Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 32:008 ҚЫТАЙДЫҢ ӘЛЕМГЕ МӘДЕНИ ЫҚПАЛДАСТЫҚ САЯСАТЫ

Керімбаев Е.Ә. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан Республикасы, Алматы қ.

ӘОЖ 32:008 ҚЫТАЙДЫҢ ӘЛЕМГЕ МӘДЕНИ ЫҚПАЛДАСТЫҚ САЯСАТЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(09)

Tags: Қытай, жұмсақ, тілі, мен, ықпалдастық., мәдени, қаупі, қытай, институты, Конфуций, күш, мәдениеті
Author:
Мақалада Қытайдың жаһандану жағыдайында әлемдік мәдени ықпалдастыққа белсенді қатысуы, оның халықаралық деңгейде жүргізіп отырған қытай тілі мен мәдениетін әлемге тарату саясаты талданады. Автор Қытайдың дүние жүзінің көптеген елдерінде құрып жатқан Конфуций институттарының мәніне тоқталып, оның қытай тілі мен мәдениетін әлемге таратудағы стратегиялық маңызын сараптайды. Қытай тілі мен мәдениетінің әлемге тез таралуын Қытайдың әлеуметтік экономикасының дамуы және халықаралық қатынастардағы маңызының артуымен байланыстырып түсіндіреді. Конфуций институттарының тек қытай тілі мен мәдениетін таратушы ғана емес, сонымен қатар қытай дипломатиясының «жұмсақ күш» миссиясын атқарып отырғанын, әлемде «қытай қаупі» күдігін сейілтіп, Қытайдың жаңа жағымды бейнесін қалыптастыруда атқарып отырған рөлін пайымдайды.
Text:

Қытай - дүниежүзіндегі ең байырғы өркениетті елдердің бірі. Қытай мәдениеті ежелден Шығыс өркениеті ішінде өз алдына жеке-дара бір жүйе саналатын, іргелі де бай мазмұнды мәдениеттердің бірі. Қытай мен Батыс елдері арасында өркениеттер алмасу мен өзара мәдени ықпалдастық ерте заманда басталған. Жаңа заманда Батыс мәдениетінің Қытайға ықпалы басым болғаны белгілі. Ал қазіргі замандағы «жаһандау» ағымымен әлемді шарпыған Батыс мәдениетіне балама ретінде Қытай өзінің ұлттық мәдениетімен ықпалдастық бәсекесіне шығып отыр.

ХХІ ғасырдағы халықаралық қатынастардың бір ерекшелігі дамыған елдердің өз ұзақ мерзімдік халықаралық стратегиясын жүзеге асыру үшін жұмсақ күш тәсілін қолдануынан байқалады. Мұны соңғы кезде қарқынды дамыған Қытай мемлекетінен анық аңғаруға болады.

Қытайдың соңғы жылдары қарқынды дамуы, әсіресе әскери қаражатының жыл сайын артуы басқалардың күдік-күмәнін тудырып, «Қытай қаупі» деген  мәселе көтерілді. Соған байланысты Қытай әлемнің өзіне деген күдігін сейілтуді және өзара сенімді қатынас орнатуды маңызды орынға қойып отыр [1].

Бұған дейін «Қытай қаупі» дегенде көбінесе оның демографиялық қысымы назарға алынатын. Кейін келе Қытай экономикасының қарқынды дамуына байланысты әлем оның экономикалық экспансия жасауынан үрейлене бастады. Ал Қытайдың әлеуметтік комплексті қуатының өсуі одан қауіптенуге негіз болды.

Қытайдың әскери және экономикалық потенциалының артуы әлемде бұрыннан қалыптасқан күштердің балансын өзгертті. Сондықтан ҚХР үкіметі әлемге «қытай қаупі» болмайтынын айтып, «Қытайдың бейбіт өрлеуі» ешкімге қатер төндірмейтінін уағыздап, Қытайдың бейбітшіл ел екендігіне сендіру үшін жұмсақ күш тәсілдерін қолдануды жөн санады.

