Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.20.00 КӨШПЕЛІ ТАЙПАЛАРДЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРІНДЕГІ АНТ БЕРУ РӘСІМДЕРІ: САЛЫСТЫРМАЛЫ ТАЛДАУ

Шамшиденова Ф.М.¹ Т.ғ.к., доцент. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті.

ҒТАМР 03.20.00 КӨШПЕЛІ ТАЙПАЛАРДЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРІНДЕГІ АНТ БЕРУ РӘСІМДЕРІ: САЛЫСТЫРМАЛЫ ТАЛДАУ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 3(23), 2020

Tags: мотивтер., ереже, заң, рәсім, ант, болу, келісім-шарт, магиялық, құн төлеу, құқық, куә
Author:
Аңдатпа. Мақалада көшпелілер тарихында ант беру институтының рәсімдері түрлі деректер негізінде талданады. Күнделікті өмірдің өзінде көшпелілер тәртіпті реттеу мақсатында ант бергізіп, түрлі магиялық әдістерді қолданғаны да, ол анттың орындалуына да мән берілгендігі сипатталады. Ант беруде өтірік айтпай, адал болудың бір кепілдемесі – ант қабылдау рәсімдерінің өзі ерекше сезім тудыратындығын автор қазақтар мен қалмақтардағы ережені салыстырып айқындаған. Ант берудегі шамандық нанымдар монғол көшпелілерінде болғаны, ант беру рәсімі әуелі белгілі бір маңызды белгіге (дәстүрлі символға) – жерге, қасиетті тасқа немесе бейнеге, құрбандық шалатын ошаққа, қару-жараққа, т.б. беретіні көрсетілген. Қазақ қоғамында сұлтан тұқымынан шыққандардың мәліметі антсыз-ақ толық дәлелдеме ретінде қабылданғаны, ережелерде сұлтандардың құқы жақсы қорғалғаны анықталады. Автор ант беру көшпелілердің күнделікті өмірінде ұзақ тарихи уақытты қамтыды деген қорытынды жасайды.
Text:

Кіріспе. Ант – жеке тұлғаның ең қасиетті нәрсемен өзге бір адамды не адамдар қауымын өзіне адал ниетіне салтанатты түрде сендіру, уәде беру, куәлік ету. Қазақ дәстүрінде тіршіліктің ең негізгі нәрі нан мен қасиетті құран алдында ант беру рәсімі кездеседі. Жаугершілік замандарда сарбаздар елдің бостандығы, намысы үшін жан аямасқа серттесіп, қылыштың жүзін сүйіп ант берген (Су Бихай, 2001: 72).

«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» «ант» сөзіне былай түсініктеме берген: «Ант.1.Серт, уәде, шарт. Жау тисе егер көгінен, Яки судан жерінен талқандай жауды жеңеді ер, Отанға берген ант үшін (Жамбыл)»

Адалдықты сақтау үшін салтанатпен арнайы берілген уәде. Жұрт түрегеленіп тұр. Чернов тездетіп, ант қағазын оқып шығып:- Қане, енді мына қағазға жағалай қол қойып шығыңыздар!- деді. (С.Сейфуллин. Тар жол тайғақ кешу.)

Ант айтты. Уәде, серт берді. Көбікті бастап, өзгенің бәрі қостап ант айтысады (М.Әуезов. Шығ.). Табытын ұлы даланың көтерді барлық халқымыз. Тоқтады тынып қаралы үн, Айтылды сол сәт антымыз, (С.Мәуленов. «Жолдас»).

Ант ақтады. Сертті орындады, уәдеде тұрды.

Ант алды. Серт алды, уәде алды.

Ант аралады. Уәде бұзылды, серттен тайды. Ант жанды, көлік күткен Балта манап, ұзаққа берілмеді торы төбел ат. Сынды ұзақ, кектенді ұзақ, бұзды бата, Бұзылды екі арасы ант аралап (І. Жансүгіров. Шығ.).

Ант атқан. а) Уәдеде тұрмаған, ант ұрған, құдай ұрған. Ант атқан, құдай атқан, кері кеткен.

ә) Өзіндік мағынасы жоқ қыстырма сөз.

Ой, ант атқан, адамды осыншалық қорқыта ма екен?

Ант аттады. Уәдесін бұзды, сертте тұрмады.

Әліби осы арада ожар Оспанның жігіттерін еліне қайтарып тұрып: - Құдама сәлем айтыңдар. Антты аттап, батамды бұзайын деп жүрген мен жоқ, - деді (Ә. Нұрпейісов. «Қан мен тер»).

Ант атты. Құдай ұрды. Құдай ондырмады (Қазақ ұлттық энцеклопедиясы, 1988: 262-263).

Әдет-ғұрып – дәстүрге айналған, жалпыға бірдей қалыптасқан қоғамдық тәртіп, салт-сана  (Қазақ ұлттық энцеклопедиясы, 1988: 575). Ал соның ішіндегі ант беру ежелден пайда болған дәстүр деп түсінеміз.

«Қазақ тілінің орфографиялық сөздігіне» ант, ант атқан, ант беру, ант су ішу, ант сүйек, ант ұрған деп жазылған (Қазақ тілінің орфаграфиялық сөздігі, 1988: 38).

Осы терминдердің мағынасын түсінгеннен кейін ант беру институтының көшпелілердің күнделікті өмірінде қандай орын алғанын, қазақ қоғамында қалай дамығаның талдайық.

Материалдар мен әдістер. Мақаланың методологиялық негізіне жалпы ғылыми тарихилық қағидат алынып, автор тарихи бір ізділікпен көшпелілердің күнделікті өмір тарихында ант берудің қалыптасуы және дамуына бақылау жасады.

Зерттеу әдістерінен тарихи-динамикалық, салыстырмалы әдістер қолданылды. Салыстырмалы-тарихи әдіс тарихи құбылыстардың типологиясын жасауға, олардың негізгі сипатын екінші, міндетті емес сипаттан бөліп қарастырады. Салыстырмалы әдіс көшпелі тайпаларда ант берудің өзгерісін анықтауға, көшпелілердің өмір салты ұқсас болса да, ант беру рәсіміндегі ерекшеліктерін айқындауға мүмкіндік береді.

