Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » ҒТАМР03.81.37 «ТАҚУИМ ӘЛ-БҰЛДАН» ДЕРЕККӨЗІНДЕГІ ЖЕРОРТА ТЕҢІЗІ АРАЛДАРЫ ЖӘНЕ АТЛАНТ МҰХИТЫНЫҢ ТАРИХИ ГЕОГРАФИЯСЫ

Б.Ш. Батырхан¹, Ұ.Д. Жүзбаева². ¹PhD, доцент, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ. ²ҚР БҒМ ҒК Р.Б. Сүлейменов ат. Шығыстану институтының докторанты.

ҒТАМР03.81.37 «ТАҚУИМ ӘЛ-БҰЛДАН» ДЕРЕККӨЗІНДЕГІ ЖЕРОРТА ТЕҢІЗІ АРАЛДАРЫ ЖӘНЕ АТЛАНТ МҰХИТЫНЫҢ ТАРИХИ ГЕОГРАФИЯСЫ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 4(24), 2020

Теги: Әбул-Фида, Жерорта теңізі, Атлант мұхиты, арал, қала
Автор:
Мақала орта ғасырлардағы Жерорта теңізі аралдары мен Атлант мұхитының тарихи бейнесі мен географиялық ерекшеліктерін айқындау үшін Әбул-Фиданың «Тақуим әл-Бұлдан» еңбегін талдауға арналған. Авторлар Әбул-Фиданың зерттеулерінде суреттелген аймаққа тиесілі жерлердің сипаттарын қысқаша баяндауға тырысты. Ғылыми мақалада Каусоро, Тариф, Тула, Кодис, Йабисаһ, Майорка, Маннурқо, Сардиния, Жирбаһ, Сицилия, Массина, Шамис, Лямрия, Ақритиш, Нақробант, Родос, Кубрус, Британия атты аралдарға «Тақуим әл-Бұлдан» еңбегі желісімен тарихи географиясы анықталды. Әралуан аймақтық географиялық ақпарат әртүрлі аумақтардың табиғи ерекшеліктерін, олардың ресурстық әлеуетін, экономиканың және халықтың жағдайын салыстыруға, бағалауға мүмкіндік береді. Шалғай елдер, тарихи көне өлкелер мен олардың даму ерекшеліктері туралы білім біздің еліміздің табиғатын, экономикалық даму ерекшеліктерін түсінуге және оның ресурстарын тиімді пайдалануға көмектеседі. Қазіргі уақытта аймақтық географиялық табиғатты білу қажеттілігі күрт өсуде. Адамзаттың барлық мәселелері (қоршаған ортаның ластануы, тамақ және энергияға байланысты сұрақтар) барлық елдерге немесе олардың көпшілігіне тікелей қатысты. Әлемдік экономикалық байланыстар, сауда және туризм кеңеюде. Мұның бәрі арнайы аймақтық, тарихи-географиялық білімді қажет етеді. Мақалада Әбул-Фиданың еңбегі негізінде сол замандағы Атлант мұхиты мен Жерорта теңізі аралдарының тарихи географиясы, ондағы елді мекендер, географиялық координаттары мен ландшафтысы зерделенеді.
Содержание:

Кіріспе. Жерорта теңізі − бұл Атлант мұхитына қосылатын теңіз, Жерорта теңізі бассейнімен және толықтай жабық жерлермен қоршалған: Еуропаның және Анадолының солтүстігінде, Солтүстік Африканың оңтүстігінде және Леванттың шығысында. Теңіз кейде Атлант мұхитының бөлігі болып саналғанымен, ол әдетте жеке су айдыны ретінде анықталады. Теңіз ежелгі дәуірдегі саудагерлер мен саяхатшылар үшін маңызды бағыт болды, бұл аймақ босатылған халықтар арасында сауда мен мәдени алмасу қатынастарына мүмкіндік берді. Жерорта теңізі аймағының тарихы көптеген заманауи қоғамдардың өркендеуі мен дамуын түсіну үшін өте маңызды.

Бірқатар ежелгі өркениеттер Жерорта теңізінің айналасында орналасты және олар теңізге жақын болуына байланысты қалыптасты. Ол ғасырлар бойы көптеген қауымдастықтарға сауда, отарлау және соғыс, сонымен қатар азық-түлік (балық аулау мен басқа да теңіз өнімдерін жинау сияқты) бағыттарын қамтамасыз етті. Жалпы климатқа, геологияға және теңізге шығу мүмкіндігіне байланысты Жерорта теңізінде шоғырланған мәдениеттердің тарихы белгілі бір дәрежеде өзара байланысты болып келеді.

Қазіргі таңда Жерорта теңізі Атлант мұхитымен Гибралтар бұғазы арқылы және батысында Мармара мен Қара теңіздерімен, шығыста Дарданеллмен және Босформен шектеседі. Мармара теңізі (Дарданелл) көбінесе Жерорта теңізінің бөлігі болып саналады, ал Қара теңіз оған жатпайды. Оңтүстік-шығыстағы ұзындығы 163 км  жасанды Суэц каналы Жерорта теңізін Қызыл теңізмен байланыстырады. Жерорта теңізінің негізгі аралдарына Кипр, Крит, Евбея, Родос, Лесбос, Хиос, Кефалония, Корфу, Лимнос, Самос, Наксос және Шығыс Жерорта теңізіндегі Андрос; Орталық Жерорта теңізіндегі Сицилия, Црес, Крк, Брак, Хвар, Паг, Коркула және Мальта; Сардиния, Корсика және Балеар аралдары: Батыс Жерорта теңізіндегі Ибица, Майорка және Менорка жатады.

