Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІНДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ БОЛЬШЕВИКТЕРМЕН ҚАТЫНАСЫ

С.Т. ТОҚБОЛАТ, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті, т.ғ.к.

ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІНДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ БОЛЬШЕВИКТЕРМЕН ҚАТЫНАСЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(18), 2019

Tags: Шуро-и-Ислам, Шуро-и-улема, большевиктер, қоғамдық-саяси ұйымдар, Түркістан өлкесі, Түркістан автономиясы
Author:
Мақалада 1917 жылғы революциялық оқиғаларынан кейін Түркістан өлкесіндегі қоғамдық-саяси ұйымдардың ұстанымдары мен қызметі баяндалады. Түркістан өлкесіндегі қоғамдық-саяси ұйымдар ұлттық мемлекеттік құрылымдардың қалыптасуына өзіндік игі ықпалын тигізді деуге болады. Түркістан автономиясының жариялануы мәселесі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың белсенді әрекет етуіне серпін бергенімен сол тұста олардың арасынан кеңестік билікпен ымыраға келуге ниет танытқан ұйымдар да бой көрсетпей қалмады. Осындай әрекеттер өлкедегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың бәрі бірдей Түркістан автономиясының құрылуына қолдау таныта қоймағандығын көрсетеді. Сондай-ақ осы кезеңде біртұтас қазақ автономиясы құрыла қалған күнде, соған қолдау жасауға тырысатынын білдірген облыстағы басқа да ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар да кездесті. Яғни сол кезеңдегі қоғамдық-саяси ұйымдардың автономия құру мәселесінде келгенде ойлары бірнеше бағытқа бөлінгенін байқатты. Қоғамдық-саяси ұйымдардың іс әрекеттері азаттық алу бағытына бағытталса да ойларының бір жерден шықпауы нақты шешімге келуіне кедергі жасады. Нәтижесінде Түркістан өлкесінде кеңестік билік орнап, қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметі кезекпен тоқтатылды.
Text:

Кіріспе. ХХ ғасырдың бас кезіндегі Түркістан өлкесі халқының ұлт-азаттық қозғалысының шарықтау шегімен сипатталады. 1917 жылғы ақпан революциясынан кейін Түркістан өлкесіндегі саяси күрес жаңа серпін ала бастайды. Автономиялық еркіндік алу жолында жергілікті жерлерде қоғамдық-саяси ұйымдар құрыла бастайды. Саяси ахуалдың шиеленісуі, Ресейдегі билікке жаңа саяси күштердің келуі империя өңірлеріндегі жағдайларды орынды шешу жолында нақты қадамдар жасауына итермеледі.

Талқылау нәтижесі. Түркістан өлкесінде  ХХ ғасыр басында бой көтерген ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар кеңестік тарих ғылымында арнайы зерттеу объектісі ретінде қарастырылмады. Осындай ахуал негізінен сол кездегі идеологиялық талаптардан туындаған болатын. Осыған байланысты қоғамдық-саяси ұйымдар кеңестік биліктің орнауына тосқауыл жасаған ұйымдар ретінде бағаланып келді.

Кеңестер Одағы тарап, құрамындағы республикалар өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі уақытта жарыққа шыққан еңбектерде маркстік-лениндік методология мен партиялық талап үстемдігі жүрмеуіне орай, Түркістан өлкесіндегі қоғамдық-саяси ұйымдарға деген бұрынғы бағамдар өзгеріске түсті. Осындай қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметін зерттеуде өзіндік қомақты үлес қосқан М. Қойгелдиев [М. Қойгелдиев, 1995], К. Нұрпейісов [К. Нұрпейісов, 1995] және Д. Аманжолованың [Д. Аманжолова, 1994] сияқты ғалымдардың еңбектерін қарастыруға болады. Олар өз еңбектерінде ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарға объективті баға беруге деген алғашқы қадам жасады. Бұл авторлардың еңбектерінде 1917 жылғы саяси жағдайда құрылған «Алаш» партиясы мен өзге де ұлттық ұйымдардың ұлттық мүддені қорғау бағытында белсенді түрде қызмет жүргізгені көрсетілді. Сондай-ақ бұл авторлардың еңбектеріндегі тұжырымдар Түркістан өлкесіндегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылуы мен қызметін шынайы тереңдете зерттеуге өзіндік игі ықпалын тигізеді. Сондай-ақ К.Л. Есмағамбетовтың [К.Л. Есмағамбетов, 2008] М. Шоқайдың өмірі мен қызметіне арналған еңбегінде Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі, «Шуро-и-Ислам», «Шуро-и-улема» ұйымдарының қызметіне қатысты пікірлер білдіріліп, бұл ұйымдардың қызметі шынайы түрдегі өзіндік бағасын алған еді.

Нәтижесі. 1917-1918 жылдардағы Түркістан өлкесіндегі жергілікті саяси ұйымдардың азаттық жолындағы әрекеттерін зерделеу арқылы сол кезеңдегі өлкенің қоғамдық-саяси жағдайын сипаттауға қол жеткіздік. Түркістан өлкесіндегі қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметтері мен мақсаттары ерекшеленіп, ұстанымдары тоғыспады. Сондықтан қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметін анықтау арқылы өлкедегі негізгі саяси күштердің бағытын анықтауға мүмкіндік алдық.

Негізгі бөлім. Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі ұйымдастыруымен 1917 жылдың 25-29 қараша аралығында Қоқан қаласында Түркістан өлкесі мұсылмандарының ІV съезі өтті. Оған Сырдария, Ферғана, Самарқан, Закаспий облыстары мен Бұхар әмірлігінен және Хиуа хандығынан 250-ге жуық делегат қатысты. Олардың қатарында «Шуро-и-Ислам», «Шуро-и-улема», «Тұран», Түрік Федералистері партиясы, Сырдария облыстық Қазақ-қырғыз кеңесі, Түркістан өлкелік Қазақ-қырғыз кеңесі секілді ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың өкілдерімен бірге еврейлердің «Паолей-Сион» атты өлкелік ұйымының да өкілдері болды. Съездің күн тәртібіне Түркістан өлкесін басқару формасы, Түркістанның Оңтүстік-шығыс одағына қосылуы, Атқару комитеті құрамын сайлау, Түркістан Құрылтай жиналысы секілді мәселелер қойылды. Съездің 12 адамнан тұратын төралқасы құрамы сайланып, олардың қоғамдық-саяси ұйымдардың М. Шоқай, У. Ходжаев, О. Махмудов, С. Ақаев секілді өкілдері енді [1].

