Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҚЫТАЙДЫҢ БАТЫС БӨЛІКТІ ИГЕРУ СТРАТЕГИЯСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ШЫҢЖАҢДА АТҚАРЫЛУЫ

Мұқаметханұлы Н. Әл –Фараби атын. ҚазҰУ Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының профессоры, Серғазы Е. Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының 2 курс магистранты

ҚЫТАЙДЫҢ БАТЫС БӨЛІКТІ ИГЕРУ СТРАТЕГИЯСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ШЫҢЖАҢДА АТҚАРЫЛУЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(13), 2018

Tags: экономикалық даму, Қазақстанға тиімді қауырт., Шыңжаңды игеру, стратегия, Батыс бөлікті игеру
Author:
Мақаланың бірінші бөлімінде Қытайдың Батыс бөлігін игеру стратегиясы қалыптасуының әлеуметтік-саяси алғы шарттары, стратегияның атқарылатын кеңістігі мен уақыты және кезеңдері пайымдалған. Сонымен қатар қазірге дейін ҚХР үкіметінің Батыс бөлікті игеру жобалары, қаржы көлемі және оны іске асыру жағдайы қарастырылған. Ал мақаланың екінші бөлімінде, Батыс бөлікті игеру стратегиясы аясында Шыңжаңды қауырт игеру саясаты, заң-ережелері, жоспары, қаржы көлемі, көздеген мақсаты мен қазірге дейін қол жеткізген нәтижелері пайымдалған. Мақала Шыңжаңды қауырт игерудегі трансшекаралық өзендер суының азаюының Қазақстанға тиімсіз болатынын атап көрсетіп, Қытайдың Батыс бөлігін игерудің, әсіресе Шыңжаңды қауырт игеру барысында әлеуметтік экономикасының дамуы Қазақстан үшін пайдалы болады деген қорытынды шығарады.
Text:

Қытайдың батыс бөлігіне орналасқан Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданы Қазақстан және жеті мемлекетпен шектеседі, сонықтан оның Қытай үшін стратегиялық маңызы айрықша. Өйткені Шыңжаң Қытайдың Орталық Азия және Батыс елдерімен байланысқа шығатын бірден бір маңызды өткелі болып табылады. Сондықтан Қытайдың батыс бөлігінде, әсіресе Шыңжаңда жүргізген стратегиялық жобаларының Қазақстанға, Орталық Азия елдеріне тікелей әсер етуі сөзсіз. Сондықтан Қытайдың Шыңжаңда іске асыратын саясаттарын зерттеудің ғылыми теориялық та, практикалық та маңызы зор деп санаймыз.

1.  Қытайдың Батыс бөлікті игеру стратегиясының қалыптасуы

Қытайдың Батыс бөлік («Xi bu – 西部») дегені – Қытайдың батыс жағына орналасқан 12 провинциялар мен автономиялы аудандары. Олар: Чуңчиң, Сычуань, Гуйчжоу, Юньнань, Тибет, Шаньши, Ганьсу, Цинхай, Ниншия, Шыңжаң, Ішкі Моңғол, Гуаңши. Бұл аумақ Қытайдың жалпы жер көлемінің 71 пайызын, жалпы тұрғындар санының 29 пайызын, оның ішінде аз санды ұлт халықтарының 71 пайызын қамтиды.

Бірақ бұл өңір Қытайда әлеуметтік экономикалық дамуы жағынан салыстырмалы түрде артта қалған өлкелер болып саналады. Оның тарихи себептері де бар, дегенмен 1978 жылы Қытай реформа және даму кезеңіне қадам басқанан кейін, теңіз жалағалауындағы, орталық оңірлердегі провинциялар тез қарқынмен дамығандықтан, бұл аумықтың олардан артта қалып қалғаны анық байқалды.

Баршаға аян, ҚХР реформасы алдымен ауыл шаруашылық өндіріс жүйесін жаңғыртудан басталып, рет-реті бойынша бүкіл мемлекет көлеміндегі экономикалық салаға, одан кейін басқа салаларға реформа жүргізіліп, дамудың «ғажайыбын» жарыққа шығарған-ды.

Қытайдың әлеуметтік экономикалық дамуын  тарихи кезеңдерге бөліп қарайтын болсақ, онда 1949 жылдан 1978 жылға дейінгі мезгіл, Қытай әлеуметтік дамуының алғашқы кезеңі болып саналады. Ал одан кейінгі кезде жүргізілген реформа процесі төрт кезеңді басып өтті. Бұл туралы «Қытайдың сыртқы саясаты және Қазақстанмен қатынасы» атты монографияда мынадай бірнеше кезеңдер атап айтылған: 1978 желтоқсан айынан 1984 жылдың қыркүйек айына дейін реформаның бірінші кезеңі; Реформаның екінші кезеңі – 1984 жылдың қазан айынан 1992 жылдың қаңтар айына дейінгі мезгіл; үшінші кезеңі 1992 жылдың ақпан айынан 2003 жылдың қыркүйек айына дейінгі мезгіл; төртінші кезең 2003 жылдың қазан айында шақырылған ҚКП ХVI съезін ІІІ пленумынан басталады. ХХІ ғасырда қытай мемлекеті нарықтық экономикасы дамыған әлемге экономикалық ықпалы тереңдей түскен алып ел ретінде  әлемге көрінді» [1].

