Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘӨЖ 913.1: 94"04/15" Түркі тайпалары мекен еткен территорияның табиғи ландшафты (VI-X ғғ.)

Искакова Ғ.З., PhD, Байдавлетова М.Д., PhD, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасы

ӘӨЖ 913.1: 94"04/15" Түркі тайпалары мекен еткен территорияның табиғи ландшафты (VI-X ғғ.)

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(08)

Tags: деректер, түркілер, табиғат, ландшафт, Еуразия, климат
Author:
Мақалада Еуразия даласында VI-X ғасырлар арасында Батыс Түрік қағанаты, Түргеш қағанаты, Қарлұқ қағанаты т.б мемлекеттер өмір сүрген кеңістікте қалыптасқан табиғи ландшафт ерекшеліктеріне талдау жасалынған. Сонымен қатар қарастырып отырған территорияның табиғат жағдайының адам өміріне қолайлылық дәрежесі сипатталған. Түркі жазба ескерткештерінде және қытай жазба деректерінде түркі тайпалары мен олар мекен еткен аймақ пен климат өзгешелі туралы көптеп мәлімет кездеседі. Бұнда кездесетін ақпарат мақалада жан-жақты талданып, қазіргі кездегі географиялық объктілермен сәйкестендіріліп қарастырылған.
Text:

Еуразия даласында VI-X ғасырлар арасында өмір сүрген Түрік қағанаты, Батыс Түрік қағанаты, Түргеш қағанаты, Қарлұқ қағанаты т.б мемлекеттер мен олардың негізін құраған тайпалар континенттің дәл ортасындағы кеңістікті иеленіп отырды. Түрік қағанаты (552-603)  қазіргі Орталық Азия мен Оңтүстік Сібір жерінде орналасты. Қытай деректеріне сәйкес бұл мемлекет территориясы шығысында Корей бұғазынан батысында Батыс теңізіне (Каспий) дейін он мың ли, оңтүстікте Песчанная даласынан  (Алашань немесе Гоби шөлі) солтүстікте Солтүстік теңізіне дейін (Байкал теңізі) бестен алты мың лиға дейінгі жерді алып жатқан [1, 120-с.]. Батыс Түрік қағанаты Орта Азияда Жоңғария, Шығыс Түркістан  жерін иеленді. Алтай тауынан Тянь-Шань тауына, Баркөлден Арал теңізіне дейінгі территориядағы Он оқ тайпасын Түргештер түгел биледі [2, 139-б.]. Ал Қарлұқ конфедерациясы  Жетісу территориясының басым бөлігінде және Қашқарияда Сырдарияның ортаңғы ағысына дейінгі және Ферғанаға дейінгі аймақта қалыптасты. Сондықтан шамамен біз қарастыратын кеңістік Каспий теңізінен Байкал көліне дейінгі Оңтүстік Сібірден Сырдарияның төменгі ағысына дейінгі территория болып табылады.

Батысында Византия мен Парсы мемлекетінен шығысында Қытай мемлекетіне дейінгі территорияда біздің зерттеулерімізге сәйкес қарастырып отырған уақыт аралығында көшпелілер құрған мемлекеттер орын алды. Бұл кеңістіктің географиялық сипатының өзіне тән ерекшеліктері ол мемлекеттер мен оны құраған халықтардың қалыптасуларының, дамуының ерекшеліктеріне, миграциялық жиілігіне т.б. өз ықпалын тигізді.

Ішкі Азия мен Қытайдың өзара шектескен аймақтарын Монғолия, Солтүстік Қытай, Манжурия және Түркістан деп негізгі төрт экологиялық және мәдени зоналарға бөлуге болады.  Моңғолия жазық және тау баурайында мал өсірген көшпенділердің отаны болды. Көшпенділер мезгілімен көшіп жүретін, ауқымды экономикалы, халқы шашырап орналасқан. Ол халқы суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарына тығыз қоныстанған, орталықтанған бюрократиялық аппаратқа бағынатын қоғамға негізделген қытайлықтарға барлық жағынан қарама-қайшы болды. Бұл екі қоғамның арасындағы алшақтық және географиялық жағдайға байланысты олардың арасындағы шекара Цинь династиясынан бастап салына бастаған, Қытай мен көшпенділер әлемін бөліп тұрған Қытай ұлы қорғанының бойымен өтті. Қытай мен Моңғол бөлек категорияларға оңай бөлінеді, ал олардың шығысқа және батысқа қарайғы географиялық аймақтары неғұрлым күрделі болып келеді. Сонымен қатар,  Манжурия мен Түркістанның халқы көшпенді және отырықшы болып аралас қоныстанған кейбір экологиялық зоналарды өзіне кіргізді.

