Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 94 (100) ҰОС КЕЙІНГІ КЕҢЕС АЗАМАТТАРЫНЫҢ РЕПАТРИАЦИЯЛАНУЫ ЖӘНЕ ОНДАҒЫ ПАСПОРТ ҚЫЗМЕТІНІҢ КӨРІНІСІ

Омарбаев Ы.Қ., ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының PhD докторанты

ӘОЖ 94 (100) ҰОС КЕЙІНГІ КЕҢЕС АЗАМАТТАРЫНЫҢ РЕПАТРИАЦИЯЛАНУЫ ЖӘНЕ ОНДАҒЫ ПАСПОРТ ҚЫЗМЕТІНІҢ КӨРІНІСІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 3(11), 2017

Tags: тұтқын., паспорт, азамат, ҰОС, лагерь, репатриация
Author:
Отандық тарихнама тақырыптарының салыстырмалы аз зерттелінген тұстарының бірі, Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталу кезеңі мен соғыстан кейінгі алғашқы жылдардағы кеңестік азаматтардың репатриациясы болып табылады. 1980-ші жылдардың соңынан бастап кеңестік тарих ғылымында аталған мәселені толық және қарама-қайшылықта қамтыған еңбектер пайда бола бастады. Сонымен бірге, аталған тарихи үдерісте маңызды рөлге паспорт түріндегі куәландырушы құжаттарда ие болды.
Text:

Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі паспорттық жүйе қызметінің нақты көрініс берген тұстарының бірі, әскери тұтқындар мен отанынан кеткен азаматтар тағдырымен байланысты болды. КСРО көпұлтты мемлекеттер қатарына жатқандықтан, аталған аспекті ерекше мәнге ие болды. Германия мен оның одақтастарының аумағына күшпен алынып кетілінген әскери тұтқындар, қашқындар мен тіпті бейбіт эмигранттарды отанына қайтару мәселесі тарихта аз зерттелінген тақырыптардың қатарына жатады. 1980-шы жылдардың деніне дейін осы мәселе аясындағы мұрағаттық құжаттар құпияландырылды немесе қол жеткізілуге шектелінді деуге болады. Нақты құжаттық деректер мен тарихи-ғылыми әдебиеттердің жоқтығы, қоғамдық ортада аңыздар мен қауесеттерді тудырды. Бұл пікірлер ұйғарымы Батыс пен посткеңестік елдерде жарық көрген бірқатар жарияланымдарға да қатысты болып табылады. Әсіресе, «қырғи-қабақ соғысы» дәуіріндегі идеологиялық-саяси қақтығыстардың ушығу құбылыстары тарих ғылымын да айналып өтпеді. КСРО туралы біршама тарихи құжаттар мен фактілерге қол жеткізген батыстық зерттеушілер де өздерінің пайымдық теңеулерімен бұрыс айшықтаған тұстары жетерлік еді.

Қазіргі таңда зерттеушілер тобы түрлі жабық деректер көзіне рұқсат алып, тыңғылықты әрекеттер жасауына мүмкіндік алды. Әсіресе, олардың арасында 1944 жылғы қазанда құрылған КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі (кейінгі Министрлер Кеңесі) жанындағы репатриация ісі бойынша Басқарма органының құжаттары ерекше рөль атқарады. Бұл мемлекеттік орган репатрианттардың тағдырына тікелей жауап берді. Жоғарыда көрсетілген мәселелердің ортасында паспорттық жүйенің құқықтық талаптары мен ережелері қатарласа жүрді. 

