Яндекс.Метрика
Home » Materials » УДК 94 (574). 06/.07 Әшекей батыр Дайырбекұлы және Жетісудағы азаттық күрес

Рахымқұлов Д.А., Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к.

УДК 94 (574). 06/.07 Әшекей батыр Дайырбекұлы және Жетісудағы азаттық күрес

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4

Tags: өңірі, саясаты, отарлау, қарсылық, шайқасы, бекінісі, Тойшыбек, Ұзынағаш, шарт, сардар, келісім, би, батыр, Әшекей, Дайырбекұлы, біріккен, түркі-мұсылмандық, әскер, Іле-Шу, шабуыл, жасау
Author:
Мақала 1916 жылғы Жетісудағы ұлт-азаттық көтеріліс жетекшілерінің бірі Бекболат Әшекейұлының әкесі Әшекей батыр Дайырбекұлының өмірі мен қайраткерлік қызметіне арналады. Автор мақалада Әшекей батырдың ХІХ ғасырдың 40-60 жылдары Жетісудың қоғамдық-саяси оқиғаларына белсенді түрде ат салысқанын, сондай-ақ патшалық Ресейдің өлкедегі жаулаушылық саясатына қарсы 1850 жылы Тойшыбек бекінісін қорғауда және 1860 жылғы атақты Ұзынағаш шайқасына сардар ретінде түркі-мұсылмандық әскердің қатарында жүріп қатысқанын мұрағат деректеріне сүйене отырып тарқатады. Түйін сөздер: Әшекей Дайырбекұлы, батыр, би, сардар, келісім шарт, Тойшыбек бекінісі, Ұзынағаш шайқасы, қарсылық, отарлау саясаты, біріккен түркі-мұсылмандық әскер, Іле-Шу өңірі, шабуыл жасау.
Text:

ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың 60-жылдары Жетісу өлкесінде өмір сүрген Әшекей батыр Дайырбекұлының қайраткерлік келбеті жөнінде дәйекті құжаттар Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының «Алатау округі және Үлкен Орда қазақтарының бастығы» атты №3 қорда және соңғы жылдары Ресей мұрағаттарынан «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша айқындалып әкелінген«Шетел мұрағаттарынан келіп түскен Қазақстан тарихы туралы құжаттардың көшірмелік коллекциясы» деп аталатын №2300 қорда жинақтаулы тұр. Мұрағатта ғасырлар бойы сақталған сол деректерден біз Әшекей батырдың Жетісудағы патшалық Ресейдің отаршылдығына қарсы ұйымдастырылған әскери іс-қимылдарға бір кісідей қатысып, еліміздің азаттығы үшін жан аямай күрескен ірі қайраткерлігін көреміз.

Бүгінгі таңда Әшекей батыр жөнінде бар болғаны екі шағын ғана ғылыми мақала жарық көрген екен [1, 116-124-бб. 41-43-бб. ]. Одан басқа аталмыш тұлғаның өмірі мен қызметіне арналған бірде-бір көлемді ғылыми еңбек жазылмады, сол олқылықтардың орнын толтыру үшін біз көпшілік қауымға нақтылы мұрағат деректері арқылы жүйелі түрде тарқатып беретін бірегей батырдың ғұмыры мен қайраткерлігін баяндайтын ғылыми зерттеуімізді ұсынамыз.

ХІХ ғасырдың 40-60 жылдарында Жетісу өлкесінің қоғамдық-саяси, әскери және әлеуметтік-шаруашылық өмірінде маңызды рөл атқарған ірі қайраткерлердің бірі – Әшекей Дайырбекұлы. Ол шамамен ХVІІІ ғасырдың 90-шы жылдары Алатау қойнауындағы Үшқоныр тауының маңында Дайырбек бабаның үлкен отбасында дүниеге келген. Бізге жеткен ресми мұрағат құжаттары мен шежірелік деректер арқылы Дайырбек бабаның шаңырағында Әшекей бимен қатар Андажан [2, 576-п.], Шалбаржан (1823 ж.т.), Берік (1833 ж.т.), Рысбек (1840 ж.т.), Жұмағұл (1850 ж.т.), Тілеуғали (1855 ж.т.), Қараш (1858 ж.т.), Ахметша (1862 ж.т.) [3, 100-104-пп.] және Кәшке, Бүйембай [4, 558-б.] есімді ұл балалардың дүниеге келгені белгілі болды. Сол дәуірге қатысты тарихи деректердің өзі Дайырбек бабаның ұлдарының ішіндегі алғырлығымен, өжеттілігімен және қайсарлығымен Әшекейдің танылғанын дәлелдейді. Шежіре бойынша оның арғы ата-тегі Ұлы жүз ішіндегі Дулат-Жаныс-Жанту-Жайылмыс-Қожамберді-Құдайқұл-Қазыбек-Байдалы-Есенқұл-Дайырбек-Әшекей болып таралады.

Әшекей Дайырбекұлы – Ұлы Жүздің айбынды батыры, қол бастаған сардар, Жаныс руының ықпалды биі, рубасы, Жетісу өлкесіндегі патшалық Ресейдің жаулап алу саясатына қарсы күресті ұйымдастырушылардың бірі, әрі 1916 жылғы Жетісудағы Үшқоныр (Жайылмыс) көтерілісінің көсемі болған Бекболат Әшекеевтің әкесі болып табылады. Өз заманында Әшекей батырЖетісудың Іле өңірінде орыс жаулаушылығына қарсы өткен екі бірдей ірі шайқасқа, атап айтсақ, 1850 жылы 19-23 сәуір аралығында «Тойшыбек бекінісін» қорғауға және 1860 жылы 19-21 қазандағы атақты «Ұзынағаш шайқасына» сардар болып қатысты. Алғашқы күннен – өмірінің соңына дейін Әшекей би патша өкіметінен бірде-бір шен-шекпен, атақ-лауазым және сый-сияпат алған емес, өйткені одан отарлаушы өкімет бастапқы кезден өте қауіпті, әрі сенімсіз адамды көрді, сондай-ақ өлкедегі қарсыласушы және жауласушы топтың басшысы ретінде санады. Басқа қазақ сардарлары сияқты Әшекей де жауға қарсы шабуылға шығатын бір топ саймандалған жаужүрек қазақ сарбаздарын үнемі жанында дайын ұстады. Елің жаудан қорғаудағы батырлығымен қатар Әшекей көшпелі қауымның дәстүрлі әдет-ғұрып, заң-жоралғыларын терең меңгерген, туындаған дау-шарларды тура және әділ шеше білетін өз дәуірінің қуатты би дәрежесінде танылды. Осы кезеңде Әшекеймен бірге Жаныс руынан мына ағайындас бауырлары мен рулас туыстары Бабабек, Туғанбай, Ормақай, Ниязбек, Жәнібек, Қинабай секілді ықпалды билер де тарих сахнасынан көрініп, Жетісу өлкесінің қоғамдық-саяси өмірінде маңызды рөл атқарды.

ХІХ ғасырдың ортасына таман Жетісу өлкесінде қалыптасқан саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты 1845 жылдың 5 мамырында Қапалға Ұлы жүз ішіндегі Жалайыр, Албан, Дулат, Суан, Шапырашты және Ысты руларының сұлтандары, билері және құрметті қазақтарымен бірге барған Әшекей Дайырбекұлы да патшалық Ресейдің бодандығына өтуге өтініш беріп, сол жылдың жазында Қаратал аумағында дуандық ашылуын сұрап, жеке мөрлері мен тамбаларын басып бекіткен болатын [5, 2-3-пп.].

ХІХ ғасырдың 40-жылдары патша өкіметі Жетісу жерінде отарлау саясатын қарқынды түрде жүргізу үшін Аягөз дуандығына қарасты қазақтармен Ұлы жүз қазақтарының арасындағы жер дауын ушықтырып, сол арқылы көздеген мақсаттарына жетуді ойлады. Бұл даудың арты толлассыз екі жақтық барымтаның өрістей түсуіне және өлкедегі тыныштықтың бұзылуына алып келген болатын. Міне, осы екі жақтың арасындағы тыныштықты қалпына келтіру үшін, Әшекей би Дайырбекұлы 1847 жылы 22 тамызда Қапалға шақырылып, Орта жүз қазақтарымен бейбіт өмір сүру туралы міндеттемеге қолын қояды. Онымен бірге бұл міндеттемеге Ұлы жүздің сұлтандары: Рүстем Асфендиярұлы, Абылай Рүстемұлы, Нұралы Рүстемұлы, Әбдімомын Мамытханов және билер: Сыпатай Әлібекұлы, Ормақай Жалдыбайұлы, Итаяқ Досайұлы қолдарын қойып, мөрлерін басты. Бекітілген бұл міндеттемеде былай деп жазылған еді: «1847 жыл 22 тамыз. Бұл Ұлы жүздің сұлтандары мен билері Сібір қазақтарының шекара бастығы қызметіндегі генерал-майор Вишневскийдің қатысуымен мына міндеттемеге мөріміз бен таңбаларымызды қойдық: 1. Орта жүз қазақтарымен және олармен аралас көшіп жүрген барлық Ұлы жүз руларымен татулық пен тыныштықты сақтап және заңға қайшы әрекеттерді, барымталарды, тонауды, ұрлықты жасамауға міндеттенеміз; 2. Қарақшылар тобы көріне қалған кезде немесе қандай да бір жаулық әрекеттер туралы хабарланған кезде біз бір-бірімізге хабарлап тұруға міндеттіміз және ортақ күшпен қарақшыларды ұстауға ұмтылу және дәл сол уақытта Қапалда орналасқан отряд бастығы арқылы патша үкіметіне хабарлауды жеткізу керек; 3. Біздің көш орындары арқылы саудагерлер керуенмен өткен кезде, оларды қысымшылықтан қорғау және қорғаныс көрсету, ал қажеттілік жағдайда көмек беру». Жоғарыда барлық жазылғандарды ұстануға және бұзбай орындауға міндеттенеміз[6, 340-б.].

