Яндекс.Метрика
Home » Materials » Шыңғыстау көтерілісі: жаңа деректер негізінде зерттеу

Жанбосинова А.С., т.ғ.д., профессор Жириндинова Қ.Р., тарих магистрі, 6D020300 – «Тарих» мамандығының докторанты С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Өскемен қ.

Шыңғыстау көтерілісі: жаңа деректер негізінде зерттеу

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(13), 2018

Tags: БМСБ., қарсылық, қуғынсүргін, тәркілеу, реэмиграция, көшу, шыңғыстау көтерілісі, көтеріліс, ұжымдастыру
Author:
Авторлар аймақтық деректердің негізінде ұжымдастыру және шаруалардың наразылықтары тарихымен байланысты көріністерді қарастырады. Күштеу саясатының заңнамалық актілері қазақ қоғамының дәстүрлі өмір салтын бұзып, шаруалардың жаппай көшу, көтеріліске шығу сияқты қарсылықтарын қалыптастырды. Ғылыми айналымға енгізілетін мұрағат деректері Шыңғыстау көтерілісі туралы жаңа тарихи фактілерді дәлелдеп, көтерілістің көшбасшыларын анықтап, мерзімдік шеңберін айқындай түседі. Авторлар 1937 жылдың оқиғаларымен тарихи сабақтастықты көрсеткен.
Text:

Кіріспе

Қазақстанның тарих ғылымының қазіргі кезеңінде  ұжымдастыру тарихы, шаруалардың наразылықтары, бай-кулактарды тап ретінде жою және тағы басқа  кеңестік кезеңнің «ақтаңдақты» мәселелерімен байланысты сұрақтарды отандық тарихшылар қайта қарап, өздерінің объективті бағаларын берді. ХХ ғасырдың соңынан бастап, ақпараттық кеңістік «мұрағаттық төңкерістің» нәтижесінде жаңа тарихи шындықтардың көрінісін сипаттайтын көптеген қызықты ғылыми жарияланымдармен толықтырылды. Ш.Уалиханов атындағы тарих және этнология институты қызметкерлерінің кешенді зерттеушілік бағыттары күштеп ұжымдастырудың орны толмас, көлемді зардаптарын анықтауға мүмкіндік берді.

Осыған сәйкес, бұл мәселелер бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, бізді аймақтық зерттеулерді нығайтып, өлкетанушылық мәселелерді кеңінен зерттеуге бағыттайды. Ұсынып отырған тақырыптың өзектілігі, ауыл шаруашылығын күштеп модернизациялау жылдарында Шығыс Қазақстанның аумағы шаруалардың бұқаралық наразылықтарының ірі ошақтары бола тұрса да, әлі де болса, толығымен зерттеушілік жарияланымдардың  (немесе толық зерттеу пәні болмағандығы) болмауынан туындап отыр.

Талқылау.

Күштеп ұжымдастыру мен тәркілеу мәселелері Қазақстанның, Ресейдің, жалпы алыс және жақын шет елдердің танымал ғалымдарының еңбектерінде көрініс тауып, қарастырылған.

Тарихшылардың ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдағы басындағы ғылыми еңбектері Қазақстанның тарихнамасының жаңа белесі болып табылады. Қазақстан тарихының «ақтаңдақтарын» жоюда елеулі үлес қосқан алғашқы зерттеушілердің бірі – М.Қозыбаев. Қазақ халқының 1930 жылдардағы қасіреті Ж.Әбілхожин, М.Қозыбаев, М.Тәтімов сияқты ғалымдардың еңбектерінің арқасында белгілі болып, ғылыми кеңістіктегі өзекті мәселелерге айналды [1].  Сонымен қатар, байлар мен кулактардың жер аударылған орындары мен аумағы көрсетілген Қазақстандағы көші – қон мәселесін Н.Алексеенко, А.Алексеенко зерттеді [2]. Қазақ қоғамы экономикасының дәстүрлі  жүйесінің құлдырауы мен оның зардаптарын М.Омаров [3]  пен Т.Омарбеков [4] зерттеп, тұжырымды бағаларын берді.

Ресей тарихшылары ұжымдастырудың күштеу тәсілдерін, шаруа отбасыларын тәркілеу мен жер аударудың қуғын – сүргіндік түрлерін, заңнамалық базасын талдап, мемлекеттің ауылдағы (деревня) қуғын – сүргін саясатының көлемді бағыттарын терең және жан-жақты зерттеді. Сталиндік «жоғарыдан төңкерістерін», тәркілеудің кезеңдерін, шаруа отбасыларын орналастыру көлемі мен географиясын, оларды «еңбекпен тәрбиелеу» бағыттарын Н.А.Ивницкий қарастырды [5]; Коми мысалында кулактарды тап ретінде жою үрдісін Г.Ф.Добронежко зерттеді [6]; кулактарға қатысты қуғын – сүргін саясатын жүзеге асыру  мәселелерін С.Красильников [7] талдады.

Ұсынылған мақаланың әдіснамалық негізі П.Бурдьенің теориялық тұжырымдамасына негізделеді. Оның пікірі бойынша құжаттық жәдігерлерді, яғни мұрағаттық материалдарды, тарихи деректерді түсіну, олардың мазмұнына әсер еткен әлеуметтік – мәдени құрылымдармен өзара байланыста қарастыру қажет. 

Біз мақала жазу барысында жалпы ғылыми тәсілдерге сүйендік: талдау, жүйелеу, дедукция, индукция, статистикалық тәсіл; арнайы тарихи тәсілдер; пәнаралық зерттеудегі ғылыми тәсілдер, соның ішінде ауызша сұхбат.

Қолданған тәсілдердің көлемі зерттеу тақырыбын ашуға, оның терең үрдістерін түсінуге мүмкіндік берді.

Нәтижелері:

Мәжбүрлеп индустрияландыру, сыртқы ортадан тәуелсіз өнеркәсіпті дамыған мемлекеттің негізін құру мақсаты, бұл үрдісті жүзеге асыратын қаржы көзін қажет етті. Сондықтан, ауыл шаруашылығы елдің индустриалды жоспарының негізгі көзі табылды. Сонымен қатар, ауылдың құндылықты бағыттарын қалыптастыратын байларды және шаруаның жекеше ойлау қабілеттерін жою мақсаты көзделіп, қазақ ауылы қатынастарының дәстүрлі құрылымын түп-тамырымен  жойып, социалистік қатынастардың жаңа түрін қалыптастыруға тырысты.

Осындай көлемді міндеттерді жүзеге асыру үшін Қазақстанның саяси бюросы 1928 жылдың 9 тамызындағы БКП (б) –нің Орталық комитетінің Қаулысының негізінде Қазақ өлкелік комитетіне 1928 жылдың 1 қыркүйегіне дейін БОАК-нің қаулысында қарастырған белгілерге сәйкес, ауылды кеңестендіруге өзінің мүліктік және қоғамдық ықпалымен қарсы болып отырған жергілікті тұрғындардың ірі мал иелеріне бейтарап есеп жүргізіп, олардың ішінен ең қауіптілерін таңдау жөнінде ұсыныс береді.