Мақалада Қазақстан және Ресей зерттеушілерінің еңбектері қолданылды. Ол еңбектерден тақырыпқа қатысты методологиялық ұстанымдарындағы айырмашылықтарды байқауға мүмкіндік туды.

Талдау. Ант беру рәсімдерін құқықтық жағынан А.И. Козлов, А.А. Леонтьев, Словохотов А.А., т.б. еңбектерінде сипатталған. Ал, қазақтардағы құқықтық дәстүрді З.Ж. Кенжалиев зерттесе, қалмақтардағы ант беру М.М. Батмаев, т.б. еңбектерінде кездеседі. Арнайы жазылған монографиялар жоқ, тек көшпелілердің тарихы туралы жазылған зерттеулер ішінде сипатталады.

Көшпелілердегі заңдарға З. Қинаятұлының еңбектерінде талданған. М.Х. мемлекетаралық келісім анттарына тоқталған.

Шығыс деректерінен «Шараф-наме-ий шахи», қалмақ заңдары, т.б. қолданылды.

Нәтижелер. Түркілерден келе жатқан қылмыстық заңның кейбір ережелері «Ұлы Жасақта» өз жалғасын тапты. «Хан және елін сатқандар, дінін, салт-санасын сатқандар, басқаның некелі зайыбына қол салғандарға ант ұрсын айтып басын алатын» (Қинаятұлы 3., 2002: 20).

Қазақ хандығы дәуірінде көптеген келісім-шарттарда «одақ» термині «ант» сөзімен пара-пар келген. Екі елдің билеушісі қол қойған келісім-шарт ант болады деп есептелген. Мысалы, «Шараф-наме-ий шахи» дерегіндегі мына үзінді әрі «одақ», әрі «ант» болғанын айқындайды: «Когда берег реки Келес, который является чудесной местностью с живительным воздухом, от пыли, «поднятой» шествием счастливого войска (Абдаллах-хана), стал предметом зависти высочайшего рая, здесь ко двору, подобному небесномусводу, пришел посол (илчи) от казахских султанов. У высокого порого он сообщил следущее. Все султаны из-за сильной любви и безграничной дружбы посылает (хану) приветствие, поклон, молитвы (и) мольбу, с которой обращаются к благочестивым. Они выражают единодушие, искренность (и) высокую преданность и (желают) жить в союзе ( с ханом). Они вдели голову единодушия в ярмо повинования и шею покорности (обвили) кольцом подчинения и выражают дружбу (и) верность (хану). Кроме того, они заявляют: «Мы и теперь верны тому договору и союзу, которые мы заключили с его величеством» (Абусеитова М.Х., 1988:122).

Әрине қазақтарда ант берудің түрлерінде діни көріністер қатаң есепке алынды деп кесіп айту қиын. Діндер тарамай тұрған кезде көк тәңірдің атымен ант ету болғаны белгілі. Мысалы, Ассирия заңдарына назар аударсақ, «Егер әйел – біреудің қатыны, әлде біреудің қызы – ғибадатханаға кіріп, қадамжайдың қасиеті мүлкінен бірнәрсе ұрлау үстінде ұсталса, антпен әшкерленсе де, айыбы басқа жолмен дәлелденсе де ұрлағаның қолынан тартып алып, жазасын тәңірден сұрау керек. Оған тәңірінің бұйырған жазасын қолданған жөн» (Орта Ассирия заңдары, 1996). Демек, тәңірлердің атымен ант ету жеткілікті айғақ деп есептелген. Ежелгі түркі дәуірінде де қазақ жерінде ант берудің мұндай түрлері болған.

Қалмақтарда егер ұрланғар малды қожайын біліп, бірақ заң жүзінде ұрлаушы өзін ант беру арқылы тазаруын дәлелдей алмаған жағдайда үш түрлі ант болған. Шахан – ұлы ант, істі шағымсыз шешу, егер 100 не одан да көп мал басы ұрланса, оларды әкеп беред. Егер біраз мал ұрланса, хурулда ант берген. Сот алдында куәгерлік ант берген. Антты кінәлі адам емес, оның ауқаты туытарының бірі береді, ал ол туысын талапкер таңдаған.

Куәгерлік ант беру рәсімінде оқталған мылтықтың аузын сүйеді, шаппасын оқтап қояды (Смирнов П., 1884).

Ант берудің келесі бір түрі мемлекетаралық істерде, дипломатиялық қарым-қатынаста кең қолданылады. Мысалы, Қазақ хандығының сыртқы саясаты бітім мен соғыс сияқты екі әдіспен жүзеге асты десек, келісім-шартты бекіту, ант беру немесе кепілдік арқылы бекітілетін (Абусеитова М.Х., 1988: 22). Егер билік басында отырған хандар өзара сенімге ие болса онда бейбіт түрде келісім – шартқа қол жететін. «Біз бітімді бекіттік», - деп, хандар келісім-шарт жасай отырып, «кімде-кім антты бұзса, оны өлтірсін немесе тастап кетсін», - деп айтқан (Абусеитова М.Х., 1988: 23).

Мұндай мағынадағы ант берген кезде кепілдікке кісі алу салты болған. Хандар мен сұлтандардың ұлдары, тіпті олардың туыстары кепілдікке берілген. Келісім-шарт жасалғаннан кейін кепілге берілген адамды алған. Кепілге беру бейбіт қатынасты реттеудің, бекітілген келісім-шарттың ережелерін сақтаудың, бағындырудың бір элементі ретінде қолданылған.

Әдетте хан тұқымынан шыққан өкілдер қолға әскери іс-қимылдар кезінде түсетін. Мысалы, 1580 жылы Тобыл всеводасы Данил Чулков Сібірлік Сейтекпен бірге қазақ ханы Тәуекел Ресей өкіметінен өз інісі Оразмұхамедті қайтаруды өтінуі екі мемлекет арасындағы дипломатиялық байланыстың орнауына ұйытқы болғаны белгілі.

Кепілдікке берудің кең тараған түрі тәуелді хандар жақсы қарым-қатынасты сақтау мақсатымен өз ұлдарын хан сарайына жіберетін.

