Яндекс.Метрика
Home » Materials » 94(5):069 ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КЕЛБЕТІНІҢ АЙНАСЫ. «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі». 5 томдық энц. (Ғыл. ред. және жоба жетекшісі Н. Әлімбай. – Алматы: «Әлем Даму Интеграция» ЖШС, 2018). СЫН-ПІКІР

З.Е. ҚАБЫЛДИНОВ, т.ғ.д, проф., С.М. БОРБАСОВ, с.ғ.д., проф., М.М. ҚОЗЫБАЕВА, PhD доктор, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

94(5):069 ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КЕЛБЕТІНІҢ АЙНАСЫ. «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі». 5 томдық энц. (Ғыл. ред. және жоба жетекшісі Н. Әлімбай. – Алматы: «Әлем Даму Интеграция» ЖШС, 2018). СЫН-ПІКІР

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(17), 2019

Tags: этниқалық ерекшелік., ұғым, дәстүрлі шаруашылық, болмыс, наным, Дәстүр
Author:
Сын-пікір ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің директоры Нұрсан Әлімбай басқарған ғалымдар тобы дайындаған «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулуарының дәстүрлі жүйесі» деп аталатын 5 томдық ғылыми басылымды талдауға арналған. Рецензенттер бұл еңбекті Қазақстан энциклопедистикасындағы жаңа құбылыс деп бағалайды. Себебі, іргелі еңбек қазақ халқының этнос ретінде қалыптасуы үдерісінен бастап оның ұлттық келбетінің толысуына дейінгі тарихи кеңістікті қамтитын салт-дәстүрлеріне, ұғымдарына, сенім-нанымдарына және этникалық шаруашылығына қатысты негізгі ақпаратты береді. Энциклопедияға енген 6 мыңға тарта мақалалардан қазақ халқының дәстүрлі өмір тіршілігі мен этникалық болмысын танимыз. Түйін сөздер: дәстүр, наным, болмыс, ұғым, дәстүрлі шаруашылық, этниқалық ерекшелік
Text:

2011-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейдің ғалымдары «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты бес томдық ғылыми энциклопедияны жарыққа шығарған болатын. Энциклопедияның негізгі авторлардың бірі және ғылыми редакторы Нұрсан Әлімбайдың айтуынша, осынау бірегей  басылымды дайындауға 20 жылдан астам уақыт жұмсалыпты. Барлығы 3784 беттен тұратын бұл энциклопедия екі-үш жылдың ішінде-ақ оқырмандар іздеп жүріп оқитын басылымға айналып үлгерді. Оның басты себебі аталмыш еңбектің халқымыздың дәстүрлі шаруашылығы, мәдениеті, тіршілікқамы жүйесі, әдет-ғұрпы, салты, дүниетанымы, сынды тарихи этнографияның сан салалы қыр-сыры жөнінде толықмәнді түсінік алуға мүмкіндік беретін айрықша танымдық әлеуетінде болса керек. Еңбек отандық ғалымдар мен әртүрлі оқу орындары қызметкерлерінің және қалың көпшіліктің ғана емес, халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып отырғандығы да сондықтан. Энциклопедияның екінші басылымының кіріспесінде айтылғандай, «соның ішінде, әсіресе, Томсон Рейтер индекс-көрсеткішті «Millî Folklor» (Туркия) журналына шыққан белгілі түрік ғалымы Ерке Өзердің (Yerke ÖZER) аталмыш энциклопедияны ғылым әлеміндегі айтулы жаңалық ретінде бағамдаған рецензиясын айтылған уәждің көрнекі бірер мысалы ретінде келтіруге болады («Millî Folklor» Üç Aylik Uluslararasi Kültür Araştirmalari Dergisi. International and Quarterly Journal of Cultural Studies (Volume / Tome:14. Sayi/Number: 105. Pp. 155-159). Басылымның ғылыми орта үшін деректік және ғылыми танымдық тағылымы өз алдына, оның аз мерзім ішінде жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары, докторанттары және оқытушылары, сондай-ақ, отандық музей қызметкерлері үшін құнды оқу құралына айналғандығы ден қойдырады». Бұл энциклопедияның өлшеусіз танымдық тағылымын бек айғақтаса керек.

