Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 821.512.122.09 МҰХТАР ӘУЕЗОВ ЖӘНЕ АБАЙ ТУЫНДЫЛАРЫНЫҢ ТЕКСТОЛОГИЯСЫ

Е. ҒАЛЫМОВ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2 курс PHD докторанты Қаз

ӘОЖ 821.512.122.09 МҰХТАР ӘУЕЗОВ ЖӘНЕ АБАЙ ТУЫНДЫЛАРЫНЫҢ ТЕКСТОЛОГИЯСЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(16), 2018

Tags: шығарма., абайтану, мәтінтану, мәтінгер, қолжазба, көшірме, түсіндірме
Author:
Автор бұл мақалада Абай текстологиясына кенінен тоқталады. Текстолог ғалымдардың еңбектерін негізге ала отырып М.О. Әуезов, Қ. Мұхамедханов және М. Мырзахметұлы зерттеулерін талдауға алады. Мақалада Абай шығармаларының текстологиясын зерттеудің тарихы қысқаша баяндалып, қазіргі абайтану ғылымындағы бұл мәселенің көкейкесті жақтарына жете көніл бөлінеді. Сонымен қатар қазақ мәтінтану ғылымының теориялық-әдістемелік мәселелері кеңірек сөз болады. Мәтінтану ғылымын зерттеуші отандық ғалымдардың еңбектеріне шолу жасалып, көрнекті зерттеушілердің ғылыми ой-пайымдаулары зерделенеді. Түйін сөздер: мәтінтану, мәтінгер, қолжазба, көшірме, түсіндірме, абайтану, шығарма.
Text:

Кіріспе. Жалпы, жазба әдебиетті текстологиялық тұрғыда зерделеу Абай өлеңдерінен бастау алды десек те болады. Абайдың тұңғыш өмірбаянын Алаш көсемі, ғалым Ә. Бөкейханов жазып берді. Ең алғаш абайтанудың ғылыми негізін қалаған Мұхтар Әуезов Абай мұрасына сан алуан текстологиялық өзгерістер енгізіп, оны қатеден арылтуға өлшеусіз үлес қосты. Сондай-ақ, бұл жұмысты ары қарай жалғастырған – Қайым Мұхаметханов. Атақты ғалымның 1959 жылы жарық көрген «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» атты зерттеу еңбегі әлі күнге өзекті. Әуезов пен Мұхаметханов негізін салып кеткен бұл сала бүгінге дейін бірізділігін жойған жоқ», – дейді Абай текстологиясын зерттеушілер.

Дереккөзі мен әдістері. Ақын мұрасын зерттеп-зерделеуде, шығармаларының тұңғиығына сүңгіп, тереңдеген сайын оның өлеңдерінің сырына қаныға түсетініміз анық. Жалпы қазақ халқының әдебиеті мен рухани мұрасын саралауда өзіне тән біраз қиыншылықтардың барын да білеміз. Біріншісі – кейбірінің мұрасы тек ауызша, не болмаса басқалардың жазып алуы арқылы жетсе, екіншісі – қазақ тіліне жат жазу (араб, парсы) негізінде бізге жеткен. Сол себепті З. Ахметов, С. Қирабаев, М. Мырзахметов сынды ғалымдар жалғастырып, тереңдеп із салғанымен де, түзеу жұмыстарының әлі де нүктесі қойылды деп айта алмаймыз.

Жоғарыда атап өткеніміздей, қазақ әдебиеті тарихында текстологиялық ғылыми жұмыстар Абай шығармашылығымен тұспа-тұс келеді. Дәл осы мәселеде ақын мұрасын жан-жақты зерттеуді қолға алған Мұхтар Әуезов болатын. 1927 жылы ақын шығармаларының толық жинағы М. Әуезовтың мұрындық болуымен даярланып, Абайдың ғылыми өмірбаны да бірінші рет жазылып біткен еді. Бірақ, жағдайларға байланысты 1933 жылы ғана жарық көрді. Абай шығармаларының жинағы толық текстологиялық сұрыптаудан өтіп жариялануы республикамыздың рухани өмірінде, әсіресе абайтану тарихында маңызды құбылысқа айналды. Абай мұрасын зерттеушілерді қиыншылықтан арылтып, сүйенер дерек бола білген М. Әуезов жариялаған толық жинақ пен Абайдың ғылыми өмірбаяны болды. 1933 жылы жинақта Әуезов Абай шығармаларының жазылу жылдарын анықтап, хронологиялық жүйемен беруді басшылыққа алған болатын.