Кәмелетке толғандар ғана ант берген. Жас балалар анттың мәнін, маңызын түсінбейді деп есептелінген. Сұлтан тұқымынан шыққандардың мәліметі антсыз-ақ толық дәлелдеме ретінде қабылданған. Қазақ қоғамындағы ережелерде сұлтандардың құқы жақса қорғалғанын байқауға болады. Ал, жай қарапайым қазақтарлдың мәліметтері ант бермейінше есепке алынбаған. Егер бір іс бойынша бірнеше адам куә болса, антты тек қарсы жақтың қалауы бойынша біреуі ғана беретін болған, ал куәгері біреу болса, онда ант беруге ол өзі емес, іске қатысы жоқ туыстары берген. Куә адамдар сыйлауға тұрмайтн, теріс ісімен белгілі болса, би оларды шақырмай-ақ істі антқа беретін болған.

Сырт жағынан қарағанда рәсім белгіленген тәртіп бойынша адамдардың алдында, белгіленген «рольдеріне» сәйкес бірқатар символдық әрекеттерден тұрады. Рәсімге әдетте сөз айту кіреді. Мысалы, ант, уәде беру, тілек айту, құран оқу, т.б.

Бірқатар зерттеулершілер рәсімнің, миф пен тілдің генезисі туралы мәселені айтқанда филогенезде (грек тілінде phylon-py, тайпа, genesis- шығу тегі, бастауы, қайнар көзі; жер бетіндегі өмірдің органикалық формасы мен сана формасынын даму үдерісін білдіретін биология мен психологиядағы термин: филогенездін заңдылықтарын, әдетте, организмнің жеке даму үдерістерімен және оның туғаннан өлгенге дейінгі психикалық ұйымдасуымен салыстырады) рәсімдік әрекет бірінші семиотикалық үдеріс болды, оның негізінде мифологиялық түсінік пен тіл қалыптасты.

Егер Дальдің талдануына мән берсек, «сягать» деген сөз бір нәрсені ұстау, алу, қол жеткізу деген мағына береді, мысалы, «Нарезных ружья на версту сягают» (Даль В.И., 205: 383). Осы түбірдегі орыстың мынадай сөздері бар: посягать, досягать, осязать, осязание; ал белорус тілінде дасгнуць, дасягальны, абсяг, т.б.

Ант беру рәсімі әуелі дәстүрлі белгілі затқа – жерге, қасиетті тасқа немесе бейнеге, құрбандық шалатын ошаққа, қару-жараққа, т.б. жасудан тұрады. Бұл қозғалыстың өзі сол іске жақындықтың қатысы бар екенін, әділ екенін білдірді.

Рәсімдік ишара (жест) немесе дене қозғалысы ант беріп, серттесудің кейінгі зайырлы рәсімдердің көпшілігінде сақталды, сонымен бірге рәсімі жоқ есеп бермейтін істер де кездесетін. Кеңес армиясы тұсында ант қабылданғанда қолға мылтық ұстап, бір тіземен, байрақты сүйетін. Көптеген елдерде сот немесе лауазымға қатысты зайырлы ант беру Библия, Құран, Заң жинақтарын немесе Конституцияны ұстап орындалады. Ежелгі рәсімдік қозғалыстардың адам психикасына терең тамыр алғанын дәлелдейтін жалпы мағынадағы белгілер бар. Мысалы, уәдесін немесе толық шындығын жасырмауды бекемдейтін «кеудеге қолын» (яғни жүрекке) ұстайтын белгі. Бұл ишараның ауызша эквиваленті орыс тіліндегі фразеологизмде кездеседі. Мысалы, «положа руку на сердце», яғни ашық, шынайы, шын жүректен айту, немесе «рукопожатие» - белгілі бір келісімге қол жеткізгенде, сауда ісінде келісім-шарт жасағанда, құда түскенде айтылған. Қазақта «қол алысып, төс қағысып»  деген тіркесте осындай рәсімдер де болады. 

«Көзіне тік қарау» деген сөздің шындығын бекемдегенің немесе берген уәдесінен үміт күтуге болатынын білдіреді. Бұл фразеологизм адамның ойы мен көзқарасы еркін, тәуелсіз екенін көрсетеді.

Дальдің сөздігінде «рукобитье» қалыңдықпен күйеудің әкелерінің қол алысуы, әдетте кафтанның етегімен қолдарын жауып, келісімге келгенін білдірген (Даль В.И., 205: 112). Қазақта құйрық-бауыр асатып, құдалықты бекемдеген. Осындай лингво-семиотикалық фактілер ежелгі рәсімдерде ишара және дене қозғалысы филогенетикалық жағынан сөздің алдында болғанын байқатады. Алғашқы мифологиялық түсініктердің өзі де тілге қарағанда ежелде пайда болған. Швейцария психологы Карл-Густав Юнг тілге дейінгі адам болмысын «ұжымдық санасыздық» деп атаған. Осындай санасыз психикалық ұғымдар алғашқы рәсімдік дене қозғалысы мен белгілерді шығарып, мифологиялық түсініктің де, тілдің де қалыптасуының негізі бар екенін көрсетеді. Ал миф, грекше «mythos» - бұл сөйлеуге дейінгі сөз, «оның табиғи субстраты, хаостық дыбыс жіберу». Сөйтіп, рәсім - жазу пайда болмай тұрған қоғамдағы информацияны сақтаудың ең ежелгі әдісі. Нақты этностық рәсімдер жүйесінде сақталған информация, біріншіден, әлемнің қандай да бір бейнесін, екіншіден, ерекше маңызды жағдайларда адамдардың мінез-құлқының кейбір модельдерін (стереотип, үлгі) сақтайды. Рәсімнің мағынасы қайталауда, жауапты және сын сағаттарда қажетті мінез-құлық туралы тайпаларда қалыптасқан әлем бейнесі мен түсініктерді шығару. Рәсім әрекеттері мен сөздері ұзақ сақталады. Сонымен, миф, рәсім және тілдің адам санасындағы өзара қатынасын былай түсіндіруге болады. Дене қозғалысы мен қимылдық белгілер рәсімде филогенетикалық жағынан сөзден бұрын шықты. Дыбыстық тіл «аударма» сияқты болды, дыбысты қозғалыс, ишара көмегімен бекемдеді (ежелгі рәсімдер де, тайпалардың практикалық қарым-қатынасында да). Демек, филогенезде миф пен рәсім тілден бұрын пайда болды, сонда да тіл қоғамдық сананың ерте формасының ең ұзақ қабаты болып қалды.

