Батыс Еуропадағы жоғары білім саясатының қалыптасу және даму үрдістерін, сонымен қатар, Қазақстанның білім беру саясатының ерекшеліктерін қарастыру және қазіргі уақытта Батыс Еуропа мен Қазақстандағы жоғары білім беру саясатының жүзеге асырылуын салыстырмалы түрде зерттеу өзекті мәселе болып табылады.
Бұл қатынаста Ұлыбритания, Германия және Франция сияқты батысеуропалық елдердің тәжірибесі ерекше қызық болып табылады және екі себеппен түсіндіріледі. Біріншіден, бұл елдер қазіргі уақытқа дейін қалыптастырылған негізгі жоғары білім беру модельдерін, атап айтқанда, англосаксондық (Ұлыбритания) және континентальді (Германия мен Франция) құрайды. Екіншіден, дәл осы мемлекеттер (Италияның қолдауымен) біртұтас еуропалық білім кеңістігін құруға ниет білдірген. Ең басында экономикалық интеграцияға үміт артқан олар, бастапқы саналы түрде түсіну кезеңінен жоғары білім жүйесінің мақсатты, мазмұнды, ұйымдық әрі әлеуметтік нұсқауларын жаңарту деңгейіне жетіп, аталмыш мемлекеттер жоғары білім саясатын қалыптастыруда бірегей тәжірибе жинақтағаны анық. Сол себепті мақалада осы мемлекеттер салыстыру объектісі ретінде алынып, олардағы толыққанды тарихи және уақыт контекстіндегі өзгерістер мен ерекшеліктері Қазақстанға үлгі ретінде негізге алынады. Осыған орай, жоғары білімді бастапқы пайда болу кезеңінен, яғни университеттің қалыптасуынан қарастыру қажет. Университет таза еуропалық құбылыс, еуропалық өрекениеттің азығы мен жетістігі ретінде жалпы еуропалық мәдениеттің жемісі әрі оның «уақытсыз және транснационалды мәнімен» мәдени символы болып табылады [1].