Мұнымен қоса Әшекей би Дайырбекұлы 1847 жылы 22 тамызда тағы да Қапалда Ұлы жүз сұлтандары мен билерінің қырғыз манаптарымен өзара достық туралы келісім шартына да қолын қояды. Аталмыш келісімге қазақтар жақтан Ұлы жүздің сұлтандары: Әли Әділұлы, Ақыш Абылайұлы, Рүстем Асфендиярұлы, Сүйік Абылайұлы, Бөлен Шанхайұлы және билер: Туғанбай Қойгелдіұлы, Сыпатай Әлібекұлы, Диқанбай Қапсаланұлы, Сары Алтайұлы қолдарын қойып, тамбаларын басты. Екі жақтың өкілдері қол қойған достық туралы келісімнің мазмұнында былай деп жазылды: «1847 жылы 22 тамыз. Біз Ұлы жүздің сұлтандары мен билері Сібір қазақтарының шекаралық бастығы генерал-майор Вишневскийдің қатысуымен қырғыз манаптары мен құрметті адамдарымен өзара келісе отырып, мына шартқа мөріміз бен таңбаларымызды қойдық: 1. Қырғыз елімен тату және тыныштықта тұруға, барымтаға, тонауға және кісі өлтіруге жол бермеуге, арамызда туа қалған дау-дамайды өзіміздің дала заңы бойынша өзара қанағаттандырып шешуге міндеттенеміз; 2. Егер біз екі ортадағы өзіміздің тыныштығымызды барымтамен, қарақшылықпен, кісі өлімімен бұзсақ онда бізді Құдайдың қаhары соқсын және Ресей заны бойынша жазаланайық» [6, 340-343-бб.].

Әшекей батыр Дайырбекұлы 1850 жылы 19-23 сәуір айы аралығында Жетісу өлкесіндегі орыс басқыншыларына қарсы Дулат Тойшыбек батыр бастаған Ұлы жүз қазақтарының азаттық күресіне қатысады. Бұл күрес Іле өзенінің сол жағалауынан 35 верстік қашықтықтағы Алмалы өзенінің Қаскелеңге құяр тұсында орналасқан «Тойшыбек бекінісі» үшін өтті.

Патша өкіметі Жетісуға алғаш табан тіреген күннен бастап стратегиялық маңызы бар керуен жолының бойында тұрған Тойшыбек бекінісін жаулап алуға ұмтылды. Сол үшін 1850 жылы наурыз айында мұздай қаруланған капитан К.К. Гутковскийдің басқарған отряды Қапал қамалынан шығып, Үшалматы бойындағы Тойшыбек бекінісіне қарай бет алады. Әскери жорыққа аттанар алдында Гутковский Ұлы Жүздің – Әшекей, Рүстем, Медеу, Керім, Жампоз, Есім, Тілеуберді, Құдайберген және Сәт есімді билері мен сұлтандарына арнайы хат жолдап, онда оларды алдағы экспедиция ісіне қажетті қызметтерін көрсетулерін сұрап жазады. Мәселен, Әшекей биге жіберілген сондай хатта былай деп жазылған: Әшекей Дайырбеков биге. Аса қадірменді би, сіз әділде бейбіт жөн-жобаңызбен тек қана өз ауылыңызда ғана емес, орданың басқа жерлерінде де сый-құрметке иесіз, сол ерекшелігіңіз үшін сізбен танысуға ынтық болдым және сізден халыққа ештенеден қорықпай емін-еркін көшіп-қонып жүру керектігін және бізді әрқашан жаулардан қорғайтын, әрі тәртіп орнататын дос деп түсіндіруіңізді сұраймын. Өзіңізге амандық-саулық және игілік тілеуші Үлкен Орда приставы қызметін уақытша атқарушы капитан К.Гутковский [7, 140-141-бб.]. Осындай мазмұндағы хаттарын жіберу арқылы қазақ билерін өз жағына тартуға тырысқан Гутковскийдің бұл айлалы әрекетінен еш нәтиже шықпады. Өйткені Әшекей би Ұлы Жүздің билеушілерімен бірге Гутковский бастаған экспедицияға тиісті мәліметтерді әкелмей, уақыт ұту мақсатымен отрядқа барынша кедергілер мен тосқауылдар қойып оларды үлкен әбігерге түсіреді.

Сол жылдың 17 сәуірінде ымырт жамылғанда ұзақ жолдан тынығып жатқан жердегі Гутковский отрядына Жетісу өлкесіндегі ықпалды билердің бірі Әшекей өзінің адамы арқылы Тойшыбек бекінісіндегі Аққұлы датқаның хатын жеткізеді. Сосың көп ұзамай Ресей бодандығына ант берген Әшекей бидің өзіде Гутковский экспедициясының жай-жапсарын барлау мақсатымен өзінің орыстарға адалдығын білдіріп және қызметін ұсынған болып отрядқа келіп қосылады. Отрядқа қосылар алдында Әшекей биді Әли мен Рүстем сұлтандар тездетіп экспедиция ісіне ендіру үшін Гутковскийге тағы бір сенімді жолбастаушы ретінде ұсынады. Сондықтан да капитан Гутковский Әшекей биді Тойшыбек бекінісінің қорғанысы туралы мәлімет әкелуге жұмсайды. Осыған қуана келіскен Әшекей би өзінің бір адамын отрядттың келесі түнейтін жерін көрсету үшін қалдырып, өзі Тойшыбек бекінісіне қарай жүріп кетеді [8, 6-7-пп.].

18 сәуірде отряд 20 верстік қашықтықты жүріп өткеннен кейін, Әшекей би қалдырған жолбастаушы оларға алда судың болмайтынын және тағы уақыт ұту үшін келесі күні бекініске дейін жолдың аз қалғанын сендіріп түнейтін жерді көрсетеді. Абылай төре мен оның адамдары және сондағы жолбастаушы Әшекей би қалдырған кісінің сөзін бірауыздан растай түсіп, барлығы да орыс отрядының Тойшыбек қамалына жылдам жетуіне кедергі келтіру мақсатымен бір күннің ішінде жету мүмкін еместігін айтып, отрядтың жүрісін баяулатуға тырысады. Осындай әдіс-айланы қолдану арқылы Әшекей би және оның адамы, сондай-ақ басқа да отрядтағы жолбастаушылар Гутковский әскерінің тез жылжуына барынша тосқауылдар қоя отырып, Тойшыбек бекінісін қорғауға дайындалып жатқан Ұлы жүз қазақтарының көтерілісіне бастарына төнген қауіп-қатерге қарамастан өз тараптарынан қандай да бір пайдалы үлестерін қосудан аянбады.

19 сәуірде Гутковский отряды соңғы өткелге жеткенде Әшекей би оған Аққұлыдан тағы бір хат әкеліп тапсырады, бірақ Тойшыбек бекінісінің жай-күйі мен оның қорғанысы туралы ешқандай мәлімет әкелмейді, қайта оған өткелдің жартысына жеткен жерге тағы бір күн түнеу керектігін айтып, содан кейін отрядқа кейбір билерді ертіп келуге сұранады [9, 171-б.]. Бірақ Гутковский Тойшыбек бекінісі туралы мәлімет әкелмеген Әшекейдің бұл ісінен қатты күдіктеніп оны жібермей, ұстап қалады әрі отрядтың жылдам жүруіне бұйрық береді. Экспедиция құрамында қалған Әшекей би мен Абылай сұлтан жол бастап жүріп, Гутковский отрядын Тойшыбек бекінісіне қарай атаканы жүргізуге ыңғайсыз және бекініске артиллерия өте алмайтын жыра жағынан алып келіп, патша әскерін қатты әбігерге түсірген болатын.

Үшалматы бойындағы Тойшыбек бекінісі  үшін қазақ-орыс әскерлерінің арасында шайқас басталған сәтте Әшекей би отрядтан ебін тауып, қашып шығып, өз билігіндегі Жаныс жігіттерінен құралған жасақты бастап Тойшыбек, Диқанбай, Шаншар, Әли, Қамбар, Құдайберген, Жампоз, Рүстем, Құдайменді секілді билер мен сұлтандар жағында жүріп орыс жаулаушылығына қарсы жан аямай шайқасады. Осылай Ұлы Жүз қазақтары осы шайқаста көрсеткен ерен ерліктерімен Гутковский әскерін талқандап, үлкен жеңіске жетеді.

