Бұл мақалада авторлар Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен қызметіне байланысты мәселелерді қарастырды, мысалы оның өмір жолдары, шығармашылығы, философиялық көзқарастары зерттеу нысанына айналды. Дәлірек айтқанда, Сайрам шаһарында дүние бесігін ашқан дара тұлғаның Арыстан баб, Хамадани сынды мәшһүр ғұламалардан білім алып, сол ілімді қоғамның рухани баюына шебер пайдалануы өзекті болып отыр. Дарындылығы мен еңбекқорлығының жемісі ретінде Ясауи Орта Азия мен Қазақ елінде исламды тарату мен кемелдендіруге сүбелі үлес қосты. «Диуани Хикмет» атты даналық жинағында өмірдің мәні мен маңызы, ақырет пен ақырзаман, исламның шариғи заңдары мен парыздары, Мұхаммед Мұстафа пайғамбарымыздың (Аллахтың оған сәлемі мен игілігі болсын) сүнет жолы және т.б. мәселелерді зерттеуге тырысты. Әрине, фәлсапалық сарында жазылған шығармалардың барлығына шынайы деп баға бере алмасақ та Құран-кәрімнің сүрелері мен аяттарын мысал ретінде қосып, жазылған еңбектің шынайылық деңгейі мен ғылыми құндылығын арттырған болатын.