Қытай экономикалық реформаларының сәтті болуының бір сыры «еркін экономикалық аймақтардың дамуында» еді. Қытай үкіметі еркін экономикалық аймақтарды алдымен Шығыс Оңтүстік теңіз жалғалауынан, одан соң Яньцзы өзені бойындағы Орталық аймақтардан, одан соң Шығыс Солүстік аудандардан ашып, аса зор әлеуметтік-эконмикалық дамуға қол жеткізді. Бірақ сонымен қатар Қытайдың жалпы ішкі әлеуметтік дамуында теңсіздіктер орын алып, қоғамдық қайшылықтар пайда болды. Өйткені, әлеуметтік экономика және ғылым-техника саласында Қытайдың Шыңғыс Оңтүстігі мен Шығыс Солтүстік аймақтарының дамуы қарқынды болды да, Батыс және Батыс солтүстік аймақтарының дамуы салыстырмалы түрде баяу дамып, олардан алшақтап қалды. Ел ішіндегі әлеуметтік экономикалық дамудағы аймақтық айырмашылықтарды қысқарту үшін және одан туындайтын қоғамдық қайшылықтарды шешу үшін Қытай үкіметі арнайы аса ірі жоба жасауына тура келді.

1999 жылы Бейжиңде өткен Бүкіл мемлекеттік Халық құрылтайының (Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы кеңесінің) ІХ кезекті ІІ пленумында сөйлеген сөзінде ҚХР төрағасы Цзян Цымин: «Орталық Комитет Орталық-батыс бөлікті игеруді тездету бағдарламасын анықтады. Сондай-ақ оған ел ішіндегі қажетсінуді – сұранысты экономикалық дамудың басты шарты ретінде қабылдап, белсенді түрде қаржы саясатын қолданады. Бұл біздің  дамуымыздың ұлы стратегиялық иедясы болып табылады» [2] – деген еді. Содан кейін Қытай мемлекеттік жоспарлау комитеті Батыс бөлікті игерудің нақты жоспарын жасауды қолға алды.

1999  жылы маусым айында Шиань (Сиань) қаласында Қытайдың Батысындағы бес провинция мен автономиялы аудандарының басшылары қатысқан үлкен конференция өтті. Оған Қытай басшысы Цзян Цымин арнайы келіп қатысып сөз сөйлейді. Ол өз сөзінде: «Батыс бөлікті игерудің экономикакалық, мәдени, саяси, әскери және әлеуметтік ерекше маңызын айтып тауса алмаймыз. Батыс бөлікті игеруді тездету – ұлы жүйелі құрылыс, сондай-ақ, ол бұрын-соңды болмаған машақатты тарихи міндет. Белді бекем байлап, бірнеше он жылда, тіпті, толық ХХІ ғасыр бойы күрес жүргізу арқылы, шаруашылығы шалқыған, қоғамы дамыған, тұрмысы орныққан, ұлттары ынтымақтасқан, тау-өзендері жайнаған Батыс аймақ құрамыз» [3], - деп атап көрсеткен болатын. 1999 жылы қыркүйек айында өткен ҚКП ХV кезекті төртінші пленумда «Батыс бөлікті игеру стратегиясы» қабылданып, 2000 жылдан бастап жүзеге асыру көзделді. Сонымен 2000 жылы 16 қаңтарда ҚХР үкіметі жанынан Батыс бөлікті игеру басшылық тобы құрылды. Оның жетекшісі болып, сол кездегі Қытай үкіметінің премьер-министрі Чжу Жунцуи (Жоу Роңжи) болды, оның орыбасары болып орынбасары Вэнь Цзябао тағайындалды. Соған сәйкес орталық – батыс бөліктегі провинциялар мен автономиялы аудандық үкіметтердің қасынан Батыс бөлікті игеру басшылық топтары құрылып, ұлы стратегиялық жоспарларды іске асырудың нақты жобаларын жасап, оларды іске асыруды қолға алды.