Ұлы Жүз қазақтарының табанды қарсылығына тап болып, Тойшыбек бекінісін ала алмаған Гутковский қайта шабуылдауға бата алмай, отрядымен кейін шегіне отырып, Қапалға қарай қайтып кетеді. Жетісу қазақтарынан ойсырай жеңіліп, Қапалға олжасыз оралған Гутковскийдің 1850 жылғы 28 маусымда Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаковқа құпия айдарымен жіберген рапортында: «көтерілістің басты кінәлілері: Тойшыбек пен Әшекей билер, сондай-ақ Рүстем мен Құдайменді сұлтандар. Әли сұлтан Әшекейді өте жақсы қырынан көрсеткен, ал Ералының куәлендіруі бойынша ол басты бүлікші және тыныштықты бұзушы. Бірақ басқа билердің де кінәларі кем емес, дегенмен менің мәлімдеуімше, Қаскелеңнен бірер төмен Ілеге құятын Түрген мен Өтеп өзенінің арасында аралас көшіп жүрген барлық Іле Дулаттары көтеріліске қатысты және бізге шабуылдады» [10, 141-п.] - деп жазды.

1851 жылы патша өкіметі Тойшыбек бекінісін түпкілікті жаулап алу үшін және 1850 жылы сәуірдегі Гутковский әскеріне қарсылық көрсеткен қазақ билеушілерін жазалау мақсатымен Үшалматы бойына екінші рет жасалатын жорыққа дайындық жүргізеді. Бұл жолғы экспедицияны басқаруды тәжірибелі орыс офицері подполковник Карбышевке тапсырылады. Ол өзіне тапсырылған жорықты үкіметпен арнайы құпия түрде бектіліп берілген нұсқаулыққа сүйеніп жүргізуге тиіс болды. Онда подполковникке «Тойшыбек бекінісін жаулап алып, оны іргетасына дейін қирату үшін ауыр артиллериямен жаяу отрядты қалдырып, атты іскермен бірге өткен жылғы көтерілістің басты кінәлілерін барлық шараны қолдана отырып тұтқындауды бұйырады. Іледегі Дулат руының барлық билері өткен жылғы көтеріліске шықты, бірақ барынша кінәлілер қатарында: Тойшыбек, Әшекей, Тілеуберген билер, Құдайменді сұлтан және Рүстемнің руластары деп көрсетіп, оларға тиісті шараларды қолдана отырып ұстап, Қапал бекінісіндегі уақытша комендантпен байланысқа түсіп, оларды сенімді күзетпен  Омбыға жөнелту үшін алдымен отрядпен Қапалға жеткізуді тапсырады. Сонымен, кінәлілерді ұстау үшін сіздің іс-әрекетіңіз барлық жағдайда құпия жылдамдықпен жүзеге асуы қажет» [11,35-39-пп.] - деген нұсқау беріледі.

Осы нұсқаулықты орындау үшін 1851 жылы 18 мамырда подполковник Карбышев үлкен экспедиция отрядын бастап Қапал бекінісінен Тойшыбек қорғанына қарай аттанады. Ұдайымен жылдам жүре отырып Карбышев отряды Тойшыбек бекінісіне жеткенде оның бос қалғанын көреді, соған қарамастан ол бекіністі іргетасына дейін талқандауға бұйрық береді. Ал өзі атты әскерді бастап Гутковский отярдына қарсылық көрсеткендерді қатаң жазалауға жүріп кетеді. Бірақ Карбышевтың жазалау отряды Іле өңірінен «орыстарға қарсыласушылардың» бірде-біреуінде кездестіре алмай барлаусыз өңірдің тау-шатқалдарына қарай жүруін қауіпті санап қайтып кетулеріне тура келеді. Алайда олар көтеріліске қатысқан басты кінәлілерді қолға түсіре алмағанымен 1850 жылғы экспедиция ісіне дұрыс жөн сілтемеген және шайқас кезінде Гутковский отрядында ұсталып қалған Рүстем сұлтанның хатшысы Әлім Ягудинді Сібірдің Пельм селосына, Қамбар сұлтанның адамы Қотыр молданы, Рүстем төренің үлкен ұлы Абылай сұлтан мен оның жолбастаушысы Кендірбай биді және Әшекей бидің жолбастаушысын Сібірдің Березов қаласына жер аударады [12, 66-67-пп.]. Тіпті 1850 жылы шайқас жүріп жатқан сәтте Гутковский отрядымен Әшекей бидің қолға түскен екі жылқысы мен бір түйесінде орыс әскеріне көлікке және азығына деп тәркілеп алыпта қояды.

Ұлы Жүз қазақтары Үшалматы бойына мұздай қаруланған Карбышев отрядының келе жатқанын біліп, оған қарсы тұратын Тойшыбек бекінісінің қорғанысы әлі дайындалып іске қосылмағанын түсініп, амалсыздан бірсыпырасы Іледен Шу жаққа көшіп кетуге мәжбүр болады. Мәселен, осы кезде Тойшыбек би мен Әшекей би Іле қазақтарын бастап Шудың арғы бетіне көшіп кетеді. Олардың ізімен Дулат руының – Бабабек, Баят, Жәнібек, Ниязбек, Қинабай, Жампоз, Есім және т.б. билер бастаған қауым да көшті. Мәселен, 1851 жылы қазан айында Дулат руының аға сұлтаны Әли Әділұлының Приставқа берген мәліметінде: «Қасқараудан Керімнің туыстары, Тілеуберді және Мәукемен бірге солтанкелдінің бір тармағы – бөкен, ботбайдың бір тармағы – жанқойлық деген бір ру осында. Қазыбек би Тайтелиннің мұнда аз ғана ауылы қалды. Туғанбай би қармағынан 10 ауыл кетті, қалғаны осында. Дәуітәлінің қарамағындағылардан қанша кеткені маған белгісіз, бес не ондайы қалды. Сарыүйсіндер, Сары би  осында. Ормақай мен Байсақал осында, яғни Іленің осы бетінде» [13, 5-6-пп.] - деп көрсетті.

Алайда, орыс әскерінің жаулаушылығына қарсы күресіп көзге түскен Әли сұлтан мен Диқанбай би Іленің оң жағалауында өз ауылдарымен қалып қойған еді. Оларды қалай да Іленің сол жағалауына көшіріп әкелу үшін қоқан бектері Шу жақтағы қоқандықтардың ықпалында жүрген Әшекей секілді беделді билерді араға салмақшы болады. Сол үшін де Нұрмұхамед паруанбасы 1851 жылы Рүстем сұлтанға, Байзақ датқаға, және Әшекей биге былай деп хат жазады: «Біздің үкіметке сенімді және халық арасында сыйлы Рүстем сұлтан және Байзақ пен Әшекей билерге үлкен құрмет көрсете отырып және біз Құдайдың арқасында барлығына ризамыз, иелігіміз өздігінен біздің үкіметке қосылып жатыр және Құдайдың мейірімі бізге қамқор болып отыр. Менің сыйлайтын және жақсы көретін Сопыбек биді өткізуді қолыма алып, Үлкен Орда қазақтары мен қырғыздардың барлық біздің бекіністер мен болыстықтарға бастық етіп бекітіп мен оны Әулиеата бекінісіне жібердім. Сіздерден оның қоластынан шықпай барлық бұйрықтарын орындауларыңызды және оны біздің бекіністегі басқа билерден жоғары санауларыңызды сұраймын, өйткені Сопыбектің барлық бұйрықтары менің бұйрығым болып есептеледі, егер сіздер менің өтінішімді орындасаңдар мен өте риза боламын, еске сала кетейін, яғни бағыну мен тыңдау жаңсақ болмасың, бірақ сіздердің жүректеріңіз бен қалауларыңыз барлық жағынан менің қалауыммен сәйкес келеді. Сенімді мәліметтер бойынша Әли сұлтан мен Диқанбай би қазақтармен Іле өзенінің оң жағалауында отыр, мен сіздерден Әли сұлтан мен Диқанбай биді ел-жұртымен Іленің сол жағалауына өтуге көндіру үшін саналы шараларды қабылдауарыңызды сұраймын, өйткені менің бір ғана қалауым бірлік пен келісімді қолдаймын. Аман болыңыздар – деп әскер басшысы Нұрмұхаммед Мұхаммедбаев өзінің мөрін басты» [12, 50-п.].

Осыдан кейін көп ұзамай Әшекей бидің жақын әрі ниеттес серігі Диқанбай би мен оның туысы Әділбек би өздеріне қараған ауыл-аймақтарымен Іленің сол жағалауына, яғни қоқандықтар жаққа қарай көшіп барады. Осы жөнінде 1851 жылы қазан айының аяғында Ералы Әділұлы пристав Перемышельскийге «Диқанбай мен Әділбек өз болыстықтарын бастап Іленің арғы бетіне көшіп кетті. Мен сол қазақтарға барып, өзімнің ақылымды айттым, мені тыңдағандар қайтып келді, олардың айтуынша, өздерінің малдарын оттату үшін көшкен екен, олар ары қарай көшпейтін секілді, бірақ мен анығын білмедім. Маған құлақ асқандар осында қалды, ал тыңдамағандар көшіп кетті» [13, 1-п.] - деп хабарлайды.

