Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘӨЖ 930.2;94 (574):57 ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ ОРТАҚ ТҮРКІ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУ МЕТОДОЛОГИЯСЫ

Әбжанов Х.

ӘӨЖ 930.2;94 (574):57 ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ ОРТАҚ ТҮРКІ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУ МЕТОДОЛОГИЯСЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4

Author:
Мақалада тарих ғылымының танымдық қарымын арттыратын методология жайы, ұлттық және ортақ түркі тарихын зерделеуге жаңа ұстанымдар қажеттілігі сөз болады. Автордың пайымдауынша, тарих қозғалысының тұғыр-тірегі жер, тіл, мемлекет, ал қозғаушы күштері халық, тұлға, билік болып табылады. Түркі әлемінің өткенін дәуірлеудің методологиялық өлшемдері мен нұсқасы дәйектелген. Кілт сөздер: халық, тұлға, билік, аумақ, тіл, мемлекет, методология, дәуір, табиғат, тәуелсіздік, жер, ғылым, бірлік, бірегейлік, заң
Text:

1.  Ғылым нәтижесі – методологиядан

Тарихқа құштарлық әркімге тән. Қазақстанда да солай. Біреуді Аттиланың жорықтары немесеМаңғыстаудағы әулиелер әулетінің шежіресі қызықтырса, басқаның ой-санасын Египет пирамидаларының, Қытай ханшайымдары саясатының құпиясы билеуі бек мүмкін. Уақыты мен кеңістігі әр алуан осынау және басқа тарихи оқиға мен құбылысты ғылым тұрғысынан дөп басып тану үшін басшылыққа алатын әмбебап ұстанымның аты – методология.

Тарихты зерттеу методологиясы дегеніміз – нақты мәселеге (тақырыпқа, жобаға) қатысты деректер мен айғақтарды біліктілікпен айна қатесіз табу үшін әрі солардың байланысы мен қисынын талдау негізінде тарихи үдеріс пен оқиғаның бастау көзін, барысын, ірілі-ұсақты нәтижесін, себептері мен салдарын, қысқасы, барша болмыс-бітімін, құпиясы мен жұмбағын халықтың һәм мемлекеттің өз дәуірі мен кезеңіндегі мақсат-мүддесі, құндылықтары биігінен, тұлғаның әрекетімен, жаһандық ахуалды ескере, ғылыми тиянақтау – жаңалық ашу, ақиқатты айту әдіс-тәсілдері, заңы, теориясы.

Әр нәрсенің тарихы бар. Жандыда бір клеткалы амеба мен туфелкадан тартып, жансызда көк тіреген тау мен тасқа дейін ешбіреуі тарихсыз аспаннан түсе қалған жоқ. Біздің қозғайтын тақырыбымыз адамдар қауымына ғана, соның ішінде ұлттық және ортақ түркі тарихын зерттеу методологиясына ғана қатысты.

Сонымен, адамзат тарихының құрамдас бөлігі – түркілер мен Қазақстан тарихы қаншалықты кешенді әрі күрделі құбылыс болса, оны зерттеу методологиясы соншалықты жауапты әрі өзекті. Методология қияс кетсе, зерттеу объектісінің бейнеленуі ақиқаттан мүлде алыстағанына қоса ақпараттық-деректік база, тарихнама жартыкеш түзіліп, оқу-тәрбие жұмысы, үгіт-насихат,тарихи сана шатқаяқтайтынын кеңестік жылдардың тәжірибесі, яғни тарихқа таптық, формациялық көзқарас толық дәлелдеді.

Одан әріге, тарих ғылымы кәсіби биікке көтерілмеген ғасырларға көз жіберсек, ұлт тарихы шежіре тарқатумен баяндалғанын аңғарамыз. Осы дәстүрмен түзілген тарихнамада –Әбілғазының, Қ. Қосымұлының, Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің шығармаларында тарихи үдерістегі тағдыр анықтағыш басымдық адамға, тұлғаға, олардың қайраткерлігіне, интеллектуалдық қарымына берілді. Орта ғасырлар мен Жаңа заманнан жеткен түркілік тарихи шығармалардың бәріне дерлік тән сипат бұл.

ХІХ-ХХ ғасырларда Ресей ғалымдары түркі және шығыс халықтарының тарихын зерделеуге көп күш жұмсады. Отарлауды және социалистік идеяны жүзеге асыруды көздеген империялық саясат пен жақтастары бұл орайда аянып қалған жоқ. Біреуі білмей тарихи сананы шатастырды. Мәселен, ХІХ ғасырдағы орыс тарихшысы С.М. Соловьевтің позициясын ХХ ғасырдағы орыс ғалымы А.М. Сахаров бүкпесіз былайша суреттейді: «История Крыма и Казани интересовала С.М. Соловьева лишь постольку, поскольку они являлись объектом внешнеполитической деятельности правителей Московского царства. В соответствии с общей великодержавной концепцией своего труда С.М. Соловьев не интересуется историей народов Сибири, так же как и историей народов Поволжья...».

Енді біреулері еуразияның сайын даласынан Батысқа қарай әлеуметтік ілгерілеу емес, қирату, бүлдіру, қасірет қана келді деген ойды дәлелдеумен әуреленді. Қаптаған бұрмалаулардың ішінен кеңестік академик Б. Рыбаковтан ғана үзінді келтіруді жөн көрдік: «Рыцарственная  Русь  и тревожная недобрая степь, разлившаяся безбрежым морем от  Волги до Дуная... Степь полна топота и ржания конских табунов, дыма становищ, скрипа телег, рыщут волки, кружатся над полем хищные птицы, тут и там идут несметные войска половецких ханов, распугивая антилоп и туров. Духами зла и смерти, вдоль русской границы раскинулось необьятное степное море, ежегодно, ежедневно угрожавшее ураганами и штормами воинственных и хищных половецких орд». Ең сорақысы – Ұлы даланы Ежелгі Русьтің қас-дұшпаны, қатыгездік пен өлім әкелген жыртқыш ретінде тұжырымдаған орыс ғалымы Лениндік сыйлықпен, Социалистік Еңбек Ері атағымен марапатталса, тап сол жылдары «АзиЯ» кітабы үшін Мәскеуге жақпаған О. Сүлейменовтің шақшадай басы шарадай болды.

Қалай десек те, ХХ ғасыр соңына дейінгі зерттеулер, құжаттар жинағы, даланың ауызша тарихы, шығыстану мен түркология құнды-құнды ой  түйіндермен, пайымдармен, тіпті тұжырымдармен ерекшелене тұра, ұлттық және жалпытүркілік тарихымыздың кешенді келбеті мен мәнін бере алмады. Бірақ озық ойлы бірен-саранының – Гаспыралының, Маржанидың, Бөкейханның тоталитарлық өктемдік пен қыспаққа дейін айта алған, ұлт мүддесін, ел тағдырын айшықтаған методологиялық, танымдық бағыты дұрыс екен. Татар халқының абзал перзенті Ш. Маржани (1818-1889) тарих ғылымына мынадай анықтама беріпті: «Наука история изучает прошлое народов, исчезнувшие поколения, их борьбу между собой, выявляет и восстанавливает имена, прозвища, титулы, генеалогии и портреты исторических личностей. Она также дает оценку их линии поведения и добрым делам, призывает следовать им, если они того заслуживают. История выявляет, каким уровнем знаний обладали эти личности и какие научные и художественные произведения они создали. Она показывает, какими ремеслами и навыками обладал тот или иной народ. Эта наука рассказывает о том, что пережил тот или иной народ или племя. Она также является наукой о смене племен, народов и поколений, о соперничестве правителей. Историю стремятся постичь как ученые, так и невежды. К ней чувствуют тяготение и конные и пешие».

Егер түркі халықтарының басым бөлігі шоғырланған Кеңестер елінде тарихты зерттеу методологиясы осынау жолмен диалектикалық және эволюциялық жалғасын таба қалғанда, М.Х. Дулатидің «Тарих-и Рашиди» кітабынан Абайдың «Біраз сөз қазақтың шығу тегі туралы» қара сөзіне дейінгі аралықта жиналған асыл қазына ХХ ғасыр ортасына қарай ұлттық тарихтың «Абай жолын» дүниеге әкелер ме еді, қайтер еді. Е. Бекмахановтың 1947 жылы шыққан «Казахстан в 20-40-е годы ХІХ века» монографиясын асылдың сынығындай көруіміз әсте кездейсоқтық емес.

Қысқасы, ұлыдержавалық менмендік, 1917 жылғы революциямен келген үздіксіз қуғын-сүргін және тоталитарлық-идеологиялық өктемдік төл тарихымызды бәсі биік ұлттық құндылыққа айналдыру құралы – методологияны жергөгінде тұншықтырды, оның орнына өтірік пен шындықты мидай араластырған, сана мен намысты дұрыс ұстанымнан адастырған партиялық-материалистік методологияны бекемдеді.