Аталған мәселенің төңірегіндегі құжаттық материалдарды қарастырып, маңызды жарияланымдарды ұсынып жүрген ресейлік, отандық зерттеушілер қауымы ұлғайып келеді. Солардың қатарына ресейлікЮ.Н.Арзамаскин, В.Н. Земсков, отандық Г.К. Көкебаева сынды ғалымдарды жатқызамыз. Екінші дүниежүзілік соғыс тұтқындарының тағдырын ғылыми тұрғыда кешенді қарастыра білген Ю.Н.Арзамаскин «Заложники второй мировой войны: Репатриация советских граждан в 1944-1953 гг.» еңбегін [1], В.Н. Земсков 2013 жылы «Возвращение советских перемещенных лиц в СССР. 1944—1952 гг.» атты көлемді ғылыми зерттеулерімен тақырыптың тарихнамалық қорын байыта түсті [2, б. 336]. Мақаланың деректік негізі мұрағаттық құжаттар мен статистикалық мәліметтерге сүйеніліп жазылынған. Г.К. Көкебаеваның Ұлы Отан соғысы тақырыбына қатысты монографиясы, жарияланымдар тобы жарыққа шығып үлгерді. Соғыс тұтқындарының тағдырына қатысты жарияланымдарының алды аталған ғалымның қатысуымен «Былые годы» халықаралық маңызы бар журналында жарияланды [3]. Жоғарыда аталған зерттеулер кешенінде, паспорттық жүйенің қызмет бағыттары жіті қарастырылмағанымен, біздің жұмысымызға берер дереккөздері мен пікір желілері айтарлықтай болып табылады. Енді, паспорттың репатриация ауқымындағы ықпал өрістері көрініс табатын тұстарына тоқталып өту үшін, мәселенің негізгі нысаны болып табылатын тұрғындардың тағдырлары мен заңдық-құқықтық мәртебелеріне көз жүгірту маңызды болып табылады. Біздің міндетімізге қатысты оқиға үдерістерінің мәнін айшықтау турасында алдымен тарихи үрдістің жалпы кешендік бастапқы себептеріне, сандық көрсеткіштеріне тоқталып өтуіміз қажет.

Репатриация ісі бойынша Басқарманың мәліметтеріне қарағанда, соғыстың ақырғы сәттерінде КСРО аумағынан тыс жерлерде 5 миллионға жуық кеңестік адамдар қалған. Олардың 3 миллионы Кеңес әскері қимылдары жүріп жатқан аумақтарда өмір сүрсе, 2 миллионы КСРО одақтастарының соғыс ошақтарында (Франция, Италия, Австрия) өмір сүрді [2]. Олардың барлығын отандарына қайтару мәселесі күн тәртібінде тұрды. Оларды қайтару бойынша мемлекетаралық келісімдер сәтті жүзеге асырылғанның өзінде, тасымалдау, жайғастыру, жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері өзекті болып қала берді.

Жоғарыда көрсетілген мәселелер тобының ішіндегі бізге маңыздысы реапатрианттарды жайғастыру, жұмыспен қамтамасыз ету және азаматтық мәртебе беру аспектілері еді. Кеңес үкіметінің қауіпсіздік органдары шет жерлерде қалған өз азаматтарының сыртқы аумақта қалу себеп-салдарларына, көзқарас тұрғыларына аса мән беріп, соған орай өзіндік амалдармен жағдай жасады. 1940 жылдар соғыс уақытысымен және Сталиннің тоталитарлық-террорлық саяси билігімен ерекшеленгендігін жақсы білеміз. Бірақ, осыған қарамастан, саяси режимдердің аумалы-төкпелі кезеңдеріндегі тарихи фактілердің өзгеру заңдылықтарын ескере отырып, ҰОС барысындағы репатрианттарға қолданылған арнайы тәсілдер тобы көп саралауды қажет етеді.

Соңғы кездері, ресейлік тарихшылардың тақырыпқа қатысты зерттеулерінде, Сталиннен соңғы Хрущевтің «жылымық» дәуірінде көптеген алдыңғы дәуір құжаттарының бұрмаланғандығын растап отыр. Тақырып бойынша зерттеу еңбек шоғырларына талдай жасай отырып, КСРО жетекшілігінің саясатында «тұтқындар» мен «сатқындар» түсінігінің өмір сүрмегендігін айғақтауға болады. Сатқындар тобына лайықты түрде полицайларды, зондеркомандаларды, карательдерді жатқызды. Ал, негізгі кеңестік ауысқан тұлғаларға, оның ішінде тұтқындарға да қатысты арнайы теңеу таңылған жоқ. Зерттеушілер И.В. Сталиннің «бізде тұтқындар жоқ, бізде тек сатқындар бар» деген сөзі, 1956 жылғы жазушы-публицистикалық ортада ойлап табылған, жеке басқа табынушылықты айыптаудың бірі құралы болғандығын алға тартады [2]. Осыған қарамастан, қарама-қарсы көзқарастар желісін ұсынатын зерттеулер тобы да жоқ емес. Ол зерттеулердің деректік мәліметтеріне қарағанда, неміс қолында болған кеңестік тұтқындардың арасында отанына оралушылыққа қарсы ниет тұрғысында, өзін-өзі өлімге қиюшылық көп болған [4, б. 85].