Патшалық Ресейдің Жетісу жеріндегі жаулаушылық саясатының қарқынмен жүргізіліп жатқанына куә болған қоқандықтар енді Іле өзенінің сол жағында және Шу бойындағы Ұлы Жүз қазақтары арасындағы ықпалын барлық мүмкіндігі бар шараларды қолдану арқылы нығайтуға тырысты. Алдымен олар Ұлы Жүз қазақтары мен қырғыздар құрмет тұтпаған Пішпек бекінісінің басшысын орнынан алып тастаудан бастайды. Осы жаңалықты қазақ билеушілеріне тезірек жеткізуге солты руының Жаңғараш манабы қолқа салады. Ол 1852 жылы Дулат руының ықпалды билері Әшекей мен Баятқа және өзге да Жаныс пен Сиқым руларының құрметті адамдарына жолдаған хатында: «сіздердің өтініштеріңіз бойынша Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздар жақтырмайтын Пішпек бекінісінің басқарушысы орнынан түсірілді, оның орнына қолбасшы Дәуреннің ұлы Сопыбек тағайындалды. Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздарды басқару үшін ол Пішпекке келді, бәріміз оны қарсы алдық, оның келу құрметіне бәйге берілді. Бізді қабылдауы өте жақсы болды, біз оның тағайындалуына қатты қуанып жатырмыз. Сіздерден өтінерім бірлік пен татулықты тыныштықты сақтайық. Осы хатты алған соң, өз балаларыңызды Сопыбекпен жолығуға және тәлім алуға жіберуді тездетіңіздер. Жаңғараш манап мөрімді бастым» [12, 51-п.] - деп жазылған.

Сопыбек би Пішпектің басшылығына тағайындалғаннан кейін-ақ Шу жақтағы қазақ билеушілеріне өз атынан мынандай мағынадағы хатын жолдаған: «Шын көңілмен және жан-тәнімен біздің адал үлкен бауырларымыз Баят би, Әшекей би,  бізге тілектес бектерге және басқаларына өзіміздің тағзымымызды көрсетеміз. Осымен біздің сөзіміз мынандай мағынада: енді біздің Нұрмұхаммед паруанбасы қырғыздар мен басқа да қазақтардың барлық қоғамының алдыңда басқаруды қабылдады және жақсы уақытта маған Пішпек қорғанын табыстады. Ал Мұхаммед Жүсіп би біздің қоғаммен алауыздықта, сол себеппен сіздердің қоғамға мені лайықты деп санағандықтан, біз Құдайға мадақ аман-есен сайландық. Сосың бізге беделді және қарапайым, үлкен және кіші адамдар келіп біздің басқарманы, қамқорлықты және мейірбандықты, ақыры біздің достық ниетімізді көрді және разы болып қалды. Сонымен егер сіздер өздеріннің беделдеріңіз бен мәртебелеріңізді сақтасаңыздар және әрдайым тыңдайтын болсаңыздар онда Құдайдың рақымымен өздерін үшін ешқандай жамандық көрмейсіңдер, егерде сіздердің сезімдеріңіз өзгерсе және сіздердің пікірлеріңіз құбылса, онда өздерін біліндер тағы бірнеше сөз қосамызда, біз мейлі жетімдер, жесірлер және балалар аяқ астында қалмасың деп сіздерді бөлеміз, болыстық пен иелік құрып береміз. Біз қуаныш үшін Мұхаммед Фазыл Тоқсанбайды жібердік және сіздер хатты алысымен өздерініз осында болып және біздің мейірбандылығымызға көз жеткізесіздер. Сопыбек мөрімді бастым» [10, 78-арт-п.] – деп жазды.

Осыған ұқсас хатты Тоқмақ бекінісінің басшысы Ханқұлы датқа Жаныс руының ықпалды адамдары – Бабабек биге, Әшекей биге, Жәнібек биге, Ниязбек биге және Қинабай биге жазған болатын.

1851 жылы подполковник Карбышев отрядының Іле бойындағы Тойшыбек бекінісін жаулап алғанына және 1854 жылы сол өңірде патшаның Верный қамалын тұрғызғанына қарамастан, Ұлы жүз қазақтары орыс жаулап алушылығына қарсы табанды түрдегі қарсылықтарын тоқтатпады. 1851-1856 жж. аралығында Ботбай Тойшыбек бидің балалары Байсейіт пен Керімбек батырлар бір топ Ұлы Жүз жігіттерін бастап Верный бекінісіне және оған іргелес жатқан орыс қоныстарына бірқатар шабуылдар ұйымдастырып, сол жерден бірнеше адамды тұтқынға алады, мұнымен қоса Байсейіт батыр бастаған қазақ жігіттері Қапал мен Верный арасын байланыстырып тұратын күре жолдан өтетін орыстардың әскери көліктеріне де шабуылдар жасап жүрді. Бұдан кейін де орыстардың жаулаушылығына қарсы Ұлы Жүз қазақтарының қарулы шабуылдары мұнымен тоқтаған жоқ.

1859 жылы патша өкіметі Жетісудың Іле өңіріндегі отарлық шараларын күшейту үшін Қастек жерінде Қастек бекінісін салдырады. Одан кейін Верный мен Қастек бекіністерін бір-бірімен байланыстырып тұру үшін Қаскелең мен Ұзынағаш пикеттерін салып, оның әрқайсына казак отрядынан бір урядник пен 12 солдатты тұрғызады. Сонымен патша өкіметінің Жетісудағы отарлау саясаты бірте-бірте қарқын ала береді.

Патша әскерінің Үшалматы жерін жаулап, одан Қастек маңына жылжығанын және Венюков бастаған әскери экспедицияның Шу өңірін барлап қайтқанын естіген қоқан ханы Мәллебек сол уақытта 3000 жауынгерді жасақтап Рүстембек паруанбасының басшылығымен Шу алқабындағы Пішпек бекінісіне қосымша әскердің келуіне дейін сонда тұрақтауы үшін аттандырады. Сөйтіп олар ұдайымен жедел жүре отырып Пішпек қамалына қоқан ханының бұйрығымен жылдам келіп жетеді. Онда Рүстембек паруанбасының өзін және оның жауынгерлерін Тоқмақ пен Пішпек бекіністерінің коменданттары Әлішер мен Атабек датқалар қарсы алып, өңірде орын алған әскери жағдаймен таныстырады. Қоқандықтардың Пішпекке үлкен әскерді әкелгені туралы ақпарат Іле және Шу өңірлерінде көшіп жүрген қазақ ауылдарына да лезде тарайды. Мұрағат құжаттарының көрсетуінше осы кезде Ботбай Сыпатай батыр, Қасқараулық Керім, Жыланкөз және Қырбас батырлар өз жасақтарын бастап Пішпектегі Рүстембек паруанбасыға жолығып, орыстардың Қастек гарнизонына шабуыл жасауға қолайлы жағдайдың туғаны туралы үгіттей бастайды [14, 27-28-пп.]. Ал бұл уақытта Дулат және Шапырашты руының аға сұлтаны Әли Әділұлы болса, Ұлы жүздің Әшекей, Диқанбай, Сәт, Сұраншы, Андас, Суан, Туғанбай есімді батыр-билерді, Тезек төрені және басқа да беделді тұлғаларды шақыртып, Қарғалы өзені бойында қоқандық әскердің Іледегі орыс бекіністеріне шабуыл жасаған сәтінде әскери қатысумен қолдау танытатындары жөнінде жасырын кеңес өткізеді [9, 154-п.].

Сөйтіп, 1860 жылы шілде айында қоқандық әскерилер Рүстембек паруанбасы, Әлішер мен Атабек датқалар жергілікті Дулат және Шапырашты руының беделді батырлары мен билерінің толық қолдауымен 3000 әскерді бастап Іледегі орыстардың әскери гарнизоны – Қастекке шабуылға аттанады. Олар жылдам жүре отырып Қастектің батыс жағындағы 35 шақырымдай жердегі «Балажансаз» деген жерге келіп орналасады. Осы жерден Ботбай Байсейіт батыр бастаған Шу өңіріндегі 300 қазақ жігіттері басты әскери күштің алдағы қорғаныс шараларын қамтамасыз ету мақсатымен Қастекке қарай тартады, мұрағат деректерінің көрсетуінше олар 8 шілдеде таңғы сағат 9-да Қастек гарнизоны маңында жайылып жүрген табын жылқыларды айдап әкетпек болады, бірақ сол сәтте гарнизонның бақылау постында тұрған күзеттің белгі беруімен сондағы төмеңгі шендегі 30 солдат жылдам жылқыларды бекініске қарай қуа жөнелген кезде Байсейіт батырдың жігіттері оларға шабуыл жасап атты артиллерияның жанындағы екінші ротаның қатардағы солдаты Федот Гавриловты тұтқынға алады. Олардың соңынан сотник Хранцовтың басшылығымен 35 казак солдаты қуғынға түседі, бірақ оларға жете алмай кейін қайтады[15, 84-85-пп.]. Одан кейінгі түркі-мұсылман әскерінің біріккен күші 9-10 шілде күндері Қастек гарнизонына бірнеше шабуыл жасайды. Сол шабуыл кезінде басты қоқандық әскерден Қасқарау Керім, Қырбас, Жыланкөз және Ботбай Сыпатай, Байсейіт батырлар бөлініп, әрқайсысы жекелеген қазақ жігіттерінен және оларға Іле жақта орыстардың көз алдында көшіп жүрген Жаныс Әшекей, Ботбай Диқанбай және Шапырашты Сұраншы мен Андас батырлар өздерінің сарбаздарымен қосылып Қастек түбіндегі орыс-казактардың жиналған шөмелейлерін, Іле бойындағы бақылау постын және орыс хуторларын өртеп кетеді, бірақ Іле бекінісіне шабуылдап, ондағы паромды жойып жіберуге үлгермейді[16, 81-82-пп.]. Себебі осы кезде Верныйдан полковник Циммерман бастаған үлкен отряд Қастек гарнизонындағыларға жылдам көмекке келіп, түркі-мұсылман әскерінің шабуылдарына үлкен тойтарыс береді. Деректердің көрсетуінше осы қақтығыстан кейін қоқандықтар барлық әскермен кері шегініп, Пішпекке қайтыпоралуларына тура келеді және әскер қатарындағы Ұлы жүз қазақтары өз ауылдарына тарқап кетеді.