2017 жылы осы энциклопедияның едәуір толықтырылған және методологиялық тұрғыдан өңделген екінші басылымы жарыққа шықты. Екі басылымын да қалыбы (форматы) еш өзгермеген (84х1081/16). Бірақ жаңа басылымның жалпы көлемі алғашқы басылыммен салыстырғанда 424 бетке ұлғайған екен. Өйткені,  а) бірінші басылымдағы 688 мақала қайта жазылған; ә) 682 мақала әрі қайта редакцияланған әрі дәлелдеу жүйесі біршама тың мәліметтермен күшейтілген; б) 527 мақала түбегейлі редакцияланған; в) осы ретте айрықша ден қояр жайт – соңғы басылым 147 жаңа мақалалармен толықтырылыпты. Демек, келтірілген осы көрсеткіштерді арифметикалық қисынға салсақ, энциклопедияның екінші басылымындағы өзгеріс-толықтырулар бірінші басылыммен салыстырғанда 38,4%-ға өскен екен.

Бұл көрсеткіштердің, ең алдымен, энциклопедияның екінші басылымдағы жаңа және бұрынғы мақалалардың деректік негізі мен теориялық деңгейінің сапалық өзгерісін білдіретіндігін ерекше атап өткен ләзім.

Энциклопедиядағы 5846 мақалада 10 000-нан астам тек ежелгі көшпелілер арасында ғана сан ғасырлар бойы қалыптасып, қолданыста болған таза қазақы тарихи-этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулар зерттелінген (әрі қарай – ұғым, атау немесе термин). Бұл жайт, сөз жоқ, қарастырылып отырған басылымның бірегей ерекшелігі болып табылады. «Қазақ тарихы» атты ғылыми және ғылыми-әдістемелік беделді журналдың бас редакторы Әбділдабек Салықбай әділ бағалағандай, «Энциклопедияда қазақ халқының шаруашылық-экономикалық, экологиялық, әлеуметтік, мәдени, саяси-инстиуционалдық сияқты сан ғасырлық тәжірибесін білдіретін тарихи-этнографиялық терминдердің мән-мағынасы зерттелініп отыр. Бұл мән-мағынаны белгілі шарттылықпен аталмыш терминдердің мәдени семантикасы десе де болады. Осыған байланысты энциклопедияда ғылыми терминдер  қарастырылмайды. Бұл басылымның осы құралыптас шетелдік этнографиялық (мәдени немесе әлеуметтік антропологиялық) энциклопедиялардан ең басты (түбегейлі) айырмашылығы һәм ерекшелігі де осында. Бұл айырмашылық пен ерекшелік авторлар сәтімен жүзеге асырған энциклопедиялық зерттеудің ұстанымын білдіреді» [Қазақ тарихы. - 2018. - №8 (165), 2-б.].  

Расында да, бұл ұстаным, Нұрсан Әлімбайдың дәлелі дәйекті пікірінше, дәстүрлі қазақ қоғамындағы сан салалы, сан деңгейлі шаруашылық-экономикалық, мәдени, институционалдық, ғұрыптық (ритуалдық), менталдық сияқты тағы басқа да үрдістер мен құбылыстарды олардың әрқайсысына байланысты қалыптасқан дәстүрлі ұғым тұрғысынан зерделеуді (талдауды) білдіреді. Осы ретте айта кетер жайт мұндай ұстаным, дейді энциклопедияның кіріспесінде ғылыми редактор, – когнитологиялық антропология (немесе антропологиялық когнитология) сынды ғылымда ежелден орныққан ғылыми дәстүр. Әрі аталмыш ұстанымның мейлінше жемісті дәстүр екендігін аталмыш ғылымның жүз жылдан астам жасап келе жатқан тәжірибесі айқын айғақтап отыр [14-30-бб.].

