Мақалада Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жапон милитаристеріне қарсы Қиыр Шығыс майданына қатысқан Орал өңірінің жауынгер қазақ қыздары десантшы Қаламсия Ермекова, №120 артиллериялық әуе шабуылынан қорғану полкінің байланысшылары Ниязғалиева Әзима, Үмбетова Мүслима, Ахметова Қалампыр сондай-ақ жапон милитаристеріне қарсы соғысты Солтүстік Кореяның Хедзео қаласында аяқтап, Жоғарғы Бас Қолбасшының Алғыс хатына ие болған Аэродром қызметін қамтамасыз ету (Батальоны аэродромного обслуживания – БАО) батальонының байланысшылары – Алмағамбетова Қаным, Есқалиева Үмітай және Хабаровск өлкесінде 189 автокөлік полкі №600 батальонның әскери көлік жүргізушісі болған Саркулова Слухияның әскери өмір жолдары толық баяндалады. Қиыр Шығыс майданында Квантун армиясын талқандауға үлестерін қосқан жауынгер қазақ қыздарының ерлігі мен әскери өмір жолдары бүгінгі күнге дейін арнайы ғылыми зерттеулер нысанына алынбаған тың тақырып. Сондықтан зерттеу мақала ардагер аналардың өз қолдарымен жазған өмірбаяндары, естеліктері, Батыс Қазақстан облыстық, аудандық архив, музей және кітапхана қоларында сақталған құжаттар, мерзімді басылымдар сондай-ақ майдангер аналардың ұрпақтарының жеке архивтерінен алынған тарихи деректер мен суреттер негізінде зерттеу жүргізіліп, жазылды.
Кілт сөздер. Екінші дүниежүзілік соғыс, жауынгер қазақ қыздары, Қиыр Шығыс майданы, Хедзео қаласы, майдангер ана, десантшы, барлаушы, байланысшы, жапон милитаристері, әскери көлік жүргізуші