Бүгінгі Моңғолия 2700 000 км2 ауданы бар Еуразияның орталық бөлігінде орналасқан аймақ. Оның ауа райы континентті, қысы өте суық, жазы ыстық жауын-шашыны аз болады. Моңғолия негізінен далалық жерді, яғни ұлы Еуразия даласының шығыс бөлігін қамтиды. Сонымен қатар, жасыл жазықтар, таумен ұласқан орманға бай. Тау көлемі шығыстағы Манжурия шекарасынан Қара теңізге және батыстағы Венгрия жазықтықтарына дейін созылған. Моңғол үстірті оның батыс бөлігінде орналасқан және теңіздің деңгейінде орналасқан түрік даласына қарағанда үлкен биіктікте, және оның биіктігі теңіз деңгейінен 1500 м.

Гоби шөлі Моңғолияның 2/3 бөлігін алады. Көптеген географтардың пікірі бойынша Гоби негізінен шөл дала емес, құрғақ жазық далаға жатады. Солтүстік және оңтүстік өріс зоналарына ажыратылған, оларды Қытайға географиялық жақын орналасуына байланысты Сыртқы және Ішкі Моңғолия деп атайды. Гоби орталық бөліктің құрғақ аймағына жататындықтан малы мен халықы өте аз, көшпелі моңғол халқының көптеп шоғырланған аймағы Моңғол үстіртіндегі отырықшылық аймағы. Мұндағы ең жайлы деген өрісті аймақ солтүстікте өзен жағалауларында, яғни Байқал (Байкөл) көліне құйылатын Амур өзенінің ағысы мен Алтай тауының қыратты аймақтары. Қытай даласымен шекаралас, әсіресе Ордос, Жэхэ және Батыс Моңғолия көшпенділердің көп шоғырланған аймақтары, алайда қазір Қытай елі оларды біраз ығыстырған.

Түркістан құрғақ аймаққа жатады, шөл далалардан, оазистерден, Ганьсуй қақпасы мен Арал тенізіне дейін созылған құрғақ жазық далалардан тұрады және оңтүстігінде Тибет, Памир, Гиндукуш тауларымен, солтүстігінде Тань-Шань тауы мен ұлы Еуразия даласымен шектеледі. Түркістанның шығыс шекарасы Моңғолиядан анық бөлінбеген, себебі Моңғол қыраттары біртіндеп Түркістанның құрғақ даласына ұласқан. Бұл құрғақтықтан тіпті кейбір жерлер көшпелі малшаруашылығына жарамсыз болып келеді. Түркістан бір-бірінен Памир тауы арқылы бөлініп батыс және шығыс аймақтарына бөлінеді. Шығыс Түркістанда халық Тарым және оазистерде шоғырланған. Әр оазис ауыл шаруашылығына қажет су көзін тау өзендерінен алады. Батыс Түркістан Амудария мен Сырдария  (Окс мен Яксарт дейді) ағыстары аралықтарын қамтиды. Бұл аймақ Трансоксания деген атауға ие. Бұл өзендердің деңгейі Шығыс Түркістанда ағатын өзендердің деңгейінен жоғары, сол себепті климаты да шығыспен салыстырғанда жұмсақ. Сәйкесінше, батыста халық шығыспен салыстырғанда тығыз шоғырланған және Бұхара мен Самарқанд сияқты ірі қалалар бар. Территориясы бойынша үлкен, халық саны бойынша аздау келетін Түркістан Азиның батысы мен шығыс бөлігін сауда жолдары арқылы жалғайды. Бұл жолдар арқылы түрлі сападағы және бағадағы  тауарлар ғасырлар бойы тасымалданған [3, 26-29- cc.]. 