Энциклопедияның кіріспе бөлімінде айтылғандай, бүкіл дəстүрлі əлеуметтік организмге нəр беретін этникалық мəдениеттің энергетикалық жанды нүктелері іспеттес этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулар жүйесі этностың шаруашылық-экономикалық, мəдени, экологиялық, əлеуметтік тəжірибелері түзілген қойма сияқты. Бұл жүйе этностың сан ғасырлық, этногенетикалық тұрғыдан алғанда, тіпті, бірнеше мыңжылдық тарихи (əлеуметтік, экономикалық, мəдени, саяси, экологиялық) тəжірибесінің когнитивтік нəтижесі болып табылады. Сонымен бірге этникалық мəдениеттің концептілері болып табылатын аталмыш когнитивтік түзілістер Адам ↔ Қоғам ↔ Табиғат деп аталатын ұлы триаданың арасындағы алуан деңгейлі өзара себеп-салдарлық байланыстар жүйесінің парадигма-матрицасы іспеттес» [14-б.].

Қажетті мәліметтерді осындай когнитологиялық ұстаным (яғни ұғымдық-концептілік) тұрғысынан қарастыру авторларға энциклопедиядағы, әсіресе, іргелі мәселелердің әрқайсысын жеке-жеке жіктеп зерттеуге мүмкіндік берді. Мысал ретінде дәстүрлі қазақы ортада ерекше қастерленген «жылқы» малы және осы ұғыммен тікелей байланысты «Айғыр», «Айғыр қою», «Айғырдың жалын майлау», «Айғырдың кекіліне тоқпақ (тас) байлау» сияқты ғұрыптық терминдердің әрқайсысының жеке зерттелгендігін айтуға болады. Сонымен бірге әрбір мақалада басқа мақалаларға сілтеме  жасалған. Мұндай сілтемелер тиісті мақалалардың арасындағы мағыналық (семантикалық) өзара себеп-салдарлық байланысты көрсетеді. Мысалы, «Айғырдың жалын майлау» атты ғұрыптық ұғымға (тақырыпқа) арналған мақалада «Бие байлау», «Май» және «Майлау» деген мақалаларға сілтеме жасалады. Бұл сілтемелер «Айғырдың жалын майлау» ғұрпының (ритуалының) мәнін толық түсіну үшін соңғы үш мақаламен де жете таныс болу керек дегенді білдіреді. Сондай-ақ, «Бие байлау», «Май», «Майлау» мақалаларындағы «Айғырдың жалын майлау» атты мақалаға (және басқа да мақалаларға) жасалған сілтемелер де өз кезегінде осы мақаланың алғашқы үш мақаланың әрқайсысының мәнін ашатын маңызына байланысты жасалып отыр.

Бұл тұста «Жылқы», одан кейін «Айғыр» атты негізгі ұғым-концептілерден туындайтын аталмыш ұғымдардың әрқайсысын («Айғыр қою», «Айғырдың жалын майлау», «Айғырдың кекіліне тоқпақ (тас) байлау», «Бие байлау», «Май» және «Майлау» және т.б.) осындай когнитологиялық жіктеп зерттеу тәсілі, сайып келгенде, авторларға көшпелі қоғамдағы жылқы малының шаруашылық-мәдени, ғұрыптық, тіпті институционалдық маңызын тарқатып (дәлелді) негіздеуге мүмкіндік берді. Сонымен бірге, осындай тәсілдің нәтижесінде кез келген оқырман  белгілі бір мәселеге байланысты мақаладағы сілтемелер арқылы басқа мақалалармен де жете танысуға мүмкіндік алады. 

Энциклопедиядағы мақалалардың барлығы дәл осындай семантикалық байланыс тұрғысынан қарастырылғандығын ерекше атап өту қажет. Мұндай тәсіл оқырмандардың (әсіресе, ғалымдардың) әрбір тақырыпты  (ұғымды) терең түсінуі үшін, жоғарыда айтылғандай,  оның  басқа тиісті мақалалармен мағыналық байланысын ескеруінің аса маңызды екендігін көрсетеді. 

