Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 11.25.67 ЕУРООДАҚ ЖӘНЕ ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТІК

Шарыпқазы Нұртәліп, қытайтану кафедрасының оқытушысы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы E-mail: nuriknaiman@mail.ru ; Арзықұлов А.А., қытайтану кафедрасының аға - оқытушысы , Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы

ҒТАМР 11.25.67 ЕУРООДАҚ ЖӘНЕ ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТІК

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(14), 2018

Tags: еуро, Брюссель, стратегиялық серіктестік. , трейдер
Author:
Бұл мақалада авторлар Еуропалық Одақ пен Қытай Халық Республикасы арасындағы 1998 жылдан бастау алған стратегиялық серіктестік мәселелерін қарастырады. Осы өткен уақыт аралығындағы бұл қатынастардың жүру барысы, түйінді мәселелері мен негізгі басымдылық бағыттары талқыланады.
Text:

Бүгінде Еуроодақ Қытай үшін көлемі жағынан екінші сауда серіктесі болса, ал Еуроодақ үшін Қытай бірінші кезекте болып отыр.

Қытайда сыртқы саясаттың жаңа стратегиясына байланысты халықаралық қатынастардың басқа қатысушыларымен серіктестіктің айрықша түрлері бар. Осыған орай Еуроодаққа қатысты 1998 жылдан бері ҚХР-Еуроодақ сындарлы серіктестігі жұмыс жасап келеді. Еуропалық Одақта да жалпы Азиямен, сондай-ақ жеке Қытаймен қатынастарды реттеуге бағытталған бірқатар құжаттар бар. Мысалы, 1994 жылы қабылданған «Азияға қатысты жаңа стратегия», сондай-ақ 2001 жылы қабылданған «Еуропа мен Азия: ілгерілетілген серіктестік үшін стратегиялық негіз». Еуропа мен Азия арасындағы қатынастар сонымен бірге АСЕМ (Азиялық-еуропалық форум) аясында да өрбуде.

Еуроодақта ресми тұрғыдан Қытаймен серіктестік бағыты ретінде мыналарды көрсетеді:

- саяси диалог (оның ішінде адам құқығы саласы да бар);
- саяси-экономикалық серіктестік;

- Қытайдың дамуына ықпалдасу (экономикалық және саяси реформаларды ілгерілету, жергілікті басқару, әкімшілік және сот орындары жүйесі бойынша серіктестік);

- ғылым мен техника, энергетика салалары, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау бойынша серіктестік;

- ақпараттық қоғам және БАҚ салалары бойынща өзара ықпалдастық.

Еуроодақ пен Қытай арасындағы өзара мүдделерден туындайтын мәселелерге қатысты сындарлы саяси диалог туралы келісім 1994 жылы қабылданған болатын. 1998 жылы акторлар арасындағы саяси диалог жаңартылып, жүйелі түрде еуропалық-қытайлық кездесулер өткізу туралы келісөз жасалды. 2002 жылы Қытай мен Еуроодақ ресми арадағы саяси диалог аясын ағымдағы диалогтың құқықтық негізі болатын хат алмасу арқылы жаңарту үшін шешім қабылдады. Брюссель-Пекин желісі бойынша саяси серіктестік ұдайы кеңеюде және көптеген мәселелерді қамтиды, мысалы қару-жарақ таратпау, Азиядағы қауіпсіздік мәселесі мен жаһандық жылынудан бастап, заңсыз көш-қонмен күресу және адам саудасына дейінгі жан-жақты мәселелер. Оның үстіне бұл салалар бойынша ынтымақтастықты одан ары арттыру мүмкіншілігі мол, әсіресе екіжақты стратегиялық серіктестікті жүзеге асыру жағдайында. Саяси диалог Еуроодақ пен Қытай арасында жыл сайын өткізіліп отыратын мемлекет және үкімет басшылары деңгейіндегі саммиттерде үнемі ілгерілуге ие болып отырады.

Еуроодақ үшін саяси диалогтың маңызды мәселелерінің бірі Қытайдағы адам құқығы мәселесі. Адам құқығы мәселесі саяси диалог шеңберінде де, сондай-ақ 1995 жылы қосылған адам құқығы бойынша диалог аясында да талқыланады. Жыл сайын әрбір Еуроодақ төрағалығының аясында екі кезек диалог өткізіледі. Осылайша, Еуроодақ бұл форумның күнтәртібіне мүдделі мәселелердің бәрін шығара алады (мысалы, өлім жазасы, еңбек өтемі, азаптау, этникалық азшылықтар мәселесі, азаматтық және саяси еркіндік және т.б.) [1, 51-б.].

