Яндекс.Метрика
Главная » Материалы

Материалы

С.Т. Шакенов¹, А.Е. Ерғабылов². ¹PhD докторант. ²Магистр, оқытушы. Әл-Фараби ат. Қазақ ұлттық университеті. Қазақстан, Алматы қ.
ҒТАМР: 03.41.91 ҚАЛБА-НАРЫМ ӨҢІРІНДЕГІ ҚОЛА ДӘУІРІ ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫНА ҚЫСҚАША ШОЛУ (1991 жылға дейін)

Аңдатпа. Ғылыми жұмыста авторлар Шығыс Қазақстан облысы Қалба-Нарым өңірлерінде қола дәуірі кезеңінің зерттелу тарихы жайында мағлұмат берілген. Белгіленген аймақ қола дәуіріне тән көптеген ескерткіштердің шоғырланған жері деп айтуға болады, сондықтан ғылми жұмыста алғашқы зерттеу жұмыстары, археологиялық қазба жұмыстарымен айналысқан ғалымдар жайында сөз қозғалып отыр. Авторлар ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, алынған мәліметтер арқылы осы өлкедегі жүргізілген зерттеулерге қысқаша тоқталып кетеді. Ғылыми жұмыста XVIII ғасырдан бастап 1991 жыл Кеңес Үкіметі құлағанға дейін, аталған аймақта зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар жайында, сонымен қатар жеке коллекционерлердің аймақта алғашқы саяхаты негізінде, табылған заттар жайлы жазылған. С.С. Черниковтың Шығыс Қазақстан, соның ішінде Қалба-Нарым жоталарында, қола дәуіріне тән ескерткіштерге жүргізген, көптеген зерттеу жұмыстары ежелгі тайпалардың материалдық және рухани мәдениетін сипаттайды. Аймақта жасалған қазба жұмыcтардың қорытындыларына авторлар салыстырмалы анализ арқылы тақырыптың мәнін, мағынасын ашып көрсетеді. Ғылыми жұмыста қола дәуірі тұрғындарының дүниетанымында, жерлеу орындарын зерттеу негізінде: от, жоса, астаяқтың маңыздылығы, өміріндегі алатын рөлдері жайлы мәліметтер келтірілген. Атап айтқанда, Талапты-ІІ, Мыңшұңқыр-ІІІ, Құйған обалары, Зевакино селосы, Кіші қойтас, Нұрмамбет қорымдарындағы ескерткіштерге жүргізілген зерттеу жұмыстарының қорытындылары орын алды.

Г.С. Жүгенбаева¹. ¹Т.ғ.д., әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Қазақстан, Алматы.
ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІ САҚТАУ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕСІНІҢ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕРІ

Аңдатпа. Мақала фольклор және ауыз әдебиеті туындыларын тарихи дерек көзі ретінде зерттеу мәселелеріне арналған. Автор жаңа замандағы Қазақстан тарихының жергілікті деректемелерін қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын зерттеудегі бірегей материалдар тұрғысында қарастырады. Қазақтардың Ресей империясының XVIII-XIX ғғ. отаршылдық саясатына қарсылық қозғалыстарының бай тарихы бар. С. Датұлы, И. Тайманов пен М. Өтемісов, К. Қасымұлы т.б. көтерілістері халықтың тарихи жадында жат жерліктерге қарсы азаттық күресі ретінде сақталған. Фольклор және дәстүрлі ауызша тарихнама бұл кезеңдегі халық наразылықтарының сипатын, себебін және барысын қанық көрсетеді. Жұмыста азаттық қозғалысының кейбір мәселелері осы фольклор мәліметтері негізінде қарастырылады.

А.Т. Серубаева¹. ¹PhD доктор, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті. Қазақстан, Тараз қ.
ҒТАМР 03.20.00 Ш. УӘЛИХАНОВ ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕГІ ШЫҒЫС ТҮРКІСТАННЫҢ ЭТНИКАЛЫҚ-САЯСИ ТАРИХЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Аңдатпа. Бұл мақалада Ш. Уәлиханов зерттеулеріндегі Шығыс Түркістанның этникалық-саяси тарихы мәселелері қарастырылады. Ғалымның Шығыс Түркістан халықтарының тарихы мен мәдениетіне арналған зерттеулеріне ХІХ ғасыр тұрғысынан баға беріліп, оның ғылымға қосқан үлесі көрсетіледі. Шығыс Түркістан ХІХ ғасырдың ортасына дейін әлемдік ғылымға белгісіз болып, оның негізгі халқы, мәдениеті мен шаруашылығы жөнінде ғылымда нақты пікірлер мен тұжырымдар болған жоқ. Шоқан Уәлиханов осы бос кеңістікті терең ғылыми зерттеулерімен толықтырды. Сол себепті де, оның бұл ел туралы жазған еңбектері мейлінше маңызды болып табылады. Мәселен, ғалым ұйғыр халқының этногенезін зерттеу барысында халықтың шаруашылығы мен мәдениетін, тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, діни наным-сенімдерін кешенді түрде зерттеді. Ол Шығыс Түркістанның негізгі халқы ұйғырлардың этникалық құрамын ғылымда алғаш рет анықтап берді. Ш. Уәлиханов Шығыс Түркістанның ежелгі және ғасырлардағы тарихын зерттеп, онда билік еткен хандардың генеалогиялық кестесін сыза отырып, онда буддизм діні мен ислам дінің үстемдік ету мерзімін анықтауға тырысқан. Ғалым әр уақытта деректерге сын көзбен қарап, салыстырмалы талдау жасау арқылы, өзінің тұжырымдары мен қорытындыларын аса байыппен жасады. Қашғардан алып келген «Сұтұқ Бұғрахан тарихы», «Тұғлық Темір хан тарихы», «Қожалар тарихы», «Абумүслим Мауризи» қолжазбаларына ерекше мән беріп, оларды өзінің еңбектерін жазу барысында кеңінен пайдаланып, ғылыми айналымға бірінші болып енгізді. Қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Уәлиханов өзінен кейінгі ұрпаққа зор рухани мұра қалдырып, Орталық Азия халықтарының тарихын зерттеуде зор еңбек сіңірді.