Қытай өзінің бай тарихи, рухани, мәдени мұрасы мен қазіргі таңдағы әлеуметтік-экономикалық дамуына, аса зор қаржылық байлығына арқа сүйей отырып, өздері жөнінде қалыптасқан көзқарасты өзгертіп, әлемді шарпыған батыстың мәдени ықпалын тежеуге немесе онымен бәсекелесуге өзінің ұлттық мәдениетін әлемге шығарды.

ҚХР  төрағасы Си Цинпин бір сөзінде «Қытай қай кезде болса да даналық пен ақыл-ой күшін өзінің дәстүрлі мәдениетінен алады; біздің мемлекетіміз бүкіл әлемнің алдында күш-қуатқа ие ел ретінде танылып, өз күшіне деген сенімі зор болуы керек. Кез-келген нәрсені батыстың құндылықтарымен өлшеп, соған ыңғайлана бермеуіміз керек. «Ортадан оқшауланбай, онымен тіл табыса білу» принципіне сәйкес өз мәдениетіміз бен көзқарастарымызды насихаттағанымыз абзал» [2] деген-ді.

2007 жылы ҚКП ОК бас хатшысы, ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао ҚКП-ның ХVІІ съезінде ҚКП «қытай халқының төл мәдениетін, оның құқығы мен мүдделерін сақтау үшін  Қытайдың жұмсақ күшінің бір бөлшегі ретінде мәдениеттің рөлін арттыру керек» [3] деп атап көрсетті. Ол қазіргі әлемде түрлі мәдениеттер қақтығысқанда өз еліңнің мәдениетін, оның қайталанбас бірегейлігін дамыту қажет [4] деп санады. Осы съезде ҚКП мәдениеттің жұмсақ күш әлеуетін арттыру міндетін алға қойды.

«Жұмсақ күш» қолдануда Қытай үкіметі ұлттық тілі мен мәдениетін әлемге тарату арқылы мақсатқа жетуді көздеді. Оның бұл саясатын әлем елдерінің оңай әрі тез қабылдауының басты себебі, Қытайдың экономикалық ықпалының әлемде арта түсуінде, сондай-ақ бүкіл дүние жүзіндегі елдермен  сауда-экономикалық байланыстарының дамуы мен өзара мүдделігінің артуында. Сондықтан  әлем елдерінің Қытайға деген қызығушылығы артты, оның тілі мен тарихи мәдениетін білуге немесе қытайтануға ынтасы күшейді.

Қытай өзінің ұлттық мәдениетін әлемге тарату үшін, әлем таныған ұлы гуманист ойшыл Конфуцийдің есімімен аталатын институттар құрып, қытай тілі мен мәдениетін әлемде жалпыластыру саясатын жүргізуді қолға алды. Сонымен қытай тілін оқыту – Қытайдың сыртқы саясатының маңызды мазмұнына айналды.

Конфуций институты Қытайдың шет елдерде өзінің мәдениеті мен тілін таратудағы гуманитарлық саладағы ең сәтті шыққан халықаралық жобаларының бірі болды. Бұған дейін әлемде өз жұмыстарын жүргізіп отырған испандық Сервантес институты мен немістің Гете институты сияқты Қытай өз институттарына Ұлы ойшылдың есімін берді.

 «Жобаның Конфуцидің есімімен аталуында мән бар. Біздің заманымызға дейінгі 6-5 ғасырда өмір сүрген Конфуций (Кун Цзы) – қытайдың ұлы ойшылы және ағартушысы, қытай дәстүрлі рухани мәдениетінің негізін қалаған философиялық мектепті қалыптастырушы. Бүкіл әлемнің құрметіне бөленіп отырған бұл есім қытай мәдениеті мен тілінің мәңгілігінің  және бірегейлігінің символына айналды» деп түсіндіріледі Конфуций институтының ресми сайтында.

Қытай үкіметі Конфуций институты жобасын іске асыру үшін алдымен ресми басқару құрылымын орнатты. 1987 жылы  Қытай тілі  мемлекеттік Кеңсесін (қытай тілінде қысқартылып  «Ханьбань» деп аталады) құрды, бұл ҚХР Білім министрлігіне қарайтын құзырлы мекеме, дүние жүзінде қытай тілін оқыту және соған қатысты саясатын жүзеге асыратын басқарма.

