Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР: 03.41.91 ШУ ӨҢІРІНДЕГІ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ТӨРТКҮЛДЕРДІҢ СТРАТИГРАФИЯСЫ (Х-ХІІ ғғ.)

Ақымбек Ералы Шардарбекұлы¹, Шағырбаев Мәмбет Сапарбекұлы²

ҒТАМР: 03.41.91 ШУ ӨҢІРІНДЕГІ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ТӨРТКҮЛДЕРДІҢ СТРАТИГРАФИЯСЫ (Х-ХІІ ғғ.)

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(21), 2020

Tags: стратиграфия, мәдени қабат, қорғаныс қабырға, шурф, траншея, қазба., төрткүл, Жетісу, Шу өңірі
Author:
Аңдатпа: Мақалада Шу өңіріндегі ортағасырлық төрткүлдердің стратиграфиясы қарастырылады. Төрткүлдерге жүргізілген шурф (7) және траншея (6) қазба жұмыстары бойынша мәдени қабаттары мен қорғаныс қабырғасының құрылысына талдаулар жасалады. Салыстырмалы түрде Шу өңірінен басқа, Іле мен Талас алқаптары, Сырдария бойы, Алакөл маңы, Бетпақдала, Қаратау баурайы, Тыва жері және Дон өзені аймақтарында кездесетін төрткүл типтес ескерткіштердің стратиграфиясына шолу жасалады. Зерттеу жұмысы көрсетіп отырғандай, төрткүлдердің мәдени қабаты орналасқан жеріне және атқарған қызметіне байланысты біршама ауытқуларға ие болғанымен, жалпы ұқсас болып келеді. Төрткүлдердің басым бөлігі бір құрылыс кезеңінен тұрады. Сирек жағдайда, оның ішінде үлкен қалалардың маңайына топтасқан және керуен жолдарының бойында орналасқан төрткүлдерде екі құрылыс кезеңі кездеседі. Құрылыс материалдарының негізін пақса блоктары және шикі кірпіш құрайды.
Text:

СТРАТИГРАФИЯ СРЕДНЕВЕКОВЫХ ТОРТКУЛИ В ШУЙСКОМ ДОЛИНЕ (Х-ХІІ вв.)

Акымбек Ералы Шардарбекулы¹, Шагирбаев Мамбет Сапарбекович²

¹Ph.D. Ведущий научный сотрудник Института археологии им. А.Х. Маргулана. Казахстан, г. Алматы.

²Научный сотрудник Института археологии им. А.Х. Маргулана Казахстан, г. Алматы.

Аннотация:В статье рассматриваются материалы по стратиграфии средневековых торткулей, расположенных в Шуйской долине. По раскопкам шурфа (7) и траншеи (6) на Tорткуле проводится анализ стратиграфии культурных слоев и хронологии строительства крепостных стен. Кроме торткулей Шуйской долины, проводится сравнительный обзор стратиграфии памятников типа «торткуль», встречающихся в Илийской и Таласской долинах, Присырдарьинском и Приалакульском регионах, Бетпакдале, у подножия Каратау, территории Тывы и Придонья. Исследовательская работа показала, что культурные слои торткулей, несмотря на значительные отклонения в зависимости от своего региона и функций, в целом аналогична. Большая часть руин торткулей образована одним строительным горизонтом. В редких случаях, главным образом, это прослеживается на торткулях, построенных рядом с крупными городами, а также, расположенными вдоль оживленных караванных дорог, встречается два строительного горизонта. Основу строительных материалов составляют пахсовые блоки и сырцовый кирпич.

Ключевые слова: Шуйская долина, Жетысу, торткуль, стратиграфия, культурный слой, оборонительная стена, шурф, траншея, раскопки.

THE STRATIGRAPHY OF MEDIEVAL TORTKULS IN SHU VALLEY

(Х-ХІІ сс.)

Akymbek Eraly Shardarbekuly1, Shagirbaev Mambet Saparbekovich2

¹Ph.D. Leading Researcher of the A.Kh. MargulanInstitute of Archaeology. Kazakhstan, Almaty.

²Researcher of the A.Kh. Margulan Institute ofArchaeology,

Kazakhstan, Almaty.

Abstract: The article examines stratigraphy of cultural layer materials of medieval tortkuls (ruins of square constructions) located in the Shu Valley. According to excavations of the shurf (7) and the trench (6) on the Tortkul site, the analysis of stratigraphy of cultural layers and chronology of construction of fortress walls is carried out. In addition to the tortkul type sites in the Shu Valley, a comparative review of the stratigraphy of «tortkul» type sites found in the Ily and Talas River valleys, Syrdarya River and Alakul Lake regions, Betpakdala, at the foot of Karatau Range, also the territory of Tyva and Don River region is carried out. Research has shown that the cultural layers of tortkul, despite significant deviations depending on their region and functions, are generally similar. Most of the ruins of the tortkuls are formed by a single construction horizon. In rare cases, mainly this can be traced to tortkuls built alongside major cities and also located along busy caravan roads, two building horizons are found. Building materials are based on big clay blocks and adobe brick.

