Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 94(574) БҮКІЛРЕСЕЙЛІК ҚҰРЫЛТАЙ ЖИНАЛЫСЫ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚОҒАМДЫ-САЯСИ ЖАҒДАЙЫ

Қ.Ә. ОСПАНҒАЛИЕВ, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің 3-курс докторанты. Семей қ., Қазақстан

ӘОЖ 94(574) БҮКІЛРЕСЕЙЛІК ҚҰРЫЛТАЙ ЖИНАЛЫСЫ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚОҒАМДЫ-САЯСИ ЖАҒДАЙЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(20), 2019

Tags: Земство, Қазақ комитеті, Алаш қозғалысы, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы, Шығыс Қазақстан, Қазақстан, Уақытша Үкімет
Author:
Мақалада 1917 жылы бүкіл Ресей кеңістігін қамтыған саяси-әлеуметтік маңызы зор саяси іс-шара - Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайлауы қарсаңындағы Қазақстан, соның ішінде Шығыс Қазақстан мысалында ресми және бейресми санаттардағы ұйымдардың өлкедегі саяси билік жүйесінің өзгеріс динамикасын түзуге қатыстылығын талдап көрсету басты мақсат ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, Құрылтай жиналысына сайлау науқаны тұсында қазақ қоғамының саяси және әлеуметтік мүдделерді күн тәртібіне шығару мәселесіне қатысты атқарған тарихи қызметі деректік негізде баяндалады. Қазақстандағы Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттар сайлауын өткізуге байланысты туындаған жан-жақты сипаттағы көріністері тақырыптың зерттеулер, Семей қаласындағы аймақтық мұрағат қорларында сақталған құжаттар және сол кезеңдік баспасөз материалдары арқылы дәйектеледі. Түйін сөздер: Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы, Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Уақытша Үкімет, Алаш қозғалысы, Қазақ комитеті, Земство
Text:

Кіріспе. Еуразиялық кеңістікте орналасқан Қазақ жеріадамзат дамуы тарихының шеңберіндегі зор сілкіністер мен тарихи үдерістерді талай мәрте бастан кешті. 1917 жылғыРесейдегі патшалық монархияны жойған Ақпан төңкерісі отарлық бұғауда болған барлық ресейлік империя құзырындағы халықтар үшін азаттық пен бостандық әкелгендей болды. Ғасырлар бойы тәуелсіздік жолында күрес жүргізіп келген қазақ халқы да осы төңкеріс әкелген зор өзгерістерді баянды ету жолына қызу кірісті. Ресей империясы кеңістігінде Ақпан революциясынан кейін ерекше саяси жүйе, ол - Уақытша Үкімет пен жұмысшы және солдат депутаттары Кеңесі қалпындағы қосөкіметтіктің қалыптасуы болды. Жұмысшы және солдат депутаттары Кеңесі Уақытша Үкіметпен ымыраға келіп, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысын шақыруға дейін билікті ерікті түрде Уақытша үкіметке берді.

Ресейдің және Қазақстан сияқты ұлт аймақтарының болашақтағы мемлекеттік басқару формасын анықтау, түрлі санаттағы әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси мәселелер жөнінде өмірлік шешімдер қабылдау, халықтық сипаттағы заңдар шығару Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының құзырында болады деп ұйғарылды. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы идеясы демократиялық өзгерістер деңгейін білдіретін өлшемге айналды.

Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайлауы  өткізілер қарсаңындағы Қазақстанның, соның ішінде Шығыс Қазақстан өңірінде саяси үдерістердің жалпы Ресей кеңістігінде қалыптасқан әскери-саяси жағдайларға байланысты үдемелі өзгерістерге түсуін зерделеу қажетті ізденіс. Ең алдымен қазақстандық қоғамның саяси өзгерістерге белсенді араласу мәселесі Шығыс Қазақстан өңірінде орын алған саяси жағдайлармен сабақтастықта жете қарастыру өзекті болмақ.

  Материалдар мен әдістер. Ұлт тарихындағы ерекше орны бар бұл саяси үдерісті зерттеу барысында негізгі деректер көзі ретінде жергілікті мұрағат қорларының құжаттары мен баспасөз материалдары және тақырыптық ғылыми ізденісті еңбектер мен арнаулы ғылыми құжаттық жинақтар зерделенеді.

Қазақстандағы Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы сайлауы қарсаңындағы қоғамдық-саяси үдерістердің мәнін ашып көрсету және оның өңірлік сипатын жете қарастыруға ықпал жасайтын әдістерді қолдану орынды болмақ. Жоғарыда аталған міндеттерді шешу үшін әдіснамалық ұстаным толық мағынада орындалуы керек. Сондықтан да, тарихи деректерді және әртүрлі мазмұндағы тақырыптық материалдарды жинақтау, сұрыптау, талдап-зерделеу және саралау сынды  әдіснамалық компоненттер арқылы барлық санаттағы материалдың шынайылығы және олардың қарастырылып отырған тарихи жағдаятқа қаншалықты қатыстылығы  бары айқындалады. Осы қалыптағы кешенді жұмыс жасау тәртібі тарихи оқиғаның шынайы бейнесін объективті негізде ашуға толықтай  ықпал ететіні сөзсіз.

Талқылау. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы тәрізді аса маңызды саяси науқанға даярлану қазақ қоғамы үшін ұлттық даму жолын анықтаған шешуші кезеңдердің бірі болды. Сол себепті Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайлау науқанының қазақ қоғамының саяси қырынан өсуіне, ел ішіндегі демократиялық өзгерістердің орын алуына тигізген ықпалын зерттеу қазіргі қазақстандық тарих ғылымы үшін өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Қазақ өлкесінде Алаш қозғалысы қайраткерлерінің Бүкілресейлік Құрылтай сайлауы қарсаңында атқарған саяси іс-шараларының мәнін ашу, түрлі әлеуметтік топтар мен саяси күштердің белсенділік деңгейін, олардың бағдарламаларында көтерілген мәселелердің өзектілігін талдау өңірлер бойынша талдау бүгінгі күні өзекті болып табылады.

1917 жылдың көктемі Ресейде қызу саяси оқиғалармен тұспа-тұс келді. Саясиланған ресейлік қоғамның кейпі құдды бір тасқын еске түсіретін. Қысқа мерзім ішінде ондаған партиялар өздерінің іске кіріскендігін жариялап жатты. Сонымен қатар, мемлекеттегі саяси көрініс – жаппай қоғамдық белсенділіктің өсуімен, көптеген ұйымдар мен топтардың шаралар өткізуімен және миллиондаған солдаттардың саяси өзгерістерге араласуымен анық байқалды [1, 32]. Бұл жағдай Ресей құрамандағы барлық өлкелер мен ұлттық аймақтар тән болатын. Мәселен, Қазақ өлкесіндегі Ақпан төңкерісінен кейін орын алған өзгерістер хақында жергілікті қазақ және орыс басылымдарында жарияланып тұрды.

