Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 316.344.55:39(574) ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫС АУДАРУ ҮРДІСТЕРІ

Д.Ж. ЖАЙЛЫБАЕВ, Еуразия ғылыми зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, гуманитарлық ғылымдар магистрі, Алматы қ., Қазақстан

ӘОЖ 316.344.55:39(574) ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫС АУДАРУ ҮРДІСТЕРІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 3(19), 2019

Tags: Түркістан облысы, кәсіпкерлік, жоба, стратегия, жұмыссыздық, күші еңбек, солтүстік, миграция, демография, жастар, оралман
Author:
Мақалада Қазақстанның оңтүстік облыстарынан солтүстік өңірге қоныс аудару үрдістері қарастырылған. Сонымен қатар, Солтүстік облыстардағы демографиялық ахуалдың төмендігі мен еңбек күшінің жеткіліксіздігі көрініс табады. Осы тұрғыда мемлекет тарапынан қолға алынып отырған арнайы жобалардың Солтүстікке қоныс аудару үрдісіне жалғасып отырғандығы беріліп отыр. Солтүстікке қоныс аудару жобасы еліміздегі ішкі миграциялық үрдістердің стратегиялық маңызы жоғары бағыты болып есептеледі. Түйін сөздер: миграция, солтүстік, Түркістан облысы, еңбек күші, жұмыссыздық, стратегия, демография, жастар
Text:

Кіріспе. Қазақстанның тәуелсіз тарихындағы әлеуметтік және мәдени қатынастары ел ішіндегі миграциялық үрдістермен тікелей байланысты. Бұл еліміздің этномәдени құндылықтары мен әлеуметтік тұрақтылығының кепілі болып табылады. Осы тұрғыда оңтүстік өңірлерден солтүстік аймақтарға бағытталған қоныс аудару үрдісі өте маңызды жоба болып табылады. Бұл қазіргі Қазақстанның миграциялық саясатының негізгі бағытының бірі болып қалыптасуы керек.

Талқылау. Солтүстікке қоныс аудару баспасөз беттерінде көптеп талқылануда. Сонымен қатар, БАҚ пен әлеуметтік желілерде қоныс аударушылардың әлеуметтік жағдайы мен барған кездегі көрсетілетін мемлекеттік көмек түрлері мен мөлшері қызу пікірлерге ұласып жатыр. Сонымен қатар, Түркістан облыстық «Айғақ ТВ» арнасында «Солтүстікке қоныс аударғандар» атты екі сериядан тұратын арнайы фильм түсірілді. Бұл қалыптасып жатқан ақпараттар жергілікті жердегі әлеуметтік ерекшелік пен солтүстік өңірлердегі жұмыс күшінің аздығын алға тартады. Алайда, нақты зерттеу еңбектері әлі жарық көрмеген.

Деректері. Қазақстанның миграциялық үрдістерінің жаңа бағыты болып қалыптасып келе жатқан Солтүстікке қоныс аудару бағыты еліміздің стратегиялық маңызға ие. Осы тұрғыда көтеріліп отырған бұл тақырыптың негізгі дерек көздері Елбасы Жолдаулары, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы», «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы және басқа да статистикалық мәліметтерден тұрады. 

Әдістері. Мақала тарих ғылымының жинақтау, жүйелеу, салыстырмалы талдау сияқты әдістері арқылы жазылды. Сонымен қатар, этнология, этносоциология ғылымдарының контент сараптама, кросс-мәдени талдау әдістері де қолданылды. Бұл әдістер көтеріліп отырған тақырыпты толыққанды ашуға мол мүмкіндіктер береді.

