Яндекс.Метрика
Home » Materials » ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ МОНО ЖӘНЕ ШАҒЫН ҚАЛАЛАРДЫҢ ДАМУЫ

Д.Ж. Жайлыбаев, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, гуманитарлық ғылымдар магистрі, аға ғылыми қызметкер

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ МОНО ЖӘНЕ ШАҒЫН ҚАЛАЛАРДЫҢ ДАМУЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(20), 2019

Author:
Түркістан қаласының облыс орталығы болып құрылуы өңірде бірқатар әкімшілік және территориялық өзгерістерді алып келді. Соның ішінде Түркістан облысындағы моно және шағын қалаларды дамыту стратегиясы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына негізделіп отыр. Бұл облыс экономикасын моно қалалар арқылы дамытудың бағыты болып табылады. Мақалада Түркістан облысындағы моно және шағын қалалардың әлеуметтік және экономикалық жағдайы көрініс табады. Сонымен қатар, моно қалалардың экономикалық белсенділігі мен дамуының статистикалық көрсеткіштері берілген. Түйін сөздер: моно қала, экономика, әлеуметтік жағдай, кәсіпкерлік, инфрақұрылым, өнеркәсіп, туризм.
Text:

Кіріспе. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы өңірлердегі әлеуметтік өзгерістер мен үрдістерді зерттеудің өзектілігін тудырады. Себебі, өңірлердегі соңғы кездегі саяси және экономикалық өзгерістер бірқатар шағын қалалардың әлеуметтік және мәдени белсенділігін қалыптастырды. Бұл тұрғыда Түркістан облысындағы моно және шағын қалалардың дамуы мен белсенділігі этно-әлеуметтану ғылымында өзекті болып отыр. Моно қалалардағы әлеуметтік және мәдени үрдістерді статистикалық материалдар арқылы арнайы зерттеу өңірлердегі этноәлеуметтік жағдайды түсіндіреді.

Талқылау Түркістан облысындағы моно және шағын қалалардың тарихы, этно-әлеуметтік, экономикалық жағдайын әр түрлі қырынан зерттеулер жүргізілді. Соның ішінде А. Уалтаеваның «Малые города Казахстана: информоционныо-исторический аспект» атты еңбегі Қазақстанның шағын қалалары жөніндегі бірден бір еңбек болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстандағы шағын қалалардың мәселелері 1998 жылы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының кешенді экспедиция материалдарында көрініс тапты. Сондай-ақ Түркістан қаласындағы этноәлеуметтік жағдайдың ерекшеліктері мен өзгерістерін және қаладағы отбасылық қатынастар, неке мәселесін 1997 жылы А.Б. Қалыштың еңбектерінен көруге болады.

Деректері. Түркістан облысының моно қалаларының әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты негізгі дерек көздері Ұлттық статистика комитетінің жарияланымдары және Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жолдаулары болып табылады. Сонымен қатар, әртүрлі мемлекеттік бағдарламалардан тұрады.

Әдістері. Мақала тарих ғылымының жинақтау, жүйелеу, салыстырмалы талдау сияқты әдістері арқылы жазылды. Сонымен қатар, этнология, этносоциология ғылымдарының контент сараптама, кросс-мәдени талдау әдістері де қолданылды. Бұл әдістер көтеріліп отырған тақырыпты толыққанды ашуға мол мүмкіндіктер береді.

Нәтижесі. Түркістан облысының әкімшілік-территориялық бөлінісі 13 аудан мен облыс қарамағындағы 3 қаладан тұрады. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы осы көрсетілген аудандармен біртұтас жүргізіліп келеді. Бұл ретте жаңадан облыс орталығы болып құрылған Түркістан қаласы мен оған көршілес жатқан аудандар мен қалалардың экономикалық әлеуеті зор болып табылады. Қазіргі кезде, Түркістан облысына қарасты Арыс, Жетісай, Ленгер, Шардара, Сарыағаш қалалары шағын қала статусына ие. Ал, Түркістанға көршілес жатқан Кентау қаласы моноқала мәртебесінде. Өңір территориясына шашыраңқы орналасқан бұл шағын қалалардың қызметі орталық Түркістан үшін географиялық тұрғыда алшақ болғанымен, стратегиялық маңызы зор десек болады.

 Шағын қалалардың өңірлік дамуда алатын орны әртүрлі сипатта болады. Себебі, шағын қалалар – бұл өңірдің құрылымдық элементі болып табылады. Сондықтан, Түркістан облысының дамуы шағын және моно-қалалардың қызметімен тікелей байланысты. Қазіргі кезде, шағын қалалар агро-өндірістің, өнеркәсіптің және табиғи байлықтың ошағы болып отыр. Соның негізінде шағын қалалардың белсенділігі өңірлік экономиканың дамуына ықпал етеді.

