Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 726.2 – 1 ЖЕЛТАУ МЕШІТТЕРІНІҢ ТАРИХЫ (ХІХ Ғ. ОРТАСЫ ХХ Ғ. БАСЫ)

Қ.Қ. РАХБАЕВ, саясаттану ғылымдарының магистрі, Зияткерлік мектебінің тарих пәнінің мұғалімі

ӘОЖ 726.2 – 1 ЖЕЛТАУ МЕШІТТЕРІНІҢ ТАРИХЫ (ХІХ Ғ. ОРТАСЫ ХХ Ғ. БАСЫ)

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(21), 2020

Tags: ишан, діни-тұрғын кешендер, мешіттер, Желтау, Серік Әжіғали, Жылыой, Үстірт, ахун, Арал-Каспий аймағы
Author:
Мақалада Арал-Каспий өңірінің тарихи мұрасы болып саналатын ХІХ ғ. ортасы мен ХХ ғ. басында бой көтерген мешіттердің тарихы қысқаша баяндалған. Желтау мешіттері тарихи жәдігерлер ретінде алғаш ғылыми айналымға тарихшы, профессор С.Е. Әжіғалидың жетекшілігімен жүргізілген экспедиция нәтижесінде хатталды. Желтау мешіттері көрсетілген уақыт аралығында қазақ халқының өмірінде жүрген елеулі өзгерістермен (ел арасында ислам дінінің кең тарай бастауы, көшпелі халықтың жартылай отырықшы салтты игере бастауы, күзгі қоныспен қыстау маршруттарының өзгеруі т.б.) тікелей байланысты тарихи жәдігерлер болып табылады. Түйін сөздер: Арал-Каспий аймағы, Үстірт, Жылыой, Серік Әжіғали, Желтау, мешіттер, діни-тұрғын кешендер, ишан, ахун.
Text:

 Кіріспе. Арал-Каспий аймағындағы ХІХ ғ. ортасы мен ХХ ғ. басында салынған мешіттердің ерекше түрлері Желтау өлкесінде тұрғызылған. Желтау өлкесі- Доңызтау (Солтүстік Үстірт) кемерінен СБ-қа қарай орналасқан таулы алқап. Таудың ең биік жері 221 м. құрайды. Осы жерде Үстірттің тіке қырлары, далалы жазықтыққа (1, 2 сурет) ұласып «басында үнемі жел соғып тұратын, самалды, желді тау» болғандықтан, халық арасында «Желтау» деп аталған. Қазіргі әкімшілік бөлініс бойынша Желтау өлкесі - Атырау облысы, Жылыой ауданына қарасты жер [8, 269-б.].

Ертеден қазақтардың кіші жүз рулары мекендеген өңір ХІХ ғ. отарлаушы үкіметтің, әкімшілік бөліністерінің негізінде құрылған Орал облысы, Темір уезінің 12 болысының бірі Оймауыт-Желтау болысы болып біріктірілген. Болыс құрамына Жем өзенінің орта ағысы және Сағыз өзендерінің аралығындағы жерлерді мекендеген кіші жүздің қаракесек рулары енді [10, 47-б.]. Алайда,Желтаудың батыс бетін адай рулары мекендесе, шығыс жағын қаракесек рулары көршілес қоныстанған.

Талқылау. Аталған кезеңде Желтау мешіт-медреселері бар, мұсылмандық оқу мен білімнің кең тараған, мәдениет пен өнердің дамыған өлкесі болды. Күй өнерінің адайлық дәстүрінің өкілі саналатын «Боғда», «Бозтөбе», «Жем-су», «Кербез Ақжелең» секілді күйлерді дүниеге әкелген атақты күйші Қараұлы Боғда (ХІХ ғ.) осы Жем-Сағыз өзендерінің бойында туып өскен. Өнері қазақ арасында емес Хиуа мен Қарақалпақстан, Түркіменстан жерлеріне тараған, әлемге «Абыл», «Ақжелең», «Ақсаққұла», «Әрәнжанның шалқымасы», «Кеңес», «Тарату» күйлерін сыйлаған, алашқа аты мәшһүр Тарақұлы Абыл (1820-1892 жж.) осы Оймауыт-Желтау жерінде дүниеге келген [11, 14]. Сонымен қатарЖелтау жері атақты тарихи тұлғалар мен батырлар жерленген өлке болып табылады.

