Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ЖЕКЕ АДАМДЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ӘДЕПТІК ТӘСІЛДЕРІ

Сабденова Г.Е. 1,т.ғ.к., доцент. әл-Фараби ат. ҚазҰУ. Усерова А.Н. 2 заң ғ.к., доц. Орталық Азия университеті. Қазақстан, Алматы.

ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ЖЕКЕ АДАМДЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ӘДЕПТІК ТӘСІЛДЕРІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(21) қаңтар-наурыз 2020

Tags: құқықтық, еңбек, құқық, адам, этнопедагогика, сөздер:, Түйін, тәрбие, тұлға.
Author:
Аңдатпа. Халықтық педагогика және этнография ұлттың жалпы рухани мәдениетінің ажырамас бөлігі болып табылады. Олар өскелең ұрпақ пен жеке адамды тәрбиелеу ісіндегі халықтың даналығымен тығыз байланысты. Онда сан ғасырлық педагогикалық мәдениет көрініс тауып жатады. Қазақ халқының педагогикалық ой-пікірлеріне жасалған талдаулар алғашқы әлеуметтік дәстүрлі педагогиканың іргетастары күнделікті өмірден алынғандығын, онымен астасып жатқандығын тікелей көрсетіп берді. Құқықтық мәдениет те тұлғаны тәрбиелеудегі халықтық өзектің шығуы еңбектік өндірістік қызметпен және тұрмыстық тәжірибемен байланысты екендігін нақты негіздеп беріп отыр. Халықтық педагогика арқылы жеткіншек ұрпақ дәстүрлі қоғамдағы мемлекеттік қондырғыларды, өз халқының мінез-сипатын, ділін, адамгершілік идеалдарын ұғынады. Осыған орай, әсіресе этнопедагогикада дәстүрлі құқықтық тәлім-тәрбие маңызды орын алып отырды. Мұның себебі әрбір азаматты әрдайым құқықтық тұрғыдан қорғауға жағдайлар туындататын еді. Қазақ қоғамындағы әдет құқығы, шариғат нормалары қамтылған құқықтық плюрализм өз кезегінде аса құпталмайтын барлық құқыққа қарсы іс-әрекеттерден қорған бола білді. Заңдылық пен құқықтық тәртіп қоғамдағы кез келген адамды қорғады, осыған байланысты қазақ отбасылары баланы ертеден-ақ өз құқығын білуге және өзгенің құқығын сыйлауға үйретті.
Text:

Кіріспе.Дәстүрлі қазақ қоғамындағы жеке адамды тәрбиелеудің әдептік тәсілдерін тарихи-құқықтық тұрғыдан қарастыру өзекті тақырыптардың бірі болып табылады. Өйткені еліміз тәуелсіздік алғалы бергі уақыт ішінде құқықтық мемлекетті қалыптастыру үдерістері кеңінен жүріп жатыр. Құқықтық мемлекет құруды мақсат еткен Қазақстан Республикасы осы уақыт ішінде көптеген заңнамалық актілерді қабылдады, халықаралық ұйымдардың құжаттарын басшылыққа алды, бірқатар құжаттарға қол қойды. Оның негізгі бағыттары айқындалып, әрбір азаматты құқықтық тұрғыдан қорғаудың жағдайлары жасалуда. Осы орайда дәстүрлі құқықтық мәдениет пен тәрбиенің де көкейкестілігі одан сайын арта түсуде. Себебі өткенді өлшеп, өшкенді жандандырып жаңа белестерге көтерілу, дәстүрлі құқық аясында түрлі ұрпақтардың ар-намысын, ерік-жігері мен құндылықтарын ескеру қоғам алдында тұрған міндет болып саналады.

Егер тұлғалардың санасында әлеуметтік-психологиялық негізі болмаса бірде-бір құқықтық қатынастың практикада іске аса қоюы екіталай екендігін заңгерлер баяғыдан-ақ айтып жүр. Құқықтық сана кез келген мемлекеттегі қоғамның саяси дамуына тікелей әсер етеді. Ол тіпті қоғамдағы барлық салаларды да (идеологиялық, әлеуметтік, экономикалық, т.б.) үнемі қамтып, керек болса реттеп те отырады. Себебі әрбір азамат жан-жақты құқықтық қорғауды сезінгісі келеді. Мұны сезінбесе мемлекетке деген сенімсіздік орнап, ондағы рухани құндылықтар аясы әлсірей береді. Мұның өзі мемлекетте түрлі дағдарыстардың туындауына алып келуі ықтимал.

Қазіргі таңда құқықтық тәрбиеге қоғам да, мемлекет те және жеке тұлға да мүдделі. Соған байланысты құқықтық тәлім-тәрбиеге қатысты жаңа ұстанымдардың қажеттілігі байқалуда. ХХ ғасыр соңында болған қоғамдық-саяси дағдарыстар, одан кейін тәуелсіздік алу және зайырлы да, құқықтық мемлекет құру жүргізілгенімен, ұзақ жылдар бойы құқықтық тәлім-тәрбиеге аса назар аударыла қоймағандығы да жасырын емес.

Тарихқа жүгінер болсақ, кез келген мемлекет құқықтық тәлім-тәрбие беру ісінде дінді, саяси партияларды, оқу орындарын, бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен пайдаланады. Мұндай бірлескен қоғамдық жұмыстар мемлекет пен халық арасындағы өзара сенімді оятады, мемлекет азаматтың құқығын қорғай отырып, оның мүдделерін үнемі қаперінде ұстайды. Халық пен мемлекет арасында өзара түсіністік пен сенім орнаған кезде ғана, қоғам дамиды, ондағы билік, түрлі ұйымдар мен бірлестіктер арасында тұрақты жағдай қалыптасады. Тұрақтылық – алға дамудың кепілі. Ол барлық тараптарға да тиімді болады.