Талдамалар. Қазақ текстологиясы – мәтін туралы ғылым ретінде ұлттық руханиятымыздағы құнды жәдігерлеріміздің мәтіндерінің мазмұнын талдап, қай тарихи дәуірге, қай авторға тиесілі екенін анықтаумен қатар, алашқа танымал тұлғалардың артында қалдырған мұраларына қатысты сүбелі ой айтады [1].

Ұлт текстологиясы ғылымында М. Мырзахметов, З. Ахметов, И. Дүйсенбаев, Б. Кенжебаев, Ғ. Мұсабаев, Т. Абдрахманов, Қ. Өмірәлиев, Ш. Сарыбаев, Ә. Құрысжанов, Р. Сыздықова, Б. Сағындықұлы, Е. Жұбанов, М. Малбақова және т.б. ғалымдар ежелгі дәуірден бізге келіп жеткен жазба мұраларымыздың, кейінгі классик ақын-жазушылардың мәтінін ғылыми басылымға әзірлеуде аса құнды еңбектерімен қазақ ғылымының көкжиегін кеңейтіп, болашақ зерттеулерге арқау бола білді. Абай мұрасына қатысты текстологиялық жұмыстардың жүргізілуін Мұхтар Әуезовке дейінгі және одан кейінгі кезеңдер деп шартты түрде бөлетін болсақ, онда Х. Сүйіншалиевтің «Абай. Қара сөздер» (Алматы, 1956); Қ. Мұқаметханов «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» (Алматы, 1956); М. Мырзахметов «М. Әуезов және Абайтану» (Алматы, 1982) еңбектерін ерекше атап өтуге болады.

Жалпы Абай туындыларына текстологиялық зерттеу жасау мәтінгер ғалымдар тарапынан – өте күрделі және ұзақ уақытты қажет ететін аса жауапты шығармашылық жұмыс екендігі дау тудырмайды.

Осы туралы М. Әуезов: «Қай халықтың болса да дүниежүзілік мәдениетке берген озат нәрсесінің бәріне үлкен ықыласпен қарайтын біздің советтік әдебиеттану ғылымымыздың социалистік мәні Абайдың ақындық мұрасын жан-жақты зерттеу, оның творчествосын, өзін Қазақстан мен Совет одағында ғана емес, сонымен бірге шетелдерге де кең насихаттау фактісінен айқын көрінеді,- деген ой айтады [2].

«Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай оғлының өлеңі» деп аталған кітап 1909 жылы қазақ халқының мәдени өмірінде айрықша маңызды тарихи оқиға еді. Ақын шығармаларын бұған дейін біреуден біреу көшіріп алып, көбінесе ел арасына, оның өзінде де бір аймақта ғана ауызша таралып келді. Енді бүкіл ұлттың рухани азығына айналды. Осы тұңғыш жинаққа ақынның суреті мен Кәкітай жазған бірінші өмірбаян берілді. Кітапқа Мүрсейіт Бікейұлы көшірген 93 таңдамалы өлеңдер, 42 аудармасы және «Масғұт», «Ескендір» поэмалары енді.

Абай өлеңдерін Кәкітай тұңғыш жинақта өзінше «Халық туралы», «Өлең туралы», «Өзі туралы», «Ғашықтық туралы», «Ой туралы», «Насихат туралы», «Замандас туралы», «Сұлу ұрғашы туралы», «Аңшылық туралы» деп топтастырды.