  Бұл жерде маңызды рөлге Адам құқықтары бойынша Еуропалық комиссия ие, ол еуропалық және қытайлық сарапшыларға арнап, пікірлер мен тәжірибе алмасу үшін семинарлар өткізеді. Еуроодақ пен Қытай арасындағы құқықтық және соттық ынтымақтастық аясында өткізілетін шаралар өте маңызды болып табылады және Қытайға арналған шетелдік көмектің елеулі жобасы ретінде көрінеді. Бұдан тыс, Еуроодақ жер-жердегі азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін ұлғайтуға бағытталған бірқатар жобаларды жүргізуде, мысалы «Ауылды басқару бағдарламасы», ол әлеуметтік және экономикалық құқықтарды қамтамасыз етуге, әсіресе Юньнань провинциясында бағытталған. Бұл тұрғыда Брюссельдің жалпы саясатының мысалы Вашингтонға қарағанда жұмсақ екенін байқаймыз.

Еуроодақтың жерлердегі адам құқығы бойынша елеулі жақсаруларға қол жеткізу мақсатында сындарлы қайшылықсыз диалогқа ұмтылысын көруге болады.
  Ал бұл қатынастардың сауда-экономикалық құрамына келетін болсақ, Еуропалық Одақ пен Қытайдың әлемдегі ірі трейдерлердің қатарында екенін ескеруіміз қажет. Қытай-Еуроодақ сауда саясатының басты көзірі. Еуропа Қытай үшін ең ірі экспорт нарығы, ал Қытай Еуропадағы ірі импорт көзі болып табылады. Олардың арасындағы екіжақты сауда жыл сайын елеулі өсіп келеді. Мәліметтерге сүйенсек, тек 2004 пен 2008 жылдар аралығында Еуроодақтың Қытайдан импорты 6,5 %, ал экспорт 9% өсіп, екі есеге артқан. Мысалы 2008 жылы Еуроодақ Қытайға 78,4 млрд. еуроға тауар экспорттаған. Сол уақыттағы Қытайдан тауар импорты 247.6 млрд. құраған. Ал қызметтердің алмасуына келетін болсақ, сауда балансының сальдосы Еуроодақтың пайдасында, Қытайға экспорт 20,1 млрд. еуро болса сәйкесінше импорт көлемі 14,4 млрд. еуро. Инвестиция саласында да жоғарғы көрсеткіштер байқалады: Еуроодақтың Қытайға инвестиция ағыны 2008 жылы 4,5 млрд. еуроны құрады. Қытай Еуроодаққа едәуір аз инвестициялайды: 2008 жылы 0,1 млрд. Еуро [2].

  2008 жылы Пекинде жоғары дәрежедегі сауда-экономикалық диалогы басталды.  2006 жылы Еуропалық комиссия әділ саудаға бағытталған, Қытайға қатысты басты стратегиясын (серіктестік пен бәсекелестік бойынша) қабылдады. Бұл стратегияның бір бөлігі кең көлемді серіктестік пен ынтымақтастық  (СПС) туралы келіссөздер жүргізу, ол 2007 жылдың қаңтарында басталып, екіжақты сауда және инвестициялық қатынастарды одан ары жақсаруына мүмкіндікті қамтамасыз етіп, 1985 жылғы сауда-экономикалық келісімді нақты модернизациялауға жол ашады.

Әрине, қатынастарда Еуроодақ шешуге ұмтылып отырған кейбір түйткілдер де жоқ емес: Қытайдың ДСҰ бойынша өз міндеттерін орындамауы; қытай тауарларына, қызметтеріне, инвестициялары мен сатып алу нарығына қол жеткізуге одан ары либерализацияның қажеттілігі; еуропалық инвесторлар үшін технологияларды күштеп берудің сақталуы және экспорт талаптарының қатты болуы. Еуроодақ та еуропалық компаниялардың заңды құқықтарын сақтауға ұмтылады, әсіресе Қытайдағы зияткерлік меншік саласы бойынша, сондай-ақ стратегиялық маңызды салаларды әділетсіз қолдау мен қорғауды тоқтатуға шақырады. Осылайша, Қытайдағы еуропалық кәсіпорындарға көмек көрсету үшін, Еурокомиссия Қытай мен Еуропада еуропалық бизнесті қолдау үшін жаңа коммерциялық қорлардың құрылуын және Қытайда еуропалық тілдерді оқытуды ілгерілетуді қадағалап отыр.