Осындай сұрыптаудан кейін, тәркілеу мен жер аударуға жататын шаруашылықтардың тізімі жергілікті жерлерге жіберілді. Байларды жер аудару үшін орталық және округтік комиссиялар құрылды. Жер аударудың соңғы мерзімі 1928 жылдың 1 қарашасына белгіленді.

Бүкіл елдегі сияқты Семей губерниясында да төтенше шараларды қолдана отырып, ірі байлар мен кулактарды тәркілеу саясаты жүзеге асырылды. Кейінірек, Ф.Голощекин былай көрсеткен: «Төтенше шараларды қолдану барлық жерде жүргізілді, бірақ Семей губерниясында экономикалық және саяси орындылығына байланысты, ол кеңінен және одан әрі қолданылды...» [8, 3-7 п.].

Қазақ ауылының құрылымын өзгертудің заңнамалық негізі 1928 жылы 28 тамызда қабылданған «Ірі байлар мен жартылай феодалдарды тәркілеу мен жер аудару» туралы декрет болды.

Үкіметтің бұл саясатына наразылық қазақ отбасылары Қытайға көшуі болды. Тамыз айының алғашқы 10 күнінде Тарбағатай ауданынан 260 киіз  үй – отбасылар көшіп кеткен  [9, 40 п.].

50 - Зайсан шекаралық отрядының хабарламаларында былай көрсетілген: «Біздің шекаралық аудандардың қылмыстық элементі өздерінің қылмыстық әрекеттерінің жауапкершілігінен құтылу үшін, Қытаймен шекара жолағындағы қазақ тұрғындары арасыннан жақтастарын тауып, солардың көмегімен шекараны бұзып, біздің шекаралық аумақтағы тұрғындарға қоқан-лоқы көрсетіп, тонап, тұрғындарды өздерімен бірге Қытай аумағына алып кетіп жатыр». 50 шекаралық отрядтың бастығы Қытайға 2720 отбасы, 47200 бас малымен кеткендігін хабарлаған. Кордон асқандардың толық тізімі беріліп, шекаралық отряд бастығы көшпелілердің Қытай жағынан шабуылдаушыларға бағынып, бандиттермен кеткендігі туралы жалған айтқан. Тек 1931 жылдың қыркүйек айында ғана Қытайға көшуді ұйымдастырғаны үшін 45 адам ұсталған [10, 107-116 п.].

БМСБ -ның Катонқарағай аудандық бөлімі  Шынғыстау заставасының 1931 жылдың 5 маусымында берген мәліметі бойынша Қалғұты деген жерде 5 үш сызықты, 10 төрт сызықты мылтықтармен, қалғандары аңшы мылтықтарымен қаруланған 60 адамнан тұратын банда пайда болған. Олардың қолдауымен 4 маусымда 500 аула малымен Қытайға қарай бағыт ұстаған  [11, 26 п.].

Қытайға көшудің күшеюіне байланысты БМСБ -ның шекаралық пунктері келесі шараларды заңдастыруды сұраған:

1. Қытайға заңсыз көшу мақсатында жиналған кезде ұсталған немесе көшуге тырысқаны анықталған барлық байлар мен кулактарды шекара жолағынан 100 шақырымнан асатын жерлерге жер аудару.

2. Отбасылары мен мүліктері шет елге асып кеткен байларды шұғыл түрде шекара жолағынан 100 шақырымнан асатын жерлерге жер аудару. 

3. Егер отбасы басшысы Қытайға көшіп кетсе, шекара жолағынан 100 шақырымнан асатын жерлерге бай отбасыларын көшіру.

4. Жер аудару құқығын жергілікті аудандық атқару комитеттеріне беру қажет [12, 329 п.].

1930 жылы 2 ақпанда БМСБ -ның №44/21 «Кулактарды тап ретінде жою шаралары туралы» Оперативті бұйрығы шығып [13], оның негіздемесінде Кеңес өкіметінің ауыл шаруашылығын социалистік қайта құру шараларына кулактар тарапынан қандай-да болмасын қарсылықты шешімді басу мен кулактарды тап ретінде жоюды ұйымдасқан түрде жүргізу мақсатында – бірінші кезекте, жаппай ұжымдастыру аудандарында ең жақын уақытта кулакка, әсіресе оның контрреволюциялық бөлігіне үлкен соққы беру қажеттігі көрсетілген. Кулактың қарсылығы жанышталуы қажет және басылатындығын көрсеткен. Бұйрық екі бағыт бойынша жұмыс жүргізуді ұсынады:

– Контрреволюциялық кулактық активті, әсіресе іс-әрекет етіп отырған контрреволюциялық және көтерілістік ұйымдардың, топтардың мүшелері мен ерекше қауіпті жеке тұлғаларды тез арада жою (бірінші категория).

– ірі кулактарды (контрреволюциялық актив, кеңес өкіметіне қарсы  кулактық активті қалыптастырып отырған кулактар, шіркеу мен секта мүшелері, бұрынғы помещиктер, жартылай помещиктер, жергілікті беделді кулактар мен кулак мамандарын) және олардың отбасыларын мүліктерін тәркілер КСРО-ның алыс солтүстік аудандарына (бірінші кезекте жаппай ұжымдастыру мен шекаралық жолағы аудандарынан) жаппай жер аудару (Екінші категория).

Бұйрықты жүзеге асыруды БМСБ -ның Ерекше Үштігі негізгі рөл атқарған әскери кампаниямен салыстыруға болады.

Бірден 1930 жылдың 5 ақпанында БКП (б)-нің Семей облыстық комитеті аталған жарлықты жүзеге асыру мен кулактарды жою бойынша ОГПУ органдарының одан кейінгі басшылығы туралы жабық жиналыс өтеді. «Өлкелік комитеттің 2 ақпандағы директиваның және ОК 1930 жылдың 30 қаңтарындағы бұйрығының орындалуы туралы» бірінші пункт бойынша бюро қаулы еткен: «партия мен биліктің шараларын жүезе асырмауды ұйымдастыру бойынша көшбасшы болған байлар мен кулактарды  округтің барлық аудандары, әсіресе жаппай ұжымдастыру аудандарынан анықтап, алдырып, мүліктерін тартып алып, округ шекарасынан жедел түрде жер аудару жұмыстары бойынша ГПУ-ді міндеттеген».

Партияның бағытын қолдау үшін тұрғындар арасында «колхоздық құрылыс мәселелері, колхозға қарсы кулактардың үгіт-насихатының контрреволюциялық мәні туралы, сонымен қатар, кулак пен байларды жою мәселелері бойынша кедейлер мен батрақтардың пікірін жұмылдыру» жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізу қажеттігі ескерілді.