Съезге қатысушылар кеңестердің ІІІ өлкелік съезінде қабылдаған шешімді Түркістанның жергілікті халқының құқығын аяқ асты етушілік деп бағалап, күн тәртібінде тұрған Түркістан өлкесін басқару формасы мәселесін қызу талқылап, Түркістан өлкесін Ресей Федеративті Респубикасы құрамындағы аумақтық автономия болуын жақтады. Түркістан автономиясын (мұхториятын) жария еткен съездің осы шешімі «Бірлік туы» газетінде былайша көрініс тапты: «Аса арнаулы болып жасалған Түркістан аймағы мұсылмандарының төртінші жалпы съезі Русия ұлы өзгеріс салып берген жолмен әр жұрт өзін-өзі басқаруға ықтиярлы болсын деп еркіндікті қалайтын Түркістан аймағындағы барлық халықтардың қалауы бойынша, Түркістан аймағын Русия демократиялық республикасымен бірлікте болып, бөлек жасауға ерікті территориялық автономия (жергілікті бостандық) қылып ығлан етті. Бұл автономия қай түрде болуы жақын арада шақырылмақшы болған Түркістан аймағының Учредительное собраниесінің ықтиярына беріледі. Съез өз атынан Түркістан аймағындағы саны аз ұлттардың құқықтарына қиянат қылдыртпай қорғалатынын аса елеулі түрде мәлім қылды» [2].

Съездің делегаттары 28 қараша күні Түркістан автономисының Ұлт мәжілісінің құрамын сайлады. Оған М. Шоқай, И. Шагиахмедов, М. Тынышбаев, У. Ходжаев, Ә. Оразаев, С. А. Герцфельд, Қ. Қожықов, Т. Нарботабеков, С. Лапин, С. Міржәлелов, Х. Агаев, Ғ. Дербісалин, М. Акчурин, М. Бехбуди, И. Дәулетшин, Т. Мұсабаев, С. Юсупов, С. Саидов, Ғ. Ғабдуллин, М. Мырзахметов, Ғ. Құшбегиев, Ғ. Махмудов, Ж.. Қарабеков, Х. Ширинский, А. Ғафуров, Ғ. Ғабдусалимов, А. Мансуров, Т. Ходжаев, К. Рахманбердиев, Ә. Шәкірхантөреев, Н. Камалхантөреев, С. Шарафходжаев сайланды. Ұлттық мәжіліске съездің ұйғарымы бойынша қалалық думалардан 4 өкіл, теміржол ұйымынан, пошта және телеграф ұйымынан, шаруалар кеңесінен, социалист-революционерлер партиясынан, социал-демократтар партиясынан, жұмысшы-солдат депутаттары кеңесінен, поляктардың ұйымынан, еврейлер ұйымынан, завод жұмысшылары ұйымынан, армяндар ұйымынан, кооператорлар ұйымынан және казактар ұйымынан бір-бір өкілден енетін болды [3].

Ұлттық мәжіліске сайланғандар Түркістан автономисының уақытша үкіметінің мынандай құрамын тағайындады: 1) министр-төраға және ішкі істер министрі М. Тынышбаев, 2) министр-төрағаның орынбасары И. Шагиахмедов, 3) сыртқы істер бөлімінің басшысы М. Шоқай, 4) халықтық милиция және қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің басшысы У. Ходжаев, 5) жерге орналастыру және суды пайдалану министрі Х. Агаев, 6) азық-түлік министрі А. Махмудов, 7) ішкі істер министрінің орынбасары Ә. Оразаев, 8) қаржы министрі С.А. Герцфельд [4, 131-б.].

Түркістан өлкесі мұсылмандарының ІV съезі Түркістан автономиясын жариялап, оның Ұлттық мәжілісі мен үкіметі құрамын айқындағаны сол күні-ақ, яғни 28 қараша күні Қоқан қаласының жұртшылығына мәлім болған еді. Соған орай Қоқан қаласының мұсылман жұртшылығы «Шуро-и-ислам», «Шуро-и-улема», «Тұран», «Еңбекші мұсылмадардың одағы» секілді т.б. ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың өкілдерімен бірге шеруге шықты. Олар Түркістан автономиясы мен оның үкіметіне барынша қолдау танытуға даяр екендіктерін танытты. Шеруге шығушылардың алдында съездің мынандай мазмұндағы қаулысы оқылды: «1. Съез сайлап шығарған ел-жұрт мәжілісі (Ұлт мәжілісі) ағзаларына һәм 12 адамнан тұратын автономиялы Түркістанның уақытша үкіметінің ағзаларына ешкім тие алмайды һәм бұларды жұрт мәжілісінен ықтиярсыз ешкімнің ұстауына болмайды. 2. Кімде-кім бұлардың біреуіне қарсы болып әрекет жасаса Түркістан аймағының 10 миллионнан көп халқына қарсы шығып, келсең кел дегені болып шығады. 3. Сайлап қойған адамдарды аман сақтау керек болған жерде қорғап алу міндетін съез жұрттың өзіне тапсырады» [2].

Съездің 29 қараша күнгі мәжілісінде Түркістанның Оңтүстік-шығыс одағына (1917 жылы 2 қарашада Дон казактарының бастамасымен кеңестер билігіне қарсы күресу мақсатында құрылған «Казак әскерлері, кавказдықтар мен ерікті дала халықтарының оңтүстік-шығыс одағы») қатынасы мәселесі талқыланып, ол жөнінде: «1. Іс жүргізіп тұратын бір комитет сайлап шығарып, «Юго-восточный союзбен» Түркістан арасында ынтымақ қандай шарттармен болатынын анықтап білу үшін саяси өкілдер жіберу сол комитетке тапсырылсын. 2. Ол союзға кіру немесе кірмеу мәселесі жақында шақырылатын Түркістан халықтарының Учредительное собраниесіне тапсырылсын. 3. Жұрт шаруасы күйзеліп кетіп бұған шара союзға қосылу ғана қалған болса іс жүргізетін комитет Түркістан Учредительное собраниесі ашылғанша уақытша шарт жасасып, уақытша қосыла тұруға ықтияры бар» [2], – деген қаулы қабылдады.

Түркістан өлкесі мұсылмандарының съезі уақытша Сібір үкіметінің төрағасы Г.Н. Потаниннің атына жеделхат жолдап, Түркістан автономиясының құрылғандығын мәлімдеу жөнінде шешім қабылдады. Сондай-ақ съездің соңғы күнгі мәжілісінде «Шуро-и-Ислам» ұйымы өкілдерінің тарапынан Ташкент большевиктерінің жергілікті халыққа жасап жатқан зорлық-зомбылығына қарсы шаралар қолдану мәселесі де көтерілді. Осы мәселе бойынша сөз алғандар большевиктердің Ташкентте тінту жүргізулері, негізсіз тұтқындаулары қалыпты жағдайға айналғанын, мұндай жағдай Ақпан революциясы жариялаған бостандық негіздеріне үйлеспейтіндігін мәлімдеді. Осыған орай съез Ташкент большевиктері тұтқындалғандарды тез арада босату керектігін, тінту жүргізуін доғаруын талап еткен қаулы қабылдап, ол қаулыны Ташкенттегі Халық коиссарлары кеңесіне жіберу жөнінде ұйғарым жасады. Сонымен қатар съездің атынан халыққа үндеу жариялауды Түркістан автономиясының үлесіне қалдырды [1].

Жаңадан құрылған Түркістан автономиясының үкіметі съез атынан үндеуді 1 желтоқсан күні жария етті. Бүл үндеуде халықты Түркістан автономиясына қолдау көрсетуге шақырылды және онда: «бұғаудан босаған түркістандықтардың өз жерінің толық қожайындары ретінде өз тарихын өздері жасайтын сәт туды. Біз алдымызда тұрған міндеттердің ауқымды екендігін, біздің ісіміздің дұрыстығын сезініп, Аллаһтың ризашылығымен өз жұмысымызға кірістік», – делінген мәлімдеме жасалды [1].