Сөйтіп біз өз тарихымыздан көз жазып қала жаздадық. Ортақ түркі тарихын зерттейтін мамандар даярланбады, жазуға КОКП рұқсат бермеді. Түркиямен ғылыми-гуманитарлық байланыс туралы сөз де болуы мүмкін емес еді. Кеңестік одақтас республикалар тарихы цензураның тезінен өткізілді. КСРО-ның ыдырауымен ғана мұздай сірескен тарихи сана мен танымда сілкініс басталды. Барымызды бағалау, жоғымызды түгендеу үшін алдымен тәуелсіздік, одан соң тарихшы ғалымның еркін ойымен көмкерілген методология керек екен.

Тарих – қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың негізі әрі тұңғышы. Әдебиеттану, тілтану, мәдениеттану, социология, саясаттану, тіпті даналық ғылымы философия – бәрі тарих тәжірибесімен, дерегімен, қорытындыларымен қалыптасады, зерттеу пәнін анықтайды, содан кейін бұлар бірін бірі толықтырады, байытады, ықпалдасады. Ғылыми интеграция аса биік деңгейге көтерілген қазірдің өзінде тарих теориясы, методологиясы, философиясы дербестігін сақтауға, дербес заңдылықтарын сақтай дамуға құқылы. Тарихтың деректері мыңдаған жылдар бойы құм басқан, шаң басқан жер астында, архивтерде, кітап сөрелерінде жата беретіні рас. Ал олар заманауи методологиямен шынайы ғылымға айналғанда уақыт пен ұрпақтарды жалғастырып, басты байлық – адамның жасампаздығын арттырады, жақсылығын көбейтеді.

2.  Тарих тұғыры

Түркілік тарихтың хронологиялық ауқымы 1 млн. жылды қамтып жатыр. Өйткені Ұлы даладағы алғашқы адам ж.с.д. 1 млн. жыл шамасында пайда болғанын археологиялық жәдігерлер куәлендіруде. Содан беріде тарихи үдеріске тірек болған, салалануын және мазмұнын анықтаған, тарихтың басты субъектісі – адамдардың антропологиясына, нәсілдік тегіне, әлеуметтік-кәсіби жіктелуіне іргетас қалаған, елдің шаруашылығын, әлемдік орны мен мәртебесін, т.б. мәнді нышандарын бекемдеген, ерекшелеген үш императив тұғырдан түскен емес. Олар – жер, тіл, мемлекет. Қай дәуірдегі тарихты зерделесек те, бұлар өзгермейтін және әмбебап субстрат биігінде қала береді.

Адамды құдай жаратты ма, жоқ әлде маймылдан шықты ма – ол жағын жаратылыстану ғылымдары анықтай жатар. Қайткенде де адам жарық дүниеге жер бетінде келді. Тұтынушыдан өндірушіге айналғанға дейінгі өмір сүрген ортасының табиғаты, климаты, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі азық-түлігін, еңбек құралын, бөлінісін, яғни адамның есеюін анықтады. Адам мен жер біртұтас. Адамды адам қылған жер, жерді гүлдендіретін де, қу тақырға айналдыратын да адам. Пәнде топырақтан жаралды, топыраққа айналады деген қағида бекер болмаса керек.

Жануарлар әлемінен айырмашылығы – сөйлей алатыны. Тіл шыққан сәт, біріншіден, адамдар қауымынең биік әлеуметтік қауымдастық – адамзатқа айналдырды, екіншіден, тұңғыш интеллектуалдық серпіліс еді әрі бұдан кейінгі барша серпілістердің атасы, айталық, «неолиттік революциядан» бүгінгі нанотехнологияға дейінгі, үшіншіден, бастапқыда кімнің кімге алыс-жақын тұрғанын білуге шылбыр ұстататын өлшем құралы. Тілдік қоры адамдар қауымының, нақты халықтың даму сатысын, шыққан биігін, еңбек бөлісінің қай саласына бейім екенін көрсетеді.

Қысқасы, адам пайда болумен басталған тарихымыздың сахнасы – жер. Адам – жер басып жүргенде ғана адам. Ғарышты игеру, теңіздің табанын ақтару, шахталарда кен қазу – бәрі жер бетіндегі тіршілік қамы. Ал адамның адамдық белгісі мен жасампаздық қарымының коды – тіл. Аумақтық бірлік пен тілдік біртектілік негізінде түркі этносы, мемлекеті,барша әлемі қалыптасты.

Бұлай дейтін себебіміз түркі халықтары Еуразияның сайын даласының автохтонды тұрғындары. Физикалық антропология жағынан шыққан тегі, уақыт өлшемі бойынша тас дәуірінен белгілі тарихы, кеңістік тұрғысынан алғанда өмір сүрген аумағы ортақ болғандықтан арғытүркілер мен түркі халықтарының тілі бір қайнаркөзден басталатыны күмән туғызбаса керек. Бүгінге жеткен-жетпеген түркі халықтарының сақталған я сақталмаған тілдерінде, сөздік қорында ортақ тарихының қалың қыртысты ақпараты, ішіне бүккен құпиясы, баршаны тамсандырған байлығы жатыр. «Басында сөз болды, ал сөзді құдай жаратты», делінген ғой Інжілде. Демек, тарихи география мен ономастика, тіпті ғылым атаулының бәрі халықтың, жердің, тілдің байланысын анықтауға үлес қоса алады. Ең бастысы – тілдік және аумақтық бірегейлік пен біртектілікті ғылыми тиянақтау, методологиялық басшылыққа алу түркі халықтарының этногенезін дұрыс ашуға, қоршаған ортаны игеруде, төл тарихымызды түзуде басқаның емес, өз қандастарымыздың сүбелі үлесін әділінен баяндауға асыл арна салады. Әлем таныған О. Сүлейменовтың сөзімен айтсақ, «егер біз сөзді оқуды үйренсек, жер, өзен, тау, арал аттарынан тілдердің материк және мұхит бойынша қозғалу бағдарын анықтауға болады. Сондықтан этимологияның рөлі артады.

... Сөздіктер кез келген этносқа – үлкеніне де және кішісіне де – өзінің шыққан кезінен бастап өткені жайында толығырақ білуге көмектеседі. Ауызекі сөз өзінің мазмұны және құрылымында жарықшақтар мен асыл бұйымдардың мұражайлық жинағына қарағанда, көбірек тарихи шындықты сақтайды». Осыдан-ақ тарихи зерттеулерді жүргізуге түрлі мамандық иелері тартылуы керектігін және пәнаралық методологиялық байланыс қажеттілігін пайымдауға негіз бар.

Аумақтық бірлік пен тілдік біртектіліктің тағдыры – адам тағдыры. Ол шыр етіп дүниеге келген нәрестеге берілетін отбасындағы тәлім-тәрбиеден марқұмды ақырғы сапарға аттандырғанға дейінгі аралықты қамтып жатады. Абайдың: «Туғанда дүние есігін ашар өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген жолдарын тіл өнеріне тағзым ретінде қабылдасақ, есте жоқ ескі заманнан қалған зираттарға қарап жердің кімге тиесілі екенін, этникалық шекараның қалыптасуын ұғынуға болады. Әдебиет пен өнерде молынан кездесетін жерге шексіз сүйіспеншілік пен махаббат жайлы шығармалар адам, аумақ, тіл байланыстары  сананы, танымды, сезімді билеп алғандықтан дүниеге келген, сірә.

Алайда жер мен тіл ықпалдастығы, бірлігі мен біртектілігінің нығаюы немесе ыдыраюы негізінен жеке адамның емес, этностардың, мемлекетінің қилы тағдырымен анықталады. Тағдырдың жазуымен ХІІІ ғасырда Еуропаға, Африкаға,жат елге, бөтен ортаға қоныс аударған қыпшақтар Ұлы далада қалған бауырларынан мүлде алшақтап кеткен жоқ па?! Қалың қытайдың арасындағы сары үйсіндер, мыңдаған жылдар бұрын Америкаға кеткен Азиялық түркілер ше? Түбі бір түркілік тілде мәдени-рухани өнім беруден қалған бұлар енді қайтып үйірін таба алмас. Ортақ тарихтың тұғыры аумақ, тіл, мемлекет екені осыдан байқалмай ма! Бұл – бір.