Жетісу. Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ қағанаттарының оңтүстік-шығыс бөлігі солтүстігінде Балқаш, Сасыкөл және Алакөл көлдері, оңтүстік-шығысында  Жоңғар Алатауы жотасы, оңтүстігінде Солтүстік Тянь-Шань жоталары. Жетісудың атауы аймақтағы негізгі жеті көлмен байланыстырылады: Іле, Қаратал, Биен, Ақсу, Лепсі, Басқан, Сарқанд. Тарихи әдебиетте Жетісуға оның батысында орналасқан аймақтар қатысты қарастырылады. Жетісу негізінен Қазақстан территориясының оңтүстік-шығысын алып отыр. Жетісудың жалпы аумағы 250 мың км2.

Геоморфологиялық тұрғыдан алғанда Жетісудың негізгі территориясын  Солтүстік Тянь-Шань таулары алып жатыр. Қазақстанның оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында Тянь-Шань жүйесіне жататын көп жылдық қар мен мұздықтар басқан аса ірі тау жоталары жатыр. Оңтүстіктен шығысқа қарай ендік бойымен Теріскей, Күнгей және Іле Алатауы жоталарымен, Кетмен (Ұзынқар) жотасы, Торайғыр, Боғыту таулар жүйесінен тұрады. Іле аңғары жоталарды Жоңғар Алатауынан бөліп тұр. Ең жоғарғы нүктелер Теріскей-Алатауында. Батысқа қарай Шу мен Іле аймағындағы таулар сипатты таулар аласалап, аласа таулы-ұсақ шоқылы рельфке ауысады.

Тау жоталары өзара тау аралық аңғаралармен бөлінген олар: Текес, Кеген, Жалаңаш, Қуғалы, Іле (ішінде ең ірісі). Іле Алатауы мен Жоңғар Алатауы, Балқаш көлі арасында ірі Оңтүстік Балқаш және Алакөл шұңгымалары, олардың беткі жағында кең ауқымды құмды шөлдер орналасқан [4, 13- с.].

Іле Алатауы Солтүстік Тянь-Шанның ірі, әрі биік тау жотасы (ең биік жері Талғар шыңы). Іле Алатауы сейсмик өңір және мұнда ірі мұздану ошақтары өте көп (393 мұздық). Шығысында Шарын шатқалымен шектеліп, батысында Кіндік тас тауына ұласады да, одан солтүстік-батыста аласа таулы төбешікті Шу-Іле таулары жалғасады.

Жетісу (Жоңғар Алатауы) Алатауының ұзындығы 450 км, ені 100-250 км. Көксу аңғары тау жүйесін екі жотаға (Солтүстік және Оңтүстік Жетісу жоталары) бөледі. Солтүстік Жетісу жотасының орталық бөлігінде бүкіл тау жүйесінің ең биік жері – Бесбақан шыңы (4465 м) бар. Тау батысқа қарай біртіндеп аласарып, Баянжүрек, Қойтас т.б. жоталарға тарамдалып кетеді. Оңтүстік Жетісу жотасы негізінен ірі Тоқсанбай, Мұзтау, Бежінтау, Тышқантау жоталарынан құралады. Жетісу Алатауының басты ерекшеліктері – бұнда терең аңғарлар мен шатқалдар көп. Жетісу Алатауы оңтүстігінде Іле ойысымен шектеседі [5, 13- б.].

Шу мен Іле өзендерінің суайырығы бойынша солтүстік-батыс бағытында жоталар жүйесі орын алған, олар Шу-Іле таулары ортақ атымен бірігеді.

Мұндағы неғұрлым биік таулар Аңырақай (1183 м), Құлжабасы (1178 м) және Хантау (1024 м). Бұл аймақ күрделі геологиялық, геоморфологиялық және неотектоникалық құрылыммен ерекшеленеді. Қарастырылып отырған аймақтың денудациялық рельефті болып келеді. Яғни Балқаш көлінен Шу-Іле таулары және одан батыс бағыттағы территория.