«Жаппай ұжымдастыру аудандарында барлық партиялық ұйымдар және батырақ-кедей мен орташа бұқараның ұсыныстарын ұйымдастырудағы барлық күштерді жұмылдыру негізінде қысқа уақытта (егістік басталғанға дейін) кулак пен байларды тап ретінде жоюды мына жолдармен жүргізу қажет:

– аудан шеңберінен кулактар мен байларды жер аудару туралы батырақ-кедей және орташалар жиналысының шешімін шығару;

– оларды жерінен айыру, нашар участоктарға ауыстыру туралы;

– өндіріс пен мүлік қорларын тартып алу, сонымен қатар, алтын, күміс, ақша және бағалы қағаздарын ауылдың батырақ-кедейлері үшін жарна ретінде колхоздың бөлінбейтін капиталына өткізу» [14, 32 п.].

Күшпен қысым көрсету шеңберінде үкімет қызметінің нәтижесі ретінде көрінетін ауыл-деревнядағы күрестің бірнеше бағыттары мен түрлерін анықтауға болады: 

Бірінші – бұл күштеп ұжымдастыру, шаруа бұқарасына күштеп, қысым көрсету. 

Екінші – бұл кедей мен батрақтардың бай-кулактармен тап ретінде күресі, социалистік құрылысқа қарсы шыққан керексіз элемент ретінде оны колхоздан қуу.

Үшінші - өздеріне қарсы күштеуде әртүрлі қарсылық түрінде көрініс тапқан шаруалардың қарсылығы. Оның бірі – тұрғындардың шет елге жаппай көшуі, екіншісі – көтеріліс түріндегі қарулы қарсылықтар.

ХХ ғасырдың 20 - жылдардың соңы мен 30 - жылдардың басында Кеңес өкіметінің ұжымдастыру барысындағы күштеу саясатына наразылық ретінде Қазақстанда 372 көтерілістер мен толқулар болғаны белгілі. Солардың ішінде Шығыс Қазақстан аумағында көтерілістің бірнеше ошақтары қалыптасып, өкіметке қарсы белсенді түрде қарулы қақтығыстар ұйымдастырды. Шығыс Қазақстан аумағында көтерілістердің негізгі ошақтары ретінде Абыралы, Шыңғыстау Шұбартау, Өскемен, Зырян, Шемонайха, Катонқарағай, Самар, Көкпекті аудандарындағы жергілікті тұрғындардың көтерілістерін атауға болады [15, 180 б.].

Үшінші бағытқа назар аударайық.

Күштеп ұжымдастыру кезеңіндегі қуғын – сүргін ауқымының кеңеюі мен тәсілдерінің күшеюі шаруалардың наразылығын тудырды. 1930 жылдың наурызынан бастап, Шығыс Қазақстан облысы бойынша тұтқындалған шаруалардың саны көбейді. Әсіресе, олар Шұбартау, Шыңғыстау, Зярын, Марқакөл, Катонқарағай және тағы басқа аудандардың тұрғындары. Оларды мынадай Қылмыстық кодекстің мынадай баптарымен айыптады: 58-2 бабы –қарулы көтерілісі немесе кеңестік аумаққа контрреволюциялық мақсатта қарулы бандылардың енуі, 58-7 - зиянкестік, 58–10 – контрреволюциялық насихаттау немесе үгіт, 58–14 – контрреволюциялық  саботаж. Бұл баптар бойынша жазалау шаралары – 3 жылға дейін бас бостандығынан айырудан  бастап, ату жазасына дейін.  

БМСБ -ның есептерінде шаруалардың наразылығы колхозға мүше болар алдында, малын саналы түрде жою, тұрғылықты мекен-жайынан қашу, тіпті шет елге, елдің басшылығына жазбаша түрінде шағымдар жазу түрінде болғандығы көрсетіледі.

Наразылықтың ең соңғы түрі – шаруа көтерілістері болған. 1930 жылдың 15 сәуірінен 1 мамырға дейінгі ақпараттық бюллетеньде жазылғандай, соңғы кездері кулак шаруашылықтарына қуғын – сүргін шараларын қолдануға байланысты ... кулактардың белсенді және ашық наразылықтары жиілей түскен ... Катонқарағай ауданы, Ақсу ауылы, Шемонайха ауданы Үбі ауылы, Разин ауданы Митрофанов ауылы.... Шаруалар қоғамдық қызметкерлердің өміріне қауіп төндіріп, зиян келтіреді және өртейді, билік өкілдерін соғады және т.б. Разин ауданында астық дайындау шараларына қарсы әртүрлі діндер мен діни секталардың поптары белсенді қарсы шыққан оқиғалар жиі кездеседі. 

Шығыс Қазақстандағы көтерілістердің ерекшелігі - қатысушылардың ұлттық сипатына байланысты екендігі. Себебі, өлкенің Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау аудандарындағы көтерілістерге қазақ тұрғындары қатысса, Өскемен, Зырян, Шемонайха, Самар, Көкпекті, Катонқарағай аудандарында орыс тұрғындары белсенділік көрсеткен. Профессор Т.Омарбеков Қазақстанда болған наразылықтардың ішінде Өскемен және Зырян көтерілістеріне бірыңғай орыс тілді халық қатысқан жалғыз көтеріліс екендігін атап көрсеткен болатын [16, 224 б.].

Ф.Толстоухов бастаған орыс шаруаларының көтерілістері Өскемен, Зырян, Шемонайха аудандарында Кеңес өкіметіне негізгі қарсылықтарды ұйымдастырып, жазалаушы отрядтардың қудалауынан қашып, өз қарсылықтарын Катонқарағай, Самар, Көкпекті және Үржар аудандарында жалғастырған. Бұл аудандарда орыс және қазақ шаруалары аралас тұратындықтан, Ф.Толстоухов, С.Суменко, Виноградов, Сергеенко басшылық еткен көтрелістерге біртіндеп қазақ тұрғындары да қатыса бастаған. Үржар ауданындағы наразылық толқуларына келетін болсақ, жазалаушы отрядтардың шабуылынан шегінген «бандалық топтар» Үржар арқылы Қытайға қашуға тырысқан. Сондықтан, олардың белсенді әрекеттеріне жергілікті Үржар тұрғындары да қосылып, өз наразылықтарын білдірді. Ерекше атап өтетін жағдай, Үржар ауданының тұрғындарының Кеңес өкіметінің саясатына деген наразылығы Өскемен мен Зыряннан бастау алған көтерілістің жалғасы бұл ауданда стихиялы түрдегі ашық қарулы қақтығыстарға ұласып, ірі көтерілістің жаңғырына айналды деуге болады. Жалпы, Үржар ауданындағы наразылықтар туралы мағлұматтар БМСБ -ның айыптау қорытындыларында дәлелді түрде көрсетілген. Мәселен;  тек мұрағат деректерінде ғана кездеседі, және ол қашқан көтерілісшілердің ықпалынан болғандығын байқауға болады. Бірақ, бұл жерде наразылықтың түрі ретінде жергілікті тұрғындардың Қытайға көшуі ғана етек алған болатын. Себебі, бұл Бахты шекаралық  посты арқылы Қытайға кетуге қолайлы аймақ.