Keywords: Zhetysu, Shu Valley, tortkul, stratigraphy, cultural layer, defensive wall, shurf, trench, excavations.

Кіріспе. Қазақстанның ұланғайыр кеңістігінде дала өркениетін құраған халықтардың қалалық мәдениеті өркен жайғанын, орта ғасырларда түрлі көлемдегі ескерткіштердің Ұлы Жібек жолының ірі тармақтарының бойына шоғырланып орналасуынан көруге болады. Олардың қатарында ұзын қорғанды қалалар, қалалар, бекіністі керуен сарайлар, қоныстар және тағы басқа да ескерткіштермен қатар пішіні төртбұрышты келген, қабырғалары немесе бұрыштары әлемнің төрт тарабына қараған, қабырғаларының бойында және бұрыштарында мұнаралары бар төрткүлдер де кездеседі. Қазақстан территориясында төрткүлдердің көп орналасқан аймақтарының бірі – Шу өңірі болып табылады. Шу өзенінің бойы және оған сол жағынан келіп құятын үлкен өзендер: Сарғау, Ақсу, Қарабалта, Қарақатты (Қорағаты) өзендерінің бойы мен олардың сағаларының алқабындағы төрткүлдер белгілі бір арақашықта, сонымен қатар жер жағдайын ескере отырып орналасқандығын көруге болады. Бүгінгі күнге дейін ескерткіштің осы түрлеріне кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілмей келгендіктен, олардың тек көлемдік ерекшеліктері мен атқарған қызметі туралы алдын ала қорытындылар жасалып келді. Алып жатқан аумағы, яғни көлемі бойынша бірнеше топтарға бөлініп қарастырылғанымен, ескерткіштің нақты қай уақыттарда өмір сүргендігі, мәдени қабаты мен құрылысы толық зерттелмеген күйінде қалып келеді. Жалпы, өңірдегі орта ғасырлардағы (негізінен қарахандықтар дәуірі) қалалық мәдениетті терең түсіну үшін, сонымен қатар, төрткүлдердің мәдени қабаты мен стратиграфиясын толық ұғынып, өзіндік ерекшеліктері бойынша жүйелеу бүгінде өзекті болып табылады.

Сыртқы қабырғалары төртбұрышты келген төрткүл типтес ескерткіштердің көлемдері әртүрлі. Олардың кейбірі шағын қоныс түрінде болса, келесі бір тобы үлкен қала аумағындай көлемді алып жатыр. Дегенмен, жергілікті тұрғындардың басым бөлігі сыртқы келбетіне, яғни төртбұрышты болып келгеніне қарап «төрткүл» деп атап кеткен. Олардың нақты құрылысы мен құрылымын тек қазба жұмыстары арқылы ғана анықтауға болады. Сондықтан, аталған мақаланың мақсаты Шу өңіріндегі төрткүлдердің мәдени қабаты мен қорғаныс құрылысының стратиграфиясын анықтау негізінде жүргізілген археологиялық шурф-қазба және тарншея-қазба жұмыстарының нәтижелерін ғылыми айналымға енгізу болып табылады.

Материалдар мен әдістер. Төрткүлдердің құрылысы мен құрылымы көбінде бір-біріне ұқсас келгенімен, олардың қабырғаларының құрылысы (қалыңдығы мен биіктігі) мен ішкі жағындағы мәдени қабатының бар-жоғын жүргізілген қазба жұмыстары бойынша ажыратуға болады.

2018–2019 жылдары Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Шу археологиялық отряды (жетекшісі Е.Ш. Ақымбек) жоғарыда аталған мәселелерге байланысты Шу өңіріндегі ортағасырлық төрткүлдерге зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Археологиялық барлау, іздестіру барысында төрткүлдердің тарихи-топографиясы, орналасу ерекшеліктері, жалпы бүгінгі күнгі жай-күйі анықталып, үстіндегі археологиялық материалдар жиналып, оларға салыстырмалы талдау әдістері жасалды. Қазба жұмыстары бойынша ортасында мәдени қабаты бар ортағасырлық Шығыс Жіңішке, Кеңес, Қосқұдық, Жазық, Ынталы, Аққайнар, Маханды, төрткүлдеріне шурф салынса, ішкі бөлігінде мәдени қабаты байқалмайтын Ыстөбе, Танабай, Сарғау, Дөкей, Талдыбұлақ төрткүлдерінің қорғаныс қабырғасына траншея-кесік қазба жұмыстары жүргізілді. Шурф жұмыстары ескерткіштің құрылысын бүлдірмеу үшін сыртқы жалдарына жақын жерге 1х1 м көлемде жүргізілсе, тариншея қазба жұмыстары ескерткіштердің сыртқы қабырғаларын қиып өтпей, ашылған қабырғаны сол күйінде қалдырып, екі жағы табиғи жер деңгейіне дейін тазаланды. Көлемі жағынан үлкен келген әрі мәдени қабаты өте қалың және сыртын айнала біршама енді келген жал қоршап жатқан Қақпатас қаласының сыртқы қорғаныс қабырғасының тек жоғарғы жағына ғана кесік қазба салынды. Төрткүлдерге жүргізілген шурф және траншея жұмыстары арқылы стратиграфиясына, мәдени қабаты мен құрылысына, құрылыс материалдарына, қорғаныс жүйесіне және хронологиясына қатысты құнды материалдар алынды. Осы күнге дейін аталған осы төрткүлдерге ешқандай қазба жұмыстары жүргізілмеген. Тек Дөкей төрткүліне 1980 жылдардың аяғында барлау қазбасы салынған. Дегенмен, төрткүлдер туралы қысқаша сипаттама мәліметтер облыстық және аудандық тарих және мәдениет ескерткіштері жинағында жарияланған. Жазық, Талдыбұлақ төрткүлдері 2018-2019 жылдардағы барлау жұмыстары кезінде ашылды.

