Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ

ҚОЗҒАМБАЕВА Г.Б.

ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 1(09)

Теги: қайраткері, қоғам, дипломатия, сөздер:, Кілт, елші, саясат, мемлекет
Автор:
Түйіндеме: Мақалада Нәзір Төреқұловтың қызмет еткен, тағдыр кешкен жылдарында жинаған іс-тәжірибесінің арқасында жауапты қызметтер атқарғандығына талдау жасалған.Ол Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің жауапты хатшысы, Түркістан Атқару Комитетінің төрағасы, Шығыс халықтары институты директорының орынбасары және КСРО Орталық Атқару Комитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы, түрік халықтарының жазуын латын әліппесіне көшіру жөніндегі Орталық Комитеттің төрағасы сияқты басшылық қызметтерді атқару барысына қысқаша түсінік берілген. Аталмыш жұмыстарды атқару барысында Нәзір Төреқұловтың қайраткерлік тұлғасын қалыптасып, мемлекет ісін терең меңгеруге жол ашты. Нәзір Төреқұлов шебер дипломат ретінде өз мемлекетінің беделін лайықты дәрежеде ұстап тұру, оның саяси, сауда-экономикалық, басқа да мақсаттарын табанды түрде қорғау және аса қажетті ақпараттарды дер кезінде ой елегінен өткізе білу сияқты салаларды терең меңгеріп, осыларды өз қызметінде орындап отырған саясаткер, қазақтан шыққан тұңғыш елші.
Содержание:
  • Тәуелсіздікке қол жеткізуімен Қазақстан Республикасын жан-жақтан көптеген мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың мойындауының салдарынан саяси-дипломатиялық қатынастар қалыптаса бастады.Еліміздің  халықаралық қауымдастыққа енуі  қарқын алып, сыртқы саясатының негізгі мақсаттары жинақталды.

    Қазақстан Республикасының сыртқы саяси белсенділігі саяси-құқықтық бағытта заңдастырылып,сыртқы саяси тұжырымдама әзірленді. Еліміздің  Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырылды, «Дипломатиялық қызмет туралы заң» қабылданды.Дипломатия деп мемлекет пен үкіметтің шетелдермен  сыртқы саясатын айтады. Бұл салада олардың басшылары және Сыртқы істер органдары іс-әрекеттер жасайды.

    Дипломатияға мемлекетаралық байланыс, халықаралық ынтымақтастықты орнату, бейбітшілікті сақтау, мемлекет аралық жан-жалды болдырмау мақсатында жүргізілетін келіссөздер, халықаралық конференциялар жұмысы жатады. Отандық дипломатия тарихы тереңде жатыр, оның бастауы қазақ хандығының құрылуынан басталады.

    Сонау ХҮ ғасырдың ортасын құрылған қазақ хандығының  бастауы Жәнібек пен Керей хандардан бастап, Қасым хан, Тәуке хан, Абылай хан, Әбілқайыр хан сияқты көрнекті тұлғалардың елді бірлікте, ынтымақта ұстай отырып,сыртқы саясатта көрші мемлекеттермен дипломатиялық қатынастарға қол жеткізу үшін қолайлы сыртқы жағдайларды туғыза білуден де байқалды.

    ХҮІІ ғасырдың аяғы-ХҮІІІ ғасырдың басында қазақ хандығы Ресей империясының отарлау саясатының салдарынан, саяси экономикалық және рухани дағдарысты басынан өткеріп, өзара қырқыс пен бірліктің болмауы қазақ дипломатиясының тәуелсіздігін сақтаудағы ықпалын кемітіп жіберді.

    Патшалы Ресей империясы қазақ жерін  отарлап  алғаннан  кейін дипломатиялық саясатты өз қолдарына алды.

    Ал Кеңес өкіметі тұсында билік, дипломатиялық іс пен сыртқы саясатты орталықтан басқарды. Қанша ғасырлар өткенімен, жаңа мемлекеттер пайда болғанымен қазақ халқы көрші  мемлекеттермен қазірде іргелес өмір сүріп жатыр. Сондықтанда Отандық тарихта қазақ  хандары мен белгілі тарихи тұлғалардың  жүргізген дипломатиялық саясаты бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан  дипломатиясында алар орны ерекше.