Жергілікті халық өкілдері Түркістан автономиясының жариялануын зор қуанышпен қарсы алды. Өлкедегі қалаларда Түркістан автономиясына қолдау көрсетуге мақсатында митингілер өтті. Мәселен, Наманган қаласындағы орталық көшеге лық толған адамдар «Жасасын Түркістан автономиясы мен оның үкіметі!» деген плакаттар алып жүрді. 6 желтоқсан күні Ташкентте «Шуро-и-Ислам» ұйымының ұйымдастыруымен Түркістан автономиясына қолдау көрсетуге арналған, 60 мыңнан астам адам қатысқан митинг болып өтті. Шымкент қаласы мұсылмандары Түркістан автономиясының жариялануына қатысты арнайы жиналыс шақырып, қолдайтындарын білдірді. Перовск және Қазалы уездерінің қазақтары Түркістан автономиясын өздерінің қолдайтындығы туралы жеделхат жолдады. Мұндай ниетті Ырғыз уезінің қазақтары да білдірді [1].

Түркістан автономисына тек жергілікті халық өкілдері ғана емес, өзге халықтардың ұйымдары да қолдаушылық көрсететіндігін танытты. Өлкедегі социал-революционерлердің 25 желтоқсанда Қоқан қаласында өткен съезі Түркістан автономиясын қолдайтындықтарын, оның үкіметімен бірлесіп жұмыс істеуге әзір екендіктерін мәлімдеді [5]. еврейлердің Ташкенттегі «Бунд» және Қоқандағы «Вайнер» қоғамы Түркістан автономиясының жариялануына байланысты құттықтауларын жолдап, оған көмек көрсететіндігін танытты [1].

1917 жылдың қараша айында Түркістан өлкесінде қос билік орнап, оның алғашқысы кеңестік негізде құрылып, ең алдымен ресейлік қоныс аударушылардың мүддесін көздеп, жағдайын нығайта түсуге қызмет ететіндігін білдірсе, соңғысы отарлық езгіге қарсы, діни және ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды негізге ала құрылып, жергілікті халықтың өзін-өзі басқару құқығын баянды ету көздеген мақсаты болатындығын білдірді [6, 343-344-бб.].

Жергілікті халықтың еркін білдіретін Түркістан автономиясының жариялануын Түркістан өлкесі Халық комиссарлары кеңесі мойындаудан бас тартты. Бұл жөнінде С. Қожанов 1918 жылы қаңтарда «Бірлік туы» газетінде былай деп жазды: «Өткен жылғы ноябрьдің басынан бері Түркістан аймағының билігін большевиктер партиясы зорлықпен қолдарына алып, өз айтқанын қылдырып тұр. Кезінде ірілі-уақты мұсылман ұйымдары: «Біз мұндай зорлықпен күш қылып, бостандыққа қарсы іс қылғандарды танымаймыз. Айтқанын тыңдап, айдағанына жүрмейміз», – деп қарап еді. Бұны елең қылған большевиктер жоқ. «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге енеді» деген осыдағы. Мұнан да іс шығара алмайтұғынын біліп, 25 ноябрьде жалпы Түркістан мұсылмандары болып, большевиктерге бой ұсынбаймыз деп Қоқан шаһарында съез жасап, автономия ығлан етіп еді. Большевиктер бұған да бір жол тапты. Бұл жолы: «Автономияны Түркістанның байлары һәм молдалары ғана істеп отыр. Кедейлердің қатысы жоқ, олар біздің жақта. Соның үшін біз бұл автономияны танымаймыз», – деп отыр. Бұдан тағы іс шықпайтын болған соң, мұсылмандар 25 декабрьде Қоқан шаһарынде, жұмыскері бар, егіншілері бар, тағы съез жасады. Бұл съезде Түркістан автономиясын жақтап, большевиктерге қарсы қаулы жасап еді. Бұған тағы да: «бұл кедейлердің байлардан қорқып, жалтақтап етіп жүрген ісі. Одан басқа шын кедейлер бұл сөзді айтпайды дейді. … Бұл болған съездердің барлығы да байлардікі. Ішінде кедейлер болса, көбі байлардың қасы мен қабағына қарағандар. Әлі болса шын кедейлер бас қосып, мынау кедейлер қаулысы деп қолға ұстайтын түк жоқ. Соның үшін біз өзіміз шын мұсылман кедейлерінің советін ашамыз дейді. Солар автономия керек десе, шын қаулы солардікі болады. Соларға береміз деп жалтарып шықты» [5].

Түркістан автономиясының жариялануы мәселесі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың белсенді әрекет етуіне серпін бергенімен сол тұста олардың арасынан кеңестік билікпен ымыраға келуге ниет танытқан ұйымдар да бой көрсетпей қалмады. Сондай ұйымдардың бірі «Шуро-и-улема» ұйымы болатын. Бұл ұйымның жетешісі С. Лапин мұсылмандардың ІV съезі кезінде Түркістан автономиясының Ұлттық мәжілісі құрамына сайланғанына қарамастан автономияға қарсы әрекеттерге көше бастады. Ол желтоқсан айының бас кезінде Ұлттық мәжіліс құрамынан шығатыны жөнінде мәлімдеме жасап, Түркістан автономисына қарсы үгіт жүргізе бастады. 1918 жылдың 11 қаңтарында Сырдария облысының Ташкент уезіндегі қазақтар, татарлар және өзбектер Түркістан автономиясына қолдау көрсету мақсатында Қойлық деген жерде съез өткізіп жатқанда С. Лапин бұл съезге «Шуро-и-улема» ұйымының өкілдерін жіберді. Бұл өкілдер съездің барысында «Түркістан автономиясының түк пайдасы жоқ» деп мәлімдеме жасап, съезге қатысушыларды оған қарсы үгіттеген-ді. Бірақ делегаттар олардың сөзіне құлақ аспай, Түркістан автономиясына қолдау көрсетудің жолдарын қарастыруын жалғастыра берді [5].

С. Лапин жетекшілік еткен «Шуро-и-улема» ұйымы 1918 жылдың 5 қаңтарында Ташкент қаласында өткен жиналысында да Түркістан автономиясына қарсы екендіктерін танытып, бұл жөнінде қаулы да қабылдағаны туралы «Бірлік туы» былай деп жазады: «Осы үстіміздегі 5 январь күні Ташкенттегі «Ғұламалар жамиғаты» мешітте жиылыс жасап, Түркістан автономиясы жайлы мынандай қаулыны ығлан еткен: «Бұл автономияның бізге пайдасы жоқ, бұны біз танымаймыз һәм уақытша үкіметтің дегеніне жүріп, айтқанын аңдып, артына ермейміз». ... Бұл хабар шаһарда болған мұсылмандар арасына таралуымен халық арасында түрлі сөздер шығып, халықтың бір бөлігі «Автономия ығлан етілгенде айтқанын тыңдап, артына еруге ант еттірген осы ғұламалар еді. Енді бүгін тағы былайша дейді.. Осындай істер ғұламаларға келісеме екен» деген пікірде. Бірқатар адамдардың мұны естіген соң көңілі қайтқан. Дүйсенбі күні азық-түлік комитетінің жиылысы болып, «Ғұлама жамиғатының» істеген істерін шариғат жолына һәм дұрыс ақыл-ойға лайық іс емес екендігін айтып тарқасқан. ... Ғұламалардың бұлай айтып жүргені рас болса, бұл ақ көңілді мұсылман халқының көгеруіне пайдалы іс емес. Амал не? Бірақ халықтың есті адамдары аман болса, бұлардың көп ұзамай қарасы өшер деген үміт зор» [8].