Аймақтың гидрожүйесі негізгі екі су аймақтарымен байланыстырылады, олар – Шу мен Іле өзендері. Шу өзенінің алқабы талданып отырған аймаққа тек орта ағысының бір бөлігі ғана кіреді. Шу-Іле аймағының гидрографиялық жүйесі жақсы дамыған. Алайда су ағыны аз. Су ағыны мол есептелетін өзендер Копа, Ашысу, Жынғылды, Шоқпар, Ашыбұлақ және Қопалы [6, 10-с.]. Аталған аймақ климаты құрғақ және континенталды [7, 50- с.]. Іле өзенінің алқабы Қараой мен Итжон платоларын кесіп, тереңдігі 200 м каньон жасайды. Іле өзені үш арнаға (Жиделі, Іле, Топар) бөлінеді және дельта территориясының 30% алатын бөгеттер су ағысын баяулатады.

Жетісу – салыстырмалы үлкен емес кеңістікте көптеген ландшафты белдеулер орын алған: биік таулы ландшафтар орманды ұсақ шоқылармен, одан төмен орман алды жазықтықпен алмасып, ары қарай құмды Балқаш маңы шөліне ұласады. Шөлдер аймақтың 57,3%, тау етегіндегі ландшафт аймақтың  16%-ын құрайды. Жалпы алғанда Жетісудың табиғи-климаттық жағдайы өмір сүруге қолайлы аймақтардың бірі. Мұнда мал шаруашылығымен қоса егіншілікпен айналасуға қолайлы орта қалыптасқан.

Оңтүстік аймақ. Қазіргі Қазақстан территориясы Арал теңізінен Балқаш көліне дейінгі кеңістікті алып отыр. Осы аймақтың табиғи шекаралары батысында Арал теңізімен, солтүстігінде Бетбақдала шөлдерімен, шығысында Балқаш көлімен сипатталады. Аймақтың маңызды элементтері ретінде Арал теңізі мен Арал маңындағы Қарақұмдар, Сырдария өзенінің алқабы, Қызылқұм шөлдері. Сырдарияның оң жағалауында орналасқан Қаратау таулары солтүстіктегі субтропиктердің табиғи шекарасы. Аймақ территориясы арқылы Сырдариядан басқа Шу мен Талас өзендері өтеді. Оңтүстік Қазақстан территориясының жалпы көлемі 465 мың км2.

Тянь-Шань тауларының ең солтүстік-батыс бөлігі Қаратау жотасы.  Қаратау жотасы Тұран плитасы жазықтығымен бірігеді. Қаратау жотасы аласа тауларға жатқызылады (1000-2000 м). Қаратау жотасы келесідей бірнеше морфоқұрылымдық элементтерге бөлінеді: Үлкен және Кіші Қаратау, Боралдай жотасы және Биліқөл ойпаты. Қаратау жотасының солтүстік-шығыс бөктерінде төмендегідей көл котловиналары орналасқан: Билікөл, Ақкөл, Ашыкөл, Тұзкөл, Соркөл (Шоркөл) және Қызылкөл.

Қаратау жотасы, Қазақ ұсақ шоқысы, Тянь-Шань тау сілемдерінің арасында ұзындығы 600 км Шу-Сырысу ойпаты орналасқан.

Арал теңізінен шығыста және оңтүстік-шығысқа Сырдарияның ойпатының аккумулятивті жазықтықтары орналасқан. Аралдың солтүстігінде геоморфологиялық тұрғыда Шаграй еңіс платосы, Ырғыз-Шалқар жазықтығы, Үлкен және Кіші Борсық құмды массивтері және Арал маңы Қарақұмы.

Үлкен Борсық шөлінің ұзындығы 200 км және ені 10-30 км, Арал теңізіне бағыттала ені 60 км-ге жетеді. Кіші Борсық 100 км қашықтықты қамтып, ені 10-40 км құрайды. Арал маңындағы құрылымдық-денудациялық жазықтықты құмды массивті Арал маңы Қарақұмдары алып отыр [4, 9- с.].

Шу алқабында жайылымдарға, жабайы аң-құсқа бай, климаты жайлы аймақ болғандықтан ерте кезден көшпелілердің қоныстарына айналған жер.