Екінші жағынан, тілдік үдерістердің тереңдеуі, жердің талапайға түспеуі көбінесе төл мемлекеттің пайда болуына және дамуына тәуелді. Адам баласы пайда болғаннан мемлекеті құрылғанша ұлан-ғайыр уақыт өтті. Әр нәрсенің бастауы қиын. Түркі халықтарының шаруашылығы мен мәдениетіне, тілі мен әлеуметтік ұйымдасуына, салт-дәстүрі мен менталитетіне тән бастапқы сипаттары мемлекеттері шаңырақ көтергенше қалыптасты. Осы құндылықтарды ішкі-сыртқы тағылық пен жабайылықтан, уақыт өте келе ашкөздік пен тойымсыздықтан сақтау мүддесі биліктің, кейінірек мемлекеттің шығуына түрткі болды. Бірақ бұдан мемлекет пайда болғанға дейінгі дәуірде тарих үдерісі үш тұғырдың біреуінсіз жүрді деген ой тумауы керек. Жер – мемлекеттің материалдың негізі, билік – саяси бастау-бұлағы, яғни үшінші тұғырдың орнын, толық толтырмаса да, жоқтатпайтын тетік жұмыс істеп тұрды. Мемлекеттен хабарсыз, инстинктпен өмір сүретін жануарлар да тиесілі аумағы үшін жан беріп, жан алысады ғой. Түптеп келгенде, бәсекеге қабілетті, өзін-өзі танудың, елішілік қайшылықтарды шешудің биік сатысына көтерілген этнос қана мемлекетін дүниеге әкеледі. Мемлекет – тіл мен жер иесі нақты халықты, соның төңірегіне топтасқан басқа да этностарды сақтаудың, ортақ іске жегудің, кемелдендірудің басты ұйымы.

Дей тұрғанмен, мемлекеттің даму сатысы әралуан болатынын адамзат тәжірибесі көрсетіп отыр. Солардың аражігін ашатын методологиялық байлам-тұжырым ғылыми ақиқат үшін керек. Айталық, жыл санауымызға дейінгі І мыңжылдықта түркі тектестер мекендеген Еуразия кеңістігінің негізгі бөлігінде сақ мемлекеттері дәурен құрғаны белгілі. Сақтардың соғыс өнері, сұлулықты ұлықтаған аң стилі, шаруашылық-мәдени кешеніндегі үздік жетістіктер баяны антикалық және византиялық деректерде молынан сақталған. Солармен таныса келе мемлекет өмірін, адамдардың қарым-қатынасын қоғамның әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі реттегенін байқаймыз. Сақтар, дейді Геродот, эллиндіктердің өмір салтын жақтырмайды, одан іргесін аулақ ұстайды. Ал әдет-ғұрыптың, салт-дәстүрдің басымдығы, заңнан да бұрын қолданылуы мемлекет ру-тайпалық қатынастар биігінде тұрғанын айғақтайды. Яғни біздің бүгінгі ұғымдағы деңгейге жетпеген мемлекеттің өзі тіл мен жерін қызғыштай қорғайды. Сыртқы қатердің кез-келгенінен қорғануға мемлекеттің шарапаты тимей тұрмайды. Дәстүрге сүйенген сақтар мемлекеті заң түзуде, тұрақты әскер жасақтауда көш ілгері кеткен іргедегі Қытаймен, айшылық алыстағы Грекиямен, Иранды билеген Ахеменидтер династиясымен бәсекелесе алғаны түркілердің аумақтық бірлігі мен тілдік біртектілігі ұзақ уақыт аясында лайықты әлеуетке ие болғанын куәлендіреді.

Сөз кезегі келіп тұрғанда айта кетейік, халықтың тұтасуы мен мемлекетінің шығуына септескен ру-тайпалық қатынастар мен менталитеттің араға отарлық және тоталитарлық ғасырлар түссе де, кешегі кеңестік түркілерде әлі күнге дейін орын алып отырғанын бекерлей алмаймыз. Пайдасы бір тоғыз десек (жеті атаға дейін қыз алыспау, ұжымдық жауапкершілікті сезіну), зияны – үйірімен үш тоғыз. Ол кадр саясатына, қаржы-қаражат бөлуге, атақ-дәрежемен марапаттауға араласады екен. Студенттердің, әскердегі жастардың қатарын аралап кетіпті. Өкініштісі – осы құбылыстың неліктен осыншама жаны сірі екенін ашатын методология түзіле қойған жоқ.

Бірақ рулық-тайпалық атавизмді ығыстыруда ғана емес, тілдік құрылыста да мемлекеттілік факторын методологиялық абсолютке айналдыруға негіз жоқ. Сақ, байырғы түркі мемлекеттері тарих сахнасынан кеткеніне мыңдаған жылдар өтті. Еуразиялық түркілер араб, моңғол үстемдігін бастан кешті. ХVI ғасырда Ресей отарлауы басталды, татарлар, қазақтар, өзбектер, т.б. 3-4 ғасыр бойы бодандықта қиналды. Соған қарамастан тілдік біртектілігі сақталып қалды, ғылыми этимология, ономастика, тарихи география нәтижелерімен қолдау табуда. Осы орайда қоғамдық-гуманитарлық ғалымдар арасындағы пікірталастың басты тақырыбы сақтардың мемлекеті мәселесі емес, қай тілде сөйлегені төңірегінде жүріп жатқанына назар аударған жөн. Әйгілі ғалым Қ. Салғараұлы 2012 жылы жарық көрген «Ежелгі түріктер» монографиясында: «Рас, қазақстандық ғалымдар соңғы кезде археологиялық қазба мұралар дерегіне сүйеніп, сақ тайпаларының түрік тілінде сөйлегенін айтып, түрік тектес халықтар тобына жатқызып жүр. Бірақ бұл тұжырым әлемдік ғылымда жалпылама қолдау тауып, әлі орныға қойған жоқ. Оған, шет жағасын жоғарыда айтқан, сақтарды «қазіргі Иран жерінен ауып келген арийлер, үнді-еуропа тілінде сөйлейді» деген пікірдің жарыса айтылып, күні бүгінге дейін ғылымда қабаттаса қолданылуы дәлел бола алады», деп жазады. Демек, болмыс-бітімінің тамыры тереңге тартқан халықтар жат өркениет пен мемлекеттер қарамағына өте қалғанда да, жинақы өмір сүруін тоқтатпаса, міндетті түрде жойылып кете бармайды.

Ортақ түркі тарихына, Қазақстан тарихына тұғыр ретінде, алдымен адамның пайда болуын айтпағанда, тіл, аумақ бірлігі факторын тану, мемлекеттануда методологиялық биік өреге қол сілтеу тарихшыларды шаруашылық, мәдениет, этнос, ұлт, азамат, құқық, мемлекеттік аппарат, т.б. іргелі құндылықтар  мен атрибуттарды зерделеуде көздеген мақсат-мұратқа – ғылыми ақиқатқа жақындата түспесе, еш адастырмайды. Бәрі мемлекетінің бар-жоғымен анықталатын болса, бүгінде мемлекеттер санына сәйкес жүздеген тілдер ғана сақталып қалар еді. Бұған ежелгі және ортағасырлардағы Кавказды, Қытайды мекендеген түркілердің тағдыры айғақ-дәлел. Мәселен, қазіргі Әзірбайжан аумағындағы мемлекеттерді ж.с.д. IV ғасырдан беріде біресе парсылар, біресе арабтар, біресе курдтар билеп келді, ара-тұра байырғы халық өкілдері билік құрды. Ирандық  Нәдір шах 1747 жылы өлген соң ғана толық егемен мемлекет дүниеге келді. Міне, осындай аласапыранға қарамастан әзірбайжан халқы өз тілімен, жерімен, тарихымен түркі әлемін нұрландырып отыр.

Әрине, этнос үшін азат мемлекетінің болғанынан артық бақыт жоқ. Бірақ мыңдаған тілде сөйлейтін этностардың әрқайсына мемлекетін құру мүмкіншілігін кім береді? Ол үшін адам баласы әділетсіздік, соғыс, зорлық, бақталас, тақталас тәрізді «дерттерден» хабарсыз жаратылуы керек қой. Көпұлтты, көптілді, көпдінді барша әлемге де, нақты мемлекетке де, егер болашақтан үміті үзілмесе, бейбітшілікті соғыстан, татулықты дүрдараздықтан, қауіпсіздікті тұрақсыздықтан, ақылды ашудан жоғары ұстаған саясат пен идеология керек-ақ.

Түйіп айтар болсақ, әрісі ортақ түркі тарихының, берісі Қазақстан тарихының кеңістігі мен ортасын, мазмұны мен ерекшеліктерін айқындаған тұғырлы факторларға аумақты, тілді, мемлекетті жатқызатын методологиялық пайым байтақ зерттеу объектісі мен пәніне айналып, барлық тарихи шығармаларда басымдықпен алға шығуы керек. Тап қазір осының бәрінің әміршісі заң және құқық екені әліппеден жарнамаға дейін енуі қажет.