Кеңес өкіметінің күштеу саясаты мен ет, астық дайындау науқандарының қатал түрде жүргізілуі, сонымен қатар, жергілікті байларды тап ретінде жою мақсатында мал – мүліктерін тәркілеу, жер аудару жергілікті халықтың өкіметке қарсы наразылықтарының артуына себеп болды.  Осының салдарынан халықтың арасында аштықтың кең таралуына байланысты 1931 жылы Шығыс Қазақстан облысының Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау аудандарында бас көтерулері болған.

Т.Омарбеков «20-30-жылдардағы Қазақстан қасіреті» атты  еңбегінде Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау көтерілістерінің көшбасшылары, жүру барысы туралы зерттеп, көтерілістердің 1931 жылдың ақпан айынан бастау алып, ОГПУ-дың Ерекше үштігінің мамыр мен маусым айларында көшбасшылары мен қатысушыларын жазалу шараларымен аяқталғандығын көрсетеді [4, 226 б.].  

Сонымен қатар, Т.Омарбеков Шыңғыстау ауданындағы көтерілістің көшбасшылары ретінде Медеуов Сәнияз және Торайғыров Емілжанды көрсетеді. Оған барлығы 200-ден астам адам қатысқан. Көтерілісшілер ақ жалау көтеріп, халықты аудандағы кеңес өкіметінін құлатуға шақырған.

Көрші Ку және Абыралы аудандарымен байланыстар орнатып, оларды көтеруге әрекеттенген. Бірақ Қызыл Армияның тұрақты бөлімдері бұған кедергі жасап, көтеріліс кең тарап үлгермей, ақпан айында күштен басылып тасталды. Көтерілісшілерден 38 дана аңшы мылтықтары, 3 линиялы 16 мылтықтар, 4 дана берданка, 2 дана винчестр мылтықтары тартып алынды.

Тұтқындардың жалпы саны аудан бойынша 189 адам болған. Олардың ішінде ПП. БМСБ -ның ерекше үштігінің 1931 жылғы 15 мамырдағы шешімімен 47 адам атуға кесілді, ал 105 адам еңбекпен түзету лагерьлеріне қамалды. Қазақстанның ішінде 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге 13 адам жер аударылды [16, 205 б.].

Шығыс Қазақстан облысының ішкі істер департаментінің мұрағатында сақталған деректерге қарайтын болсақ, 1931 жылы 18 ақпанда Шыңғыстау ауданында Бақанас ауылында жиналып, жөнелтуге дайындалған етті жіберуге кедергі жасап, көтеріліс ұйымдастырған. Жергілікті басшылардың БМСБ -на жіберген хатында көтерілісті ұйымдастырып, белсенді түрде қатысқан адамдардың тізімі берілген [17, 62п.]:

1.  Дүйсенғұлов Әлімқұл – аудан орталығында тұрып, «бандиттерге» мәліметтер беріп отырған. Ол тәркіленген Әзімбаев Барлештің атасы және жақтаушысы болып табылады. Б.Әзімбаев Шыңғыстауда барлық байлармен тығыз байланыс орнатқан. Мәліметтер мен хаттарды Әзімбаев Кашим, Әзімбаев Басар және Берлішев Сыдық тасымалдап отырған;

2.  Әзімбаев Берлеш – жартылай феодал, Құнанбайдың немересі. 1921 жылы болыстыққа таласып, рулық күрес тудырған және осы мақсатта төбелем ұйымдастырып, 4 адамды өлтірген. Патшалық кезеңінде 7-8 жыл болыс болған.

Осы берілген мәліметтің ішінде ақылға сыйымсыз, қиялдан туындаған ақпараттарды ұсынады. Мәселен, сөзбе сөз келтіретін болсақ, «Әзімбаев Берлештің атасы Құнанбай Мекке қаласында «құдай үйін» салдырған және Арабияны  жаулап алуға тырысқан» деп көрсетеді [17, 62 п.]. Жергілікті коммунистік партия мен комсомол мүшелерінің осындай ақпараттары шындыққа жанаспайтындығы, саяси сауаттылықтарының төмендігін көрсетіп қана қоймай, биліктің «қолшоқпарлары» ретінде негізсіз жала жапқандықтарын көруге болады.

Ақпараттарын ары қарай жалғастыра, былай деген: «Осыдан бастап, Шыңғыстауға көршілес болыстарға өз ықпалын жүргізіп, кең көлемде ру аралық күрес ұйымдастырып отырған. Николай патшадан атақ пен марапатты шапан алған» [17, 62 п.].

3.  Әзімбаев Басары  жүйелі түрде Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізіп, көтеріліс ұйымдастырған. Әкесі Әзімбай  өмір бойы болыс болған;

4.  Әзімбаев Қашым – көтерілісті жақтаушы, «бандымен» байланыстырушы болды. Әкесі Әзімбай  өмір бойы болыс болып, еңбекшілерді қанаған;

5.  Берлешев Сыдық – кедейлерді қанаған болыстың ұлы. Сыдықтың өзі Арал Төбеде көтерілісті бастап, мемлекетке дайындалған мал еттерін тартып алу мақсатында отряд ұйымдастырған. «Кедей» колхозына шабуыл жасаған;

6.  Омарканов Разақ – белгілі тұлға, өмір бойы саудамен айналысқан. Тоқал ретінде Әзімбаев Берлештің туған қарындасын әйелдікке алған. Кедейлер мен батырақтарды қанаушы, көтерілісті ұйымдастырушы - Берлештің жақын досы;

7.  Мурзағұлов Идият – малдарын сатып, жеке салық салынған Сүлейменов Хабибулла байдың жақтаушысы. Барлық жерде байларды жақтап, халық алдында сөйлеген. Көтеріліс кезінде «банды» отрядтарын басқарған;

8.  Жұманбаев Маграж – байларды жақтаушы, ұйымдастырушы және «банды» отрядтарының басшысы;

9.  Жұматаев Дүйсембек – байлардың жақтаушысы, комсомол мүшесі, дайындалған малды басып алуға қатысушы;

10.  Ахмедьяров Ыдырыс – комсомол мүшесі, көтеріліске қатысушы;

11.  Көшпесбаев Сапа – малшы, байларды жақтаушы, қолына қару алып, «банды» отрядын басқарған;

12.  Ахметжанов Қабдеш – молданың ұлы, өзі патша кезінде болыс және би болған. Бүгінгі күнге дейін Майтақов Жігітакты малымен құл ретінде қанаған. Жоғарыда аталған «бандиттармен» үнемі байланыста болып, Бақанас тұрғындарын көтеріліске шығаруға уәде берген. Қауіпті тұлға. Оның атасы Майбасар – Құнанбайдың ұлы. Майбасар болыс, би, бай болған. Кабдештің өзі қазіргі уақытта сотталғалы отыр;