Осы Желтау өлкесінде Шерліғұл ишан, Шолабай ахун, Ортатау, Егіндібұлақ, Көпбұлақ жерлерінде ХІХ ғ. ортасы ХХ ғ. басында адай, қаракесек руларының діни тұлғалары салған мешіті, мектебі, тұрғын үйі, шаруашылық жайлары бар, күрделі діни-тұрғын кешендері бой көтерген (3,4,5 сурет).

a99afe257703af767d83aca658f29c88.jpg

1-сурет. Мешіт. Шерліғұл ишан діни тұрғын кешені

4a334eaea5ecac919d1bd077941413bd.jpg

2-сурет. Шолабай ахун діни тұрғын кешені, қорымның көрінісі

524666144d9d454d0b4a44412c7e9984.jpg

3-сурет. Мешіт. Орта тау діни тұрғын кешені

ХІХ ғ. ортасы ХХ ғ. басынан бастап, қазақ халқының арасында мұсылмандық оқу орындарында білім алған діни тұлғалардың (ишан, ахун, молда т.б.)көптеп шығуы елде мұсылмандық оқу ісінің дамуын жеделдетіп, ел арасында мешіт-мектеп ашып, мұсылмандық оқу- ағарту ісін бір жолға қойғаны белгілі. Осы үрдіс Желтау өлкесінде де жүрді, өлкеде бірінші болып мешіт ашқан, мұсылманша терең білімді Шерліғұл ишан Сәтіғұлұлы болды.

Нәтижесі. Шерліғұл ишанның ата-тегі: Адай руы →Келімберді →Мұңал → Шоғы(Қырықмылтық)→Жолай →Жолмәмбет →Жарылғап → Қарабас→ Ханкөшек → Сәтіғұл→ Шерліғұл,- болып тарайды.

Сәтіғұл ел ішінде беделді, бай адамдардың бірі, ел сыйлаған, батасы қабыл жан болған. Халық арасында «Сәтіғұлдың батасындай»,- деген сөз тіркесі кең тараған. Ел ол кісіден бата алу үшін, ат сабылтып іздеп келген. Сәтіғұлдың Мәденбай, Сары, Жылқыбай, Тұрлығұл, Шерліғұл, Өтесін, Есен атты алты баласы болған. Бұл балаларынан тарайтын ұрпақтың көбісі ХХ ғ. басында болған кеңес үкіметінің ұжымдастыру, малды тәркілеу саясаты кезінде Бесқалаға (Қарақалпақстан) ауып кеткен. Сәтіғұл байдың өзі Тасастау-Қайнарда (Доңызтауда) жерленген.

Шерліғұл ишанның ұрпағы Ордабай ақсақал, ишанның өмірі турасында: «Шерліғұл ишан 12 жасында құрдасы әрі досы Алдияр (руы Адай- Ақпан) екеуі Хиуадағы медреседе оқып, оны бітіріп шатырхат(диплом) алып, елге келген. Алдияр елде (Ақтөбе обл, Қарауылкелді ауылы тұсында) қалып мешіт ашқан да, ал Шерліғұл ишан оқуын Араб елінде жалғастырып, бірнеше жылдан кейін елге оралып, Желтау өңірінде бірінші болып мешіт ашқан»,- деп жазды [1].

 Шерліғұл ишан мешіті 1860 жж. әкесі Сәтіғұлдың қаржаты негізінде, халық үме(асар) болып, көмектесіп тұрғызған. Шерліғұл ишанның діни-тұрғын кешені күрделі- құрылыстар тізбегінен тұратын тарихи ескерткіш. Кешен қырда орналасқан қорымнан, төменде мешіт пен оның қасына салынған қызметтік құрылыстар, құдықтың арғы жағында орналасқан тұрмыстық үйлер(қыстау) және шаруашылық үшін салынған құрылыс тобынан тұрады.