Ақпан төңкерісі патшалық Ресей империясының даму жолына түбірлі өзгеріс әкелген маңызды оқиға болды. Отаршыл патша билігінің құлатылуы және оның орнына келген Уақытша Үкіметтің демократиялық ұстанымдарға негізделген саясаты қазақ халқының алдынан зор мүмкіндіктер ашты. Қазақ қоғамы қысқа сәтке болса да жаңа сипаттағы даму жолын таңдау мүмкіндігіне ие болғандығын анық сезінді. Ақпан төңкерісінің қазақ жұрты үшін маңызды тарихи оқиға екенін Семей облыстық қазақ съезіндегі кіріспе сөзінде Алаш қайраткері Райымжан Мәрсеков: «Біздің еркіндікке жетуімізге, құлдықтан босануымызға және үмітті болашағымыз үшін ең бірінші Ұлы орыс (Ақпан) революциясына міндеттіміз» - деп бағалаған болатын [2, 33-б.].

Қазақстан халқының қалың топтары Ресей патшасының тақтан тайдырылуын, Ақпан төңкерісінің бастапқы нәтижесін ірі саяси және экономикалық өзгерістерге апарады деген үмітпен қабылдап, өздерінің ғасырлар бойғы азаттық тілектерінің орындалу мен толғағы жеткен ұлттық және әлеуметтік мәселелердің шешілуін сонымен байланыстырды.

Алаш қайраткерлерінің бірегейі Ахмет Байтұрсынұлы жақсылық хабарды естіген халықтың сол кездегі көңіл күйін былайша білдірген болатын: «Қазақтарға ақпан төңкерісі қанша түсінікті болса, қазан төңкерісі соншалықты түсініксіз көрінді. Олар алғашқы төңкерісті қандай қуанышпен қарсы алса, тура сондай үреймен екіншісін қарсы алуға тура келді. Алғашқысын қазақтар тура түсініп, қуанышпен қарсы алса, ол, біріншіден, бұл төңкеріс оларды патша үкіметінің қанауы мен зорлығынан құтқаруында, екіншіден, олардың өзімізді өзіміз басқарсақ деген ескі үмітін нығайта түсінуінде еді» [3, 41-б.].

Түрлі басылым беттерінде елде орын алған саяси өзгерістер жөнінде, оған деген халықтың ой-пікірі турасында мақалалар легі жарияланды. Мәселен, «Қазақ» газеті: ...Бұл жақсылық, қуаныш жалғыз ғана орыстардікі емес, отаны Ресей болған жұрттың бәріне тегіс жақсылық, бәріне тегіс қуаныш. Бұрын Россияның өгей ұлындай болып жүрген бұратаналар енді Россия ұлы болып амалсыз теңеледі. Ескі үкіметтің неше түрлі қиянатын, зорлық, қорлығын басынан кешірген біздің қазақ сияқты жұрттарға мұнан қуанышты уақиға өңі түгіл түсіне де енбейді», - деп жазған болатын [4, 367-б.]. «Қазақ» газеті 1917 жылғы 223-санында Ә. Бөкейхан, М. Дулатов, М. Есболов, Т. Жаманмұрынов бастаған барлығы он бес қазақ зиялыларының Қазақстанның барлық негізгі орталықтарына (25 адреске) жолдаған жеделхат мәтінін жариялайды.

Жеделхатта: «Ресейдегі барша халыққа ағайындық, теңдік, бостандық күні туды. Жаңа құрылған үкімет дүкенін сүйеу үшін қазаққа ұйымдасу керек. Жаңа құрылған ел бағу дүкенін нығайту үшін тегі басқа барша халықтармен үйір боларға керек. Учредительное Собрание сайлауларына қазақ болып қамдану керек. Жарамды жақсы адамдарын ауызға ала беру керек. Енді араздық, өштік, дау, жанжал, талас, партиялық сыйыспауларды тастау керек. Көксерлік жұмыстарын – бірлік, адалдық болсын! Жер мәселесін де қозғап, тезірек қолға ала беріңдер. Біз қалайтын патшалық түрі – демократическая республика, яғни мал өсіріп, егін салып, жерге ие боларлық түрі». Бұл келтірілген жеделхаттан қазақ зиялыларының саяси айқындамасын анық көруімізге болады. Ал ол айқындама, біріншіден, халықты жаңа билікке толық қолдау көрсетуге шақыру болса, екіншіден, сол билікті қолдау арқылы соның шеңберінде ұлт тағдырына қатысты негізгі зәру мәселелерді шешіп алудан үміттену еді [5, 215-216-бб.].

Ұлттық зиялылардың мұндай бағытты ұстануы, белгілі дәрежеде, сол кезеңдегі қазақ қоғамының қоғамдық-саяси даму деңгейіне, содан туындаған талап-тілектеріне тәуелді болғандығын ұмытпаған жөн. Ал сол тарихи кезеңде қазақ қоғамы үшін бірінші кезекте тұрған нәрсе, әрине, ұлттық азаттықты, ұлттық бостандықты өз қолына алу еді. Қазақ демократиялық интеллигенциясы бұл мақсатқа толық болмаса да, алғашқы кезеңде ұлттық автономияға жалпыресейлік демократиялық күштермен біріге отырып,  қол жеткізуге болады деп түсінді. Ресейден бірден бөлініп кетуді мақсат етіп қоюға қазақ қоғамы әзір емес деп білді.

Ақпан төңкерісі – Ресей империясының барлық саяси жүйесіне тән дағдарыстың заңды нәтижесі, патшалық тәртіптің құлауы елде сапалық тұрғыдан жаңа саяси жүйе құруға мүмкіндіктер туғызады. Империяда бұрыннан орын алып келген «Біртұтас және бөлінбес Ресей» идеясы мен соған негізделген мемлекеттік саясатқа сызат түсе бастайды. Ақпан төңкерісінен кейін жаңа таптық, әлеуметтік, ұлттық және партиялық, көп жағдайда бір-біріне қарсы болған мақсат – мүдделерді жақтайтын күштер саяси күрес алаңына шығады [6, 74-б.]. Ақпан революциясынан кейінгі жағдайдың өзіндік ерекшілігі Уақытша Үкіметпен қатарлас Петроград жұмысшы және солдат депутаттарының Кеңесі түріндегі үкіметтің пайда болуы еді [7, 656-б.]. Қосөкіметтілік өзінің дүниеге келуі арқылы ақпан төңкерісінің ішкі қайшылықтарын бейнеледі. Елдің қоғамдық-саяси өмірінің тұрақсыз екендігін көрсетті. Мұндай жағдай ұзаққа бармайтын еді: ерте ме, кеш пе, қосөкіметтілік жойылып, барлық билік империалистік буржуазия мен оның одақтастарының мүддесін қорғайтын Уақытша үкіметтің немесе әлеуметтік және ұлттық езгінің ауыртпалығын көтерген халықтың басым көпшілігі болған жұмысшылар мен шаруалардың революцияшыл – демократиялық өкімет органы болған кеңестердің қолына көшуге тиіс еді [6, 83-б.].