Бұл талаптардың кейбірі астамдау болып көрінуі мүмкін, бірақ қазіргі уақыттағы еуропалық саясаткерлердің барынша жұмсақ ұстанымы мен олардың қытайлық әріптестерінің тізебүкпеушілігіне қарап отырып, Еуроодақ пен Қытай арасындағы сауданың қарқынды өсуіне қарамастан екіарадағы салқындық сақталып қала беретін шығар.

Дегенмен, арадағы қайшылықтарды шешу үшін, сондай-ақ ынтымақтастық пен даму диалогы аясында Еуроодақ өз бюджетінен Қытаймен қатынастарды дамытуға тұрақты түрде қаржы бөліп тұрады. 2007 жылы Еуропалық комиссия Қытай бойынша 2007-20013 жылдарға арналған жаңа стратегияны және көпжылдық 2007-2010 жылдарға арналған шамалық бағдарламаларды қабылдады. Бұл құжаттар Қытайға еуропалық көмекті басқару, бақылау және сараптауға бағытталған, Еуроодақ-Қытай желісі бойынша ынтымақтастық бағдарламасын қолдауға арналған жеті жылдық бағдарламаның бюджеті шамамен 224 млн.еуро. Бұдан тыс Брюссель әртүрлі тақырыптық бағдарламалар мен аймақтық бюджетті қолдау бойынша басқа да шараларды жүзеге асырады [3].

Қытайдағы реформаларға Еуропалық ықпалдасу қазіргі уақытта даму мақсатындағы дәстүрлі көмек аясынан шығып, құқықтық және соттық көмек, әлеуметтік реформалар, білім беру, қоршаған орта және экономикалық даму секілді облыстарға кеңейе бастады. Еуроодақтың мәліметтері бойынша, Қытай тұрғындарының 11% бұрынғысынша әбден қайыршылықта тұрады, яғни күндік кірістері 1 доллардан аспайды. Кедейшілікпен, сондай-ақ басқа  әлеуметтік мәселелермен күресу үшін, ынтымақтастық портфелі құрылы, бюджеті 240 млн.еуроны құрайтын 17 жоба қарастырылған. 

Жұмыс істеп жатқан бағдарламалардың ішінде Ақпараттық қоғам бағдарламасын жеке қарастыруға болады, оның ортақ мақсаты ақпараттандыру арқылы экономикалық және әлеуметтік реформаларға көмек көрсету болып табылады. Жоба электрондық үкімет, қызмет көрсету саласында мүмкіндіктерді жасау мен бірлесіп пайдалануға, сондай-ақ осы ақпараттарға және басқа ақпараттық қызметтерге қол жеткізуді қамтамасыз етуге қажетті коммуникациялық инфрақұрылымды реттеуге ықпалын тигізеді. Бағдарлама ресми түрде 2005 жылы 1 шілдеде басталып, 2006 жылы қаңтарда ресми түрде Пекинде ашылды. Жобаға мемлекеттік орындар бойынша мәліметтер базасын жасау кіреді. Қазіргі уақытта бүкіл Қытай бойынша алты көрсеткіш жоба іске қосылған: Баотоудағы әлеуметтік қызметтер реформасы, Чэндудағы жедел медициналық әрекет ету жүйесі, Ханьданьдағы әлеуметтік қызметтер алу үшін смарт-карт құру, Янгуандағы электрондық мемлекеттік қызмет жүйесі, Янтай мен Сиандағы кешендік электрондық үкімет  [4, 655-б.].