Халықтың экономикалық өмірі мен әл-ауқаты жерінің жомарттығымен (қазақ: жері байдың – елі бай, деген ғой), рухани әлемі – тілінен, жасампаздығы – мемлекетінен көрініс табатыны ұзынсонар дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Бұлар бір-бірінен ажырағысыз баға жетпес құндылықтар.

Біріншіден, тіл өзіне тиесілі міндеттерді атқарып тұрса, оның иесі, киесі – халық бар деген сөз. Өз тағдырын өзі шешкен халық тілін байыта алады. А. Байтұрсынұлы айтқандай: «Өнердің ең алды сөз өнері деп саналады. «Өнер алды қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар.  Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады. Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді сүгіреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын сөзбен сөйлеп, сүгіреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді».

Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалатыны секілді, адам қай тілде сөйлесе, ойласа, яғни ана тіліндей қабылдаса, түптің түбінде өзі болмаса ұрпағы сол этностың қатарына қосылатыны да соншалықты ақиқат. Демек, екіншіден, дүниеге қазақ (өзбек, ұйғыр, саха) болып келген, бірақ тағдырдың жазуымен басқа тілде ғана сөйлеуші жанға өз жері, елі, жұрты, бабаларының мұрасы жаттай көрінуі оп-оңай. Ал тілге табыну ананың әлдиімен, әкенің шерткен домбырасының үнімен, ата-әжесінің айтқан ертегілерімен сәби шақтан басталатынын ұққан сайын халық пен мемлекет тағдырындағы, ұлт тарихындағы отбасының қадір-қасиетін айрықша қастерлеу артады. Туған тілден ажырау атамекенің мен мемлекетіңді бөтеннің жылтырағына айырбастағанның, төл тарихыңнан кіндік үзгеннің шешуші қадамы. Келесі қадам – жерұйықты іздеп сыртқа кету – қиналмастан жасалады. 

Үшіншіден, тілімен жерін ұстай алған халық қана төл мемлекетін құрады. Мемлекет – халықтың, жердің, тілдің панасы, қамқоры, айбыны. Мемлекетсіз ұлттық экономика мен саясат, идеология мен дипломатия түзілмейді. Америкадағы, Еуропадағы, Африкадағы елге сіңіп кеткен түркілік азаматтың үздік табысына қуануға болар, бірақ ол ортақ түркі тарихының аясынан, мемлекетінің қамқорлығынан тыс қалған өгей баласы.

Тарихтың биік тұғыры мемлекет екені кіші Азиядағы түріктерден басқа қандастарымыз отарлық қамытын киген XVI ғасырдан берідегі тағдырымыздан анық көрінді. XІV ғасырдың билеушісі Әмір Темірді, XVI ғасырдағы Қасым ханды, XVIІІ ғасырда Нәдір шахпен тірескен түркілерді, мемлекеттерін ХІХ ғасырдағы отар өлкемен, аға сұлтандармен, болыстармен, ХХ ғасырдағы қуыршақ республикалармен, хатшылармен, төрағалармен салыстыруға болмайды. Алдыңғылары – еркін елдің рухы күшті перзенттері, соңғылары – отарлаушы қожайыннан аса алмаған, жақпай қалған күні тұғырдан тайдырылған жалдамалылар мен жаппарқұлдар ғана. Әрине, коммунистік әкімшіл-әміршіл номенклатураны халқына, жерге, тілге, мемлекетке түймедей пайда әкелмеді деп айыптасақ, ұлт тарихына қиянат жасаймыз. Бірақ сол тар заманда ұлттық болмысты, тарихи сананы, тілді, мәдени мұраны сақтап қалуға, осы құндылықтарды ұлықтаумен санадағы мемлекетшілдікті нығайтуға барлық хатшы жабылып бір Әуезовтей немесе Кербебаевтай, бір Есенберлиндей немесе ортағасырлық Самарқанның сәулет ескерткіштеріндей олжа сала алмады. Ғасырларға созылған езгіге қарсы тұрып, мемлекетсіз жетім халықты этникалық азып-тозудан сақтап қалған қасиетті тұғыр тіл мен жасампаз күш тұлғалар екенін, бірінші кезекте шығармашылық көркем және ғылыми зиялы қауымның ұлы миссиясын дәйектейтін методологияға зәрулік әзірге күн тәртібінен түскен жоқ. 

Заводтар мен фабрикалар, қалалар мен жолдар – түркі жерінің асты-үстіндегі байлықтың, тынымсыз еңбектің тамаша көрінісі. Осыншама бай да үлкен аумақ түркі халқының жанқиярлығымен сақталып қалғанын, ұлттық әдебиет пен өнеріміз, білім мен ғылымымыз әлемдік өркениетпен ықпалдасып қана қоймай бабалар сөзінен, аманаты мен өсиетінен нәр алатынынжүрек пен санаға сіңіре білсек, қысқасы, зерттеу методологиясының өзегінде ақиқатқа суғарылған мемлекетшілдік пен ұлттық идея, бірлік пен бірегейлік құндылықтары тұрса, елдегі ахуалдың тұрақтылығы, азаматтарымыздың сенім қуаты, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың тартымды пәрменділігі артатыны сөзсіз. 

3.  Тарихты түзушілер

Тіл, жер, мемлекет тарихтың субстраты бола тұра, өздігінен тарихты түзбейді. Бұларды тарих шығыршығын айналдыруға жегетін, тарихты түзетін үш қозғаушы күш бар. Біріншісі – халық, екіншісі – тұлға, үшіншісі – билік. Үшеуінің мақсатты әрекетінсіз шидің басы да сынбайды, тышқан да жорғаламайды.

Адамдардың өмір сүру қажетін өтейтін жердің асты-үстіндегі байлық халықтың еңбегімен, ақылымен, қолымен өндіріледі. Мұнда әлемдік, құрлықтық, өңірлік, ұлттық тарихтағы өзара ұқсастық, экономикаға, нарыққа, қаржыға, ақпаратқа ортақ заңдылық жиі байқалатыны сөзсіз. Халықтың ғұмырын ұзартатын интеллектуалдық және рухани қазына, білім мен ғылым, тәжірибе мен тағылым сол халықтың тілі арқылы ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Тарихтағы ұлттық ерекшелік барынша айшықталынатын тұс – осы. Бұл мүмкіндік жазу шыққаннан кейін әлденеше еселеп артты. Ал адамзат өркениетіне баға жетпес олжа салған алғашқы жазулардың бірі түркілік руна екенін биік методологиялық қарым-өремен аша алсақ, бабаларымыз әлемдік тарихтың өзегінде тұрғанын қапысыз ұғынамыз әрі ұғындыра да аламыз. Осынау биік пассионарлық қуат Күлтегін, Тоныкөк заманында тасқындап, ХV ғасырда Осман империясын шалқытып, кейінде ішінара, шамамен бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін сақталды. Халық саныпәрменді рөл ойнады.

«Ерден ердің несі артық, тауып айтқан бір ауыз сөзі артық», дейді халық даналығы. Бұл – теориялық танымның салыстыру әдісі. Тарихты зерттеуге қолдансақ, халықтан халықтың айырмашылығы алдымен тілінен көрінеді. Ал сол халық этникалық, экономикалық, саяси дамуының ең биік сатысына, ұлт деңгейіне көтерілгенінің айғағы – билік жүйесі, заңы бар, халықаралық қауымдастық таныған мемлекетін құрғаны. Мемлекет ұлтқа тән өміршең, өскелең құндылықтарды, ұлттық намыс пен ерекшеліктерді құрметтейтін, құрметтеткізетін саяси-құқықтық жүйенің барында ғана мемлекет болып табылады. Ұлттың бағы – мемлекетте, мемлекеттің күші – ұлттық бірлікте. Бірлікті зерттеу методологиясында жойдасыз даңғазалық пен боссөздікке, биліктің ауанына жығылуға жол беру тарихты түзудегі халықтың құлшынысын бәсеңдетеді, іс пен сөздің, сан мен сапаның сәйкессіздігін асқындырады.

Қысқасы, адам капиталы, еңбегінің сапасы мен өнімділігі, интеллектуалдық және инновациялық тіршілігі, ізденісі мен ілгерілеуі, қоршаған ортамен үйлесімі немесе қайшылығы, қоғамдық-саяси ой-санасы мен таңдауы, әлеуметтік-демографиялық үдерістер – бәрі ұлттық және ортақ түркі тарихын зерттеудің өзіндік және жалпы методологиялық мобильділігін  үздіксіз талап етуші заңды құбылыс. Бұлардың әрқайсысы кешенді құбылыстың құрамдас бөлігі әрі дербестігін сақтай бой көрсететін болғандықтан зерттеушіні бір ғана ғылым шеңберінде қалдырмайды. Ғылыми интеграция мен дифференциация үйлесімі тарихшының қарымын арттырғанда ақиқат та айтылады, жаңалық та ашылады.

