Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 001(574)(092) САҢЛАҚ ҒАЛЫМНЫҢ МҰРАСЫ: САНЖАР АСФЕНДИАРОВТЫҢ ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ ТУРАЛЫ

ЖҮНІСБАЕВ А.Ә., Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, ғылыми қызметкер, PhD докторант

ӘОЖ 001(574)(092) САҢЛАҚ ҒАЛЫМНЫҢ МҰРАСЫ: САНЖАР АСФЕНДИАРОВТЫҢ ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ ТУРАЛЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4

Tags: сборник, Асфендиаров, произведение, Санжар, история, наследие, научное, ученый
Author:
Мақалада қазақ халқының ардақты азаматы, көрнекті қайраткер, тарихшы-ғалым Санжар Асфендиаровтың 125-жылдық мерейтойына орай құрастырылып, жарыққа шыққан төрттомдық шығармалар жинағының құрылымы мен мазмұны жан-жақты баяндалған. Көлемі 80 баспа табаққа тең жинаққа ғалымның 1917-1937 жылдар аралығында жарияланған мақалалары мен баяндамалары, түрлі съездерде, мәжілістерде, басқосуларда сөйлеген сөздері, іргелі зерттеу еңбектері мен «Шатер мира» атты көркем шығармасы енгізіліп, ғылыми ескертпелер жасалынды. Сонымен қатар, аталған мақалада С. Асфендиаровтың бірқатар ғылыми және публицистикалық еңбектерінің енбей қалу себептері түсіндірілді. Қайраткердің ғылыми мұрасының көптомды жинақ ретінде жарыққа шығуы отандық тарих ғылымындағы «санжартану» бағытында жасалған маңызды әрі үлкен қадам деп тану керек. Түйін сөздер: Санжар Асфендиаров, ғалым, ғылыми мұра, жинақ, шығарма, тарих
Text:

2014 жылдың 22 шілдесінде Қазақстан Республикасының Үкіметінің «Көрнекті мәдениет, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің мерейтойларына дайындық және оларды өткізу туралы» қабылдаған №815 қаулыға [1] сәйкес былтыр елімізде қазақ халқының біртуар перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-ғалым, профессор Санжар Сейітжафарұлы Асфендиаровтың 125-жылдық мерейтойы мемлекеттік дәрежеде атап өтілді. Республикамыздың жер-жерінде ғалым мен қайраткердің мерейтойына арналған түрлі ғылыми іс-шаралар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, көркемделген кітап көрмелері өткізілді, ғылыми журналдарда, мерзімді баспасөзде қайраткердің өмірі мен қызметіне арналған мақалалар жарық көрді [2]. Солардың ішінде, 2014 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ұйымдастырылған «Ер есімі – ел есінде» атты С. Асфендиаровты еске алу кешін [3], қайраткердің есімі берілген Қазақ ұлттық медициналық университетте өткен салтанатты жиынды, желтоқсанда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Санжар Асфендиаров және ұлттық тарих» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияны [4] ерекше атап өтуге болады. Жоғарыда аталған шаралар негізінен Санжар Асфендиаровтың есімін жас өспірім ұрпаққа таныту, оны дәріптеу, өмірі мен қызметінің белгісіз тұстарын таныту бағытында жүргізілді.

Үкімет қаулысының мерейтойға дайындық және оны өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына қайраткердің төрттомдық шығармалар жинағын жарыққа шығару да арнайы тармақпен енгізілген болатын. Аталып өткен торқалы мерейтойдың басты нәтижелерінің бірі – Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының тікелей жетекшілік етуімен жарыққа шыққан қайраткердің төрттомдық шығармалар жинағының жарық көруі еді. Аталған жинақ Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы аясында 2014 жылдың аяғында «Ел-шежіре» баспасынан жарық көрді. Жинақты баспаға жауапты құрастырушылар ретінде Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті Х.М. Әбжанов және ғылыми қызметкер, санжартанушы А.Ә. Жүнісбаев даярлады.