Отандық құқықтану ғылым саласы соңғы жылдары құқықтық тәрбиеге ерекше назар аудара бастады. Алайда мұндай жұмыстар аясы қазіргі таңда қабылданған заңнамалық актілерді түсіндіруден, оны халық арасында кеңінен насихаттаудан, түрлі форумдар (конференция, дөңгелек үстел, т.б.) өткізуден ғана тұрмауы тиіс. Оны қоғам болып, ел болып насихаттаған абзал. Құқықтық тәрбиені жеке адамның санасына сіңіруге тек заңгерлер ғана емес, тарихшы, этнолог, филолог, мәдениеттанушы, саясаттанушы, педагог, философ, т.б. мамандар да ат салысуы тиіс. Жастарға заманауи заң актілерін түсіндірмес бұрын дәстүрлі қазақ қоғамындағы құқықтық сана, тәрбие және құндылықтар жайын кеңінен тарату керек. Тарихи-құқықтық талдаулар жүргізілген ізденістер санын ұлғайтуымыз қажет. Осы тұрғыдан келер болсақ, біздің тарапымыздан көтеріліп отырған осы тақырыпты өзекті деуге негіз бар.

Әдістер.Зерттеу тақырыбы кешенді сипатта, себебі ол этнология, тарих, құқық философиясы, педагогика, психология, құқықтық әлеуметтану, мемлекет пен құқық теориясы, т.б. ғылым салаларын қамтиды. Мұндай ұстаным адам, қоғам, мемлекет туралы нақыт түсініктерден тұратын тарих пен құқықтану ғылым салаларының өзара интеграциялануын да көрсетеді. Ғылыми ізденістің методологиялық негізін әлеуметтік-құқықтық, тарихи-мәдени құбылыстар мен үдерістерді өзара байланыстыра отырып, қабыстыра қарастыратын ғылымда толығымен кеңінен қолданылып келе жатқан принциптер мен әдістер құрайды. Сонымен қатар кешенді бағдарламалық-нысаналы зерттеуге жаңа түсінік пен категориялар енгізуге де жол ашады. Зерттеу барысында аксиология, диалектика, жүйелілік ұстаным, құрылымдық-функциональдық, логикалық-құқықтық, салыстырмалы-тарихи, салыстырмалы-құқықтық, тарихи-құқықтық талдау әдістері, ретроспективті талдау, тарихилық, сонымен қатар анализ, синтез, дедукция, индукция, т.б. жалпығылыми және жекеғылыми әдістер мен принциптер кеңінен қолданылды. Еңбекте «Қазақ халқының Ата Заңдары» (10 томдық) секілді іргелі басылымдардағы методологиялар, елімізге белгілі ғалымдардың тұжырымдары негізге алынды. Бұл айтылғандар зерттеудің әдістемелік және теориялық негіздерін құрайды. Сол секілді осы жұмысты жазу кезінде көптеген философиялық, педагогикалық, этикалық арнаулы ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиеттер, билер сөзі, исламдық шариат заңдары, бұқаралық ақпарат құралдарының мағлұматтары пайдаланылды. Сайып келгенде, саяси және құқықтық философия, тарихи философия бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді деген пікірдеміз.

Талқылау. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы жеке адамды тәрбиелеудің әдептік тәсілдері отандық тарихнамада толымды түрде көтерілмеген. Адам тәрбиесін заң ғылымдары құқық аясында ғана, яғни дәстүрлі құқықтық жүйе негізінде азды-кемді қарастырғанымен, көбіне билер соты, т.б. аспектілер қатарында атап кетеді. Ал педагог мамандар бала тәрбиесіне көңіл бөледі, соның негізінде жеке адамға тәрбие берудің ұлттық ерекшеліктерін атайды. Этнологтар болса жосын-жоралғылар мен салт-дәстүрлер негізінде адамды тәрбиелеудің ұлттық тәсілдеріне тоқталып жатады. Яғни, дәстүрлі қазақ қоғамындағы жеке адамды тәрбиелеудің әдептік тәсілдері әрқилы қырынан қарастырылатын, кешенді тақырып. Осыған орай мәселені талқылау әр қырынан көрініп жатады. Алайда әлі күнге дейін осы салада, әсіресе тарихи-құқықтық талдау негізінде жүйеленген зерттеу жұмыстары жоқтың қасы.

Адам тәрбиесі, өскелең ұрпақ жай-күйі өткен ғасырлардағы шығармашыл адамдарды, ағартушыларды, ұлттық интелегенция өкілдерін, зиялы қауым мүшелерін үнемі алаңдатқаны белгілі. Әсіресе кеңестік заманда, одан бергі уақыттарда ұлттың болашағы жайлы мәселелер көтерілгенде жеке адамның тәрбиесіне де баса назар аударылды. Белгілі заңгер Т.М. Күлтелеев қазақтың дәстүрлі құқықтық нормалары үнемі өзгерістерге ұшырап отырғандығын жазды (Култелеев, 2003: 230). Мұндай өзгерістер ел бірлігін, халықтың тұтастығын сақтаудан және ұрпақты әдепті жолмен тәрбиелеу сынды мұраттардан шыққандығы анық.

Патшалық Ресей тұсындағы қазақ құқығы жайлы мағлұматтарды бірқатар зерттеушілер (А.И. Левшин, И.Г. Андреев, Ш.Ш. Уәлиханов, Л.А. Словохотов,А.И. Мякутин, Я. Гурлянд, Ф.И. Леонтович, т.б.) еңбектерінде келтіріп кетті. Әсіресе «Жеті жарғы» туралы көп айтылды.

Кеңестік дәуірде бұл саладағы зерттеулерді С. Фукс, Т. Күлтелеев, С. Зиманов, М. Сапарғалиев, С. Өзбекұлы, т.б. атақты заңгерлер жалғастырды. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін дәстүрлі құқық кеңінен қарастырылып, осы уақытқа дейін жинастырылған ізденістер бір жүйеге түсірілді. Соның айқын көрінісі көп томдық – «Қазақтың ата заңдары» жинағы (Зиманов, 2001). Бұл жинаққа ілкі замандардан келе жатқан құқыққа қатысты ақпараттар, түрлі мәліметтер, заңдардың нұсқалары, ғылыми зерттеулер, конференция материалдары, т.б. енді. Бұл басылым қазақтың дәстүрлі құқығын жан-жақты қарастыруға тың серпін берді.