Мемлекеттік Думаның комитеті Петроград жұмысшы және солдат депутаттарының Кеңесімен ынтымақтасып, 28 ақпанда Уақытша Үкіметті сайлады. Жаңа үкімет басында халық билеуге – министрлікке сайланғандар мыналар: бас министр, яғни Министрлер Кеңесінің төрағасы һәм ішкі істер министрі князь Львов, әскер һәм флот министрі Гучков, сыртқы іс министрі Милюков, оқу министрі профессор Мануйлов, қаржы министрі Терещенко, жер министрі Шингарев, әділет министрі Керенский, рухани министрі депутат Львов [4, 367-б.].

Уақытша сайланған үкімет Россияның мемлекеттік басқару формасын анықтайтын, әр ел өкілдерінің жиылысы – «Құрылтай жиналысына» дейін ел билеу ісін өз қолына алды және Құрылтай жиналысы бекітетін негізгі заң шыққанша 8 пунктен тұратын уақытша заң шығарған болатын:

1.  Барша саяси, діни айыпкерлер: бұрынғы үкіметке қастық һәм қарсылық қылғаны үшін, қару-жарақ жұмсап жауласқаны үшін, жер туралы жанжал шығарғаны үшін айыпкер болған һәм басқа сол сияқты бұрынғы үкіметке қарсылық жүзінде жазықты болған адамдардың кінәларына кешірім жасау;

2.  Ауыз сөз, баспа сөз, қауымдасу, жиылыс жасау сияқты істерге ерік беру;

3.  Діннің, тектің басқалығы жүзінде болған бұрынғы таршылықтарының бәрін жоғалту;

4.  Кешікпей Учредительное Собраниеге өкілдер шақыруға даярлану;

5.  Полицияны жоғалтып, халықтың өзінен милиция (бақылаушы) қою, милиция батығын халық мекемелері сайлау һәм сол мекеменің қарамағына өту;

6.  Сайлау негізі баршаға бірдей, тең, төте һәм қалау жағы құпия болу;

7.  Өзгеріс ісіне күшін қосқан Петроградтағы әскерлердің қару-жарағын тастатпау һәм Петроградтан басқа жерге алып кетпеу;

8.  Әскерлік жүзіндегі тәртіптерді нық сақтап, жалпы жұртқа берілген құқықтарды басқа мен қатар солдаттарға да беру [4, 368-б.].

Бұл бағдарлама елдің конституциялық және демократиялық даму жолына аяқ басуына алғышарттай болды.

Ресей империясының құрамындағы барлық халықтар сияқты қазақ халқы да Уақытша үкіметке қолдау көрсетті. 1917 жылғы 5 наурыздағы Уақытша үкіметтің жергілікті өкімет органдарын құру туралы қаулысына сәйкес наурыз айында Қазақстанның барлық жерлерінде Уақытша өкіметтің жергілікті орғандары құрылды. Төңкерістен кейін қалың бұқараның өсе түскен саяси белсенділігі әртүрлі комитеттердің (қоғамдық, азаматтық, коалициялық, қоғамдық қауіпсіздік комитеттері т.б.) құрылуына әкеп соқты, осы комитеттер арқылы бұқара халық жергілікті жерлерде мемлекеттік істерді басқаруға қатысуға ұмтылды. 1917 жылы 4 наурызда Петропавлда Уақытша қоғамдық қауіпсіздік комитеті құрылып, кейіннен Атқару комитеті етіп қайта ұйымдастырылды. 1917 жылғы 5 наурызда Қалалық думаның, әскери өнеркәсіп комитетінің, көпестердің, офицерлердің, шенеуніктер мен басқалардың өкілдері Семейде қоғамдық ұйымдар мен армияның Облыстық атқару комитетін құрды. Көкшетауда – Уездік коалициялық комитет, Петропавлда – кейініректе Атқару комитеті етіп қайта ұйымдастырылған Уақытша қауіпсіздік комитеті, Қостанайда – қоғамдық комиссия, Ақтөбеде – азаматтық комитет, Орал мен Верныйда уақытша атқару комитеті және басқалар пайда болды [7, 659-б.]. Сонымен Уақытша үкіметтің жергілікті саяси өкімет органдарын құруына қалалық думалар, әр түрлі одақтар, ұйымдар, комитеттер, земстволар негіз болған болатын. Әр ұлт, әр қауым, әр ұйымнан өкілдер кіретін қоғамдық ұйымдардың құрама комитеті жергілікті өкімет билігін жүзеге асырды.

Ресей орталығы мен басқа да аймақтарында орнаған қосөкімет көрінісі сияқты, Қазақстанда да Уақытша үкіметтің жергілікті органдарымен қатар жұмысшы, солдат және шаруа кеңестері пайда бола бастады. Атап айтсақ, Жетісу облысының орталығы Верный қаласында 1917 жылы наурыздың 12-де жұмысшы дапутаттары кеңесінің алғашқы мәжілісі болып, онда кеңестік атқару комитеті сайланды. Сол жылдың наурыз айының 11-де Семейдің қалалық жұмысшы депутаттары кеңесінің 32 адам қатынасқан ұйымдастыру мәжілісі болып өтті, наурызда Қызылжар (Петропавл) қаласында жұмысшы және солдат дапутаттары кеңесінің алғашқы біріккен мәжілісі болды. Оған жұмысшылардан 40 депутат және солдаттардан 64 депутат қатынасты. Наурыз айында жұмысшы және солдат депутаттарының кеңестері Павлодар мен Өскеменде, Қостанай мен Ақмолада, Перовскіде (Қызылордада) мен Қазалыда, Әулиеатада (Жамбыл) мен Черняевта ұйымдасты [6, 84-б.]. Жұмысшы және солдат депутаттарының Кеңестерінен кейін көп кешікпей шаруа депутаттарының Кеңестері құрыла бастады, оларды ұйымдастыруда Орынбор, Омбы және Ташкент Кеңестері үлкен рөл атқарды. Перовск уезінің 35 адамнан тұратын Х. Ибрагимов басқарған, 1917 жылғы наурыздың аяғында құрылған казах депутаттарының Кеңесі шаруа депутаттары Кеңесінің алғашқыларының бірі болды. 1917 жылдың көктемі мен жазында Орал облыстық, Ақмола, Әулиеата, Перовск, Повладар және басқаларының уездік Кеңестері, Семей облыстық шаруа және казак депутаттарының Кеңестері жұмыс істеген [8, 33-40-бб.]. Қалалық жерлерде Уақытша үкімет тұсында мынандай басқару жүйесі қалыптасты: губерндік (облыстық), қалалық, уездік, қоғамдық ұйымдар комитеті, қалалық дума, қалалық думаның атқару органы – губерндік, уездік басқармалар (управа), солдат және жұмысшы депутаттары Кеңестері, уақытша үкіметтің өкілдері – комиссарлар [7, 32-б.].