    Осындай, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат-Нәзір Төреқұлов болды. Ол, XX ғасыр басында тарих толқынымен сахнаға шыққан,  дүниетанымы демократиялық бағытта қалыптасқан мемлекет және қоғам қайраткері болды.Н.Төреқұловтың қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби, білікті дипломат, елші болғандығын және оның есімі сол кезде, көзі тірісінде-ақ халықаралық деңгейде танылып, жоғары бағаланған.

    Кеңестік дәуірде сыртқы саясат пен дипломатиялық жұмыс орталықтан басқарылғаны баршамызға мәлім. Сыртқы саясат ведомствосы мен шетелдегі елшіліктерде негізінен орыс, украин, белорустар бірнеше  кавказдықтар, ортаазиялықтар қызмет атқарды, ал қазақ ұлтынан  ілуде біреу, екеу  ғана болмаса, өте аз елшілер болды. Ол туралы С.Батыршаұлы Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар деген еңбегінде: «Жетпіс жылдың ішінде тек бірнеше қазақ елші дәрежесіне жетті, олардың бірі -  Нәзір Төреқұлов болды. 1928-1936 жылдары сол кездегі ең жоғары дипломатиялық атақ –КСРО Бас консулы, Төтенше және өкілетті өкіл деген лауазыммен Кеңес Одағының Сауд Арабиясындағы Елшісі қызметін атқарды. Қазақтан тұңғыш шыққан жоғары мәдениетті, білімді, сегіз тілді жетік меңгерген өкіл өзінің ақыл-жігерімен Джиддада тіркелген Батыс Европа елдері дипломаттарының тілін тауып, туындаған мәселелерді Кеңес үкіметінің пайдасына шешіп отырды»[1,142б. ] деп атап көрсетті.

    Нәзір Төреқұлов сол кезеңде әлемдегі ең бір беделді, абыройлы дипломатия басшыларымен, елшілік қызметінің көрнекті қайраткерлерімен тіл табысып, қоян-қолтық араласып солардың құрметіне ие болды.Өзінің бойындағы дарындылығы арқасында сол елде қоныс тепкен шетелдік елшіліктер корпусының жетекшісі биігіне көтерілді.

    1928 жылы Нәзір Төреқұлов КСРО-ның Хиджаз, Недж және оларға қосылған облыстар (қазіргі Сауд Аравиясы корольдігі)  корольдігіндегі өкілетті өкілі болып тағайындалды. Н.Төреқұлов 1936 жылға дейін айналысқан осы қызметте оның жеке басының сондай-ақ кәсіби қасиеттері анағұрлым жарқын сипатымен көзге түседі.

    Екі мемлекеттің өз-ара қарым-қатынасындағы жемісті тұстар тап осы уақытта, Нәзір Төреқұловтың дипломатиялық миссиясы кезеңіне тура келеді. Ол дайындаған көптеген талдамалық құжаттар, анықтамалар және есептер кеңестік-саудтық қатынастардың қалыптасуы мен дамуының толық картинасын береді, сол кезеңдегі арабтар арасындағы саясаттың және ірі державалардың Таяу Шығысқа ықпал жүргізу үшін бәсекелестігінің мәнің ашады.Оның НКИД-тің орталық аппаратымен жүргізген дипломатиялық хат-хабарлары саяси талдау жасай білудің тереңдігімен, жоғарғы саяси шеберлігімен ерекшеленеді [2,404б.].

    Мемлекетінің мүддесін шет елде биік деңгейде қорғау, жоғары деңгейде елші ретінде төңірегіндегілерді түсіне білу, сол мемлекеттің басшылығымен терезесі тең келісім сөз жүргізу, көрегендік, шешендік өнер, осы қасиеттердің барлығы Нәзір Төреқұлов бойынан табылды.