Э.Е. Ибраева¹, Ж.Қ. Кішкенбаева², Х.Б. Маслов3. ¹Ph.D, ²Ph.D, 3Ph.D. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Қазақстан, Нұр-Сұлтан қ.
ҒТАМР 13.09 ТҮРКІ ФОЛЬКОРЫНЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ, ЖИНАҚТАУ ЖӘНЕ ЖАРИЯЛАНУ ТАРИХЫ

Андатпа. Түркі тектес халықтардың этногенетикалық, саяси-әлеуметтік және мәдени-рухани біртұтастығын қалыптастыру – Еуразия кеңістігіндегі мыңдаған жылдық тарихы бар ұлы мәдениетті қалыптастыру болмақ. Қазіргі таңда түркі руханиятының ішкі құрылымына, ішкі дүниесіне түркілік дүниетаныммен тереңдеп кірудің қажеттілігі зор. Түркі мұрасын әлем ғылымының аренасына алып шығу жауапкершілігі бүгінгі күннің еншісінде. Түркілік тұтастықты жаңғырту – бүгінгі фольклортану ғылымындағы маңызды мәселе. Осыған орай бұл мақала осындай міндетті орындауға бағытталуы арқылы өзінің өзектілігін танытады. Мақала авторлары түркі фольклорының зерттелу, жинақтау және жариялану тарихын фольклорлық жүйеде қарап, ондағы жанр, сюжет, мотив, кейіпкер мәселелеріндегі ортақ белгілерді тауып, ғылыми тұрғыдан пайымдау – мақаланың мақсаты мен міндеті. Мақалада салыстырмалы мәтіндік талдау, жүйелеу әдістері, сондай-ақ тарихи-типологиялық, тарихи-генетикалық әдістер қолданылды. Ғылыми жарияланымның мақсаты мен міндеттері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының «Жаңа гуманитарлық білім. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Түркі әлемінің генезисі», «Түркі өркениеті: түп тармырынан қазіргі заманға дейінгі», «Архив-2025» арнайы жобаларын іске асыруға үлес қосуды көздейді.

Б.Ш. Батырхан¹, Ұ.Д. Жүзбаева². ¹PhD, доцент, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ. ²ҚР БҒМ ҒК Р.Б. Сүлейменов ат. Шығыстану институтының докторанты.
ҒТАМР03.81.37 «ТАҚУИМ ӘЛ-БҰЛДАН» ДЕРЕККӨЗІНДЕГІ ЖЕРОРТА ТЕҢІЗІ АРАЛДАРЫ ЖӘНЕ АТЛАНТ МҰХИТЫНЫҢ ТАРИХИ ГЕОГРАФИЯСЫ

Мақала орта ғасырлардағы Жерорта теңізі аралдары мен Атлант мұхитының тарихи бейнесі мен географиялық ерекшеліктерін айқындау үшін Әбул-Фиданың «Тақуим әл-Бұлдан» еңбегін талдауға арналған. Авторлар Әбул-Фиданың зерттеулерінде суреттелген аймаққа тиесілі жерлердің сипаттарын қысқаша баяндауға тырысты. Ғылыми мақалада Каусоро, Тариф, Тула, Кодис, Йабисаһ, Майорка, Маннурқо, Сардиния, Жирбаһ, Сицилия, Массина, Шамис, Лямрия, Ақритиш, Нақробант, Родос, Кубрус, Британия атты аралдарға «Тақуим әл-Бұлдан» еңбегі желісімен тарихи географиясы анықталды. Әралуан аймақтық географиялық ақпарат әртүрлі аумақтардың табиғи ерекшеліктерін, олардың ресурстық әлеуетін, экономиканың және халықтың жағдайын салыстыруға, бағалауға мүмкіндік береді. Шалғай елдер, тарихи көне өлкелер мен олардың даму ерекшеліктері туралы білім біздің еліміздің табиғатын, экономикалық даму ерекшеліктерін түсінуге және оның ресурстарын тиімді пайдалануға көмектеседі. Қазіргі уақытта аймақтық географиялық табиғатты білу қажеттілігі күрт өсуде. Адамзаттың барлық мәселелері (қоршаған ортаның ластануы, тамақ және энергияға байланысты сұрақтар) барлық елдерге немесе олардың көпшілігіне тікелей қатысты. Әлемдік экономикалық байланыстар, сауда және туризм кеңеюде. Мұның бәрі арнайы аймақтық, тарихи-географиялық білімді қажет етеді. Мақалада Әбул-Фиданың еңбегі негізінде сол замандағы Атлант мұхиты мен Жерорта теңізі аралдарының тарихи географиясы, ондағы елді мекендер, географиялық координаттары мен ландшафтысы зерделенеді.