Энциклопедияда мақалалардың тақырыптары болған терминдер «категория», «ұғым», «атау» деп жіктеледі (бөлінеді). Осыған байланысты мақалаларды да ауқымы мен концептуалдық-теориялық мән-мазмұны  жағынан «категориялық», «ұғымдық», «атаулық» деп үш топқа бөлуге болады. Біріншісі – категориялық мәнді мақалалар дәстүрлі қазақы ортада «Адам-Қоғам-Табиғат» сынды ұлы триаданың әрқайсысына және олардың арасындағы байланыс жүйесіне қатысты жалпыэтникалық мәнді құрылымдық һәм функционалдық болмысын, қасиеттерін білдіретін терминдерді талдаған мақалалар  (мысалы, «ел», «жүз», «қауым», «ру», «жер», «су», «мал», «кісі», «обал», «арам», «адал», «сауап» және т.б.). Ал тұлғалық, статустық, физикалық, биологиялық сияқты тағы да басқа толып жатқан жалқы (жеке) қасиетті, күйді білдіретін ұғымдарға арналған мақалалар екінші топты құрайды (мысалы, «би», «болыс», «бай», «құда», «құдағи», «жайлау», «қыстау», «күзеу», «көктеу», «жер тарту», «ас-тағам», «албасты», «асырап алу», «ойын-сауық», «мұрат», «ою-өрнек» және т.б. сияқты).

Соңғы үшінші топқа жататын мақалаларда адамның физиологиялық немесе рухани сұранысы һәм тұтынысына байланысты сан алуан қарекеттердің, сондай-ақ дүниетанымының объектілерін білдіретін атаулар талданады (мысалы, «аша», «айыр», «жусан», «соқа», «домбыра», «қобыз», «тау», «ағаш», «жел», «жұлдыз», «жетіқарақшы», «асықты жілік», «қымыз» сияқты көптеген мақалалар). Бірінші топтағы мақалалардың көпшілігі өзінің категориялық және ұғымдық деңгейіне сәйкес ауқымдылығымен және концептуалдық мазмұндылығымен ерекшеленеді. Мысал ретінде, «жүз», «ру», «қазақ», «Қазақстан», «әдет-ғұрыптық құқық»/«әдеттік құқық» және жоғарыда ішінара аталған «жылқы», «жайылым» сияқты тағы басқа да осы құралыптас күрделі тақырыпқа арналған көптеген мақалаларды атауға болады. Осы ретте, энциклопедиядағы, әсіресе, «ру» деп аталатын көлемді мақаланың [5-т., 49-58-бб.] концепциясы мен дәлелдеу жүйесі ден қойдырады (авторы Нұрсан Әлімбай). Ең алдымен, автор «ру» терминінің қазақтың көшпелі қоғамындағы әртүрлі таксон-бірлестіктерге бірдей қолданыла бергендігіне ерекше назар аударады (мысалы, қазақтың Кіші жүзінің құрамындағы «Табын» да, одан тарайтын «Көсеу» де, «Тарақты» да, «Шөміш» те және осылардың ұрпақтары болып саналатын бірлестіктердің әрқайсысы да ру деп атала береді деген сияқты). Алайда, осындай халықтық этимологияның әсерінен де, Қазақстан тарихнамасындағы қажет методологиялық дәстүрдің жоқтығынан да қазақ руының әлеуметтік және институционалдық, тіпті, генеалогиялық табиғаты әлі күнге дейін шешілмеген ірі проблемалардың қатарына жатады, – дейді автор. Осыған байланысты ол аталмыш мақаласында өз шешімін ұсынады. Оның дәлелді пікірінше, дәстүрлі қазақы ортада түбі жетінші атадан бергі ұрпақтарды біріктіретін экзогамиялық құрылымды (бірлестікті), яғни «жетіатаны» ғана ғылыми тұрғыдан ру деп қарастыру қажет. Себебі, қазақ қоғамында айырықша реттеуші және ұйымдастырушы роль атқарған рулық-туыстық қатынастың ең басты тоғысқан торабы осы «жетіата»  болды. Расында да, жетіаталық құрылымда, ең алдымен, ер адамдардан тараған ру адамдары өзара қандас туыс болып есептелінеді (әлі күнге дейін солай). Сондықтан да, жетіатаның, яғни, жеті ұрпақтың ішінде өзара қыз алысып, қыз берісуге қатаң тыйым салынатын (қазір де сақталынып отыр!) дәстүрлі қазақ қоғамында осы экзогамиялық тыйымды бұзғандар билер сотының үкім-кесімімен өлім жазасына кесілетін.

