Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 13.31.09 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ОРТАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАНЫҢ СИРЕК КІТАПТАРЫ МЕН ҚОЛЖАЗБАЛАРЫ

Г.М. Абикова¹, М.Қ. Бегімова². ¹Докторант. әл-Фараби ат. ҚазҰУ. ²ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» ОҒК қызметкері, магистр.

ҒТАМР 13.31.09 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ОРТАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАНЫҢ СИРЕК КІТАПТАРЫ МЕН ҚОЛЖАЗБАЛАРЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(26), 2021

Tags: кітапхана, сирек қор, ғылым, Кітапхана Кеңесі, қолжазба, кітап, ұлттық әдебиет, мерзімді баспасөз
Author:
Мақалада бұрынғы Ғылым академиясының, қазіргі «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының құрылуы тарихы баяндалады. Авторлар кітапхананың кітаптармен толықтырылуы, кітапхананың директорлары мен кітапхананы дамытудағы К.И. Сәтбаев, М.О. Әуезовтің тигізген үлесі жайында мәліметтер келтіріледі. Ғылым академиясы жанынан құрылған Кітапхана Кеңесінің атқарған жұмысына тоқталады. Сонымен қатар кітапхананың «Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет» бөлімінде сақталған шығыс, шағатай, қазақ және басқа тілдердегі қолжазбалар, сирек кітаптардың жиналуы, сақталуы мен олардың маңызын ашады. Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев және т.б. тарихи тұлғалардың қолжазбалары мен кітаптарына, парсы, араб, қазақ, түрік, қытай және т.б. елдердің қолжазбаларына талдау жасалынады, деректік маңызы айқындалады. Тәуелсіздік жылдарында кітапхананың сирек қор бөлімінің негізгі жұмыс бағыты мен өткізілген іс-шаралар, бөлімнің шығарған еңбектері баяндалады. Сирек қорды қолжазбалар мен кітаптармен, ұлттық әдебиеттермен толықтыру мақсатында арнайы түрде ұйымдастырылған экспедициялар, ғылыми іссапарлардың мәнісі нақтыланады. ХХ-ХХI ғасырдағы кітапханалар арасындағы айырмашылықтардың мәнісі түсіндіріледі.
Text:

Кіріспе. Қазақтың «Жақсы кітап – жан азығы», «Күш – білімде, білім - кітапта» деген мақал-мәтелдердің зор мәні бар. Кітап арқылы көп нәрсені оқып, біліп үйренуге болады. Ұлы ақын Абай Құнанбаев «Артық білім кітапта» деуі осыған дәлел деуге болады. Кітаптану да өзіндік бір ғылым дей аламыз. Қазақстандағы кітапхана саласының құрылуының өз тарихы бар. Патша заманында құрылған қазақ жерінде бірнеше ірі кітапханалар болған. Бұл ретте Семей қаласының кітапханасын айтуымызға болады. ХIX ғасырдың өзінде мәдени ошақтың біріне айналған бұл кітапханаға патша үкіметінің қуғынына ұшырап, жер аударылып келген социал-демократтардың, қазақ ағартушылары, зиялыларының, қазақтың жоғары оқу орындарында оқыған жастарының бас қосатын орталығы болды. Верныйдағы кітапханға да оқыған, білімпаздар толассыз келіп, сирек, жаңа кітаптармен, газет-журналдармен танысып отырған.

Кеңес үкіметі орнағаннан кейін мәдени құрылыс саясаты қолға алынып, кітапханалар жүйелерінде даму үрдісі қарқын алды. Әсіресе Халық Комиссарлар Кеңесінің «Кітапхана ісін жолға қою туралы» 1918 жылғы маусымдағы, одан кейін қабылданған қаулылар кітапханалар ашу, оларды кітаптармен толықтыру процестерін жеделдетті. Кітапхана жүйелерін нығайту және одан әрі дамыту барысы кітапханашы мамандарды дайындауды талап етті. Ол үшін қысқа мерзімді курстар жүйесін ашу, кітапхана бұрышын құру, іс-шаралар жүргізу мәселесін қолға алу міндеттелінді.

Ғылымның дамуы кітапхана саласын аса қажетті кітаптармен қамтамасыз етуін қажет етті. Оның үстіне Ғылым Академиясының ашылуы бірорталықтырылған кітапхана құруды қажет етті.

Материалдар мен әдістер. 1932 жылы құрылған Орталық ғылыми кітапхананың құрылғандығын зерттеу барысында мәселенің қойылуын, тақырыпты зерттеудің құрылымын, құжаттардың шынайылығын тексеру және оны қолдану, алынған нәтижелерді түсіндіру сияқты методологиялық негізін қарастырылды. Мақала барысында қолданылатын материалдарға талдау жасау арқылы қорытындылау, салыстырмалы, жүйелік сипаттау, сандық талдау, жинақтау, сараптау сияқты әдістер кеңінен қолданылды. Сонымен қатар, қорытынды түрде саралау, тұжырым жасау, сипаттау-баяндау әдістері де қолданылды.

Талдау. Қазақстандағы кітапханалардың қалыптасуы мен дамуы, қызметі, оның ішінде бұрынғы Ғылым Академиясының, қазіргі Ғылым Ордасын Орталық ғылыми кітапхананың тарихына арналған еңбектер жоқтың қасы. Дегенмен, кітапхананың құрылуы мен қызметіне қатысты ішінара жазылған мақалаларды атап өту керек. Бұл ретте Орталық ғылыми кітапхананың 70 жылдық мерейтойына арналған «Мұра» атты жинаққа енгізілген материалдарды айтуымызға болады. Жинаққа кітапхананың құрылуына, қорларына арналған ғалымдардың мақалалары мен кітапхана қызметіне қатысты құжаттарды айтуымызға болады (Мұра, 2002:250).

Сонымен қатар тарихшылар В.З. Галиевтің, С.О. Смағұлованың, Ж.М. Төлебаеваның, Г.Н. Ксенжик, Н.Ә. Атығаев және т.б. зерттеулерін айтуымызға болады. Ғалымдардың мақалаларында Ғылыми кітапханалардың құрылуы, кітаптармен толықтыру барысы, кітапхана қорындағы картографияға қатысты зерттеулер, сирек кітаптар мен мерзімді басылымдардың маңыздылығы барысы ашылады (Сирек кітаптар, 2013: 260).

Қазақ КСР Ғылым академиясының орталық ғылыми кітапханасының құрылуы тарихы ғалым Б. Асанованың зерттеуінде шағын түрде келтіріледі (Асанова, 2014: 270-273). 

Кітапханада сақталған қолжазбалар мен сирек кітаптар туралы мағлұматтарды аннотацияланған библиографиялық көрсеткіштерден  алуымызға болады (Революцияға және т.б.). Дегенмен, бұл зерттеулер Орталық ғылыми кітапхананың тарихын ашуға аздық етеді, сондықтан болашақта терең зерттеу маңызды.

Зерттеу нәтижелері. Кеңестік үкіметінің  құрылуы ағарту, мәдени салаларға өзгерістер әкелді. Сауатсыздықты жою, қазақ балаларын жаппай міндетті оқуға тарту міндеттерін жүзеге асыру барысында  жаңа тұрпаттағы мектептердің ашу ісі қолға алынды.

Жаңа үкіметтің білім, ғылым саласына көңіл бөлуі кітапханаларды көбейтуді қажет етті. Үкімет кітапханаларды құру және оларды кітаптармен толықтыру ісін қолға алды. 1931 жылдың наурызында Қазақ КСР ОАК-нің қаулысымен көпшілік кітапхананың ашылуы, одан кейін 1932 жылдың 28 ақпанында КСРО ҒА жалпы жиналысында Қазақ КСР Ғылым академиясының базасын ұйымдастыру туралы шешім қабылдануы, ғылым саласын дамытуды, ол үшін ғалымдарды даярлау қажеттін талап етті (Культурная, 1976: 271). КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық базасы осы жылы өз кітапханасын құрып, ең алғашқы кітап қоры КСРО Ғылым академиясының сыйға тартқан бар-жоғы 2000 кітаптарды құрады.