Түркістан облысындағы бірқатар қала және аудандардың негізгі көрсеткіштеріне тоқталатын болсақ, 2017 жылғы статистикалық деректер бойынша: негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі (млн теңге) – Арыс қ. – 2,855; Кентау қ. – 130,516; Сарыағаш ауд. – 2,556; Шардара ауд. 8,596; Төле би ауд. – 8,089; Мақтаарал ауд. (Жетісай ауд.) – 5,467. [1]

2017 жылғы деректердегі бұл ерекшеліктер сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысындағы жалғыз моно-қала болып саналатын Кентау қаласына ерекше мән беріліп, көптеген инвестициялар тартылған. Бұл 2012 жылы «Моноқалаларды дамытудың 2012–2020 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жүргізілді [2]. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін еліміз бойынша 27 моно қала таңдап алынды. Оның ішіне жоғары әлеуетті – 6, орта әлеуетті – 19 және төменгі әлеуетті – 2 қала бекітілді [3]. Қазіргі Түркістан облысы бойынша Кентау қаласы осы бағдарламаға кірді. Соның негізінде Кентау қаласында бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Себебі, моно қалаларды дамыту бағдарламасына еліміз бойынша кең өндіру қалаларына 21 қала кірді. Соның қатарында Кентау қаласы металл рудаларын өндіру бойынша тіркелді. Жалпы, Қазақстан бойынша моно қалалардың типологиялық бөлінісі қала құраушы мекемелердің қызметімен өлшенді. Бұл тұрғыда Кентау қаласында қала қалыптастыратын мекеменің болмағандығы белгілі болды. Еліміз бойынша мұндай типтегі қалаларға Кентаумен қоса Серебрянск және Текелі қалалары кіреді. Алайда, тәуелсіздік жылдары экономикасы тұралап қалған осындай қалалардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған аталмыш жоба жан-жақты іске асырыла бастады.

Осы мақсаттарға сәйкес 2012 жылы Кентау қаласында 35 жоба қолға алынып, оған 235,9 млн. теңге, 2013 жылы – 428,5 млн. теңге, 2014 жылы – 1623,4 млн. теңге, 2015 жылы – 1800,1 млн. теңге қарастырылған [4]. Бұл қаржы негізінен экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамытуға, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Себебі, Кентау қаласының әлеуметтік және инфрақұрылымының 60 %-ның тозығы жеткен еді.

2018 жылдың 1 қаңтары мен 1 сәуір аралығында Кентау қаласының экономикалық дамытуға бағытталған инвестиция көлемі 73,0 млн. теңгені құраса, 2019 жылдың 1 қаңтарынан – 1 сәуіріне дейін бұл көрсеткіш 2563,9 млн. теңгеге жеткен. Жалпы, қазіргі кезде қаланың 7,759 бірлік белсенді және шағын кәсіпкерліктің субъектілері жұмыс істеп тұр [5]. Бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай өскендігін көрсетеді. (2017 жылы қаладағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 2593 бірлік болған.). Бұл үрдіс 2018 жылдың маусым айынан бастап облыс орталығының көршілес Түркістан қаласына ауысқандығымен түсіндіріледі. Сонымен қатар, Кентау қаласында «ONTUSTIK» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр [6].

2017 жылдың өзінде Кентаудың өнеркәсіп өндірісі көлемі – 26,368 млн. теңгені құрады. Сонымен қатар, бөлшек сауда айналымы – 2,481,3 млн. теңгеге жеткен. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы – 3,242,1 млн теңгені құрады [1]. Бұл көрсеткіштердің қысқа уақыт ішінде өзгеруі Кентау қаласының экономикалық базасының әлеуетінің жоғары екендігін көрсетеді.

Түркістан облысы экономикасының негізгі тірегі болып табылатын – шағын қалалар. Шағын қалалардың территориялық орналасуы әртүрлі болғанымен, олардың әрқайсысы өзіндік стратегиялық маңызға ие. Облыс территориясында орналасқан бұл қалалардың экономикалық базасын анықтау үшін белгіленген қалаларды бірнеше бағыттар бойынша қарастыруымыз керек. Біріншіден өндіріс орталықтары болып табылатын қалалар ретінде машина жасау, құрылыс, мақта-мата тоқу және тамақ өнеркәсібі бойынша Төле би ауданындағы Ленгер қаласын қарастырсақ болады. Ленгер және Шардара қалалары көкөніс өндеу цехтарының жұмыстары бойынша да көзге түседі. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өндеу бойынша Жетісай қаласын аламыз. Бұл тұрғыда жеміс-жидек өндеу, балаларға арналған тамақтарды өндеуде Жетісаймен бірге Сарыағаш және Ленгер қалаларының қызметі зор. Екіншіден, электроэнегрия өндіру саласы бойынша Шардара қаласының маңызы зор. Үшіншіден өнеркәсіптік-транспорттық орталық ретінде – Арыс қаласын көрсетеміз. Себебі, Арыс қаласы темір жол бойында орналасқан. Орынбор – Ташкент теміржол желісін байланыстырады. Туризм және денсаулықты қалпына келтіру саласы бойынша – Сарыағаш қаласын ерекшелеуге болады. Сарыағаш сауықтыру орталығы қазіргі кезде республикаға және өңірлік деңгейде белгілі болып отыр. Сонымен қатар, туристік нысан ретінде келешекте Шардара су қоймасында жағажай туризмінің келешегі зор. Бұл ретте Түркістан облысының туристік кластерін жан-жақты дамыту бағдарламалары аталмыш аудандарда да өз қызметін атқаратын болады. 

