Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 902/904 (574.5) РАХАТ ҚАЛАШЫҒЫНДАҒЫ 2017 ЖЫЛЫ ЖҮРГІЗІЛГЕН АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ІЗДЕНІС ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ КЕЙБІР ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ

Г.Р. Мұхтарова¹, Т.Ж. Тулегенов¹, Ж. Құрбанәлі¹ Дин Ян², Миау Ифей², Жау Хан Чин² ¹ «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі

ӘОЖ 902/904 (574.5) РАХАТ ҚАЛАШЫҒЫНДАҒЫ 2017 ЖЫЛЫ ЖҮРГІЗІЛГЕН АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ІЗДЕНІС ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ КЕЙБІР ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(14), 2018

Tags: сақ мәдениеті., стратиграфия, топография, керамика, қала-жүйесі, археология
Author:
Мақалада ерте темір дәуірі Рахат қалашығында жүргізілген археологиялық барлау және қазба жұмыстарының алғашқы нәтижесі қарастырылған. Жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде ерте темір дәуірінен бастап кейінгі ортағасырға дейінгі аралықтағы бұйымдар табылды. Барлау жұмыстары мен ескерткіштің құрылымдары – сол жердегі төбелердің адам қолымен жасалғандығы туралы болжамды растады. Қалашықта соңғы өмір сүру кезеңімен байланысты мәдени қабаттар ашылып, жаңа деректер легімен толықтырылды.
Text:

df6ca8dd8a51abd351fd22b9d5708b94.jpg

Сурет 1 – Рахат қалашығының нақты өлшемдері


d919992f15e334c65c13ac59ed98c9c7.jpg

Сурет 2 – Рахат қалашығы аумағының рельефті жоспары


9aba74ec2eed9cb18d58e7931b7e9f80.jpg

Сурет 3 – Рахат қалашығы. Шығыс-батыс бағыттағы сызба


e404bf9ca26f05e7ccf173f0cb655657.jpg

Сурет 4 – Рахат қалашығы. Оңтүстік-солтүстік бағыттағы сызба


64ae19754eb87dfde5a41af3f9c26a4b.jpg

Сурет 5 – Рахат қалашығы. Қазба орны


7162f2f10fc51bb70d718eff855e531a.JPG

Сурет 6 – Рахат қалашығы. Қазба барысы


d9c744c0d7d7f602ad4291fc4d619c2a.JPG

Сурет 7 – Ескерткіштің стратиграфиясын түсіру жұмыстарынан көрінісі


c625f285dacdd43e232e3d0d39484553.jpg

Сурет 8 – Қазбадан табылған қыш ыдыстың бөлшектері


937294b9168b0a29363f247cb8325413.jpg

Сурет 9 – Стратиграфиялык кесік


990cf5ab12277af0495eafd8225d3a2d.JPG

Сурет 10 – Сүйектен жасалған бұйымдар


30c681255e7a3d013206383ce6106073.JPG

Сурет 11 – Сүйектен жасалған бұйымдар



Бүгінгі таңда Есік – Түрген қосөзендерінің алқабында ондаған қоныстар мен қалашықтар анықталды. Есік аумағында Рахат және Өрікті қалашықтарымен бірге, оларға іргелес жүйені құрайтын кішігірім тұрақтар бар. Олар 1999 жылғы «Алтын адам» ассоциациясы тарапынан ашылды (Б.Н. Нұрмұханбетов).

Сақ мәдениетінің аталмыш ескерткіштері «Есік» қорық-музейінің қорғау аумағында орналасқан. Олар қоныстар, сонымен бірге қалашықтар (өте берік сарай мен ғибадатхана құрылыстары) ретінде сипатталады.