Жалпы Еуроодақ қытай реформалары мен тұрақты дамуды қолдауға бағытталған көптеген жобаларға қолдау көрсетіп отыр. Олардың арасынан атап өтер болсақ, Ішкі Моңғолиядағы Еуроодақ тарапынан 10 млн.еуро көлеміндегі дотациясы бар өмір сүруге тұрақты шарттар жасау жобасы, биологиялық алуантүрлілікті сақтау бағдарламасы (Еуроодақ дотациясы-30 млн.еуро), Қытайдағы балалар мен жастар арасындағы мүгедектердің қатысуы мен мүмкіндіктерін арттыру бағдарламасы және т.б. бұл жобалардың көпшілігі халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықта жүргізіледі.
  Қытай мен Еуропаның ғылым мен технология саласы бойынша бұрыннан келе жатқан жемісті ынтымақтастығы бар, бұл ынтымақтастық жөнінде келісімге 1998 жылы қол қойылған. Келісім 2004 жылы, 2009 жылы және 2014 жылы одан ары ұзартылды. Қытай үкіметі Қытайды инновациялық экономикаға айналдыру үшін елеулі қаржы бөліп келеді. Мемлекет тарапынан әртүрлі зерттеулер мен дайындауларға бөлінген қаржы жыл сайын 25% артып отыр. Бұл сала бойынша мұншалықты қаржы бөлу Қытайды Жапониядан кейінгі екінші орынға көтерді.

Ал Еуроодақ НИОКР саласында ғылыми жарияланымдар саны бойынша бірінші орында тұр. Осылайша, Еуроодақ пен Қытайдың ғылым және технологиялар саласы бойынша ынтымақтастығы тек екіжақты мүддені қамтып қана қоймай, сонымен бірге қос жаққа да тиімді әрі өзара толықтыра түседі.

Энергетика саласы бойынша да ынтымақтастық арта түсті. 2006 жылдан бастап Транспорт және энергетика бойынша комиссия басқармасы мен қытай өкіметі арасында саяси диалог жолға қойылған. Энергетикалық ынтымақтастық климаттың өзгеруі мәселесін ескере отырып жүргізіледі және энергиятұтынуды азайтуға, сондай-ақ біртіндеп биоотынға көшуге бағытталған. 

Еуроодақ пен Қытай арасындағы қатынастарды сараптау барысында Қытайдың Еуроодаққа мүше-мемлекеттермен екіжақты байланыстары да осы жерге қатысты екенін ұмытпау қажет. Көбінесе осы екіжақты байланыстар Қытайға қатысты жалпыеуропалық саясатқа қарқын береді. Бұған мысал ретінде, 2007 жылы 10 сәуірде Қытай мен Финляндия арасында нанотехнология саласы бойынша стратегиялық келісімге қол қойылғаннан кейін, Еуроодақ пен Қытай арасындағы ғылым мен технология саласы бойынша диалогтың жандана түскенін айтсақ болады [5].

Әрине, берік шарттық-құқықтық базаның болуы мен ынтымақтастықтың жедел қарқындауы қатынастардағы түйткіл мәселелер мен түсініспеушіліктердің бар екенін жоққа шығармайды. Солай бола тұрса да, қазіргі уақытта Қытай халық Республикасы Батыспен тығыз байланыстар орнатқан, бұл әлемнің осы аймағымен бұдан ары да қатынастарды дамытады деген сөз. Атап айтар болсақ, Германиямен экономикалық детерминделген қатынастар, Франциямен және Оңтүстік Еуропаның мемлекеттерімен стратегиялық серіктестіктер, және Еуроодақ мүше-елдерінің ішінде ең ұзақ байланыстағы Солтүстік Еуропа мемлекеттерімен байланыстар. Егер Еуроодақтағы сыртқы саяси белсенділік ең алдымен Еуроодақ министрлер кеңесіндегі төраға-елге тиесілі екенін ескерсек, көптеген мүше-мемлекеттермен тұрақты екіжақты байланыстар Қытайға Жалпы Еуроодақпен өз қатынастарын үйлестіруге мүмкіндік береді. Еуроодақ үшін Қытаймен келісім өз кезегінде Қытайдағы адам құқығы және демократия секілді өткір мәселелерге жұмсақ ықпал етуге жол береді. Екі тарап үшін де ынтымақтастық, оның үстіне «стратегиялық» сыртқы экономикалық тұрақтылықтың елеулі үлесін қамтамасыз етеді [6]. 

Еуроодақ пен Қытай арасындағы қатынастар қалыптасқан уақыттан осы күнге дейін, ұлғайып келе жатқан экономикалық өзара тәуелділік және үнемі саяси диалогтың тереңдей түсуіне байланысты қарқынды қуатқа ие болды. Әзірше Брюссельмен диалог Қытайдың Еуропа елдерімен екіжақты қатынастарын толық алмастыра алады деуге келмейді. Дегенмен де Еуроодақтың жаһандық көшбасшылыққа ұмтылысы мен интеграция жолындағы саяси белсенділігін бірте-бірте арттыруы, халықаралық қатынастардың бұл ойыншысымен қатынастарда болу Қытай үшін үлкен рөл ойнайды, өйткені ол да өз кезегінде әлемдік саясатта басыңқы жағдайға ие болуға ұмтылады.