Осы жағдайдан кейін Г.Колпаковский 1860 жылы 25 шілдеде штаб-капитан Василевке Қастек бекінісі мен оның айналасына төтенше жіті бақылау орнатуды талап етеді және Қастекке депутат Әбілес сұлтанды бірнеше атты жігіттермен Шу өңірі мен Іле жақтағы қазақтар туралы барлық ақпаратты жинап тікелей өзіне жеткізуді тапсырады. Сондай-ақ Колпаковский Іле жақта көшіп-қонып жүрген Шапырашты, Қасқарау, Ботбай және Жаныс руларының жартысы егіндерін орып алғаннан кейін Шуға қарай көшіп кетуге дайын екендерін естиді, сонын алдын алу үшін Әбілес сұлтан арқылы аталмыш руларды, әсіресе солардың билеушілері Әшекей, Сұраншы, Андас, Диқанбайдың үстінен бақылау орнатуды да тапсырады. Бірақ осы жөнінде Әбілес сұлтанға айтпауды, егер ол біліп қойса онда аталмыш рулар Шуға қарай көшуді бастап кетуі мүмкін. Онда сіздің қолыңызда шоғырланған күшпен сол көшке тосқауыл қоюға және ұстауға тырысып, барлық жағдайды жылдам хабарлап тұруды бұйырады[15, 85-п, 106-п.].

Патша өкіметінің қадағалауына қарамастан, Әшекей би 1860 жылы тамыз айының алғашқы күнінде өзіндік ауыл-аймағымен төмен алқапқа қарай түсіп, Шуға қарай бірі қалмай көше бастайды. Мұны естіген Г.Колпаковский дереу депутат Әбілес Әлиұлына сізден жылдам осы ақпараттың анығына жетіп, егер Әшекей расында төмен түсетін болса, онда оны сөзсіз ауылымен қайтарып, осы жаққа көшіріп, Әшекейдің үстінен қатаң қадағалау жүргізуді тапсырады. Орыс өкіметінің бақылауына ілінгеніне қарамастан Әшекей би Ұлы жүздің басқа да би-батырлары секілді қоқандықтармен үздіксіз жүргізіп тұрған байланысын үзбейді.

Енді патша өкіметі Іле жақта көшіп жүрген қазақтардың арасынан қоқандықтармен тығыз байланыста болған күдіктілерді қалайда әшкерелеуге кіріседі. Осындай мақсатпен 1860 жылы 3 тамызда Бөлек Сібір корпусының командирі Алатау округі мен Үлкен Орда қазақтарының бастығы қызметін атқарушы Колпаковскийге Андасты, Әшекей мен Диқанбайды қазір-ақ ұстап және тұтқындап Қапалға жөнелту, сонда бұйрық шыққанға дейін ұстау. Сұраншыны әлбетте отряд құрамында болуын және оны жіті қадағалаумен экспедицияға қатысуын күштеу керек, ал оның бауырын аманатқа алу. Ұлы жүз буынындағы рубасшылар мен старшындардың арасындағы араздықты қолдауға тырысу қажет. Бұл кінәлілерді әшкерелеуге әкеледі[17, 33-п.]– деп жазды.

Бөлек Сібір корпусы командирінің бұйрығын орындау үшін Колпаковский Шу алқабына жасалатын әскери жорыққа дайындалып жатқан полковник Циммерманмен Қастекке шабуыл кезінде қоқандықтарға адамдарымен белсенді түрде болысқан Дулат және Шапырашты руларының билеушілері – Әшекей, Диқанбай, Сұраншы, Андас есімді төрт батырды тұтқындау пиғылымен Верныйға шақыртып, экспедиция жұмысы аяқталғанша сонда қадағалауда ұстау туралы және әскери жорық кезінде сол жақтарда қандай да бір бүлік ұйымдастырылған болса, онда аталған билерді босатпай ары қарай тұтқындайтыны туралы кеңеседі. Екеуі өзара кеңескеннен кейін, есімдері аталған төрт қазақ батыры Колпаковскийдің бұйрығымен Верныйға шақыртылады. Бірақ мұрағат деректерінде бұл батырлардың Верныйға өз еріктерімен келгені туралы айтылмайды. Алайда 1860 жылы тамыз айының ортасында патша отряды Жаныс Әшекей батырды қандай да бір жолмен ұстап тұтқынға алған болатын. Ал, сол жылдың 22 тамыз күні Бөлек Сібір корпусының командирі Алатау округінің бастығы Колпаковскийге ұсталмаған Диқанбай мен Андас батырларға тиісті шараларды қолданып жылдам тұтқындауды тапсырады[17, 170-п.]. Сөйтіп Диқанбай батыр мен Шапырашты Андас мырзамен бірге Әли сұлтанда Верныйда тұтқындалып, олардан бұрын қолға түскен Әшекей батыр секілді қадағалауға беріледі. Ал, солармен қатар Верный бекінісінде ұсталған Сұраншы батыр болса бірден Колпаковскийдің талабымен Циммерман экспедициясының құрамына алынады.

Экспедиция отрядына жастарының ұлғайып қалғанына байланысты алынбаған Әли сұлтан мен Диқанбай би, сондай-ақ Андас батыр Циммерманның экспедициясы Шу өңірінен қайтқанша Верный бекінісінде аманатқа қалдырылады, ал барлығынан бұрын орыс өкіметіне өте қауіпті қарсыласушы болып саналған Әшекей батырды 1860 жылдың 19 тамызында Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфорттың бұйрығымен оқталған мылтықтары бар алты казактан тұратын қарулы күзетпен Қапалға жөнелтеді, ал 22 тамызда ол сондағы абақтыға жеткізіліп, жаңа бұйрық шыққанға дейін сонда қамауда ұстайды[18, 4-5-пп.].

Патшалық Ресейдің Жетісудағы жүргізген отарлық саясатына қарсыласушы және жауласушы Шапырашты және Дулаттың Жаныс, Ботбай тармақтарын басқаратын басты билеушілерді аманатқа және тұтқынға алғаннан кейін, олар туралы Колпаковский Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфортқа мынандай мәлімет береді: «К открытию партии образовавшихся во враждебном к нам духе также приняты меры, и хотя нет фактов но безошибочно можно сказать, что во главе этих парти находятся: у Дулатов старший султан Әли, у Бутбаев прапорщик Диканбай, у Чапраштов Андас, у Жанысов Ачикей» [17, 77-п.].

Циммерманның отряды экспедициядан Верныйға оралғаннан кейін, онда аманатта отырған Диқанбай мен Андас батырлар босатылып, ауылдарына жіберіледі, ал аға сұлтан Әли Әділұлының жасы мен дәрежесін сыйлап, тұтқынға алмай алдағы уақытта өзін осылай екі жүзді ұстайтын болса онда оған ешқандай аяушылық болмайтынын ескертеді, бірақ қалай болғанменде Қапалда орыс тұтқынында бір өзі отырған Әшекей батыр босатылмайды.

Патшаның бұйрығымен, қоқандықтардың Шу бойындағы алдыңғы қатарлы бекіністерін жаулап алуға жіберілген полковник Циммерман өзіне жүктелген бұл тапсырманы орындап, 1860 жылы қыркүйек айының басында Жетісудан біржола қайтып кетеді, ал оның өлкедегі атқарған әскери міндеті Алатау округінің бастығы Колпаковскийдің қолына өтеді. Ол Пішпек пен Тоқмақ бекіністері қиратылып енді қоқандықтар Дулаттар мен қырғыздар арасындағы ықпалынан айырылды, осыдан кейін қазақтар қоқандықтардан біржолата кетіп, бізге қарсы қандай да бір жаулық әрекеттерін жасамайтын болады деген мақсатпен 1860 жылы 15 қыркүйекте ғана Қапалда 25 күн бойы орыстардың тұтқынында отырған Жаныс руының ықпалды биі, әрі батыр Әшекей Дайырбекұлын қамаудан босатады[18, 6-6-арт-п.].

Верныйдағы аманаттан және Қапалдағы тұтқыннан қазақ батырларының босатылғанын естіген Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфорд 1860 жылы 1 қазанда Колпаковскийге: «Неге сіз Диқанбай, Андас және Әшекейді жылдам босаттыңыз, оларды әлі де болса тұтқында ұстап отыру керек еді, бірақ бұл осылай істелгендіктен, сізге олардың үстінен қатаң бақылауға алуыңызға кеңес беремін, дегенмен бұл көшпенділерді қадағалау оңай емес. Егер де қоқандықтар тарапынан көктемде жаңа әрекеттер жасалатын болса, оларды сол уақытта-ақ кепіл түрінде ұстау керек, олар бір рет бізге опасыздық жасағандарымен белгілі болғандықтан, біздің үкімет өзінің сақтық шараларын жасауы қажет. Тіпті қарсылық көрсеткен қазақтарға мейірімділік емес өте қатаңдық көрсетуіміз керек, өйткені олар оны түсінбейді және оған біздің әлсіздігімізді немесе қоқандықтар тарапынан жаңа әрекеттердің қауіпін жабады, әйтседе егер ханның өзі әскерін бастап келсе, онда Шу өзенінің жоғарғы жағында көшіп жүрген қазақтар мен қырғыздардағы біздің ықпалымызды, тіпті біздің Іле өлкесіндегі билігімізді жойып жіберетіндей бір ойдың жасырылатынын сендіргем, өйткені қоқандықтар әлі де болса ол жерлерді Тойшыбек бекінісін қиратқан кездегі алған сабақтарына қарамастан өздерінің жетістігі санайды» [17, 202-203-пп.] – деп жазды.