Мемлекеттік даму және реформа комитетінің дерегіне жүгінсек, «2000-2008 жылдары мемлекет Батыс бөлікті қауырт игеру үшін жаңадан игеруге тиісті түйінді құрылыстардың саны 102 жеткен,  оған жұмсалатын қаржының көлемі 170 миллиарт 400 мың юань (17400多亿元)болған。Су министрлігі 2000-2009 жылдар аралығында мемлекеттің Батыс бөліктегі су құрылыстарына ажыратқан қаржысы 127 милрд (1270亿元)юань болған. Мемлекет жоспарында Батыс бөлікті қауырт игеруде жаңа 18 ірі жобаны іске асыру, оған жұмсаған жалпы қаржысы 4689 милн юань (4689亿元) болған.. 2009 жылға дейін мемлекеттің қолдауымен, өздерінің тырысшаңдығы және шетелдермен ынтымақтасуының арқасында Батыс бөліктегі қала мен қыстақтардың бет-бейнесі айтарлықтай өзгерді, экономикалық өсімнің қарқыны тездей түсті, дамудың сапасы мен өнімділігі жақсарып, тарихтағы ең жақсы даму кезеңіне қадам басты. Экономика тұрақты түрде біршама тез дамып, инфрақұрылымның әлсіз тұстары үздіксіз жақсарып келеді, экологиялық ортаны қорғау мен құрылыстар нығая түсті, ауыл шаруашылық өндіріс пен өмір сүру шарт-жағдайы айтарлықтай жақсарды, әлеуметтік істер дамуындағы әлсіз жақтары біртіндеп өзгеріп келеді» [4].

 2006 жылы 8 желтоқсанда ҚХР Министрлер Кеңесі тұрақты комитеті мәжілісі тексеріп бекіткен «Батыс бөлікті қауырт игеру «Он бірінші бес жылдық» жоспарын» жариялады. Онда алға қойылған мақсаттары: Батыс бөліктің экономикасын әрі жақсы әрі тез дамыту; халықтың тұрмыстық деңгейін тұрақты түрде көтеріп отыру; әлеуметтік инфрақұрылымды және экологиялық ортаны қорғау мен құрылыс істерін жаңа жетістіктерге жеткізу; түйінді аудандар мен түйінді өнеркәсіптердің дамуын жаңа деңгейге көтеру; білім беру, денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік қызмет көрсетуді теңестіру ісін жаңа кезеңге көтеру; социалистік жарасымды қоғам құруға нық қадам басу»-болған.

2009 жылы 10 қазан күні Министрлер Кеңесі аппараты «Министрлер Кеңесі аппараты халықаралық қаржы дағдарысына төтеп беруде Батыс бөліктің экономикасын тұрақты түрде біршама тез қарқынмен дамыту туралы Пікірі» (Мин.Каб. 2009 № 55) жариялады. Бұл «Пікірде»: «Ел ішіндегі сұранысты кеңейту, көмескі даму күштердін іске қосу, айналым кеңістігін ұлғайту, аймақтар арасындағы сәйкесті дамуды ілгерілету. Батыс бөліктегі аймақтар мемлекеттің ішкі сұранысты кеңейту орайын пайдаланып, құрылымдық реттеулерді одан әрі ілгерілетіп, халық тұрмысын жақсартуды қамсыздандырып, реформа жүргізу мен есікті ашық ұстауды тереңдетіп, халықаралық қаржы дағдарысының ықпалын жойып, экономиканың тұрақты түрде біршама тез қарқынмен дамуын үздіксіз сақтау керек» [5], деп көрсеткен.

2010 жылы науырыздың 21-23 күндері Батыс бөлікті қауырт игерудың  он жылдығы қарсаңында Қытай басшысы Ху Цзинтао Нинсия Хуэйзу автономиялы ауданына барып қызмет тексеру барысында сөйлеген сөзінде: «Он жылдан бергі құлшынып жұмыс жасаудың нәтижесінде, Батыс бөлікті игеру әлемнің назарын аударған зор нәтижелерге қол жеткізді. Өткен он жыл Батыс бөліктің экономикалық дамуы ең қарқынды, қала мен қыстақ бейнесінің өзгеруі ең тез, халық бұқарасының табысы ең көп болған он жыл болды, сонымен қатар Батыс бөліктің мемлекетке қосқан үлесі ең көрнекті болған он жыл болды. Міне, бұлар Партия Орталық комитетінің Батыс бөлікті қауырт игеру стратегиясы шешімінің дұрыстығын және  бірқатар саясаттық шараларының өте табысты болғанын дәлелдейді. Батыс бөлікті қауырт игерудің бірінші он жылдығы жақсы басталды, дамуға берік негіз қаланды, екінші онжылдық жалғасты түрде тереңдей ілгерлеудің шешуші кезеңі болмақ. Орталық комитет тереңдей ілгерлеуді Батыс бөлікті қауырт игеруді жалпылық маңызы бар келелі бағыт ретінде санап, оны «Он екінші бесжылдық» кезіндегі экономикалық әлеуметтік дамудың маңызды міндеті ретінде, оны бұдан да әрі қолдау саясатын қолданып, қаржы көлемін одан әрі арттырып, жобаларды осылай ойыстырып, тіпті де зор қажыр-қайратпен, тіпті де зор күш жұмсап, тіпті де ұтымды шараларды қолданып, батыс бөліктің экономикалық әлеуметтік дамуын әрі жақсы әрі тез дамытып, еліміздің дамуы үшін жаңа даму кеңістігін үлғайтады» [6], деп атап көрсеткен.