Тарих көшіне ілесе алмаған халық бар шығар, әйткенмен халықтан тыс тарих болған емес, болмайды да. Халықты тарихтың субъектісі ретінде зерделеуші методологиялық пайым мемлекеттегі демократия, азаматтық қоғам, саяси жүйе, экономикалық белсенділік, ұлтаралық, дінаралық қатынастар сияқты өзекті тақырыптарды жан-жақты саралауға, басқалармен салыстыра-шендестіре тануға мол мүмкіншілік туғызады. Ортақ тарихымыздың өн бойында тағдыры мен тілегі тоғысқан халық тұрмаса, кімнің кім екенін, тарихымыздың ортақ екенін ашу мүмкін емес.

Тарихтың жолы қайшылықтар мен қиыншылықтарға толы. Олардың негізінде адамдардың байлық пен билікке таласы, өз кәсібі мен табысына, қоғамдағы орны мен қадір-қасиетіне, бүгіні мен болашағына наразылығы, қанағаттанбауы жатыр. Адамдар тапқа, партияға жіктелмеген ықылым заманнан белгілі осыны қанаушы мен қаналушының тап күресі,  революциялардың алғышарты ретінде әсіре саясиланған методологияға айналдыру идеологиялық ымырасыздық пен жар астынан жау іздеуге, әдебиет пен өнерде қисынсыз деформацияға соқтырады екен. Қайшылық пен қиыншылық – адам қоғамының мәңгі серіктері. Бұлар тарих қозғалысының детерминизмі.Қарапайым малшы мен диханның да, зергер мен ұстаның да, жас пен кәрінің де, ерлер мен әйелдердің де алдынан әркез шыққан әрі шыға да береді. Қордаланып асқынғаны болашақ үшін қатерлі. Дерттің алдын алмағандар сан рет өкініште қалған.

Сонда не істеу керек? Миллиондардың біліп-білмей араласуын қажетсінетін революциялар мен соғыстар, өндірілетін ине мен түймеге дейін алдын ала болжаған жоспарлы экономика, империализмді іріп-шіріген капитализм деп түсіндірген идеология әрқашан ұшпаққа шығара бермейтініне ХХ ғасыр көз жеткізді. Заманауи тәжірибені ескерген методология позициясынан ой жүгіртсек, қайшылық ұрындырған тығырықтан тұлғалар алып шығатын тәрізді. Қазақи ұғыммен айтқанда - екінің бірі. Мәселе шешілмесе, қоғам күйрейді, не осынау қайшылықтар мен қиыншылықтардан алып шығатын адам табылады. Күрмеуі күрделі құбылыстың шешіміне қол жеткізген ой мен әрекет иесін, басшыны, жасампаз жанды, халқы мен мемлекетінің беделін, күш-қуатын арттырған азаматты, біздің пікірімізше, Тұлға деген жөн. Тұлға - өзіне тәуелді емес объективті әлемдегі (ортадағы) қажеттілікті (экономикалық, ғылыми, саяси, өндірістік, т.б.с.с.) практикалық-қолданбалық, теориялық-шығармашылық жаңашылдықпен шешкен (жүзеге асырған) немесе шешу (жүзеге асыру) жолын дұрыс нұсқаған әлеуметтік субъект. Тұлға дәйектеген ізашарлық нәтижені замандастары, кейінгі ұрпақ та кәдеге жаратады.

Көктей шолып қарайтын болсақ, ортақ түркі тарихында тұлғалар жалғастығы үзілмегенін көреміз. Тарихи таным үшін методологиялық мәні зор үдеріс – осы. Парсы әскерін шөл далада адастырған Шырақ та, білім-ғылым қуып қиырға кеткен сақ ойшылы Анахарсис те, күй атасы Қорқыт та, энциклопедиялық білімді дәрігер Ибн Сина да, ағартушы И. Гаспыралы да, азаттық жолында құрбан болған С. Юлаев, Махамбет, Кенесары, М. Сұлтан-Ғалиев та шынайы Тұлғалар. Бұлар халқының, жерінің, тілінің, мелекетінің мәңгілігі үшін қанын да, терін де төкті. Сөзі мен істері, мұралары мен аманаттары тәуелсіздік мұратынан қылаудай ауытқыған емес.

Тұлғаны тұлға еткен іргелі нәтиже, танымдық және қолданымдық бәсі жоғары теориялық-практикалық шешім дайын күйінде туа қалмайды, алғашқыда ниет, арман, қиял түрінде көрініс береді. Осының бәрі түркі халықтарының ертегілерінде, аңыз-әңгімелерінде молынан орын тепкен. Бұл - утопиялық идея. Келесі саты - ықтималды идея, яғни жүзеге асуы бек мүмкін идея.Айталық,көкте құстай қалқуды армандаған батыр бабаларымыз жалған елес қумаған екен. Бірақ ғылым мен техниканың жетістіктеріне сүйенген нағыз ұшу аппараты түгілі қарапайым ұшу құралын түзе алмады. Аспан әлемін зерттеген Ұлықбек сынды тұлғаларымыздың теориялық-практикалық жаңашылдығы үшінші сатыға - шынайы идея сатысына, нақты нәтижемен көмкерілген идея биігіне көтерілмеді. Оған, біріншіден, түркі әлемінің ХХ ғасыр басындағы инженерлік-техникалық, экономикалық даярлығы мен мүмкіндігі шектеулі еді, екіншіден, утопиялық идеяның ықтималды идеяға, ықтималды идеяның шынайы идеяға және көздеген нәтижеге айналуы үшін интеллектуалдық ізденіске толы уақыт керек, үшіншіден, өміршең идеяны туындатушы, оны бір сатыдан келесі сатысына жеткізуші конструктор тұлғалар сабақтастығы үзілмеуі қажет. Бұлардың бірде-біреуі Еуразиялық, Орталық Азиялық, Кавказдық, Османдық түркілерде орнықпады.

Жалпы, адам баласының санасы мен жүрегін мазалаған, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан утопиялық идеялардың басым бөлігі түбінде жүзеге асады. Өйткені олардың бастау бұлағында өмірлік қажеттілігін тереңінен ұғынған, замандастарын иландыра білген, қоғамдық санаға нық орнықтырған, орасан жауапкершілікті мойынына алған Тұлға тұр. Көптің үйреншікті өмір салты мен тіршілігіне қозғау салатын, өзгеріс әкелетін Тұлғалардың ақыл-ойы мен әрекетінсіз тарих қарыс-сүйем алға баспас еді. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сөзімен айтсақ: «Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тағдырының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан да халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұртының нағыз азаматы болып қала берген. Тарихтың қай кезеңінде болсын, олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген. Ол – ол ма, белгілі бір мағынасында олардың өздері де халық тарихының тұтас дәуіріне татыған, халқының бағытынан жаңылмай тәуелсіздікке бастайтын жолын нұрландырған ел тарихының шамшырақтары болған».

Халық пен тұлғаға методологиялық басымдық беру ортақ түркі тарихының ұлттық сипатын тереңінен ұғындырады, адами-өркениеттік көзқарасымыз бен бағыт-бағдарымызды адастырмайды, тұтастығымыз бен бірлігімізді нығайтуға қызмет етеді. Қазіргі жаһандану кімнің қолынан не келетінін ашып берді әрі бас басына би болудың жолын кесті. Ұлттық мақтаныш методологиясының қарымы адамзат өркениетіне құрметпен көмкерілгенде қатерлі дерттің емін табу, экономикалық дағдарысты еңсеру, терроризмді жеңу тәрізді планетарлық мәселелерді шешуге, халықтық дипломатияны, тұлғалар одағы мен бірлестігін тиімді пайдалануға серпіліс беріледі.

КОКП билеген дәуірде тарихқа материалистік көзқарас ұлықталып, нақты адам, тіпті тұлға үлкен механизмнің кішкене тетігі орнына жүрді. Тарихтағы тұлғаның рөлін екінші қатарға ысырған жүйе елдің бірінші басшысы – бас хатшыны, әсіресе Сталинді жер-көкке сыйғызбай дәріптеумен өздеріне өздері қайшы келді. Пайғамбарлық пайғамбарға ғана жарасатынын ескермеді. Осының салдарынан миллиондардың тағдыры нақақтан қиылды, көбінің өмір жолын анықтау мүмкін емес. Қасіретті тарихтан методологиялық, практикалық та ғылым алатын кез келді.