2004 жылы Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты қызметкерлері Рахат қалашығын барлау мақсатында қазба жұмыстарын жүргізді. Орталық төбенің солтүстік-шығыс шетінде көлемдері 4х4 м стратиграфиялық бақылау (шурф) салынды. Беткі қабатын алып тазартылғаннан кейін көзешінің шырағы мен керамика сынықтары (құлақтары, түбі және ыдыс бүйірлері), мұрыншасы бар қыш майшам, үй жануарларының сүйектері табылды. Одан арғы тазалау жұмыстары қабырға бөлігін және көлемі 50 см-ге дейін жететін екі шаруашылық шұңқырын (күйдірілген іздері бар) анықтауға мүмкіндік берді. Табылған материалдар қоныстың жоғарғы қабаты ортағасырлық мерзім деп ой түйуге мүмкіндік берді [1,17-б].

2017 жылдың мамыр-шілде айларында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі (Қазақстан) мен Шанси аймақтық археологиялық институты (ҚХР) бірлесіп, Іле Алатауының етегіндегі тегіс келген екінші терассаның солтүстік шетінде, Тасмұрын шатқалына кіре беріс тұста орналасқан атақты сақ-үйсіндердің Рахат қала жұртына, сонымен қатар қала маңындағы ескерткіштерге алғашқы барлау және қазба жұмыстарын жүргізді. Ескерткіштің «Есік қорымына» жақын жатуы, ерте көшпелілер мәдениеті жөнінде жаңа мәліметтер алу мақсатында қалашықта зерттеулер жүргізуге ұштасты.

Халықаралық ғылыми-зерттеу жұмыстарының басты мақсаты ескерткіштің стратиграфиясын, уақытын, құрылымын және археологиялық кешенін зерттеу болып табылады. Осы мақсатта қалашық маңында бірнеше барлау-бақылау кесінділері жасалынды. 

Рахат қалашығы «Рахат» ауылының оңтүстік-шығыс шетінде, аттас өзеннің сол жағалауында, Есік-Талғар трассасының бойында орналасқан (GPS – географиялық координаттары: N: 43º20.250'; E: 077º22.614'). Орналасуы мен сыртқы құрылымына қарап алғашқы болжамдар бұл қалашықты – сақ-үйсін дәуіріне қатысты қала-бекініс деп отырмыз (1-сурет). Әлемге әйгілі болған «Алтын адам» да осы қала жұрттың маңында жерленген. Рахат секілді маңызды қалашықтардың ғылыми-тарихи және археологиялық әдебиеттерге енгізілмей, белгісіз қалпында қалуы өте қызықты жағдай болып табылады. Алайда, 1953 жылы Г.С.Мартынов айтқан сақ қазаны мен құрбандық тақтасының табылған жері «Рахат» қалашығы болды (қараңыз «Археологическая карта Казахстана» А-А, 1960, стр.310, №4302). Г.С. Мартынов мұнда қала жайлы ешбір дерек келтірмейді. Осы негізде «Рахат» қалашығына ұқсас құрылыстарды Алдыңғы Азия (Месопотамия) мен Орталық Америкадағы (майя мәдениеті) кешендерімен ғана салыстыруға болады. Рахат қалашығының мұнара-қамалдары зиккураттар секілді алғашында төбе тұрғызылып, оның үстіне қажетті құрылыстар салынып сипатталуымен де өте маңызды болды. [2, 252-б].

Археологиялық қазба жұмыстары барысында белгіленген нысанның мәдени қабатын анықтауға арналған арнайы тескіш құрылғысы, сонымен қатар, лазерлі тахеометр өлшеу құрылғысы мен AutoCAD, ArcGIS жүйесінде өңделетін жоғары дәлдіктегі RTK аппараты қолданылып, үш өлшемді сурет түсіру құрылғысы, аэрофото түсірілім және басқа да заманауи технологияларды пайдалана отырып өте құнды археологиялық материалдарға қол жеткізілді.  