Санжар Асфендиаровтың шығармалар жинағының бірінші томына қайраткердің 1917-1929 жылдар аралығында мерзімді баспасөзге жарияланып, Түркістан және Қазақ автономиялы республикаларында, сондай-ақ РКФСР-де жүргізілген ұлттық-мемлекеттік құрылыстың, шығыстану ғылымының өзекті мәселелеріне қатысты арнап жазған мақалалары, әр түрлі съездер мен мәжілістерде жасаған баяндамалары енді. Сонымен қатар, бұл жинаққа 1928 жылы Ташкент қаласында жарық көрген С. Асфендиаровтың «Материалы к изучению Востока. Часть І. Причины возникновения ислама» атты тұңғыш ғылыми еңбегі де кірді.

Қайраткер өмір сүрген дәуірінің ерекшелігін ашып көрсету мақсатында томға енген барлық шығармалардың мәтіндері өзгеріссіз, яғни түпнұсқа күйінде беріліп, хронологиялық тәртіпте келтірілді. Оқырманға түсінікті болу үшін жинақта автордың шығармаларында өзі берген ескертпелері жол асты сілтеме ретінде келтірілген болса, мақалалар мен баяндамаларға жасалынған ескертпелер жинақтың соңында жеке топтастырылған. Томға енген мақалалардың басым көпшілігі орыс тілінде, өйткені С. Асфендиаров қазақ тілін жетік білгеніне қарамастан, өз шығармаларын негізінен орыс тілінде жазып, жариялап отырған. Жинақтағы автордың қазақ тіліндегі мақалалары – баспасөз қызметкерлері тарапынан аударылып, жергілікті тілдегі мерзімді басылымдарда жарық көрген нұсқалары болып табылады.

Сонымен қатар, С. Асфендиаровтың 1917-1929 жылдар аралығында мерзімді баспасөзде жарық көріп, бұл томға әр түрлі себептердің салдарынан енбей қалған мақалалар бар. Оларды негізгі екі топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші топқа мақаланың мәтіндерімен газет парағының қатты ескіріп, әріптердің өшіп қалу салдарынан оқып танысуға мүмкін болмаған шығармалар кіреді. Мұндай мақалалардың қатарына қайраткердің 1921 жылы 29 наурызда «Известия» газетасында жарияланған «Путь раскрепощения киргизской бедноты» атты мақаласы  (сандық көшірмесі Ә. Науаи атындағы Өзбекстан Республикасының Ұлттық кітапханасынан алынды) және 1921  жылы 29 наурызда «Известия» газетасында жарияланған «Путь раскрепощения киргизской бедноты» атты мақаласының және «Советская степь» газетінің 1926 жылдың 6 қарашасында жарық көрген «Только Октябрь открыл дорогу к братству народов» атты мақаласы (көшірмесі Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталынып қалған микрофильмделінген топтамадан) алынды.

Жинаққа енбей қалған шығармалардың келесі тобын қайраткердің 1920 және 1922 жылдары «Иштрақиун» газетінде және «Инқилаб» журналында араб графикасымен жазылып, ескі өзбек тілінде жарық көрген мақалалары құрайды. Егер «Иштрақиун» газетіндегі С. Асфендиаровтың «Мұсылман халқына» атты мақаласы тек өзбек тілінде ғана жарияланған болса, «Инқилаб» журналындағы 6 мақаласы орыс тілінде жарық көрген мақалалардан аударылған нұсқалар болып табылады. Осы себептен құрастырушылар бұл санаттағы мақалаларды томға енгізбеуді жөн деп тапты.

Бірінші томға енген С. Асфендиаровтың 41 шығармасы оның әр түрлі жылдары алдымен Түркістанда, артынан Мәскеу мен Қазақстанда атқарған сан-салалы қоғамдық-саяси, мемлекеттік және ғылыми-педагогикалық қызметі туралы көрініс беріп қана қоймай, қайраткердің өмір сүрген қайшылыққа толы дәуірдің ішкі мән-мазмұны мен сипатын ашып бере алады [5].

Санжар Асфендиаровтың шығармалар жинағының екінші томына 1929-1937 жылдар аралығында қайраткердің қаламынан шыққан туындылар енді. Егер алғашқы томға кірген шығармалар қайраткердің өмірі мен қызметінің түркістандық (1889-1925 жж.) және мәскеулік (1925-1928 жж.) кезеңдерінде жарияланған болса, екінші томға енген шығармалардың барлығы Қазақстандық кезеңге (1928-1938 жж.) жатады. Бұл томға С. Асфендиаровтың «Советская степь», «Казахстанская правда», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде, «Жаңа мектеп», «Атеист», «Народное хозяйство Казахстана», «Большевик Казахстана» журналдарында жарық көрген 20 мақаласы, әр түрлі жиындар мен басқосуларда сөйлеген сөздері, В.В. Бартольд пен С. Агамалы-оғлыға арнап жазған азанамалары, 1935 жылы жарияланған «Шатер мира» атты тұңғыш әрі дара көркем шығармасы, сондай-ақ 1936 жылы жарық көрген «Қазақстан» атты кітаптың құрамына енген «Историческое прошлое Казахстана» атты қысқаша очеркісі кірді. 