Ал ортақ түркі тарихындағы билік мәселесіне келсек, бұл орайдағы методологиялық талап қоғамдық-гуманитарлық ғылыми ой-санада әлемдік қолдау тапқан ұстанымдармен, әсіресе саясаттану, құқықтану салаларының үздік жетістіктерімен үндесіп жатқанын қалаймыз.

Билік адамдар қауымын басқаруға бағытталады. Оның мәні – адамдарды адам қалпынан шығармау. Тап осы тұрғыдан келгенде, билік халықтан бір-ақ жас кіші болса керек. Мемлекет пайда болмай тұрғанда шыққан билік жазу-сызусыз, ресми заң күшінсіз, арнайы тағайындалған қызметсіз ұйымдастыру, басқару, атқару міндеттерін жүзеге асырды. Мемлекет шыққан соң билікке жүктелген міндеттерді тізіп тауысу мүмкін емес. Алайда мінсіз билік жоқ, болған да емес. Ең қатерлісі – мемлекеттік мүддені жамылып, әкімшілік ресурсты асыра пайдалану. Биліктің тепе-теңдігі мен тежемелілігі, заңның биік тұруы, құқықтық мемлекет қағидаларының бәрі билікті ауыздықтауды көздейді. Осы орайда түркілік мол тәжірибе жинақталған. Жалпы, адамдар өмірі мен қауіпсіздігіне қайшы билік ешқашан ұзақ сақталған емес. Адам баласына қызмет етуімен ғана билік тарихты түзуші күшке айналады. Билік эволюциясы тарих үдерісімен бірге өрілген. Оның ең жоғарғы сатысы – мемлекеттік билік пен басқару. Күлтегін жазуында:

Жоғарыда көк тәңірі,

Төменде қара жер жаралғанда.

Екеуінің арасында адам баласы,

Адам баласын басқаруға ата-бабам жаралды, деген ғой.

Осынау жолдар – мемлекеттің анықтамасы, биліктің формуласы. Түркі халықтарындағы мемлекеттік билік пен басқарудың формасы, типі, субьектілері әлемдік үлгіден, заңдылықтан алшақ кеткен жоқ. Олардың ішінде әр кезеңде монархиялық, парламенттік, президенттік, президенттік-парламенттік басқарудағылары болған, кейбіреуі әлі де бар. Саяси режимнің авторитарлық, тоталитарлық, демократиялық жүйелерін бастан кешкеніміз тарихи факт.

Демек, Қазақстанның әр дәуіріндегі, ортақ түркі тарихындағы билікті зерттеу методологиясы үш міндетті шешуі керек: біріншіден, биліктің шығуы, даму белестері, мәнді сипаттамасы бойынша әлемдік өркениеттің құрамдас бөлігі екенімізді тиянақтау, екіншіден, түркі мемлекеттеріндегі билік формаларының, сала-салаларының өзіндік ерекшеліктері мен мәнді белгілерін, диалектикасы мен эволюциясын ажырата алу, үшіншіден, әр саладағы билік иесінің тарихтағы орны мен жаңашылдығын елеусіз қалдырмай, әділ бағалай білу. Пайымдары мен дәйектері бойынша тарихи зерттеулер мен оқулықтар биліктің халқына, экономикаға, руханиятқа, сыртқы елдерге саясатында уақыт талабына, ұлттық қауіпсіздік және мемлекет мүддесіне сай келген-келмегенін аша алатын методологиялық парадигмаларды түзгені  абзал. Әсіресе биліктің құқықтық өкілеттілігі, ауқымы мен шегі, атқарылуы мен жемқорлығы, жаңғыртылуы мен кертартпалығы, тиімділігі мен зардабы тарихи динамикада зерделенудің мәні зор.

Келесі методологиялық талдау мәні биліктің шешімі миллиондардың тағдырын шарпитынын дәйектеуге саяды. Билікке талас та, егер екі есті елірменің қолына түсе қалса, сан мың адамның өмірін қыл үстінде қылпылдатады. Мәселенің осы жағын методологиялық тереңнен толғау тәуелсіз жас түркі мемлекеттерінде билік институттарын қапысыз орнықтыру әрі соларға қатысты дұрыс тарихи сананы қалыптастыру үшін қажет-ақ.

Биліктің қолданылуы мемлекеттің атауымен, құрылымымен анықтала бермейді. Бұл орайда саяси билік иесі – қағанның, ханның, сұлтанның, президенттің, бас хатшының – позициясы айрықша маңызды. Елдегі жүйелер мен үдерістерді, саясат пен саяси институттарды, институционалдық пен институционалдық емес негіздерді анықтаушы – мемлекет басшысы, жақын шоғыры, партиясы. Қисапсыз тәжірибе көрсеткендей, билік өзі ұсынған жобаны, бағдарламаны орындатпай тынбайды. Бірақ бодан елдің билігі мен тәуелсіз елдің билігі жіберген қателіктер арасындағы айырмашылықты, саяси-идеологиялық өктемдік пен нарықтық қажеттіліктен туындаған шешімдерді, жаһанданудың ұлттық билікке түсіретін салмағы мен қысымын биік методологиялық өлшемдермен, ұғым-түсініктермен тани алсақ, ақтаңдақтар ақиқатын табамыз. Сонда тұтас халықты айыптаудан ада, азаттықтың қадірін қастерлейтін, отансүйгіштік қасиеті берік ұрпақ тәрбиелеуге ортақ түркі тарихы септесетіні сөзсіз.

Елдің әскери-экономикалық қуаты ернеуінен шыға тасығанда, демографиялық ресурстары айналасындағы тәуелсіз халықтарды қосып алумен артқанда, сыртқы саясаты оңай олжамен, басқыншылықпен заңсыздыққа бастағанда, обырға айналған билігі ұлттық сұраныс пен қажеттілік шеңберінен аттап, әлемдік, құрлықтық, өңірлік тарихтың табиғи-ырғақты барысын бұзатыны бар. Байырғы түркілер мен Осман империясы дүниенің төрт бұрышын өзіне бағындырмақ болғанын, кеңестік тоталитаризм ортақ түркі тарихына аяусыз тырнағын батырғанын халық әрекетімен байланыстырғаннан гөрі билік пен саяси басшының монополиялық жүгенсіздігін және көпшілікке белгісіз шешімдерін әшкерелейтін методологиялық қағидалар арқылы зерделесек, тарих ақтандақтары азая түсер еді. Империялардың бәрі басқа ел мен жерді жаулап алумен құрылды. Бұған көнгісі келмеген халықтар метрополиямен қарулы-қарусыз қақтығысын тоқтатпай жүргізе берді. Бірде жария, бірде құпия перманентті соғыс туындатқан қиыншылықтар мен қайшылықтарға, шығындар мен қасіретке шыдас бермей, ыдыраған империялар аз емес. Қазіргі таңда да халықаралық қатынастар «бір атым насыбайдан» асқынып жатса, оған «насыбайды» (мұнайды, суды, атомды, экологияны ...) кінәлаудың қажеті жоқ. Билік пен адам факторын, солардың саясаты мен идеологиясын методологиялық талдауға алу керек.

Қазақта: «адамның күні – адаммен» деген мақал бар. Тағдырың, қуанышың мен ренішің, барша ғұмырың адаммен өтетінін меңзегені. Демек, ұлттық тарихымыздың, ортақ түркі тарихының «бар қызығы» адамда, тұлғада, билікте. Бұлар өзіндік «менін», «Біз және басқалар» айырмашылығын ана тілінде сөйлеп, туған жеріне табан тіреп тұрғандықтан, мемлекетінен күш алып, сөзі мен ісін арнағандықтан тапты. Өткенге құрметі – халқының баянын тасқа басқаны, бүгінге қызметі – қара терін, қызыл қанын судай ағызғаны, болашаққа сенімі – «Мәңгі ел» аманаты.

4.  Тарихты дәуірлеу

Ортақ түркі тарихын, ұлт тарихын зерттеуге қойылатын жауапты методологиялық талаптың әлқиссасы – дәуірлеу мәселесі. Біздің ойымызша, осынау тарихты дәуірлегендетөрт меже анықтағыш сәтке  баса назар қоюымыз керек. Олар, біріншіден, алғашқы адамдардың, тұрғындардың пайда болуына қатысты. Осы сұраққа жауаптан кімнің маймылдан адамға айналғаны, кімнің адамнан тарағаны, кімнің автохтонды, кімнің келімсек екені тиянақталады. Жер бетіндегі эволюция мен сілкіністің, ілгерілеу мен іркілістің ең күрделісі – адамның жаратылуы. Бұл ғажайыптың сырын ашу құдайдың бар-жоғын анықтайды.