Қазіргі таңда жарияланған Н. Өсерұлы, С. Өзбекұлы, З. Кенжалиев, т.б. зерттеушелердің енбектері қазақ қоғамындағы құқықтық қатынастардың түрлі жай-жапсарын айқындады. Мысалы, Н. Өсерұлы қазақ әдет-ғұрып заңдарына шариғаттың тигізген әсерін талқыласа (Өсерұлы, 1997), қазақ арасындағы дәстүрлі құқықтың қоғамдағы қарым-қатынастарды реттейтін функциялары, принциптері А.С. Смағұлованың мақаласында келтірілген (Смагулова, 2016: 137-145). Тізе берсе мұндай ізденістер жеткілікті. Және де ол арнайы зерттеу жұмысын қажет етеді.

Дегенмен жеке адамды тәрбиелеудің әдептік тәсілдері туралы нақты жазылған ғылыми ізденістердің отандық тарихнамада кемшін тартып жататындығы да байқалады.

Нәтижелер.Тәлім-тәрбиенің тарихын зерттеу этнопедагогика деп аталып жүр. Бұл нақты да дұрыс атау. Өйткені, әрбір этностың, халықтың өзіне тән тәлім-тәрбиесі болады. Әр халықтың өзіндік этникалық өзгешеліктері бар. Ол, әрине, тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы, тұрған географиялық орны мен табиғат әсерімен ерекшеленеді. Этникалық тәрбие дәстүрлері сол топтың ықпалды құралы ретінде тіршілік етудің алуан түрлі тәртіптерін сомдауға қатысады. Адамшылық табиғатын ашып көрсетумен бір қатарда оның адамгершілік тұрғыдан қорғалуын, генофондын сақтауды қамтамасыз етеді. Кез келген этностың мүшесі мұны жақсы түсініп, ғасырлар бойы қалыптасқан тәрбие жұмыстарын пайдаланады. Өз заманына лайықты түр беріп жаңғыртады. Бірақ, бастапқы мән-мазмұнынан қол үзбейді. Этникалық тәрбие халықпен және табиғатпен үйлесімдік табады. Халқымыздың тәрбиесі халықтық бола отырып, ол бала шыр етіп дүниеге келуімен басталып, оның денсаулығы, еңбекке үйретілуі, мінез-құлқы, адамдық қатынасы ескеріле отырып, тәрбиелеу жолымен, мәжбүрлеусіз тұлға етіп қалыптастырылады. Сөйтіп, халықтық тәрбиенің өнбойы толған адамдық мәселе болып, адам бойына жарқын да ізгілікке толы адамгершілік қасиеттерді беруге ұмтылады (Кенжалиев, 1997). Алайда, халықтық педагогика әлі күнге дейін бүгінгі оқу үдерісінде толымды түрде өз орнын ала алмай келетіндігі қынжылтады. Бірақ, біртұтас алынып қаралмай, халық астрономиясы, халық медицинасы, халық даналығы, халық қол өнері, халық әндері, халықтық спорт түрлері, халық календары, халық фольклоры, халық тағылымы секілді атаулармен біршама келелі әңгімелер өрбітілуде. Осының өзіне қарап-ақ халқымыздың тарихи тұрмыс-тіршілігінде көрініс берген алуан түрлі салт-дәстүр, әдет-ғұрып, шаруашылық кәсібі, қоғамдық ой-пікірі, әдебиеті болғанын, оны ұрпақтан-ұрпаққа ауызекі түрде жалғастырып отырғанын көреміз. Бұл халықтың өзі қалаған жан-дүниесінің нәтижесі. Ата-бабаларымыз әке-шеше, туысқан-туған, ру-тайпа, халық қалаған, ұнатқан қасиеттерді саналылықпен ұрпақтары бойына сіңіру, тәрбиеде кемшіліктерді болдырмау, бақылау тәрізді маңызды мәселені әрдайым қолдап-қуаттап отырған (Төреқұл, 1996). Соның нәтижесінде тәрбиенің өзіндік болмысы мен бітімі асқан шеберлікпен беріліп, қоғамдық мәселенің ең басты саласына айналды. Әрі қоғамдық сананы көрсетті.

Тәлім-тәрбиенің әдістерін сөз еткенде әдет-ғұрып, салт-дәстүрден бастап бала ойнайтын ойындар мен ойыншықтарға дейін қамтып, олардың тәрбиелік мәнін ашу қажеттілігі айқындалады. Тәлім-тәрбие беру барысында белгілі бір этносқа тән рухани өлшемдері жеке тұлғаның қалыптасу қабілетіне зор әсер етеді. Халықтық ән-жырлар, ертегілер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер тәлім-тәрбиеде мықтап пайдаланылған әрі сол тәлім-тәрбие беру жолында жаратылған дүниелер.

Тәлім-тәрбиені жетілдіруден алдын өз халқының көпғасырлық қалыптастырған игіліктерін игеру керек (Аманжолов, Рахметов, 1996: 5-6). Сонда ғана нағыз халықтық тәрбие дамиды.

Халықтық тәрбие қоғамда шешуші рөл атқарады. Өйткені, халық ұрпақтан-ұрпаққа өзінің қоғамдық және әлеуметтік тәжірибесін, рухани байлығын мұра етіп бере отырып, өшпес рухани-материалдық байлығын жаратты (Еуропа ғалымдарының қазақ мәдениеті туралы ой-пікірлері, 1992). Рухани-материалдық байлық еңбектен, табиғаттан, табиғилық дарыннан және адамгершілік тұтқасы имандылықтан туындайды. Бүкіл халық болып ұрпағын, өздерін жалғастырушыларды тәрбиеледі, өздері де дәл солайша тәрбие көрді. Халықтық тәрбиенің қоғамдық сана элементі ретінде дамуы, тәжірибе мен дәстүрлердің жинақталуы іріленіп, аясы кеңи түсті. Бірте-бірте тәрбиенің айқындалып, қоғамды түлетуге, тәртіпті қоғамдық қарым-қатынас орнатуға жәрдемдесті. Тәрбиеге қоғамдық салалардың бәрі қатынасып, оның жүзеге асуына қамқор болды. Ауызекі сөзі адамгершілік тәрбиесінің негізгі құралына айналды. Оны біз өзімізге жеткен өлең-жырлардан, мақал-мәтел, афоризмдік тіркестерден, тарихи оқиғалардан көре аламыз (Бес ғасыр жырлайды, 1984). Бұлардың бәрі адамгершілік, елін сүю, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін сақтауды насихаттады, ақыл-ой тәрбиесін дәріптеді.

