Еліміздің иллюстрацияланған тарихын тануға, тарихты фотоқұжат арқылы нақтылауға мүмкіндік беретін тарихи деректер қатарын визуалды деректер құрайды. Орта Азия халықтарының 19 – 20 ғасырдың бас кезіндегі мәдениеті, тұрмысы мен шаруашылығы статистар, шығыстанушы зерттеушілер, топографтар мен әскерилер түсірген фотосуреттерде сақталып, ғылыми деректік фотоқұжаттар қатарын құрап отыр. Қазақ тарихына қатысты тарихи фотодеректердің негізгі дені Қазақстанның Орталық Мемлекеттік музейінде, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кинофо¬тоқұ¬жаттар және дыбыс жазбалар мұрағатында, Кунскамерада (Санкт-Петербург), Ә. Науай атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасында, Өзбекстанның Ұлттық мұрағатында сақталған. Тарихи кезеңдерде түсірілген кез келген фотосуреттер сол дәуір¬дің болмысын дәлме-дәл бере алады және ол мәңгілікке сақталады. Визуалдық фотодеректің маңыздылығы – белгілі бір тарихи кезеңдердегі адамдардың тұрмысындағы этномәдени сипаттарды, дәстүрлі ауылды, дәстүрлі шаруашылықты, материалдық құндылықтарды, тарихи оқиғаларды нақты, боямасыз түрде шынайы таңбалай алуында болып табылады.