13.  Смаилов Баттал – 1925 жылы бұрынғы Бүгілін болысының тұрғыны Оразбаев Аққұлға қарсы рулық күрес жүргізген. Еңбекшілерді қанаған. 1929-1930 жылдары ұрлық үшін сотталған. Ауыл старшины болған. Жоғарыда аталған «бандиттармен» үнемі байланыста болып, көтеріліске шығуға үгіт-насихат жүргізген;

14.  Күнбазаров Әбеу – оның әкесі Құнанбаев Ыбырайдың сауда жөніндегі сенімді адамы және жақтаушысы болған. Әбеудің өзі 20 жыл бойы Құнанбаев Оспанның сауда жөніндегі сенімді адамы және ірі саудагер болған. 1921-1922 жылдары қазіргі «бандиттер» Мурзаканов Ақылтай мен Камзаның қолдауымен рулық іріткі тудырған. Болыстық атқару комитетінің төрағасы болған.

Аягөз аудандарының байларымен үнемі байланыста болған. Өзінің қызын Аягөз ауданының байы – Мұқашқа тұрмысқа берген. Дайындалған малды аудан орталығына апара жатқанда бір қойды ұрлап, екіншісін асқа сойып, өтірік акт жасаған. Қазіргі уақытта ұлы мен Мұқаштың келінін жасырып отыр.

«Бандиттерге» ақпараттар беріп, Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізген. Қазір сотталғалы отыр.

Жоғарыда көрсетілген ұйымдастырушылар мен қатысушылардың тізіміне және олардың әлеуметтік жағдайына қарайтын болсақ, көтеріліске қатысушылардың әртүрлі әлеуметтік топтың мүшелері екендігін байқауға болады. Нақты айтатын болсақ, олардың ішінде 2 комсомол мүшесі, 3 малшы- шаруалар және 9 бай және ауқатты шаруа өкілдері. Сондықтан, осы кезеңдегі көтеріліске қатысушылар тек ғана байлар мен олардың ұрпақтары ғана емес, Кеңес өкіметінің күштеу саясатына қарсы наразылық білдірген шаруалардың болғандығын дәлелдейді.

Шығыс Қазақстан облысының ішкі істер департаментінің мұрағатында сақталған осы көтерілістерге қатысты тергеу хаттамалары, айыптау қорытындыларын талдау барысында Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау аудандарында көтерілістер қыркүйек айында да болғандығын да байқауға болады.

1931 жылы 3 қыркүйектегі Қарауыл ауылына жасалған көтерілісшілердің шабуылы туралы бірнеше қатысушылармен тергеу жұмыстарын жүргізген. Солардың бірі – Мусин Ахметбек. Оның анкеталық мәліметтері бойынша, Мусин Ахметбек, ел арасында Шорге деп те атайды. Сонымен қатар, жалған құжаттары бойынша Солтабаев Қасым ретінде есептеледі. Ол 1894 жылы Қарауылда дүниеге келген, ұлты – қазақ, шаруа – малшы, партия қатарында жоқ, сауаты аз, үйленген [18, 5п.]. Мусин Ахметбек көтерілістен кейін қашып, Ново – Щульбаға, одан Алтай өлкесіне кетіп, онда 1932 жылдың тамызына дейін орман материалдарын дайындауда жұмыс істейді. 1932-1933 жылдар аралығында Кемерово қаласында Топстройда қара жұмысшы болып жұмыс істеген.  Кемеровоға бара жатқанда поезда барлық құжаттарын жоғалтып, осы қалада Солтабай деген адамның үйіне тоқтайды. Осы адамның қайтыс болған ұлының  төлқұжатын алып, аты – жөнін Солтабаев Қасымға ауыстырған. 1933 жылдан 1934 жылдың аяғына дейін Алтай өлкесіндегі Сорошинск ауданының «Красная знамя» колхозына мүше болған. 1935 жылдың басынан 1941 жылға дейін, яғни тұтқындалғанға дейін Қырғыз КСР-нің Фрунзе қаласында тұрған. 1942 жылы 25 наурызда Мусин Ахметбекті көтерілісшілер бандасына қатысқаны үшін қылмыстық кодекстің 58-8 және 59-3 баптары бойынша айыптап, өлім жазасына кескен. Жаза 1942 жылы 1 мамырда орындалған [18, 96 п.].

Тергеу барысында анықталғаны, ол 1931 жылы қыркүйекте өз еркімен Солтабаев Қасымбек пен Құдайбердіұлы Шәкәрім басқарған «бандалық топқа» қосылған. А.Мусиннің тергеушілерге берген жауабы бойынша, ол Қарауыл ауылдық кеңесіне қарасты «Бидайық» колхозында жұмыс істеп, «Қарауленге» шөп шабуға жіберіледі. Колхоз меншігіндегі түйе жоғалып, іздеуге шығып, жолда Ахметжанов Санияхас, Бұламбаев Қылыш, Исин Әбіш, Уатаев Досмағұл, Исин Айтқазыларды кездестіреді, С.Ахметжановтың түйесін тауып берем дегенімен, Ши елді-мекеніне келеді [18, 15п.].

Кешке көпшілігі байлардан тұратын 50-60 адам жиналып, жиналыс өткізген. Ірі байлар Бұламбаев Қылыш пен Ахметжанов Санияхас жиналған адамдар алдында сөйлеген:

«Қазіргі бүкіл Кеңес Одағында, сонымен қатар біздің облыс пен ауданда қарулы күрес жолымен Кеңес билігін жойып, «бай-феодалдық құрылысты» ... қалпына келтуді мақсат етіп отырған бұқаралық қарулы көтерілістер етек алды. Шұбартау, Аягөз және тағы басқа аудан орталықтарын біздің көтерілісшілер басыр алды. Біздің мақсатымыз – Шәкәрім Құдайбердиев, Қасымбек Солтабаев және ағайынлы Мұхтар мен Муштар Дүтбаевтар басқарған басты күштерге қосылуы. Бүгін бұрынғы Шыңғыстау қазіргі Абай ауданының орталығын  басып алу қажет. Барлық  аудандық қызметкерлерді, әсіресе коммунистердің көзін жою қажет. Барлық мемлекеттік және кооперативтік қозғалмалы және қозғалмайтын мүліктерді көтерілісшілер арасында национализовать ету керек» [18, 16 п.]. Сонымен қатар, сөз соңында Қ.Бұламбаев пен С.Ахметжанов соңғы қандары қалғанша шайқасып, тұтқынға түсетін жағдай болса, қызылдардың отрядына тірідей берілмеу керектігін ескертіп, «Абылай, Абылай» деп ұрандаған.