Табиғи-географиялық фактордың аймақтардың немесе жекелеген мемлекеттердің тарихи дамуына әсер ету мәселелеріне деген қызығушылықтың артуына байланысты, орта ғасырлардағы Еуразияның әртүрлі аймақтарының тарихын зерттеудің маңыздылығы артуда. Адамдар табиғи жағдайларға тәуелді болды, бұл зерттеушілерді белгілі бір аймақтың тарихи-географиялық ерекшеліктеріне ерекше назар аударуға итермеледі.

Әбул-Фида екі ауқымды жинақтың − 1329 жылға дейінгі дүниежүзілік тарихтың және «Елдерді ретке келтіру» («Тақуим әл-бұлдан») атты географиялық еңбектің авторы ретінде белгілі. Ғалымның «Тақуим әл-бұлдан» дереккөзінде қарастырылған тарихи маңызды өлке болып Жерорта теңізі аралдары мен Атлант мұхиты саналады. Бұл аймақ ортағасырлық өркениеттердің тоғысқан жері, олар осы территорияда қалыптасқан бүгінгі мемлекеттердің негізін қалады.

Материалдар мен әдістер. Мақалада Жерорта теңізі аралдары мен Атлант мұхитын сипаттауда тарихи-жүйелік әдіс, ал елді мекендердегі шаруашылық пен тұрғындардың тұрмысын жазу барысында нарративті әдіс қолданылды. Бұл өлкенің тарихи оқиғалары мен құбылыстарын бүгінгі географиялық бейнесімен салыстыра зерделеу үшін ретроспективті әдіс қолданылды. Тұрғылықты жерлердің құрылысы мен ерекшеліктеріқұрылымдық әдіс арқылы баяндалды.

Талдау. Әбул-Фида екі ауқымды жинақтың − 1329 жылға дейінгі дүниежүзілік тарихтың және «Елдерді ретке келтіру» («Тақуим әл-бұлдан») атты географиялық еңбектің авторы ретінде белгілі, ол Жерді және сол уақытқа дейінгі барлық елдер мен халықтарды сипаттайды. Әбул-Фиданың діни және әдеби тақырыптарға жазған жазбалары жоғалған болып саналады.

Әбул-Фида шығармасы әртүрлі сипаттағы екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі− бұл Жер, экватор, жер беті, жердің көлемі мен жеті климат, бес ұлы теңіз туралы жалпы ақпаратты қамтитын кең кіріспе. Одан кейін теңіздердің, көлдердің, өзендердің, таулардың сипаттамасы берілген, еңбектің жоспары көрсетілген.

Еңбектің екінші бөлігінің көлемі үлкен, 28 бөлімнен тұрады. Олар әл-иклим әл-хакикийиге, яғни «нағыз климатқа» астрономиялық ұғым ретінде қарама-қарсы «климат» - әл-иклим сиг-урфийу («жай климат») деп аталатын географиялық аймақтарды сипаттауға арналған. Жер аймақтары Әбул-Фида кітабында келесі ретпен сипатталған: Арабия, Египет, Магреб, Судан, Андалусия, Жерорта теңізі мен Атлант мұхитындағы аралдар, солтүстік жерлер (Шығыс Еуропаның сипаттамасын қамтитын франктер мен түркілердің жерлері), Сирия, әл-Жазира (Месопотамия), Ирак, Хузистан, Фарс, Кирман, Сижистан, Синд (Пенджаб), Үндістан, Қытай, Шығыс теңіз аралдары, Рум (Кіші Азия), Армения (Арран және Әзірбайжанмен), Парсы Ирак, Дейлем (және Гилан), Табаристан (Мазандаранмен), Хорасан, Забулистан (және Гур), Тохаристан, Хорезм, Мәуереннахр.

28 бөлімнің әрқайсысы екіге бөлінеді: сипаттамалық және кестелік. Сипаттамада белгілі бір аймақтың шекаралары, саяси құрылымы, халықтың этникалық құрамы, әдет-ғұрыптары мен наным-сенімдері, бас қалалар туралы мәліметтер бар; бағдарлық мәліметтер де берілген. Сонымен қатар, Әбул-Фида әртүрлі аймақтардың қалалары туралы ақпаратты әл-Хорезми мен әл-Баттани кестелеріне ұқсас кестелер түрінде жинақтады. Әбул-Фиданың өзі, кестелік жүйесін ХІ-ғасырдың аяғы – ХІІ ғасырдың басындағы араб дәрігерінен алғандығын айтады, Яхия ибн Жазли өзінің «Тәнді ретке келтіру» («Тақуим әл-абдан») атты астрономиялық кестелерді үлгі ретінде қабылдап, кесте түрінде әртүрлі аурулар туралы мәліметтерді жүйелеген болатын.

Шығыс Еуропа елдері мен халықтары «франктер, түріктер елдерін және басқаларды қамтитын жердің солтүстік бөлігі туралы оқиға» деп аталатын бөлімде суреттелген. Сонымен бірге, қарастырылып отырған аймақ туралы ауқымды деректертуынды туралы жалпы географиялық кіріспеде, Шығыс Еуропаны шайып жатқан теңіздер және оның аумағы арқылы ағып жатқан өзендер туралы мәтіндерден тұрады (Muhammad Ibn Hawqal, 2014).