Сондай-ақ, көшпелі қазақ қоғамында ерекше роль атқарған рулық сананың да қалыптасып, сан салалы әрі сан деңгейлі функция атқаратын бірден-бір әлеуметтік кеңістігі де, түптеп келгенде, осы  жетіаталық құрылым болды. Өйткені, рулық сана жетіатаның әрбір мүшелерін біріктіретін аса күшті идеологиялық және әлеуметтік-психологиялық фактор ғана емес, сонымен бірге, осындай рулық сананың аса қуатты әсерімен рулық-туыстық қатынас шаруашылық және институционалдық функцияларды  атқарды (мысалы, көшпелі қоғамдағы сан алуан күрделі еңбек операциялары  «асар», «жылу», «көлік майы», «сауын», «немеурін» деп аталатын рулық-туыстық байланыстың институттары арқылы жүзеге асырылып отырды). 

Сонымен бірге, автордың ойынша, осы рулық жетіаталық құрылымды ғана қауым-социум ретінде қарастырған абзал. Өйткені, бұл құрылым, шынтуайтында, көшпелілердің өзін-өзі ұйымдастырудың басты формасы болды. Себебі, – дейді ол, – осы «жетіатаның» ғана дербес шаруашылық-экономикалық жүйесі, территориясы, билер, сұлтандар, батырлар һәм діни ұстаным иелері – молдалар, билер соты, билер кеңесі, рубасы сынды реттеу және басқару институттары да, өзіндік атауы да болды. Осы ретте, жетіатаның, әсіресе, табиғи ресурсты тиімді пайдалануға аса қажетті демографиялық оптимумы болғандығын ерекше атаған жөн (әрбір жетіатаның мүшелерінің жалпы саны 5000-5500 аралығын құрайды). Демек, жетіата-ру қауым (яғни, көшпелілердің өзін-өзі ұйымдастырудың ең басты институционалдық формасы) ретінде социумдық функция атқарды. Яғни, «жетіата» деп аталатын руды социум ретінде де қарастыру қажет. Бірақ, бұл жайтты  рулар (қауым-социум) арасындағы сан алуан және сан деңгейлі байланыстардың ролін жоққа шығару деп түсінуге болмайды. Керісінше, руаралық билер кеңесі, билер соты, ақсақалдар кеңесі сияқты институттар арқылы реттелініп отыратын бұл ру-қауымаралық байланыстар жүйесі әрбір рудың тиімді функциясының кепілі болды.  Сан алуан мәліметтерге негізделген осындай пікірін Нұрсан Әлімбай әрі қарай былай деп қорытындылайды: дәстүрлі қазақы ортада рулық-туыстық байланысты қауымдық-социумдағы басқа байланыстар жүйесінен әлі де болса советтік ұстанымда жүрген зерттеушілер сияқты бір-бірінен бөліп қарастыруға мүлдем болмайды. Анығында, көшпелі қауым-социумның құрылымы рулық-туыстық, әлеуметтік, экономикалық, институционалдық сынды байланыстардан тұрады, яғни, бірыңғай қатынастар жүйесін құрайды.