15 қыркүйекте  Жаныс Әшекей би орыс тұтқынынан босатылған кезде, Колпаковский оны Қапалдағы әскердің басқарушысы арқылы Верныйға шақыртады. Бірақ мұрағат құжаттарының арасынан Әшекей бидің Колпаковскийге барғаны жөнінде бірде-бір дерек кездестірмедік, соған қарағанда ол Қапалдан шыққан бойы бірден Іле бойындағы өз ауылына арай жүріп кеткен. Ал бұл кезде Әшекейдің ауылы Диқанбай, Андас және Сұраншы билердің ауылдарымен бірге Қастек, Шамалған, Ақсай жерлерінде көшіп жүрген еді.

1860 жылдың қазан айының басында Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфорд тағы да Колпаковскийге мәлімдеме жазып, онда экспедициядан кейін тұтқыннан босатылған Әшекей, Диқанбай, Андас билерді жылдам ұстап қайтадан тұтқынға алуды тапсырады. Өз кезегінде Колпаковский сол жылдың 8 қазанында өте құпия айдарымен Гасфордқа «дәл қазір ол билерді ұстау шараларын жүргізу мүмкін емес, себебі, қазір сол билерге қарайтын барлық болыстар Іле бойымен төмен қарай бүкіл қыс бойына тұзбен қамданып алу үшін түсіп барады, одан кейін қайтадан олар Верный мен Қастекке қарай жылжып сонда қыстауға орналасатын болады. Олар сол жақтан 15 күннен кейін келеді және сол кезде тұтқынға алу шарасын жүргізуге қолайлы жағдай туатынын рапортында көрсетеді» [17, 232-п.].Бірақ Колпаковскийдің бұл ойы қайткенменде жүзеге аспай қалады. Өйткені Әшекей, Андас, Диқанбай, Сұраншы билер бастаған қазақ ауылдары Іледегі егістіктеріндегі егіндерін орып жинастырып, Ілемен төмен түсе отырып қыс бойына жеткілікті деңгейде тұзбен қамданып алып кері бұрыңғы жерлеріне оралмай, бірден Шу жақтағы қоқандықтарға қарай көшіп кеткен болатын. Алдымен олар патша өкіметінің өлкедегі отарлық саясатына қарсы наразылықтарын Шу өңіріне қарай көшулерімен білдірген болса, ал одан кейінгі уақыттарда орыс бекіністеріне тағы да ұйымдастырылған қарулы шабуылдарға қатысуларымен танытқан болатын.

1860 жылы Мәллә хан Үшалматы, Тоқмақ және Қастек тұсындағы бекіністерді және оның айналасындағы жерлерді орыстардың жаулап алғанын Ташкент билеушісі Қанағатшадан естіп, сол уақытта-ақ өз әскербасыларын және шенеуніктерін жинап, солардың кеңесі бойынша Әндіжан билеушісі Әлімбекке өз әскерімен Құртқа арқылы өтетін жолмен жүруді, ал басқа жеті-сегіз пансатбасшыларға орталықтан жиналған қосындармен және Құрама қосындармен Ташкентке келуді бұйырады. Сөйтіп орталықтың пансатбасылары Құрама қосындармен бірге үлкен жылдамдықпен Ташкентке келіп жетеді. Олар Ташкентте екі-үш күн аялдайды. Сол жерде Қанағатшаhта Ташкенттік қосындарды жинап, көптеген нүкерлері мен әскерлерімен бірге Ташкенттен ғазауатқа қатысу үшін Пішпекке қарай жүріп кетеді.Қоқан әскерлері өте жылдам жүріп, екі-үш күнде Шымкентке жетіп, онда екі күн дем басып үшінші күні қайта жолға шығады[19, 234-235-бб.].

Сөйтіп Қанағатшаh бастаған қоқандық әскерлер алтыкүндік ұзақ шақырымдық жолды қиындықсыз еңсеріп өтіп, 1860 жылы қазан айында алдымен Талас өзенінің бойындағы сол кезде Шадыбек датқа басқарып тұрған Әулиеата бекінісіне келіп аялдайды, мұнда олар алты күн бойы демалады. Осы уақытта Қанағатшаh Әулиеата бекінісінде жиын өткізуді қолайлы деп тауып, есаулдары арқылы өзінің атынан сол кезде Талас және Шу өзендерінің бойында көшіп жүрген Ұлы жүздің барлық құрметті адамдарының әрқайсына жеке-жеке арнап жазылған үндеухаттарды таратып әрі сол жиынға қатысуға шақырады. Сондай үндеухаттардың бірі Жаныс Әшекей батырға жіберіледі. Ол өзі секілді үндеухаттарды алған Диқанбай, Керім, Андас, Сұраншы, Дәулетбақ, Сәт, Нарбота, Жарғақ, Кебек есімді би-батырлармен бірге Қанағатшаhтың шақыртуына барып, Әулиеата жиынына қатысады. Сол жиында жиналған қазақтың батыр-билері Қанағатшаhтың орыс жаулаушылығына қарсы шабуылға шығатын пікірін бірауыздан қолдайтындықтарын білдіріп, өздерінің жеке жасақтарымен түркі-мұсылман әскеріне қосылып, патша отрядына қарсы шығып, соғысқа қатысуға келіседі. Бар мәселе талқыланғаннан кейін, Қанағатшаh жиынға қатысушылармен жақын күндері қиранды Пішпек қамалының түбінде жиналатын болып уағдаласады. Деректердің көрсетуінше, шамамен қазан айының бас кезінде Пішпек маңына алыс-жақын жерлерден аралары үзілмей азды-көпті атты сарбаздармен Керім, Қырбас, Сыпатай, Диқанбай, Жыланкөз, Дәулетбақ, Байсейіт, Кебекбай, Әлдекен, Әділбек, Байзақ, Батырбек, Құдайберген, Нарбота, Сәт және т.б. батыр-билер бірінен соң бірі ағылып келе бастайды. Солардың ізімен Жаныс жігіттерін сақадай сай саймандап Әшекей батыр да келіп жетеді.

Сонда бір апта болғаннан кейін Қанағатшаh паруанбасы Пішпекте жиналған барлық қосынды бастап шығып, екінші күні Шу өзенінің жағалауына келіп тоқтайды. Осы жерде қоқандық әскерге Әшекейдің жақын секріктері Шапырашты Сұраншы мен Андас батырлардың өзі және бауырлары мен олардың 500 жігіттен тұратын жасағы, сондай-ақ Шапырашты Саурық батырдың балалары келіп қосылады. Соларға дейін бір күн бұрын Қасқараулық Алпысбай мен Шаян батырлар да өз жігіттерімен қоқандық қосынмен біріккен еді. Жаңа қосылған қазақ батырларын Қанағатшаh паруанбасы түрлі сый-сияпатпен қарсы алды, мәселен Сұраншы батырға өте таза қанды бір арғымақты, оған қоса күміспен қапталған, алтынмен тігілген ертоқым және халатпен бірге алтын қылыш сыйға тартылды[20, 100-п.]. Мұндай сый-құрмет оның аталас бауыры Андасқа және олардан бұрын келген Алпысбай мен Шаян батырларға да көрсетілген еді.

Жалпы Пішпектен Іледегі орыстарға қарсы жорыққа шыққан Қанағатшаh паруанбасы басшылығындағы түркі-мұсылман әскерінің құрамында Ұлы жүздің ішіндегі Дулат, Шапырашты руларының қазақтары және ішінара басқа да қазақ руларының адамдары болды. Орыстардың қолына түскен бір тұтқынның берген мәліметінде Қанағатшаh қосының ішінде Жаныс Әшекей батырдың жеке жауынгерлері өте көп болғаны айтылады.

Сөйтіп Қанағатшаh әскері Шудан шығып, Шөміш өткелі арқылы Қордай асуынан асып Ырғайты-Қайынды деген жерге жетеді, одан ұйдайымен жедел жүре отырып Жаманты, Талдыбұлақ, Қозыбасы, Үшбұлақ, Жиренайғыр жерлерін еңсеріп, 19 қазанда Ұзынағашқа жетіп, сонда орыс отрядымен алғаш рет қақтығысады. Осылай Әшекей батыр 1860 жылы 19-21 қазанда Қанағатшаh сераскир басқарған біріккен түркі-мұсылман әскерінің құрамында болып атақты Ұзынағаш шайқасына қатысады. Алғашқы әскери қақтығыс 19, 20 қазан күндері Ұзынағаш түбінде өткен болса, ал шешуші шайқас 21 қазанда Қарақастек өзенінің екі жағындағы жазық алқапта жалғасты. Үш күн бойына созылған осы қанды қырғын шайқастарға Әшекей батыр бір топ Жаныс жігіттеріне (деректерде 130 атты сарбазға делінген, бірақ оның сарбаздары одан да көп болған секілді) қолбасшылық жасап араласқан. Сонымен бірге бұл шайқасқа қазақтың басқа да батырлары, атап айтсақ, Шымыр Байзақ датқа, Ботбай Сыпатай мен Байсейіт батырлар, Шапырашты Сұраншы мен Андас батырлар – 500 атты сарбазды, Қасқарау Шаян батыр – 9 атты сарбазды, Ботбай Диқанбай батыр – 100 атты сарбазды, Сиқым Шомай батыр – 4 атты сарбазды, Шапырашты Нарбота мен Сәт батырлар – 10 атты сарбазды, Жаныс Әлдекен бай – бірнеше жүз атты сарбазды (мұрағат құжатында нақты саны берілмей осылай көрсетілген) [20, 46-47-пп.] және Қасқарау руынан Керім, Қырбас, Жыланкөз, Кебекбай, Төлбай, Тойбай, Дәулетбақ, Қарабай батырлар өз жасақтарын бастап шықты [21, 146-168-бб.].