Қазақстан халқының әр түрлі әлеуметтік, этникалық және діни топтары депутаттарының осы кеңестерінің бәрінде мүшелікке өткен және өз қызметтерінің бас кезінде Уақытша Үкіметті қолдағанымен де, негізінен өздерін сайлаған халықтың қалың топтарының мүдделерін қорғады.

Ақпан төңкерісінен кейінгі уақыт Қазақстан үшін аса қауырт тарихи кезең ғана емес, сонымен бірге саяси кемелдену, өсу сәті де болды. Себебі қазақ қоғамы қысқа сәтке болса да елінің даму жолын таңдау мүмкіндігіне ие болғандығын сезінген еді. Ақпан төңкерісі халықтың саяси белсенділігін арттырды, халықтық демократияның қалыптасуына жол ашты. Халық атынан сөз сөйлейтін, оның мүддесін білдіретін өкілдерінің басқару ісіне араласу, елдің  болашақ даму жолын айқындайтын,әлеуметттік-экономикалық, саяси өзгерістер бағдарламасын жасау мүмкіндігі туды. 

Қазақстанның шығыс өңірі де аса күрделі қоғамдық-саяси өзгерістерді бастан кешірді. Семей облысы көлемінде ел ішінде орын алған әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерді шешуді өз міндет-мақсаттарына, бағыт-бағдарламаларына арқау еткен қоғамдық-саяси ұйымдар, комитеттер құрыла бастады. 1917 жылы 5 наурызда «Біріккен қоғамдық ұйымдар мен армияның облыстық атқару комитетіне» сайлау өткізіледі. Уақытша билік ретінде облыстық атқару комитеті өтпелі кезеңнің кезек күттірмес мәселелерін шешуге тырысты. Орталық Үкіметтің 1917 жылғы 6 наурыздағы декларациясына сәйкес Семей облыстық атқару комитетінің негізгі міндеттері:

-  Облыстың халқына революцияның, елімізде орнаған жаңа саяси жүйенің мәні мен ағымдағы міндеттерін түсіндіру;

-  Қалалық және ауылдық жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарын сайланбалы негізде қайта құру;

-  Халықтың тыныштығын, азаматтардың жеке басы мен мүліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

-  Азық-түлік мәселесін шешу, сондай-ақ азық тапшылығына ұшырамас үшін егістік көлемінің қысқаруына жол бермеу;

-  Еңбекші бұқараға өз мүдделерін қорғайтын ұйымдар құруға мүмкіндік жасау;

-   Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайлаудың еркін әрі ашық түрде өтуін қамтамасыз ету [10].

Семейде, 1917 жылғы 8 наурыздан бастап Атқару комитетінің президиумы облыстық басқарманың жұмыстарын қабылдауға кірісті. Комитеттің құзырына губернатордың барлық құқықтары мен міндеткерліктері өтті. Комитеттің Президиумы Петроградтағы Министрлер Кеңесінің төрағасы кінәз Львовке мынадай мазмұндағы жеделхат жолдады: «Бүгін барлық ұйымдардың өкілдері Атқару комитетіне келіп, оның нұсқауларын басшылыққа алуға және ауызбіршілікте жұмыс істеуге келісім берді» [11].

Атқару комитеті барлық қоғамдық ұйымдармен тығыз қарым—қатынаста жұмыс істеді. Олар қабылдаған шешімдері мен жиналыстарының журналының көшірмесін атқару комитетіне жіберіп отырды.

Атқару комитеті қоғамдық өмірдің түрлі салаларына қатысты мәселелерді шешуге тырысты. 1917 жылғы 15 наурыздағы атқару комитетінің мәжілісінде Семей жұмысшы және солдат депутаттары кеңесі ұсынған талаптарды талқылады. Олар:

-Жалпыға бірдей, тең әрі құпия сайлаудың негізінде қалалық және ауылдық өзін-өзі басқару ұйымдарын құру;

-Осындай негізде азық-түлік комитеттерін уездер мен селоларда ұйымдастыру, оларды облыстағы егістік көлемін арттыру ісіне тарту;

-Барлық сауда-өнеркәсіп орындарында, фабрика-зауыттарда 8 сағаттық жұмыс күнін енгізу;

-Түрлі ұйымдардың өкілдерінен тұратын аралас комиссияға жалақының минимум деңгейін анықтауды тапсыру;

-Барлық кәсіпорындарға санитарлық бақылау орнату;

-Міндетті демалыс күнін енгізу;

-Өнеркәсіп орындарында жұмысшыларға медициналық және құқықтық көмек көрсетуді ұйымдастыру [12].

  Атқару комитеті қоғамдық ұйымдардың (кооперативтер, қызметкерлер мен жұмысшылардың кәсіби бірлестіктері), сауда-өнеркәсіптік ұйымдардың, мәдени-ағартушылық қоғамдардың, жергілікті әскери бөлімшелердің өкілдерінен тұрды. Сол себепті қоғамдық ұйымдардың құрама комитетінен шет қалу қазақ үшін облыстағы жергілікті басқару құқығынан айрылу деген сөз еді. Осы жағдайды жақсы түсінген Семей облысының ұлт зиялылары 7 наурызда шұғыл түрде Семей облыстық Қазақ комитетін құрды. Қазақ комитеттерінің құрылу мақсатын «Сарыарқа» былайша айқындайды». Қазақ комитетінің көздеген мақсаты- әмір жүргізіп, билік құру емес еді, мәселен: жаңа тәртіпті жұртқа түсіндіру, ел арасына тыныштық орнату, учредительный собранияға қамдану, қазақ пен орыс арасын жайластыру, билік құрмаған әкімдердің үстінен күзетші болу һәм сол сияқты қазаққа тиісті мәселелерге кірісу». Ұлт намысын қорғаған ұйымның басқармасына мүше болып кіргендер: Ә. Ермеков, С. Дүйсенбин, А. Қозыбағаров, Б. Сәрсенов, Ш. Керейбаев, М. Малдыбаев, С. Қияқов, С. Молдабаев, Д. Құлжанов, С. Торайғыров, С. Сабатаев болды. Комитет төралқасы: Р. Мәрсеков (төраға), Х. Ғаббасов, И. Тарабаев (төраға серіктері), А. Молдабаев (қазынашы) және Ә. Ермековтен (хатшы) тұрды [13, 33–б.].

Облыстық Қазақ комитетінің бастамасымен 27 сәуірден 7 мамыр аралығында  Семей қаласында съезд өтті. Бұл съезге 200 өкіл қатысты. Облыстық Қазақ комитеті съезге өзінің бағдарламасын ұсынды. Бағдарлама қазақ қоғамы үшін заңды да жауапты Құрылтай жиналысы, мемлекеттік басқару түрі, автономия және жергілікті басқару, жалпықазақ съезі, халыққа білім беру, сот, қоғамдық қазына, 1916 жылғы 25 маусым жарлығына байланысты шығындарды өтеу сияқты мәселелерден құралған еді. Көпшілік бұл бағдарламаны бір ауыздан бекітті.