Шерліғұл ишанның мешіт ғимараты тік төртбұрышты жобада, табиғи тастан, саз ертіндісінен жасалған балшық араластырып өрілген (3 сурет). 

Ғимараттың оңтүстік жағындағы бөлмесі құлап қалған, бұл жерде мешіттің намаз оқитын бөлмесі, михраб қуысы болған. Мешіт ғимаратының төбесін күмбездеп жапқан, бірақ төбе жабуы да сақталмаған.

Шерліғұл ишанның ұрпағы Ордабайдың(оған ишанның баласы Нәби ақсақал көрсеткен) көрсетуі бойынша мешіттің ханакасы, шәкірттер жататын худжрасы, жуынып-шайынатын моншасы, жазда намаз оқу үшін жасалған мешіт алдындағы аула және т.б. құрылыстар кезінде құлатылған [1].

Мешіт ғимаратынан ОБ бұрышына таман, бір үш бөлмелі құрылыстың (ишанның тұрғын үйі)орны бар. Кезінде мешіттің түбіне Бесқаладан шыбық түрінде әкелінген ағаштар(кеңес үкіметі тұсында оның өзі де байлықтың белгісі санап, ол талдар түбінен қырқылып тасталған) отырғызылған, қазір талдар тек құдық пен бұлақтың басында ғана өсіп тұр. Құдықтың арғы бетінде Шерліғұл ишанның баласы Күзембайдың қыстауы болған. Ол кісі осы жерде егін салып, бидай,тары егіп, одан түскен өнімнің бір бөлігін, шәкірттердің азығына пайдалануға беріп отырған.

ХІХ ғ. аяғы ХХ ғ. басында өлкедегі көшпелі ауылдар, балаларын көшіп бара жатып, Шерліғұл мешітіне оқуға тастап кететін болған. Осы мешіт жанында, медреседе оқуда қалған балалардың азығы үшін қалған малдарды бағатын қоралар салынған [3]. Мешіттің жанында құдығы және тас астауы бар, құдық жанында ағаштар өскен [1]. Шерліғұл ишан 1929 жылы қайтыс болар алдында, бейітімді елеусіз қылып салыңдар, үкімет келіп қалды,- деп өсиет айтқан [3]. Ишаның асыл сүйегі өзінің мешіті жанындағы қорымда жерленген [1]. Шерліғұл ишаннан Күзенбай, Сақтаған, Лепес, Айтжан, Әбіл атты ұлдары болған, ол балалардан тараған ұрпақтар қазір Бесқала(Қарақалпақстан) мен Ақтөбе облысы жерлерінде өмір сүреді.

Желтауда жақсы сақталған келесі тарихи ескерткіш - Шолабай ахун діни-тұрғын кешені. Шолабай ахун Шерліғұл ишанның шәкірті, шығу тегі адай руынан тарайды. Сондықтан да Шолабай ахунның мешіті жалпы діни- тұрғын кешені Шерліғұл ишанның мешітінен кейін салынған және ХХ ғ. 30 жж. дейін қызмет жасап, осы жерде ел отырған. Жалпы кешен қос қырлы жалдың ортасында, бұлақтың төңірегінде орын тепкен. Мешіті және шәкірттер жататын ұзына бойы салынған үйлері (худжыралар), қызметтік үйлері таудың етегінде орналасып, шаруашылық жайлар мен қоралар, аулалар төменірек жерде салынған. Табиғи жалдан бөлектеніп қалған, кішігірім төбенің басында қорым орналасқан (1 сурет).

Шолабай ахун мешіті, квадрат жобада жоспарланып, ғимаратының қабырғалары таспен (ұлу жынысты), саз ертіндісінен жасалған балшықтың негізінде байланыстырып қаланған (4 сурет). 

af1e566d8c01f7a57fd6900dc03df11f.jpg

Сурет 4 - Мешіт. Шолабай ахун діни тұрғын кешені.


Негізінен үш бөлмеден тұратын, құрылысқа кіретін бетте оңтүстік жағында есік бар, есіктің жоғарғы жағында таста адай руының ↑↑ таңбасы түсірілген. Оңтүстігінде мешіттің намаз оқитын бөлмесі салынған, осы бөлмеде төрде михраб қуысы орнатылған. Мешіттің Б мен СШ бетінде басқа да құрылыстар салынған.