Сондықтан күні бүгінге дейін қазақ мәтінгерлері ақын өлеңдерінде жаңсақ жазылған жеке сөздердің төркінін анықтау үшін Мүрсейіт қолжазбаларымен қатар осы алғашқы басылымға жүгініп келеді.

Осы алғашқы басылымға Абайдың өз замандастарын сынап жазған «Күлембайға», «Қыздарға», «Абралыға», «Дүтбайға», «Көкбайға» сынды өлеңдері кірмей қалуының себебін М. Әуезов: «Сол Абай сынаған адамдардың өзі немесе бала-бауырлары «баспаға шығарушы адамдарға өкпелейді, араздық ұстанады» деп жасқанып қалған» деп түсіндіреді. Әрі М. Әуезов түгелдей болмаса да таңдалып топталған аталған туынды Абайды туған халқының кемеңгер перзенті, данышпан ақыны ретінде жұртқа кеңінен танытта алды деген ой айтады [2]. Алаш зиялылары Абайды тануды, артында қалдырған бар мұрасын жинауды, жариялауды һәм жан-жақты зерттеуді Қазан төңкерісінен соң, ұлтымыз үшін мемлекеттік маңызы бар іс есебінде жүйелі жолға қойылғаны бәрімізге белгілі.

1909 жылы Кәкітай Ысқақов Абайдың таңдамалы шығармаларын тұңғыш рет басып шығарады. Бұл кітапқа ақын өлеңдерінің үштен екісі ғана енді және онда ғылыми түсініктер берілмеді. Кәкітай жазған шағын алғысөзде Абайдың өмірбаяны жәйлі қысқа мәлімет және оның творчествосы мен көзқарасы туралы тым жалпылама ғана пікір болды. Бұдан кейін ақын шығармаларының Ташкент пен Қазандағы екі баспасы Кәкітай баспасын қайталады. Қазанға дейін Абайды зерттеудің нәтижесі осындай болды.

Ал қазір ше?

Нәтижелер. Абай жайында жазылған енбектердің библиографиялық көрсеткішінің өзінде-ақ қалың кітап боларлық жұмыстардың аттары аталады; мұнда стиль мен тілдің проблемаларын Абай творчествосының идеялық мазмұны, оның өмірбаяны туралы проблемаларды, көптеген басқа мәселелерді қозғайтын ғылыми енбектер де, мақалалар да бар»,- деген сүбелі пікір айтады [2].

Осы орайда «Ақын қолжазбасы сақталмай, көшірмелердегі ала-құлалық мол болғандықтың салдарынан күні бүгінге дейін оның бір сөзін әр саққа жүгіртіп, әркім әр түрлі оқып келеді. Көпшілік өлеңдерінің нұсқасы үзіп-жұлуға көнбестей болып қалыптасса да, бір көшірмеде не бір басылымда Абайдың бір сөзінің басқаша жазылғанын көрсек, қолма-қол құлағынан сүйреп әкеп, әлгі қалыптасқан текске кіргізіп жіберуге әлі де әуестік бар»[3], - дейді Төкен Әбдірахманов.

Мұхтар Әуезов «Абай (Ибраһим) Құнанбаев» атты монографиясында осы жайында: «Қазаннан, әскери қызметтен қашып келіп, Абайға туысқан-дос болып кеткентатар молдалары: Ғабитхан, Кішкене молла (Мұхамметкәрім), Махмұт (Кішкене молланың баласы) және қазақтан шыққан: Мүрсейіт, Самарбай, Ыбырай, Хасен, Дайырбай сыйақты бала оқытушылар Абайдың өлеңдерін көп көшіріп, таратып отырды. Ғабитхан, Кішкен молла сыйақты жасы үлкендері Абай өлеңдерін ертеректен жинастырып, көшіріп жүрсе, кейінгі Мүрсейіт бастаған көпшілік Абай шығармаларының жинақтарын сол жаңағы 1896 жылдан бері қарай көшіретін болады» – деп жазады. Сондай-ақ, Абай мұраларын көшіріп, таратушылар арасында «Мүрсейіт еңбегін айрықша атап өту керек. Қазір Абайдың басылып жүрген таңдамалы өлеңдер жинағының барлығында да біздің асыл нұсқа есебінде сүйенетініміз – сол Мүрсейіттің көшірмелері» [4],– дейді.