«Шуро-и-улема» ұйымының мұндай ұстанымы 6 желтоқсан күні өткен Ташкент қалалық думасының мәжілісінде де білдірілген болатын. Бұл мәжілістің күн тәртібіне қалалық думаны тарату жөніндегі Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Колесовтың бұйрығы, Түркістан автономиясына көзқарас, Мәскеу қаласы думасының шақырған съезіне делегаттар сайлау секілді мәселелер қойылған болатын. Күн тәртібіне қойылған бірінші мәселе бойынша, большевиктердің қалалық думаны тарату жөніндегі бұйрыққа мәжіліске қатысушылардың басым көпшілігі наразы екенін білдірді. Түркістан автономиясына байланысты мәселе қаралған сәтте «Шуро-и-улема» ұйымы атынан мәжіліске қатысқан С. Лапин жарияланған Түркістан автономиясы өлкедегі мұсылмандардың мүддесін толық қамтамасыз ете алмайды, өйткені бұл автономияның үкіметін халық сайлаған жоқ, оның бағдарламасында өлкенің жергілікті халқының мүддесін қорғайтын нақтылы әрекеттер көзделмеген деп мәлімдеді. С. Лапиннің пікірінше, Түркістан автономиясының үкіметі «Шуро-и-улема» ұйымының бағдарламасын басшылыққа алып, оны жүзеге асыруға құлық танытпаған, яғни мемлекеттік құрылымды құруда Шариғат негіздерін басшылыққа алмаған. Осыған байланысты «Шуро-и-улема» ұйымы Түркістан автономиясына қолдау көрсете алмайтындығын, соған орай Түркістан өлкелік Халық комиссарлары кеңесімен ымыраға келіп, ұйымның бағдарламасын жүзеге асыруға ниет танытатындығын С. Лапин ашық білдірген болатын [1].

«Шуро-и-улема» ұйымының мұндай әрекеті ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың бәрі бірдей Түркістан автономиясына қолдау таныта қоймағандығын көрсетеді.

Түркістан өлкесіне қарасты Жетісу облысындағы ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар да Түркістан автономиясына ашық қолдау көрсете қоймады. Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитетінің және облыстағы басқа да ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың өкілдері біртұтас қазақ автономиясы құрыла қалған күнде, соған қолдау жасауға тырысты.

1917 жылы 5 желтоқсанда Орынбор қаласында өз жұмысын бастаған екінші жалпықазақ съезіне қатысқан 82 өкілдің қатарында Сырдария және Жетісу облысындағы ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың мүшелері де болғаны байқалды. Съезге Жетісу облысынан Ө. Айбосынұлы, Ж. Отарбайұлы, М. Ысмайылұлы, И. Тергеусізұлы, С. Сабатаев, Н. Хамитұлы, Н. Жақыпбайұлы, И. Арабаев, Сырдария облысынан Ә. Кенесарин, И. Сарысақұлы, И. Ержігітұлы, С. Алдабергенұлы, М. Байзақұлы, М. Шоқай қатысты. Осы съезде құрылған Алашорда үкіметінің құрамына Үржардағы мұсылман комитетінің төрағасы С. Аманжолов пен Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесінің төрағасы және Түркістан автономиясын үкіметінің мүшесі М. Шоқай енді. Сондай-ақ Алашорда үкіметінің құрамына Түркістан автономиясының төрағасы М. Тынышбаев та сайланған болатын [9, 20-30-б.].

Алаш автономиясын құру туралы шешім қабылдап, Алашорда үкіметін – Ұлт кеңесін сайлаған жалпықазақ съезінде Түркістан автономиясына қатысты мәселе де қарастырылып өтті. Осы съезде М. Шоқай қатысушылар алдында  Түркістан автономиясының құрылғандығы туралы хабарлады [6, 345-б.]. Осыған орай Алаш автономиясын жария ету мәсеселесі төңірегінде қызу пікірталас өрбіп, съез мынандай қаулы қабылдады: «1. бір айдың ішінде Алашорда Түркістан қазағын бүкіл Алашқа қосып алады, қосып алса да, алмаса да, өз алдына автоноия ресми ығлан етуге ерікті. 2. 1 айда Түркістан қазағын Алашқа қосып ала алмаса, өз алдына автономия ығлан етуге ерікті. 3. Егер бір айдан кейін Алаш баласы қосылмаса һәм қалған Алашқа автономия ығлан етілмесе, әркім өз күнін өзі көреді. 4. Егер Түркістан қазағы бір айда бізге қосылса, автономияны қашан ығлан ету ықтияры Алашордаға берілсін» [10, 28-б.].

Екінші жалпықазақ съезі қабылдаған бұл қаулы Алаш автономиясын жариялау Түркістан қазақтарының қосылуына тікелей тәуелді болды дегенді білдірмейді. Екінші жалпықазақ съезінде құрылған Алашорда үкіметінің ең алғашқы жасаған әрекеттері ұлттық бірлікті қамтамасыз етуге бағытталды. Съез өз жұмысын аяқтаған соң Алашорда үкіметі Сырдария қазақтарының съезін шақыру туралы шешім қабылдап, бұл жөнінде тиісті адрестерге мынандай мазмұндағы жеделхаттар жолдады: «Екінші жалпықазақ қазақ-қырғыз съезі бүкіл алаш баласын біріктіріп, өз алдына автономия ығлан етуге қаулы қылды. Бұл туралы Түркістан қазағымен келісу үшін Алашорда 5 январьда Түркістан шаһарында Сырдария облысының съезін шақырды. Съезге болыс басы бір өкіл келсін. Мұстафа һәм жолдастары бұл съезді 10 январьда шақырған еді. Оны өзггертіп, 5-і болсын делінді. Түркістан қазақтарымен сөйлесуге Бақытгерей Құлманов, Міржақып Дулатовты һәм Тұрағұл Құнанбаевты жіберді. Уақыт шұғыл, мәселе зор болғандықтан, съезге айтылған күннен қалмай келулері керек». Бұл жеделхатта Сырдария облыстық съезіне Перовск уездік ұлттық кеңесінің төрағасы Е. Қасымовтың, Сырдария облыстық Қазақ-қырғыз кеңесінің төрағасы Ә. Көтібаровтың, «Иллиятия» ұйымының төрағасы Қ. Қожықовтың, Түркістан өлкелік Қазақ-қырғыз кеңесінің мүшесі С. Ақаевтың, Әулеиеата уездік Қазақ-қырғыз кеңесінің төрағасы Ә. Кенесариннің және т.б. қайраткерлердің арналып шақырылғаны аталып көрсетілді [9, 19-б.].