Ғылыми кітапхананың ашылуы оның кітаптармен толықтыру, сақтау, оларды тікеуге алып, каталогтау, абономент жүйесін құру жұмысын жүргізуді талап етті. Кітапханаға Санкт-Петербургтағы Салтыков-Щедрин атындағы Ресей Ұлттық кітапханасынан, Том университетінің және тағы басқа кітапханалардан кітаптар сыйға жіберілді (ҒО ҒА. 10-қ., 1-т. 1-іс. 10-п.).

30-жылдардағы нәубеттерге, оның ішінде ашаршылық, қуғын-сүргіндерге қарамастан кітапхана ісінде алға жылжушылық байқалды. Кітапхана қоры жаңа кітаптармен шетел әдебиеттерімен, мерзімді басылымдармен толыға түсті. Ғылым ордасының ғылыми архивіндегі құжаттарға сүйенсек, 1938 жылы кітап қорына 3000 мың кітап қосылған. Осы жылы 140 журналдар мен қазақ және орыс тілдерінде 14 газеттер жаздырып алған (ҒО ҒА. 10-қ., 1-т. 2-іс. 1-1-арт. пп.).

Фашистік Германия Кеңестер Одағына шабуыл жасап, шекарадан ішкерілей еніп, ел басына ауыр жағдай туған кездің өзінде кітапханалар толық режімде жұмыс істеді. Соғыс қимылы жүріп жатқан территориядағы, әсіресе Мәскеудегі ғылыми зерттеу институттарында жұмыс істеген тарихшы-ғалымдардың Алматыға келуі және олардың ғылыми кітапханаларда жұмыс істеп, зерттеулер жүргізуіне  барлық жағдай жасалынды. Кітаптардың каталогын жасау, олардың әрқайсысына сипаттама жазу, кітаптарды тізімдеу жұмыстары жүргізілді.

Кітапханаға түскен сирек кітаптардың арасында араб тіліндегі кітаптардың алфавиттік каталогы жасалынып, оларға сипаттама жасалынды (ҒО ҒА. 10-қ., 1-т. 3-іс. 10-п. ). Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін, яғни 1946 жылдың басында ғылыми кітапхана «Орталық ғылыми кітапханасы» деп аталды (Наука, 1981: 272). Кітапхананың алғашқы директоры болып С.М. Рейдер тағайындалады. Ол бұл қызметті 1949 жылға дейін атқарды. Оның басшылық құрған кезінде кітапхананың ережесі мен тәртібі бекітті. Кітапхананың сирек қорын шығыс тіліндегі басылымдармен, қолжазбалармен толықтырды. Абайдың қолжазбалары жинастырылып әкелінді.

Осы жылы Қазақ КСР ҒА Призидумы жанынан құрамында Қазақ КСР Ғылым Академиясы Президиумының мүшелері М.О. Әуезов, хатшысы И.Т. Дүйсенбаев, Орталық ғылыми кітапхананың директоры С.М. Рейдер, Қазақ КСР Ғылым Академиясының корр.-мүшесі Н.У. Базанова сияқты ғалымдары бар Кітапхана кеңесі құрылып, оның төрағалығына академик Н.Г. Кассин тағайындалып, кітапхананың дамуында келелі жұмыстар атқарды (ҒО ҒА. 10-қ., 1-т. 3-іс. 6, 6 арт.-пп.).

Кітапхана кеңесі бөлімдерді кітаптармен толықтыру барысына да аса назар аударып, шетелден қолжазбалар, сирек кітаптар, ғылымға қажетті әдебиеттерді әкелуде қаржы бөлу мәселесі, іссапар, экспедиция ұйымдастыру жолдарын шешті. Кеңестің басшылығымен кітапханаға қажетті мамандарды тарту ісі де жолға қойылды. Мәселен, араб, парсы және тағы басқа құнды жәдігерлерді оқуға мамандар тартылып, каталог жүйесіне енгізу жұмыстары атқарылды.

Орталық ғылыми кітапхананың библиография, кітап қорын жинақтау және есепке алу, каталогтандыру және тағы басқа бірнеше бөлімдері құрылды.

1949 жылдың басында кітапхананың директорлығына кітапхана ісінің маманы Ф.В. Жизневскийдің келуі ғылыми кітапханаға жаңа серпіліс әкелді (ҒО ҒА. 10-қ., 1-т. 10-іс. 6-п.). Кітапхана ережесіне өзгерістер еңгізіп, оқырмандарға қызмет көрсету тәртібін күшейтті. Себебі, оқырмандарға дөрекі сөйлеу, дер кезінде қызмет көрсете қоймау сияқты фактілер анықталған екен. Жаңа басшы осындай олқылықтарды жою және кітапханашылардың кәсіби сапасын көтеру мақсатында 1950 жылы кітапхана қызметкерлерін аттестациялау жүйесін енгізді (ҒО ҒА. 10-қ., 1-т. 12-іс. 4-5-пп.).

40-жылдың соңы мен 50 жылдың басында кітапханаға қолжазбалар әкелу ісі жолға қойылды. Қазақ ССР Ғылым Академиясының президенті болған Қ.И. Сәтбаев қазақ ағартушылары Ш. Уәлихановтан бастап, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаевтың еңбектерін жинастырып, ғалымдарға қолжетімді қылуға көп үлес қосты. Нәтижесінде сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры құрылып, қазақ, орыс тіліндегі ғана емес, шетелден әкелінген материалдардың қатары көбейді. Қазақ әдебиетіне, тарихына қатысты сирек кітаптар, қолжазбалардың қатарынан «Шора батыр», «Бекет батыр», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер тарғын», «Айман-Шолпан» сияқты қазақтың жырларын, ертегілерін және шенешдік сөзін жинаған Әбібәкір Диваевтың қолжазбасы (Отчет, 1956: 2-3). Ғылыми жұмыстарын қорғаған ғалымдардың диссертациясы кітапханаға өткізілетін болды.

Орталық ғылыми кітапхананың қызмет аясы да кеңейді.  Кітапханада бар барлық материалдармен ендігі жерде қарапайым оқырмандар, жоғары оқу орындарының қызметкерлері, өзге мемлекеттерден іссапармен келгендерге жұмыс істей алатын болды. Абономент жүйесінің кеңеюіне байланысты Академияның барлық қызметкерлеріне тек оқу залындағана емес, үйге кітап алу мәселесі де шешілді. Оқырман залы шағын болса да кітапхана бірден 25 адамға қызмет көрсете алды.

Ф.В. Жизневскийден кейін 1957-1987 жылдар аралығында Орталық ғылыми кітапхананы Нұрхан Бәтішқызы Ахметова басқарды. (Мұра, 2002: 5). Ахметованың тұсында 1959 жылдың қаңтарында  «Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет» бөлімі ашылып, оның алғашқы меңгерушісіне Әзім Абдоллаұлы Байтасов тағайындалды. Бастапқы кезде бөлімде бар-жоғы 3400 ғана кітаптар болған. Осы жылы Ресейдің Москва, Ленинград сияқты қалаларына, көршілес республикаларға, атап айтқанда Ташкент, Самарқанд, Бұқара, Әндижанға іссапарлар ұйымдастырылып, нәтижесінде сирек кітаптар мен қолжазбалардың қатары көбейді.

1959 жылдың есебіне сүйенсек, осы қалалардан кітап, қолжазбалардан басқа 265 дана микрофильмдік көшірмелер, 27 басылымға фотокөшірме жасалынды (Отчет, 1959:7-8).

Бөлімде 1959 жылдың соңына қарай 40 000 данадай бірлік топтастырылған. Оның ішінде 30 мыңы қазақ тіліндегі кітаптар, диссертациялар, қолжазбалар, 10 мыңы шығыс, қазақ, шағатай тілдеріндегі сирек кітаптар болды. Қолжазбадан Шыңғыс Уәлихановтың (1880), Шәкәрім Құдайбердиевтің (1932), «Жапон соғысының тарихы» (1909), «Қырғыздардың демонологиялық әңгімелері» (1897) келіп түскен (Отчет, 1959: 20-21).

