Яндекс.Метрика
Басты бет » «edu.e-history.kz» электрондық журналы » Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері

Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері

Аңдатпа. Бұл мақалада 1917-1918 жылдары Түркістанда өткен азамат соғысы кезінде орын алған саяси үрдістер мен оқиғалар және ондағы қазақ, жалпы түркістандық зиялы қауым өкілдері мен қайраткерлерінің атқарған рөлі мен орны зерттелген. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Түркістан өлкесінде Жетісу облысында Қазақ комитеттері, Сырдария облысында Қазақ-қырғыз кеңестері, одан бөлек Түркістан өлкесі ауқымындағы мұсылмандардың орталық кеңесі, Түркістан өлкесі Қазақ-қырғыздарының кеңесі, «Шуро-и-Ислам», «Шуро-и-улема», «Туран» секілді т.б. ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар құрылғаны белгілі. Бұл ұйымдардың мүддесі ұлт-азаттық қозғалыспен үндесіп жатты. Сондай-ақ, ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар өздерінің мақсатын жүзеге асыруда өзіндік ұстанымдармен дараланды. Кеңестік билік қару күшімен орнағаннан кейін бұл ұйымдарды заңнан тыс деп жариялап, олардың жетекшілерін қуғындау жолына түсті. Болшьшевиктердің мұндай әрекеті жергілікті зиялы қауым өкілдерінің «Ерік», «Түркістан ұлттық бірлігі» секілді т.б. ұйымдарды құрып, ұлттық мүддені қорғау жолындағы қозғалысын өрістетті. Міне, осындай жағдайдағы ұлттық қоғамдық саяси-ұйымдардың құрылуы мен қызметі кеңестік тарих ғылымында маркістік-лениндік методология тұрғысынан халық тілегіне қайшы келетін, ұлттық буржуазияның мүддесін қорғаушы ұйымдар ретінде бағаланып, объективті тұрғыдан зерттелінбеді.
Мақалада деректанушы, шығыстанушы әрі қыпшақтанушы ғалым, қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Болат Ешмұхамедұлы Көмековтың Отандық деректану саласындағы қызметін қарастырылған. Академик Б. Көмеков Қазақстан тарихы ғылымында өзіндік өрнегі бар тұлғалардың бірі. Қазақстан және Орталық Азияның ортағасырлық тарихын, қыпшақтану, тарихи география және ІХ-XVII ғғ. араб, парсы және түркі жазба ескерткіштерін зерттеуші маман. Бұл мақалада Б.Е. Көмековтің Қазақстан тарихының деректану саласындағы ғылыми зерттеулеріне тарихнамалық тұрғыдан талдау жасалды және ол еңбектерінің отандық тарих ғылымындағы маңызы көрсетілді. Ғалымның көпке сабақ боларлық өмір жолы бар, ғылымда өзіндік мектеп қалыптастырып, отандық тарих ғылымының бірқатар салаларының халықаралық деңгейге көтерілуіне зор еңбектер сіңірген. Сондықтан мақалада тұлғаның осынау дара жолын, әлі де жалғасын тауып келетін өзіндік мектептерін, ғылыми еңбектері мен соны пікірлері арқылы, қоғамға қозғау саларлық тың ойларын арнайы зерделей келе, қолда бар деректер негізінде тарихи баға беру мақсат етілген.