Адамды жетілдіруді халық мейлінше түсініп, адамның синтезді бейнесін ғана емес, сонымен бірге ақыл-ой, адамгершілікке толы мінез-құлық, сұлулық әдептерінде жетілдірді. Сөз бен істің бірлігі жетілген тұлғадан көрінді. Сөйтіп, отбасынан басталған тәрбие нәтижесі бүкіл қауым қолдап-қуаттайтын үлгі, өнегеге айналды, өзін-өзі іс жүзінде көрсеткен тәжірибенің озығы бүкіл аймаққа таралды. Тәлім-тәрбиелік мәдениет сөзбен жүзеге асып, оның сан түрлі тәсілдері бой көтерді. Бесік жырынан басталған тәрбие ірі қоғамдық мәселелерге дейін көтерілді.

Аталы сөзді халық қатты қадірлеген. «Аталы сөзге арсыз тоқтамайды» деп аталы сөздің мәнін ұғынуға міндеттеген. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп, әрдайым жақсы, аталы сөз есітуге, айтуға бейім тұрған. Аталы сөздің арыны қатты, мәні терең, мазмұны әр алуан. Онда ел, халық, Отан, бірлік, ерлік, өнер, білім, еңбек, дау-дамай, адамдық, имандылық жайлы біртуар мәнді тұжырымдар өте көп. «Туған жерге туың тік», «Ер өзі үшін туады, елі үшін өледі», «Ел іші алтын бесік», «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Ырыс алды ынтымақ», «Бірлік болмай – тірлік болмас» деген сөздер Отан, ел, ынтымақ, бірлік мәнін терең ашып көрсетеді. Яғни, біріншіден, Отанға, елге құрмет арқылы дәстүрлі қазақ қоғамы бүкіладамзаттық құндылықтарды да дәріптеді, екіншіден, өз жері мен еліне, оның адамдарына құрмет көрсету керектігін ұрпағына сіңдіре білді. Ұлттық мақал-мәтелдің маңызын филолог-мамандар былай деп көрсетеді: «Мақал-мәтелдер қашанда белгілі бір ойды жеткізеді, әлдебір нәрселерден сақтандырады, бір сөзбен айтқанда, адамның тал бесіктен жер бесікке дейінгі өміріне азық болатын даналық ғибратындай жол көрсетіп тұрады. Мақал-мәтелді біліп өскен, соның мәйегін жастайынан құлағына құйып өскен бала өсе келе алды-артын ойлауға машықтанып, дұрыс шешім қабылдауға, қиындықты еңсеруге дағдыланады» (Мұқәддәс Мирза, 2017). Осыған орай, дәстүрлі қазақ қоғамындағы жеке адамды тәрбиелеудің әдептік тәсілдерінің бірі ұлттық мақал-мәтелді үйретуде десе де болады.

Тарихи тағдыр, өмірдің әлеуметтік-экономикалық тәртіптері ортақтығы жағдайында дамыған халықтық тәлім-тәрбие еңбек пен тұрмыстық хал-ахуалына дөп келетін ұмтылыс-армандарын қамти отырып, әділетсіздікке қарсы, ұрпақ болашағы үшін тынбай жұмыс істеді. Оның толық бейнесі қазақ халқының болмысында, отбасы өмірінде, мәдениетінде көрініп, құқықтық саналарына игі әсер етті. Адамгершілік, табиғатпен үйлесімдік, көпшілдік, еңбекті сүю, сезімталдық, тәрбиенің жүйелілігі мен бірізділігі, талаптар бірлігі, бала тұлғасына ілтипат пен құрмет тәлім-тәрбиенің халықтық бастаулары жүйесін құрады. Яғни, дағдылы ортада бала тәрбиесін жүргізу туған тілінде, мәдени-рухани, тарихи-ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар арқылы тәрбиелеуді қамтамасыз етті.

Ұрпақ тәрбиесінде ұлттық дүниетаным әрдайым басты орында тұрды. Бұл ата-баба аруағын сыйлап-құрметтеу, одан қалған мұраны мейлінше сақтап, келер ұрпаққа аманаттап жеткізу (Смағұлова, 2005). Былайша айтқанда, мұрагерлік дәстүрлі құқық бойынша баласына қалдырылғанымен, онымен бірге ұрпақ аманаты, тәлім-тәрбие беру ісі де баласына өтіп отырды. Бірақ әруақтарды сыйлау бірінші орынға қойылды. Яғни, дүниеден өткен әке-шеше алдындағы қарыз сезімі, оларды жиі есте ұстап, пір тұту – оларды қадір тұтқандық белгісі. Өткендерді өлтірмеу, олардың қалдырған мұраларын қасиеттеп, өмір кәдесіне жарату – адамгершіліктің нысаны. «Аруақ жебеді», «Аруақ қолдады», «Аруақ азбайды, ар тозбайды» деп, оларды тіреніш етіп, үлгі етулерінде еш әбестік жоқ. Қайта, мұндай дәстүр ұрпақтың ауызбірлігін нығайтады, шыққан тамырына құрметпен қарайды, тәрбиелік мән-мазмұнын әсемдендіре түседі. Сөйтіп, тәрбие беруде отбасы, руы, тайпасы, аруақ, отаны, адамдық қасиеттер дараланып, олар ақыл-ой тәрбиесімен әрі өмірдің өзімен тығыз байланыстырыла қарастырылады. Мұның өзі дәстүрлі қазақ қоғамындағы тәрбиенің өзіндік бір ерекшелігін де нақты көрсетеді.

Әсіресе, қазақи тәлім-тәрбие ислам діні таралуымен күшейе түсті. Адамаралық қатынаста заңдылықтар болуын талап етіп, оларды «мұсылман іс-әрекетіне», мұсылмандыққа, имандылыққа жинақтады. Мұсылмандар үшін моральдық кодекс мазмұнын түзді (Сәлмен, 2001). Онда Отанға берілгендік, адамға сүйіспеншілік, адал жеп, адал ішу, сыпайылық, ерлік, қарапайымдылық, әділдік секілді адамдық сипаттар дәріптелді. Жалқаулық, мақтаншақтық, өзімшілдік, қызғаншақтық, қорқақтық, өтірік-өсек, күш көрсету, әлімжеттік қатты айыпталды.