60-жылдардың басында Орталық ғылыми кітапханада ілгерілеу процесі жүріп, кітаптармен толығу, ескі кітаптарды өңде қолға алынды. Ұйымдастырылған экспедициялардың нәтижесінде бөлімге үш жарым мыңға жуық сирек кітаптар мен қолжазбалар, басқа да әдеби кітаптар әкелінді. Сирек кітаптың жүйелі каталогы жасалынып, әр кітапқа сипаттама жасалынды. Қолжазбалар жеке тіркелінді және олардың сақтауда арнайы папкалармен қамтамасыз етілді.

Р.Т. Бірімжарованың жазуы бойынша, 1940-60 жылдары Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Сырдария, және тағы басқа облыстарға ұйымдастырылған экспедициялардың нәтижесінде ғалымдар ер аралап, түрлі қолжазбаларды жинап, қорға өткізген. Экспедицияға жіберілгендердің арасында Ә. Марғұлан, М. Хакімжанова, Ф. Ғабитова, Ш. Құсайынов сынды белгілі ғалымдары мен зерттеушілері болған (Сирек кездесетін, 2004: 8).

Қазірде бөлімдегі 2151 бума (22 мың данадан аса) қолжазбалар бар, бұлардың 10 мыңы шығыс тігіндегі қолжазбалар болып табылады. Қорда 300-ден аса араб және басқа шығыс тілдеріндегі Құрандар мен Тәпсірлер сақталған. Бұлардың арасында XII ғасырға жататын, ұзындығы 26 метр еврей халқының діни қолжазбасы «Тора» бар. 2001 жылы бұл қолжазба М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтынан кітапханаға әкелініп, тапсырылған.

Негізінде бөлімде бар қолжазбаларды тілдеріне қарай бөліп көрсетуге болады. Олар: шығыс (араб, парсы, ұйғыр, қырғыз, өзбек, татар, тәжік, әзірбайжан, қытай тілдеріндегі), қазақ, славян қолжазбалары.

Бөлімде сақталған қолжазбалардың ішінде тарихи маңыздылығы зор көне заманнан бері бағалы шығыс тіліндегі қолжазбалар. Бұлардың арасындағы парсы тілінде қолжазбалар. Осы қолжазбалардан қазақ тарихына, мәдениетіне қатысты тым мәліметтер алуға болады.

Кітапханада сақталған қолжазбалардың арасында Құран қолжазбалары көптеп кездеседі. Бөлімінде Құран мен осы Құранға түсіндірме сөздіктерінің 300-ден аса қолжазбасы бар. Олар бөлімге әр түрлі жолдармен әкелінген.

Бұлардың арасынан «Құран-и маджид-и мутарджам, ма нусха-йи Тафсир-и Хусайни» қолжазбасына тоқталайық. Арабшадан парсыға Шах Валийаллах тәржімалаған. Құран аяттары берілген кітап ескі, қағазы да сарғайған. Бірақ жазуы айқын.

Келесі Құран қолжазбасына Мулла Артықтың көшірмесін айтуға болады. болады. Бұл құран 1271/1855 жылдары аралығында көшірілген. Кітаптың көлемі: 53х31 см. 276 беттен тұрады. Сапасына келсек, өте ескі, шыққан жері, баспасы көрсетілмеген. Бір ерекшелігі қолжазбаның бастапқы екі беті ақ қағаздан тұрады. Құранның дұғалары екінші беттен басталады.

Қолжазба «Фатиха» сүресімен басталып, қысқа сүрелерге жалғасады. Дұғалар ретсіз орналастырылған (Сирек кездесетін, 2004: 75-76).

Құрандардың арасында көлемі жағынан ені 2,5 см, ұзындығы 3,5 см ғана болатын кішкене Құрандар да бар. «Фатиха» және «Бақара» сүресінен басталатын қолжазба араб тілінде жазылған және шағын ғана қорапта сақталған.

Бөлімде ғалым Әбу Насыр әл-Фараби мен Фердоусидің қолжабалық еңбектері бар. Соның ішінде Фердоусидің «Шахнаме» дастаны ертдегі Иранның Сасанидтер әулеті билігі кезеңінде жатады. Шығыстанушы Г.М. Әбікованың жазуынша, «Шахнамені» екі мағынада түсінуге болады. Оның біріншісін патшаларға арналған кітап ретінде, ал екіншісін көлеміне, мазмұнына қарап, «кітаптар патшасы» деп түсінуге болады. Жалпы бұл қолжаба жайында Г.М. Әбікова былай келтіреді: «Бұл шығарма Иран елінің елу патшалығын аты аталып, билік құрған кездері бейнеленген, Х ғасырдағы Сасанидтер әулеті билігі кезеңінде Иран халқының арабхалифтеріне қарсы соғыстарында батылдығын, еліне-жеріне деген сүйіспеншілігін жырлайды. Сасанидтер әулеті әлсіреп, Ғазнауилер әулеті дәуірлеп тұрған кезде жазылған «Шахнаме» алуан қырлы жайларды қамтып, мемлекет мерейі, халық  күйі, отансүйгіштік және достық арналары жайлы толғайды. «Шахнаме» тек қана тарихи-батырлық шығарма ғана емес, ежелгі Иран тарихын, жағрафиясын, патшалар династиясын, дәстүрін, дінін зерттеушілер үшін таптырмас материал (Сирек кезесетін, 2004: 84).

Жалпы Фердоусидің «Шахнаме» дастанының үш нұсқасы бар. Бөлімде оның бір нұсқасы сақталған. Қағазы көнеріп, жазуы жайылып, көше бастаған. Бұл қолжазбаның қазақ тіліндегі нұсқасын молда Ораз бен Тұрмағамбет Ізтілеуов аударған деседі (Қазақ әдебиетінің, 1965: 315). Өкінішке орай ол аударма нұсқа бізге жетпеген.

Қолжазба қорында сақталған екінші нұсасы - 122 беттік «Рүстем дастаны». Бірақ бұл қолжазбаның кейбір беттері жоқ. Жұлынып алынып қалса керек. Оны Рахымбай Құлбайұлы деген адам жинастырып, сирек қорға 1948 жылы тапсырыпты (ҚР БҒМ ОҒК. Қолжазба, 840-папка. №1.).

Фердоусидің «Шахнаме» дастанының бір нұсқасын Сабыр Шәріпұлы тапсырыпты. Бірақ қолжазба бар-жоғы бес беттен ғана тұрады. Осындай бір нұсқаны А. Тәжібаева тапсырыпты. Қолжазба араб графикасымен жазылған. 442 беттен тұрады. Қалың екі дәптерге көшірілген. Қарапайым сөзбен аударылған. Кейбір жерлерінде өлең үзінділері де келітіреді (Сирек кездесетін, 2004: 90-91). Бұл қолжазба тарих, әдебиет салалары үшін аса маңызды деуге болады.

Ал славян тіліндегі қолжазбалардан А. Бернштамның 30 беттік «О происхождении казахского народа» қолжазбасы атауымызға болады. Бұл қолжазбада қазақ халқының шығу тегі мен этногенезі жайында мәлімет келітірілген. Қолжазба иесі А.Вамбери, К.Богрянародный, Н.Аристов, Н.Харузиннің хазарлар, сақ, ғұндар жайында жазғандарын қолданған. Сонымен қатар М.Ауфидің дулат, ұйғыр, үйсін, қаңлы турасындағы жазбасын да қолданған. Қолжазбада қазақтың тұңғыш хандары Жәнібек пен Керей туралы мәліметтер де бар.

Қазақ тіліндегі қолжазбалардың арасынан қисса-хикаялар, билер сөзі, шығыс дастандары, батырлар жырлары, тұрмыс-салт, әдет-ғұрыпқа қатысты қолжазбалар бар. Бұл ретте Сүгін ақын, Шернияз ақын, Доскей ақын, Ғазиз ақын, Нысанбай жырау және т.б. қолжазбалық шығармаларын атауымызға болады (Ғылыми кітапхананың, 2015: 6-7).