 Нәтижесі. Еліміздің ішкі миграциялық үрдістерінің бірден-бір әлеуетті бағыты – Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аудару үрдісі болып табылады. Жалпы, Қазақстан территориясының климатының өзгешелігіне сәйкес әр аймақта әлеуметтік-экономикалық жағдайдың да ерекшелігі байқалады. Сонымен қатар, демографиялық үрдістерден де дәл осы көріністерде көрінеді. Яғни Солтүстік аймақтардағы климаттық қолайсыздық пен шекара аймақтардағы орыс, неміс, беларус, украиндердің өз отандарына көшуі Қазақстанның бұл өңірлеріндегі демографиялық ахуалдың нашарлауына алып келді. Мысалы, 2018 жылғы статистикалық мәліметтерде ішкі көші-қон бойынша Солтүстік Қазақстанға 20,023 адам көшіп келген болса, кеткендердің саны – 21,510 адамды құраған. Дәл осындай жағдай Қостанай облысында да орын алған. Қостанай облысында келгендердің саны 35,220 адам болып, керісінше кеткендердің саны 35,985 адамға жетіп отыр. Көші қон айырмасы Солтүстік Қазақстан үшін – 1487 адамды құраса, Қостанай облысы үшін – 765 адамға тоқтап отыр [1]. Демография үшін бұл көрсеткіштер өте төменгі деңгейді көрсетеді. Оның сыртында 2018 жылдың өзінде елімізден Ресейге көшіп кеткендердің саны 36,778 адамға жетіп отыр [1]. Тәуелсіздік жылдары бастау алған экономикалық қиындықтар аймақтарда колхоз, совхоздардың күйреуіне, шалғай елді-мекендерде жұмыссыздықтың жаппай белең алуына алып келді. Себебі, солтүстік өңірдегі егін шаруашылығы негізінен 1954 жылдары Тың игеру кезеңінен жаппай қолға алынды. Бұл КСРО көлеміндегі ең ірі жобалардың бірі болды. Тың игеру тұсында Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы тың жерлерді жаппай игеріп, жұмыс күшін КСРО-ның түкпір-түкпірінен тарта бастады. Нәтижесінде шағын ауылдар қалыптасты. Бұл ауылдардың көпшілігі егін шаруашылығымен айналысуға бағытталды. Қалыптасқан елді мекендердің көпшілігі этномәдени әртүрлілікті басынан кешірді. Әлеуметтік құрамы жағынан колхоз жұмысшылары мен мұғалім, дәрігерлерден ғана тұрды. Осындай үлгіде қалыптасқан ауылдар нарықтық қоғамға өту кезеңінде «болашағы жоқ ауылдар» қатарын көбейтті. Бұл қараусыз бос қалған үйлер мен мектептердің жабылуына негіз болды. Кейбір өңірлерде тұтастай ауылдар бос қалды.

Қазіргі кезде жоғарыда келтірілген аймақтарға мемлекет тарапынан ерекше көзқарас қалыптасқан. Елдегі еңбек нарығындағы тепе-теңдікті қалыптастыру үшін 2013 жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы қабылданды [2]. Сондай-ақ, 2017 жылы Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында жұмыссыздықты жою мәселелері көрініс тапты [3]. Бұл оңтүстік тұрғындарының солтүстікке жұмыс күші ретінде қоныс аударуына негіз болды.

Қоныс аудару шеңбері Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының жұмыссыз азаматтарын Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарына көшірумен шектеледі. Бұл солтүстік аймақтардағы жұмыс күшінің жетіспеуін халық тығыз орналасқан Түркістан облысы сияқты оңтүстік өңірдің есебінен шешу болып табылады. Үкімет тарапынан қолға алынып отырған бұл жобалар оңтүстік өңірдегі еңбек нарығындағы бәсекелестік пен жұмыссыздықты азайтуға септігін тигізіп отыр.

2015–2018 жж. аралығында Түркістан облысынан 800-ден астам отбасы еліміздің Солтүстік өңіріне қоныс аударған. Олардың көпшілігі Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына орналастырылған. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, солтүстікке қоныс аударғандардың 30% түркістандықтар құрайды.

Жалпы, солтүстік аймақтарда білім, денсаулық сақтау саласы, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және т.б. салалардың мамандары жетіспейді. Ал, оңтүстік өңірлерде бұл салалар бойынша жұмыс табу қиын және үлкен бәсекелестік қалыптасқан. Осы тұрғы да Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері Түркістан облысы әкімдігімен еңбек ұтқырлығын қалыптастыру үшін өзара меморандумға қол қойған. Бұл келісімшарттар негізінде көшіп барушы азаматтардың орналасуы мен әлеуметтік жағдайының оңтайлы шешілуі қамтамасыз етіледі.

Қазіргі кезде көшіп барушы түркістандықтардың легін екі топқа бөліп қарастырсақ болады. Бірінші топқа, әкімшіліктің берген ақпаратына сүйеніп қана көшіп барғандар, екінші топты көшіп бармастан бұрын сол өңірлерге арнайы барып, көріп келіп бірақ көшкендер. Қазіргі кезде Түркістан облысынан қоныс аударған отбасылар Солтүстік Қазақстанның әрбір аймағында тіршілік етіп отыр. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы мен Қостанай облысы Мағжан Жұмабаев аудандарына көптеп қоныстанған. Олар жергілікті әкімшілік ұсынған жұмысты істеп, қосымша шаруашылығымен де айналысады. Сонымен қатар, Солтүстікке көшіп барған түркістандықтардың арасында ірі кәсіпкерлерде қалыптасқан. Олар ауыл шаруашылығына ден қойып, асыл тұқымды мал ұстап, егін шаруашылығымен де айналысады. Оңтүстіктен барғандар солтүстіктегі қараусыз қалған ауылдардың жанданып, жабылуға таяп тұрған мектептердің қайта түлеуіне негіз болып отыр. Алайда, көшіп барғандар арасында жергілікті климатқа көнбей кейін қарай көшіп кетіп жатқандар да кездеседі. Бірақ, бұл жалпы үрдіске айтарлықтай әсер етіп отырған жоқ. Айта кететін мәселе, қоныс аударушылар қатарында Өзбекстаннан келген оралмандар да бар. Олар өз кезегінде еліміздің оңтүстігіне квота арқылы келіп, ендігі жерде үкіметтік бағдарлама аясында солтүстік өңірлерге қоныс аударуда. Оларды қызықтырып отырғаны теріскейдегі жердің кеңдігі мен егін шаруашылығының жауын суы арқылы өсуі болып табылады.