    Нәзір Төреқұловтың қоғамдық және саяси қызметінің барлық белестерінде бірінші ұлтына, туған халқына аянбай көмек беруге ұмтылғанын көреміз.Осы мақсатта  ғылыммен, әдебиетпен және журналистік қызметпен де айналысты.  Соның арқасында қазақ әдебиеті мен өнері үшін, қазақ тіл ғылымы мен баспасөзі үшін,  бір сөзбен айтқанда, жалпы қазақ тарихы мен руханияты  үшін  қаншама  құнды  дүниелер жазып тастап кетті.Ол туралы «Нәзір Төреқұлов дипломат (шығармалар)» деген еңбекте : «1922-1928 жылдардаНәзір Төреқұлов  Мәскеуде КСРО халықтары Орталық баспасын басқарды. Осылайша өзінің жаны сүйген баспасөз бен баспа жұмысына қайта араласады, әрі ол баспаға жетекші болумен ғана шектелмей түркі (өзбек, қазақ және басқа) халықтары тілінде шыққан әдебиетке  редакторлық жасап, бағзы бір айтулы кітаптарға кіріспе жазумен айналысты.Өзбек, тәжік тілдерінде қалам ұстартқан көпке танымал жазушы, кейінен Тәжікстан Ғылым Академиясының президенті болған С. Айнидің «Бұқар революционерлері» кітабына көлемді сөзбаспасын жазған Н.Төреқұловтың сондай қызметтерінің бірі» екендігі туралы терең мәліметтер келтірілген [3, 318-319б.б.].

    Нәзір Төреқұловтың қызмет еткен, тағдыр кешкен жылдарында жинаған іс-тәжірибесінің арқасында жауапты қызметтерге сайланды. Ол Түркістан Компартиясы Орталық  Комитетінің жауапты хатшысы, Түркістан Атқару Комитетінің төрағасы, Шығыс халықтары институты директорының орынбасары және КСРО Орталық Атқару Комитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы, түрік халықтарының жазуын латын әліппесіне көшіру жөніндегі Орталық Комитеттің төрағасы сияқты басшылық қызметтерді атқарды. Осының барлығы Нәзір Төреқұловтың қайраткерлік тұлғасын қалыптастырды, мемлекет ісін терең меңгеруге жол ашты.

    Нәзір Төреқұлов шебер дипломат ретінде өз мемлекетінің беделін лайықты дәрежеде ұстап тұру, оның саяси, сауда-экономикалық, басқа да мақсаттарын табанды түрде қорғау және аса қажетті ақпараттарды дер кезінде ой елегінен өткізе білу сияқты салаларды терең меңгеріп, осыларды өз қызметінде бұлжытпай орындап отырды. Ол сол кезеңде өзі төтенше және өкілетті елшісі болып отырған Кеңес Одағының беделін көтеруге күш салды,  әр түрлі дәрежедегі келіссөздерді  біліктілікпен жүзеге асырып отырды. Әсіресе кеңестік сауда жүйесінің өміршеңдігін дәлелдеп, оған жасалған шетелдік қысымға шектеу салды, сол арқылы елшіліктің сараптау жұмысының арнасын жаңа жолға қойуы асқан шеберліктің үлгісі болғандығын айта аламыз. Ол жайында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев  «Қазақстан Республикасының дипломатиясы»деген еңбегінде: «Сауда-саттық келісімдерінің жоқ екеніне қарамастан 1930 жылдың өзінде кеңестік дипломатиялық өкілдік мұнай өнімдерінің, ағаштың, ұнның, қанттың және басқа да тауарлардың Сауда Аравиясына жеткізілімі туралы жемісті келіссөздер жүргізді... Н.Төреқұловтың тікелей қатысуымен 1933 жылы КСРО-мен сауда-саттыққа қатысты саудтық өкімет орындарының шектеулерін толық алып тастауға қол жеткізілді, денсаулық сақтау саласында Корольдікке жәрдем беру ұйымдастырылды, сондай-ақ бірқатар маңызды жобалар, оның ішінде Ат-Тайф қаласында Сауд Аравиясындағы тұңғыш АТС-ты орнату жүзеге асырылды» деп жоғары баға береді [2,404-405б.б.]. 

    Халықаралық  дәрежедегі дипломатиялық саясат жүргізуде өзіндік үлесі бар Нәзір Төреқұловтың халықаралық деңгейдегі ірі, көрнекті саяси қайраткерге айнала бастауы, Кеңес Одағының, қызыл империяның шовинистік пиғылдағы көсемдеріне ұнаған жоқ. Кеңес Одағы үшін, ішінара, әрине, одақтас республикалар ретіндегі түркі халықтары үшін Н.Төреқұловтың жасап жатқан жемісті елшілік қызметінен тез арада шақыртып алады.

    Кеңес Одағына қайта шақыртып алу саясатында да осындай астар бар еді. Сталиннің және оның төңірегіндегі жандайшаптарының, асыра сілтеушілерінің ұйымдастыруымен,  жала жабу арқылы көп ұзатпай Н.Төреқұловты ірі қайраткер ретінде саяси сахнадан аластату мақсатында ашық  саясат жүргізілді. Түркі жұртына жаны ашып, көмек бергені үшін  пантүркілік ұйымның белсенді мүшесідеген айып тағылып, Кеңес Одағын құлатуға әрекет жасады деген жала жабылып, тұтқындалды.