Облыстық қазақ комиеті енді уездік комитеттер құру үшін жан-жаққа өз өкілдерін жіберді. Сөйтіп, қазақ комитетінің уездік, болыстық ұйымдары ашылды.

Жер-жерлерде құрылған бұл ұйымдарға Семей облыстық қазақ комитеті басшылық жасап отырады. Семей қаласында қазақ халқының қалың қоныстанған Заречная Слободка (Жаңа Семей) бөлігінің тұрғындары 1917 жылғы 28 наурызда жалпы жиналыс өткізіп, қазақ комитетін құрады. Құрамына Ж.Аллаоңғаров, Ы. Ахмадиев, М. Тұрғанбаев, К. Кебеков, А. Аңдамасов, Б. Құлғарин т.б. азаматтар кірген бұл ұйымның төрағалық қызметі Жаңғали Аллаоңғаровқа табысталады [14, 43-б.]. Семей қаласының Заречная Слободка (Жаңа Семей) бөлігі 1918 жылдың бас кезінен Алашорда үкіметінің саяси орталығына айналады.

Семей облыстық құрама атқару комитеті қазақ ісін алып кете алмады, істің ауырын да, жеңілін де қазақ комитетіне ысыра салып отырды. Қазақ ісінің көбі қазақ комитетіне қарай ағылғаннан кейін Семей облыстық құрама атқару комитетінің алдына қазақтан өкілдерін алу және өз ортасынан қазақ ісін басқаратын бір бөлім ашу мәселесі қойылады. Бірақ атқару комитетінің көңіл бөлмеуі салдарынан бұл мәселе 1917 жылы 27 сәуір мен 7 мамыр аралығында өткен Семей облыстық қазақ съезінің күн тәртібіне қойылады.  Облыстық қазақ комитеті қазақ халқының ең жоғарғы өкілетті органы ретінде Құрылтай жиналысына дейін сақталады, сондай-ақ қазақ халқына тиісті әкімшілік және шаруашылық міндеттерін атқарады,- деп съезд қаулысы бекіткендей, енді комитет тек ұйымдастырушылық қызмет қана емес, әмір жүргізу міндетін де алды.

 Съезд қазақ комитетінің алдына Уақытша укіметтің атқару комитетімен арақатынасты шешуде екі жолдың бірін таңдауды: не орыстармен қол ұстасып, көш біріктіріп, Құрылтай жиналысына дейін бірге жүре тұру, не орыспен араны ашып, ат құйрығын кесу. Екі комитет қатар шапса, оның аяғы аяқтан қағысу, арбасу екенін сезген съезге қатысушылар ақыры салмақтап, ойлана келіп, Уақытша қазақ комитетінің құрамын бекітіп, жиырма кісіні Семей облыстық құрама атқару комитетіне мүше қылып кіргізеді. Семейдегі Уақытша қазақ комитетінің төрағасы болып Райымжан Мәрсеков сайланады [9, 34-б.]. Облыстық атқару комитеті мен қазақ комитеті 17 мамырда бас қосып, билік төңірегінде қызу айтысқа түседі. Сарыарқа газеті бұл жайлы: “Мәжілістегі қызыл кеңірдек, қызу-қызу сөзден соң екі жақ бірігуге бата қылысты”,-деп жазды.18 мамырда облыстық қазақ комитеті мен атқару комитеті қосылып, ортасынан басқарма сайлап, Ә. Ермеков пен Х. Ғаббасов атқару комитеті төрағасының орынбасарлары, Б. Сәрсенов хатшысы, Р. Мәрсеков пен А. Қозыбағаров төралқа мүшелері болып бекітіледі [14, 44-б.]. Осылайша облыстық қазақ комитеті мен Уақытша үкіметтің атқару комитеті арақатынастарына байланысты мәселелерді дер кезінде шеше білді. Қазақ халқы облыстағы ресми билік органына өз өкілдерін жіберу мүмкіндігіне ие болды. Семей облыстық қазақ комитеті облыс көлеміндегі оқу-ағарту, азық-түлік, жер дауы, орыс пен қазақ арақатынасы, земство салығын жинау тәрізді қазаққа тиісті өзекті мәселелерді шешуге , халықты саяси жағынан біріктіруге, ұлт болашағы үшін қызмет етуге ұмтылды.

Уақытша үкімет 1917 жылы 21 сәуірде Жер комитеттерін құру туралы қаулы шығарды. Түпкілікті заң жасағанша жер жұмыстарын уақытша басқара тұру жер комитеттеріне тапсырылды. Маусым айының соңында өткен Делегаттық Жиналыстың мәжілісінде көп кешіктірмей облыстық жер комитетін құру туралы шешім қабылданады. Оның құрамына ашық дауыс беру арқылы бес адам сайланды: Жұмысшы және солдат депутаттары Кеңесінен И.С. Юдин, қазақ комитетінен Ғаббасов пен Мәрсеков, Шаруа және казак депутаттары Кеңесінен Андреев және Голяшев енді [15]. Жер комитеттеріне өз өкілдерін қатыстыра отырып, қазақ комитеті жер реформасы даярланар тұста қазақтың жер мұқтажы туралы мәліметтер жинауға, жер дауына байланысты татуластырушы комиссияға қатынасады.  .

Семей облыстық атқару комитетінің құрамы қызметі барысында біртіндеп өзгерістерге ұшырап, толығып отырды. Облыстық қазақ комитеті атқару комитетінің құрамына еніп, облыстағы егінші халықтың тірегі болған Шаруа және казак депутаттары Кеңесі құрылғаннан кейін Семей облыстық атқару комитеті өз еркімен билікті халық өкілдерінің қолына тапсыру туралы шешімге келді.