2002 жылы ҚХР-дың Білім министрлігіне қарайтын «Ханьбань» Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен әлемнің әр елінде Конфуций институттарын құруды қолға алды. Екі жылдан кейін ҚКП ОК ХVI съезінің 4-ші пленумында ҚХР Білім министрлігі мен «Ханьбань» дайындаған Жоба таныстырылып, оларға шет елдерде қытай тілі мен мәдениетін насихаттау міндеті жүктелді. Сонымен  «Ханьбань» Конфуций институттарын құруды 2004 жылдан бастады. Бұл Жобаны алдымен КСРО-ның құрамынан шыққан, жаңа тәуелсіздік алған Орталық Азия мемелекеттері мен Шығыс Европа мемлекеттерінен бастауды жоспарлады. Осы жоспар бойынша 2004 жылдың жазында Ташкентте алғашқы эксперименттік жобасы өз жұмысын бастады. Сол жылдың аяғында алғашқы Конфуций институты Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул  қаласында ресми түрде ашылды. Конфуций институты арқылы әлемде қытай тілін насихаттау және оқыту осылай басталды. «Ханьбаньның»  мәліметіне жүгінсек, әлемдегі қытай тілін оқитын адамдардың саны 2004 жылдан 2014 жылға дейінгі аралықта 30 миллионнан 100 миллионға дейін өскен. Олардың ішінде көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері бар екен. Бұдан қытайдың тілі мен мәдениетінің әлемге қарқынды тарағандығын көруге болады.

Қазіргі таңда әлемнің 134 елінде Конфуций институттары белсенді түрде қытай тілі мен мәдениетін оқытумен шұғылдануда. Олардың білім беру жұмысы Қытайдың сыртқы саясатын атқарумен байланыстырылған. Қытай мен Конфуций институттары орналасқан елдердің арасындағы білім беру және мәдениет алмасу саласындағы ынтымақтастық қатынастарды қалыптастыру мен дамытуға, тіпті екі ел кәсіпорындары арасында байланыстарға дәнекер болу миисиясын да қоса атқарып, Қытай жөнінде жағымды көзқарастар қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді. Олар мәдени дипломатияны дамытып, Қытайдың ұлы державалық позициясын нығайтуға үлес қосуда. Сондықтан Қытай үкіметі Конфуций институттары мен Конфуций кластарын көптеп ашуды тиімді жалғастырып келеді. Қазірдің өзінде Конфуций институттары мен кластарының жалпы саны 1500-ге жетіп, басқа мемлекеттердің тіл оқыту институттарын саны жағынан артта қалдырды.

Қытай тілі мен мәдениетін насихаттау және оқыту ісінің қарқынды дамуының тағы бір тірегі Қытайдың қаржылық қорының молдығында екені даусыз. Қытайдың экономикалық дамуы  Дэн Сяопин бастаған «Реформа және ашық есік» саясатынан басталған. Сол 1978 жылы «Реформа және ашық есік» шешімі қабылданғаннан бері Қытай экономикасы жыл өткен сайын қарқынды дамып, ЖІӨ (ВВП) ұзақ жылдар бойы екі орынды санмен  көтерілді. Нәтижесінде юаньның позициясы нығайып, Қытай инвестиция тартушы елден капитал шығарушы елге айналды. Осы негізде Қытай жұмсақ күш тетіктерін қолдану арқылы өзінің әлемдегі имиджін көтеру, аймақтық және жаһандық мәселелерді шешуде ықпалын күшейтіп, ұлттық мүддесін қорғауды жүзеге асырып келеді.

2002 жылдың қараша айында ҚКП XVI съезінде жасаған баяндамасында нақтыланған «Үшке өкілдік ету» концепциясы, Цзян Цзэминнің ҚКП ОК бас хатшысы қызметіндегі ең маңызды концепция болды. Сондай-ақ, бұл ұсыныс партияның жарғысына ҚКП-ның негізгі ұстанатын идеясы ретінде енгізілді [5].