Талас ұзындығы жағынан Шу мен Сырдария өзендерінен кем, алайда Қырғыз жотасынан шыққан жерде көптеген бағыттардан тұратын дельтаны құрайды. Бұл Талас өлкесінің бұл бөлігі археологиялық және тарихи ескерткіштерге бай. Оңтүстік Қазақстан территориясы барлық ладшафт және климаттық зона орын алған: құмды шөлдерден далаға, мәңгі мұздықтарға дейін. Шөл дала аймақтың 83%-ын құрайды.

Оңтүстік қыста қары аз, өзен бойында шөбі қалың шығатын неғұрлым жылы аймақ.  Бұндағы Сырдария мен Шу өзендерінің жағалаулары ерте кезден көшпелілер қыстауы болса, Сырдария өзенінің аллювиалды жазықтықтары мен террассасы егіншілік зонасы болып келді.

Біз қарастырып отырған территорияда пайда болған топонимдер туралы айтар болсақ, қытай деректерінде кездесетін ортағасырлардағы Орталық Азия территориясындағы топонимдерге сипаттамалар көптеп беріледі. «Да Тан Сиюй цзи» («Ұлы Таң әулеті заманындағы Батыс өлке туралы жазбалар») еңбегінің авторы Сюань Цзан, Мұзтау мен Тұнық көл, Үлкен құм, Темір қақпа сияқты топонимдер аталып өтеді, соларға талдау жасауды жөн көрдік: «Балука елінен солтүстік батысқа қарай 300 лиден астам жол жүріп, тастаңты шөлден өтіп, Мұзтауға жеттік.  Бұл Памирдің солтүстік сілемі, ондағы өзен-сулардың дені шығысқа қарай ағады. Мұндағы тау аңғарлары жыл бойы қар жамылып, көктем мен жазда да мұз құрсанып жатады, әредік уақытша ерігенімен, көп өтпей бәрібір қайтадан жылдам мұз болып қатып қалады. Өткел жолдары тым қатерлі, қат-қабат кедергілері мол, боранды, аязы ызғарлы, “үрейлі айдаһар” деп аталатын қар көшкіні апаты жолшыбай жүргіншілерге көп қатер тудырады. Бұл жолдан жүрушілер үстеріне қызыл түсті киім киюіне немесе қолына қабақ алып жүруіне, дауыстап айғайлауына болмайды, одан сәл жаза басса болғаны әп-сәтте-ақ ғаламат апат туады, құм мен ұсақ қиыршық тасты құйындатар сұрапыл алай-дүлей боран тұрады. Оған душар болғандар сөзсіз мерт болады, тірі қалуы неғайбыл.

Мұзтауды көктей өтіп, 400 лиден астам жол жүріп, Тұнықкөлге (Көгілдір көл) жеттік. Көлдің өзгеше атаулары – Жэхай (Ыстықкөл), Сяньхай (Тұздыкөл). Оның айналасы мың лиден асады, көл айдынының шығысы мен батыс ені кең, ал түстігі мен терістігі тарлау. Көлдің төрт төңірегін таулар қоршаған, күллі өзен-сулар тоғысып, осында келіп құяды. Көл суы қара көгілдір түсті, дәмі ащы да, тұзды. Буырқанған асау толқыны түйдек-түйдегімен көл жағасын соққылайды. Көлде балықтар мен айдаһарлар бірге тіршілік етеді, су бетінен кейде аруақтар да көрінеді-мыс, сол кезде жолай өткен жолаушылар табынып, құлшылық етіп, олардан бақ-дәулет тілейді екен. Көлде сан алуан су өнімдері болса да, бірақ онда ешкім аушылық жасамайды [8, 22-23-б.]».