Қолжазбалардың арасында шежірелер көп кездеседі. Қазақта шежірені білу аса маңызды. Бөлімдегі ең ірі шежіренің қатарына «Хандар шежіресі» қолжазбасы жатады. Шағатай тілінде жазылған. Бұл қолжазба қорға 60-жылдары түскен. Оны Құлбосынов деген қазақ тапсырған екен. Ұзындығы 3 метр де, ал ені 45 см-дей. Қолжазба XVII-XVIIIғасырларға жатады. Қолжазбаның әбден тозығы жеткен, қағазы сарғайып, шеттері тозып, кірлеген, жыртылған (Қазақ шежірелері, 2005: 8). Осы себептен ғалымдарға қолжазбаны бірден оқып кету ауыр тиеді. Қолжазба келген кездің өзінде  өңдеу мен жөндеуден өткен (Сирек кездесетін, 2004: 32-33).

Шежіренің ішкі мазмұнына үңілсек, үш ірі тарауға бөлінген. Деректік негізіне келсек, ондағы мәліметтер тарихи деректер негізінде жасалғанын байқауға болады. Жалпы қолжазба өзінің көнелігімен құнды деуге болады.

Шежіренің ішкі мазмұнына үңілсек, оның аңыз бойынша емес, тарихи деректер негізінде жасалған деректі шежіре екенін аңғару қиын емес. Сонымен, бұл шежіре  ауқымы жағынан, қамтыған мазмұны жағынан жалпы адамзат тарихына қатысты шежіре деуге болады. Қазақ халқының тарихына тікелей қатысты деректер, әрине, қазаққа, қазақ хандарынақатысты тұстарына келгенде жойылып кетуінен болған деуге болады. Бұл қолжазба өзінің көнелігімен, ауқымдылығымен, мазмұнымен бізге жеткен жазба мұра есебінде құнды екендігінде дау жоқ (Сирек кездесетін, 2004: 34-35).

Сирек қорда бұл шежіресінен басқа бірнеше ірі шежірелер бар. Бұларға «Шыңғыс хан және оның билері» қолжазба генеалогиялары мен «Шыңғыс хан шежіресін» айтуымызға болады. Осы екі шежірені біріктіріп, «Қазақ жазбаларындағы хандар шежіресі» жинағы шығарылған. Шежіренің мазмұнына үңілсек, XIV ғасырдың басынан бастау алған қазақ хандығының саяси мемлекеттік деңгейге көтерілу барысы мен  хандық биліктің генеалогиялық тармағын көруімізге болады. Ал Шыңғыс хан шежіресі ханның үрім-бұтақтарының таралу тізімін саралап береді (Қазақ жазбаларындағы, 2015: 4-6).

Жалпы «Шыңғыс хан шежіресі» Қазанда кітап ретінде 1906 жылы басылып шыққан. Оны Жәңгір хан тұсында Орладық Молла Шарафиддинұлы Салахиддин деген адамнан жазылып алынға. Шежіре дерекке толы. Мәліметтердің өзін сол кездерде бар Шыңғыс хан жайында жазылған «Шайбаны неме», «Бабыр наме» және «Шыңғыс наме» сияқты еңбектерді қолданғанын байқауға болады.

Бұл шежіренің қазақ тарихындағы деректік маңызы ерекше болып келеді. Себебі, одан қазақ хандарына қатысты да мәліметтер кездеседі. Сондықтан қолжазбаны құнды жәдігерлердің қатарынан атауға болады (Қазақ жазбаларындағы, 2015: 4-6).

Бөлімдегі сирек қорда сақталған қолжазбалардың арасынан қазақ ағартушылары Шоқан Уәлихановтың, Ыбырай Алтынсаринның, Абай Құнанбаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтердің еңбектеріне қатысты бар.

Ағартушы, ғалым, шығыстанушы, тарихшы, этнограф, географ Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановқа 30-дан аса папка арналған. Бұлардың арасында қолмен жазылған, фотокөшірме, күнделіктер, газет қиындылары да кездеседі. Осы папкалардың ішінен мәселен, инвентарлық нөмірі 1189-шы папкаға көз жүгіртейік.  Мұнда Шоқанның өз қолымен жазылған «Өткен жүз жылдардан бастап 1840 жылға дейінгі аралықтағы Ташкентке көзқарас» (Взгляды на Ташкент с начала прошедшего столетия по 1840 года) еңбегі бар. Фотокөшірме, арнайы экспедициямен барған кезде Ресей кітапханаларынан әкелінсе керек. Қолжазба орыс тіліндежазылған. Қағаздың түсі қоңырқай түсті. Қолжазба 40 беттен тұрады (ОҒК. Қолжазбалар қоры. 23-қ., 1-т. 26-іс 40-б.).

Ғалым архивіндегі қолжазбаларының арасынан 1191-папкадағы «Шыңғыс Уәлиханов сұлтанның баласы Шоқан Уәлихановқа жазған хатын» атауымызға болады. Хат араб графикасында жазылған. 3-беттік (ОҒК. Қолжазбалар қоры. 25-қ., 1-т. 28-іс 1-3-бб.).

Ш. Уәлихановтың қорда сақталған шаман дініне қатысты «Қырғыздардың шамандығының ізі» (1195 папка), монғолдардың жаулап алуын түсіндірген, Солтүстік Азия, Астрахан губерниясының, Орынбор губерниясының, оңтүстік-шығыс Қытайдың, Орталық Қытайдың, капитан Мураьевтың Тифлистен Хиуаға сапары туралы карталар «Зайырлы адамдарға арналған сән журналы мен карталар» (1197, 1198 папкалар) қорында жинақталған. Жалпы бұл қолжазбаның барлық беті – 13 (ОҒК. Қолжазбалар қоры. 23-қ., 1-т. 23-іс 1-13-бб.).

Ұлы ойшыл, жас та болса ғылымға ерекше үлес қосқан Шоқандай ғалымның еңбектері өлшеусіз. Оның әрбір зерттеулері қазақ халқының тарихын зерттеуде дерек ретінде қолданылды және қолданылып келеді.

«Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет» бөлімінде қолжазбалармен қатар сирек кітаптар өте көп. Бұл кітаптарды маңыздылығы мен құндылығына келетін болсақ, біріншіден, олардың көнелігі болып табылады. Екіншіден, осы кітаптар арқылы Қазақстан және өзге халықтардың тарихы, әдебиеті, мәдениеті, салт-дәстүрімен танысуға болады. Үшіншіден, бұл кітаптардан дәлелді мәліметтер алуға болады.

Бөлімде сирек кітаптар кітаптардан, қазақ, орыс, шығыс. Шағатай, түркі тілдерінде жазылған кітаптарды жеткілікті. Сирек кітаптарды төңкеріске дейінгі және Кеңестік жүйе тұсындағы деп қарастыруға болады. Патша өкіметі тұсындағы сирек кітаптардың әсіресе қазақ кітаптарының сыртқы мұқабасынан, титул бетінен, жазушылар, ғалымдар, шығарушылардың суреттерімен безендіріледі. Жалпы 1917 жылға дейін бір мыңнан астам қазақ кітаптары басылып шыққан. Бұл санға кейбір кітаптың бірнеше басылып шыққандығын да қосуға болады. Сирек кітаптардың кейбірінің таралымы үлкен тиражда шығарылған.

Сирек кітаптарды мазмұнына қарай әдеби, тарихи, философиялық, діни, тарихи, шаруашылық, саяси деп бөлуге болады. Қазақ тіліндегі кітаптар Қазан, Уфа, Орынбор сияқты қалаларда басылған.

Қазақ кітаптарының арасынан Шоқан, Ыбырай, Абайдан басқа ХХ ғасырдың басында М.Ж. Көпеев, А. Байтұрсынов, С. Көпеев, М. Дулатов, М. Кәшмов және т.б. еңбектерін кездестіруге болады.