Түн ортасында барлығы Байсымаков Арыстанбайдың ауылында жиналып, Қ.Бұламбаев, С.Ахметжанов, А.Байсымаков бастаған отряд  аудан орталығына жылжиды. Таңға жуық «Бөктер» деген жерде Солтабев Қасымбек, Шәкәрім Құдайбердіұлы және Дүтбаевтардың отрядымен қосылады. 200 адамнан тұратын отряд 3 линиялы мылтықтармен, револьверлермен және тағы басқа қарулармен қаруланған отрядты ары қарай Қ.Солтабаев пен М.Дүтбаев басқарады. Бірақ көтерілісшілердің шабуылы БМСБ әскерлерінің қарсылығына ұшырап, 10 шақты адамға тұтқынға түседі.

Кейбір деректер бойынша көтеріліске қатысушылардың саны 500-ден астам болған.

Осы шабуыл барысында БМСБ қызметкеріне байлар туралы мәлімет бергені үшін мұғалім Абаев Рамазан әйелімен өлтіріледі [18, 86 п.].

А.Мусинмен бірге жауапқа тартылған Атамбеков Жұмаканды байлармен байланыс орнатып, мәліметтер бергені үшін айыптаған.

1931 жылы 25 қыркүйекте осы көтеріліске қатысты тергелген қатысушы Байсымаков Арыстанбай (75 жаста, бай, сауатсыз) былай деген: «2 қыркүйекте «Шеген су» ауылына Солтабаев Санияхас,  Мусин Шурге және аты-жөнін білмейтін тағы бір адам келіп, Иркебаев Бакаштың үйіне тоқтап, тұрғындарды жиналысқа шақырады. Олардың арасында Керейбаев Дубай, Иркебаев Бакеш, Амиров Булан, Бұршакбаев Адылбек, Амиров Субук, Адылшин Дәулетбай болған» [19, 65 п.]. 

Осы жиналыста Солтабаев Санияхас Шұбартау аудандық атқару комитеті «бандиттермен»  (тергеушінің сөзі – Авт.) басып алынды, енді онда ескі үкімет жұмыс істеп жатқандығын және Адылов Ике осында келе жатқандығы, олармен қосылып, аудан орталығына шабуыл жасайтындығын айтқан [19, 65 п.].  Олар Касымбектің ауылына барып, жиналыс өткізбекші болған. Осы жиналысқа Адылов Ике бастаған топ пен Бақанас, Байқошқар, ал Қаражартас, Ақтөбе, Мүкүр ауылдық кеңестері тұрғындарының бір бөлігі, қарауыл ауылдық кеңесі толығымен қатысатындығы туралы айтылады.

Адылов Икенің жеке басына келетін болсақ, 1928 жылы оның мал-мүлкі тәркіленіп, отбасымен Оңтүстік Қазақстанның Сырдария уезіне жер аударылған болатын. Бірақ, отбасы жер аударылғанымен, Адылов Ике жергілікті басшылардан жасырынып, Қытайға қашып кеткен.

«Шеген су» ауылында кешкі жиналысқа қатысушылардың әрқайсысы өз ауылдарының адамдарын жинап, Қасымбектің ауылында кездесуге уәделеседі. Осы ауылдың өзінен 20 шақты адам жиналысқа аттанған.

1931 жылы 27 қыркүйекте Қарауыл ауылдық кеңесінің тумасы, әлеуметтік жағынан – кедей,  Адилшин Даулетбайді тергеген кезінде жазылған хаттаманы талдайтын болсақ, 2 қыркүйекте кешке 20 шақты салт аттылар келіп, Солтабаев Қасымбек бастаған отряд аудан орталығына шабуыл жасауға дайындалып жатқандығын айтқан. Олар: «Біз ашпыз, аудан орталығында бидай және тағы басқа азық-түліктер бар», сондықтан, шабуыл жасауымыз керек деген [19, 66 п.]. Ол көтерілісшілердің саны көп екендігін және біршама адам қарумен қаруланбағанын айтқан.

1931 жылы 28 қыркүйекте тергелген Амиров Буланның жауабы бойынша, аудан орталығына шабуыл жасау себебі, ескі билікті қалыпқа келтіріп, бұрынғыша өмір сүргілері келген. Тергеушінің патшалық және кеңестік өкімет кезіндегі шаруашылығыңыздың саны қандай болды деген сұраққа, екі билік кезінде де 10 шақты қойы, 3 жылқысы, 1 түйесі. 1 сиыры болғандығын, қазіргі уақытта оның барлығы тәркіленгенін айтқан [19, 67 п.].

Көтерілістің көшбасшысы болған Солтабаев Касымбекке келетін болсақ, көтерілістен кейін біршама уақыт ол туралы мәліметтер кездеспеген. Шығыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің мұрағатында сақталған деректерге сүйенетін болсақ, 1958 жылы 6 ақпанда Алтай өлкесінің Бийск қаласында жүргізілген тергеудің хаттамасында көрсетілген жеке басы туралы мәліметтер бойынша Солтабаев Қасымбек 1890 жылы Семей облысы, қазіргі Абай ауданының Қарауыл ауылында дүниеге келген. Ұлты – қазақ, арабша сауатты, партияда мүшелікте жоқ. Ауқатты шаруа отбасынан. 1948 жылы бұрын істеген контрреволюциялық қылмыстары үшін 25 жылға сотталып, 1954 жылы денсаулығы мен кәрілікке байланысты амнистия бойынша  босатылған [20, 79 п.].

Солтабаев Қасымбек Бийск қаласында жалған атпен өмір сүрген. 1930-1931 жылдардағы көтеріліске қатысты, өзінің оған қатысқанын мойындаған. Сол кезеңде қазақтар арасында беделді адам ретінде есептелген. Онымен бірге Әзімбаев Берлеш, Бұланбаев Кдыш, Қожаканов Қарабола болған.

Солтабаев Қасымбектің анкеталық мәліметтеріне қарайтын болсақ, оны ауқатты шаруа ретінде көрсеткен, яғни басқа жауап берушілердің «бай» ретінде сипаттауы дұрыс емес. Солтабаев Қасымбек 2 қыркүйекте Құдайбердіұлы Шәкәріммен кездескенін де атап өткен.

Көтерілістен кейін тұтқындалғандардың тергеу барысындағы жауабы бойынша көтерілістің қолдаушысы мен ұйымдастырушысы – Құдайбердіұлы  Шәкәрім болған.

1931 жылы ақпандағы Абыралы ауданындағы көтерілістің көшбасшысы ретінде Төребаев Хасен есептеледі. Анкеталық мәліметтеріне келетін болсақ, 28 жаста, №8 ауылдың тұрғыны,  сауатты, қызметкер-жұмыссыз, қылмыстық кодекстің 58-2 бабы бойынша жауапқа тартылған [21, 86 п.].