Желтау өлкесіндегі келесі ескерткіш Ортатаудағы Келес молданың діни-тұрғын кешені. Келес молда да Шолабай ахун тәрізді, Шерліғұл ишанның шәкірті болып табылады.Кешен қырда орналасқан, кішкене (ХІХ ғ. ортасы мен ХХ ғ. басында салынған) екі қорымнан және төменде, бұлақтың басында салынған мешіті бар, тұрғын үйлері мен қызметтік үйлері, қора жайлары салынған құрылыстар тобынан тұрады (2 сурет).

Қорым негізінен шағын, адай, табын руларының таңбалары (↑,♀ және тарақты таңба) салынған тас қоршаулардан және қарапайым құлпытастардан тұрады. Екінші қорымда, өте әдемі құлпытастар мен қойтастар бар. Көркем жасалған құлпытастардың эпиграфикасында(арабша жазуында) Адай руы Балықшы тайпасы,- деген жазулар оқылады [1]. Қырдан (қорымнан) сайға түскенде, төменде, бұлақтың оңтүстігінде ескі қоныстың орны мен мешіттің ғимараты сақталған (2 сурет).

 Мешіт төртбұрышты қалыпта, оңтүстіктен солтүстікке қарай созыла салынған, екі бөлмеден тұратын ғимарат (4 сурет). Мешіт ішінде екінші бөлменің оңтүстік қабырғасында екі терезенің ортасында, михраб қуысы орнатылған. Бөлмелердің іші сыланып(балшықпен майланып), оның үсті әкпен ақталған. Ол бөлмелердің төбесі күмбезмен көмкерілген. Ғимараттың С және Ш қабырғаларында, мешітке жалғасып салынған құрылыстар бар. Мешіттің батыс қабырғасы тегіс қаланған, оңтүстік  жарында екі кішкене терезе орнатылған.

Мешіт ғимаратына сырттан кіретін есік солтүстік қабырғада, өте аласа етіп салынған. Ғимараттың қабырғалары табиғи тастардан, саз ертіндісінен жасалған балшықпен араластырып өрілген. Батыс жақ қабырғасында кірпішке мынадай:  ↑  адай руының таңбасы салынған [1]. 

Жем өзенінің ортаңғы ағысы тұсында салынған, тарихи ескерткіш Көп бұлақтағы ХІХ ғ. ортасы ХХ ғ. басында бой көтерген - «Сары ишан» діни-тұрғын кешені.Кешен жоғарыдағы ескерткіштеремен салыстырмалы түрде айтқанда жазық далада орын тепкен, мешіттің салынуына мұрындық болған- табын руынан шыққан «Сары ишан» атты діни тұлға. Орналасқан аумағының CШ қырлы болып келетін, Б-а бұлақ ағып жатқан жердің етегінде екі үлкен қорымнан тұратын және ескі мешіті мен оның қасындағы құрылыстар яғыни тұтас діни- тұрғын кешені сақталған. Қорымда негізінен табын және қаракесек руларының өкілдері жерленген.

Мешіт ғимараты төртбұрышты жобада, Б-н Ш-қа қарай созыла салынған, қабырғалары күйдірілмеген кіріштен (құрамы сазбен құм араласқан) қаланып, төбесі күмбезбен жабылған ғимарат. Мешітке сырттан кіретін есік С қабырғадан салынған, негізінен үш үлкен бөлмеден тұрады, батыс бөлігіндегі бөлменің төрінде қабырғада михраб қуысы салынған. Оңтүстік қабырғасында мешіт ғимаратының бойын жағалай үш терезе салынған. Мешіттің С және Б бағытында ескі құрылыстардың орны сақталған, О және Ш қорымға жалғасып жатыр [3].  