Аңдатпа. Бұл мақалада Ш. Уәлиханов зерттеулеріндегі Шығыс Түркістанның этникалық-саяси тарихы мәселелері қарастырылады. Ғалымның Шығыс Түркістан халықтарының тарихы мен мәдениетіне арналған зерттеулеріне ХІХ ғасыр тұрғысынан баға беріліп, оның ғылымға қосқан үлесі көрсетіледі. Шығыс Түркістан ХІХ ғасырдың ортасына дейін әлемдік ғылымға белгісіз болып, оның негізгі халқы, мәдениеті мен шаруашылығы жөнінде ғылымда нақты пікірлер мен тұжырымдар болған жоқ. Шоқан Уәлиханов осы бос кеңістікті терең ғылыми зерттеулерімен толықтырды. Сол себепті де, оның бұл ел туралы жазған еңбектері мейлінше маңызды болып табылады. Мәселен, ғалым ұйғыр халқының этногенезін зерттеу барысында халықтың шаруашылығы мен мәдениетін, тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, діни наным-сенімдерін кешенді түрде зерттеді. Ол Шығыс Түркістанның негізгі халқы ұйғырлардың этникалық құрамын ғылымда алғаш рет анықтап берді. Ш. Уәлиханов Шығыс Түркістанның ежелгі және ғасырлардағы тарихын зерттеп, онда билік еткен хандардың генеалогиялық кестесін сыза отырып, онда буддизм діні мен ислам дінің үстемдік ету мерзімін анықтауға тырысқан. Ғалым әр уақытта деректерге сын көзбен қарап, салыстырмалы талдау жасау арқылы, өзінің тұжырымдары мен қорытындыларын аса байыппен жасады. Қашғардан алып келген «Сұтұқ Бұғрахан тарихы», «Тұғлық Темір хан тарихы», «Қожалар тарихы», «Абумүслим Мауризи» қолжазбаларына ерекше мән беріп, оларды өзінің еңбектерін жазу барысында кеңінен пайдаланып, ғылыми айналымға бірінші болып енгізді. Қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Уәлиханов өзінен кейінгі ұрпаққа зор рухани мұра қалдырып, Орталық Азия халықтарының тарихын зерттеуде зор еңбек сіңірді.
Аңдатпа. Мақала фольклор және ауыз әдебиеті туындыларын тарихи дерек көзі ретінде зерттеу мәселелеріне арналған. Автор жаңа замандағы Қазақстан тарихының жергілікті деректемелерін қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын зерттеудегі бірегей материалдар тұрғысында қарастырады. Қазақтардың Ресей империясының XVIII-XIX ғғ. отаршылдық саясатына қарсылық қозғалыстарының бай тарихы бар. С. Датұлы, И. Тайманов пен М. Өтемісов, К. Қасымұлы т.б. көтерілістері халықтың тарихи жадында жат жерліктерге қарсы азаттық күресі ретінде сақталған. Фольклор және дәстүрлі ауызша тарихнама бұл кезеңдегі халық наразылықтарының сипатын, себебін және барысын қанық көрсетеді. Жұмыста азаттық қозғалысының кейбір мәселелері осы фольклор мәліметтері негізінде қарастырылады.
Аңдатпа. ХХ ғасырда кеңестік Қазақстанда адам капиталын дамытудың, оның ішінде жұмысшылар мен ауыл тұрғындары санының артуына мемлекеттік саясат ерекше ықпал етті. Кеңес Одағында құрылғаннан бастап қалыптасқан осындай мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі демографиялық процестермен де байланысты еді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін тарихи оқиғаларды бағалауға деген көзқарас түбірімен өзгерді. Адамзаттың өткен тарихын өркениеттік, халықтық, ұлттық тұрғыда зерттеуге ден қойылып, Қазақстан халқының, оның ішінде ауыл халқының демографиялық дамуының саяси-тарихи үдерістермен тығыз байланыстылығы жаңа теориялық ұстанымдар негізінде қайта қарала бастады. Көші-қон үдерістерін тарихи демографиялық аспектіде зерттеу қазіргі Қазақстан тарих ғылымының ішкі өзгерістерімен қатар, тарихи білімді жаңарту үдерісін басынан өткізіп жатқан тарих ғылымындағы өзгерістерге қатысты жүзеге асырылуда. Осындай жағдайда ұлттық тарихты оқшауламай, ұлттық тарихтың шындығын қайта жаза отырып, зерттеуде қолданылатын методологиялық принциптердің ғылымдағы ортақтығына көңіл бөлеміз. Мақалада 1945-1955 жылдар аралығындағы Қазақстандағы ауыл тұрғындарының демографиялық процестері мен тарихы зерттеледі. Аталған кезеңдегі ауыл халқының демографиясын, тұрмысын және оған ықпал еткен көші-қон процесін зерттеу – мақаланың басты міндеті болып табылады.