Жоғарыда аталған шығармалармен қатар, 1928-1938 жылдар аралығында мерзімді баспасөзде жарық көріп, бұл томға әр түрлі себептердің салдарынан кірмей қалған мақалалар да бар. Мұндай санаттағы шығармаларды негізгі екі топқа бөліп қарастыруға болады. Алғашқы топқа Санжар Асфендиаровтың әр түрлі жиындар мен басқосуларда сөйлеген сөздері; олар газеттерде өте ықшам күйінде жарияланып, қысқа көлемділігіне және толық мәлімет бере алмайтындығына байланысты томға қосылмады. Мысалы, Санжар Асфендиаровтың 1935 жылы мамырда Алматы қаласында өткен оқу екпінділерінің съезінде сөйлеген сөзі «Лениншіл жас» газетінің сол жылғы 11 мамырындағы санында қысқартылған түрінде берілгендіктен осы томға енгізілмеді. Сондай-ақ, бұл томға қайраткердің 1937 жылы наурыз айында Алматыда өткен қалалық партия ұйымы активінің жиналысында Қазақстан КП(б) бірінші хатшысы Л. Мирзоянның баяндамасы бойынша орын алған жарыссөзде ғылыми кадрларды даярлауға қатысты білдірген пікірі де кіргізілмеді. Аталған жиналыстың қысқартылған стенограммасы, соның ішінде С. Асфендиаровтың сөзі өте ықшам күйінде (бір шағын абзац көлемінде) «Казахстанская правда» газетінің 1937 жылы 30 наурызындағы санында жарияланған. Томға енбей қалған шығармалардың екінші тобын Санжар Асфендиаровтың алдымен мерзімді баспасөзде орыс тілінде жарық көріп, артынан газет қызметкерлері тарапынан қазақ тіліне аударылып жариялаған мақалалары құрайды. Мұндай мақалалардың қатарына С. Асфендиаровтың «Социалистік Қазақстан» газетінің 1936 жылы 23 мамырдағы санында жарық көрген «Қазақ» және осы газеттің 1937 жылы 8 мамырында «Апрель конференциясы» атты мақалалары кіреді.

С. Асфендиаровтың өмірі мен қызметін зерттеумен айналысқан ғалым-тарихшылардың бірқатары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы тұрған газеттер мен журналдардағы материалдарды жүйелендірумен және оларды айналымға тартумен айланысатын қызметшілер осы күнге дейін 1937-1938 жылдары қазақ тілді мерзімді баспасөзде жарияланған Сәду Асфендиаровтың мақалаларын Санжар Асфендиаровқа қате жатқызып келді. Өткен ғасырдың 30-40-шы жылдары Қазақстанның мәдениет пен өнер саласында қызмет етіп, бірнеше жыл бойы Қазақ Мемлекеттік драма театрын басқарған Сәду Асфендиаровтың «Ауыл коммунисі», «Қазақ әдебиеті» «Социалистік Қазақстан», «Ауыл мұғалімі», «Лениншіл жас» сынды ұлттық басылымдарда «Қазіргі колхоз театрлары», «Қазақ пластинкесі», «Жүрер алдында», «Қазақ ән-күйлерінің пластинкеде басылып шығуы – көркемөнер жұмысындағы бір жетістігіміз», «Аманкелді» (Ғ. Мүсіреповтың «Аманкелді» пьесасы қазақтың М. Әуезов атындағы Мемлекеттік драма театрында) атты мақалалардың Санжар Асфендиаровқа еш қатысы жоқ. Газет және журнал беттерінде мақала авторының фамилиясы көрсетілгенімен («Асфендиаров» («Аспандиаров») – латын графикасымен қазақ тілінде жазылған), есімі қысқартылған инициал күйінде берілуі кітапхана қызметшілерін және тарихшыларды еріксіз шатастыруға мәжбүрлетті деген қорытындыға келуге болады. Сонымен қатар, 1938 жылы 25 ақпанда Санжар Асфендиаровтың сталиндік қуғын-сүргіннің жазықсыз жапа шеккен құрбанына айналып, өмірден озғаннан кейін де қазақ тілді мерзімді баспасөзде авторы «С. Аспандиаров» деп көрсетілген бірнеше мақалалар жарық көрген, мысалы: «Шымкент мектептерінде тексеру сынының барысы» («Социалистік Қазақстан». – 1940. – 1 июнь), «Жаңа алфавитке көшуді кешеуілдетуге болмайды» («Лениншіл жас». – 1941. – 15 май) және т.б. Демек, аталған мақалалар Сәду Асфендиаровтың қаламынан шыққан туындылар болып, біздің жоғарыда алға тартқан пікірімізді толықтай дәлелдейді. 