Қалашықтың жоспарын биік үйілген сегіз төбе құраса (2-сурет), орталық төбе жоспары тік төртбұрыш пішінді, қалашықтың орталық бөлігінде орналасқан (№-1 биік төбе), биік конус тәрізді төбенің жоғары бөлігінің ені тарлау, ал астыңғы табаны жалпақтау платформа тәрізді келген, биіктігі 18 метр, жоғарғы бетінің аумағы 3200 шаршы метр, орталық бөлікті айнала жасалған орлар қоршап тұр, ордың сыртқы қабырғасының диаметрі шамамен 220 метрді құрайды және айналасын бес бірдей созылып жатқан үйінді топырақ қоршаған. Рахат қалашығы территориясының жалпы аумағы 250 мың шаршы метрді құрайды. Археологиялық барлау-бақылау жұмыстарының арқасында № 1 биік төбенің жоғарғы бөлігіндегі қалыптасқан мәдени қабатының қалындығы 0,7 метр екенін анықталды. Бірінші ордың сыртқы шығыс бөлігіндегі жазықтау беткейіндегі мәдени қабаты біршама қалындау (терең), мөлшермен 2 метрді құрайды. Ал батыс бөлігінде қалыптасқан мәдени қабаты жұқалау, шамамен 1,0 метр қалыңдықты құрайды. Осы биік төбенің солтүстік жағындағы орналасқан бірінші ордың ортаңғы бөлігіндегі 4,4 метр қалыңдықтағы мәдени қабатты ең қалыңы деп айтуға болады. Биік төбені қоршаған екінші ордың солтүстік яғни, сыртқы жағында да қалыңдығы 0,4-1 метр шамасындағы ауқымды мәдени қабат қалыптасқан. Сонымен қатар зерттеу жұмыстары барысында қалашықтың нақты өлшемдері мен биік нүктелері анықталып, жобасы мен кесіндісі сызбаға түсірілді (3-4 сурет).  

Қалашық үш қамал кешендерінен тұратын шығыстан батысқа қарай тау сілемінде созылып жатқан жүйені құрайды. Қамалдардың көлемдері әртүрлі болғанымен, орталықтағы цитаделі (№-1 биік төбе) мен оларды қоршаған қамал қабырғалары ұқсас келеді. Мұнда қиық пирамида тәрізді бірнеше мұнаралары бар көлемді қамал кешендерден тұратын цитадель анық байқалады. Анағұрлым көлемді мұнаралардың биіктігі 75 метрден асады. Басқа мұнаралар негізгі мұнарадан алшақ орналасқан және көлемдері кішірек болып келеді.  

Цитаделдің оңтүстік жағында шахристанның орны болуы мүмкін тегіс жазықтық көрініп тұр. Қалашық цитадельден шығысқа қарай созылып жатқан негіздері бірдей мұнараларды құрайтын кішірек келген, қиық пирамида тәрізді мұнаралармен жалғасып жатыр. Осы тұста айта кететін мәселе, қаланың сумен қамтамасыз етілуі де осы таудан келетін ағын сулармен тікелей байланысты болуы мүмкін. Себебі таудан ағатын судың орындары бүгінге дейін терең ор болып сақталып қалған, әрі су жүретін ірі жылға қаланың оңтүстігінен келіп, шығыс қабырғаны сыртынан бойлай отырып солтүстік тұсына қарай жайыла келіп, көрінбей кетеді. Мұндай жүйе оңтүстік өлкелердегі қалаларда жиі байқалады [3, 174-б.]. 

Рахат қалашығы алаңында аумағы 32 шаршы метр құрайтын үш орынға бақылау-барлау қазба жұмысы жүргізілді. Мәдени қабатын анықтау үшін жүргізілген бұл нысанды шартты түрде қазба 1 (№ TG1) деген белгі қойылды. Қазба орны биік төбенің солтүстік жағындағы бірінші ордың ортаңғы бөлігіне орналастырылды (5-сурет). Қазба нысанының бағыты (азимут 20°), оңтүстіктен солтүстікке қарай (ұзындығы) 10 метр, шығыстан батысқа қарай (ені) 2 метр, тереңдігі 4,4 метрлік қазба жасалынды (6-сурет).   

