Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.81.37 АКАДЕМИК Б.Е. КӨМЕКОВ ЖӘНЕ ОНЫҢ ОТАНДЫҚ ДЕРЕКТАНУ ҒЫЛЫМЫНА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ

З.С. Ильясова¹. ¹Т.ғ.к., қауымдастырылған профессор. Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ. Қазақстан, Нұр-Сұлтан қ.

ҒТАМР 03.81.37 АКАДЕМИК Б.Е. КӨМЕКОВ ЖӘНЕ ОНЫҢ ОТАНДЫҚ ДЕРЕКТАНУ ҒЫЛЫМЫНА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(24), 2020

Tags: тарихи мұра, классификация, Отан тарихы, деректану, парсы және араб жазба деректері, Орталық Азия, тарихи-география, дерек көзі
Author:
Мақалада деректанушы, шығыстанушы әрі қыпшақтанушы ғалым, қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Болат Ешмұхамедұлы Көмековтың Отандық деректану саласындағы қызметін қарастырылған. Академик Б. Көмеков Қазақстан тарихы ғылымында өзіндік өрнегі бар тұлғалардың бірі. Қазақстан және Орталық Азияның ортағасырлық тарихын, қыпшақтану, тарихи география және ІХ-XVII ғғ. араб, парсы және түркі жазба ескерткіштерін зерттеуші маман. Бұл мақалада Б.Е. Көмековтің Қазақстан тарихының деректану саласындағы ғылыми зерттеулеріне тарихнамалық тұрғыдан талдау жасалды және ол еңбектерінің отандық тарих ғылымындағы маңызы көрсетілді. Ғалымның көпке сабақ боларлық өмір жолы бар, ғылымда өзіндік мектеп қалыптастырып, отандық тарих ғылымының бірқатар салаларының халықаралық деңгейге көтерілуіне зор еңбектер сіңірген. Сондықтан мақалада тұлғаның осынау дара жолын, әлі де жалғасын тауып келетін өзіндік мектептерін, ғылыми еңбектері мен соны пікірлері арқылы, қоғамға қозғау саларлық тың ойларын арнайы зерделей келе, қолда бар деректер негізінде тарихи баға беру мақсат етілген.
Text:

Кіріспе. Отан тарихы ‒ әлем тарихының құрамдас бөлігі, ал кез келген тарихты ғылыми дерексіз тану мүмкін емес. Ал деректердің өзі түпнұсқалығы, шынайылығы, мазмұндық ерекшелігі жағынан әртүрлі болып келеді. Олардан керекті мағлұматтарды алудың ғылыми тұрғыдан қалыптасқан өзіндік жолдары бар. Бұл саламен деректану ғылымы айналысады. Деректану археология, этнология және тарихнама сияқты тарих ғылымының іргелі негіздерінің бірін құрайды және оның құрамдас бөлігі болып табылады. Деректану ғылымының тікелей зерттеу объектісі – тарихи деректер.

Отандық деректану ғылымының даму тарихы әрқилы уақытқа сай түрліше деңгейлерде жүзеге асты. Бүгінге дейін аталмыш саланың қалыптасуы мен дамуына Ш.Ш. Уәлиханов, Ә.Н. Бөкейханов,А. Байтұрсынов, Е. Бекмаханов, Ә.Х. Марғұлан, Қ. Атабаев т.б. ғалымдар зор үлес қосты. Солардың ішінде әсіресе Ә.Х. Марғұлан отан тарихының деректану саласына қатысты жүйелі ғылыми пікірлерді алғашқы болып тұжырымдап қалдырды. Ғалым отандық тарихтың деректеріне кешенді зерттеулер керек екенін сол кездің өзінде талдап түсіндіре білген және нақты үлгілерін көрсете алған болатын. Ол жазба жәдігерліктер, фольклорлық, археологиялық, антропологиялық, этнографиялық, т.б. мұралармен қатар тарихты жасаушы тұлғаларға қатысты зерттеулер де отандық тарихта әлі кенжелеп келе жатқан салалар екенін атап көрсетті. Ә.Х. Марғұланның Ш. Уәлиханов мұраларын көпшілікке таныстыру мақсаты мен тарихтың беймәлім беттеріне жаңаша көзқарас білдіру тұрғысындағы пікірлері де болғаны еңбектері арқылы белгілі. Ғұлама өзінің көзі тірісінде осы тақырыпта сүбелі еңбектер жазып, Ш. Уәлихановтың көп томдығының халық игілігіне айналуына атсалысты. Кейін осы көп бағытты қамтыған деректанулық жұмыстарды ғалымның шәкірттері қолға алды. Солардың бірқатарын бүгінгі академик, өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарында әлі жас деректанушы, шығыстанушы ғалым болған Б.Е. Көмеков абыроймен атқарған еді. Сол жұмыстарды бүгінге дейін жалғастыра білген ғалым ежелгі және ортағасырлық Отан тарихына қатысты деректерді ғылыми айналымға түсіру істерін тарихи сабақтастықпен жүргізіп келеді.

Талдау. VI-VIII ғасырлардағы қазақ тарихы бойынша жазбаша деректер қатарына қытай және көне түркі жазба ескерткіштері, ал ІХ-XV ғасырлардағы кезеңге араб тіліндегі тарихи-географиялық еңбектердің деректері жатады. IX-XV ғасырлардағы араб тарихи-жағрафиялық жазба ескерткіштерінде Қазақстанға қатысты маңызды әрі құнды мағлұматтар өте мол. Осы тұрғыдан қарағанда, әсіресе IX-XIIІ ғасырлардағы Қазақстан тарихы мен мәдениеті жөнінде араб тіліндегі шығармалар ақпараттық маңызы жоғары және құнды дереккөздер. Бұл еңбектер басқа шет тіліндегі осы тақырыптағы жазба деректермен салыстырғанда өзінің ұтымдылығымен ерекшеленеді. Өйткені ғасырлар сынынан өткен жазба ескерткіштер – кеше мен бүгіннің арасын жалғастырған, халықтың тарихи жадын жаңғыртуға негіз болған деректер. Сондай-ақ бұл еңбектерде Қазақстан тарихына қатысты ертедегі және салыстырмалы түрде алғанда аса бай мағлұматтар жинақталған (Көмеков, Ильясова, 2011: 3; Кумеков, Кумекова, 2010: 5).

Отандық деректану саласында араб-парсы тарихи-жағрафиялық жазба ескерткіштеріндегі көне және ортағасырлық Қазақстан тарихына қатысты деректерді табу мен зерттеуде көптеген деректерді алғаш рет ғылыми айналымға қосуда академик Б.Е. Көмековтың орны ерекше. Ол ‒ шығыстанушылардың кешегі Ленинград, бүгінгі Санкт-Петербург мектебінің көрнекті өкілі. Ол отандық тарих ғылымының деректану саласында өзіндік орны мен сүбелі үлесі бар ғалым болып табылады.

Қазақстандық зерттеушілер арасында кимектермен қыпшақтар тарихына қатысты ортағасырлық араб және парсыдереккөздерін монография деңгейінде алғаш рет және жан-жақты қарастырған академик Б.Е.Көмеков екенін атап айтқан жөн (Кумекова Б, 1972; Кумеков Б, 1994). Араб, парсы дереккөздерінің мағлұматтарын деректанулықталдау нәтижесінде тұтастай Кимек қағандығының тарихын қалпына келтіруді отандық тарих ғылымының үлкен жетістігі деп бағалар болсақ, Б.Е. Көмековтің шығыстық дереккөздермен мәтіндік, деректемелік және тарихнамалық тұрғыдан жұмыс жасаудың бірегей ғылыми әдістемесін жасауын тарих ғылымының теориялық және әдістемелік дамуына қосылған үлкен үлес деп атауға болады. Өйткені академик Б.Е.Көмековтің еңбегі бұрынғы кеңестік кеңістіктен тыс елдерде де шығыстанушылар тарапынан іргелі зерттеу тәсілі ретінде қолданылуда.

Ғалымның ғылыми жолының басталуы. Б. Көмеков 1957 жылы Ташкент мемлекеттік университетінің шығыстану факультеті, араб бөліміне оқуға түседі. 1961 жылы араб тілі мен әдебиетін жетілдіру мақсатында Бағдад универсиетіне біліктілік арттыруға жіберіледі. 1964-1965 жж. Мысырда Жоғарғы Асуан бөгетінде аудармашы болып жұмыс істейді. 1966 жылы КСРО ҒА Шығыстану институтының Ленинград бөліміне үш жылға іссапарға жіберіледі. 1970 жылы Б. Көмеков «IХ-XI ғғ. араб деректері бойынша Кимек мемлекеті» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. 1974-1996 жж. ҚазКСР ҒА Тарих, археология және этнография институтының Ежелгі және ортағасырдағы Қазақстан тарихы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

Ғалым 1994 жылы Ресей ҒА Шығыстану институтында «VIII-XIII ғғ. қыпшақтар, құмандар және кимектер тарихы бойынша араб деректері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады (Кумеков, 1994). Ол докторлық жұмысын қорғағанға дейін де, одан кейін де қыпшақтану саласындағы жұмыстар бағытына қатысты тың ойларын, ғылыми дәлелді пікірлерін ғылыми ортаға салуды жүйелі жалғастырып келе жатқан шығармашылық ізденісі мол зерттеуші, шетелдік және отандық тарих, шығыстану, түркітану саласында өзіндік ұстанымы бар ғалым ретінде таныла білді. Б. Көмековтың 1995 жылы Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, ал 2003 жылы ҚР ҰҒА академигі болып сайлануы ғалымның Қазақстан тарих ғылымына сіңірген еңбегінің бағасы деп білген жөн.

Академик Б.Е. Көмеков ғылыми жолын араб және парсы тілдеріндегі жазбаша деректерге арнады. Бірақ ол деректерді ғылыми айналымға ұсыну үшін шығыс тілін жетік білу қажет еді. Ғалым шығыс жазба мұраларын ғылыми айналымға түсіру, олардағы мол деректерді пайдалана отырып, түрлі тәсілдермен салыстыру арқылы сол кезеңнің шындығын жан-жақты ашып көрсету үшін аянбай еңбек етті.

Тарихи деректердің түрі, мазмұны, ақпарат алу мүмкіндігі, объективтілігі мен субъективтілігі жағынан әрқилы болатыны ғылыми ортаға белгілі. Сондықтан зерттеуші жинақталған материалдарын аталған өлшемдер бойынша жүйелеп алғаннан кейін ғана оларды талдау әрекеттерін бастайды. Бұл жұмыс терең біліктілікті, қажырлы еңбекті әрі көп уақытты қажет етеді.

Ғалымның деректану саласындағы алғашқы еңбегі қазақ халқы тарихындағы ең негізгі кезеңдер қатарынан орын алатын ортағасырлық қыпшақтар тарихына қатысты дереккөздермен байланысты болды. Ол ежелгі және ортағасырлық Қазақстан тарихына қатысты деректерді ғылыми айналымға түсіру ісін тарихи сабақтастықпен жүргізіп, отандық тарих ғылымының деректану саласы мен қыпшақтану бағытындағы ғылыми зерттеулерге елеулі серпін берді. Ғалым әлемдік шығыстану, оның ішінде түркітану саласында ғылыми тұжырымдарын ұсынып, өзіндік мектебін қалыптастырды. Б. Көмеков алғаш рет араб деректері негізінде Кимек мемлекеттігінің толық ғылыми сипатын ашып қана қоймай бүгінге дейінгі қолда бар деректерді ғылыми сараптаудан өткізген бірден бір ғалым болып табылады. Қазақстандық және шетелдік деректанушылар мен тарихшылардың еңбектерінде ғалымның аталған еңбегіне күні бүгінге дейін ғылыми сілтемелер жасалып келуі соны айғақтайды. Оның жемісті ғылыми қызметі 700-ден астам еңбектерінде, ұжымдық іргелі жұмыстарында, монографиялары мен оқу құралдарында көрініс тапты.

Б. Көмеков ІХ-ХІ ғғ. Кимек мемлекеті туралы жазған ғылыми жұмысында араб, парсы деректерін түпнұсқадан молынан пайдалана білді. 1972 жылы жарыққа шыққан «Государство кимеков IX-XI вв по арабским источникам» атты еңбегі сол кездегі тарихшы ғалымдар тарапынан жоғары бағаланды. Ғалым ІХ-ХІ ғасырлардағы Қазақстан аумағының шығысында бір емес, бірнеше шаруашылық мәдени үлгілер болғанын дәлелдеп берді. Кимек мемлекеттігі туралы мағлұматтар беретін бірнеше дереккөздерді алғаш рет ғылыми айналымға қосты. Атап айтсақ, Тамим ибн Бахрдың (IX ғ.) «Рихла», әл-Жахиздің (IX ғ.) «Манакиб әл-атрак», Ибн Хордадбехтың (ІХ ғ.) «Китаб әл-масалик уә-л-мамалик», Ибн әл-Факихтің (ІХ ғасырдың аяғы ̶ Х ғасырдың басы) «Китаб ахбар әл-булдан», Кудама ибн Жаʻфардың (X ғ.) «Китаб әл-хараж», (X ғ.), әл-Истахридың және Ибн Хаукалдың (X ғ.) «Китаб әл-масалик уә-л-мамалик» және «Сурат әл-ард», әл-Балхидың (X ғ.) «Суар әл-ақалим», Әбу Дулафтың «Рисала», сонымен қатар Жанах ибн Хакан әл-Кимеки (X-XI ғғ.; кимектер билеушісінің баласы), кимектер елі туралы кітабы сақталмаған, әл-Идриси оған ауқымды сілтеме жасаған автор, әл-Идрисидің (ХІІ ғ.) «Нузхат әл-муштак фи-ихтирақ әл-афақ» және т.б. оннан аса шығармаларды тауып, зерттеді. Оның әрқайсысына тарихи салыстырмалы-текстологиялық талдау жасайды. Осы зерттеудің нәтижесінде Отан тарихының мазмұны Кимек хандығына қатысты тұтастай кезеңмен толықты (Кумекова Б, 1972).Өйткені ортағасырлық Қазақстан аумағында өмір сүрген жаңа мемлекеттің тарихы ашылып, оның хронологиясы, саяси құрылымы, шаруашылығы және мәдениетінің деңгейі тұңғыш рет тарихи деректер арқылы дәлелденді. Бұл монография 2014 жылы Түркияда түрік тілінде жарық көрді.

Б.Е. Көмековтің аталған зерттеулерінде қол жеткізген ғылыми қорытындылары ерекше маңызға ие. ҒалымКимек қағандығына кiрген тайпалар тарихына тоқталып, солардың бiрi қыпшақ тайпалары екенiн тың деректер арқылы көрсетеді. Б.Е. Көмековтің пікірінше, қыпшақтар алғаш Кимек конфедерациясы құрамында болып, ХI ғасырдың басында бiртiндеп саяси гегомонияға ие болған. Сондай-ақ ол бұрынғы зерттеушілер назарынан тыс қалған ортағасырлық қыпшақтардың этникалық құрамы туралы араб деректерiндегі мағлұматтарды саралай отырып, құмандардың қыпшақтар құрамындағы жеке тайпа екенiн анықтады (Құдасов, Анарбаев, 2005: 222). Олардың орналасқан географиялық аймағын, астанасы мен қалалары болғанын, қыпшақ тілді екенін, Қыпшақ хандығына саяси бағынышты болып, кейiн қыпшақтардың алдыңғы легімен бiрге Едiлден батысқа жылжығанын ғылыми түрде дәлелдедi. Құман тілінің элементтері түрлі қыпшақ-араб сөздіктерінде, Каменец-Подольск армян жазулы мәтіндерінде сақталған деп есептеген Б. Көмеков Шығыс (араб, парсы) және Батыс деректері негізінде құмандардың жеке этникалық топ екеніне айрықша назар аударды. Кейін ғалымның шәкірттерінің бірі Қ.С. Анарбаев кандидаттық диссертациясында (2009) оның осы тұжырымдарын ғылыми тұрғыдан негіздеп берді.

Академик Б.Е. Көмеков 1987 жылы жарық көрген «Арабские и персидские источники по истории кыпчаков VIII-XIV вв.» атты еңбегінде мәмлүк кезеңіне жататын бірқатар араб жазба деректері негізінде қыпшақтардың этникалық құрылымы мен мемлекеттік жүйесіне қатысты деректерді талдап, ғылыми айналымға ұсынды. Сондай-ақ Мәмлүк мемлекетінің тарихи және мәдени рөліне, Дешті Қыпшақ пен Мәмлүк мемлекетінің тығыз байланысы мен өзара ықпалдастығына қатысты назар аударарлық пікірлер айтты (Кумеков, 1987).

XIV ғасырда Мысырдағы Мәмлүк мемлекетінде алғаш рет көлемді энциклопедиялық еңбектер пайда болды. Бұл кезең ислам тарихындағы басқа кезеңдермен салыстырғанда авторлардың көптігімен, тақырыптардың кеңдігімен және өзіндік жаңа жанрлардың дүниеге келуімен ерекшеленеді. Бұл тұрғыда Б.Е. Көмеков: «XIV ғасырда Мәмлүк мемлекетінде әкімшілік қажеттіліктер үшін құрастырылған көлемді энциклопедиялар жасалды. Сондай тарихи-мәдени мектептің жарқын өкілдері ‒ ан-Нууайри, әл-Омари, Ибн әл-Фурат, әл-Қалқашанди, Ибн Тағриберди. Олардың маңызды еңбектерінде Дешті Қыпшақтың рухани мәдениеті, тарихи-географиясы, этникалық және саяси тарихы мен Мәмлүк мемлекетімен жан-жақты достық байланыстары туралы өте маңызды мағлұматтар бар» (Кумеков, 2013: 15) деп жазады.

Академик Б.Е. Көмековтің «Арабские и персидские источники по истории кыпчаков VІІІ-ХІV вв.» атты монографиясы қыпшақтар мемлекетінің саяси, этникалық, экономикалық және мәдени тарихының ақтаңдақ тұстарын толықтыруға, сонымен бірге көрші халықтармен байланысын айқындауға елеулі ықпал етті (Кумеков, 1987). Зерттеуде қыпшақтар, құмандар мен кимектер туралы қолжетімді мұсылман деректері толық қамтылып, олардың тарихына қатысты мұсылман жәдігерлерінің мәліметтері классификацияланған. Сонымен қатар Б.Көмеков мұсылман дереккөздері арасында қыпшақ мәселесіне қатысты 120-дан астам шығарма, кимектер туралы – 70, құмандар туралы 11 еңбек бар екенін, олардың ішінде ең маңызды материалдар географиялық әдебиеттерде берілгенін атап көрсетіп, оларды төмендегі жанрларға жіктеп ұсынған:

1.  Саяхатшылар жолжазбасы (IX-XV ғғ.);

2.  Сипаттамалы және астрономиялық жазбалар (IX-XVІІ ғғ.);

3.  Космографиялық дерек көздері (XII-XV ғғ.).

Деректанулық әдіс-тәсілдерді терең меңгерген Б.Е. Көмеков аталған еңбегінде дереккөздерді хронологиялық тұрғыдан, жалпы сипаты жағынан жіктеп, мағлұматтарды үзінді түрінде баяндаған тарихи шығармаларды жалпы тарих (X-XVI ғғ.), аймақтық тарих (XI-XVII ғғ.), әулеттер тарихы (XI-XV ғғ.) және шежірелік еңбектер (XIІІ-XVII ғғ.) деген бағыттар бойынша жіктеп көрсетті. Қыпшақтар, кимектер және кұмандар туралы мәліметтер бар ғалым зерттеген негізгі араб және парсы ескерткіштерінің корпусына деректердің  үш тобы енген. Олар: а) бастапқы ақпараттардан тұратын дереккөздер тобы (ІХ-Х ғғ.); б) компилятивтік және аутентивтік мәліметтерден тұратын дереккөздер тобы (ІХ-ХІІІ ғғ.); в) тек компилятивтік мәліметтерден тұратын дереккөздер тобы (Х-ХVII ғғ.).

Ғалымның ортағасырлық араб-парсы тілді деректерді толығымен  талдай отырып жасаған құнды еңбектерінің бірі ортағасырлық авторлардың шығармаларындағы компилятивтік жағдайларды анықтауы болды. Ғалымның өз зерттеулерінде ғана емес, кейінгі өзі жетекшілік еткен шәкірттерінің ғылыми жұмыстарында да ортағасырлық мұсылман деректеріндегі компиляциялық еңбектер туралы соны пікірлер тұжырымдалды.

Араб жазба ескерткіштері өткен дәуірлердегі мәдени мұраның ажырамас бөлігін құрағандықтан олардың сыни басылымдарын жарыққа шығару шұғыл қажеттілікке айналды. Өйткені, Таяу және Орта Шығыс тарихын ғылыми зерделеу үшін фактілік материалдардың баға жеткісіз қорын құрайтын мұндай дерек көздерін айналымға шығарудың маңыздылығы өскелең рухани сұранысқа сай арта түскен еді. Осы орайда академик Б. Көмеков деректануға қатысты мағлұматтарды жинақтау, оларға ғылыми сараптаулар жасау, Алтын Орда тарихына қатысты ортағасырлық дереккөздерді толықтырып қайта жариялау бағытында да көп жұмыстар атқарды.

2004 жылы қабылданған «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанға қатысты ортағасырлық жазба деректерді жинақтау, жүйелеу және оларды айналымға енгізу бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына кең жол ашты. «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы аясында Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты Қазақстан тарихына қатысты араб және парсы тілді шығармаларды толығымен жинақтап, «IX-XVI ғғ. Қазақстан тарихы араб деректерінде» сериясымен үш томдық кітапты жарыққа шығарды. Б. Көмеков пен Ә. Муминовтың басшылығымен 2005 ж. «Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды (Извлечения из арабских сочинений, собранных В.Г. Тизенгаузеном)» атты бірінші том кіріспесімен, толықтырулар мен түсіндірмелермен қайта басып шығарылды. Жаңа жинақта Қазақстан қалаларының тарихына (Түркістан, Сығанақ, Тараз және т.б.), Алтын Орда халқының әлеуметтік-этникалық құрамы мен саяси өміріне қатысты тарихи-географиялық материалдар ұсынылды. Бұл басылымда В.Г. Тизенгаузеннің еңбегінде жоқ Ибн әл-Асир, Ибн Баттута және Ибн Арабшахтың Алтын Орда тарихына қатысты деректерімен толықтырылып, библиографиялық, географиялық және этникалық көрсеткіштер жасалған (Кумеков, Муминов, 2005).

Академик Б.Е. Көмековтың құрастыруымен жарық көрген екінші томға (2010) Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты ертеректе жазылған сенімді араб географтары мен саяхатшылары Тамим ибн Бахр әл-Муттаууаʻи (IX ғ.), Саллам ат-Тарджуман (IX ғ.), әл-Жахиз (X ғ.), Ибн әл-Факих (X ғ.), Абу Дулаф (X ғ.), әл-Балхи (X ғ.), Ибн Хаукал (X ғ.), әл-Идриси (XІІ ғ.) еңбектерінің аудармалары мен араб тілді түпнұсқа мәтіндер енген (Кумеков Б.Е., Кумекова. Р.Б., 2010). Аталған авторлардың еңбектеріндегі мәліметтер қазіргі Қазақстан аумағын мекен еткен кимектер, оғұздар, қарлұқтар туралы ауқымды, нақты материалдарды қамтиды. Географиялық сипаттағы бұл шығармадағы түркі тайпалары ‒ кимектер, оғыздар, қарлұқтар, барысхандар, тоғыз-оғыздар, хазарлар туралы құнды тарихи-этнографиялық деректер және ерте орта ғасырдағы Қазақстанның тарихи географиясы жайында бағалы мәліметтер отандық тарихқа терең деректанулық талдаулар жасалғаннан кейін енді.

Аталған авторлардың еңбектері негізінде Қазақстан тарихына мынадай деректер енгізілді:

1) Ибн әл-Факих дерегі бойынша: Оғыз патшасы Балкик ибн Жабғудың әңгімесінде қазақтандыру институты қызметінің сипаттамасы мен шыққан уақытына қатысты өте қызық мәліметтерде, IX ғасырға жататын қазақтандырудың классикалық сипаттамасы кездеседі. Ибн әл-Факих «қазақ» терминінің синонимі ретінде «суʻлук» деген араб сөзін қолданған. Бәдәуилерде «саʻлак» сөзі тайпаларда өз орнын таппаған қара күш иелері мен кедей адамдар деген мағынада айтылады. Сондықтан олар әскер жасақтап, қарақшылық жолмен бақыт іздейді. Бұл ұғымдағы айырмашылыққа қарамастан, екі түрлі көшпелі қоғамдағы қазақтандыру институтының мағынасы бойынша рельефті сәйкестілік кездеседі.

2) Әл-Жахиз дерегі бойынша:Әл-Жахиздің еңбегінде түріктердің құқықтық нормаларына қатысты құнды материалдар бар. Зерттеу әдебиеттерінде түрік қағанатындағы (VI-VIII ғғ.) дала құқықтары мен заңдарының (тӧpӱ) дамуы көрсетілген.Көшпелі қоғамдарда ең ауыр жазалар өлім жазасы (зинақорлық жасағаны үшін) және бірнеше қылмыстардың жиынтығына қолданылған жазалар болған.Әл-Жахиздің жазбаларында түркі қағаны Хорасан билеушісінен мұсылмандық заңға сәйкес зинақорлық, кісі өлтіру, ұрлық жасау және олжаны тартып алуға қатысты қолданылатын жазалар туралы сұрағандығы және түрік қағанының шешімі туралы тың мәліметтер келтіреді. Әл-Жахиз ұсынған маңызды фактілік ақпарат далалық өркениеттің мемлекеттік тұжырымдамасының ажырамас бөлігі болып табылатын құқық, заң және әділеттілік туралы дәстүрлі идеялардың жоғары деңгейдегі өзара сабақтастығын көрсетеді.

3) Әл-Идрисидің еңбегіндегі деректерде «Хифшах» ұғымының жазылуының өзі мәліметтер хронологиясын анықтауға жол ашады. Бұл орайда авторлар араб-парсылық тарихи-географиялық әдебиеттердегі «хифшах» сөзінің жазылу ерекшеліктері мен оның әртүрлі формаларына палеографиялық талдау жасау арқылы «хифчах», «хифжах» және «хифшах» мағынасындағы мәтіндердің VIII-IX ғасырларға, ал «хифчах», «хифжах» және «хифшах» формалары сәйкесінше IX-X ғасырларға жатады деген қорытынды жасайды. Ал IX-XII ғғ. Ертістен Қара теңіз жағалауына дейінгі Ұлы даладағы қыпшақ хандарының саяси үстемдігі орнағаннан бастап, мұсылмандық ортадағы жазбаша деректерде «кифчак», «кифжак», «кибчак», «кибжак» және «кипчак» формалары пайда болған. «Демек, әл-Идрисидің қыпшақтар туралы мәліметтері VIII-IX ғғ. жатады» деп тұжырымдайды ғалым (Кумеков, 2004: Кумеков, Кумекова, 2010).

Әл-Идрисидің мәліметтері өте құнды, оның еңбегі бізге жетпеген жазбаша деректерге негізделген. Мұндай деректер қатарына әл-Идриси негізгі дереккөзі ретінде көрсеткен Жанах ибн Хакан әл-Кимектің кітабын жатқызуға болады. Осыған байланысты «түркілердің ауыздан ауызға жеткен сөздерінен құрастырылған кітап» туралы «Нузхат әл-муштақ» шығармасындағы ақпарат қызығушылық туғызады. Жанах ибн Хакан туралы өзге мәліметтер жоқ, бірақ оның нисбасынан (тегін, тайпасын білдіретін қатыстық есім) шығу тегі кимек екені танылады, яғни ол бізге Шығыс Қазақстаннан шыққан алғашқы жазушы ретінде белгілі болып отыр. Әл-Идрисиде Қазақстан территориясын мекендеген кимек, қыпшақ, құман, оғыз, қарлұқ, түргеш, азкиш тайпалары туралы өте маңызды мәліметтер бар. Аталмыш тайпалардың таралуы, шаруашылығы, қалалары, сауда жолдары, қолөнері, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері, діни наным-сенімдері, далалық өмір сүру салты, физикалық географиясы мен пайдалы қазбалары және т.б. туралы мол мағлұмат берілген. Аталған деректердегі мәліметтер арқылы Қазақстанның орта ғасырлық тарихы тың деректермен толықты.

Түрлі сипаттағы аталған ортағасырлық жазба ескерткіштерді ғылыми тұрғыдан талдай келе ғалым оларда кездесетін ортақ мағлұматтарды немесе кімнің еңбегінен кім пайдаланғанын ғана емес, оларға тән өзіндік ерекшеліктер мен мазмұндарындағы маңызды деректерді де жіктеп көрсете алды. Бұл зерттеулер отандық деректану ғылымы үшін маңызы зор және қазақстандық ғалымдардың шығыстану ғылымында өзіндік орны бар екенін көрсететін еңбектер қатарынан саналып келеді.

Б.Е. Көмековтың зерттеулері араб, парсы, т.б. тілдердегі ерте және ортағасырлық кезең тарихшыларының, саяхатшыларының түпнұсқа еңбектерін пайдалануымен құнды. Оның Қазақстан тарихына арналған еңбектерінен қазақ халқының ерте және орта ғасырлық тарихы мен мәдениеті, этнографиясы, тілдік ерекшеліктері жайында жан-жақты мағлұмат алуға болады.

2011 жылы Б.Е. Көмековтің Б. Батыршаұлы және С. Батыршаұлымен бірлесе дайындаған «Мысырдағы мамлүк сәулет өнерінің тарихы» атты кітабы жарыққа шықты. Басылым ХІІІ-XV ғасырлардағы Египеттегі Мәмлүк мемлекеті мен Дешті-Қыпшақтағы Алтын Орда арасындағы әскери-саяси және дипломатиялық қатынастардың орнау және даму дәуіріндегі Еуразияның Ұлы даласы мен Шығыстың араб-мұсылман әлемі арасындағы өзара байланыстың тарихи-мәдени маңызы жөніндегі бірегей зерттеулерге арналған. Ондағы басты зерттеу нысаны мәмлүк кезеңіндегі сәулет өнері болды. Осы мақсатта мәмлүк кезеңінің 200-ден астам сәулет ескерткіштері зерттелді. Басылымда Каирде сақталған жиырмадан астам таңдаулы мәмлүк сәулеті ескерткіштерінің 300-ден аса фотосуреттері пайдаланылған (Батыршаұлы, Көмеков, 2011).

«Қазақстанның ортағасырлық тарихының дерегі» атты 2011 жылы жарық көрген монографияда (авторлар ‒ Б.Е. Көмеков, З.С. Ильясова) араб ғалымы Йақұт әл-Хамауидің «Муʻджам әл-булдан» (XIII ғ.) географиялық еңбегіндегі Қазақстанның ортағасырлық тарихына қатысты барлық мағлұматтарға тарихи және деректанулық талдаулар жасалған. Қазақ тарихының ортағасырлық кезеңінің құнды дерек көзі болып табылатын аталмыш еңбектегі еліміздің аумағын мекендеген тайпалар мен халықтарға қатысты тарихи-жағрафиялық деректер тұңғыш рет қазақ тіліне аударылып, ғылыми айналымға енгізілді (Көмеков, Ильясова, 2011).

Б.Е. Көмеков зерттеулерінде өзге де араб және парсы тілді авторлардың жазба мұралары деректанулық тұрғыдан зерттеу нысанына алынған. Солардың бірегейі ‒ 2018 жылы Б.Е. Көмековтың басшылығымен жарық көрген «Жаһан нама. Мұхаммед ибн Нәжиб Бәкран (ХІІІ ғ. басы)» атты монография. Осы зерттеуде Мұхаммед ибн Нәжиб Бәкранның «Жаһан нама» еңбегі алғаш рет қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне аударылып, Қазақстан мен Орта Азия туралы тарихи-географиялық мәліметтер берілді (Көмеков, Тобыш, 2018).

Жалпы, «Жаһан нама» еңбегі маңызды географиялық ескерткіш ретінде адам қоныстанған барлық территориялар туралы ғана емес, жекелеген аймақтар, соның ішінде қазіргі Қазақстан мен Орталық Азия аумағындағы облыстар мен өңірлер туралы қызықты тарихи-географиялық мағлұматтарды қамтиды.

Араб географиялық әдебиетінің жаңа кезеңі мұсылман аймақтарының Арабиядан бастап Мәуаранахрға дейінгі территорияны қамтитын шығармалардың пайда болуымен байланысты еді. Соның ішінде түпнұсқа туындылардың айнымас элементі географиялық карталар болды. Б.Е. Көмековтің Отан тарихының деректану саласында ерекше еңбек сіңірген тұсы түрлі географиялық шығармалардағы мағлұматтарды деректанулық тұрғыдан терең талдау ғана емес, ортағасырлық дәуірге тиісті түрлі мақсатта және түрлі жағдайларда жасалған карталарды тарихи дереккөз ретінде пайдалануы деп айта аламыз. Иран географиялық сұлбалары арабшаға өңделген кезде картографияның түпнұсқалық ескерткіші «Ислам атласы» құрастырылды. Сипаттау бағытындағы географиялық шығармалар кейіннен осы атласты құру жүйесінен туындады. Араб географиялық әдебиеті бірегей еңбектердің, ең алдымен Әбу Зайд әл-Балхидің, әл-Истахридің, Ибн Хаукалдің, саяхатшылар Ибн Фадланның және әл-Масудидің еңбектерінің арқасында Х ғасырда ең жоғары даму шегіне жетті. Соның ішінде ғалымның өзі еңбектерінде ерекше бағалап, мол мағлұматтар келтіретін жәдігері – Әл-Идириси картасы арқылы кимектер мен қыпшақтар тарихына қатысты мол мағлұматтар ала білді (Кумеков, 1972: Кумеков,1981).

Б. Көмековтың ғылыми тұжырымдары мен тың идеялары көптеген оқулықтар мен ғылыми басылымдарда да көрініс тауып келеді. Ғалымның «Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы» (1995), «Қазақстан тарихы» (1-2 тт, 1996), «Шыңғыс хан» (2003), «Мөдэ қаған» (2003), «Сұлтан Бейбарс» (2004), «Мухаммед Хайдар Дулати» (2004), «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы. Көне және ортағасыр» (қазақ және орыс тілінде, 2007), «Kazakstan ve Kazaklar» (2007), «Большой атлас истории и культуры Казахстана» (2008), «Шоқан Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы» (1-6 тт., жауапты редактор; 1, 4 тт., құрастырушы, 2010), «Бес томдық «Қазақстан тарихы» көне заманнан бүгінге дейін» (1-томның бас редакциялық алқа мүшесі, 2010) басылымдарының және басқа да көптеген ғылыми монографиялардың, жинақтар мен ғылыми конференциялар материалдарының редакторы, құрастырушысы, жетекшісі ретінде жасаған жұмыстары өз алдына бір сала.

Б.Е. Көмеков осы бағыттағы зерттеулерін жүйелі түрде жалғастырып, өзіндік пікірлерін қосымша дереккөздермен толықтыра отырып, түріктердің далалық өркениеті туралы теориялық ойларын ортаға салып келеді. Бұл тақырыпқа қалам тартқандар баршылық, дегенмен ғалымның осы бағытта ұсынған ұстанымдары нақты фактілік деректермен дәйектеліп, әлемдік түркітану мен қыпшақтануда мойындалған материалдарға сүйеніп айтылуымен құнды. Ғалым еңбектерінде далалық өркениетке сай көшпелі қоғамда мемлекет, қала, қоныстар, жазу-сызу және жоғары мәдени руханият болғаны айқын көрсетіледі.

Ғалым далалық қатаң табиғат аясында көшпелі мал шаруашылығынан өзге шаруашылықтың тиімді түрінің дамуының мүмкіндіктерінің жоқтығына назар аудара келе оның өзін өркениеттіліктің бір белгісі санауға болатынын алға тартады. Оның алғашқы белгілері мемлекеттіліктің пайда болуы, қалалар мен жазу мәдениеті арқылы көрінді деп ой түйеді. Дала өркениетінің бастауын ғалым сақтар кезеңімен (б.д.д. VIII-III ғғ.) байланыстырады. «Сақтардың шаруашылығының негізін көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы құраған. Сол дәуірде өмір сүрген жазбагерлер еңбектерінде сақтардың жауынгер халық, атқа отырудың шебері, нағыз шабандоздар, садақ атудан әлемде теңдесі жоқ мергендер ретінде сипатталуының өзі көп жағдайды аңдатады» деп ой қорытады ғалым.

Академик Б.Е. Көмеков осындай қыруар жұмыстармен қатар ғылыми мекемелермен шығармашылық байланыстарын да үзген емес.

2010-2012 жылдары Б. Көмеков әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халықаралық қыпшақтану институтының директоры қызметін атқарды. Институт қызметінің негізгі мақсаты Еуразиялық және солтүстік Африка құрлығындағы қыпшақтану бағытындағы іргелі, басымдыққа ие, қолданбалы, ізденушілік т.б. ғылыми жұмыстардың басын біріктіру болып табылды. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Еуразия қыпшақтары туралы іргелі еңбектерді жарыққа шығару, мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында іргелі және қолданбалы зерттеулерге қатысу, жалпы қыпшақтану бағытындағы дерек қорларын молайту, оның ішінде шетелдерде сақталған материалдарды ғылыми айналымға қосу сияқты күрделі де қызық бағыттар нысанаға алынды. Зерттеу жұмыстарының аясында алыс-жақын шетелдердегі ғалымдардың қыпшақтанулық зерттеулерін үйлестіру, біріккен ғылыми жобалар әзірлеу және жүргізу, конференциялар ұйымдастыру шаралары атқарылды. Қыпшақтану еуразиялық тарихи-мәдени мұрамен байланысты концептуалды ғылыми бағыт негізінде жұмыс атқарды.

Б.Е. Көмековтің ғылыми жетекшілігімен ҚР БҒМ іргелі ғылыми жобалар бойынша «Араб, парсы және түркі деректеріндегі VIII-XII ғғ. Қазақстан аумағындағы далалық өркениет» (2009-2011 жж.), «Кодекс Куманикус» (VIII-XIV ғ. басы) қыпшақтардың тарихи-мәдени ескерткіші» (2012-2014 жж.) және «Ибн Нәжиб Бекранның географиялық тарактаты «Жаһан нама (XIII ғ.) ‒ Қазақстан және Орталық Азия тарихының дереккөзі» тақырыптарында зерттеулер жүргізіп, соңғысы ғылыми монография ретінде жарияланды.

Қыпшақтану саласын әлемдік деңгейге көтере білген ғалым Б.Е. Көмековөз зерттеулері аясында Қазақстанда және алыс жақын шет елдерде өткен жоғары деңгейдегі конференцияларға үнемі атсалысып келеді. 2013 ж. 29-30 мамыры сол кезеңде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де қызмет етіп жүрген ғалымның Тіл комитетімен бірлескен ұйымдастырушылық қызметінің нәтижесінде Елорда екі күн бойы түркітанушылардың орталығына айналды. Қазақстан астанасында Кимек мемлекетінің (IX-XI ғ.ғ.) 1100 жылдығына арналған атаулы датаға орай өткен «Еуразия қыпшақтары: тарих, тіл және жазба ескерткіштері» атты осы халықаралық ғылыми конференция жұмысына Еуразия құрлығы ғалымдары ғана емес, америкалық ғалымдар да қатысты. Б.Е. Көмеков конференция аясында «Қыпшақтану – Еуразиялық ауқымдағы тұжырымдамалық ғылыми бағыт» атты баяндама жасай келе: «Қазіргі кезеңде қыпшақтану зерттеулерін еуразиялық тарихи-мәдени мұрамен байланысты бірін-бірі толықтырып тұратын 3 ғылыми бағыт аясында өткізу орынды: 1. Түркі әлемі және қыпшақтар; 2. Қыпшақтар және Араб Шығысы; 3. Қыпшақтар және Шығыс Еуропа халықтары» деген тұжырым ұсынды (Кумеков, 2013.).

Көмеков және шәкірттері. Б. Көмеков тек көрнекті деректанушы ғалым ғана емес, сонымен бірге тұтас ғылыми мектеп қалыптастырған ұлағатты ұстаз да. Бұл бағыттағы жұмыстарының жандана түсуі әсіресе, тәуелсіздіктен кейінгі кезеңге сәйкес келеді. Ол заңды да. Бір жағынан ғалым тарих ғылымы саласында кемеліне келіп пісіп-жетілсе, екінші жағынан кеңестік билік кезінде айта алмаған жайттарды айтудың, деректерді кеңірек қарастырудың, шетелдермен байланыстарды жақсартудың мүмкіндіктері артуы ғалым шығармашылығына оң әсер еткені анық.

Ғалымның шәкірт тәрбиелеу жұмыстарында ғылыми бағдарларды анықтау, дереккөздер санатына кіретін жазба жәдігерлерді жаңа қырларынан қарастыру бағыттарына ден қоя еңбек еткенін жасалған жұмыстар нәтижелерінен байқауға болады. Б. Көмековтің ғылыми жетекшілігімен отандық тарих ғылымының жаңа дереккөздермен толыға түскенін ерекше атап өткен жөн.

Ғалым шәкірттерінің алды ‒ ғылым докторлары, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ғылым кандидаты, деректанушы ғалымдар (Ж. Тулибаева, Б. Кәрібаев, Б. Батыршаев, Н.Д. Нуртазина, Қ. Анарбаев, З. Ильясова, Н. Күзембаев және т.б.) ретінде отандық ғылымда кеңінен танымал. Б. Көмековтің бірқатар шәкірттері ғалымның зерттеу бағыттарына қатысты тұрақты ғылыми жұмыстарды жалғастырып келеді. Ғалымның ортағасырлық парсы деректерін жүйелі түрде зерттеп жүрген шәкірті Ж.М. Тулибаева өзінің 2004 жылы қорғаған «Персоязычные источники по истории казахов и Казахстана XIII-XIX вв.» атты докторлық диссертациясында жүзден аса шығармаларға деректанулық талдау жасаған. Ол аталған сала бойынша парсы тіліндегі жаңа деректерді ғылыми айналымға қоса алды (Тулибаева, 2009).

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Б. Кәрібаев 1996 ж. академик Б.Е. Көмековтың жетекшілігімен «ХҮ ғ. соңғы ширегі – ХҮІ ғ. алғашқы ширегіндегі қазақ хандарының Мәуреннахр билеушілерімен саяси қарым-қатынасы» тақырыпта тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады, ал 2010 жылы «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. Б. Кәрібаев XIII-XVIII ғғ. Қазақстан аумағындағы мемлекеттер тарихы; Этногенез және этникалық тарих, этнонимдер, тарихы мәселелері, тарихи тұлғалар тарихымен айналысып келеді.

2002 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Б. Көмековтың жетекшілігімен шәкірті Бақытты Батыршаұлы «Мысыр мәмлүк мемлекетінің Дешті Қыпшақпен байланыстары» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Ғылыми жұмыс Мысыр Мәмлүк мемлекетінің тарихы, Мысыр мен Дешті Қыпшақ арасындағы әскери-саяси одақтың құрылуы, Каир мен Сарай арасындағы дипломатиялық елшіліктердің қатынасуы, дін және сауда байланыстарына арнаған араб жазбаларына деректанулық талдаулар жүргізіп, ғылыми айналымға кешенді мәліметтер ұсынуымен ерекшеленді.

Б. Көмековтың жетекшілігімен 2006 жылы шәкірті З. Ильясова қазақ тарихына қатысты мол ғылыми мағлұмат қалдырған ортағасырлық арабтілді авторлардың бірі, саяхатшы-ғалым Йақұт әл-Хамауидің «Му‘джам әл-булдан» еңбегі туралы диссертациялық жұмыс жазды. З. Ильясова аталмыш жазба жәдігерліктегі Қазақстан территориясын мекендеген тайпалар мен халықтар туралы, олардың шаруашылығы мен қалалары жайлы және жағрафиялық объектілерге қатысты деректерді жүйелеп, саралады және олардың деректік құндылығын анықтады. Йақұт әл-Хамауидің «Түркістан», «Син», «Тараз», «Исфиджаб», «Бахр әл-хазар», «Итил» атты көлемді мақалаларына тұңғыш рет жан-жақты деректанулық талдау жасап, Қазақстан тарихына қатысты құнды деректерін ғылыми айналымға енгізді.

2009 жылы Б.Көмековтың жетекшілігімен шәкірті Қ.С. Анарбаев «Ортағасырлық құман-қыпшақтар тарихының мәселелері («Кодекс Куманикус» материалдары бойынша)» атты кандидаттық диссертациясында ортағасырлық құман-қыпшақтардың этникалық тарихын, саяси құрылымын, мәдениеті мен экономикасын жан-жақты қарастырып, «Кодекс Куманикустің» құман-қыпшақтардың тарихи-мәдени дереккөзі ретіндегі маңызына жан-жақты талдау жасады. Алғаш рет құмандардың кимек пен қыпшақтан бөлек дербес тайпа ретіндегі тарихи бейнесі аталмыш диссертацияда айқындалған болатын. Құмандар тайпасының тарихи келбетін айшықтап көрсету мақсатындағы ғалым-ұстаз бен оның шәкірттерінің зерттеулері өзінің заңды жалғасын тауып келеді.

Көрнекті деректанушы ғалым Б. Көмеков қазіргі таңда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде студенттер, магистранттар мен докторант жастарға дәріс оқумен қатар, өзінің бай тәжірибесі мен білімін ғылым жолындағы жастарға кеңінен жеткізіп, ғылыми жетекшілік жасап келеді. Атап айтсақ, докторант Д. Смагуловтың «Академик В.В. Бартольдтың ғылыми мұраларындағы Қазақстанның тарихи географиясының мәселелері», докторант С. Сыздықтың «Махмұд әл-Қашқаридың «Диуани луғат ат-түрік» еңбегі негізінде дала өркениетінің құндылықтары», А. Максутованың М.Х. Дулатидың «Тарихи Рашиди» еңбегінің зерттелуі» және Ә. Ташқараеваның «Абу-л-ғазидің «Шежіре-и-таракиме» шығармасындағы тарихнамалық және деректемелік мәселелер» атты жұмыстары Б. Көмековтің ғылыми жетекшілігімен жасалуда.

Қорытынды. Отандық деректану ғылымының дара тұлғаларының бірі, түркітанушы, қыпшақтанушы ғалым, ұлағатты ұстаз Болат Ешмұхамедұлы Көмеков қалыптастырған іргелі ғылыми мектеп өкілдері отандық деректану ғылымының ғана емес, Орталық Азиядағы және әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдениеттанулық зерттеулердің қазынасын молайтары күмәнсіз.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Атабаев Қ. Қазақстан тарихының деректанулық негіздері. – Алматы: Қазақ университеті, 2003. – 35 б.

Б.Е. Көмеков, Н.Тобыш. Жаһан нама. Мұхаммед ибн Нәжиб Бәкран (ХІІІ ғ. басы). –Астана, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, 2018. – 483 б.

История Казахстана в арабских источниках. Арабские географы и путешественники IX-XII вв. / Вступительная статья, перевод с арабского, комментарии, тексты и факсимилье Б. Е. Кумеков, Р. Б. Кумекова. Отв. ред. А. К. Муминов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2010. Т. 2. – 328 с.

Көмеков Б.Е., Ильясова З.С. Йақұттың «Муʻджам әл-булдан» (XIII ғ.) жағрафиялық жинағы – Қазақстанның ортағасырлық тарихының дерегі. – Алматы: Қазақ университеті, 2011. – 245 б.

Кумеков Б.Е. Государство кимеков ІX-XІ вв по арабским источникам. –Алма-Ата: Наука, 1972. – 156 с.

Кумеков Б.Е. Арабские источники по истории кипчаков, куманов и кимаков ҮІІІ – нач. ХІІІ вв. Диссертация в виде научного доклада на соискание ученой степени доктора исторических наук по специальности 07.00.09. –Санкт-Петербург, 1994. –40 с.

Кумеков Б.Е. Арабские и персидские источники по истории кыпчаков ҮІІІ–ХІV вв. Научно-аналитический обзор. – Алма-Ата: Издательство «Наука» КазССР, 1987. – 41с.

Кумеков Б.Е. Персидские и арабские формы написания термина «кипчак» и вопросы хронологии // Историко-культурные взаимосязи Ирана и Дешт-и Кипчака в ХІІІ-XVIII вв. Материалы Международного круглого стола. – Алматы: Дайк-Пресс, 2004.– С. 69-74.

Кумеков Б. Е. К открытию расселения куманов на территории Казахстана (по материалам средневековых арабских источников) // Взаимодействие кочевых культур и древних цивилизаций. – Алма-Ата, 1987.

Кумеков Б. Е. Сообщение ал-Идриси (XII в.) о странах кимаков и карлуков // Казахстан в эпоху феодализма. – Алма-Ата, 1981. – С. 12-19.

Кумеков Б.Е. Кипчаковедение – концептуальное научное направление евразийского масштаба //Сборник международной научной конференции «Кипчаки Евразии: история, язык и писменные памятники». – Астана: ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, 2013. – С.10-17.

Кумеков Б.Е. Арабские источники как ценный информационный фонд историко-востоковедческих исследований Казахстана //Сборник международной научно-практической конференции «Востоковедческая наука в ХХІ веке: Проблемы и перспективы развития». – Астана: ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, 2013. С.10-15

Кумеков Б.Е., А.К. Муминов А.К. История Казахстана в арабских источниках. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды.Извлечения из арабских сочинений, собранные В. Г. Тизенгаузеном. –Алматы: Дайк-Пресс, 2005. –Т. 1. – 711 с.

Құдасов С., Анарбаев Қ. Деректанушы ғалым// Қазақстанның ғылыми әлемі. №2 (02) 2005. – 220-222 бб.

Мысырдағы мамлүк сәулет өнерінің тарихы. Астана, 2011 (қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде; Б.Батыршаұлы, Б.Көмеков). BULGARICA

Тулибаева Ж.М. Письменные памятники по истории Казахстана XIII-XIX вв. –Астана: Издательство Национального центра археографии и источниковедения, 2009. – 237 с.

References:

Atabaev Q. Qazaqstan tarihining derektanuliq negizderi. – Almaty: Qazaq universiteti, 2003.– 35 b.

B.E. Komekov, N. Tobysh. Zhahan nama. Mukhammed ibn Najib Bakran (XIII g. Basi). –Astana, L.N. Gumilyov atyndagy Euraziya ulttyq universiteti, 2018. – 483 b.

Istoriya Kazakhstana v arabskih istochnikah. Arabskie geography I puteshestvenniki IX-XII vv. / Vstupitelnaya stat’ya, perevod s arabskogo, kommentarii, teksti I faksimil’ye B.E. Kumekov. Otv. Red. A. K. Muminov. – Almaty: Dayk- Press, 2010. T. 2. – 328 s.

Komekov B.E., Ilyassova Z.S. Yaquttyng “Mu’dzham al-buldan” (XIII g.) zhangrafiyalyq zhinagy – Qazaqstannyng ortagasyrlyq tarihynyng deregi.- Almaty: Qazaquniversiteti, 2011. – 245 b.

KumekovB.E. GosudarstvokimekovIX-XIvv. Po arabksim istochnikam.- Alma-ata: Nauka, 1972. -156 s.

Kumekov B.E. Arabskie istochniki po istorii kipchakov, kumanov I kimakov YIII – nach. XIII vv. Dissertaciya v vide nauchnogo doklada na sosikanie uchenoi stepeni doktora istoricheskih nauk po specialnosti 07.00.09.- Sankt- Peterburg, 1994. – 40 s.

Kumekov B.E. Arabskie istochniki po istorii kipchakov, kumanov I kimakov YIII – nach. XIII vv. Nauchno-analiticheksiy obzor. – Alma-Ata: Izdatel’stvo “Nauka” KazSSR, 1987.– 41s.

Kumekov B.E. Persidskie I arabskie formy napisaniya termina “kipchak” I voprosy hronologii // Istoriko-kulturniye vzaimosvyazi Irana I Desht-i-Kipchaka v XII-XVIII vv. Materialy Mezhdunarodnogo kruglogo stola. – Almaty: Dajk-Press, 2004.– S. 69-74.

Kumekov B.E. K otrkritiyu rasseleniya kumanov na terrirotii Kazakhstana (po materialam srednevekovyh arabskih istochnikov) // Vzaimodeistviye kochevyh kultur I drevnih civilizaciy.– Alma-Ata, 1987.

Kumekov B.E. Soobshenie al-Idrisi (XII v.) o stranah kimakov I karlukov // Kazakhstan v epohu feodalizma. – Alma-Ata, 1981. – S. 12-19.

Kumekov B.E. Kipchakovedenie – konceptual’noe nauchnoe napravlenie evraziyskogo masshtaba // Sbornik mezhdunarodnoy nauchnoy konferencii “Kipchaki Evrazii: istoriya, yazik I pismennye pamyatniki”. – Astana: ENU im. L.N.Gumilyova, 2013. – S. 10-17.

Kumekov B.E. Arabskie istochniki kak cenniy informacionniy fond istoriko-vostokovedcheskih issledovaniy Kazakhstana //  Sbornik mezhdunarodnoy nauchno-prakticheskoy konferencii “ Vostokovedcheskaya nauka v XXI veke: Problemy I perspektivy razvitiya”. - Astana: ENU im. L.N. Gumilyova, 2013. – S. 10-15.

Kumekov B.E., Muminov A.K. Istoriya Kazakhstana v arabskih istochnikah. Sbornik materialov, otnosyashihsya k istorii Zolotoi Ordy. Izvlecheniya iz arabskih sochineniy, sobrannye V.G. Tizemgauzenom. - Almaty: Dayk Press, 2005. - T. 1. – 711s.

Qudasov S., Anarbaev Q. Derektanushy galym // Qazaqstannyng fylymi alemi. №2 (02) 2005. – 220-222 bb.

Mysyrdagy mamluk saulet onerining tarihy. Astana, 2011 (qazaq, orys zhane agylshyn tilderinde; B. Batyrshauly, B. Komekov). BULGARICA

TulibaevZh.M. PismenniyepamaytnikipoistoriiKazakhstanaXII-XIXvv. – Astana: IzdatelstvoNacionalnogocentraarheographiiIistochnikovedeniya, 2009. - 237s.

МРНТИ 03.81.37

АКАДЕМИК Б.Е.КУМЕКОВ И ЕГО ВКЛАД В ОТЕЧЕСТВЕННОЕ ИСТОЧНИКОВЕДЕНИЕ

З.С. Ильясова¹

¹Кандидат исторических наук, ассоц. профессор.

ЕНУ им.Л.Н.Гумилева. Казахстан, г. Нур-Султан.

Аннотация. В статье рассматривается научный вклад в развитии казахстанской исторической науки, в частности востоковедения – доктора исторических наук, академика НАН РК, видного отечественного источниковеда, востоковеда и кипчаковеда Б. Кумекова. Академик Б. Кумеков известен научному кругу исследованиями по тюркским, арабским и персидским письменным источникам средневековой истории (IX-XVII вв.), исторической географии и кипчаковедения Казахстана и Центральной Азии.

В данной работе проведен историографический анализ научных исследований Б.К. Кумекова в области казахстанской источниковедческой науки, дается историческая оценка его роли в развитии отечественной науки до международного уровня, также показано его творческое наследие, которое сыграло большую роль в развитии общественно-культурной жизни Казахстана на основе собственных доступных данных автора.

Ключевые слова: Отечественная история, источниковедение, арабские и персидские письменные источники, Центральная Азия, историческая география, источник, классификация, историческое наследие.

IRSTI 03.81.37

ACADEMICIAN B. KUMEKOV AND HIS CONTRIBUTION TO DOMESTIC RESOURCE STUDIES

Z.S.Ilyassova¹

¹Candidate of Historical Sciences, Associate Professor.

L.N. Gumilyov Eurasian National University. Kazakhstan, Nur-Sultan.

Abstract.The article considers the scientific contribution to the development of Kazakhstan's historical science, in particular, Oriental Studies – Doctor of Historical Sciences, academician of the National Academy of Sciences of the Republic of Kazakhstan, a prominent domestic source specialist, orientalist and Kipchak expert B. Kumekov. Academician B. Kumekov is known to the scientific community for his research on Turkic, Arabic and Persian written sources of medieval history (IX-XVII centuries), historical geography and Kipchak studies of Kazakhstan and Central Asia.

In this work, a historiographical analysis of scientific research by B.K. Kumekov in the field of Kazakh source science, a historical assessment of his role in the development of domestic science to an international level is given, his creative heritage is also shown, which played a large role in the development of socio-cultural life of Kazakhstan on the basis of the author’s own available data.

Keywords:Domestic history, source studies, Arabic and Persian written sources, Central Asia, historical geography, source, classification, historical heritage.

No comments

To leave comment you must enter or register