Буряттардың ант беру рәсіміне мән берсек тергеуші мылтықты оқтап, шаппасын ашып, жоғары қояды. Ант беретіндер бетін батысқа қаратып тұрады, яғни таяу жердегі шамандық тасқа қаратқаны, сол жерге мылтықты да қояды. Алақандарын жұмып, қолдарын маңдайына қойып, буряттар тергеушіден кейін ант оқиды, ал оның мазмұны кәдімгідей, тек «Евангелиенің алдында» деудің орнына «перед дулом ружья» деп атайды. Ант бергенне кейін бәрі мылтықтын аузын сүйеді. Антты айтып, аузын сүйіп жатқанда тергеуші қолына оқталған мылтықтың шаппасын ұстап тұрады.

Астрахань губерниясының маңында тұратын қалмақтарыдың ант беру рәсімін талдайық. Аздаған малды айдап кеткенде қалмақтар өзара керісіп қалған жағдайда талапкер мен жауапкер басқа бөтен адамдармен «Хурулға»  барады, сол жердегі «бурхани - оргэ» деп аталатын үйде «Құдайлардың үйі» ант береді. Хурулдың бастығына қандай мәселе бойынша керісіп қалғандарын айтады, даланың салт-дәстүрі бойынша істі бітіммен аяқтауға тырысады, өзара жеңілдіктер беріледі. Егер бітімге келе алмаса, онда хурулдың бастығы діни адамға «гэлюнгу» жасауды ұсынады, яғни құрбандық үстелінде құдайлардың бейнесі тұрады, ол жерге «зулу» - жағылады, оны «Далай-лама» бейнесінің алдына қояды. «Зулудың» айналасына тибеттік шылым тартатын май шамдар қойылады, одан мускустық иісі шығып тұрады. Ант берудің алдында «гэлюнг» хурул үйіндегі «бурхандар» бәрін көріп, бәрін естіп, біліп тұр, сондықтан екінші рет жапа шеккен жақтарға бейбіт түрде істі тоқтатуды ұсынады, өйткені ант беруші қылмыскер өтірік ант беріп құдайлардың қаһарын өзіне аударып алады дейді (Батмаев М.М., 1993: 3). Екінші ақыл-кеңестен кейін қылмыскер өз кінәсін мойындамаса, ал өтірік ант бергені үшін жазалаудың алдына қорқыныш сезімін тудыратын дұға оқиды. Дұға оқыр алдында халатының  («лаишик») сыртынан «доик» деп аталатын қасиетті киім киеді – парчадан тігілген белге түсіре иыққа жамылатын киім, етегі – фестонды шеті иректеп тігілген етегі, ұзын қызыл лентасы жерге салақтап түсіп жүреді. Дұғаны оқып болғаннан кейін, ант берушілер екі қолынын саусақтарын түйістіріп, маңдайына қойып, үш рет жерге дейін иіледі. Одан кейін үш рет құрбандық үстелінің шетіне жалаң бас басын тигізеді, жанып тұрып, ант беруші былай дейді: «да прекратиться жизнь моя так же внезапно, как я гашу этот светильник, если я учинил взводимоз на меня преступление, или что-нибудь знаю о нем».

Май шамдарды өшіре тұрып былай дейді: «да лишус я милостей Божьих, если можно присягаю» (Батмаев М.М., 1993: 83). Осыдан кейін кикілжіңдері тоқтап, іс аяғына дейін шешілді деп есептеледі. Мұндай антқа кез келген қалмақ келісе бермеген, өйткені оның рәсімдері күрделі еді.

XVIII  ғасырдағы қалмақ заңдары бойынша жапа шеккен жақтарды сотқа арнайы жіберілген елшілер шақыратын болған. Егер үш рет сотқа шақырылғанды талапкер келмесе, онда істі аяқтайтын және айтарлықтай дәлелдер болмай әдеттегі жолмен істі шеше алмаса, басқа жақтан ақсүйек адамның біреуінің ант беру процедурасын тағайындайтын, әрі мұндай адамды таңдау соттың қолында болды, ал талапкер мен жауапкер ант берушіні таңдайтын құқығы болған жоқ (Батмаев М.М., 1993: 83). Егер таңдап алынған жауап берушінің кінәсіз екеніне ант берсе, онда талапкердің арызын қарауға сот бас тартады. «А буде тот человек, на кого присяга положена, ко оной не пойдет, то уже те люди, за коих он к присяге призван будет, винными признаются и, не приемля более от них никакого оправданья, с них взыскиваются» (Батмаев М.М., 1993: 83).

Ант беру екі түрге бөлінді: басқа елдің бодандығына кіргенде және куәгерлер не дәлелдейтіні туралы мәліметтері аз болғанда. Орыс-қалмақ қатынастарынын алғашқы жылдарында, орыс үкіметі әлі қалмақтың әдет-ғұрыптарын білмеген кезде дьяк И. Грамотин байбағыс тайшының елшісі Абыз Бөкенеевті 3 наурыз 1621 ж. Елшілік палатасында қабылдаған кезде ант беру тәртібі қандай екенің сұраған көрінеді. Сонда елші «что шертует оне тем обычаям: лижут нож да кладут на голову стрелу и прикладывают к сердцу» деген (Батмаев М.М., 1993: 83). Кейіннен ламаизм дінінің нығаюымен ант беру үрдісі біраз өзгерістерге ұшырады.

Мончак тайшы, оның ұлы Аюке, дербет тайпасының өкілі Солом-Церен XVII ғ. 60-70 жж. ант бергенде бурханның «құдайдың» мүсініне қарап шоқынған, таспиықты сүйген, пышақты не қылышты жалаған, оны бастарына және тамақтарына қойған. Осындай рәсімдерді орындағанда мынадай сөздерді айтқан: «Если мы ... чем-нибудь шертьсвою нарушим, то да будет на нас божий гнев и огненный меч и тою саблею, которую я, вынув из ножен, на голову и к горлу прикладывал. От неприятеля свозго да буду зарезан по горлу всему и в сем и в будущем веке да будем прокляты по всей калмыской вере» (Батмаев М.М., 1993: 83).