 

   Пайдаланылған әдебиеттер:

  1.  Носов М.Г., Смолников С.В. Китай на пути глобального партнерства. Доклады Института Европы. - 2005

  2.  Политические документы Китая. Департамент Европейского  Комитета. Октябрь, 2003 года. Режим доступа: http://www.fmprc.gov.cn/eng/wjb/zzig/xos/dzzywt/t27708.htm /Дата посещения 9 июня 2014 года.

  3.  Политические документы Китая. Департамент Европейского Комитета. Октябрь, 2003 года.

  4.  Статический ежегодник Китая. 2004. - С.655

  5.  Главная миссия Китая. Сун Чже: китайско-европейское отношения становится более оживленным. [Электронный ресурс].-2010.Режим доступа: http://russian.people.com.cn/95181/7157073.html

Дата доступа: 10.03.2013

  vi.  Евросоюз и Китай: поиски стратегического партнерства.// Интересно о Европе [Электронный ресурс]-2012

Режим доступа http://www.europestory.ru/floras-129–1.html

Дата доступа:10.03.2013.

Koldanylgan adebietter:

1.  Nosov M.G., Smolnikov S.V., - Kitay: na puti k glogalnomu portnerstvu. Doklady Instituta Europy// In-t Europy RAN – m: ogni TD, 2005.- 51 b.

2.  China’s EU policy paper, MFA Prc, The Department of  European Affairs. October 2003. [Elektronniy zhurnal]. Rezhim dostupa  http://www.fmprc.gov.cn/eng/wjb/zzig/xos/dzzywt/t27708.htm), Data posyasheniya: 9 iyunya 2014.

3.  CHINA’S EU POLICY PAPER, MFA PRC, The Department of European Affairs, October 2003, (http://www.fmprc.gov.cn/eng/wjb/zzig/xos/dzzywt/t27708.htm)

4.  Statisticheskiy ezhegodnik KNR. - 2004. - S.655.

5.  Glava missii Kitaya d ES Sun Chzhe :kitaysko – evropeyskie otnosheniya stanur bole ozhivlennymi// Zhenmim zhibao on – line [elektronniy resurs]. – 2010. – Rezhim dostupa: http://russian.people.com.cn/95181/7157073.html – Data dostupa : 10.03.2013.

6.  Evrosoyuz i Kitay: poiski strategicheskogo partnerstva // Interesno o Europe [elektronniy resurs]. – 2012. – Rezhim dostupa http://www.europestory.ru/floras-129–1.html – Data dostupa : 10.03.2013.


Арзықұлов А.А., Старший преподаватель кафедры китаеведения, Казахский Национальный Университет имени Аль-Фараби, г. Алматы E-mail:ajkenamanjol@mail.ru

Шарыпқазы Н., преподаватель кафедры китаеведения, Казахский Национальный Университет имени Аль-Фараби, г. Алматы E-mail:nuriknaiman@mail.ru

СТРАТЕГИЧЕСКОЕ ПАРТНЕРСТВО МЕЖДУ ЕВРОСОЮЗОМ и КНР

Аннотация

В статье авторы рассматривают проблемы стратегического партнерства между Евросоюзом и КНР. Анализируются итоги сотрудничества за прошедший период и выделяются приоритетные направления.

Ключевые слова: Брюссель, трейдер, евро, стратегическое партнерство.

 Arzykulov А.А., Senior lecturer of the departament of Sinology, Al-Farabi Kazakh National University, Almaty c., Kazakhstan, E-mail:ajkenamanjol@mail.ru

Sharypkazy N., lecturer of the departament of Sinology, Al-Farabi Kazakh National University, Almaty c., Kazakhstan, E-mail:nuriknaiman@mail.ru

STRETEGIC PARTNERSHIP BETWEEN THE EUROPEAN UNION AND THE PEOPLE`S REPUBLIC

Summary

 In article authors consider problems of strategic partnership between the European Union and the People's Republic of China. Cooperation results for last period are analyzed and the priority directions are allocated.

Keywords: Brussels, trader, euro, strategic partnership.


No comments

To leave comment you must enter or register