Біздің бастапқы шым-топырақ қабатын тазарту барысында шөп пен топырақ қабаты қалыңдау келгенін байқадық. Ол өз кезегінде күрекпен жұмыс істеуге қолайлық туғызды. Қ-1-дегі (№TG1) стратиграфиялық кесінді қалыптасуы бастапқыда 9 қабатқа бөлінді (7-сурет), әр қабаттың орталық бөлігі ойық, ал оңтүстік пен солтүстікке қарай екі басы жоғары тік созылған, яғни шұңқырдың ішіндегі жиналған топырақтың пішіні ордың көлденең қимасының ойығымен бірдей болып шықты. Бұл жерде жалпы 13 мәдени қалдықтың, оның ішінде 1 күл шұңқыры, 2 күл ошағы, 2 пеш, 6 пештің беті (тас плиталар) және 2 тасты құралдың орны анықталды. Зерттеулер барысында ерте кезеңдегі пештер мен тас плиталар ордың орта бөлігіндегі ойық жерінде орналасқаны, ал кейінгі пештер мен ошақтар ордың оңтүстік жағындағы аумақтан тысқары жерде орналасқандығы анықталды. Бұл заттардың (артефактінің) орналасқан орны жер қыртысының көтерілуіне байланысты бірте-бірте оңтүстік жағындағы жерден тысқары аймаққа қарай жылжиды, бұл қауіпті жағдайдан қашуға бейімделуге деген талпыныс болуы мүмкін.

Жұмыс барысында екінші қабаттың төменгі жағында (Z4), қазба нысанның оңтүстік жарты бөлігінде орналасқан№ 4 плита беті (ауызы) жағы табылды. Бет жағы дөңгеленген, біршама жоғары температурада күйдірілген диаметрі шамамен 60 см, қалыңдығы 8 см және жер бетіне дейін шамамен 80 см. сұр түсті қалдығы қалған.  Анатомия бойынша, бұл күйдірілген пештің беті негізінен екіқабатқа бөлінеді: біріншіқабат (үстіңгіқабаты) аса қатты, түсі қызыл қоңыр, қалыңдығы 3-5 см, ал орталық бөлігі шет жағымен салыстырғанда біршама қалыңырақ болды. Екіншіқабаттың топырағы өте тығыз, қалыңдығы 3 см құрайды.

Кесінді-қазбаның үшінші қабатының астыңғы жағында (L2), қазба нысанының орта бөлігінде орналасқан № 2 пеш аузы, бет жағы сопақша келген, аузы жағының ені 20 см, ұзындығы 30 см, төменгі жағының ені 8 см, тереңдігі 12 см, жердің бетіне дейінгі тереңдігі 120 см. Пештің ішінде кішкене түйіршектелген тастар бар (L1 де де бар). Пештің қабырғасының күю деңгейі нашар, алайда, шекаралас аумағы әлі де айқын көрінеді. Бұл пештің айналасы сары топырақпен қоршалған, топырақтың ені 43 см-ді құрайды. Онымен қатарлас тұрған топырақтың құрамы (түсі) өзгеше болғандықтан басқа жақтан тасып әкелген топырақ деген болжам жасалды.

Аталмыш қазба орнынан 80 данадан астам темір, қыш, тас, сүйектердің бөлшектері табылды. Бұл бөлшектерден ішінде қызыл, қоңыр және құмды қыштар, майда және ірі құм аралас жасалған қыш түрі де кездесті. Екі түрлі қыштың күйдіру температурасы біршама жоғары болды. Табылған артефактілер негізгінен - темір пышақтар, қыш құмыраларының сынықтары, жүздері бүдірлі құралдар және бүйірі тегіс кесілген тас құралдар болып келеді.  