Талқылау. Төрткүлдердің басым бөлігі қарахан мемлекеті тұсында пайда болып, дамыған. Тек Кеңес төрткүлінің орналасуы мен жоспарлануы ерекше және табылған материалдар өте ұсақ болғандықтан, мерзімін анықтау мүмкін болмады.

Төрткүлдердің стратиграфиялық құрылымы жөніндегі мәліметтерді А.Н. Бернштам (Бернштам, 1950: 7-9), П.Н. Кожемяко (Кожемяко, 1959: 131-167), М.Е. Елеуов (Елеуов, 1999: 170-176), Г.И. Пацевич (Пацевич, 1954: 294), К.М. Байпаков (Байпаков, 1978: 88-89), Ә.Х. Марғұлан (Маргулан, 1978: 3-37), Д.Ф. Винник (Винник, 1967: 91-114), Е.Ш. Ақымбек (Ақымбек, Шагирбаев, 2019: 164-181), С.П. Толстов (Толстов, 1962: 276-278), Е.И. Агеева (Агеева, 1958: 68-69), Т.В. Савельева (Савельева, 1994: 110), Ә.Т. Төлеубаев (Төлеубаев, 2018: 178-194) және т.б. археолог ғалымдардың зерттеулерінен көруге болады.

Аталған авторлар Шудың жоғарғы және орта ағысы (қазіргі Қырғызстан территориясында), төменгі ағысы, Ыстықкөл аймағы, Іле өңірі, Орталық Қазақстан, Қаратау өңірі, Сырдарияның орта ағасы және Алакөл ойпатында орналасқан төрткүлдерге әртүрлі пішіндегі қазба жұмыстарын жүргізіп, жалпы стратиграфиялық құрылымы жөнінде ақпараттар алған.

Нәтижелері. Шурф-қазба бойынша.Шығыс Жіңішке төрткүлі Жамбыл облысы Қордай ауданы Күнбатыс-2 ауылының батыс шетінде, осылай аталатын өзеннің оң жағалауындағы, шатқалдың аузындағы тау алды биік адырдың үстінде орналасқан (cур. 1). Төрткүлдің көлемі 75х75 м. Төрткүлдің оңтүстік-батыс бұрышына салынған шурфтың тереңдігі 1,4 м. Мәдени қабатының қалыңдығы 1,2 м. Төрткүл екі құрылыс кезеңінен тұрады. Төменгі құрылыс кезеңіндегі мәдени қабаттың қалыңдығы 0,5 м; жоғарғы құрылыс кезеңіндегі мәдени қабаттың қалыңдығы 0,7 м. Құрылыс материалдарына шикі кірпіш қолданылған. Мәдени қабаттың тафономиясы біркелкі жануар сүйектерінің (уақ мал) кездесуімен ерекшеленеді.

b38f7d69f938f628996a6cf10df6e0fa.png

Сурет 1. Шығыс Жіңішке төрткүлі. Ғарыштан түсірілген суреті және шурф сызбасы

Кеңес төрткүлі Жамбыл облысы Қордай ауданы Өтеген батыр ауылынан 2,6 км шығыста, Шу өзенінің оң жағалауындағы тегістікте (1,6 км), бақша алқабының ортасында орналасқан (cур. 2). Көлемі: 150х130 м. Ескерткіштің шығыс жағына салынған шурфтың тереңдігі 0,85 м. Мәдени қабатының қалыңдығы 0,3-0,6 м. Мәдени қабатының құрылымында малта тастар жиі кездеседі. Қазбаның астынан біркелкі сары топырақ шықты. Соған қарағанда ескерткіш табиғи төбеге немесе сары топырақ төселіп, үстіне құрылыс салынған болуы мүмкін. Мәдени қабаттың тафономиялық құрылымы біркелкі жануар сүйектері мен ұсақ керамикалардың ретсіз шашыраңқы орналасуымен ерекшеленеді. Археологиялық материалдар негізінен қазбаның төменгі қабатынан шықты.

