Таңбалар ежелден билік пен жеке меншіктің нышаны саналады. Таңбалардың маңызының ең артқан тұсы – құрамына көптеген ру-тайпалар мен этносаяси бірлестіктер енген ортағасырлық мемлекеттердің өмір сүрген уақыты. Олар таңбаларды әкімшілік-басқару, сыртқы саясат және басқа да мемлекеттік қызметтерді жүзеге асыру кезінде кеңінен қолданды. Ортағасырлық көшпелі халықтардың ең алдымен бәріне ортақ негізгі таңбалары және соны түрлендіру арқылы жасаған отбасылық және жеке таңбалар болды. Таңбалар қоғам мүшелерінің мәртебесі мен әлеуметтік жағдайын таныту үшін қойылды. Қазақтардың (және барша түркі түркі тілдес ұлттардың) этногенезін қалыптастырған бұл халықтардан бізге кең байтақ жер, аса бай тілмен қатар бойына ел тарихы үшін аса құнды ақпарат жасырған таңбалар мен белгілердің үлкен бір жүйесі мұраға қалды.
Қазіргі археологиялық және этнографиялық далалық зерттеулер нәтижесі көрсетіп отырғандай таңба белгілер Қазақстанның барлық өңірлерінен, жартастардан, культтік-мемориалдық нысандардан, қыш ыдыстардан, теңгелерден, қару-жарақтар мен тұрмыстық бұйымдардан және т.б. табылуда. Бүгінгі таңда қазақ даласында орта ғасырларда өмір сүрген халықтардан қалған таңба белгілер бойынша көптеген құнды деректер жинақталып қалды. Олардың біразын зерттеушілер жеке-жеке ғылыми айналымға енгізіп те үлгерді. Дегенмен, олардың басын қосып, сұрыптап, жіктеп және деректану тұрғысынан талдау жасап, қордаланып қалған әдіснамалық мәселелерді шешуге қабілетті еңбек әлі де болса жарық көре қойған жоқ.
Түйін сөздер. Таңба, белгі, орта ғасырлар, қазақ даласы, түркі халықтары, тайпалар, көшпелілер.