    Нәзір Төреқұлұлының жарқын да жұмыстан бел жазбаған ғұмыры өте қысқа болды. Ол елдегі 30-жылдардағы саяси қуғынға ұшырап, 1937 жылы «Кеңес Одағына қарсы насихат жүргізді, мұсылмандыққа бет бұрды» деген жалған айыппен өлім жазасына кесіліп, атылды.Тек 1958 жылы сталиндік қуғын-сүргіннің кінәсіз құрбандары қатарында ақталды. [1, 146б. ].

    Өткен ғасырдың 30-шы жылдарында Нәзір Төреқұлов  қазақ ұлты перзентініңСауд Аравиясында  әлемдік деңгейде терезесін тең ұстап, сол алпауыттардың өз тілінде, өз дәрежесінде Кеңес Одағы сияқты алып мемлекеттің елшісі ретінде абыроймен қызмет атқаруы мен қатар түркі тектес халықтардың да мұң-мұқтажын шешу барысында тер төгіп,  жұмыстар атқарғандығы бүгінгі таңда үлкен еңбек екендігін білеміз.Сауд Арабиясында кеңестік бірінші дипломат ретінде ол Кеңес одағының күшті қуатынмен қатар өзін жоғары интеллектуал кеңес азаматы ретінде таныта білді. Оның дипломатия саласындағы қызметі тарихта үлгі ретінде қалады.Ол елші қызметімен қатар Хиджаз, Неджи әмірлігі және оларға қосылған облыстарда тұратын халықтардың тұрмыс тіршілігі мен мәдениетін зерттеумен де айналысты[4, с.190].Осындай тағылымды тағдыр кешкен перзентіміздің тәуелсіздікке қол жеткен заманымызда арамызға қайта жарқырап оралатын кезеңі де келді. Оның атаулы даталарына сәйкес білім ордаларында конференциялар ұйымдастырылды. Бұл орайда Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақстан Республикасының дипломатиялық және саяси өмiрiндегi Нәзiр Төреқұловтың рөлi» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға Сауд Арабиясы, Түркия, Египет, Ливия, Ресей, Әзiрбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжiкстан сияқты шет мемлекеттерден және елiмiздiң мемлекет және қоғам қайраткерлерi, елшiлер,  ғалымдар, дипломаттарымыз қатысты.Нәзiр Төреқұловты Кеңес заманында ату жазасына кескен кезде, Совет Одағы мен Сауд Арабиясы мен арадағы қарым-қатынас үзiлiп қалған болатын. Ендi сол қарым-қатынастың қайта жаңғыруы, тәуелсiздiк алғаннан кейiн ғана басталды. Бүгiнгi конференцияға бүкiл мұсылман әлемiне Нәзiр Төреқұлов iсiн кеңiнен тарату үшiн араб елiнен арнайы өкiлдердiң қатысуы да осының дәлелi болып саналады.Конференцияда Нәзiр Төреқұловтың қайраткерлiк және елшiлiк қызметiне, түркi елдерiнiң тарихын, мәдениетiн, экономикасын, өнерiн түпнұсқадан таныған шығармашылық қызметiне, Орта Азияны мекендеген халықтардың тарихы мен мәдениетiне қатысты жазған зерттеулерi мен еңбектерiне, түрiк халықтарының араб алфавитiнен латын алфавитiне көшу негізіне арналған жазбаларына тоқталып,іргелі мәселелер қозғалды. Сонымен қатар Қызылорда облысында Нәзiр Төреқұлов атына көше, мектеп және Оңтүстік Қазақстан облысында «Саяси қуғын-сүргiн құрбандары музейiнде» Алаш ардақтыларының бірі Нәзiр Төреқұловтұлғасына арналған экспозиция мен қатароның атындағы көше және мектеп берілгені туралы айтылды.Сауд Арабиясы Корольдiгiнен арнайы келген нәзiртанушы өкiл Абдель Маджит ат-Түрки өз сөзiнде: «Бұл елге келген сайын қуанам. Өйткенi, бұл елде Нәзiр Төреқұловты зерттеуге көп мүмкiндiк берiлген» – дедi[5].