Үзіліспен үш күнге созылған бұл қан төгістің ақырғы шешуші шайқасының өзі тынымсыз сегіз сағатқа созылды, нәтижесінде соңғы үлгімен қаруланған қуатты орыс артиллериясының қорғанысын бұза алмайтынын жақсы түсінген Қанағатшаh сераскир әскерді бірден соғыс алаңынан кейін шегіндіріп алып кеткен болатын. Осылай үш күнге созылған атақты Ұзынағаш шайқасы аяқталады.

Ұзынағаш шайқасынан кейін патша өкіметі қоқандықтар жағында жүріп ұрысқа қатысқан қазақтың батырларын, соның ішіндегі Әшекей биді де қоса бақылауға алып, оларға тиісті жазаны қолдану үшін қолайлы жағдайды пайдалана отырып, тұтқындауға тырысады. Мәселен, 1860 жылы 8 қазанда Алатау округінің бастығы Колпаковский Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфордқа өте құпия айдарымен жазған рапортында: «Хотя против Ачикея и нет скольких обвинительных показании как против Андаса, Диканбай и Суранчи; но тем немене без ошибочно можно причислит его к числу  тех киргиз, которые наиболее антипатичны нам. К такому заключению приходить мене то обстоятельство, что Ачикей еще в прошлом году намеревалься уйдти за Чу, но был остановлен от этого и возврашен уже с дороги; кроме того несколько раз ходили на счет его слухи о подобном же намерение. Само собой разумеется, что все эти обвинения хотя и недоказоно фактически заслуживають примерного наказания» [17, 232-п.]. Генерал Гасфорд Колпаковскийдің бұл ойын толық қолдап, сол жылдың 22 қазанында оған «Диқанбай мен Андас тұтқындалып бірінен соң бірі Омбыға жөнелтілетін болсын, ал Сұраншы мен Әшекейдің үстінен ерекше бұйрық шығатын болады, соған дейін оларды қатаң бақылауға алынатын болсын» [17, 237-п.] – деп бұйрық береді. Алайда Колпаковский Ұзынағаш шайқасына қоқандықтар жағында жүріп қатысқан Әшекей биді және одан өзге де қазақ билеушілерін Шу жақта көшіп жүргеніне байланысты тұтқындай алмайды. Сол себепті ол 1860 жылы қазан-желтоқсан айлары аралығында Шапырашты және Дулат руының: Нарбота, Сәт, Сұраншы, Диқанбай, Керім, Шомай, Қырбас, Андас және Әшекей секілді билердің әрқайсына өз атынан Ілеге қарай көшіп келсеңдер кешірім болатынын ескертіп хаттарын жібереді. Орыс жаулаушылығына бұрыннан қарсыласушы Әшекей секілді қазақ билері Колпаковскийдің жіберген хаттарына мүлдем құлақ аспай Шу өңіріндегі қоқандықтар жағындағы көштерінде қала береді. Осы кезде маусымдық жайылымның өзгеруіне байланысты Диқанбай, Андас, Сұраншы және Әшекей өз ауыл-аймақтарымен бірге Шөміштен бастап Шу бойымен төмен қарайғы жерлерге қыстауға тұрақтаған болатын [20, 148-п.]. Аталмыш билерді Іле жаққа бейбіт жолмен қайтара алмаған Колпаковский енді оларға әскери күшті қолдану арқылы бағындыруды ойластырады. Бұл жөнінде 1860 жылы 21 қарашада Колпаковский генерал Гасфордқа құпия айдарымен тағы да мәлімдеме жазады: «Если принятые мною меры к успокоению изменников в видах возврашения их на нашу сторону будуть безуспешны, тогда не соблаговолит ли ваше высокопревосходительство разрешить при удобном случае, сделать набег на их аулы и предать все огню и мечу. Такой удобный случай может представиться тогда если волости эти, как пронеслись слухи перейдуть для зимовок на Ргайты, если же будуть оставатся на тепершних местах по Чу то нераньше быть выполнен. Этот план как весной во время полноводия, когда оставлены вразгоренном Пишпеке кокандцы не в состояние будуть подать изменникам вооруженный помощи» [20, 148-п.].

Полковник Колпаковскийдің бұл жоспары тек 1861 жылдың басында ғана жүзеге асады. Алайда ол орыс өкіметімен жауласушы топтың барлық көсемдерін ұстай алмайды, тек солардың ішіндегі Қасқарау руының билерін ғана тұтқындайды және солармен қатар патша әскері Шу жақта көшіп жүрген Әшекей мен Сұраншы билердің жүздеген жылқыларын да қолға түсіреді.

1861 жылы қаңтар айының басында Қасқарау руының Керім биі өзінің қол астындағы болыстығымен Жон деген жерде жем-шөп болмауынан шығысқа қарай жылжып, Жамантыөзені бойындағы шатқалға келіп қыстауға тұрақтайды. Сондай мақсатпен Қордай мен Қоянды аумақтарына Керім болыстығын жамылып Шапырашты және Жаныс руларының қазақтарына тиесілі үйір-үйір жылқылар да айдап әкелінеді. Сол жылқылар қоқандықтар жағында қалған Әшекей, Андас және Сұраншы билерге тиесілі болды, бірақ олардың өздері Шу бойындағы қыстауларында қала берді. Жаманты шатқалына Керім болыстығының көшіп келгені туралы ақпаратты алысымен Колпаковский осындай қолайлы сәтті жіберіп алмауы үшін 9 қаңтарда құпия түрде Қастек бекінісіне 275 казак отрядын жинау жөнінде бұйрық береді. Белгіленген жерге казак әскері жиналған кезде олардан екі отряд жасақталады: олардың бірі есаул Бутаковтың басшылығымен екі ракеталық станогы бар 120 казак отряды Қастек шатқалының оңтүстігінде қыстап жатқан Сарыбағыш және Солты руларына қарсы әрекетке жіберілетін болса, екінші жазалаушы отряд сотник Жеребьятовтың басшылығымен бір тау зеңбірегі және екі ракеталық станогы бар 155 казак Керім би және оның қол астындағы қазақ ауылдарына қарсы жіберілетін болып шешілді [22, 130-п.].

Әскери саймандармен мұздай қаруланған Жеребьятовтың жазалаушы отряды 9 қаңтар күні ымырт жамылған уақытта Қастек бекінісінен аттанып, келесі күні Жаманты өзеніне келіп жетеді. Содан Жеребьятов бастаған жазалаушы отряд ұйықтап жатқан ауылдар арасымен білдірмей жүріп өтіп, 10 қаңтарда таңата бергенде Жаманты шатқалында қыстап жатқан Қасқарау руының ауылдарына тұтқиылдан шабуыл жасап, Керім биді тұтқынға алады, және одан басқа екі ықпалды адам Тойбай мен Жыланкөз байларды өздеріне шақыртып алып, солардың қоластындағы барлық ауылдарға таудан түсіп, Іле өңіріне қарай қарудың күшімен көшіреді. Сонымен қатар бір мезгілде Жеребьятов отрядынан бөлінген 7-полк хорунжиі Ростовцевтің басшылығындағы 50-ге жуық казак отряды барлаушылардың көрсетуі бойынша Қордай мен Ырғайты аумағында Шу қазақтарының жайлып жүрген малдарын айдап әкетуге аттанады. Сөйтіп Жаманты шатқалынан хорунжий Ростовцев басшылығындағы шағын әскер жылжыған бойы Қордай бағыты бойынша 40 верстік жерді жүріп өтіп, әр жерден Шапырашты және Жаныс руларының қазақтарына тиесілі 768 жылқыны қарудың күшімен айдап әкетеді [23, 49-б.]. Бірақ соның ішіндегі 238 жылқы Сұраншымен ұрсысып Керім бидің болыстығына көшіп келген Шапырашты Шымырбай байдың жылқылары болып шаққандықтан Колпаковский кейінірек оның жылқыларын қайтарып беруге бұйрық береді. Себебі Шымырбай Ілеге күшпен көшірілген Керім болыстығының арасында болып шығады. Ал, Әшекей мен Сұраншы батырларға, сондай-ақ олардың қоластындағы адамдарға тиесілі жықылардың қалған (530) саны аукцион саудасына қойылып сатылады және одан түскен 2352 рубль 60 тиын күміс ақша қазынаға өткізіліп жіберіледі.