Оның үстіне, КСРО қылмыстық заңнамасында «тұтқынға берілу» туралы баптар қарастырылмады [2]. Осыдан келіп, қазіргі фильмдер мен баспасөз беттерінде жарияланып жүргеніндей, неміс тұтқынында болушылардың барлығы бірдей еліне оралғаннан соң, екінші жазалау үрдісін бастан кешіргендігіне күмән келтіреміз. Кеңестік биліктің тұтқындарға қатысты екіұшты пікірлерінің пайда болуына қатысты, ағылшын-американдық мәліметтер азадаған септігін тигізді. 1944 жылғы батыстық державалар ақпараттарындағы, кеңестік тұтқындардың өз отандарына оралғысы келмейтіндігі жөніндегі мәліметтер желісіне әрине күмәнмен көз жүгірте аламыз.

Біздің «ауысқан тұлғалардың» өзге жердегі уақытша өмірлері мен ахуалдарына ерекше мән беруіміздің себебі, олардың кейінгі отандарына оралғаннан кейінгі өмір сүрулеріне басым ықпал етті. Өйткені, өмір сүру мекенжайлары мен құжаттық рәсімдеулері, оның ішінде паспорттың берілуі үрдістері барлығы олардың кеңес қауіпсіздік органдарымен қалай мінезделінгендігіне байланысты болды. Соғыстың соңғы кезеңдерінде кеңес тұлғалары жайғасқан шет елдердің билік өкілдері мен «ауысқан тұлғалар» тобы бір мәселеге бас қатырды. КСРО билік жетекшілігі оларды отанына қайтаруға рұқсат бермейді деген тұжырым жасалынды. Бірақ, аталған пікірге қарамастан, КСРО жетекшілігі оларды қайтаруға нақты шешім қабылдағандығын тарихтан ұғынамыз.

Елге қайтушы кеңес азаматтарын тергеу, тексеру амалдары қандай сипатта өтті және осы әрекеттер барысындағы паспорттың қызметі немен байланыста деген сұрақ  туындайтындығы сөзсіз. Паспорттың қызмет рөліне тоқталмас бұрын, «ауысқан тұлғаларды» отанындағы қабылдаудың тәсілдеріне айрықша мән беру қажет. Соғыстың соңғы уақыттарында мәжбүрлі немесе өз еркімен қайтарылушы кеңес азаматтарын ІІХК-ның тексеру-іріктеу бөлімшелерінен өту әрекеттері күтіп тұрды. Одақтас елдермен арадағы келісім бойынша репатрианттар қатарына 1939 жылдың қыркүйек айларына дейін Кеңес Одағы шекарасында өмір сүрушілер жатты. Аталған санатқа жатушы «ауысушы» азаматтарды әскери ошақтар мен теңіз порттарында қабылдау үрдістері жүзеге асты. Соншама адамдарды ІІХК-ның тексеру-тергеу амалдарынан қысқа уақытта өткізудің мүмкіндіктері шектеулі еді. Келуші азаматтар шоғырының уақытша қиын ахуалдарда өмір сүруіне тура келді. Оларды жайғастыру орындары тапшы болып, суық күндерде шатырлар мен нашар жабдықталған мекемелерде күнелтуге тура келді. Бірақ, ІІХК-ның қаулысы бойынша қарт адамдар мен балалы әйелдерді тексерудің жеңілдетілген формасы бойынша бес күннің ішінде тұрақты мекен-жайларына аттандыру шаралары қарастырылды.

Осы ретте, паспорттық органдардың қызметтері көрініс тапты. Келуші азаматтардан ең алдымен, бұрынғы мекен-жайларын сұраққа алу іс-әрекеті көзделінді. Мекен-жайларының ақпаратын дәлелдеудің дереккөзі ретінде әрине сәйкестендіру құжаттары алынды. Туу туралы куәлік, мекен-жайы туралы анықтама қағаздары, еңбек кітапшасындағы куәлік беруші ақпараттардың барлығы назарға алынды. Соғыстың қиын ахуалдарына орай,  көптеген адамдарда куәлік етуші, сәйкестендіруші құжаттардың жоғалып кетуі заңдылық болатын. Сондықтан да аталған амалдарды жүзеге асыру үдерістерінде адамгершілік, аяушылық, жәрдем берушілік қағидалары алға шығып, құжаттарсыз-ақ, сенім білдіру жағдайлары жиі ұшырасқандығын болжауға болады. Тек, күмән келтіруші және ұзақ тексеруді қажет ететін ер адамдарды ғана ІІХК-ның арнайы лагерлеріне аттандырды [2] .

