Қ.Қ. Жылқышыбаева¹
ID, А.Т. Жағыпар¹*
ID ¹Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Қазақстан, Алматы қ.
*Автор-корреспондент
E-mail: karluwa1970@gmail.com (Жылқышыбаева), zhagypar.aigerim@mail.ru (Жағыпар)
Аңдатпа. Ел тарихының қай кезеңінде болмасын қазақ әйелінің отбасының ұйытқысы болуымен қатар қоғамдағы алатын орыны да ерекше болды. Тіпті, отбасының ошағын сөндірмей, балаларын дүниеге әкеліп, өсіріп, қоғамның тірегі болатын азаматтарды тәрбиелеудің өзі әйелдердің мемлекеттегі орынын, маңызын көрсетеді. Бесік тербеткен ана мен биліктегі нәзік жандылардың басты бағыты Қазақ мемлекетінің қарқынды дамуы, қазақ қоғамына бәсекеге қабілетті ұрпақты тәрбиелеу.
Шынында да, туған тарихымыздың өткеніне үңілсек, ұлы даладан шыққан сақтың батыр қыздары Томирис және Зарина, ақылымен бір рулы елге ана болған Домалақ ана, жоңғар шапқыншылығы тұсындағы ұлы қолбасшысы Қабанбай батырдың жары Гауһар, кешегі Кенесарының қарындасы Бопай, Шоқанның әжесі Айғаным ханым, Екінші дүниежүзілік соғыста шығыстың қос шынары атанған Мәншүк пен Әлиялардың ақыл-парасаттары, ерліктері ел есінде қалды.
Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуында қазақ аналары мен қыздарының ұлт алдында жасаған еңбегін, тағлымын, ерлігі мен мұрасын зерделеу, тарих ғылымы мен білімі, мәдениеті мен рухани дамуы үшін аса маңызды мәселе. Сондықтан мақаламыз осы өзекті мәселелердің біріне арналған. Мақаламызда қазақ қоғамындағы әйелдердің әлеуметтік және саяси рөлі тарихи деректер мен архив құжаттарына негізделе отырып талданады және үш кезеңге бөліп қарастырылады.
Түйін сөздер: ана, қазақ әйелі, отбасы, тарих, ғылым, білім, кеңестік идеология, әлеуметтік, саяси, ұлттық құндылықтар.