«Үшке өкілдік ету» концепциясы партияның жаңа жағдайға бейімделуіне бағытталды. ҚКП-ның алдыңғы қатарлы өндіргіш күштердің, прогрессивті қытай мәдениетінің алдыңғы қатарлы бастамаларын және қытай қоғамындағы басым көпшілік топтардың мүдделерін негізге алу принципі басшылыққа алынды.

Осы концепцияға сәйкес ҚКП-ға прогрессивті қытай мәдениеті мен әлемдік заманауи, ұлттық  және бұқаралық мәдениеттен бастау ала отырып экономикалық даму мен әлеуметтік прогресті рухани және интелектуалды тұрғыдан қамтамасыз ету міндеттелді.

Мәдениет мәселесі көтерілген кезде көптеген қытайлықтар, әсіресе жастары бүгінгі күні әлемде ең күшті мәдениет деп батыс мәдениеті, оның ішінде ағылшын тілді мәдениет деп қате ойлады Іс жүзінде бес мың жылдық мәдени дәстүрі бар қытайдың адамзат өркениетіне қосқан үлесі өте зор, қазіргі таңда да бірегей мәдениеті, алдыңғы қатарлы білім мен ғылымы, үздік технологиясы, өркендеген өндірісі бар көшбасшы мемлекет. Алайда, батыс мемлекеттері тарапынан болған интервенция мен колонизацияның ықпалы қытай халқын өз мәдениетіне деген сенімнен айырып тастаған еді. Сондықтан Қытай белсенді түрде халықаралық деңгейде мәдени ықпалдастыққа шықты.

2011 жылдың қазан айында өткен ҚКП ОК алтыншы пленумының 17 шақырылымында «алып мәдениетті мемлекет» құру стратегиясын қабылдады.

«Алып мәдениетті мемелекет» құру контекстінде халықаралық аренада қытай мәдениетінің ықпалын арттыруды, халықаралық мәдени байланыстарды тереңдету және басқа мемлекеттердің озық мәдениетін жан-жақты саралап, өзіне сіңіру саясатын ұстанды. Сол кездегі ҚКП ОК бас хатшысы, ҚХР төрағасы Цзян Цзэмин ұсынған «прогрессивті мәдениет» бағытын «шетелге шығу» стратегиясымен бірлестіріп жүзеге асыруды Конфуций институты жүйесі арқылы атқарып келеді. Нақтылап айтқанда, «шетелге шығу» стратегиясы арқылы Қытай сыртқы әлеммен экономикалық және мәдени ынтымақтастығын жан-жақты дамытуда.

ҚХР төрағасы Ху Цзинтао (2002-2012 ж. билікте) Қытайдың ішкі және сыртқы саясаты бойынша «Гармониалды қоғам» және «Гармониалды әлем»  құру идеясын ұсынды, сондай-ақ «ғылыми даму көзқарасын» да алға қойды. Сонымен Қытайдың дәстүрлі қытай ілімінен алынған «гармония» концепциясы халықаралық аренада дәріптеле бастады. 2005 жылдың сәуірінде Джакартада өткен Азия-Африка саммитіне қатысқан Ху Цзинтао алғаш рет Азия мен Африка елдеріне гармониалды әлем құру үшін бірлесіп жұмыс жасау ұсынысын ортаға қойды. Содан екі айдан кейін Ху Цзинтаоның Мәскеуге жасаған сапарында, Қытай мен Ресей «ХХІ ғасырдағы халықаралық тәртіп туралы Қытай-Ресей бірлескен мәлімдемесін» қабылдады. Осы мәлімдемеде Қытай мен Ресей бүкіл әлемде дамыған және гармониалды әлем құру үшін барлық мемлекеттермен бірлесіп жұмыс жасауға дайын екендерін жариялады. Бұл Қытайдың «Гармониалды әлем құру» концепциясының алғаш рет халықтар арасында қолдау табуы еді.

2005 жылдың 15 қыркүйегінде БҰҰ-ның құрылғанына 60 жыл толуына байланысты өткен жиында ҚХР төрағасы «Берік бейбітшілік пен ортақ гүлдену, гармониалды әлемдік тәртіп құруға күш салайық»  деген тақырыпта баяндама жасап, Қытайдың бейбіт, гармониалды дамуға ұмтылысын және осындай шешім қабылдағанына жауапкершілік алуға дайын екенін мәлімдеді.