Репатрианттар мәселесімен бірге, бізге соғыс уақытысында кең көлемге ие болған жұмысшы батальондарының да тағдырына, ахуалына көз жүгірту қажет болып табылады. Жұмысшы батальондарының туылған немесе соғысқа дейін өмір сүрген тұрғылықты мекен-жайларына оралу мәселесінде, паспорттық саясаттың қызметтері анық көрініс табады.

Германияның ресми тізе бүгуінен соң, күшпенен отандарынан ажырап қалған адамдардың жаппай қайту үрдісі орын алды. Сонымен қатар, кеңес әскерінің де жауынгерлері тұрғылықты мекен-жайларына оралуға рұқсат алды. Олардың арасында жұмысшы батальондарына тап болған түрлі жағдайлардағы азаматтарда болып табылды. Жұмысшы батальондарының құрамында ІІХК тарапынан теріс пиғылды деп танылған репатрианттарда еңбек етті. Енді, осы құрам өкілдерінің елге қайтуында бірқатар қиындықтар туды. Кеңес үкіметінің билік жетекшілері, жұмысшы батальонында тіркелушілерді еңбек етіп жатқан орындарында қалдыруға тырысты. Осы мақсатта оларды ұзақмерзімді еңбек шарттарына отырғызып, отбасыларын көшіріп алып келулеріне үгіт жүргізді. Еңбек етуші мекен-жайлары бойынша тұрғылықты тіркеп, жеке куәліктер беруді ұйымдастыруды жолға қоймақ болды. Отбасыларымен келушілерге жайғасу орындары даярланып, жергілікті кеңестік әкімшіліктерге тіркеп отырды. Жаңа туылған нәрестелерге туу туралы куәліктерін беруді ойластырды.

Бірақ, атқарушы биліктің өз дегенімен ұмтылғанына қарамастан, жұмысшылардың басым көпшілігі өздерінің туып-өскен жерлеріне қайтуға тілек білдірді. Осыдан келіп, заңдық-құқықтық ережелерді бұзушылықтар үдерісі көрініс тапты. Мәжбүрлі жұмыс орындарында еңбек етуге көндіге алмаған, тұрғылықты мекен-жайларынан ажыраған азаматтар қатарынан қашу ағымдары жиіледі. Олардың түсінігі бойынша жұмыстан өз еркімен кету қылмыс саналып, сондай тәуекелшіл қадамдарға барды. Олардың саны ондаған мың адамнан асып жығылды. Ал, екінші бір жұмыстан басын алып қашудың жолы еңбек демалыстарын пайдалана отырып, тұрғылықты мекен-жайларында қалып қалу еді. Мұндай қадамдарға баруға КСРО еңбек заңыда мүмкіндіктер ашатын. КСРО еңбек заңнамасы бойынша, репатрианттарда елдің басқалай жұмысшы-еңбекші азаматтары секілді барлық құқықтарға ие болып табылды. Оларға жылдық еңбек демалысын алуға, жалақы төленуіне жағдай жасалынды [2].

Заңды түрде өз отандарына оралуға балтық жағалауы мен закавказдық елдер өкілдеріне рұқсат етілді. КСРО Министрлер Кеңесінің 1946 жылғы 13 сәуірдегі,  1946 жылғы 2 қазандағы, 1947 жылғы 12 маусымдағы шешімдері бойынша жұмысшы батальондарына тіркелген репатрианттардың барлығы (немістерден, түрік-месхеттерден, күрдтерден басқалары) елдеріне оралды [2]. 1948 жылдың басына қарай, өнеркәсіптің тұрақты кадрларында тіркелуші репатрианттардың саны екі есеге азайды. Репатрианттардың бұрынғы мекен-жайларына жіберілуі үрдістері ІІХК және жергілікті кеңестік органдар тарапынан қатаң бақылауға алынды. Олардың өздерінің растаушы, куәлік етуші құжаттарының жоқ болғандығының өзінде, ата-аналарының, туыстарының аты-жөндерін дұрыс атаулары керек болды. Жаңылыс кету, күмән тудырарлық жауап берулер ескі мекен-жайларына оралудың мүмкіндіктерін шектейтін еді.