1917 жылы 11 маусымда шақырылған атқару комитетінің, жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің, шаруа және казак депутаттары кеңесінің және облыстық қазақ комитетінің бірлескен мәжілісінде атқару комитетін қайта құру мәселесі талқыланды. Мәжіліс атқару билігін тең принциптер негізінде «Делегаттық Кеңес» формасында құру туралы шешім қабылдады. Делегаттар жиналысының жоғарыдағы үш ұйымның негізінде (15-тен) 45 адамнан тұратын өкілдігі болды[16]. Облыстық қазақ комитетінен: Аблайханов, Боштаев, Ғаббасов, Дүйсенбин, Ермеков, Ибрагимов, Құлжанов, Құлжанова, Қозбағаров, Мәрсеков, Молдабаев, Оразалин, Сәббатаев, Сәрсенов, Жарабаев; шаруа және казак депутаттары кеңесінен: Андреев, Бичевинь, Возмитель, Голяшев, Давиденко, Дерулов, Карпич, Ляшкевич, Лютов, Рагозин, Федозубов, Сташи, Троицкий, Тимошенко, Швецов; жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінен; Артюшкин, Боровик, Воронов-Воробьев, Кораблев, Леонтьев, Попов, Полковников, Салов, Соловьев, Самаргин, Сайдашев, Тряпкин, Устинов, Юдин, Юринскийлер Делегаттық Жиналыстың құрамына енді [17]. 1917 жылғы 15 маусымда Семей қаласында жаңа облыстық билікті ұйымдастыру ісі аяқталды. Делегаттық жиналыс өз арасынан 9 адамнан тұратын Комиссариат құрды. Оған шаруа және казак депутаттары Кеңесінен – Ляшкевич, Троицкий және Голяков; Қазақ комитетінен – Ғаббасов, Сәрсенов пен Ермеков; Жұмысшы және солдат депутаттар Кеңесінен – Попов, Воронов, Салов енді. Комиссариаттың төрағалығына Ляшкевич сайланды. Делегаттық Кеңес бекіткен комиссариат есептері  жергілікті ресми ақпарат құралы «Известия Делегатского Собрания» газетінде жарияланып тұрды [18].

Қазақстанның ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық саяси қозғалысында өзіндік орны бар, халықтың өзін басқару органы земстволар екені сөзсіз. Бүкіл ел үлкен үміт артып отырған Құрылтай жиналысына өкілдер сайлау ісінің бәрі земство қолынан өту керек болатын. 1917 жылы 21 тамыздағы нөмірінде «Қазақ» газеті бұл жайлы төмендегідей алаңдаушылығын білдіреді: «Учредительный Собрание сайлауы үш айға кешіктірілді, үш ай көп уақыт емес, әсіресе біздің қазақ халқына, үш айдың бер жағында земствомызды дұрыстап сайлап алсақ, құдайға мың мәртебе шүкірлік айтуымызға лайық… Сайлаудың  кешігу себебі хүкімет земствосы жоқ елдер  қамтамасыз болсын деп көрсетіп отыр». 

Земство құру ісі Уақытша үкіметтің 17 маусымдағы «Дала облыстарына земство тәртібін жүргізу турасындағы» қаулысына сәйкес жүзеге асты. Земствоның не екендігін Ә Бөкейханов былайша көрсетеді: «Земство жұрт өзі сайлап қоятын мәжіліс мекеме, жұрттың көзі, жан ашыры, күзетшісі, қамқоры, қорғаушысы. Тұрмыс – тіршілікте земство билемейтін іс болмайды. Земство үш орында, үш дәрежеде болады: болыстық, уездік, һәм облыстық. Бұлар біріне-бірі қол. Әрқайсысында іс атқаратын жұрт сайлап қойған басшы мекеме болады, орысша управа. Бұл іс атқаратын мекеменің сыртынан бағып тұратын, мынаны істе деп іс беретін мәжіліс, яғни гласнойлардың жиналысы болады» [19, 234-б.].

Семей облысы бойынша уездердің саны бесеу еді. Олар: Павлодар, Семей, Өскемен, Зайсан және Қарқаралы уездері. Уездік земстволарға гласнойларды сайлау бірінші болып Өскемен және Повлодар уездерінде қыркүйек айында өткізілді. Ал облыстың қалған уездерінде қазан айында өткізілетін болып жоспарланды. Уездік гласнойларды сайлау бүкіл халықтың қолында болса, облыстық земствоға гласнойларды сайлау уездік земство жиналысының құзырында еді. Заң бойынша белгіленген Семей облысындағы гласнойлардың саны – 48. Оның ішінде Семей уезінде 7 орын, Зайсан уезінде  - 6, Қарқаралы уезіне – 10. Павлодар уезінде – 14 және Өскемен уезіне 9 орын берілді. Сондай-ақ 4 гласнойды Семей қалалық думасы сайлады. Алайда, ресейлік азаматтық қарсыластықтың соғысқа ұласуына және оның қазақ жерінде қамтуына байланысты Земство сайлауы да Құрылтай жиналысы сайлауымен қатарлас өтіп, тек 1918 жылдың бас кезіне ғана аяқталды.

Әскери-саяси жағдайларға байланысты 1918 жылы қаңтар айында басталған земстволық жүйе қызметі сол жылдың 27 маусымында ғана толық іске кіріскен. Алғашқы рет халықтық жоғары билік басына – облыстық земствоның төрағалығына Райымжан Мәрсеков сайланды. Семей облыстық қазақ комитетінің мүшесі Имам Әлімбеков земствоның маңызын: "баяғыдан біз айтып жүрген земство алдына келді. Басқарып кете алсақ жат-жанынан түнілер, басқара алмасақ мазақтар шетінен, естиярлық ер жеткендік сыналар заман келді, қазағым!" - деп жазады. Земство мекемелерінің қандай бөлімдер тұрғандығы  Семей облысы земствосының мына құрамынан көрінеді: «Областной земский управа тиісті міндетін атқаруға кірісті. Басшылық Р. Мәрсеков те, Ә. Сатпаев, Ғ.Х. Ғаббасов, секратариат, әкімшілік жұмыс Р. Мәрсеков қарамағында, ақша жағы бухгалтерия Ляшкевичте, шаруа кәсіп Д. Троицкіде, оқу ісі Қ. Сәтпаевта» [3, 41-б.].

Земство халықтың материалдық-мәдени сұраныстарына жауап беретін жергілікті басқару органы болды. Оның ең кіші бірлігі болыстық земстволар еді. Болыстық земствоны енгізу мәселесі 1917 жылы 5 маусымда өткен облыстық шаруа және қазақтардың съезінде талқыланған болатын. Нәтижесінде съезд бұл туралы төмендегідей қаулы қабылдады:

1.  Болыстық земстволардың шекаралары анықталғаннан кейін ауылдарда халық жиналыстары өткізіліп, тұрғындар қай болыстық земствоның құрамына енетінін өздері шешсін;

2.  болыстық земствоның қарамағына осы ауданда тұрғылықты тұратын барлық азаматтар (қазақтар, орыстар және өзге ұлт өкілдері) енетін болатын. Олардың құқықтары да, атқарылатын земстволық міндеткерліктері де бірдей [20]. 

Сонымен ескі басқаруға қарағанда земстволық басқару жүйесін бірқатар артықшылықтары болды: біріншіден, барлық жергілікті істерді халық өздері сайлап қойған гласнойлар арқылы шешті. Екіншіден, гласнойлар тек сайлаушылар мен заңның алдында ғана жауап берді.