ҚКП-ның  2007 жылдың қазан айында өткен ХVІІ съезінде жасаған баяндамасында Ху Цзинтао: «Біз әлемдегі барлық елдердің халықтары ынта-жігерлерін біріктіріп, берік бейбітшілік пен ортақ гүлдену арқылы гармониалды әлемдік тәртіп құруға ұмтылуы керек деп есептейміз. Бұл үшін барлық елдер БҰҰ жарғысының мақсаттары мен принциптерін берік ұстанып, халықаралық құқық пен халықаралық қатынастардың бәріне ортақ  жалпылай мойындалған нормаларын сақтауы керек. Сонымен қатар, халықаралық қатынастарда демократияға, гармонияға, серіктестікке және екіжақты тиімді шешімге барынша қолдау көрсетуі керек» [6] – деді. Сондай-ақ ол «Жаңа дәуірде мәдениет ұлттық тұтастық пен шығармашылықтың маңызды бастауы болып отыр, сонымен қатар мемлекеттің күшін танытатын фактор ретінде де маңызы артып келеді. Осыған байланысты соңғы кезде қытайлықтар өздерінің мәдени өмірлерін байытуға ұмтылуда. Біз алдыңғы қатарлы социалистік мәдениетке негізделген бағыттан айнымауымыз керек, оны дамыту арқылы жаңа деңгейге көтеруіміз қажет, бүкіл халықтың мәдени шығармашылығын ынталандыру және де біздің еліміздің жұмсақ күшінің бір бөлшегі ретінде мәдениеттің рөлін арттыруымыз қажет. Сонымен қатар біз басқа елдердің мәдениет жетістіктерін өзімізге икемдеп қабылдау мен бүкіл әлемде қытай мәдениетінің ықпалын арттыру үшін халықаралық деңгейдегі мәдени байланыстарды нығайта түсуіміз керек» [7] деді. Міне, бұдан Қытайдың әлемдік мәдени ықпалдастық бәсекесіне белсенді қатысқанын көруге болады.

 Мәдени бәселестікті «жұмсақ күш» ретінде қолдануды Қытай ұлттық саясат ретінде қолданысқа енгізді. Өйткені ол ҚКП съезінде жан-жақты талқыланып қабылданған стратегиялық маңызы бар сыртқы саясаты болып табылады.

 «Гармониалды әлем құру» бағдарламасы қытайлықтардың бейбітсүйгіш халық екендігін айғақтайтын тарихи идеологиялық ілім негізін көрсетеді.  Қытайдың бұл бағдарламаны әлемге бағыттаудағы мақсаты -  «қытай қаупі» күдігін сейілтіп, Қытайдың жаңа жағымды бейнесін қалыптастыру.

  Әлемдік жаһандану процесі халықаралық қауымдастықты бір-біріне тығыз байланыстырып келеді, одан ешқандай мемлекет тыс қала алмайды. Дегенмен бұл бағытта ұлы мемлекеттердің өз мүддесін іске асыру, өз құндылық көзқарастарын басқаларға қабылдату үшін күресіп жатқанын да ескеруіміз керек.

2011 жылдың қазан айында өткен ҚКП ОК VI пленумында  Қытайдың ұлттық мүдделерін халықаралық аренада алға жылжытатын тиімді құралдардың бірі ретінде жұмсақ күш тетіктері аталған [8] еді.  2012 жылғы  ҚКП XVIII съезінен кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Бас хатшы Си Цзинпиннің «Қытай әлемді, әлем Қытайды түсінуі керек» [9] деген сөзі Қытайдың әлемге қытай мәдениетін таратудағы бір мақсатын түсіндіреді.