1862 жылы ақпан айында Алатау округінің бастығы Колпаковский Шу өңіріндегі жаулаушылық саясатын түпкілікті аяқтау үшін, 1860 жылы орыс отрядымен талқандалған бірақ одан кейініректе қоқандықтармен қайта қалпына келтірілген Пішпек бекінісін біржола жаулап алу мақсатымен бір топ орыс отрядын әскери жорықпен Шу өңіріне қарай аттандырады. Әскери қуаты жағынан біршама жоғары тұрған патша қаруына қарсы төтеп беретін күштін жоқтығын жақсы түсінген Шу жақтағы патша өкіметінің отарлық саясатына ұзақ уақыт бойы қарсыласқан бірқатар қазақ билеушілерін Алатау округінің бастығының шақыртуына баруына мәжбүр етті. Сонымен 1862 жылдың мамыр айында Дулат руының: Әшекей, Диқанбай, Сыпатай және т.б. билердің Колпаковскийге жолығып еріксіз кешірім өтініп, осы жылдың күзінде Шу жақтағы егістіктеріндегі егіндерін орып алып, Ілеге қарай қайта көшіп баратындықтары туралы уәде береді. Содан Верный бекінісінен шығып, жол бойымен Шапыр деген жерге жеткенде Әшекей мен Диқанбай билерге тұтқиылдан Алпысбақ бен Тастанбек бастаған қырғыздардың 500 адамы мен Шұмахан бастаған 700 адам шабуыл жасайды [24, 38-п.]. Олардың мұнша көптігіне қарамастан Әшекей мен Диқанбай ерткен қазақ жігіттері олармен аяусыз шайқас жүргізіп, батыл тойтарыс бергендігінің арқасында ол жерден аман-есен құтылып шығады. Алайда тарихи деректерде осы шайқас кезінде екі жақтан қанша адам шығын болғандығы туралы мәлімет сақталмаған.

Сөйтіп Әшекей мен Диқанбай Шу бойында орналасқан өз ауылдарына жеткенде олар өткен күні Жаңғараш пен Төлен бастаған 3000 қырғыздың тыныш жатқан ауылдарына шабуыл жасағанын естиді. Оларға сол кезде ауылда қалған бірқатар қазақ жігіттері мықты тойтарыс беріп үлгереді, тіпті шабуылдаушылардың бірталайын ауыр жаралаған да болатын. Билігіндегі ауылдарын қайта шабуылға ұшыратып алмауы үшін Әшекей мен Диқанбай билер біржола Шудан өтіп, Іле өңіріне қарай көшуге әрекет етеді. Сонымен бірқатар қазақ ауылдары Әшекей мен Диқанбайдың басшылығымен Ілеге көшіп бара жатқан жолда оларға кенеттен тағы да сол қырғыздар шабуыл жасап, қайта қауіп төңдіреді. Алайда Әшекей мен Диқанбай басқарған қазақтың жаужүрек жігіттері олардың қарулы шабуылына жылдам тойтарыс беріп, ел-жұртын ойрандаудан аман сақтап қалады. Бірақ осы қақтығыс кезінде қазақтар жақтан 5-6 адам қаза табады, ал шабуылдаушы қырғыздардан қанша адамға шығын болғаны туралы дерек жоқ [24, 37-арт-п.].

Осы оқиғадан кейінгі жылдарға қатысты деректерде Әшекей батыр жөнінде бірде-бір мәлімет кездеспейді. Соған қарағанда ол қалған өмірін патша билігі орнаған Іле жақта өткізген болар деген қорытынды жасауға болады. Әшекей батырдың қай жылы, қай жерде қайтыс болғаны бізге белгісіз болып отыр, бірақ соңғы кездескен және одан кейінгі оқиғалар жөніндегі нақтылы мұрағаттық құжаттарға талдау жүргізу арқылы біз Әшекей батырдың шамамен 1860 жылдардың орта тұсында қайтыс болған деп жорамалдаймыз.

Әшекей батырдың ұрпақтары да өз заманының ықпалды әрі белгілі тұлғалары болып танылды. Әшекей батырдың көп ұлдарының ішіндегі Бекболат есімді баласы мен немересі Әбділда Бекболатұлы 1916 жылғы Жетісудағы Жайылмыс көтерілісіне жетекшілік етіп, патшалық Ресейдің отарлық саясатына қарсы атасы Әшекей батыр секілді ұлт-азаттық күресті бастап шыққан болатын.

Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімі

1  Бүркітбаева Ү. Жетісуым - жеті құтым, ырысым: тарихи деректер. – Алматы: Нұрлы Әлем, 2009. 336 б.;  Рүстемов С.К. Әшекей би // Алматы қаласының тарихы тұлғалар келбетінде. – Алматы, 2009. 335 б.

2  ҚР ОММ (Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты).  44-қ., 1-т., 21313-іс.

3  ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 40848-іс.

4  Бәйдібек баба - Алып Бәйтерек. Ұрпақтар шежіресі. - Алматы: «Өнер», 2004. - 700 б.

5  ҚР ОММ. 374-қ. 1-т. 1669-іс.

6 Казахско-русские отношения в ХVІІІ-ХІХ веках (1771-1867 годы). (Сборник документов  и материалов). Составители: Ф.Н.Киреев, В.Я.Басин, Т.Ж.Шойынбаев, К.Ж.Жүнисбаев, В.С.Мусаева. -- Алма-Ата: Наука, 1964. - 750 б.

7 Махаева А. Қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихы (ХVІІІ  ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың бас кезі). -- Алматы: «Ценные бумаги», 2007. - 357 б.

8  РФ ООММ. 366-қ., 1-т., 236-іс.

9  Махаева А. Тойшыбек би және оның заманы. - Алматы: «Баянжүрек», 2006. - 202 б.

10 ҚР ОММ. 2300-қ., 1-т., 419-іс. (1449-қ., 1-т., 1-іс.).

11  ҚР ОММ. 2300-қ., 1-т,. 276-іс. (483-қ., 1-т., 26-іс.).

12 ҚР ОММ. 2300-қ., 1-т., 275-іс. (483-қ., 1-т., 25-іс.).

13  ҚР ОММ. 3-қ., 1-т., 339-іс.

14  ҚР ОММ. 3-қ., 1-т., 64-іс.

15  ҚР ОММ. 3-қ., 1-т., 48-іс.

16  ҚР ОММ. 3-қ., 1-т., 50-іс.

17  ҚР ОММ. 2300-қ., 1-т., 425-іс. (1449-қ. 1-т. 35-іс.).

18 ҚР ОММ. 3-қ., 1-т., 425-іс.

19 Перевод извлечений из Тарих-й Шахрухи Муллы Нийаз-Мухаммеда Хоканди // Материалы по истории киргизов и Киргизии. - М, 1973. - Вып.1. - С. 225-227. 

20  ҚР ОММ. 2300-қ., 1-т., 426-іс. (1449-қ. 1-т. 36-іс.).

21  Рахымқұлов Д.А. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Жетісу: патшалық Ресейдің жаулап алу саясатына қарсы күрескен батыр-билер жөнінде // «Қазақстан – 2050» Стратегиясы және тарихшы жас ғалымдар міндеті» жас тарихшы ғалымдардың V Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. - Алматы қ., - 20 мамыр 2014. - 146-364-бб.

22  ҚР БҒМ ҒК Біріккен ведомствалық мұрағаты. 11-қ., 1-т., 82-іс.

23  Рахымқұлов Д.А. Найманбай батыр және оның ұрпақтары (біртұтас әулет тарихы жөнінде).Алматы: «DK Print», 2014. - 248 б.

24 ҚР ОММ. 3-қ.. 1-т.. 518-іс.

Резюме

РАХИМКУЛОВ Д.А.

СНС Института истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова, к.и.н.

АШЕКЕЙ БАТЫР ДАЙЫРБЕКУЛЫ И ОСВОБОДИТЕЛЬНАЯ БОРЬБА В СЕМИРЕЧЬЕ

Статья посвящена жизни и деятельности батыра Ашекея Дайырбекулы – отца одного из предводителейнационально-освободительного восстания 1916 года в Семиречье Бекболата Ашекейулы. Автор на основе архивных источников описывает об активном участии Ашекей батыра в общественно-политических событиях Семиречья в 40-60 гг. ХІХвека, а также в защите в 1850 году крепости Тойшыбек от завоевательной политики царской России и об участии его в качестве военачальника в известном Узынагашском сражении в 1860 году на стороне тюрко-мусульманского войска.

Ключевые слова: Ашекей Дайырбекулы, батыр, бии, военачальник, договор, укрепление Тойшыбек, Узунагаческая битва, сопротивление, колониальное политика, соединенное тюрко-мусульманское войско, Или-Чуйский край, атаковать.

Summary

RAKHIMKULOV D.A.

Senior Research Fellow of the Institute of History and Ethnology named after Ch.Ch. Valikhanov,  Candidate of Historical Sciences

ASHEKEY BATYR DAYIRBEKULY AND LIBERATION STRUGGLE IN ZHETYSU REGION

The article is devoted to the life and activity of the batyr Ashikey Dayirbekov – thefather of one of the leaders of national liberation uprising in 1916 in Zhetysu region Bekbolat Ashekeyuly. The author, based on archival sources describes the active participation of Ashekeybatyr in the socio-political events in Zhetysu in 40-60s of the XIXth century, as well as the protection of Toishybek fortress in 1850 from the aggressive policy of Tsarist Russia, and his participation as a military commander of the Turkic-Muslim troops in the famous Uzynagashbattlein 1860.

Keywords: Ashekey Dayirbekuly, batyr, biys, military commander, treaty, Toyshibek fortress, Uzynagash battle, resistance, colonial policy, united Turkic-Muslim troops, Ili-Chu region, attack.


No comments

To leave comment you must enter or register