Не себепті Жерорта теңізі аралдары мен Атлант мұхитының тарихи бейнесі мен географиялық ерекшеліктерін зерттеу маңызды және өзекті болып отыр? Адамдардың материалдық және рухани мәдениеті табиғатпен тікелей байланысты, оның бойында әр түрлі елдер мен континенттердің табиғи ерекшеліктері көрініс табады.Өткен заманның географиясын зерттеудің кез келген түрі тарихи географияны зерттеудің пәні болып табылады, бұл ландшафтарды немесе халықтардың мәдениетін зерттеу болуы мүмкін. Заманауи адамды елдердің табиғаты, халықтардың мәдениеті мен экономикасы, әр түрлі табиғи жағдайлардағы олардың қызмет ерекшеліктері туралы географиялық білімсіз елестету қиын, бұл білім тарихи сабақтастықты қажет етеді. Ежелгі уақытта география «жерді суреттеу» деп түсінілген.Заманауи географиялық өлкетану зерттеулерінде басқа салалардан алынған географиялық білімдер жиынтығы қолданылады,оның ішінде гуманитарлық ғылымдар: тарих, тіл білімі, әлеуметтану және т.б. бар. Әр түрлі халықтардың даму тарихын, мәдениетін, діндерін, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін білу қазіргі адамға әлемде болып жатқан көптеген әлеуметтік процестерді түсінуге көмектеседі (Жүзбаева, 2020).

Әбул-Фида «Тақуим әл-Бұлдан» (Abu al-Fida, 2010) еңбегінде Андалусия туралы баяндап болған соң, теңіздің аралдардын сипаттайды. Бұл бөлімде ол (Атлант) Батыс мұхитының аралдарын және Жерорта теңіздің аралдарын суреттейді. Атлант мұхитының аралдарының бірі –«Канар аралдары» болып саналады, және олардың түбі теңіздің бойында терең жатыр. Ондай аралдардың саны бірнешеу, және жағадан 12 деңгей қашықтықта орналасқан. Ертеректе бұл аралдарға жататын қалалардың ұзындықтарын Птолемейдің (Птолемей, 2008) өзіөлшеп, анықтаған. Кейбір деректерде былай деп айтылады: «Ол аралдар теңіз астына батып, олар жайлы деректер де қалмаған». Ибн Саидтың (Ibn Sa'id, 1899) келтіруі бойынша, Сағадат аралдары – Канар аралдары жиіктерінде орналасқан. Олар бірінші, екінші және үшінші аймақтарға дейін әртүрлі жерлерде кездеседі. Аралдардың жалпы саны − 25. Атлант мұхитынан бөлек орналасқан теңіз аралдарына келетін болсақ, олардың бірі –Британдық арал болып есептеледі. Ол Ла-Манш бұғазында орналасқан, ал бұл бұғаз Андалусиның оңтүстік жағынан бастау алады. Бұл аралда жаңбырдан жиналған судан басқа ешқандай су көздері болмады, сондықтан тек осындай сумен егін егіліп, суарылды. Британияның аралдар саны − 11. Ең танымал аралдарының бірі –Британия және оған қатысты аралдардың астанасы –Лондон қаласы. Бұл аралдын оңтүстіктен солтүстікке дейінгі арақашықтық шамамен 430 шақырымды (мильді) құрайды, ал орта жағындағы кеңдігі 200 шақырымдай. Бұл аралда алтын, күміс, мыс, қорғасын кен орындары бар, қатты аяздар болуы себепті ол жерлерде хром болмады.

Сол мекеннің тұрғындары пайдалы қазбаларды Францияға тасымалдап, арақ-шарапқа айырбастайын еді. Сол себепті Фаранцияның билік басы алтын мен күміске бай болды. Сонымен қатар оларды жоғарғы сапада жасады. Бұдан да бөлек Францияның өнер кәсібінде қызыл түсті мата өндірілді. Матаны жібектей жұмсақ болған қойдың жүнінен жасап шығарады. Осындай сапалы өнім жаңбырдың суын, күн сәулесін және шаңды қолдана отырып ерекше әдіспен жылтырлатылады. Анкатар жері француздар үшін маңызды патшалық болып есептеледі. Себебі жер аумағы кең, әрі пайдалы қазбалар мол болды, өнеркәсіп саласында да алда тұрған аймақ еді.

Англияның солтүстігінде және Британияның солтүстігінде Ирландия аралы орналасты. Ал осы орналасқан аралдың ұзындығы − 12 күндік, ал ені −төрт күндік жолды құрайды. Осы Аралдың тұрғындары күнге табынатын болған, кейінірек көршілес елдердің ықпалымен христиан дінін қабылдаған. Ол жерде мыс, қорғасын сияқты қазбалар өндіріледі және бұны сыртқа тасымалдайды. Бұл мекендерге жақын аралдардың бірі − Санафир. Санафир аралының шығыстан батысқа дейінгі ұзындығы −жеті күндік, ені −төрт күндік жолға тең. Санафир аралында және солтүстігіндегі өңірлерде жұмыртқа өндіріледі. Жұмыртқа өнімі табыстың көзі болғандықтан Мысырға алып барып саудаға салады. Осы өнім арқасында қазына қоры мың динарды құрайды. Бұл мекенде ақ аюлар да кездеседі, олар теңіздегі балықтармен қоректенеді, кейде адамдардан қалған азықтармен күнін көреді. Бұл мекен суық, әрі аяз болғандықтан құстар өмір сүрмейді.

Рим, Флоренция, Венеция, Генуя, Севилья және Лиссабон сияқты белсенді қалалар мен порттар түрлі мәдени және экономикалық жұмыстармен айналысты. Олар Константинополь, Александрия және Тунис сияқты маңызды орталықтарда бір-бірімен және көпестермен сауда жасады. Тула деп аталатын аралда кездеседі, ол солтүстік мұхитында орналасқан. Гибралтар бұғазында − Тариф атты арал бар. Тариф − Андалусияның шағын қаласы. Теңіздің кішкентай ғана бөлігінде орналасқан.