Осы Желтау өңірінде басқа да мешіттер болған. Мәселен,Оймауыттың басында Адай руынан шыққан діни ағартушы Нұржау ишанның Оймауыттың Аққұдығы, деген жерінде Адай-Қырықмылтық Бекен ахуның, Оймауыт құмның ішіндегі Алатай деген жерінде табын руынан шыққан діни тұлға Алмаш ишан мешіттері болған [2]. Алайда ол мешіттерді іздеп тауып, мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында, ғылыми айналымға, тарихи ескерткіш ретінде енгізу, қазіргі ескерткіштану ғылымының күн тәртібіндегі өзекті мәселелерінің бірі болып тұр.

Қорыта келе көріп отырғанымыздай, Желтау діни-тұрғын кешендері қазақ тарихының тұтас бір кезеңіне тән процесті (ХІХ ғ. көшпелі қазақтардың өміріндегі тұрақты қыстаулардың пайда болуы, ол жерлерде мешіт- мектебі бар тұрақты қоныстардың салынуы, егіншілікпен айналысу, жайлаудан қыстауға көшіп бара жатқан ауылдардың балаларын көктемге дейін мешіт жанындағы мектепке қалдырып кетуі, кейін ауыл көктемде жайлауға қайта көшкенде ол балаларды алып кетуінің бәрі қазақтардың көшпелі өмір салтымен байланысты дамуы) бойына жинаған, тарихи ескерткіш болып табылады. Осындай діни-тұрғын кешендер Желтауда, оған көршілес Доңызтауда көптеп салынған [4,48-64;5,133-151; 6,98-128-бб.;7,143-190;9,96-бб.].

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Автордың далалық этнографиялық экспедицияда жинаған материалдары. Атырау облысы, 2004.

2. Автордың далалық этнографиялық экспедицияда жинаған материалдары. Ақтөбе облысы (Доңызтау бағыты), 2005.

3. Автордың далалық этнографиялық экспедицияда жинаған материалдары. Ақтөбе обл., 2008.

4. Аджигалиев С.И. Памятники Донызтау (Северный Устюрт) // Известия НАН РК. Серия общественных наук. - 1994. - №1. - 48-64-бб.

5. Аджигалиев С. Культурно- исторические инновации в традиционной системе скотоводческого поселения казахов середины ХІХ века(к вопросу о генезисе стационарных кыстау) // Культура кочевников на рубеже веков(ХІХ-ХХ, ХХ-ХХІ вв.): Проблемы генезиса и трансформации. Материалы международной конференций. / Отв.ред. Шаханова Н.Ж. - Алматы, 1995.

6. Ажигали С.Е. Архитектура кочевников феномен истории и культуры Евразии(памятники Арало-Каспийского региона). – Алматы: «Ғылым», 2002.

7. Ажигали С.Е. Традиционная система скотоводческого поселения казахов(в историческом развитии) // Этнграфо-археологические комплексы. Проблемы культуры и социума. Т.5. – Новосибирск: «Наука», 2002.

8. Жеріңнің аты, еліңнің хаты (энциклопедиялық анықтамалық). – Алматы: «Аруна», 2006.

9. Ларин И. Урочище Донгуз-Дау и его значение, как кормовой базы, в жизни рода Табын Адаевского уезда // Народное хозяиство Казахстана. - 1928. - №1.

10. Муканов М.С. Этническая территория казахов в XVIII- начале XX веков. – Алматы: «Қазақстан», 1991.

11. Тарақты Ақселеу. Қазақтың әйгілі күйшілері. – Алматы: «Қазақстан», «Ғақлия», 1992.

References

1. Avtordyń dalalyq etnografıalyq ekspedısıada jınaǵan materıaldary. Atyraý oblysy, 2004.

2. Avtordyń dalalyq etnografıalyq ekspedısıada jınaǵan materıaldary. Aqtóbe oblysy (Dońyztaý baǵyty), 2005.

3. Avtordyń dalalyq etnografıalyq ekspedısıada jınaǵan materıaldary. Aqtóbe obl., 2008.

4. Ajıgalıev S.I. Památnıkı Donyztaý (Severnyı Ýstúrt) // Izvestıa NAN RK. Serıa obshestvennyh naýk. - 1994. - №1. - 48-64-bb.