Үлкен қалаларға репатрианттарды жіберу үрдісі күрделі тетіктерге арқа сүйеді. Бұрынғы орындарына қайта оралушылардың арасында көптеген киевтіктер болды. Елдің басқа да Мәскеу, Қазан, Куйбышев қалалары жаудың қоластына өтпегендіктен ол жерлерде репатрианттармен қатысты мәселелер ортаға шықпады. Киевті барлығымыз білетіндей, 1941 жылдың күзінен 1943 жылға дейін немістердің қоластында өмір сүрді. Қаланың халқы түрлі қиын тағдырды бастан кешіріп, жан-жаққа босып кетті. Осыған байланысты, соғыстан кейінгі қалыптасу кезеңінде қаланың бұрынғы тұрғындарын жинақтау, соларды бірінші кезекте орналастыру жоспары алда тұрды.

КСРО ХКК-ның 1945 жылғы 6 қаңтардағы «репатриацияланған кеңес азаматтарын қабылдауды ұйымдастыру мен орналастыру туралы» қаулысында Мәскеу, Ленинград және Киев қалаларына репатрианттарды жөнелтпеу жөнінде шешім қарастырылды. Аздаған уақыттан соң, репатриант-киевтіктермен байланысты аталған мәселе жұмсара түсті. КСРО ХКК-ның 1945 жылғы 7 шілдедегі қаулысы бойынша Киев қаласына репатриацияланған жасөспірім балалар мен қыздарды жіберу шешімі қабылданды. Бірақ, олардың ата-аналары Киевте өмір сүрулері шарт болды [4, б. 88].

Ленинград облысында репатрианттарға қатысты Киев қаласындағы секілді ортақ мәселе туындады. 1944 жылдың 19 қарашасындағы МҚК-ның № 6973 қаулысына сәйкес бұрын Ленинград облысының аумағында өмір сүрген ингерманландық текті азамат тұлғаларды отанына қайтару туралы шешім қабылданды. Бірақ, ол азаматтар шоғырын ескі мекен-жайларына емес, Ярослав, Калинин, Новгород, Псков, және Великолук облыстарына жайғастыру қарастырылды [5, б. 27] .

1945 жылы 22 мамырда МҚК азаматтық репатрианттарды 10-күндік мерзімге тіркеу мен тексеру және тұрғылықты мекен-жайлары бойынша жөнелту қаулысын қабылдады. Тәжірбие көрсеткеніндей, аталған мерзім шын мәнісінде іске асуға жарамсыз болды. Репатрианттардың ағымы лагерлер мен тұтқынға түскендер тізіміне (ТТТ) арналған орындарда 1-2 ай немесе одан да көп уақытқа қалып қойды. 1945 жылдың 30 мамырына таман лагерлер мен ТТТ орындарындағы адам саны 1,3 миллионға жетті [2]. Жоғарыда аталған екі құрылым арасында ешқандай да айырмашылық болмады.Бұл тұрғыдағы мәселеде, «лагерь» термині қамау орнының ұғымын емес, ТТТ секілді жинақтау бөлімшесінің міндетін атқарды.

 Тұрғылықты мекен-жайларына келуші репатрианттарды жергілікті ішкі істер мен мемлекеттік қауіпсіздік органдарының КСРО ІІҚК-МҚХК-ның 1945 жылғы 16 маусымдағы «Репатриацияланған отанына оралушы кеңес азаматтарын тексеру мен іріктеудің тәртібі туралы» Бұйрығының негізінде міндетті түрде тексеру тиіс болды. 1947 жылдың 1 қыркүйегі бойынша  тексерілім 1 981 411 адамға (бұл саналымға 1924 мың репатрианттар мен 57 мың ішкі ауысушы тұлғалар енді) қатысты аяқталды. Олардың ішінде негізінен үлкен жастағылары тексерілді. Қатаң режимдерден босаушы репатрианттар мен ауысушы тұлғаларға қатысты кейбір айрықша заңдық талаптар болғанымен, КСРО мемлекеті оларды қоғамдық ортаға сіңірудің біршама шарттарын орындады деуге негіз бар. 1944-1948 жылдары КСРО үкіметі тарапынан репатрианттарды КСРО азаматы ретінде тануды қамтамасыз ететін 67 қаулы қабылданды. Олардың 14 қаулысы жеңілдіктер мен материалдық қамтамасыз етулерге жаты [2].