Екінші томға енген Санжар Асфендиаровтың мақалалары мен баяндамалары, көркем туындысы, ғылыми-көпшілік жанрындағы шығармалары оның Қазақстанда әр түрлі жылдары атқарған сан-салалы қоғамдық-саяси, мемлекеттік және ғылыми-педагогикалық қызметі туралы жарқын көрініс бере алады [6]. 

Тарихшы-ғалым, профессор Санжар Асфендиаровтың шығармалар жинағының үшінші томына оның 1935 жылы жарық көрген «История Казакстана (с древнейших времен)» атты ғылыми еңбегі кірді. Аталған кітап отандық тарих ғылымында қазақ халқының көне заманнан бері 1917 жылғы Ақпан революциясына дейінгі тарихын қамтыған алғаш кешенді әрі толыққанды зерттеу еңбегі болды. Профессор С. Асфендиаров бұл ғылыми туындысында қазақ халқының тарихын кеңес билігі тұсында үстем етіп тұрған маркстік-лениндік ұстанымдардың тұрғысынан қарастыруға алғаш талпыныс жасады.

С. Асфендиаровтың 1938 жылы сталиндік қуғын-сүргіннің жазықсыз жапа шеккен құрбанына айналып, «халық жауы» деп негізсіз айыпталуына байланысты ғалым-тарихшылар көпке дейін оның бай ғылыми-тарихи және шығармашылық мұрасымен танысу мүмкіндігіне қол жеткізе алмады. Кеңес билігі тұсында С. Асфендиаровтың оның ғылыми еңбектерімен танысуға ресми түрде тыйым салынды. Осы себептен кеңес дәуірі кезінде көптеген ғалым-зерттеушілерге, көпшілік қауымға С. Асфендиаровтың осы ғылыми еңбегі бейтаныс болып келді. Тек ХХ ғасырдың 80-ші жылдардың ортасында орын алған жариялылық, әсіресе тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында отандық ғалымдар қазақ халқының тарихын зерттеуге елеулі үлес қосқан С. Асфендиаровтың бұл еңбегімен, оның ғылыми көзқарастарымен етене танысу мүмкіндігіне қол жеткізді. Соның дәлелі ретінде, 1993 жылы профессор Ә. Такеновтың редакциясымен С. Асфендиаровтың аталмыш еңбегі қайта жарыққа шығып, қалың оқырманға жол тапты.