Сонымен, автордың қазақ руының, яғни, жетіаталық құрылымның қауым-социум ретінде функция атқарғандығы жөніндегі осы көзқарасын  методологиялық жағынан да, деректік базасы тұрғысынан да концепция ретінде қарастыруға болады.  Тың, яғни бұрын ғылымда еш уақытта көтерілмеген осындай концепцияға негізделген бұл мақала, сөз жоқ,  көшпелі қоғамдағы сан салалы, сан деңгейлі әлеуметтік қатынастың механизмін түсінуге үлкен септігін (көмегін) тигізері хақ.

Тағы бір көрнекі мысал. Энциклопедияның 2-томында (Г-З) көшпелі қазақтар үшін  аса маңызды табиғи объект – «Жайылым» атты  біршама көлемді мақала берілген [Н. Әлімбай., Н. Уәли. 285-295-бб.]. Мақаланың мазмұны көшпелі ортада жоғарыда айтылған «Адам-Қоғам-Табиғат» атты триаданың арасындағы өзара байланыстар жөнінде  түсінік алуға мүмкіндік береді. Мысалы, мақалада жыл он екі айдың әрбір маусымдық кезеңінде («жаз», «күз», «қыс», «көктем») көшпелілердің жайылымды тиімді пайдалануының дәстүрлі технологиясы қажетті материалдарға негізделініп, талданылады. Ал, бұл технология көшпелілердің ежелден орныққан экономикалық, экологиялық, мәдени, ветеринарлық, астрономиялық, биологиялық, ботаникалық сияқты тағы басқа да сан алуан білімдері мен іс-әрекеттері тоғысқан сан ғасырлық тәжірибе болып табылады.

Авторлардың дәлелді пікірінше, қыстаудан көктеуге, көктеуден жайлауға өріс қуалап қоныс аудару ғасырлар бойы қалыптасқан тәртіппен  жүзеге асады екен. Мақалада өріс қуалап жайылым аударып мал өсіру, түптеп келгенде, жерді тоздырмаудың  ең басты экологиялық тәсілдері ретінде бағалануы өте орынды. Осы және осы сияқты басқа да сан алуан  әдіс-тәсілдерді көшпелі қоғам мен табиғи ортаның арасындағы үйлесімді байланысты, яғни қажетті экологиялық балансты сақтаудың басты кепілдерінің бірі деуге де болады. Малшы да, егінші де, ең алдымен, халықтың дәстүрлі астрономиялық біліміне сүйенеді. Мысалы, Үркер жұлдызы батпай, ел жайлауға көшпейді, биелердің үйіріне айғыр  салмайды, қой қырықпайды. Сондай-ақ, түйенің жүнін алу (бұл операция «түйе  жүндеу» деп аталады), күзем жүнді қырқу, қошқарға күйек байлау, одан күйек ағыту сияқты шаруашылық ұйымдастыру тек есепшілердің айтқанына орай жүргізіледі. Осы ретте айта кететін жайт – ай, жұлдыз, күн сияқты аспан шырақтарының мезгілдік қозғалысына және орналасуына қарап болжам жасайтын адамды есепші деп атаған. Мұндай есепшілер өздері жасаған «Үркер тоғысы» деп аталатын ерекше шаруашылық календарь (күнтізбе) жүйесін қолданып отырды (қ.: Н. Уәли. Есепші  // 2-т., Г-З, 197-198-бб.; Н. Уәли. Үркер тоғысы  // 5-т., П-Я, 579-582-бб.]

Сондай-ақ, оқырман жайылым туралы түсінігін осы мақаладағы сілтемелер арқылы басқа мақалаларды оқып, толықтыра алады (мысалы, «қыстау», «көктеу», «жайлау», «күзеу», «жылқы», «қой», «түйе», «сиыр», «ешкі» және т.б.). Энциклопедияда жоғарыда аталған халықтық білім салаларының экологиялық, шаруашылық-экономикалық, ғұрыптық (ритуалдық), коммуникативтік функцияларын сипаттайтын басқа да көптеген мақалалар берілген. Мұндай мақалалардың мазмұны көшпелілердің дәстүрлі білім жүйесінің үй тұрмысын да, шаруашылықта да тиімді ұйымдастыруда айрықша роль атқарғандығын  айғақтайды. Сайып келгенде, халықтық білімді, Нұрсан Әлімбай айтқандай, көшпелі қазақтардың Орталық Азияның климаты мен жергілікті ландшафттың аса қатал ерекшеліктеріне сан ғасырлық бейімделу стратегиясының құрамдас бөлігі ретінде бағамдаған ләзім.