Кеңес төрткүлінің құрылымы мен құрылысы, орналасу ерекшелігі айрықша. Жал болып жатқан қабырғалары қисық төртбұрышты келген ескерткіш орта ғасырларға жатқанымен, мәдени қабаты қай уақытқа жататындығын анықтау қиындық туғызады. Дегенмен, шурф салынған жерден шыққан жануарлар сүйегіне жасалған радиокөміртекті талдау жұмыстары б.з.д. ХVІІ–ХVІ ғ.ғ. жататындығын көрсетті. Олай болса, қазба салынған орынның төменгі қабаты қола дәуіріне жатуы мүмкін.

269a06862c376e183a271665a7fb4c5c.jpg


Сурет 2. Кеңес төрткүлі. Ғарыштан түсірілген суреті және шурф сызбасы

Қосқұдық қаласы Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Бірлік ауылынан 9 км оңтүстікте, Шу ауданы Ақтөбе ауылынан 17 км солтүстік-батыста, Қарақатты (Қорағаты) өзенінің Шу өзеніне құяр жеріне жақын, Шу өзенінен 4,5 км сол жағасындағы құмды алқапта орналасқан (cур. 3). Көлемі: 200х200 м. Ескерткіштің шығыс бөлігіне салынған шурфтың тереңдігі 1,35 м. Мәдени қабатының қалыңдығы 1 метрден асады. Төрткүлдің табанынан біркелкі сары топырақ шықты. Үлкен көлемде қазба болмағандықтан, сары топырақ қабаты қандай мақсатта қолданылғанын анықтау мүмкін болмады. Құрылыс материалының құрамы пақса және шикі кірпіштен тұрады. Тафономиялық құрылымында жануар сүйектері өте көп кездеседі. Археозоологиялық талдаулар үй жануарларымен қатар жабайы жануарлардың да сүйектері кездесетінін көрсетті.

c03e367c2bf43fe66f7a11cb770669c1.jpg


Сурет 3. Қосқұдық төрткүлі (қаласы). Әуеден түсірілген суреті және шурф сызбасы

Ынталы төрткүлі Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Жамбыл ауылынан 10,4 км солтүстікте, Ынталы шағын ауылынан 9 км шығыста, Шудың ескі арналарының бірінің оң жағалауындағы құмды жерде орналасқан. Төрткүл екі бөліктен тұрады, жалпы көлемі: 125х80 м. Батысындағы үлкендеу бөлігінің шығыс жағына салынған шурф бойынша мәдени қабатының қалыңдығы 0,65 м. Мәдени қабатының қалыңдығы шурфтың қабатындағы тафаномиялық ерекшеліктерге сәйкес 0,4-0,5 м аспайды. Тафаномиялық құрылымы жануар сүйектері мен керамика аралас келеді. Жануар сүйектерінің ішінде уақ малдың сүйегі басым. Қазба барысында құрылыс іздері байқалған жоқ. Шамасы негізгі құрылыстар сыртқы бекініс қабырғаны бойлай немесе орта жағында орналасқан болса керек.

Аққайнар төрткүлі Жамбыл облысы Меркі ауылы, Аққайнар ауылының батыс жақ шетінде, Т. Рысқұлов көшесі 58, 60, 62 үйлердің бақшасының аяғында, Алатаудың тауалды тегістігінде орналасқан (cур. 4). Көлемі: 75х75 м. Төрткүлдің солтүстік-шығыс бөлігіне таман салынған шурфтың тереңдігі 0,8 м. Қазба барысында ешқандай құрылыс ізі анықталған жоқ. Бірақ шурфтан бір ғана керамика сынығы табылды. Шуфртың құрылымы бірыңғай нығыздалған сары топырақтан тұрады. Біздің ойымызша төрткүлдің беткі қабатының мәдени қабаты бақша шаруашылығының әсерінен жыртылып жоғалған. Төрткүлдің ішінде ұзақ уақыт су тұрғандықтан, төменгі қабаттары диффузияға ұшырап, бүлінген.

16284287693cf55310bee02c70c6c7bc.jpg


Сурет 4. Аққайнар төрткүлі. Әуеден түсірілген суреті

Маханды төрткүлі (қаласы) Жамбыл облысы Меркі ауданы Мыңқазан ауылының шетінен 1,4 км солтүстік-шығыста, Маханды өзенінің сол жағалауында, қамысты жерде орналасқан (cур. 5). Көлем: 100х100 м. Оңтүстік жағына салынған шурфтың тереңдігі 1,35 м. Мәдени қабатының қалыңдығы 1,2 м құрайды. Төрткүл екі құрылыс кезеңінен тұрады. Төменгі мәдени қабаты күл аралас топырақтан тұрады. Екінші құрылыс кезеңіне жақын биіктіктен өртенген қабат анықталды. Екінші құрылыс кезеңінің құрылымы құланды топырақтан тұрады. Табиғи жердің бетіне сары топырақ тапталып, төселген. Біздің ойымызша төрткүлдің бірінші құрылыс кезеңі өрттің әсерінен қираған секілді.