С. Асфендиаров осы кітабын оның шығармалар жинағының үшінші томына қосудың өз себептері бар. Біріншіден, кітаптың алғашқы жарияланғанына 80 жылға жуық өткеніне және онда қазақ халқының тарихы маркстік-лениндік ұстанымдардың негізінде жазылғанына қарамастан, бұл еңбек осы күнге дейін өзінің ғылыми құндылығын жойған жоқ. Өйткені, ғалым кеңестік тарих ғылымында алғаш рет қазақ халқының тарихын дәуірлеу мәселесін көтеріп, тың мұрағат құжаттарының және бай фактологиялық материалдардың негізінде әрбір дәуіріне жеке-жеке тоқталып өтті. Осы күнге дейін қазақ халқының тарихын зерттеумен айналысатын көптеген ғалым-тарихшылар профессор С. Асфендиаровтың осы кітапта алға тартқан ғылыми ойлары мен пікірлеріне арқа сүйеп жүр. Екіншіден, 1935 жылы жарияланған бұл зерттеу еңбегі осы күнде сирек басылымға айналып, республикалық кітапханалардың сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорларында сақтаулы тұр. Сондықтан да, көпшілік қауымның, әсіресе әр түрлі жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жастардың алғашқы басылыммен танысуға қолы жете бермейді. Үшіншіден, Ә. Такеновтың редакциясымен қайта жарияланған 2-ші басылымда 1935 жылғы шыққан басылымдағы кіріспе бөлім алынып, оның орнына С. Асфендиаровтың өмірі мен қызметі туралы қысқаша очерк берілді. Сонымен қатар, 1993 жылғы басылым студенттерге арналған оқулық ретінде қайта басылып шыққандықтан, түпнұсқа мәтініне бірқатар өзгерістер енгізіліп, орыс тілінде қате жазылған терминдердің дұрыс жазылған нұсқасы келтірілді. Бұл жолғы басылымда құрастырушылар қайраткер өмір сүрген тарихи дәуірдің ерекшелігін ашып көрсету мақсатында жинаққа енген С. Асфендиаровтың «История Казахстана (с древнейших времен)» атты ғылыми туындысының мәтіні еш өзгеріссіз қалдырды. Төртіншіден, оқырманға түсінікті болу үшін кітапта автордың өзі келтірген ескертпелер жол асты сілтеме ретінде берілген болса, этнонимдерге, әр түрлі тарихи терминдер мен түсініктерге жасалған ескертпелер томның соңында жеке топтастырылған. Оқырманның назарын аударатын тағы бір жайт, жинақтың көлемін негізсіз арттырмау мақсатында алғашқы екі томда келтірілген ескертпелер бір-бірін қайталамайды [7]. 

Санжар Асфендиаровтың шығармалар жинағының соңғы төртінші томы екі үлкен бөлімнен тұрады. «Ғалым мұрасы» деп аталын бірінші бөлімге Санжар Асфендиаровтың қаламынан шыққан соңғы монографиялық зерттеу еңбегі – «Национально-освободительное восстание 1916 года в Казахстане» атты кітабы кірді. Аталған еңбек ХХ ғасырдың басында Дала және Түркістан өлкелерін дүр сілкіндірген 1916 жылғы көтерілістің жиырма жылдық мерейтойына орайластырылып 1936 жылы алдымен орыс тілінде, артынан қазақ тілінде баспадан жарық көрді. Егер С. Асфендиаров «История Казахстана (с древнейших времен)» атты кітабында бұл күрделі ғылыми мәселені бір тараудың көлемінде ашып көрсетуге ұмтылған болса, бір жылдан соң осы бағыттағы жұмыстарын тереңдете түсіріп, кеңестік тарихнамада алғаш рет 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске толықтай бір монография арнаған болатын. Бай мұрағат деректерінің және фактологиялық материалдың негізінде жазылған ғалымның бұл зерттеу еңбегі өзінің ғылыми құндылығын жоғалта қойған жоқ, себебі екі жылдан соң елімізде 1916 жылғы көтерілістің 100-жылдық мерейтойы аталып өтетіндігіне қарамастан, бұл мәселенің әлі де толыққанды зерттеуді қажет ететін ақтаңдақ тұстары баршылық. Бұл ретте Санжар Асфендиаровтың аталған кітабында келтірілген мәліметтер, ғалымның тұжырымдары мен ғылыми ой-пікірлері көптеген ғалым-зерттеушілерге арқау бола алатыны еш талас тудырмайды.  Сонымен қатар, С. Асфендиаровтың негізгі ғылыми еңбектері өткен ғасырдың 90-шы жылдары қайта жарияланып, қалың оқырманға жол тапқан болса, бұл монографиялық еңбегі әлі күнге дейін республикалық кітапханалардың сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорларында сақтаулы тұр. Қайраткердің төрттомдық шығармалар жинағының аясында аталған еңбектің алғаш рет қайта жарық көруі, сондай-ақ оның ғылыми негізде жасалған ескертпелермен қамтамасыз етілуі ең алдымен онымен көпшілік қауымға, жас ұрпаққа өз бетімен танысуға мүмкіндік беретіні айқын.