Жер орта теңізінің аралдарының арасында Пантеллерия атауымен арал кездеседі. Бұл арал Африкаға қарама-қарсы Туниске жақын орналасқан. Пантеллирия мен Сицилия арасында ағыс бар және ол төртінші аумақтың шет жақтарында ағады. Бұнда мантик ағашы өсті, сонымен қатар ол жерден інжіл және үлкен көлемдегі жүнөндірісі болды.

«Каусоро». Ол Жерорта теңізі аралдарының бірі болып саналады. Жерорта теңізінде Мармара деп аталатын арал бар, бұл Константинополь шығанағының іргесінде орналасқан. Ол жерде Мәрмәр тастар шығаратын жерлері бар, олар Константинопольден екі жүзшақырым қашықтықта орналасқан. Осы маңайда Мастик аралы бар және тұрғындар сол аймақтағы ауылдарда қоныстанған. Бұл ауылдарда Констатинополь шығанағының іргесінде тұрақ тапқан. Ибн Саидтің келтірген дерегі бойынша, бұл арал жерорта теңізінде Константинопольден 250 шақырым қашықтықта орналасқан және аталмыш мекен Константинополь иелеріне қарасты болып табылады.Бұл арал мастика ағашына бай және пайдалануға басқа елдерге жеткізіледі. Мастика ағашы пісте ағашына ұқсас түрге жатады және ағашты көктем мезгілінде арнайы құралмен кеседі.Ағаш ішіндегі сұйықтық сыртқа ағып шығады, жерге ақпаған ағаш бойында қалған сұйықтықтың қатқан түрі сапасы жоғары құнарлы өнім болып табылады. Ол арал − Константинопольдің оңтүстігінде, Арменияның батыс жағында және Еуропа елдерінің шығыс жағында орналасқан тұрақ. Ибн Саидтың дерегі бойынша, Мастик аралының солтүстігінен оңтүстікке дейін ұзындығыалпысшақырымды құрайды. Сонымен қатар, Нақринант  аралының шығыс жағында тұрған аймақ. Ол екеуінің арасы отыз шақырым жер. Бұдан басқа теңіз аралы Италиядағы Генуя коммунасына қарама-қарсы тұста орналасқан Корсика атты арал бар, ол оңтүстіктен солтүстікке дейін ағыс арнасы сияқты созылып жатыр. Аралдың орта жақтары ауқымды, кең болса, ал Генуя коммунасына қарап тұрған аралдың бас жағы кішірек болды. Бұл аралдың Сардиния аралымен арасы шамамен 12 шақырым. Муштарик (Yаqut, 2010) атты еңбекте Косройанна аралы туралы айтылған. Автордың айтуы бойынша, Йанна − грек сөзі. Косройанна − таулы жерлерге жақын орналасқан үлкен кала. Тағы да әл-Муштарикте келтірілгендей, Мазар атты аймақ болды. Сицилия аралына катысты кала, ол жерден Муатта (Муаттаʾ (араб.:الموطأ‎) − имам Мәлик бин Анастың шариғатқа қатысты топтастырылған хадистер жинағы)кітабының авторы Имам Малик(Мalik ibn Anas, 2015) атты ғұлама шыққан болатын және әл-Мазарий де дүниеге келді.

«Кодис».Кодис аралы кішкентай, шамамен көлемі − 12 шақырымдай болады. Қоср әл-Мажазға келіп қосылады. Мұхит теңізіне келіп құятын Ишбилияһ өзеніне қарама-қарсы тұста орналасқан. Ол теңіздің құрлық жағында көптеген ғимараттардың құрылыстары калған аймақ бар. Сондай-ақ ол жерде көпір де бар, теңіздің тұзды суы сол жақтағы су қоймасына келіп құйылады. Кодис аралында көп жүзім түрлері өсетін бақшалары бар. Ибн Саидтың дерегі бойынша, ол каланың ұзындығы Мароккодағы Танжир қаласымен бірдей және мұхит теңізіндегі  Гибралтар бұғазының іргесінде орналасқан.

«Йабисаһ».Ибн Саидтың келтіруі бойынша, ол Майюрқо (Майорка) және Маннурқо деп аталатын екі аралдың батыс жағында орналасқан, оған катысты кала да бар. Алайда ол қаланың ұзындығы мен ені айтылмаған. Ол аралдың батыстан шығысқа дейін арасы шамамен − 31 шақырым болады, ал батыс жағынан жердің аумағы 20 шақырымдайкөлемді алып жатыр. Онымен және Андалусиядағы Валенсия арасын бөліп тұрған бір ағыс арнасы бар. Идрисидың (Идриси) келтіргені бойынша, Даниядан Йабиса аралына дейін шығысқа қарай арақашықтығы − 90 шақырым, ал Йабисадан Майюрқо(Майорка) аралының шығысына қарай арақашықтығы − 100 шақырым.

«Майюрқо» (Майорка).Ислам мемлекетінің карамағында калған соңғы арал, бұнда адамдар коныстанған қала бар, алайда ені мен ұзындығы белгісіз, бұл жайлы мағлұмат жоқ. Ол аралдың оңтүстіктен солтүстікке дейін ұзындығы− 40 шақырым. Ал бұл аймақ Маннурқоның батыс жағында, сонымен қатар бұл аралда тоғызшақырымды алып жатқан көлі бар. Қаланыңсыртында қамалдары бар, қаланың өзі болса, сол қамалдардың солтүстік жағында тұр, ол қаланың ішімен ағын сулар өтеді. Патшаның сарайы орналасқан. Ол қала жайлы ибн Любанаһ былай деп айтады: «Ол қала көгершіндерге толы, олар айналып ұшып жүреді, тауыстың ашық қауырсындары сияқты киімге оранған өте көркем, ішіндегі сулары ағып жатқан шарап сиякты, ауланың жерін айтатын болсақ, судың бетіндегі қозғалып тұрған толқындар секілді».