Мұндағы Мұзтауды кейбір зерттеушілер қазіргі ШҰАР жеріндегі Ақсу аймағынан Іле аңғарына асып түсетін Тянь-Шань тауындағы ең қатерлі Мұзарт  (кейде Мұзұр дауан деп аталады) асуы деп есептейді. Ал шындығында көпшілік ғалымдар  зерттеп мойындағандай, ол Ақсудың батысында, оңтүстік Тянь-Шань тауындағы қазіргі қытай-қырғыз шекарасын бөліп жатқан Беделі (Бодалин) асуы [8, 34- б.]. Бодалин туралы  Ду Хуан «Ду Хуань Си син цзи» («Ду Хуанының Батысқа саяхат естеліктері») кітабында былай деген болатын: «Аньсиден батыс солтүстікке қарай мың лиден астам жерде Бодалин тауы деп аталатын асқар тау бар. Осы таудың түстік жағы Ұлы Таң патшалығының солтүстік жақ шекарасымен шектесіп жатады. Ал таудың терістік жағы Түркеш жерінің түстік жақ шекарасы болып келеді. Оңтүстік жақтағы Цинлин жоталарына дейінгі жол екі мың лиден асады. Таудың түнгей бетінен бастау алған өзен-дариялар дерліктей Чжунго жерін басып өтіп шығыс теңізге барып құяды. Тау теріскейінен бастау алған өзендер мен дариялар Ғулардың жерін басып ағып Солтүстік теңізге барып құяды».

Бодалиң тауы – кезінде шамасы Тянь-Шань тау сілемдері жоталарының бірін ғана білдірсе керек. Осы тұрғыдан қарағанда, бұл тауларды Чжан Силан мырзаның Беделі тауы (Веdаl) деген пікірін құптауға болады. Бұл пікірді ұсынушылардың бірі француз ғалымы Эдвард Чаваннез болды. Сол сияқты Солтүстік Теңіз (қытайша Бэйхай).  Қытайдың көне ресми тарихи жазба деректемелерінде Бэйхай деп көбінесе Байқал немесе Балқаш меңзеледі, ал бұл жерде Бэйхай деп Арал теңізін атап отыр [8, 41-44- б.].

Ал Тынықкөл, Көгілдір көл деп бұл арада Сюань Цзан қазіргі Қырғызстандағы Ыстықкөлді айтып отыр. Көне түріктер бұл көлді айтып отыр. Көне түріктер бұл көлді Ыстықкөл, суының тұздылығына байланысты Тұзкөл, қайраңында көл түбінен шайылып шығып жатқан темір рудасына қарай Теміртінор деп те атаған.

Үлкен құм. Осы жерден солтүстік-батысқа қарай жол тартқанда су да жоқ, өсімдік те жоқ үлкен қүм кездеседі. Ол өзі шекарасын болжап болмас, жолсыз, соқпақсыз ұлан-ғайыр меңіреу түз, тек алыстағы асқар тауларға қарап, жапан далада қурап жатқан жиһанкездердің мүрделеріне қарап қана бағыт-бағдар ажыратып, жол табуға болады. Бұдан әрі 500-ден астам ли жол жүріп Самарқанд еліне жетуге болады [8, 27- б.].

Темір қақпа. Темір қақпаның екі жағы бірдей құлама беткейлі биік тау, тау аңғарында кішігірім соқпақтар болғанымен, бірақ онымен жол жүру қиын да қатерлі. Тар соқпақтардың екі жағы құлама жартастар, олар темір түстес болып келеді. Тау сағасына үлкен қақпа орнатылып, ол темірмен бекемделген. Үлкен қақпаның басына көптеген темір қоңыраулар ілінген, қақпа еңселі әрі бекем болғандықтан Темір қақпа деп аталып кеткен [8, 30- б.].

Темір қақпа – қытай, араб, парсы және батыс деректемелерінде ол туралы деректер көп Батыс Түрік қағанатының шекарасы, орны – Өзбекстанның оңтүстігіндегі Дербенттендтің батысына қарай 13 км жерде [8, 38- б.].

Түркі ескерткіштері мысалы ретінде, екінші түркі кағанаты кезіндегі Күлтегін, Білге қаған, Тонүкөк, Онгин ескерткіштеріндегі топонимдер қарастырып отырмыз. Мұнда Түркі ескерткіштерінің географиялық бейнелеуі басқалардан ерекшелеу, оларда топонимдер әскери жорық маршруты бойынша «төрт бұлұңға» бөліп орналастырылған болатын.

Шантұң язы. Шантұң жазығы казіргі Хэбэй жазығын меңзесе керек. «Шантұңның» қытайша мағынасы «таудың шығысы», ал «Шантұң» жазығы Тайханшань тауының шығысындағы жазықты немесе қазіргі Хэбэй жазығын меңзейді, бірсыпыра ғалымдар оны қазіргі «Шаньдун» провинциясы тұрған жер деп жүр.