Бөлімнің қорында араб, парсы, түрік тілдеріндегі көне кітаптар жеткілікті. Әсіресе бұлардың арасында 300-ге жуық діни мазмұндағы Құран кітаптары, тәпсірлер мен хадистер бар. Бұл Құрандар Иран, Мысыр, Үндістанда, Ресей, Орталық Азия мен Түркия елдерінде басылған. Сонымен қатар Стамбұл мен Ташкент, Қазан қалаларында, баспаханаларында жарық көрген. Шығыс тілдеріндегі кітаптардың ішіндегі ең көнесі парсы тіліндегі «Китаб-и хақиқат нема» кітабы. 1833 жылы жарық көрген, бірақ қай қалада, жерде жарық көргені туралы мәлімет жазылмаған. Бірақ баспаханасы көрсетілген (Қазақстан Республикасы, 2015: 11).

Үндістан, Ресей, Орталық Азия мен Түркия сияқты елдерде шыққан Шығыс тілдеріндегі кітаптарды мазмұнына қарай бөлуге болады. Мысалы, Үндістаннан шығарылған, қорға түскен кітаптарды мазмұнына қарай бөлсек, басымы поэзияға, прозаға, діни тақырыптарға арналды. Бұлардың басымын Құран кітаптары, тәпсірлер мен хадистер құрайды. Кітапхана қорында 300-ге жуық құрандар бар.

Ежелгі заманнан Қытай, Иран, Мысыр, Үндістан сияқты елдерде тарихи оқиғалар мен тарихи құбылыстарды жазу дәстүрі қалыптасты. Кітаптардың ішінде осы мемлекеттерден әкелінген шығыс тілдеріндегі еңбектердің маңызы зор.  Бөлімдегі ең көп сақталған парсы тілдерінде кітаптардың саны – 428. Бұл қолжазбалар Иран, Үндістан, Орталық Азия, Ресей, Әзірбайжан, Ауғанстан, Мысыр, Түркия және Пәкістан елдерінде жарық көрген. Осы шығыс тілдеріндегі кітаптардың ішіндегі ең көнесі 1833 жылы жарық көрген, парсы тіліндегі «Китаб-и хақиқат нема» деп аталынатын саяси-діни мазмұндағы кітап. Оның жарық көрген жері, яғни еді мен қаласы белгісіз, баспасы – Иоанна типографиясы.

Жалпы, Сирек қорда сақтаулы парсы тіліндегі кітаптардың көпішілігі Иранда ғана емес, Үндістанда, Орталық Азия мен Түркия елдерінде басылған (Қазақстан Республикасы, 2015: 11). Сонымен қатар бөлімнің сирек қорында Ресейдің Санкт-Петербург, Москва сияқты қалаларында шыққан  шығыс тілдеріндегі кітаптар да бар. Бұлардың арасында тарихқа, діни, философиялық тақырыптарға арналған оқу құралдары, сөздіктер кездеседі. Мәселен, Рашид ад-дин Фазаллах ибн-и Абу-л-Хайыр Әли Хамаданидің «Тарих-и Чингиз-хан/История Чингиз-хана от восшествия его на престол» кітабы СПб-дағы Императорлық Ғылыми Академиясының типографиясында басылған. Шыққан жылы белгісіз. Барлық беті – 231. Бұл еңбек Ғазан ханның тапсырысы бойынша жазылған. Онда Шыңғыс ханның шығу тегінен бастап, оның әйелдері, балалары, саяси билігі мен ұрпақтарының жорықтары жөнінде құнды деректер бар. Осы еңбектегі деректерге сүйене ғалымдар моңғол әскерінің тәртібі, құрамы жайында еңбектерінде жазып жүр. Сонымен қатар кітапта түркі тайпаларының салт-дәстүрі туралы да мәліметтер жетерлік (Рашид ад-дин, 231).

Қорда Рашид ад-дин Фазаллахтың екінші кітабы «Джами ат-тауарих» (Жылнамалар жинағы) шығармасы. Бұл шығарма кезінде Ғазан ханның тапсырысымен жазылған екен. Кітаптың екінші атауы «Моңғол тарихы» дап аталады. Жалпы кітап үш томнан тұрады. Парсы тілінде жазылған. Кітаптың осы парсы тіліндегі алғы сөзін Әбд әл-Кәрим Әли заде жазса, ал орыс тіліндегісін А.А. Ромаскевич жазған екен. Бұл кітаптың тарихи маңыздылығы аса зор. Онда Хулгу хан, Абаға хан, Арғұн хан, Ғазан хан туралы толымды туралы мәліметтер бар.

Шығыс тілдеріндегі сирек кітаптардың ішінде көп кездесетіні Қытай тіліндегі кітаптар. Бұл кітаптар кітапханаға түрлі жолдармен: сыйға тартумен, іссапар барысында, дүкендерден сатып алумен келген. Қытай тілінде шыққан кітаптарды тарихи, этнографиялық, медициналық, діни, заңнамалы, музыкалық, философиялық, әдеби, философиялық, географиялық, астрономиялық, экономикалық деп бөлуге болады. Осы еңбектерденқазаққа қатысты қытай мен қазақ халықтар арасындағы саяси, экономикалық байланыстары, қазақтың мал шаруашылығы, сауда айырбасы, елшілік, ойрат тайпалары туралы мәліметтер аламыз.

Қытай кітаптарының арасында ең көнесі 1613 жылы жарық көрген Хо Жуанның «Дуң И Бау Жян» (Шығыс медицинасының жауһары) деп аталған 25 томдық жинағы. Бастапқыда бұл кітап «Тонгуй погам» деген атпен корей тілінде жарық көрген. Сондықтан корей халқының ежелгі шығу тарихына арналған аса құнды еңбек деуге болады.  Еңбек 1613 жылы қытай тілінде басылып шыққан. Тарихи оқиғалардан басқа кітаптың 25 томы адамдарды аурудан емдеу тәсілдері мен дәрілік шөптер жайында және оларды қолдану барысы жақсы мәліметтер айтылады. Кітаптың өзге тілдердегі 30-дан астам нұсқасы бар (Хо Жуан, 25 том: 1613).

Қытай тілінде жазылған кітаптардың арасында қазақ тарихына, қазақ хандары туралы құнды мәліметтер беретін кітаптар да кездеседі. Бұл Жи Хуаң мен Лю Таңның Ханчжоу қаласындағы Жыжиян литографиясында 1882 жылы жарық көрген «Хуаңчау Туңдян» немесе «Патшалық жарғысы» деп аталатын 100 томдық кітабы. Еңбектен қазақ хандары мен қытай билеушілерінің арасындағы саяси, сауда байланыстары туралы мәліметтер келітірледі және мұнда қазақ хандығының картасы да бар (Хуаң,Лю Таң, 1882).

Орыс немесе славян тілдерінде жазылған еңбектердің арасынан үлкен көлемді сирек кітаптардың біріне Кітапхана қорындағы ең үлкен көлемді кітап – 106 беттен тұратын, «Описание священнейшего коронования их императорских величеств, государя императора Александра II и госдуарыни императрицы Марии Александровны всея России» атты кітап. Бұл кітап 1865 жылы Париж қаласында жарық көрген. Тиражы 150 дана. Кітаптың көлемі: ұзындығы 92 см., ені 68 см., салмағы 22 кг. Кітапта Ресей императоры Александр ІІ-нің таққа отыру рәсімі суреттеледі Қазақтан сұлтандар майор Шорманов, подполковник Татенев және Әблес-Әлидің шақырылғаны да келтіріледі. Кітап жақсы сақталынған. Суреттері анық, жыртылмаған, мүжілмеген.

Сонымен қатар шығыстанушы, тарихшылар, Орталық Азиядағы түркі тілдес халықтардың тарихын зерттеуші В.В. Бартольд, А.Н. Берштам, А.Ю. Якубовский, Н. Веселовский және т.б.  ғалымдардың еңбектері сақталған. Бұлардың арасында А.Н. Берштам түркі халықтарының тарихына арналған  «К вопросу о возникновении классов и государства у турок VI-VIII вв. н.э.», «Наследственность и выборность у древных народов Центральной Азии», «О древнейших следах Джекания в тюркских языках Средней Азии», «Происхождение турок», В.В. Бартольдтың «История турецко-монгольских народов», «История Туркестана», «К вопросу об ассуариях Туркестанского края», «Несколько слов об арийской культуре в Средней Азии», «Отчет о поездке в Среднюю Азию с научной целью», «Системы счисления Орхонских надписей в современном диалекте», «В.В. Томсон и история Средней Азии» және тағы басқа зерттеулерін, А.Ю. Якубовскийдің «Феодализм на Востоке. Столица Золотой Орды. Исторический очерк» еңбегін, Н. Веселовскийдің «История Средней Азии» зерттеуін айтуымызға болады.

