Мақалада Қазақ хандығының 1727-1732 жж. аралығында жоңғар мемлекетіне қарсы жүргізген соғыстары сөз болады. Тарихтан белгілі Бұланты, Аңырақай шайқасынан бөлек, бұған дейін белгісіз болып келген Талқы соғысы, Тарбағатай жорықтары және т.б. әскери қақтығыстар қарастырылады. Сонымен қатар, алғаш рет тарихи дәлел ретінде Аңырақай шайқасына байланысты қытай деректері келтіріледі⃰. Бұл дерек бойынша Аңырақай шайқасының 1731 жылы орын алғаны, әрі бұл шайқаста қазақтар тарапынан 70 мыңдық әскер қатысқаны және бұл соғыстың басқа да бізге беймәлім тұстары сипатталады.
Қазақ-жоңғар кезіне байланысты тарихи дастандарды жазба деректермен (орыс, қытай деректерімен) ұштастыра отырып қарастырып, нәтижесінде назардан тыс қалып келе жатқан 1730-1731 жылдардағы әскери іс-қимылдар кеңінен қарастырылады. Мақалада қазақ-жоңғар соғыстарына жан-жақты талдаулар жасаланып, тиісті бағалар беріледі. Бұл жылдардағы әскери белсенділік және үстемдік қазақтар тарапынан болғаны анықталады. Сонымен қатар тарихи тұлғалар сөз болып, оның ішінде Абылай ханның алғаш тарихи сахнаға шығу жылдары қарастырылады.