e01d7fabbf4a229d674035ccb534ebf6.jpg


Сурет 5. Маханды төрткүлі. Әуеден түсірілген суреті және шурф сызбасы

Жазық төрткүлі Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Жамбыл ауылынан солтүстік-шығыста 9 км жерде, Шу өзенінің ескі арналары бірінің оң жағында орналасқан (cур. 6). Көлемі: 75х75 м. Төрткүлдің солтүстік жағына салынған шурфтың тереңдігі 1 м, мәдени қабатының қалыңдығы 0,4-0,5 м. Құрылыс материалына пақса блоктары қолданылғанға ұқсайды. Тафономиялық құрылымында керамика сынықтары мен аздаған жануар сүйектері кездеседі. Мәдени қабатының бетін 0,15-0,25 м қалыңдықта құмды топырақ басып қалған.

03462f3cc684a0201bee8d693a5924da.jpg


Сурет 6. Жазық төрткүлі. Әуеден түсірілген суреті және шурф сызбасы

Траншея-қазба бойынша

Ыстөбе Жамбыл облысы Қордай ауданы Ауқатты ауылының солтүстік-батыс шетіндегі ортағасырлық Қысмышы қаласының орталық бөлігінен 3,2 км солтүстік-батыста, Шу өзенінің (1,9 км) оң жағалауындағы тепсеңнің (терасса) басталар ұшында орналасқан (cур. 7). Көлемі: 65х65-75 м. Төрткүлдің солтүстік-батыс бөлігіндегі қалыңдығы 14 м, биіктігі 2,3 м (осы тұсындағы) қабырасына ұзындығы 14 м, ені 0,5 м траншея-қазба салынды. Ашылған қорғаныс қабырғасының қалыңдығы 6 м, сақталған биіктігі 2,2 м. Стратиграфиялық құрылымы қабырғаның төменгі қабатына топырақтан платформа жасап, үстінен пақсадан қабырға тұрғызғанын көрсетті. Қабырғаның ішкі жағының, қабырға түбіндегі мәдени қабаты 1 м жетеді. Мәдени қабатының құрылымында күл аралас топырақ басым. Ескерткіштің орталығынан мәдени қабат байқалмайды. Соған қарағанда төрткүл қорғаныс мақсатында салынуы мүмкін.

487a47c39b26ebb89e106ede89f6c2aa.jpg


Сурет 7. Ыстөбе төрткүлі. Ғарыштан түсірілген суреті және траншея сызбасы

Қақпатас қаласы Жамбыл облысы Қордай ауданы Қақпатас ауылынан 5,5 км оңтүстік-шығыста, Шу өзенінің оң жағасындағы (0,6 км) тегістікте, егістік алқабының ортасында орналасқан (cур. 8). Көлемі: 200х160 м. Оңтүстік қабырға жалының үстіңгі жағына ұзындығы 13 м, тереңдігі 1,6 м дейін тазалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ескерткіштің 9 м қалыңдықтағы қорғаныс қабырғасының 1,5 м биіктегі беткі қабаты ашылды. Сыртқы қабырғаның стратиграфиясы төмен қарай қалыңдай беретінін көрсетті. Ішкі бөлігінің мәдени қабатында күл аралас топырақ басым. Қабырға құрылысына да әртүрлі көлемдегі пақса блоктары пайдаланылған. Стратиграфиялық құрылымы қамал қабырғаның бірнеше рет қайта тұрғызылғанын және ішкі бөлігінде контрфорс секілді қосымша тіреуіш құрылысы болғанын көрсетті.

b0444f1d9f0000be385e897676283036.jpg


Сурет 8. Қақпатас төрткүлі (қаласы). Ғарыштан түсірілген суреті және траншея сызбасы

Танабай төрткүлі Жамбыл облысы Шу ауданы Ақсу ауылынан 5,5 км шығыста, Шу өзенінің сол жағындағы тепсеңнің үстінде орналасқан (cур. 9). Ақсу-Оразалы батыр ауылдары аралығындағы автомобиль жолы ортасынан өткен. Жолдың екі жағында да, ескерткіштің үсті егістік алқабына айналған. Көлемі: 160х160 м. Солтүстік-шығыс қабырғасына салынған ұзындығы 12,5 м тереңдігі 1,5-2 м кесік-қазбадан төрткүлдің қабырғасының жойылып кеткені анықталды. Дегенмен стратиграфиялық құрылымы ескерткіштің қабырғасына пақса блокторын және шикі кірпішті пайдаланғанын және мәдени қабатының қалыңдығы 0,6 м болатыны белгілі болды.

fd0448375e102eb6496da8856cfc13ac.jpg


Сурет 9. Танабай төрткүлі. Ғарыштан түсірілген суреті және траншея сызбасы

Сарғау төрткүлі Жамбыл облысы Шу ауданы Оразалы батыр ауылынан 2,8 км оңтүстікте, Шу өзеніне құятын Сарғау (Шорго) өзенінің оң жағалауында, ауылға тартылған каналдың оң жағасында орналасқан (cур. 10). Көлемі: 60х60 м. Төрткүлдің батыс жағына салынған ұзындығы 12,4 м, ені 0,5 м, тереңдігі 0,5-0,9 м болатын траншея-қазба төрткүлдің құрылысы жойылғанын көрсетті. Дегенмен, мәдени қабатының қалыңдығы 0,55 м құрайды. Құрылысқа пақса блоктары қолданылған.