Тәлім-тәрбиенің негізгі мақсаты түсіндіру, жөнді білдіру, ескерту, мадақтау, көрсету, үйрету, жаттықтыру, сендіру, өтіну, ақыл беру, кеңесу, мақұлдау, бата беру, тыйым салу, ант беру, сөгіс беру, кінәлау, жазалау әдістері арқылы жүзеге асырылды.

Өкінішке орай, адамзат баласы прогреске жеткен сайын, өткенінен үзіліп, сабақтаспай тәрбиелік мәдениеті кері кетіп те жатады. Оны көбінесе ата-ана мен мұғалімдерге тели салу мүлдем қате. Алдымен тәлім-тәрбие өткенімен сабақтасып жатуы тиіс. Екіншіден, тәлім-тәрбие мәселесі мемлекеттік тұрғыда жүргізілуі шарт. Үшіншіден, тәлім-тәрбиені бүкіл қоғам болып қолдап-қуаттауы тиіс. Әр халықтың өзіне тән тәлім-тәрбиесіне көңіл бөліп, еркіне қою, тек теріс тәлім-тәрбиелерді шектеу, тыйым салу қажет. Мысалы, барлық халық жалаңаштануға қарсы. Соны дұрыс пайдалана отырып, шектен тыс жалаңаштануға тыйым салуға болады. Тәлім-тәрбие мақсаты адамды жалаңаштауға емес, қарапайымдылыққа, көпке ұнамды киінуге шақырады. Мұны ата-бабамыз жақсы түсінді. Сол себепті де ұрпағының тәрбиесіне алаңдады.

Тәлім-тәрбие мәселесіне құқық пен заң тікелей араласып, реттеп отыруы айып емес (Хикмет, 2005: 10-13). Теледидардан жалаңаш секстерді көрсетуге, темекі-шарапты жариялауға тыйым салынып, заң қабылдануын қолдап-қуаттаймыз. Мұны өрістете түсіп, адамгершілік аясында жүріп-тұруды қоғам мүшелерінен талап ету адам құқығын бұзу емес, қайта бұзылуынан сақтау болып табылады.

Шетелдік құндылықтардың (Валентин күні, «жастықпен» челендж, т.б.) қазіргі қазақ қоғамына енуі ел мен жұртты біраз дүрліктірді. Бұл біздің қоғамдағы тәлім-тәрбиенің нашарлығын, жастарымыз өткен тарихы мен салт-дәстүрін білмейтінін көрсетеді. Тіпті, теледидарлардағы көрсетпелерде осындай келеңсіз дәстүрлердің тез тарауына май құйып жатқан секілді. Дінімізді әлсірету, құрту үшін өзге діндер мен ағымдардың миссионерлерінің істеп жүргені құптарлық нәрсе емес. Дін мен әдет-ғұрып заң нормаларымыз бірегейленіп, ғасырлар бойы ондай сорақылықтарға жол бермеген. Діннің имандылықпен астасып жатқандығы белгілі (Әділбаев, 2004). Сәл нәрсе болса, әлі де ескі стереотиптік көзқараспен ислам дініне жауып, ол жолды ұстанушыларды террорист, уаһаббист, кісі өлтірушілер деп кінәраттап, барлық бәлені соларға итере саламыз. Шындығына көз салсақ, бұл түбірімен қате, қасақана ойластырылған жалалар. Мұндай мәселелер ғылыми тұрғыдан зерттелуі керек. Әсіресе этнопсихология тұрғысынан қарастырылуы тиіс.

Жеке адамды тәрбиелеуге мұқият көңіл бөліп, күнделікті тақырыптан түсірмеу керек. Балабақшада болсын, мектепте болсын, жоғары оқу орнында болсын, қоғамдық жайлар мен көшеде болсын, қызметте болсын бұл мәселе бүкіл қоғам мүшелерінің бақылауында болғаны абзал. Ол үшін арнайы мемлекеттік саясат қабылдап, заңмен бекіту қажет. Ол үшін оның тәсілдеріне ата-бабаларымыздың әдептік тәсілдерін ұялмай қолдану керек. Әдептік тәлім-тәрбие тәсілдері жайлы ережелер мен бағыттарын, жүргізуге оңтайлы жолдарын зерттеп, әдебиеттерді молынан шығару, қысқа әрі нұсқа етіп әдептік қағидаларды көше-көшелерге жазып қою, оны орындамағандарға шара қолдану көп нәтижеге жеткізеді.

Әмәнда халықтық тәрбие басты орында тұрады. Сол секілді құқықтық тәрбиені өрістету де маңызды рөл атқарады. Заң тармағында қызмет ететіндердің бәрі осының жанашыры болуы, ал мәжбүрлеп-қорқыту жағынан аулақ болуы тиіс. Әрбір іс жариялы болып, қоғам мүшелеріне кеңінен насихатталуы керек. Мектептер мен жоғары оқу орындарында әдептілік, этнопсихология пәндерін жеке пән ретінде тереңдетіп оқытуды қолға алған жөн. Әрбір маман мейлі ол математик, мейлі тарихшы, мейлі тілші, заңгер, философ, медик, т.б. болмасын, бәрібір әдептілікті білмесе мықты маман бола алмайды. Әсіресе, заң саласындағылар бұл мәселені тек біліп алу емес, өздері соның насихатшысы, үлгісі болғанда ғана, әдеп пен құқық қабысқанда ғана нәтижелерге жете аламыз.

Әрине, бұл нәтижелер халықтық педагогика тәсілдеріне, яғни халықтың педагогикалық білім, тәжірибесіне сүйенгенде ғана жемісті болады. Халықтық педагогика өзінің негізіне тәлім-тәрбиелік мазмұн мен бағыттағы халық ауыз әдебиетінің шығармалары, билік шешімдер мен нұсқаларының үлгілері, этногеографиялық материалдар, халықтық тәрбие дәстүрлері, халықтық ойындар, отбасы мәселесіне арналған тәрбиелердің тәжірибелері жатады (Арғынбаев, 1973). Бұлардың діттегені халық қажетіне сәйкес тәрбиелердің адам сүйгіштік, демократиялық идеяларын ұрпақтар бойына сіңіру. Бұл – халықтық принцип талабы. Тәлім-тәрбие де, одан өзге қоғамға аса қажетті атаулының бәрі де халықпен тығыз байланысты, халықтың тұрмыс-тіршілігінің бір ырғақты жүруіне, арман-мүддесіне, ой-сезімдеріне, әлеуметтік мақсаттарына үндес болып, халыққа қызмет етеді. Халықтың эстетикалық мұраттары оның әділдікті, имандылықты, адамгершілікті, бостандық пен бақытты өмір сүруі. Осы өркениеттік ұғымды қазақ халқы ұзақ процесс бойында қалыптастырған.