Репатрианттарды қабылдау үрдісімен қатар, өз отандарынан КСРО аумағына бас сауғалаған өзге елдердің азаматтарын да туған өлкелеріне қайтару әрекеттері жүзеге асырылды. Ол, бірінші кезекте Польша мемлекетінің тұрғындарына қатысты болатын. КСРО ХКК (халық комиссарлар кеңесі) қабылдаған қаулылардың арасынан келесідегідей бағыттарды анықтауға болады: «репатриацияланған кеңес азаматтарын қабылдау мен орналастыруды ұйымдастыру туралы» (1945 жылдың 6 қаңтары); «Украин және Беларус КСР-ы аумақтарына КСРО азаматтығын танушы барлық украиндықтар мен беларустарға жеңілдетілген тәртіпте кіруге рұқсат ету туралы» (1946 жылдың 14 маусымы) [2]. Әрине, жоғарыда аталғандардан да басқа қаулылар бағыттары іске асырылды. Бірақ, біздің жұмысымызға аса қатыстылары бастапқыда көрсетілгендері болып табылатын. Территориялық бірлікті анықтау мен мемлекеттің құзырындағы адамдардың азаматтық құқықтарын негіздеу мен қалыптастыруда құжаттық рәсімдеудің орны зор екендігін білеміз. Ол құжаттық рәсімделу бірінші кезекте, азаматтың сол өмір сүріп жатқан мемлекетке тиісті болып табылатындығын айғақтайтын куәландырушы құжаттармен жүзеге асатындығы айқын. Осы мақсатта соғыстан кейінгі кезеңдерде КСРО-ның азаматтығын танушы жаңа тұлғаларды паспорттық жүйенің құжаттарымен қамтамасыз ету шаралары жүргізілді. Мәселенің жан-жақты тарихи тереңде қарастырылуы үшін, жаңа қосылған украин мен беларус азаматтарының ахуалдарына жіті тоқталу қажет секілді. 1939 жылға дейін Польшаның құрамында болып келген Батыс Украина мен Батыс Беларус аймақтары, І дүниежүзілік соғыстың басталуымен бөлініске салынып, КСРО қарамағына өткендігінен жақсы хабардармыз.

Батыс украин мен беларус халықтары азаматтық мәртебе ұстаным тұрғысынан көптеген қыспақтарға ұшырады. Неміс басқыншылығы кезінде араларынан сатқындар легіде де көптеп ұшырасты. Жеңістен кейін, жаңадан құрылған Польша мемлекеті өз жерінен КСРО-ға бас сауғалап пана сұраған азаматтарын қабылдай бастады [6, б. 111]. Олардың арасында бірқатары КСРО аумағында қалуды дұрыс деп шешті. Осы аталған үрдістердің барлығы паспорттық құжаттың анықтамаларынсыз, мәліметтерінсіз жүзеге асуы мүмкін емес болып табылатын. КСРО мемлекеті кеңестік репатрианттарды өз отанына қайтару мәселесімен ғана емес, өзге елдердің азаматтарын да отандарына оралуына жағдай жасады. Ойымызды түйіндейтін болсақ, КСРО мемлекеті екі тағдыр мен ахуалдағы репатрианттарды қабылдаудың және аттандырудың үрдістерін жүзеге асырды. КСРО мемлекетіне фашистік Германия басқыншыларынан бас сауғалаған түрлі халықтар өкілдерін соғыстан кейінгі бейбіт уақытта қайтаруды ұйымдастыру іске асырылды. Осымен қатар, өзінің азаматтарын оралту мәселелері де мемлекетаралық деңгейде ретке келтірілді. Тақырыптың өзектілігі біздің отандық тарихнамада да алдыңғы орында болуы тиіс. Себебі, алапат соғыста өзіміздің ата-бабаларымыздың белсене қатысқандығы, олардың да тұтқын тағдырын бастан кешіргендігі айқын. Олардың бастан кешкен ахуалдарын жіті қарастыратын зерттеу кешендерінің жандануы алдағы уақыттары шешімін табары сөзсіз. Ол тарихымыздың ақтаңдақ беттерін толықтырып, өскелең ұрпақ бойында отансүйгіштік, өткен тарихқа деген құрметтің артарына қосары мол болмақ.