1917 жылы 6 тамызда Семей қалалық думасына сайлау өткізілді. Қалалық Дума гласнойлығына жеті тізім ұсынылды. Алғашында мұсылмандар мен Халық еркіндігі партиясы сайлауға бір тізіммен түседі деп күтілген болатын. Дегенмен блок құру шартын кадет партиясының комитеті тиімсіз деп тауып, 11 шілдеде кадет партиясының мүшелері мұсылман тізіміне өз кандидатураларын ұсына алмайды деген шешім қабылдайды. Сонымен мұсылмандар өз алдына жеке №1 тізімді ұсынады. Еврей топтарының №2 тізімі таза ұлттық тізім болды. №3 тізімді партиялық емес топтар, №4 тізімді Халық еркіндігі партиясы ұсынды. Социалистік блоктың, яғни социал-демократтар мен социалист-революционерлердің бірлескен тізімі №5, үй иелері, кәсіпкерлер, үкіметтік және қоғамдық мекемелердің қызметкерлері мен Поляк демократиялық партиясының тізімі №6 болса, №7 тізімді мұсылман-демократиялық топтары ұсынды [21]. 

Дума гласнойлығына үміткер саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар халық арасында үгіт-насихат жұмысын өрістетіп,муниципалдық бағдарламаларымен таныстырды. Социалистік блок ұсынған тізімдегі 30 кандидат социалист-революционер, 29-ы социал-демократ, біреуі партиясыз социалист болды. Біріккен социалистер:

-азық-түлікті, тұрмысқа қажет бұйымдарды бөлуді әділ жүзеге асыруды;

-саудаға бақылау жасауды;

-өнеркәсіп орындарын муниципализациялауды;

-8 сағаттық жұмыс күнін енгізуді, жұмыссыздықтың деңгейін азайту үшін қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруды;

-прогрессивті кіріс салығын енгізуді;

-мемелекеттік қызметкерлерді сайлап қоюды және оларға жалақы төлеуді жүзеге асыруды ұсынды [22]. 

Халық еркіндігі партиясы думада шешімін табуға тиіс проблемалар ретінде мыналарды атады:

-азық-түлік мәселесін шешу;

-Жұмыссыздықты реттеу;

-еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

-халықтың әл-ауқаты төмен топтарына тегін медициналық және құқықтық көмек көрсету;

-жалпыға бірдей тегін білім беруді енгізу;

-прогрессивті кіріс салығын енгізу;

-қалада жердің сатылуына тиым салу.

Бұл екі бағдарламада қала өміріндегі осы уақытқа қарай қордаланып, шешімі табылмаған әлеуметтік-экономикалық мәселелері кеңінен қамтылған. Өзге топтар мен қоғамдық ұйымдардың ұсынған бағдарламаларының мазмұны да олармен үндес болды [23]. 

Уездік қалаларда да думалық сайлаулар өтті. Павлодар думасына гласныйлар сайлауы 9 шілдеде өтті. Оған 5 тізім бойынша осы өңірдегі партиялар мен қоғамдық ұйымдар сайлауға түсті. Сайлау қорытындысы бойынша №3 тізіммен түскен мещан, солдат, жұмысшы және мұғалімдер одағы 12 орынға, №5 тізімдегі мұсылмандар қоғамы 5 орынға, №2 тізімдегі саяси блок(халық еркіндігі партиясы бастаған) 3 орынға, №1 тізімдегі Павлодар Әйелдер одағы мен №4 тізімдегі социалистік блоктар бір-бір орынға ие болды. Жиыны 22 гласный сайланды. Сайлауға қатысушылардың 2797-сі ғана қатысқан. Ал 1400-і мүлдем қатыспаған. Бұл кезде Павлодар қаласы халқының саны 18 мыңнан астам болған.

 Семей қаласындағы 7965 сайлаушының 6 тамыз күні сайлауға 6741 келді. Ал Заречная Слободкада сайлауға небәрі 164 адам қатысқан. Оның себебін Заречная Слободка тұрғындарының өз алдына жеке Дума сайлауға деген ниетімен түсіндіруге болады. Сайлау қорытындысы төмендегідей нәтиже әкелді.  Біріккен социал-демократтар мен социал-революционерлер 21 орынға, үй иеленушілер, кәсіпкерлер т.т. 8 орынға, кадеттер 4 орынға, мұсылман демократтар 2 орынға және еврейлер мен партияда жоқтар бір-бір орынға ие болды. Думаға сайланған гласнойлардың жалпы саны 60 адам болды [14, 52-б.].

Қорытынды. Құрылтай жиналысы қарсаңындағы Қазақстанның, соның ішінде Шығыс Қазақстан өңірінде қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірдің жоғары деңгейде қарқын алғанын көруімізге болады. Делегаттар Кеңесінің құрылуы, алғаш рет демократиялық негізде қалалық дума сайлауларының өткізілуі, земство жұмыстарының ұйымдастырылуы, ұлттық мүддені қорғаған Қазақ комитетінің құрылуы сияқты саяси шаралар - қазақ елінің белсенді қоғам қайраткерлері сан жылдар бойы аңсаған тәуелсіз мемлекет құруға жасалынған алғашқы саяси қадам болғаны сөзсіз. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.  Протасов Л. Г. Всероссийское Учредительное собрание. История рождения и гибели. - М. : РОССПЭН, 1997. - 362 с.

2.  Шаяхметов Н. Ел-бүгіншіл, менікі-ертеңгі үшін. - Алматы, 2001.

3.  Сіләмов А. Ақпан төңкерісінен кейінгі оқиғалар // Қазақ тарихы. - 2000. -39-42-бб.

4.  «Қазақ» газеті. -Алматы,1998. – 560б.

5.  Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. – Алматы: «Санат»,1995. – 368б

6.  Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. – Алматы: «Ататек»,1995. – 256б.

7.  Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін) Бес томдық. 3-том. –Алматы: «Атамұра»,2002. – 768б.

8.  Нурпеисов К. Становление советов в Казахстане (март 1917 г. - июнь 1918 г.).– Алматы: Издательство «Наука» КазССР,1987. – 240с.

9.  Махаева А. Қазақ комитеттерінің құрылуы және Уақытша үкімет тұсындағы қызметі. // ҚазМУ хабаршысы. Тар. сер. – 1995. – №2. – 31-37–бб.

10.  Бюллетень С.О.И.К.(Семипалатинского областного исполнительного комитета). - №11. 17.03.1917.

11.  Воля народа.-№2. 8.03.1917.

12.  Бюллетень С.О.И.К. - №3. 9.03.1917.

13.  Махаева А. Қазақ халқы мүддесін қорғаған комитеттер (1917-1918) // Қазақ тарихы. – 1995. – №1. – 32-38–бб.

14.  Сайлаубай Е. Алашорда үкіметінің шығыс бөлімі: т.ғ.к. … дисс.  –Алматы, 2001.

15.  Воля народа. - №16. 24.06.1917.

16.  Воля народа. - №7. 14.06.1917.

17.  Воля народа. - №12. 20.06.1917.

18.  Воля народа. - №11. 18.06.1917.

19.  Бөкейханов Ә. Шығармалар. – Алматы:Қазақстан, 1994. – 384 б.

20.  Воля народа. - №4. 10.06.1917.

21.  Свободная речь. - №13. 5.08.1917.

22.  Воля народа. - №20. 29.06.1917.