Моңғолдарда салтанатты жағдайларда ант бергенде «алтын ішу» дәстүрі болған. Шамасы, бұл шамандық нанымдарға байланысты болса керек. Ерте кезде ағайын болуды рәсімдегенде осындай дәстүр болған. Ағайын туыс болғандар – «анда»- кезек-кезек алтынның сынықтары салынған тостағаннан шарап немесе су ішкен. Ант бергенін, келісім-шарт жасағанын дәлелдеу үшін «алтын ішкен». Томск елшілері Я.Тухачевский және Д.Агарков 1633-1634 жж. Алтын хан Бадма Эрден қонтайшының иелігінде болған кезде, Алтын хан және оған жақын адамдар үшін ант берушілерден «алтын ішуін» талап еткен, ал алтын елшілердің өзінен болған. Алтын ханның адамдары да Томск елшілерінен «алтын ішуін» талап еткен. Осы жерде дау туып, ақыры, Томск елшілері «алтын ішуге» келіскендей сыңай танытқан, ал іс жүзінде, тек еріндерін тигізген. Бұл әдет-ғұрып ойраттар мен қалмақтарда болды ма, жоқ па белгісіз. Кейде ант бергенде қылышпен сары итті жарып тастаған, бұл антты бұзғаны үшін осылай жазаланады деген әдет болатын (Батмаев М.М., 1993: 83).

Сот істерін қарастырғандағы ант берудің екінші түрін П.И. Небольсин талдаған. Автордың айтуынша «шахан» (ант) қолданылудан қалған. Демек, XVIII ғ. ант беру рәсімдері ертегідей болған деп жорамалдаймыз. Ант беру рәсімі арнайы үйде болған. Үйдің бұрышында, арнайы биіктетіп қойылған жерде бурханның суреті тұрады, оның алдында майшам – «кюдже» жағып, түтіндетіп қойған. Бурханның айналасында докшиттердің (қаһарланған құдайлар) суреттері ілінген, оның астындағы жерге гелюнгілер және т.б. діни адамдар музыка аспаптарымен жайғасып отырады. Жерге өзінің қаны құйылған қара сиырдың терісі салынған. Сиыр аяғының жартысы үйден шығып тұрған. Үйдің ішіне, есіктің жоғары оң жағына таман сойылған сиырдың басы ілінеді. Сиырдың көзі ашық, тілін шығарып, екінші жаққа бүктеп қояды, бастың терісі сыпырылған және бәріне қан жағып қояды. Сиыр басына қарсы екінші жаққа адамның бас сүйегі ілінеді. Төменде оқталған мылтық тұрады. Үйдің (кибитқа) сыртында, есіктің екі жағында делдалдар, талапкер мен жауапкер тұрады. Ант беруге таңдалған адам жапа шеккендерге істі бітіммен аяқтауды ұсынады, оны аяғына дейін жеткізіп, орындаудың қажеті жоқ екенін айтады. Егер бұл ұсынысқа кері жауап алса, еріксіз ыңғайсыз талаптарды орындайтын.

Ант беруші киімін шешіп, ішкі көйлекпен ғана қалып, жалаң аяқ есік алдына барып, жайылған терінің үстіне тұрады, үш рет жерге иіліп, босағаны аттайды. Осы кезде гелюнгілер турбаны ұрып, қоңырауды сылдырлатады, раковинаны үрлейді, тәлеңкелерді лақтырады, салтанатты, бірақ құлақ жабатындай аккордтар шығарады. Сонда ғана ант беруші бурханға жақындайды, аспаптардың шуы басылады да, баяу түрде дұға оқу (сыйыну) басталады, үй ішіне моладағы дыбыстар салтанатты түрде тарап, қайтадан ант берушінің бойында сұмдық діріл пайда болады. Үйге кірген адам бурханның қасына келіп, кюдженің алдындағы түтіндеп жанып тұрған майшамды өшіреді, онымен қатар тұрған сойылған сиырдың жүрегі салынған ыдысқа еңкейіп барып аузымен жүректі алып, есіктің жоғарғы жағындағы өлі, жансыз көзқарастағы қан жағылған сиырдың басы мен адамның бас сүйегіне қарап, үйден шығаруы керек. Бұл күңгірт рәсімде ауызбен алып шыққан жүректе тістің ізі қалмауы керек. Сонда кінәлі адам айыпталмайды, ал талапкер жауапкерге ар-ожданына тигені үшін өсім төлеуі керек, оның сомасымен өздері келіседі. Егер ант беруге таңдалған адам одан бас тартса немесе шахан жүрекке зақым келтірсе, онда жауапкер кінәлі болып есептелген.

1766 ж. дербет тайпасының зайсанғысы Чиданг Донстаршыны Краснощековтың жеткізуі бойынша үкіметтің бұйрықтарына бағынбаймын деген сөздері үшін кінәға тартылған. Іс Заргода қаралған. Чиданг кінәні жоққа шығарады. Цохур ұлысы Жамбылдан сотқа ант беріледі деп шешіледі, ақсүйек дербет зайсангілерінен ант беруге әкелу керек. Егер дербет ақсүйектері ант берсе, онда Чидангтің кінәсі жоқ, кінә алынады, егер  зайсангілер шаханға бармаса, онда жазалау талап етілген. «Аймака лишить и со всем его с надлежающею наследною частию» (Батмаев М.М., 1993: 86).

Телеут жерінде де ант беру салтанатты түрде өткен. Олар өздерінің қалмақ нанымы бойынша ант берген. Бұл орыс воеводаларын да қанағаттандырған, өйткені мұндай ант мығым, берік деп есептелді, себебі телеуттер дәстүрді қатты сақтайтын.