Ғылыми кітапхана қорында шет тілдеріндегі, нақтырақ келтірсек неміс, француз, ағылшын, латын, итальян және басқа халықтардың тілдеріндегі сирек кітаптардың саны 500-ден асады. Осы кітаптар жайында ғылыми кітапхананың 2015 жылы библиографиялық көрсеткіші жарық көрді («Ғылым ордасы», 2015: 224).

Сирек қорда сақталған, деректік маңызы зор бұл - мерзімді баспасөз болып табылады. Мерзімді басылымды әркім әртүрлі түсінуі, пайдалануы мүмкін Бұл жайында деректанушы Қамбар Атабаев: «Мерзімді басылымдарды түрлі мамандық иелері әр түрлі мақсаттармен, әр түрлі қырынан зерттеуі мүмкін. Егер журналистерді нақтылы басылымның әдеби-публицистикалық сапасы, автордың материалды бере білу шеберлігі қызықтырса, тарихшыны өзі зерттеп жүрген тақырыбы бойынша жарияланған фактылық материалдар қызықтырады. Ал деректанушы баспасөзді оның деректік маңызы мен ерекшеліктерін көрсету үшін, жалпы тарих дерегі ретіндегі ғылыми құндылығын анықтау үшін зерттейді», - деп жазған болатын (Атабаев, 2000:190).

Қорытынды. Кітап адамзат үшін асыл қазынаның бірі болып табылады. Әрбір халықтың мәдени, рухани байлығы. өркениеттік өресі осы кітаптармен өлшенеді. Кітаптың құдіреттілігі сонша, ол адамзат баласының сана-сезімінің өсуіне, өресінің кеңеюіне, мәдени сөйлеп, тәрбиелі, адамгершілікті болуына ой тастайды. Кітаптың тарихы тереңде жатыр. Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа аманат ретінде қалып, кітапхана төрінде сақталған жәдігерлердің халқымыздың тарихы, мәдениеті, әдебиетін зерттеуде аса маңызды. Кітапхана қорындағы әрбір сирек кітаптар мазмұнына қарай құндылығын әлі де жоғалтпай, ғылым саласында қолданылып отыр.

Қай тілде болмасын қолжазбалар, сирек кітаптар ішіндегі деректермен бағаланады, өлшенеді. Олардың рухани құндылығы сонда, оқырмандарын тауып, солардың кәделеріне жараса. Озық білім де, жоғарғы ғылыми жетістік те, барлығы осы кітаптар арқылы жүзеге асады. Сирек кітаптар мен қолжазбалардың, мерзімді басылымдардың сұранысы болашақта да ұлғаятындығы сөзсіз.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Асанова Б.С. Қазақстандағы кітапхана ісінің тарихы: оқу құралы. – Алматы: «Қыздар университеті» баспасы, 2014. – 300 б.

Атабаев Қ. Қазақ баспасөзі Қазақстан тарихының дереккөзі (1870-1918). – Алматы: Қазақ университеті, 2000. – 358 б.

ҒО ҒА. («Ғылым ордасының» Ғылыми архиві). 10-қ., 1-т. 1-іс. 10-пп.

ҒО ҒА. 10-қ., 1-т. 3-іс. 6, 6 арт.-пп.

ҒО ҒА. 10-қ., 1-т. 3-іс. 10-п.

ҒО ҒА. 10-қ., 1-т. 10-іс. 6-п.

ҒО ҒА. 10-қ., 1-т. 12-іс. 4-5-пп.

Ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында сақтаулы материалдар жинағының мазмұндалған библиографиялық көрсеткіші. IV-кітап. I-бөлім. А-Е. /Құраст. М.Шафиғи, Р.Т. Бірімжарова, Г.М. Абикова, Г.Қ. Егеубаева; Бас ред. К.К. Әбуғалиева, Қ.Е. Қаймақбаева; Ғылыми ред. М. Шафиғи, П. Әуесбаева. – Алматы: 2015. – 248 б.

«Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапхана қорында сақтаулы шет тіліндегі сирек кездедсетін кітаптардың мазмұндалған суретті библиографиялық көрсеткіші /Құраст. Н.В.  Никитинская, Г.М. Абикова; Бас ред. Қ.Е. Қаймақбаева. – Алматы, 2015. – 224 б.

Культурная жизнь в СССР. 1928-1941. – Москва, 1976.

Қазақ әдебиетінің тарихы. Т.2. 2-ші кітап. – Алматы, 1965. – 315 б.

Қазақ жазбаларындағы  хандар шежіресі /кіріспе, түркі-шағатай тілінен қазіргі әріптерге түсірген, факсимилесін, көрсеткіштерін  даындағандар М. Шафиғи, С. Саттарұлы, Г.М. Абикова; бас ред. Ә.Қ. Муминов, ред. Қ.Е. Қаймақбаева. – Алматы: Ғылым ордасы, 2015. – 310 б.

Қазақ шежірелері және ұлттық таным мәселелері /Құраст. Р.Т. Бірімжанова,  Г.Әбікова. – Алматы, 2005. – 167 б.

Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті «Ғылым ордасы» Ғылыми кітапханасының Сирек қорындағы парсы тіліндегі кітаптардың каталогы / Құраст. Ғ.Ә. Қамбарбекова; Бас ред. Қ.Е. Қаймақбаева; Жауапты ред. Ә.Қ. Муминов. – Алматы: «Ғылым ордасы» баспа үйі, 2015. – 400 б.

ҚР БҒМ ОҒК. Қолжазба, 840-папка. №1.

Мұра: Орталық ғылыми кітапхананың 70-жылдық мерейтойына арналады /Құрастырушылар: К.К. Әуғалиева, Р.Т. Бірімжанова, Қ.Е. Қаймақбаева. – Алматы: Орталық ғылыми кітапхана, 2002. – 250 б.

Наука Советского Казахстана (1920-1980). – Алма-Ата, 1981. – с.272.

ОҒК. Қолжазбалар қоры. 23-қ., 1-т. 23-іс 1-13-бб.

ОҒК. Қолжазбалар қоры. 23-қ., 1-т. 26-іс 40-б.

ОҒК. Қолжазбалар қоры. 25-қ., 1-т. 28-іс 1-3-бб.

Отчет о работе центальной научной библиотеки АН Казахской ССР за 1953 год. Алма-Ата, 1956.

Отчет о работе центальной научной библиотеки АН Казахской ССР за 1959 год. – Алма-Ата, 1959.

Революцияға дейін қазақ тілінде шыққан әдеби кітаптар, 1807 – 1917. Аннотацияланған библиографиялық көрсеткіш. – Алматы, 1978. – 170 б.; «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапхана қорындағы сақтаулы шет тіліндегі сирек кездесетін кітаптардың мазмұндалған суретті библиографиялық көрсеткіші / Құрастырған Никитинская Н.В., Абикова Г.М.; Бас ред. Қ. Қаймақбаева. – Алматы: «Ғылым ордасы» баспа үйі, 2015. – 224 б.; «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасының Сирек қорындағы парсы тіліндегі кітаптардың каталогы / Құрастырған Ғ.Ә. Қамбарбекова. Бас ред. Қ. Қаймақбаева; Жауапты ред. Ә.Қ. Муминов. – Алматы: «Ғылым ордасы» баспа үйі, 2015. – 400 б.; Ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында сақтаулы материалдар жинағының мазмұндалған библиографиялық көрсеткіші. 4-кітап. 1 бөлім. А-Е / Құраст. М. Шафиғи, Р.Т. Бірімжарова, Г.М. Абикова, Г.Қ. Егеубаева; Бас ред. К.К. Әбуғалиева, Қ.Е. Қаймақбаева; Ғылыми ред. М. Шафиғи, П. Әуесбаева. – Алматы, 2015. – 248 б.; Ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында сақтаулы материалдар жинағының мазмұндалған библиографиялық көрсеткіші. 5-кітап / Құраст. М. Шафиғи, Г.М. Абикова, Г.Қ. Егеубаева, Б. Төлімбетова; Бас ред. Қ.Е. Қаймақбаева. – Алматы, 2015. – 288 б.; История Казахстана. Аннотированный библиографический указатель казахских, русских книг и рукописей, хранящихся в фондах Центральной научной библиотеки. – Алматы,2007. – Т.1-2.