Аңдатпа. Мақалада XV ғасырда жазылған ортағасырлық ескерткіш түпнұсқада қарастырылады. Мәмлүктер билігі тұсында құрастырылған ортағасырлық ескерткіштің жазылу тарихы мен сипаттамасы берілген. Мысыр елінде мәмлүктердің үстем билігі күшті болғаны соншалықты, арабтар түркі тілін яғни қыпшақ тілін үйрене бастаған еді. Осы үрдіске дәлел бола алатын «Ат-Тухфатуз закийату фил луғатит туркийати» қолжазбасын айтуға болады. Ат-Тухфа қолжазбасы – араб халқына қыпшақ тілін үйренуге арналған оқулық. Аталмыш ескерткіш Ат-Тухфа араб сөздік жазу дәстүріне сай жазылғанымен, ортағасырлық түркі халқының айналысқан сенімі, танымы, кәсібі, дәстүрі, салты, шаруашылығы туралы мәлімет бере алады. Ортағасырлық ескерткіште түркі халқы туралы баламасы жоқ лексикалық бірліктер этнографизмдер де берілген. Бұл да өз кезегінде ескерткіштің ортағасырлық қолжазбалар арасында алатын орны ерекше екендігін көрсетеді. Себебі, ғылымда «Диуани лұғат ит-түрк» ортағасырлық қолжазбасынан басқа қолжазбалар танымал емес те, түпнұсқада зерттеу жеткілікті деңгейде қарастырылмаған еді. Қолжазбаға палеографиялық талдау жасалынған. Ат-Тухфа ескерткішінің авторы, жазылған уақыты мен мекені де белгісіз. Автор өз тарапынан жазылған уақыты мен мекені туралы зерттеп, тарихи дәйектемелер келтірген. Қолжазбаның құрылымы мен ерекшеліктеріне сипаттама берілген.
Аңдатпа. Мақалада Қазақ еліне адал еңбек еткен, «Алаш» қайраткері, дәрігер Асылбек Сейітовтің «Ағарту жолында не шара қолдануымыз керек (Жазды күнгі оқытушылар курсы ашылар алдында)» атты мақаласы талданады. Автор деректанудың әдістемесін және әдістерін пайдалана отырып аталған еңбектің мазмұнын талдап, маңызын анықтайды. Тарихи деректің пайда болуын, репрезентативтілігін, фактілерінің шынайылық дәрежесін анықтайды. Асылбек Жұманұлының кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы Қазақстандағы білім беру бағдарламасы жөніндегі пікірлері большевиктік биліктің ерешеліктерімен байланыстырыла көрсетіледі. Асылбектің қабылданған бағдарламалардың әрқайсысына тоқталып, олардың білім алудағы ұтымды тұстары бойынша жасаған тұжырымдары талданады. Мұғалімдердің міндеттері, біліктіліктерін көтерудің қажеттілігі, білім берудегі пәнаралық байланыстар, өлкетануды оқытудың маңызы турасындағы ойлары сараланып, баға беріледі. Алаш ардақтысының оқушының алған білімін тәжірибемен ұштастыру жөніндегі пікірлеріне ерекше назар аударылады. А. Сейітовтің жаратылыстану пәндерін оқытуға баса назар аударылуы тиістігі төңірегіндегі ойлары талданады. Пәндерді оқытуда қазақ халқының рухани мұрасын, солардың арасында ауызша деректерді кеңінен пайдалану қажеттілігі туралы пікірлері айқындалады.
Аннотация. С поэтапным вхождением Казахстана в состав Российской империи коренным образом менялась жизнь, как казахской аристократии, так и простого народа. Если представители белой кости – чингизиды в основном лишались права управления, то значительная часть населения со временем теряла права на землю. Часть султанов были привлечены к руководству низшей ступенью административной единицы – волостью. За весь период после ликвидации ханской власти ни один султан не являлся главой генерал-губернаторства или области. Рассматриваемая категория населения была немногочисленна. Ее проще было повернуть в свою сторону различными подарками, должностями, обещаниями. Для окончательного укрепления своих позиций царскому правительству необходимо было увеличить число своих сторонников и среди коренного населения. Ограничиться султанами и другой обеспеченной категорией казахов, преданных «царю и Отечеству» было недостаточно. Беспокоила колониальную администрацию на местах и царское правительство в столице основная часть населения. Постоянно усмирять ее силой оружия или держать в страхе было довольно сложно. В некоторой степени помочь решить создавшуюся проблему могла религия. Поэтому, русская православная церковь и ее служители должны были читать проповедь не только среди переселенцев, но и привлекать в лоно своей религии иноверцев – казахов. Статья написана в рамках выполнения научного проекта АРО8855385 «Мусульманские и православные миссионеры в Казахстане: деятельность и результаты (XIX – начало XX веков)».