2017 жылғы статистикалық деректер бойынша Түркістан облысындағы шағын қалалардың кейбір көрсеткіштері [1].

Арыс қ.

Сарыағаш ауд. (Сарыағаш қ.)

Шардара ауд. Шардара қ.

Төле би ауд. (Ленгер қ.)

Мақтарал ауд. (Жетісай қ.)

1

өнеркәсіп өндірісінің көлемі млн. теңге

8,813

27,223

7,500

24,694

12,113

2

Бөлшек сауда айналымы млн. теңге

1,329,5

9,672,6

2,375,5

6,086,4

7,954,2

3

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы млн. теңге

13,138,9

86,547,2

25,260,5

31,660,0

83,126,6

4

Белсенді шағын және орта кәсіпкерліктегі субъектілердің бірлік саны

2,934

19,966

7,253

7,232

23,899

Берілген кесте бойынша Түркістан облысындағы шағын қалалар мен аудандардың экономикалық әлеуеті көрсетілген. Мысалы, Сарыағаш ауданының өнеркәсіптік өндірісінің көлемі 27,223 млн. теңгені құрайды. Бұл 2017 жылғы Түркістан қаласының өнеркәсіптік өндірісі көлемінен 47,2 % артық болған. Сондай-ақ аталмыш ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі бойынша Түркістан қаласынан 2 есеге асып отырған. Сонымен қатар, қалалардың экономикалық өсуінде территориялық орналасуының маңыздылығы осы кестеден көрініп тұр. Мысалы, Сарыағаш және Мақтарал яғни Жетісай қаласының көрсеткіштері (Жетісай ауданы 2018 жылы 5 маусымда Мақтарал ауданынан бөлініп шықты. Орталығы Жетісай қаласы) ауылшаруашылығы өнімдері мен белсенді шағын және орта кәсіпкерліктегі субъектілер саны бойынша ерекшеленеді. Бұл аудандардың Өзбекстанмен шекаралас орналасуымен байланысты болып отыр. Қазіргі кезде Арыс қаласынан өтетін Өзбекстан Республикасы шекарасы – Шардара – Арыс – Темірлан автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұған облыс бюджеттен 1 180,0 млн. теңге бөлінген [7]. Бұл өңірдің көршілес елдермен сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға белсенді екенін көрсетеді. Сонымен қатар, Шардара қаласындағы кейбір кәсіпкерлік нысандардың формасы отбасылық кәсіптің бағытына ауысқандығын көрсетеді [8].

Қорытындылай келе, Түркістан облысында орналасқан моно және шағын қалалардың экономикалық өрлеуі өңірдің әл-ауқатының жақсаруына оң ықпал ететін болады. Бұл жергілікті экономиканың әртараптануы, әлеуметтік инфрақұрылымның жақсаруы мен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің көбеюі нәтижесінде жүзеге асырылады. Жоғарыда келтірілген мәліметтердегі көрсеткіштер бойынша жаңадан құрылған Түркістан облысының орталығы іргелес жатқан моно және шағын қалалармен бірге паралель дамитын болады.

Пайдаланған әдебиет тізімі:

1.  Stat.gov.kz (2018). Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің серпіні. Сілтеме: http://stat.gov.kz/region/20243032/dynamic. Қаралған уақыты: 15.06.2019.

2.   Adilet.zan.kz (2012). Моноқалаларды дамытудың 2012–2020 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы. Сілтеме: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1200000683. Қаралған уақыты: 14.06.2019.

3.  Уалтаева А. Малые города Казахстана: информоционныо-исторический аспект. – Алматы, 2014. – С. 26.

4.  e-kent.gov.kz. (2018). Моноқалаларды дамыту бағдарламасы. Сілтеме: https://e-kent.gov.kz/kz/ekonomika-biznes/programma-razvitiya-monogorodov.html. Қаралған уақыты: 17.06.2019.