«Маннурқо».Маннурқо аралы Гибралтар бұғазында орналасқан, жері құнарлы және қалалар бар аймақ, алайда ені мен ұзындығы туралы айтылмаған. Кейде ұзындығы солтүстіктен оңтүстікке дейін шамамен 50 шақырым, 70 шақырым деп те айтылады. Маннурқо аралы Майорка аралының шығыс жағында орналасқан, ал екеуіннің арасы 50 шақырым кашықтықты құрайды. Ол аралдың ені аса қатты үлкен емес кішкентай (Al-Maydani, 2017).

«Сурдания» (Сардиния).Ибн Саидтың келтірген дерегі бойынша, Сардиния аралы жоғарыда айтылып кеткен аралдардың шығыс жағында орналасқан. Аралдың өзіне қарасты қаласы да бар, алайда ені мен ұзындығы туралы деректерде ақпарат берілмеген. Батыс жағын айтатын болсақ, ол жерде маржан тастарды шығаратын аймақ бар. Ғудуа құрлығына қарама-қарсы тұста маржан тастардан жасалған құнды моншақтарды сақтайтын арнайы орындар бар, олар Костинияның  шығыс жағында орналасқан. Бұл арал Биза елдеріне карама-қарсы тұста орын тепкен және Сардиния араланың аумағында қамалдар салынған. Пайдалы қазбалар көп, соның бірі күміс және маржан тастарын өндіріп шығаратын кен орындары.

«Жирбаһ». Жирбаһ аралының ұзындығы −бір деңгейді құрайды. Ол Габестың шығыс жағында орналасқан және құрлыққа дейінгі арада қайықпен жүзіп өтуге келетіндей шағын жол бар. Ол Габестен шығысқа қарай бір деңгейге дейін жалғасады. Жирбаһ аралдан өңдіріліп шығатын зәйтүн, мейіз, алманың өнімдерімен танымал, сол сияқты сапасы жағынан жоғары киімдерді де шығарады. Жирбаһ аралының оңтүстігінде Сицилия орналасқан. Теңіз Жирбаһ аралынан асқаннан кейін сол жаққа қарай бағытын өзгертіп, солтүстік бағыттағы құрлыққа дейін жалғасып, сонымен қатар Триполи каласына да ағып жетеді. Идрисидың келтіргені бойынша, Жирбаһ аралының батыстан шығысқа дейін ұзындығы 60 шақырым, ал шығыс тарапынан аралдың бастау алатын жерінің ені − 15 шақырым. Ол аймақта бербер(варвар) тайпасының адамдары тұрады, халқының арасында кара нәсілді адамдардың саны басым болып келеді.

«Сицилия». Сицилияның аралы батыс жағы мен Тунис арасында көлемі 60 шақырымды құрайтын ағыс арнасы бар, ал аралдың алып жатқан көлемі − 500 шақырымды құрайды. Палермо коммуна жақтағы таулардың басында көптеген бұлақтардың көзі бар, сол жерден бастау алады, олардың ішіндегі ең кішкентайы Ғурбал деп аталады. Сицилия аралының картадағы пішіні екі шеті ұшты үшбұрышқа ұқсас. Бірінші бұрышы оңтүстікте, ол аймақта көлемі кішкентай ағын су бар, кейін ол көлемі жағынан шамамен −алтышақырым болатын жерге дейін ағып келеді. Екінші бұрышы солтүстік жағында, ол Африкадағы Триполи қаласына қарама карсы тұсында орналасқан. Үшінші бұрышы батыс жақта, ол аймакта отты жанартау бар. Орналасқан жері жоғарыда айтылып өткен батыс жақтың сол жақ тұсында. Ол жайлы кітаптың соңында айтылған. Сицилияның сол жағында Колабрия қалалары бар. Аралдың ішіндегі өз қалалары бар, олардың атаулары: Палермо, Торонис, Мазир, Асридженто, Массина және Косрйана.

«Массина». Масиинаа немесе Массина қаласы Сицилия аралының сол жақ тараптағы бұрышында орналасқан. Ол қала жүзімнің көптігімен және шараптың молдығымен танымал. Сицилия аралында жерсілкінісі көп болатыны соншалықты, көптеген ғимараттардың бұзылуына алып келген. Негізінде ол аймақта 200-ден аса қамалдар бар. Аймақтың көлеміне келетін болсақ, 17 күндік, ал ұзындығы −бес күндік жолды құрайды. Қалаларының ішіндегі ең үлкені әрі астанасы болып саналатын − Палермо каласы. Басқа да көптеген қалалар бар, алайда жоғарыда аталған екі қала танымал болып келеді, яғни олар: Палермо және Массина, кезіңде олар мұсылмандардың қарамағында болған, кейін олардың қол астынан шығып, христиандардың қол астына өткен. Идрисидың келтіргені бойынша, Массина қаласының жер көлеміне 500 шақырымды құрайды.

«Шамис».Деректерге сүйенсек, Шамис Византиялық арал болып есептеледі. Аралдардың жалпы соны 300-ге жуық. Кейбір саяхатшылардың келтірілгендері бойынша, ол аралдар Крит эмираты және Шимал жерінің аралығында орналасқан.