3c71c23cd5bcbae15a25612a5f3cf048.jpg


Сурет 10. Сарғау төрткүлі. Әуеден түсірілген суреті және траншея сызбасы

Дөкей төрткүлі Жамбыл облысы Меркі ауылы Сұрат ауылынан 4 км оңтүстікте, Сұрат шатқалының аузында, өзеннің сол жақ тепсеңінде орналасқан (cур. 11). Төрткүлдің оңтүстік-батыс қабырғасына ұзындығы 10,6 м, ені 5 м болатын қазба 0,5-0,75 м тереңдікке дейін қазылды. Нәтижесінде қалыңдығы 3,4 м, сақталған биіктігі 0,55 м сыртқы қабырғасы ашылды. Қабырғаның ішкі бөлігіндегі қазбаны тереңдету барысында ешқандай құрылыс белгілері жоқ екендігі белгілі болды. Құрылыс материалы ретінде пақса блоктары қолданылған. Бірақ қазба барысында түрлі өлшемдегі тастар табылды.

dc096949f953a1f7df68de24eb8314ce.jpg


Сурет 11. Дөкей төрткүлі. Әуеден түсірілген суреті және траншея сызбасы

Талдыбұлақ төрткүлі Жамбыл облысы Меркі ауданы Талдыбұлақ ауылынан 3 км оңтүстік-батыста, шатқалдың аузына жақын, өзеннің сол жағындағы тау алды биік адырдың үстінде орналасқан (cур. 12). Солтүстігінде алқапты көзің жеткен жерге дейін көруге болады. Көлемі. 43х40 м. Қазба солтүстік-шығыс қабырғасының орта тұсына жүргізілді. Ұзындығы 7,75 м, ені 0,5 м болатын траншея 0,2-0,8 м тереңдікке дейін қазылды. Нәтижесінде қорғаныс қабырғасының қалыңдығы 3,3 м, сақталған биіктігі 0,5 м екендігі анықталды. Мәдени қабатының қалыңдығы 0,8 м. Мәдени қабатының құрылымында 0,15-0,25 м күл аралас топырақ қабаты кездеседі. Құрылысқа пақса блоктары қолданылған. Төрткүлден археологиялық бұйымдар шыққан жоқ, тек жануарлардың сүйегі ғана табылды. Сондықтан, нақты қай уақытта өмір сүргенін анықтау мүмкін болмады.

dbfe6969c9526cacf13da98f3403a37e.jpg


Сурет 12. Талдыбұлақ төрткүлі. Әуеден түсірілген суреті және траншея сызбасы

Шу өңіріндегі төрткүлдердің стратиграфиялық құрылымын, мәдени қабаты және құрылыс материалдарын анықтау мақсатында жүргізілген шурф-қазба және траншея-қазба жұмыстары төрткүлдердің мәдени қабатының біркелкі еместігін көрсетіп отыр. Төрткүлдердің бірқатарының табанына сары топырақтың төселуінде белгілі заңдылықтар бар секілді. Құрылыстың алғашқы кезеңінде бұл ерекшеліктер көбіне өзен арналарына жақын орналасқан төрткүлдерде жиі байқалады. Төрткүлдердің мәдени қабаты 0,3 метрден 1,5 метрге дейін жететіні анықталды. Төрткүлдердің орташа мәдени қабаты 0,85 м құрайды. Кейбір төрткүлдердің мәдени қабатының анықталмауын, тұрғын-жайлардың қорғаныс қабырғаны бойлай немесе қабырғаның бір бөлігінде ғана орналасуымен түсіндіреміз. Сыртқы қорғаныс қабырғаларының орташа қалыңдықтары 3,2 м құрайды.

Шу өңірінен басқа аймақтарда кездесетін төрткүлдердің стратиграфиялық құрылымы көп ерекшелене қоймайды. Зерттеу жұмысы барысында анықталғандай, Іле өңіріндегі төрткүлдердің мәдени қабатының орташа қалыңдығы 1,2 м құрайды (Савельева, 1994: 110). Алакөл өңіріндегі төрткүлдердің мәдени қабатының орташа қалыңдығы 0,9 м құрайды (Төлеубаев, 2018: 178-194). Шудың жоғарғы ағысы, қазіргі Қырғызстан территориясындағы төрткүлдердің  мәдени қабатының орташа қалыңдығы 1,1 м құрайды (Кожемяко, 1959: 131-167). Ыстық көл маңындағы төрткүлдердің мәдени қабатының орташа қалыңдығы 0,9 м құрайды (Винник, 1967: 91-114). Талас өңіріндегі төрткүлдердің мәдени қабаты 0,8-1,5 м аралығында ауытқиды (Елеуов, 1999: 170-176). Орталық Қазақстан өңіріндегі төрткүлдердің мәдени қабаты 0,2-1,1 м аралығында ауытқиды (Маргулан, 1978: 3-37). Тыва жеріндегі төрткүл типтес ескерткіштердің мәдени қабаты 0,3-0,9 м аралығында (Тулуш, 2011: 39-44). Қара теңіз жағалауындағы төрткүл типтес ескерткіштердің мәдени қабатының қалыңдығы 0,3-0,7 м аралығында ауытқиды (Плетнева, 1967: 23-25).