Батыс бөлікті қауырт игерудің жалпы жобасы 50 жыл, үш кезеңнен тұрады. Бірінші - негіз қалау кезеңі: 2001 жылдан 2010 жылға дейін. Оның басымдылығы құрылымдарды реттеу, инфрақұрылымдарды, экологиялық ортаны, ғылым және білім беру сияқты негізгі құрылыстарды жақсартып, нарықтық жүйені қалыптастыру мен кемелдендіру, ерекшелігі бар индустрия өнімдерін көбейту нүктелерін жетілдіру, сол арқылы Батыс бөліктің қаржылық ортасын алғашқы қадамда жақсарту, экологиялық ортаның құлдырауын алғашқы қадамда ауыздықтау, экономикалық айналымдарды жақсарту, өсім қарқынын мемлекеттік дамудың орташа деңгейіне жеткізу;

Екінші - қарқынды даму кезеңі: 2010 жылдан 2030 жылға дейін. Соған дейін негізі қаланған инфрақұрылымдардың жақсаруы,  құрылымның стратегиялық реттелуі мен  институттар құрылысының орнауы негізінде, Батыс бөлікті қауырт игерудің  ақтық кезеңіне өту, негізгі құрылымдарды бекемдеу және жетілдіру, ерекше индустрияларды жетілдіру, экономиканың индустриялануын, нарықтануын, экологиялануын, маманданған аудандардың деңгейін жалпы беттік жоғарылатып,  экономикалық өсімнің өрлей түсуін жүзеге асыру;

Үшінші - модернизацияны жалпы беттік ілгерілету кезеңі: 2030 жылдан 2050 жылға дейін. Кейбір алдымен дамыған аймақтар күшін нығайтып, ел ішіндегі және халықаралық модернизацияланған экономикалық жүйеге ену, шеткері таулы аудандардың, артта қалған егін және мал шаруашылық аудандарды игеруді тездету, Батыс бөліктегі халықтың өндіріс және тұрмыстық деңгейін көтеріп, аралықтағы шағын айырмашылықтарды қысқарту.

2. Батыс бөлікті игеру стратегиясының Шыңжаңда жүзеге асуы

  Қытайдың Батыс бөлікті игеру саясаты негізінен қытайдың әлеуметтік даму саясатының құрамдас бөлігі болып табылады. Қытайдың батыс бөлігінің даму жоспары Қытайдың жалпы даму стратегиясында өте маңызды орын алады. Соның ішінде Қытайдың ең батысына орналасқан Шыңжаңды түйінді түрде қауырт игеру көзделген. Соған орай ҚХР үкіметінің Батыс бөлікті игеру стратегиясына сайкес 2000 жылы Шыңжаң үкіметінің жанынан «Шыңжаң батыс бөлікті қауырыт  игеру кеңсесі» құрылды. Бұл кеңсе «Батыс бөлікті игеру – Шыңжаңды қауырт игеру жоспарын» жасады. Осы «Жоспар» негізінде Шыңжаң үкіметі «Инвестиция тартудың саясаттық белгілемелерін», «Шетелден  инвестиция тартудың бірнеше саясаттық белгілемелері» қатарлы бірқатар заң-ережелік күші бар шешімдер қабылдады. Сондай-ақ, Шыңжаңды қауырт игерудің басты мақсаттарын анықтады.