Сондай-ақ, жоғарыда айтылған атаулық мақалалар да өзінің танымдық деңгейінің жоғарылығымен ерекшеленеді. Энциклопедиядағы малшылық, егіншілік, аңшылық кәсібімен байланысты және үй шаруашылығына арналған атаулық мақалалардың көпшілігі тек сипаттауларымен ғана шектелмейді. Осы және осындай басқа мақалаларда тұрмыстық және шаруашылық құралдардың практикалық-утилитарлық  және сан алуан ғұрыптық (ритуалдық) һәм коммуникативтік функциялары зерттелінеді. Мысалы ретінде, «қамшы», «құрық», «желі», «бақан», «балта», «арқан» сияқты және басқа да толып жатқан еңбек құралдарына арналған мақалаларды атауға болады. Соның ішінде, мысалы, қамшы ат айдайтын құрал ғана емес, ол ер адамның отбасының (семья) отағасы екендігінің де, белгілі бір әлеуметтік статусының да, тіпті, лауазымды адамның билігінің де  символы болып табылады. Сонымен бірге, қамшы адамды жамандық атаулыдан қорғайтын қасиеті бар бұйым ретінде де ерекше қастерленетін. Дәстүрлі қазақы ортада қонаққа келген ер адам қамшысын үйге алып кірмейтін. Оны қонаққа келген үйге кірерде атының ерінің басына немесе әлгі үйдің сыртқы беларқанына іліп қоятын. Өйткені, кез келген ер адамның бөтен үйге қамшы алып кіруі жаманшылық шақырады деп оған қатаң тыйым салынатын. Ал осы адамның қамшы алып кіруі оның үй иесін дұшпан санағандығын білдіретін. Мұндай жағдайда дұшпандық ниетпен келген адам қамшысын өзіне жау санаған  әлгі үй иесінің алдына тастайтын.

Сондай-ақ, билер соты кезінде қылмысты деп есептелген  адам да, айыптаушы жақ та қамшыларын билердің алдына тастайды. Бұл жосын олардың билердің кез келген үкім кесімімен келісетіндіктерін білдіреді. 

Сонымен, қазақ ғалымдары жарыққа шығарған бұл ғылыми энциклопедияның танымдық және ғылыми маңызы үлкен екендігі даусыз. Әсіресе, мақалалардың басым көпшілігінің жаңа деректердің негізінде жазылғандығы ерекше назар аударады. Расында да, кез келген оқырман энциклопедияның деректік негізінің мол екендігіне көз жеткізе алады. Ең алдымен, бұл басылымда қазақ этнографиясына қатысты архив материалынан басқа, ХХ ғасырдың бірінші он жылдығына дейін жарық көрген орыстың статистикалық, тарихи, этнографиялық  мәліметтері жан-жақты талданылған. Сондай-ақ, энциклопедияда мол пайдаланылған әртүрлі фольклорлық, лингвистикалық және этнолог-ғалымдардың  әр жылдары ел арасынан жинаған сан алуан деректері, сөз жоқ, мақалалардың тағы бір ұтымды жағы болып табылады. Әсіресе, энциклопедияда ХІХ–ХХ ғасырдың 20-30-жылдарына жататын мазмұны этнографиялық сан алуан көркемсуреттердің, фотолардың һәм таблицалардың мол қолданылуы мақалаларға айрықша нақтылық әрі көрнекілік береді. 