Ұрпақ тәрбиесінде қазақ халқы өзін-өзі тануға ғана емес, әлемді тануға да үнемі ұмтылып отырды. Бұл туралы отандық белгілі философтар былай дейді: «Қазақ халқының көп ғасырлық тарихында даналықтың озық үлгісі боларлық әлемді танып-білудің, зерделеудің өзіндік сипаттамалары, түркілік ерекшеліктерін танытатын философиялық ойлар мен терең мағыналы тұжырымдар жеткілікті болғаны белгілі. Мәселе сол рухани інжу-маржанның қадірін қазіргі тәуелсіздіктің іргесі бекіп жатқан тарихи кезеңде біліп, қаймағын бұзбай қазіргі жаһандану заманында жүйелі түрде жинақтай алуда және оны әрбір келетін жас ұрпаққа рухани сабақтастықпен бере білуде болып отыр. Осы істі абыроймен жүзеге асырған жағдайда еліміздің еуразиялық кеңістіктегі ерекше халық ретіндегі этникалық сипатымыздың, басқа халықтар алдындағы құрметіміздің асқақтай түсері анық. Өйткені, өзінің рухани құндылықтарын аялаған, өрбіткен ел ғана, оған жаңа заманда өзіндік жаңғырту сипатын берген халық қана адамзаттың күрделі тарихының ауқымында шынайы бағалануға иеленері белгілі» (Нысанбаев, Әлжан, Ғабитов, Нұрмұратов, 2011: 3). Міне, осылайша философ-мамандар да тәлім-тәрбиенің өзіндік маңызын атап көрсетеді. Тәлім-тәрбиелік іс-әрекеттерден тұратын өнегелі өмірді дәріптеу ұлт болмысының көрінісі, оның ішінде жеке тұлғаны тәрбиелеп шығару баянды болашақтың кепілі екенін халық жақсы түсінген.

Өкінішке орай, қазақ халқы жаратқан мәдени қабаттар өркениет іргетасын қалауға пайдаланылмай, қалтарыста қалып келе жатқаны жасырын емес. Кемеңгерлік пен шешендік, сөз өнері мен саз өнері, тәлім-тәрбиесі мен көргенділігі жағынан ешкімнен кейін қалмаған. Ежелгі дәуірден темір қорытып, тасқа жазу қашаған, нағыз демократиялық сипаттарды иеленген қағида-ережелерді шығарған, сөйтіп адамзат өркениетін өрлетуге өлшеусіз үлес қосқан далалықтардың болмысын адамзат баласына, әлемге тарату ғалымдар мен ақын-жазушыларымыздың міндеті. Дүниедегі дүйім жұртты әлі күнге дейін тамсандырумен келе жатқан Заратуштура мен Анахарсис, Қорқыт Ата мен Әбу Наср Әл-Фараби, Махмұд Қашқари мен Қожа Ахмед Ясауи, Шоқан мен Абай, т.б. бір кездегі ата-бабаларымыз қалыптастырған мәдени құндылықтардан сусынданғандар деп білеміз (Әл-Фараби, 1975; Баласағұни, 1986; Қорқыт Ата, 1999). Олардың еңбектері әлем жауһарлары болып табылады (Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы, 1994). Бұл еңбектерден де халық өзіне керектісін сан ғасырлар бойы алып отырған. Ендігі жерде ұрпақтарымызды дәл сол бабаларымыздай өткен құндылықтарымызбен сусындата білу негізгі міндетіміз болып қала бермек.

Өйткені, құқықтық-мәдени құндылықтар адамдар үшін жаратылған. Адам тек құқықтық қатынастың субъектісі, ал адам құқықтары мен бостандығы және міндеттері құқық объектісі болып табылады. Сол үшін де, қай заманда болмасын, құқықтық тәртіп бірінші орынға қойылып, ол қоғамдық өмірдің түрлі салаларын реттейтін, адамдардың мінез-құлқына әсер ету сипатымен бір-бірінен ерекшеленетін әлеуметтік нормалар түрлері: әдет-ғұрыпты, мораль нормаларын, халықтық тәлім-тәрбиелерді жүзеге асырады (Қазиев, 2005: 3-8).

Адам құқықтары бүкіл ру болып қорғалғандығы және жасалған құқық бұзушылықтар үшін бүкіл рудың жауапкершілікте болғандығы А. Ибраева еңбектерінде нақты айтылады. Зерттеушінің бұл сөздерінен дәстүрлі қазақ қоғамы қалыптастырған тәлім-тәрбиенің батысеуропалық өркениеттерден кем түсіп жатпағандығын көреміз (Ибраева, 2002). Олай болса, бұл өркениеттілік құндылықтарды зерттеп-зерделеп, әлем жұртшылығына паш ету біздің борышымыз. Яғни, ұлттық тәлім-тәрбиенің өзегін түрлі ғылым салаларының негізінде келешекте жан-жақты қарастыру керек деген ойдамыз.

Қорытынды. Біз алдымызға құқықтық мемлекет құруды мақсат еткендіктен, алдымен құқықтық мәдениетке маңыз беріп, қоғам мүшелерінің қызметін реттеу үшін пайдаланылатын құндылықтарды: ата-бабаларымыздың құқықтық идеяларынан туындаған қағида-ережелерді, сенім-нанымдарын, мінез-құлықтарын, құқықтық дәстүрлерін қайта тірілтіп, қазақи сипаттарға ие тұлғаларды тәрбиелеу керек. Сонда ғана ұлттық сана, ұлттық мінез-құлық, ұлттық тіл, ұлттық патриотизм, ұлттық намыс қалыптасып, нағыз құқықтық-демократиялық мемлекет құру жемісті болады.