Абайдың өз қолымен жазылған нұсқалар сақталмағандықтан «асыл нұсқадан тікелей көшіру көшіру» жайында жорамал түрінде ғана айтуға болады.

Мысалы, М. Әуезов Абайдың 1922 жылғы Ташкенттегі басылымында кеткен текстологиялық ағаттықтарды қынжыла отырып көрсетеді: мұнда редактор өлекшін сөзін ұлы-кіші деп, жалауды желкен, қанжарды қылжан деп қылжақ жасайды дейді. Әрине, ұлы-кіші деген мен өлекшін сөздері бір-бірінен мүлде алшақ, ауылы алыс дүниелер, сол сияқты жалау мен желкеннің қайсысын пайдалану автордың стильдік талғамын танытады [5].

Қазақ ғылыми ортасында ұлт әдебиеті тарихында текстологиялық жұмыстар Абай шығармаларын жарыққа шығарып, халыққа тарату кезеңінен бастау алады деген нақты пікір қалыптасып отыр. Солай десек те, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғ. Әнестің қазақ текстологиясының тарихын Шоқан Уәлиханов еңбектерінен бастау туралы пікірі барлығын да жоққа шығаруға болмайды [6, 11-б.]. Абай Құнанбаевтың және оның тәлімін көрген ақын шәкірттерінің артарында қалдырған мол мұрасын жан-жақты терең зерттеуді қолға алған М. Әуезов бірыңғай ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізумен бірге ақын шығармаларының текстологиялық жағына да ден қоя іздене алды. Қазақ текстологиясы бір ғана Абай шығармашылығымен шектеліп қалмай, қанатын кеңге жая отырып, халық ауыз әдебиеті үлгілеріне, Ә. Тәңірбергеновтің «Біржан-Сара» айтысына, ұлт классиктері Ы. Алтынсарин, Ш. Уәлиханов, М. Сералин, С. Торайғыров шығармаларын, өзге де өткеннен жеткен жазба деректерімізге текстологиялық зерттеу жұмыстары дендеп қолға алынып, нақты бір шығарманың жазылған жері мен уақытын анықтау, авторын табу немесе телу, қате оқылған сөздерді қайта түзету тәрізді аса зор жұмыстар іске асырылды. Қазақ текстологиясының алтын ғасыры өткен ғасырдың 1950-60-шы жылдарына сай келеді. Осы онжылдықта тек Абай шығармаларының текстологиясына ғана 60-тан астам мақала жазылды. Олардың ішінде З. Ахметов, И. Дюсенбаев, «Некоторые вопросы текстологического изучения произведений Абая» [7], Б. Кенжебаев «Абай шығармаларының соңғы басылуы туралы» [8], Қ. Өмірәлиев «Тағы да Абай текстолгиясы жайында» [9]; М. Сәрсекеев «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» [10] сынды өзектілігін жоймаған құнды мақалалар бар. Қазақ ғалымдарының мәтін сырын ұғыну саласында атқарған аса зор еңбектерінің нәтижесінде 1963 жылы ҚССР М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жанынан «Текстология мен қолжазба» бөлімі ашылып, қазақ текстологиясы жаңа белеске көтерілді. 