№8 ауылдың тұрғындары Шыныбаев Аужан, Жасаиынов Арын (бай), Токметов (Алтыншорин Арын деп те атаған, молданың ұлы), Ибраев сыздыкгатар – ауқатты шаруа, Ибраимов Гобасбек (ауқатты шаруа), Смагулов Разак, Нұрпейсов Ошакбай (кедей), Омаров Жакыпбек (кедей), Долбин Абығали (бай), Болеков Ақан (№8 ауылдың азық-түлік қабылдаушысы), Молдакашев Абыкен (орташа), Аужанов Магфар (байдың ұлы) және ауылдық кеңес төрағасының орынбасары – Каримов Абди жиналыс өткізіп, онда Шыныбаев Аужан «Жұмыр» деген ұйым құрылатындығын айтқан [21, 86 п.]. Бұл ұйым бұрынғы Қарқаралы мен Семей округтарының аудандарын біріктіреді. Сондықтан, осы ауылда да ұйымның ұйымдастырушыларын анықтау қажеттігі көрсетілген.

Кейін Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау аудандарындағы көтерілістер барысында осы ұйымның аты жиі кездеседі.  Бұл көтерілісшілердің өз мақсаттарына жетуі үшін арнайы ұйым құрып, бір жерден басқаруды қалағанын көруге болады.

Тұтқындалған көтерілісшілердің тергеу барысында берген жауаптарына қарасақ, көтерілісті ұйымдастырушылар – Солтабаев Қасымбек, Мусин Ахметбек, Бұламбаев Қылыш пен Ахметжанов Санияхас болды. Қарапайым ауыл тұрғындарының қатысу себебі, әлеуметтік жағдайларының төмендеуі, аштықтың болуы дәне Кеңес өкіметінің күштеу саясатына қарсылық және оған сенімсіздік болған.

БМСБ қызметкерлері көрсетіп отырғандай, көтеріліске негізгі қатысушылар – байлар. Егер ірі байлардың 1928 жылы тәркіленіп, жер аударылып кеткендігін ескеретін болсақ, қазақ ауылында негізгі топ ретінде ауқатты шаруалар болды. Бірақ Кеңес өкіметінің күштеу саясатының тәсілдерімен жүргізілген мемлекетке ет пен астық өткізу жұмыстары, 1930-1931 жылдары «байлар» деп аталатын топтарға үстемелетіп салықты көбейту және мал мен астық өткізу жоспарын белгілеу қазақ шаруаларының билікке қарсы көтеріліске шығуына себеп болды. 

Аймақтық мұрағаттарда сақталған деректердің негізінде Шығыс Қазақстан өлкесінде 1930 – 1932 жылдардағы шаруалардың көтерілістері, әсіресе қазақ ауылдарының наразылықтары 1931 жылдың ақпан айымен ғана шектеліп қалған жоқ. Халық наразылықтары ұйымдасқан, кейбір жерлерде стихиялы түрде 1931 жылдың қыркүйегінде де өз жалғасын тапқан.

Қорытынды:

Осылайша, ауыл шаруашылығын модернизациялау қазақ халқы үшін ауыр қасірет болып, нәтижесінде қазақ қоғамының дәстүрлі өмір салты құлдырады және күштеп ұжымдастыру саясатына белсенді қарсылық қалыптасты.

Шығыс Қазақстанның ерекше географиялық орналасуы, яғни оның Қытаймен, Ресеймен және Моңғолиямен шекаралас болуы, қазақ ауылдарының ұжымдастыруға қарсылық түрінде шет елдерге көшуіне әсер етті. Ол олардың еркін эмиграция жасауына және қазақ тұрғындарының туған көшпелі орнын тастағысы келмегендіктен еркін реэмиграция жасау үрдісі түрінде көрініс тапты. Наразылық қозғалысының күшею деңгейіне байланысты еркін реэмигранттар бұрынғы әлеуметтік жағдайын қалпына келтіру мақсатында  көтеріліске белсенді түрде қатысты.

Қазақстан тарихнамасында шаруалар көтерілістері дерекнамалық базаның аздығына байланысты жанама түрде ғана зерттеліп, терең қарастырылмады. Көптеген ақпараттарда, соның ішінде Шыңғыстау көтерілісі туралы қарама – қайшы мәліметтер кездесіп, жеке тұлғалар, мерзімі, оқиғалары, географиясы туралы шатасу байқалады. Біз мұрағат деректеріне сүйене отырып, көтерілістің идеологы, бағыттаушысы  - Шәкәрім Құдайбердіұлы, ал басшылары ағайынды Солтабаев Қасымбек пен Ахметжанов Санияхас, сонымен қатар, Бұланбаев Қылыш, Байсымақов Арыстанбай,  Мусин Ахметбек болғандығын дәлелді түрде айта аламыз. Біздің пікіріміз бойынша Шыңғыстау көтерілісі екі кезеңнен тұрады, бірінші кезең - 1931 жылдың ақпан – наурыз айларында, екінші кезең – 1931 жылдың қыркүйегінде орын алған. Мұрағатта сақталған қатысушылардың тергеудегі жауаптарын талдай келе, көтеріліске ауданның 9 ру өкілдері қатысып, барлығы 500 шамасындай адам қатысқандығын болжауға болады.

Өкінішке орай, мұрағат материалдары Шыңғыстау көтерілісінің тарихи көрінісін әзірге толық көрсете алмайды, фактілер мен оқиғаларды толық зерттеуді талап ететін көптеген сұрақтар туындап отыр. Біздің ойымызша, зерттеу жұмысын ары қарай жалғастыру, қазақ ауылдарының наразылықтарының көлемін және көтерілістің міндеттерін шешудегі рулар арасындағы өзара әрекеттерді айқындауға мүмкіндік береді.

Көтерілісті басу нәтижесінде кейбір қатысушылар Алтай өлкесі мен Қытайда жасырынуға мәжбүр болды. Көтерілісшілердің көп бөлігін БМСБ тұтқындап, еңбекпен түзеу лагерлерінде 3 жылдан 5 жылға дейін жазаларын өтеген. Кейбіреулері жер аударылған. Жазаларын өтеген көтерілісшілердің көп бөлігі, қайтып келгеннен кейін 1937 жылдың қаһарлы жылдарында қайта жазаланатынын білген жоқ

Ұжымдастыру кезеңіндегі көтерілістерге қатысушыларды жазалаудың келесі кезеңі 1937 жылы 30 шілдеде КСРО-ның ішкі істер Халық комиссары, МҚ-нің Бас комиссары Н.Ежов қол қойған, құпия белгісі бар №00447 Оперативті бұйрықтың енгізілуі болды. Бұйрық келесі сөздерден басталады: «Антикеңестік құрылымдарды тексеру материалдары негізінде бұрын қуғындалған, қуғыннан жасырынған, лагерьлерден, жер аударудан және еңбек поселоктарынан қашқан бұрынғы кулактардың көп бөлігі деревняда шоғырланғаны анықталды. Бұрын қуғындалған шіркеу қызметкерлері мен сектанттар, Кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтерілістердің белсенді бұрынғы қатысушылары да көп шоғырланды. Кеңес өкіметіне қарсы саяси партиялардың (эсерлер, грузмектер және т.б.)  аздаған мүшелері деревняда қалды, ал сонымен қатар, олармен бірге бандиттік көтерілістердің бұрынғы белсенді қатысушылары, ақтар, жазалаушылар, репатрианттар және т.б. мүшелері бар» [22, 69 п.].