Қорытынды. Зерттеу жұмысы көрсетіп отырғандай ортағасырлық төрткүлдердің территориялық орналасуы әртүрлі болғанымен, мәдени қабатының стратиграфиялық құрылымы бір-біріне ұқсас. Төрткүлдердің басым бөлігінің мәдени қабатының қалыңдығы 1 метрден аспайды. Сыртқы қорғаныс қабырғасының қалыңдықтары да 2,3-3,5 аралығында болуы жиі байқалады. Төрткүлдердің басым бөлігі бір құрылыс кезеңінен тұрады. Сирек жағдайда, оның ішінде үлкен қалалардың маңайына топтасқан төрткүлдерде және керуен жолдарының бойында орналасқан төрткүлдерде екі құрылыс кезеңі кездеседі. Құрылыс материалдарының негізін пақса блоктары және шикі кірпіш құрайды. Кейбір төрткүлдердің стратиграфиялық құрылымында өрттің болғанын дәлелдейтін белгілер бар. Шу өңіріндегі төрткүлдердің стратигафиясын анықтау мақсатында салынған қазба жұмыстары, төрткүлдердің бірқатарында үй-жайларға арналған құрылыстардың сыртқы қорғаныс қабырғаны бойлай орналасатынын көрсетіп отыр. Келешекте Шу өңіріндегі төрткүлдерді кешенді зерттеу орта ғасырлардағы саяси-экономикалық жағдайды, яғни аймақтағы қалалық мәдениеттің ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік туғызады.

Әдебиеттер мен деректер тізімі

Агеева Е.И., Пацевич Г.И. (). Из историй оседлых поселений и городов Южного Казахстана // Тр.ИИАЭ. Археология. АН КазССР. – Алма-Ата, 1958. – Т.5. – 215 с.

Ақымбек Е.Ш., Шагирбаев М.С. Ортағасырлық төрткүлдердің құрылымы мен құрылысы // «Ұлы Даланың жеті қыры және Еуразия археологиясы мен этнологиясының өзекті мәселелері» атты «ХІ Оразбаев оқулары» халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары / Жауапты ред. Ә.Т. Төлеубаев. – Алматы: Қазақ университеті, 2019. – 518 б.

Байпаков К.М. Городища типа «торткуль» // Археологические памятники Казахстана. – Алма-Ата, Наука, 1978. – С. 80-96.

Бернштам А.Н. «Чуйская долина». – Труды Семиреченской археологической экспедиции.Изд-во АН СССР. – Москва-Ленинград, 1950. – 249 с.

Винник Д.Ф. К исторической топографии средневековых поселений Иссык Кульской котловины // Древняя и раннесредневековая культура Киргизстана. – Изд-во: «Илим». – Фрунзе, 1967. – 133c.

Елеуов М. Шу-Талас өңірлерінің ортағасырлық қалалары мен мекендері (VІ–ХІІІ ғ. басы): тарих ғыл. докторы ... дис. – Алматы, 1999. – 360 б.

Кожемяко П.Н. Раннесредневековые города и поселения Чуйской долины. – Фрунзе: АН Киргизской ССР, 1959. – 188 с.

Маргулан А.Х. (). Остатки осделых поселений в Центральном Казахстане // Археологические памятники Казахстана. – Алма-Ата: «Наука» АН КазССР, 1978. – С. 3-37.

Пацевич Г.И. Историческая топография городов и поселений Южного Казахстана VII-XV вв. н.э. (по данным археологии). Дис.... канд. ист. наук. – Москва, 1954. – 410 с.

Плетнева С.А. От кочевой к городам (Салтово-маяцкая культура). – Москва: «Наука», 1967. – 209 с.

Савельева Т.В. Оседлая культура северных сколонов Заиилиского Алатау VIII-XIII вв. – Алматы: «Ғылым», 1994. – 216 с.

Толстов С.П. По древним дельтам Окса и Яксарта. – Москва: «Восточной литературы», 1962. – 333 с.