Онда Шыңжаң «XXI ғасырдың алғашқы он жылында әлеуметтік дамуға қолайлы орта жарату; ішкі дамудың қуатын арттыру, өзін-өзі игеру мүмкіндігін жоғарылату және қауырт игерудің жақсы механизімін қалыптастыру; қауырт игеру арқылы Шыңжаңды бүкіл мемлекет көлемінде ең үлкен сапалы мақта өндірісі, мақта-мата өндіріс, астық өндірісі, мал шаруашылық өндірісі, жеміс-жидек өндірісі, қант қызылшасын өндіретін және оларды өңдейтін базаға айналдыру; мұнай-газ өндірісі және мұнай-газ химия өнеркәсіп өндірісі базасына айналдыру арқылы бүкіл ұлттық экономиканың дамуының тың тірегі етіп құру» көзделген. Бұл мақсатты олар алты түрлі жетекші бағдарлама бойынша іске асырып келеді. Солардың алғашқы үш бағдарламасын атап айтуға тұрады. 1-ші, Табиғи ресурстық потенциялды негізгі өнімдер рыногын кеңейту стратегиясына өзгерту, негізгі инфрақұрылымдық құрылыстарды жақсарту, өндіріс құрылымдарын оңтайландырып, рынок сұранысы бойынша экономикалық қимылдарды жүргізу; 2-ші, экономикалық өнімділікті жоғарылатуды шаруашылық істердің басты мақсаты ету; 3-ші, әлеуметтік жүйеге жаңалықтар енгізу. Сыртқа есік ашуды кеңейту арқылы Шыңжаңды игеруге кең еркін орта қалыптастыру. Осы мақсатқа жетудің нақтылы жоспарлары да жасалған. Мысалы, Шыңжаң XXI ғасырдың алғашқы үш жылында  халық шаруашылығының даму қарқынын 8 пайызға жеткізу. Ал 2004 жылдан 2010 жылға дейін ішкі өндірістің жылдық өсу қарқынын 10 пайыздан асыру. Сол үшін Шыңжаң үкіметі су құрылысы, көлік қатынасы, энергетика, байланыс коммуникациясы қатарлы аса маңызды кешендік инфрақұрылымдарды салу арқылы, Шыңжаңды аса зор көлемде игерудің негіздерін мықтап орнату жоспарын жасады.  Сонымен қатар, Шыңжаң тұрғындарының тұрмыстық деңгейін жоғарылатудың нақтылы көрсеткіштері де жарияланған. Атап айтар болсақ, қала тұрғындарының адам басындық жылдық пайызын 7 пайызға көтеру; ауыл қыстақтағы шаруалардың адам басындық жылдық таза табысын 150 юань  көлемінде жоғарылату жоспарланған.

Осы жоспардың алғашқы үш жылдағы орындалу жағдайы жөнінде үкіметтің мәліметтерінде төмендегідей көрсетілген: Қауырт игеру жоспары іске асырыла бастағаннан бергі Шыңжаңның 2000, 2001 және 2002 жылдағы ішкі өндірісінің жалпы құны 136.5 миллиард юань, 148.5 миллиард юань және 159.8 миллиард юань болды. Яғни ішкі өндірістің жалпы кұнының артуы 8.2 пайыз, 8.1 пайыз және 8.1 пайыз. Ал қала тұрғындарының 2000 жылғы табысы 5817 юань - 7.2 пайыз, 2001 жылғы табысы 6590 юань – 13.3 пайыз, 2003 жылғы табысы 6941 юань – 14.4 пайызға өскен. Ауыл-қыстақ тұрғындарының адам басындық таза кірісі 2000 жылы 1618 юань –9.8 пайыз, 2001 жылғы таза табысы 1700 юань – 5.7 пайыз, 2002 жылы таза табысы 1863 юань – 8.9 пайызға көтерілген [7. 416 б.]. Егер соңғы жылдардағы Шыңжаңдағы  қала қыстақтардың бет-бейнесінің шыт жаңа өзгергенін, көлік жолдары мен телефон байланысының жақсаруы мен арзандауын ескерсек, жоғарыда келтірілген биліктің сандық мәліметтерінің шындыққа жанасатынын аңғаруға болады.

Демек, бұл Қытайдың Батыс бөлікті игерудің алғашқы сатысындағы жетістіктері. Зор көлемдегі қауырт игеру екінші этаптан басталды. Оның негізгі құрылыстары жоспар бойынша жасалды. Солардың ішінде тек су құрылыстарын атап кетейік. Шыңжаң үкіметі жаңа су құрылыстарын салуды басты орынға қойды. Олар 2010 жылға дейін бірнеше өзендерді арнасынан бұрып ағызатын ірі каналдар мен су қоймаларын салды. Атап айтқанда Үрімжі қаласы мен Қарамайлы қаласының су проблемасын түбегейлі шешу үшін, Қара-Ертіс тен Жоңғар ойпаты арқылы Қарамайлы қаласына ағатын канал іске қосылды. Енді Қара-Ертіске құятын Буыршың өзенінен Үрімжі қаласына бағытталған ірі канал құрылысы қолға алынды. Сонымен қатар, ол шөлейт жерлерді басып өтетін бұл каналдың бойын жағалатып, тез өсетін ағаштар егіп, құмдауыт даладан жасыл белдеу жазира қалыптастырып, оны ағаш материалдар базасы мен сүтті сиыр өсіру базасына айналдыру шаралары да қатар жүргізілуде.