23.  Свободная речь. - №4. 7.07.1917.

References

1.  Protasov L. G. Vserossııskoe Ýchredıtelnoe sobranıe. Istorıa rojdenıa ı gıbelı. - M. : ROSSPEN, 1997. - 362 s.

2.  Shaıahmetov N. El-búginshil, meniki-erteńgi úshin. - Almaty, 2001.

3.  Silámov A. Aqpan tóńkerisinen keıingi oqıǵalar // Qazaq tarıhy. - 2000. -39-42-bb.

4.  «Qazaq» gazeti. - Almaty,1998. – 560 b.

5.  Qoıgeldıev M. Alash qozǵalysy. – Almaty: «Sanat»,1995. – 368 b

6.  Nurpeıisov K. Alash hám Alashorda. – Almaty: «Atatek», 1995. – 256 b.

7.  Qazaqstan tarıhy (kóne zamannan búginge deıin) Bes tomdyq. 3-tom. –Almaty: «Atamura», 2002. – 768 b.

8.  Nýrpeısov K. Stanovlenıe sovetov v Kazahstane (mart 1917 g. - ıýn 1918 g.). – Almaty: Izdatelstvo «Naýka» KazSSR,1987. – 240 s.

9.  Mahaeva A. Qazaq komıtetteriniń qurylýy jáne Ýaqytsha úkimet tusyndaǵy qyzmeti. // QazMÝ habarshysy. Tar. ser. – 1995. – №2. – 31-37–bb.

10.  Bıýlleten S.O.I.K. (Semıpalatınskogo oblastnogo ıspolnıtelnogo komıteta). - №11. 17.03.1917.

11.  Volá naroda. - №2. 8.03.1917.

12.  Bıýlleten S.O.I.K. - №3. 9.03.1917.

13.  Mahaeva A. Qazaq halqy múddesin qorǵaǵan komıtetter (1917-1918) // Qazaq tarıhy. – 1995. – №1. – 32-38–bb.

14.  Saılaýbaı E. Alashorda úkimetiniń shyǵys bólimi: t.ǵ.k. … dıss.  –Almaty, 2001.

15.  Volá naroda. - №16. 24.06.1917.

16.  Volá naroda. - №7. 14.06.1917.

17.  Volá naroda. - №12. 20.06.1917.

18.  Volá naroda. - №11. 18.06.1917.

19.  Bókeıhanov Á. Shyǵarmalar. – Almaty:Qazaqstan, 1994. – 384 b.

20.  Volá naroda. - №4. 10.06.1917.

21.  Svobodnaıa rech. - №13. 5.08.1917.

22.  Volá naroda. - №20. 29.06.1917.

23.  Svobodnaıa rech. - №4. 7.07.1917.

К.А. ОСПАНГАЛИЕВ

PhD докторант Казахского инновационного гуманитарно-юридического университета, г. Семей, Казахстан

ОБЩЕСТВЕННО-ПОЛИТИЧЕСКАЯ СИТУАЦИЯ В ВОСТОЧНОМ КАЗАХСТАНЕ НАКАНУНЕ ВСЕРОССИЙСКОГО УЧРЕДИТЕЛЬНОГО СОБРАНИЯ

Основная цель статьи - проанализировать роль официальных и неформальных организаций в формировании динамики изменения политической системы в регионе на примере Казахстана, в том числе Восточного Казахстана, в преддверии выборов во Всероссийское Учредительное собрание 1917 года. Кроме того, историческая деятельность казахстанского общества во время предвыборной кампании в Учредительное собрание по повестке политических и социальных интересов будет описана на документальной основе.

Комплексный характер выборов депутатов во Всероссийское Учредительное Собрание в Казахстане подтверждается исследованиями на эту тему, документами, хранящимися в региональных архивах Семипалатинска и периодическими изданиями.

Ключевые слова: Всероссийское Учредительное Собрание, Казахстан, Восточный Казахстан, Временное правительство, Движение Алаш, Казахский Комитет, Земство.

K. A. OSPANGALIEV

PhD doctoral student, Kazakh Innovation University for the Humanities and Law

Semey, Kazakhstan

SOCIO-POLITICAL SITUATION IN EAST KAZAKHSTAN ON THE EVE OF THE ALL-RUSSIAN CONSTITUENT ASSEMBLY

The main goal of the article is to analyze the role of official and informal organizations in shaping the dynamics of changes in the political system in the region using the example of Kazakhstan, including East Kazakhstan, in anticipation of the elections to the All-Russian Constituent Assembly of 1917. In addition, the historical activities of Kazakhstani society during the election campaign to the Constituent Assembly on the agenda of political and social interests will be described on a documentary basis.

The complex nature of the election of deputies to the All-Russian Constituent Assembly in Kazakhstan is confirmed by studies on this topic, documents stored in the regional archives of Semipalatinsk and periodicals.

Keywords: All-Russian Constituent Assembly, Kazakhstan, East Kazakhstan, Provisional Government, Alash Movement, Kazakh Committee, Zemstvo.


No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 3487

No reviews

Download files

К. ОСПАНГАЛИЕВ-МАКАЛА.doc 0.15 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

УДК 327 (574+4):339.92 Қазақстанның Еуропа мемлекеттерімен энергетика саласындағы ынтымақтастығы ӘОЖ 930.001.83 «ШУРОИ-УЛЕМА» ҰЙЫМЫ: ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТІ ҒТАМР 03.20 ҚАЗАҚ - ЖАПОН ТІЛДЕРІНІҢ ТАРИХИ ТАМЫРЛАСТЫҒЫ ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ КЕҢЕСТІК БИЛІКТІҢ ОРНАУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ ҒТАМР 03.20.00 ЕУРОПАДАҒЫ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ТАРИХИ БІЛІМГЕ ҚАТЫСТЫ КӨЗҚАРАСТАРЫ: ТАРИХИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ТАЛДАУ ӘОЖ 94(574) БҮКІЛРЕСЕЙЛІК ҚҰРЫЛТАЙ ЖИНАЛЫСЫ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚОҒАМДЫ-САЯСИ ЖАҒДАЙЫ ӘОЖ 94(574) "1920/30 ХХ ҒАСЫРДЫҢ 20-30 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ҰЖЫМДАСТЫРУ ТАРИХЫНЫҢ ДЕРЕКТІК НЕГІЗДЕРІ (Шығыс Қазақстан мысалында) ӘОЖ 94 (574) ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ӨҢІРІНДЕГІ БҮКІЛРЕСЕЙЛІК ҚҰРЫЛТАЙ ЖИНАЛЫСЫ САЙЛАУ ӨТКІЗУ НАУҚАНЫНЫҢ БАРЫСЫ ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_4_71

Author's articles

ӘОЖ 94(574) БҮКІЛРЕСЕЙЛІК ҚҰРЫЛТАЙ ЖИНАЛЫСЫ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚОҒАМДЫ-САЯСИ ЖАҒДАЙЫ