Егер телеут княздарының анты Томск қаласында қабылданатын болса, онда бұл актіге үлкен маңыз беру үшін воеводалар мен қызметшілер патшаның нұсқауы бойынша воевода үйіне «алтын жалатқан» киімдермен салтанатты түрде келетін. Әуелі орыс елшілері немесе дьяк екі жақтың міндеттері жазылған анттың мәнін («шертовальная запись») оқитын. Орыстар жағының міндеті сыйлық ретінде болған, яғни телеут княздары адал болса, оларға жақсы қарайтын. Одан кейін князь және оның туыстарына немесе елшілерге Томскіде ыдысқа құйылған «алтын арақ» (алтын не қола заттан қырып алынған ұнтақты араққа салған), немесе «алтын бал» («золото в меду») беретін. Ыдыстағы арақты ішпестен бұрын князь (немесе елші) патшаға адал екені жөнінде ант мәтінін оқитын. Мысалы, 1650 ж. орыс елшісі И. Петоровтың қатысуымен болған князь Кокидің анты мынадай: «Я, Кока, присягаю великому государю царю и великому князю Алексею Михайловичу всея Россия, его величество супруге, царице и великой княгине Марьи Ильинишне и его величества наследному принцу, царевичу и великому князю Дмитрию Алексеевичу, что, я, Кока пребуду всегда верным подданным его царского величества. Ежелим я чиню сие не от доброго сердца, то будь надо мной божий огненным мечь, и будь я проклят в сем и в будущем веке, сие золото да станет у меня в горле, и да пожрет у меня сердце, и великого государя и великого князя Алексея Михаиловича сабля да будет над мозю головою» (Уманский А.П., 1980: 21). Ант берген кезде басына не тамағының астына қылышты қойып тұрған. Осыдан кейін ғана князь (немесе елші) чаркадан арақты ішкен, одан кейін қалғандары ішкен.

Серттескеннен кейін көшпелілер антты бұлжытпай орындаған. Бұл даланың қанға сіңген ережесі. Антты бұзу - өліммен тең. Бұл санаға сіңген заң. «Қанмен ант ішу» рәсімі ғұндардың рәсімінде де болған (Баһаддин Ө., 1988: 127).

Осыған ұқсас рәсімдер қазақ қоғамында ХІХ ғ. да болған. Мысалы, Қарамолада қабылданған Ереженің 14-бабында Құранның алдында, болыс молдасынын қатысуымен ант беретіні жазылған (Кенжалиев З., 1996: 54). Демек, ант қабылдау сәтін болыстық молда жүргізген, осыған қарағанда ХІХ ғасырда қазақ жерінде ант бүкіл халықтың алдында қабылданатыны бекітілген деп есептейміз. Мұсылман қауымы Құранды пір тұтқан, оны жай ұстап қоймай, сүрелерін жаттаған, әрі өз сеніміне айналдырып, жан дүниесін байытқан. Құран кітабын қалай болса, солай тастамаған, төр жаққа қойған, басқа жастап жатқан. Құранға білім мен адамгершіліктің кәусар бұлағы жиналған кітап деп қараған. Ислам дінінің пайғамбарларының көпшілігі жай адам болған жоқ. Олар мемлекеттің саяси-экономикалық жағдайын түсінген, қоғам қайраткерлері еді. Сондықтан Құран алдында ант беру әділдікті, имандылықты жоғары ұстанғандығын дәлелдесе, Қазақстанда мұндай соттардың шыншыл болғанын дәлелдейді. Кезінде Ш.Уәлихановтың өзі қазақ билері, жалпы қазақтың халық сотында пара алу дегенді білмегенін парақорлық пен парықсыздық деген нәрсе орыстық жүйемен келгенін тілге тиек еткен болатын.

Сұлтандар антсыз-ақ дәлелдеме бергені қабылданды. Қазақ қоғамындағы ережелерде сұлтандардың құқы айтарлықтай қорғалған болатын. Ал жай қарапайым қазақтардың мәліметтері ант бермейінше, есепке алынбағын. Егер бір іс бойынша бірнеше адам куә болса, онда антты тек қарсы жақтың қалауынша біреуі ғана беретін болған. Егер жай қазақтардың куәгері біреу болса, онда ант беруге ол өзі емес, іске қатысы жоқ туыстары берген.

Ант берудің нұсқалары өте көп: 1) ант берушіні мазарды айнала жүргізген; 2) төбешікке шығып, қарсы жақты ант беруге шақырған да, «мен сенің жанынды аламын» деген сөзді айтқан, яғни ант берген және таяқпен ұра бастаған. 3) әр жақтан бір адамнан қару-жарағымен, найза, қылышымен шығатын. Егер біреу қашса, дұрыс деп есептемеген; 4) тіпті пышақты жалап, «Мені құдай ұрсын, нан немесе құран ұрсын» - деп айтқан. Әулиеата уезінде ант берушінің сотқа келуінін өзі және оның ауылдасы не туысы үшін ант беруге дайын екені ант қабылдау есебінде танылған (Козлов А.И., 1948: 107). Небір қылмысы болса да, жан беруде әділдікті талап еткен. Әділетсіз іс үшін ант бергеннің абыройын түсірген.

Кейде билер де істі жан беруге дейін апармаған, екі жақтың өзара түсінісіп, келісімге келуіне икемдеген. Егер жауапкер арыз берушінің әділдігін теріске шығармаса, алайда өзі керек болса, онда би «бұл дауын кеш, екі жақ құшақтасып, дос бол» - деген (Леонтьев А.А., 1898: 56).

Егер екі жақтың біреуінде ұл, екіншісінде қыз болса, онда «достықтың түбін құдай айырады», - деп шешкен. Көп жағдайда екі жақтың мәмлеге келуі ұрлық ісіне байланысты болған.

Монғол Республикасы Ғылым академиясы тарих ғылымы зерттеу институтының қорынан табылған «Абақ Керей Ережесінде» де ант беру рәсімдері кездеседі. Мысалы, осы ереженің 9 бабында былай деп жазған: «Өлген адам құнын талап етуші өлімге себепкер деген адамның үйіне келіп, өлтірген жайлы егжей-тегжейлі сұраған, егер өлтіргені, қорлағаны шын болса, келіскен ай-күнінде келмейтін болса, марқұмның құнын бөгетсіз шығартып алады. Егер өлтіргені өтірік деп танылса, «Біз діннен безген болайық. Мұхамедтің үмбеті қазақтың жұрағатына саналмайын» деп қасиетті кітапты (Құранды) ұстап, төбесіне қойып ант етеді. Ошунның басынан ақ шай «сүтті» ұсынып, бұл қылмысы іске қатыссыз екенін ант көргендіктен, бұл қылмыс бір жыл бойы қаралмайды» (Кенжалиев З., 1996: 144).