    Конференцияға қатысушылар ғылыми пiкiрталасудың нәтижесiнде бiрнеше ұсыныстардыбекiттi.Оның ішінде өзекті мәселелердің  қатарына: нәзiртану iлiмiн тек саясаттану және халықаралық қатынастар пәндерiнiң аясында ғана зерттемей, филология, педагогика, этнография, тарих, журналистика, әлеуметтану ғылымдарымен бiрлiкте қарастыру туралы айтылды. Осы орайда, конференцияға келген дипломат Қайрат Лама Шариф: «ХХ ғасырдың басында елшi дәрежесiне жеткен ұлтымыздан шыққан перзенттердiң бiрi – Нәзiр Төреқұлов. Екiншi жағынан, Нәзiр Төреқұлов қызмет еткен Сауд Арабиясында жұмыс iстеп жатқан елшi ретiнде айтарым, Сауд Арабиясы басшылығы ол кiсiнiң ерен еңбегiн жоғары бағалап отыр. Қазақстан тәуелсiздiк алғаннан кейiн ғана он бес жылдың iшiнде, екi ел арасындағы ынтымақтастық қайта жандана бастады. Оның басты бастауы Елбасымыздың 1994 жылы Сауд Арабиясына жасаған алғашқы ресми сапарынан басталады. Соңғы ресми сапары кезiнде Елбасымызды Батыр орденiмен марапаттауы Нәзiр Төреқұловтың ұрпақтарына, Нәзiр Төреқұловтың елiне деген құрметi деп  бағалауымыз керек»- деді[5].Елдің тәуелсіздігі мен ұлтының  болашағы үшін күрескен ірі тұлғалар бүкіл адамзат дамуындағы үлесі мол.Бұл орайда, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қазақтың қайраткер тұлғалары жайында: «Егер ХХ ғасырдың тарихына зер салатын болсақ, оның алғашқы отыз жылында-ақ қазақ зиялыларының аса көрнектіқайраткерлерінің тұлға танытып үлгілерінен байқаймыз. Сол айтулы есімдердің білімдарлық, азаматтық тәлімдері кейде көріне бермейтін де арналар бар. Оның бағасын ұрпақтары, қазақ зиялылары беруге тиіс», деп[6,156б.] өзінің «Тарих толқынында» деген еңбегінде жазғанындай, қазақтың тарихи тұлғаларына айтқан пікірі де қоғамда алған орны мен олардың ұлт үшін жасаған еңбектерінің маңызын ашып көрсеу болып табылады.

    Осы орайда Қазақстанның қазіргі заманғы мемлекеттілігінің бастауында тұрған аса көрнекті тұлға, нағыз елжанды, ардақты азаматтарының бірі Нәзір Төреқұловтың да ұлтымыздың әлемдік кеңістікте өзіндік орнын иемденуге қосқан үлесін атап өтуге тиіспіз. Өткен ғасырдың басында егемен ел болу үшін өлшеусіз тер төккен алаш қайраткері Нәзір Төреқұловты ұлтымыздың арасынан шыққан тұңғыш дипломат тұлғалардың бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ретінде тануға тек еліміз дербес саясатын жүргізе бастаған соңғы кезде ғана мүмкіндік туды.

    Қортындылай келе, еліне, жеріне, халқына халықаралық саясатта да, қазақ тарихы мен руханияты үшін де қаншама құнды  мұра қалдырған Н.Төреқұловтың есімі уақыт өткен сайын жас ұрпақтың жадында жаңа қырларынан көріне бермек. Халықаралық  дәрежедегі дипломатиялық саясатты жүргізуде өзіндік үлесі бар, көрнекті саяси қайраткер және дипломатияның іргесін қалаушы  ретіндегі тарихта орны ерекше тұлға.

    Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

    1.  Батыршаұлы С. Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар. Астана.,  2011.  512б.-142б.

    2.  Токаев Қ. Қазақстан Республикасының дипломатиясы. – Алматы: ҒӨ Пбк  «GAUHAR», 2002. – 568. -404б.

    3.  Нәзір қорының шығармашылық мүшелері Ы. Ысмайылұлы Ы.  Нәзір Төреқұлов дипломат. (Шығармалар). - Алматы: Қазақстан баспасы.,- 1997.-318-319бб.

