., 8-іс. 150-п.

42 Қостанай ОММ. 72-қ., 1-т., 8-іс. 152-п.

43 // Степь. 1922. 4 июля. №62 (120).

44 Қостанай ОММ. 72-қ., 1-т., 8-іс. 155-155 арт.-пп.

45 Қостанай ОММ.  620-қ., 2-т., 31-іс. 7-п.

46 Қостанай ОММ.  72-қ., 1-т., 26-іс. 40-42-пп.

47 Қостанай ОММ.  72-қ., 1-т., 40-іс. 10-12-пп.

48 Вспышка холеры // Степная заря. - 1922. - 3 августа. - №75 (133).

49 Если боишься холеры, соблюдай осторожности меры // Степная заря. - 1922. - 3 августа. - №75 (133).

50 Қостанай ОММ.  670-қ., 1-т., 3-іс. 18-п.

51 Қостанай ОММ.  620-қ., 2-т., 1-іс. 34-п. 

52 Ақтөбе ОМА. Р-3-қ.,  1-т.  39-іс. 19-п.; . ҚРОММ. 196-қ., 1-т., 38-іс. 56-п.

53 ҚРОММ. 196-қ., 1-т., 38-іс. 138-п.

54  Аштық ауданы һәм керекті жәрдем // Қызыл Қазақстан. – 1922. – №4.

55 Қостанай ОММ.  72-қ., 1-т., 25-іс. 37-п. 

56  Қостанай ОММ.  72-қ., 1-т., 37-іс. 10-п.

57 Қостанай ОММ.  620-қ., 2-т., 31-іс. 53-п.

58 Қостанай ОММ.  620-қ., 2-т., 31-іс. 55-57-пп.

59 Кидей. Еще нужна помощ // Степная заря. - 1922. - 3 августа. - №75 (133). 

60 Помощь помощи рознь  // Степь. - 1922. - 4 июля. - №62 (120).

61 Ехидна шипящая // Степная заря. - 1922. - 3 августа. - №75 (133).

62 Товарищи крестьяне! // Степная заря. - 1922. - 14 сентября. - №92 (150).

63 Ж. Ашыққан ел һәм Семей азаматтары // Бостандық туы. – 1922.– 12 май. – №10.

64 Басқармадан // Бостандық туы. – 1922.– 12 май. – №10.

65 Қостанай ОММ.  72-қ., 1-т., 45-іс. 54-п. 

66 Қостанай ОММ.  670-қ., 1-т., 2-іс. 24-п.

67 Қостанай ОММ.  670-қ., 1-т., 3-іс. 7-п.

68 Қостанай ОММ.  620-қ., 2-т., 31-іс. 15-п. 

69 Қостанай ОММ.  670-қ., 1-т., 10-іс. 66 арт.-п.

70 Қостанай ОММ.  670-қ., 1-т., 7-іс. 206-п.

71 Қостанай ОММ.  72-қ., 1-т., 41-іс. 46-51 арт.-пп. 

72 Нұрпейісов К. Қазақстанның шаруалар советтері (1917-1929 жылдар). – Алматы, 1972. - 347 б.

73 Қостанай ОММ.  670-қ., 1-т., 8-іс. 171-п.

74 ҚОММ. 107-қ., 1-т. 9-іс. 11-арт-пп. 


No comments

To leave comment you must enter or register