5. Ajıgalıev S. Kúltýrno- ıstorıcheskıe ınnovasıı v tradısıonnoı sısteme skotovodcheskogo poselenıa kazahov seredıny HIH veka(k voprosý o genezıse stasıonarnyh kystaý) // Kúltýra kochevnıkov na rýbeje vekov(ХIХ-ХХ, ХХ-ХХI vv.): Problemy genezısa ı transformasıı. Materıaly mejdýnarodnoı konferensı. \ Otv.red. Shahanova N.J. - Almaty, 1995.

6. Ajıgalı S.E. Arhıtektýra kochevnıkov fenomen ıstorıı ı kúltýry Evrazıı(památnıkı Aralo-Kaspııskogo regıona). – Almaty: «Ǵylym», 2002.

7. Ajıgalı S.E. Tradısıonnaıa sıstema skotovodcheskogo poselenıa kazahov(v ıstorıcheskom razvıtıı) // Etngrafo-arheologıcheskıe kompleksy. Problemy kúltýry ı sosıýma. T.5. – Novosıbırsk: «Naýka», 2002.

8. Jerińniń aty, elińniń haty (ensıklopedıalyq anyqtamalyq). – Almaty: «Arýna», 2006.

9. Ların I. Ýrochıshe Dongýz-Daý ı ego znachenıe, kak kormovoı bazy, v jıznı roda Tabyn Adaevskogo ýezda // Narodnoe hozáıstvo Kazahstana. - 1928. - №1.

10. Mýkanov M.S. Etnıcheskaıa terrıtorıa kazahov v XVIII- nachale XX vekov. – Almaty: «Qazaqstan», 1991.

11. Taraqty Aqseleý. Qazaqtyń áıgili kúıshileri. – Almaty: «Qazaqstan», «Ǵaqlıa», 1992.

K.K. РАХБАЕВ 1

1Магистр политических наук, учитель истории «Назарбаев Интеллектуальной школы» 

г. Алматы, Казахстан.

 ИСТОРИЯ ЖЕЛТАУСКИХ МЕЧЕТЕЙ (СЕРЕДИНА ХІХ – НАЧАЛО ХХ ВЕКОВ)

Резюме

В статье кратко рассматривается история мечетей, возведенных в середине XIX – начале XX вв., являющихся историческим наследием Арало-Каспийского региона. Мечети Желтау как исторические памятники были впервые введены в научный оборот в результате экспедиции под руководством историка, профессора Ажигали С.Е.

Мечети Желтау являются историческими памятниками, которые напрямую связаны со значительными изменениями в жизни казахского народа в этот период (широкое распространение ислама среди населения страны, переход кочевого народа на полуоседлый образ жизни, изменение маршрутов зимовки и осенних поселений и т.д.).

Ключевые слова: Арало-Каспийский регион, Устюрт, Жылыой, Серик Ажигали, Желтау, мечети, религиозно-жилые комплексы, ишан, ахун.

K.K. RAKHBAYEV 1

Master’s in Political Science,

History teacher «Nazarbayev Intellectual School» Almaty, Kazakhstan

Summary

The article is dedicated to historical heritage of the Aral-Caspian region of the XIX - middle XX century. The history of mosques erected in the beginning is brief. These mosques as historical relics were first introduced into the scientific circle by historian, Professor S.E. Azhigali.

The relocation of mosques as historical relics that have been directly linked to significant changes in the lives of the Kazakh people during this period (the widespread spread of Islam among the country, the transition of the nomadic population to the semi-sedentary lifestyle, the change in their wintering habits).

Therefore, the author uses the term religious-residential complexes of Zheltau, Ort Tau, Sherligul, and Sholabai, as these historical monuments are complex constructions (the first complex is a mosque, madrasah, Khujra, the second is residential complex and a farm: well, shed, field, animal fence).

What we see in the author's speech is the desire for a holistic view of the issue. The history of the places where the mosques were built is the origin of the first religious figures from the provinces, such as the mullahs, akhuns, ishans and their connection with each other. Origin, activity, coverage of historical, cultural, economic, economic, religious situation of that time were provided.
Keywords: Aral-Caspian region, Ustyurt, Zhylyoi, Serik Azhigali, Zheltau, mosques, religious and residential complexes, ishan, akhun.

No comments

To leave comment you must enter or register