«Лямрия». Ибн Саидтың келтірген дерегі бойынша, Лямрия − ол Византияның ең улкен аралы, оның көлемі − 700 шақырым, онымен Крит аралының арасында жер бар. Аралдың ұзындығы − 60 шақырым, оның ортасында Лямрия қаласы орналасқан. Ибн Саидтың келтірген мәліметіне сүйенетін болсақ, ол арал географиялық кітаптарда Сент-Лауренсия атауымен анықталған болатын.

«Ақритиш». Ғалымның деректерінде келтірілгендей, Крит аралы өте танымал әрі жер аумағының көлемі бойынша үлкен. Картадағы жерінің ұзындығы батыс тарапынан шығысқа дейін созылып жатыр, ал жер көлемі − 350 шақырымды құрайды және ол аралда өзіне тиесілі қала бар, алайда оның ені мен ұзындығы жайлы дерек жоқ. Басқа ақпараттарға сүйенсек, жоғарыда айтылып өткен − 350 шақырым арал аумағының көлемі емес, бәлкім Крит аралының батыс пен шығысқа дейінгі арақашықтығы. Крит аралынан Александрияға ірімшік, бал және одан да басқа тағам түрлері тасымалданады. Идрисидың айтуынша, Крит аралының аймағы − 350 шақырым, ал парсы кітаптарында келтірген деректерде, ол мекеннің көлемі − 15 күндік жолмен тең.

«Нақробант».Нақробант  аралы Лямрия аралының сол жақ тұсында орналасқан және ол да үлкен аралдардың қатарынан болып табылады. Алып жатқан ауданының көлеміне келетін болсақ, батыстан шығысқа дейін созылып, сәл солтүстік жаққа қарай ауытқуымен − 150 шақырымды құрайды, ал ені − 20 шақырымдай. Мастик аралының батыс жақ тарапында орналасқан.

«Рудос» (Родос).Родос аралын Муғауия дәуірінде мұсылмандар ашқан болатын. Аралдың оңтүстіктен солтүстікке дейін созылып жалғасуы шамамен − 50 шақырым, ал ені соның жартысындай, яғни 25 шақырымға тең келеді. Крит аралының төменгі жағы, аралдың ортасындабір ағыс арнасы бар. Родос аралының кейбір жерлері Францияға тиесілі, ал қалған жері Ыстамбұл жеріне тиесілі. Родос Кубрус аралының оңтүстік жағына жақын, батыс жағында Крит және Мастик атты қос аралдың ортасында орналасқан (Al-Muqaddasi, 2000). Әл-Мұқаддасидің (947-1000) жеке бақылауларына іліккен дүниелерге негізделген тарихи-географиялық мәліметтер оның шығармаларында маңызды орынға ие. Араб географы және саяхаттаушысы, Иерусалимнің тумасы, әл-Мұқаддаси көптеген жерлерді аралаған. Бұл орайда оның 985 жылы құрастырылған «Климатты тануға арналған ерекше бөлім» (Ахсан аттакасим фи марифат ал-акалим) атты кітабының маңызы ерекше.

«Кубрус». Аралдың ұзындығы − 200 шақырымға жетеді, бұл қашықтық батыс пен шығыстың арасы болып есептеледі. Орналасқан жері Шам елінің жағасына жақын болып келеді. Жер көлемінің жалпы үлкендігі − 200 шақырым. Онымен және Армения қалаларының, Курк құрлығы арасының тең жартысы су ағыстары бар аймаққа жатады. Ал Идрисидың келтіргені бойынша, Кубрус аралының жалпы жер көлемі − 250 шақырым.

«Британия». Ибн Саидтың зерттеуі бойынша, жетінші аумақтан асқаннан кейін, батыстан сол жаққа карай бет алып, адамдар тұратын жерлерден бастасаң, алғашқы кездесетін жер − Британия аралы (Ibn Sa'id, 1889). Бұл арал мұхит теңізінде орналасқан,яғни мұхиттан ағысындағы теңізді – Британия деп атайды. Бардель теңізі барлық тарапынан сол аралдармен қоршалған, ал сол аралға кіру Андалусия арқылы ғана жүзеге асырылады, ол аймақ солтүстік шығыс жағында орналасқан. Аралдың ұзындығы солтүстік тараптан есептегенде − 18 күндік жолға тең келеді, ал жер көлемі орта есеппен − 11 күндік болады. Ол аралды басқаруға арнайы патша тағайындалған.

Бұл орайда Әл-Идрисидің ізін жалғағандар қатарында араб географы Ибн Саидтың (1214-1274) «Жеті климаттың географиясы туралы кітабы» (Китаб джаграфия фи-л-акалим ас-саба) және «Жердің ұзындығы мен еніне таралған кітап» (Китаб баст ал-ард фи-т-тул ва-л-ард) атты еңбектерінің алар орны ерекше. Сонымен қатар, шамамен 982 жылдары солтүстік-шығыс Ауғанстанда жазылған, Х ғасырдың соңғы жиырма бес жылында бізге белгілі болған география туралы парсы шығармасы, авторы белгісіз, құпия болған «Шығыстан Батысқа дейінгі шексіз әлем» (Худуд ал-алам мин ал-машрик илал-магриб) атты еңбекте де Атлант мұхиты мен Жерорта теңізі аралдарының тарихи географиясы жайлы мәліметтер бар.