Төлеубаев Ә.Т., Шагирбаев М.С. Алакөл ойпатындағы ортағасырлық қалалар (топографиясы, типологиясы және генезисі мәселелері). // «Қазақстан мен іргелес елдердің тарихи-мәдени мұрасын зерттеудегі заманауи әдістер мен тұрғылар» атты «ІХ Оразбаев оқулары» халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары / жауапты ред. Ғ.Қ. Омаров. – Алматы: Қазақ университеті, 2018. – 507 б.

Тулуш Д.К. (). Средневековые городища-крепости Тувы // Вестник КемГУ. 2011. № 2 (46). – С. 39-44.

References:

Ageeva E.I., Patsevıch G.I. Iz ıstorıı osedlyh poselenıı ı gorodov Iýjnogo Kazahstana [From the stories of settled settlements and cities of Southern Kazakhstan] Proceedings of the Institute of the History of Archeology of Ethnology.

Archeology. Academy of Sciences of the Kazakh SSR. – Alma-Ata, 1958. – T.5. – 215 p. [in Russian].

Akymbek E.S., Shagirbaev M.S. Ortaǵasyrlyq tórtkúlderdіń qurylymy men qurylysy [Structure and construction of medieval squares]«Topical issues of the Great Steppe and Eurasian archeology and ethnology».– Almaty: Kazakh University, 2019. – 518 p. [in Kazakh].

Baipakov KM. Gorodıa tıpa «tortkýl» [Gorodisha type «Tortkul»].Archeological Memory of Kazakhstan. – Alma-Ata: Nauka, 1978. – pp. 80-96.[in Russian].

Bernshtam A.N. «Chýıskaıa dolına». [«The Chui Dolina»]. – The Semirechensky archeological expedition was proclaimed. Iz-va DP USSR. - Moscow-Leningrad,1950. –249p.[in Russian].

Vinnik D.F. K ıstorıcheskoı topografıı srednevekovyh poselenıı Issyk Kýlskoı kotlovıny [To the historical topography of the Middle Ages Issyk Kulskoye]. The ancient and middle-western culture of Kyrgyzstan. – Iz-vo: «Ilim». – Frunze, 1967. – 133 p. [in Russian].

Yeleuov M. Shý-Talas óńіrlerіnіń ortaǵasyrlyq qalalary men mekenderі (VI–VIII ǵ. basy) [Medieval cities and settlements of the Chu-Talas region (VI–XIII centuries)]: history. doctor ... diss. – Almaty, 1999. – 360 p. [in Kazakh].

Kozhemyako P.N. Rannesrednevekovye goroda ı poselenııa Chýıskoı dolıny. [Early medieval cities and settlements of the Chuy valley]. – Frunze, Academy of Sciences of the Kyrgyz SSR,1959. – 191 p. [in Russian].

Margulan A.Kh. Ostatkı osdelyh poselenıı v Tsentralnom Kazahstane [The remains of settled settlements in Central Kazakhstan]. Archaeological sites of Kazakhstan. Publishing House «Science» Academy of Sciences of the Kazakh SSR. – Alma-Ata, 1978. – pp. 3-37. [in Russian].

Patsevich G.I. Istorıcheskaıa topografııa gorodov ı poselenıı Iýjnogo Kazahstana VII-XV vv. n.e. (po dannym arheologıı) [Historical topography of cities and settlements of Southern Kazakhstan of the 7th–15th centuries AD (according to archeology)]. Dis .... cand. East. sciences. – Moscow, 1954. – 410 p. [in Russian].

Pletneva S.A. (). Ot kochevoı k gorodam (Saltovo-maıatskaıa kýltýra). [From nomadic to cities (Saltovo-Mayatskaya culture)]. – Moscow: «Science»,1967. – 209 p. [in Russian].

Savelyeva T.V. Osedlaıa kýltýra severnyh skolonov Zaıılıskogo Alataý VIII-XIII vv. [The sedentary culture of the northern slopes of Zaeyliysky Alatau VIII-XIII centuries]. – Almaty: «Gylym», 1994. – 216 p. [in Russian].

Tolstov S.P. Po drevnım deltam Oksa ı Iaksarta [According to the ancient deltas of Oks and Yaksart]. – Moscow: «Eastern literature», 1962. – 333 p. [in Russian].

Tuleubayev A.T., Shagirbaev M.S. Alakól oıpatyndaǵy ortaǵasyrlyq qalalar (topografııasy, tıpologııasy jáne genezısі máselelerі). [Medieval cities in the Alakol basin (problems of topography, typology and genesis)].Proceedings of the IX International Scientific and Methodological Conference «IX Orazbayev's readings». Respons. Yu.K. Omarov. – Almaty: Kazakh University, 2018. – 507 p. [in Russian].

Tulush D.K. (). Srednevekovye gorodıa-krepostı Tývy [Middle-earth creepy Tuva]. Bulletin of KemGU. 2011. No. 2 (46).– pp. 39-44. [in Russian].

Мақала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің қаржыландыруы бойынша № AP05132457 «Шу өңіріндегі ортағасырлық төрткүлдер (топографиясы, стратиграфиясы, хронологиясы) жобасы аясында орындалды.

No comments

To leave comment you must enter or register