Рашид ад-дин Фазаллах ибн-и Абу-л-Хайыр Әли Хамадани. Тарих-и Чингиз-хан/История Чингиз-хана от восшествия его на престол. / Баспаға әзірлеген, алғысөзн жазған және орыс тіліне аударған: И.Н. Березин. – СПб., Императорлық Ғылым Академиясының типографиясы, ж.ж.б. – 231 б.

Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбаларды сақтаудың өзекті мәселелері, ғылыми зерттеудегі өзара ықпалдастық және жаңа технологияларды енгізу: ҚР БҒМ ОҒК ғылыми-практикалық конференциясының материалдары. – Алматы, 2004. – 139 б.

«Сирек кітаптар мен қолжазбалардың ғылымдағы орны мен маңызы» атты ғылым күніне арналған дөңгелек үстел материалдары / Жауапты редактор Қ. Қаймақбаева. – Алматы: «Ғылым ордасы», 2013. – 260 б.

Хо Жуан. Дуң И Бау Жян. (Шығыс медицинасының жауһары). 25 том. 1613.

Хуаң,Лю Таң. Хуаңчау Туңдян. 2100 том. – Ханчжоу: Жыжиян литографиясы, 1882.

References:

Asanova B.S. Qazaqstandagi kitaphana isinin tarıhy: oqu quraly [History of library science in Kazakhstan: textbook]. – Almaty: Qyzdar unıversıteti baspasy, 2014. – 300 b. [in Kazakh].

Atabaev N. Qazaq baspasy Qazaqstan tarıhyna deiin (1870-1918) [The Kazakh press is the source of the history of Kazakhstan (1870-1918)] – Almaty: Qazaq unıversıteti, 2000. – 358 b.[in Kazakh].

GO GA. ("Gylym ordasi" RMKGylymi arhivi) Scientific archive of RSE "Gylym Ordasy"]. 10-q., 1-t. 1-is. 10-pp. [in Kazakh].

GO GA. [Scientific archive of RSE "Gylym Ordasy"] [in Kazakh]. 10-q., 1-t. 3-is. 6,6 art.-pp.

GO GA. [Scientific archive of RSE "Gylym Ordasy"] [in Kazakh]. 10-q., 1-t. 3-is. 10 p.

GO GA. 10-q., 1-t.10-is. 6-p. [Scientific archive of RSE "Gylym Ordasy"] [in Kazakh].

GO GA. [Scientific archive of RSE "Gylym Ordasy"] [in Kazakh]. 10-q., 1-t.12-is. 4-5-pp.[in Kazakh].

Qylymy kitaphananin qoljazbalar qorinda saqtauly materialdar jınaginin mazmundalgan bıblıografıalyq korsetkishi. IV-kitap. I-bilim. A-E. [Bibliographic index of the collection of materials stored in the manuscript fund of the scientific library. Book IV. Part I. A-E.] / Qurast. M.Shafıgı, R.T. Birimjarova, G.M. Abıkova, G.Q. Egeubaeva; Bas. red.: Abugalıeva, Q.E.Qaımaqbaeva; Qylymi red.: M. Shafıgı, P. Auespaeva. – Almaty: 2015. – 248 b. [in Kazakh].

"Gylym ordasy" RMK Gylymi kitaphana qorinda saqtauly shet tilindegi sirek kezdesetin kitaptardin suretti bıblıografıalyq korsetkishi [Bibliographic index with illustrations of rare books in foreign languages stored in the Scientific Library of RSE "Gylym Ordasy"]/ Qurast. N.V. Nıkıtınskaya, G.M. Abıkova; Bas. red. Q.E. Qaımaqbaeva. – Almaty, 2015. – 224 b.[in Kazakh, in Russian].

Kulturnaiya jizn v SSSR. 1928-1941. [Cultural life in the USSR. 1928-1941.]. – Moskva, 1976.[in Russian].

Qazaq adebıetinin tarıhy [History of Kazakh literature]. T.2.2-shi kitap. – Almaty, 1965. – 315 b.[in Kazakh].

Qazaq jazbalarindagi handar shejiresi [Chronicle of khans in Kazakh inscriptions]/ kirispe, turki-shagatai tilinen qazirgi aripterge tusirgen, faksımılesin, korsetkishterin daiindagan M.Shafıgı, S. Sattaruli, G.M. Abıkova; Bas. red. A.Q. Mumınov. – Almaty: Gylym ordasi, 2015. – 310 b.[in Kazakh].

Qazaq shejireleri jane ulttiq tanym maseleleri [Kazakh genealogies and issues of national identity] / Qurast. R.T. Birimjarova, G. Abikova. – Almaty, 2005. - 167 b.[in Kazakh].

Qazaqstan Respublıkasi Bilim jane gylym mınıstrligi Gylym komıteti "Gylym ordasi" RMK Gylymi kitaphanasinin Sırek qorindagi Parsi tilindegi kitaptardin katalogi [Catalog of books in Persian in the Rare Fund of the Scientific Library "Gylym Ordasy" of the Science Committee of the Ministry of Education and Science of the Republic of Kazakhstan] / Qurast. G.A. Qambarbekova; Bas. red. Q.E. Qaımaqbaeva;jauapti red. A.Q. Mumınov. – Almaty: "Gylym ordasi" baspa uıi, 2015. – 400 b.[in Kazakh, in Russian].

QR BGM OGK. Qoljazba, 840-papka. №1. [CSL of the MES RK. Manuscript, folder 840. №1.] [in Kazakh].

Mura: Ortalyq gylymi kitaphananin 70-jildiq merekesine arnaladi [Heritage: Dedicated to the 70th anniversary of the Central Scientific Library]. – Almaty: Ortalyq gylymi kitaphana, 2002. – 250 b.[in Kazakh, in Russian].

Nauka Sovetskogo Kazakstana (1920-1980) [Science of Soviet Kazakhstan (1920-1980)]. – Alma-Ata, 1981. –s.272.[in Russian]

GO GA. 23-q., 1-t.23-is 1-13-bb. [Scientific archive of RSE "Gylym Ordasy"] [in Kazakh].

GO GA. 23-q., 1-t.26-is 40-b. [Scientific archive of RSE "Gylym Ordasy"] [in Kazakh].

GO GA. 25-q., 1-t. 28-is 1-3-b. [Scientific archive of RSE "Gylym Ordasy"] [in Kazakh].

Otchet o rabote Cshentralnoi nauchnoi biblioteki AN Kazahskoi SSR za 1953 god [Report on the work of the Central Scientific Library of the Academy of Sciences of the Kazakh SSR for 1953]. – Almaty, 1956.[in Russian].

Otchet o rabote Cshentralnoi nauchnoi biblioteki AN Kazahskoi SSR za 1959 god [Report on the work of the Central Scientific Library of the Academy of Sciences of the Kazakh SSR for 1959]. – Almaty, 1959.[in Russian].