Алашорда үкіметінің шақыруымен Сырдария облысы қазақтарының съезін өткізуге Түркістан өлкесіндегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар да атсалысты. Ә. Көтібаров жетекшілік еткен Сырдария облыстық Қазақ-қырғыз кеңесі Түркістан қаласында қаласында өтуі тиіс болған съездің ұйымдастырылуын өз мойнына алды. Бірақ бұл съез Алашорда үкіметі белгілегендей 5 қаңтарда емес, 6-9 қаңтар аралығында өтті. Сонымен қатар съезге Алашорда үкіметі арнап шақырған М. Тынышбаев, Ә. Оразаев, Е. Қасымов және М. Шоқай қатыса алмады. Алашорда үкіметі атынан съезге қатысуға Б. Құлманов, Т. Құнанбаев және М. Дулатов келді. Съезге 82 делегат қатысты. Олардың қатарында, «Иллиятия» қоғамының төрағасы Қ. Қожықов, Әулиеата уездік Қазақ-қырғыз кеңесінің төрағасы Ә. Кенесарин және Түркістан автономиясы атынан келген өкілдер бар еді. Съез Сырдария облыстық Қазақ-қырғыз кеңесінің жетекшісі Ә. Көтібаровтың төрағалық етуімен өтті [10].

Сырдария облысы қазақтарының съезінің күн тәртібіне облыс қазақтарының Алаш автономиясына қосылуы, ұлт қазынасы, азық-түлік мәселесі қойылды. Съезде бірінші мәселе бойынша екі күн бойы қызу пікірталас жүрді. Бұл жөнінде «Бірлік туы» газеті былай деп жазды: «Түркістан автономиясы атынан келген өкілдер Сырдария қазақ-қырғыздарының Түркістанмен қонысы бір, құралас отырғандарын айтып, бұл күннен айырылып, «алаш» автономиясына қосылуды тіршілік жолы көтермейді деп Түркістанда қалуды қуаттады. «Алашорда» атынан келген өкілдер мұндай аяққа тұсау, тілге күрмеу болмай, аяқ барғанша жүріп, ауыз барғанша сөйлеп, әр халық өз мұңын өзі қарап жатқанда, әр жұрт өз жалауын көтеріп, өз ұранын шақырғанда біздің де бүтін алты Алаш баласы болып бірігуіміз жөн, егер біз алты миллион Алаш баласы айырылмай бас қоссақ, іргелі ел болғанымыз, бас қоса алмай бытырап бет-бетімізге кетсек өмірге іргелі ел бола алмай кім көрінгеннің қолында кетуіміз ықтимал дейді. Атамыздың мақалы бар: «Пайданы басқа, бастан соң досқа» деген, әуелі өзіміз бас қосайық, мұнан соң басқа бауырлармен бірігу жағын қарайық деп қазірден «алаш» автономиясына қосылуды қуаттап сөйледі. Жалпы өкілдерден бұл екі пікірдің екеуін де жақтаушылар болып мәселе ауырлап екі күнге тартылды. Аяғында екі жақтың да пікірлерін бір ынтымақ, бір қаулыға келтіру үшін әр уезден екі адамнан, «Алашорда» мен Түркістан уақытша үкіметі өкілдерінен комисссия жасалып, іс осы комиссияға тапсырылды» [11].

Съезге Алашорда өкілі ретінде келген М. Дулатов Сырдария қазақтарынының алаш автономиясына қосылу мәселесіне байланысты мынадай ұсыныстарды алдыға қойды: «1. Алаш автономиясы жария етілгенше Сырдария Түркістан автономиясында тұра тұрсын.

2. Алаш автономиясы жария етілгенде Сырдария Алаш облыстарының бірі болып саналсын.

3. Алаш астанасы Түркістан шаһары болсын.

4. Алашорда мен Түркістан автономиясы одақ болсын» [11].

М. Дулатовтың ұсынған бұл жобасын съез делегаттары қабыл алмады. Делегеаттар съезде арнайы құрылған комиссияның әзірлеген жобаға түзетулер енгізіп, оны бір ауыздан қабылдады. Онда былай көрсетілген болатын: «1. Сырдария облысы осы күні тегіс Түркістан автономиясында болғандықтан әзірге Түркістан автономиясында қалады.

2. Алаш автономиясы жария қылынып, Түркістанмен одақ болса, Сырдария қазақ-қырғызы сол күннен бастап Алаш автономиясына қосылады.

3. Сырдария қазақ-қырғызы қосылғанда Алаш астанасы Түркістан шаһары болады.

4. Сырдария Алашқа қосылғанда Түркістан құрылтайына сайланған өкілдер Алашорданың сайлау жобаларына тура келсе, алаш құрылтайына да өкіл болып сайланады.

5. Осы съезде болған қаулылар Түркістан құрылтайына сайланған өкілдерге негіз болады» [11].

Сырдария облысы қазақтарының съезі өтіп жатқан кезде оған Түркістан өлкесі Халық комиссарлары кеңесінің мүшесі, большевик Полтарацкий келіп қатысқан еді. Съезде оған да сөз берілді. Ол өз сөзінде ұлттық мемлекеттік құрылымдардың қажеттігі жоқ, оған қолдау танытушылық бос әурешілік деген пікір білдірді. Оның бұл пікіріне съезге қатысып отырған ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың өкілдері қарсылық көрсетіп, оның съезді тастап кетуіне мәжбүр етті. Бұл жайт жөнінде «Бірлік туы» газеті былай деп жазды: «Ташкенттен келген большевиктер советінің мүшесі Полтарацкий кезектен тыс сөз алып сөйледі. Түркістан автономиясы, уақытсыз, орынсыз һәм жалпы жұрт пайдасын көздеген автономия емес деп өзінше түрлі дәлелдер келтірді Түркістанның бұл автономиясын большевиктердің танымайтындығын һәм бұлай етіп ерік беріп жібермейтінін народный комиссарлар атынан сөйледі. Полтарацкий сөйлеп болған соң бір-екі өкіл тұрып, өзіміз Түркістан автономиясын қуаттап отырып, бұған сөз беруіміз жөнсіз деп айтқан соң съез Полтарацкийдің сөзін елеп қарсы жауап айтпай, аяқсыз қалдырды. Полтарацкий сөйлеген өкіл сөздерін орысша перевод етіп түсіндір деп сұрап еді, переводчикті өзің тап, саған мұнда переводчик болатын кісі жоқ деп жауап берді. Сөзін тыңдап елейтін адам болмаған соң съезден шығып кетіп бара жатқанда жиылған жұрт артынан ысқырып, жер теуіп, айқайлап қалды» [11].

Съезде бұдан соң Түркістан автономиясына қолдау көрсету мәселесін талқылап, оған қолдан келген көмекті алмау жөнінде ұйғарым жасалды. Мұндай көмек нәтижелі болуы үшін Сырдария облысындағы ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарға тез арада халық милициясын құру ісін қолға алу тапсырылды. Делегаттар Перовскідегі ұлттық комитеттің төрағасы Е. Қасымовтың жергілікті кеңес өкіметі тарапынан тұтқынға алынғанына наразылық танытып, оны тез арада босату жөнінде талап білдірген жеделхатты Перовск комиссариатына жіберетін болды [11].