Қорытынды. Әбул-Фиданың еңбегі негізінде сол замандағы Атлант мұхиты мен Жерорта теңізі аралдарының тарихи географиясы, ондағы елді мекендер, географиялық координаттары мен ландшафтысы анықталды. Табиғи-географиялық фактордың аймақтардың немесе жекелеген мемлекеттердің тарихи дамуына әсер ету мәселелеріне деген қызығушылықтың артуына байланысты, бұл ғылыми туынды арқылы Атлант мұхиты мен Жерорта теңізінде қалыптасқан өркениеттердің қалыптасу ерекшеліктерін зерттеу өзекті болып табылады. Әбул-Фиданың «Тақуим әл-бұлдан» еңбегі Атлант мұхиты мен Жерорта теңізі аралдарының тарихи-физикалық географиясын, экономикалық және әлеуметтік географиясын құрастыру үшін маңызды ғылыми мұра.

Атлант мұхиты жер бетінің бестен бір бөлігін алып жатыр және шығысында Еуропа мен Африка континенттерін, батысында Солтүстік және Оңтүстік Американы бөледі. Атлант − әлемдегі ең жас мұхит. Оның пайда болуы мен эволюциясы жердің дрейфтік және рафттық қозғалыс теориясымен түсіндіріледі. Ал Жерорта теңізі оның бөлігі болып табылады, суы әлемнің үш аумағын− Еуропа, Азия және Африка жағалауларын шайып жатқан дүниежүзілік мұхиттағы жалғыз теңіз. Жерорта теңізін адамзаттың игеруі мыңдаған тарихи жылдарды қамтиды. Әлемнің ұлы өркениеттері теңіз жағалауында өркендеді: Мысыр, Парсы, Финикия, Ассирия, Грек, Рим және т.б. Жерорта теңізі аймағы халықтардың көші-қоны, сауда, мәдениеттер мен діндердің таралуының маңызды орталығы болып табылады. Теңіз жағалаудағы мемлекеттердің тұрғындарын тікелей және жанама түрде азық-түлікпен және жұмыспен қамтамасыз етті.

Бұл теңіз төңірегінде әртүрлі халықтар, тілдер мен діндер әлемі болды. Оның солтүстік жағалаулары, көбінесе христиан дінімен бірегейлік танытты, тілдердің, әдет-ғұрыптардың, валюталардың және саяси экономиканың сан алуан түрлері тіршілік етті.

Атлант мұхитындағы аралдар − бір аймақта шоғырланбаған, әр жерде шашыраңқы орналасқан. Аралдардың ең көп тобы Батыс Индия деп аталады және олар Солтүстік Американың оңтүстік-шығысында, Орталық Американың шығысында және Оңтүстік Американың солтүстігінде орналасқан. Алыс солтүстік пен оңтүстікке жақын полярлық аралдар Солтүстік Мұзды мұхит және Оңтүстік мұхит аралдарының арасында орналасқан. Атлантика аралдарының қалған бөлігі Еуропаның оңтүстік-батыс шетінен, Батыс Африкадан өтіп, экватор арқылы, Оңтүстік Атланттың ашық суларына дейін созылады.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Abu al-Fida. Edited by J.T. Reinaud and W. MacGuckin de Slane. Taqwim al-Buldan (تقويمالبلدان) Travel Guide through the Old World.Beirut: Dar Sader, 2010. –548 р.

Al-Maydani. Al-Lubab fi Sharh al-Kitab. –Beirut-Lebanon, 2017. –714 p.

Al-Muqaddasi. Translated by Basil Anthony Collins. Best Divisions for Knowledge of the Regions: Ahsan al-Taqasim fi Marifat al-Aqalim (Great Books of Islamic Civilization). –Reading-Great Britain, 2000. –498 p.

Жүзбаева Ұ.Д., Батырхан Б.Ш. Әбул-Фиданың «Тақуим әл-Бұлдан» еңбегіндегі Хорезм өлкесінің тарихи географиясы// Вестник НАН РК, 2020. – № 5.– С. 312-318

Ibn Sa'id. Edited by Knut L. Tallqvist. Kitab al-Mughrib fi Hula al-Maghrib. Beirut: Dar Sader, 1899. –180 p.

Идриси (ал-Идриси, Абу Абдаллах Мухаммад ибн Мухаммад ибн Абдаллах ибн Идрис ал-Хаммуди ал-Хасани) (1100–1165) – арабский ученый // https://w.histrf.ru/articles/article/show/idrisi

Yаqut ʻAbd Allah Ibn Al-Ḥamawi. Kitab Al-Mushtarik Waḍʻan Wa-Al-Muqtarib Ṣuqʻan. –Berlin: Nabu Press, 2010. –544 p.

Malik ibn Anas. Edited by Abdalhaqq Bewley. Translated by Aisha Bewley. Al-Muwatta of Imam Malik. Bradford: Diwan Press, 2015. 1164 р.

Muhammad Ibn Hawqal. Edited by M.J. De Goeje. Kitab surat al-Ard (Bibliotheca geographorum Arabicorum). Leiden-Netherlands, 2014. –428 p.

Птолемей К. Руководство по географии // пер. К.С. Апт. –Москва: Директ-Медиа, 2008. 133 с.

References:

Abu al-Fida. Edited by J.T. Reinaud and W. MacGuckin de Slane. Taqwim al-Buldan (تقويمالبلدان) Travel Guide through the Old World.Beirut: Dar Sader, 2010. –548 р.

Al-Maydani. Al-Lubab fi Sharh al-Kitab. –Beirut-Lebanon,2017.–714 p.