Ант беруде өтірік айтпаудың бір дәлелдемесі – ант қабылдау рәсімдерінің өзі ерекше сезім тудыратындығы. Әрине, рәсімдер көп болған. Қазақтардағы билер сотын зерттеген Л.А. Словохотов «Варианты дачи присяги очень многочисленны. Все они были на эффекты и действовали на чувства. Присягатель шел на могилу какого-нибудь известного и почитаемого киргиза. Там истец брал в руки конец ветви одного из деревьев, а присягатель рассекал эту ветвь со словами: «О святой, найди кто из нас прав и порази его». Нередко присягатель ставил перед собой ружье, трижды обнимал его и произносил если я лгу, пусть убьет меня арвак. Для большего смущения совести вырывал могилу и вели к ней одетого в савань присягателя, который перед собравшимися, стоя на краю могилы торжественно произносил свою клятву» (Словохотов Л.А., 1905: 90-91).

Демек, ант беру рәсімінде қазақтарда да, қалмақ тайпаларында да мылтық ұстау жауапкершілік, бағыну не қорқу сияқты сезім тудырған деп ойлаймыз. Қазақ халқында мылтық, қару Жеті қазынанын бірі болғаны тегін емес. Мұндай рәсімнің жауапкершілігі де үлкен, сондықтан өтірік айту мүмкін емес еді.

Қазақтарда жалпы жауласудың алғы шарттары және дұшпанымен татуласқанда арнайы рәсімдер болған. Мұндай жағдайда бір киіз үйге осы топтың абыройлы адамдары жиналған, не үшін жауласқандарын талдаған, бір-біріне өзара көмек беруге уәде берген, жеке өздері бітім жасамауға міндеттеме алған, одан кейін көк қасқа жылқыны немесе ақ сарбасты сойған; оны сойып жатып «уәдені» бұзғанның осы қойдың қанындай қаны ақсын» дейді, қалғандары «Әумин» деген. Ал, бітім жасағанда екі жақтың да адамдары әуелі бір топтың абыройлы адамның ауылында, одан кейін екіншісікініде екі рет жиналатын болған, үш рет бата оқыған: қойды сойғанда, оның еті пісіп, жеудің алдында, одан кейін етті жеп болғанда ас қайтарған.

Кешірім сұрау кезінде уәделесудің де өзінше рәсімдері болды. Мысалы, кісі өлтіргені үшін құн төлегенде және кешірім сұрағанда өлген адамның туыстары кісі өлтірген адамның ауылына құн алуға келгенде, оларға арнайы киіз үй алдын-ала тігіледі, қара қой байланады. Оларды қабылдауға дайын екені хабарланады. Киіз үйге келушілер жалау ұстап, қылыштарын жалаңдатып, «ой бауырым» деп, қойды бөлшектеп шабады. Сөйтіп қойды символикалы түрде өлтіріп, киіз үйге кіреді, ішке кіре бергенде есік жақтауының жоғары жағын қылышпен шабады. Осыдан кейін кісі өлтіргеннің туыстары кіреді де, құн төлеу туралы келісім басталады. Кісі өлтірген кінәлі адам келісімге келгенше, үйге кірмейді. Құн төлегеннен кейін ол киіз үйге кіреді, сол жерде рәсім жасалады – «ала жіпті кеседі». Мұның мәні кінәлі адам мен өлген адамның ағасы ала жіптің екі жағын ұстайды, елдің абыройлы адамы ала жіпті кеседі, сол үшін шапан алады. Ала жіп кесілгеннен кейін екі жақтың жауласуы тоқтайды, бір-бірімен араласып тұрады.

Қорытынды. Ант беруде рәсімді қадағалау архаикалық социумда қауіпсіздікті сақтап, дамудың кепілдемесі ретінде түсінді. Әрине, мұндай сенімділік тайпаның тіршілігіне көмектесті, сонымен бірге жазуы жоқ ұжымның этномәдени біркелкілігін, тұтастығын сақтады. Магиялық мотивтер мен киелі мағыналардың ұмытылуына байланысты рәсімдік әрекеттер әдеп-ғұрыпқа айналды, рәсім кезінде айтылатын сөздер өзгеріске ұшырады, кейіннен жоғалып та кетті. Алайда миф, сөз, рәсім бір уақытта жоғалмайды, түрлі жылдамдықта үдеріс жүріп отырады. Күнделікті өмірде ант берудің қатаң жауапкершілікті талап ететінін көшпелілер түсінді.

Қазіргі кезде ант беру рәсімідері мүлдем жойылды деп айта алмаймыз, тек оның түрлері, мазмұны өркениетті қоғамға сай өзгеруде. Әскери міндетін өтеушілер ант мәтінін оқып, қабылданғаннан кейін көк туды сүйеді. Оның алдында бүкіл әскер сап түзеп, Әнұранның орындалуы жас ұландардың бойында отаншылдық сезімді ұштап, ерекше тебірентетіні сөзсіз.

Елбасы халқының алдында ант қабылдағанда көк байрақты тізерлеп отырып, сүйген болатын. Ол кезде Президентпен бірге халқы да тебіренген. Ант берген соң Президентке сол кезде 90 жастағы марқұм Ш. Ыбыраев бата берген. Бұл халқымыздың әдет құқығындағы ерекшелігі сақталғанын көрсетеді. 

Ант беру көшпелілердің күнделікті өмірінде ұзақ тарихи уақытта сақталды.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Абусеитова М.Х. Казахстан и Центральная Азия в XV-XVIIвв.: история, политика, дипломатия. – Алматы,1988.

Батмаев М.М. Калмыки в XVII-XVIII веках. – Элиста: Калмкнигоиздат,1993.

Баһаддин Өгел. Ұлы хун империясының тарихы. 2 кітап. Аударған Әлімғазы Дәулетхан. – Алматы, 1988.

Даль В.И. Тольковый словарь живого великорусского языка. –Москва, 2005.

Кенжалиев З. (). Қазақ әдет-ғұрып  құқығының материалдары // Материалы по казахскому обычному праву. Құраст.З. Кенжалиев және т.б. – Алматы, 1996.

Козлов А.И. Обычное право киргизов // Материалы по казахскому обычному праву. Сборник 1. - Алма-ата,1948. – С. 223-238.

Қазақ ұлттық энциклопедиясы. – Алматы, 1988.