Делегаттар съездің соңғы мәжілісінде жергілікті ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарға халық милициясын құру жөнінде нақтылы тапсырма бере отырып, большевиктер партиясының саясатына байланысты мынанда қаулы қабылдады: «1. Большевик үкіметін қазақ-қырғыз танымайды, айтқанына еріп, айдағанына жүрмейді. Сол себепті олардың зорлық-зобылық қылып, халықтың тыныштығын алмауы талап етіледі.

2. Бұл большевиктерге еріп халықтың берекесін кетірген қазақ-қырғыз балалары болса, бұларға наразылық білдіріп ел дұшпаны, ұлт дұшпаны екені жария қылынсын» [11].

Сырдария облысы қазақтарының съезі большевиктер саясатын қолдамау, қазақтардан шыққан боьшевиктерге қарсылық көрсету туралы шешім қабылдап жатқан кезде облыстың бірқатар өңірлерінде кеңестік билік күш ала түскен еді. Сондай өңірлердің бірі Әулиеата уезі болатын. 1917 жылдың желтоқсан айына қарай мұнда қазақ-қырғыздан шыққан большевиктер уездік Қазақ-қырғыз кеңесіне қысым көрсетуге көшіп, бұл ұлттық қоғамдық-саяси ұйымды жауып тынды. Бұл жөнінде «Бірлік туы» газетінде «Әулиеатада қазақ-қырғыз большевиктері» деген атпен мынандай мазмұндағы мақала жарияланған болатын: «Біздің Әулиеата уезіне қараған қазақ-қырғыздың жақсы-жаман «киргизский совет» дейтін мекемесі бар еді. Бұл советте төбе ағасы Әзімхан мырза Кенесарин болып, қазақ-қырғызға керекті тығыз істер бола қалса, советке ел сайлап қойған жаңа талап жас мүшелерді жинап алып, сағатында жиылыс жасап тұратын еді. Әзімхан мырза Орынбордағы жалпықазақ съезіне кеткен соң, Меркеден Төреқұл Жанұзақ баласы дейтін бір переводчик келіп, мекемесінің мүшелерін қуып, өзіне ерген адамдардан мүше сайлап, бірқатар надан қара халықты артына ертіп солдаттарға қосылды һәм киргизский советті большевик деп жар салды. Көп ұзамай-ақ қазақ-қырғыз мекемесін «совет солдатских рабочих депутатов» мекемесіне тапсырды. Өздері күшті қолдарына емін-еркін алып алған соң жұмыспен барған адамдарды кіргізбейді, әр уақыт істері жасырын. Бірен саран адамдар сіздер неге қазақ-қырғыз мекемесін бұзып, басқаларға қостыртыңыздар деушілерге мынандай жауап береді: «Біз солдаттармен бірігіп, қазақ-қырғыздың аш арығын бағып қағамыз». Міне, біздің Төреқұл мырзаның солдаттармен бірігіп іс қыла бастағанына ай жарым уақыт болып қалды. Әлі де болса халыққа ине жасауындай тиген пайдасын көргеніміз жоқ. ... Олардың басты істеген жұмыстары мыналар: 1) қазақ-қырғыз мекемесін солдаттарға қосты. 2) Өз дегеніне, өз арттарына еретін һәм түн ортасына дейін отырып қызара бөртетіндерден қазақ-қырғыз мекемесіне мүшелер сайлап алды. 3) Біздің Әулиеата уезінің қазақ-қырғызына автономия керек емес, халық надан деп елді азғырды. 4) Әзімхан Кенесарин Орынбордағы жалпықазақ съезіне хан болып сайлануға кетті деп солдаттарға шықты. Құдай біздің Әулиеата қазақ-қырғызына күні-түні ел деп еңірейтін «қамқорлар» берді. Көп ұзамай-ақ дегеніңе қолың бір жетер» [12].

Осылайша, жергілікті жерлерде орнай бастаған кеңестік билік Әулиетадағы Қазақ-қырғыз кеңесін жауып үлгірді. Бұдан алдын Перовскідегі ұлттық комитет те өз қызметін Е. Қасымовты большевиктер тұтқынға алуына байланысты өз қызметін тоқтатқан болатын [12]. Ташкент қаласындағы «Мұсылман еңбекшілерінің одағы» ұйымы кеңестік биліктің айдап салуымен 15 қарашада өткен өлкелік шаруалар съезіне өз өкілдерін жіберіп, ендігі жерде бұл ұйымның жұмысшы-солдат және шаруалар депутаттары кеңесі құрамына кіретіндігін білдірген еді. Нәтижесінде бұл ұйым да өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болды [13, 4-п.].

Әулиеата мен Перовск уездерінен бөлек, басқа да өңірлерде ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар жергілікті большевиктік ұйымдар тарапынан қысымға алына бастады. Большевиктер партиясы қатарына өткен Т. Бокин бұл партияның саясатын қазақтар мен қырғыздар арасына тарату үшін бірінші кезекте Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитетін жабу бағытында жұмыс жүргізді [14, 14-п.]. Бірақ бұған қарамастан 1918 жылы қаңтар айының 10-31 аралығында Жетісу облысы қазақ-қырғыздарының екінші съезі өтіп, онда екінші жалпықазақ съезінің шешімдерін орындау мәселесі талқыланды. Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитетінің ұйымдастыруымен өткен бұл съезге қатысушылар екінші жалпықазақ съезінің шешімдерін жүзеге асыру үшін алдымен өңірде күш алып бара жатқан большевизммен күрес жүргізу қажет деген ұйғарымға келді. Сонымен қатар тез арада қазақтар мен қырғыздардан құралған милиция құру жөнінде шешім қабылдайды. Съез облыстық Қазақ-қырғыз комитеті бұдан былай «Алаш» кеңесі аталсын деген қаулы шығарды. Бұл Қазақ-қырғыз комитетінің ендігі жерде Алашорда үкіметінің жергілікті буыны ретінде жұмыс істейтіндігін аңғартады [15, 318-б.].

Жетісу облыстық «Алаш» кеңесі құрамына кейіннен Пішпектегі «Бұқара» ұйымы да бірігетіндігін танытты. 1918 жылдың көктеміне дейінгі кезеңде бұл ұйымның мүшелері толығымен «Алаш» кеңесі құрамына қосылды [16, 41-п.]. Осыдан кейін облыстық «Алаш» кеңесі екінші жалпықазақ съезінің шешіміне орай Алаш милициясын құру әрекетіне кірісіп бұл іске бұрынғы комиссар О.А. Шкапскийді де тартты. Алайда бұл іс И. Жайнақовтың, С. Сабатаевтың және О.А. Шкапскийдің большевиктер қолына түсуіне байланысты жүзеге асусыз қалды. Олар төрт ай мерзімге абақтыға жабылған болатын.