Қадырқан йыш туралы Күлтегін ескерткішінде түркологтардың зерттеуінше, «Қадырқан йыш» қазіргі Үлкен Хинган тауы. Түркі ескерткіштерінде Қадырқан мен қатар Өтүкен тауы аталады. Өтүкен тауы Тыва республикасының солтүстік батысында. Күлтегіннің Түркештерге қарсы шайқасында Алтұн йыш (КТб36), Ертіс өгүз (КТб37), Болчу (КТб37), Табар (КТб38), Йінчү өгүз (КТб39), Кеңрес (КТб39), т.б. топонимдер, этнонимдер кездеседі. Алтын йыштың қазіргі Алтай тауы екенін, Ертіс өгүздің қазіргі Ертіс өзені екенін түркологтар бірауыздан кұптайды. Болчұ, Табар, Йінчү, өгүз, Кеңрес жөнінде түркологтардың тұжырымы алуан түрлі [9, 259-б.].

Табар. Болчұдағы шайқастан кейін, қара түркеш халқын Табарда қондырады. Күлтегін ескерткішінде осы жер өшкін болғандыктан, С.Е.  Малов осы топонимді жақшаның ішіне жазады (КТб38). Ю.А. Зуев осы топонимді Талас деп жаңғыртады. Түркі руникасында «б» мен «л», «р» мен «с» әріптерінің пішіні ұқсастау болғандықтан, Зуев реконструкциясын дұрыс-бұрыстығын кайта қарау керек. Өйткені түп нұсқада осы руникалар айна қатесіз «Табар» деп жазулы тұр.

Йінчү өгүз. Осыдан соң Көк түріктер Йінчү өгүзді кешіп, Темір қапығқа дейін барады. Ғалымдар бірауыздан Йінчү өгізді Сырдария деп кесім жасайды.

Таң патшалығы дәуірінде, қытай деректерінде, қазіргі Нарын өзенін Йінчу өгіз деп атады. «Таң патшалығының жаңа тарихы. География баянында» Цзя Данның Кучаның батыс солтүстігіндегі елдер туралы жазған мынадай дерегі бар: «Ансиден (Кучадан) батысқа қарай Чәкүр қамалынан жолға шыққаннан кейін Баймахэ езенінен (Ақсу өзені) өтіп, одан әрі қарай 180 ли жол жүрген кезде Куйбило шөліне жетуге болады ... 30 шақырым жүрген соң Йінчү өзенінен өтеміз ... Ыстықкөлге жеткен соң 80 шақырым жүрсек таудан шығып Шу алабына ілінеміз, 80 шақырым басып Баласағұнға, одан батысқа қарай тағы 40 шақырым жүріп Суяб қаласына жетеміз, қаланың солтүстігінде Шу өзені ағып жатыр, өзеннің солтүстігіңде 40 шақырым жерде Цзедань тауы бар, он оқ қағандары әр рет осы тауда елағаларын сайлайды. Суябтан батысқа 10 шақырым жүрсек Пенжикентке (Мигочэн) жетеміз». Аталмыш Йінчу өзені туралы «Таң патшалығының жаңа тарихы. Батыс өңір баяны» Шаш елі тарауында: «оңтүстік батысында Яксарт өзені бар, қытай жеріндегі бөлігі Йінчу өзені деп аталады, осы өзен Чжи (Сыр) өзені деп те аталады» делінген.

Орталық Азиядағы жер-су аттарының бірнеше аталымы болған, тек Сейхун деген өзеннен бірнешеуі бар.

«Таң патшалығының жаңа тарихы. География баяны» 40 бумасында: «Чэлин асуынан асқан соң Кеңүт қаласына жетеміз. Сейхун өзені мен Чжэшими қаласын басып, Іле өзенінен өткен соң (Іле өзенінің тағы бір аты Диди өзені), Суяб шекарасына аяғымыз ілінеді. Батысқа мың шақырым жүрсек Суяб қаласына жетеміз, (осы арадағы) өзен солтүстікке ағып құмға және Ибо теңізіне құяды». Мәтіндегі Сейхун өзені қазіргі Іле өзенінің жоғары ағарындағы Қас өзенін меңзейді. Махмұд Қашқарида аталмыш өзен «Қаз суы» деп аталады [9, 261-б.].