Елімізде жарық көретін мерзімді баспасөз беттерінде еліміз тәуелсіздік алғанға дейін 1950-90 жылдар аралығында халық ауыз әдебиеті үлгілеріне, ақын-жыраулардың халық арасынан жазылып алынған, кейде жарияланып үлгерген түрлеріне, ертегілер мен лиро-эпостық жырлардың бірнеше нұсқаларына әсіресе Абай шығармаларына жасалған текстологиялық жұмыстарға қатысты қызу пікірталас кеңінен орын алып отырды. Әсіресе, Абайтанушы Т. Әбдірахманов 1979 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінінің 21 желтоқсандағы санында жарық көрген «Мәңгі жас мұра» атты мақаласында: «Абай мұрасы – уақыт озған сайын көне тартпайтын мәңгі жас мұра, оны зерттеу, тану ісі үздіксіз жүргізіле бермек. Әр ұрпақ Абайды өзінің тұрғыласы санап, ол туралы өз сөзін айтпақ. Абайтанудың көп саласының ішінде күн тәртібінде бірінші болып тұрған – ақын шығармаларының текстіне айырықша жауапкершілікпен қарау болса керек», - деген болатын.

Қорытынды. Абай шығармаларына жасалған текстологиялық жұмыстарға қатысты өзекті мәселенің бүгінгі күнге дейін күн тәртібінен еш түспейтін ойда ұстайтын болсақ, онда ақын туындыларының текстологиясы жөнінде жаңашыл пікірімен танылып жұрген профессор Тұрсын Жұртбай ақын шығармаларының текстологиясына қатысты мақаласын «Егемен Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 13 қыркүйектегі «Абайдан асырып кім айтқан?» және аталған газеттің 2006 жылғы 22 ақпандағы «Абайды дұрыс оқып жүрміз бе?» деген мақалаларында сөз етті.

Біз де бұл орайда Мұхтар Әуезовтың: «Жалпы алғанда көптеген шығармалардағы Абай текстінің дәлдігі қолда бар ауызша, жазбаша нұсқалардың бәрін тұтас алып, текстологиялық талдаулар жасау жолымен анықталмақ» – деген ғылымдық қағидасын бар мүмкіндігімізше берік ұстауға тырыстық. Абайдың шығармалар жинағына енгізілген туындыларын хабар барысында ретімен пайдаланып жазылуы, айтылуы, әр жылдарда түзетіліп, дүрыс оқылуы мен түсінік, мәніне ден қойдық [11].

Абай және оның ақын шәкірттерінің әдеби мұраларынының мәтіндеріне қатысты М. Әуезов бірінші болып әдеби шығарманың ғылымға белгілі қолда бар барлық нұсқаларымен салыстыра отырып, баспаға әзірлейтін мәтінді қалыптастыруды жолға қоя білді. Қазір еліміздегі түрлі баспадан кеңестік және егемендік дәуірінде Абай және оның ақын шәкірттерінің әдеби мұраларының жарық көруінің екі жолы бар екенін аңғарамыз. Атап айтар болсақ, мәтіннің қалың оқырман қауымға және ғылыми зерттеу жұмысына арналуы.

Бүгінгі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Абай мұрасын ғылыми зерттеу жұмысында филология, әдебиеттану, тарих, мәдениеттану және басқа да қоғамдық пәндер бойынша терең білікті зерттеулер жүргізудің кезеңі туды. Белгілі ғалым Ө. Күмісбаев: «Қазақ әдебиеттану ғылымында текстология – әлі бұғанасы қатпаған жас ғылым...»,- деп сөз еткен болатын [12, 93-б.]. Міне, осы жас ғылымның Абай туындыларына қатысты зерделенуін алғаш қолға алғандардың бірі Мұхтар Әуезов болды.

М. Әуезов 1933 жылы латын қарпімен басылған Абай өлеңдері жинағына енген мәтіндердегі көне тіл элементтерін жаңаша беру тарихқа қиянат жасау деп есептеп, тап осындай ерекшеліктерді түсіндірме /коментарий/ арқылы берілуін қолдап, ақын мұраларының орынсыз бұрмалануына тосқауыл қоя білді. Бұл туралыТ. Әбдірахманов: «Сірә, 1933 жылғы толық жинақты түзеген М. Әуезовтің қолында белгілі көшірмелерден басқа бір көшірме болуы да ықтимал» деген ой айтады [3].