Ал Іле аймағында Іле өзенін бұру каналы мен үлкен су қоймасын салу құрылысы өзінің алғашқы жоспардағы жұмысын аяқтады. Бұл құрылыс Іленің Тоғызтарау  ауданы мен Текес ауданның қиылсқан қысаңында  салынды. Олардың Іле өзенінің белгілі мөлшерін бұрып ағызатын канал салудағы мақсаты екеу: біріншіден, Іле өңірінен 120 мың гектар тың жер игеріп, оны Шыңжаң биязы жүнді қойын өсіретін және ет пен сүтті бірдей беретін сиыр өсіретін  базаға айналыдыру; Екіншіден, Іле өзенінің негізгі қайнар көзінің бір саласы болған Көксу өзенін  Тянь-Шань тауының ар жағына тесіп өткізіп, онда суалып бара жатқан Айбиху көлінің экологиялық проблемасын шешуге пайдалану. Демек, Қытайдың Батыс аймақты игеруде немесе Шыңжаңды қауырт игеруде трансшекаралық Қара-Ертіс пен Іле өзендерінен жаңа каналдар салу мен ірі су қоймаларын жасауы, қалайда ол өзендерден Қазақстанға келетін су мөлшерін азайтатындығы сөзсіз, қазірдің өзінде азая бастады. Тек су мөлшері азайып қана қоймайды, сонымен қатар, ол өзендер бойындағы кәсіпорындардан шығарылатын лас сулар ол өзендерге құйылып кетпеуіне кепілідк жасалмаған. Сонда одан келетін зардапты алдымен Қазақстан тартады. Бұл мәселе екі ел қатынастарына жағымсыз жағдай тудыруы әбден мүмкін. Оны Қытай басшылары жақсы түсінеді. Сондықтан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға мемлекеттік сапармен барып Ху Цзинтаомен кездескенде, Қытай президентінің: «Қытай трансшекаралық су ресурстарын әділетті әрі тиімді пайдалануды жақтайды», - деген-ді. Әрине, бұл мәселе Қазақстанның назарынан қашанда тыс қалған емес. Нұрсұлтан Назарбаев транс өзендер мәселесін «ҚХР төрағасы Ху Цзинтаомен болған жоғары дәрежелі кездесуінде көтерген. Бұл мәселе бойынша, екі жақты келісімді жүзеге асыру үшін құрылған арнайы комисия жұмыс жасайды. Бірақ аталмыш мәселе қазірге дейін түбегейлі шешімін тапқан жоқ.

Дегенмен, Қытайдың Батыс аймақты игеруі немесе Шыңжаңды қауырт игеру жоспарының іске асырылуы Қазақстан үшін де көптеген тиіміді тұстары бар. Біз бұны толық ескеруіміз және одан пайдалана білуіміз қажет. Атап айтқанда ҚХР орталық үкіметі мен Шыңжаң билігі ішкері өлкелерден және шетелдерден инвестиция тартудың заңдық негіздерін жариялады. Қазір Шыңжаңға Орталық үкіметтің бюджетінен тыс, жергілікті үкіметтер мен ірі компаниялар және жеке саудагерлердің қаржысы құйылуда. Сонымен қатар Шыңжаңға жүз мыңдаған еңбек күштері де ағылып кеуде. Соның нәтижесінде, Шыңжаңның өндірісі дамып, базар нарығы кеңейіп келеді.

ҚХР Шыңжаң  ұйғыр автономиялы районы үкіметі 2000 жылы 30 тамызда «ШҰАР шетел инвесторларын инвестиция салуға ынталандырудың бірнеше саясаттық белгілемелерін» мәлімдеген. Ол жалпы 25 тараудан тұратын белгілемеде, инвестиция салатын жетекші өндіріс секторлары, жеңілдік саясаттары және тартылған инвестицияға кепілдік беру мәселелері нақтыланған. Аталмыш белгілеменің 5-ші тарауында: «Шетел кәсіпкерлерінің инвестициясымен құрылған кәсіпорындардың он жылдан артық жұмыс істегендеріне, шетел инвестициясы кәсіпорындары мен шетелдік кәсіпорындардың пайдасынан алынатын жергілікті салықтан босатылады» - деген сияқты, кәсіпкерлерге көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Соған орай, қытайлық және шетелдік кәсіпкерлер Шыңжаңға инвестиция сала бастады. Демек, Шыңжаңда қауырт игеру науқаны және соған сәйкес қабылданған заң ережелер мен саясаттық белгілемелер қазақстандық кәсіпкерлердің Шыңжаңға инвестиция салуына өте қолайлы болып отыр деп санаймыз. Өйткені Қытай үкіметі Шыңжаң тұрғындарының жалпы саны таяуда 30 миллионға жетеді деп отыр (іс жүзінде одан да көп болмақ). Тұрғындардың көп болуы әлеуметтік сұранысты арттырады, яғни оның өзі үлкен рынок. Оның үстіне Қытайдағы еңбек күш сапасының жоғары болуы өндірген тауардың өзіндік құнының жоғары болмауына және сапалы болуына кепілдік береді. Қазірдің өзінде Қазақстанда өндірілген азық-түлік пен сусындықтар Шыңжаң базарында жоғары сұранысқа ие. Сондықтан отандық азық-түлік, кәмпит және сусындық өнімдерді Шыңжаңға экспорт етуге бағыттау еліміз үшін пайдалы болмақ.