Қыш құмыралардың басым көпшілігінің жиектері жалпақ, бүйірі дөңес келген (8-сурет). Табылған артефактілердің ішінде қыш ыдыстың бүйірлері әлдеқайда көбірек табылды. Ыдыс тұтқаларының пішіні ойық тәрізді тұтқа, жарты құлақты тұтқалар және т.б  сан алуан түрлі және әр түрлі өлшемде болды. Қыш ыдыстарының түбі негізінен дөңес болып келгенмен, алайда, түбі тегіс ыдыстар да кездесті. Бұл ыдыстардың жасалу әдісі орашолақтау, жасалу іздері айқын емес, негізінен тым қарапайым жасалған деп айтуға болады. Қазба орнында екі жерден жиналған тастар табылды, олардың арасындағы үш тастың бір жағы адам қолымен кесілген сияқты болды. Олардың біреуі – кесілген беті мен қимасы тік төртбұрышты келген, ұзындығы - 30, ені - 20, қалыңдығы – 8-15 см құрайды. Аталмыш тастар бір деңгейде орналастырылып, тұмсықтары бір-біріне қарай бағыттала қойылған.

Бұл қазба орны тұрмыстық-шаруашылық шұңқыры болуы әбден мүмкін. Себебі көп мөлшерде табылған артефактілердің бәрі дерлік бүтін күйінде сақталмаған (9-сурет).

Қазба жұмыс барысында сиыр, қойдың сүйектері көптеп кездеседі, сонымен қатар жылқы және иттердің сүйектері сынды жануарлардың сүйектері де көптеп табылды. Бұл сүйектерді адамдар тұтынып болғаннан кейін қалдырған деген болжам бар. Сүйек құралдардан 2 дана сүйек әшекейі (10-11-сурет), 1 дана сүйек қашау ғана табылды. 

Бұдан басқа, Рахат қалашағының маңынан сақ-үйсін кезеңінің жерлеу орны табылды. Бұл жерлеу орнын Рахат ауылының тұрғыны А.А. Тұрлыбаев Түнғатар көшесінің қиылысында су құбырын орнату кезінде кездейсоқ байқаған (GPS- географиялық координаттары - 43° 22.363, 077° 21.458'). Куәгердің айтуы бойынша су арнасын қазу барысында орташа көлемдегі өзеннің малта тастарынан құралған біраз тастар алынып тасталған. А.Түрлібаев түрлі өлшемдегі 2 қыш ыдысты қазып алған. Алайда, қабірдегі қыш бұйымдарының орналасқан жері белгісіз боп қалды. Сыртқы сипаты мен ыдыстың пішініне қарағанда, бұл жерлеу орнын сақ-үйсін дәуірі деп болжауға болады. Бұл маңда басқа да жерлеу орындары болуы әбден мүмкін. Жоғарыда аталып отырған қыш бұйымдар қорық-музейдің қорына сыйға беріліп, ол бұйымдар қалпына келтіріліп, ғылыми тұрғыдан құжатталды.

Бастапқы деректер бойынша Рахат қалашығындағы №1 биік төбені өте сәтті цитадель ретінде пайдаланған, оның жан-жағы орлармен қоршалған, биік төбенің маңайында тұрғындар тұруға арналған аймақтар болған, олардың арасында қолөнершілердің мекендеген тұрақтары қалған.