Абайдың және оның ақын шәкірттерінің қолжазба және жарық көрген мәтін басылымдарының арасында орын алатын бұндай айырмашылықтар дер кезінде қолға алынбаса, кейін келе осы қолжазбалар жарық көрген шақта оқырман ұғымында қайшылық тудыратынын М. Әуезов арыдан ойлай білді. Осы орайда орыс ғалымдары бұның барлығы сыни мәтіннің тұрақтануына көп кедергі келтіретінін орынды сөз етеді. Ресей әдебиеттанушысы әм библиографы Соломон Абрамович Рейсер тап осыған қатысты: «Біріншісі – авторлық емес, жалпы жұртшылыққа кеңінен тараған, екіншісі – авторлық тек тарихи әдеби зерттеулер арқылы анықталған және көпшілік оқырман қауымға таныс емес. Бұндайда ол бірінші нұсқа тұрақты мәтін ретінде қалыптасуы мүмкін» [13, 85-б.], - деген тұщымды ойын алға тартты. Біз жоғарыда келтіріп отырған С.Рейсер пікірінің өте орынды екені дау тудырмайды. Сол себепті, мәтін басылымдарының қай түрі болмасын бір-бірінен айырмашылықтары болуы мүмкін. Осы мәселені тікелей айтпасада Мұқтар Әуезов Абайдың ақын-шәкірттеріне қатысты уәжді ойды алға тартты.

«Бұл мәселеде біз Абай ақынның төңкеріс алдында не төңкерістен бергі қазақ ақындарына еткен әсерін айтпаймыз. Ол айрықша, ұзақ талдауды керек етеді. Бергілер және дәл айналасы деген тақырыпқа сыя да қоймайды. Сондықтан біз Абайдың дәл өз тұсында, өз дәуірінде еңбек еткен бірнеше ақын туралы ғана қысқаша айтып өтеміз.

Мұндай ақын төртеу. Оның екеуі Ақылбай, Мағауия - Абайдың өз балалары. Мұның екеуі де 1904 жылы, Абай өлген жылы өлген. Қалған екеуі - Көкпай, Шәкерім. Осы төрт ақын - Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері. Абайдан аталық, ағалық, ұстаздық тәрбие алудан басқа, оның өлеңі мен қара сөздерін әрі оқушы, әрі таратушы, бағалаушы-тұтынушы болудан басқа, бұлар Абай басшылығымен өз жандарынан жырлар да жазған.

Абайды зерттеуге осы төрт ақын атын қыстыратын бір себеп: бұлардың шығармалары арқылы Абай өзі істемесе де бой ұрған бірталай тың еңбек туады. Абай оларға тақырып беріп, өлеңдерін сынайды, түзейді, қалай түзеудің жолын айтады. Дәлін айтқанда, мыналар Абайдың ақын шәкірттері де, Абай алды оларға жазушылық мектебі сияқты болады.»,-деп болашақ мәтін сырын қарастыруға жол сілтеді [14].

Қорыта айтқанда, қазақ филологиясында текстологияның теориялық негізі жазылмады десек те, практикалық текстология кеңінен қолданыс тауып отыр. Бұның барлығын Абай туындыларын зерттеген ғылыми еңбектердің басым көпшілігі аса жауапкершілікпен жасалған текстологиялық салыстырулардың жемісі деуімізге болады.

Абай туындыларының текстологиясы бірнеше ғылымның тоғысқан тұсы болғандықтан, осы салада өзін таныта білген әрбір зерттеушінің ізденушілік, тапқырлық талантының нағыз ашылар көзі. Өйткені, Абайтанушы мәтінгер тек мәтіннің жарыққа шыққанға дейінгі тарихын зерттеп қана қоймайды, әрбір қолжазбалар арасындағы өзгерістердің себебін дәлелдеу барысында сол шығарманың жазылған кезін, тарихын, әдеби ағымдарын, этностық тілін, саяси-мәдени жағдайларын, тіпті көшірмешінің мақсатын да байқап, ескере отыруға міндетті. Осыны кезінде Мұхтар Әуезов кейінгі абайтанушыларға аманаттап кеткен болатын.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1 Убайдуллаева Г.Ж., Махамбетова З.Н. Қазақ текстологиясының ғылыми-теориялық негізі // Молодой ученый. – 2014. – №1.2. – С. 79-81. // URL https://moluch.ru/archive/60/8925/ (дата обращения: 01.11.2018).