Әдебиеттер

1.  Арзамаскин Ю.Н.Заложники второй мировой войны: Репатриация советских граждан в 1944-1953 гг. М.; -2001.-144 с.

2.  Земсков В.Репатриация перемещённых советских граждан.

Война и общество, 1941-1945 книга вторая. - М.: Наука, 2004. -С. 331-359.

3.  G.K. Kokebayeva, R.S. Myrzabekova, M.S. Myrzabekov. The Activities of Community Organizations in Providing Assistance to Prisoners of World War I.Bylye Gody, 2016, Vol. 42, Is. 4 Al-Farabi Kazakh National University, Kazakhstan. -p. 1353-1359.

4.  ЕжоваГ.В., ЕжовМ.В.. Деятельность советской военной администрации по репатриации бывших военнопленных и перемещенных лиц с территории Германии в послевоенный период // Управленческое консультирование. -2014. -№ 1 (61).-С. 85-91.

5.  Большакова Г.И.. Деятельность органов репатриации по возвращению на родину советских граждан и военнопленных из Финляндии в послевоенный период (1944-1953 гг. ) // Наука и современность.-2014. -№ 34.-С. 24-29.

6.  Пискунов С.А..Возвращение на родину: участие переселенческих органов РСФСР в репатриации польских и советских граждан в 1945-1946 гг. // Социум и власть.-2012. -№ 5 (37).-С. 109-113.

References

1. Arzamaskin YU.N. Zalozhniki vtoroj mirovoj vojny: Repatriaciya sovetskih grazhdan v 1944-1953 gg. M.; -2001.-144 s.

2. Zemskov V. Repatriaciya peremeshchyonnyh sovetskih grazhdan.

Vojna i obshchestvo, 1941-1945 kniga vtoraya. - M.: Nauka, 2004. -S. 331-359.

3. G.K. Kokebayeva, R.S. Myrzabekova, M.S. Myrzabekov. The Activities of Community Organizations in Providing Assistance to Prisoners of World War I. Bylye Gody, 2016, Vol. 42, Is. 4 Al-Farabi Kazakh National University, Kazakhstan. -p. 1353-1359.

4. Ezhova G.V., Ezhov M.V.. Deyatel'nost' sovetskoj voennoj administracii po repatriacii byvshih voennoplennyh i peremeshchennyh lic s territorii Germanii v poslevoennyj period // Upravlencheskoe konsul'tirovanie. -2014. -№ 1 (61). -S. 85-91.

5. Bol'shakova G.I.. Deyatel'nost' organov repatriacii po vozvrashcheniyu na rodinu sovetskih grazhdan i voennoplennyh iz Finlyandii v poslevoennyj period (1944-1953 gg. ) // Nauka i sovremennost'. -2014. -№ 34.-S. 24-29.

6. Piskunov S.A.. Vozvrashchenie na rodinu: uchastie pereselencheskih organov RSFSR v repatriacii pol'skih i sovetskih grazhdan v 1945-1946 gg. // Socium i vlast'. -2012. -№ 5 (37). -S. 109-113.

ОМАРБАЕВ Ы.К.

PhD докторант Института истории и этнологии имени

Ч.Ч. Валиханова

Резюме: Одна из сравнительно малоизученных тем отечественной историографии тема репатриация советских граждан на заключительном этапе Второй мировой войны и в первые послевоенные годы. С конца 1980-х гг. в советской исторической науке стали появляться труды, освещавшие проблему репатриации во всей ее полноте и противоречивости. А так же в этом историческом процессе важную роль сыграли удостоверяющие документы в виде паспорта.

Ключевые слова: репатриация, паспорт, граждан, ВОВ, лагерь, плен

OMARBAEV Y.K.

PhD of Institute of history and ethnology after named

Ch.Ch. Valikhanov

Summary:Repatriation of the Soviet citizens at the final stage of World War II and in the first post-war years is one of rather poorly studied subjects of a domestic historiography a subject. Since the end of the 1980th in the Soviet historical science the works covering a repatriation problem in all its completeness and discrepancy began to appear. And also in this historical process the important role was played the certifying documents in the form of the passport.

Keywords: repatriation, passport, citizens, Second World War, camp, captivity



No comments

To leave comment you must enter or register