Екіншіден, түркі халықтары этногенезінің барысы мен сабақтары. Үдерістің мазмұнын түркілердің антропологиялық, нәсілдік, тілдік, рухани-дүниетанымдық, әлеуметтік, саяси тұтасу себептері, әлемдік тарих кеңістігіндегі орны, оған табиғи-географиялық ортаның әсері, шаруашылық-мәдени типтің қалыптасуы мен сабақтастығы, этностың өзін өзі тануы құрайды.

Үшіншіден, алғашқыда түркілік, сол негізде кейін ұлттық мемлекеттің, аумақ пен шекараның пайда болуы, этникалық ерекшелік пен бірегейліктің межесі. Мемлекеттің басты мақсаты – халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бабалар аманатын ұрпақтан ұрпаққа жалғау, яғни табиғи-ырғақты даму мен шынайы азаттықты сақтау. Бәсеке заманауи техникаға, от қаруына орасан зор жауапкершілік жүктеді.

Соңғы, төртінші меже жұмыр жер бетіндегі халықтардың даму деңгейі ешқашан біркелкі болмақ еместігінен туындайды. Этностың алшаң басып жүруі немесе әлемдік салқар көштің соңында салпаңдап шаңға көмілуі - бәрі дүниенің бірде ана өңірінен, бірде мына өңірінен жанартаудың жалынындай көрініс беретін өркениеттік өрлеуге, соған алыс-жақын орналасуға, бәсекеге қабілеттілікке көп байланысты екен. Адамзат баласын алып кеменің үстіндегі жолаушыдай елестететін болсақ, сол көліктің ілгері сүйретуші қуаты бірде ежелгі Египетте (Африка), Грекия мен Римде (Еуропа), ортағасырлар басында Азияда (байырғы түркілер), соңына қарай Еуропада (Ренессанс), бірде Америкада (АҚШ) орналасқанын байқай аламыз. Осы қуаттың нақ ішінде немесе соған жақын жайғасқан этностар кезінде тарихтан өз сыбағасын алып қалды, бәсекеге шыдамағандары әлдінің уысына түсті. Тіпті жұтылып кеткендері бар.

Мәнді айырмашылықтарына және үзілмеген сабақтастығына сәйкес, біздің ойымызша, ортақ түркі тарихы төмендегідей дәуірлерден тұрады:

1. Арғытүріктер дәуірі. Аумақта алғашқы адам пайда болғаннан байырғы түркі қағанатына дейін. Бірінші кезеңі Homo sapiens тарих сахнасына шығумен аяқталса, екінші кезең байырғы түркі қағанатының шаңырақ көтеруімен тұйықталады. Парсы державасы мен ғұндар, қытайлар мен халықтардың ұлы қоныс аударуы Ұлы дала тарихына, тіліне, мемлекеті мен билігіне пәрменді ықпал етті. Әлем тарихына белгілі тұлғалары – Томирис, Зарина, Анахарсис, Аттила, т.б.

2. Түркі, араб, моңғол империялары дәуірі (VІ-XV ғғ.). Алдыңғы дәуірде тамыр жайған түркі өркениетінің мығымдылығы соншалықты, ол араб, моңғол тәрізді жатжерлік басқыншылардың ырқына біржолата мойынсынбады. Ислам дінінің келуі бетбұрысты сәтке айналды. Түркі әлемі жаңа ахуалға бейімделе алды, бірақ өзіндік «Менін» жоғалтпады. Түркі этностары арасында тұрақтап қалғандардың түркіленуі, исламдануы, түркілік халықтардың қалыптасу үрдісі дәуірдің мазмұнын құрады. Күлтегін, Тоныкөк жазулары дәуір рухын бейнелейді.

3.Түркі ұлттық мемлекеттері дәуірі (XV-XIX ғ. аяғы). Көшпелі өзбек мемлекеті, Қазақ хандығы құрылды, Константинополь Осман империясының құзырына өтті. Өкініштісі техникалық-экономикалық артықшылық Еуропа мен АҚШ-қа құт әкеліп, ортақ түркі тарихы өзара берекесіздікпен, қақтығыстармен толықты. Әсіресе Әмір Темірдің Анкара түбінде Баязидті талқандауы түркілік әлеуетке ауыр тиді. «Ел айрылған», «Менен қалған мынау Еділ жұрт!», «Азаулының Стамболдан несі кем», «Елім-ай» өлең-жыр жолдары дәуірдің қилы тағдырын айшықтайды. 

4.Түркі әлемінің әлсіреуі мен отарлық-тоталитарлық дәуірі (1991 жылға дейін). Осман империясы ыдырады, тұтас түркістан идеясы жүзеге аспады, КСРО-дағы түркі халықтары орыстандыру саясатынан зардап шекті. Жат қолына қараумен Романовтар әулеті, КОКП билеген кеңістікте түркілік ана тілі, туған жер, ұлт мемлекеті атқаруға тиіс тарихи миссия жарымжан күйге түсті, тұтас халықтар биліктен шеттетіліп, мәңгүрттенгені соншалықты, ілгері-кейінгі тұлғаларын, көшбасшыларын танудан қалды. Орта Азияда 1916 жылғы көтерілісшілердің, 20-30 жылдарғы басмасшылардың аяусыз жазалануы, ұлт зиялыларына қарсы ұйымдастырылған үздіксіз қуғын-сүргін, демографиялық, экологиялық апаттар ортақ тарихымыздың тұғырын шайқады, тарих көшінің субъектілері – халық пен тұлғаның, билік пен басқарудың жасампаздық әлеуетін шідерледі. Көмескілене жаздаған азаттық идеясы Алаш қозғалысымен, Ататүрік реформаларымен, М. Шоқайдың қайраткерлігімен, М. Жалилдің «Маобит дәптерімен», М. Әуезовтың «Абай жолымен», Ш. Айтматовтың Жәмиласымен, Буниятовтың, Кузеевтың тарихи зерттеулерімен, О. Сүлейменовтың «АзиЯ» кітабымен, Д. Конаевтың, Ш. Рашидовтың, Г. Алиевтің саяси кемеңгерлігімен түркілік санадан өшпеді.

5. Түркілік қайта өрлеу дәуірі. Тәуелсіз бес түркі мемлекеті дүниеге келді. Балабақшада жаттатылатын тақпақтан Ата Заңға дейін, теледидар бағдарламасынан түп жаратушы туралы ұғым-пікірімізге дейін түбегейлі өзгерді. Әлем – бізді, біз – әлемді танудамыз. Ғасырлар қарызын өтейтін шақ туды.

Қазақстан тарихының дәуірлері жоғарыдағы пайым-ұсыныстан тым алшақ емес. Кеңестік жылдарды, әкелген қасіреті қисапсыз болғандықтан, ақыры тәуелсіздікті жариялаумен тиянақталғандықтан өз алдына дербес дәуірге шығарғанды жөн көрдік.

1. Ежелгі дәуірдегі Қазақ елі. Бұл дәуірдің мазмұнын, бағытын, нәтижесін анықтаған негізгі ілгерілеулер: а) қазақ жерінде алғашқы адамдардың пайда болуы; ә) интеллектуалдық сілкініс – Homo Sapiensтің тарих сахнасына шығуы; б) «неолиттік революция», яғни адамдардың өзіне қажетін табиғаттан алған дайын күйінде тұтынудан өндіруші шаруашылыққа өтуі; в) мемлекеттің пайда болуы. Хронологиялық ауқымы ж.с.д. 800 мың жылдан V ғасыр аралығын қамтып жатыр.

2. Түркілену, исламдану, қазақтану дәуірі. Бұл дәуірде Ұлы дала еліне келген, оның тағдыры мен тарихына зор әсер еткен этностар –қытайлар, арабтар, моңғолдар, сондай-ақ діндер мен діни ағымдар – зороастризм, христиан, будда – қанша көп болғанмен байырғы тұрғындар түп тамырынан ажырамастан, сақтардың, одан әрідегілер мен берідегілердің мұрагері ретінде тарих көшін жалғастырды, тәңірішілдік сенім-нанымын VІІІ ғасырда жеткен исламмен ұштастыра, өзінің түркілерін, өзгелерді тұтастырумен тарих сахнасына қазақ атауымен, тілімен, ділімен көтерілді. Мыңжылдық тарих толқынында жоғалып кетпеді.