Төртінші томның «Ғалым туралы зерттеулер» деп аталатын екінші бөліміне құрастырушылар Санжар Асфендиаровтың өмірі мен қызметіне қатысты арналып жазылған ғылыми мақалаларды қосуды жөн деп тапқан. Өйткені қайраткер шығармалар жинағының соңғы томында оқырман қауым ғалым-тарихшылар Рамазан Сүлейменовтың, Хангелді Әбжановтың, Мадирим Махмұдовтың, Дәмен Дінасыловтың, Ордалы Қоңыратбаевтың, Алмас Жүнісбаевтың зерттеулерімен танысу арқылы Санжар Асфендиаровтың ұлт бостандығы үшін күреске толы өмірі, сан-салалы қоғамдық-саяси, мемлекеттік және ғылыми-педагогикалық қызметі, қайраткердің тұлғалық келбеті туралы жан-жақты әрі мол мәлімет ала алады [8].

Аталған жинақтың тұсаукесері 2014 жылдың 23 желтоқсанында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында өткен «Санжар Асфендиаров және ұлттық тарих» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда өтті.

Қайраткердің ғылыми мұрасының көптомды жинақ ретінде жарыққа шығуы отандық тарих ғылымындағы «санжартану» бағытында жасалған маңызды әрі үлкен қадам деп тану керек. Өйткені, Санжар Асфендиаровтың есімімен Қазақстандағы ғылымның, мәдениеттің, оқу-ағарту саласының, жоғары білім берудің толықтай бір даму кезеңі байланысты. Оның қажырлы еңбегінің арқасында елімізде жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер, кітапханалар, мұражайлар, мектептер ашылып, Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне арналған кешенді зерттеу еңбектері, көлемді ғылыми мақалалар жарық көріп, қазақ халқының бай рухани мұрасы жинақталды.

Әдебиеттер мен деректер көрсеткіші:

1 http://adilet.zan.kz/rus/docs/P1400000815

2 Әбсаттаров Р.Б. Санжар Асфендияров – қазақтың көрнектi қоғам және мемлекет қайраткерi, саясаткер, ағартушы, ғалым // Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Хабаршысы. Әлеуметтану және саяси ғылымдар сериясы = Вестн. КазНПУ им. Абая. Сер. социол. и полит. науки. – 2014. – №4. – 103-109 б.; Аубакирова Қ.Ш. Санжар Асфендияровтың туғанына 125 жыл // Қазақ Бiлiм Академиясының баяндамалары = Доклады Казахской Академии Образования. – 2014. – № 3/4. – 249-250 б.; Ахметов М. Санжар Асфендияров // Денсаулық. – 2014. – №10. – 14-15 б.; Дюсенова Н.К. Санжар Асфендияровтың тарих ғылымын дамытудағы рөлi (125 жас толуына орай) // Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Хабаршысы. Тарих және саяси-әлеуметтiк ғылымдар сериясы = Вестн. КазНПУ им. Абая. Сер. Исторические и соц.-полит. науки. – 2014. – №2. – 111-114 б.; Еспенбетова А.М. Санжар Асфендияровтың қоғамдық және ғылыми қызметi // Жұбанов Қ. атын. Ақтөбе өңiрлiк мемлекеттік университетiнiң хабаршысы = Вестник Актюбинского регионального гос. ун-та им. К.Жубанова. – 2014. – №4. – 76-82 б.; Жүнiсбаев А.Ә. Санжар Асфендиаров – РКФСР БОАК төралқасы жанындағы ұлттар бөлiмiнiң меңгерушiсi (1925-1927 жж.) // Қазақстан мұрағаттары. – 2014. – № 1. – 59-71 б.; Жүнiсбаев А.Ә. Санжар Асфендияров - Қазақ АКСР-нiң Орта Азиядағы өкiлеттi өкiлi (1924-1925 жж.) // Тарих тағылымы = Уроки истории.- 2014.- № 1.- 11-16 б.; Аканов А. Аристократ духа, опередивший время // Казахстанская правда. – 2014. – 18 октября және т.б.

3 Тажикова А. Тағылымды тағдыр туралы сөз // Түркістан. – 2014. – 16 қазан (http://archive.turkystan.kz/articles/view/59568).

4 «Санжар Асфендиаров және ұлттық тарих» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары // ІІ-ші Нүсіпбеков оқулары. Алматы қ., 22-26 желтоқсан 2014 ж. – Алматы: «Елтаным баспасы», 2014. – 52-172 б.

5 Санжар Асфендиаров: төрттомдық шығармалар жинағы. – Алматы: Ел-шежiре, 2014. – 4-т. – 368 б.