Қоныс аударушыларға көрсетіліп отырған көмек Республикалық және жергілікті бюджеттен қарастырылады. Республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат кез келген аймаққа бірдей мөлшерде көрсетіледі.Ал, жергілікті бюджеттен қарастырылатын қаражат аймақтың экономикалық әлеуетіне қарай өзгеріп тұрады. Соның негізінде қоныс аударушыларға ұсынылатын көмектердің көлемі әр түрлі болып жатады. Республикалық бюджеттен беріліп отырған көмектің негізі бірнеше бағдарламалар аясында жүргізіліп келеді. Алғашында бұл қоныс аударудың жеңіл әрі нәтижелі болуын «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы [2] аясында жүргізген болса, кейін нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда [4]. Бұл бағдарлама шеңберінде көшіп барғандарға ауыл шаруашылығымен айналысуына яғни мал ұстап, жер егуіне микро кредиттер қарастырылған. Сонымен қатар, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті тұрғындарға кәсібіне қажетті техниканы немесе арнайы құралдар алуға бағытталған субсидиялар да белгіленген. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарлама кәсіптік білім беру мен кәсіпкерлікті дамыту үшін арнайы курстар ұйымдастырып отыр. Ал, 2014 жылдан бастап «Серпін» бағдарламасының «Мәңгілік ел жастары - индустрияға» атты әлеуметтік жобасының аясында Солтүстік өңірлердегі оқу орындарына гранттарды көбейткен [5]. Бұл гранттар арқылы оңтүстіктен барған жастарды маман ретінде дайындап жұмыс күшін көбейту көзделген. Аталмыш бағдарламалар аясында солтүстікке қоныс аударғандардың бір жыл бойы үй жалдауға және коммуналды төлемдерді өтеуге жергілікті әкімдіктер тарапынан қаржы қарастырылған. Сонымен қатар, көшіп барушылардың әр отбасы мүшесіне 35 АЕК көлемінде белгіленген бір реттік көмек көрсетіледі [6]. Оның сыртында отын, көмір сияқты алғашқы жәрдемдер жергілікті әкімдіктер тарапынан ұйымдастырылған.

Жалпы, солтүстік аймақтар үшін негізгі қажеттілік жұмыс күші болып табылады. Соған сәйкес, қоныс аударушылардың міндетті түрде мамандық иесі болғаны құпталды. Және де, алғашқы уақыттары қоныс аударамын деушілердің міндетті түрде отбасы болуы тиіс болды. Қазіргі кезде бұл талаптар алынып тасталып, жалғыз басты мамандарды да қабылдай береді. Алайда үкіметтің қойып отырған шарттарының бірі, көрсетілген көмекті алған қоныс аударушы бір жылға дейін басқа өңірлерге көшуіне рұқсат етілмейді. Егерде себепсіз көшіп кететін болса, қоныс аударушыға берілген қаржы толығымен қайтарылуы тиіс.

Түркістан облысынан солтүстікке қоныс аудару үрдісі еліміздің миграциялық саясатында стратегиялық маңызға ие. Оның ішінде: жұмыс күші ретінде, демографиялық ахуалдың реттелуіне және облыстағы мемлекеттік тілдің дамуына оң ықпал етуде. Сондай-ақ, жергілікті халықтың ескірген ұстанымдары мен көзқарастарын өзгертіп, жаңа серпін беруге де оңтүстіктен барған халықтың әсері мол. Бұл аймақтық ерекшеліктердің тоғысып, жаңа идеялардың, тың жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Себебі, оңтүстіктен барып отырған қоныс аударушылардың көпшілігі, өскен ортасынан жаңа мекенге үлкен мүмкіндіктер мен бастамалар іздеп барғандар. Бұл тұрғыда қоныс аударушы халық өзінің барлық әлеуетін әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағыттайды.