Revolutsıaga deiin qazaq tilinde shyqqan adebı kitaptar, 1807-1917.Anotasıalangan bıblıografıaliq korsetkish. – Almaty, 1978. – 170 b.; "Gylym ordasi" RMKGylymi kitaphana qorindagi saqtauli shet tilindegi Sırek kezdesetinkitaptardin bıblıografıaliq korsetkishi / Qurastyrǵan Nıkıtınskaıya N.V., Abıkova G.M.; Bas. red. Q.E.Qaımaqbaeva. – Almaty, 2015. - 224 b.; Qazaqstan Respublıkasi Bilim jane gylym mınıstrligi Gylym komıteti "Gylym ordasi" RMK Gylymi kitaphanasinin Sırek qorindagi Parsi tilindegi kitaptardin katalogi / Qurast. G.A. Qambarbekova; Bas. red. Q.E. Qaımaqbaeva;jauapti red. A.Q. Mumınov. – Almaty: "Gylym ordasi" baspa uıi, 2015. – 400 b.; Qylymy kitaphananin qoljazbalar qorinda saqtauly materialdar jınaginin mazmundalgan bıblıografıalyq korsetkishi. IV-kitap. I-bilim. A-E. / Qurast. M.Shafıgı, R.T. Birimjarova, G.M. Abıkova, G.Q. Egeubaeva; Bas. red.: Abugalıeva, Q.E.Qaımaqbaeva; Qylymi red.: M. Shafıgı, P. Auespaeva. – Almaty: 2015. – 248 b.; Qylymy kitaphananin qoljazbalar qorinda saqtauly materialdar jınaginin mazmundalgan bıblıografıalyq korsetkishi. 5-kitap / Qurast. M. Shafıgı, G.M. Abikova, G.Q. Egeubaeva, B.Tolimbetova; Bas.red. Q.E.Qaımaqbaeva. – Almaty, 2015. - 288 b.; Istoriya Kazakhstana. Annotirovannyy bibliograficheskiy ukazatel' kazakhskikh, russkikh knig i rukopisey, khranyashchikhsya v fondakh Tsentral'noy nauchnoy biblioteki. – Almaty, 2007. – T.1-2. [Literary books published in the Kazakh language before the revolution, 1807 - 1917. Annotated bibliographic index. Bibliographic index with illustrations of rare books in foreign languages ​​stored in the Scientific Library of RSE "Gylym Ordasy"; Catalog of books in Persian in the Rare Fund of the Scientific Library of RSE "Gylym Ordasy"; Bibliographic index of the collection of materials stored in the manuscript fund of the scientific library. Book 4. Section 1. A-E .; Bibliographic index of the collection of materials stored in the manuscript fund of the scientific library. Book 5.; History of Kazakhstan. Annotated bibliographic index of Kazakh, Russian books and manuscripts stored in the funds of the Central Scientific Library.] [in Kazakh, in Russian].

Rashıd ad-Dın Fazallah ıbn-ı Abu-l-haır Alı Hamadanı. Tarıh - ı Chıngız-han / Istoriya Chingiz-hana ot vosshestviya ego na prestol [History of Genghis Khan / History of Genghis Khan from his ascension to the throne] / Baspaga azirlegen, algısozin jazgan jane orıs tiline audargan: I.N. Berezin. – SPb.: Imperatorliq Gılım Akademiyasının tipografiyası, – 231 bet. [in Kazakh, in Russian].

Sirek kezdesetin kitaptar men qoljazbalardı saqtaudın ozekti maseleleri, gylymi zertteudegi ozara ıqpaldastıq jane jana tehnologiyalardı engizu . [Topical issues of preservation of rare books and manuscripts, interaction in research and introduction of new technologies]: QR BGM OGK gylymi-praktikalıq konferenciyasının materialdarı. – Almatı, 2004. – 139 b[in Kazakh, in Russian].

«Sirek kitaptar men qoljazbalardın gylymdagı ornı men manızı»[The place and importance of rare books and manuscripts in science] attı gylym kunine arnalgan dongelek ustel materialdarı / Jauaptı redaktor Q. Qaymaqbaeva. – Almatı: «Gylym ordasi», 2013. – 260 b. [in Kazakh, in Russian].

Ho Jwan. Dun I Bau Jyan. (Shıgıs medisinasının jauharı)[Masterpiece of Oriental Medicine]. 25 tom. 1613. [in Kazakh, Chinese].

Huan, Lyu Tan. Huachau Tundyan[Huangchau Tungdian.]. 2100 tom. – Hanchou: Jıjiyan litografiyası, 1882.[in Kazakh, Chinese].

МРНТИ 13.31.09

РЕДКИЕ КНИГИ И РУКОПИСИ

ЦЕНТРАЛЬНОЙ НАУЧНОЙ БИБЛИОТЕКИ

Г.М. Абикова¹, М.Қ. Бегимова²

¹ Сотрудник Центральной научной библиотеки «Ғылым ордасы» КН МОН РК. Докторант. КазНУ имени аль-Фараби. Казахстан, г. Алматы

²Сотрудник Центральной научной библиотеки «Ғылым ордасы» КН МОН РК. Магистр. Казахстан, г. Алматы

Аннотация. Статья посвящена истории создания Центральной научной библиотеки при Академии наук, ныне известной под названием Центральная научная библиотека РГП «Ғылым ордасы». В данной статье авторами будут предоставлены некоторые малоизвестные сведения касательно работы библиотеки. В качестве примера можно привести сведения о директорах научной библиотеки, сведения по пополнению фондов в научной библиотеки и сведения о личностях Каныша Имантаевича Сатпаева и Мухтара Омархановича Ауезова, которые внесли огромный вклад в развитие научной библиотеки.

Основой для данной статьи послужили материалы о разделе «редкие книги, рукописи и национальная литература». Раздел «Редкие книги, рукописи и национальная литература» ЦНБ содержит в себе ценные рукописи, написанные на арабском, персидском, чагатайском, османском и на др. языках, книги литографии и большое количество научных, научно-популярных, художественных редких произведении на русском и др. иностранных языках. В рамках научно-исследовательских работ Редкого фонда ЦНБ проводится кодикологический разбор рукописей, анализ и ислледования редких книг, исследования исторических личностей, таких как Абай Кунанбаев, Чокан Валиханов и т.д. и их творческое наследие на основе фонда.

Также в статье освещаются основные направления работы отдела Редкого фонда ЦНБ проведенные и проводимые в годы независимости. Также уточняется предмет специально организованных экспедиций, научных командировок, целью которых было пополнение редкого фонда рукописями и книгами, национальной литературой. Помимо вышеуказанных сведений, в статье дается объяснение сущности различий между библиотеками ХХ-ХХІ веков.

Ключевые слова: библиотека, редкий фонд, Наука, библиотечный совет, рукопись, книга, национальная литература, периодическая пресса.

IRSTI13.31.09

RARE BOOKS AND MANUSCRIPTS OF THE CENTRAL SCIENTIFIC LIBRARY

G.M. Abikova¹, M.K. Begimova²

¹PhD Student, al-Farabi Kazakh National University, Almaty

²Master’s Student, al-Farabi Kazakh National University, Almaty

Abstract.This research paper is devoted to the history of the creation of the Central Scientific Library at the Academy of Sciences, now known as the Central Scientific Library of the RSE "Gylym Ordasy". In this article, the authors will provide some little-known information about the work of the library. For example, they give information about the directors of the scientific library, information about the replenishment of funds in the scientific library, and more information about Kanysh Imantaevich Satpaev and Mukhtar Omarkhanovich Auezov. They made a massive contribution to the development of the scientific library.

This research paper explores «rare books, manuscripts and national literature» as well. The section "Rare books, manuscripts and national literature" of the Central Library of National Library of Sciences contains valuable manuscripts written in Arabic, Persian, Chagatai, Ottoman and other languages, books of lithography, and a large number of scientific, popular science, and rare artworks in Russian, etc., foreign languages. Within the framework of the research works of the Rare Fund of the Central National Library, codicological analysis of manuscripts, analysis and research of rare books, the study of historical figures such as Abai Kunanbayev, Chokan Valikhanov, etc., and their creative heritage are carried out based on the fund.

The article also highlights the main areas of work of the Department of the Rare Fund of the Central National Library conducted and conducted in the years of independence. Also, the subject of specially organized expeditions, scientific trips, replenishing the rare fund with manuscripts and books, national literature is specified. In addition to the above information, the article explains the differences between the XX-XXI centuries’ libraries.

Keywords: library, rare collection, Science, library council, manuscript, book, national literature, periodical press.

No comments

To leave comment you must enter or register