Қазіргі уақытта табылған қыш бұйымдарыныңсынықтары негізінде, Рахат қала жұртының мәдени қабатының ең кейінгі кезеңі орта ғасыр, яғни XIII ғасырды қамтиды, ең ерте кезеңі ерте темір дәуірі (б.з.д VII-III ғғ.) болуы мүмкін [4, 122 б.]. Археологиялық  барлау мен жүргізілген қазбалар нәтижесін қортындылай келе, Есік және Түрген өзендерінің аралығында, Қайназар, Рахат, Өрікті және Алмалы ауылдарының маңындағы ұзындығы шамамен 30 шақырымға созылған алапта біршама қоныс орындары бой көтерген деп айта аламыз. Есік қорымына қарама-қарсы тұста орналасқан Рахат қала жұрты басқа ескерткіштермен салыстырғанда аумағы мен көлемі аса үлкен болғандықтан Рахаттың мәртебесі жоғары болған деп есептейміз. Рахат қалашағына ұқсас ескеркіштер кешені Оңтүстік Қазақстан, Алтай және Сібір өңірлерінің ерте темір дәуірлеріне қатысты қалалық жүйелерде кездеседі. Бірақ қазба жұмыстары аяғына дейін толық жетпегендіктен, нақты тұжырым айтуға әлі ерте деп ойлаймыз. Болашақта зерттеулерді одан әрі жалғастыра отырып ерте мәдени қабаттарды анықтау және жаңа мәліметтерді алу үшін қазбаның аумағын ұлғайта түсу қажет.  

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1.  Нұрмұханбетов Б.Н., Ахатов Г.А., Бермағамбетов А.Ж. Есік қорымындағы археологиялық зерттеулер // Мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша 2005 жылғы археологиялық зерттеулер жайлы есеп. – Алматы, 2005. 17-19 бб.

2.  Нурмуханбетов Б.Н., Тулегенов Т.Ж., Джасыбаев Е.А. Городища Рахат и Орикты – резиденции сакских царей и города сакской элиты // Восхождения к вершинам археологии: сборник материалов международной научной конференции «Древние и средневековые государства на территории Казахстана», посвященной 90-летию со дня рождения К.А. Акишева. – Алматы, 2014. – C. 248–256.

3.  Төлеубаев Ә.Т., Жұматаев Р.С., Шағырбаев М.С. Ортағасырлық Жайпақ қаласына 2016 жүргізілген қазба жұмыстарының кейбір қорытындылары // Сборник материалов Международной научно-практической конференции «Новые методы исследования в археологии» в рамках государственной программы «Народ в потоке истории», приуроченной к 25-летию Независимости Республики Казахстан. 30 ноября 2016 г. – Алматы, 2016 – С.172-182.

4.  穆哈托罗瓦古里米拉. 图乐根沃夫图勒克. 库尔班阿力贾孜拉, 丁岩, 苗义飞, 赵汗青. «拉哈特古城遗址调查与试掘», 中国考古与文物报, 2017 年第6 期, 121-123 页.

References

1.  Nurmkhanbetov B.N., Akhatov G.A., Bermaambambetov A.Zh. Esik qorımındagı arxeologïyalıq zertteuler // Memlekettik "Madenï mura" bagdarlaması boyınşa 2005 jılgı arxeologïyalıq zertteuler zhailly esep. – Almaty, 2005. p. 17-19.

2.  Nurmukhanbetov B.N., Tulegenov T.Zh., Dzhasybayev E.A. Rakhat and Orykta hillforts - the residence of the Saka kings and the city of the Saka elite // Ascents to the heights of archeology: a collection of materials of the international scientific conference "Ancient and medieval states on the territory of Kazakhstan", dedicated to the 90th anniversary of the birth of KA. Akisheva. - Almaty, 2014. - C. 248-256.

3.  Toleubayev Ə.T., Zhumatayev R.S., Shagyrbayev M.S. Ortagasyrlyk Zhaypakˌ kalasyna 2016 zhurgízílgen kazba zhumystarynyn keybír korytyndylary // Sbornik materialov Mezhdunarodnoy nauchno-prakticheskoy konferentsii «Novyye metody issledovaniya v arkheologii» v ramkakh gosudarstvennoy programmy «Narod v potoke istorii», priurochennoy k 25-letiyu Nezavisimosti Respubliki Kazakhstan. 30 noyabrya 2016 g. - Almaty, 2016 - P.172-182.

4.  穆哈托罗瓦古里米拉. 图乐根沃夫图勒克. 库尔班阿力贾孜拉丁岩苗义飞赵汗青. «拉哈特古城遗址调查与试掘», 中国考古与文物报, 2017 年第6 期, 121-123 页.