Жетісу облыстық «Алаш» кеңесі өңірдегі халықтардың тыныштықта болуын жақтап, өңірдегі барлық ұлт өкілдерін тату көршілікке шақырды [17, 78-79-пп.]. Осыған орай 1918 жылдың 21 наурыз күні Жетісу жұртшылығына арнап мынандай үндеу таратты: «Қазақ-қырғыз ағайындар! Аздырушы бұзықтардың сөзіне сеніп, бұзғыштардың сөзіне ермеңдер, өз жұмыстарыңыздан қалмаңыздар, қазіргі народный үкімет орынсыз зорлықтан, талаудан, шабудан құтқарып, әділдік, кеңшілік көзін жіберер деп үміт қылыңыздар. Халыққа осы күнде тыныштық болғандай болып тұр. Себебі Алматы базарында егін, астық, кездеме, шай, қант, керосин һәм басқа нәрселер бұрын жоқ болса, осы күнде сатыла бастады. Бұл іс әлбетте советский үкіметтің себебімен болып тұр. Енді жұрт! Құдай деп өздеріңіздің жұмыстарыңыздан қалмастан, жақын орыс көршілеріңізді хайуан тұтпай дос көріп, тыныштықпен шаруаларыңызды істей беріңіздер. Үміт етеміз орыс көршілеріңіз де туысқандық қылар деп. Біліңіздер ескі үкіметтің заманындағы әр тайпа халықты бір-бірімен шағыстырып дұшпандайтұғын уақыт өтті. ... Барша халықты құдай жаратқан, басқалар да біліп, тең дос қылып, туысқан болатын уақыт жетті» [9, 122-б.].

Бұл үндеудің мазмұнынан «Алаш» кеңесінің біртіндеп большевиктер саясатына бет бұра бастағаны сезіледі. Осы кезде пішпек уездік «Алаш» кеңесі де кеңес өкіметіне ыңғай танытатындығын мәлімдеп, өзінің атауын Пішпек уездік Қырғыз революциялық кеңесі деп өзгерту жөнінде шешім қабылдаған еді. Өз атауын өзгерткен бұл ұйымға ендігі жерде қазақ-қырғыз халқының мүддесін қорғау жолында белсенділігімен танылған А. Қойбағаров төрағалық ететін болды. Бірақ көп уақыт өтпей жатып, 1918 жылы 10 маусымда осы ұйымға қатысы бар Қарынбай және Жапар Қанатовтар, Қасым Абукин, Накир Найдалин, Мұса Қасымов, Мұратәлі Батырханов, Құрман Лепесов, Ибрагим Баялин, Исак Құрманов, Болатбек Көшербаев, Мәмбетәлі Мұраталин, Аалы Бердіғұлов, Басаба Төрегелдин, Нарынқұл Абиров контрреволюционерлер, алашордашыларға іштартушылар ретінде кеңестік билік тарапынан айыпталды [15, 319-б.].

Түркістан өлкесі Халық комиссарлары кеңесі мен Түркістан автономисы арасындағы текетірес өрши түскен шақта «Шуро-и-Ислам» ұйымы өлкедегі өз бөлімшелеріне мәлімдемелер таратып, кеңестік билікті мойындамауға үндеп жатса, «Шуро-и-улема» ұйымы кеңестік билікпен ымыраға келу жолына түсті. Осыған орай «Шуро-и-улема» ұйымы Халық комиссарлары кеңесіне өзінің талаптары көрсетілген мәлімдеме жолдап, егер бұл талаптар орындалса кеңестік билікті мойындайтындығын білдірді. «Шуро-и-улема» ұйымының талаптары 14 баптан тұрды. Онда патша өкіметінің жергілікті халықтан бұрындары тартып алған жер телімдерін қайтару, Түркістан өлкесінде діни басқарма құру, Түркістанның жергілікті халықтарына арналып шығарылатын заңдардың Шариатпен үйлесімді болуы, вакуфтық жерлердің сақталуы, Түркістан өлкесіндегі мұсылмандарды өз алдына бөлек басқаратын мекеме құру және бұл мекемеге басқа елдермен сауда-саттық келісімдер жасауға мүмкіндік беру секілді мәселелр көтерілген болатын [18, 76-81-б.].

«Шуро-и-улема» ұйымы атынан қойылған бұл талаптарға өлкелік кеңестік билік жауап қайыра қоймады. Өйткені, кеңес өкіметін «Шуро-и-улема» ұйымының өлкедегі мұсылмандарды бөлек басқаратын мекеме құру жөніндегі талабы ұнай қоймайтын. Бұл өз кезегінде «Шуро-и-улема» ұйымы мүшелерінің кеңестік билікке деген көңілдерінің қалуына әсер еткен-ді.

Түркістандағы кеңестік билік өлкедегі барлық ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарға төзімсіздік танытты. Оларды Түркістан автономиясы мен Алашорда үкіметін қолдаушы ұйымдар ретінде қалай да жоюды көздеді. Мұндай әрекетін 1918 жылы ақпанда Түркістан автономиясын қару күшімен құлатқаннан кейінгі кезеңде күшейте түсті.

Түркістан автономиясын әскери күшпен құлату кезінде 200 мыңға дейін адамды өлтіріп [4, 151-б.], Қоқан қаласын жермен жексен еткен кеңестік билік ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарға да қайырымдылық жасай қоймайтын. Кеңестік биліктің Түркістан автономиясын талқандау барысындағы қатыгездігі жөнінде «Бірлік туы» газетінде Қ. Болғанбайұлы былай деп жазған еді: «13 январьдан 10 февральға дейінгі күндері Түркістан халқының есінен өмірінде шықпас. Ол күндер – Түркістан тарихында сиямен емес, қанмен жазылатын күндер. Адам пішінді жыртқыштардың ол күндерде Қоқан көшелерінде істеген сұмдықтарын естігенде денең түршігіп, қаның мұздайды. Жүгені сыпырылып, мейрімі кеткен, ауызы көпіріп, көзі қарайған адам – хайуан Қоқан көшелерінде құтырған қасқырдай кәріні, жасты, еркекті, әйелді таңдамай қырған күндер – ол күндер. Пулемет отымен жалғыз үкімет әскерін ғана емес, неше мыңдаған бейбіт халықты қамыстай жапырып, бүкіл Қоқан шаһарының күлін көкке ұшырған күндер – ол күндер. ... Адамзаттың ең қасиетті құқықтарын таптап, кінәсіз қанын судай шашқан бұл сұмдықты не деп айтуға болады? [19].

Түркістан автономиясы құлатылғаннан кейін, 1 наурызда Түркістан Халық комиссарлары кеңесі Түркістан автономиясының барлық басшыларын заңнан тыс деп жариялап, олардың мүлкін тәркіледі. Түркістан автономиясының уақытша үкіметінің отыз мүшесі тұтқындалып, Ресейдің түпкір-түпкіріне айдалды [4, 151-б.]. Мұның артынша Түркістан Халық комиссарлары кеңесі өлкеде ұлттық негізде құрылған барлық қоғамдық-саяси ұйымдарды жабу жөнінде бұйрық шығарды. Сонымен біргі ұлттық мерзімді басылымдардың да шығарылуына тиым салынды [20, 80-б.].