2 Әуезов М. Қазақ халқының ұлы ақыны http://abaialemi.kz/kz/post/view?id=106

3 Әбдірахманов Т. Мәңгі жас мұра //https://adebiportal.kz/kz/news/view/token_abdirahmanov_mangi_zhas_mura__

4Әуезов М. «Абай (Ибраһим) Құнанбаев». – Алматы, 1989. – 230 б.

5.Сыздықова Р.: Абай тілінің зерттелуі. Абай тағылымы. Әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер / Құраст.: филол.ғ.д., проф. Н. Ғабдуллин. –  Алматы: Жазушы, 1986. – 324-344-бб.

6.Әнес Ғ. Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінің лингвотекстологиясы: филол. ғ.к. ... дисс. авторефераты. –Алматы, 2002. – 114 б.

7 Ахметов З., Дюсенбаев И. Некоторые вопросы текстологического изучения произведений Абая // Вестник АН КазССР. – 1953. – № 10.

8 Кенжебаев Б. Абай шығармаларының соңғы басылуы туралы // Социалистік Қазақстан. – 1955. – 29 мамыр

9 Өмірәлиев Қ. Тағы да Абай текстолгиясы жайында // Қазақ әдебиеті. – 1957. – 8 наурыз.

10 Сәрсекеев М. Абай шығармаларының текстологиясы жайында // Әдебиет және өнер. – 1956. –№ 10.

11 Мұхаметқалиқызы А. // http://bilimainasy.kz/?p=20130

12 Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. – Алматы: Жазушы, 1998.

13Рейсер С.А. Палеография и текстология. – М., Просвещение, 1970. – С. 336.

14 Әуезов М.Абай ақындығының айналасы //http://abaialemi.kz/kz/post/view?id=681

Е. ГАЛЫМОВ,

PHD докторант 2 курса Института литературы и искусства им. М.Ауэзова и КазГУ им. аль-Фараби

Казахстан, Алматы, email: erkin.galymov.87@mail.ru

ТЕКСТОЛОГИЯ ТВОРЧЕСТВА МУХТАРА АУЭЗОВА И АБАЯ

Резюме

В данной статье автор рассматривает текстологию произведений Абая. На основе трудов текстологов автор сравнивает исследования М.О. Ауэзова, К. Мухамедханова и М. Мырзахметулы.  Кроме того, в статье рассмтривается история исследований текстологии творчества Абая, автор останавливается на основных моментах современного абаеведения. Кроме этого, уделено внимание проблеме теоретическо-методологических сторон текстологической науки, делается обширный обзор по трудам отечественных ученых-тестологов и их концепциям.

Ключевые слова: текстология, текстолог, рукопись, копия, абаяведение, примечание, произведение, абаеведение.

E. Galymov

2nd Year PHD Student of the M.Auezov Institute of Literature and Art

and the al-Farabi KazNU

Almaty, Kazakhstan

email: erkin.galymov.87@mail.ru

TEXTOLOGY OF THE OEUVRE OF MUKHTAR AUEZOV AND ABAI

Summary

In this article, the author examines the textual works of Abai. Based on the works of textologists, the author compares the studies of M.O. Auezov, K. Mukhamedkhanov and M. Myrzakhmetuly. In addition, the article examines the history of the research on the Abai’s works;  the author dwells on the main points of modern Abai studies. In addition, the attention is paid to the theoretical and methodological aspects of textual science, an extensive review is made of the works of Kazakhstanitextologists and their concepts.

Keywords: textology, textologist, manuscript, copy, Abai, note, work, Abai studies.


No comments

To leave comment you must enter or register