Г.Р. Мухтарова¹, Т.Ж. Тулегенов¹, Ж. Курбанали¹

Дин Ян², Миау Ифей², Жау Хан Чин²

¹ Государственный историко-культурный заповедник-музей «Иссык» Есик, Казахстан 

² Институт археологии провинции «Шанси» Шиан, Китайская Народная Республика

НЕКОТОРЫЕ ИТОГИ ПРОВЕДЕННЫХ АРХЕОЛОГИЧЕСКИХ ИЗЫСКАТЕЛЬСКИХ РАБОТ НА ГОРОДИЩЕ РАХАТ В 2017 ГОДУ

Резюме

  В статье рассматриваются результаты совместных археологических исследовательских работ на городище Рахат произведенных сотрудниками заповедника-музея «Иссык» и Института археологии провинции Шанси (КНР). В результате полевых разведовательных изысканий были обнаружены артефакты относящиеся к периодам от раннего железного века до позднего средневековья. Реализация совместных исследований выявила необходимость расширения площади раскопок для получения более информативного материала и выявления более ранних культурных пластов.

  Ключевые слова: археология, городская система, керамика, топография, стратиграфия, сакская культура.

G.R. Mukhtarova¹, T.Zh. Tulegeenov¹, Zh. Kurbanali¹

Ding Yan², Miao Yifei², Zhao Hanging²

¹The State Historical and Cultural Reserve-Museum "Issyk"Esik, Kazakhstan

²Institut of Archeology of Shansi «Province» Shian, People's Republic of China

SOME RESULTS OF THE ARCHAEOLOGICAL

EXAMINING WORKS ON THE CITY OF RAHAT IN 2017

Summary

  The article discusses the results of joint archaeological research work on the Rakhat ancient settlement made by the employees of the Issyk Reserve Museum and the Chancery Institute of Archeology in China. As a result of field exploration, artifacts dating back to the early Iron Age to the late Middle Ages were discovered. The implementation of joint research has identified the need to expand the excavation area to obtain more informative material and to identify earlier cultural layers.

  Key words: archeology, urban system, ceramics, topography, stratigraphy, saka culture.


No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 4533

No reviews

Download files

Тулегенов_РАХАТ ҚАЛАШЫҒЫНДАҒЫ 2017 ЖЫЛЫ ЖҮРГІЗІЛГЕН АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ІЗДЕНІС ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ КЕЙБІР ҚОРЫТЫ 0.09 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ИЗУЧЕНИЕ КОЛЛЕКЦИЙ КАМЕННОГО ИНВЕНТАРЯ В ФОНДАХ АКТЮБИНСКОГО ОБЛАСТНОГО ИСТОРИКО-КРАЕВЕДЧЕСКОГО МУЗЕЯ УДК 902/904 (574.13) «ЕСІК» ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІ ҚОРЫНДАҒЫ ӘШЕКЕЙ БҰЙЫМДАР КОЛЛЕКЦИЯСЫ ӘОЖ 902/904 (574.5) РАХАТ ҚАЛАШЫҒЫНДАҒЫ 2017 ЖЫЛЫ ЖҮРГІЗІЛГЕН АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ІЗДЕНІС ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ КЕЙБІР ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ 902 (574) С.С.Черниковтің Шілікті жазығындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеуге қосқан үлесі 903/904 (574) ДАУЫЛБАЙ ҚОРЫМЫНДАҒЫ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ УДК 902.2 «СТОРОЖЕВЫЕ БАШНИ» ИСПИДЖАБА» (предварительные итоги)

Author's articles

ӘОЖ 902/904 (574.5) РАХАТ ҚАЛАШЫҒЫНДАҒЫ 2017 ЖЫЛЫ ЖҮРГІЗІЛГЕН АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ІЗДЕНІС ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ КЕЙБІР ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