Жоғарыдағы деректерге сүйенсек Түркі ескерткіштеріндегі Йінчү өгүзі Йафинч өзенін меңзейді. Түріктер Сырдарияға жорық жасамаған, Сырдария қытай деректері «Суй шу» («Суй патшапығының тарихы») мен «Синь Тан шуда» («Жаңа Таңнама») «Яо ша шуй» деп хатталған, бұл әрине Яксарттың дыбыстық аудармасы.

Жоғарыдағы деректерге талдау жасасақ, Түркі ескерткіштеріндегі «Йінчү өгүзі» қазіргі Іле өзенінің батысындағы бір өзен деген қорытындыға келеміз [9, 262-б.].

Қорытындылайтын болсақ, ежелгі түркілер мекендеген аймақтар геоморфологиялық құрылым және табиғи ландшафт тұрғысынан әртүрлі болып келеді. Мұның өзі түркі көшпенділерін отырықшы қауымдармен үздіксіз байланыста болуға итермеледі.

Әдебиеттер тізімі

1.  Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах обитавших в Средней Азии в древние времена. – М.;Л.: АН СССР,1950. – Т. 1. – 381 с.

2.  Нығмет Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. – Алматы: Жалын, 1994. – 400 б.

3.  Гумилев Л.Н. Древние тюрки. – М.: Астрель, 2010. – 575 с.

4.  Историко-культурный Атлас казахского народа/ отв. ред. ... Л.Е. Масанова, Б.Т. Жанаев. – Алматы: Print-S, 2011. – 300 c. 

5.  Қазақстан табиғаты. Энциклопедия / бас ред.Б. Аяған. –Алматы:Қазақ энциклопедиясы,2008. – Т. 1.– 392 б.

6.  Омарбеков Т. Қазақ түркілерінің мемлекеттілігі: қағанаттар, ұлыстар мен хандықтар баяны.– Алматы: Қазақ Университеті, 2015. – 192 б.

7.  Климат Казахстана. под ред. Утешева A.C. – Л.: Гидрометеоиздат, 1959. – 360 с.

8.  Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. Саяхатнамалар мен тарихи-географиялық еңбектерден таңдамалылар.– Алматы: Дайк-Пресс, 2005. – Т. 1. – 396 б.

9.  Кенжеахмет Н. Ежелгі түркі (Орхон) ескерткіштеріндегі топонимдер // Известия НАН РК. Серия общественных наук. – 2009. – № 1 (268). – Б. 257-267.

Искакова Г.З.,PhD,  Байдавлетова М.Д. PhD

КазНУ имени аль-Фараби Кафедра истории Казахстана

Природный ландшафт территории населенный тюркскими племенами (VI-X вв.)

Аннотация

В данной статье дается анализ особенностям природного ландшафта территории на которой в VI-X  века существовали такие государства как Западно Тюркский каганат, Тюргешкий каганат, Карлукский каганат и тд. Так же, описывается уровень благоприятности природных условий для существования человека.

В тюркских письменных памятниках и в китайских письменных источниках содержится множество информации об особенностях природных условий и климате в зоне населенной тюркскими племенами. Данная информация все сторонне проанализирована и найдено соответствие с современными географическими объектами

Ключевые слова: Евразия, ландшафт, природа, тюрки, климат, источники.

IskakovaG.Z.,PhD, BaydavletovaM.D.,PhD

Kazakh National University named after Al-Farabi

The natural landscape of the territory inhabited by Turkic tribes (VI-X centuries.)

Annotation

This article analyzes the features of the natural landscape in the territory on which the VI-X century there were countries such as the Western Turk khanate, Turgesh khanate, Karluk khanate and so on. More over described the level of favorable natural conditions for human existence.

The Turkic written monuments and Chinese written sources contain a lot of information about the features of the natural environment and climate in the area inhabited by Turkic tribes. This information all parties analyzed and found to comply with modern geographic features

Keywords: Eurasia, landscape, nature, Turks, climate, sources.


No comments

To leave comment you must enter or register