Қазақ этнографтары, тарихшылары, тіл мамандары бірлесіп шығарған бұл энциклопедия түркі тілдес халықтар әлеміндегі алғашқы зор қадам деуге болады. Осы тәрізді түркілік аймақтар бойынша этнографиялық мазмұндағы салалық энциклопедияларды өзге де түркі елдері  қолға алып, жарыққа шығып жатса, әрине, құба-құп болар еді. Мұндай іргелі ғылыми еңбектер түркі халықтарының мәдени- этникалық түп-тамырын, одан тарайтын ортақ этномәдени құбылыстар мен материалдық игіліктерді, сондай-ақ әрбір түркі тектес халықтың дүниетанымын, әдет-ғұрып, салт-санасын, тұрмыс-тіршілігін, экологиялық мәдениетін жан-жақты тануға мүмкіндік беретіні хақ. 


З.Е. КАБУЛЬДИНОВ, д.и.н., проф.,  С.М. БОРБАСОВ, д.п.н.,  проф., М.М. ҚОЗЫБАЕВА, PhD, Институт истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова 

ЗЕРКАЛО ЭТНОГРАФИЧЕСКОГО ОБРАЗА КАЗАХОВ. Рецензия

Резюме

  Рецензия дает оценку коллективному научному изданию, подготовленному группой ученых Центрального Государственного музея РК во главе его директором Нурсаном Алимбаем, под названием «Традиционная система этнографических категорий, понятий и названий у казахов» в 5-ти томах.

  Рецензенты оценивают данный труд как новое явление в казахстанской энциклопедистике. Ибо, фундаментальный труд дает основную информацию о традициях, верованиях, понятиях и этническом хозяйствовании казахов,  охватывающую историческое пространство с начала процесса формирования казахского этноса до складывания его национальных черт. Включенные в энциклопедию около 6 тысяч статей раскрывают традиционную культуру жизнеобеспечения и этническую сущность казахов.

Ключевые слова: традиция, верование, сущность, понятие, традиционные хозяйства, этнические особенности


Z.E. KABULDINOV, Doctor of Historical Sciences, Professor, S.M. BORBASOV, Doctor of Political Sciences, Professor, M.M. KOZYBAYEVA, PhD, Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology 

MIRROR OF THE ETHNOGRAPHIC IMAGE OF THE KAZAKH

Summary 

The review assesses the collective scientific edition prepared by the group of researchers from the Central State Museum of the Republic of Kazakhstan, headed by its Director Nursan Alimbay, entitled “The Traditional System of Ethnographic Categories, Concepts and Names of the Kazakhs” in 5 volumes.

  Reviewers evaluate this work as a new phenomenon in Kazakhstan’s encyclopedic studies, because this fundamental work gives basic information about the traditions, beliefs, concepts and ethnic economic management of the Kazakhs, covering the historical space from the beginning of the process of the formation of the Kazakh ethnic group to the formation of its national features. About 6 thousand articles included in the encyclopedia reveal the traditional culture of life support and the ethnic essence of the Kazakhs.

Keywords: tradition, belief, essence, concept, traditional economy, ethnic features



No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 3478

No reviews

Download files

РЕЦЕНЗИЯ 5-томдык. 22.01.2019 docx (1).docx 0.03 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

УДК 930.85 ДӘСТҮРЛІ ӨРКЕНИЕТТІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ 94(5):069 ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КЕЛБЕТІНІҢ АЙНАСЫ. «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі». 5 томдық энц. (Ғыл. ред. және жоба жетекшісі Н. Әлімбай. – Алматы: «Әлем Даму Интеграция» ЖШС, 2018). СЫН-ПІКІР ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ДӘСТҮРЛІ ҚАЗАҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ЖӘНЕ ОНЫҢ НАРЫҚ ҚАТЫНАСТАРЫНА БЕЙІМДЕЛУІ (ХІХ ғ. – ХХ ғ. басы)

Author's articles

94(5):069 ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КЕЛБЕТІНІҢ АЙНАСЫ. «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі». 5 томдық энц. (Ғыл. ред. және жоба жетекшісі Н. Әлімбай. – Алматы: «Әлем Даму Интеграция» ЖШС, 2018). СЫН-ПІКІР