6 Санжар Асфендиаров: төрттомдық шығармалар жинағы. – Алматы: Ел-шежiре, 2014. – 4-т. – 376 б.

7 Санжар Асфендиаров: төрттомдық шығармалар жинағы. – Алматы: Ел- шежiре, 2014. – 4-т. – 408 б.

8 Санжар Асфендиаров: төрттомдық шығармалар жинағы. – Алматы: Ел-шежiре, 2014. – 4-т. – 408 б.

References

1 http://adilet.zan.kz/rus/docs/P1400000815

2 A'bsattarov R.B. Sanjar Asfendiyarov – qazaqting ko'rnekti qogham ja'ne memleket qayratkeri, sayasatker, aghartwshi', ghali'm // Abay ati'ndaghi' QazUPW-di'ng Habarshi'si'. A'lewmettanw ja'ne sayasi'' ghi'li'mdar seri''yasi' = Vestn. KazNPU im. Abaya. Ser. sociol. i polit. nawki. – 2014. – №4. – 103-109 b.; Awbakirova Q.Sh. Sanjar Asfendiyarovting twghani'na 125 ji'l // Qazaq Bilim Akademiyasi'ni'ng bayandamalari' = Dokladi' Kazahskoy Akademi''i'' Obrazovani''ya. – 2014. – № 3/4. – 249-250 b.; Ahmetov M. Sanjar Asfendiyarov // Densawli'q. – 2014. – №10. – 14-15 b.; Dyusenova N.K. Sanjar Asfendiyarovti'ng tarih ghi'li'mi'n dami'twdaghi' ro'li (125 jas tolwi'na oray) // Abay ati'ndaghi' QazUPU-di'ng Habarshi'si'. Tari''h ja'ne sayasi''-a'lewmettik ghi'li'mdar seri''yasi' = Vestn. KazNPU im. Abaya. Ser. Istoricheskie i soc.-polit. nawki. – 2014. – №2. – 111-114 b.; Espenbetova A.M. Sanjar Asfendiyarovti'ng qoghamdi'q ja'ne ghi'li'mi'' qi'zmeti // Jubanov Q. ati'n. Aqto'be o'ngirlik memlekettіk universitetining habarshi'si' = Vestnik Aktyubinskogo regionalnogo gos. un-ta im. K. Jubanova. – 2014. – №4. – 76-82 b.; Junisbaev A.A'. Sanjar Asfendiarov – RKFSR BOAK to'ralqasi' jani'ndaghi' ulttar bo'limining menggerwshisi (1925-1927 jj.) // Qazaqstan muraghattari'. – 2014. – № 1. – 59-71 b.; Ju'nisbaev A.A'. Sanjar Asfendiyarov – Qazaq AKSR-ning Orta Aziyadaghi' o'kiletti o'kili (1924-1925 jj.) // Tarih taghi'li'mi' = Uroki istorii. – 2014. – №1. – 11-16 b.; Akanov A. Aristokrat duha, operedivshiy vremya // Kazahstanskaya pravda. – 2014. – 18 oktyabrya ja'ne t.b.

3 Tajikova A. Taghi'li'mdi' taghdi'r twrali' so'z // Tu'rkіstan. – 2014. – 16 qazan (http://archive.turkystan.kz/articles/view/59568).

4 «Sanjar Asfendiyarov ja'ne ultti'q tarih» atti' hali'qarali'q ghi'li'mi' –teoriyali'q konferenciya materialdari' // ІІ-shі Nu'sіpbekov oqulari'. – Almati' q., 22-26 jeltoqsan 2014 j. – Almati': «Eltani'm baspasi'», 2014. – 52-172 b.

5 Sanjar Asfendiyarov: to'rttomdi'q shi'gharmalar jinaghi'. – Almati': El-shejire, 2014. – 4-t. – 368 b.

6 Sanjar Asfendiyarov: to'rttomdi'q shi'gharmalar jinaghi'. – Almati': El-shejire, 2014. – 4-t. – 376 b.

7 Sanjar Asfendiyarov: to'rttomdi'q shi'gharmalar jinaghi'. – Almati': El- shejire, 2014. – 4-t. – 408 b.

8  Sanjar Asfendiyarov: to'rttomdi'q shi'gharmalar jinaghi'. – Almati': El-shejire, 2014. – 4-t. – 408 b.

ДЖУНИСБАЕВ А.А.

