Мақалада алғаш рет қазақ-жапон тілдерінің тарихи тамырластығының нақты көрсеткіші ретінде қос тілдің септік жалғауларының ұқсастықтары мен айырмашылықтары ғылыми салыстырмалы тұрғыда жан-жақты зерттеліп, қарастырылған. Қазақ-жапон тілдерінің генеологиялық классификацияда Алтай теориясында болса, морфологиялық классификация бойынша агглютинативті (яғни жалғамалы) тілдер тобына жататынын ескерсек, бұның өзі қос тілдің тарихи тұрғыда шығу тектерінің бір екендігіне үлкен сілтеме екені анық. Сол тарихи тамырластықты ғылыми тұрғыда зерттеп-зерделеу Алтай тілдер тобындағы жапон-қазақ тілдерінің бір табан жақын екендіктерін аңғартса керек. Қос тілдің септік жалғауларының ұқсастықтары мен айырмашылықтарын жапонтанушы жапондық және шет ел ғалымдардың зерттеулері мен қазақ тілі ғылымының мамандарының еңбектерін салыстыру бағытында ғылыми сараптама жасай отырып, әрбір септік жіті талданды. Септіктерге ғылыми мысал келтіріліп, оның оқылуы мен аудармасы да қоса берілген. Ондағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар анық көрсетілді. Мақала қаза тілінде жазылса да зерттеу обьектісі ретінде жапон тіліндегі мысалдармен күшейтілген.
Бұл мақалада Щербина экспедициясының мүшесі болған Әлихан Бөкейханның Омбы уезі қазақтарының кәсіпшілік түрлері баяндалады. Мұнда жер-су атаулары, егін салу мен оны өңдеу, балық шаруашылығы, орман шаруашылығы, тұз өңдеу, сауда-саттық түрлері сипатталады.
Түркістанның жадидтерінің негізі Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсылық көрсеткендердің алдыңғы сабында тұрған интеллигенция болды. Олар болашақта туған өлкесін еркін әрі дамыған мемлекет ретінде көруді армандады. ХХ ғасырдың басында қалыптасқан прогрессивті күштер басқарып отырған мемлекеттік үкімет жүйесінің сәтсіздігі, адамдардың өмір сүру деңгейінің төмендігі және оларды өзгерту қажеттілігін терең түсінді. Ақпан төңкерісінен кейінгі ең прогрессивті күш түркістандық жадидтер болды. Олар, өз кезегінде Ақпан төңкерісін патша режимін құлату, шынайы халықтық басқару формасын құру, отаршылдық қанаудан зардап шеккен халықтардың тәуелсіздікке қол жеткізу фактісі ретінде күтті.
Қазақстан Орталық және Шығыс Еуропа аймағындағы аса маңызды сенімді одақтас ретінде Мажарстан Республикасын есептейді. Екі елді ортақ тарихи тамырлар, көптеген сыртқы саяси мәселелер бойынша ортақ ұстанымдар байланыстырады. Осы қысқа тарихи өлшеу кезеңі бойынша екі ел арасында қалыптасқан қарым-қатынас серпіні тараптардың өзара мүдделерге сүйене отырып, Қазақстан-Мажар ынтымақтастығын дәйекті дамытуға деген ұмтылысын айқын көрсетеді. Мажарстан Қазақстанмен экономикалық және іскерлік байланыстарды дамытуға, ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерді зерттеуге ерекше мән береді. Екі ел арасындағы серіктестіктің 27 жылы ішінде сауда-экономикалық байланыстар дамыды, бірлескен экономикалық жобалар табысты іске асырылды. Соның ішінде экономикалық ынтымақтастық саласындағы мүдделердің түйісу нүктелері - ауыл шаруашылығы, энергетика, денсаулық сақтау, екі елдің көліктік-логистикалық әлеуетін пайдалану, туризм, құрылыс және инновациялар болып табылады.
Екі мемлекеттің геосаяси жағдайы әлемдік аренада маңызды рөл атқаратынын айтып өткен жөн. Мәселен, егер Қазақстан Орталық Азия аймағының жетекші елі болып табылса, онда Мажарстан Орталық Еуропада стратегиялық орынға ие. 2016 жылы Мажар-Қазақстандық стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің құрылуы арқасында Мажарстан мен Қазақстан арасындағы серіктестік қарым-қатынас одан да жоғары деңгейге көтерілді.
Ғылыми жұмыста авторлар Шығыс Қазақстан территориясындағы Қалба-Нарым жоталарының археологиялық ерекшеліктері мен зерттелу тарихына шолу жасаған. Ежелден-ақ адамдардың қызығушылығын пегматиттер, түсті тастар, тарғын мөлдір-тас, азурит, малахит сынды минералдар туғызғанын археологиялық зерттеулерге сүйене отырып айтуға болады. Аталған минералдарды шығыс Қазақстан территориясында жүргізілген қазба немесе тау-кен жұмыстары орындарынан көптеп кездестіруге болады. Жекелеген ғалымдардың осы өңірде жүргізген зерттеу жұмыстары, олардың атқаратын рөлі және де аталған аймақтың да еліміздің тарихында алатын орны көрсетілген. Мақалада Қалба-Нарым өңіріндегі ірі металлургия ошақтары мен қорымдарда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері және ежелгі тау-кен өндірісінің әр түрлі технологиялары жайында деректер қарастырылған. Атап айтқанда Сарыкөл көлі бойындағы қорымдар, Жаңажұрт ауылы маңындағы ескерткіштер сынды ірі ескерткіштердегі зерттеу жұмыстарының қорытындылары орын алады. Ғалымдардың зерттеуі нәтижесінде қола дәуірінде халықтардың шаруашылығы, тау кен ісі, әлеуметтік қарым-қатынастары, тұрмыс-тіршілігі, физикалық бейнесі жайлы көптеген тың деректер ашылды.