Аңдатпа. Мақалада қазақстандық тувалықтардың тарихы мен олардың елімізге қоныс аудару тарихын ғылыми негізде зерделеу нысанаға алынған. Атап айтсақ, тувалықтар мемлекетінің тарихы қысқаша баяндалып, оның негізгі кезеңдері сипатталады және олардың тұрмыс-тіршілігі туралы айтылады. Яғни, тувалықтардың антропологиясы, тілі, наным-сенімі, шаруашылығы, дәстүрлі тағамдары, мәдениеті туралы баяндалады. Елімізде төзімділікті сақтау мәселесіне мемлекеттік тұрғыдан қолдау танытылуда. Осының нәтижесінде қазақ жеріне жебеу іздеп келген өзге этнос өкілдерінің қатарында тувалықтардың да өзіндік құндылықтарынан ажырап қалмай, дәстүр жалғастығы мен сабақтастық негізде ұстану көрінісі мақалада нақты мысалдар арқылы айшықталады. Аталған еңбекте, тувалықтардың Қазақстанға қоныс аударуы, демографиялық жағдайы, мысалы 1970, 1979, 1989, 1999, 2009 жылдардағы ұлттық санақ қорытындылары бойынша динамикасы анықталады. Сондай-ақ, елімізде олардың басым бөлігінің қала тұрғындары болып табылатындығынан ақпарат беретін статистикалық мәліметтер ұсынылады. Мақала «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми тарихи картасын «аналитикалық зерттеу, өзектендіру және ақпараттық қолдау» атты ғылыми жоба шеңберінде дайындалды.
Аңдатпа. Мақала ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың басында Жетісу облысында сауда байланыстарының дамуы және оның өңір қазақтарының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне әсері мәселесіне арналған. Облыс жерінің Қытай мемлекетімен және Орта Азия хандықтарымен шектесіп жатуы патша үкіметіне экономикалық тұрғыдан тиімді болып, сауданың дамуына ықпал еткендігі, оның өз кезегінде жергілікті халықтардың дәстүрлі шаруашылығы мен тұрмысына, облыс тұрғындарының өзара қарым-қатынасына әсері қарастырылады. Сауданың дамуы қазақтардың байырғы кәсіптерін дамытып, табыс көзіне айналдыруына ықпал етті. Малдың айырбас құралы ретінде құны артып, қолда ұсталатын мал түрлері де өзгере бастады. Тауар-ақша қатынастарының дамуы халықтың әлеуметтік теңсіздігін одан әрі арттыра түсті. Сауда өсімқорлық арқылы жүргізілді. Ресейлік, ортаазиялық саудагерлермен қоса жергілікті қазақ байлары да өсімқорлық саудамен айналысты. Қазақтар екі жақты қыспаққа, кіріптарлыққа түсті. Сауда қатынастарының дамуы халыққа экономикалық жағынан қиындықтар туғызғанымен өмірлерінде оң өзгерістер орын ала бастады. Тұрмысқа жаңа бұйымдар еніп, киімдер сапалы, күнделікті тұрмысқа ыңғайлы маталардан, жаңаша сәнмен тігіле бастады. Ішіп-жейтін тағам түрлері өзгерді. Жетісу қазақтарының күнделікті тұрмыс-тіршілігі мен қоғамдық санасы сапалы жаққа бет бұрып, жаңа қоғамдық қатынастарға бейімделе бастады. Мақалада осы және басқа да мәселелер туралы айтылады.