    4.  Наумкин В.В.Ислам в мусульмане: культура и политика.// (статьи, очерки и доклады разных лет). – Москва- Нижний Новгород:Издательский дом «Медина»., - 2007 – С.189-197.

    5.  Бектасова Г.Тұңғыш дипломат //Түркістан газеті.№49(907) 2007. 8 желтоқсан

    6.  Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында. - Алматы: Өнер, 1996. 272 б.,- 156б.

    ЖИЗНЬ И ОБЩЕСТВЕННО ГОСУДАРСТВЕННОЕ ДЕЯТЕЛНОСТЬ ПЕРВОГО КАЗАХСКОГО ДИПЛОМАТА- НАЗИРА ТОРЕКУЛОВА

    Резюме: В статье рассматриваеться жизнь и общественно государственное деятелность дипломата Назира Торекулов. Посол Саудавской Аравии спосопствовал укреплению советско – арабских политических, экономических и культурных связей. Вместо с тем надо отметить его личные качества, которые способствовали улучшению межгосударственных отношений связией между СССР и Саудавской Аравией.Культурные отношение того периода с арабскими странами рассматриваются как пример в дипломатической практике. А также в статье дается анализ его общественно – политической деятельности и твочества. Н. Торекулов по национальности первый казах который был одним из первых советских дипломатов того времени.

    Ключевые слова: дипломатия, деятель, посол, политика, страна

    Summary. In the article is devoted publicto both the statesman Nazir Turekulov and his diplomatic activity. Ambassador in Saudi Arabia prometed strengthening Soviet –Arab political economically and cultural ties connections. Instead of with that it is necessary to mark his personal  that assisted the improvement of intergovernmental relations of связией between the USSR and Saudi Arabia. Cultural relationship of that period with the Arabic countries examined as an example in diplomatic practice. And also in the article the analysis of him is given publicly - to political activity and твочества.

    Nazir Turekulov by nationality the first Kazakh that was one of the first soviet diplomats of that time.

    Keywords: diplomacy, figure, ambassador, politics, country.



Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 8078

Нет рецензий

Скачать файлы

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

ӘОЖ 94(=512.1+=16) ХІ-ХІІІ ҒҒ. ҚЫПШАҚТАРДЫҢ ОРЫС КНЯЗДІКТЕРІМЕН САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАРЫ Солтүстік Қазақстандағы "АЛЖИР" әйелдер лагерінің тарихы: тарихнама және мұрағаттық деректер ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ ҰЛЫ ҒАЛЫМ, ГЕОЛОГ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ ҰЛЫ ГЕОЛОГ, ҒАЛЫМ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ӨЗБЕКСТАН – ОҢТҮСТІК КОРЕЯ: КЕЛІСІМДЕРДЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА. 327(574+519.5) ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАН-АВСТРИЯ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫ 94(574);930.25 КЕҢЕС НҰРПЕЙІСҰЛЫ НҰРПЕЙІСТІҢ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ (К. Нұрпейісұлының жеке қор құжаттары бойынша) ӘӨЖ 93/94 392.34/34.096 ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ҚҰҚЫҚ МӘДЕНИЕТІ МЕН ҰЛТТЫҚ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕСІНІҢ ТАРИХИ БАСТАУЛАРЫ ӘОЖ 930.2:94(574) ТӘУЕКЕЛ ХАННЫҢ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН НЫҒАЙТУДАҒЫ РӨЛІ МЕН СЫРТҚЫ САЯСАТТАҒЫ ҰСТАНЫМЫ ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЭТНИКАЛЫҚ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БІР ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ЖЕКЕ АДАМДЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ӘДЕПТІК ТӘСІЛДЕРІ ҒТАМР 03.20.00 ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТ ПАРАДИГМАСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ДАМУ ДИАЛЕКТИКАСЫ ҒТАМР 03.61.91 ЭТНОГРАФ А.Л. МЕЛКОВТЫҢ 1920-жж. ҚАЗАҚСТАНДЫ (ҚАЗАҚ ӨЛКЕСІН) ЗЕРТТЕУ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ ЖӨНІНДЕ

Статьи автора

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ МЕН ОНЫҢ ТАРИХИ МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРІ ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ҚАРУ– ЖАРАҚТАРЫ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ МЕН ОНЫҢ ТАРИХИ МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРІ ҰЛЫ ҒАЛЫМ, ГЕОЛОГ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ ҰЛЫ ГЕОЛОГ, ҒАЛЫМ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