Бұйрықтың шығуына БКП (б)-нің Орталық Комитеті Саяси бюросының 1937 жылы 2 шілдедегі «Кеңес өкіметіне қарсы элементтер туралы» қаулысы әсер етті.  Қаулыда облыстық және өлкелік партиялық ұйымдардың барлық хатшылары ІІХК – ның өкілдерімен бірге Отанына оралған кулактар мен қылмыскерлерді есеп алу ұсынылды. Олардың ішіндегі аса дұшпандық көңіл – күйдегілері тез арада тұтқындалып, олардың істерін үштік арқылы әкімшілік өткізу ережесі ретінде ату жазасына кесілді. Ал, қалған белсенді емес топтары, бірақ дұшпандық элементтер ІІХК-ның белгілеген аудандарына жер аударылды. Осы қаулыны нақты жүзеге асыру үшін ІІХК басшылығы бұйрық шығарады.

Күштеп ұжымдастыру жылдарындағы Кеңес өкіметінің күштеу тәсілдеріне сүйенген қуғын – сүргін саясаты шаруалардың қолдарына қару алып, өз наразылықтарын білдіруге әкеп соқты. БКП (б) – ның басшылары бұл көтерілістердің қатысушылары бай – кулактар деп көрсеткенімен, көтеріліске қатысушылардың негізгі топтары шаруалар екенін мұрағат деректері дәлелдей түседі. Сондықтан, жоғарыда аталған бұйрық шеңберінде, бай, кулак, орташа шаруа өкілі көтеріліске қатысқаны немесе антикеңестік іс-әрекеті үшін жазасын өтеп келгенімен, 1937 жылы олар қайтадан қуғын –сүргіннің құрбаны болып,  көпшілігі өлім жазасына кесілді.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1.  Абылхожин Ж., Козыбаев М., Татимов М. Казахстанская трагедия // Вопросы истории. – 1989. – № 7. – С.53-71.

2.  Алексеенко Н. В., Алексеенко А. Н. Население Казахстана за 100 лет (1897-1997 гг.). – Усть-Каменогорск, 1999. – 159 с.

3.  Омаров М. Расстрелянная степь. Документальное повествование. – Алматы: «Ғылым», 1994. – 104 с.

4.  Омарбеков. Т. 20-30 жылдарындағы Қазақстан қасіреті. – Алматы: Санат, 1997. -320 б.

5.  Ивницкий Н. А. Коллективизация и раскулачивание (начало 30-х годов). – М.: «Магистр», 1996. – 288 с.

6.  Доброноженко Г. Ф. Коми деревня в 30-е годы XX века: политические репрессии и раскулачивание. – Сыктывкар: Федер. агентство по образованию, Сыкт. гос. ун-т. – 2007. – 323 с.

7.  Красильников С. А. Корни или щепки. Крестьянская семья на спецпоселении в Западной Сибири (1930-е - начало 1950-х гг.). Новосибирск: «Сова», 2008. – 392 с.

8.  ҚР ПМ. 141- қор. 1 –тізбе. 1675 -іс. 149 п.

9.  ҚР ПМ. 141- қор. 1 –тізбе. 2067 -іс. 229 п.

10.  ШҚОММ. 788 - қор.1 - тізбе. 35 - іс. 141 п.

11.  ШҚОММ. 139 - қор. 1 - тізбе. 78 - іс. 52 п.

12.  ҚР ПМ. 141- қор. 1 –тізбе. 2433 - іс. 357 п.

13.  ШҚО бойынша ҚР ҰҚКД мұрағаты. 1 – қор.

14.  ШҚОММ. 139 - қор. 1 – тізбе.22 - іс. 248 п.

15.  Абылхожин Ж. Очерки социально–экономической истории Казахстана. ХХ век. Алматы:Университет «Туран», 1997.-360с.

16.  Омарбеков Т. Зобалаң: Күштеп ұжымдастыруға қарсылық. 1929 - 31 жылдары болған халық наразылығы. – Алматы: Санат, 1994.-272 б.

17.  ШҚО ІІД мұрағаты. 19 - қор. 1 – тізбе. 3364 – іс. 152 п.

18.  ШҚО ІІД мұрағаты. 19 - қор. 1 – тізбе. 3217 – іс. 189 п.

19.  ШҚО ІІД мұрағаты. 19 - қор. 1 – тізбе. 3277 – іс. 121 п.

20.  ШҚО ІІД мұрағаты. 19 - қор. 1 – тізбе. 2246 – іс. 173 п.

21.  ШҚО ІІД мұрағаты. 19 - қор. 1 – тізбе. 3753 – іс. 109 п.

22.  ШҚО бойынша ҚР ҰҚКД мұрағаты. 1 – қор. 69 п.

Жанбосинова А.С., д.и.н., профессор, Жириндинова К.Р., магистр истории, докторант по специальности 6D020300 – «История» ВКГУ им. С.Аманжолова, г. Усть-Каменогорск 

Чингистауское восстание: исследования на основе новых источников 

Резюме

В данной статье авторы рассматривают сюжеты, связанные с историей коллективизации и сопротивлением крестьян, на основе региональных источников. Законодательные акты репрессивной политики были направлены на разрушение традиционного уклада казахского общества, что обусловило  протестные формы крестьян в виде откочевок, восстаний. Вводимые в научный оборот архивные документы свидетельствуют о новых исторических фактах Чингистауского восстания, указывают руководителей восстания, уточняют хронологические рамки. Авторы проводят исторические параллели c событияvb 1937 г.

Ключевые слова: коллективизация, восстание, Чингистаусское восстание, откочевка, реэмиграция, конфискация, сопротивление, репрессии, ОГПУ.


Zhanbossinova A.S., Doctor of Historical Sciences, Professor, Zhirindinova KR, Master's in history, Doctoral Student, specialty 6D020300 - "History" of the  S. Amanzholov EKSU, Ust-Kamenogorsk city

Chingistau uprising: research based on new sources

Summary

In this article, the authors examine the stories related to the history of collectivization and resistance of peasants to it, based on regional sources. Legislative acts of repressive policy were aimed at destroying the traditional way of the Kazakh society, which determined the protest forms of the peasants in the form of migrations, uprisings. The archival documents introduced into scientific circulation testify to the new historical facts of the Chingistau uprising, indicate the leaders of the uprising, and specify the chronological framework. The authors draw historical parallels with the events of 1937.

Key words: collectivization, insurrection, Chingistau uprising, migration, re-emigration, confiscation, resistance, repression, OGPU.


No comments

To leave comment you must enter or register