5.  Stat.gov.kz (2019). Социально-экономическое развитие Туркестанской области. Январь-апрель 2019 года. – Шымкент, 2019. №4. – С 40–41. Сілтеме:http://stat.gov.kz/region/20243032/social. Қаралған уақыты: 13.06.2019.

6.  e-kent.gov.kz. (2018). Кәсіпкерлерге бір терезе қағидасы бойынша қызмет көрсету. Сілтеме: https://e-kent.gov.kz/kz/ekonomika-biznes/tsop.html. Қаралған уақыты: 15.06.2019.

7.  Turkistan-aris.gov.kz (2018). 2018 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша Арыс қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы. Сілтеме: http://turkistan-aris.gov.kz/kk/node/2166. Қаралған уақыты: 14.06.2019.

8.  Ontustik-shardara.gov.kz. (2018). Шардара қаласы әкімі аппаратының 2018 жылдың 10 айында атқарылған жұмысы туралы есебі. Сілтеме: http://ontustik-shardara.gov.kz/kk/node/2090. Қаралған уақыты: 15.06.2019.

References:

1. Stat.gov.kz (2018). Negatives әleumettіk-economicsқ kөrsetkіshterdің serpіnі. Sіltem: http://stat.gov.kz/region/20243032/dynamic. Karalkan waqyty: 06/15/2019.

2. Adilet.zan.kz (2012). Mono-alalardy damytudy20 2012–2020 zhyldarғa arnalғan baғdarlamasyn bekitu turaly. Sіltemе: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1200000683. Karalkan waqyty: 06/14/2019.

3. Ualtaeva A. Small cities of Kazakhstan: information-historical aspect. - Almaty, 2014 .-- S. 26.

4. e-kent.gov.kz. (2018). Mono-alalards to Damyt Badarlamas. Сілтеме: https://e-kent.gov.kz/kz/ekonomika-biznes/programma-razvitiya-monogorodov.html. Karalkan waқyty: 06/17/2019.

5. Stat.gov.kz (2019). Socio-economic development of the Turkestan region. January-April 2019. - Shymkent, 2019. No. 4. - From 40–41. Sіltemе: http://stat.gov.kz/region/20243032/social. Karalkan waқyty: 06/13/2019.

6. e-kent.gov.kz. (2018). Kәsіpkerlerge bere teresa ғaғidasy boyynsha қyzmet kөrsetu. Sіltemе: https://e-kent.gov.kz/kz/ekonomika-biznes/tsop.html. Karalkan waqyty: 06/15/2019.

7. Turkistan-aris.gov.kz (2018). 2018 zhyldyң 6 ayinyң қorytyndysey boyysha Arys қalasynyң әleumettіk-ekonomalyқ damuy turaly. Siltem: http://turkistan-aris.gov.kz/kk/node/2166. Karalkan waqyty: 06/14/2019.

8. Ontustik-shardara.gov.kz. (2018). Shardara қalasy мkіmі apparatuses ж 2018 zhyldyң 10 ayinda atқarylғan ұұmysy turaly esebі. Sіltemе: http://ontustik-shardara.gov.kz/kk/node/2090. Karalkan waqyty: 06/15/2019.

Д.Ж. Жайлыбаев,  магистр гуманитарных наук, старший научный сотрудник Евразийского научно-исследовательского института, daulet_28@bk.ru

РАЗВИТИЕ МАЛЫХ И МОНО ГОРОДОВ ТУРКЕСТАНСКОЙ ОБЛАСТИ

Аннотация

Создание областного центра Туркестана привело к ряду административных и территориальных изменений в регионе. В частности, стратегия развития моно- и малых городов в Туркестанском регионе основана на социально-экономическом развитии страны. В статье отражен социально-экономический статус моногородов и малых городов в Туркестанской области. Кроме того, приведены статистические показатели экономической активности и развития моногородов.

Ключевые слова: моногород, экономика, социальная положение, предпринимательство, инфраструктура, промышленность, туризм.

D. Zh. Zhaіlybayev,  M.A. Senior researcher at the Eurasian research institute, daulet_28@bk.ru

DEVELOPMENT OF SMALL AND MONO CITIES OF TURKESTAN REGION

The creation of the regional center of Turkestan led to a number of administrative and territorial changes in the region. In particular, the development strategy of mono- and small cities in the Turkestan region is based on the socio-economic development of the country. The article reflects the socio-economic status of single-industry towns and small towns in the Turkestan region. In addition, statistical indicators of economic activity and the development of single-industry towns are given.

Key words: single-industry town, economy, social status, entrepreneurship, infrastructure, industry, tourism.

No comments

To leave comment you must enter or register