Институт истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова, научный сотрудник,

PhD докторант

НАСЛЕДИЕ ВИДНОГО УЧЕНОГО:

О СБОРНИКЕ СОЧИНЕНИЙ САНЖАРА АСФЕНДИАРОВА

Резюме

В статье подробно описывается структура и содержание 4-томного собрания сочинений крупного общественно-политического и государственного деятеля, ученого, историка Санжара Асфендиарова, которое было выпущено к 125-летнему юбилею со дня его рождения. В собрание вошли научное, творческое и публицистическое наследие: статьи, доклады, речи на съездах, собраниях, основные научные труды, а также художественное произведение «Шатер мира». Все четыре тома были оснащены научными комментариями, общий объем сборника равен 80 печатным листам. В статье приведены причины не включения в сборник ряда научных и публицистических статей С. Асфендиарова. Издание данного многотомного сборника следуют считать важным шагом в отечественной исторической науке в деле изучения и познания научного наследия ученого.

Ключевые слова: Санжар Асфендиаров, ученый, научное наследие, сборник, произведение, история

JUNISBAYEV A.A.

Institute of history and ethnology named after Ch.Ch.Valihanov, research fellow, PhD doctorate

HERITAGE OF THE EMINENT SCHOLAR:

ABOUT THE COLLECTION OF WORKS OF SANJAR ASFENDIAROV

Summary

The article describes in detail the structure and content of the 4-volume collected works of major socio-political and statesman, scholar, historian Sanjar Asfendiarov, which was released to the 125th anniversary of his birth. The collection includes scientific, artistic and publicistic heritage: articles, reports, speeches at conferences, meetings, the major scientific works, as well as a work of art «Tent of the World». All four volumes have been equipped with scientific commentaries; the total collection is 80 printed sheets. The article presents the reasons for non-inclusion of a number of S. Asfendiarov’s scientific publications in the collection. The publication of a multivolume collection should be considered as an important step in the national historical science in the study and knowledge of the scholar’s scientific heritage.

Keywords: Sanjar Asfendiarov, scholar, scientific heritage, collection of works, work, history.


No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 4813

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ӘОЖ 001(574)(092) САҢЛАҚ ҒАЛЫМНЫҢ МҰРАСЫ: САНЖАР АСФЕНДИАРОВТЫҢ ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ ТУРАЛЫ ӘОЖ 001(574)(092) САҢЛАҚ ҒАЛЫМНЫҢ МҰРАСЫ: САНЖАР АСФЕНДИАРОВТЫҢ ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ ТУРАЛЫ ПРОБЛЕМЫ СОХРАНЕНИЕ ВСЕМИРНОГО НАСЛЕДИЯ ЮНЕСКО В АФГАНИСТАНЕ ВОПРОСЫ ИЗМЕНЕНИЯ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ НА ТЕРРИТОРИИ КАЗАХСТАНА В ЗАКОНОДАТЕЛЬНЫХ АКТАХ РОССИЙСКОЙ ИМПЕРИИ ЭТНОКУЛЬТУРНОЕ МНОГООБРАЗИЕ КАЗАХСТАНА УДК 930.2 «1887-1917»+94(574) Отражение истории кочевых народов Центральной Азии в «Трудах» Оренбургской ученой архивной комиссии. 930:929 The study of heritage Ahmet Baitursynov and his adherents in the period of independence of Kazakhstan УДК327.8 Эволюция политической системы Китая и казахстанско-китайские взаимоотношения МРНТИ 17.71.91 РАННИЕ ЭТАПЫ ИЗУЧЕНИЯ ТЮРКСКОГО ФОЛЬКЛОРА В РАБОТАХ ЕВРОПЕЙСКИХ И РОССИЙСКИХ УЧЕНЫХ XVIII – XIX ВВ.

Author's articles

ӘОЖ 001(574)(092) САҢЛАҚ ҒАЛЫМНЫҢ МҰРАСЫ: САНЖАР АСФЕНДИАРОВТЫҢ ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ ТУРАЛЫ ӘОЖ 001(574)(092) САҢЛАҚ ҒАЛЫМНЫҢ МҰРАСЫ: САНЖАР АСФЕНДИАРОВТЫҢ ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ ТУРАЛЫ