Қазіргі кездегі жүріп жатқан бүкіләлемдік жаһандану процесі өркениеттілік көзқарасқа терең маңыз беріп отыр. Өркениеттік көзқарас әрбір қоғамдық құбылысқа өзіндік жеке бір құбылыс ретінде қарау, сондай-ақ адам қоғамы үшін құнды құбылыс ретінде қарау.

Дала құқығы өзінің синкреттілігімен ерекшеленеді. Мұнда адамгершілік, дін және мораль біртұтастықта болады және саяси, экономикалық, отбасылық және өзге де институттар мен процестер көлеміне еніп кеткен. Бұл құқық адамдардың өмірінің көрінісіне айналған ол өмірдің өзі болып табылады. Мұнда батыс еуропалық өркениеттегілердей құқықтық нигилизм жоқ. Көшпелі қоғамның далалық құқығы мұнда күнделікті қажеттілік ретінде болады, ал оның орындалуы ішкі сана-сезімге, әділдік пен сыйластыққа негізделеді. Құқықтың басты қызметі адамдарды жазалау немесе бөлу емес, бітімгершілік пен бірігуге шақыру болып табылады.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Абай. Қара сөз, поэмалар. – Алматы, 1993. –272 б.

Аманжолов К., Рахметов Қ. Түркі халықтарының тарихы. – Алматы, 1996. – 272 б.

Асан Қайғы. Бес ғасыр жырлайды: Үш томдық. – Алматы, 1984. – 1 т. – 256 б.

Арғынбаев Х.А. Қазақ халқындағы семья мен неке. – Алматы, 1973. – 328 б.

Әділбаев А. Саңлақ сахабалар. – Алматы, 2004. – 264 б.

Әл-Фараби. Саяси-этикалық трактаттар. – Алматы: Ғылым, 1975. – 671 б.

Баласағұни Ж. Құтты білік. – Алматы: Жазушы, 1986. –596 б.

Еуропа ғалымдарының қазақ мәдениеті туралы ой-пікірлері. – Алматы, 1992. – 335 б.

Зиманов С.З. Қазақ хандары заңдарына шолу және олардың ерекшеліктері. Қазақтың Ата Заңдары: 10 томдық.– Алматы: Жеті жарғы, 2004. – Т.4. – 552 б.

Зиманов С.З. Қазақтың Ата Заңдары және оның бастаулары. Қазақтың Ата Заңдары: 10 томдық. – Алматы: Жеті жарғы, 2001. – Т. 1. – 632 б.

Ибраева А. Правовая культура: проблемы теории и практики. – Алматы, 2002. – 352 с.

Кенжалиев З.Ж. Көшпелі қазақ қоғамындағы дәстүрлі құқықтық мәдениет (теориялық мәселелер, тарихи тағлымы). – Алматы: Жеті Жарғы, 1997. – 192 б.

Культелеев Т.М. Уголовное обычное право казахов. Караганды: Болашақ-Баспа, 2004. – 430 с.

Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы. – Алматы: Рауан, 1994. – 224 б.

Қазиев О. Көшпелі қазақ өркениетіндегі әйел құқығының мәртебесі (XVIII-XX ғ.ғ. бас кезеңі): Заң ғыл.канд... дис. автореф. – Алматы, 2005. – 32 б.

Қорқыт Ата. Энциклопедиялык жинак. – Алматы, 1999. – 800 б.

Мұқәддәс Мирза.Мақал – сөздің мәйегі. // Ана тілі. 15 желтоқсан, 2017.

Нысанбаев Ә.Н., Әлжан Қ.Ұ., Ғабитов Т.Х., Нұрмұратов С.Е. Ұлттық тәуелсіздік және қазақ философиясы. Оқу құралы. – Алматы: ФжСИ, 2011. – 217 б.

Өсерұлы Н. Қазақ әдет-ғұрып заңдарына шариаттың әсерін зерттеу: заң ғыл. докт... дисс. – Алматы, 1997.

Сәлмен З. Мұсылмандық әдеп. – Алматы, 2001. –50 б.

Смагулова А.С. Казахское обычное право:принципыи их роли в регулировании отношений в обществе. // Проблемы современной науки и образования, 2016. – №3 (45). – С.137-145.

Смағұлова А. Қазақ әдет-ғұрып құқығындағы мұра мен мұрагерлік. – Алматы, 2005. – 168 б.

Төреқұл Н. Майқы би және Төле би. Билер сөзі – ақылдың көзі. –Алматы, 1996. – 237 б.

Хикмет К. Даналық сүрлеуі. – Алматы, 2005. – 48 б.

References:

Abay. Qara söz, poémalar. –Almatı, 1993. –272 b. [in Kazakh]

Amanjolov K., Raxmetov Q. Türki xalıqtarınıñ tarïxı. – Almatı, 1996. – 272 b. [in Kazakh]

Asan Qayğı. Bes ğasır jırlaydı: Üş tomdıq. – Almatı, 1984. – 1 t. – 256 b. [in Kazakh]

Arğınbaev X.A. Qazaq xalqındağı semya men neke. – Almatı, 1973. – 328 b. [in Kazakh]

Ädilbaev A.Sañlaq saxabalar. – Almatı, 2004. – 264 b. [in Kazakh]

Äl-Farabï. Sayasï-étïkalıq traktattar. – Almatı: Ğılım, 1975. – 671 b. [in Kazakh]

Balasağunï J. Quttı bilik. – Almatı: Jazwşı, 1986. –596 b. [in Kazakh]

Ewropa ğalımdarınıñ qazaq mädenïeti twralı oy-pikirleri. – Almatı, 1992. – 335 b. [in Kazakh]

Zïmanov S.Z. Qazaq xandarı zañdarına şolw jäne olardıñ erekşelikteri. Qazaqtıñ Ata Zañdarı: 10 t. – Almatı: Jeti jarğı, 2004. – T.4. – 552 b. [in Kazakh]

Zïmanov S.Z. Qazaqtıñ Ata Zañdarı jäne onıñ bastawları. Qazaqtıñ Ata Zañdarı: 10 tomdıq. – Almatı: Jeti jarğı, 2001. – T. 1. – 632 b. [in Kazakh]

Ïbraeva A. Pravovaya kwltwra: problemı teorïï ï praktïkï. – Almatı, 2002. – 352 s. [in Kazakh]