Қазақ тілінің орфаграфиялық сөздігі. – Алматы,1988.

Қинаятұлы 3. Дала халықтарының мемлекеттік заңдық үрдіс жалғастығы: әдеттегі заңнан «Жеті жарғыға» дейін // Отан тарихы, 2002. – №2.

Леонтьев А.А. Обычное право киргизов. Судоустроиство и судопроизводство // Юридический вестник. – Москва,1898. – №5.

Орта Ассирия заңдары. // Әділет министрлігінің хабаршысы. 1996. – №6. 48-59 бб.

Смирнов П. Заметки о некоторых особенностях быта калмыков Астрханьской губернии // Известия общества археологии, истории и этнографии при Казанском университете. – Казань,1884.

Словохотов А.А. Народный суд обычного права у киргизов Малой Орды. – Спб. Труды Оренбургской ученой архивной комиссии. Издание 1905 года.– [Электронный ресурс] – URL:https://myaktobe.kz/archives/38976

Су Бихай. Қазақ мәдениетінің тарихы. – Алматы, 2001.

Уманский А.П. Телеуты и русские в XVII-XVIIIвеках. – Новосибирск,1980.

References:

Abuseitova M.H. Kazahstan i Tsentralnaya Aziya v XV-XVII vv.: istoriya, politika, diplomatiya. – Almaty, 1988.(in Russian).

Batmaev M.M. Kalmyki v XVII-XVIII vekah. – Elista,1993. (in Russian).

Baһaddin Ogel. Uly hun imperiyasynyn tarihy. 2 kitap. Audargan Alimgazy Daulethan. – Almaty,1988. (in Kazakh).

Dal V.I. Tolkovyj slovar zhivogo velikorusskogo yazyka. – Moskva, 2005. (in Russian).

Kenzhaliev Z. Qazaq adet-guryp qyqygynyn materialdary // Materialy po kazahskomu obychnomu pravu. Kurast.Z. Kenzhaliev zhane t.b. – Almaty, 1996.

Kozlov A.I. Obychnoe pravo kirgizov // Materialy po kazahskomu obychnomu pravu. Sbornik 1. – Alma-ata,1948. – S. 223-238. (in Russian).

Kazak ulttyk enciklopediyasy. – Almaty,1988. (in Kazakh).

Kazakh tilinin orfagrafiyalyk sozdigi. – Almaty,1988. (in Kazakh).

Kinayatuly 3. Dala halyktarynyn memlekettik zandyr yrdis zhalgastygy: adettegi zannan «Zheti zhargyga» dejin // Otan tarihy. 2002. – №2. (in Kazakh).

Leontev A.A. Obychnoe pravo kirgizov. Sudoustroistvo i sudoproizvodstvo // Yuridicheskij vestnik. – Moskva, 1898. – №5. (in Russian).

Orta Assiriya zandary. // Adilet ministrliginin habarshysy. 1996. – №6. – 48-59 bb. (in Kazakh).

Smirnov P. Zametki o nekotoryh osobennostyah byta kalmykov Astrhanskoj gubernii // Izvestiya obshestva arheologii, istorii i etnografii pri Kazanskom universitete. – Kazan,1884. (in Russian).

Slovohotov A.A. (1905). Narodnyj sud obychnogo prava u kirgizov Maloj Ordy. – Spb. – [Electron resource] – URL: https://myaktobe.kz/archives/38976 (in Russian).

Su Bihaj (2001). Qazaq madenietinin tarihy. – Almaty. (in Kazakh).

Umanskij A.P. Teleuty i russkie v XVII-XVIII vekah. – Novosibirsk, 1980. (in Russian).

МРНТИ 03.20.00

ПРОЦЕДУРА ПРИСЯГИ В ПОВСЕДНЕВНОЙ ЖИЗНИ

КОЧЕВЫХ ПЛЕМЕН: СРАВНИТЕЛЬНЫЙ АНАЛИЗ

Шамшиденова Ф.М. ¹

¹Кандидат исторических наук, доцент Казахского национального женского педагогического университета.

Казахстан, г. Алматы

E-mail: fakiya_sh@mail.ru

Аннотация. В статье на основе различных источников анализируются ритуалы принятия присяги в истории кочевников. Даже в повседневной жизни кочевники приняли клятвы и использовали различные магические методы для поддержания порядка, уделяли внимание соблюдению этой клятвы. Автор сравнивает правила казахов и калмыков, что одной из гарантий честности приведения к присяге является то, что сама церемония приведения к присяге создает особое чувство. Шаманские верования в даче присяги были распространены среди монгольских кочевников. Церемония принесения клятвы сначала проводится на определенном символе (традиционном символе) - земле, священном камне или изображении, алтаре, оружии и т.д.

В казахском обществе показания султанов без присяги принимались как полное доказательство, правила четко защищали права султанов.Автор приходит к выводу, что присяги в повседневной жизни кочевников существовали почти неизменно  длительное историческое время.

Ключевые слова: присяга, процедура, закон, правило, право, возмещение выкупом, свидетельские показания, договор.

IRSTI 03.20.00

OATH PROCEDURES IN THE EVERY DAY LIFE OF NOMADIC TRIBES: COMPARATIVE ANALYSIS

Shamshidenova F.M. ¹

¹Candidate of Historical Sciences, Associate Professor of the Kazakh National Women’s Teacher Training University

Kazakhstan, Almaty

 E-mail: fakiya_sh@mail.ru

Abstract. The article analyzes the procedures of the oath institution in the history of nomads according to various data. Even in everyday life, nomads used oaths and various magical methods in order to maintain order, and attention was paid to the fulfillment of this oath. The author compares the rules between Kazakhs and Kalmyks that one of the guarantees of honesty in swearing an oath is that the swearing-in ceremony itself creates a special feeling. Shamanic beliefs in swearing were common among the Mongol nomads, and the swearing-in ceremony was first performed on a specific symbol (traditional symbol) – the earth, a sacred stone or image, an altar, a weapon.

In the Kazakh society, the information of the sultans is accepted as full evidence without an oath, and the rules clearly protected the rights of sultans.The author comes to the conclusion that the oaths in the daily life of nomads existed almost invariably in a long historical time.

Keywords: oath, procedure, law, rule, right, payment, testimony, contract.

No comments

To leave comment you must enter or register