Al-Muqaddasi. Translated by Basil Anthony Collins. Best Divisions for Knowledge of the Regions: Ahsan al-Taqasim fi Marifat al-Aqalim (Great Books of Islamic Civilization). –Reading-Great Britain, 2000. –498 p.

Zhүzbaeva U.D., Batyrkhan B.Sh. Abul-Fidanyn «Taқuim al-Buldan» enbegi`ndegi` Khorezm olkesi`nin tarikhi geografiyasy`// Vestnik NAN RK, 2020. – № 5.– S. 312-318

Ibn Sa'id. Edited by Knut L. Tallqvist. Kitab al-Mughrib fi Hula al-Maghrib. Beirut: Dar Sader, 1899. –180 p.

Idrisi (al-Idrisi, Abu Abdallah Muhammad ibn Muhammad ibn Abdallah ibn Idris al-Hammudi al-Hasani) (1100–1165) –arabskijuchenyj// https://w.histrf.ru/articles/article/show/idrisi

Yаqut ʻAbd Allah Ibn Al-Ḥamawi. Kitab Al-Mushtarik Waḍʻan Wa-Al-Muqtarib Ṣuqʻan. –Berlin: Nabu Press, 2010. –544 p.

Malik ibn Anas. Edited by Abdalhaqq Bewley. Translated by Aisha Bewley. Al-Muwatta of Imam Malik. –Bradford: Diwan Press, 2015. –1164 р.

Muhammad Ibn Hawqal. Edited by M.J. De Goeje. Kitab surat al-Ard (Bibliotheca geographorum Arabicorum). –Leiden-Netherlands, 2014. –428 p.

 Ptolemej K. Rukovodstvo po geografii // per. K.S. Apt. –Moskva: Direkt-Media, 2008. –133 s.

МРНТИ03.81.37

Историческая география островов Средиземного моря

и Атлантического океана в источнике «ТАКВИМ АЛЬ-БУЛЬДАН»

Б.Ш. Батырхан¹, У.Д. Жузбаева²

¹PhD, доцент. КазНУ им. аль-Фараби. Казахстан, Алматы.

²PhD докторант 2 курса Института востоковедения им. Р.Б. Сулейменова КН МОН РК. Казахстан, г. Алматы.

Аннотация. Статья посвящена анализу произведения Абуль-Фиды «Таквим аль-Бульдан» с целью определения исторического облика и географических особенностей средневековых островов Средиземного моря и Атлантического океана. Автор попытался кратко описать характеристики земель, относящихся к региону, изложеному в исследовании Абуль-Фиды. В научной статье раскрывается историческая география островов Каусоро, Тариф, Тула, Кодис, Йабисах, Майорка, Маннурко, Сардиния, Жирбах, Сицилия, Массина, Шамис, Лямрия, Акритиш, Накробант, Родос, Кубрус, Британия, которые описанны в труде «Таквим аль-Бульдан».

Разнообразная региональная географическая информация позволяет сравнивать и оценивать природные особенности разных территорий, их ресурсный потенциал, состояние экономики и населения. Знание отдаленных стран, исторических древних земель и особенностей их развития помогает понять природу нашей страны, особенности экономического развития и рационального использования ее ресурсов. В настоящее время потребность в знании географической природы региона стремительно растет. Все человеческие проблемы (загрязнение окружающей среды, проблемы питания и энергии) напрямую затрагивают все страны или большинство из них. Расширяются мировые экономические связи, торговля и туризм. Все это требует специальных региональных, исторических и географических знаний.

В статье исследуется историческая география Атлантического океана и островов Средиземного моря, их населенные пункты, географические координаты и ландшафт на основе работ Абул-Фида.

Ключевые слова: Средиземное море, Атлантический океан, остров, город, Абуль-Фида.

IRSTI03.81.37

HISTORICAL GEOGRAPHY OF THE ISLANDS OF THE MEDITERRANEAN SEA AND THE ATLANTIC OCEAN IN THE SOURCE «TAQWIM AL-BULDAN»

B.Sh. Batyrkhan¹, U.D. Zhuzbayeva²

¹PhD student ofR.B. Suleimenov Institute of Oriental Studies KS MES RK. Kazakhstan, Almaty

²PhD, Associate Professor at Al-Farabi Kazakh National University

Almaty, Kazakhstan.

Abstract. The article is devoted to the analysis of the work of Abu al-Fida «Taqwim al-Buldan» in order to determine the historical appearance and geographical features of the medieval islands of the Mediterranean Sea and the Atlantic Ocean. The author has tried to briefly describe the characteristics of the lands belonging to the region outlined in the study of Abu al-Fida. The scientific article reveals the historical geography of the islands of Kausoro, Tarif, Tula, Kodis, Yabisah, Mallorca, Mannurko, Sardinia, Zirbach, Sicily, Massina, Shamis, Lyamriya, Akritish, Nakrobant, Rhodes, Kubrus, Britain, which are described in the work «Taqwim al-Buldan».

Diverse regional geographic information allows one to compare and evaluate the natural features of different territories, their resource potential, the state of the economy and population. Knowledge of distant countries, historical ancient lands and the peculiarities of their development helps to understand the nature of our country, features of economic development and rational use of its resources. Currently, the need for knowledge of the geographic nature of the region is growing rapidly. All human problems (environmental pollution, food and energy problems) directly affect all or most countries. World economic ties, trade and tourism are expanding. All this requires specialized regional, historical and geographical knowledge.

The article examines the historical geography of the Atlantic Ocean and the islands of the Mediterranean Sea, their settlements, geographical coordinates and landscape based on the works of Abu al-Fida.

Keywords: Mediterranean Sea, Atlantic Ocean, island, city, Abu al-Fida.

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь