Яндекс.Метрика
Главная » Материалы

Материалы

А. ҚАЛИ, Қ. СӘКЕНҰЛЫ, Ә. АЙДАРАЛИЕВА, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 2 курс магистранттары
АҚТӨБЕ ӨҢІРІНДЕГІ «АЛАШ ОРДА» ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ (Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві материалдары бойынша)

Мақалада ХХ ғасыр басындағы Ақтөбе өңірі уездеріндегі «Алаш Орда» қайраткерлерінің қызметі Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивіндегі материалдар негізінде қарастырылады. Сол тұстағы Торғай облысының құрамынына кірген Ақтөбе, Шалқар, Ойыл, Темір, Ырғыз, Табын т.б уездердегі «Алаш Орда» қайраткерлері туралы кейбір мәліметтер алғаш рет ғылыми айналымға енгізіліп отыр. Авторлар облыстық архив және тарихи материалдар негізінде өлкедегі алаш қайраткерлерінің қызметіне салыстырмалы талдау жасауға талпынған. Түйін сөздер: Алаш, Торғай, Ақтөбе, Темір, Ырғыз, Ойыл, Шалқар, қызметі, архив материалдары

Р.С. МЫРЗАБЕКОВА, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ Дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасы, т.ғ.к., доцент М.С. МЫРЗАБЕКОВ, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасы, т.ғ.к., доцент
ӘОЖ 9; 93/94 ТАНЗИМАТ ДӘУІРІНДЕГІ РЕФОРМАТОРЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР

Мақалада ХІХ ғасырда Түркияда болған реформаторлық өзгерістер және өзгерістердің алғышарты мен нәтижелері туралы баяндалады. Реформалар отыз жылдан аса уақытқа созылып, «игілікті реформалар» деп аталды. Танзимат реформалары елдің дамуындағы объективті қажеттіліктер тарапынан пайда болды. Батыстық үлгі бойынша реформа жасамаса, Осман мемлекеті прогресс жолы бойынша дамымайтын болды. Осман мемлекеті билігінде отырған мемлекеттік қайраткерлер тарапынан жүзеге асырылған реформалар, осман қоғамы үшін мазмұны жаңа, тұлғалық құндылықтар туралы, өмір мен жеке меншікке қол сұғылмау туралы, заң алдында империя құзырындағы мұсылмандар мен мұсылман еместердің теңдігі туралы түсініктер орын алып, елдің ағартушылығы мен мәдениетінің дамуында із қалдырды. Реформалардың жаңа сатысы 1830 жж. Еуропада өмір сүрген, танымал саясаткер, дипломат Мустафа Рашид-паша есімімен байланысты. Түйін сөздер: Түркия, танзимат, реформа, Гюльханей, хроника, ағартушылық, улем

Б.С. БОРАНБАЕВА, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, т.ғ.к., доцент, Қазақстан, Орал
ӘОЖ 94 (574.1) ШЫҒЫС МАЙДАНЫНА ҚАТЫСҚАН ОРАЛ ӨҢІРІНІҢ ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ

Мақалада Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жапон милитаристеріне қарсы Қиыр Шығыс майданына қатысқан Орал өңірінің жауынгер қазақ қыздары десантшы Қаламсия Ермекова, №120 артиллериялық әуе шабуылынан қорғану полкінің байланысшылары Ниязғалиева Әзима, Үмбетова Мүслима, Ахметова Қалампыр сондай-ақ жапон милитаристеріне қарсы соғысты Солтүстік Кореяның Хедзео қаласында аяқтап, Жоғарғы Бас Қолбасшының Алғыс хатына ие болған Аэродром қызметін қамтамасыз ету (Батальоны аэродромного обслуживания – БАО) батальонының байланысшылары – Алмағамбетова Қаным, Есқалиева Үмітай және Хабаровск өлкесінде 189 автокөлік полкі №600 батальонның әскери көлік жүргізушісі болған Саркулова Слухияның әскери өмір жолдары толық баяндалады. Қиыр Шығыс майданында Квантун армиясын талқандауға үлестерін қосқан жауынгер қазақ қыздарының ерлігі мен әскери өмір жолдары бүгінгі күнге дейін арнайы ғылыми зерттеулер нысанына алынбаған тың тақырып. Сондықтан зерттеу мақала ардагер аналардың өз қолдарымен жазған өмірбаяндары, естеліктері, Батыс Қазақстан облыстық, аудандық архив, музей және кітапхана қоларында сақталған құжаттар, мерзімді басылымдар сондай-ақ майдангер аналардың ұрпақтарының жеке архивтерінен алынған тарихи деректер мен суреттер негізінде зерттеу жүргізіліп, жазылды. Кілт сөздер. Екінші дүниежүзілік соғыс, жауынгер қазақ қыздары, Қиыр Шығыс майданы, Хедзео қаласы, майдангер ана, десантшы, барлаушы, байланысшы, жапон милитаристері, әскери көлік жүргізуші

Б. ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ, т.ғ.к., кафедра меңгерушісі, БАҰО АҚ Павлодар облысы бойынша «Өрлеу» филиалы, А.Е. КАРИМОВА, т.ғ.к., доцент, кафедра меңгерушісі, А.М. САДЫКОВА, PhD, доцент Павлодар МПУ, тарих және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы
4(574) ҚАЗАҚ ҚАЙРАТКЕРІ Н.НҰРМАҚОВТЫҢ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫНА ҚАТЫСТЫ САЯСИ ҰСТАНЫМЫ

Мақалада ХХ ғасырдың өзекті мәселелерінің бірі – жерге қатысты Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н. Нұрмақовтың принциптік көзқарастары келтірілген. Қазақ өлкесіне қоныс аударушылардың ағылып, Қазақстанның шұрайлы жерлерін басып алып орналасуына орай саяси қайраткердің көзқарасы берілген. Н. Нұрмақовтың бастамасымен қабылданған қаулы негізінде келімсектер мен қазақтардың арасында жерді пайдаланудағы орын алған қайшылықтарды шешу шаралары белгіленгені туралы және бұл шаруаны жүзеге асыру Жер ісі Халық комиссариатына жүктелгені жайлы айқын қарастырылған. Қазақ бетке ұстар белгілі саяси қайраткерлердің бұл мәселеге қатысты ауызбіршілігі жоқтығы көрсетілген. Көп назар съездің ұйымдастырылуына, жаңа органдардың құрылуына аударылған. Голощекиннің саяси науқаны аясында ұлтшыл азаматтардың ұстанымдары келтірілген. Н. Нұрмақов, жер мәселесі, съезд, Голощекин, қазақтардың отырықшылануы, қоныс аударушылар, қазақ өлкесі.

Ә.С. САБЫРОВА Құрманғазы ат. Қазақ Ұлттық консерваториясының доценті, өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақстан, Алматы
ӘОЖ 94(574)16/19 ЖЫРАУЛЫҚ ПОЭЗИЯДАҒЫ «БАТЫРШЫЛДЫҚ»

Жыраудың жауынгер ретінде тұрмыс-тіршілігін, оның қоғамдық жікке сай өзіндік өмірлік ұстанымын тану мәселесі этномузыкатану ғылымында бұрын соңды қарастырылмаған тақырып. Ұсынылып отырған мақаланың мақсаты жауынгерлік кәсіптің кейбір тұстарын жыраулық поэзия үлгілері арқылы айқындау болмақ. Түйін сөздер. Жырау, шынжырлы тұқым, әскерилердің әулиелері, соғыс алдында орындалатын аспаптар, аруақ, «Ер қаруы бес қару»