3. Қазақ хандықтары дәуірі. XV ғасырдың ортасынан аса ұлттық мемлекеттің шаңырақ көтеруімен ХІХ ғасырдың 50-жылдарына дейін созылған 400 жылға жуық осынау мерзім екі кезеңнен тұрады. Керей мен Жәнібек хандардан Тәуке хан дүниеден өткенше, яғни классикалық кезең (1465-1715 жж.) ішінде қазақ әлеміне тән шаруашылық, саяси, мәдени, әлеуметтік, дүниетанымдық, т.б. жүйе мен құндылықтар орнығып, олар бұрынғының жаңаша жалғасы ретінде тарихтың қозғаушы күші - этностың барша болмыс-бітімін анықтады. Саяси элитаның - топбасылары мен елбасыларының қажыр-қайраты, көрегендігі, кемелдігі халық мүддесімен үйлесім тауып, сыртқы саясат пен халықаралық қатынас үдесінен шығуымен әу бастағы ұлтарақтай жер ұлан-ғайыр аумаққа айналды, аз халық көп болды, жалаңаш халық киінді, жарлысы байыды. 1715-1847 жылдар – сындарлы кезең. Біртұтас хандық ыдырады. Жер жат қолына өте бастады. Қазақ тілі мемлекеттік қолданыстан шықты. Нағыз жақсы мен жайсаңның тынысы тарылды. Тарихтың ұлттық реңкіне қатер күшейді.

4. Зарзаман дәуірі. Ресейге қазақтың үш жүзі толық бодан болғаннан басталып, Қазан төңкерісіне дейін созылды. Билік пен жер империя құзырына көшті. Қазақ бұратана қырғыз атанды. Әлеуметтік, әкімшілік-аумақтық құрылымдар Ресей заңдарымен рәсімделді. Халықтың табиғи өсімінен механикалық өсуі жылдамдады. Қысқасы, бұл кезең біздің санамызға «отарлау» деген ұғым-түсінікпен бекемделген. Патшалық қазақ қоғамын қайшылыққа, дағдарысқа ұрындырып, тарихи-дәстүрлі негіздеріне балта шапты. Өлкеге ауыр кесел әкелгенін, оған өзінің кінәлі екенін арсыздықпен мойындамай, бар пәлені байырғы этносқа жапты.

5. Тоталитарлық зорлық пен кеңестік модернизациялау дәуірі. Большевиктер билеген 74 жыл ішінде Қазақстан тарихы көңілге қуаныш ұялататын жетістіктермен де, өзекті өртейтін өкініштермен де бедерленді. Қазақ мемлекеттігі қайта дүниеге келгенмен оның өз еркі, егемендігі өзінде болмады, Ата Заңымыз қабылданғанмен іс жүзінде жартыкеш күйде жұмыс істеп тұрды, өкімет, билік халықтікі саналғанмен қалың көпшілік, оның ішінде қазақтар да бар, ел басқарудан, байлықтан шеттетілді. Республиканың экономикалық қуаты артқанымен, ол еңбек адамының әл-ауқатын түзеуден гөрі әскери-өнеркәсіптік кешенге көп бағынышты еді. Ұлт зиялыларын даярлау мен кәсіби қолдау замана сұранысына сәйкес келе бермей, үздіксіз қуғын-сүргінмен ұштастырылды. Ұлттық мәдениетке қамқорсыған қаулы-қарарлар Мәскеуде үсті-үстіне қабылданып, Алматыда қайталанып, нақты өмірде қазақ тілінің, мектебінің, бұқаралық ақпарат құралдарының қолданым аясы, тынысы тарыла берді. Дүлей империяның ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында қалған қазақ зорлықтан, демографиялық апаттан жоғала жаздады. Бар ұтқанымыз – кеңестік үлгідегі болса да мемлекетіміздің құрылғаны, саяси модернизациялаудың, әсіресе 1936, 1977 жылғы Конституциялардың одақтас республикаларға берген мүмкіншіліктеріне қол іліктіре алғанымыз.

6. Азаттық дәуірі. 1991 жылдың 16 желтоқсанында ғасырлар бойы зорлық-зомбылықтың астында жүрсе де оптимизмін, М. Шоқай айтқандай, үміт, сенім, иманды жоғалтпаған, атамекенінен аумаған халқымыз тас қапасты бұзып, тәуелсіздігіне қол жеткізді. Содан беріде атқарылған істер ұлан-ғайыр. Азаттықтың әр жылы бодандықтағы, кеңестік жүйедегі ғасырларға бергісіз. Өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Қазақ халқы мемлекет құраушы ұлтқа айналды, Қазақстан Республикасы әлем таныған дербес мемлекет ретінде қалыптасты.

Сонымен, дәуірлеудің теориялық-методологиялық негіздерін екі ауыз сөзбен түйіндер болсақ, біздің өткеніміз бен бүгініміздің тарих толқынындағы белестері алғашқыда қоғамның ішкі дамуымен тығыз байланыста, кейінде империя биігіне көтерілген қажеттіліктерден, XV ғасыр ортасынан ауа ұлттық мемлекет мүддесінен туындады. ХІХ ғасыр аяғынан беріде негізінен сыртқы әсердің күшімен бой көтерген демографиялық, идеологиялық, әлеуметтік және саяси үдерістермен ерекшеленді. Бұларға аумақтың табиғи-географиялық, геосаяси ерекшеліктері, шаруашылық-мәдени ресурсы ықпал еткені сөзсіз. Дегенмен, шешуші рөлде, тағдыранықтағыш тоғыста, алдыңғы шепте бірде этникалық, енді келесі сәтте саяси фактор алма-кезек табысып еді.

Тарихты зерттеудің ондаған методологиялық нұсқасы түзілді. Олардың көбі еуропалық, америкалық ғалымдардың қаламынан шықты. Озығын ұстап қалу бізге шарт. Мәселен, ғылыми танымның тарихилық, объективтілік, детерминизм сынды методологиялық ұстанымдары, әдіс-тәсілдің анализ, синтез, жүйелілік, тәнік (аналог) тәрізді абыроймен сынақтан өткендері ұлттық және ортақ түркі тарихының ақиқатын ашпаса, бөгесін туғызбайды. Бірақ жаңылмайтын жақ жоқ дегендей, бұлардың айтқандарының бәрі бірдей алтын емес. Араларында түркі өркениетін, көшпелілер мемлекетін бекерлегендер бар.

Ғасырлар тоғысында бес түркі елінің мемлекеттік тәуелсіздікке қолы жеткенде,аумақ, шекара, тіл туралы қасиетті талаптар, халық, билік, тұлға одағы Ата Заңмен бекемделгенде тарих тағылымын ескере, алға қадам басудың жауапкершілігі өте зор. Тағы да бірлік пен бірегейлік ауадай қажет екені сезілуде. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында Елбасы Н. Назарбаев былай деген еді: «Түркі халықтары жаратылысында әрдайым бірге, береке-бірлікте болу үшін жаратылған. Бабаларымыз да бізге осыны мирас еткен. Бірлік – біздің барлық жеңістеріміздің алтын қайнары, ел қорғағанда күш-қуат берер асқақ айбары. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз керек. Жаһандану заманында тағдыр талайымен бөлініп кеткен, тілі, ділі, діні мен тегі бір түркі халықтары ХХІ ғасырда ынтымақ жарастыруы қажет. Сөйтіп, саясатта, экономикада, ғылым мен технологияда өзара ықпалдастық пен байланыстарды күшейте беруіміз керек. Ата тарихы бізді осыған шақырады». Бұл сөздер – өмір шындығы.

АБЖАНОВ Х.М.

Директор Института истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова, д.и.н., профессор, член-корр. НАН РК

Резюме

МЕТОДОЛОГИЯ ИЗУЧЕНИЯ НАЦИОНАЛЬНОЙ И ОБЩЕТЮРКСКОЙ ИСТОРИИ

В статье обоснована необходимость разработки инновационных принципов изучения национальной и общетюркской истории, прослежана роль методологии в усилении познавательного потенциала исторической науки. По утверждению автора, базисом, субстратом движения истории должны считаться территория, язык, государство, движущими силами – народ, личность, власть. Вычленены методологические требования к периодизации прошлого тюркского мира.

Ключевые слова: народ, личность, власть, территория, язык, государство, методология, период, природа, независимость, слово, земля, наука, единство, идентичность, закон.

AZBZHANOV KH.M.

Director of the Institute of History and Ethnology

Named after Ch.Ch.Valikhanov,Doctor of Historical Sciences,

Corresponding Member of the NAS RK 

THE METHODOLOGY OF THE STUDY OF NATIONAL AND TURKIC HISTORY

Summary

In the article substantiated the need for innovative principles of the study of national and Turkic history, traced the role of methodology in enhancing the cognitive capacity of historical science. According to the author, basis and substrate of history movement should be considered as territory, language, state, and driving forces as people, person, power. In the article were noted the methodological requirements for the periodization of the past of the Turkic world.

Keywords: people, person, power, territory, language, country, methodology, time, nature, independence of the word, earth, science, unity, identity, the law.


No comments

To leave comment you must enter or register