  Сондықтан Қытайдың ұлттық тілі мен мәдениетін бүкіл әлемге тарату саясаты ҚКП ОК XVII съезінде қабылданған «гармониалды әлем құру» сыртқы саясатымен ұштастырылған, «жұмсақ күшпен» астарландырылған, әлемдік аренадағы мәдени ықпалдастық саясаты болып табылады. Қытай үкіметі өзінің осы саясатын біртіндеп жүргізу арқылы,  алдымен шет елдерде Қытайдың жағымды образын қалыптастыруды, одан соң қытайлық құндылықтарды қалыптастыруды көздейді.

Әдебиеттер

1.  Кәріпжанов Ж., Мұқаметханұлы Н. Қытайдың сыртқы саясаты және Қазақстанмен қатынасы (2000-2010 жылдар). – Алматы: Қазақ унверситеті, 2013, -62-б.

2.  Мэнди Ли. 习近平为何要求仔细读孔子 [Электронный ресурс] = Почему Си Цзиньпин велит нам изучать Конфуция // Хайвай-ван. 2013. 29 нояб. URL: http://cul.sohu.com/20131129/n390995638.shtml (дата обращения: 28.07.2014).

3.  Цинь  Яцин.  Теория  международных   отношений  должна  развиваться разносторонне/Цинь Яцин// Жэньминь Жибао, 11 февраля, 2015 秦亚青. 国际关系理论亦需多元发展//人民日报

4.  Цинь Яцин. Теория реляционности в международной политике/Цинь Яцин// Мировая политика и экономика. –2015. –№.2. –С.6 秦亚青.国际政治的关系理论//世界经济与政治.

5.  Тройное представительство [Электронный ресурс] //Официальный сайт Википедия.- Режим доступа:

https://ru.wikipedia.org/wiki/Тройное_представительство

6.  Gil J. China’s Confucius Institute Project: Language and Soft Power in World Politics//The Global Studies Journal. Volume 2, Number 1, 2009, pp. 59-72.

7.  Full text of Hu Jintao’s report at 17th Party Congress [Электронный ресурс] //Официальный сайт Агентства Синьхуа. - Режим доступа: http://news.xinhuanet.com/english/2007-10/24/ content_ 6938749.htm

8.  Выступление Ху Цзиньтао на Восьмом съезде CFLAC, Седьмом съезде союза писателей КНР [Электронный ресурс] // Интернет-версия официального печатного издания «Жэньминь жибао»

9.  Full text of Hu Jintao’s report at 17th Party Congress [Электронный ресурс] //Официальный сайт Агентства Синьхуа. - Режим доступа: http://news.xinhuanet.com/english/2007-10/24/ content_ 6938749.htm

Керимбаев Е.А.

Политика Китая по интегрированию в мировое культурное пространство

В статье рассматривается политика КНР по распространению китайского языка и культуры в мире, ее активное участие в мировой культурной интеграции в условиях глобализации.

Автор рассматривает цели и задачи создания институтов Конфуция по всему миру и их стратегическое значение по распростронению китайского языка и культуры.

По мнению автора, быстрое распространение китайского языка и культуры связано с растущей ролью экономики КНР и ее местом в международных отношениях.

В этих условиях создание институтов Конфуция является как инструментом и механизмом распространения китайского языка и культуры, так и исполняет дипломатическое назначение «мягкой силы», которая должна смягчить воспрятие теории «китайской угрозы» и содействовать формированию положительного образа Китая в мире.

Ключевые слова: Китайский язык и культура, институт Конфуция, китайская угроза, мягкая сила, культурная интеграция.

Kerimbev Y.A.

China's policy of integration into the global cultural space
  The article discusses the Chinese policy of the Chinese language and culture in the world, its active participation in the global cultural integration in the context of globalization.

The author examines the global and objectives of the Confucius Institutes around the world, and their strategic importance for the spreading of the Chinese language and culture.

According to the author, the rapid spread of the Chinese language and culture connected with the growing role of China’s economy and its place in the international relations.

In these circumstances, the establishment of the Confucius Institutes is both a tool and a mechanism for the spreading of the Chinese language and culture, and aims the “soft power” diplomatic appointment, which should alleviate apprehension of the “China threat” theory and promote a positive image of China in the world.

Key words: Chinese language and culture, Confucius Institute, “ China threat” theory, “soft power”, cultural integration.


No comments

To leave comment you must enter or register