Kenjalïev Z.J. Köşpeli qazaq qoğamındağı dästürli quqıqtıq mädenïet (teorïyalıq mäseleler, tarïxï tağlımı). – Almatı: Jeti Jarğı, 1997.–192 b. [in Kazakh]

Kwlteleev T.M. Wgolovnoe obıçnoe pravo kazaxov. Karagandı: Bolaşak-Baspa, 2004. – 430 s. [in Kazakh]

Qazaqtıñ tälimdik oy-pikir antologïyası. –Almatı: Rawan, 1994. - 224 b. [in Kazakh]

Qazïev O. Köşpeli qazaq örkenïetindegi äyel quqığınıñ märtebesi (XVIII-XX ğ.ğ. bas kezeñi): Zañ ğıl.kand... dïs. avtoref. – Almatı, 2005. – 32 b. [in Kazakh]

Qorqıt Ata. Éncïklopedïyalık jïnak. – Almatı, 1999. – 800 b. [in Kazakh]

Muqäddäs Mïrza. Maqal – sözdiñ mäyegi. //Ana tili. 15 jeltoqsan, 2017. [in Kazakh]

Nısanbaev Ä.N., Äljan Q.U., Ğabïtov T.X., Nurmuratov S.E. Ulttıq täwelsizdik jäne qazaq fïlosofïyası. Oqw quralı. – Almatı: FjSÏ, 2011. – 217 b. [in Kazakh]

Öserulı N. Qazaq ädet-ğurıp zañdarına şarïattıñ äserin zerttew: zañ ğıl. dokt... dïss. – Almatı, 1997. [in Kazakh]

Sälmen Z. Musılmandıq ädep. –Almatı, 2001. –50 b. [in Kazakh]

Smagwlova A.S. Kazaxskoe obıçnoe pravo: prïncïpı ï ïx rolï v regwlïrovanïï otnoşenïy v obşçestve. // Problemı sovremennoy nawkï ï obrazovanïya, 2016. – №3 (45). – S.137-145. [in Russian]

Smağulova A. Qazaq ädet-ğurıp quqığındağı mura men muragerlik. – Almatı, 2005. – 168 b. [in Kazakh]

Törequl N. Mayqı bï jäne Töle bï. Bïler sözi – aqıldıñ közi. –Almatı, 1996. –237 b. [in Kazakh]

Xïkmet K. Danalıq sürlewi. –Almatı, 2005. –48 b.[in Kazakh]

МРНТИ 03.20:03.29

ЭТИЧЕСКИЕ ПРИЕМЫ ВОСПИТАНИЯ ЛИЧНОСТИ В КАЗАХСКОМ ОБЩЕСТВЕ

1Сабденова Г.Е., 2Усерова А.Н.

1кандидат исторических наук, доцент

Казахский национальный университет им. аль-Фараби

г. Алматы, Казахстан,  e-mail:gulmiras2801@gmail.com

2кандидат юридических наук. доцент.

Центрально-Азиатский университет, г. Алматы, Казахстан

e-mail: aiguluser@mail.ru

Аннотация. Неотъемлемой частью общей духовной культуры народа являетсянародная педагогика и этнография. Они тесно связаны с народной мудростьюв деле воспитания подрастающего поколения и личности. В ней выражалась многовековая педагогическая культура. Анализ истории педагогической мысли казахского народа указывает, что первые социальные монументы традиционной педагогики возникли под прямым воздействием повседневной жизни. Правовая культура так же обосновывает, что основы народного воззрения воспитанияличности своим происхождением тесно связано с трудовой производственной деятельности и житейской практикой. Через народную педагогику подрастающее поколение распознает особенности государственных устоев в традиционном обществе, характер своего народа, его менталитет, нравственные идеалы. Поэтому особенно в этнопедагогике ключевое место занимает традиционное правовое воспитание, которое создает условия правовой защищенности каждого человека. Правовой плюрализм в казахском обществе включавший нормы адатного права, шариата был защитой от всяких и нежелатальных противоправных деяний. Законность и правопорядок в обществе защищали любого человека, поэтому казахские семьи с малых лет ребенка учили знать свои права и уважать права других людей.

Ключевые слова: этнопедагогика, человек, право, труд, правовое воспитание, личность.

IRSTI03.20:03.29

ETHICAL METHODS OF PERSONAL EDUCATION IN THE KAZAKH SOCIETY

1Sabdenova G.E., 2Userova A.N.

1Candidate of Historical Sciences, Associate Professor

Al-Farabi Kazakh National University,

 Almaty, Kazakhstan

 e-mail: gulmiras2801@gmail.com

2Candidate of legal Sciences, Associate Professor

Central Asian University, Almaty, Kazakhstan

e-mail: aiguluser@mail.ru

Abstract. Folk pedagogy and ethnography are an integral part of the General spiritual culture of the people. They are closely related to folk wisdom in the education of the younger generation and the individual. It expressed a centuries-old pedagogical culture. Analysis of the history of pedagogical thought of the Kazakh people indicates that the first social monuments of traditional pedagogy arose under the direct influence of everyday life. Legal culture also justifies that the basis of the national view of education of the individual is closely related to the origin of labor and production activities and everyday practice. Through folk pedagogy, the younger generation recognizes the features of the state foundations in traditional society, the character of their people, their mentality, and moral ideals. Therefore, especially in ethnopedagogics, the key place is occupied by traditional legal education, which creates conditions for legal protection of each person. Legal pluralism in the Kazakh society, which included the norms of ADAT law and Sharia, was a protection against any and all illegal acts of non-adatals. Law and order in society protected any person, so Kazakh families from an early age taught the child to know their rights and respect the rights of others.

Keywords: ethnopedagogics, person, law, labor, legal education, personality.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 3104

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ ҰЛЫ ҒАЛЫМ, ГЕОЛОГ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ЖОҒАРҒЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДАҒЫ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ ҰЛЫ ГЕОЛОГ, ҒАЛЫМ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЭТНИКАЛЫҚ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БІР ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ЖЕКЕ АДАМДЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ӘДЕПТІК ТӘСІЛДЕРІ

Author's articles

ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ЖЕКЕ АДАМДЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ӘДЕПТІК ТӘСІЛДЕРІ