Қорытындылай келгенде, 2021 жылға дейін жоспарланып отырған бұл бағдарламаның нәтижесі еліміздің демографиялық өсімі және еңбек нарығындағы тепе-теңдікті ұстауға мүмкіндік береді. Келешекте 2015-2021 жж. аралығындағы миграциялық үрдістердің оң нәтижелері оңтүстік тұрғындарының солтүстікке үкіметтік көмектерге сүйенбей-ақ көшуіне негіз болады. Бұл еліміз үшін тек әлеуметтік-экономикалық тиімділік емес, сонымен қатар, саяси стратегиялық маңызы да жоғары болып табылады. Ол үшін Қазақстан осы бағыттағы миграциялық саясатты жалғастыруы тиіс. Сонымен қатар, қоныс аударушылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін қолданыстағы бағдарламаларға жаңа мүмкіндіктердің ретін қарастырылуы керек. Үкімет тарапынан қолдау тауып отырған бұл бағдарлама тәуелсіз Қазақстанның шетелдегі қазақ диаспорасын елге шақыруынан кейінгі стратегиялық маңызы бар жоба болып табылады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1 Stat.gov.kz (2018). Қазақстан Республикасы халқының көші-қоны. Сілтемелер:http://stat.gov.kz/official/industry/61/statistic/7 .Қараған уақыты:10.09.2019.

2 Adilet.kz. (2013).Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы. Сілтемелер: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1300001548.Қараған уақыты: 12.09.2019.

3 Akorda.kz. (2017).«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік». Сілтемелер: http://www.akorda.kz/kz/addresses/addresses_of_president/memleket-basshysy-nnazarbaevtyn-kazakstan-halkyna-zholdauy-2017-zhylgy-31-kantar.Қараған уақыты: 13.09.2019.

4 Adilet.zan.kz. (2017). «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы. Сілтемелер: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1600000919.Қараған уақыты: 09.09.2019.

5 Serpin.kz (2018). О проектах Серпін. Сілтемелер: http://new.serpin.kz/?p=1245.Қараған уақыты: 11.09.2019.

6 Turkestan.kz. (2018). Көш: Оңтүстіктен – Солтүстікке. Сілтемелер: https://turkystan.kz/article/73130-k-sh-o-t-stikten-solt-stikke.Қараған уақыты: 12.09.2019.

References:

1 Stat.gov.kz (2018). Qazaqstan Respublikasy halqynyn koshі-qony. Sіltemeler:http://stat.gov.kz/official/industry/61/statistic/7 .Qaragan uaqyty:10.09.2019.

2 Adilet.kz. (2013).Zhumyspen qamtu 2020 zhol kartasy» bagdarlamasy. Sіltemeler: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1300001548.Qaragan uaqyty: 12.09.2019.

3 Akorda.kz. (2017).«Qazaqstannyn үshіnshі zhangyruy: zhaһandyq bәsekege qabіlettіlіk». Sіltemeler: http://www.akorda.kz/kz/addresses/addresses_of_president/memleket-basshysy-nnazarbaevtyn-kazakstan-halkyna-zholdauy-2017-zhylgy-31-kantar.Qaragan uaqyty: 13.09.2019.

4 Adilet.zan.kz. (2017). «Enbek» nәtizhelі zhumyspen qamtudy zhәne zhappaj kasіpkerlіktі damytudyn 2017–2021 zhyldarga arnalgan bagdarlamasy. Sіltemeler: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1600000919. Qaragan uaqyty: 09.09.2019.

5 Serpin.kz (2018). O proektah Serpіn. Sіltemeler: http://new.serpin.kz/?p=1245. Qaragan uaqyty: 11.09.2019.

6 Turkestan.kz. (2018). Kosh: Ontүstіkten – Soltүstіkke. Sіltemeler: https://turkystan.kz/article/73130-k-sh-o-t-stikten-solt-stikke. Qaragan uaqyty: 12.09.2019.

Д.Ж. Жайлыбаев 1

1Евразийский научно-исследовательский институт, старший научный сотрудник

г. Алматы, Казахстан

ПРОЦЕССЫ ПЕРЕСЕЛЕНИЯ ИЗ ТУРКЕСТАНСКОЙ ОБЛАСТИ НА СЕВЕР

Резюме

  В статье рассматривается вопросы миграций население с Туркестанской области на Север. А также в статье отражается проблемы адаптаций южных казахов к северным районам Казахстана.  Автор использовал различную специальную литературу и статистические данные по вопросу миграции.  

Ключевые слова: миграция, север, Туркестанская область, рабочая сила, безработица, стратегия, демография, молодежь, оралманы, проект, предпринимательство.


D. Zhaіlybayev 1

1Eurasian Research Institute, senior researcher

Almaty, Kazakhstan

THE PROCESSES OF RESETTLEMENT FROM TURKESTAN REGION TO THE NORTH

Summary

The article considers the issues of population migration from the Turkestan region to the North. And also the article reflects the problems of adaptation of southern Kazakhs to the northern regions of Kazakhstan. The author used various specialized literature and statistics on the issue of migration.

Keywords: migration, North, Turkestan region, labor force, unemployment, strategy, demography, youth, oralmans, project, entrepreneurship.

No comments

To leave comment you must enter or register