 2005 жылы мамырда Үрімжі қаласында өткен «Қазақстан мен Қытай- сауда және инвестиция әріптестер» атты бизнес-форумда  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөйлеген сөзінде: «қазақстандық және қытайлық кәсіпкерлердің бірлесіп қатысуы екі жаққа да тиімді, әрі пайдалы болатынын алға тартты. Сондай-ақ, Елбасы, осы мақсатқа қазақстандық кәсіпкерлердің инвестиция салуға қазірдің өзінде дайын екендігін жеткізді». Сондай-ақ оның нақтылы мысалы ретінде Елбасы Үрімжідегі арнайы экономикалық ауданға орын тепкен, шырын өндіретін «Райымбек-фуд» кәсіпорнының шымылдығын ашып берді. Бұл еліміздің Қытайда ашылған ең алғашқы кәсіпорны болды. Ендігі жерде осындай ынтымақтастықты дамытатын 30-дан астам келісімге қол қойылғандығы – екі ел кәсіпкерлердің өзара істестігі әлі кең көлемде дами түсетіндігінен дерек береді.

Елбасының осы реткі сапарында қол қойылған Қазақстаннан Қытайға мұнай құбырын тарту, жүк тасымалы көлемін арттыру сынды келісімдер негізінде,  2005 жылы бері екі елдің өзара барыс-келістері мен өзара ынтымақтастығы дамып келеді.

Қытайдың Батыс өңірі, Шыңжаң өлкесі қауырт игеріліп жатқанына қарамастан, Қытайдың Қазақстаннан астық алуға аса пейілді болып келеді. Өйткені Қазақстан азық-түлігі сапалы әрі жасыл өнімдер санатында болуымен ерекшеленеді.

Қытайлықтар Қазақстан астығын екі түрлі жолмен алып отыруды көздейді. Біріншіден, өндірілген дайын астықты тікелей импорт ету; екіншіден, Қазақстаннан егістік жерді жалға алып, астық егіп оның өнімдерін Қытай рыногына және шетелге шығарып пайдасын көру еді. Бірақ егістік жерлерді Қытайға жалға беруге халық қатты қарсылық танытқандықтан, Қазақстан билігі ондай қадамға баруға батылдық жасай алмады. Бұл да өз кезегінде дұрыс шешім болды. Өйткені ол жерді жалға беруден екі ел халықтары арасында қарама-қайшылықтың өршуінің алдын алды. Жақын көршілер арасында қашан да оқыс оқиғалар туындаудың алдын алып отыру  -  қалыптасқан тату көршілік қатынастарды сақтауға пайдалы деп санаймыз.

Түйін. Қытайдың Батыс бөлікті игеру, Шыңжаңды қауырт игеру саясаты – Қытайдың жалпы әлеуметтік дамудағы стратегиялық сипат алатын аса маңызды ұзақ мерзімдік жоба болып табылады. Қытайдың Батыс бөлігінің, әсіресе Шыңжаңның әлеуметтік экономикасының дамуы Қазақстан үшін пайдалы болмақ. Өйткені геоэкономикалық жақтан Қазақстан Қытайдың батыс бөлігімен, Шыңжаңмен сауда-экономикалық байланыста болады. Бай аймақтармен қарым-қатынаста болудың тиімділігін тілге тиек етпесек те түсінікті. Соңғы жылдары Шыңжаң қызметінің басымдылығы саяси қауіпсіздікке бұрылғанымен, Орталық үкіметтің Батыс бөлікті қауырт игеру, Шыңжаңды дамыту саясаты өзгермейді. Себебі, ҚКП ХІХ съезінде қабылданған қарада «Батыс бөлікті дамыту» [8]. Мемлекеттік Батыс бөлікті игеру жөніндегі сесеп-материалы қарастырылған. Оның үстіне Си Цзиньпин ұсынған «Бір белдеу – бір жол» халықаралық бастамасы да өз жалғасын табады. Бұл жобалар міндетті түрде Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты тереңдете түседі деп санаймыз.

