Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҚАЗАҚ ӘЛЕМІ ҺӘМ ТҮРКІ ДҮНИЕСІ: ОРТАҚ ТАРИХЫ МЕН ЗЕРТТЕУ МЕТОДОЛОГИЯСЫ

ӘБЖАНОВ Х.

ҚАЗАҚ ӘЛЕМІ ҺӘМ ТҮРКІ ДҮНИЕСІ: ОРТАҚ ТАРИХЫ МЕН ЗЕРТТЕУ МЕТОДОЛОГИЯСЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(05), 2016

Tags: методология, мемлекет, тіл, аумақ, билік, тұлға, тәуелсіздік, халық, жер, ғылым, дәуір, табиғат, бірегейлік, бірлік, заң
Author:
Мақалада тарих ғылымының танымдық қарымын арттыратын методология жайы, ұлттық және ортақ түркі тарихын зерделеуге жаңа ұстанымдар қажеттілігі сөз болады. Автордың пайымдауынша, тарих қозғалысының тұғыр-тірегі жер, тіл, мемлекет, ал қозғаушы күштері халық, тұлға, билік болып табылады. Түркі әлемінің өткенін дәуірлеудің методологиялық өлшемдері мен нұсқасы дәйектелген. Түйін сөздер: халық, тұлға, билік, аумақ, тіл, мемлекет, методология, дәуір, табиғат, тәуелсіздік, жер, ғылым, бірлік, бірегейлік, заң.
Text:

Аңдату

Еуропа мен Азия құрлықтарын мекендеген халықтар арасында өзіндік тарихымен, әлемдік өркениеттегі қайталанбас қолтаңбасымен жаһанға мәлім қауымдастықты түркі этностары құрап отыр. Түркілік алты тәуелсіз мемлекетте, Ресей мен Қытайдан басқа ондаған елдерде жинақы өмір сүріп жатқан бұлардың саны 200 миллионнан асып жығылады.

Шыққан тегі бір түркілер тарихы жеңіс пен жеңіліске, салтанат пен қасіретке, тұтастық пен тұрақсыздыққа куә парақтармен өрілген. Алайда сол тарихты зерттеуде, оқытуда, насихаттауда ортақ ұстаным мен көзқарас қалыптасқан жоқ.

Біз тығырықтан шығар жолды ұсынбаймыз. Жолды іздеушілердің бірі ғанамыз. Қиыншылығы – сол жолдың бастау-бұлағы бір болғанмен келе-келе сан-салаға тармақталып кеткенінде. Бір жол империялық биікті бағындырса, екіншісі отар өлке қамытын кигізді. Басқа халықтар мен өркениеттер қатарына кіріп кеткендері де бар. Тағдырдың жолы тоқсан мың тарау деген осы шығар.

Қайткенде де әрқайсының өз тарихы, бәрінің басын қосатын ортақ тарихы бар. Түркілердің ортақ тарихы бір аумақты мекен етіп, тағдырлары мен мақсаттары ажырамаған, тілдік қауымдастығы бұлардың тұтастығын бекемдеген ғасырларды алып жатса, байырғы түркілер Батыс пен Шығысқа қақ айрылғаннан әрқайсының өзіндік жолы басталды. Ел айрылғанға дейінгі, ел айрылғаннан кейінгі тарихта күрмеуі күрделі жұмбақ парақтар баршылық. Ең бастысы – тарих елестен емес, шындықтан тұруы керек. Жандыда ызылдаған сары масадан тартып, жансызда көк тіреген тау мен тасқа дейін ешбіреуі тарихсыз аспаннан түсе қалған жоқ. Біздің қозғайтын тақырыбымыз адамдар қауымына ғана, соның ішінде ұлттық және ортақ түркі тарихын зерттеу методологиясына ғана қатысты. Мақсатымыз – түркі әлемінің бірлігін нығайтуға тарих ғылымының әлеуетін жегу.

1.  Ғылым және қарым

Барша жаһандағыдай, қазақ әлемі мен түркі дүниесінің тірегі, мәйегі – адам. Адамның интеллектуалдық әлеуеті үздіксіз нығаюда, кемелденуде, тереңдеуде. Оның салаларын ендігі санап тауысу мүмкін емес. Бір клеткалы амеба мен туфелкадан тартып жеті қабат жердің астынан шығатын, жеті қабат көктен түсетін белгілі-белгісіз заттарға дейін түрлі қолданымдағы – фантастикалық, эксперименттік, көркем, т.б. интеллектуалдық таным обьектісіне айналғаны қашан.

Интеллектуалдық танымның ең құдіреттісі, ең күрделісі, табиғатты, қоғамды, адамды өзгертудегі ең пәрмендісі – ғылым. Оның алғышарттары мен нәтижелеріне жататын тіл мен сөздің шығуы, жазу мен кітап басу, жылу мен электр қуатын пайдалану, радио мен телефонды ойлап табу, өнеркәсіптік, ғылыми-техникалық, нанотехнологиялық төңкерістер, атом мен ғарышты игеру, қысқасы, ғылым мен ғылыми ойдың жетістіктері қоғамның күш-қуатын, адамның қабілет-қарымын еселеп арттырды. Әлемді өзгертуге келгенде ғылыммен тайталасатын, бәсекелесетін, ғылымға тең келетін, ғылымнан асып түсетін не бар десек, ол – дүлей табиғат құбылысы ғана. Басқа фактор жоқ. Соңғысын біздер: «Алланың бұйрығы», «тағдырдың жазғаны», деген қысқа да нұсқа формулаға сыйғызып жататынымыз рас.

Ғылымға берілген анықтама көп. Әр халық оны өзі шыққан биігінен қабылдауы заңды құбылыс. 1918 жылы жарияланған «Ғылым» атты мақаласында М. Әуезов: «Өмірдің тізесі өткен сайын адам күннен-күнге түр тауып, дүниенің (жаратылыстың) әр түрлі сырын ашқан, сол сырлардың қорытындысынан шыққан – осы ғылымдар», деп жазыпты. «Ғылымның артынан еріп, көрсеткен жолымен жүрген бұл күнде өмірдің төрінде», дейді автор. Ғылым өмірдің, практиканың сұранысымен дүниеге келіп, көркейетінін, «бұрынғы мұқтаждық шығарған бірен-саран ғылымның» келе-келе әлденеше салаға бөлініп кеткенін және бұл үдеріс ешқашан тоқтамайтынын түсіндірген жас Мұхтар ғалымдар қауымын екі топқа жіктейді. Бірі – «сол заманда шыққан жолбасшы білгіштері». Бұлар – «бірен-саран». Екіншілері – «адамның нәпсілік керегінен ұзай алмай, һешкімнің ірілігін көтермесем, өзім ірі болсам деген секілді мақсаттың ғана маңында» жүргендері.

Әйткенмен ғылымның келешегіне қылаудай күдік келтірмейді: «адам құрымаса, ғылым өрлей бермек, адамның түсіне кірмейтін неше түрлі ғажаптарды шығармақ. Ендігі көпшіліктің тілеуі, беті сол ғылымның сүрлеуімен барып хақиқат тауып, қараңғы өмір жолымен құтылып, жарыққа шықпақ» [1]. Ғылымтанудың бір ғасыр бұрын тиянақталған осынау ұлттық үлгісіне контент-талдау аясында мынадай пайым-тұжырым жасауға болады.

1.  Ғылым – адам қабілеті мен ізденісінің ерекше саласы. Ол әркімнің маңдайына жазыла бермеген. Ғылымы кенже халық қорғансыз сәбимен пара-пар.  

2.  Ғылымның қозғаушы күші – бәсеке, қоғамдағы сұраныс. Басқа да себептері бар. Мысалы, жақсыдан жақсыға, биіктен биікке жетуді қалап тұратын адамның табиғаты. Соған икемділер, бейімделе алғандар, сынақта шыңдалғандар озады.

3.  Ғылымның мәні – жаңалық ашу, ілгерілей дамуды қамтамасыз ету. Оның «айшылық алыс жерлерден ілезде хабар алдырған» пайдасы материалдық өндіріс саласында, техникада тез көзге түседі, игілігі бүкіл адамзатқа ортақ. 

4.  Ғылымның басты миссиясы, түпкі көздегені – өмір сапасын арттыру.

Демек, ғылым дегеніміз – табиғат, қоғам, адам болмысын анықтаушы заңдылықтар мен ерекшеліктерді таныған әрі жасампаз мүмкіншіліктерін ұлғайта беретін интеллектуалдық әлеует, қазына және соған лайықты саяси, құқықтық, материалдық-техникалық, қаржылық, т.б. алғышарттар мен жағдаяттар жиынтығы.

Ғылымның тарихы мен нәтижелерін көктей шола отырып, оған тән ерекшелік пен артықшылықты жүйелеудің қажеттілігін байқаймыз. Олар, біздің ойымызша, мынадай:  

1.  Ғылыммен, тіпті нақты ғылыми бағдарламамен, жобамен айналысатындар жүздеп, мыңдап саналуы бек мүмкін. Бірақ бетбұрысты ғылыми жаңалықты тумысынан талантты жан ғана ашады. Ұлы жаңалық кездейсоқ ашылғанның өзінде оның авторын, айрықша қабілет-қарымын бір мысқал төмендетуге негіз жоқ.

2.  Үздік ғылыми жаңалық – мәңгілік құндылық, ізгілік, адамзат баласына ортақ сарқылмас қазына. Саяси, коммерциялық немесе әскери есеп қуумен бүгін құпия ұсталғанмен формуласы түбінде ашылады.

3.  Ғылымға еркіндік, бәсеке, автономия керек. Оның басында ұйымдастырушылық қабілеті мығым нағыз ғалым отырғаны абзал. Бірақ ол билік пен саясаттан тыс тұра алмайды. Билік пен саясаттың ғалымдарға өктемдігі – ғылымның соры, бұлардың үйлесімі – адамзат баласының бағы.

4.  Ғылымды жасампаз мақсатқа да, эгоистік пиғылмен де қолдауға болады. Кейде ғылым ғылым үшін дамитыны рас, алайда нәтижелерінің бәрі билік пен саясаттың құзырында. Өйткені ғылымға қажетті шығындарды зерттеу мекемесі көтере алмайды, ғылым әкелетін табыстан билік пен саясат та тыс қалуы мүмкін емес. Бұл ықпалдастық ендігі жаһандық құбылысқа айналды.

5.  Ғылымды ұлттық, жаһандық мүддеге қайшы немесе қарсы пайдалану мемлекетке де, ғалымға да абырой әкелмейді, зардабы берісі – ұлтқа, әрісі – адамзатқа тиеді.

6.  Ғылым – күрделі тірі организм тәрізді болғанмен бар саласын деңгейлес дәрежеде ұстауға ең бай мемлекеттің өзінде қаржы жетпейді. Ендеше халықаралық деңгейде бірлесе әрекеттесудің, бизнестің ғылымға қол ұшын беруінің, меценаттықтың ғылым тағдырындағы маңызы зор.

7.  Ғылым байлық пен билікке адал қызмет еткенмен сол байлық пен билік ғылымға адалдық таныта бермейді. Ортағасырлық инквизиция, фашизмнің кітаптарды жағуы, кеңестік және посткеңестік кеңістікте ғылымды қаржыландыру деңгейінің, ғылыми зиялының тұрмыс жағдайының төмендігі – соған бұлтартпас айғақ.

8.  Ғылымда зерттеушінің нәсіліне, дініне, жынысына байланысты шекара жоқ, бірақ ұлттық мақтаныш, өсу ресурсы мәртебесімен мемлекеттік реттеу нысанында болуы керек. Ұлттық, ақпараттық, экономикалық, т.б. қауіпсіздік тек осылай қорғалады. 

9.  Ғылымның әлеуеті арта береді, соны қапысыз түсінетін, эволюциясы мен қажетіне лайықты шешім қабылдайтын саяси, идеологиялық, экономикалық ерік-жігер барда «өмірдің төріне шығу» көп күттірмейді. Тұғырынан тайған ғылыми әлеуетті қалпына келтіру ұзақ мерзімді талап етеді.

10.  «Қазақстан - 2030» Стратегиясы ғылымның болар-болмас араласуымен атқарылды, «Қазақстан - 2050» Стратегиясын, Ұлт жоспарын, Мәңгілік Ел идеясын жүзеге асыру барысында ғылымға зәрулік артпаса кемімейді. Әлемдік додаға кіру отандық ғылымсыз еш мүмкін емес. Бұл талап барлық түркі дүниесіне қатысты.  

Қазақстанның, түркі мемлекеттерінің өсу мен даму болашағы – ғылымда, ғылымның болашағы оның биік белестерін бағындырған, бағындыра алатын биліктің, тұлғалардың қолында. Мемлекетті техникалық немесе жаратылыстану ғылымдары ғана өрге сүйремейді. Гуманитарлық, соның ішінде тарих ғылымдарының да атқарар міндеті бар.

2.  Методология – ақиқатқа жол

Тарихқа құштарлық әркімге тән. Қазақстанда да солай. Біреуді Аттиланың жорықтары немесе Алтын Орда билеушілері әулетінің шежіресі қызықтырса, басқаның ой-санасын байырғы түркі өркениетінің, Қытай ханшайымдары саясатының құпиясы билеуі бек мүмкін. Уақыты мен кеңістігі әр алуан осынау және басқа тарихи оқиға мен құбылысты ғылым тұрғысынан дөп басып тану үшін басшылыққа алатын әмбебап ұстанымның аты – методология.

Тарихты зерттеу методологиясы дегеніміз – нақты мәселеге (тақырыпқа, жобаға) қатысты деректер мен айғақтарды біліктілікпен айна қатесіз табу үшін әрі солардың байланысы мен қисынын талдау негізінде тарихи үдеріс пен оқиғаның бастау көзін, барысын, ірілі-ұсақты нәтижесін, себептері мен салдарын, қысқасы, барша болмыс-бітімін, құпиясы мен жұмбағын халықтың һәм мемлекеттің өз дәуірі мен кеңістігіндегі мақсат-мүддесі, құндылықтары биігінен, тұлғаның әрекетімен, жаһандық ахуалды ескере, ғылыми тиянақтау – жаңалық ашу, ақиқатты айту әдіс-тәсілдері, заңы, теориясы.

Сонымен, адамзат өркениеті мен тарихының құрамдас бөлігі – қазақ әлемі һәм түркі дүниесі қаншалықты кешенді әрі күрделі құбылыс болса, оны зерттеу методологиясы соншалықты жауапты әрі өзекті. Методология қияс кетсе, тарих үдерісінің бейнеленуі ақиқаттан мүлде алыстағанына қоса ақпараттық-деректік база, тарихнама жартыкеш түзіліп, оқу-тәрбие жұмысы, үгіт-насихат, тарихи сана шатқаяқтайтынын кеңестік жылдардың тәжірибесі, яғни тарихқа таптық, формациялық көзқарас толық дәлелдеді.

Одан әріге, тарих ғылымы кәсіби биікке көтерілмеген ғасырларға көз жіберсек, ұлт тарихы шежіре тарқатумен баяндалғанын аңғарамыз. Осы дәстүрмен түзілген тарихнамада – М.Х. Дулатидің, Әбілғазының, Қ.М. Шарифтің, Қ. Қосымұлының, Молла Мұсаның, Қ. Халидтің шығармаларында тарихи үдерістегі тағдыр анықтағыш басымдық адамға, тұлғаға, олардың қайраткерлігіне, интеллектуалдық қарымына берілді. Орта ғасырлар мен Жаңа заманнан жеткен мұсылмандық-түркілік тарихи шығармалардың бәріне дерлік тән сипат бұл. «Мен пақыр, – дейді М.Х. Дулати, – бұл тарихты Тоғылық Темір ханнан бастап жаздым. Мұның үш түрлі себебі бар.

Бірінші себебі - Тоғылық Темір ханнан бұрынғы хандар жайлы жазылған тарихнамалар болғанымен, одан кейінгі болған оқиғалар толық баяндалмаған, сондықтан өткен тарихты қайталап жазуды қажет деп таппадым. Ол тарихнамадағы біраз оқиғалар Тоғылық Темір ханға байланысты болғандықтан, оларды тағы да қайталап жату «Евфрат дариясының жағасынан кұдық қазғанмен» бірдей еді.

Екінші [себебі] Тоғылық Темір ханнан кейінгі хандардың ешқайсысының дәрежесі мен мәртебесі ол жеткен деңгейге жеткен емес, мемлекетінің дәулеті де [қуаты да] соншалықты болған емес.

Үшінші себебі – моғол хандарының ішінен Тоғылық Темір бірінші болып ислам дүниесінің шұғыласына бөленді, тек содан кейін ғана ол елін кәпірлік тауқыметінен құтқарып, исламның құдіреті мен шапағатына бөленуге қол жеткізді, сөйтіп бүкіл ұлысын исламды тұтынған елдер қатарына қосты» [2].  

XVIII ғасырда Орхон-Енисей жазбалары Еуропа ғалымдарының назарын аудартты. 1893 жылы Дания ғалымы В. Томсен байырғы түркі мәтіндерін оқудың кілтін тапты. Азияны мәдени-өркениеттік дамуда мешел құрлық санаған еуроцентристік түсінікке соққы берілді. ХІХ-ХХ ғасырларда Ресей ғалымдары түркі және шығыс халықтарының тарихын зерделеуге көп күш жұмсады. Отарлауды және социалистік идеяны жүзеге асыруды көздеген империялық саясат пен өктемдік жақтастары бұл орайда аянып қалған жоқ. Біреуі мәселенің мәнін білмей тарихи сананы шатастырды. Мәселен, ХІХ ғасырдағы орыс тарихшысы С.М. Соловьевтің отар өлкеге қатысты көзқарасы мен позициясын өз қолымен жазған «История России с древнейших времен» кітабындағы мына тұжырымнан көреміз: «окрестные народы – это варвары, самой историей предназначенные быть объектом завоевательных действий русских князей» [3]. Мұны ХХ ғасырдағы орыс ғалымы А.М. Сахаровтың бүкпесіз, ашық сипаттауынан да аңғаруға болады: «История Крыма и Казани интересовала С.М. Соловьева лишь постольку, поскольку они являлись объектом внешнеполитической деятельности правителей Московского царства. В соответствии с общей великодержавной концепцией своего труда С.М. Соловьев не интересуется историей народов Сибири, так же как и историей народов Поволжья...» [4].  

Енді біреулері түркітануда құнды зерттеулер жазғанмен түркі халықтарын аса ұната қойған жоқ. Солардың қатарында арғы тегі неміс әйгілі түрколог В.В. Радлов бар еді. Бұл жайлы М. Шоқай былайша жазған болатын: «Ол Ресейде өзім іргесін қаладым деп санайтын түріктануды шынымен сүйетін. Мәселен, бір биолог ғалым көбелектерді зор ынтамен жинап коллекция дайындағаны тәрізді, Радлов та бізді дәл сондай зерттеу объектісі ретінде ғана көрер еді. Ол бізге сол тұрғыдан ғана мән берер еді. Оның түріктерге сүйіспеншілігінің бар-жоғы осы ғана болатын. Радлов халықтарды күшті және әлсіз деп екі топқа бөлетін. Осы арқылы ол орыстардың бізді билеп-төстеуін заңды құбылыс деп көретін ... Радловтың түріктанудағы аса құнды еңбектерін, сөзсіз, білуге тиіспіз. Алайда одан қайдағы бір түрік сүйіспеншілігін, әсіресе біздің империализм тепкісіндегі ауыр халімізге жанашырлығын іздеудің тіпті де қажеті шамалы» [5].  

Түркі әлемінен әлсіздікті ғана көргені үшін  В.В. Радловты Әлихан Бөкейхан жақтырмады.

Еуразияның сайын даласынан Батысқа қарай әлеуметтік ілгерілеу емес, қирату, бүлдіру, қасірет қана келді деген ойды дәлелдеумен әуреленгендер болған, әлі де бар. Қаптаған бұрмалаулардың ішінен кеңестік академик Б.Рыбаковтан  үзінді келтіруді жөн көрдік: «Рыцарственная Русь и тревожная недобрая степь, разлившаяся безбрежным морем от  Волги до Дуная... Степь полна топота и ржания конских табунов, дыма становищ, скрипа телег; рыщут волки, кружатся над Полем хищные птицы, тучами идут несметные войска половецких ханов, распугивая антилоп и туров... Духами зла и смерти, вдоль русской границы раскинулось необьятное степное море, ежегодно, ежедневно угрожавшее ураганами и штормами воинственных и хищных половецких орд» [6]. Ең сорақысы – Ұлы даланы Ежелгі Русьтің қас-дұшпаны, қатыгездік пен өлім әкелген жыртқыш ретінде тұжырымдаған орыс ғалымы Лениндік сыйлықпен, Социалистік Еңбек Ері атағымен марапатталса, тап сол жылдары түркілер тарихын славян тарихымен шендестірген «Аз и Я» кітабы үшін Мәскеуге жақпаған О. Сүлейменовтің шақшадай басы шарадай болды.

Қалай десек те, ХХ ғасыр соңына дейінгі зерттеулер, құжаттар жинағы, даланың ауызша тарихы, шығыстану мен түркология құнды-құнды ойтүйіндермен, пайымдармен, тіпті тұжырымдармен ерекшелене тұра, ұлттық және жалпытүркілік тарихымыздың кешенді келбеті мен мәнін бере алмады. Бірақ озық ойлы бірен-саран ер түрік ұрпақтарының –Маржанидың, Гаспыралының, Бөкейханның тоталитарлық өктемдік пен қыспаққа дейін айта алған, ұлт мүддесін, ел тағдырын айшықтаған методологиялық, танымдық бағыты дұрыс екен. Татар халқының абзал перзенті Ш. Маржани (1818-1889) тарих ғылымына мынадай анықтама беріпті: «Наука история изучает прошлое народов, исчезнувшие поколения, их борьбу между собой, выявляет и восстанавливает имена, прозвища, титулы, генеалогии и портреты исторических личностей. Она также дает оценку их линии поведения и добрым делам, призывает следовать им, если они того заслуживают. История выявляет, каким уровнем знаний обладали эти личности и какие научные и художественные произведения они создали. Она показывает, какими ремеслами и навыками обладал тот или иной народ. Эта наука рассказывает о том, что пережил тот или иной народ или племя. Она также является наукой о смене племен, народов и поколений, о соперничестве правителей. Историю стремятся постичь как ученые, так и невежды. К ней чувствуют тяготение и конные и пешие» [7].

Ә. Бөкейхан да осы мазмұндас ұстанымға басымдық береді: «біздің бұрынғы бабаларымыздың кім екендігі; олардың дүниеде не істеп, не бітіргендігі; қандай қуаты барлығы, ол қуатты не орынға жұмсағандығы; істеп жүрген ісінің қайсынан пайда, қайсынан зарар көргендігі; бұрынғы бабаларымыздың досты-дұспаны кім екендігі; не себеппен бағы тайғандығы және оған ұқсас істердің барлығын тарих сөйлеп түсіндіріп тұрады» [8].

Егер түркі халықтарының басым бөлігі шоғырланған Кеңестер елінде тарихты зерттеу методологиясы осынау жолмен диалектикалық және эволюциялық жалғасын таба қалғанда, М.Х. Дулатидің «Тарих-и Рашиди» кітабынан Абайдың «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» қара сөзіне дейінгі аралықта жиналған асыл қазына ХХ ғасыр ортасына қарай ұлттық тарихтың «Абай жолын» дүниеге әкелер ме еді, қайтер еді. 1947 жылы шыққан Е. Бекмахановтың «Казахстан в 20-40-е годы ХІХ века», М.П. Вяткиннің «Батыр Срым», 1958, 1960 жылдары жарияланған С. Зимановтың «Общественный строй казахов первой половины ХІХ века», «Политический строй Казахстана конца XVIII и первой половины ХІХ веков» монографияларын, Ұлы даланың археологиясынан, этнографиясынан, этногенезінен жазылған Ә. Марғұланның, К. Ақышевтің, А.Н. Бернштамның, С.П. Толстовтың, кейінде Р.Г. Кузеевтің (Башкирия), С.К. Камаловтың (Өзбекстан), Б. Өгелдің (Түркия), тағы басқалардың еңбектерін асылдың сынығындай көруіміз әсте кездейсоқтық емес.

Қысқасы, ұлыдержавалық менмендік, 1917 жылғы революциямен келген үздіксіз қуғын-сүргін және тоталитарлық-идеологиялық өктемдік төл тарихымызды бәсі биік ұлттық құндылыққа айналдыру құралы – методологияны жергөгінде тұншықтырды, оның орнына өтірік пен шындықты мидай араластырған, сана мен намысты дұрыс ұстанымнан адастырған партиялық-материалистік методологияны бекемдеді.

Сөйтіп біз өз тарихымыздан көз жазып қала жаздадық. Ортақ түркі тарихын зерттейтін мамандар даярланбады, жазуға КОКП рұқсат бермеді. Түбі бір Түркиямен ғылыми-гуманитарлық байланыс туралы сөз де болуы мүмкін емес еді. Кеңестік одақтас республикалар тарихы цензураның тезінен өткізілді. Әрине, кеңестік 74 жыл түркі тектес тарихшылар үшін бекер кетті деген ойдан аулақпыз. Шығыстағы одақтас республикаларда ғалымдардың үш ұрпағы өсіп шықты, Орта Азия мен Қазақстан тарихынан мыңдаған том құжаттар жинағы, арнайы зерттеулер жарық көрді, үздік зерттеушілердің есімдері әлемге әйгіленді. Оқулықтар жазылды, ғылыми басқосулар өтті. Бірақ басты мақсат – отандық және ортақ түркі тарихының ақиқатын ұлттық және мемлекеттік мүдде биігінен зерделеу атқарылмады. Қайта капиталистік шетелдердегі тарихшылар (М. Олкотт, С. Уиткрофт, т.б.) мен тағдырдың айдауымен сыртқа кеткен М. Шоқай, З. Уәлиди, Х. Оралтай сынды авторлардың жазғаны тарих ақиқатын ашуға септесті. Дегенмен қазақ әлемі мен түркі дүниесінің тарихын кешенді жазуға бұлардың кадрлық құрамы да, ақпараттық-деректік базасы да жетпейтін еді.

КСРО-ның ыдырауымен ғана мұздай сірескен тарихи сана мен танымда сілкініс басталды. Барымызды бағалау, жоғымызды түгендеу үшін алдымен тәуелсіздік, одан соң тарихшы ғалымның еркін ойымен көмкерілген методология керек екен.

Алайда тарих ақиқаты үшін күрес посткеңестік кеңістікте әлі де жүріп жатыр. Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс болғанға дәндеген ресейлік кейбір тарихшылар кешегі түркілік одақтас республикалардағы әріптестерін нені жазуға, қалай жазуға «үйреткенді» азсынып, енді тәуелсіз жас мемлекеттер Президенттерін «тезге салуға» кірісті. Осының бұлтартпас айғақ-дәлелі – Мәскеу ғалымы В. Шнирельманның 2009 жылы жарияланған, 2011 жылы қайта басылған «Президенты и археология, или Что ищут политики в древности: далекое прошлое и его политическая роль в СССР и в постсоветское время» мақаласы. Мұнда Түркменстанның тұңғыш Президенті С. Ниязов, Қырғызстанның тұңғыш Президенті А. Ақаев, Қазақстанның тұңғыш Президенті Н. Назарбаев, Өзбекстанның тұңғыш Президенті И. Каримов мырзалардың тарихи көзқарасындағы автор анықтаған қайшылықтар мен қателіктер сынға алынады. Мәселен, «Тарих толқынында» кітабында Н. Назарбаев қазақтардың рухын көтеруді көздеп, оларды «ұлы өркениеттер мұрагері» деген екен, бұған қоса қазақтар ғасырлар бойы өздерінің «этногенетикалық аумағында» қалыптасты, сонда мәдени сабақтастығын сақтады және біртектілігін өзгерткен жоқ екенін баса көрсетеді дегенді жақтырмай алға тарта келе, Елбасымыздың қайшылығын былайша дәйектейді: «С одной стороны, он призывает помнить о пятивековой собственно казахской истории, но, с другой стороны, не собирается забывать и о более величественном общетюркском прошлом; с одной стороны, указывая на открытие археологами древних городов на территории Казахстана, подчеркивает неправомерность сведения истории казахов к номадизму, но с другой – вдохновенно описывает славные деяния предков-кочевников; с одной стороны, делает акцент на синкретичном характере казахской культуры, лежащей в центре диалога самых разных евразийских культур, а с другой – настаивает на том, что казахи никогда не смешивались в массовых масштабах с другими этносами» [9].

Н. Назарбаевтың тағы бір «қателескені» мынада дейді: «Он с высоким пафосом дает отпор тем, кто говорит о «вековой отсталости степи». Мало того, среди далеких предков он находит ведических ариев и саков, изящно обходя вопрос об их языках, которые не имели никакого отношения к тюркским» [9, с.370]. Қазақтар ежелден атажұртында, яғни қазіргі Қазақстан аумағында тұрып жатыр деген Елбасы пайымын «пантүркілік экскурс» ретінде бағалайды.

Кез келген елдің Президенті тарихи шығармасын жарияламастан бұрын ғалымдармен, мамандармен сан мәрте ақылдасып, пікірлесіп, ең дұрыс деген тоқтамға келетінін Мәскеу оқымыстысы білмейді ғой, сірә. Олар, Шнирельманнан айырмашылығы, тарих ғылымының артында халықтар тағдыры тұрғанын бір сәтке ұмытпайды.

Қателеспейтін адам жоқ. Бірақ қатенің де қатесі бар. Егер ол бірнеше елдің әлденеше буын ғалымдарын қауқарсыз, болымсыз интеллектуалдық күш ретінде қаралап жатса, үндемей қалу одан да сорақы нәтижелер әкелуі бек мүмкін. Соның өзінде басқаның қатесіне бола тарихшы өкпеге, ашуға жол беруге, өтірікті шындай соғуға, айталық, қазақ әлемі мен түркі дүниесінің пайдасына бұра тартуға қақысы жоқ. Ол ақиқатты айтуға, жаңалық ашуға, белгісізді нұрлы ақылмен сәулелендіруге жегілген кәсіп иесі. Халықтың дұрыс тарихи санасын қалыптастыруға арна салатын жауапты тұлға. Тарихтың түзілуі мен зерттелуінің арасынан қыл өтпеуі тарихшының өресіне және имандық қасиетіне байлаулы.

Тарих – қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың негізі әрі тұңғышы. Әдебиеттану, тілтану, мәдениеттану, социология, саясаттану, тіпті даналық ғылымы философия – бәрі тарих тәжірибесімен, дерегімен, қорытындыларымен қалыптасады, зерттеу аясын анықтайды, содан кейін бұлар бірін бірі толықтырады, байытады, ықпалдасады. Ғылыми интеграция аса биік деңгейге көтерілген қазірдің өзінде тарих теориясы, методологиясы, философиясы дербестігін сақтауға, дербес заңдылықтарын ұлықтай дамуға құқылы. Тарихтың деректері мыңдаған жылдар бойы құм басқан, шаң басқан жер астында, архивтерде, кітап сөрелерінде жата беретіні рас. Ал олар заманауи методологиямен шынайы ғылымға айналғанда уақыт пен ұрпақтарды жалғастырып, басты байлық – адамның жасампаздығын өсіріп, жақсылығын көбейтеді.

3.  Тарих тұғыры

Түркі дүниесі ұғымының аясы мейлінше кең. Бір замандарда түркілер билеген аумақтардың біразында тап қазір мүлде басқа этностар мен мемлекеттер өмір сүруде. Олардың егемендігі мен тәуелсіздігіне қол сұқпас үшін зерттеуіміздің географиялық аумағы бүгінгі түркілік мемлекеттер шекарасымен шектелетінін қаперге сала кеткенді жөн көрдік. Қалай болғанда да ежелгі дәуірден бергі түркі тарихының хронологиялық ауқымы 1 млн. жылды қамтып жатыр. Өйткені Ұлы даладағы алғашқы адам ж.с.д. 1 млн. жыл шамасында пайда болғанын археологиялық жәдігерлер куәлендіруде. Содан беріде тарихи үдеріске тірек болған, салалануын және мазмұнын анықтаған, тарихтың басты субъектісі – адамдардың антропологиясына, нәсілдік тегіне, әлеуметтік-кәсіби жіктелуіне іргетас қалаған, елдің шаруашылығын, әлемдік аралас-құраластағы орны мен мәртебесін, т.б. мәнді нышандарын бекемдеген, ерекшелеген үш императив тұғырдан түскен емес. Олар – жер, тіл, мемлекет. Қай дәуірдегі тарихты зерделесек те, бұлар өзгермейтін және әмбебап субстрат биігінде қала береді.

3.1. Жер және адам

Адамды құдай жаратты ма, жоқ әлде маймылдан шықты ма – ол жағын жаратылыстану ғылымдары анықтай жатар. Қайткенде де адам жарық дүниеге жер бетінде келді. Жер адамнан әлдеқайда бұрын жаратылды. Өмір үшін қажетті алғышарттар – ауа, су, жылу мен жарық, т.б.с.с. түзілген соң дүниеге адам келді. Содан беріде адам мен жер біртұтас. Тұтынушыдан өндірушіге айналғанға дейінгі өмір сүрген ортасының табиғаты, климаты, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі азық-түлігін, еңбек құралын, бөлінісін, яғни адамның есеюін анықтады. Адамды адам қылған жер, жерді гүлдендіретін де, қу тақырға айналдыратын да адам. Құранның «Әл-Исра» сүресіндегі 37,38,39 аяттары шегелеген талап: «Жер бетін басып жүргеніңде кеуде керіп асқақтама. Өйткені (қара) жерді де тесіп жібере алмайсың, асқар таумен де теңесе алмайсың», «Бұндай жағымсыз қылықтарды Раббың (әсте) жақтырмайды», «Осының бәрі де – Рабыңның саған уахи еткен даналықтары» әрбір мұсылман баласының санасын нұрландырғаны жөн [11]. Пенде топырақтан жаралды, топыраққа айналады деген қағида бекер болмаса керек.

Жануарлар әлемінен айырмашылығы – сөйлей алатыны. Біздің ойымызша, бұл қасиеттің нышандары адамның бойында жаратылғаннан болған. Уақыт өте келе әрі адамдар санының ұлғаюымен ол тілге айналды. Тіл шыққан сәт, біріншіден, адамдар қауымын ең биік әлеуметтік қауымдастық – адамзатқа айналдырды, екіншіден, тұңғыш интеллектуалдық серпіліс еді әрі бұдан кейінгі барша серпілістердің атасы, айталық, «неолиттік революциядан» бүгінгі нанотехнологияға дейінгі, үшіншіден, бастапқыда кімнің кімге алыс-жақын тұрғанын білуге шылбыр ұстататын өлшем құралы. Тілдік қоры адамдар қауымының, нақты халықтың даму сатысын, шыққан биігін, еңбек бөлісінің қай саласына бейім екенін көрсетеді.

Қысқасы, адам пайда болумен басталған тарихымыздың сахнасы – жер. Адам – жер басып жүргенде ғана адам. Ұлы географиялық жаңалықтар, мұхиттан мұхитқа, құрлықтан құрлыққа өту, ғарышты игеру, теңіздің табанын ақтару, шахталарда кен қазу – бәрі жер бетіндегі тіршілік қамы. Бабаларымыз жердің қасиеті мен құдіретіне табынғаны әлемдік және отандық жазба деректерде тұнып тұр. Осы орайда Геродот жазып кеткен массагет патшайымы Томирис жайлы аңызды, парсы патшасы Кирге тұрмысқа шығуға келіспегенін еске алсақ та жетіп жатыр. Патшаның жесірі жат елге тұрмыс құру жерден, мемлекеттен айрылу екенін түсінгендіктен бас тартты. Бұл шамамен ж.с.д. 530 жылдары орын алған оқиға. Арада 1200 жыл өткенде Күлтегін тасына мына жолдар жазылған екен: «Мәңгі тас тоқыттым. Бұл киелі жер еді. Қазір де киелі жер. Осындай киелі жерге мәңгі тас тоқыттым, жаздырдым. Бұны көріңдер, осылайша біліңдер» [12].

Араға тағы да 1200 жыл салып, 1926 жылы Қызылорда мен Ташкент қалаларында алаш азаматы Т. Шонановтың «Қазақ жері мәселесінің тарихы» монографиясы жарияланады. Мұнда жер отырықшы халықтың да, көшпелі халықтың да тағдырын анықтаушы негіз екені кешенді дәйектелген. Автордың методологиялық ұстанымын: «Осы күнге шейін қазақ көшуге көндігіп кеткен, отыра қалып, кент салтына түсіп, дуан тұрмысына көндіккісі қелмейді, оқығандары неге ұғындырмайды екен деген пікірлерді де табуға болады. Сондай пікірлерді едәуір оқыған орыс азаматтарының аузынан талай естіп те жүрміз... Бұлай ойлау – қате. Бұл – жаңылыс пікір. Бұл жетіспеген, үстірт адамдардың ойы. Бұл – бір. Екінші, қазақ жайын қанша білемін дегенмен, біліп жетіспегендердің ойы. Үшінші, қанша оқыдым дегенмен, тарих заңын түсіне алмағандардың ойы. Қазақ бұл күнге шейін ерігіп көшіп жүрген жоқ. Тұрмыс, табиғат заңдары қазақты амалсыз көшіріп келді», деген жолдар айқындап тұр [13].

Хронологиялық тұрғыдан мәселені ежелгі дәуірден ХХ ғасырдың басына дейін қарастырады. «Қазақ жердің қадірін біле ме?» деген сұраққа былайша жауап берген: «Қазақ жердің қадірін аса жақсы біледі. Оны тарихи тұрмыстың тоқпағы үйреткен. Жер шаруаға қандай әсер беретінін, қандай жерде қандай шаруашылық қылуға керектігін шаруа әдемі түсінеді. «Жер – анасы, мал – баласы», «Жері байдың – елі бай» дейді ел. Халық ақынның аузымен: «Жайықтың бойы жайлы қиян, Маңғыстаудың бойы шаңды қиян» дейді. «Көк Есілден кеткен соң, жылқының қонысы табылмас» дейді. «Ащының бойы айтақыр, алалы жылқы жусап тұр», «Шыбышым лақ салмаған, тоқтым қысыр қалмаған» дейді. «Қалдығайтты, Былдырты жер өрнегін қарасаң, көдесінің түбі сайын бір жылқы» дейді. Бұл – жердің шаруаға жайлылығы туралы қазақтың көзқарасы. Жерсіз жарық тұрмыстың жоқтығын, «Маңғыстаудың шаңды қияны» тәрізді жерлер қонысқа тұлға болмайтынын қазақ жақсы біледі. Жерден айырыларда қазақтың қабырғасы қайысып, омыртқасы майысады. Жалғызынан айырылғандай жермен қоштасады. Ботадай боздап өлең айтады. Қазақтың бір себептермен шаруаға тәуір қоныстан айырылғанда айтқан өлеңдері – өлікті жоқтаған жылаулармен бірдей» [14].

Томирис заманынан қазақтың жермен қоштасып жылағанының арасын 25 ғасыр, яғни 2,5 мың жыл бөліп тұр. Бірақ түркілердің жерді қастерлеуі сол биіктен еш түскен емес.

Адам жерден қуат алады, адамды табиғаттың бірде-бір өкілі шықпаған биікке көтерген, әлі де көтеріп тұрған күш – жер. Ол масылдардың мекені емес. Ізденіс пен еңбектің бастау көзі. Қарыс-сүйем жер үшін аз қан төгілген жоқ. Қазіргі кез келген мемлекеттің конституциясы жердің мәртебесін азаттықтан бір мысқал төмен түсірмейді. Қысқасынан қайырсақ, жер тарихы, ғылым тіліне көшіргенде – геотарих (геоистория) қазақ әлемі мен түркі дүниесі тарихының іргелі бағытына, маңызды теориялық-методологиялық тұжырымына айналуы қажет.

3.2.  Тіл мен сөз

Адамның адамдық белгісі мен жасампаздық қарымының коды – тіл. Аумақтық бірлік пен тілдік біртектілік негізінде түркі этносы, мемлекеті, барша әлемі қалыптасты.

Бұлай дейтін себебіміз түркі халықтары – Еуразияның сайын даласының автохтонды тұрғындары. Физикалық антропология жағынан шыққан тегі, уақыт өлшемі бойынша тас дәуірінен белгілі тарихы, кеңістік тұрғысынан алғанда өмір сүрген аумағы ортақ болғандықтан арғытүркілер мен түркі халықтарының тілі бір қайнаркөзден басталатыны күмән туғызбаса керек. Бүгінге жеткен-жетпеген түркі халықтарының сақталған я сақталмаған тілдерінде, сөздік қорында ортақ тарихының қалың қыртысты ақпараты, ішіне бүккен құпиясы, баршаны тамсандырған байлығы жатыр. «Жақсы сөз – жарым ырыс», деген қазақ философиясының бастауын ж.с.д. 1,5 мың жыл шамасында дүниеге келген заратуштра дінінің «Авеста» кітабынан көруге болады. Ал Інжілде: «Басында сөз болды, ал сөзді құдай жаратты», делінген. Тарихи-тілдік бауырластық «Алпамыс», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сынды дастандардың түркі халықтарына ортақтығынан ғана емес, М. Қашқаридің, Ж. Баласағұнның, А. Яссауидің, С. Сараидың, С. Бақырғанидың, т.б. ойшылдардың шығармаларындағы руханиятқа, тәрбиеге, мемлекетке қатысты қағидалардан да менмұндалап тұр. М. Қашқари: «Тәрбие басы – тіл», «Игі істің басы – сөз», Ж. Баласағұн: «Кісіге құт тілден», «Дүние тез өтеді, сөз мәңгілік қалады», С. Сараи: «Жаза айтылған бір сөзбен де жүректі жаралауға болады», депті [15]. Мыңдаған жылдар бұрын айтылса да, әрбір түркілік жанға бүгін де түсінікті ережелер ғой.

Демек, адам адам болғаннан бергі баға жетпес табыс, ең құдіретті қаруы – сөз. Онсыз жануарлар дүниесінен бөлініп шыға алмас еді. Тіл мен сөзді дүниеге әкелген адам тап сол тіл мен сөздің үздіксіз артқан интеллектуалды-инновациялық әлеуеті арқасында кемелденді, тарихтың объектісінен субъектісіне айналды. Тарихи география мен ономастика, терминология мен фразеология, тіпті ғылым атаулының бәрі халықтың, жердің, тілдің байланысын анықтауға үлес қоса алады. Ең маңыздысы – тілдік және аумақтық бірегейлік пен біртектілікті ғылыми тиянақтау, методологиялық басшылыққа алу түркі халықтарының этногенезін дұрыс ашуға, қоршаған ортаны игеруде, төл тарихымызды түзуде басқаның емес, өз қандастарымыздың сүбелі үлесін әділінен баяндауға асыл арна салады.

Біз Американы ашып отырған жоқпыз. Жер мен тілдің тарихтағы тұғырлық құдіретін мойындау үшін бұл екеуі адамзатқа белгілі әлемдік және дәстүрлі діндерден де бұрын жасампаз миссиясын аша алғанын түсінсек жетіп жатыр. Тіпті мемлекетаралық соғыс жариялаудың сылтауы – сөз, себебі – жер болған жағдаяттар аз емес. Мұны ежелгі грек, көне қытай жазбаларында сақтардың, түркілердің туған жер үшін аянбай соғысқаны жайлы мәліметтері де куәлендіреді. Аңызға айналған сақ ойшылы Анахарсистен қалды деген мына сөздер ерекше назар аударуға лайық:

«– Адамның бойындағы ең жақсы және ең жаман нәрсе не? – дегенде: – тіл, – деп қысқа қайырыпты» [16].

Жер мен тіл мәселесін алдыңғылардың айтқанына сүйенумен француз ойшылы А. Франс ХІХ ғасырда да қаперге салыпты. Тілді қалыптастыруда басты рөлде халық тұратыны жайлы Платон мен Вольтерге сілтеме жасаған ол егер бұл іспен ғалымдар айналысса, тіл күңгірт әрі ауыр болып шығар еді дейді. Тарихтың ізі тілде жатқанын былайша пайымдайды: «Все деяния нации, все установления, постепенно создававшиеся ходом истории, оставили свой отпечаток в языке. В современной речи находишь следы, оставленные в ней церковью и феодализмом, крестовыми походами, королевской властью, обычным правом и правом римским, схоластикой, Возрождением, Реформацией, гуманизмом, веком философии, революцией и демократией. Можно без преувеличения сказать, что филология, недавно превративщаяся в позитивную науку, стала неожиданной помощницей истории» [17].

Өміршең идея жалғасын табуда. Әлем таныған О. Сүлейменовтың сөзімен айтсақ, «егер біз сөзді оқуды үйренсек, жер, өзен, тау, арал аттарынан тілдердің материк және мұхит бойынша қозғалу бағдарын анықтауға болады. Сондықтан этимологияның рөлі артады. ... Сөздіктер кез келген этносқа – үлкеніне де және кішісіне де – өзінің шыққан кезінен бастап өткені жайында толығырақ білуге көмектеседі. Ауызекі сөз өзінің мазмұны және құрылымында жарықшақтар мен асыл бұйымдардың мұражайлық жинағына қарағанда, көбірек тарихи шындықты сақтайды» [18]. Осыдан-ақ отандық және түркілік ортақ тарихи зерттеулерді жүргізуге түрлі мамандық иелері тартылуы керектігін және пәнаралық методологиялық байланыс қажеттілігін пайымдауға негіз бар.

Аумақтық бірлік пен тілдік біртектіліктің тағдыры – адам тағдыры. Ол шыр етіп дүниеге келген нәрестеге берілетін отбасындағы тәлім-тәрбиеден марқұмды ақырғы сапарға аттандырғанға дейінгі аралықты қамтып жатады. Абайдың: «Туғанда дүние есігін ашар өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген жолдарын тіл өнеріне тағзым ретінде қабылдасақ, есте жоқ ескі заманнан қалған зираттарға қарап жердің кімге тиесілі екенін, этникалық шекараның қалыптасуын ұғынуға болады. Әдебиет пен өнерде молынан кездесетін жерге шексіз сүйіспеншілік пен махаббат жайлы шығармалар адам, аумақ, тіл байланыстары  сананы, танымды, сезімді билеп алғандықтан дүниеге келген.

Қазақ әлемі мен түркі дүниесінде жаңа тіл пайда болатын заман енді келмейді. Түркі халықтарының жақындасуы, мемлекеттерінің интеграциясы ортақ тіл табуға итермелейтініне куә болармыз, сірә. Ол да түркілік тарихтың тұғырын бекемдеуге септеседі.  

3.3.  Мемлекет

Мемлекеттің мәнін түсінуге немесе түсіндіруге талап қылғандарда қисап жоқ. Біздің ойымызша, мемлекет дегеніміз – нақты бір аумақтағы халықтың халықаралық қауымдастық таныған әрі өзіндік саяси-құқықтық, экономикалық, т.б.с.с. жүйесі бар Отаны. Осы аумақтағы тарихи үдеріс тұғырдың құрамдас бөліктерімен – жермен, тілмен ажырағысыз бірлікте. Жер мен тіл ықпалдастығы, бірлігі мен біртектілігінің нығаюы немесе ыдыраюы негізінен жеке адамның емес, этностардың, мемлекетінің тағдырымен, қилы заманымен анықталады. Тағдырдың жазуымен ХІІІ ғасырда Еуропаға, Африкаға, жат елге, бөтен ортаға қоныс аударған қыпшақтар Ұлы далада қалған бауырларынан мүлде алшақтап кеткен жоқ па?! Қалың қытайдың арасындағы сары үйсіндер, мыңдаған жылдар бұрын Америкаға кеткен азиялық түркілер ше? Түбі бір түркілік тілде мәдени-рухани өнім беруден қалған бұлар енді қайтып үйірін таба алмас. Ортақ тарихтың тұғыры аумақ, тіл, мемлекет екені осыдан байқалмай ма! Бұл – бір.

Екінші жағынан, тілдік үдерістердің тереңдеуі, жердің талапайға түспеуі көбінесе төл мемлекеттің пайда болуына және дамуына тәуелді. Адам баласы пайда болғаннан мемлекеті құрылғанша ұлан-ғайыр уақыт өтті. Әр нәрсенің бастауы қиын. Түркі халықтарының шаруашылығы мен мәдениетіне, тілі мен әлеуметтік ұйымдасуына, салт-дәстүрі мен менталитетіне тән бастапқы сипаттары мемлекеттері шаңырақ көтергенше қалыптасты. Осы құндылықтарды ішкі-сыртқы тағылық пен жабайылықтан, уақыт өте келе ашкөздік пен тойымсыздықтан сақтау мүддесі биліктің, кейінірек мемлекеттің шығуына түрткі болды. Бірақ бұдан мемлекет пайда болғанға дейінгі дәуірде тарих үдерісі үш тұғырдың біреуінсіз жүрді деген ой тумауы керек. Жер – мемлекеттің материалдың негізі, билік – саяси бастау-бұлағы, яғни үшінші тұғырдың орнын, толық толтырмаса да, жоқтатпайтын тетік жұмыс істеп тұрды. Мемлекеттен хабарсыз, инстинктпен өмір сүретін жануарлар да тиесілі аумағы үшін жан беріп, жан алысады ғой. Түптеп келгенде, бәсекеге қабілетті, өзін-өзі танудың, елішілік қайшылықтарды шешудің биік сатысына көтерілген этнос қана мемлекетін дүниеге әкеледі. Мемлекет – тіл мен жер иесі нақты халықты, соның төңірегіне топтасқан басқа да этностарды сақтаудың, ортақ іске жегудің, кемелдендірудің басты ұйымы.

Жер мен тіл арасындағы байланыс, ықпалдастық біте қайнаған десек, мемлекет пен тіл арасындағы тәуелділік, өзара тәуелділік одан да берік. Мемлекеттің тағдыры мемлекеттік тіл тағдырына байлаулы. Мемлекеттік мәртебемен сөйлеуші тіл байыған үстіне баи түседі. Өскен, өнген тіл мемлекет өмірін шырайландырады.  

Дей тұрғанмен, мемлекеттің даму сатысы әралуан болатынын адамзат тәжірибесі көрсетіп отыр. Солардың аражігін ашатын методологиялық байлам-тұжырым ғылыми ақиқат үшін керек. Айталық, жыл санауымызға дейінгі І мыңжылдықта түркі тектестер мекендеген Еуразия кеңістігінің негізгі бөлігінде сақ  мемлекеттері дәурен құрғаны белгілі. Сақтардың соғыс өнері, сұлулықты ұлықтаған аң стилі, шаруашылық-мәдени кешеніндегі үздік жетістіктер баяны антикалық және византиялық деректерде молынан сақталған. Солармен таныса келе мемлекет өмірін, адамдардың қарым-қатынасын қоғамның әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі реттегенін байқаймыз. Сақтар, дейді Геродот, эллиндіктердің өмір салтын жақтырмайды, одан іргесін аулақ ұстайды [19]. Ал әдет-ғұрыптың, салт-дәстүрдің басымдығы, заңнан да бұрын қолданылуы мемлекет ру-тайпалық қатынастар биігінде тұрғанын айғақтайды. Яғни біздің бүгінгі ұғымдағы деңгейге жетпеген мемлекеттің өзі тіл мен жерін қызғыштай қорғайды. Сыртқы қатердің кез келгенінен қорғануға мемлекеттің шарапаты тимей тұрмайды. Дәстүрге сүйенген сақтар мемлекеті заң түзуде, тұрақты әскер жасақтауда көш ілгері кеткен іргедегі Қытаймен, айшылық алыстағы Грекиямен, Иранды билеген Ахеменидтер әулетімен бәсекелесе алғаны түркілердің аумақтық бірлігі мен тілдік біртектілігі ұзақ уақыт аясында лайықты әлеуетке ие болғанын куәлендіреді.

Рас, Ұлы дала түркілері кейінде де бөтен тілді, бөтен дінді мемлекеттерден оқшауланған жоқ. Біздің ортақ тарихымызда, тілімізде А. Македонскийдің, Селевкид, Бактрия, Парфия, сасанидтік Иран мемлекеттерінің, араб халифатының іздері жатыр. Бірақ бұлар түркілік шаруашылық-мәдени типті, саяси өмірді, әлеуметтік ұйымдасуды мүлде жаңа арнаға түсірді деуге негіз жоқ. Азияның, Африканың, Еуропаның халықтарымен, мемлекеттерімен ықпалдасқан түркі өркениеті өз іргетасында бой көтерді, нығайды, өркендеді. Адамзатқа киіз үйді, үзеңгіні, шалбарды, етікті әкелген түркілер бөтеннің әсерімен ғана ілгерілеуі еш мүмкін емес. 

Сөз кезегі келіп тұрғанда айта кетейік, халықтың тұтасуы мен мемлекетінің шығуына септескен ру-тайпалық қатынастар мен менталитеттің, араға отарлық және тоталитарлық ғасырлар түссе де, кешегі кеңестік түркілерде әлі күнге дейін орын алып отырғанын бекерлей алмаймыз. Трайбализм дерті қоғамның бойынан сылынып тасталған жоқ. Пайдасы бір тоғыз десек (жеті атаға дейін қыз алыспау, ұжымдық жауапкершілікті сезіну), зияны – үйірімен үш тоғыз. Ол кадр саясатына, қаржы-қаражат бөлуге, атақ-дәрежемен марапаттауға араласады екен. Студенттердің, әскердегі жастардың қатарын аралап кетіпті. Өкініштісі – осы құбылыстың неліктен осыншама жаны сірі екенін ашатын методология түзіле қойған жоқ.

Бірақ рулық-тайпалық атавизмді ығыстыруда ғана емес, тілдік құрылыста да мемлекеттілік факторын методологиялық абсолютке айналдыруға негіз жоқ. Сақ, байырғы түркі мемлекеттері тарих сахнасынан кеткеніне мыңдаған жылдар өтті. Еуразиялық түркілер араб, моңғол үстемдігін бастан кешті. ХVI ғасырда Ресей отарлауы басталды, татарлар, қазақтар, өзбектер, т.б. 3-4 ғасыр бойы бодандықта қиналды. Соған қарамастан тілдік біртектілігі сақталып қалды, ғылыми этимология, ономастика, тарихи география нәтижелерімен қолдау табуда. Осы орайда қоғамдық-гуманитарлық ғалымдар арасындағы пікірталастың басты тақырыбы сақтардың мемлекеті мәселесі емес, қай тілде сөйлегені төңірегінде жүріп жатқанына назар аударған жөн. Әйгілі ғалым Қ. Салғараұлы 2012 жылы жарық көрген «Ежелгі түріктер» монографиясында: «Рас, қазақстандық ғалымдар соңғы кезде археологиялық қазба мұралар дерегіне сүйеніп, сақ тайпаларының түрік тілінде сөйлегенін айтып, түрік тектес халықтар тобына жатқызып жүр. Бірақ бұл тұжырым әлемдік ғылымда жалпылама қолдау тауып, әлі орныға қойған жоқ. Оған, шет жағасын жоғарыда айтқан, сақтарды «қазіргі Иран жерінен ауып келген арийлер, үнді-еуропа тілінде сөйлейді» деген пікірдің жарыса айтылып, күні бүгінге дейін ғылымда қабаттаса қолданылуы дәлел бола алады», деп жазады [20]. Демек, болмыс-бітімінің тамыры тереңге тартқан халықтар жат өркениет пен мемлекеттер қарамағына өте қалғанда да, жинақы өмір сүруін тоқтатпаса, міндетті түрде жойылып кете бармайды.

Ортақ түркі тарихына, Қазақстан тарихына тұғыр ретінде, алдымен адамның пайда болуын айтпағанда, тіл, аумақ бірлігі факторын тану, мемлекеттануда методологиялық биік өреге қол сілтеу тарихшыларды шаруашылық, мәдениет, этнос, ұлт, азамат, құқық, мемлекеттік аппарат, т.б. іргелі құндылықтар  мен атрибуттарды зерделеуде көздеген мақсат-мұратқа – ғылыми ақиқатқа жақындата түспесе, еш адастырмайды. Бәрі мемлекетінің бар-жоғымен анықталатын болса, бүгінде мемлекеттер санына сәйкес жүздеген тілдер ғана сақталып қалар еді. Бұған ежелгі және ортағасырлардағы Кавказды, Қытайды мекендеген түркілердің тағдыры айғақ-дәлел. Мәселен, қазіргі Әзірбайжан аумағындағы мемлекеттерді ж.с.д. IV ғасырдан беріде біресе парсылар, біресе арабтар, біресе курдтар билеп келді, ара-тұра байырғы халық өкілдері билік құрды. Ирандық  Нәдір шах 1747 жылы өлген соң ғана толық егемен мемлекет дүниеге келді. Міне, осындай аласапыранға қарамастан әзірбайжан халқы ж.с.д. ХІV ғасырдан түркі тілде сөйлеген киммериялықтардың, ж.с.д. VІІІ ғасырдан беріде сақтардың мұрасы негізінде қалыптасқан өз тілімен, жерімен, тарихымен түркі әлемін нұрландырып отыр [21].

Әрине, этнос үшін азат мемлекетінің болғанынан артық бақыт жоқ. Бірақ мыңдаған тілде сөйлейтін этностардың әрқайсына мемлекетін құру мүмкіншілігін кім береді? Ол үшін адам баласы әділетсіздік, соғыс, зорлық, бақталас, тақталас тәрізді «дерттерден» хабарсыз жаратылуы керек қой. Тіпті қуыршақ мемлекеттер өз халқының сұранысы мен қажетін өтей алмайтынын тарих тәжірибесі сан рет көрсетті. Бұған Кеңестер Одағы құрамындағы одақтас республикалар тағдыры айғақ-дәлел. Азаматтарының саны 20-млн-ға жуық Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан тәрізді республикаларда екінші университет ашу, жаңа аудан немесе облыс құру үшін Мәскеудің рұқсатын ондаған жылдар күтуге тура келді. Түркістан, Орта Азия әскери округтарына, құқық қорғау органдарына бірінші басшы, орынбасарлар тағайындау тек Кремльдің мақұлдауымен шешілетін. Басқа да шектеулер толып жатты. Өзбекстан президенті И. Каримов айтқандай, кеңестік қуыршақ мемлекет халықтың төл құндылықтарына мүлде сай келмеді: «Государственная машина, управляемая из центра, была рассчитана на некоего манкурта, на человека, не помнящего ни своего рода и племени, ни истории своего народа, ни его традиции. Именно поэтому образовался такой разрыв между тем, что декларировалось в системе этой государственности, и тем, что было на самом деле» [22]. 

Өткенге салауат айтайық. Бұдан былайда көпұлтты, көптілді, көпдінді сипаттағы барша әлемге де, нақты мемлекетке де, егер болашақтан үміті үзілмесе, бейбітшілікті соғыстан, татулықты дүрдараздықтан, қауіпсіздікті тұрақсыздықтан, ақылды ашудан жоғары ұстаған саясат пен идеология керек-ақ.

Түйіп айтар болсақ, әрісі ортақ түркі тарихының, берісі Қазақстан тарихының кеңістігі мен ортасын, мазмұны мен ерекшеліктерін айқындаған тұғырлы факторларға аумақты, тілді, мемлекетті жатқызатын методологиялық пайым байтақ зерттеу объектісі мен пәніне бағыт-бағдар беріп, барлық тарихи шығармаларда басынан аяғына дейін басымдықпен алға шығуы керек. Кеше де, бүгін де, ертең де осының бәрінің берекесі алдымен елішілік ахуал екені, әсіресе тұрақтылық пен бірлікке келіп тірелетіні бірінші сыныптағы әліппеге де, күнде көрсетілетін жарнамаға да дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомадай енуі қажет.

4.  Тұғыр құты – тұрақтылық

Халықтың экономикалық өмірі мен әл-ауқаты жерінің жомарттығымен, рухани әлемі – тілінен, жасампаздығы – мемлекетінен көрініс табатыны ұзынсонар дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Бұлар бір-бірінен ажырағысыз баға жетпес құндылықтар. Жердің азуы немесе оны аяусыз жыртқыштықпен пайдалану, тілдің қолдану аясының тарылуы, қысымға ұшырауы, мемлекетте заңның дұрыс атқарылмауы тарих дөңгелегін кері айналдыруға соқтыратын қауіпке толы. Тарих тұғырындағы үйлесім мен тұрақтылық қана игілікті болашақ кепілі. Тарихи үдерістегі маңыздылығы жағынан бұлармен ешбір кереғарлық – экономикалық дағдарыс, идеологиялық өктемдік, әлеуметтік қақтығыстар иық тірестіре алмайды.

Біріншіден, тіл өзіне тиесілі міндеттерді атқарып тұрса, оның иесі, киесі – халық бар деген сөз. Төл мемлекетінде отырған ешбір халық тілінен айырылуға жол бермейді. Өз тағдырын өзі шешкен халық тілін байыта алады. А. Байтұрсынұлы айтқандай: «Өнердің ең алды сөз өнері деп саналады. «Өнер алды қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар.  Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады. Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді сүгіреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын сөзбен сөйлеп, сүгіреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді» [23].

Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалатыны секілді, адам қай тілде сөйлесе, ойласа, яғни ана тіліндей қабылдаса, түптің түбінде өзі болмаса ұрпағы сол этностың қатарына қосылатыны да соншалықты ақиқат. Демек, екіншіден, дүниеге қазақ (өзбек, ұйғыр, татар) болып келген, бірақ тағдырдың жазуымен басқа тілде ғана сөйлеуші жанға өз жері, елі, жұрты, бабаларының мұрасы жаттай көрінуі оп-оңай. Ал тілге табыну ананың әлдиімен, әкенің шерткен домбырасының үнімен, ата-әжесінің айтқан ертегілерімен сәби шақтан басталатынын ұққан сайын халық пен мемлекет тағдырындағы, ұлт тарихындағы отбасының қадір-қасиетін айрықша қастерлеу артады. Туған тілден ажырау атамекенің мен мемлекетіңді бөтеннің жылтырағына айырбастағанның, төл тарихыңнан кіндік үзгеннің шешуші қадамы. Келесі қадам – жерұйықты іздеп сыртқа кету – қиналмастан жасалады. 

Үшіншіден, тілі мен жерін ұстай алған халық қана төл мемлекетін құрады. Мемлекет – халықтың, жердің, тілдің панасы, қамқоры, айбыны. Мемлекетсіз ұлттық экономика мен саясат, идеология мен дипломатия түзілмейді. Америкадағы, Еуропадағы, Африкадағы елге сіңіп кеткен түркілік азаматтың үздік табысына қуануға болар, бірақ ол ортақ түркі тарихының аясынан, мемлекетінің қамқорлығынан тыс қалған өгей баласы. Осы ойды төл тарихымызға байланыстыра мынаны айтқымыз келеді: Қазақстанның аумағы мен шекарасынан тысқары өмір сүріп жатқан, басқа мемлекеттің азаматы саналатын қазақтардың тарихы ұлттық тарихымыздың құрамдас бөлігі бола алмайды. Мәселен, 1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысынан Омбы облысына 5 мыңға жуық қазақ азаматтары аман-есен оралған екен. Бейбіт жылдарда бұлар еңбек майданының көрігін қыздырыпты [24]. Ал осы тарихты «жекешелендіруіміз» мүмкін емес. Бұл орайда түркілік емес мемлекеттердегі қандастарымыздың тарихын ортақ түркі тарихына кіргізудің құқықтық, дипломатиялық салдарын алдын ала ескерген абзал. Дұрысы диаспора тарихы айдарымен ерекшелеген шығар.

Тарихтың биік тұғыры мемлекет екені кіші Азиядағы түріктерден басқа қандастарымыз отарлық қамытын киген XVI ғасырдан берідегі тағдырымыздан анық көрінді. XІV ғасырдың билеушісі Әмір Темірді, XVI ғасырдағы Қасым ханды, XVIІІ ғасырда Нәдір шахпен тірескен түркілерді, мемлекеттерін ХІХ ғасырдағы отар өлкемен, аға сұлтандармен, болыстармен, ХХ ғасырдағы қуыршақ республикалармен, хатшылармен, төрағалармен салыстыруға болмайды. Алдыңғылары – еркін елдің рухы күшті перзенттері, соңғылары – отарлаушы қожайыннан аса алмаған, жақпай қалған күні тұғырдан тайдырылған жалдамалылар мен жаппарқұлдар ғана. Әрине, коммунистік әкімшіл-әміршіл номенклатураны халқына, жерге, тілге, мемлекетке түймедей пайда әкелмеді деп айыптасақ, ұлт тарихына қиянат жасаймыз. Бірақ сол тар заманда ұлттық болмысты, тарихи сананы, тілді, мәдени мұраны сақтап қалуға, осы құндылықтарды ұлықтаумен санадағы төл мемлекетшілдікті нығайтуға барлық хатшы жабылып бір Әуезовтей немесе Кербебаевтай, бір Есенберлиндей немесе ортағасырлық Самарқанның сәулет ескерткіштеріндей олжа сала алмады. Ғасырларға созылған езгіге қарсы тұрып, мемлекетсіз жетім халықты этникалық азып-тозудан сақтап қалған қасиетті тұғыр тіл мен жасампаз күш тұлғалар екенін, бірінші кезекте шығармашылық көркем және ғылыми зиялы қауымның ұлы миссиясын дәйектейтін методологияға зәрулік әзірге күн тәртібінен түскен жоқ. 

Мемлекеттің мәні де, сәні де тәуелсіздікпен кіретінін, тілдің, оның иесінің миссиясы мен мұраты мемлекеті барда ашылатынын КСРО тарқағаннан кейін азаттыққа шыққан түркілік елдер жолы көрсетіп отыр. Кеңестік одақтас республика заманында қуыршақ мемлекет орнына жүргеніміз, туған жер мен тілдің қадірі аяқ асты етілгені құпия болудан қалды. Қиыншылықтар аз болған жоқ. Әлі де алдан шығуда. Дегенмен түркі дүниесінің қалыптасқан жаңа мемлекеттермен толысқаны келешекке деген күдікті сейілтті, үмітті зорайтты.  

Заводтар мен фабрикалар, қалалар мен жолдар, мектептер мен мұражайлар – түркі жерінің асты-үстіндегі байлықтың, тынымсыз еңбектің тамаша көрінісі. Осыншама бай да үлкен аумақ тарихтың тезінен түркі халқының жанқиярлығымен сақталып қалғанын, ұлттық әдебиет пен өнеріміз, білім мен ғылымымыз әлемдік өркениетпен ықпалдасып қана қоймай бабалар сөзінен, аманаты мен өсиетінен нәр алатынын жүрек пен санаға сіңіре білсек, қысқасы, зерттеу методологиясының өзегінде ақиқатқа суғарылған мемлекетшілдік пен ұлттық идея, бірлік пен біртектілік құндылықтары тұрса, елдегі ахуалдың, тарихи тұғырдың тұрақтылығы, азаматтарымыздың сенім қуаты, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың тартымды пәрменділігі артатыны сөзсіз. 

5.  Тарихты түзушілер

Тіл, жер, мемлекет тарихтың субстраты бола тұра, өздігінен тарихты түзбейді. Бұларды тарих шығыршығын айналдыруға жегетін, тарихты түзетін үш қозғаушы күш бар. Біріншісі – халық, екіншісі – тұлға, үшіншісі – билік. Кеңестік дәуірдегі оқулықтар мен зерттеулерде экономикаға, әлеуметтік-мәдени өмірге, соғыстар мен көтерілістерге қатысты статистика молынан беріліп, жоғарыда аталған қозғаушы күштер көлеңкеде қала беруші еді. Турасына келгенде үшеуінің мақсатты әрекетінсіз елде шидің басы да сынбайды, тышқан да жорғаламайды.

Алайда тарихи үдерістің барысы мен мазмұнын жалғыз елішілік факторлар анықтай бермейтіні құпия емес. Ол әсіресе отар елдерде жиі байқалады. Айталық, бірінші немесе екінші дүниежүзілік соғыстардың бұрқ ете қалуына Қазақстанның еш қатысы болған жоқ. Дей тұрғанмен, сол соғыстар Қазақ елінің тарихына терең өзгерістер әкелді. Демек, ұлттық тарихтың қадір-қасиетін ұғыну үшін оған жаһандық өлшеммен көз жүгіртуді ұмытпаған абзал.  

5.1. Халық

Адамдардың өмір сүру қажетін өтейтін жердің асты-үстіндегі байлық халықтың еңбегімен, ақылымен, қолымен өндіріледі. Мұнда әлемдік, құрлықтық, өңірлік, ұлттық тарихтағы өзара ұқсастық, экономикаға, нарыққа, қаржыға, ақпаратқа ортақ заңдылық жиі байқалатыны сөзсіз. Соның өзінде еңбекшіл өмір салтына, үдерісіне өңірлік, аймақтық ерекшелік ықпалы болатынын анықтаудың маңызы бар. Археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған қыш құмыралардан, суландыру жүйесінен, тұрғын үйлер сүлбесінен, т.б. артефактылардан адам факторын, болашақ іргелі халықтың қолтаңбасын көрмеу тарихты зерттеу методологиясын тұралатпаса, ұлғайтпайды. Тас, қола ғасырлары атауы табиғатпен емес, адамның тас пен қоланы қолдануына байланысты орныққанын қаперден шығармаған жөн. 

Халықтың ғұмырын ұзартатын интеллектуалдық және рухани қазына, білім мен ғылым, тәжірибе мен тағылым сол халықтың тілі арқылы ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Тарихтағы ұлттық ерекшелік барынша айшықталынатын тұс – осы. Бұл мүмкіндік жазу шыққаннан кейін әлденеше еселеп артты. Ал адамзат өркениетіне баға жетпес олжа салған алғашқы жазулардың бірі түркілік руна екенін биік методологиялық қарым-өремен аша алсақ, бабаларымыз әлемдік тарихтың өзегінде тұрғанын қапысыз ұғынамыз әрі ұғындыра да аламыз. Осынау биік пассионарлық қуат Күлтегін, Тоныкөк заманында тасқындап, ХV ғасырда Осман империясын шалқытып, кейінде ішінара, шамамен бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін сақталды.

Түркі дүниесінің ұзына тарихында 16 жазу үлгісі, 18 әліпби қолданылыпты. Қазақ ғалымы Т. Жұртбайдың тарқатуы бойынша олар:

1.  Фразограммалық шолу. Байырғы түркі бітігтің бастау қайнары осыдан 20-15 мың жыл бұрынғы тас бетіне сызылған петроглифтен басталады.

2.  Бітік жазуы өзінің даму тарихының келесі кезеңінде логограммалық – мағыналық суреттер сызу деңгейіне көтерілді.

3.  Үшінші кезеңде буындық жазуға көшті.

4.  Фонограммалық (дыбыстық) жазу сатысы байырғы түркі бітігі (руника) жазуын өмірге әкелді. 552-580 жылдары аралығында оның грамматикалық ережесі жасалып, ежелгі түркі бітігіне реформа жасалған екен. Байырғы түрік әліпбиі фонограммалық кезеңнен бастап әліпбилік жазу үлгісіне ауысқан.

5.Түркілер VII-VIII ғасырларда қытай иероглифін дипломатиялық қатынас кұралды жазуы ретінде қолданған.

6.  Брахми жазуын байырғы түріктер IV-VI ғасырларда дипло- матиялық қарым-қатынас құралы ретінде қолданған.

7.VI-VIII ғасырларда түркілер соғды жазуын еларалық мәмілегерлік ісіне пайдаланған.

8.Біріккен түрік қағанат дәуірінде (789 жылдан бастап) Тоғыз-оғыз (керей), Сегіз-оғыз (найман) тайпалары соғды жазуының бірнеше әріптерін, жазудың жазу бағыттарын өзгертіп пайдаланды.

9.Манихей жазуы. Манихей әліпбиі III ғасырда пайда болды. Ол түркілердің арасында шамамен 760-805 жылдар аралығында қолданыста болды.

10.  Араб әліпбиі. Араб әліпбиі ислам дініне дейін қалыптасып үлгерген.

11.  Сириялық әліпбиі. Бұл жазулармен христиан дінінің уағыздары, Талас бойындағы құлыптастардың эпитафиясы жазылған.

12.Қидан жазуы. ХІ-ХІІ ғасырда «қара қытай» деген атпен белгілі болған моңғол тектес халық. Қидандарда «үлкен» немесе қытай иероглифі, «кіші» немесе қиданның ұлттық иероглифі болған. Осы кіші жазумен мыңдаған шежіре, кітаптар, деректер, ескерткіштер қалған. Өкініштісі, бұл жазудың бүгінге дейін кілті табылған жоқ.

13.  Моңғол жазуы (ХІІІ-ХХІ), жоғарыдан төмен қарай жазылады. Моңғол жазуының негізінде ойратгар - «тот» (анық) жазуын, манжур ханы Нұрхаштың бұйрығымен Дахай деген оқымысты 1632 жылы «манжу» жазуын өмірге әкелген.

14.  Армян жазуы (V ғ.). Солдан оңға қарай жазылатын аршакид (пехлеви) әріпінің негізінде жасалған. Түркі-қыпшақтар осы армян жазуын пайдалана отырып, түркі-қыпшақ сөздіктері мен уағыздық әдебиеттерді дүниеге әкелді. Бұл әліпби әлі күнге дейін пайдаланылады.

15.  Қазақ әліпбиі. Қазақ жазуы. А. Байтұрсынұлы жасап шыққан. 1912 жылдан бастан қазіргі күнге дейін пайдаланып келеді.

16.  Латын әліпбиі (1928-1940). Қазақ ұлтының он жыл көлеміндегі рухани мұралары осы әріппен жазылды.

17.  Кириллица. Қазақстандағы қазақтар 1940 жылдан бастап қазірге дейін қолданып келеді [25].

Осылардың бірде-біреуі түркі дүниесінің тіліне әсер етпей қалмады. Түркі тілдері де өз ықпалын білдірді. Екі жақты үдерістің қайсы бірінші, қайсы екінші болғанын анықтау интеллектуалды тарихты түзуге, өркениеттер ықпалдастығын ұғынуға қосылатын олжа екені күмәнсіз.

 «Ерден ердің несі артық, тауып айтқан бір ауыз сөзі артық», дейді халық даналығы. Бұл – теориялық танымның салыстыру әдісі. Тарихты зерттеуге қолдансақ,  халықтан халықтың сапалы айырмашылығы алдымен тілінен көрінеді, яғни бірін-бірі түсінетін-түсінбейтіні ғана емес, интеллектуалдық әлеуеті, саясаты, көзқарасы жөнінен де хабар береді. Ежелгі дерек бойынша, Анахарсис афиналықтарға айтқан екен: «Адам мен адамның айырмашылығы тілі мен атақ-даңқында емес, ақылында ... Скифтер сүйектен өткізіп айтқан сөзді келеке қылмайды, керісінше, жеріне жеткізіп айта алмаған сылдыр сөзді мақтамайды. Сөзде ақыл жоқ. Егерде жақсы ниетті, адал істі жеткізуге арналса, одан артық қасиетті құрал болмайды. Сыртынан күліп, ішінен күңіреніп тұрып айтқан сөзіңді ғана скифтер жаманатқа балайды. Мәселе сөзде емес, пиғылыңда» [26].

 Халықтан халықтың айырмашылығын тіл мен сөзден де артық дәйектейтін көрсеткіш – олардың демографиясы. «Көп қорқытады, терең батырады», «Көпке топырақ шашпа», «Көп түкірсе – көл», «Жалғыздың үні шықпас» сынды мақал-мәтелдер тарихи демографияны айналып өтпейді. Адам санының молдығы этносқа экономикалық басымдық беріп, болашағын ашады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қаусап жатқан Германия мен Жапонияны, «мәдени революциядан» тұралаған Қытайды аяғынан тік тұрғызған себептердің ең бастысы адам санының, еңбек қолының молдығы. Бұлардағы аумақтық тұтастық пен моноұлттық құрам да жағымды рөль ойнады.

Халық этникалық, экономикалық, саяси дамуының ең биік сатысына, ұлт деңгейіне көтерілгенінің айғағы – билік жүйесі, заңы бар, халықаралық қауымдастық таныған мемлекетін құрғаны. Мемлекет ұлтқа тән өміршең, өскелең құндылықтарды, ұлттық намыс пен ерекшеліктерді құрметтейтін, құрметтеткізетін саяси-құқықтық жүйенің барында ғана мемлекет болып табылады. Ұлттың өркенінің өсуі – мемлекетте, мемлекеттің күші – ұлттық бірлікте. Бірлікті зерттеу методологиясында жойдасыз даңғазалық пен боссөздікке, биліктің ауанына жығылуға жол беру тарихты түзудегі халықтың құлшынысын бәсеңдетеді, іс пен сөздің, сан мен сапаның сәйкессіздігін асқындырады.

Қысқасы, адам капиталы, еңбегінің сапасы мен өнімділігі, интеллектуалдық және инновациялық тіршілігі, ізденісі мен ілгерілеуі, қоршаған ортамен үйлесімі немесе қайшылығы, қоғамдық-саяси ой-санасы мен таңдауы, әлеуметтік-демографиялық үдерістер – бәрі ұлттық және ортақ түркі тарихын зерттеудің өзіндік және жалпы методологиялық мобильділігін  үздіксіз талап етуші заңды құбылыс. Бұлардың әрқайсысы кешенді құбылыстың құрамдас бөлігі әрі дербестігін сақтай бой көрсететін болғандықтан зерттеушіні бір ғана ғылым шеңберінде қалдырмайды. Ғылыми интеграция мен дифференциация үйлесімі тарихшының қарымын арттырғанда ақиқат та айтылады, жаңалық та ашылады.

Тарих көшіне ілесе алмаған халық бар шығар, әйткенмен халықтан тыс тарих болған емес, болмайды да. Халықты тарихтың субъектісі ретінде зерделеуші методологиялық пайым мемлекеттегі демократия, азаматтық қоғам, саяси жүйе, экономикалық белсенділік, ұлтаралық, дінаралық қатынастар сияқты өзекті тақырыптарды жан-жақты саралауға, басқалармен салыстыра-шендестіре тануға мол мүмкіншілік туғызады. Ортақ тарихымыздың өн бойында тағдыры мен тілегі тоғысқан халық тұрмаса, кімнің кім екенін, тарихымыздың ортақ екенін ашу мүмкін емес.

5.2.  Тұлға

Тарихтың жолы қайшылықтар мен қиыншылықтарға толы. Олардың негізінде адамдардың байлық пен билікке таласы, өз кәсібі мен табысына, қоғамдағы орны мен қадір-қасиетіне, бүгіні мен болашағына наразылығы, қанағаттанбауы жатыр. Адамдар тапқа, партияға жіктелмеген ықылым заманнан белгілі осыны қанаушы мен қаналушының тап күресі,  революциялардың алғышарты ретінде әсіре саясиланған методологияға айналдыру идеологиялық ымырасыздық пен жар астынан жау іздеуге, әдебиет пен өнерде қисынсыз деформацияға соқтырады екен.

Қайшылық пен қиыншылық – адам қоғамының мәңгі серіктері. Бұлар тарих қозғалысының детерминизмі. Қарапайым малшы мен диханның да, зергер мен ұстаның да, жас пен кәрінің де, ерлер мен әйелдердің де алдынан әркез шыққан әрі шыға да береді. Қордаланып асқынғаны болашақ үшін қатерлі. Дерттің алдын алмағандар сан рет өкініште қалған.

Сонда не істеу керек? Миллиондардың біліп-білмей араласуын қажетсінетін революциялар мен соғыстар, өндірілетін ине мен түймеге дейін алдын ала болжаған жоспарлы экономика, империализмді іріп-шіріген капитализм деп түсіндірген идеология әрқашан ұшпаққа шығара бермейтініне ХХ ғасыр көз жеткізді. Заманауи тәжірибені ескерген методология позициясынан ой жүгіртсек, қайшылық ұрындырған тығырықтан тұлғалар алып шығатын тәрізді. Қазақи ұғыммен айтқанда - екінің бірі. Мәселе шешілмесе, қоғам күйрейді, не осынау қайшылықтар мен қиыншылықтардан алып шығатын адам табылады. Күрмеуі күрделі құбылыстың шешіміне қол жеткізген ой мен әрекет иесін, басшыны, жасампаз жанды, халқы мен мемлекетінің беделін, күш-қуатын арттырған азаматты, біздің пікірімізше, Тұлға деген жөн. Тұлға - өзіне тәуелді емес объективті әлемдегі (ортадағы) қажеттілікті (экономикалық, ғылыми, саяси, өндірістік, т.б.с.с.) практикалық-қолданбалық, теориялық-шығармашылық жаңашылдықпен шешкен (жүзеге асырған) немесе шешу (жүзеге асыру) жолын дұрыс нұсқаған әлеуметтік субъект. Тұлға дәйектеген ізашарлық нәтижені замандастары, кейінгі ұрпақ та кәдеге жаратады.

Көктей шолып қарайтын болсақ, ортақ түркі тарихында тұлғалар жалғастығы үзілмегенін көреміз. Тарихи таным үшін методологиялық мәні зор үдеріс – осы. Парсы әскерін шөл далада адастырған Шырақ та, білім-ғылым қуып қиырға кеткен сақ ойшылы Анахарсис те, күй атасы Қорқыт та, энциклопедиялық білімді дәрігер Ибн Сина да, ағартушы И. Гаспыралы да,  азаттық жолында құрбан болған С. Юлаев, Махамбет, Кенесары, М. Сұлтан-Ғалиев та шынайы Тұлғалар. Бұлар халқының, жерінің, тілінің, мемлекетінің мәңгілігі үшін қанын да, терін де төкті. Сөзі мен істері, мұралары мен аманаттары тәуелсіздік мұратынан қылаудай ауытқыған емес.

Тұлғаны тұлға еткен іргелі нәтиже, танымдық және қолданымдық бәсі жоғары теориялық-практикалық шешім дайын күйінде туа қалмайды, алғашқыда ниет, арман, қиял түрінде көрініс береді. Осының бәрі түркі халықтарының ертегілерінде, аңыз-әңгімелерінде молынан орын тепкен. Бұл - утопиялық идея. Келесі саты – ықтималды идея, яғни жүзеге асуы бек мүмкін идея. Айталық, көкте құстай қалқуды армандаған батыр бабаларымыз жалған елес қумаған екен. Бірақ ғылым мен техниканың жетістіктеріне сүйенген нағыз ұшу аппараты түгілі қарапайым ұшу құралын түзе алмады. Аспан әлемін зерттеген Ұлықбек сынды тұлғаларымыздың теориялық-практикалық жаңашылдығы үшінші сатыға - шынайы идея сатысына, нақты нәтижемен көмкерілген идея биігіне көтерілмеді. Оған, біріншіден, түркі әлемінің ХХ ғасыр басындағы инженерлік-техникалық, экономикалық даярлығы мен мүмкіндігі шектеулі еді, екіншіден, утопиялық идеяның ықтималды идеяға, ықтималды идеяның шынайы идеяға және көздеген нәтижеге айналуы үшін интеллектуалдық ізденіске толы уақыт керек, үшіншіден, өміршең идеяны туындатушы, оны бір сатыдан келесі сатысына жеткізуші конструктор тұлғалар сабақтастығы үзілмеуі қажет. Бұлардың бірде-біреуі Еуразиялық, Орталық Азиялық, Кавказдық, Османдық түркілерде орнықпады.

Жалпы, адам баласының санасы мен жүрегін мазалаған, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан утопиялық идеялардың басым бөлігі түбінде жүзеге асады. Өйткені олардың бастау бұлағында өмірлік қажеттілігін тереңінен ұғынған, замандастарын иландыра білген, қоғамдық санаға нық орнықтырған, орасан жауапкершілікті мойынына алған Тұлға тұр. Көптің үйреншікті өмір салты мен тіршілігіне қозғау салатын, өзгеріс әкелетін Тұлғалардың ақыл-ойы мен әрекетінсіз тарих қарыс-сүйем алға баспас еді. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сөзімен айтсақ: «Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Неге десеңіз, адам тағдырының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан да халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұртының нағыз азаматы болып қала берген. Тарихтың қай кезеңінде болсын, олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген. Ол – ол ма, белгілі бір мағынасында олардың өздері де халық тарихының тұтас дәуіріне татыған, халқының бағытынан жаңылмай тәуелсіздікке бастайтын жолын нұрландырған ел тарихының шамшырақтары болған» [27].

Халық пен тұлғаға методологиялық басымдық беру ортақ түркі тарихының ұлттық сипатын тереңінен ұғындырады, адами-өркениеттік көзқарасымыз бен бағыт-бағдарымызды адастырмайды, тұтастығымыз бен бірлігімізді нығайтуға қызмет етеді. Қазіргі жаһандану кімнің қолынан не келетінін ашып берді әрі бас басына би болудың жолын кесті. Ұлттық мақтаныш методологиясының қарымы адамзат өркениетіне құрметпен көмкерілгенде қатерлі дерттің емін табу, экономикалық дағдарысты еңсеру, терроризмді жеңу тәрізді планетарлық мәселелерді шешуге, халықтық дипломатияны, тұлғалар одағы мен бірлестігін тиімді пайдалануға серпіліс беріледі.

КОКП билеген дәуірде тарихқа материалистік көзқарас ұлықталып, нақты адам, тіпті тұлға үлкен механизмнің кішкене тетігі орнына жүрді. Тарихтағы тұлғаның рөлін екінші қатарға ысырған жүйе елдің бірінші басшысы – бас хатшыны, әсіресе Сталинді жер-көкке сыйғызбай дәріптеумен өздеріне өздері қайшы келді. Пайғамбарлық пайғамбарға ғана жарасатынын ескермеді. Осының салдарынан миллиондардың тағдыры нақақтан қиылды, көбінің өмір жолын анықтау мүмкін емес. Қасіретті тарихтан методологиялық, практикалық тағылым алатын кез келді.

5.3.  Билік

Ал қазақ әлемі мен түркі дүниесінің тарихындағы билік мәселесіне келсек, бұл орайдағы методологиялық талап қоғамдық-гуманитарлық ғылыми ой-санада әлемдік қолдау тапқан ұстанымдармен, әсіресе саясаттану, құқықтану салаларының үздік жетістіктерімен үндесіп жатқанын қалаймыз.

Билік адамдар қауымын басқаруға бағытталады. Оның мәні – адамдарды адам қалпынан шығармау. Тап осы тұрғыдан келгенде, билік халықтан бір-ақ жас кіші болса керек. Мемлекет пайда болмай тұрғанда орныққан билік жазу-сызусыз, ресми заң күшінсіз, арнайы тағайындалған қызметсіз ұйымдастыру, басқару, атқару міндеттерін жүзеге асырды. Мемлекет шыққан соң билікке жүктелген міндеттерді тізіп тауысу мүмкін емес. Алайда мінсіз билік жоқ, болған да емес. Ең қатерлісі – мемлекеттік мүддені жамылып, әкімшілік ресурсты асыра пайдалану, билік функциясын үлкенді-кішілі билеушінің алмастыруы. Биліктің тепе-теңдігі мен тежемелілігі, заңның биік тұруы, құқықтық мемлекет қағидаларының бәрі билікті ауыздықтауды емес, оны билеушінінің өктемдігі алмастырмауын көздейді. Билік билеушінің илеуінде қалған елде ақ пен қараның, өтірік пен шынның арасындағы айырмашылық жоғалады. Әлін білмеген Аязбилер, жолын білмеген құмырсқалар мейрамы басталады. Осы орайда түркілік мол тәжірибе жинақталған. Осман империясының күйреуінің, Кеңестер Одағының ыдырауының басты себебін жүйелік дағдарыстан емес, билеушінің билік жүргізу заңдарын өрескел бұзғанынан іздеген дұрыс болар. Жалпы, адамдар өмірі мен қауіпсіздігіне қайшы билеуші де, билік те ешқашан ұзақ сақталған емес. Адам баласына қызмет етуімен ғана билік тарихты түзуші күшке айналады.

Билік эволюциясы тарих үдерісімен бірге өрілген. Оның ең жоғарғы сатысы – мемлекеттік билік пен басқару. Күлтегін жазуында:

Жоғарыда көк тәңірі,

Төменде қара жер жаралғанда.

Екеуінің арасында адам баласы,

  Адам баласын басқаруға ата-бабам жаралды,

Бумын қаған, Істемі қаған отырған,

Отырып, түркі халқы елін, заңын

Ұстай берген, иелік еткен, деген ғой [28].  

Осынау жолдар – мемлекеттің анықтамасы, биліктің формуласы. Түркі халықтарындағы мемлекеттік билік пен басқарудың формасы, типі, субьектілері әлемдік үлгіден, заңдылықтан алшақ кеткен жоқ. Олардың ішінде әр кезеңде монархиялық, парламенттік, президенттік, президенттік-парламенттік басқарудағылары болған, кейбіреуі әлі де бар. Саяси режимнің авторитарлық, тоталитарлық, демократиялық жүйелерін бастан кешкеніміз тарихи факт.

Демек, Қазақстанның әр дәуіріндегі, ортақ түркі тарихындағы билікті зерттеу методологиясы үш міндетті шешуі керек: біріншіден, биліктің шығуы, даму белестері, мәнді сипаттамасы бойынша әлемдік өркениеттің құрамдас бөлігі болған-болмағанымызды тиянақтау, екіншіден, қазақ әлемі мен түркі  дүниесіндегі билік формаларының, сала-салаларының өзіндік ерекшеліктері мен мәнді белгілерін, диалектикасы мен эволюциясын ажырата алу, үшіншіден, әр саладағы билік иесінің тарихтағы орны мен жаңашылдығын немесе кертартпалығын елеусіз қалдырмай, әділ бағалай білу. Пайымдары мен дәйектері бойынша тарихи зерттеулер мен оқулықтар биліктің халқына, экономикаға, руханиятқа, сыртқы елдерге саясатында уақыт талабына, ұлттық қауіпсіздік және мемлекет мүддесіне сай келген-келмегенін аша алатын методологиялық парадигмаларды түзгені  абзал. Әсіресе биліктің құқықтық өкілеттілігі, ауқымы мен шегі, атқарылуы мен жемқорлығы, жаңғыртылуы мен тоқырауы, тиімділігі мен зардабы тарихи динамикада зерделенудің мәні зор.  

Келесі методологиялық талдау мәні биліктің шешімі миллиондардың тағдырын шарпитынын дәйектеуге саяды. Билікке талас та, егер екі есті елірменің қолына түсе қалса, сан мың адамның өмірін қыл үстінде қылпылдатады. Мәселенің осы жағын методологиялық тереңнен толғау тәуелсіз жас түркі мемлекеттерінде билік институттарын қапысыз орнықтыру әрі соларға қатысты дұрыс тарихи сананы қалыптастыру үшін қажет-ақ.

Биліктің қолданылуы мемлекеттің атауымен, құрылымымен анықтала бермейді. Бұл орайда саяси билік иесі – қағанның, ханның, сұлтанның, президенттің, бас хатшының – позициясы айрықша маңызды. Елдегі жүйелер мен үдерістерді, саясат пен саяси институттарды, институционалдық пен институционалдық емес негіздерді анықтаушы – мемлекет басшысы, жақын шоғыры, партиясы. Қисапсыз тәжірибе көрсеткендей, билік өзі ұсынған жобаны, бағдарламаны орындатпай тынбайды. Бірақ бодан елдің билігі мен тәуелсіз елдің билігі жіберген қателіктер арасындағы айырмашылықты, саяси-идеологиялық өктемдік пен нарықтық қажеттіліктен туындаған шешімдерді, жаһанданудың ұлттық билікке түсіретін салмағы мен қысымын биік методологиялық өлшемдермен, ұғым-түсініктермен тани алсақ, ақтаңдақтар ақиқатын табамыз. Сонда тұтас халықты айыптаудан ада, азаттықтың қадірін қастерлейтін, отансүйгіштік қасиеті берік ұрпақ тәрбиелеуге ортақ түркі тарихы септесетіні сөзсіз.

Елдің әскери-экономикалық қуаты ернеуінен шыға тасығанда, демографиялық ресурстары айналасындағы тәуелсіз халықтарды қосып алумен артқанда, сыртқы саясаты оңай олжамен, басқыншылықпен заңсыздыққа бастағанда, обырға айналған билігі, дұрысы – билеушісі ұлттық сұраныс пен қажеттілік шеңберінен аттап, әлемдік, құрлықтық, өңірлік тарихтың табиғи-ырғақты барысын бұзатыны бар. Байырғы түркілер мен Осман империясы дүниенің төрт бұрышын өзіне бағындырмақ болғанын, кеңестік тоталитаризм ортақ түркі тарихына аяусыз тырнағын батырғанын халық әрекетімен байланыстырғаннан гөрі билік пен саяси басшының монополиялық жүгенсіздігін және көпшілікке белгісіз шешімдерін әшкерелейтін методологиялық қағидалар арқылы зерделесек, тарих ақтаңдақтары азая түсер еді.

Империялардың бәрі басқа ел мен жерді жаулап алумен құрылды. Бұған көнгісі келмеген халықтар метрополиямен қарулы-қарусыз қақтығысын тоқтатпай жүргізе берді. Бірде жария, бірде құпия перманентті соғыс, мылтықсыз майдан туындатқан қиыншылықтар мен қайшылықтарға, шығындар мен қасіретке шыдас бермей, ыдыраған империялар аз емес. Қазіргі таңда да халықаралық қатынастар «бір атым насыбайдан» асқынып жатса, оған «насыбайды» (мұнайды, суды, атомды, экологияны ...) кінәлаудың қажеті жоқ. Билік пен билеуші факторын, солардың саясаты мен идеологиясын методологиялық талдауға алу керек.

Қазақта: «адамның күні – адаммен» деген мақал бар. Тағдырың, қуанышың мен ренішің, барша ғұмырың адаммен өтетінін меңзегені. Демек, ұлттық тарихымыздың, ортақ түркі тарихының «бар қызығы» адамда, тұлғада, билікте. Бұлар өзіндік «Менін», «Біз және басқалар» айырмашылығын ана тілінде сөйлеп, туған жеріне табан тіреп тұрғандықтан, мемлекетінен күш алып, сөзі мен ісін арнағандықтан тапты. Өткенге құрметі – халқының баянын тасқа басқаны, бүгінге қызметі – қара терін, қызыл қанын судай ағызғаны, болашаққа сенімі – «Мәңгі ел» аманаты.

6.  Тарихты дәуірлеу

Ортақ түркі тарихын, ұлт тарихын зерттеуге қойылатын жауапты методологиялық талаптың әлқиссасы – дәуірлеу мәселесі. Біздің ойымызша, осынау тарихты дәуірлегенде төрт межеанықтағыш сәтке  баса назар қоюымыз керек. Олар, біріншіден, алғашқы адамдардың, тұрғындардың пайда болуына қатысты. Осы сұраққа жауаптан кімнің маймылдан адамға айналғаны, кімнің адамнан тарағаны, кімнің автохтонды, кімнің келімсек екені тиянақталады. Жер бетіндегі эволюция мен сілкіністің, ілгерілеу мен іркілістің ең күрделісі – адамның жаратылуы. Бұл ғажайыптың сырын ашу құдайдың бар-жоғын анықтайды.

Екіншіден, түркі халықтары этногенезінің барысы мен сабақтары. Үдерістің мазмұнын түркілердің антропологиялық, нәсілдік, тілдік, рухани-дүниетанымдық, әлеуметтік, саяси тұтасу себептері, әлемдік тарих кеңістігіндегі орны, оған табиғи-географиялық ортаның әсері, шаруашылық-мәдени типтің қалыптасуы мен сабақтастығы, этностың өзін өзі тануы құрайды.

Үшіншіден, алғашқыда түркілік, сол негізде кейін ұлттық мемлекеттің, аумақ пен шекараның пайда болуы, этникалық ерекшелік пен бірегейліктің межесі. Мемлекеттің басты мақсаты – халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бабалар аманатын ұрпақтан ұрпаққа жалғау, яғни табиғи-ырғақты даму мен шынайы азаттықты сақтау. ХХ ғасыр басында М. Әуезов айтқандай, «саясат жүзінде һәр халықтың өз билігі өзінде болуы бәсекелесіп тез жетілуіне бір үлкен себеп» [29]. Бәсеке заманауи техникаға, от қаруына орасан зор жауапкершілік жүктеді.

Соңғы, төртінші меже жұмыр жер бетіндегі халықтардың даму деңгейі ешқашан біркелкі болмақ еместігінен туындайды. Этностың алшаң басып жүруі немесе әлемдік салқар көштің соңында салпаңдап шаңға көмілуі - бәрі дүниенің бірде ана өңірінен, бірде мына өңірінен жанартаудың жалынындай көрініс беретін өркениеттік өрлеуге, соған алыс-жақын орналасуға, бәсекеге қабілеттілікке көп байланысты екен. Адамзат баласын алып кеменің үстіндегі жолаушыдай елестететін болсақ, сол көліктің ілгері сүйретуші қуаты бірде ежелгі Египетте (Африка), Грекия мен Римде (Еуропа), ортағасырлар басында Азияда (байырғы түркілер), соңына қарай Еуропада (Ренессанс), бірде Америкада (АҚШ) орналасқанын байқай аламыз. Осы қуаттың нақ ішінде немесе соған жақын жайғасқан этностар кезінде тарихтан өз сыбағасын алып қалды, бәсекеге шыдамағандары әлдінің уысына түсті. Тіпті жұтылып кеткендері бар. Көршіден келетін пайда-зиянды кезінде М. Әуезов сипаттаған болатын: «Ілгері тез басуға себеп болатын көршілес халықтардың мәдениетті болмағы. Бір көршіміз Япония өнерлі болғанмен жері шалғай, Қытай өзі ылғи қотан ақсақ, шылғи надан Бұхара о да тоғышар, Ауған, Фарсы шала, орыс өзі шикі, не қылса тәуір көршіге жарығамыз жоқ» [29, 91-б.].

6.1. Түркі дүниесі

Мәнді айырмашылықтарына және үзілмеген сабақтастығына сәйкес, біздің ойымызша, ортақ түркі тарихы төмендегідей дәуірлерден тұрады:

1.Арғытүркілер дәуірі. Аумақта алғашқы адам пайда болғаннан байырғы түркі қағанатына дейін. Бірінші кезеңі Homo sapiens тарих сахнасына шығумен аяқталса, екінші кезең арғытүркілердің шығуымен ерекшеленіп, байырғы түркі қағанатының шаңырақ көтеруімен тұйықталады. Парсы мемлекеттері мен эллиндіктер, қытайлар мен арабтар, халықтардың қоныс аударуы Ұлы дала тарихына, тіліне, мемлекеті мен билігіне пәрменді ықпал етті. Түркі өркениетінің негізі қаланды. Әлем тарихына белгілі тұлғалары – Томирис, Зарина, Анахарсис, Аттила, т.б.

2.Түркі, араб, моңғол империялары дәуірі (VІ-XV ғғ.). Алдыңғы дәуірде тамыр жайған түркі өркениетінің мығымдылығы соншалықты, ол араб, моңғол тәрізді жатжерлік басқыншылардың ырқына біржолата мойынсынбады. Ислам дінінің келуі бетбұрысты сәтке айналды. Ол VІІІ ғасырдан түркі ұлттық мемлекеттері (XV ғ.) құрылғанға дейін созылды. Дәстүрлі діни сенім-нанымнан қол үзбеген түркі халықтары жаңа ахуалға бейімделе алды, бірақ өзіндік «Менін» жоғалтпады. Түркі этностары арасында тұрақтап қалғандардың түркіленуі, исламдануы, түркілік халықтардың қалыптасу үрдісі дәуірдің мазмұнын құрады. Ислам өркениеті прогрессивті рөл ойнады. Күлтегін, Тоныкөк жазулары дәуір рухын бейнелейді.

3.Түркі ұлттық мемлекеттері дәуірі (XV-XIX ғ. аяғы). Алтын Орда империясы ыдырады, бірнеше хандықтар пайда болды. Шибан әулеті мемлекеті, Қазақ хандығы құрылды, Константинополь Осман империясының құзырына өтті. Өкініштісі техникалық-экономикалық артықшылық Еуропа мен АҚШ-қа құт әкеліп, ортақ түркі тарихы өзара берекесіздікпен, қақтығыстармен толықты. Әсіресе 1402 жылы Әмір Темірдің Анкара түбінде Баязидті талқандауы түркілік әлеуетке ауыр тиді [30]. «Ел айрылған», «Менен қалған мынау Еділ жұрт!», «Азаулының Стамболдан несі кем», «Елім-ай» өлең-жыр жолдары дәуірдің қилы тағдырын айшықтайды. 

4.Түркі әлемінің әлсіреуі мен отарлық-тоталитарлық дәуірі (1991 жылға дейін). Осман империясы ыдырады, тұтас түркістан идеясы жүзеге аспады, КСРО-дағы түркі халықтары орыстандыру саясатынан зардап шекті. Жат қолына қараумен Романовтар әулеті, КОКП билеген кеңістікте түркілік ана тілі, туған жер, ұлт мемлекеті атқаруға тиіс тарихи миссия жарымжан күйге түсті, ислам діні шетқақпай көріп, әлсіреді. Тұтас халықтар биліктен шеттетіліп, мәңгүрттенгені соншалықты, ілгері-кейінгі тұлғаларын, көшбасшыларын танудан қалды. Орта Азияда 1916 жылғы көтерілісшілердің, 20-30 жылдарғы басмасшылардың аяусыз жазалануы, ұлт зиялыларына қарсы ұйымдастырылған үздіксіз қуғын-сүргін, демографиялық, экологиялық апаттар ортақ тарихымыздың тұғырын шайқады, тарих көшінің субъектілері – халық пен тұлғаның, билік пен басқарудың жасампаздық әлеуетін шідерледі. Көмескілене жаздаған азаттық идеясы Алаш қозғалысымен, Ататүрік реформаларымен, М. Шоқайдың қайраткерлігімен, М. Жалилдің «Маобит дәптерімен», М. Әуезовтың «Абай жолымен», Ш. Айтматовтың Жәмиласымен, қара қылды қақ жарған тарихи зерттеулермен, О. Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабымен, Д. Қонаевтың, Ш. Рашидовтың, Г. Алиевтің саяси кемеңгерлігімен түркілік санадан өшпеді.  

5.Түркілік қайта өрлеу дәуірі. Тәуелсіз бес түркі мемлекеті дүниеге келді. Балабақшада жаттатылатын тақпақтан Ата Заңға дейін, теледидар бағдарламасынан түп жаратушы туралы ұғым-пікірімізге дейін түбегейлі өзгерді. Әлем – бізді, біз – әлемді танудамыз. Ғасырлар қарызын өтейтін шақ туды.

6.2. Қазақ әлемі

Қазақстан тарихының дәуірлері жоғарыдағы пайым-ұсыныстан тым алшақ емес. Кеңестік жылдарды, әкелген қасіреті қисапсыз болғандықтан, ақыры тәуелсіздікті жариялаумен тиянақталғандықтан өз алдына дербес дәуірге шығарғанды жөн көрдік.

1.Ежелгі дәуірдегі Қазақ елі. Бұл дәуірдің мазмұнын, бағытын, нәтижесін анықтаған негізгі ілгерілеулер: а) қазақ жерінде алғашқы адамдардың пайда болуы; ә) интеллектуалдық сілкініс – Homo Sapiensтің тарих сахнасына шығуы; б) «неолиттік революция», яғни адамдардың өзіне қажетін табиғаттан алған дайын күйінде тұтынудан өндіруші шаруашылыққа өтуі; в) мемлекеттің пайда болуы. Хронологиялық ауқымы ж.с.д. 800 мың жылдан V ғасыр аралығын қамтып жатыр.

2.Түркілену, исламдану, қазақтану дәуірі. Бұл дәуірде Ұлы дала еліне келген, оның тағдыры мен тарихына зор әсер еткен этностар – қытайлар, арабтар, моңғолдар, сондай-ақ діндер мен діни ағымдар – зороастризм, христиан, будда – қанша көп болғанмен байырғы тұрғындар түп тамырынан ажырамастан, сақтардың, одан әрідегілер мен берідегілердің мұрагері ретінде тарих көшін жалғастырды, шаманизм, тәңірішілдік сенім–нанымын VІІІ ғасырда жеткен исламмен ұштастыра, өзінің түркілерін, өзгелерді тұтастырумен тарих сахнасына қазақ атауымен, тілімен, ділімен көтерілді. Мыңжылдық тарих толқынында жоғалып кетпеді.

3.Қазақ хандықтары дәуірі. XV ғасырдың ортасынан аса ұлттық мемлекеттің шаңырақ көтеруімен ХІХ ғасырдың 50-жылдарына дейін созылған 400 жылға жуық осынау мерзім екі кезеңнен тұрады. Керей мен Жәнібек хандардан Тәуке хан дүниеден өткенше, яғни классикалық кезең (1465-1715 жж.) ішінде қазақ әлеміне тән шаруашылық, саяси, мәдени, әлеуметтік, дүниетанымдық, т.б. жүйе мен құндылықтар орнығып, олар бұрынғының жаңаша жалғасы ретінде тарихтың қозғаушы күші - этностың барша болмыс-бітімін анықтады. Саяси элитаның - топбасылары мен елбасыларының қажыр-қайраты, көрегендігі, кемелдігі халық мүддесімен үйлесім тауып, сыртқы саясат пен халықаралық қатынас үдесінен шығуымен әу бастағы ұлтарақтай жер ұлан-ғайыр аумаққа айналды, аз халық көп болды, жалаңаш халық киінді, жарлысы байыды. 1715-1847 жылдар – сындарлы кезең. Біртұтас хандық ыдырады. Жер жат қолына өте бастады. Қазақ тілі мемлекеттік қолданыстан шықты. Нағыз жақсы мен жайсаңның тынысы тарылды. Тарихтың ұлттық реңкіне қатер күшейді.

4.Зарзаман дәуірі. Ресейге қазақтың үш жүзі толық бодан болғаннан басталып, Қазан төңкерісіне дейін созылды. Билік пен жер империя құзырына көшті. Қазақ бұратана қырғыз атанды. Әлеуметтік, әкімшілік-аумақтық құрылымдар Ресей заңдарымен рәсімделді. Халықтың табиғи өсімінен механикалық өсуі жылдамдады. Қысқасы, бұл кезең біздің санамызға «отарлау» деген ұғым-түсінікпен бекемделген. Патшалық қазақ қоғамын қайшылыққа, дағдарысқа ұрындырып, тарихи-дәстүрлі негіздеріне балта шапты. Өлкеге ауыр кесел әкелгенін, оған өзінің кінәлі екенін арсыздықпен мойындамай, бар пәлені байырғы этносқа жапты.

5.Тоталитарлық зорлық пен кеңестік модернизациялау дәуірі. Большевиктер билеген 74 жыл ішінде Қазақстан тарихы көңілге қуаныш ұялататын жетістіктермен де, өзекті өртейтін өкініштермен де бедерленді. Қазақ мемлекеттігі қайта дүниеге келгенмен оның өз еркі, егемендігі өзінде болмады, Ата Заңымыз қабылданғанмен іс жүзінде жартыкеш күйде жұмыс істеп тұрды, өкімет, билік халықтікі саналғанмен қалың көпшілік, оның ішінде қазақтар да бар, ел басқарудан, байлықтан шеттетілді. Республиканың экономикалық қуаты артқанымен, ол ұлттық мүддеге жегілгеннен гөрі Мәскеуге, әскери-өнеркәсіптік кешенге көп бағынышты еді. Ұлт зиялыларын даярлау мен кәсіби қолдау замана сұранысына сәйкес келе бермей, үздіксіз қуғын-сүргінмен ұштастырылды. Ұлттық мәдениетке қамқорсыған қаулы-қарарлар Мәскеуде үсті-үстіне қабылданып, Алматыда қайталанып, нақты өмірде қазақ тілінің, мектебінің, бұқаралық ақпарат құралдарының қолданым аясы, тынысы тарыла берді. Дүлей империяның ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында қалған қазақ зорлықтан, демографиялық апаттан жоғала жаздады. Бар ұтқанымыз – кеңестік үлгідегі болса да мемлекетіміздің құрылғаны, саяси модернизациялаудың, әсіресе 1936, 1977 жылғы Конституциялардың одақтас республикаларға берген мүмкіншіліктеріне қол іліктіре алғанымыз.

6. Азаттық дәуірі. 1991 жылдың 16 желтоқсанында ғасырлар бойы зорлық–зомбылықтың астында жүрсе де оптимизмін, М. Шоқай айтқандай, үміт, сенім, иманды жоғалтпаған, атамекенінен аумаған халқымыз тас қапасты бұзып, тәуелсіздігіне қол жеткізді. Содан беріде атқарылған істер ұлан-ғайыр. Азаттықтың әр жылы бодандықтағы, кеңестік жүйедегі ғасырларға бергісіз. Өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Қазақ халқы мемлекет құраушы ұлтқа айналды, Қазақстан Республикасы әлем таныған дербес мемлекет ретінде қалыптасты.

Сонымен, дәуірлеудің теориялық–методологиялық негіздерін екі ауыз сөзбен түйіндер болсақ, біздің өткеніміз бен бүгініміздің тарих толқынындағы белестері алғашқыда қоғамның ішкі дамуымен тығыз байланыста, кейінде империя биігіне көтерілген қажеттіліктерден, XV ғасыр ортасынан ауа ұлттық мемлекет мүддесінен туындады. ХІХ ғасыр аяғынан беріде негізінен сыртқы әсердің күшімен бой көтерген демографиялық, идеологиялық, әлеуметтік және саяси үдерістермен ерекшеленді. Бұларға аумақтың табиғи-географиялық, геосаяси ерекшеліктері, шаруашылық-мәдени ресурсы ықпал еткені сөзсіз. Дегенмен, шешуші рөлде, тағдыранықтағыш тоғыста, алдыңғы шепте бірде этникалық, енді келесі сәтте саяси фактор алма–кезек табысып еді.

Түйін

Тарихты зерттеудің ондаған методологиялық нұсқасы түзілді. Олардың көбі еуропалық, америкалық ғалымдардың қаламынан шықты. Озығын ұстап қалу бізге шарт. Мәселен, ғылыми танымның тарихилық, объективтілік, детерминизм сынды методологиялық ұстанымдары, әдіс-тәсілдің анализ, синтез, жүйелілік, тәнік (аналог) тәрізді абыроймен сынақтан өткендері ұлттық және ортақ түркі тарихының ақиқатын ашпаса, бөгесін туғызбайды. Бірақ жаңылмайтын жақ жоқ дегендей, бұлардың айтқандарының бәрі бірдей алтын емес. Араларында түркі өркениетін, көшпелілер мемлекетін бекерлегендер бар.

Ғасырлар тоғысында бес түркі елінің мемлекеттік тәуелсіздікке қолы жеткенде, аумақ, шекара, тіл туралы қасиетті талаптар, халық, билік, тұлға одағы Ата Заңмен бекемделгенде тарих тағылымын ескере, алға қадам басудың жауапкершілігі өте зор. Тағы да бірлік пен біртектілік ауадай қажет екені сезілуде. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында Елбасы Н. Назарбаев былай деген еді: «Түркі халықтары жаратылысында әрдайым бірге, береке-бірлікте болу үшін жаратылған. Бабаларымыз да бізге осыны мирас еткен. Бірлік – біздің барлық жеңістеріміздің алтын қайнары, ел қорғағанда күш-қуат берер асқақ айбары. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз керек. Жаһандану заманында тағдыр талайымен бөлініп кеткен, тілі, ділі, діні мен тегі бір түркі халықтары ХХІ ғасырда ынтымақ жарастыруы қажет. Сөйтіп, саясатта, экономикада, ғылым мен технологияда өзара ықпалдастық пен байланыстарды күшейте беруіміз керек. Ата тарихы бізді осыған шақырады» [31]. Бұл сөздер – өмір шындығы.

Әдебиеттер:

1.  Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. - Т.1. Мақалалар, пьесалар. 1917-1920. - Алматы: «Дәуір», «Жібек жолы». - 2014. - 89-90-б.

2.  Дулати М.Х. Тарих-и Рашиди. / Ауд.М. Қазыбек, Ә. Нұралиев. - Алматы: «Мирас» баспасы. 2015. - 58-б.

3.  Соловьев С.М. История России с древнейших времен.  - М.: Изд-во социально-экономической литературы. - 1959. - Кн.1. - С.751.

4.  Соловьев С.М. История России с древнейших времен.  - М.: Изд-во социально-экономической литературы. - 1960. - Кн.3. - С.754.

5.  Шоқай М. Таңдамалы.  - Алматы: Қайнар. - 1999. - Т.2. - 134-б.

6.  Рыбаков Б.А. «Слово о полку Игорове» и его современники. - М.: Изд-во «Наука». - 1971. - С. 8,35.

7.  Юсупов М. Шагабутдин Марджани. - Казань: Татар. кн. изд - во. - 2005.  - С.129-130.

8.  Букейхан А. Казахи. - Астана: Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ типографиясы. - 2014. - С. 92. 

9.  Шнирельман В. Президенты и археология, или Что ищут политики в древности: далекое прошлое и его политическая роль в СССР и в постсоветское время // Империя и нации в зеркале исторической памяти. Сб. статей. - М.: Новое издательство. - 2011. - С. 369-370.

11.  Қасиетті Құранның мағынасы мен түсініктемелері. «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы. - 2015. - 465-466-бб.  

12.  Сартқожаұлы Қ. Қазақ қолжазбалары. Көне түркі жазба әдеби үлгілері. Орхон мұралары. -  Алматы: «Ел-шежіре». - 2011. - Т.2. - 76-б.

13.   Шонанұлы Т. Жер тағдыры – ел тағдыры. 2-басылуы (Көмекші оқу құралы). - Алматы: «Санат». - 1995. - 6-б.

14.   «Шыбышым лақ салмаған» деген жолы бар өлеңнің толық нұсқасы А. Байтұрсынұлы мен Т. Шонанұлының 1927 жылы жарияланған «Оқу құралы» хрестоматиясында берілген (9-б.). Ол «Әдебиет, тұрмыс, еңбек» атты бірінші бөлімнің «Тариқ» тарауына енгізіліпті:

ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕРМЕН ҚОШТАСҚАНЫ

Қайран да, қайран, қайран тау!

Пайдаң маған тиген тау,

Үш атамыз өткен, тау,

Үш мың қара біткен тау!

Баянауыл, қазылық,

Жолың жатыр қазылып,

Жазғытұры көшкенде

Қалушы еді қара жол,

Қабырғадан қазылып,

Күзгі тұры қонғанда

Жатушы едің жазылып.

Он екі қазылы ой түлік,

Бауырым жатқан бай түлік,

Қазанымның қақпағы,

Желі соғар тоқпағы,

Ат ұстауға құрығым,

Үй тіреген сырығым.

Қайран да, қайран, қайран тау!

Маған пайдаң тиген, тау,

Атам күйеу болған тау,

Анам келін болған тау.

Кетейін деген ойым жоқ

Айналасы толған тау.

Ащының бойы ай татыр

Алалы жылқы жусатыр.

Қожыр да, қожыр тастарым,

Көзімнен ағар жастарым,

Шыбышым лақ салмаған.

Тұқымы қысыр қалмаған.

Байтөбетім маңқылдап

Қотаныма үрген тау.

Біз барармыз, барармыз,

Барсақ, бадал табармыз.

Егін де жәйін білмейміз

Аштан өліп қалармыз // Шонанұлы Т. Жер тағдыры – ел тағдыры. 2-басылуы (Көмекші оқу құралы). - Алматы: «Санат». - 1995. - 9-б.; Байтұрсынұлы А. Алты томдық шығармалар жинағы. Оқу құралы.  - Алматы: «Ел-шежіре». - 2013. - Т. ІІ. - 240-241-бб.

15.  Түркі дүниесі. Ғылыми-көпшілік альманах. - Астана: Фолиант. - 2012. - 724 б.

16.  Қазақ қолжазбалары. Ежелгі грек, көне қытай жазбаларындағы түркілік әдеби үлгілер. Он томдық басылым.  - Алматы: «Ел-шежіре». - 2011. - Т.1. - 89-б.  

17.  Франс А. Собр.соч. в 8 томах.  - М.: «Художественная литература». - 1960. - Т.8. - С.69-70.

18.  Сүлейменов О. Сөз коды «1001 сөз» әмбебап этимологиялық сөздігіне кіріспе /ауд. Д.Б. Аманжолова, Г.Е. Абылова. - Алматы: Қазақ университеті. - 2014. - 4,5 –бб.

19.  Геродот: «Скифы, как и другие народы, также упорно избегают чужеземных обычаев, при том они сторонятся не только обычаев прочих народов, но особенно эллинских» // Великая степь в античных и византийских источниках. Сб. материалов. / Составление и редакция А.Н. Гаркавца. - Алматы: Баур. - 2005. - С.53. 

20.  Салғараұлы Қ. Ежелгі түріктер. - Астана: Фолиант. - 2012. - 290-б.

21.  Рыжов К.В. Краткая история человечества. С древнейших времен до наших дней. Справочник. - М.: Вече. - 2012. - 608 б.

22. Каримов И.А. Родина священна для каждого. Т.3. Т.: Узбекстон. 1996. 6-б.  

 23. Байтұрсынұлы А. Алты томдық шығармалар жинағы.  - Алматы: «Ел-шежіре». - 2013. - Т.1. -151-б.

24.  Аупбаев Ж. Рухы күштілер. - Алматы: «Раритет». - 2015. - 355-б.

25.   Жұртбай Т. Тастағы дастандар // Сартқожаұлы Қ. Қазақ қолжазбалары. Көне түркі жазба әдеби үлгілері: Орхон мұралары. -  Алматы: «Ел-шежіре». - 2011. - Т.2.8-11-б. 

26.  Қазақ қолжазбалары. Ежелгі грек, көне қытай жазбаларындағы түркілік әдеби үлгілер. - Алматы: «Ел-шежіре». - 2011.  - Т.1. - 89-б.

27.   Назарбаев Н. Жасай бер, тәуелсіз Қазақстан! // Егемен Қазақстан. - 1998. - 16 желтоқсан.

28.  Айдаров Ғ. Орхон ескерткіштерінің тексі. - Алматы: «Ғылым». - 1990. - 56-б.

29.   Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы.  - Т.1. Мақалалар, пьесалар. 1917-1920. - Алматы: «Дәуір», «Жібек жолы». - 2014. - 90-б.

30.  Султанов Т.И. и др. История Центральной Азии. Учебное пособие.  - М.: Изд-во Московского гуманитарного университета. - 2005. - Т.1. - 158-199-бб.

31.  Назарбаев Н. Біз – ұлы дала ұрпақтарымыз! // Отан тарихы. - 2015. - №4. - 7-б.

                                                         

Ханкельды Абжанов

Директор Института истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова,

член-корреспондент НАН РК

МИР КАЗАХОВ И ТЮРКСКАЯ ЦИВИЛИЗАЦИЯ: ИСТОРИЯ И МЕТОДОЛОГИЯ ИЗУЧЕНИЯ

                                                                  Резюме

В статье обоснована необходимость разработки инновационных принципов изучения национальной и общетюркской истории, прослежана роль методологии в усилении познавательного потенциала исторической науки. По утверждению автора, базисом, субстратом движения истории должны считаться территория, язык, государство, движущими силами – народ, личность, власть. Вычленены методологические требования к периодизации прошлого тюркского мира.

Ключевые слова: народ, личность, власть, территория, язык, государство, методология, период, природа, независимость, слово, земля, наука, единство, идентичность, закон.

Khankeldy Abzhanov

Director of the Ch.Ch.Valikhanov 

Institute of History and Ethnology,

Corresponding Member of the NAS RK

Summary

The article substantiates the need for the development of innovative principles of the study of national and Turkic history. The author traced the role of methodology in enhancing the cognitive potential of historical science. According to the author, territory, language and state should be considered as the basis, substrate of history’s movement, while people, individual, and power should be considered as the driving forces. In the article there were noted the methodological requirements for the periodization of the Turkic world’s past.

Keywords:   people, individual, power, territory, language, country, methodology, period,nature, independence, word, earth, science, unity, identity law.


Comments
To leave comment you must enter or register

Роза Мусабекова19.02.2016, 01:28

Мақалада айтылған ой-пікірлер қазіргі заман үшін өте маңызды. Түркі тарихын ортақ тарих ретінде қарастыру бізге үлкен бір тақырыпты ашып отыр. Түркі халықтарының бірігу үдерісі ортақ тарихты насихаттау арқылы жүргізілері сөзсіз. Автордың ортақ тарихтың методологиясын қалыптастыру мәселесін бір жолға қойғаны көрінеді.

Арайлым Мусагалиевa19.02.2016, 14:10

Мақалада ортақ түркі тариxын жазу методологиясы ұтымды көрсетілген. Оның ішінде, Кеңес өкіметі тұсындағы түркі тариxына деген көзқарастың қалыптасуы, зерттеу методологиясының қалыптасуы, тұтас тариxнамалық еңбектердің жарық көруі   кең түрде ашылған. Расында, кеңестік идеология түркі xалықтарының тариxын жазуға белгілі бір тұжырымдар негізінде қарауды анықтаған болатын. Мақала авторы осы тұстарды сыни көзқараспен жан-жақты аша білді. Сонымен қатар, Ресейдің осы мәселеге байланысты көзқарасы да астарлап, жақсы ашылған.

Камарсұлу Төлепберген Қайратқызы 23.02.2016, 16:22

Мақаланың рухы маған өте ұнады. Түркі халықтарының ортақ тарихын кәсіби деңгейде оқыту қазіргі заманауи талаптарға сәйкес келеді, яғни түркі халықтарының өзара интеграциясына қызмет етеді. Бұл барлық түркі жұртының мүдделеріне сәйкес келеді.

Алтын24.02.2016, 21:32

Автормен келісемін! Біз қазіргі таңда тарихымызды зерттеуде әлі күнге дейін ескі метолологияны қолданып келеміз. Сол кезеңде қалыптасыр қалған тұжырымдарды жаңаша көқараспен пайымдай алмаудамыз.    

Абдукаюмова Диля25.02.2016, 13:39

Автор мақалада  түркі әлемінің өткенін дәуірлеудің методологиялық өлшемдерін ашып көрсетіп,тарих қозғалысының тұғыр-тірегі мен қозғаушы күштеріне жақсы тоқталып өткен. Сонымен қоса, ғылымтанудың да ұлттық үлгісіне талдау , тұжырым жасаған. Тақырып барынша жан-жақты қамтылған. 

Абдукаюмова Диля25.02.2016, 13:39

Автор мақалада  түркі әлемінің өткенін дәуірлеудің методологиялық өлшемдерін ашып көрсетіп,тарих қозғалысының тұғыр-тірегі мен қозғаушы күштеріне жақсы тоқталып өткен. Сонымен қоса, ғылымтанудың да ұлттық үлгісіне талдау , тұжырым жасаған. Тақырып барынша жан-жақты қамтылған. 

Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы25.02.2016, 18:20

Осындай зерттеулер көбірек болса түркі тарихымыздың ортақ проблемаларына, ортақ көзқарастар қалыптастыру және зерттеудегі әдіс-тәсілдерді пайдалану жеңіл болар еді.

Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы25.02.2016, 18:20

Осындай зерттеулер көбірек болса түркі тарихымыздың ортақ проблемаларына, ортақ көзқарастар қалыптастыру және зерттеудегі әдіс-тәсілдерді пайдалану жеңіл болар еді.

Сатбай Дастан27.02.2016, 21:31

Ұлттық тарих, түркі әлемінің тарихы – әлемдік тарихтың құрамдас бөлімі. Мақалада қазақ тарихы мен жалпы түркі жұрты тарихын зерттеудің инновациялық әдістері мен тәсілдері ұсынылады. Тарихтың іргетасты субстанциялары ретінде - тіл, территория, мемлекет, қозғаушы күш ретінде - халық, тұлға және билік алынады. Сондай-ақ, жалпы түрік және ұлттық тарихты дәуірлеудің ортақ методологиясы мен ерекшеліктері ұсынылады – мұның барлығы құптарлық іс. Мақала концептаулды алты тақырыпшадан тұрады екен. Алтауы да бір-бір кітаптық тақырыптар. Бірінші тақырыпшада автор кеңес және қазіргі кезеңдегі ғылым мен оның маңайында қалыптасқан келеңсіз жағдайларға қатысты өзінің жанайқайын білдіреді. Шынында да, кеңес өкіметінің соңғы онжылдықтарында және тәуелсіздік жылдарында ғылымның төңірегінде өте келеңсіз ахуалдың қалыптасқаны рас. Авторды толықтырғымыз келеді. Басты қасірет – ғылым ғалымдарға тәуелді болып қалды. Ғылым – таланттар маңдайының жазуы. Осы бір киелі ғылым жай ғана кәсіпке айналды. Нәтижесінде ешқандай қабілет-қарымы жоқ кездейсоқ адамдар үшін де ол кәсіп болды. Ғылым – кәсіп емес, таңдаулы адамдар тағдыры. Киелі ғылым ешкімге тәуелді болмауы шарт. Өкінішке орай, ол сұрқайлардың, қабілет-қарымы орташалардың «адамның нәпсілік керегінен ұзай алмай, ешкімнің ірілігін көтермесем, өзім ірі болсам деген секілді мақсаттың ғана маңында» жүргендердің жетегінде кетті. Қасіреттісі, ғылыми ахуалды да жасап отырған солар. Нағыз ғалымдардың «кінәсі» – сыпайылығында. Ал сұрқай – сыпайы емес.

Орыс тарих ғылымы империялық тарих ғылымы ретінде қалыптасты. Қазіргі орыс тарихшыларының әлі де болса осы стереотиптерден арыла алмай келе жатқанын автор дөп басқан. Заманауи орыс тарихнамасында ұлттық тарихын қайтадан «патриоттандыру» үрдісінің бар екендігі рас.  Орыс тарихшылары В.О.Ключевский тұжырымдамаларын естен шығармауы тиіс.

Бүгінде түркі халықтары тарихын «интеграциялау» мәселесі өте көкейтесті. Біздің ойымызша, түркі халықтарының әліппесін ортақтау, тілдерін жақындастыру арқылы бұған қол жеткізуге болады. Қажетті терминдерді бір-бірімен алмасу керек. Мысалы, қырғыздарда орыс кірме сөздері өте көп (граждан, район, родина т.б.). Неге осындай сөздердің баламасын басқа түркі тілдерінен алмасқа?!

Кеңестік терминологияда ұлыстан (народность) саяси ұлтқа айналуда мемлекеттің рөлі өте зор. Біздің басты қасіретіміз әлі де болса саяси ұлтқа айнала алмай жатқандығымызда. Қалаға барып жатқан қазақтардың алғашқы бір-екі ұрпағы өзімен бірге тройболистік рухты алып барады. Екінші, үшінші ұрпақ қана саяси ұлтқа айналады. Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүріміздің гуманистік астарын әлі түсіне алмай жатырмыз. Ағайынмен араласқан дұрыс, бірақ саясатқа айналдырмау керек.

Халықтың сапасын жақсарту – көкейтесті мәселелердің бірі. Бұл орайда автор тұлғалардың рөлін дұрыс бағамдаған. Шынында да, «халық пен тұлғаға методологиялық басымдық беру ортақ түркі тарихының ұлттық сипатын тереңінен ұғындырады, адами өркениетті көзқарасымыз бен бағыт-бағдарымызды адастырмайды, тұтастығымыз бен бірлігімізді нығайтуға қызмет етеді».

Мақалада билік мәселесіне де айрықша орын берілген екен. Жалпы мемлекет және билік адамдар «тозаққа түсіп кетпеу үшін» құрылады. «Оның мәні – адамдарды адам қалпынан шығармау». Қазіргі қазақ билігі үшін өте көкейтесті нәрсе – биліктің әділдігін қамтамасыз ету мәселесі. Кез келген өркениеттің сапасы мен құдіреті оның қоғамда әділдікті қаншалықты қамтамасыз етуімен өлшенеді. Түркі өркениетінде билік қоғамның қозғаушы күші болды. Автордың түркі заманынан бастап бүгінгі күнге дейінгі көктей шолу жасай келе, оның тағдыршешті мәселе екендігіне назар аударғаны орынды. Ұлттық тарихтың нәзік мәселелеріне тоқтала келіп, оны басқа халықтардың тарихына қарсы қоймауы методологиялық жағынан кіршіксіз – «олардың көбі еуропалық, америкалық ғалымдардың қаламынан шықты, озығын ұстап қалу шарт».