Осылайша, Түркістан өлкесіндегі қоғамдық-саяси ұйымдар ұлттық мемлекеттік құрылымдардың қалыптасуына өзіндік игі ықпалын тигізді деуге болады. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың арасында кеңестік билікпен ымыраға келе отырып, ұлттық мүддені қорғауға ниет танытқан ұйымдар да бой көрсетті. Бірақ мұндай ұйымдардың әрекеті нәтижелі бола қоймады. Кеңестік билік Түркістан автономиясының құлатылуымен қоғамдық негізде құрылған ұлттық ұйымдардың болуына кеңестік билік тиым салды.

Әдебиеттер

1 Қуқонд муваққат халк шуроси хайати // Улуг Туркестан. – 1917. – 8 декабрь.

2 27 ноябрьде Қоқан шаһарінде болған жалпы мұсылман съезінің қаулылары // Бірлік туы. – 1917. – 12 декабрь.

3 Ішкі хабарлар // Бірлік туы. – 1917. – 23 декабрь.

4 Есмағамбетов К.Л. Әлем таныған тұлға (М. Шоқайдың дүниетанымы және қайраткерлік бомысы). – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 504 б.

5 Қожанұлы С. Түркістанда орыс съездері // Бірлік туы. – 1918. – 29 январь.

6 Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. – Алматы: «Санат», 1995. – 368 б.

7 Ташкент уезіндегі мұсылмандар съезі // Бірлік туы. – 1917. – 18 январь.

8 Ескі Ташкенттегі ғұламалар жиылысы // Бірлік туы. – 1917. – 18 январь.

9 Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Желтоқсан 1917 ж. – мамыр 1920 ж. – Алматы: «Алаш», 2004. – Т. 2. – 496 б.

10 Сырдария қазақ-қырғыздарының съезі // Бірлік туы. – 1918. – 18 январь.

11 Түркістан шаһарында Сырдария қазақ-қырғызының съезі. Январь 4-9. // Бірлік туы. – 1918. – 29 январь.

12 Әулиеатада қазақ-қырғыз большевиктері // Бірлік туы. – 1917. – 18 январь.

13 РМӘСТМ. 71-қ., 34-т., 1475-іс.

14 ҚРПМ. 811-қ., 4-т., 391-іс.

15 Махаева А.Ш. Қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихы. – Алматы: «Ценные бумаги», 2007. – 357 б.

16 ҚРПМ. 811-қ., 23-т., 171-іс.

17 ҚРАОММ. 489-қ., 1-т., 8-іс.

18 РМӘСТМ. 71-қ., 34-т., 1632-іс.

19 Болғанбайұлы Қ. Тұла бойы қан сасиды // Бірлік туы. – 1917. – 15 март.

20 Абдуллаев Р.М., Агзамходжаев С.С., Алимов И.А. Туркестан в начале ХХ века: К истории истоков национальной независимости. – Ташкент: «Шарк», 2000. – 672 с.

References

1 Kukond muvakkat khalk shurosi khayati // Ulug Turkestan. - 1917. – December 8.

2 27 noyabrya һokan shaһarinde bolgan zhalpy musylman syezinin kaulylary // Birlik tuy. - 1917. - December12.

3 Ishki khabarlar // Birlik tuy. – 1917b. - December 23.

4 Yesmagambetov K.L. Alem tanygan tulga (M. Shokaydyn duniyetanymy zhane kayratkerlik bolmysy). - Almaty: Dayk-Press, 2008. – 504 p.

5 Kozhanuly S. Turkistanda orys syezderi // Birlik tuy. - 1918. – January 29.

6 Koygeldiyev M. Alash kozgalysy. - Almaty: «Sanat», 1995. - 368 p.

7 Tashkent uyezdnyye musulmandar syezi // Birlik tuy. - 1917. - January18.

8 Yeski Tashkenttegi gulamalar zhiylysy // Birlik tuy. - 1917. - January 18.

9 Alash kozgalysy. Kuzhattar men materialdar zhinagy. December 1917. - May 1920. - Almaty: «Alash», 2004. - T. 2. - 496 p.

10 Syrdariya kazak-kyrgyzdarynyn syezi // Birlik tuy. - 1918. – January 18.

11 Turkistan shaһarynda Syrdariya kazak-kyrgyzynyn syezi. January4-9. // Birlik tuy. - 1918. - January 29.

12 Auliyeatada kazak-kyrgyz bolshevikteri // Birlik tuy. - 1917. - January 18.

13 Archive of Russian state socio-political history. F.71, R34, F.1475.

14 Archive of the President of the Republic of Kazakhstan. F.811, R4, F.391

15 Makhayeva A. Kazak-kyrgyz sayasi baylanystarynyn tarikhy. - Almaty: «Tsennyye bumagi», 2007. - 357 p.

16 Archive of the President of the Republic of Kazakhstan. F.811, R.23, F.171

17 State Archives of the Almaty region of the Republic of Kazakhstan. F.489, R1, F.8.

18 Archive of Russian state socio-political history. F.71, R.34, F.1632.

19 Bolganbayuly K. Tula boyy kan sasidy // Birlik tuy. - 1917. – March 15.

20 Abdullayev R.M., Agzamkhodzhayev S.S., Alimov I.A. Turkestan v nachale 19 veka: K istorii istokov natsionalnoy nezavisimosti. - Tashkent: «Shark», 2000. - 672 p.

С.Т. ТОКБОЛАТ, Таразский государственный педагогический университет.

ОТНОШЕНИЯ ОБЩЕСТВЕННО-ПОЛИТИЧЕСКИХ ОРГАНИЗАЦИЙ В ТУРКЕСТАНСКОГО КРАЯ С БОЛЬШЕВИКАМИ

                                                                     Резюме

В статье рассматривается положение и деятельность общественно-политических организаций в Туркестанском регионе после революционных событий 1917 года. Общественно-политические организации в Туркестанском регионе оказали большое влияние на формирование национальных государственных структур. Вопрос об издании Туркестанской автономии дал толчок активному участию национальных общественно-политических организаций. Кроме того такие действия показывают, что все национальные общественные и политические организации в регионе не поддержали создание Туркестанской автономии. Также в это же время были сформированы другие национальные общественно-политические организации региона, которые выразили намерение поддержать создание единой автономии.

Ключевые слова: Туркестанская автономия, Туркестанский край, политические организации, Шуро-и-Ислам, Шуро-и-Улема, Большевики.

S.T. TOKBOLAT, Taraz State Pedagogical University

RELATIONS OF POLITICAL ORGANIZATIONS IN THE TURKESTAN REGION WITH THE BOLSHEVIKS

                                                                     Summary

The article describes the positions and activities of the socio-political organizations in the Turkestan region following the revolutionary events of 1917. Socio-political organizations in the Turkestan region have had a positive influence on the formation of national state structures. The issue of publishing the Turkestan autonomy has given impetus to the active involvement of national socio-political organizations. Such actions show that all national social and political organizations in the region have not supported the creation of the Turkestan autonomy. Also at the same time other national socio-political organizations in the region, which expressed their intention to support the creation of a single autonomous autonomy, were formed during this period. That is, during the same period, when the public-political organizations came to the question of autonomy, their thoughts were divided into several thoughts.

Key words: Turkestan autonomy, Turkestan region, political organizations, Shuro-i-Islam, Shuro-i-ulema, Bolsheviks.

No comments

To leave comment you must enter or register