Әдебиеттер

1. Жәнібек Кәрібжанов, Нәбижан Мұхаметқанұлы. «Қытайдың сыртқы саясаты және Қазақстанмен қатынасы». - Алматы: Қазақ университеті. – 2013, -49 б.

2. Зэн Фейюань. Мемлекеттік Батыс бөлікті игеру жөніндегі сесеп-материалы (国家西部开发报告). – Бейжиң. – 2003, 555 б.

3. Бұл да сонда.  556 б.

4. Электронды әдрс...

5. Бұл да сонда.

6. Бұл да сонда.

7. Зэн Фейюань. Мемлекеттік Батыс бөлікті игеру жөніндегі сесеп-материалы7 416 ,7 References

1.  Zhanibek Karibzhanov, Nabizhan Muhametkhanuli. «Kıtayding sirtki sayasati zhane Kazakstanmen katinasi». - Almati: Kazak universiteti. – 2013, -49 b.

2.   Zén Feiyuan. Memlekettik Batis bolikti igeru zhonindegi sesep-materialy (guó jiā xī bù kāi fā bào gào). Beijing. – 2003, 555 b.

3.  The same. 556 b.

4.  Web page…

5.  The same.

6.  The same.

7.  Memlekettik Batis bolikti igeru zhonindegi sesep-materialy (guó jiā xī bù kāi fā bào gào). Beijing. – 2003, 416 b.

Аннотация. Мақаланың бірінші бөлімінде Қытайдың Батыс бөлігін игеру стратегиясы қалыптасуының әлеуметтік-саяси алғы шарттары, стратегияның атқарылатын кеңістігі мен уақыты және кезеңдері пайымдалған. Сонымен қатар қазірге дейін ҚХР үкіметінің Батыс бөлікті игеру жобалары, қаржы көлемі және оны іске асыру жағдайы қарастырылған. Ал мақаланың екінші бөлімінде, Батыс бөлікті игеру стратегиясы аясында Шыңжаңды қауырт игеру саясаты, заң-ережелері, жоспары,  қаржы көлемі, көздеген мақсаты мен қазірге дейін қол жеткізген нәтижелері пайымдалған. Мақала Шыңжаңды қауырт игерудегі трансшекаралық өзендер суының азаюының Қазақстанға тиімсіз болатынын атап көрсетіп, Қытайдың Батыс бөлігін игерудің, әсіресе Шыңжаңды қауырт игеру барысында әлеуметтік экономикасының дамуы Қазақстан үшін пайдалы болады деген қорытынды шығарады.

  Түйін сөздер: Батыс бөлікті игеру, стратегия, Шыңжаңды қауырт игеру,  экономикалық даму, Қазақстанға тиімді.


Мухаметханулы Н., 

КазНУ им. аль-Фараби, Факультет востоковедения, Профессор кафедры китаеведения

Сергазы Е.,

КазНУ им. аль-Фараби, Магистрант 2-го курса кафедры китаеведения 

РЕЗЮМЕ 

В первой части статьи определяются социально-политические причины реализации стратегии освоения Западных районов КНР, время и этапы осуществления стратегии. Рассматриваются проекты правительства КНР по освоению Западных районов, финансовые вопросы и общие положения осуществления проекта. Во-второй части статьи рассматриваются политика развития Синьцзяна в рамках стратегии освоения Западных районов, законодательные акты, планы, объемы финансирования, преследуемые цели и достигнутые результаты развития на сегодняшний день. В статье отмечается, что уменьшение объемов воды трансграничных рек невыгодно Казахстану, но тем не менее, делается вывод о том, что освоение Западных районов КНР, особенно социально-экономическое развитие Синьцзяна очень выгодно Казахстану.

Ключевые слова: освоение Западных районов, стратегия, развитие Синьцзяна, экономическое развитие, выгодно Казахстану.

Mukametkhanuly N., 

al-Farabi KazNU, Faculty of Oriental Studies, Professor of the Department of Chinese Studies

Sergazy Ye. 

al-Farabi KazNU, 2nd Year Master's Student of the Department of Chinese Studies 


Summary

 In the first part of the article, the socio-political reasons for the implementation the development strategy of the Western regions of the PRC, the time and stages of implementing the strategy are determined. The projects of the PRC government on development of the Western regions, financial issues and general provisions of the project implementation are considered. In the second part of the article, the development policy of Xinjiang is considered as part of the development strategy of the Western regions, legislative acts, plans, amounts of funding, the goals pursued and the results of development to date. The article notes that the decrease in the water volume of Transboundary Rivers is unprofitable for Kazakhstan, nevertheless, that the development of the Western regions of the PRC, especially the social and economic development of Xinjiang, is very beneficial for Kazakhstan.

Key words: development of the Western regions, strategy, development of Xinjiang, economic development, beneficial to Kazakhstan.


No comments

To leave comment you must enter or register