Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ КЕҢЕСТІК БИЛІКТІҢ ОРНАУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ

Б.А. ЖҮРСІНБАЕВ (Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті, т.ғ.к.)

ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ КЕҢЕСТІК БИЛІКТІҢ ОРНАУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(18), 2019

Tags: жұмысшы-солдат депутаттарының кеңестері, уақытша үкімет, Қазан төңкерісі, Түркістан өлкесі, ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар
Author:
1917 жылы Ресейдегі Қазан төңкерісінен кейін Түркістандағы саяси жағдай шиеленісіп кетеді. Өлкедегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар жергілікті тұрғындардың қолдауына сүйене отырып большевиктердің билікті алуға деген ұмтылысына төтеп беруге тырысады. Әсіресе «Құрылтай» мұсылман комитеті, «Милли-шуро», «Шуро-и-Ислам» ұйымы сияқты ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар большевиктер саясатын қолдамайтындығын өз мәлімдемелерінде ашық білдірді. Түркістандағы ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың Кеңестік биліктің орнауына байланысты ұстанымдары ашып көрсету сол кездегі өлкенің саяси өмірінің ерекшеліктерін терең аңғаруға өз септігін тигізеді. Сондықтан қарастырылып отырған тақырыпты тарих ғылымындағы өзекті мәселелердің біріне арналған деуге негіз бар.
Text:

Кіріспе. 1917 жылы күзде Түркiстандагы саяси күрестiң шиеленiсуi Уақытша үкiметтiң өлкелiк комитетi мен осындағы жұмысшы-солдат депутаттары арасындағы текетiрестен айқын көрiндi. Орталықтағы, ең алдымен Петроград және Москва Кеңестерiнiң үлгiсiмен Ташкенттегi Перовскiдегi, Черняевтағы, Сырдария облысының басқа қалалары мен темiржол бойындағы елдi мекендердегi Кеңестер өкiметтi тұтастай өз қолдарына алу үшiн ашық күрес жүргiзiп, заңсыз әрекеттерге барды. Осындай тарихи үрдістің терең астарын түсіну үшін Түркістандағы ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың Кеңестік биліктің орнауына байланысты ұстанымдарын зерттей түсу қажет.

Талқылау нәтижесі. Түркістан өлкесіндегі қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылу мен қызметіне байланысты алғашқы пікірлер ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде жарияланған еңбектерде-ақ көрініс берді. Бұл ретте Т. Рысқұловтың [Т.Рыскулов, 1925], Г. Сафаровтың [Г.Сафаров, 1922], және С. Муравейскийдің [С.Муравейский, 1924] еңбектерінде Түркістан аумағындағы өңірлерде құрылған қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылуы мен қызметі жайлы пікірлер білдірілгенін ерекше атап өтуге болады. Осы аталған авторлардың еңбектерінде зерттеулер бұл мәселеге жаңа қырынан қарауға мүмкіндік береді. 

Нәтижесі. Түркістандағыұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарының рөлін ашып көрсету арқылы Қазан төңкерісі кезінде Қазақстанда орын алған саяси оқиғалардың тарихын тереңірек түсінуге мүмкіндік аламыз. Сонымен бірге ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың тарихтағы алар орнына шынайы баға беру мүмкіндігі арта түседі.

Негізгі бөлім. 1917 жылдың 25 қазанындағы Петоградтағы қарулы көтеріліс Ақпан революциясының демократиялық реформаларына үміт артқан ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарға үлкен соққы болып тиді. Петроградтағы оқиға нәтижесінде Уақытша үкіметтің құлатылып, билікке большевиктер партиясының келуі түркістандық большевиктерге жаңа серпін беріп, олардың өлкеде өздері жетекшілік ететін кеңестердің билігін орнатуға деген талпынысын күшейте түсті. Түркістандық большевиктер өздерінің мұндай талпынысында өлке тұрғындарының басым көпшілігін құрайтын жергілікті мұсылман тұрғындарының қоғамдық-саяси ұйымдарының пікіріне құлақасуға құлық таныта қоймады. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар большевиктер билігіне қарсы екендіктерін, Уақытша үкіметке әлі де қолдау көрсетуге даяр екендіктерін білдіріп жатты. М. Шоқай жетекшілік еткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі өлкедегі барлық қоғамдық-саяси ұйымдарға жеделхаттар жолдап, өлкедегі Уақытша үкіметтің билік орындарына қолдау көрсетуге, қажет болса күш қолдануға үндеді. 27 қазан күні өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесінің мәжілісінде Уақытша үкіметтің Бас комиссары П.А. Коровиченкоға мұсылмандар барынша қолдау көрсетуі қажет деген шешім қабылданды. Сол күні өлкедегі түрлі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардан Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесіне «билікті тартып алу әрекетіне қарсылық көрсетуге көмек көрсетуге уәде еткен» жеделхаттар да келіп түсіп жатты. Түрік федералистер партиясының жетекшісі И. Шагиахметов та мерзімді басылымдар арқылы Түркістанда большевиктер бүлігі сөзсіз жеңіліске ұшырайтындығы, мұндай әрекетке жергілікті халық күшпен төтеп беретіндігі жөнінде мәлімдеме таратты [Р.Абдуллаев, 2000, с.61]. Большевиктердің төңкеріс жасап, Петроградта Уақытша үкіметті құлатуына орай 1917 жылы 8 қыркүйекте «Бірлік туы» газетінде «Большевиктер» деген айдармен мақала жарияланып, жергілікті халықты бұл партия өкілдерінен сақтануға, өлкедегі Уақытша үкіметтің билік орындарына қолдау танытуға шақырылды. Онда былай делінген еді: «Көктемде өзгеріс басталысымен Русия бұқаралары бостандықтың рақатын тыныштықпен көру ниетімен соғыстың бітуін тіледі. Жеңбей қоймаймыз деген айқайдан да гөрі кісі жері алынбай, бірі біріне шығын төлетпей әр патшалық өзі барымен қалып, бітім болсын деген айқай барша жұрттың аузынан бірдей шығып жүрді. Октябрьдің аяғында қанша қырғын соғыстан кейін большевиктер Уақытша үкімет әскерлерін жеңіп үкіметті қолына алып қойды. Мұндай қырғын жалғыз Петербор, Мәскеу демей басқа шаһарлардың көбісінде болды. Көп шаһарлар большевикті өкімет санамай өз алдына тіршілік қылып тұр Бүтін Русия большевиктерге мылтықтарынан  сескенген бағынса да біздің Түркістанда мұндайға жол жоқ дейік. Жұрт болып бұған төтеп берейік».

Қазан төңкерісіне байланысты Жетісу облысындағы «Құрылтай» мұсылман комитеті, облыстық Қазақ-қырғыз комитеті және «Милли-шуро» ұйымдары да большевиктер саясатын қолдамайтындығын өз мәлімдемелерінде ашық білдірді [ҚРОММ. 9-қ., 1-т., 26-іс. 34-36-п.]. «Шуро-и-Ислам» ұйымы да Қазан төңкерісіне байланысты мынандай қарар шығарып, оны 1917 жылы 9 қарашада «Туркестанское слово» газетіне жариялаған болатын: «Уақытша үкіметтің өлкедегі жоғары өкілі Бас комиссар мен оның көмекшісі жүргізіп отырған саясат Түркістан өлкесінің барлық тұрғындарының мүддесіне сай. Бұл күндер республиканың күйретіп, монархияны қалпына келтіреді ме деген алаңдаушылықты тудыруда. «Шуро-и-Ислам» ұйымы Бас комиссар республика заңдарының және Уақытша үкіметтің билігінің мызғымастығына, Түркістанда тәртіп пен тыныштықтың сақталуына кепіл бола алтындай тегеурінді шара қолданады деген сенімде. Мұны қамтамасыз етуде Бас комиссарға «Шуро-и-Ислам» ұйымы барынша қолдау көрсетеді». Большевиктердің Петроградтағы төңкерісіне және өлкедегі Уақытша үкіметтің органдарына қатынас мәселесі 1917 жылдың 26 қазаныны күні өтіп жатқан Түркістан өлкесі шаруаларының екінші съезінде де арнайы қаралып, онда ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың большевиктер төңкерісіне байланысты ұстанымдары секілді шешім қабылданды. Түркістан өлкесі шаруаларының екінші съезінің делегаттары биліктің большевиктер үстемдік етіп отырған кеңестердің қолына өтуіне қарсы екендіктерін ашық танытып: «Бүкілресейлік құрылтай жиналысы шақырылғанға дейін Түркістандағы және орталықтағы билік Уақытша үкіметтің қолында қалуы тиіс» деген қаулы қабылдаған еді.

Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың орталықта большевиктердің билікке келуіне байланысты ұстанымын Ферғана өңіріндегі жұмысшы-солдат депутаттарының кеңестері де қолдады. Ондағы кеңестер Ташкенттегі билікті орталықтағыдай большевиктер тартып алмауы үшін Ташкент қаласына өздері құрған отрядты жіберуге даяр екендіктерін танытты. Түркістан өлкесіндегі биліктің большевиктердің қолына өтуін барлық бірдей кеңестер қолдай қоймады. Ондай талап негізінен Ташкенттегі бірқатар өндіріс орындарының жұмысшылары мен гарнизондардағы солдаттардың тарапынан көтерілді. Олардың талабы Ташкент жұмысшы-солдат депутатарының кеңесіндегі большевиктер тарапынан қолдаушылыққа ие болды. Өлкенің Ташкенттен басқа қалаларындағы жұмысшы-солдат депутаттары кеңестері билікті большевиктер қолына өткеру бағытында қызыу жұмыстарды жүргізбеді. Керісінше, Ташкенттен басқа қалалардағы жұмысшы-солдат депутаттары кеңестерінің көпшілігі Уақытша үкіметке қолдау танытып жатты. Оның үстіне биліктің кеңестер қолына өтуді жақтаған қозғалысқа жергілікті емес халық өкілдері қатысты. Түркістандық кеңестердің билік жөніндегі ұстанымдары Қазан төңкерісі оқиғасынан кейін күрделі өзгеріске түсті. Оған бұл оқиғадан кейін кеңестер құрамына жаппай қайта сайлаулар өткізу әсер етті. Бұл сайлаулардың барысында кеңестер құрамындағы меньшевиктер мен эсерлер ығыстырылып, оның құрамында негізінен большевиктер мен солшыл эсерлер қалған еді. Түркістан өлкесіндегі кеңестердің тағы бір ерекшелігі – кеңестер құрамында жергілікті халық өкілдерінің мардымсыз болуы еді. Тіпті кейбір өңірлердегі кеңестер құрамында жергілікті халық өкілдері мүлдем болмады десе де болатын. Бірақ бұған қарамастан Ташкенттегі большевиктері шұғыл түрде билікті тартып алуға кірісіп жатты. Осыған орай Уақыша үкіметтің Түркістан комитеті Бас комиссарының көмекшісі Г.И. Дорреер Қазан төңкерісі тақап қалған кезде А.Ф. Керенскийге былай деп жазған еді: «22 қазанға қарай Бас комиссардың қолында Ташкенттегі жұмысшы-солдат депутаттары кеңесінің атқару комитеті билікті тартып алу бағытында қару күшімен қастандық ұйымдастырып жатқандығын айғақтайтын мәліметтер болды. Бұл қастандық большевиктердің бүкілресейлік деңгейдегі қастандығымен байланысы барлығына ол күмәндәнған жоқ» [Р. Абдуллаев, 2000. 63]. Петроградтағы оқиғадан соң іле-шала, Ташкенттегі кеңестердің атқару комитетінің мәжілісі өтіп, онда қарулы көтеріліске тезірек даярлану жөнінде шешім қабылданған еді. Сондай-ақ бұл мәжілісте революциялық әскер бөлімдердің командирлері тағайындалып, олардың міндеттері және Ташкенттегі кеңестердің атқару комитеті қарулы көтерілісті даярлаудың штабы болып белгіленген-ді [П.Домогатский, 1991. 163]. Сол тұста Түркістан өлкесіндегі әскери бөлімдердегі большевиктік пиғылдағы полк комитеттері әскерилер арасында: «Жұмысшы-солдат депутатары кеңесінің бұйрығына сәйкес әскери басшылықтың шешімдерін орындамаңдар» деген мазмұндағы үндеулер таратып жатты. Түркістан өлкесінде қарулы көтеріліске қызу әзірлік жұмысын жүргізіп жатқандардың әрекетіне жауап ретінде 27 қазан күні Бас комиссар П.А. Коровиченко мынандай мазмұндағы бұйрық шығарды: «Большевиктердің Петроградта қарулы көтеріліс ұйымдастыруымен бір мезетте Ташкент жұмысшы-солдат депутаттары кеңестерінің атқару комитеті Ташкенттегі гарнизондарға менің ешқандай бұйрығымды орындамау жөнінде өтініш білдірген мәлімдемелер таратты. Өңшең большевиктерден құралған Ташкент жұмысшы-солдат депутаттары кеңесінің атқару комитетінің үндеуін петроградтық большевиктерді қолдауға және өлкедегі билікті тартып алуға бағытталған деп бағалай отырып, Ташкент қаласы мен Сырдария облысының Ташкент уезін әскери жағдайда деп жариялаймын» [Туркестанское слово,  1917.  9 ноябрь].

Уақытша үкіметтің Бас комиссары П.А. Коровиченконың мұндай бұйрығына қарамастан Ташкенттегі жұмысшы-солдат депутаттары кеңесі теміржол жұмысшыларына арқа сүйей отырып, қарулы көтеріліске шықты. Бас комиссар П.А. Коровиченко тарапында большевиктерге қарсылық көрсетуде жергілікті халық өкілдері де болды. Бірақ бұған қарамастан қарулы көтеріліске шығушылар Коровиченко мен оның көмекшісі Доррерді тұтқынға алуға қол жеткізді. Ташкентте болған бұл оқиғаның орын алуы «Бірлік туы» газетінде былайша көрініс тапты: «Ташкент шаһарында 28-ші октябрьде большевиктер мен үкімет әскері арасында атяс басталды, олар жағында солдаттар мен қара жұмыскерлер, үкімет жағында атты казактар мен әскри мектептерде оқып жүрген юнкерлер болды. Төбелес бастапқыда шаһардың шетінде, вокзал жақта шыққан еді; соңынан бірте-бірте большевиктер үкімет әскерін шаһар ішіне қуып тығып. Ойранды көшелерде салды, екі жақтан да мылтық, тапанша, пулемет һәм бомба атылып, өтірік емес – нағыз шын соғыстың өзі болды. Халық жаман сасып, көшеге шыға алмай, үйлерінде бұғып отырды. Большевиктер жеңген жерінде үйлерге кіріп, бала-шағаны өлтіріп, бұйымдарды тонайды екен деген дақпыртбен бала-шаға, қатын-қалашта үрей қалмады, ескі шаһарға, қышлақтарға қашып шығушылар көп болды. Онан соң большевиктер ескі шаһарға барып ойран салмақшы екен деген лақап тарады. Соның үшін мұсылмандар қаруланып, ескі шаһар мен жаңа шаһардың арасында тұрды. Содан ноябрьдің біріне шейін 4 күн ұдайы қып-қызыл төбелес болып, қанша халық қырылды. Соғысушылардан бөтен жай адамдардан көшеге шығамын деп оққа ұшқандар да көп болды. Ақыры ноябрьдің бірінші күніне қарсы түн ортасынан соң большевиктер әбден жеңіп, крепость соларға тапсырылды. Генеральный комиссар Коровиченко һәм серігі Доррер большевиктердің қолына түсіп, қамауға жіберілді. Сонда да ертеңгі түске шейін онда-мұнда атыстар болып, анық тыныштық басталмады. Большевиктер жеңген жерде еш бұзақылық көрсеткен жоқ. Тек, 1 ноябрь күні үйлерді тінтіп, халықтың қолындағы мылтықтарды жиып алды. Онан кейін шаһарда тыныштық бірте-бірте жайғасып, тіршілік белгілі қалпына айнала бастады. енді шаһарға большевиктер қожайын» [Бірлік туы, 1917. 8 ноябрь]. 1 қараша күні Ташкент жұмысшы-солдат депутаттарының кеңесі өлке жұртшылығына арнап өлкелік биліктің «демократиялық күштердің» қолына өткенін хабарлаған мәлімдеме таратты. 2 қарашада Ташкент қаласында Түркістан өлкелік кеңестің, Ташкент кеңестерінің атқару комиеті, Түркістан өлкелік Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясының, Түркістан өлкелік шаруа депутаттарының кеңесі, Ташкент қалалық думасының, Түркістан өлкелік пошта-телеграф ұйымының және Кушкадағы жұмысшы-солдат депутатары кеңесінен 30-ға жуық өкілдер қатысқан мәжіліс ұйымдастырылып, онда 9 адамнан тұратын Түркістан өлкелік атқару комитетін туралы шешім қабылданды. Оған Түркістан өлкелік жұмысшы-солдат депутатары кеңесінен 3 адам, өлкелік Қазақ-қырғыз кеңесінен 1 адам, өлкелік мұсылмандардың орталық кеңесінен 1 адам, өлкелік Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясынан 1 адам және өлкелік социал-революционерлер бюросынан 1 адам енетін болды [Наша газета, 1917. 8 ноябрь].

Ташкенттегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар большевиктердің Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің өкілдерін тұтқынға алуына бірден қарсылық танытты. Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі, «Шуро-и-ислам», «Шуро-и-улема», Түркістан өлкелік Қазақ-қырғыз кеңесі, Түрік Федералистері партиясы секілді т.б. ұйымдардың жетекшілері өлкедегі биліктің Түркістан комитеті қолында қала беруін талап етті. Ұлттық демократиялық күштер Түркістанның жергілікті халқы өз тағдырын өздері шешуі тиіс деп санады. Сол кезде «Улуг Туркестан» газеті де өлкедегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды бірлесе әрекет етуге, жергілікті халықтың тағдырын большевиктер қолына қалдырмауға үндеп жатты. Түркістан өлкесіндегі барлық биліктің Түркістан өлкелік атқару комитетіне өткізу жөнінде шешім қабылдаған мәжіліске орай «Туркестанское слово» газеті былай деп жазды: «Аталған мәжіліске қатысқан 8 ұйымның өкілдері оған қандай жолмен қатысты? Оған мұсылман тұрғындары атынан «Шуро-и-улема» ұйымының өкілдерінен басқа ешкім де қатысқан жоқ. Оның өзінде бұл ұйымның өкілдеріне шешуші дауыс беруге өкілеттілік берілмеді. Мұсылмандар Түркістан тұрғындарының 95 пайызын құрайды. Олардың пікірін сұрамастан өлкеде жаңа билікті жария ету көпшілікке жасалған қиянат ғой» [Туркестанское слово, 1917. 10 ноябрь]. 9 қараша күні Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі, «Шуро-и-Ислам» және Түркістан өлкелік Қазақ-қырғыз кеңесі ұйымдарының біріккен мәжілісі өтіп, онда большевиктердің өлкедегі билікті тартып алуына байланысты мынандай мазмұндағы қаулы қабылданды: «Ташкенттегі жеңімпаздар құрғалы отырған Түркістан өлкелік атқару комитетіндегі 9 орынның 2 орнын ғана, ал оның жанында құрылатын кеңестің 24 орынның 4 орнын ғана мұсылмандарға қалдырып, өздерін бұрынғы патша өкіметі кезіндегідей саясатты қолдайтындықтарын танытып отыр. Мұндай зорлық саясат мұсылмандардың бойына өлкедегі орыстарға деген жеккөрушілікті ұялатады. Біз достық қарым-қатынасты сақтауды жақтайтындықтан мұндайға жол бере алмаймыз. Ташкенттегі оқиға Құрылтай жиналысының шақырылуының шегерілуіне әсер ететіндіктен, мұсылмандарға өлкеде қалыптасқан ахуалдан шығудың жолын қарастыруға ықпал етеді. Ташкент большевиктерінің болашақ Түркістан комитетіндегі 9 орыннан 2 орын және оның жанындағы кеңестің 24 орнынан 4 орын қалдырған садақасы бұл мәселені шеше алмайды. Сондықтан мұсылман ұйымдары өлкелік атқару комитетіне және оның жанындағы кеңеске кіруден бас тартып, өлкедегі билік мәселесін мұсылмандардың тұрмысына үйлесімді етіп әрі азшылықағы халықтардың мүддесін ескере отырып өз беттерінше шешеді» [Туркестанские ведомости, 1917. 17 ноябрь].

Ұлттық демокраиялық күштердің Түркістан өлкелік атқару комитетіне өз өкілдерін жіберуде бас тартқаны жөнінде өлкедегі қазақ тұрғындары арасына «Бірлік туы» газеті мынандай мазмұндағы хабар таратты: «Большевиктер бұрынғы Түркістан комиеті мен Генеральный комиссардың орнына Уақытша Түркістан комитетін жасады. Оның 9 ағзасы болмақ; Түркістан аймағының солдат һәм жұмыскерлер советінен 3, крестьяндар советінен 2, Қазақ-қырғыз советінен 1, Мұсылмандар советінен 1, социал-демократ партиясы бюросынан 1, һәм социал-революционерлер партиясы бюросынан 1. Онан соң ол комитет қасында 22 кісілік бір кеңес болмақ. Оған кіретін ағзалар; түркістан аймағының солдат һәм жұмыскерлер советінен 3, крестьяндар советінен 3, Қазақ-қырғыз советінен 2, мұсылмандар советінен 2 адам. Бұл жаңа өкімет ағзаларының көбі сайланып, бұл күнде іс жүргізе бастаса керек. Бірақ қазақ-қырғыз һәм мұсылмандар советі оған өкілдерін жібермей тұр».

Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар осылайша Ташкент большевиктері құрған Түркістан өлкелік атқару комитетіне енуге бірауыздан қарсылық танытты. Түркістан өлкесі мұсылмандары орталық кеңесінің төрағасы м. Шоқайдың сол тұстағы әрекеті туралы К.Л. Есмағамбетов былай деп жазады: «Қазан төңкерісіне байланысты туындаған мәселелерді талқылау үшін М. Шоқай қазақ зиялыларымен бас қосуға Орынборға іссапарға барады. Қазақ зиялыларымен мұнда М. Шоқаймен кездесуінде тәуелсіздік үшін күресті жалғыз Түркістанмен шектемей, оны қазақ облыстарымен, башқұрт, татар халықтарының қозғалысымен ұштастыру, большевиктерді мойындамау, Құрылтай жиналысына адалдықты сақтау жөнінде ортақ ұйғарым жасалады. Осы шешімді басшылыққа алған М. Шоқай Ташкентке оралған кезде мұндағы өкімет билігі 28 қазанда бүлік көтерген орыс жұмысшылары мен солдаттарының қолына өткен болатын. Осыған байланысты ол Ұлттық орталықтың мүшелерімен бірге Самарқанға, одан Ферғанаға, Жаңа Маргеланға келеді. М. Шоқай кеңес өкіметіне қарсы күрес орталығы бола алатын үкімет құру жөніндегі орыс демократтарының ұсынысынан бас тартып, Ұлттық орталықтың таяу арадағы мақсаттарын белгілеумен шұғылданады. Оның кеңеске қарсы бірден ашық күреске шығудан бас тартып, жалтақтауының бір себебі болатын. Алғашқы кезде ол Петроградтағы кеңес өкіметі орыстар мен мұсылмандар арасында ұлтараздығын өршітіп отырған Түркістан большевиктерін сабасына түсіреді деп ойлады» [К.Есмағамбетов, 2008. 123]. Большевиктер билікті қолына алғаннан кейінгі жағдайда Ташкент қаласы думасының алғашқы мәжілісі 8 қараша күні өтті. Бұл мәжіліске Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі атынан У. Ходжаев, «Шуро-и-Ислам» ұйымы атынан Т. Нарботабеков пен Мүнауар қари, Түркістан өлкелік Қазақ-қырғыз кеңесі атынан С. Ақаев қатысты. Қалалық думаның мәжілісі Ташкенттегі төңкерісті талқылау барысында ұлттық-қоғамдық саяси ұйымдардың өкілдері большевиктер тарапынан құрылған Түркістан өлкелік атқару комитетін мойындамайтындықтарын танытты. Олардың мұндай ұстанымдары қалалық дума мәжілісінің жаңа билікке байланысты бірегей шешімге келе алмауына әсер етті. Сондықтан бұл мәселе жөнінде түбегейлі шешім қабылдау 12-14 қараша аралығында өткелі отырған Түркістан өлкесі қалаларындағы өзін-өзі басқару мекемелерінің съезінің үлесіне қалдырылды. Түркістан өлкесіндегі қалалардың өзін-өзі басқару мекемелерінің Ташкент қаласында өткен съезіне облыстардан 26 өкіл қатысты. Олардың қатарында Түркістан өлкелік Қазақ-қырғыз кеңесінің өкілі С. Ақаев, «Шуро-и-Ислам» ұйымының өкілі Т. Нарботабеков пен А. Миразимов, «Шуро-и-улема» ұйымының өкілі А. Махмудов болды. Съездің күн тәртібіне Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына дейін өлкедегі билікті ұйымдастыру басты мәселе етіліп қойды. Өлкедегі билікті ұйымдастыру мәселесін съезде талқылау барысында ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың өкілдері большевиктер төңкерісін айыптады. Мәселен, Түркістан өлкелік Қазақ-қырғыз кеңесінің өкілі С. Ақаев «Уақытша үкіметтің өлкедегі билігін жоюдың еш қажеті жоқ, оны өзгертудің қажеттілігін көріп тұрған жоқпын», деп мәлімдеді. Съезде сөз алған «Шуро-и-Ислам» ұйымының өкілі А. Миразимов былай деді: «Жұмысшы-солдат депутаттарының кеңесі тұрғындардың басым бөлігін құрайтын мұсылмандарды шет қалдырды. Азғантай ғана адамдардан тұратын топ бәрімізге әмірін жүргізбекші. Биліктің орталық органын құру қажет. Бірақ оған  өкілдер тұрғындардың құрамына қарай пропорциональды түрде енгізілуі тиіс.  Қазіргі өкімет тұрғындардың мүддесіне сәйкес емес» [Улуг Туркестан, 1917: 1].

«Шуро-и-улема» ұйымының өкілі де съездегі өзге ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың өкілдерінің пікірін қолдай отырып: «Егер большевик азаматтар отанымызға қайырымды болатын болса, олар неге Құрылтай жиналысын шақыруға кедергі келтіруде? Біз, мұсылмандар, орыс революциясын зор қуанышпен қарсы алдық. Бостандық алып, тыныш өмір сүруден үміттендік. Біз бүгіндері бұл үмітімізден айырылудамыз. Мұсылмандар жұмысшы-солдат депутаттары кеңсімен есептесуді қаламайды. Біз, революция уәде еткен бостандықты жүзеге асыра аламыз ба? Бұған біздің күшіміз жетеді ме?» [Улуг Туркестан, 1917: 2], – деп мәлімдеді. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың өкілдерінің пікірін съезде самарқандық делегат Герцфельд те қолдады. Ол: «Өлкелік билікті қайта құрудың еш қажеті жоқ. Біздің өлкенің ерекшелігін ескеру қажет. Мен Түркістан өлкесіне өз алдына бөлек автономия керек деген ойдамын. Мұндай автономия Финляндияға ұсынылып жатқанда, неге Түркістанға да автономия ұсынылмайды?» [Улуг Туркестан, 1917: 3], – деді. Осындай пікірлердің білдірілуіне байланысты түркістан өлкесіндегі қалалардың өзін-өзі басқару мекемелерінің съезі де өлкелік билікті ұйымдастыру мәселесіне қатысты бір ұйғарымға келе алмады. Түркістан өлкесіндегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың өлкелік билікке байланысты бірегей ұстанымда болғанымен арада уақыт өткен сайын кейбір ұйымдар кеңестік билікпен ымыраға келу бағытына ауытқи бастады. Мұндай ұйымдардың бірі «Шуро-и-улема» ұйымы болды. Осыған орай «Бірлік туы» газеті былай деп жазған еді: «Ташкент оқиғаларынан бері қарай мұсылман ұйымдарының бірде-бірі большевиктермен жанасқан жоқ. Большевиктер бұрынғы Түркістан комитетінің орнына жаңа комитет жасап, мұсылмандар үшін онда 2 орын қойса да, мұсылман ұйымдары оған өз кісілерін жібермеді. Сол екі арада мұсылман ұйымдары ынтымағынан жекеленіп кетіп, ғлама дегендер большевиктермен ыңғайлас болуға айналды. Ғұламалар өздерінің шабарман-тілмашы С. Лапин арқылы большевиктермен астыртын «құдалық сөйлесуге» ыждахат етті. 15 ноябрьде Ташкентте съез жасамақ болып, адам жинау үшін «Біріккен мұсылман ұйымдарының бюросы» деген бірік өтірік ойлап шығарған» [Бірлік туы,1917: 1].

Большевиктермен ымыраға келуге ыңғай танытқан «Шуро-и-улема» ұйымы «Біріккен мұсылман ұйымдарының бюросы» деген ұйым құру мақсатында өлкедегі барлық ұлтық қоғамдық-саяси ұйымдардың өкілдерін Ташкент қаласында мәжіліс өткізуге шақырды. Бұл мәжіліс 12-15 қараша аралығында өтті. Оған «Шуро-и-улема» ұйымының өкілдерінен бөлек Түркістан өлкесі мұсылмандары орталық кеңесінен 2 өкіл, Түркістан өлкелік Қазақ-қырғыз кеңесінен 1 өкіл, «Тұран» ұйымынан 1 өкіл, Түрік Федералистері партиясы ұйымынан 2 өкіл, Сырдария облыстық Қазақ-қырғыз кеңесінен 1 өкіл, Жетісудағы мұсылмандардың «Құрылтай» ұйымынан 1 өкіл, Перовск уездік ұллтық комитеттінің атынан 1 өкіл, Әулиата уездік Қазақ-қырғыз кеңесінен 1 өкіл және мұсылман әскерилері атынан 1 өкіл  қатысты. С. Лапиннің төрағалық етуімен өткен мәжілістің күн тәртібіне түркістандағы билікті ұйымдастыру мәселесі қойылды. Мәжілістің барысында С. Лапин жетекшілік еткен «Шуро-и-улема» ұйымының мүшелері Түркістан өлкелік атқару комитетіне мұсылмандарға деп большевиктердің бөлген орынға әзірше қанағат тұта тұру керек, сондықтан большевиктер билігін мойындайық, кейін атқару комитетіндегі орынның санын арттыруға қол жеткіземіз деген пікірін ортаға салды. Бұл ұсынысқа Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесінің төрағасы М. Шоқай қарсылық танытып, большевиктермен бірде-бір ұлттық қоғамдық-саяси ұйым байланысқа түспеу керек деген пікірін білдірді. Бұл пікірді «Шуро-и-Ислам», «Тұран», Түркістан өлкелік қазақ-қырғыз кеңесі ұйымдары мен Түрік Федералистер партисының өкілдері қолдап шықты. Соған орай мәжілісте «Шуро-и-улема» ұйымының ұсынысы өтпей қалды. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың мәжілісінде «Шуро-и-улема» ұйымы мүшелерінің ұсынысында өлкелік жоғары билік орны Түркістан атқару комитеті болуы керектігі, оның құрамы 12 адмнан тұруы (жұмысшы-солдат депутаттары кеңесінен 3 өкіл, қалалық өзін-өзі басқару мекемелерінен 3 өкіл, өлкелік мұсылман съезі атынан 6 өкіл) тиістілігі және атқару комитетінің жұмысын бақылап тұратын кеңес құрамы 20 адам (жұмысшы-солдат депутаттары кеңесінен 5 өкіл, қалалық өзін-өзі басқару мекемелерінен 5 өкіл, мұсылман съезі атынан 10 өкіл) болуы керектігі де білдірілген болатын. Мәжілісте бұл ұсыныс та қабыл алынбадды. Мәжіліске қатысушылар осыған орай тез арада өлке мұсылмандарының өзін-өзі билеуін қамтамасыз етуді шешеу керек деген ұйғарымға келді. Делегаттар өлкені 98 пайыз тұрғынын құрайтын, саны 10 миллионнан асатын мұсылмандар өзін-өзі билеуге құқылы деп танып, бұл мәселе жөнінде шешім қабылдау үшін жақын арада Түркістан өлкесі мұсылмандарының съезін шақыру қажет деген ұйғарымға келді. Мәжіліс Түркістан өлкесі мұсылмандарының съезін өткізуді ұымдастыратын комиссия құрамын да сайлады. Оған С. Лапин, С. Мақсум, Сыдық Қожа, Әулиеата уезінің өкілі Бигиев және мұсылман әскерилерінің өкілі С. Жүсіпов енді [С.Агзамходжаев, 2006. 183].

Қалыптасқан осындай жадайда «Бірлік туы» газеті ұлттық демократиялық күштерді батыл әрекеттерге көшуге былайша үндеп жатты: «Осы күні Түркістан мұсылмандарының хәлі өте тұйық. Большевиктер бұрынғы үкімет адамдарын қара күшпен қағып тастап, олардың орындарына өздері орнап алды. Бұл туралы Түркістан халқын есіне алып,  ойлаған да ешкім болмады. Енді осындай уақытта мұсылмандардың өздері қарап жатқаны келіспейді. Олар кім жеңсе, соның қанжығасында үн-түн жоқ кете бермей, тіршілік белгісін көрсетулері керек. Біз де елміз ғой. Бізді кім болса сол ықтиярсыз кейіп алып, кете бере ме?».

Ұлттық демократиялық күштерді батыл әрекеттерге шақырып жатқан мұндай үндеулер жарияланып жатқаннан алдын, 7 қараша күні Түркістан атқару комитеті жергілікті жерлерге, соның ішінде Жетісу облысы мен Сырдария облысындағы жұмысшы-солдат депутаттары кеңестеріне жеделхаттар жолдап, 15 қараш күні демократиялық ұйымдардың съезі өтетіндігін, ол съезде өлкедегі билікті ұйымдастыру мәселесі қаралатындығын, соған орай съезге өз өкілдерін жіберу керектігін хабарлаған еді. Осындай әзірлік жұмыстардан кейін 1917 жылы 15 қараша күні Ташкентте жұмысшы-солдат депутаттары кеңестерінің өлкелік ІІІ съезі өз жұмысын бастады. Оған 114 делегат қатысты. Солшыл эсер К.Я. Успенскийдің сөзімен ашылған съезде негізінен үш фракция болды. Олар саны бәрінен басым түсетін большевиктер фракциясы, солшыл эсерлер фракциясы және меньшевиктер мен оңшыл эсерлер фракциясы болатын. 16 қараша күні съез делегаттарының қатарына сол күні өз жұмысын аяқтаған өлкелік шаруалар депутаттарының съезіне қатысушылар келіп қосылды. Шаруалар съезіне қатысқан делегаттар солшыл эсерлер фракциясының құрамын енді. Съезге ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардан «Шуро-и-улема» ұйымының өкілі ғана қатысты. Ол С. Лапин болатын. Жұмысшы-солдат депутаттары кеңестерінің ІІІ өлкелік съезінің күн тәртібіне: өлкелік билікті ұйымдастыру, жергілікті жерледегі билік орындарын құру секілді мәселелер қойылды. Солшыл эсер Зимин өлкелік билікті құру Түркістан тұрғындарының барлығы үшін маңызға ие екенін алға тартып, съезге бұл мәселені талқылау үшін қалалық өзін-өзі басқару мекемелерінің, яғни қалалық думалардың өкілдерін енгізу қажеттігін ұсынды. Бірақ бұл ұсыныс большевиктер тарапынан қабыл алынбады. Меньшевиктер мен оңшыл эсерлер съезде өлкедегі билікті барлық түркістандық «революциялық демократия» өкілдерінен тұратын коалициялық үкіметке беру керектігі жөнінде мәселе көтерді. Меньшевик Гапеев, фракция атынан сөз алып, өлкелік билікке ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды мен өзін-өзі басқару мекемелерінің қатыстыру қажет деген талап қойды. Сөйтіп меньшевиктер мен оңшыл эсерлер барлық ұйымдар мен мекемелердің өкілдерінен тұратын коалициялық үкімет құруды жақтады. Съезде большевиктер мен солшыл эсерлер бірлесе меньшевиктер мен оңшыл эсерлердің ұсынысына бірден қарсы шықты. Большевиктер Түркістандағы билік орталықта құрылған кеңестік биліктің принциптерін басшылыққа ала, пролетарлық негізде құрылуы тиіс деп тапты. Большевик  Ф.И. Колесов: «Солдаттар, жұмысшылар мен шаруалар жеңіске жетті. Сондықтан солар билікті өз қолына алуы керек. Біз барлық билікті жұмысшы, солдат және шаруалар депутаттары қолын берілуін талап етеміз деп  мәлімдеді» [С.Агзамходжаев, 2006. 71-72]. Өлкедегі билікті ұйымдастыру мәселесі бойынша съезде сөз алған «Шуро-и-улема» ұйымының жетекшісі С. Лапин: «Әділдік бойынша, әрине,  мұсылмандар өлкедегі барлық билікті қолына алуға құқылы. Бірақ олардың өзі мұны істегісі келмейді. Олар өлкедегі азшылықтағы орыстардың құқығын қамтамасыз етуді қалайды. Мұсылмандар әйтеуір бір топтып билікті тартып алуын қаламайды, сондай-ақ олар өлкеде революциялық демократияның ғана билік жүргізуіне төзе алмайды», – дей отырып, өлкенің жергілікті тұрғындары атынан мынандай пікір білдірді: «1. Мұсылмандар өлке тұрғындарының  98 пайызын құрайтындықтан өзін-өзі билеуге құқылы.

2. Мұсылмандардың өзіндік жолы құран мен шариатта көрсетілген. Сондықтан олар бірде-бір орыс саяси партияларына қосылмауы мүмкін, бірақ барлық халықтық ұйымдарға сүйене отырып, Құрылтай жиналысына алып баратын билікке қолдау көрсетеді.

3. Жергілікті билік азшылықтағы орыстардың құқықтарын қамтамасыз ете алатын мұсылман өкілдерінен құрылуы тиіс. Оған орыстардан мұсылмандарға ізгі ниетте тұрған орыстар ғана енгізілуі қажет.

4. Билік тек әскерилерге, жұмысшылар мен шаруаларға ғана тиесілі болуы мүмкін емес» [Туркестанские ведомости, 1917: 1].

С. Лапиннің бұл айтқан ұсыныстары ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың біріккен мәжілісінде келісілген шешіммен үйлесе қоймайтын. Онда өлке мұсылмандарының ешқандай да ұйымы кеңестермен бірлескен әрекеттерге бармау керек деген шешім қабылданған еді. Дегенмен С. Лапиннің ұсынысы кеңестердің ІІІ съезінде өтпей қалды. Оның ұсынысына 97 делегат  қарсы дауыс беріп, 17 делегат қалыс қалды [Туркестанские ведомости, 1917: 2]. Бұл ұсынысқа қарсылық танытқандарлың бірі Ходженттегі жұмысшылар депутатының өкілі А. Рахымбаев болатын. Ол жергілікті халықтың атынан С. Лапин ұсыныс білдіре алмайды, жергілікті халықтың пікірі жуық арада өтетін өлкелік мұсылмандар съезінде білдіріледі деп мәлімдеді. Съезде өзінің ұсынысы ешқандай қолдау таппауына байланысты С. Лапин съезден кетуге мәжбүр болды [С.Агзамходжаев, 2006. 73]. Кеңестердің ІІІ өлкелік съезі 19 қараша күні өлкедегі билік орындарын құру ісіне нақтылы кірісті. Съездегі фракциялар бұл мәселе бойынша өз жобаларын ұсынды. Солшыл эсерлердің жобасында өлкедегі барлық билік құрамы 18 адамнан тұратын, оның үшеуі жергілікті мұсылман пролетариаты өкілі болатын Халық комиссарлары кеңесінің қолына берілу керектігі аталып көрсетілді. Сонымен қатар бұл жобада Халық комиссарлары кеңесінің жұмысын бақылаушы орган – жұмысшы-солдат және шаруалар депутаттарының өлкелік кеңесі болатындығы да қарастырылған болатын. Меньшевиктер мен оңшыл эсерлердің біріккен фракциясы съезге құрамы 10 адамнан тұратын әрі жұмысшы-солдат және шаруалар депутаттары кеңесінің бақылауында болатын өлкелік атқару комитетін құру жөнінде жоба ұсынды. Бұл жоба бойынша өлкелік атқару комитетіндегі орынның жартысы жергілікті халық өкілдеріне берілуі тиіс болды. Съезде осы екі жоба да өтпей большевиктер фракциясының жобасы қабыл алынды. Ол жоба бойынша өлкелік жұмысшы-солдат және шаруалар депутаттарының кеңесі қарауындағы Түркістан өлкесі Халық комиссарлары кеңесі құрылатын болды. Халық комиссарлар кеңесінің құрамына 15 адам енетін болып белгіленді. Оның төрағасы болып Ф.И. Колесов сайланды. Халық комиссарлар кеңесінің құрамына сайланғандардың қатарында 8 солшыл эсерлер, 7 большевик болды. Осылайша, Түркістан өлкесінде құрылған кеңестік жоғары билік орнына бірде-бір жергілікті халық өкілдері енбей қалды [С.Агзамходжаев, 2006. 75]. Съездің соңғы күнгі 22 қарашадағы мәжілісінде жергілікті жерлердегі билікті құру мәселесі қарастырылды. Бұл жөнінде қабылданған қарарда жергілікті жерлердегі биліктің жұмысшы-солдат және шаруалар кеңестерінің қолына өтетіндігі аталып көрсетілді. Осылайша, кеңестердің ІІІ өлкелік съезінде Түркістан өлкесінде кеңестік билік жарияланып, қатаң таптық, партиялық принцип бойынша өлкелік үкімет – Түркістан өлкесінің Халық комиссарлары кеңесі құрылды. Бұл үкіметтің құрамына ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардан ешқандай да өкіл енбеді. Үкімет құрамы еуропалық нісілдегі большевиктер мен солшыл эсерлерден ғана тұрды. Түркістанда кеңестік мемлекет жергілікті халықтың қатысуынсыз жүзеге асырылды. Большевиктер Түркістанның жергілікті халқын өлкелік билікке қатыстырмай, пролетариаттың мүддесін жалпы адамзаттық құндылықтардан жоғары қойды. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың тегеурінді әрекетке көшпеуін пайдаланған большевиктер  өлке халқының тағдырын шешуді өз қолына алды. 1917 жылдың 23 қараша күні Түркістан өлкесі Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Ф.И. Колесов кеңестік үкіметтің басшысы В.И. Ленинге өлкеде кеңестік биліктің жария етілгендігін және оның үкімет құрамы жасақталғанын мәлімдеген жеделхат жолдады [Победа Октябрьской  революции в Узбекистане, 1963. 578]. Түркістан өлкелік Халық комиссарлары кеңесінің құрылуы жергілікті жерлерде кеңестік биліктің орнығуына ықпал ете бастады. Бірақ өлкенінің жекелеген өңірлерінде кеңестік билік бірден орнай қойған жоқ. Оның орнауы негізінен кеңестік билікке қарсы тұратын күштердің әрекетіне де байланысты болды. Түркістан өлкелік кеңестердің съезі өтіп жатқан кезде-ақ кеңестік билік Перовскіде, Чарджоуда Жызақта орнап үлгерген еді. Сырдария облыстық жұмысшы-солдат депутаттары кеңесі облыстағы билікті өз қолына алғаны жөнінде 8 қараша күні мәлімдеме таратқан болатын. Кеңестік билік орнаған жерлерде Уақытша үкіметтің билік орындары жойылып, оның орнына кеңестік билік орындарын құру жүзеге асырылды. Мұны қамтамасыз ету үшін Түркістан өлкелік халық комиссарлары кеңесі шұғыл түрде қызыл гвардия жасақтарын құруды қолға алды. Жетісу облысында қоғамдық-саяси ұйымдардың тегеурінді қарсылық көрсетуіне байланысты кеңестік билік тез арада кеңестер қолына өте қоймады. Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитеті секілді т.б. қоғамдық-саяси ұйымдар кеңестік билікті мойындамайтындығын танытты. Мұндай ұйымдардың әрекеті облыс комиссарының және Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі болған О.А. Шкапский тарапынан да қолау тапты. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар жергілікті жерлерде кеңестік биліктің орнығуына қарсы тұрды. Тек «Шуро-и-улема» ұйымы ғана кеңестік билікпен ымыраға келуге ыңғай танытты. Бірақ оның мұндай әрекеті де сол кезде нәтижелі бола қоймады. Сондықтан да «Шуро-и-улема» ұйымы Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі ойластырған іс-шараларға тартыла бастады. Түркістанда кеңестік биліктің жариялануына  Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі қарсы екендігін ұлттық басылымдар ақрылы былайша білдірді: «Соңғы кезде бүті русияны астан-кестен қылған большевик бәлекетінің салқыны Түркістанға тиді. Түркістанның не тұрмысына, не табиғатына тура келмейтін большевиксаясатын күшпен жүргізбекші болып, орыстың солдаттары мен жұмыскерлері қару-жарақ жұмсап зорлықпен билік жүргізе бастады. Түркістан аймағында жүзге екуден-ақ келетін орыс, оның бәрі де емес оннан бірі-ақ келетін солдат пен жұмыскерлері мұсылманның бір адамында ішіне алмай үкіметті өздеріне ғана сайлап, мұсылмандарды адам санына алмай, бостандық дегенді естен шығарып, ескі заманнан да таршылық күндер тудырды. Мұсылмандардың әзірге бар ұйымдарын советтердің қаскүнемдері деп, біреуіне ілтипат жасамады. Жұмыскерлер мен солдаттардың ұйымдары керек, «демократия» керек деп Түркістанның маңайына әлі бітпеген нәрселерді талап қылды. Мұндайларымыз жоқ десек, жетілгенше біздейлерге бағынасыңдар; сендерге бұл қалыпта тұрғандарыңда ерік беріп болмайды, сендер «буржуй» байларсыңдар дейді. Мұнан кейін Түркістан мұсылмандарына не автономия, федерация, бостандық дегендердің бәрімен қоштасып, Түркістан большевиктеріне қусырып, құлдыққа мойынсыну, не намысқа шауып, отанын аяқ асты қылып отырған бес-алты  бұралқы ит қатарлы бұзықтарға «ол біздікі, дәретсіз адам қолыңды тарт, аулақ жүр» деп өз билігін өз қолдарына алу қалды. ... Біздің Түркістан Учредительное собраниеде ерік аламыз деп сабыр қылумен бұл жерге дейін келді, ақырында большевик деген қиянатшыл автономия былай тұрғандаәзіргі азғантай еріктен айырып, тұйыққа қуып тыққан соң һәм бұл қалыпта тұрғанда Учредительное собраниенің болар болмасы белгісіз болған соң, халық автономиясын ығлан қылудан басқа, құлдыққа мойынсұну болмаса, ылаж қалмады» [Бірлік туы, 1917: 2]. Ташкент қаласындағы Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесінің төрағасы М. Шоқай және бұл ұйымның өзге де мүшелері Түркістан өлкелік Халық комиссарлар кеңесі құрылған бойда халықтың көңіл-күйін білу мақсатында облыстар мен қалалрды аралап, Самарқан, Қоқан қалаларында халықпен бірнеше кездесулер өткізеді. Ұйым мүшелері Ферғана өңіріндегі тұрғындармен кездесу барысында «мұсылмандарға өзінің ұлттық талап-тілектерін ашық білдіруге уақыттың келгендігін» мәлімдеп, оларды ендігі кезде белсенді әрекетке көшуге үгіттейді.Мұндай кездесулер барысында «ұлттық күрестің бірыңғай бағытын» анықтау үшін төтенше жалпыөлкелік мұсылман съезін шақыру керектігі мәселесі көтеріледі. Осындай жиындардың барысында жергілікті жерлердегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың өкілдеріне мынандай мазмұндағы хаттар жолданды: «Құрылтай жиналысына жетпей Уақытша үкімет құлады. Түркістанда өкімет билігі жұмысшы-солдат депутаттарының қолына көшті. Түркістандағы орыс солдаттары, жұмысшылары мен қоныс аударушы шаруаларының алабөтен ерекшеліктері өлкедегі бейбіт өмірге де, оны мекендегн халықтардың бір-бірімен туыстық қарым-қатынас орнатуына да қауіп төндірді. Ташкент большевиктері мұсылмандар өкілдерінің мемлекеттік биліктің орталық органдарына қатысуына ашық түрде қарсы шығуда. Орыс революциясының азаттық ұрандарына берік өлкелік мұсылман кеңесі мұсылман ағайындарын орын алып отырған оқиғаларға байыпты назар аудару және өзіміздің түйінді сөзімізді айту үшін 25 қарашада Қоқанда шақырылатын төтенше құрылтайға өз өкілдеріңізді жіберуге шақырады» [К.Есмағамбетов, 2008. 125-127].

Осылайша, Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесінің ұйымдастыруымен қалыптасқан ахуалға байланысты шешім қабылдау үшін 25 қараша күні Қоқанда төтенше мұсылмандар съезі өтетін болып белгіленді. Бұл съезге өлкедегі барлық ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың өкілін қатыстырту мақсатындағы іс-шаралар жүзеге асырыла бастады.

Қорытынды. Түркістан өлкелік Халық комиссарлары кеңесінің құрылуы жергілікті жерлерде кеңестік биліктің орнығуына ықпал ете бастады. Бірақ өлкенінің жекелеген өңірлерінде кеңестік билік бірден орнай қойған жоқ. Оның орнауы негізінен кеңестік билікке қарсы тұратын күштердің әрекетіне де байланысты болды. Оның үстіне қоғамдық-саяси ұйымдардың тегеурінді қарсылық көрсетуіне байланысты кеңестік билік тез арада кеңестер қолына өте қоймады. Өйткені Түркістандағы қоғамдық-саяси ұйымдар кеңестік билікті мойындамайтындығын ашықтан-ашық көрсетті.

Әдебиеттер

Рыскулов Т. Революция и коренное население Туркестана. – Ташкент: Узгосиздат, 1925. – Ч.І. 1917 - 1918. – 218 с.

Сафаров г. Колониальная революция (опыт Туркестана). – М.: Госиздат, 1922. – 147 с.

Муравейский С. Сентябрьские события в 1917 году // Пролетарская революция. – 1924. – №10.–  С. 138-161.

ҚРОММ. 9-қ., 1-т., 26-іс.

Приказ Генерального комиссара П.А. Коровиченко // Туркестанское слово. –  1917. – 9 ноябрь.

Проект об образовании Туркестанского исполнитльного комитета // Наша газета. – 1917. – 8 ноябрь.

В ташкенте состоялось краевое совещание // Туркестанское слово. – 1917. – 10 ноябрь.

Объединненое собрание Краевого мусульманского совета // Туркестанские ведомости. – 1917. – 17 ноябрь.

Есмағамбетов К.Л.  Әлем таныған тұлға (М. Шоқайдың дүниетанымы және қайраткерлік бомысы). – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 504 б.

Ғұламалар съезі // Бірлік туы. – 1917. – 16 ноябрь.

Агзамходжаев С.С. История Туркестанской автономии (Туркистон Мухторияти). – Ташкент: «Тошкент ислом университети», 2006. – 268 с.

Краевой съезд Советов рабочих и солдатских депутатов // Туркестанские ведомости. – 1917. – 21 ноябрь.

Победа Октябрьской  революции в Узбекистане. Сб.  документов. –Т.1. – Ташкент «Фан», 1963. – 658 с.

References

Ryskulov T. Revolyutsiya i korennoye naseleniye Turkestana. – Tashkent: Uzgosizdat, 1925. – V 1, 1917 - 1918. – 218 p.

Safarov G. Kolonialnaya revolyutsiya (opyt Turkestana). – M.: Gosizdat, 1922. – 147 p.

Muraveyskiy S. Sentyabrskiye sobytiya v 1917 godu // Proletarskaya revolyutsiya. – 1924. – №10.– p. 138-161.

Central State Archive of the Republic of Kazakhstan. F. 9,  R. 1, F. 26

Prikaz General'nogo komissara P.A. Korovichenko // Turkestanskoye slovo. – 1917. – 9 november.

Proyekt ob obrazovanii Turkestanskogo ispolnitl'nogo komiteta // Nasha gazeta. – 1917. – 8 november.

V tashkente sostoyalos krayevoye soveshchaniye // Turkestanskoye slovo. – 1917. – 10 november.

Obyedinnenoye sobraniye Krayevogo musulmanskogo soveta // Turkestanskiye vedomosti. – 1917. – 17 november.

Yesmaġambetov K.L. Alem tanyġan tulġa – Almaty: Dayk-Press, 2008. – 504 p.

Gulamalar syezí // Bírlík tuy. – 1917. – 16 november.

Agzamkhodzhayev S.S. Istoriya Turkestanskoy avtonomii (Turkiston Mukhtoriyati). – Tashkent: «Toshkent islom universiteti», 2006. – 268 p.

Krayevoy syezd Sovetov rabochikh i soldatskikh deputatov // Turkestanskiye vedomosti. – 1917. – 21 november.

Pobeda Oktyabrskoy revolyutsii v Uzbekistane. Sb. dokumentov. –V 1. – Tashkent «Fan», 1963. – 658 p.

Б.А.ДЖУРСУНБАЕВ

(Таразский государственный педагогический университет, к.и.н.)

 ПОЗИЦИИ НАЦИОНАЛЬНЫХ ОБЩЕСТВЕННО-ПОЛИТИЧЕСКИХ ОРГАНИЗАЦИЙ ТУРКЕСТАНА В СВЯЗИ С СТАНОВЛЕНИЕМ СОВЕТСКОЙ ВЛАСТИ

                                                  РЕЗЮМЕ

В 1917 году после октябьской революции в России политическая ситуация в Туркестане обострилась. Поддерживаемые местным населением национальные общественно-политические организации края пытаются  противостоять захвату власти большевиками. Открытое показание позиции национальных общественно-политических организации Туркестана в связи с становлением  советской власти содействует пониманию сути особенности политической жизни края того времени. Поэтому  данная тема посвящена  одному из важных проблем исторической науки.

Ключевые слова:Национальные общественно-политические организации. Туркестанский край. Октябрьская революция. Временное правительство.Советы рабочих и солдатских депутатов.

B.A. DZHURSUNBAEV

(Taraz State Pedagogical University, Ph.D.)

POSITIONS OF NATIONAL SOCIAL AND POLITICAL ORGANIZATIONS OF TURKESTAN IN CONNECTION WITH THE FORMATION OF SOVIET POWER

                                                    SUMMARY

In 1917, after the October revolution in Russia, the political situation in Turkestan worsened. The regional social and political organizations supported by the local population are trying to resist the seizure of power by the Bolsheviks. The open testimony of the position of the national socio-political organizations of Turkestan in connection with the establishment of Soviet power contributes to the understanding of the essence of the features of the political life of the region at that time. Therefore, this topic is devoted to one of the important problems of historical science.

Key words: National socio-political organizations. Turkestan region. October Revolution. Provisional Government. Councils of workers and soldiers' deputies.

No comments

To leave comment you must enter or register